Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы)



бет27/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Мені қинағаны да – 36 жас бозбала әскерді су жағасына апарып тізіп қойып, сөз сөйлеп: «Көтерілістің жолына шалынған құрбандық», – деп қасам қылуы еді. Қырғынның ішінде жүрген бізді де осы сұмдық оқиға қатты түршіктірген еді. Ол бозбалалардың нақты тізімі бар. Дегенмен де: мүмкін жалған лақап шығар, мүмкін кездейсоқ оқиға болған шығар, мүкін соншама көп емес, бірер бозбала әскер шығар деп те ойлағамын. Сондықтан да қайталап сұрадым. Оспан қатты толқып барып, тұтығып, шарасыз қалды да құмығып тұрып:

– Ол оқиғаның ішінде мен жоқ едім. Бір жас офицер бар еді. Соның білместікпен істегені, – деп қысқа қайырды.

Демек, шын болғаны. Иманы үйірілер алдында бұл оқиғаны жоққа шығара алмады. Бұл гоминдаңның офицерлері – «жаугандардың» жауыздығы болды онда. «Мен бұған қарсы болдым. Маған бұйырылған баланың құлағына сыбырлап, қашып кет дедім. Сөйтіп, обалын арқаламадым», – деген лақапты естігемін. Әкесімен пікірлес болғаным үшін өз өкіметім өзімді сегіз ай түрмеге қамаған Қалибек хакімнің баласы Хасен Оралтай мұны жоққа шығара уәж айтыпты. Мен ешкімді куәға тартпаймын. Қаза тапқандардың тізімін – «Армияның құрбандық кітабінің» есебінен қараса, шындыққа көз жеткізу қиын емес. Тек әлгі жас офицерлердің обалын кім көтереді? Әлемде не бір ауыр азаматтық соғыстың тарихында мұндай қасіретті оқиға болған емес. Оспан – елім деген батыр, еңіреп туған ер, найзағайдай намысты, иманы кәміл, бірақ бойындағы күшін мінезіне жеңдірген тағдыры қасіретті пенде. « Батыр – аңғал келеді» – дейді. «Бірақ тырнақпен кісі бауыздаған» (Нұрғожайдың естелігінде солай жазылған) жанкештілердің кейбір қатыгездігі шіміркендіреді. Оспанның осы оқиға үшін қабырғасы қатты қайысатынын аңғардым. Әрі қарай қинамай үшінші сұрағымды қойдым:

– Сізден білгім келген үшінші жағдайым мынау. Сіз – батыр адамсыз, халық батырысыз. Өлімнен қорықпайсыз. Күш те, қуат та, мергендік те, қоянқолтық соғыстың тәжірибесі де бір бойыңызда бар. Астыңыздағы атыңыз да атысқа үйренген сыралғы. Сізде – сыралғы, қолыңызға оңтайлы, түзу бір мылтық бар. Ол от алмаса, қойныңызда оқталған қалта тапаншаңыз бар. Одан қалса – қылпылдаған қанжарыңыз бар. Жау қапылыста қоршағанда неге атыспай қаштыңыз. Сізді қуған он жеті-он сегіздегі, атқа шаба алмайтын, мылтық атып үйренбеген, әскер де емес, әскердің қазаншысы, бозөкпе қытай баласы екен. Ол атпен шауып келе жатқанда оқ ата алмаған. Атыңыз тайып жығылды дейік. Әлгі балада жалғыз-ақ мылтық бар. Оның өзі оқтаулы ма, жоқ па, белгісіз. Сонда жаңағы екі мылтықтың бірін, не қанжарыңызды пайдаланбай: «Қолыңды көтер!», – дегенде еш қарсылықсыз көтеріп, алдына түсіп, өңмеңдеп неге жүре бердіңіз? Сіздің мына азапқа түспейтіндей мүмкіндігіңіз бар еді ғой, – дедім.

Орынынан қозғалып барып, дауысы күңірене шығып, құмыға, шарасыздықпен:

– Құдай қара бастырды-ғой. Құдай қара бастырды, – дей берді.

Оның өзінің жанын жеген де бір бөзөкпенің алдында есі шығып қалғаны болса керек. Ол бала – әскер де емес, жай қазаншы, әскер атысып жатқанда сытылып бара жатқан бір аттыны көріп, шабан атқа мініп, қопаңдап қуа жөнелген бозөкпе бала екен. Бірақ кейін: оның қазаншы екенін жасырып, кәнігі әскер, қытай армиясының батыры ретінде көрсетті. Міне, тағдырдың тәлкегі. Иә, Оспанның өзі айтқандай, құдай қара бастырды деген осы. Батыр басымен қазаншыға қолды болғанша, атысып өлсе – арманы жоқ еді.. Қазақтан құба жонда жортқан не бір арыстандар шықты ғой. Әттең қараңғылық, тоңмойындық-ай! Дәлелхан қаншама ақыл қосып, үгіт айтты десеңші. Соған мойынсынбады. Оспан үшін Дәлелхан – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор емес, он екі абақ керейдің шерушісінің Сүгірбайының ұлы ғана еді.
. Түрменің жайы маған мәлім болғандықтан да іштей қамданып барғамын. Әңг»мелесе отырып үсті-басын шолып шықтым. Көзіме түскені – тырнағы өсіп кеткен екен. Соны алып бердім. Іш киімі кірлеп кетіпті. Дамбалын ауыстырттым.

Бұдан әрі сөзді созудың реті де жоқ еді Екеуміз үнсіз бақұлдасып, мен ауыр-ауыр ой мен әсер арқалап, шығып кеттім. Оны көшеге шығарып атқан кезде мен ауырып жатыр едім. Үрімжіде, көшеде, қалың жұрттың көзінше атты. Онда ол өзін өр ұстады деп естідім. Бірақ жауының езгісінде қорланып өлді. Менің сол кездегі де, қазіргі де өзекті тырнаған өкінішім – Оспанның осы өлімі.


ІҮ.

Өмірбаяндық мінездемеден: «1950-1952 жылдары Қытай халық азаттық армиясы Шыңжаң әскери округінің саяси басқармасының орынбасары, қосымша СУАР партия мектебінің орынбасар бастығы (Үрімжі қаласы) лауазымын атқарды. 1952-1955 жылдары Іле қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағының бастығы – уәлиі (Шәуешек қаласы) болды. 1955-1956 жылдары Қытай халық республикасы СУАР өкіметінің саяси-заң басқармасы бастығының орынбасары (Үрімжі қаласы) міндетін атқарды. 1956-1958 жылдары Іле қазақ автономиялы облысы үкіметінің төрағасы (Председатель правительство Илиского Казахского автономного округа. Г. Кулджа) болып, ел басқарды. СУАР үкіметінің екі рет қатарынан сайланған депутаты. 1952-1958 жылдары СУАР Саяси кеңесінің мүшесі болды.

1958-1961 жылдары «Еңбекпен шыңықтыру» лагерінде болған. Жағда Бабалықұлына:

Ұлтшылдық бағыттағы астыртын ұйым құрған, Қытай коммунистік партиясының ұлттық саясатына наразылық білдірген;

Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға көшіруді ұйымдастырған (1955-1958 жылдары кеңес азаматтығы барлар түгелдей Қазақстанға өтті);

Қазақстандағы, Қытайдағы, Монғолиядағы қазақтарды бір жерге басын қосып, «үш отаудың түтінін бір шаңырақтан шығармақ» болды;

1956 жылы Қытай мемлекетіндегі аз санды ұлттардың бір әріпке көшу жөніндегі орталықтаң нұсқауын қабылдамай, Қазақстандағы «крилл» әрпін қабылдатып, Іле қазақ автономиялы облысының оқу-ағартуына, мәдениетіне, тіліне, келешектегі ұлттық бірлесуіне бөгет жасамақ болған;

Жағда Бабалықұлы: абақтыдағы саяси қылмыстыларды көптеп босатып жіберген «оңшыл» элемент;

«Халық коммунасы» тәртібін енгізуге қарсы болған;

Қытай «Өндіріс армиясының» жер-су алуына қарсы болған;

Шыңжаңға қытай халқының келуіне қарсы болған, тағы-тағылар.

Жағда: «Социализмнің де, капитализмнің де өзіне тән шыңдығы, әділеттігі бар», – деп, елдің басын айналдырып, коммунизмге болған көзқарасты тұмандандырған;

Жағда басшылық еткен өкіметке қарсы саяси блок бар, – деген саяси айыптар тағылды.

Осы саяси айыптар мен қылмыстарды қаулы-қарарлар арқылы бекіткен. Онда:

«Отанымыздың біртұтастығын қорғап, ұлттар ынтымағын күшейтіп, жергілікті ұлшылдықты батыл жояйық! Іле обылыстық партия комитетінің кеңейтілген мәжілісі шешуші жеңіспен аяқталды. Мәжілісте партия ішіндегі жергілікті ұлтшылдық ағым күшті де, терең сыналып Жағда бастаған партияға қарсы жергілікті ұлтшыл блокқа шара қолданылды», – деп атап көрсетілді.

«Жағда Бабалықұлын, Ахметқали Бітімбаевты, Шаймарданды партиядан шығару) туралы, жергілікті ұлтшылдықпен ауыр қателескен басқа да жолдастарға үйлесімді жаза беру туралы» Іле облыстық партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінің қарары «Іле газетінің» 1958 жылғы 15 тамыз күнгі санында жарияланды, радионың эфирінен елге, халықаралық ақпарат жүйесіне таратты. Онда:

«Жағда: «Ұлт үшін істеу» – дейтін вывесканы (ұранды) көтеріп, Отанның бірлігін бөлшектеу қимылын жүргізген. 1951 жылы Батыс солтүстік ұлттық істер комитетінің пікір алу орайын (Мұны «Ашылып сайрау науқаны» – деп атап, «Барлық гүлдер ашылсын, барлық бұлбұл сайрасын» – деген ұранмен жүргізген. Онда әр адам өзінің өткендегі қателерін ашық мойындап, қандай ой ойлайтынын ашық айтуға міндетті болған.Сөйтіп «тазарып барып» жаңа қоғамға «адалдықпен» қызмет етеді. Олар жазаға ұшырамайды деп сендірген. Арада бес жыл өткен соң сонда айтылған жайларды сол адамның өзіне айып ретінде таққан – Т.Ж.) пайдаланып «Республика құру» жөнінде реакцияшыл бағдарлама жасаған.

Ол Ахметқали Бітімбаевпен, Шаймарданмен партияға қарсы блок құрып, өзі осы блоктың басшысы болған. Онда:

«Үш отаудың түтінін бір жерден шығару керек»,– деген идеясымен (Қазақстандағы, Монғол Халық Республикасындағы, Қытайдағы қазақтарды біріктіру мақсатында) басқа жерлердегі қазақтарды облысқа көшіріп әкелуге, дара бір ұлттан ғана кұралған «дербес князьдік» құру идеясына ұрынған;

«Автономиялы облыс тек форма ғана», – деп, ұлттардың ынтымағына бүліншілік жасап, хансу және басқа ұлттарға қарсы шыққан;

«Зор құқықты хансу кадрлары алып алды. Хансулар қазақтарға әділеттік істемей отыр, қазақтардың үй-жай, жер суларын басып алды», – деген;

«Дүниеде тек саяси экономикалық екі зор право ғана бар, бұл екеуі де партияның қолында» – деп партиямен право таласып, партияның басшылығын тартып алуға ұрынған;

«Марксизм- ленинизмде хақиқат жоқ, жан бағудың әдісі», – деп жала жапқан және;

«Дүниеде шыңдық та, адамгершілік те жойылып барады», «Кімде-кім болсын өз даңқы үшін ғана істейді» – деген сияқты сөздермен буржуазияшыл қате реакциялық пікір таратқан» деген кінә артқан».

Сөйтіп, Жағданы барлық қызметтен босатып, «Еңбекпен шынықтыру» лагеріне жіберілді. Ол бұл жазаны 1958-1961 жылдары Үрімжі қаласындағы «Октябрь» трактор заводында ауыр еңбекпен өтеді.

Осындай қысылтаяң кезеңде де дегбірсіз дегдардың жанына тыныштық «жақпапты». Бойы мен ойын үнемі қоғамды, еңбек амалын жеңілдетуге деген құлшыныс билеген күрескер рух тергеу астында жүріп те «социлизмнің секіріп ілгерлеуіне, сөйтіп, Америка жаһангерін басып озуға» үлесін қосыпты. Мен танысуға алған мұрағаттардың ішінде сондай жағдайдан мағлұмат беретін газет мақаласынан үзіндіні назарға ұсынуды жөн көрдім.


Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – «1958 жылы Қытайда «шойын, болат балқыту» нау – қаны басталды. Шәуешекте шойын балқытуға арналған домна пештері салына бастады. Сол жылы қызметімнен босатылып, сот болғанға дейін өз үйімде болдым. Бір күні көшеде келе жатып, домна пешін салып жатқан жұмысшыларды кезіктірдім, үйіме келіп қолыма балғамды ұстап, әлгі жерге қайта келдім. Жұмысшылардың барлығы да мені танитындықтан, маған «қой» дей алған жоқ.

Мен дереу пештің қабырғасын балғамен нығарлауға кірістім, аңғарғаным – пеш қабырғасы жұқалау екен. Бір кезде бір қытай азаматы келіп, жұмысымның барысымен таныса бастады, менің істеген жұмысымды көрген соң ол өзгелердің барлығына мен сияқты нығыздауға бұйрық берді. Пеш жасалып біткен соң, болат қайнатып жатқанда пеш қабырғалары жұқалық етіп, балқытылған болат қатып қалыпты. Мұны естіген соң мен дереу кітап дүкендеріне барып домна пешіне қатысты кітаптарды сатып алдым. Оларды оқып, өзімнің домна пешімнің жобасын жасауға кірістім. Үш күннен кейін мен осы істі басқарып жүрген қытай азаматына өз сызбамды және қаражат жөніндегі есебімді бердім. Бірнеше күннен кейін әлгі қытай азаматы маған үйге келіп, осы пешті өзі жасасын деген басшыларының бұйрығын жеткізді. Мен оған: «Тұтқынмын, менің ісім әлі қаралған жоқ», – деп жұмыстан бас тартгым.

Арада тағы біраз күн салып әлгі қытай азаматы маған тағы келіп, осы пеш құрылысын маған жүктеген қала басшылығының шешімін жеткізді. Мен келісімімді беріп, қарамағыма 25 адам беруін талап еттім. Жұмысшыларды өзім таңдап, олардың арасына бір шұбар қазақты қосып алдым. Оның себебі, сол қазақ мені жұмыстан тайдырған кезде: «Мынау қызметтен кетсе, жанын баға алмайды», – деп шүйліккен еді. Жұмыс басталып кетті. Шым кірпіш тасып жүрген адамдарды біртіндеп ауыстырып, әлгі шұбар қазақты ауыстырмай қойдым. Бір кезде арқасынан тері ағып, әбден шаршады-ау деген кезде оны ауыстырып, жайласып отырған соң темекі ұсындым. Ал ол болса өзі тарапынан қателік кеткенін айтып, кешірім сұрады. Менің жобам бойынша салғызған пеш бір жарым тонна болат ерітті. Қала басшылығы маған ризашылығын білдіріп, бұл туралы газет бетіне де жарияланған еді» («Қазақстан – Zaman», 2009 ж., 21 мамыр).

Иә, күрескер адам қай кезде де өмірге деген құштарлығын жоғалтпайды.



Өмірбаяндық мінездемеден: «1961 жылы Қытай мемлекетінің көшуге кеңшілік саясаты бола қалған кезде Жағда Қазақстанға көшіп келеді (18.ІХ.1961). Жағданың көп өмірі сырттағы қазақтарды Қазақстанға көшіріп әкелуге бағытталған. 1945-1962 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстанға өткен көшке белсене қатынасқан, басшылық еткен адамдардың бірі. Көрсетілген жылдар арасында Қытайдан көшіп келген қазақтың саны 350-400 мың адам мөлшерінде болды. Олардың көпшілігі кеңестік ашаршылық тұсында күн көрісі үшін ауып барған қазақ азаматтары еді».

Міне, бұл да күрескерлік рухтың жемісі. Жағда Бабалықтың: «Қазақтар қытайға бошалап барып, боталап қайтты», – деген әйгілі қанатты сөзі осы тұста айтылған.



Өмірбаяндық мінездемеден: «1961 жылы қазақ темір жолының «Темір жолшы» газетінде әде би қызметкер, 1962-1963 жылдары Ташкент-Рубцовка, Рубцовка-Ташкент аралығында почта тасыған. 1963-1982 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында әде би қызметкер, бөлім бастығы сияқты қызметтерде болған. 1980-1988 жылдары республикалық «Ескерткіштер» қоғамында бөлім бастығы қызметін қосымша атқарған. 1989-1990 жылдары ҚазГУ-дің этнография факультетінде ғылыми қызметкер болды. Жағда Бабалықұлы өз өмірінде саяси қылмыскер ретінде төрт рет қамауда болған:


1986 жылы желтоқсан оқиғасына байланысты «Шыңдықты ашу, көмек сұрау» негізінде, елге, халықараға, Дүниежүзі ұлттар қауымдастығына (БҰҰ-ға) «Қайрат» қоғамы атынан жасырын түрде хат таратқан екі адамның бірі – Жағда, бірі – Сәбетқазы Ақатай. «Желтоқсан» тұсында (19-20. ХІІ. 1986ж.) Сәбетқазы мен Жағда күмәнді адам ретінде КГБ жағынан сұраққа тартылған. «Желтоқсан» оқиғасымен сабақтас ұлт-азаттық «Азат» азаматтық қозғалысының негізін салған екі адамның бірі – Сәбетқазы Ақатай, бірі – Жағда Бабалықұлы.

Жағда Бабалықұлы этнолингвистикалық бағыттағы этнография-тарих ғылымымен шұғылданады. «Қырандар», «Саясат», «Төрт түлік аурулары» атты еңбектері жарық көрген. Қазақ тілінің ұмыт бола бастаған, ұмыт болған, жоғалып кеткен атаулары мен сөз тіркестерінің бір томдығын дайындаған. Қағазға түсірумен шұғылданады.

1994 жылы Қытай Халық Республикасының СУАР үкіметі Қазақстанмен байланыс жасаған азаматтарға: Қазақстандағы Жағда Бабалықұлымен (қазақ), Айтан Нүсіпжановпен (қазақ), Юсүпбек Мухлисовпен (ұйғыр) байланыс жасамау туралы нұсқау берген».

Жағда Бабалықов тілшіге берген сұқбатында: «Мен бес мемлекетті көрдім. Гоминдан мемлекеті, Мау зы дұң мемлекеті, 1944-49 жылдары өмір сүрген Шығыс Түркістан республикасы, Кеңес өкіметі мен тәуелсіз Қазақстан. Сонда он сегіз үкіметтің ауысуына куә болдым. Бірақ, солардың ешқайсысы да мені ұнатпады, мен де оларды ұнатқан жоқпын. Тек Никита Сергеевич Хрущевтің пәрменімен 1963 жылы берілген ескі пәтерде тұрып келемін», – депті ол күрсініп.



Бізге де осындай емеуірін білдірді. Сол ескі пәтердің жаңалау тұсында, 1970-жылы жазылып, «Күн туа қалса...» – деген белгі қойылған сарғайған конвертке көзім түсті. Рұқсат сұрап танысып шықтым. Ішіне: «Фактілер, ойлар және болжамдар» – деп тақырып қойылыпты. Бұл қытайдағы «Мәдени төңкерістің» тұсында қағазға түскен пікірлер екен. Сондықтан да әшкерелеу сыпаты басым. Алайда ондай көңіл-күйге бой алдыруға және сондай пікір білдіруге Жағда Бабалықұлының азамат ретінде де, саяси тұлға, мемлекет қайраткері, күрескер ретінде де толық құқы бар болғандықтан да ішінара үзіндіні назарға ұсынамын.

«Шығыс Түркістанның жергілікті халқы Мәнжу хандығы мен гоминдаң үкіметіне қарсы ғасырлар бойы ұлт бостандығы үшін күрес жүргізіп келді. Тарихшылардың жазуына қарағанда, олар: кейінгі бірнеше ғасырдың ішінде 400-ден астам ұлт-азаттық қозғалысы болды – деп көрсетеді. Ал, соның барлығы – отаршылардың озбырлығымен, аяусыз жаныштауымен, опасыздыққа ұшырап, сәтсіздікпен аяқталды. Бостандық үшін тұтанған әрбір ұшқынды – отаршылдар қанмен сөндіріп отырды. Сондықтан да тарих бетінде отаршылдардың озбырлық, шапқыншылық іс-әрекеті – саяси қылмыс атанды. Жергілікті халық ғасырлар бойы отар болудың ауыр азабын шегіп, кек қаны жүрегіне мұз болып қатты. Шығыс Түркістан халқы өзінің санының аздығына және жеңілетініне қарамастан, жауыздықтың алында мәңгі тізе бүкпейтіндігін және өзінің қасиетті ұлттық атын жойғызғысы келмейтіндігін дәлелдеп келеді. Сонымен бірге бостандық үшін болған күрес кезеңдеріндегі төгілген тер, аққан қан тамшылары ұрпақтан-ұрпаққа бостандық үшін күрес отын өшпестей етіп жағып отырды.

Шығыс Түркістанда үздіксіз туып келе жатқан бостандық үшін болған күрестердің әзірше соңғысы – 1944 жылы Шығыс Түркістан республикасын құрған ұлт-азаттық қозғалысы. Ол қозғалыс сәтсіз аяқталғаннан бері қарай, Шығыс Түркістан халқының тағдыры мазаққа айналды. Алғашқы кезде Мау зы дұң өз аузынан: ««Үш аймақ»» төңкерісі – Қытай халық азаттық төңкерісінің бір бөлігі», – деп жариялады. Ал, Шығыс Түркістандағы өз әкімшілігін бекемдеп алғаннан кейін: ««Үш аймақ» қозғалысшылары, «Үш аймақ» рулары, «Үш аймақ» ұлтшылдары, «Үш аймақ» кеңесшілдері, «Үш аймақ» қосжүректілері», – деген айыпты ойлап тапты. Сосын: ««Үш аймақ» төңкерісі – Қытай мемлекетінің бүгініне жасалған қастандық», – деген қорытынды шығарды. 1944 жылы төңкеріс жасаған Шығыс Түркістан халқы мен оның зиялылары осындай саяси қалпақты киюге мәжбүр болды. Қытай үкіметінің ұлт саясаты – тек алдау, арбау, озбырлық жасау болып шықты. Аз санды ұлттардың құқықтарын қорлау, аяусыз басып жаншу, зорлықты үрде ассимиляцияландыру болды. Шығыс Түркістан халқының адал ұлы Ахметжан Қасмидің сөзімен айтқанда: «Жергілікті халық өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеуге мәжбүр болып отыр».

(...) Қытайлар Шығыс Түркістанды байлық-қазынаның қоймасы деп қарап, сол мол байлықты игеру және ұлт-азаттық қозғалыстың болуынан сақтану үшін елуінші жылдардың өзінде Шығыс Түркістанға 40-50 млн. Қытай халқын көшіруді жоспарлаған еді. Мұндай жоспар гоминдаң дәуірінде де болған еді. Бірақ олар іске асыра алмады. Ал, осы жоспар 1950 жылдан бастап кең көлемде халықты көшіру арқылы іске асырыла бастады. Қазіргі кезде олардың қанша миллионға жеткені белгісіз. Тек 1949 жылғы Шығыс Түркістандағы қытайлардың саны – 300 мың болатын.

Сонымен бірге: «Кеңестер одағы қытайға шабуыл жасамақшы» – деген сылтаумен Шығыс Түркістанға аса зор көлемдегі әскери күш шоғырландырылды. Гоминдаңның тізе бүккен әскерлері «Іспен өтеу армиясы» деген атпен Шығыс Түркістанның барлық аудандарының байлық көздері менен стратегиялық орындарына орналастырылды. Қытай мемлекетінің атом және сутегі сынақтары Шығыс Түркістанның Такламакан ойпатында жүзеге асырылды. Егер қарсы қозғалыс бола қалса, үкімет Шығыс Түркістанға бұрынғысынан да мол күш шоғырландыруы мүмкін. Осындайды көріп және оның соңын болжап отырған жергілікті халық, жаңа үкіметтен жасқанып, қорқып, қорғалап қалады. Шын мәнінде бұл – біздің ойлануымызға және қауіптенуімізге мәжбүр ететін жайт.

Егер тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық қозғалысы бола қалған күнде, оның алғашқы адымы ұлтшылдық туы астында болуы табиғи. Мұның өзі басқа да ұлттық қайшылықтарды қоздыруы мүмкін. Қытай халқының ұлтшылдық сезімін қоздырып және бір жағынан әскери күшпен жаныштау жүргізетін болса, жергілікті халық бірден сыртқы жақтағы қорғаушыға мұқтаж болатынын анық. Езуге қарсы саяси тәуелсіздік үшін ту көтерген ұлт-азаттық қозғалысы сыртқы қорғауға арқа сүйеген кезде, қытайлар мұны халықаралық сахнаға көтеріп, байбалам салады. Капиталистің дүниесі оған қосыла тулайды. Езілген халықтың ұлт-азаттық қозғалысын қорғаған елге жала жабылады. Мұндай кезде Шығыс Түркістан мәселесі қытайдың ішкі мәселесі емес, халықаралық маңызы, орыны бар, дүниежүзілік соғыс қаупі бар мәселеге бейім болып қалуы мүмкін. Осындай жағдайда, өз алдына үкіметі жоқ, жай ғана қозғалысшы Шығыс Түркістан халқының тағдыры қалай қорғалуы мүмкін?

Егер халықаралық жағдай қорғауға мүмкіндік бермесе, қытайлар аяусыз жаныштау орайына тағы да ие бола береді. Онда Шығыс Түркістан халқының азаттық арманы ең соңғы рет мәңгіге күйрейді.

Қытай тарихшылары: «Қытай мен Шығыс Түркістан арасындағы байланыс жыл санаудан екі ғасыр бұрын басталады», – деп көсемсіп келеді. Ал, Шығыс Түркістанды ресми басып алу тарихы – Мәнжурлар құрған Мәнчин хандығы дәуірінен басталады. Оның өзіне де 3 ғасыр болып қалды. Отаршылдыққа Мәнчин хандығынан кейін – гоминдаң, гоминдаңнан кейін гунсаңдан мұрагерлік етіп келеді. Қазіргі қытай үкіметі Шығыс Түркістан жеріне этникалық қытайларды ағыл-тегіл қоныстандыру арқылы жергілікті халықты мәңгіге тұншықтыру бағытын қолданып отыр. Олар тіпті, Қазақстан мен Орта Азияны да: «Біздің жер», – дегенді кешегі гоминдаң үкіметі қалай айтқан болса, бүгінгі жаңа үкіметте солай айтып отыр. Бүгінгі үкімет қытайдың жас ұрпақтарына: «Орта Азия мен Қазақстан – біздің жер», – дегенді бастауыш мектеп оқулықтарына кіргізу арқылы сіңіріп келеді. Келешекте осы ұрпақ: бүгінгі отарлау саясатына мұрагерлік жасамайды – деп кім айта алады?

Егер ту көтерген ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліске ұшыраса, ұлттық қайшылықтан туылған кекті этникалық қытайлар бірнеше есе артық қайыруы мүмкін. Сонымен бірге алуан түрлі сылтаулар арқылы саяси тазалау жүргізіп, ұлттық мәселеде жергілікті халықтың ойлануына да мүмкіндік қалдырмай, мәңгі тұншықтыру жолын іздестіруі анық. Қытайлардың ежелден келе жатқан осы та биғатын Шығыс Түркістан халқы мен оның зиялылары жақсы түсінеді.

1970-жыл. Февраль (Ақпан)».

Бұған қандай пікір білдіруге болады? Жалпы оған қақым бар ма? Білмеймін. Бірақ қандайда бір шындықтың сызы өкпені шалады. Тек «Ұмытылған мемлекеттің» тағдырының тарихи сабағы ұмытылмаса екен, осы ұлттық қозғалыс – қазақ тарихшыларының назарын аудаса екен деп тілеймін.

Өйткені, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық идеясы – Алаштың ұлттық, азаттық идеясының құрамдас бір бөлігі екені анық. Ол идея – 1918 жылы көкек айында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсеков, Қанағат Сүлейменов бастатқан алаш көсемдерінің Шәуешекке барған саяси сапарынан бастай алғаны анық. Кеңес идеологиясы мұны кейін азаттық қозғалысының ұйытқысы ретінде ұтымды пайдалана білді.
Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Сен осы мәселені қадалып сұрап, барлық құжаттарды салыстырып, алдыма әкеп қойғандықтан да, бұл оқиғаны бірінші рет саған ашық айтып отырмын. Мен де бетімді теріске қаратып, сендерге сыртымды беріп, келмеске кетіп бара жатқан адаммын. Сондықтан да шындығымды айттым. Әрине, сөз бе сөз айта алмағыным, бұдан да көрі терең талдау жасай алмағаным өкінішті. Енді бұдан әрі мені қинама. Шаршап кеттім. Қалғанын ана сөредегі архивтен өзің іздеп тауып ал. Тізімдеп беруге мұрша болмай, 300 килограмдай құжатты архивке тапсырдым. Сен іздеген Шығыс Түркістанның архиві соның ішінен табылуы мүмкін. Мен саған денім сау, жадым мықты кезінде сол мұрағаттарды жиып, тізімдеп алып кет деп сан рет айттым. Маған сыралғысыз адамды жібердің. Ол да нәтиже шығара алмады. Мына Дидахмет Әшімханұлы та келіп-кетіп жүр. Ендігісін өзің ана қағаздардың ішінен ізде. Қажетіңе жарағаны – сенікі. Саған қырық жыл бойы әңгіме айтып келемін. Соның жаңғырығы миыңда қалған шығар. Әйтпесе, ертең кел. Жалғастырайық, – деді Жағда Бабалықұлы.
Ү.
Дегбірсіз уақыт, діттеулі тіршілік, қағулы тізгін менің мұршамды ертеңге қарайлатуға жібермеді. Бірақ, ең басты сұрағымның бір куәгерінен жауап алдым. Сонда ойыма: «Тағдыр! Тағдырдың жазмышы бұл. Жазмыштан озбақ жоқ!», – деген халық сөзі есіме түсті. Өзім танысқан он томдық, өзім құрастырған осы үш томдық жинақтың түйіні – тағдыр деген қорытынды жасауға, менің сұрақтарымның жауабын – тарихи әфсаналардан емес, көркем шындықтан табатыныма көзім жетті.

Дүниедегі ең жанкешті, ең әділетсіз, ең қасіретті, ең опасыз, отаныңнан айырып, тозаққа бергісіз тағдыр кешуін басыңнан кешіртетін және ешқашанда тарихи шындығы ашылмайтын соғыс – азамат соғысы. Деген ауыр оймен мен де орынымнан көтерілдім.

2009 жыл, 12 қазан. Астана.

МАЗМҰНЫ
І бөлім

А.Татанайұлы. Алтай төңкерістері .........................................................................

Ф.Сүгірбаев. Алтай арпалыстары. .........................................................................

Қ. Доқас. Офицердің қойын дәптерінен .................................................................
ІІ бөлім

Ә. Білгін. Жадымдағылар..........................................................................................


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет