ҚазақТЫҢ абыз ақыны сапарбаева Қ. Ж



Дата27.03.2018
өлшемі110,27 Kb.
#39723
ҚАЗАҚТЫҢ АБЫЗ АҚЫНЫ
Сапарбаева Қ.Ж.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан
Резюме

В статье приводятся воспоминания А.Тажибаева об основных вехах биографии великий писатель М.Ауэзова. Общение с ними оказало большое влияние на дальнейшее развития автора как ученого.


Summary

The article deals with the A. Tazhibayev`s reminiscences of the M. Auezov`s biographies. The autor`s mutual cooperation nith the distinguished personalities of our epoch influenced his development greatly and provided for his further acguiringof the scientist`s skills.


Бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйін, кескін-келбетін танып білу үшін ұлт әдебиетінің тарихындағы ұлы тұлғалар өмірі мен шығармашылығын қайтара қарап, зерделеген абзал. Туылғанына 105 жыл толып отырған, көзі тірісінде «абыз ақын» атанған Әбілда Тәжібаев өмірі өзгеге өнеге болар ғибратты ғұмыр. Халық фольклорының ұлан-ғайыр мұрасы бар, шығыс, орыс, қала берді дүние жүзілік әдебиеттердің озық дәстүрлерінен үлгі алып, үйрене отырып қазақ поэзиясының ұлы көшін ілгері жетектеген Әбілда Тәжібаев ұлт әдебиетін ойлы, сырлы, сұлу нақышты лирикалармен, поэмалармен, драмалармен байытты. Бар салада көрікті де жемісті еңбек етті.

Белгілі ғалым Р. Бердібаев «әдебиетіміздің асқар тауы» атаған Әбділдә Тәжібаев «Өлең – назымның теңдесі жоқ дүлділі, батыс пен шығыстық көркемдік жетістіктерін терең меңгеріп, әйгілі шығармалар жаратқан шыншыл, жаңашыл, батыл туындылары XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің әсем айшығы болып қаланған, сыршыл суреткерлікті ойшылдықпен ұштастырған шығармашылық құлашы энцклопедиялық жан-жақтылығымен ерекшеленетін корифей тұлғаларымыздың бірі. Ол әдебиеттің тынысын тарытқан небір қиын кезеңде шындық деп жаны шырқыраған, ұлт перзентінің намысты сөзін айта білген, ақиқат туын қолдан түсірмеген, жаратылысынан қайсар мінезді, адал, ер азамат еді. Заманның, қоғамның күн тәртібіне қойылған адамгершілік, ар, парыз мәселелеріне әрқашан көркемдік жауап айтып келген алып ақын»[ 1;5]



Дүние есігін ашқан 1909 жылдан ана әлдиінің әуеніне тербеле өскен сәби Әбділда Тәжібаев алты жасында әкесінен айырылып, нағашы атасының тәрбиесінде болады. Қазақ халқының дәстүріне сай жесір ана өмірлік қосағын жыл бойы жырмен жоқтапты. Ақынның бірінші естігені – шешесінің мұңды әуенмен жылап отырып айтатын жоқтауы, ал ана жүрегінен шыққан зарлы жыр бала жадында жатталған. Көкірек көзі ояу, саналы нағашы атасының сан алуан естелік, әңгімелері бала Әбділданың сөз өнеріне құмарлығын оятады. Бұған қоса елге келген Есім, Нартай ақындар мен Жиенбай жыраулардың жырын естіп, кітаптардағы қисса-жырларды жатқа оқуы Әбділда Тәжібаевтің болашағын бағдарлауға көп әсер етеді. 1919 жылғы елге келген жаппай індет – сүзек ауруын дәрігерсіз қарсы алған елдің халі дәрменсіз күйде еді. Бұл ауыртпалық Ә.Тәжібаевтың нағашы атасы мен апасын, бір туған қарындасы Зылиханы да ала кетеді. Қараөзектен қаладағы әкесінен қалған үйге қайта көшкен аналы-балалы қос мұңлықтың жағдайы жақсара қоймайды. Өмір тауқыметін бір кісідей тартқан бала Әбділда интернаттар үйіне қабылданып, жаңа үлгіде сабақ ала бастайды. Осы жерде алғаш рет тәрбиешісі, әдебиетші Сәтбеков Әбілқайырдың сабағында тұңғыш өлеңін қызара оқиды.

1927 жылы Шымкент қаласындағы жеті жылдық мектепті қазақтың біртуар ұлдары Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықовтармен бірге бітіріп шыққан ол еңбек жолын сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Жұмысшы» газеттерінің корректоры, республикалық орталық газет «Еңбекші қазақта» (қазіргі «Егемен Қазақстан») көшіруші болып бастаған. Ақынның «Жұмысшының гудогы» дейтін үш шумақ өлеңі 1927 жылы күз айында «Жұмысшы» газетінде басылады. Содан былай қарай Ә.Тәжібаев есімі облыстық, республикалық басылымдар мен баспасөздерде жиі-жиі көріне бастайды. 1931 жылы Қазақтың педагогикалық институтының әдебиет факультетінде оқып жүрген оны Қарсақбай аудандық «Қызыл кенші» газетін шығаруға арнайы жібереді. Бір жыл деп барған ақын тек 1933 жылы қайтады. 1934 жылы болған Қазақстан жазушыларының бірінші съезінде Ә.Тәжібаев Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып сайланады. Алматыға қайта оралған 1931 жылдан бастап шын әдеби ортада болып, шығармашылық өсу жолы басталады. Ұлы М.Әуезов, С.Ерубаев, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Б.Майлин, Қ.Сәтпаев, З.Шашкин сынды тағы басқа әдебиет майталмандарымен болған әдеби қарым-қатынас соңы үлкен достыққа, ақынның ізденімпаздық, шығармашылық шеберлігін арттыруға ұласады. Ақын өз естеліктерінде баяндағандай ұлы Мұхтар Әуезовтің ұстаздық, әкелік қамқорлығы ақынның кәсіби деңгейінің артуына, көркемдік дүниетанымының өсуіне тікелей әсер етеді. 1939 жылы Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланады. 1936 жылдың 24 маусымында бұрынғы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған Жұмағали Саинның «Тәжібаев Әбділда және оның достары» деген тақырыптағы мақаласы мен жиналыста айтылған ащы сындар ақынның шығармашылығын дамытады. 1936 жылы Москвада болған қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігіне Халық ақыны Жамбыл Жабаевты ертіп апарып, оның хатшысы қызметін атқару ақын шеберлігін шыңдай түседі. 1945-1948 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарған ол кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алғашқы туындыларын лирикалық өлеңдер жазудан бастаған ақын қаламынан туған «Жаңа ырғақ»(1933), «Оркестр»(1935), «Құтқару»(1935, 1936, 1939). «Екі жиһан»(1938), «Абыл» (1940), «Шын жүректен»(1949), «Сүйген жүректер»(1951), «Таныс дауыстар»(1984), «Гүлден дала» (1958), «Аралдар» (1958), «Жастық жылдары» (1962), «Кешеден бүгінге» (1964), «Көне қоңырау» (1973), «Жаңа өрімдер» (1975), «Құрдастар» (1977), «Толағай» (1978) т.б. жыр жинақтары, «Жүректілер» (1963) атты пьесалар жинағы, «Халқым туралы аңыз», «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез» атты драмалық дастандары, «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен жігіт», «Монологтар» пьесалары, «Дубай Шубаевич», «Той боларда» комедиялары – қазақ әдебиетінің қоржынындағы алтын қазына. Қазақ поэзиясының жекелеген мәселелері көтерілген «Өмір және поэзия»(1960) атты монографиясы, «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты зерттеуі, «Жылдар, ойлар» (1976), «Жаданның хаттары» (1980), «Хаттар сөйлегенде» (1980), «Өмір мен ерлік» (1985) деген сын, эссе, проза кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтқан ақын «Жамбыл» кинофильмінің сценарийін сәтті жазды. А.С.Пушкиннің, Т.Т.Шевченконың, А.Н.Островскийдің, Г.Гейненің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударды. Көптеген тілдерге аударылған ақын шығармалары көркемдік құндылығы жоғары, қазақ әдебиеті тарихындағы кесек туындылар қатарына қосылды. Шығармалары уақыт, заман, адам тағдыры, олардың әлеуметтік болмысы секілді ауқымды тақырыптарды қамтыған ақын дүниелері қазақ әдебиетінде тұтас бір дәуірді қалыптастырды. Түрлі жанрда жазылған шығармалары ұлт руханиятын кәсіби деңгейде өсірді. Ақынның әр жылдары жарық көрген әдеби, ғылыми еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымын дамытты. Өмірінің соңғы кезінде жазған елімізде болған демократиялық бетбұрысқа қатысқан ақын үні өзінің шыншылдығымен, сыршылдығымен, терең философиясымен, батылдығымен ерекшеленеді. «Алып ғасырдың алып ақыны» атанған Ә.Тәжібаевтың қаламы қолынан өмірден озғанша түспеді. «Абыз ақынның» үлкен жүрегі 1998 жылдың 23 қыркүйегінде өз соғуын тоқтатты. Өзі алғаш имене аттап, ұяла ашқан әдебиет деп аталатын киелі шаңырақтың қадірлі қариясы атанған ақын-ұстаз өз өмір жолында өзінен кейінгі М. Мақатаев, К. Ахметова, Қ. Бұғыбаева сынды ақын жазушыларға үлгі өнеге көрсетіп, ақ батасын беріп, рухани әкесіне айналды.

Ақынның өмір тарихы жөнінде кең мәліметтер оның «Жылдар, ойлар», «Есімдегілер», «Естеліктер» атты кітаптарында беріледі. Аталған еңбектерде автордың бала шағынан бастап болашағына дейінгі кезең суреттеледі. Мұнда автордың ес жиып, ақын болып, азамат болып қалыптасуы бар. «Мен үлкен өмірге жастай араластым да, әр саладағы үлкен ағалармен дастархандас болдым. Көптеген қасиетті адамдардың сырқатын жеңдім. Мен өзге ағаларыммен қатар Мұхтар, Ғабитпен бірге өмір сүргеніме, осы екеуінен ерекше нәр тапқаныма мақтанамын. Мен жастайымнан Мұхтар мен Ғабитты осы үлкен өмірге ғашық, ұқсас туыстас көруші ем, сол сенімім бүгінде өзгерген жоқ» деп жазады. (2;140).

Өмір жолында ғана емес, әдебиет жолында да өмірлік бағдаршам, өнегелі ұстаз, ақылшы дос тұтып, ұлылығын мойындап, талантына бас иген Әбілда Тәжібаев Мұхтар Әуезов туралы естеліктерінде әсіре суреттеуге бармаған. Өзінің шәкірттігін, Әуезовтың ұстаздығын «Орысша оқымаған, дүние классиктерінің тереңінен қанып ішпеген, күрделі құбылыстарды үстірт білетін, көбінесе ұранға шауып үйренген көрбала жасқа кезінде ақылшы болатын, оның көркем тәрбие көрмеген дөрекілігін асқындармай тоқтататын ұстаз керек екен. Сол көрбала мен едім де, сол ұстаз Мұхан болатын» деген сөздері растайды[3;79]. Әбділда Тәжібаев естеліктерінен біз ұлылықты танып, талантты мойындауды, ұстазға құрмет көрсетіп, қадір тұтуды айқын аңғарамыз. Ол ұлы суреткер туралы жазғанда кеудесін сағыныш керней, жүрегін мұңға бөлей күрсінетіндей: «Мұхаң маған бір рет те ырғайыншы, сынап көрейінші дерліктей сұрақ беріп көрген емес, әйтпесе үйретейінші, айтып жіберейінші дегендей де сыңай танытқан емес. Ол әрқашанда-ақ қазақша сөйлесе де, орысша сөйлесе де күнделік қиқым-сиқым сөздерден тез босап алған соң көбімізге ортақ қызықты әңгімелерді бастап, жосып кететін. Сондайда оның аузымен талай данышпандардың аттары аталады, талай әлемдік мәні бар шығармалардың мен білмейтін сырлары ашылады. Мен Мұхаң атаған ұлы адамдар мен шығармаларды тезірек танып, тезірек білуге тырысушы едім»[3;58].

М.О.Әуезов туралы естеліктер көптеп жазылды, жазыла да береді. Бірақ әрқайсының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, 1976 жылы «Жазушы» баспасынан Б. Сахариевтің құрастыруымен жарық көрген «Біздің Мұхтар: М.О.Әуезов туралы естеліктер», 1987жылы Р. Нұрғалиевтің құрастыруымен шыққан «Әуезов тағылымы», 1997 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты еңбектерді атасақ болады. Ал көркем әдебиеттегі Әуезов бейнесі З. Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Д. Досжанның «Мұхтар жолы», Қ. Оразалиннің «Абайдан соң» шығармаларында бейнеленген.

Әбділдә Тәжібаев естеліктеріндегі М. Әуезов – ақылшы аға, ұлағатты ұстаз, жақсы дос бейнесінде суреттеледі. «Мен драматургия, театр туралы ең қызық әңгімелерді ең алғаш Мұхтардан есіттім. Әсіресе сол жылдары республикалық қазақ драмасымен тығыз байланыста болған Мұқаң, көп мәжілістерде өзінің жаза бастаған, бітіруге айналған пьесалары туралы айтатын»,- деп жазады[3;61]. Әуезов әсері Ә.Тәжібаевты драматургия жанрында қалам тербеуге итермелейді және оның бұл қадамы сәтті болады. Бұл туралы әдебиетші, сыншылар да өз бағасын берген болатын. Атап айтар болсақ, Қ.Сатыбалдин: «Біздің екі көрнекті ақындарымыздың бірі Әбділда Тәжібаев та Ғабит сияқты екі жанрда да бірдей әрі өнімді, әрі сәтті жазып жүрген жазушымыз. Ол – оннан астам драмалық пьессалардың авторы. Әбділданың драматургиясына тән ерекше қасиет – ойнақылық, ақындық, көтеріңкілік. Драманың ең басты шарты сахналық теңдік болса, бұл жанрдың осы бір дербес өзгешелігін Әбілданың еркін игергендігін оның барлық пьесаларынан айқын көруге болады»[4;240] десе, М.Дүйсенов: «Әбділда Тәжібаев ұлт поэзиясының бай түрлері, оның көпшілік ойын сауығы үшін репертуарға айналған ғажайып үлгілері, көшпелі жұрттың өзінің ұлттық салтанатына, өмір өзгешелігіне лайық дәстүрлі театры болғанын дәлелдейді. Сөйтіп театр жасау, драматургия жанрын дамыту үшін қазақ поэзиясында көптеген қажетті, керекті шарттардың барлығына және молдығына біздің көзімізді жеткізеді» [5;63].

Әбділдә Тәжібаев естеліктеріндегі Әуезов туралы айтылғандар жазушы шеберханасын (лабароториясын) зеттеуге үлкен кілт бола білетіндігі даусыз. Мұнда автор жазушының кей шығармаларының жазылу тарихына үңілсе, енді бірде сол шығармаларды жазғандағы Әуезовтің ішкі толғаныстарын баяндайды. Ойымызды нақтылау үшін естелікке жүгінейік: «Еңлік-Кебекті» жөндеген сайын оған қандай өзгерістер кіргізді, не нәрселермен тыңайтты, соның барлығын жарқын сөйлеп беріп отыратын. «Поэзиялық күшін арттырдым», «толғау түрін кіргіздім», «ойсыз монолог, бойсыз болымсыз монолог» деген ойларын көп естігенмін. Мәселен, ол «Еңлік-Кебектегі» бақсылық, түске сенуді алып тастағанда «кейбір мистикалық элементтерден босаттым» дейтін. Пьесадағы жас қойшының монологын кіргізгенде балаша қуанды. Біздің жеткізе алмаған мақтауымызды өзі айтып жеткізіп, «әрі күнәсіз бала, әрі фантазер емес пе?» дейтін. Ал «Толғау түрін кіргіздім дегені де рас-ты. Ол Абыздың монологі болатын»[3;152]

Ә.Тәжібаевтың өзі туралы жазылған естеліктерінің бірі «Әбекеңнің пірі Абай, дүрі Мұхаң-Мұхтар Әуезов болатын. Абайды жақтап, Мұхтарды жоқтап отырушы еді», – деп жазады.[6;5]

Әуезов бейнесін суреттеуде автор ешқандай да бір әсерлеуге бармайды, ұлының ұлылығын, өзгелерден өзгешелігін сан қырлы, сан жанрлы шығармашылығымен, талант табиғатымен ғана емес оның ішкі жан дүниесінің, ішкі психологиялық сезім иірімдерінің ерекшелігімен жеткізіп отырады. «Мұхаң бір аралап өткен сапарында қалайша мұншалық терең тыңдарманды көтере бастады? Әрине, ең алдымен жазушының алғырлығы, көргендігі, білгендігі дейміз. Бір көріскен адамдарымен туыса табысқыштығы дейміз. Мұхаң жиырмасыншы және отызыншы жылдардың бас кезінде Орта Азия кіндігі атанған Ташкентте көп уақытын өткізді. Өзі оқыды, оқытушы да болды, орыс, қазақ, өзбек, татар зиялыларының, партия өкімет басшыларының көбімен жақын танысты. Шығыс, жақын Шығыс тарихымен және олардың әдебиеті мен де сонда молырақ шұғылданды. Дермонологиялық ертектер тек Оңтүстікте сақталған. Біздің жақта сирек кездеседі, - дейтін.

Мешіті көп, діни кітаптар көп тараған, Ислам медреселі молырақ ашылған жерде шаманизмге байланысты әдеп-ғұрыптардың, ырым-жырымдардың осыншалық сақталғанына таңданатын. Мұхаң емшілікке, арбау, сыйыну, қарғау, сену, қорқу сияқты құбылыстарға байланысты туған сөздерді қадірлейтін: «Осының бәрі Оңтүстік қазақтарынан мол табылады» - деп отыратын. (3;159).

«Суреткер үшін керемет нәрсе» адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді (Гоголь) табу, тану және жазу. Сезімнің тілі – біртүрлі, тілсіз тіл. Сол тілсіз сезімге тіл бітіргендей, қағаз бен адамның ішкі күйінің суретіне, құбылысына, қимылына айналдыру – суреткерден қаншалық нәзіктікті, шеберлікті қажет ететіні түсінікті болуға тиіс. Әбділда Тәжібаев өзі құрмет тұтар рухани ағасының «ішкі иірімдеріне үңіліп», ұлылықтың бейнесін жасайды. «Мұхаңның магниті бар тартатұғын», - деп Әлібек өлең айтатын. Расында, Мұхаң магнитті болатын. Оның білімін, ойшылдығын, лебізінен жылы лептей есіп тұратын ақылды қамқорлығын айтпағанда, даусында, жүзінде, көзінде керемет бір сыйқырлықтар болатын. Қазақ әдебиеті оның баяндауынша үн қатып тұрған тірі тарих, ал тарих жыр айтып, күй шертіп тұрған халық-қауым сипатында көрінеді» дейді[7;105].

Әуезов әңгімелерін баяндау арқылы да автор біріншіден Әуезовті танытса, екіншіден, оқырманға эстетикалық ләззат сыйлайды. Әуезов әңгімелерінің танымдық тағылымның маңыздылығын арттыру мақсатында автор Әуезовтің өзін сөйлетіп отырады:

« - Тарих ең үлкен драма. Сол драманы түсінбей, кісі тарихқа түсінбейді. Бүгінгі өміріміз одан да ұлы драма, сол драманы түсінбей – ұлы күрестердің мағынасын біле алмаймыз. Ал соларды білуге драматургияның көмегі әбден тиеді. От пен судан, күн мен түннен жарастық табу үшін осылардың керағар қайшылығын диалектикасын тани білуіміз, демек драмасын тануымыз қажет»[3;161].

Бұл естеліктегі Әуезов айтты деген әңгіменің бірі ғана. Естеліктің өн бойы тұнып тұрған шәкірттің-ұстазға, інінің-ағаға деген ыстық ілтипаты. «Қазақ совет әдебиетінің тарихында көрнекті орынға ие болған ақын–жазушылардың бірі Әбділда Тәжібаев», - деген сөзді Мұхаң–Мұхтар Әуезов – қырыққа енді ғана келген тұста айтқан екен. Айтып қана қоймай, сол көрнекті орынға ақынның қалай ие болғанын жалықпай талдаған»[6;5].

«Мұхаң мені біріншіден, ойлау логикасына үйретті. Мұхаң маған персоналдардың кәсібіне, өнеріне, өскен ортасына қарай әрекет жасауды үйретті. Олардың мінез-құлықтарын ашудың логикалық жолдарын танытты. Идеялық қақтығыстармен қатар мінез, әдет қайшылықтарынан туатын тартыстардың қызықты, ойға қонымды әңгімелерін шебер ұғындырды. Мен тәжірибелі, білімді ағадан балалықтан естиярлыққа ауысар жолдама алдым»[3;78]. «Жыр дариясы» (Т.Молдағалиев) атанған Ә. Тәжібаев М. Әуезовтің бейнесін мына екі шумаққа сыйғызғандай:

- Қарашы, әне, Омарханұлы Мұхтарға,

Емендер ғана осылай өсіп шықпай ма?

Айта қойшы өзің білмейтін оны жұрт бар ма?

Тимесін көзің, тек, жаным, оған сұқтанба.

Ақкөңіл еді-ау, баладай еді-ау мінезі,

Болмашы-ақ жерде өкпелеуші еді ілезде.

Ал сынасқан жерде халқымның шығып атынан,

Мың данышпанға беретін төтеп бір өзі.

«Мұхаң да, міне, ортамызда жарқырап тұр. Біз оған сүйсініп қараймыз. Мен осындай ұлы адаммен бірге жасағанымды, ең жақын достарымның бірінен саналғанымды шексіз мақтан етемін»,- деп аяқтайды Әуезов туралы әңгімелерін.

Оқырман да Әуезовпен әңгімелесіп, сыр-сұхбат құрғандай әсерде қалады. Қос тұлғаның ғибратты ғұмыры бүгінгі ізбасар қаламгерлер үшін үлгі, олардың достығына, сыйластығына тәнті болып, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді танып біледі, әдептілік әліппесінен сабақ алады. Әбілда Тәжібаев естеліктері ақын замандастарының шығармашылық шеберханасын зерттеуге таптырмас дереккөзі болары анық.


Әдебиеттер:


  1. Бердібай Р. Әдебиетіміздің асқар тауы. «Қазақ әдебиеті», 2003, 20 қыркүйек.

  2. Тәжібаев Ә. Есімдегілер. Эсселер. Естеліктер. А., «Жазушы», 1993.

  3. Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-том. А., «Жазушы», 1981.

  4. Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4 томдық, 4-том. Очерктер, әдеби сын мақалалар. А., «Жазушы», 1975.

  5. Стиль сыры. Жинақ. (Редакциясын басқарған М. Н. Қаратаев). А.,«Ғылым», 1974.

  6. Тобағабыл Т. Ақын еді ол тәңірі өзі жаратқан. «Егемен Қазақстан», 1999, 21 қаңтар.

  7. Қабдолов З. Сөз өнері. Монография. А., «Жазушы», 2000.





Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет