Қазақ мемлекеттік


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ



бет18/19
Дата11.01.2017
өлшемі3,75 Mb.
#6890
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Шагирова К.Ә. (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)


ХХ ғасырдың халқымыз үшін ең елеулі, қуанышты оқиғаларының бірі еліміздің егеменді ел болып, көк байрағы көкке желбіреп, Ел таңбасы еңсе көтеріп Тәуелсіздік алуы. Кеңес Одағы ыдырап еліміз Тәуелсіздік алғанымызға он бес жылдан асса да тіліміздің мәртебесі өсіп, беделі биіктеп, абыройы асқақтап кете қоймағаны рас. Оның дүниеге келтірген алғашқы заңдарының бірі - ана тілімізге өріс беру заңы болды. Тіл туралы Заң мен тілдерді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда білім беру саласы айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізді. Еліміз Егеменді ел болып ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, Ата – заңға қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде енгізілді. Оны іске асыратын «Қазақ тілі қоғамы», «Ономастика комитеті» құрылып, жер-жерде ана тілімізде сабақ беретін мектептер ашыла бастады. Жер, қала, көше атаулары қазақшаландырылды.

Қазақстан Халықтары Ассамблиясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тіл мәселесінде орын алып отырған олқылықтарға бұдан әрі жол беруге болмайтынын қатаң ескерте отырып: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе - мемлекеттік тіл мәселесі» екенін баса назарға алған.

Президент: «Ал қазақтар үшін мемлекеттік тілді білу – міндетті болуы тиіс»- деп тайға таңба басқандай етіп, жеткізе айтты.

Қай ұлтты қай халықты алсақ та бәрінің де өзінің тілі бар. Халық өз тілін ең ардақты нәрсе деп санайды, сүйеді. Ана тілін сүймеген адам, қырғыз ақыны Сарноғаев айтқандай халқын сүйіп те жарытпайды.

Тілді жасаушы – халықтың өзі. Сондықтан тіл халыққа қызмет етеді. Ана тілін қадірлемеген ұрпақтың болашағы жоқ, өйткені ана тілінсіз ұлт мәдениеті де, ұлт әдебиеті де жоқ. Тілі құрыса, ұлт та құритыны айдан анық, ең басты мәселе – халқымыздың болашағы – ана тіліміздің ертеңі екенін естен шығармаған абзал.

Сүйемін туған тілді - ана тілін

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнім, - деп С.Торайғыров жырлаған.

Қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл тілдің растығын кезінде кемеңгер Абай дәлелдеген болатын. Ол Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың шығармаларын аударып бір дәлелдесе, солардай етіп, сөздің майын тамыза жазу арқылы екінші рет дәлелдейді.

Қандайда тіл болмасын, оның даму деңгейін қанша адамның ол тілде сөйлейтіндігі белгілемейді, оны тілдің өмірдің қанша саласында қолданыла алу қабілеті анықтайды. Расына келсек, қазақ тілін білмейтін, тіпті білгісі келмейтін адамдар бар болса бар да шығар, ал бірақ өмірдің қазақ тілін пайдалану мүмкін емес бірде-бір саласы жоқ. Бір кезде қазақ тілінің қолданылу аясы тілдің қабілетсіздігінен тарылған жоқ, тездетіп бір тілділікке, бір ұлттылыққа көшу жолындағы көптеген көз таса әрекеттердің салдарынан қасақана қолдан тарылтылған, әйтпесе тіпті тоталитаризм жылдарында ол тілде әлемдік философия мен әдебиеттің осы заманғы ғылым мен техника салаларының зерттеу еңбектері басылып шығып, жоғары математика мен астрономияның, медицина мен геологияның талай оқулығы қазақ авторларының қолынан жарық көрген.

Бұл салада Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Асфендияров т.б. еңбектері елеулі ескерткіш. Осының өзі-ақ қазақ тілінің толыққанды саяси және ғылыми публицистиканың тілі екендігіне көзімізді анық жеткізе түседі.

Мемлекттік тілді мемлекетіміз өмірінің барлық саласында батыл қолдану тіл заңының басты ережесі. Ең алдымен билік орындары мемлекет тілінде сөйлемей тұрып, күллі ел мемлекет тілінде сөйлемейді. Өкіметтің өзі сөйлемейтін, өзі іс жүргізбейтін тілде қоғамдық ұйымдар мен комерциялық құрылымдардың сөйлей қоюы екі талай. Сондықтан тіл заңының шартттарын мұқият орындауда мемлекеттік билік орындары өздері өнеге көрсетуі тиісті.

Қазақ тілінің елді сыртқы жаудан қорғауда атқарған ұйымдастырушылық рөлі зор. Халықты басқыншылармен күреске шақырған да, шығарғанда осы тіл. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» дүниеге қазақ тілінде келді.

Бұқар, Үмбетей жыраулар сарбаздарды батырлар төңірегіне осы тілде топтастырып, қазақ баласының ата жаумен айқастағы ерліктерін осы тілде жырлады.

Қазан төңкерісінен кейін ғана есін жиған халық ұрпағының қамын ойлап, қазақ мектептерін аша бастайды. Талай зиялылар қуғынға ұшырап, Кеңес үкіметінің күштеу органдары оғына ұшып жатты. Осындай қасіретке ұшыраған А.Байтұрсынов қуғынға түсіп жүрсе де, араб әрпін ұғым мен қолданысқа жеңлідетіп, қайта жасап, мектептерге арнап қазақ тілі граматиксын жазып шығарған.

Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Қазіргі таңда қазақ тілі мейлінше дамып, байып жетілді. Нақты әдеби тіл жасалды. Орта мектептер үшін барлық пән қазақ тілінде жазылып жүр.

Қазақ тілінің байлығы – қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез елген жұртпен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады. Біздің тіл басқа халықтардың тілдері сияқты, мәдениетті ілгері бастаушы, қуатты құрал. Ана тілін ардақтап, мәпелеп, тәрбиелеп өсіру сияқты; ана тіліне ұқыпсыз, көңілсіз, қалай болса солай қараушылық – барып тұрған мәдениетсіздіктің белгісі.

Тіл мәселесіндегі олқылықтарға жол бермес үшін, біз болашақ мұғалімдерді тәрбиелеп отырған соң, олардың болашақ ұрпағымызды өз ұлтының тілін қадірлеуге, сыйлауға, жоғарғы деңгейде ұстауға ұмтылдыруымыз керек. Сонымен қатар тек тілін ғана қадірлеп қоймай ұлттық өнерін де қадірлей сүйе білуге үйрету. Ата – бабамыздан келе жатқан мәдени мұраны меңгеруге, рухани құнды игіліктерді бағалай білуге тәрбиелеу. Осы ата-бабалар мұрасын ары дамытуға еңбек пәнінің де тигізер үлесі көп. Ұлттық өнеріміздің маңызын жеткізе отырып, атамыз қазақ қандай болғанын мақтан ете аламыз.

Мемлекетті құрушы ұлт ретінде ең алдымен мемлекеттік тілге қамқоршы бола алатын, халқымыздың ұлы көшін бастайтын ол - біздер, келешек жастар. Біз өзіміз өзгелерге үлгі өнеге көрсетіп барлық қарым қатынаста бір – бірімізбен қазақша сөйлессек басқалар бізге еліктеп, тілімізді білуге деген құмарлықтары өзінен өзі артатыны белгілі. Біз өзіміз өз тілімізді құрметтеп, барлық жерде өз тілімізде сөйлеп жатсақ басқалар да қазақ тілін ардақтайтын болады.

Мектептерде және жоғарғы оқу орындарында оқудың, білім мазмұнын жаңарту мақсатында ана тілімізде оқулықтар мен оқу құралдарын шығаруда едәуір ілгерілеу бар. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап қазақшасы нашар балаларға үйрету үшін, доцент С.Оспанов сияқты азаматтар ұсынып жүрген арнайы оқулықтар шығаруды ерекше қолдау керек. Бұл оқулықтар тілі түсінікті, әдемі безендірілген, ойын элементтері көп, дидактикалық көмекші құралдарымен, түсініксіз сөздер мен терминдер сөздігімен жабдықталған болу керек.

Филология ғылымының докторы Ә.Жүнісбеков пен Н.А.Зайцевтің қазақ тілін жеделдетіп оқыту жүйесіне жазған оқу әдістемесін атап өтуге болады, ол үш бөлімнен тұрады және әр бөлімді жеке пайдалануға болады. Бұл әдістемеде қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасының барлық заңдылықтарын ескере отырып ғылыми негізге сүйеніп жазылған, кластада, жеке де қолдануға келеді, компьютерлік, баспалық жолдармен де, бейне жазу техникасы арқылы да көбейтіледі. Осындай оқу құралдарымыз көбейе берсе, ана тіліміздің ары қарай тез жетілуіне көп көмегін тигізері анық.

Жалпы қазақ тілінің құдіретін, байлығын, әсемдігін, терең мағыналығын келешек ұрпаққа түсіндіруге көп еңбек етпей, қазақ ұлтының болашағын шарқын ету мүмкін емес.

Сөз — адам санасының айнасы. Ішкі жан дүниеңіздің, біліміңіздің биік деңгейі мен дәрежесінің өлшемі, ойыңыздың дыбыстармен кестеленген көркем көрінісі. Ұлы Абай сөз құдіретінің осы бір ғажап сырын ана тіліне деген азаматтық сезімін кез келген өлеңдерінде және ел ішінде қанатты сөзге айналып кеткен «Өнер алды – қызыл тіл» деген сөзі де тіл мәртебесін аңғартып отырады. Бізде солай Абай атамыздай сөз қадіріне, тіл қадіріне мән беріп, оның мағынасына мән беретін азаматтар тәрбиелеиік.

Жастарды жазбай еркін шешіле сөйлеуге, аз сөзге көп мағына сыйғызып, сырлы сөйлеуге мақал–мәтелдерді, ұтымды сөздерді қолдана өткір сөйлеуге баулу, болашақ азамат тәрбиелеу біздің міндетіміз. Ана тілімізді көркейтудің, оның мәртебесін көтере түсудің бір жолы сөз өнерін, сөйлеу өнерін жетілдіру. «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі-сөз»- деген сияқты халық мақал-мәтелдері арқылы да қысқа жеткізе білу.

Ана тілімізді тек қана сабақ беру арқылы ғана емес, сабақтан тыс конкурстар, диспуттар өткізу арқылы да жетілдіре аламыз. Конкурс, диспуттардың Ана тілімізді көтеруге тигізер септігі мол.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Назарбаев.Н.Ә. «Қазақстан – 2030» Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. Алматы, 1997.

  2. «Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту» бағдарламасы. 2004.

  3. Мектептегі технология. 2004.

  4. Білім беру жүйесіндегі этнопедагогика. 2005.

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада мемлекеттік тілді дамытудың кейбір мәселелері қарастырылады.
РЕЗЮМЕ.
В статье рассматриваются некоторые вопросы развития государственного языка.

ТУЫНДЫ СӨЗДЕРДІҢ ТРАНСПОЗИЦИЯЛАНУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Шойбекова Ғ.Б.- ф. ғ.к. (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Тіліміздегі сөздердің транспозициялануында, әсіресе, семантикалық тәсіл арқылы дамуында өзге тәсілдерге қарағанда лексемалардың жаңа мағына алып, туынды сөз ретінде танылуы, сонымен қатар парадигмалық шеп құрай алуы олардың мағыналарының ауқымдылығымен байланысты. Семантикалық тәсіл арқылы транспозицияланған сөздердің бірнеше атауға ие болуы, ықшамдылығымен, жинақылығымен, ең бастысы көнелігімен сипатталады. сөздерДің барлығы көне дәуірде бір буынды болған. Сол себепті ғасырлар қойнауында бір буынды сөздер тілдің кейінгі жалғамалылық дәуірінде де тұлғасын өзгертпей мағыналық дамуға түсіп, жаңа атау жасауға негіз болған. Осының нәтижесінде бірнеше буынды сөзге қарағанда бір буынды сөздердің транспозициялануы басымдық танытқан.

Қазақ тіліндегі лексика-семантикалық тәсіл арқылы дамыған сөздер түбір тұрғысынан зерттеліп жүр. Бірақ буын санына байланысты семантикалық тәсіл арқылы дамыған сөздердің зерттелуі кездеспейді. Тілдік бірліктер күрделенген сайын олардың семантикалық даму сипаты күрделенеді. Бұл тілдік бірліктерге ғана тән сипат емес, сонымен қатар табиғаттың өзінен алынып отырған шынайы ақиқат. Күрделі құбылыстар, заттар мен нәрселердің өзі динамикаға икемді болып келмейді. Ал, керісінше, икемділікке бейім құбылыстар жекелікке, жалқылыққа тән. Сол себепті тіліміздегі сөздердің семантикалық дамуын буын санына қарай зерттеп қарауды ұйғардық. Тілімізде бір буынды сөздерден бастап, төрт-бес буынды сөздерге дейін семантикалық жақтан дамыған тұлғалар бар. Оларды буын санына қарай топтап, мағыналық тұрғыдан қарастырғанда төмендегідей сипатта көрініс тапты.



Бір буынды сөздердің транспозициялануы.

Ат ~ ат ~ ат ~ ат ~ат сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы:

Ат 1. Үйірге түспейтін, піштірілген жылқы

2. Аттың басына ұқсастырылып жасалынған шахмат фигурасы

3. Аттау, қозғалыс жасау

4. От шығару, оқ жұмсау

5. Балаға қойылған есім



Ақ ~ ақ ~ ақ ~ ақ сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы:

Ақ 1.Ағу, сұйықтықтың ағуы

2.Заттың түсі

3.Сүт, айран

4.Жұрнақ –ақ; там+ақ, шу+ақ /1, 138 б./.

Бұдан өзге ен (ін, үн), ай – ай – ай, құр – құр, кес – кес, жұт – жұт сияқты сөздерді мысалға алуымызға болады. Тарихи жағынан алғашқы бір буынды сөздердің мағыналық жақтан дамуы Б. Сағындықұлы мен А.Б. Салқынбай еңбектерінде айтылып, талданып жүр. Ат, ақ сөздерінің мағыналық дамуын “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен”, сондай-ақ сөздікте жоқ мағыналарын ғалымдардың зерттеулерінен алып беріп отырмыз. Мысалы –ақ тұлғасында келетін жұрнақты от+ақ, шыр+ақ, шу+ақ, там+ақ секілді сөздерді мысалға ала отырып,“аталған бұл формант түбірге сіңіскен өлі жұрнақ ретінде танылады. Демек, ақ = етістігі = ақ (=ек, =ық, =ік, =қ, =к) жұрнағы пайда болуының бір көзі”, ­ деп жазады /1, 139 б./. Ал ат тұлғасының сөзжасамдық белгілерінің тереңде жатқанын жайлы, оның тек қимылдық емес, жалпы ұғымды белгілеуші тұлға ретіндегі мағыналық жүйесін, даму жолын:

­ қозғалу семасы – аттау, аттану, адақ (айақ), адасу, адым т.б.

­ объектінің шығу семасы – таң атты, тас атты, атып шығу, атып тұру;

­ объектінің бату, біту семасы – ат, ад (тамұқ), ада болу;

­ объектілік сема – ат;

­ субъектілік сема – ата, аталық, адам, деп бөліп алып айырушы семалардың жинақталып, бір семантикалық өріс аясына сыйып тұрғанын келтіруге болады /2, 118 б./.

Екі буынды сөздердің транспозициялануы.

Айыр ~ айыр сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы:

Айыр 1. Шөп, сабан, егін жинауға керекті құрал. 2. Қос өркешті түйе.

Мұндағы айыр сөздеріне ортақ мағына – белгілі бір заттың ара жігінің ажырауы, екіге жарылуы. Ажырау, адырылу сөздерімен мағыналық тұтастықта. Тарихи сипатта мұның көрінісі де адам танымының терең қатпарларынан орын алады. Синхрондық сипаттан алғанда да бұл сөздердің мағыналық жақындығы айқын көрініп тұр. Диахрондық аспектіден қарағанда ажырау сөзінде бір нысанның екіге жарылу семасы бар, сондай-ақ адыр, адырылу сөзінде де белгілі бір нысанның бөліну семасы байқалады. Біздің қазіргі тілімізде адырылу сөзінің мағынасы адыра қалғыр сынды қарғыс мәнді сөзде сақталған. Бұл тіркестің мәні – айырылып қалу, яғни адамдар ортасынан ажырау, өлу мағынасы.

Тамақ ~ тамақ сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы:

Тамақ 1.Тамақ, тағам, ас-су

2.Тамақ, ас-су өтетін жол.

Тарихи аспектіден қарастырғанда там+ақ (мойынның алдыңғы жағы, иектің асты), там (дәм) ағатын өңеш екенін өзі айтып тұр /1, 139 б./. Біздің тілімізде бәкі пышақ, әжептәуір секілді екі компоненті де бір мағынада кездесетін сөздер бар. Мысалы, ас мағынасындағы тамақтың қимыл қозғалыстық сипатына қарай таму және ағу сөздері пайда болған. Астың үздіксіз сырғу сипатына орай қозғалыстың жиілігін анықтау мақсатында ұқсас мағыналы таму және ағу сөздері тілдік айналымға енеді. Осы жерде тіліміздегі сөздердің алғашқы кезде бір буынды болғанын ескеру керек. Адам танымының нәтижесінде астың қозғалысын бейнелейтін бір буынды там және ақ сөздерінен тама+ақ = тамақ лексемасы пайда болады. Тамақ лексемасы қазіргі тілімізде екі заттың атауы ретінде қалыптасқан. Бұл сөздің алғашқы мағынасы қимылдық мағына, атаулық мағыналарының екеуі де кейіннен пайда болған. Осыған ұқсас іш сөзін алып қарайық: тамақты ішу қимыл атаулы сөзі арқылы ішкен заттың белгілі жайғасқан орнын да іш деп атаған. Адам ағзасының көрінбейтін тасаға орналасуынан іш+і деген көмекші есім сөз пайда болған. Тілдің өмір сүру фазасында мағыналық дамуға түсіп, уәжделген, транспозицияланған сөздер семантикалық тәсілдің нәтижесі.



Үш буынды сөздердің транспозициялануы.

Жаттығу ~ жаттығу ~ жаттығу ~ жаттығу сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы

Жаттығу 1. Жаттық етістігінің қимыл атауы.

2. Белгілі бір өнерді игеру үшін дағдылану процесі

3. Оқушының жаңа материалды жақсы түсіну үшін жүргізілетін оқу процесіндегі әдіс.

Бұған спорттық ойындарда қолданылатын мағынасы енбей қалған. Өзіміз күнделікті теледидардан таңертең есітіп жататын жаттығу сөзі де бұл күнде номинативтік атауға ие болған сөз деп тануымызға болады.

Қарайлас 1. Жәрдемдесу, қарасу.

2. Мөлшерлес, шамалас.

Төрт буынды сөздердің транспозициялануы.

Қабылдағыш~қабылдағыш сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы:

Қабылдағыш 1. Арнаулы станциялардағы қашықтықты өлшейтін электромагнит толқындары арқылы дыбыстар мен белгілер қабылдайтын және хабар беретін аспап. 2. Алғыр, зейінді, қабілетті.

Мазмұндама 1. Оқушылардың шығарма мазмұнын жазбаша түрде баяндап, жазып шығатын жазбаша жұмысы. 2. Мемлекеттер арасында болған дипломатиялық келіссөздер, келісімдер жайлы ресми хабар.

Екі сөздің арасында мағыналық байланыс бар және ол мағыналар жаңа атау ретінде танылуына мүмкіндік жасап тұр. Себебі біріншісі оқушының жазба жұмысының атауы болса, екіншісі бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын хабар атауының қызметін атқарып тұр.

Семантикалық тәсіл арқылы дамыған атаулардан байқағанымыз, бір буынды сөздердің мағыналық жақтан өрбуі екі, үш, төрт буынды сөздердің конверсиялануына қарағанда әлдеқайда басымырақ. Бұдан шығатын қорытынды – бір буынды түбір сөздер тарихи тұрғыдан алғанда тілдің даму барысында түрлі мағыналық реңк алған. Олар мағыналық ортақтықтан арылмаған, парадигмалық шеп құрайды. Бір буынды түбірлер лексика-семантикалық және грамматикалық қолданылуы жағынан күрделі жүйе жасайды. Екі, үш, төрт буынды сөздердің транспозициялануы бір буынды сөздерге қарағанда сирек.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Б. Сағындықұлы. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. – Алматы: Санат, 1994. – 19-68 б.

2. А.Б. Салқынбай. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 309 б.


ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада екі, үш, төрт буынды сөздерге қарағанда бір буынды сөздердің транспозициялану деңгейі жоғары болатындығы олардың көнелігімен, ықшамдылығымен, ең бастысы, түбір екендігімен түсіндіріледі.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается семантическое развитие однослоговых и многослоговых языковых единиц.

М А Г И С Т Р А Т У Р А

«ӘДІЛ-МАРИЯ» РОМАНЫНДАҒЫ ІШКІ МОНОЛОГ МӘСЕЛЕСІ
Ашимбаева Р.- 2-курс магистранты (Алматы қ. ҚазмемқызПУ)
ХХ ғасырдың басындағы ұлы ойшыл, ғұлама, данышпан, ұлт зиялыларының бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның әлі де болса ашылмаған қырлары мен сырларының көп екендігі рас болса, қаламгердің «Әділ-Мария» романындағы ішкі монолог мәселесі туралы айтар ойлар да аз емес. «Әділ-Мария» романындағы ішкі монолог мәселесі хақында сөз қозғамас бұрын, алдымен монолог және ішкі монолог ұғымдарының мәнін ашып көрейік. «Монолог» сөзі грек тілінен аударғанда – «monologos, mono-бір, logos- сөз» деген мағынаны білдіреді.

Әдебиеттану терминдер сөздігінде: «Монолог – кейіпкердің өзімен өзі сырласқандай, ойланып – толғанғандай болып айтатын сөзі. Басқа біреу ол сөзді еститіндей болса да, жауап қайыру деген болмайды, бірыңғай бір кейіпкердің сөзі ғана беріледі. Монологтың мағыналылығы – сол адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегі жай-күйі айқын аңғарылады» - деп берілген. /3, 241бет/

Ал, ішкі монолог - психологизмнің ең алдыңғы қатарда тұратын тәсілі. М.Бахтиннің «Проблемы поэтики Достоевского» атты зерттеу еңбегінде осы ішкі монологтың қыр-сырларын толығымен ашып көрсеткен. Ол туралы профессор Г.Ж.Пірәлиеваның «Қазақтың көркем прозасындағы психологизм және оның бейнелеу құралдары» атты еңбегінде: «Ішкі монолог – (іштей ойлау, кейіпкердің өзін-өзі саралауы, ой-ағысы) адам психологиясының ішкі иірімдерін, күрделі де терең ойлау жүйесін, сана мен сезім арпалыстарын ашу. Ішкі монологтың көркемдік қызметі – адам жанының сырт көзге байқала бермейтін ішкі қоймаларын, құпия-қалтарыстарын, жұмбақ сырларын шынайы да сенімді түрде бейнелей білу»– деген анықтама берген. /2, 13бет/

«Әділ-Мария» романында қалыптасқан ішкі монолог тәсілінің шебер әрі көркем көріністері айқын да нақты бейнеленген. Романның бас кейіпкерлері Әділ мен Марияның бір-біріне деген кіршіксіз махаббаттарына тілеулестік танытып, әртүрлі күй кешіп, бір орында қозғалмай тұрған Шыңғыстау бейнесі - іштей жанды бейне. Олай дейтініміз, романдағы образдардың жасалуына Шыңғыстаудың тікелей ықпалы бар. Романда Шыңғыстаудың бөктеріндегі қазақ ауылдарының бірінде өткен бір оқиға суреттеледі.

Романда пейзаж қолдану үлгісі ерекше. Шығарманың басы автордың Шыңғыстауға бағытталған ішкі монологымен басталады. «Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайып қырандарыңды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздықтың жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап, мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай да ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүрек айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ маңқиып тұра бересің-ау! Онымен де қоймай, қысқа күнгі күн шығыстан ұзақ күнгі күн батысқа қарай керегедей жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп: «Кел-кел! Тағы менің қайығыма кіріп, біресе рақат, біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетінің келіңдер!» - деп үнсіз даусыңмен шақырып тұратыныңды қайтермін!» /1, 493 бет/.

Шыңғыстауды жанды бейне етіп көрсетіп, бүкіл шығарманың өн бойына арқау етеді. «Міне, осы іңірде туған толық ай дәл Марияның қысылып ұялғанындай қып-қызыл болып туса да, көтеріле келе бозарып, жоғарылағанда, әбден бойы үйренгендей маңқиып, жер жүзіне сүттей тұнық сәулесін түсіріп, айдың бетіндегі кісі пішінді қожыры қырындай қарап, Әділ мен Марияның алғашқы қосылғанын көрмейінші деген сияқтанды-ау!» /1, 501бет/. Мұндағы ой қаратпа мағынасында болғанмен, автордың ішкі толғанысын байқатып, ішкі монологтың озық үлгісін көрсетіп тұр. Енді бірде, Әділдің басына түскен қиындықты табиғат қаһарымен үндестіріп, оның жалғыз қалған сәтіндегі монологын: «Әттең, туысқансыз жалғыздық-ай! Шіркін, опасыз дүние-ай! Көрсетпегенің осы екен ғой!» - деп беріледі. /1, 527бет/

Бұл туралы тілге тиек еткен белгілі зерттеуші ғалым Г.Ж.Пірәлиева былай дейді: «Жалғыздық – қашанда жеке адамның басындағы қайғы-қасіретті, ішкі ойға емін-еркін егілуге де, ішкі құпия тіршілікке ерік беруге, өз сезімін қадағалауға да, қадағаламауға да құқысы бар мезет. Әрі бұл кейіпкердің ішкі табиғатынан сыр берер, оның характерін ашуға да өзіндік үлес қоса алатын көркемдік қасиет. Өйткені жалғыздықтан жапа шеккен жан көбіне өз ойымен өзі болады. Оның өткен өміріне лирикалық шегініс жасау, бақытты шағын елестетуі, қайғыруы секілді бір сәттік құбылыстар оны ішкі монологқа өзімен-өзі сөйлесуге мәжбүр етеді. Кейде адам қатты қапаланғанда немесе шектен тыс қуанғанда, еркінен тыс ойланбаған, тіпті ойы түгіл түсіне енбеген сұмдық іс-әрекетке баруы мүмкін. Оны психологияда, философияда, әдебиеттану ғылымында адамның шындықты санамен бейнелеуіне тікелей қатыспайтын, еркіңнен тыс болатын яғни психологиялық құбылыстарды – «безсознательность» - деп батыл әрі дәл тұжырым жасайды. /2, 77бет/ Міне, кейіпкер психологиясын ашудағы ішкі монологтың ролі өте зор деп айтуымызға әбден болады.

Сол кездегі заман портретін жасауда табиғат бейнесі бізге құдды бір өзінің ішкі сырын ақтарып тұрғандай. Бүкіл шығарманың өн бойына өзіңнен өзің еніп кетесің. Автор романдағы кейіпкердің жан дүниесін, оның психологиясын ішкі монолог арқылы асқан шеберлікпен суреттеген. Романның соңғы желісінде бір-біріне ессіз ғашық болған қос махаббаттың өміріне Еркімбек сұм балта шабады. Әділдің Еркімбектің қолынан өліп бара жатқанын көріп, Мария: «Құдай-ай! Сорым біржолата қайнады ма?»– деп, Әділді құшақтай алады. /1, 538бет/ Бұл жаралы ғашығының халін көріп шыдай алмай құшақтап тұрып айтқан соңғы сөзі еді. Мұнда автор ашық монологты қолданған. Бұл Әділ мен Марияның өмірдегі соңғы қиналғаны мен қайғының қара бұлтын жамылғандағы соңғы сәттері еді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі «Қайғылы роман» деп атап кеткен бұл роман оқырманның жүрегіне еніп, көңілін елең еткізері анық. Жазушы қолданған ішкі монолог, ішкі сөз, ішкі толғаныс сол замандағы тіршілік пен өмір ағысына астасып жатқандай. Оқиғаның желісі де бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі сабақтастырып отыр. «Міне, дәл сол кезде күн батып кетіп, шапақтың шашақты бұлтындағы күннің қызыл нұры дәл Әділ мен Марияның жарасынан сорғалаған қандай қып-қызыл болып тараулана бастады» /1, 538бет/. «Дәл сол кезде күншығыстан қайғылы қара салысын жамылып, түннің қараңғылығы – зұлмат та шықты» /1, 539бет/.

Мұндағы автордың айтпақ ойы тереңде. Олай дейтініміз, жазушы табиғат көрінісі мен кейіпкер тағдырларын жымдастырып, біріктіріп, параллель көрсеткен. Адам тағдырын айналадағы қоршаған ортамен байланыстыра отырып, қайғылы психологиялық портретті пейзажбен өрнектеген.

Монологтың көркем шығармадағы рөлі, ондағы кейіпкерлердің ішкі иірімдерінің бейнеленуі, ішкі монологтың романдағы алатын орны мен адамның ішкі дүниесінің кілтін ашудағы жазушы шеберлігі, бәрі-бәрі қаламгер қолданған ішкі монологтың көрінісі. Міне, қарап отырсаңыз, Ш.Құдайбердіұлының «Әділ-Мария» романы басынан аяғына дейін ішкі монологтан тұратын секілді. «Қазақ романы тақыр жерде, жоқтан пайда бола қалған жоқ. Қазақ романының ұлттық тамыры тереңде және ол ұлттық характерлерді бейнелеудің дәстүрлі баяндау тәсілімен сабақтас», - деген пікірге сүйенер болсақ, Ш.Құдайбердіұлының «Әділ-Мария» романындағы ішкі монологты қолдануының себебі де қаламгердің білімділігі мен біліктілігінің көрінісі. /4, 13бет/ Ішкі монологтың озық үлгісінде жазылған бұл роман сол замандағы заман ағымы мен адам тағдыры мәселесінде биік шыңдардың белесінде екені сөзсіз.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ш.Құдайбердіұлы. Шығармалары. -Алматы: «Жазушы», 1988ж, - 560б.

2. Пірәлиева Г.Ж. Қазақтың көркем прозасындағы психологизм табиғаты және оның бейнелеу құралы. –Алматы, -359б.

3. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі /Құрастырған: З.Ахметов, Т.Шаңбай/ - Семей–Новосибирск, «Талер -Пресс», 2006ж, -393б.

4. Лизунова Е.В. Современный казахский роман. Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1964г, -360б.
ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада Ш.Құдайбердіұлының «Әділ-Мария» романындағы ішкі монолог мәселелері қарастырылған. Ішкі монологтың қызметі, оның романдағы көрінісі мысалдармен көрсетіліп берілген.


РЕЗЮМЕ

Статья посвящена рассмотрению внутреннего монолога в романе «Әділ-Мария» Шакарима Кудайбердиулы, а также его функций и отражения в произведении.



Каталог: attachments
attachments -> Формирование профессиональных умений и навыков
attachments -> Қазақ мемлекеттік қыздар
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> История финансовой науки и ее развитие в России
attachments -> Актуальные проблемы международных отношений
attachments -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
attachments -> Биография великого инструмента
attachments -> Урок музыкальной литературы в 5-м классе. Тема урока: И. С. Бах. Органное творчество
attachments -> «Найрозумніший» 8 клас І тур
attachments -> Қазақ мемлекеттік қыздар


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет