Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет1/59
Дата26.01.2018
өлшемі11 Mb.
#34026
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   59

Тегімізді тануға талпыныс


Бағдат Оралбайұлы

Тегімізді тануға талпыныс

Алматы - 2015 жыл



Бағдат Оралбайұлы

«Тегімізді тануға талпыныс»

шежірелер мен шығармалар жинағы.
Редакторы Бақытөмір Шалғынбай – ҚР бас редакторлар клубының мүшесі.

Теріп, беттеген Айкен Мұсағалиева – журналист.

Корректоры Айгүл Кеңесбекқызы – журналист.

Кітап «Мөлдір сана» газетінің компьютерлік орталығында теріліп, беттелді.

Алматы -2015
Алғы сөз

Ұрпаққа ұлағатты еңбек
Әр заманның белгілі бір халыққа беретін жақсылығы да, жамандығы да болады. Содан келіп «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақыл пайда болған. Қашан да, қай халық, жеке адам жақсыдан үйренсе берекесі артып, елдігі нығая бермек. Кешегі қызыл империя заманының ұлттарға, ұлыстарға берген кейбір жақсылықтары болмаса, жалпы қазақ халқына орасан зор зардаптар әкелді. Әр түрлі құйтырқы саясаттарды пайдаланып, халықтарды қызыл қырғынға ұшыратты. Әсіресе, ислам дін таратушыларына қырғидай тиді. Естілікті – ескілікке балады. Содан келіп, ұлтымыз мәңгүртке айналып кете жаздады. Мұны жақсы білесіздер.

Ұлттың, ел мен елдіктің сақталуы ұлттық рухта жатыр. Ол негізгі үш тұғырдан тұрады. Соның біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – ділі.

Осы үш тұғырды бекем ұстанған қазақ зиялылары тәуелсіздік алғанға дейін де қазақ халқының тарихы мен шежірелері үшін күресе білді. Тәуелсіздік алғаннан соң ұлтты ұйыстырып, рухын күшейтуге тіптен күш салып жатыр. Соның бірі – шежіре, тарихи еңбектер жазу.

Әрине, шежіре жазу оңай емес. Ол үшін терең білім, ақыл-ой, өре қажет. Оның үстіне бір кездері кейбіреулер жасқаншақтап, ата-тегін шала жазған. Нақты жазба деректер аз. Сондықтан бүгін шынайы, кең көлемді шежіре кітап жазу екінің, тіпті жүздің бірінің қолынан келе бермейді.

Осы кітаптың авторы Бағдат Оралбайұлы ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай ізденіп, дерек жинап, көп оқып, көп зерттеп, зерделеп барып қалың оқырман мен ұрпақтары үшін көлемді шежіре-тарихи еңбегін ұсыныпты.

Аягөз өңірінің тумасы, негізгі мамандығы – мал шаруашылығы саласы болғанымен Бағдат (Бағаш) ағамыздың бойында көркем өнерге, әдебиетке деген құштарлық, тарих пен шежіреге деген ерекше ынта бар екен. Табиғатынан дарынды, өлең жазатын, көп оқып, көп ізденетін кітап авторы осы «Тегімізді тануға талпыныс» еңбегі арқылы ғана өзінің ерекше ізденуші-ғалым екенін де көрсетіп отыр.

Бес бөлімнен тұратын бұл еңбек бір жүйемен жазылған. Басты мақсаты – ататек пен ислам әлеміне байланысты құндылықтарды насихаттау. Былайғы кезде көп мән бере бермейтін мәселелерді көтеріп, ұрпақ рухын көтеру.

Алғашқы «Көне шежірелер» деп аталатын бөлімді жазу үшін де Бағаш ағамыздың талай кітапты ақтарғаны, кітапханаларда сарылып отырғаны, талай таңды ұйқысыз атырғаны көрініп тұр. Ал екінші «Ислам» атты бөлімге келгенде ол «Ислам» әлемінің шексіз, шетсіз, түпсіз тереңіне сүңгігендей күй кешкен. Содан барып, бүкіл адамзатқа арналған Алланың соңғы дінінің қадір-қасиетіне үңілген. Үңілген сайын оның кереметтігіне тәнті болып, өзінің де ата-бабаларының осы дінді уағыздаушы – дін таратушылар болғанын мақтан тұтып, риза болған.

Мен кітап редакторы ретінде барлық бөлімдерге талдау жасағанды әзірге артық көрдім. Кітапты оқып отырып басты айтарым – оның бір жүйемен жазылғаны. Бөлімдер бірінен кейін бірі өзі сұранып тұрады.

Ислам әлеміне терең сүңгіген Бағдат Оралбайұлы шабытына шабыт қосып, осыдан кейінгі «Қожалар» бөлімін жазады. Кітап авторына ең ауыр соққаны да осы бөлім. Басқа бөлімдерде өзгеге еркін сілтеме жасап, оқыған құндылықтардың маңыздыларынан түйгендеріңді түйіндеуге мүмкіндігің бар. Ал өзіңнің тегіңе қатысты шежіре жазу тіптен қиын.

Бағдат Оралбайұлының шыққан тегі – қазақ халқының құрамындағы жүзге кірмейтін ру-тайпалардың бірі – қожалар. Қожалар – ерте заманнан Орта Азия мен Қазақстанға келіп ислам дінін таратқан ежелгі арабтардың ұрпағы делінеді. Бірақ, олар қазақ даласына келіп сол халықтың салт-дәстүрін қабылдап, сол халықпен баяғыда бірігіп, кірігіп кеткен. Осы кітапта бұл жайттардың бәрі сөз болады. Қазақ хандығына дейінгі, одан кейінгі қожалардың қазақ қоғамын дамытудағы ролі осы кітапта жақсы көрініс тапқан.

Оны сонау Арыстан баб, Қорасан баб, Қылышты әулие, Баба түкті шашты Азиз, Қожа Ахмет Йассауи, Бақсайыс деп кете беретін өз халқының ғажайып төл ұлдары жөніндегі аңызға айналған әңгімелерден де көруге болады.

Ал бір кездері Ақтайлақ бидің бастамасымен Аягөз өңіріне көптеп көшіріліп әкелінген қожалар ұрпақтарының өсіп-өніп таралуы, олардан шыққан қазақ халқының ірі тұлғалары туралы жазбалар ерекше құнды. Мұны бүгінгі қожалардың әрбір ұрпағы іздеп жүріп таба алмай жүр.

Бағдат Оралбайұлы осыны ескеріп, барынша жинақтай білген. Әрине, қанша күш салып жинақтасаң да, бірнеше жүз жылға созылған ұрпақ өсімін толық түгендеу мүмкін емес. Оны автор да айтып, шама келгенше жинағанын, енді осы кітап шыққаннан кейін әр ата өз тармағын түгендесе дұрыс болатынын ашық айтқан.

Шежірені жинақтау да, оны жүйелеп жазу да көрінгеннің қолынан келмейді. Оны айттық. Өкінішке орай, одан мін іздеп, кінә тағуға талпыныс жасау, тіпті «Неге өйте салмаған, неге бүйте салмаған» деген сияқты өресіз сын айтатындар да баршылық.

Ең бастысы осы кітапқа жетпей жатқан деректі қосып, оны толықтырып, кеңейтем дегендер болса нұр үстіне нұр болар еді. Автор ойы да сол. Сонда бұл кітап тағы да толығып, аса құнды еңбекке айналып, көп тиражбен елге таралар еді.

Мен жазушы-журналист, тарихшы ретінде осы уақытқа дейін талай шежірелік-тарихи кітаптар әзірлеп, өңдедім. Солардың ішінде жүйелі де, сапалы да жинақталып жазылғаны осы кітап.

Кітап авторы «Қожалар» бөлімі арқылы басты мақсатын орындап шығып, бір дем алып, «Ұлағатты ойлар» деген маңызды жазбалар мен ғибраттарын ұсынған. Бұл бөлімде әр уақытта ойға орала бермейтін маңызды көсемсөздер, нақыл мен мәтелдер аз емес. Ал, соңғы бөлімінен өзінің әр жылғы жазған өлең-жырларын топтастырған автор «Тегін танып, біліп» барып, бір кең көсіліп поэзияға, музаға кезек берген екен. Осы кітапты оқыған адам да осы бөлімге келгенде терең ой, толғау мен ізденістен арылып, сәл дем алып, жыр әлеміне еніп, ерекше шалқиды.



Міне, Бағдат Оралбайұлының бес бөлімнен тұратын «Тегімізді тануға талпыныс» атты еңбегі қысқаша осындай. Менің пікірімше аса құнды да, керек кітап. Болашақта толықтырылып, кеңейтіліп, көп тиражбен шығаруға әбден лайық. Оны қаржылы азаматтар қалт жібермес деген ойдамын.
Бақытөмір Шалғынбай,

кітап редакторы.

Осы еңбегімді ардақты әкем – Оралбай қожаның,

аяулы анам –Талғамбай қызы Қасияның

рухтарына арнаймын. Автор.
Мен деген, жолдас, жарлының жалғыз тайымын. Ағытып болмас айылын.

М.Мақатаев


Бағдат Оралбайұлы
1947 жылдың қаңтар айының 22-күні Аягөз ауданы, Ақшәулі аймағында, Қарабұлақ ауылында туған. Әке-шешесі колхозшылар болған. Ұлты – қазақ, руы – қожа.

1954-1961 жылдар аралығында Аягөз ауданы Қарабұлақ ауылындағы «Орақ-Балға» атындағы 7-кластық мектепте оқушы болды. 1961-65 жылдары Мыңбұлақ орта мектебінде оқыды.

1965 жылы осы орта мектепті бітіргеннен кейін Семейдің Зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, оны 1970 жылы ғалым-зоотехник деген мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын 1970-75 жылдары «Мыңбұлақ» кеңшарының №6 өндірістік бөлімшесінде зоотехник болып бастады. 1975-1980 жылдары осы совхозда ферма меңгерушісі, бас зоотехник болып істеді. 1980-86 жылдары Аягөз ауданының Сабыржан Ғаббасов атындағы кеңшарының директоры болды. 1987 жылдан 1989 жыл аралығында «Мыңбұлақ» кеңшары директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, ал 1989 жылдан 1996 жылдарға дейін осы кеңшарда кәсіподақ комитетінің төрағасы болып істеді. 1996 жылдан «Береке-Б» шаруа шаруашылығының басшысы, ал 1998 жылдың тамыз айынан бері Аягөз ауданы мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қызмет істеп жүр. Жұбайы Оралбаева Мария (Макен) екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының барлығы да жоғары білімді, әртүрлі саланың мамандары. Үлкен ұлы Оралбаев Асфандияр дәрігер. Қызы – Оралбаева Қаламқас химик, «КазТрансОйл» компаниясында қызметкер, педагогика ғылымының кандидаты, ұлы Оралбаев Дәурен – заң қызметкері, ұлы Оралбаев Қанат – әскери академия түлегі, Отан қорғау саласында қызметте, ұлы – Оралбаев Дархан – нефтехимик, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді.

Осы балаларынан сегіз немере сүйіп тәрбиелеуде. Немерелерінің алды жоғары оқу орнында студент. Жолдасы зейнеткер.

Бұрын бес мәрте ауылдық Кеңестің депутаты болған және Қазақстан Республикасы егеменді ел болғаннан кейінгі ең бірінші шақырылымындағы Аягөз аудандық Мәслихаттың депутаты болып сайланған.

Бағдат Оралбайұлы бұрын комсомол, коммунистік партия қатарында болған.


Бұрынғы өткен тегіңді ұмытсаң,

Аруақтардың азасына қаласың.

Бүгінгімен ғана өмір сүрсең,

Болашақтың табасында боласың.

Автор.
Кіріспе
Өткен тарихымызға көз жүгіртсек талай «тар жол, тайғақ кешуді» халқымыздың бастан өткергені ақиқат. Кеңес өкіметі кезінде: «Қазақ халқы зор өрлеу мен өркендеуге қол жеткізді» - деп жағымыз талғанша айттық емес пе. Ал шындығында, өз елімізде азшылыққа тап болып, рухани жағынан шідерленгеніміз, ұлттық санамыздың мүлгіген жағдайда қалғандығы, «идеологиялық отаршылдықтың» жымысқы арбауына шырмалғандығымыз, тағы тағылар... ақиқат еді. Әсіресе, нақты тарихымыз бұрмаланды. Осы тарихымыздың үлкен бір саласы, тармағы болып табылатын шежіре тарқатуды да шектеді. Кеңес өкіметі кезінде: «Бір ғана Совет халқы болуы керек» - деген принцип ұсталды. Зымиян саясат осылайша түп-төркінімізді ұмыттырмақ болды

Ал, шындығына келер болсақ, шежіре тарқату - жұртымызды бауырмалдыққа, туысқандыққа, ағайындар арасында сыйластыққа баулитын асыл тәлімдеріміздің бірі. Ендеше, ешкімді сыртқа теппейтін бауырмал халқымыздың өз тарихы мен тегін түгендеуге өлшеусіз пайдалы үлес қосатын шежіре тарқату ісін жандандырудың не сөкеттігі бар? Қайта бұл үлкен үрдісімізді ортақ игілікке айналдыруға үлес қосу сауапты іс, үлкен мұрат-парызымыз емес пе? Сондықтан, мен де осы дәстүр бойынша кейінгі жас-ұрпақтарымыз бұрынғы өткен тарихын, ата тегін, оның шежіресін біле жүрсін деген ізгі ниетпен білгенімді жазып қалдырсам, олар да бір керегіне жаратар-ау деген үміт. Бұл жерде, негізгі мақсат-ұлтымызды жікке бөліп, жіліктеп, ру аралық келіспеушілікті, дұрдараздықты туғызу емес, керісінше әркімге парыз саналатын өзінің шыққан тегін біле жүрсін деген ізгі тілек. Ескере кететін тағы бір мәселе - ел атауы мен рулар тізбесінің, адам есімдерінің арасында жүздеген, тіпті бірнеше жүздеген жылдар аралығы болуы әбден мүмкін. Демек, бұл тұрғыда «пәленшеден пәленше тууы керек еді» деп дәлдік іздеу қиын іс. Бұл жерде негізгі себеп - тиісті мәліметтердің жоқтығынан деп түсіну қажет. Осы шежірені жасағанда негізінен көп жылдардан бері әр түрлі шежірелердегі, кітаптар мен газет-журналдардағы мақалаларды оқи жүріп және көпті көрген, көкейінде түйгені бар қариялар мен зейінді жандардың ауызша айтқандарын немесе жинаған материалдарын сүзіп, зерттедім. Сонда да, бұл туындының «еш кемшілігі жоқ» деуден аулақпын. Қамтылмай қалған, шатасып немесе ауысып түскен сәттер бар болуы әбден мүмкін. Себебі, шежіреде өткен бір немесе бірнеше ғасыр бұрынғы болған уақиғаны баяндағанда сол уақиғаның кезінде өзіміз басы-қасында болғамыз жоқ, қолымызға түскен деректерге сүйендік. Сонымен бірге, кейбір ағайындар өз шежірелерін бергенде, нақты білмегендіктен шатастырып жіберсе немесе немқұрайдылыққа, салғырттыққа салынып, өздерінің ата-бабаларының шежірелерін бермегендіктен кітапқа кірмей қалса, кінәні өздерінен іздесін. Бір уақиғаны баяндағанда немесе ататекті таратқанда мүмкіндігінше қолыма түскен деректерге сүйене отырып, шамамның жеткенінше нақты, дұрыс шежіре жасауға тырыстым.

Ал енді, шежіреде немесе кесте-сызбада көрсетілген аталардың көрсетілмеген кейінгі ұрпақтарының шежіресін жалғастыруды әркім өзі қосып, толықтырар деп ойлаймын. Бұл істе сіздерге сәттілік тілеймін, ағайын!

Шежірелерді жинаудағы, сұрыптап құраудағы және оларды жазудағы мақсатым: өткен тарихты, ата тек тарихын, ата тегіміздің таралуын білу және оларды мүмкіндігінше келесі ұрпаққа жеткізу. Ата текті білу, ата-бабалардың есімдерін ұмытпай есте сақтау – олардың аруақтарын сыйлау деп түсінемін. Әркімніңі өзі ата-бабасын ұмытпай есіне алуы, сыйлауы әрбір ұрпақтың перзенттік, азаматтық міндеті, парызы деп білемін.



Оқырмандарға ескерту:

  1. Кітапта кісі есімінен кейінгі қойылған жебе белгісі «→» сол кісінің баласы деген мағынаны білдіреді, ал егерде – 0 (ноль) тұрса, ол кісіден ұл баласы болмаған деген мағына береді.

Бір атадан тараған ұрпақтарының есімдерінің арасы үтірмен бөлінген.

  1. Бұл кітапқа қолда бар деректердің негізінде өзіміздің ата тегіміздің таралу желісін (линиясын) ғана теріп жаздым. Басқа ата тектердің барлығын шұбыртып жаза беру біздің мақсатымызға кірмейді.

  2. Тағы бір міндетті түрде ескеретін мәселе әрбір үйде, әрбір жанұяда өз әулетіне қатысты Әулет шежіресінің (мұрағатының) болуы шарт. Ойланайық, ағайын, бұл азаматтық парызымыз.

Есімдері осы кітаптағы ататек шежіресінде жазылған, өздері бұл фәниден өтіп бақилық болған барлық марқұм бабаларымыздың жандары жәннатта, рухтары Аллаһтың шапағатында болсын!


Автор.

,

І бөлім



Көне шежірелер

Пайғамбарлар мен қасиетті кітаптар

туралы қысқаша мәліметтер
Бұдан шамамен 7700 жыл бұрын дүниеге келген Адам атадан (Абулбашар) бері белгілі 29 пайғамбар өтіпті:

(Абулбашар) Адам, Шыш (Сет), Ыдырыс, Нұх, Хұд, Салых, Ыбраим, Смағұл, Ысқақ, Жақып, Жүсіп, Шұғайып, Мұса, Арауын (патша), Дәуіт, Сүлеймен, Жүніс, Айып, Ұлықпан (әкім), Қайыр, Ескендір Зұлқарнай (Александр Македонский), Айса, Ілияс, Закария, Жақия, Лұт, Зилқиял, Иса, Мұхаммед пайғамбар.

Осы аттары аталған пайғамбарлардың ішіен 4 пайғамбарға діни кітаптар түсіпті.


  1. Мұсаға бұдан 5310 жыл бұрын «Таурат» атты дін кітабы түскен. Осы кітаптан католик діні тарайды.

  2. Дәуіт пайғамбарға будда дінінің жобалары Забур атты кітабы түскен.

  3. Иса пайғамбарға түскен «Інжілдің» хадистерінен христиан діні өркен жайған. Қазіргі жыл санау есебі осы Иса пайғамбардың туған күнінен есептеледі

  4. Ислам дінінің негізі – «Құран» Мұхаммед пайғамбарға түскен екен. Мұхаммедтің ұлты - араб, руы - құрайыш.

Нұх пайғамбар тарихта болған адам. Шамамен ол бұдан 6290 жыл бұрын дүниеге келген.


Ескерту: Бұл деректер Қыдырқожа Аманкелдиевтің «Шежіре шерткен сырлар» атты мақаласының негізінде жасалды («Білім және еңбек» журналы.№ 6-7. 1969 жыл).
Таурат

Бұл кітапты бұдан бұрын шамамен бес мың жылдан астам уақыт бұрын Мұса пайғамбар жазған екен. Бұл киелі кітап жер бетінде болған ең бірінші адам - Адам ата мен Хауа анадан бергі адамзаттың ұрпағының өсіп-өнуі, оның жер бетіне таралуы туралы шежіре-әңгімелерді қамтиды. Ол туралы осы кітаптың келесі тарауында танысатын боласыздар.


Забур
«Забурды» біздің жыл санауымыздан 1000 жылдан астам бұрын өмір сүрген Дәуіт пайғамбар және Құдайдың Киелі Рухы дарыған басқа да қасиеттілер шығарған. «Забурден» біз ерте заманнан бізге жеткен рухани күш-қуаты ерекше керемет жырлар мен дұғаларды оқимыз. Оқырмандар одан Тәңір Иемізден жұбаныш тауып, қуат алып отырған. Онда Жаратқан Иеміздің ұлылығы мен рахымдылығына мойынсұнып, онымен қарым-қатынас жасаудың жолын көрсетеді.

Інжіл
«Інжіл» – Иса (Иссус) Мәсіх пен Оның таңдап алған елшілері туралы жазылған кітап.

Бұл кітапта бірнеше елшілердің өздерінің ұстазы туралы естеліктері жинақталған. Олар Лұқа жазған «Ізгі хабар», Жохан жазған «Ізгі хабар» және Матай, Марқа еңбектері. «Інжіл» жиырма жеті жазбадан тұрады. Оны біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырының 30-85 жылдарында жазған, қысқаша мағынасы: «Пайғамбарлар пенде болғандықтан тек құдайдың хабарын жеткізіп отырады. Ал Иса Мәсіх болса, адам болып дүниеге келген Құдайдың ұлы, яғни Мәсіх арқылы Құдай адамдарға келіп, олармен тікелей қарым-қатынас жасады» - деген ойға меңзейді. Иса өзінің шәкірттерінің ішінен он екісін таңдап алып, оларды «елшілер» деп атады. Олар: Иса «Петір» деп ат қойған Шимон мен оның інісі Ендер, Жақып пен Жохан, Піліп пен Бартоломай, Матай мен Тома, Әлпей ұлы Жақып пен Ұлтшыл Шимон, Жақып ұлы Иуда және кейін Исаға опасыздық жасаған Иуда Исқариот (бұның орнына кейін Матия сайланады).

Иса Мәсіхтің осы аттары аталған шәкірттері оның идеясын ол өлгеннен кейін де жетілдіріп, өңдеп бірнеше рет «Інжілге» өзгерістер мен толықтырулар енгізген. Демек, бұл кітап өзінің бастапқы түрінде емес, уақыттың талабына сәйкес бейімделіп қайта-қайта жазылған.

Ал «Құран» болса өзінің бастапқы, алғаш жазылған күйінде. Оған бірде бір сөз, не сөйлем қосылмаған, немесе алынып тасталмаған және олай істеуге, яғни өзгертуге қатаң тыйым салады. Себебі Құран сөзі Аллаһтың сөзі. Аллаһ сөзін өзгертуге ешкімнің құқы жоқ.


Құран
Исламның қасиетті кітабы – «Құран Кәрім». Ол Мұхаммедке (с.ғ.с.) Хира тауының үңгірінде Жәбірейіл періште арқылы аян етілген. Құран - Шариғаттың тірегі, Ислам заңдарының өзегі. Құран - барлық діни үкімдердің бастау алар көзі. Ислам діні бүкіл адамзатқа берілген ең соңғы, кемел дін. Білім мен адам баласының өмірлік ұстанымы осы Құранға негізделген. Құранның мағынасы: арабтың «дауыстап оқу», «тақпақтап айту» деген сөзінен шығады. Құранды «Каламу Алла» (Алла сөзі), «Каламу шариф» (Шарапатты сөз), «Құран Кәрім» (Жомарт Құран), «Мұсхаб Шариф» (Шарапатты қол жазба) және «Иджаз әл-Құран» (Ұлылық, құдіреттілік деген мағынада) т.б. деп атай береді. Құранда еш уақытта өзгермеген және қияметке дейін де өзгермейтін, бұған ұқсас кітапты ешкім де жаза алмайтындығы айтылады. Өйткені бұл кітаптың иесі - Ұлы Жаратушы. Құран Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) аян арқылы түскен Аллаһтың сөзі, мұсылмандардың қасиетті кітабы, адамзатты ізгілікке бастайтын Аллаһ рахымы. Ол соңғы пайғамбарға жиырма үш жыл көлемінде түскен. Құранда сөздер саны 77934 екен, 6666 аят, 114 сүре бар. Ең қысқа сүре үш аяттан тұратын Кәусәр сүресі, ал ең ұзағы 286 аяттан тұратын Бақара сүресі. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар 40 жасқа келгенде Аллақ сүресінің бес аяты аян болған. Ал Құранның беташар сүресі Фатиха кейін түсіпті. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Фатиха сүресін Құранның кілті деп атаған.

Сүре мен аяттар әр жылдарда бөлек-бөлек түскен, бұл олардың оңай жатталуына ыңғайлы болған. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінің ақырына дейін уахи келуі ықтимал болғандықтан оның көзі тірісінде Құран толық бітпейтіндіктен оны бір кітап етіп жинақтау мүмкіндігі болмады. Кейін ол өмірден өткеннен кейін ғана уахи тоқталғаны анықталды. Құран жеке бір кітап болып алғашқы халифа Әбу Бәкір кезінде жинақталды. Оған Омар, Оспан, Әзірет Әлі шадиярлар және т.б. көмектескен. Нәтижесінде Құранның тексісінің дұрыстығы тексеріліп, бір мәмілеге келгеннен кейін көбейтіліп, көшіріліп, жан- жаққа жіберілген (Мәдине, Шам, Куфа, Басра, т.т.).

Ислам діні Арабстаннан тыс өлкелерге қанат жайғанда, сол жақтарға арнайы оқытушы-мұғалімдер жіберілген. Олар өздері үйренген Құранды сол елдерде оқытып отырған. Құранның басқа тілдерге аударылуы міне осы заманнан бастау алады. Қазіргі уақытта Құран мағынасы жүзден астам тілге тәржімаланған. Түркі тіліндегі алғашқы мағыналық аударма 14-ғасырда жазылған екен.

Абай - данышпан Құранның мағыналық аудармасынан гөрі мәнін ұғуға, хикметтің түпкі ойын түсінуге шақырған. Құран адамзатты қараңғылықтан нұрға бастайтын рахмет-мейірім көзі, адамға бақилық бақыт жолын көрсететін Аллаһтын сөзі. Құран жеке адам және қоғам тіршілігі үшін қажетті құқықтық, этикалық-моральдік, саяси-басқару жүйелеріндегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарды негіздеді. Құрандағы маңызды мәселелер: біріншіден - Аллаһтың жалғыздығына сенім, екіншіден - Аллаһтың құдіреті. Аллаһтың құдіретімен жаратылған әлем мен адам және олардың Жаратушысы Аллаһпен арасындағы байланыстары жүйеленген. Құран бойынша адамда таңдау еркіндігі бар, жауапкершілік иесі, сонымен қатар аманат тасушы болмыс. Бұл жердегі, «аманат» ұғымы - иман, жауапкершілік, Құдай алдындағы парызға және адамның құқықтарына құрмет, ар-намысын сақтауды білдіреді. Ақыреттегі жағдай: иман етушілердің жұмақтағы орны және имансыздардың тамұқтағы халы жайында адамға жасалған негізгі ескерту болып табылады. Адам жан мен тән және ақылдан тұратын біртұтас болмыс. Адамның тәні топырақтан жаралып, жаны Аллаһтан берілгендіктен, тән топыраққа, жан рухани әлемге, яғни өз негіздеріне оралмақ. Осындай жақсы мен жаман, ақ пен қара, тән мен жан, иман мен күпірлік, мойынсұну мен теріске шығару сияқты қарама-қайшы құбылыстарды Құран аяттары түсіндіреді. Егер адам ерікті болмаса, сынақ жүйесі де мәнсіз болып шығар еді. Сонымен қатар, жақсылық пен жамандықты айыру қабілеті тек адамға ғана берілген. Құранда адам ең жоғарғы мақамда жаратылғанымен, оның нәпсінің зыңданына түсіп, «ең төменгі дәрежеге дейін құлдырайтын» моральдік азғындауға да бейім екендігі ескертіледі. Адам ең алдымен, өз болмысымен тұтастыққа жетіп, содан кейін өзін қоршаған ортамен, әлеммен үйлесімділік құруы тиіс. Осы үндестікті қамтамасыз ету үшін Құдай Құран арқылы адамға құндылықтар жүйесін ұсынады. Имандылықтан туатын әділеттілік, турашылдық, ар-ұят, намыс, сабыр, төзімділік, жомарттық, шыншылдық, мейірімділік, ата-анаға құрмет, Отан сүйгіштік, қанағатшылдық, тазалық, махаббат, адамды сүю, жүректілік, т.т. деп тізіп, жалпы парасат құндылықтарына жатқызады. Ал имансыздықтан туындағандарға: зұлымдық, жалғандық, екіжүзділік, опасыздық, менмендік, қорқақтық т.т. сияқты жаман қылықтарды масқаралық сипатына жатқызып, бұлардан аулақ болуды ескертеді.

Қорыта айтқанда, Құранда адамның қандай болмыс екендігі, өмір сүру ортасы тіршілігінің мәні, әлемдегі орны мен мақсаты туралы оның болмысын нақтылайтын тиянақты жауаптар айтылған. Құранның үндеуі адам санасына, рухы мен ақылына арналған (М. Иса. Д. Кенжетай. Қ.Ұ.Э.).

Аллаһтың Расулы (с.ғ.с.) қайтыс боларының алдында Арафат тауында 120 мыңдай сахабаларының алдында барша мұсылмандарға арнап соңғы қоштасу хұтбасын оқыған еді. Бұл тарихи маңызы бар хұтбасында ол: «Уа, мұсылмандар! Мен сендерге киелі аманат қалдырып барамын, соны толық ұстансаңдар ешқашан адаспайсындар. Ол Аллаһтың кітабы - Құран» - деген екен.

Сондықтан, қасиетті Құран барша мұсылмандардың бұл өмірде ұстанар басты бағдаршамы болып табылады.

Тегіңді тауып танысаң, Тектіліктің белгісі. Білуге енжар қарасаң, Мәңгүрттіктің белгісі. Шежіреден табылар, Өткен заман белесі. Сыр-құпиясын шертеді, Тарихыңның көнесі. Өткеніңнен ескерткіш, Шежіренің ескісі. Ескісін де есте сақтар, Ұрпақтардың естісі.

Автор.

Адам Ата
Діни кітаптардың («Таурат», «Інжіл», «Забур», «Құран») дерегі бойынша Адам ата (ғалейһиссалам) жаратылған алғашқы адам және тұңғыш Пайғамбар. Аллаһ Тағаланың Құдіретімен бүкіл материктер (Жер, Көк, Күн, Ай, Жұлдыздар, Су, Ауа, Топырақ, т.т.с.с.) мен жер бетіндегі және судағы барлық тіршілік иелері алты күннің ішінде жаратылыпты-мыс. Алтыншы күннің ақырында Адам атаны жаратса керек және ол жалғызсырамасын деп кейіннен Адам атаның қабырғасынан Хауа ананы жаратыпты-мыс. Адам атаның жар қосағына «Хауа» деп ат қоюының мағынасы «өмір бастауы» деген сөз екен. Екеуі ұжмақта тұрса керек. Алланың өсиетін орындамағандықтан күнәлі болып ұжмақтан шығарылған деседі. Содан былай Адам ата мен Хауа ана және олардың ұрпақтары тек еңбекпен күнелтуге тиіс болыпты. Жетінші күні Жаратушы дем алыпты. Соған байланысты аптаның жетінші күні - демалыс күні болыпты деп «Тауратта» жазылған. Адам ата мен Хауа ананың үш ұлы (Әбіл, Қабыл, Сет) және қыздары болыпты. Ержеткен кезде Қабыл Мағиса деген қызға таласып Әбілді таспен ұрып өлтіріпті, содан бері адам баласын өлтіру мирас болып қалыпты деседі. Құранда (12-аятында): адамды балшықтан (топырақтан) жаратып, танауына үрлеп жан берілген дейді. Бірі - сырт дене де, екіншісі - рух. Аллаһ Тағала адам баласының барлығын емес, тек қана Адам атаны балшықтан (топырақтан) жаратқан. Ал басқа адам баласы бір тамшы судан пайда болып, ананың құрсағындағы нәрселермен қосылып, содан жетіледі. Ол екеуі де ата мен ананың ішкен-жеген азықтарынан түзеледі. Ал азықтар (өсімдіктер мен жануарлар) тиісінше барлығы топырақтан нәр алады, топырақта өсіп-жетіледі. Демек, жаратылыстың негізі топырақ болып табылады да, адам баласының топырақтан жаратылғандығы өзінен-өзі мәлім болады. Қазіргі жер бетіндегі барлық адамзат осы Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары болып табылады. Адам ата 930 жыл жасапты. Адам атаның - Абулбашар шын аты, ал лақап аты - Сафиолла екен. Сафиолла – арабша «жер қыртысы» деген сөз, оның топырақтан жаратылғанын дәлелдеп тұрғандығы болса керек.

Сонымен, киелі кітаптың Таурат бөліміндегі шежіремен танысалық. Адам (Абулбашар)+Хауа→Қабыл, Әбіл, Сет. Қабылдан→Енох, Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел. Мехуелден→ Метушаил, Метушаилден Ламех туды.

Ламехтың екі әйелі болды: Ада, Зилла.

Ададан - Ябал, Юбал. Зилладан - Тубалқабыл.



Әбілден ұрпақ жоқ, себебі оны Қабыл ұрып өлтірген.

Сеттен→Енос→Қайнан→Мақалалел→Иәрет→Енох (Енохты Ыдырыс деп те атайды). Енохтан Мәтусала туды. Кейін Енохты Құдай өзіне алып кеткен. Мәтусаладан Ләмех, Ләмехтен Нұх туды. Нұхтан - Шам, Хам, Япші деген ұлдары болды. Ескертпе: Адам атадан бергі аты аталған адамдардың бұл шежіреде есімдері аталмаған басқа да көптеген ұл-қыздары болған. Мен тек Нұх пайғамбарға келіп тірелетін желіні (линияны) ғана теріп көрсеттім.

Бұдан әрі адамзат ұрпағы өсіп-өніп көбейді және олар теріс жолға түсіп, іс-әрекеттерінің бәрі зұлымдыққа толы болды. Сондықтан Тәңір: «Бұдан былай Менің Рухым адам үшін арпалысқа түспейді, ол 120 жылдан артық өмір сүрмесін» - деді. Кейін де жер бетінде тіршілік бүлінген үстіне бүліне берді. Сонда Құдай Нұхқа: «Мен жер бетіндегі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын. Сен шыршадан кеме жаса да өз үй ішіңмен бірге кемеге кір және тіршілікті жалғастыру үшін жан-жануар, жәндіктердің әр түрінен екі екіден (еркегі, ұрғашысы) бірге кемеге ала кет. Азық пен тамақтың қорын жасап қоса ал» - деді. Жүз елу күн бойы су жер бетінде көтерілді, топан-су қаптады, кемедегілерден басқа жан иелері түгел қырылды. Кейін су басылып, кемедегілер құрлыққа шығып тіршіліктерін қайта бастады. Құдай: «Бұдан былай енді жер бетін топан-су баспайтын болады, бұл туралы келісімімнің белгісі - аспанда жаңбырдан соң кемпірқосақ орнайды» деген. Әрі қарай Нұхтың ұрпағы өсіп-өніп көбейе берді, қазіргі жер бетіндегі барлық адамзат баласы осыдан тарайды.



Нұхтың ұрпақтары (ұлдары): Шам, Хам, Япші.

  1. Япшіден: Гомер, Магог, Мадай, Яуан, Тубал, Мешех, Тирас.

Гомерден: Ашкеназ, Рифат, Тоғарма.

Яуаннан: Елиша, Тарсис, Кіттим, Доданим.



  1. Хамнан: Құш, Мысыраим, Пұт, Қанахан.

Құштан: Себа, Хауила, Сапта, Рахама, Саптеха, Нымрат.

Рахамадан: Шаба, Дедан. Қанаханнан: Сидон.



  1. Шамнан: Елам, Асур, Арпақшад, Луд, Арама.

Арамадан: Ұз, Хұл, Гетер, Маш.

Арпақшаттан: Шелах→Евер→Пелек және Жоқтан.

Жоқтаннан: Алмодат, Шалеф, Хазармабет, Жирах, Хадорам, Узал, Дикла, Обал, Әбимоел, Шаба, Опыр, Хауила, Жобаб.

Ескерту: Бұның бәрі руларына, тіл ерекшеліктеріне, тұрған жерлеріне, халықтар боп бөлінулеріне, шығу тегіне т.т. байланысты тараған Нұхтың ұрпақтары еді. Тәңір бұларды бүкіл жер бетіне бытыратып жіберді, содан әлемдегі халықтар, әр түрлі тілдер пайда болды.

Енді Пелектен (Арпақшаттың ұлы): Рагу→Серук→Нахор→Тарах→Ыбырам (Ыбыраим пайғамбар) және Нахор, Харан туған.
Ыбыраим немесе Ибраһим заманына дейін ол елде халық пұтқа табынады екен. Бір күні Ибраһимнің атасы қолдан жасалған пұтты беріп базарға апарып сатып кел дейді. Жолда бара жатып дәретке барғысы келгендіктен пұтты жол шетіне қойып, өзі дәрет сындыруға барып кайтып келсе бір түлкінің пұтқа сарып тұрғанын көреді. Содан түлкі сиген, қолдан жасалған, пұтты Тәңір болып жарытпас деп сындырып тастайды. Бұған кәпірлер шулап Ибраһимді жазалату үшін патшаға - Намрутқа алып келеді. Ол пұтты кім сыңдырғанын сұрайды. Ибраһим: «Пұттың өзі айтсын» - дейді. Олар: «Пұттар сөйлей алмайды ғой, қалай сұраймыз?» - деді. Ибраһим: «Ендеше, неге сендер жансыз қуыршақты Тәңірге балайсыңдар? Пұтқа табынбаңдар, бір Аллаһты мойындандар, мені Аллаһтың елшісі деп атаңдар» - дейді. Тағы да Ибраһим: «Менің Тәңірім күнді Шығыстан шығарып, батыс жаққа батырады. Сендер күнді батыстан шығарыңдар, мықты болсаңдар. Қашан күн батыстан шықпайынша, ақыр заман болмас» - деді. Ибраһимнің мына сөзін естіген кәпірлерге: «Шынымен мына пұтқа табынуымыз бекер іс, біздер адасқан екенбіз» - деген ой келеді. Намруд патша Ибраһимді отқа жағып сынамақшы болады. Бұл сынақтан ол Аллаһтың пәрменімен аман-есен шығыпты.

Бір күні Ибраһим түс көреді, түсі бойынша ұлын құрбандыққа шалуы керек болады. Бұл жайды ұлы Исмаилға айтады. Сонда ұлы: «Әке, Аллаһ Тағала бұйырып тұрса, мен қарсы болмаймын. Өзіңе не бұйырылса, соны істе» - дейді. Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмаилды бауыздағанда пышағы өтпейді. Сол кезде Аллаһ көктен көк қошқар түсіреді, оны құрбандыққа шалады. Әке мен баласының адал ниетіне орай Аллаһ малды өзі түсіреді. Осы күннен бастап мұсылмандар әр жылы құрбандық шалатын болыпты.

Ибраһим пайғамбар - жоғарыда жазылған 29 пайғамбарлардың бірі. Ол Ысқақ пен Исмаилдың әкесі. Ысқақтан - еврейлер, Исмаилдан – арабтар тарайды. Аллаһтың соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) осы Исмаилдың ұрпағы. Ал Ысқақтың тұқымы - Иса Мәсіх пайғамбар.

Хараннан Луд туды. Ибраһимнің әйелінің аты Сарай, ал Нахордың әйелі - Мылқа. Сарай бедеу болғандықтан баласы болмаған. Сарайдың Ажар деген күңі болған. Сонымен Тәңірдің жазуымен Ибраһимнің әйелінің күңі Ажардан Смағұл (Исмағұл) деген ұлды болды. Құдайдың қалауы бойынша Ыбырам, Ыбырам емес Ыбыраим (Ибраһим - көне еврейше «көптің әкесі» деген ұғымды білдіреді) деп аталды. Бұдан әрі Құдай Ыбыраимға: «Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етемін және ұрпағыңның еркек кіндіктісінің бәрі сүндеттелуге тиіс. Бұл Менімен сендердің араларыңдағы бекіткен келісімнің белгісі болады. Өз әйеліңді енді Сарай емес «Сара» деп ата. Одан сен бір ұлды боласың, одан халықтардың патшалары тарайтын болады. Сен оның атын Ысқақ деп коясың депті және де солай болған екен. Сонымен Ыбыраимның бәйбішесінен (Сарадан бұрын Сарай атанған) - Ысқақ, бәйбішесінің күңі Ажардан - Смағұл деген ұлдары болды. Бірақ Смағұл Ысқақты келекелеп, мазақтағандықтан әкелері Ыбыраим баласы Смағұлды шешесі Ажармен бірге далаға апарып тастағанда Құдайдың жебеуімен сол маңнан құдыққа кезіктіріп өлімнен аман сақтаған. Ол бала садақшы мерген екен, кейін ол ұлы халықтың атасы болады.

Ыбыраимның інісі Нахордың Милка деген әйелінен Усты, Буды, Кемуел, Кесет, Хазон, Пилдаш, Идлаф, Бетуел дүниеге келді. Ал тоқалы Рехумадан: Тебах, Гихам, Тақаш және Маха атты төрт ұл туды.

Ал Бетуелден Рабиға және оның ағасы Лабан туады. Кейін осы Рабиға Ысқаққа күйеуге шығады.

Ыбыраим пайғамбар кейіннен тағы да Кетура (үшінші әйелі) есімді әйелге үйленеді. Одан: Зимран, Иоқшан, Медан, Мидиан, Ишбақ, Шуақ деген ұлдары дүниеге келді.

Иоқшаннан: Шаба, Дедан.

Мидианнан: Ефа, Ефер, Хенок, Абида, Елдаға.

Кейін қартайып Ыбраим қайтыс болады, ол әйелі Сараның қасына Махпела үңгіріне жерленді. Мұрагерлікке Ысқақ қалдырылады.



Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет