Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелу, жариялану мәселелері



Дата08.07.2018
өлшемі82,5 Kb.
#48376
ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖАРИЯЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Фольклортану ғылымын толық біліп, әрі қарай дамыту үшін алдымен фольклордың жиналу мен жариялану және зерттелу процесін біртұтас күйде қарастыру керектігі күмәнсіз. Мұндай ойды көптеген алыс және шет ғалымдары, сондай-ақ қазақ фольклорын зерттеушілер құптайды. Мақал- мәтелдердің жиналу процесін сөз еткенде, әрине әрбір зерттеушінің жинаушылық қызметіне толықталумен бірге, оны бір жүйеде қарастыру қажет.

Жазба әдебиеттен фольклордың негізгі айырмашылықтарының бірі – оның ауызекі таралу мен сақталу формасында. Ал, бұл зерттеушіге де, жалпы оқырманға да халық шығармасының толыққанды жетуі үшін, ең алдымен оны жинау, мұқият қағазға түсіру, содан кейін баспадан басып шығаруға кірісу міндетін жүктейді. Міне, мұның өзі фольклорды жинаушылық мызметтің қаншалықты жауапты, ауқымды мәнді екендігін көрсетеді. Сондай-ақ халық мәдениетінің алтын қоры болып табылатын фолклорды жинау – бұл ел шығармашылығының қаншалықты талантты, жан-жақты екендігін діттеуге жол ашады.Сонымен қатар фольклор үлгілерін жинау ісі – бай фольклорлық мұраның жойылып кетпей, кейінгілерге аманат етіп сақтап қалудың бірден–бір жолы екені айдан анық.

Фольклорды жинаудың, жариялаудың, зерттеудің алғашқы тәжірибелері сонау ХVІІІ, ХІХ ғасырдан бастау алғаны мәлім. Яғни бұл процес фольклортанушы ғалымдар: Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев т.б. еңбектерімен тығыз байланысты. Бұлардың еңбектерінде фольклор үлгілерін әрі жинаудың, әрі жариялаудың, әрі зерттеудің не бір үздік, әрі өзіндік әдіс-тәсілдері қолданыс тапқан. Олардың тәжірибесі келесі ұрпақтың фольклорды жинау ісін әрі қарай дамытуына жол ашты. Соның арқасында бұл дәстүр XX ғасырдың бірінші жартысында да тоқтап қалмай, өз жалғасын тапты. Бұл кездегі жиналған фольклор үлгілері, оның ішінде мақал- мәтелдер де өзінің мәнерлілігімен, көркемдік күш-қуаты неғұрлым толық сақталумен ерекшеленеді.

Қазақ мақал-мәтелдер жинау, жариялау, зерттеу жұмыстары заманның әр кезінде жекелеген көзге түскен фольклортанушы ғалымдар еңбегімен тығыз байланысты жүргенін білеміз. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы мақал-мәтелдер жинау жұмыстары, негізінен, тарихи-этнографиялық сипатта болды.

Қазіргі таңда мақал-мәтелдерді зерттеу 3 кезеңге бөліп қарастырылып жүр:

1) ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 40-60 жылдарына дейінгі кезең қазақ мақал-мәтелдерін халық аузынан жинақтау, қағаз бетіне түсіру, жеке басылым ретінде шығару жұмыстарының жүргізілуімен Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, В.Радлов, А.Байтұрсынов, Ө.Тұрманжанов, т.б. еңбектерінде сипатталады.

2) Мақал-мәтелдердің зерттеудің ғылыми айналымына түскен кезеңі. Әдебиетші М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ғ.Мүсірепов, Т.Кәкішев, З.Қабдолов зерттеулерінде қазақ мақал-мәтелдерінің әдеби табиғаты, тілші-мамандар Ә.Қайдар, З. Ерназарова, А.Нұрмұханов, С.Сәтенова зерттеулерінде мақалдардың тілдік ерекшеліктері сөз болады.

3) Қазақ тіл білімінде перемологияның дербес ғылым саласына айналып, мақал-мәтелдердің антропоцентристік бағытта қарастыра бастаған кезең.

ХХ ғасырдағы Қазақстанда фольклор үлгілерін жинау мәселесі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кең жолға қойылып, қоғамдық маңызы бар іске айналды. Партия мен өкіметтің бастауымен бұл жағдай қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетінің гүлденуіне әкеледі деп есептелді.

1920 жылдардың алғашқы кезеңдерінен-ақ үкіметтің арнаулы қаулысы бойынша бір топ ғылыми орталықтар жұмыс істей бастады: Қазақ оқу халық комиссариат, Академиялық орталығының коллегиясы, Түркістан республикасының Халық комиссариаты советі жанындағы Қазақ ғылыми комиссиясы, Қазақ оқу халық комиссариаты жанынан ашылған Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы және тағы басқа да Түркістан республикасы мен Түркістан өлкесінің қоғамдары мен мекемелері Ғылым академисының орталық өлкетану бюросымен бірігіп жұмыс істеді.

Қазақстан фольклортанушылары 1920 жылдарда халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап бастыруды қолға алды. Сөйтіп, бұл шаралар қоғамдық маңызы бар істің біріне айналды. Сондықтан да қазақ мақал-мәтелдер жинау мәселелері сол кездің ғылыми съездерінің күн тәртібіне еніп, баспасөз бетінде ол жайлы пікір алысу басталған.

Қазақ мақал-мәтелдерінің жиналу, жариялану жағдайы «Қазақ фольклористикасы» атты еңбекте былайша берілген: «Қазақ мақал-мәтелдері – ертек, аңыз-әңгіме, батырлық-ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз XII – XIII ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» («Күлтегіннен»), «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөктен») – деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмут Қашқаридің «Дивайни луғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң кішік бол, халық үшін бәлік бол». «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» – дейтін мақалдарды, ал «Құдатғу біліктен» «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер» – дейтін мақал-мәтелдерді оқимыз.

Алайда, ертедегі құлпы тастарда, сирек кітаптарда жазылып қалған бірен- сарандары болмаса, қазақ мақалдары мен мәтелдері, негізінде, халық жадында ауызша айтылып сақталған. Оларды жинап, жазып қағаз бетіне түсіру, баспасөз арқылы жариялау XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады.

Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ш. Ш. Уәлиханов пен Л. И. Березин архивтерінде XIX ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтел сакталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл», «Тотықұс бойын көріп сырланады, аяғын көріп қорланады» деген сияқты ондаған мақал бар. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері әр түрлі ведомостілерде, жинақтарда, хрестоматияларда жазылып жарияланып келді. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге (кейде дербес) оны жинап жариялаушылар: Ш. Ибрагимов, М. Терентьев, Ы. Алтынсарин, Я. Лютшь, Ф. Плотников, Н. И. Гродеков, А. А. Васильев, П. М. Мелиоранский, А. А. Диваев, Н. Ф. Катанов, Н. Н. Пантусов, В. В. Катаринский т.б. болды.

Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде мақал-мәтелдер жарияланған революцияға дейінгі әдебиетте Орынборда 1879 жылы шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясының алатын орны ерекше.

Хрестоматияда қазақ мақал-мәтелдерінің ең таңдаулылары іріктеліп жарияланған және адам туралы, әйел, бала, ата-ана мен туыстар, оқу-білім, еңбек, қайырымдылық пен қайырымсыздық, байлық пен кедейлік, достық, және денсаулық деп он шақты тақырыпқа бөліп, жүйелеп түзілген. «Әлі қараңғы, бірақ, аздырғыш элементтердің ешқайсысына азбаған және пайдалы нәрсенің бәрін қабылдауға қабілетті туған еліңе шама келгенше пайдалы үлес қосу – біздің әрқайсымыздың борышымыз» деп өзі айтқандай ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин тек оқу-ағарту ісіне емес, сонымен қатар халық мұрасын іріктеп, сұрыптап, реттеп жариялауға да үлкен үлес қосты.

Сол сияқты В.Катаринскийдің Орынборда 1899 жылы «Памятная книжка Тургайской области на 1899 год» дейтін кітапта жарияланған қазақ мақалдарының жинағын да атай кеткен жөн. Бұл жинақта оған дейін жарық көрген қазақ, мақалдары мен мәтелдері жинақталған – бір мың бес жүздей мақал-мәтел жарияланған.

Халықтың нұсқалары таңдап алынып, тақырыптық принцип бойынша түзілген бұл екі басылым қазақ мақал-мәтелдерінің кейінгі жинақтарына үлгі болды, жол ашты.

Жоғарыда аталған Шығыс мәдениетін зерттеушілер бастаған жинақтардың бір артықшылығы – оларда мақал-мәтелдер ел арасында қалай айтылса, ешбір өңдеусіз, өзгертусіз сол қалпында жазып алынған да, іріктеп-сұрыптап жарияланған, көне, бөгде сөздерге түсініктер және қазақша текстімен қатар орысша аудармасы берілген. Сонсын, жинақтарда қай жерден жазып алынғаны көрсетіліп, әр уездің мақал-мәтелдері бөлек топталған.

Жазуы мен баспа сөзі кенжелеп дамыған халықтардың тілін, тұрмысын, салтын, кәсібін т.б. зерттеп білу үшін құрылысы ерте қалыптасқан мақал-мәтел сияқты ескі әдеби мұраны өзгертпей, өз қалпында жазып жариялаудың және материалдың қайдан, қашан, кімнен жазып алынғанын көрсетіп отырудың ғылыми мәні үлкен. Оның үстіне әдеби нұсқаны қазақ тілінде жариялаумен қатар, орысша аудармасын беру де жинақтардың құнын арттыра түскен.

Алайда революцияға дейінгі халық шығармасын жинаушы, жариялаушылардың осындай игілікті істерінде кейбір кемшіліктер де орын алған. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті нұсқаларын жаттап, сақтап келген және жаздырған әңгімешілер мен жыршылардың аты-жөндері аталмаған, айтушы, жаздырушылар жөнінде ешқандай дерек, мәлімет берілмеген. Тағы бір кемшілік, аталған жинақтардың көбінде мақал-мәтелдің шығу тарихын, әдеби мәнін түсіндіргендей жарытымды түсініктер, алғы сөздер жазылмаған.

Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін ғана қазақ фольклорының басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер де ұқыпты жиналып, молынан жариялана бастады.

Ташкентте 1927 жылы «Қазақ мақалдары» (құрастырушы Әбубәкір Диваев), Алматыда 1935 жылы «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (құрастырушы Өтебай Тұрманжанов), 1950 жылы «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырушы Балым Ақмұқанова) атты жинақтар басылды. Содан бері мақал- мәтел нұсқалары мезгіл-мезгіл қайталап, толықтырылып басылып келеді.

Мақал-мәтелдердің революциядан бергі басылымдарына тән ерекшеліктер бұларда материалдар идеялық мазмұнына, көркемдік кұндылығына қарай елеп- екшеп алынған, тақырыптық принциппен жүйелеп берілген. Барлығында дерлік түсіндірме, алғы сөздер бар. Бұл жерде қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры жазушы Өтебай Тұрманжановтың еңбегін ерекше атау ләзім. Ол ескілі-жаңалы газет- журналдарда, жинақ кітапшаларда бұрын-соңды жарияланған, әдеби-тарихи архивтерде қолжазба күйінде жатқан және ел аузынан өзі жинаған қазақ мақалдары мен мәтелдерін іріктеп-сұрыптап, белгілі жүйеге салып, үнемі толықтырып жариялап келеді. Ө.Тұрманжанов құрастырған мақалдар мен мәтелдер жинақтары 1!идеялық және көркемдік жағынан таңдап алынуымен, тақырыбы мен мазмұнына карай жүйелеп берілуімен, басқа жинақтарға қарағанда әлде қайда толықтығымен дараланады. Дегенмен бұл жинақтарда да қазақ мақал-мәтелдері түгел қамтылды деуге болмайды. Құрастырушылар, көбіне, өздерінен бұрынғы жарияланған мақал- мәтел нұсқаларын іріктеп, кейде өңдеп,өзгертіп жариялаумен қанағаттанған. Тағы да бір байқалатын кемшілік – соңғы жариялаушылар алдыңғы жинаушыларды, жинақтарды үнемі атап отырмайды; немесе жинаққа кірген материалдар қайдан алынып, қалай жиналғаны да көрсетілмейді.

Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран шағын алғыс сөздерде, жалпы ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға дейін арнайы сөз болып зерттелген емес.

Мұхтар Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында», Сәкен Сейфуллинің 1932 жылғы «Қазақ әдебиеті» атты кітабында мақал-мәтелдер қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде аталып, топтап мысалдар келтіріледі. Мұнда С.Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы, жалғасы ретінде қарайды. Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық өмірінің барлық, саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп, зерттеуші жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, – дейді Сәкен, сол заманның тұрмысының қандай болғанын, сол тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі», «Сабасына карай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ерекше сөздер – әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заманның тұрмысына, ол заман тұрмысынан туған мұратына ұсай туды деген сөзді қуаттайды». Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланыста қаралып, бағалануға тиіс.

Мұхтар Әуезов 1940 жылдардың басында жазылған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» дейтін зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне назар аударған. Оның көркемдік, бейнелілік қасиеттеріне мысалдар келтіре отырып, автор одан мынандай қорытынды жасайды: «Мақал-мәтелдердің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық, мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының анық, айғағы».

Алайда қазақ совет фольклористикасының негізін салушылар мақал- мәтелдердің кейбір ерекшеліктерін анықтап, оған жоғары баға бергенмен, олардың жанрлық табиғатына тоқталмайды.

Қазақ, мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ, әдебиетінің тарихында» басылған Белгібай Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады. Онда зерттеуші қазақ мақал-мәтелдерін малшылық, аңшылық және егіншілік секілді негізгі тақырыптарға бөліп талдайды. Олардың тәрбиелік, білім берерлік мәніне, қызметіне көңіл бөледі. Мақал мен мәтелдің жанрлық ерекшеліктеріне тоқ-талып, әрқайсысына тиісті анықтама береді.

«Мақал дегеніміз, – дейді Б.Шалабаев, – тағылым берерлік, ырғағы бар, тәжірибеде көп колданылатын бейнелі, қысқа, нақыл сөйлем. Мәтел дегеніміз де өнеге берерлік бейнелі, ырғағы бар сөйлем. Мұның мақалдан айырмашылығы – мағынасы ашық, болмай, ишарамен аятылатындығы, сөйлемнің толымсыз болып келуі». Алайда автор мақал-мәтелдің шығу, даму тарихына, жиналып жариялану жайына назар аудармаған. Жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін, өзге жанрлармен қарым-қатынасын толық ашпаған» [15, 56, 6 б.].

Аталған жанрды жан-жақты талдап зерттеген ғалым – Мәлік Ғабдуллин дейді Қадыр Мырзалиев «М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» дейтін жоғары оқу орындарына арналған оқулығында мақал-мәтелдерді жұмбақтармен бірге дербес тарау етіп қарастырады. Зерттеуші, ең алдымен, қазақ мақал- мәтелдерін жинап бастырушыларды ілтипатпен атай келіп, сөз болып отырған жанрдың табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. «Ең алдымен, әдебиеттік жа-ғынан алғанда, мақал – үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді, дейді М. Ғабдуллин. – Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар уақиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады. М.Горькийдің «Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтің барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді» деуі осыдан.



Осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындылары мен шығармашылығында көрініс тапқан. Мысалы: «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «не күн туды басына», «Сабыр түбі – сары алтын», «Ауру да емес, сау да емес», «Ағын судай екпіндеп» деп кездеседі. Сонымен қоса, Абайдың Абайдың қара сөздерінде, оның ішінде «отыз тоғызыншы» қара сөзінде:

«Ағайынның азары блоса да, безері болмайды», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы» атты еңбегінде 10 мақал талданған . Мақал-мәтелдерде бала тәрбиесіне де үлкен мән беріледі. «Қызды асырай алмаған күн етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» деген мақал-мәтелдердің мәнісі – жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ. Жастарға өнер-білім, тіл үйретуде мақал-мәтелдің мәні аса зор. Білім, өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып білімін байытқан бала ғана өмірден өз орнын алып, даналық сөздеріміз мақал-мәтелдерден өнеге алмақ.

Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр-Жүсіп Көпеев ұзақ жинаған. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, мақал-мәтелдерді жинаумен айналысу фольклорист-ғалымнан ұзақ уақыт пен қажымас ізденуді, еңбектенуді қажет ететіні белгілі. Себебі мақал-мәтелдер дайын күйінде жеке дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не қолжазбалар мен түрлі жинақтар ішінен іздеп табу, саралау арқылы қағазға түсіру керектігі аян. Осы орайда «Қазақ мақал-мәтелдері» деген атпен шыққан кітаптардың бірде-бірінде материалдардың басым көпшілігі Мәшһүр-Жүсіптен алынғаны еш жерде көрсетілмей келгенін үлкен қынжылыспен атап айтқымыз келеді. Себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясындағы Орталық қолжазбалар қорында Мәшһүр-Жүсіп жинаған көлемді қалың бір кітап боларлық (көлемі 2500 жолдық қатарды құрайды) мақал-мәтел топтамасының 1930 жылдардың басынан бері сақталып келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ мақал-мәтелдердің басқа да үлгілері «әулеттік архивте» сақталуда. Осы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбаларында сақталған мақал-мәтелдер қазіргі таңда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұжымы даярлап шыққан көптомдықтың 5-томында, қазақ фольклоры үлгілері қатарында жарық көрді[12]. Осы еңбектегі мақал-мәтелдер жинау реті бойынша емес, алфавит тәртібімен берілді. Біріншіден, бұлай алу белгілі бір мақал-мәтелді іздеуші оқырманның тауып алуын жеңілдетеді. Екіншіден, Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасында да, одан жасалған Жолмұрат Жүсіпұлы көшірмелерінде де ел аузынан әр кезде жинау салдарынан белгілі бір мақал-мәтелді екі, не үш рет қайталап қағазға түсіру орын алған. Сол қайталауларды кітап бетінде болдырмас үшін де осы жолды таңдап алған. Осы орайда қазақ мақал-мәтелдерін осы уақытқа дейін құрастырып жариялағандардың бәрі белгілі бір мәтіннің қайдан, кімнен алғандарын көрсетпей, ел аузынан тікелей өздері жинаған қалып танытып келгеніне назар аударғымыз келеді. Осы орайда бүкіл ескі әдебиет үлгілерін сүзгіден өткізу кезінде әміршілдік жүйенің тыйым салуынан құтқару үшін де Мәшһүр-Жүсіп есімін атамау себебін де ескерген жөн. Ал, заман түзеліп, тыйым салулар артта қалған кезде халық ауыз әдебиеті үлгілерімен бірге мақал-мәтелдерді де ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында ең көп жинаған Мәшһүр-Жүсіп екені атап айтыла бастады. Әміршілдік жүйе кезінде ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы Мәшһүр-Жүсіптің біраз жазбасы қолда болып, тек оның жиені Жолмұрат көшірмелері ғана сақталған. МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдер тақырыптарының көп түрлілігімен де құнды. МәшҺүр-Жүсіп жинаған мақал-мәтелдерді төмендегіше топтастырып көрсеткен: Өнер-білім туралы; Ынтымақ-бірлік жайында; Адамгершілік-сыйластық жайында; Адамның мінез-құлқы жайында; Денсаулық турасында; Ел мен жер жайлы; Еңбек туралы; Озбырлық-жауыздық жөнінде; Әділдік жайында; Барлық пен жоқтық турасында; Семья, қоғам хақында; Мал туралы.; Бұл тақырыптағы мақал-мәтелдердің жіктелісіне қарағанда, МәшҺүр-Жүсіп халықтың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, адамның түрлі мінез-құлықтарына т.б. байланысты туған мақал-мәтелдер тобын мол жинаған сынды. Бірақ жазбада сақталған мақал-мәтелдер жеке мысалдармен топтастырылып, олардың өзіндік ерекшеліктері, мән-маңызы ашылмаған деуге болады. МәшҺүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал-мәтелдердің осындай тұстарын айқындап, саралап, жүйеге келтіру маңызды деп білеміз.

Еңбекте халықтың малшылық, аңшылық, диқаншылық кәсіптерін көрсететін мақал-мәтелдерден мысалдар келтіре отырып, олардың өмір танытқыштық мәні, қызметі аты, анықталған.

Фольклордың басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер – халық оқулығы өсиеті. Олар жастарды жақсы мінез-құлыққа мегзейді, жамандықтан сақтандырады. Ең алдымен адалдыққа, қайырымдылыққа, ерлікке, ұйымшылдыққа шақырады, еңбекке баулиды. Биік адамгершілікті насихаттай отырып, оған қарама-қарсы арамдық, қараулық, ұрлық, өтірік, жалқаулық секілді жарамсыз мінез-құлықтар сыналады, мансұқталады.

Халық, қоғам – кең ұғым. Тапты қоғамда бай мен жарлы, қанаушы мен қаналушы қатар өмір сүреді. Халық тұрмысының айнасы мақал-мәтелдерде осы қоғамдық топтардың, таптардың арасындағы қайшылықтар, тартыстар

бейнеленеді. Байлар: «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», – деп кедейлерді кемсітсе, кедейлер: «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» –, деп байларды кекетеді. М. Ғабдуллиннің монографиялық еңбегінде осының барлығы мол мысалдармен дәлелденген. Автор өзінің педагогикалық ой-пікірі лайық парасаттылықты, білімділікті, саналылықты уағыздайды; өнер-білімге, ерлік-еңбекке, бірлік-ұйымшылдыққа тәрбиелейтін мақал-мәтелдерді түсіндіруге, насихаттауға ерекше көңіл бөлген, мақал-мәтелдердің эстетикалық мәнін, маңызын ашып, айқындап берген.

С Нұрышевтың «Қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан» деген атпен 1959 жылы көркем әдебиет баспасынан шыққан кітапшасынан да бұл мәселе шешімін таппады, жанр сыры ашылмады. Автор кітапшасында қазақ мақал-мәтелдерінің көнелігі, көптігі; халықтың тұрмысымен, кәсібімен байланыстылығы туралы белгілі жайттарды қайталаумен канағаттанған. Қазақ мақалдарын «Россияға қосылғанға дейінгі», «Қосылғаннан кейінгі» деп жасанды түрде екіге бөліп, малшылық жөніндегі мақалдар байырғы, ал егіншілікті көрсететін мақалдар Россияға қосылғаннан кейін пайда болған деген секілді ұшқары пікірлер айтқан да, сол жаңсақ пікірін дәлелдеуге тырысқан.

Мақалдар мен мәтелдер – мағынасы да, формасы да әлдеқашан қалыптасқан, өзгеріске онша тез ұшырамайтын тұрақты жанр. Фольклорлық мұраның даму дәуірін белгілегенде бұл ерекшеліктерді елемеуге, ескермеуге болмайды.

Қазақ, ауыз әдебиетін зерттеу, жариялау ісінде соңғы он бес-жиырма жылда елеулі жұмыстар істелді.

М.О.Әуезовтың басшылығымен қазақ әдебиетінің фольклоры тарихының бірінші кітабы жазылды. Бұл еңбекте әрбір жанр бойынша бұрын-соңды айтылған, жазылған зерттеулер жинақталған, қорытылған, соның ішінде мақалдар мен мәтелдердің (авторлары 3.Ахметов, Б.Ақмұқанова) мәні, халық тұрмысымен тығыз байланыстылығы дұрыс баяндалған, соны пікірлер айтылған.

Қазақ совет ауыз әдебиеті дәуіріне арналған екінші кітапта (редакторы М.Қаратаев) Б.Ақмұқанова совет дәуірінде туған жаңа мақалдар мен мәтелдерден көптеген мысалдар келтіре отырып талдау жасаған. Алайда қазақ мақалдары мен мәтелдері туралы әдебиет тарихы үшін жазылған соңғы очерк бола тұр» мұнда жаңа мақал-мәтелдердің шығу, қалыптасу жайы, әдеби- поэтикалық ерекшеліктері ашылмайды; тектес жанрлармен байланысы, көршілес халықтардың мақал- мәтелдерімен қарым-қатынасы анықталмайды.

Қазақ мақал-мәтелдерін соңғы жылдары арнайы зерттеген ғалымдардың бірі – Рахметолла Сәрсенбаев ол өзінің «Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің лексика-стилистикалық ерекшеліктері» дейтін кандидаттық; диссертациясында мақал мен мәтелдердің құрылымын, лексикасын, стилистикасын қарастырған, талдау жасаған; жасалу жолдарын, формасы мен мазмұнын, жақын жанрлармен ара қатынасын кеңінен сөз қылған. Автор орыс мақал-мәтелдерін қазақшаға аудару тәсілдеріне де тоқталып бұл жайындағы тәжірибелеріміз бен қол жеткен табыстарымызды көрсетіп, сонымен байланыста өзінің ой-пікірлерін ортаға салған.

Соңғы он жылда дидактикалық шағын жанрларға әдебиет қауымы көбірек назар аудара бастады. Жанрлар табиғатын танытатын, әдеби қорымызды байытатын аударма жинақтар, зерттеулер жарық көрді. Солардың ішінде ақын М.Әлімбаевтың «Өрнекті сөз – ортақ қазына» атты еңбегі мақал-мәтелдерге және аударма мәселесіне арналған. Еңбекте қазақ мақал-мәтелдерінің шығу тарихы, өмір танытқыштық, мәні, қолданылуы және жаңа мақалдардың жасалу жолдары жайында автор өз ойларын, басқа тілден қазақ, тіліне мақал-мәтел аударудағы өз тәжірибелерін ұсынған [16, 25-36.б.] – дейді.

Ұзақ жылдар бойы зерттеліп, жинақталып келе жатқан мақал-мәтелдерді дана бабаларымыздан қалған «аталар сөзі» десе де болады. Демек, бұл – ұлт даналығын араға талай ғасырлар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш-бояуын солғындатпай, мән-мағынасын бәсендетпей, көркемдігі мен бейнелілігін жоғалтпай, тұтас жеткізіп отырған ана тіліміздің кұдіретті күші. Бұл – даналықтың бір бұлағы тіл деген сөз.

Халық даналығының қайнар көзі – тіліміздегі мыңдаған мақал-мәтелдер десек, одан даналықтың басқа да қыр-сырын білдіретін басқа сөз жоқ деген түсінік тумаса керек. Осының барлығы даналық пен парасаттылықтан туындаған терең ой, логикалық тұжырым, философиялық толғаныс, дүниетаным, өмір тәжірибесі, тағылым-тәлімнің баяндалған, көркем сөзбен көмкерілген, тұрақты, қалыптасқан тіркес, шағын мәтін, қысқа да нұсқа ой үзіктері. Қалай болғанда да, халық даналығының қай түрі болмасын, сөз құдіреті арқылы паш етіліп, халық арасына тарап, ел жадында сақталып бізге жетіп отыр.

Халық даналығына қатысты ұғым мен атаудың санатына ең алдымен

«мақал» мен «мәтел» жатады. Жоғарыда олар жалпы түрде ғана сөз болды. Дегенмен, бұл сөздердің төркіні не? Неге бұл термин туыстас түркі тілдерінде бірдей емес? Мәселен: ұйғыр тілінде – «мақал вә тәмсил», татар тілінде – «мәкалъ һәм әйтем», түрікмен тілінде – «нақылдар ве аталар сөзи», өзбек тілінде – «мақоллар», әзербайжан тілінде – «аталар сөзү», «зәрб-мәсәл», ноғай тілінде – «такпак эм айтув»; алтай тілінде – «укаа сос, кеп сос», хақас тілінде – «соспек»; башқұрт тілінде – «мәкәл, әйтем», түрік тілінде – «atalarsozii» т.т.

Оның басты себебі, біріншіден, даналыққа қатысты ұғымның кеңдігіне байланысты болса, екіншіден, түркі тілдерінің дербестеніп дами түсуіне және о бастағы «аталар сөзі» деген байырғы атауға әрқайсысы өздерінше балама табуынан болса керек. Бірақ, одан мақал-мәтелдердің табиғаты өзгере қойған жоқ.

Мақал да, мәтел де қазақ тіліне араб тілінен енген сөздер. Мақал араб тілінде - ـلط [maqal] - «орынды айтылған сөз» (араб тілінде: «Ли келли маканин мәқал» - «өз орнында айтылуға тиісті сөз» деген нақыл сөз бар екен). Тілімізде көп айтыла беретін мақала («статья», «заметка») – осыдан туындаған, ол араб тілінде -»сөз сөйлеу», «мақала жазу» мағынасында колданылады. Мәтел сөзі де түпнұсқада айтылуына, жазылуына [масал-мәсел] байланысты тұлғасы өзгертіліп алынған араб сөзі. Бұл сөздерді мақал-мәтел деп қосарлап айтқандағы мақсат – әрі «мысал, әрі тәмсіл дегенді аңғарту».

Даналыққа қатысты бұл ұғымның мағына-мәнінің кең де абтракциялы болуына байланысты, оларға түркі халықтарының әркайсысы өз тарапынан ат қойып, айдар тағып алуынын себебі осында болса керек. Мақал-мәтелдер қазақ тілінде «даналық» ұғымының негізгі бір көрсеткіші болып қалыптасқан атау. Ал, бұл ұғымды ерте кездерде көп тілдер «аталар сөзі» арқылы бергендігі көрініп-ақ тұр. Бүгінгі түркі тілдерінің ішінде «аталар сөзі», негізінен, оғыз тобындағы тілдерде (түрік, әзербайжан, түрікмен) сақталғаны байқалады. Демек, бұл ұғымның о бастағы атауы шынымен-ақ «аталар сөзі» болғаны даусыз, «мақал-мәтел» кейін қабылданған атау.

Тілімізде қордаланған мыңдаған мақал-мәтелдердің мән-мағынасына зерделі көзбен қараған адам ең алдымен өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-сана, қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын елестете алады. мақал- мәтелдер, әрине, тарих пен өткен уақыттың табын бойында сақтаған рухани шежіре. Ел жадында сақталған кейбір мақал-мәтелдерден есте жоқ ескі замандардың сарынын аңғарып, тарихи дәуірлердің дүбірін сезінуге болатын сияқты. Мәселен, «ғұн/хун заманын», «Сақ дәуірін» естіген де, естімеген де жұртшылық бар. Ал, қазақ, тілінде: «Көкте күн-жалғыз, Жерде ғұн - жалғыз» деген мақал кездеседі. Қазақ этносының (әрине оның ата-бабаларының) санасында сақталып қалған бұл мақалдың мағынасын, пайда болу мотивін «тым ерте кездерде ғұндар көне түркі тайпаларының басын қосып, бүкіл Еуро- азиялық жазықтықта ұлы Ғұн империясын құрып, аспандағы Күн сияқты, сонша елді бір өзі ғана билеп-төстеген бір ғана ғұндар еді» деп түсіндіруге болатын сияқты.

Көмескілеу болса да, халық санасында сақталған осы ұғымның бір мәнін бүгінгі заман (XX ғасыр) ақын-жазушылары, мәселен, Мағжан Жұмабаев: «Ғұн Күннен жаралған», «Ғұн - Күн текті бейне» деп жырласа, Жұбан Молдағалиев:

«Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым, бәлкім қайсақ, бәлкім бір ғұннен тудым...» – деп, өзінің сол ғұнның бір ұрпағы екендігін паш етіп отыр.

Осының өзі-ақ бүгінгі қазақтардың нақтылы дәйек келтіріп, дәлелдеп келе жатқан ұлан-ғайыр проблемасының күре тамырын атам заманда бабалар аузымен айтылып қалған осы бір мақал тап басып отырған жоқ па? Сол сияқты,

«Ceгіз саққа жүгірту» деген тұрақты тіркесте бүгінгі қазақтардың көнедегі ата- бабалары сақтарды айтып, солардың әскери айла-тәсілін аңғартып тұрған жоқ па?

Одан берірек пайда болған «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» деген мақал бүкіл Орта Азия, Кавказ, Кіші Азия халықтары арасында есімі аңызға айналған абыз, өмір бойы өлімге қарсы күресіп өткен Қорқыт атаның осы бір ерекше әрекетіне байланысты қалыптасқандығы белгілі.

Сол сияқты: «Өлдің Мамай-қор болдың», «Жаудықашырған қарапайым халық – батыр атақ Барақта қалды «, «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба ?, «Қасымның ханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы», «Аяз би, өліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл», «Бәлен жерде Бақан тay - ол да біздің барған тay» т.б. мақал-мәтелдердің баршасы қазақ халқының жалпы тарихына және нақтылы тарихи тұлғалардың жеке басына, іс-әрекетіне байланысты қалыптасқан.



Мұның бәрі, сондай-ақ мақал-мәтелдердің мотивтік негіздерінің басым көпшілігі ретроспективті бағыттағы үрдісте, көне салт-дәстүрлер мен дүниетанымды уағыздау барысында қалыптасуы, сайып келгенде, олардың

«архаикалық құбылыс» екендігін айқындай түседі. Замана талабына сай қаншама жаңа мақал-мәтелдер пайда болып, даналық қоры толассыз толығып, дамып жатса да оның рухани көзі өткен өмірімізге байланысты. Мақал- мәтелдерді «көненің көзі, дананың сөзі» деп атауымыздың басты себебі де, міне, осы.
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет