Қазақстан археологиясы



бет12/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   28

Хунну мемлекеті
Б.з.б. І-мыңжылдықта қазіргі Моңғолия оңтүстігіндегі Ордостан Каспий маңына дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін шығу тегі мен этникалық құрамы жөнінен әр түрлі тайпалар мекендеген.

Шаруашылықтың біртіндеп дамуы, тұрмыстың біршама ортақтығы, этникалық жақындық, саяси тәртіп факторлары Орталық Азияда бірқатар мемлекеттер мен бірлестіктердің құрылуына алып келді. Солардың бірі Хунну мемлекеті болды. Б.з.б. ІІІ ғасыр соңындағы қытай дереккөздерінде пайда болған Хунну (сюнну) атауы шығу тегі әртүрлі тайпаларды біріктірген және оқтын-оқтын өз билігін Тынық мұхиты мен Солтүстік Қытайдан Алтай мен Жетісуға дейін, ал кейінірек одан әрі батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға қатысты болды.



Хунну (сюнну) этнонимінің мазмұны мен нақты қалай айтылатыны әзірше айқын емес. Зерттеулердің көрсетіп отырғанындай, оның ежелгі қытайлық транскрипциясы гректер мен ертедегі орыс жылнамаларының фруна (труна) түріне тіреліп жатыр. Трун және ғұн терминдері түрлі аудандарда болған бір этносаяси бірлестіктерге қатысты қолданылды.

Хуннулардың жоғарғы билеушісін қытай авторлары шаньюй деп атайды. Б.з.б. 206 жылы ғұн тайпаларының басшылығына Мөде шаньюй келді. Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап оған күйрете соққы берді. Кескілескен күресте Мөде әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін сюнну-ғұндардың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен дәме етуден бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөденің алдында бас иіп, онымен «бейбітшілік пен туыстық туралы келісім-шартқа» қол қоюға мәжбүр болды, бұл шарт бойынша шаньюйге өз үйінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын «сыйлық» түрінде салық төлеп тұруға міндеттенді, кейіннен ол салықты үнемі төлеп тұрды.

Шығыста хуннулар «шығыс ху» тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда Керулен мен Онон алқаптарында мекендеген құрамына сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Батыс пен солтүстік-батыста хуннулар юеди (юеджи, юечжи, иозы, ұлы ружы) тайпаларына қауіп төндірді. Хунну шаньюйінің қол астына қазіргі Кореядан Батыс Қытайға дейінгі аумақ бағынды, солтүстіктегі Хунну конфедерациясына кірген тайпалар Байкалдың сыртындағы оңтүстік аудандарға дейінгі жерлерді алып жатты.

Дереккөздерінде хунну жорығының алтайлық бағыты туралы айтылады. Шежіреші б.з.б. 201 жылы хуннулар солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай жылжи отырып, Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли елдерін бағындырғандығын хабарлайды. Мәтінге берілген түсініктемеде әлгі аталған бес елдің хуннулардан солтүстікке қарай орналасқандығы айтылады, сірә, ол батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле алқабына дейін созылып жатса керек.

Одан кейінгі онжылдықтарда хунну тайпалары күшейіп, батыста да белсенді қимыл көрсете бастайды. Б.з.б. 177 жылы Мөде көршілеріне қарсы өз бетінше қимыл жасады деген сылтаумен өзінің батыстағы түктерін (кнәздерін) юедилерге қарсы жорыққа аттандырады. Хунну атты әскері, Чжанье-Ганьчжоу ауданы маңында юечжилерге күйрете соққы берді және сонымен бірге жаңадан қалыптасып келе жатқан хунну коалициясының шетінде бірнеше ұлыстарды бағындырды.

Хунну қоғамы б.з.б. І ғасыр ортасынды өзінің вассалдық иеліктерінен айрылып қана қоймай, Хуханье шанюй басқарған оңтүстік және Чжи Чжи шаньюй қол астындағы солтүстік топтарға бөлініп кетті. Оңтүстік хуннулар Ордос аумағын мекендеп қалды, ал солтүстік хуннулар өз тайпаластарының қысымымен Саян мен Байкал көлі маңына қарай ығысады.

Хуннулар өмірінде мал шаруашылығы басты рөл атқарған. Бұл жөнінде Сыма Цянь былай деп жазады: «Қытайдың солтүстігінің сырт жағын мекендей жүріп, олар өздерінің малымен бір жайылымнан екінші жайылымға көшеді. Үй малынан жылқы, ірі қара және қой-ешкі өсіреді; біразы түйе, есек ұстайды. Шөптің қалың, судың мол болуына қарай бір жерден екінші жерге көшіп жүреді... Шонжарларынан бастап бәрі де үй малының етімен тамақтанады, олардың терісін киім қылады, жүн мен аң терісін жамылады». Әчіресе хуннулардың өмірінде жылқы ерекше маңызды рөл атқарды. Ал қой еті, тері, жүні кеңінен пайдаланды. Қой терісі мен жүнінен киім, аяқ киім жасады, жүннен киіз басты.

Малының бәрі дерлік бүкіл жыл бойына жайып бағылды.

Хуннулар отырықшылық пен егіншілікті де білген. Дереккөздерінде «солтүстік жерлерде суық ерте түседі, тары себуге қолайсыз болса да, хуннулар жерінде тары себіледі» деп айтылады. Байкал сыртындағы Нижне-Иволгинское қала жұртын қазған кезде еденді сылаған балшық арасынан туралған сабан шықты. Нақ осы жерден қысқы, тұрақты жартылай жертөлелер табылды, олар кан (кәң) жүйесімен жылытылған. Қазба кезінде тары дәндері, шойын түрендер, темір орақ, тас дәнүккіштер пен астық сақтайтын ұралар аршып алынған. Бір шетінен, қайтыс болған адам жерленген ағаш қималары да хуннуларда отырықшылық болғандығын дәлелдейді.

Аңшылық та хуннулар өмірінде маңызды рөл атқарды. Бұл жөнінде дереккөздерінде былай делінген: «... балалар қойға мініп, садақ тарта алады және құстар мен тышқандарды ата біледі; біраз өскен соң олар түлкілерді және тамақ жейтін қояндарды атады... Олардың арасында орнаған ғұрып бойынша, тыныштық кезде мал бағып, оған қоса құс пен аң аулайды, сөйтіп тіршілік етеді». Хунну қабірлерін қазған кезде киік (антилопа), қабан, құлан, жабайы бұғы, елік, қоян, түлкі, т.б. түз тағыларының сүйектері көптеп табылған.

Қабірлерде керамика – құмыралар, көзелер, саптаяқтар аз емес, олар қолдан жапсырып және құмырашы ұршықшасында дайындалған, мұның өзі қыш-құмырашылықтың дамығанын дәлелдейді. Басқа жақтан әкелінген жібек маталар, әшекей бұйымдар, айналар, нефриттен жасалған заттар да жиі ұшырасады.

Хунну әскерінің негізін жылдам қозғалатын атты әскер құрады. Атқа мінген сарбаз садақ пен жебемен қаруланды. Қазба материалдарына қарағанда, садақтар екі үлгіде жасалды. Ертедегі садақтар ағаштан иілді, ал оның адырнасы тарамыстан жасалды. Садақтың жан-жағы сүйек қаптырмалармен қапталды (барлығы жетеуге дейін), екі ұшында адырнаны байлайтын кертпеші бар екі қаптырма, ортасына – жебе атылатын жеріне трапеция тәрізді қаптырма орнатылды. Осылайша садақтың иілгіштігі күшейтілді. Садақтың ұзындығы 70-80 см-ге жетті. Жебеге үш қырлы темір ұш салынды. Мұндай садақтар мен жебелер сауыт киген жауды атуға арналған еді. Ғұн жауынгері дөңгелек және сопақша пішінді, шыбықтардан тіреу орнатылған ағаш жақтаулы қалқанды да пайдаланған.

Дереккөздерінде хуннулар 24 руға бөлінді деп айтылған. Бұл қазақстандық көптеген оқулықтарға еніп кеткен мәлімет. Алайда мұны соңғы кездері кейбір мамандар уақытында дұрыс аударылмаған мәтін деп те есептейді. Сондықтан да хуннуларда өзек болған негізгі рулар қанша екендігі белгісіз. Деректемелерде кейбір рулардың аттары айтылады. Қалай болғанда да, олардың басында ақсақалдар тұрғандығы анық. Сонымен қатар, ақсақалдар кеңесі мен халық жиналысы (құрылтай) секілді рулық құрылыс институттары да сақталды. Дерекөздері «ғұндардың жыл сайын үш рет Лунциде бас қосатын әдеті бар еді, онда жылдың бірінші, бесінші және тоғызыншы айында «сюй» деп аталатын күні көк рухына құрбан шалынады... осындай жиналыстарда рубасылары мемлекеттік істерді талқылайды, ат бәйгесі мен түйе жарысын тамашалайды» деп хабарлайды.

Қабірлерден алынған материалдар хунну қоғамында мүліктік теңсіздік жайын айқын сипаттайды. Хуннуларда әскери тұтқындар мен қол астындағы өңірлердің тұрғындарынан құралған құлдар болды. Олар үй қызметшілері, бақташылар, қолөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланылды.

Елді шаньюй басқарды, оның қолында шексіз дерлік билік болды. Одан кейін түменбасы аталған бекзадалар (кнәздер) тұрды. Олар шаньюйдің ұлдары, бауырлары немесе жақын туыстары болатын. Олардың әрқайсысы өздеріне тиісті аудандарда көшіп-қонып жүрді. Түменбасылар өз иеліктерінде мыңбасы, жүзбасыларды тағайындай алатын еді. Алайда шаньюй өзіне бағынбаған немесе жазықты болған түменбасылардың жерін қайтарып алатын, өз кезегінде түменбасылар да жүзбасыларға, онбасыларға қатысты нақ сондай құқық иемденді. Лауазымдар мен жоғарғы шендер мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Хуннулар түрік тілді халық болды.

Хунну қоғамы секілді бірлестікке тән нәрсе - әкімшілігі мен күштеу аппараттары бар мемлекеттіліктің қалыптасуы еді, ішінара ру-тайпалық құрылысты алмастырған органдар жаңа жағдайларға бейімделіп, ішінара олармен астасып та жатты.


Савроматтар, сарматтар
Б.з.б. ҮІІ ғасыр мен б.з.б. ІІІ ғасырда Қазақстанның батыс өңірін савроматтар, кейіннен сарматтар мекен етті.

Зерттеушілердің пікірінше, скиф және савромат тайпаларының тікелей ата-бабалары андронов және қима мәдени-тарихи қауымдастықтарының ескерткіштерін қалдырған тұрғындар арасынан шыққан.

Авестада сайрима атауы кездеседі. Көне грек дереккөздерінеде савроматтар туралы айтылатын толымды ақпараттар бар, соларды сайримдермен салғастыруға болатын сияқты.

Бірақ «савроматтар» да, «сақ», «скиф», кейіннен «түрік» терминдері секілді авторлар тарапынан екі мағынада қолданылды. Біріншіден, тайпаның өз атауы ретінде, екіншіден – тілі мен мәдениеті туыстас тайпалардың үлкен тобын біріктіретін термин ретінде.

Олар туралы Геродот былай деп жазады. Аңызға қарағанда, савроматтар скиф жігіттерінің амазонкалармен некесінен туған. Амазонкалар Фермодонт түбіндегі шайқастан кейін эллиндерге тұтқынға түсіп, үш кемемен Қара теңіз арқылы жіберілді. Жүзіп келе жатқан кезде амазонкалар барлық ер адамдарды өлтіреді, және де кеме желкенін басқаруды және ескектер пайдалануды білмегендіктен, ұзақ уақыт толқынмен жүзді. Соңынан Меотида көлінің жанындағы еркін скифтердің жеріндегі Кремнаға келеді. Келген жауынгер әйелдермен соғысқаннан кейін скиф жігіттері олармен некеге тұрды және өздерінің мүліктерінің бір бөлігімен амазонкалар тұрағына өтті. Бірақ амазонкалар өз күйеулерін скиф елінен Танаистың арғы бетіне өтулерін өтінді, мұны олар жігіттерінің әкесін өлтіргендіктен әрі елге үлкен зұлымдық әкелгендіктен бұл жерде тұру санасына кері әсер ететіндігімен түсіндірді. Жігіттер бұған келісімін береді. Танаистен өткеннен кейін олар үш күн шығысқа және Меотидадан үш күн солтүстікке қарай жүреді. Келген соң, осы өлкеде тұрақтап қалады. Археологиялық олжалар мұны растайды. Дон мен Еділ өзендері аралығында, Еділдің сырты мен Оралда зерттеушілер савроматтармен салғастырған біртұтас археологиялық мәдениеттің болғандығы анықталған.

Бұл аңызда савроматтар туралы қызықты бірнеше мағлұматтар бар және ол ең алдымен әйел адамдардың ерекше жағдайын көрсетеді, олар атты салт мініп жүрген, садақ атып, сүңгілерді лақтырған, ер адамдармен бірге аңға шыққан, тіпті жорыққа шығып, ерлермен бірдей киім киіп жүрген. әйел адамдардың жұмысына үйренбеген. Ешқандай қыз жауды өлтірмей тұрмысқа шықпаған. Мұндай өмір сүру дағдысын савромат әйелдері ілкіден жүргізіп келген. Геродот баса көрсеткен бұл аңызда савромат әйелдерінің ерекше қоғамдық жай-күйі шынайы бейнеленген деуге болады.

Савромат тайпалары батыста Қара теңіз жағалауындағы скифтермен көршілес тұрды, олармен сауда жүргізді, әскери одақтар құрды немесе әскери қақтығыстарға түсіп отырды. Оңтүстікте сақтар мен савроматтар ахеменидтер уақытына дейін-ақ «Үлкен Хорезм» және «Бактрия патшалығы», Ассирия мен Мидия, ал б.з.б. VІ ғасырдан бастап Персия секілді мемлекеттермен байланыста болған еді.

Б.з.б. V-ІV ғасырларда скифтер мен савроматтар арасындағы бейбіт қатынастар бұзылды. Савроматтардың скиф жерлеріне шапқыншылықтары, бәлкім бейбіт өтулері ұзаққа созылды және бұл үрдіс интенсивті түрде өтті, сөйтіп савроматтардың бір бөлігі Еуропаға қоныс аударады. Антикалық дереккөздеріне қарағанда б.з.б. ІV ғасырдан бастап Донның төменгі ағысы, бәлкім Қара теңіздің солтүстік жағалауының бір бөлігі де сарматтарға қарады.

Скиф және савромат иеліктеріндегі шекаралық аймақтардағы саяси жағдайды өзгерткен оқиғалар Оңтүстік Орал, Каспийдің солтүстік-шығыс маңы мен Еділдің сыртқы жағындағы көшпелілердің көне замандардағы жылжуынан туындаған жаңғырық болуы да ықтимал. Соңғысы өз кезегінде көшпелілер мен отырықшы халық арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды күшейткен Александр Македонскийдің жорығымен де байланысты болуы мүмкін. Дәл осы шығыс көшпелілері Дон мен Еділ өзендері арасындағы халықты жылжытты немесе оларға қосылып кетті, бұл б.з.б. ІV-ІІ ғасырлардағы грек авторларының шығармаларында көрініс тапқан, ендігі жердегі дереккөздерінің беттерінде «сирмат» және «сармат» этнонимдері пайда болып, кейбір контекстерде савроматтарға қарсы қойылады. Б.з.б. ІV ғасыр мен б.з.б. ІІІ ғасыр бас кезіндегі авторларда бір мезгілде «сирматтар», «сарматтар» және «Сарматия» атаулары пайда бола бастайды.

Кем дегенде б.з.б. ІV ғасыр соңынан, Оңтүстік Орал мен Еділдің сыртқы жағынан көшпенділердің батысқа қарай жаппай қоныс аудару кезінен бастап шағын отрядтармен Дон мен Днепр өзендерінің аралығына дейін өткен сарматтар скифтерді мазалай бастайды. Мұндай оқиғаларды б.з. ІІ ғасырында өмір сүрген Лукиан Самосатский өз шығармаларының бірінде өте тамаша сипаттап жазып кеткен. Ол сарматтардың күтпеген жерден және тұтқиылдан шабуылдап, скифтерді тырқырата қуғандарын, көптеген ержүрек адамдарын өлтіргендігін, басқаларын тірідей әкеткендерін, олжаны алып кеткендігін жазады. Б.з.б. ІІІ ғасырдан бастап ұзаққа созылған экономикалық дағдарысты басынан өткізген Скифия сарматтардың тегеуіріне шыдай алмады. Үнемі болып тұрған шапқыншылықтар мен Донның төменгі ағысы мен Меотиданың солтүстік-шығыс жағалауы аудандарынан жекелеген сармат тайпаларының кездейсоқ қоныс ауыстырулары скифтердің жаппай миграциясымен аяқталды, бұдан кейін Дон мен Днепр аралығындағы Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы даланы сарматтар бақылауында ұстай бастады.

Б.з. ІV ғасырында Оралдың далалы аумақтарынан ғұндар өтеді. Ғұндар ордасының құрамында сарматтардың бір бөлігі Гибралтар жағалауына дейін жетеді, басқа бөлігі Қара теңіздің солтүстік жағалауы мен Дон төңірегінде қалыптасқан ерте ортағасырлық жаңа этникалық бірлестіктер құрамына өтеді.

Далалы өңірдегі тұрғындардың ең басты және оларды керек-жарақпен қамтамасыз ететін өмір салты көшпелі мал шаруашылығы болды. Сарматтар, негізінен, жылқы мен қой өсірді. Даланың құрғақ жағдайындағы жайылымдарды пайдаланудағы шекті өлшем факторы су көздері болды. Сондықтан да, археологиялық ескерткіштердің көпшілігі ірі су артерияларының бойында орналасуы кездейсоқ емес. Тым континентальды климаттағы қысқы жағдайларда мал өсірушілер рельефі біршама жарылып кеткен малға ықтасын болатын аудандарға көшіп отырды. Батыс Қазақстандағы мұндай аудандар қатарына оңтүстік пен шығыс құм массивтері кіреді.


Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштері
Ерте темір дәуіріндегі ескерткіштердің көпшілігі Шығыс Қазақстанның басты су артериясы болып табылатын Ертіс өзені алабында орналасқан. Обалы қорымдар Қалбы жотасының солтүстік және оңтүстік беткейлерінде, одан ары Шыңғыстау оңтүстік-батысына қарай және Тарбағатайдың батыс аудандарына дейін шоғырланып жатыр. Өлкенің оңтүстікгінде олар Зайсан қазаншұңқырында тараған. Шығыс таулы аймақтарда Нарым, Бұқтырма өзендері жағалауларында және де соңғы аталған өзеннің көптеген сағаларына тарай орналасады да, Таулы Алтай аудандарының ескерткіштеріне барып ұштасады.

Сақтардың ең үлкен «патша обалары» Шілікті аңғарында және Бұқтарма өзенінің жағалауындағы Оңтүстік Алтай тауларында шоғырланған. Табиғи тасы көп Шығыс Қазақстанның таулы аудандарында көптеген обалар тас үйінділерінен тұрғызылған (Берел, Қатон, Майәмір). Ертістің жоғарғы ағысы жағалауындағы үйінділер топырақ пен малта тастан тұрғызылды, бірақ жерлеу қабіріне түгелдей дерлік тас пайдаланылды. Құлынды даласымен қабысатын Ертістің орта ағысындағы жазық аудандарда обалар топырақтан көтерілді (Жолқұдық, Чернореченск, Иртышское, Боброво, Леонтьевка).

Шығыс Қазақстанның пайдалы қазбалары ерте темір дәуірінде де игерілген. Кенді Алтайдың полиметалл белдеуінен 850-ге жуық кеніштер мен кен орындары бар.

Бұл кезеңнің ескерткіштерін В.В.Радлов, С.С.Черников, М.П.Грязнов, С.Н.Руденко, Н.В.Полосьмак, В.И.Молодин, З.С.Самашев, Ә.Т.Төлеубаев, Ғ.Қ.Омаров, т.б. мамандар зерттеген.

Ғылымда Шығыс Қазақстан сақтарына тиесілі заттай мәдениеттің мынадай үш басты-басты кезеңдері бөліп көрсетілген: майәмір – б.з.б. VІІ-VІ ғасырлар; берел – б.з.б. V-ІV ғасырлар; құлажорға – б.з.б. ІІІ-І ғасырлар.

Майәмір кезеңі Нарым өзенінің жоғарғы ағысындағы Майәмір даласындағы обалы қорым атауымен аталған.



Таулы Алтайдың қарапайым майәмір обалары көбінесе іргесін белдеулей қоршаған аласа тас үйінділерінен тұрды. Қабір лақыттары тікбұрышты етіп қазылды, олардың қабырғалары ағашпен шегенделді және бір қабат бөренелермен жабылды. Майәмір ескерткіштерінен жиегі шығыңқы және дөңгелегінің ортасында тұзағы бар қола айналардың, сыртқы ілмешектері өте кішкене үзеңгі тәріздес қола ауыздығы бар жүгендердің ертеректегі түрлерінің, үш тесікті немесе ортаңғы тесігінің орнына ілмешегі бар айшықтардың өте мол жиынтығы табылды. Майәмір заманының қолданбалы өнеріне көбінесе атылғалы тұрған жыртқыштың, жүріп келе жатқан немесе жүруге ыңғайланған жануарлардың бейнесі тән.

С.С.Черников қазған Шілікті обасы Шығыс Қазақстанның далалық бөлігінің тамаша ескерткіші болып табылады, ол 51 үйіндіден түратын үлкен қорымның құрамына кіреді. Басқа жерлердегі сияқты, мұнда да ұсақ обалар жоқ. Қорымның үйілген топырағының диаметрі 100 метрге, биіктігі 8—10 метрге дейін жетеді. Бүл — жүздеген жылдар бойы кісі жерленген, тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты.



Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жердің бетінен аумағы 58 шаршы метрдей, терендігі 1 метрдей шұңқыр қазылған. Оның ішіне балқарағайдың жуан беренелерінен шаршы қима жасалған, бөліктерінің қабырғалары екі, ал тебесі бір қатар бөренелерден тұрады; бөренелер жылжып кетпес үшін шұңқырдың қабырғалары мен ағаш құрылыс арасына уатылған тас толтырылған. Қиманың бұрыштары бөренелердің бір-біріне тиер жерінде күйдіріліпті. Ағаш моланың ішінде, батыс жақ қабырғасы жанында, жонылған қалың тақтай еденде 40-50 жастағы еркек пен 50—60 жастағы әйел жөне олардың жанына қойылған заттар жатты. Өліктерді қабірге шығыс жағынан жалғасқан дәліз-дромос арқылы кіргізген. Жерлеп болғаннан кейін дромос бөренелермен жабылып, бүкіл құрылыс уатылған ірі тастармен көмілген. Содан кейін тығыз сары түсті балшықтан үйінді тұрғызылып, оның үстіне майда малта тас араласқан топырақ үйілген. Алғашқы түрінде обаның диаметрі 45 м, биіктігі шамамен 10 м үйінді болған. Кейін бірте-бірте шөгіп, қазатын кезде оның диаметрі 66 м, ал биіктігі 6 м болды.

Басқа да көптеген обалары сияқты, Шілікті моласы да көне заманда-ақ тоналған.

Тоналғанына қарамастан, обада өте бағалы заттар: ертеректегі жебелердің ассиметриялы-ромб түріндегі деп аталатын ұңғылы қола ұштарының он үші салынған былғары қорамсақтың қалдығы, темір заттың сынығы және ертедегі қолданбалы өнердің 524 алтын бұйымынан тұратын жарқын үлгілері сақталған. Олардың арасында қорамсақтарды сәндеген, аяқтары бүгулі бұғы түріндегі қаптырмалар (14 дана), басы бұрулы бүркіттердің (9 дана), шиыршықтала бүктетілген қабыланның (29 дана) бедерлі мүсіндері, жұқа қаңылтырдан қиып жасалған қабандардың мүсіндері (12 дана), балық бейнесі, перуза тас еткермеленіп, майда домалақ алтын түйіршіктермен әшекейленген, қанаттары жаюлы құс түріндегі қаптырма және басқа неғұрлым ұсак зергерлік әшекейлер бар.

Шілікті обасы б.з.б. VII-VI ғасырлар аралығына жатқызылады. Бұл Қазақстанның солтүстік далалық өңіріндегі ең ертедегі «патшалық» оба және Евразия аймағындағы сондай обалардың бірі. Мұнда Еуразия далаларындағы мал өсіруші тайпалардың қолданбалы өнері айқын көрсетілген. Шілікті обасындағы аң стиліндегі бірқатар көркем туындылар (аяқтары бүгулі бұғы, шиыршақтала бүктетілген қабылан, басы бұрулы бүркіттер) сақ-скиф дүниесі өнерінің алғашқы үлгілеріне жатады.

2003 жылы Шілікті қорымынан конструкциясы осыған ұқсас, ағаш қимасы мен оба үйіндісінен тұратын тағы бір «патша обасы» Ә.Т.Төлеубаев жетекшілігімен қазылды. Осы археологиялық нысанды қазған экспедиция құрамында археолог Ғ.Қ.Омаров та қажырлы еңбек етті. Шілікті-1-3 тобындағы бұл обадан (Шілікті-3, №2 оба; Бәйгетөбе) алтын киімді адамның қалдықтары табылған. Обаның биіктігі 7,9 м, диаметрі 97,4 м. Обаның өзі үш қабаттан тұрады. Ең жоғарғы қабаты топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан көтерілген. Екінші қабаты үйілген тас оба. Тас оба (тас сауыт?) астында самырсын қарағайларынан қималанып салынған қабірхана (биіктігі 3,5 м) орналасқан. Онда бір адам ғана жерленген. Оның шығыс жағынан үлкен (ұзындығы 15,6 м, тереңдігі 1 м) және кіші (ені 0,8 м ) екі жер асты дәліз (дромос) аршылған. Дромостан қабірханаға кіретін есіктің ені 1,2 м, биіктігі 1 м. Қабірхана екі қатар самырсын бөренелермен қималанып көтерілген. Араларына тас толтырылған. Қабірхана ерте замандарда-ақ тоналған, алайда мұнда жерленген ақсүйектің киімі мен бас киімін әшекейлеп тұрған бұйымдардың біразы тонаушылар траншеясында түсіп қалған, оларды археологтар тапты. Далалық ізденістер барысында 3-Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан жалпы саны 4303 дана алтын заттар аршып алынған. Олардың 153 данасы мәлін маскасы, 36 данасы бүркіт-самұрық, 20 данасы бұғы, 39 данасы қасқыр (аю), 1 данасы арқар бейнесінде, алынған заттар арасынан әсіресе бесжұлдыз салынған түйме-қаптырма ерекше көз тартады. Сондай-ақ көңірдекше (63 дана), жартышар (141 дана), қоңырауша (23 дана) түріндегі және басқа да көптеген салпыншақтар мен қапсырмалар, алтын тілікшелер алынған. Шілікті алтындарындағы негізгі ерекшелік, мұнда басқа өңірлерге қарағанда құйма алтын басым. Санкт-Петербург ғалымдары В.Скрипкин мен Н.Ковалюктың дендрохронологиялық сараптамасы бойынша ағаш ғимараттың салынған мерзімі шамамен б.з.б. 810-760 жылдар аралығын қамтиды.

Берел кезеңінде Шығыс Қазақстан ежелгі мал өсірушілерінің мәдениеті айқын да мәнерлі және де аяқталған кейіпке ене бастайды.

Таулы аудандарда бұрын белгілі болған топырақ шұңқырда ағаш қимасы мен жылқылары жерленген тастан қаланған обалар түрі жаппай таралады.

В.В.Радлов, С.И.Руденко, М.П.Грязнов, Н.В.Полосьмак, В.И.Молодин, В.Д.Кубарев, З.С.Самашев секілді мамандардың кеңінен танымал қазба жұмыстарының нәтижесінде ескерткіштердің бұл түрі Шығыс Алтайдың Пазырық обаларынан нақты байқалады.

Бұл кезеңнің жарқын ескерткіштерінің бірі Берел обасы болып табылады.

Берел қорымы Қазақ Алтайының аумағында Қазақстан, Моңғолия мен Ресей Федерациясы шекараларының тоғысқан жерінде орналасқан. Онда тізбектеле орналасқан отыздан астам обалар бар. Жер бетіне тұрғызылған ірі конструкциялар ежелгі көшпенділердің мұнда өз көсемдерін жерлегендігін, солар үшін күрделі жерлеу-ғұрыптық құрылыстарын тұрғызғандығын айғақтайды. Аңғардың биік орналасу жайы мен табиғаттың тартымды көркі бұл кеңістікті қасиетті деп тануға алып келген еді.

Бәлкім, ежелгі көшпенділер жергілікті табиғи-климаттық жағдайдың ерекшелігін ескеріп, қолдан тоң жасауға болатын осындай арнайы жерлеу конструкциясын салған да шығар. Қалай болғанда да, ол арқылы Алтайдың ежелгі көшпенділері өмірін сипаттайтын бірегей деректер – киім, аспап, сонымен қатар ең маңыздысы адамдар мен жануарлардың мумияланған қалдықтары сақталған.

Мұнда алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1865 жылы В.В.Радлов жүргізді. Берел обаларын қазбай тұрып-ақ В.В.Радлов Катанда өзені бойынан тоң басқан обаны аршыды, онда матадан, киізден, жүннен, бұлыңғыр терісі мен жібектен жасалған киімдер, ағаштан істелінген бұйымдар, сонымен бірге ат қосып жерленген адамдардың қалдықтары тамаша сақталған болатын.

Берел обасының үйінділерінің бірін аршыған В.В.Радлов тонаушылар байқамаған заттар тапты. Ол өз күнделігінде былай деп жазды: «Обаның ортасындағы мола төбешігінің астында ірі тастармен және топырақпен толтырылған ұзындығы 2 сажын және ені 2,5 сажын қабір шұңқыры болды. Біз тереңдігі 1 аршынға баратын бұл моланы ішіндегілерінен тез арада-ақ тазалап шықтық, бұдан кейін біздің жұмысымыз кенеттен тоқтап қалды. Мұндағы жер қатып-семіп қалған, және де молаға жан-жақтан су өткен».

Моладан ағаш қабықтары астынан төрт-төрттен (4 қатар) қойылған 16 жылқы қалдықтары шыққан.

Бал қарағай ағашынан ойылып жасалған, бұрыштары самұрықтың қола мүсіндерімен әшекейленген қима-табыттан қазба барысында адам сүйектері, қыш ыдыс, пышақ, қанжар, қылыш табылған.

1998-1999 жылдары негізгі зерттеу нысаны болған обаның диаметрі 30 м-ден, бастапқы кездегі биіктігі 2 м-ден астам болған. Зерттеулерді З.С.Самашев басқарған археологиялық экспедиция жүргізді.

Обаның өзі күрделі архитектуралық құрылыс болып табылады. Оба үйіндісінің тастары бейберекет қойыла салынбаған, ол арнайы таңдап алынған түрлі көлемдегі плиталардан, домалақ тастар мен малта тастар қатарынан тұрады.

Үйінді табанына ірі плиталардың қойылғандығы және де тігінен орналастырылған тас плиталар қоршауы анықталған.

Оба үйіндісі астындағы моладан көлденеңінен жатқандары кеспелтекпен қабыстырылған, үш қатар бөренеден қиыстырылып жасалған, бал қарағай қимасы (лақыт) шыққан. Оның үсті үлкен кеспелтектермен, аралары «куриль шайы» бұтақтары аралас ағаш қабықтарымен жабылған. Жерлеу қима-камерасының ауданы 3,43х1,85х1,26 м. Дендрохронологтар қабірхананың кейбір бөренелері алдын-ала дайын болып тұрғандығын анықтаған. Бұл олардың үй құрылысында кеңінен пайдаланылғандығын да көрсетсе керек.

Қиманың ішіндегі, әбден суланған тас плиталарынан тұратын моланың түбіне астау-саркофаг қойылған. Оны бүтін бал қарағайдан дайындаған, үстін мұқият сүрлеген және өңдеген, оған ағашты шіруден сақтайтын арнайы қоспалардың қосылуы да ықтимал. Астаудың сыртқы жағынадағы бүйірден арнайы шабылып қалдырылған кертпеге төрт тесік жасалған, олардың көмегімен астау-саркофаг жерлеу камерасына түсірілген. Астаудың беті бұрыштары алтынмен қапталған төрт қола самұрық мүсіндері орнатылған қақпақпен жабылған.

Астауда жас мөлшері 35-40 шамасындағы ер адам жерленген, оның жанына кейіннен әйел адам қойылған. Антропологтардың алдын-ала қорытындысы бойынша ол ер адамнан егде тартады. Өлген адамдардбасына ағаш «жастық» қойылған. Көсемнің шашы екі өрімнен тұрады. Оның қайтыс болмай тұрып сақал мен мұрт қойып жүргендігі анықталған. Ер адамның бас сүйегінің төбесінен тесік анықталған, ол шамамен күрзімен ойылған. Сірә, көсем-жауынгерге медициналық көмек көрсетілсе керек, емші оның жарақатынан сүйек жарықшақтары мен ұйыған қанды алып тастауға тырысқан, мұны аяқталмай қалған трепанация іздері нақты айғақтайды. Оның әскери өмір салтынан түрлі кездері бітіп кеткен қабырға мен омыртқа сүйектерінің сынған жерлері де хабар береді.

Ежелгі берелдіктердің жерлеу ғұрпында күрделі салт орын алды, қайтыс болған адам денесі жерге көмгенге дейін сақталды. Оны жүзеге асыру үшін арнайы шөптер арқылы мүрде бальзамдалды. Жерленген адамдарға қола моншақтар, жұқа алтын қаңылтыршалар тағылған киімдері кигізілді. Киімде көрініс тапқан байлық пен сән-салтанат жерленгендердің жоғарғы әлеуметтік статусын да көрсететін еді.

Көсем қасына қойылған он үш ат маңдайдан арнайы аспаппен (чекан) алдын-ала ұрып өлтірілді де, қиманың сыртына екі қатар етіп қойылды. Жеті жылқыдан тұратын төменгі қатар жоғарғы қатардан ағаш бұтақтары мен шөп-шалам арқылы бөлініп тұрды. Бұл жирен сәйгүліктердің басы күн шығатын жаққа, яғни шығысқа қаратылған. «Тоң басу» феноменінің арқасында жануарлардың тек терілері ғана емес, жұмсақ еттері, сондай-ақ салтанатты әбзелдері де сақталып қалған еді.

Қазақстандағы ең ерте кезге жататын ер (егер) де осында сақталған. Әсіресе жыртқыш аң терісі жабылған ер ерекше көз тартады. Ерді жауып тұрған киіз аппликациясында тұяқты жануарды жұлқылап (азаптап) тұрған жыртқыш аңның бейнесі түсірілген. Аттардың бірінің үстінен алынған ерге ағаш бұталарынан қиыстырылған қалқан жапсырылған.

Ат әбзелдері барельф пен мүсін жасау техникаларын үйлестірген түрлі тәсілдерді қамтыған көптеген ағаш бұйымдар әшекейлерінен тұрады. Бұл бұйымдар: тоға, сулық, алқа, беткі жағы алтын қаңылтыршамен және қалайымен қапталған, ал ішкі жағы тесік арқылы жүген бөліктеріне жапсырылған белбеу ажыратқыш, т.б.

Скиф-сібір аң стилінде жасалған қару-жарақтар, ат әбзелдері оның әскери-аристократиялық сипатын да көрсетеді.

Аң бейнелерінің шеңберіне бұғы, бұлан, құстар мен тау текелер, мысық тұқымдас жыртқыштар, жергілікті фауна өкілдері кіреді. Алайда таң-ғажайып самұрықтар бейнесі ерекше орын алады, өйткені оның бейнесі түрлі жануарлармен астасып жатты: артына қайырылып жатқан ұзын құйрықты мысық тұқымды жыртқыштың денесі, жыртқыш құстың тұмсығы, ұшы спираль тәрізді оралған мүйіз, т.б.

Жануарлар айқасының суреті аң стиліндегі кең тараған бейнелердің бірі болып табылады. Мұндай сюжетке құрылған олжалар берел топтамасында да көптеп ұшырасады: бұғыға немесе тау ешкісіне шабуылдап тұрған мысық тұқымдас жыртқыш бейнеленген алқа; өз құйрығын тістелеп тұрған самұрық; жұлқылып тұрған көріністі бейнелейтін самұрық тұмсығындағы тұяқты жануардың үлкен көлемді басы, т.б.

Алыстан алтынмен апталған, күміспен қапталған секілді көрініс беріп тұратын тау ешкілерінің мүйізінен тұратын салтанатты маска мен ат әбзелдері ағаштан жасалып, алтын қаңылтыршамен және қалайымен қапталған.



Берел кезеңінің аяқ кезіне таман барлық жерде қоланы темір ығыстырып шығарады. Қола ауыздықтарының орнына шығыршықты темір ауыздықтар шығады; қысқа ақинақ-семсерлер мен пышақтар да темірден жасалады.

Б. з. б. III ғасырға таман Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің түрлері мен құрылымы өз сипатын өзгертті. Тарбағатай мен Ертістің жоғарғы бойы аралығындағы далаларда құлажорғалық үлгідегі деп аталатын жерлеу құрылыстары таралады.

Тас жәшіктер қырынан көміліп, үстін тақтатастармен жапқан төрт және одан да көбірек қашалмаған көлемді тақта тастардан құрастырылған. Өліктерді шалқасынан, созылған күйінде, басын батысқа не шығысқа қаратып жерлеген. Тек бірнеше жағдайларда ғана оң жақ қырынан бүрістіріп жерленгендер кездесті. Үстіне оба тұрғызылды.

Құлажорға үлгісіндегі ескерткіштердің заттары кешенінің арасында ең көбі қыш ыдыстар болды. Қыш ыдыстар аласа жұмыр мойынды жатаған құмыралар, кіреңке тәрізді көзелер, ілмек сияқты сабы бар дөңгелек түпті, бүйірлі және аласа текшелер түрінде болып келеді. Жетісуда таралған қола қазандарына ұқсайтын тік және көлденең құлақтары бар қыш қазандарының едәуір сирек түрлері де кездесті.
Каталог: media -> upload
upload -> Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Қазақстан тарихы
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет