БАҚыттың бақыты (Ағаштан түйін түйген шебер, Республикалық байқаулардың жеңімпазы Бақыт Кеңшілікұлы жайлы бір үзік сыр)



Дата25.01.2017
өлшемі47,48 Kb.
#7772
ӨНЕР
БАҚЫТТЫҢ БАҚЫТЫ
(Ағаштан түйін түйген шебер, Республикалық байқаулардың жеңімпазы Бақыт Кеңшілікұлы жайлы бір үзік сыр)
Ағаш шебері Бақыт Кеңшілікұлының есімі шығысқазақстандықтарға аса таңсық емес. Өйткені, ол жайлы баспасөз беттерінде әлденеше рет мақала-сұхбаттар жазылып, теледидарлардан сан мәрте хабарлар берілген. Шебердің қолынан шыққан туындылары бұл күнде талай үйдің төрінен орын алған. Оның өзі бармаса да, туындылары Қазақстанды қойып, әлемнің біраз еліне баяғыда-ақ барып қойған. Біз бүгін Бақыттың өнеріне қызығушылық танытқан азаматтардың назарына осыдан екі-үш жыл бұрын Бақыт жайлы жазылған сыр-сұхбаттан үзінді беруді жөн санадық.

...Бақыт қандасымыз ағаш шебері екен. Шебер болғанда да, қайсыбіреулер секілді жүрдім-бардым, тиіп-қашпа, көзбояушы «шеберсымақ» емес. Ол қолына алған ісін діттеген жеріне жеткізбейінше, тапсырыс берушінің көңілін жайландырып, рахметін алмайынша тыным таппайтын, тынымсыз шебер екен. Бастаған шаруасына ынты-шынтысымен берілетіндігі соншалық, күнделікті адамдардың өмірінде қалыптасқан белгілі бір уақытта түскі, кешкі асқа бару немесе бір мезгіл демалу деген секілді дүниелердің ол үшін арнайы белгіленген уақыты жоқ па деп қаласың. Қашан барсаң, аядай ғана шеберханасында қолына алған шаруасынан бас алмай, шұқыланып кеп отырғаны...

...Ағаштан түйін түйген небір шеберлердің жұмысын көріп, таңданғаным бар. Бақыттың қолынан шыққан дүниелердің де алды шетел асып кеткен секілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы іздеп келіп, тапсырыс беретіндер де бар дейді. Ағаш шеберлерінің республикалық байқауларына қатысып, сан мәрте олжалы оралғанын да жасырмады...

...Мен 1984 жылы орта мектепті бітіргесін туыс-туғандарымның кеңесімен Ресейдің Барнаул қаласындағы ағаш технологтарын даярлайтын училищеге оқуға түсіп, оны 1988 жылы үздік дипломмен тәмәмдап шықтым. Араға бір жыл салып, Ұлан-Батырдағы Моңғолия ұлттық мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетінде оқуымды жалғастырып, жоғары білім алдым. Бірақ ол жерлерде мен темір ұстасын емес, қазіргі кәсібім, яғни, ағаш шеберлігін меңгердім. Алайда, ағаш шебері болғаныма еш өкінбеймін. Өйткені, ол кездегі алған білімімді нақты өмірде пісіріп-жетілдіріп, шыңдай білдім.

Осы өнерімнің арқасында бала-шағамды асырап, елге танымал болып жатсам, бұған кешегі жарықтық Зұлқарнайын атам мен әкемнің, училище қабырғасында тәлім-тәрбие берген ұстаздарымның да қосқан үлесі бар деп білемін. Ең бастысы, мен өз жұмысымды ерекше ынта-ықыласпен, аса жауапкершілікпен атқарамын және ағаш жону мен оюдан ешқашан жалықпайтыныма сенемін – дейді Бақыт шебер.

Шебердің қолынан шыққан заттардың қатарында қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, қобыз, сыбызғы, бесік, қазақы дөңгелек үстел, астау, ожау, қымыз ішуге арналған тостағандар және түрлі тақырыптарға арналған сувенирлер, шығармашылық композициялар, тіпті тұрмыстық жиһаздар да бар екен.

Жиһаз демекші, бүгінгі заман талабына сай жиһаз дайындау үшін оған сапалы материал табу қандай қиындық туғызса, табылған материалдардан жоғары талаптарға жауап бере алатын түрлі жиһаздар жасайтын станоктардың жоқтығы да көп кедергілер тудыратын көрінеді. Ал, дайын өнімдерді шығынын ақтайтындай көңілдегі бағаға өткізу, бөлек әңгіме. Сондықтан, Бақыттың болашақта бар мүмкіндікті пайдаланып, қолдау көрсететін азаматтар табылып жатса, іргедегі Қытай елінен станоктар әкелсем бе деген ойы да бар...

...Шебердің айтуына қарағанда, ол ас бөлме, жатын бөлмелерді немесе басқа да тұрмысқа қажет жиһаздарды қалай болса, солай, ойдан шығарып жасай бермейтін секілді. Жиһаздардың сан алуан түрлерінің үлгілері көрсетілген арнайы каталог-журналдарды пайдалана отырып, олардың өрнектері мен ою-әшекейлеріне қазақы рең беріп орындайды екен. Әр шебердің өзіндік ерекшелігі болады дейтін болсақ, байыптап қараған адамға Бақыттың да қолынан шыққан дүниелері өзгелерге ұқсамайтынын, біреулерді қайталамай, ерекшеленіп тұратындығын аңғару онша қиын емес.

Мысалы, қаймана қазақтың мұңайғанда мұңдасы, жалғызсырағанда сырласы бола білген қасиетті қара домбырасын жасау да айта салғанға оңай секілді. Жалпы домбыраны жасайтын әр шебердің өзіндік ерекшелігі мен шығармашылық қиялынан бөлек, сырт көзге көп жариялай бермейтін құпиялары да болады екен. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші, былайғы жұрттың білетіні, домбыра ағаштан жасалады. Ішегі мен тиегі, сосын пернесі бар, болды...

«Ал, ол қандай ағаш? Оны қайтіп кептіреді? Домбыраның шанағына, бетіне, мойнына тағы басқа жерлеріне қандай ағаш түрлерін пайдалану керек? Ол ағаш күнгейде өскен бе, жоқ әлде көлеңкелі жердікі ме? Жасы нешеде?» деген секілді сан алуан сұрақтардың біз біле бермейтін құпия жауабын әр шебердің ішінде сақталып, сыртқа шыға бермейтін жан сыры десе болады.

Бәкең «ішімдегіні тап» деп тымыраймай-ақ, домбыра жасау технологиясында пайдаланып жүрген, бізге белгісіз біраз сырларын ақтарып тастады. Айталық, ол домбыра жасау үшін қызыл қарағай, қайың, Сібір мен Кавказ қарағайы, бұйра үйеңкі, жаңғақ, қызыл ағаш, қара ағаш, арша, Тянь-Шаньнің шыршасы деген секілді көптеген ағаш түрлерін пайдаланады екен. Бұл домбыра жасауға болатын ағаштардың белгілі бір түрлері ғана. Сосын бұл ағаштарды жылдың қай мезгілінде болсын, әйтеуір көңілің қалаған бір уақытта барып, шауып немесе кесіп ала салмайды екенсің. Әуелі ол ағаштардың іші қуыс емес пе, пайдалану уақыты, яғни, жасы жетті ме, тағы да басқа сол сияқты тексерістерден өткесін барып, қыстың екінші айы – ақпанда ғана кесуге болады екен. Өйткені, ақпан айында кез келген ағаш атаулы өзінің өсу процесін тоқтататын көрінеді. Егер ағаш қажетті уақытында кесілмесе, болашақта оның тығыздығы, ылғалдылығы, кебу, иілу, кесілу тағы да басқа толып жатқан қасиеттері ойдағыдай болмайды. Осының салдарынан, әлгіндей қасиеттерінен айырылған кез келген ағаштан жасалған домбыраның үні көңілдегідей шықпайтын көрінеді.

Бір ғана домбыраға ағаш таңдау немесе дайындау барысындағы біздің «білгеніміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз» секілді. Сондықтан домбыра жасаудағы шебер жұмысының қыры мен сырын тізбектей берсек, әңгімеміз таусылып бітпейтін сыңайлы.

Ал, ендігі кезекте дайындалған материалдан тапсырыс берушінің де, тыңдаушының да көңілінен шығатындай көркіне үні сай, сұлу домбыра жасау да шебердің шеберлігіне байланысты дүние. Бақыт-шебер өзінің жасаған домбыраларының мойнына қайыңды, бетіне шыршаны, ал, шанағына көбіне-көп қызыл ағаш пен бұйра үйеңкіні немесе жаңғақ ағаштарын пайдаланғанды құп көреді. Басқасын айтпағанда, домбыра үнінің таза, әуезді болып шығуына кәдімгі тиектің де қандай ағаштан жасалғандығы әсер ететін көрінеді...

...«Менің домбыраларымды алған адамдар әзірге реніш білдіріп, жасаған мүлкімнің көңілдерінен шықпайтындығы жайлы шағымданып көрген емес. Әрине, кемшіліксіз дүние болмайды ғой. Егер менің тарапымнан қандай да бір кемшіліктер болып қалған жағдайда, ол домбыраны қайтадан қарап, кем-кетігін ақы-пұлсыз түзетіп берген бір-екі жағдай болған» дейді шебер...


Әзірлеген – Серік ҚҰСАНБАЕВ
Өскемен қаласы
Каталог: text
text -> Зайкенова, Руда. Жүрегі жылы жан [Мәтін] : [көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жауынгер-жазушы, ғалым Әди Шәріпов туралы] / Р. Зайкенова // Егемен Қазақстан. 2011. 19 наурыз
text -> Тексты для обучающихся «Древнейшие покорители Арктики»
text -> Парадокс об актёре
text -> К. бессер зигмунд магические слова
text -> Внеклассное мероприятие по математике: "Математика и красота"
text -> По Нижней Тунгуске
text -> Школьной библиотеки на 2012 2013 учебный год. Миссия библиотеки
text -> Моу нижнепоповская оош реферат: Паровые машины
text -> Анархономика
text -> Композитор Сыдық Мұхаметжановтың туғанына – 80 жыл


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет