Қазіргі тілдік қатынастардың өзекті мәселесі Ізтілеуова С. Д. Абай атындағы ҚазҰпу-дың «Тұлғатану» орталығының



Дата06.04.2017
өлшемі63,7 Kb.
#13477
Қазіргі тілдік қатынастардың өзекті мәселесі

Ізтілеуова С. Д. Абай атындағы

ҚазҰПУ-дың «Тұлғатану» орталығының

бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы
Қазіргі қоғамда елдегі тілдік қатынастарда аса күрделі, қайшылықты құбылыстар байқалуда. Оны күнделікті тіршілікте кездестіреміз. Бірер күн бұрын үлкен қызым қоңырау шалды. Даусынан үлкен алаңдаушылықты сездім. Мектептен келген жиенім үйіне кіргенде қызыма «hello, анашым» деп сәлемдесіп кіріпті. Бірінші сыныптағы бала екінші сәтте мысығын еркелетіп «моя сүйікті cat» деп сөйлепті. Қызым өз баласының тілін ана тілінде шығарып, ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеп жүрсе мектепте баласы үш тілді араластырып сөйлейтін жанға айналып бара жатқанын байқап жаны ауырған. Ертең бұл бала қандай адам болады. 1 жылдағы орыс пен ағылшын тілі қатарласып оқыту жас баланың тілін қойыртпаққа айландыра бастаған. Бұл үрдіс қазақ тілінің басым ағылшын, орыс тілдерінің астында қалатындығын анық дәлелдейді. Сондықтан қазір ес жинап алмасақ кеш қаламыз. Балалары және өздері ана тілін білмейтін чиновниктердің соңынан кетсек ұлтымызды, тілімізді, тарихымды содан кейін мемлекетімізді тәрк қыламыз. Сондықтан қазақ жұртына қатерлі құбылысты тоқтату бүгінгі өзекті, тағдырлық міндеттің бірі деп білеміз. Осы мәселеге орай халықпен ой бөлісуді дұрыс деп санадым.

Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына, елдегі этносаралық бірлік пен татулықтың сақталуына елеулі ықпал ететін фактор – тілдік қатынастар. Тілдің әрбір ұлт үшін тағдырлық маңызы шешуші екендігі ақиқат. Ұлтпен, ұлыстың сақталуы, ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруі оның тілінің болуына және ұдайы дамуына тәуелді. Себебі, тіл этностықтың, ұлттықтың негізгі белгісі, тірегі. Осыны біле тұра Қазақстанның орыс, ағылшын тілді басқарушы элитасы мемлекеттік тілге қарсы түрлі ашық және астыртын шабуылдарын тоқтатар емес. Олар президенттік үш тұғырлы тіл ұстанымын бұрмалау әрекеттеріне көшті. Үкімет, минитрліктер т.б. халықаралық жиындарда мемлекеттік тіл мүлдем қолданылмайтын жағдайға жеткізілді. Көбінесе, өткізілетін жиын, немесе шараның атауы ғана қазақ тілінде жазылады. Шараның барлық жұмыстары негізінен орыс тілінде өтеді. Кейінгі кезде мемлекеттік тілдегі ілеспе аударманы да пайдалану жоққа тән. Билік саналы түрде мемлекеттік тілді ығыстыру, астыртын қудалау саясатын ұстануда. Бұлай болғаны қазақ тілін білмейтін, білгісі келмейтін орыс тілді басқарушы элита тобына өте қолайлы. Олар үшін мемлекеттік тіл қажеті шамалы, қосымша жүк сияқты. Оны лақтырып тастағысы-ақ келеді. Ең өкініштісі элита Қазақстанды күшейтетін, оның толыққанды бірлігін сақтайтын, мемлекеттіліктің бет-пердесін түзейтін, ел халқын ортақ құндылықтарда ұйытатын бірден-бір рухани күш қазақ тілі екендігін сезінбейді. Қазақ тілінің рухани қуатын көргісі келмейді.

Президент үш тұғырлы тіл мәселесін көтергенде мемлекеттік тілдіорыс және ағылшын тілдеріне тең дәрежеге көтеруді күн тәртібіне қойған болатын. Біздің Үкімет керісінше екі тілді ғана дамытып қазақ тілін жоққа шығаруды қолға алып отыр. Соның айқын және сорақы көрінісі 1 сыныптан бастап жас өскінді үш тілде оқыту. 1 сыныпқа барған балапанның бірінші кезекте өз ана тілін білуі міндетті, табиғи заңдылық екендігін Үкімет ұмытуда. Білім және ғылым министірлігі осы әрекетімен адамзаттың табиғи дамуы заңдылығын жоққа шығарғысы келеді. Бастауыш мектепте ұлттық тұғырынан айрылған баладан не күтуге болады. Қалыптасып үлгермеген баланың психикасына, санасы мен ойлауына аса зор салмақ түседі. Сөз жоқ балалардың көпшілігі үш тілді де тұрмыстық деңгейде ғана меңгерген шала білімді, дүбәра жағдайға түседі. Бұлай болуы жас ұрпақтың потенциалына балта шабу деген сөз. Ғылымды, білімді, күрделі техника мен технологияны меңгеру деңгейі мүлдем әлсірейді. Адамның интеллектуалдық қуатына сүйенетін ақпараттық қоғамда білімі нашар ұлттың артта қалып қоятындығы белгілі. Осындай заңдылықтарды біле тұра математика, физика, химия, биология сияқты негізгі пәндерді қалайша біз ағылшынша оқымақпыз. Елдегі басым көпшілік мектептерде осы пәндерден ағылшынша сабақ беретін мұғалімдер мүлдем жоқ. Халықтың аз ғана бөлшегі шамамен 5-6 пайыз ғана ағылшынша жетік біледі. Осындай ахуалда барлық балаларды 5-10 жыл ішінде ағылшынша күрделі пәндерден оқытамыз деген міндет қою барып тұрған қиялшылдық. Коммунистік ойлаудан қалған субъектизм мен волюнтаризм демеске амал жоқ. Үш тұғырлы тіл дамыған мемлекеттік тілдің іргетас болуымен ғана жасалатынын түсінуіміз дұрыс. Оқушылар 6-7 сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін 11 сыныпқа дейін 5 жыл оқыса толыққанды меңгеріп алады емес пе! Жаратылыс тану пәндері күрделі, оларды оқушылар ана тілінде қиыншылықпен меңгереді. Ал оларды ағылшынша қалай түсінеді, мектеп ұстаздарының деңгейі осы пәндерден ағылшынша сабақ беруге мүлдем сай келмейді.

Кеңестер Одағында орын алған, аса зор жаманшылықтар әкелген «асыра сілтеудің» жаңа бір түрі Қазақстанда тағы да орын алмақ. ХХ-шы ғасырдағы жаппайұжымдастырудағы асыра сілтеу 2,5 млн. қазақты қырып салса, бүгінгі өзіміздің билік жасап отырған «асыра сілтеу» қазақ ұлтының және оның тілінің болашағына балта шаппақ. Бұл асыра сілтеуден ешкім өлмейді, бірақ мәңгүртке, тобырға айналған тілі, ділі, мәдениеті, ұлттық ұстанымы жоқ тобыр жасалмақ. Билікке керегі мәңгүрттенген қазақ халқы ма? Ондай халық та да, ондай билік те де болашақ жоқ. Осындай халқы бар, ұлттық топтасуы мен отаншылдығы жоқ мемлекеттерді басқа елдер, күшті, топтасқан халқы бар елдер оңай жұтып алып отырған. Әлде билікке керегі осы ма? Сондықтан бүгінгі тілдік саясаттағы асыра сілдеуді Қазақстанның тәуелсіздігіне қазылған ор деп бағаламасқа шара жоқ. Қазақ ұлтының мемлекет жасаушылық рөліне жасалып жатқан шабуылдың қитұрқы, жасырын әрекеттері екендігі ақиқат.

Қазақ тілінен 2-ғана пән жүргізілсе не болмақ? Қазақ тілі екінші сортты ғана емес. Мүлдем керексіз тілге айналады емес пе? Қазақ халқы Абайдың, Жамбылдың, Махамбеттің тілінен айрылуы керек пе? Тіл тек қатынас құралы ғана емес. Ұлт тілі елді біріктіруші, топтастырушы рухани күш. Сыртқы, ішкі жауларға қарсы бір халық өзінің ана тілімен топтасады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылдың жалынды жырлары қазақ халқын фашистік басқыншыларға қарсы ерлік күреске топтастырды ғой. Махамбеттің жауынгерлік жырлары қазақ халқының тәуелсіз ел болу санасын тәрбиелесе, Абайдың өлеңдері қазақты руханилыққа, білімге, өркентиетке тәрбиеледі емес пе. Қарасақ қазақтың адамгершілік болмысы, ұлттық мазмұны тек ана тілі арқылы қалыптасады екен. Билік келіп халықтың осы ең басты құндылығын әлсіретпек, біртіндеп жоққа шығармақ. Тілі жоқ ұлт – жоғалған ұлт екендігін білсек қане. Президент Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп шегелеп тұрып айтты емес пе! Елбасының көрегенді ойын бүгінгі билік жүйесі нақты істермен бекітуі тиісті деп білеміз.

Қазақ жастары көп тілді білсін. Бұл өте зор рухани, өркениеттілік құбылыс. Бірақта, әлемдегі басқа тілдер ел халқының негізі болып отырған қазақ тілін әлсіретіп барып құрту арқылы дамымауы керек. Қазақстанда өмір сүріп отырған 17,6 млн. халықтың 11,7 млн. адамын, 66 % құрып отырған қазақ халқының ұлттық ең басты құндылығы неге аяққа тапталуы керек? Қазақстан халқының басым көпшілігі болып отырған қазақ ұлтының ұлттық құндылығын кемсіту қандай да болмасын демократиялық принциптерге қайшылық болып табылады. Бұлай болуы ел Конституциясының талаптарын да өрескел бұзу болып табылады.

Мәселені ушықтармай, қазақ халқының тілін тұқыртпай байыпты да байсалды тіл саясатын ұстанайық. Өркениетті, дамыған мемлекет болу үшін ел халқы өзінің ана тілінде өте жақсы сөйлеу керек. Ол үшін бүткіл мәдени, әлеуметтік, қаржылық және экономикалық инфрақұрылым сол халықтың тілінде сөйлеуі міндет. Зор табысқа жеткен мемлекеттердің тәжірибесі осының айқын дәлелі. Орыс, ағылшын, қытай тілдері біз үшін көмекші факторлар болуы тиісті. Жапонда 100 % жапон тілінде, АҚШ 100 % ағылшын тілінде, Германия 100 % неміс тілінде, Ресей 100 %орыс тілінде, Қытай 100% қытай тілінде сөйлеп қана жетістікке қоғамдық қатынастардың барлық салаларында жетіп отыр. Бұл адамзаттың даму заңдылығы. Қазақстан да осы заңдылықты бұзбай, 100 % қазақ тілінде сөйлей алса ғана жоғарыдағы мемлекеттермен теңесе алады. Тілдің ұлы құдіретінің, ұлы күшінің заңдылығы осында. Бөтен тілдерге ауысамыз деп жүріп, бөтен мемлекетінің құрамына еніп кетуден қорқу керек.

Қазақ қоғамында орын алып отырған көптеген девянттық, яғни ауытқу құбылыстары қазақ тілінің тәрбиелік, тәлімдік, ұйымдастырушылық функцияларының нашарлауына байланысты. Бай тілімізге арқа сүйеген ұлттық тәлім-тәрбие, тиым салу дәстүрлерінің әлсіреп кетуінен отбасылары ойран болып, тастанды сәбилер көбейіп, қараусыз қалған қариялардың саны өсіп барады. Ана тілінің бай рухани потенциалын қалпына келтіріп қана адамгершілік тәрбиесін жолға қоя аламы.

Тіптен саясатта өзінің төл тілін пайданған мемлекет құрметті. Елбасының БҰҰ мінберінен қазақ тілінде сөз сөйлеуі ана тілімізді барлық жиындарда толыққанды қолдануға мүмкіндік бар екендігін дәлелдеді емес пе! Ендеше біздің Үкімет, министрліктер, әкімдіктер, сот пен полиция жүйесі барлық шараларын мемлекеттік тілде өткізетін мезгіл жетті. Себебі, Қазақстан моноұлттық мемлекетке айналып келеді. Қазір халықтың 66 % қазақ болса, он жылдан кейін 76 %, жиырма жылдан кейін 86 % қазақ болатындығы ақиқат. Сондықтан қазақ тілінің тынысын аша беру өте пайдалы іс болмақ.

Қазақстан халқын қазақ тілі, қазақ мәдениеті, қазақ халқының тарихи дәстүрлері, ділі мен құндылықтары ғана біртұтас етіп топтастыра алады. Осы ерекшелікті ұмытсақ үлкен қателікке ұшыраймыз. Болашақ ұрпақтар алдында зор күнәлі іс жасаймыз.



Үкімет керісінше мемлекеттік тілді толыққанды дамыту шараларын қолға алғанда ғана Қазақстанның рухани-әлеуметтік және экономикалық қуаты артады. Өз тілін жетік біліп, өз мәдениетін меңгерген азамат басқа тілдер мен мәдениеттерді, ғылымдар мен технологияны жетік меңгере алады. Бізге керегі осы. Бәсекеге қабілетті Қазақстанды жасау ісін бәсекеге қабілетті мемлекеттік тіл жасау арқылы ғана жолға қоя аламыз! Сондықтан мемлекеттік тілдің өсіп-өрбуіне бөгет болатын қандай да болмасын әрекеттерді болдырмауға міндеттіміз!
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет