Қазақ ЖӘне ұЙҒыр тіліндегі мақал-мәтелдер табиғаты



Дата15.09.2017
өлшемі66,16 Kb.
#33044
Амраева И.И. – 3 курс студенті

Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясы

(Алматы, Қазақстан)
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ҰЙҒЫР ТІЛІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР ТАБИҒАТЫ
Мақалда Қазақ және Ұйғыр тілдерінде мақал-мәтелдер туралы сөз қозғалады. Екі халықтың мақал-мәтелдерінің ұқсастықтары мен өзгешеліктері қарастырылады.
Кілтті сөздер: мақал-мәтел,халық тұрмысы,ұқсас,ерекше.
Мақал-мәтелдер – қазақ және ұйғыр әдебиетінің ежелгі жанрларының бірі. Мазмұны халық тұрмысын, табиғат, қоғам, адам жайындағы ұғымдарын, сенімдерін түйіндеп көрсетеді. Ауызекі тілдің аз сөзбен көп мағына беретін ең қысқа және көркем түрі. Оларда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі, даналығы мол көрініс тапқан, ой дәлдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленетін тілдік бірліктер болып табылады.

Мақал-мәтел – ықшамды түрде айтылатын, көп жағдайды аңғартатын, өмірдегі құбылыстарды тапқырлықпен түйіндеп, шеберлікпен жеткізетін сөз нақышы.

Мақал-мәтелдер – сөздік құрамның халық өміріндегі әр қилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұтымды жеткізетін, қысқа әрі нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Демек, халық өмір шындығын, көңілге түйгенін мақал-мәтел ретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп, қалдырып отырған. Аталмыш тілдік бірліктер арқылы жас ұрпақты елін-жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді нашар қасиеттерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді.

Мақал мен мәтел бір-бірінен өзіндік ерекшеліктері арқылы ажыратылады. Мақалда айтылатын ой не тура, не астарлы түрде беріледі және көп жағдайда үлгі, ұлағат, өсиет айтуға құрылады. Ал мәтел сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты сөйлемше түрінде келіп, көңілдегі ойды емеуірін арқылы жеткізеді және нақты тұжырым, қорытынды жасалмайды.

Халық шеберлігі мен шешендігінің куәсі іспеттес жалпыхалықтық қорды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде Ш. Уәлиханов, Ш. Ибрагимов, Ә. Диваев, Ө. Тұрманжанов, М. Ғабдуллин, Ә. Қайдар, т.б. ғалымдардың рөлі орасан зор.

Мысалы, М. Әлімбаевтың 1967 жылы жарияланған «Өрнекті сөз – ортақ қазына» атты еңбегі аударма мәселелеріне арналған. Қазақ мақал-мәтелдерінің шығу тарихы, өмір таныштық мәні, қолданылуы және жаңа мақал-мәтелдердің жасалу жолдары жайында бағалы пікірлерін білдірген [1, 155 б.]. Б. Адамбаевтың «Халық данылығы» [2, 106 б.], С. Нұрышев «Қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан» [3, 110 б.], т.б. еңбектерде мақал-мәтелдердің халық даналығы екендігін, әр нақыл сөздердің шығу тарихы халық тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, болмысымен тығыз байланысты екендігін көрсетеді.Кейін, ХХ ғасырдың екінші жартысында академик Ә. Қайдар еңбектерінің негізі осы мақал-мәтелдерге арналды. Ғалым қазақ мақал-мәтелдерін өз ішінде бірнеше топтарға жіктей отырып, олардың этимологиялық негізіне тоқталады [4, 558 б.].

Құшағы кең, қонақжай Қазақстан елінде жүзден аса ұлт өкілдері тұратыны белгілі. Сол көп ұлттың бірі – ұйғыр халқы. Ежелден қазақ елімен тығыз, бір-бірімен етене жақын өскен ұйғырлар тілі жағынан да, ділі жағынан да ұқсас. Өйткені, туыс, көрші-қолаң өмір сүріп келе жатқан, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі ұқсас, тілі ортақ этностардың болмысында міндетті түрде бір-біріне әсерін тигізу, өз ықпалын жасау үдерісі байқалып отырады. Ұйғыр халқы да мақал-мәтелдерге кенде емес. Оған Аблез Әмәттың «Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изарлиқ луғити» сөздігі айқын дәлел [5, 430 б.].

Қатар отырған екі халықтың мақал-мәтелдерін салыстыра талдайтын болсақ, кейбірі өзара ұқсас келсе, ал енді бірі мүлдем ерекше.

Мәселен, қазақтарда: Отансыз адам – ормансыз бұлбұл;

Ел іші – алтын бесік;
Ат айналып қазығын табар,

Су айналып жазығын табар;
Ағайын тату болса, ат көп,

Абысын тату болса, ас көп,

– деген мақал-мәтелдердің ұйғыр тілінде дәл осы қалпында баламасы бар.



Вәтәнсиз огул – чимәнсиз булбул;
Ана вәтиниң – алтын бөшүк;
Ат айлинип оқурини тапиду,

Мусапир айлинип юртини тапиду;
Ағинә инақ болса, ат тола,

Игичә-сиңил инақ болса, аш тола.

Мақалдарды қарап отырсаңыздар, бәрі түсінікті. Екі тілде де айтылған ойлар бір-біріне сәйкес. Екі тілдегі кейбір халық даналығы мазмұн жағынан ұқсас болғанымен, құрамы әр қилы болып келеді. Мәселен,



Жоқтық – ұят емес,

Тоқтық мұрат емес (қазақша).
Бу дәләт сәндә турмас,

Бу мәйнәт – мәндә (ұйғырша).

Бұл жерде қазақша нұсқада айтылған мақал мазмұны ұйғыр мақалынан айқын көрінеді. Бірақ екі мақалдағы сөйлемдер құрылымы өзгеше. Әр түрлі сөздер мен сөз тіркестері арқылы берілсе де, мағына жағынан сәйкес келеді. Тура осындай жағдайлар төмендегі мақалдардан да көрінеді:



Алма ағашынан алысқа құламайды (қазақша).
Пеләктин хәмәс жирақ чүшмәйду (ұйғырша).
Жаман дос – көлеңке (қазақша).
Йаман дост сайигә охшаш (ұйғырша).

Сондай-ақ әр халықтың өзіндік ерекшеліктеріне, болмыс-бітіміне, психологиясына, айналысқан шаруашылығына қарай бір-біріне ұқсамайтын мақал-мәтелдер бар.Қазақ халқы ежелден көзін малмен ашқан. Төрт түлікті ерінбей бағып-қағып, оның жемісін көре білген. Әсіресе, жылқы малына деген көңілі ерекше болған. Жылқы малына қатысты



Жылқының етін жесең,

Тісіңе кіреді,

Жемесең түсіңе кіреді

немесе

Ер қанаты – ат.

Бір биеден алада, құлада туады.

Адам баласы сөйлескенше,

Жылқы баласы кісінескенше деген көптеген мақалдары өте мол. Ал қырғыздардан басқа халықта жылқыға қатысты мақал-мәтелдер көп кездесе бермейді. Қазақ мақал-мәтелдердің үштен бір бөлігі өздері айналысқан мал шаруашылығына байланысты төрт түлік малға арналса, басқа халықтардың мақалдары, көбінесе, егін шаруашылығына қатысты жеміс-жидек, көкөністерге арналған.

Қазақ халқында көп ұлттарда кездесе бермейтін өзіндік ерекшелік бар. Жеті атасын білу деген ертеден қалыптасып, қазақ елінде сақталған дәстүр бойынша әрбір жасөспірім, яғни ержеткен азамат, бойжеткен қыз өзінің жеті атасын білуге тиісті. Өйткені қазақ салты бойынша ұл бала ата-бабаларының ең кем дегенде жеті буынға дейінгі таралуын, өткен-кеткенін, жасаған ерлігін, жайлаған қонысын білуі борышы болып есептелген. Әрбір ата-ана өз баласына соны көзі тірісінде үйретуге тырысқан. Әке-шешесінен ерте қалған бала бұл тағлымды білмей кетуі де мүмкін. Ал жеті атасын білмеу «жетесіздіктің, тексіздіктің» белгісі деп саналған. Соған сәйкес тілде мақал-мәтелдер қалыптасқан. Мысалы:



Жеті атасын білмеген – жетесіз,

Арғы тегін білмеген – тексіз.

Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі.

Жеті атаның жөнін біл,

Жеті рудың тілін біл.

Ал ұйғырлардың қоғамдық және экономикалық өмір-тіршілігінің маңызды салаларының бірі – сауда-саттық болып келгені мәлім. Сауда кәсібін жаңадан бастаған адам сауданың берекелі және қайырлы болуын тілеп, жұртшылықтың беделді адамдарын, атақты кәсіпкер, саудагерлерді, туған-туысқандарын жинап, қайыр-садақа берген. Олар ырымға терең мән берген. Өйткені ұйғырлар сауда-саттық кәсібін тіршілік жолы деп қараған. Ерте келген алушыға малды арзан сатып, болса да риза қылып қайтарады. Мұны «ырым ету» деп атайды. Сондықтан да ұйғыр халқында «Дәсләпки содидин қайтма» (алғашқы саудадан қайтпа) деген мақал қалыптасқан. Сауда кәсібіне олар оң көзбен қараған. Саудагер жоғары мәртебеге ие болып келген. Тіршілікке бейімделмеген адам туралы «Бір жұмыртқаны бояп шығып, сата алмайды» – дейді. Бұл бірді екі қыла алмайды деген сөз.



«Алтыға алып, беске сат, атың шықсын саудагер», «Шақпаққа атын айырбастаған ақымақ» – деген мақалдар да сауда жасауды білмейтін адамдарға арналған. Сондай-ақ осы саудаға, базар нарығына арналған «Базар әқиллини бай қилар, әқилсизни хар қилар», «Тәлвини базар оңшайду» сынды мақалдар ұйғыр тілінде көптеп саналады.

Ұйғыр халқының тағамдарының бірі – чөчүрә (түшпара). Бұл тамақ – бәрімізге белгілі етсіз жасалмайтын тағам. Осы тағамға арналған «Чөчүрә йейиштики мәхсәт гөш йемек» мақалы қалыптасқан. Мұның басқа ауыс мағынасы да бар. Ал түшпара қазақ халқының ұлттық тағамы болмағандықтан, оған қатысты мақалдар жоқтың қасы.

Демек, қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерін салыстыра, зерделей келе, екі халық даналығының ұқсас жақтары да, өзара өзгешеліктері барлығы да байқалды. Олардың мазмұн-мәні, тілдік табиғаты, пайда болуы, қолданылуы қос халықтың дүниетанымы, салт-дәстүрі, рухани-мәдени өмірі, әдет-ғұрпы негізінде қалыптасқаны айқындалды.

Қорыта келгенде, мақал-мәтелдер қазақ және ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігінен, дүние-болмысынан хабар беретін ақпарат көзі, тілдік бейнесі болып табылады.



1 Әлімбаев М. Өрнекті сөз – ортақ қазына. – Алматы: Қазақстан, 1967. – 168 б.

2 Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы: Мектеп, 1976. – 106 б.

3 Нұрышев С. Қазақ халық мақалдарының даму тарихынан. –Алматы: 1959. – 155 б.



4 Қайдар Ә. Халық даналығы. –Алматы: Тоғанай, 2004. – 558 б.

5 Аблез Әмәт «Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изарлиқ луғити». – Қәшқәр: Қәшқәр уйғур нәшрияти, 2001. – 430 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет