Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев



бет1/11
Дата04.11.2016
өлшемі2,79 Mb.
#317
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА

Батыс Алашорда Тарихы

ОРАЛ 2011

Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы; Б.Г.Шинтемирова, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы
Сүлейменова Д.Д.

Батыс Алашорда тарихы– Орал , 2011 ж. – бет.265


Халқының дербестігін сақтау, ұлттық намыс, ұлт абыройы Жаһанша Досмұхамедовтің өмірлік арманы болды. Ол халқын, оның елдігін, тілін, көшпелі мәдениеттің үлгісін сақтап, оны еуропалық өркениетке жеткізуге қол созды.

Жаһанша Досмұхамедовтің өмірбаяны, саяси қызметі және еңбегі құжаттық деректер негізінде ашылады. Сонымен қатар саяси-күрес барысында халқының қамын ойлаған алаш арыстарының атқарған қызметтері мен саяси тағдырлары да осы оқу құралында жазылған.

Бұл оқу құралы тарихшы студенттерге, магистранттар мен аспиранттарға және жоғарғы, орта, арнаулы оқу орындарының оқытушыларына арналған.

©Сүлейменова Д.Д., 2011


Батыс Алашорда жетекшісі, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналады



Автор

Кіріспе

Ұлт тарихы тек қана саяси, әлеуметтік-қоғамдық оқиғалардан ғана емес, сонымен қатар ұрпақ жалғастығынан, өміршең дәстүрлерден құралатыны да белгілі. Сол игі дәстүрлерден тағылым ала отырып, мемлекет, әлеумет, жеке адам күшін түзейді, бағытын айқындайды. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ, тарих ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді көрер едік.

Қазақ тарихының осындай белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі.

Сол Алаштың өткен тарихын халқына қайтаратын ақтаңдақ оқиғалардың айқындалатын уақыты жетті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, оңы мен солын таныды. Халықаралық деңгейде бай тарихы бар, іргелі мемлекет ретінде таныла бастады десек артық айтқанымыз болмас.

Сондықтан бүгінде еліміздің мемлекеттілігі туралы тарихын қозғау қажеттілік болып табылады.

Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың үлесі орасан екендігі дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, бастауы – осы Алаш арыстары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтың т.б. Ақ Тумен көтерген тегеурінге бергісіз батыл, мемлекетшіл және отандық идеясы болатын. Алаш қайраткерлері атқарған тарихи міндеттің зор маңызы да осында.

Тарихқа тағзым, өткенге құрмет – елге, жерге, Отанға деген құрмет болып табылады. Жымпиты елді мекенінде Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған саябақ, сонымен қатар Алаш арыстарына арналған ескерткіш-монумент ашылды.

Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік мұратына қол жеткізу бақыты біздің ұрпақтың маңдайына бұйырды. Алашордалықтардың ұлы жолдағы арқалаған аманат жүгінің, халқына жасаған қайырымды ісінің жалғастырушысы бүгінгі елдің азаматтары мына – Сіздер мен біздер.

Елбасшысы Н.Назарбаев: ««Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді... Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... [1]

Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады», – десе, бүгінде біздер тағдыр сыйлаған тәуелсіздігіміздің таңының атқанына жиырма жылдық мерейтой қарсаңында тұрмыз. Өшкенімізді жағып, жоғалғанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп жатқан жаңару кезеңдерінде кешегі күні тіпті есімдерін еске алуға, аттарын атауға болмайтын Алаштың арыстары ортамызға оралып отыр.

Тәуелсіздікті құрметтеу, тәуелсіз елдің азаматы бола білу – оның қасиеті мен қадірін түсінудің айқын жолы өз халқының жүріп-өткенін білуге, құрметтеуге барып тірелетініне сөз жоқ.

Қаншама бабаларымыз бостандық жолында күреске шығып, «ұлтшыл, халық жауы» атанды.

Дәл осыдан 90 жыл бұрын еркіндікті, бостандықты аңсаған ата-бабаларымыз «Алаш» деп бар қазаққа ұран тастады. Сол тайғанақты тар жол, тайғақ кешуде өз өмірлерін, қасиетті жолда бастарын құрбандыққа шалды.

ХХ ғасыр басындағы ұлтымыздың алыптарының қазақ әлеміне шоқ жұлдыздардай жарқырап шығуы – елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты болатын.

Олардың көксеген армандары ХХ ғасырдың басында бой көтерсе, ғасырдың аяғында орындалды.

Елбасымыз Н.Назарбаев 2008 жылдың 29 мамыр күні Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесіп, ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келелі мәселелер бойынша берген кең көлемді сұхбатында: «Алаштың 90 жылдық тойы лайықты аталады, жер-жерде конференциялар оздырылады.

Семей, Жымпиты сияқты мекендерде мемориалдық тақталар қойылады.

Үлкен монумент ашылады. Алаш арыстарының мұрасы томға топтастырылып, жарыққа шығарылады», – деген болатын. 2008 жылы Алаштың Ақ Туын тіккен ордасында «Алаш қозғалысы: теория, тарих, тағылым» атты Алаш партиясы және Алашорданың Батыс бөлімінің құрылуының 90 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, бұл – ізгілікті істің басы.

«Күнбатыс» Алашорда зиялыларының түпкі ойлары дербес ел болу еді. Жаһанша Досмұхамедов бастаған қазақ оқығандарының Батыста шоғырланған жері Жымпиты болатын [2:1].

Еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемелді болуы үшін алға қойған міндеттер аянбай еңбек етуді талап етеді. Болашаққа үлкен сеніммен қадам басу – өткенді саралап, сабақ алудан басталады. Тарих тағылымы – дамуымыздың басты факторларының бірі. Дамуымыздың барысының өзі бізді бабаларымыздың өмірі мен ісіне байыппен үңіліп, олардың жетістіктерін бағалап, жеңілістерінен сабақ алу, даналығын бағамдап, олар ашқан ақиқатты пайымдау қажеттігіне әкеліп тірейді. Еліміздің өткенінен сабақ ала отырып, біз бүгінгі жаңаруларда жаңылыспауға тиіспіз. Еліміз тәуелсіздік алып жариялық самалы ескеннен бері төл тарихимызда да жабық тақырыптарға жол ашылып, бұрынғы тоталитарлық жүйенің кейде айла-шарғысымен, кейде күштеп таңуымен мызғымастай орнығып келген қатаң тарихи әдіснаманың көбесі сөгілді. Қиғаш пікір, оғаш ойлардың бұрыстығы дәлелденіп, бір саусағын ішіне бүккен зымиян саясаттың бет пердесі сыпырылды. Тарихымыз үшін бір ауыз сөз айту қиынға соққан бір дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтаңдақтардың да орны толтырылуда.

Алаш арыстарының ұлттық мемлекет құруды көздеп, елді бірлікке шақыруы – бүгінгі ең қажетті құндылық. Ол қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекетінің саясатымен үндесіп жатыр. Халқының азаттығы мен бақыты жолында жан сала күрескен, сол жолда құрбан болған Алаш ардақтыларының сан салалы асыл идеялары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында бірте-бірте жүзеге асуда. Кезінде Алаштың арыстары атанған ұлтымыздың ұлы перзенттерінің халқына жасаған ұшан-теңіз еңбектері, рухани асыл мұралары қазақ өз елінің иесі болып тұрғанда мәңгі жасай бермек. Тарих тағылымына терең бойлаған сайын біз бүгінгі тәуелсіз бейбіт күннің қаншалықты ауырлықпен келгенін түсінеміз.

Еліміздегі еркіндік пен сөз, ой, ар-ождан бостандығының қоғамдағы тыныштық пен ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың, береке мен бірліктің бағасына жетіп қоймай, өскелең ұрпақтың ойына азық, бойына қазық етіп сіңдіру қажет.

Тарихқа тағзым, өткенге ғибадат – Отанға, туған жерге деген құрмет [2:2].

Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындағы ХХ ғасырдың алғашқы ширегін «Саяси күрестермен рухани жаңару кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің беталыс, бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олар қазақ елінің Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени тұрғысынан өте артта қалғандығы Ресей патша үкіметінің отарлық саясатының әсерінен екенін толық түсінді. Сондықтан қазақ халқын өзге дамыған мемелекеттердің қатарына қосу үшін білім ала отырып, өзге мемлекеттердің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық дамуына ықылас қоя отырып, қазақ халқын осындай деңгейге жеткізу үшін саяси-күрес аренасына шықты.

Олар саяси күрестің бірінші кезеңін еуропаша білім алу деп түсінді. Қазақ халқының ел билігін ұстаған басшылары оқимын деген жастарды барынша оқуға жұмылдыра білді. Біздің өлкемізде Салық Омарұлы – Сырым батырдың шөбересі Өлеңті болысының управителі болып тұрған кезінде Жаһанша Досмұхамедовті оқытуға көп қаражат жұмсаған, сондай-ақ Қуанай хазіретінің баласы - Ғабдол-Ғалымның Бағдатта діни оқу орнын бітіруіне де көп көмегін тигізген. Тағы сол сияқты өлкеміздегі жастардың білім алуына көмек қолын созған, қаражатпен қамтамасыз еткен озық ойлы адамдар мол болған.

ХХ ғасырдың басында біздің өлкеміз сауда жолының негізгі торабына айналды. Ресей патша үкіметі Жайық өзенінің бойында бірнеше әскери бекіністер салып, Ресеймен аралықта темір жолдар салып, қазақ жерінің шикізаттарын өз мемлекеттеріне тасып, пайда тауып жатты. Орал қаласы және Батыс Қазақстанның шекаралық белдеулері Ресей мемлекетімен сауда-саттық байланыстарын орнатты. Бұл сауда-саттық қазақ халқына байлық қаражатын әкелмесе де, алдағы уақытта қазақ жастарының білім алуы қажеттігін көзі қарақты, озық ойлы адамдары түсіне бастады. Сондықтан Орал әскери-реалды училищесіне қазақ жастарын қабылдау туралы өтініштер, қазақ-орыс мектептерін ашуға деген сұраныс көбейді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ басында Батыс Қазақстан облысының уездерінде 1-2 кластық орыс-қазақ мектептері ашылып, оған қазақ балалары қабылдана бастады.

Біздің өлкемізде саяси күрестің екінші кезеңі 1905-1917 жылдар аралығын қамтиды. 1905 жылы желтоқсан айында Орал қаласында Ресейдегі кадеттер партиясының үлгісімен ұлттық саяси ұйым құруға әрекет жасағандар араларында студент Халел Досмұхамедов те бар еді. Қорғаныссыз елінің қамын ойлап, бастарын қауіп-қатерге тігіп, бес облыстан жиналған қазақтың зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ж.Сейдалин, Бақытжан Қаратаев, жетісулық Барлыбек Сыртанұлы, торғайлық Міржақып Дулатов 1905 жылы желтоқсанда Оралға келіп, саяси ұйым құруға байланысты мәселені талқылауға қатынасады.

Ресейді дүр сілкіндірген 1905 жылғы 9 қаңтардағы «Қанды жексенбі» оқиғасы патша өкіметінің жауыздығына қарсы буырқанған халық наразылығын туғызды. Астанадағы оқиғалардың куәсі болған Халел Досмұхамедов саяси хал-ахуалды түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін елге оралды. Ол Орал қаласында татар, орыс тілдерінде шығатын «Пікір», «Уральский листок» газеттерінің беттеріне мақалалар жариялап, қоғам өмірінде болып жатқан саяси-қоғамдық дағдарыстың қарулы қантөгіске ұласқанын баяндай келіп, бұл төңкеріс шет аймақтағы қазақ даласын да қамтуы әбден мүмкін екендігін, сондықтан кез келген күтпеген жағдайға алдын ала дайындалуға баса назар аударады. Осы жолы ол қырдағы ауылдарды аралап, Ресейде етек алған саяси күштердің бағыт-бағдарын, қазақ үшін қаншалықты пайда-залалы барлығының ара жігін ашып беруге тырысады. Көп кешікпей Халел полициялық бақылауға алынады. Халел Досмұхамедов осы бір тарихи кезеңді кейін есіне алып: «1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде, полицияның көзіне іліктім де, саяси жұмыс жүргізуіме тыйым салынды», – дейді [3].

Осылайша, Орал қаласында саяси ұйым құруға әрекет жасаған, қазақтың зиялыларының бұл істері ізсіз кеткен жоқ. Бұл 1917 жылғы құрылған Алаш партиясының бастау көзінде тұрған оқиға болды.

І ТАРАУ

ДЕРЕК КӨЗДЕРІ, САЯСИ КҮРЕС ТАРИХЫНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ

1. Дерек көздері

ХХ ғасыр басындағы қазақтың аса көрнекті саяси қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіздікке талпынған Алашорда төңірегіне топтасқан қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі мен ғасыр басындағы қоғамдық саяси келбетіне, ондағы саяси күштер, қозғалыстар мен партиялардың қызметіне баға беруді мақсат еттім.

Тақырыпта Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі мен қызметінің және «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкімет мүшелерінің өмірбаяндары мен қызметтері туралы айта отыра, бұрын ғылыми айналысқа түспеген тың деректермен жұмыстандым.

Зерттеуде пайдаланылған дереккөздерге арнайы тоқталып, тақырыпты ашудағы маңызы мен құқықтық ерекшеліктеріне қарай жүйеледім:



  1. Патша өкіметінің қазақ даласын отарлау мен Кеңес өкіметінің пролетариат диктатурасын орнықтыру мақсатындағы қабылдаған нормативті-құқықтық құжаттары. Оларды саяси-әлеуметтік, экономикалық мазмұнына қарай үш тарихи кезеңге бөлуге болады:

  • бірінші кезең: патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауды ерекше қарқынмен жүргізген соңғы сатысы – ХІХ ғасырдың басынан басталып, осы ғасырдың 60 жылдарымен аяқталады;

  • екінші кезең: ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан басталып, 1917 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды;

  • үшінші кезең, пролетариат диктатурасын күшпен орнықтырған 1917 жылдың аяғынан 1920 жылдарға дейінгі аралықты түзейді.

Бұл кезеңдерде қазақ қоғамы әртүрлі саяси-әлеуметтік оқиғаларды бастан кешірді.

Патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың басынан осы ғасырдың 60 жылдарына дейін қабылдаған заңдары мен әртүрлі нормативті-құқықтық актілері қазақ қоғамының бірлігіне қызмет еткен кешегі хандық дәуірден жеткен ұлттық тұтастық пен мемлекеттілік белгілерінің қандай да болсын түрін жойып, отарлық жүйені күшейту арқылы құлдық психологияны орнықтыруға бағытталды. Мұндай құжаттар халықтың тәуелсіз мемлекет құру жолындағы талпынысының кез келген көрінісіне аяусыз жазалау әрекеттері арқылы тойтарыс беріп, қазақ даласында отаршылдық жағдай мен үстем саяси ахуал қалыптастыруға қызмет етті.

Екінші кезеңде қабылданған заңдар мен басқа да нормативті-құқықтық актілер дала өлкесінің тұтастай отарлануын заң жүзінде реттеп, қазақ халқының отаршылдық саяси және құқықтық жағдайын біржолата орнықтырды. Патша өкіметі заңдарының мұндай сұрқия саясатқа негізделгенін ұлт-азаттық көсемдері төңкеріске дейінгі кезеңде де ашық айтқан болатын. Олар бұл заң актілері қазақтардың ұлттық ерекшеліктерін (тілі, діні, мәдениеті, дәстүрі) біртіндеп жою арқылы оны ұлт ретінде жоюды мақсат еткенін айқын түсінді. Сондықтан мұндай құжаттардың, біріншіден, қазақтарға қарсы бағытталғанын, екіншіден, отаршылдық табиғатын құқықтық жолмен орнықтыруды мақсат еткенін дәлелдеуге талпыныс жасадым.

Өткен ғасырдың басында қазақстандық құқық тарихы ғылымында арнайы ғылыми-зерттеу мен құқықтық талдау объектісі болмаған бұл заңдар мен құжаттар жүйесін объективті тұрғыдан қарастырып, олардың отаршылдық мәнінің сипаттамасы жасалса, екіншіден, жекелеген нормативтік актілерді талдау барысында атадан балаға қасиетті мұра болып қалған қазақ жерінің біртіндеп қазақтардың уысынан шығып, патшалық империяның меншігіне айналдырудың құқықтық механизмінің сыр-сипаты ашылады. Үшіншіден, осындай озбыр әрекеттерді заңдастырған патшалық Ресей қабылдаған заңдар мен құжаттардың қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысқа қозғау салып, қазақ халқының құқықтық санасын оятудағы «жағымды» рөлі де ғылыми тұрғыдан дәлелденеді.

Үшінші кезеңге қатысты Кеңес өкіметінің пролетариат диктатурасын орнықтыруға бағытталған заң-құжаттарын талдау да тақырыпты тереңірек ашуға септігін тигізді. Қазіргі қоғамдық ғылымдарда кеңес дәуірі кезіндегі саясат, идеология, құқықтық жүйені түгелдей жоққа шығаруға бағытталған ғылыми коньюнктура орныға бастаған кезде, зерттеушілер назарынан ерекше бір проблема қағаберіс қалуда. Ол – Алаш арыстарының В.И.Ленин және И.В.Сталиннің жүргізген келіссөздер мен төңкерістен кейін орныққан саяси күштердің ара салмағын бағамдай келіп, олардың саяси, идеологиялық платформасын қабылдамаса да, кеңестік органдарға қызметке тұрып, саясатқа қайта араласқаны. Әсіресе, олардың Ресей Федерациясы құрамындағы тұңғыш Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру, оның аймағын айқындау, мемлекеттік басқару органдарын белгілеу ісіне белсене араласқаны. Осы тұста қазақ зиялылары бір кездері өздері жасаған «Алаш автономиясын» құру жөніндегі конституциялық қағидалар мен құқықтық институттарды кеңестік сипаттағы Қазақ автономиясына енгізуге барынша күш салды. Мәселен, Алашорданың заңдық, құқықтық құжаттарының алтын өзегі болып өрілген «халықтың саяси жағынан өзін-өзі билеуі» ұғымы кеңестік Қазақ автономиясында «еңбекшілердің саяси жағынан өзін-өзі билеуі» деген өзгеріспен көрініс тапты. Олардың ұлттық-аумақтық негізіндегі автономиясы большевиктердің облыстық автономия туралы пікірлерімен алмастырды. Зерттеуде осындай «қарама-қайшылық» нәтижелері де кеңінен талданды.

2. Еңбегімізде Мәскеу, Петербург, Орынбор, Алматы, Қызылорда, Ташкент, Саратов т.б. жерлердің мұрағаттарынан алынған ресми құжатты деректер (мәртебелі жарлықтар, ережелер, түсіндірмелер, хаттар, суреттер т.б.) сарапталып, жүйеленіп пайдаланылды. Егер бірінші топта патшалық Ресей қабылдаған заңдар мен құжаттар талданса, бұл топта соларды жүзеге асыруға бағытталған жергілікті отарлау аппаратының нақты іс-әрекетін бейнелейтін құжаттар қарастырылды. Онда жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініске орай жергілікті басқару жүйесін өзгертудің, қазақтардан тартып алынған шұрайлы жерлерді қоныс аударып келген орыс мұжықтарына таратып берудің, болыс сайлауын өткізудің, Мемлекеттік Думаға депутат сайлаудың жай-күйі жергілікті отарлау аппаратының ыңғайына қарай, құқықтық тұрғыға қарай рәсімделгені ашып көрсетіледі. Бұл құжаттардан отарлау аппараты шенеуніктерінің қазақ даласына өздері қолданып отырған ең қарапайым құқықтық нормалардың өзін аяққа таптауға негізделген саясатына ешбір тоқтау, реттеу жоқтығына және болмайтындығына әбден сенгендігі айқын аңғарылады. Олар қазақтар өздерінің бір кездегі бүкіл Орталық Азияны тітіреткен жауынгерлік рухынан айырылып, бодандық қамытына біржолата мойынсұнды деп есептеді. Бұл туралы «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиясында: «Монғолия мен Ресейден бірқатар бекіністер арқылы бөлініп тасталған қырғыз-қайсақтар ХІХ ғасырдың басына қарай бұрынғы жаугершілік рухын жоғалтты», – деп жазады [4].

Шын мәнінде, ХІХ ғасыр соңындағы Ресейдегі революциялық қозғалыстың жанданып, саяси күрестің өрістеуі қазақ халқының да саяси санасын оятып, ұлт-азаттық күресіне соңғы серпін берген еді.

3. Құжатты деректердің ендігі бір үлкен тобын ұлт-азаттық қозғалыс пен саяси күрестің әр кезеңіндегі күрес тактикасы мен стратегиясын айқындап, қалың бұқараға түсіндіру қызметін атқарған түрлі баспасөз бетінде («Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдары) жарияланған материалдар құрайды. Олардың басым көпшілігі патшалық самодержавие заманында, Уақытша үкімет кезінде, ішінара Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жарияланды. Бұл материалдар Кеңес Одағы тұсындағы зерттеулерде ғылыми айналымға қосылғанымен, мемлекет және құқық теориясы мен тарихи тұрғысынан жеткілікті дәрежеде зерттелмеді. «Айқап», «Абай» журналдары туралы зерттеулерде көбінесе олардың қазақ халқының сауатын ашу, ағартушылық мәселелері сөз етілсе, Алаш партиясының орталық органы қызметін атқарған «Қазақ» газеті туралы, ондағы материалдардың қазақ халқының саяси санасын қалыптастырудағы рөлі туралы арнайы ешқандай зерттеулер жазылмады деуге болады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Осы еңбек ақтаңдақтардың орнын толтыру мақсатында аталған басылымдардағы жарияланымдарды жан-жақты талдап, оларды мемлекеттік-құқықтық құрылыс мәселелері тұрғысынан саралап, тарихи нақты материалдарды айналымға ұсынып отыр.

Осы мәселеге қатысты тағы бір ерекше назар аударатын мәселе – қазақ баспасөзінде жарияланған Алаш партиясы, «Алашорда» үкіметі мен Алаш автономиясының мемлекеттік құрылысына қатысты конституциялық, бағдарламалық құжаттары кеңестік ғалымдар тарапынан ғылыми терминдердің әлі қалыптасып үлгермегендігін пайдаланып, орыс тіліне қасақана бұрмаланып аударылғандығы. Бұл түрлі бұрмалаушылықтар мен инсинуацияларға жол беріліп, Алаш ардагерлері түзген құжаттардың барынша қараланып көрсетілуі.

4. Құжатты деректердің ендігі бір тобын ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының, оған қатысушылардың хаттары, пікірлері, түсініктері, естеліктері мен өз қолымен жазған өмірбаяндары құрайды.

Мұндай деректер ішінде алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың естеліктері мен ғылыми мақалаларын ерекше атаған жөн. Оның бірқатар естеліктері мен мақалаларында қазақ даласында әуелі стихиялы түрде басталған ұлт-азаттық қозғалыстың біртіндеп бүкіл қазақ даласын қамтыған, ұйымдасқан, нақты бағыт-бағдары, алдына қойған саяси мақсаты мен құқықтық мүддесі бар саяси күреске айналуы осы күресті ұйымдастырушы адамның көзімен баяндалады. Онда саяси күрестің зор әлеуметтік қозғалысқа ұласуының ішкі құпиялары мен сипаттамасы беріледі. Қазақтардың патша самодержавиесінің отарлау аппаратына, оның жазалау органдарына, жекелеген шенеуніктеріне деген көзқарасы мен олардың арасындағы саяси текетірес түріндегі қарым-қатынас мәселелеріне тоқталады. Сондықтан Ә.Бөкейхановтың жазбалары, А.Байтұрсыновтың және Алашорда Батыс бөлімі оның қайраткерлері жөнінде материалдарының Қазақстандағы саяси күрестің даму диалектикасының толық картинасын жасаудағы рөлі айрықша екендігін ескеріп, барынша кең қамтуға тырысады. Зерттеуде ғылыми айналымға тұңғыш рет түсіп отырған Алаш қозғалысының тағы бір жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовтің Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылғаннан кейінгі еңбегі айтылады.

Еңбекте Жаһанша Досмұхамедовтің өз қолынан шыққан құжатты деректер де кеңінен пайдаланылды. Оның Мәскеу университетінің студенті болып жүрген кездегі және 1911 жылы алғашқы мақаласы – аударма материалдары жинастырылды, ол ұлт-азаттық күрестің әр кезеңіндегі сипатын білдіретін құжаттар ретінде талданды. Зерттеуде Жаһанша Досмұхамедовтің, оның автономия туралы пікірлері Қазақ АКСР-ін құру кезінде де, тәуелсіз Қазақстан жағдайында да ерекше мәнге ие болып отырғандығы да көрсетіледі.

Зерттеу барысында Жаһанша Досмұхамедовтің бұрын еш жерде жарияланбаған еңбектеріне де арнайы тоқталды. Оның «Қырғыздардағы-(қазақтардағы) әдет-ғұрып құқығы және халық соты туралы бірнеше сөз» жөніндегі іргелі еңбегі қазақ тарихы, оның мемлекеттік құрылысы жөнінде автордың осы күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған, Қазақстан тарихының «ақтаңдақтарын» ашуға жөн-жоба сілтейтін ғылыми құжат екендігі дәлелденеді.

Бір сөзбен айтқанда, осы еңбекте Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс пен саяси күрес тарихына, мемлекет пен құқық теориясына, саяси және құқық ілімі тарихына қатысты дереккөздерін барынша кеңінен қамтып, ғылыми айналымға қосу арқылы оны жан-жақты талдаудан өткізеді.

Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі төңкеріске дейін Ресейдің үлкен ғылыми орталықтарында білім алып, алған білімдерін туған халқының тәуелсіздігіне арнауды мақсат еткен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов т.б. өмірімен сабақтас. Өзге де қазақ зиялылары сияқты төңкеріске дейін және Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары да өзінің саяси және қоғамдық қызметін жалғастырып, халқының болашағы үшін еңбек етті. Алайда Алаш арыстары Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Дәулетше Күсепқалиев, Салық Омарұлы, Қалдыбай Асанов, т.б. қуғын-сүргінге ұшырай бастаған 1920 жылдан бастап, 60 жылдардың жылымығына дейін олардың мол мұрасын зерттеуге тыйым салынды. Олардың есімін ауызға алуға да болмайтын еді.

Қазақ зиялылары өздерінің алған блімдерін, іс-тәжірибелерін қазақ халқының бостандық жолына арнады. Өткен тарихымызға зер сала қарасақ, Алаш қозғалысының тарихы мен еліміздің бүгінгі тарихи шындығы арасында өзара байланыс пен сабақтастықтың болуы заңдылық. Бұл сабақтастықтың өзегі – ұлттық мемлекеттілік мәселесі.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттілікті нығайту бағытындағы ізденіс үстінде. Мемлекеттіліктің ұлттық негізінің беріктігі – әлемдік жаһандану үрдісімен туындайтын ұлттық болмысқа қауіп төндіретін кері әсеріне тосқауыл болудың бірден-бір кепілі болып табылады.

Қазіргі тарихи кезеңде бұл бағытты жүзеге асыру үшін тарих тағылымынан сабақ алып, ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру жолындағы Алаш қайраткерлерінің қызметін терең зерделеп, жетекші ойларын басшылыққа алуға тиіспіз. Бұл бағытта елеулі істер тындырылғаны да белгілі. Мысалы, Алаштану мәселесі ғылыми тұрғыда негізделіп, мектебі қалыптасып және алаш зиялыларының ғылыми-шығармашылық мұралары насихатталуда.

Қарама-қайшылыққа толы сол тарихи кезеңдер мен Алашорда бөлімдерінің құрылуының алғышарттары мен іс-әрекеттерінің өзіне тән ерекшеліктері болды.

Алашорда мен Алаш автономиясы және Алаш қайраткерлері туралы деректер мен құжаттар, мәлімет беретін жұмыстар бары белгілі. Ал Алашорданың Батыс бөлімі туралы деректер әзірше азшылық-та.

Алашорда үкіметі, соның ішінде оның Батыс бөлімі жайында құнды мәлімет беретін еңбектің бірі – «Жизнь национальностей» деп аталған газеттің 1921 жылғы 3 қарашадағы № 20 (118) номерінде Тер-Погос Асетисовтің мақаласы. Мақала авторы қазақ зиялы қауымының қалыптасу эволюциясына тоқтала келе: «1918-20 ж.ж. «Алашорда» атты ұлттық мемлекет құрылып, кейін оның екіге бөліну себебі бірін-бірі түсінбеушіліктен емес, Қазақ жерінің кеңдігінен болды», – дейді. Осы еңбекте Батыс Алашорда алғашқы күннен-ақ Орал және Орынбор казактарымен, башқұрттарымен бірігіп, Кеңес өкіметіне қарсы шықты және елде мобилизация жариялап, әскер құрғаны жайлы мәліметтер берілген [5].

1925-1930 жылдары Қазақ Өлкелік партия комитетіне жетекшілікке жіберілген Ф.И.Голощекиннің кезінде Алашорда мәселесінің тарихнамасы «толыға» түсті деп айтуға болады. Оған себеп болған алашордашыларды қуғындау саясатының күшеюі еді. Осы кезде А.К.Бочагов, Н.Мартиненко, С.Брайнин, Ш.Шафироның еңбектері жарық көрді.

А.К.Бочаговтың еңбегінде Алашорданың Батыс бөлімінің құрылу хаттамасы, оның құрамы мен жетекшілері билік жүргізетін аумағы туралы мәліметтер беріледі [6]. Дегенмен автор Алашорда тарихы мен қызметтеріне жан-жақты талдау жасай алмаған.

Бұл еңбекті толықтыра түсетін Н.Мартиненконың құрастыруымен 1929 жылы жарық көрген Алашорда тарихына арналған құжаттар жинағы болды. Еңбекте «Алашорданың Батыс бөлімінің құрылуы», «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі, «1917 жылы Орал казактарының облыстық съезінің материалдары», «Алашорданың Батыс бөлімінің 1918-1920 ж.ж. қызметтері туралы» мағлұматтар бар [7].

Тоталитарлық жүйенің толық орнауы Отандық тарихнамада 1930 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың соңына дейін Алаш қозғалысы туралы зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктер бермеді. Ал қалам тарта қалған жағдайда бірден қудаланып жазаланып отырды. Мысалы 1972 ж. желтоқсан айында Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданының «Қызыл Ту» газетінде КСРО-ның құрылуының 50 жылдығына орай ауылдың көнекөз қариясы, ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызмет атқарған Хасан Дабаров «Туған жеріміздің тарихынан» (естелік-эпизодтар) жазған. Естелікте «Омардың Салығы кім?», «Алашорда қалай күйреді?», «Алашорда үкіметінің құрамы», «Алашорда үкіметі не істемеді?» деген айдармен материалдар берілген. Бірақ осы мақаланы жариялағаны үшін «Қызыл Ту» газетінің редакторы орнынан алынып, Жымпиты ауданының партия басшысына қатаң сөгіс берілді [8]. 1980 жылдың соңына қарай еліміздегі қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құру мен оң өзгерістер Алаш қозғалысы тарихын жаңа сапалық деңгейде, объективті тұрғыда жаңаша зерделеуге жол ашып берді. Алғашқы шара (пікіралмасу) 1989 жылы шілдеде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жанындағы партия тарихы институтында «Алашорда: пайда болуының, қызметі мен күйреуінің тарихы» деген тақырыпта ұйымдастырылды. Онда Республикаға белгілі тарихшы, қоғамтанушы ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Бұл пікіралмасудың ғылыми нәтижелері мен қорытындылары баспасөз бен жеке арнаулы еңбектер ретінде қоғам назарына ұсынылды [9]. Ал 1990 ж. Алашорда тарихына байланысты ғалым А.Сармурзиннің еңбегі жарияланды [10]. Бұл еңбекте Алашорда үкіметінің қызметіне талдау жасалған және оның күйреуінің обьективті себептерін ашып көрсетеді. Сонымен бірге Батыс Алашорда бөліміне қатысты маңызды құжат деректері берілген.

Осы кезеңнен бастап Алаш қайраткерлерінің ғылыми-шығармашылық мұралары қайта қалпына келтіріліп, арнайы жинақ ретінде жариялана бастады. Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов және т.б. Алаш қайраткерлерінің еңбектері халқымен қайта қауышты [11].

Міне, осындай жүйелі ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Алаш қозғалысына қатысты түпнұсқа деректер, жаңа мұрағат материалдары, құжаттар талданып, сарапталып ғылыми айналымға енгізілді. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің, оның жетекшілерінің сан-салалы қызметіне сол тарихи кезеңнің даму үрдісі контекстісінде ғылыми баға берілді, тұжырымдар мен қорытындылар негізделді. Ал Алаш қозғалысы сияқты өте күрделі мәселенің теориялық және методологиялық негізін тарихи объективтілік заңдылықтарына сүйене отырып жасаған тарихшы-ғалымдар М.Қозыбаев, Д.Аманжолова, К.Нүрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Ө.Озғанбай т.б. болды [12]. Аталған еңбектер – Алаштану мәселелерін талдауда бірін-бірі толықтырып тұрған зерттеулер. Академик М.Қозыбаев Алаштану салаларын зерттеуде Алаш ұғымының тарихи негіздерінен бастауды көрсетсе, ал Д.Аманжолованың көлемді монографиясындағы Алаш қозғалысынан мол дерек беретін Ресей мұрағаттарының материалдарымен толықтырудағы үлесін баса көрсетуге тиіспіз. К.Нүрпейісов қос төңкеріс, Азамат соғысы, Кеңес билігінің орнауы сияқты кешенді мәселер ішіндегі Алаш пен Алашорданың маңызы мен рөлін анықтап берсе, М.Қойгелдиев еңбегінде Алаш қозғалысының эволюциясы мен тарихи заңдылығын негіздеді. Сонымен қатар Алашорданың Батыс бөлімінің жетекшілерінің бірі, ел тарихында белгілі орны бар, ғылым саласында елеулі еңбектер енгізген, қазақ халқының біртуар ұлы – Х.Досмұхамедов туралы К.Нүрпейісов, М.Құлкенов, Б.Хабижанов, А.Мектепов «Халел Досмұхамедов және оның өмірі мен шығармашылығы» атты еңбегінде Күнбатыс Алашорда туралы мол мағлұмат береді және Ө.Озғанбай «Жарығы өшпейтін жұлдыз» атты кітабында Алашорданың Батыс бөлімі жөнінде көптеген әдебиет ұсынған. Т.Омарбеков еңбегінде Алаш зиялыларының 1920-1930 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметіне, олардың қуғын-сүргін кезеңінде қасіреті мен тағдыр-тәлкегінен құнды мәліметтер береді.

Ө.Озғанбай көлемді зерттеу жұмысында ХХ ғасыр басында Батыс Қазақстанның қоғамдық өмірі, қазақ халқының саяси санасының дамуы мен қазақ депутаттарының І және ІІ Ресей Мемлекеттік Думасындағы қызметін өте маңызды құжат деректер арқылы дайындаған. Аталған авторлар Алаштану мәселесінің негізгі бағыттарын айқындап, зерттеу нысаналарын жіктеп берді.

Батыс Алашорда бөлімі тарихын зерттеуде жергілікті тарихшы-өлкетанушылардың ғылыми-публицистикалық еңбектерінің де маңызы зор. Батыс Қазақстан аймағындағы Алаш зиялылары жөнінде бірқатар мақалалар мен кітаптар жарық көрді. Атап айтқанда, Ж.Ақбаевтың Күнбатыс Алашорда жетекшілерінің басшысы Жаһанша Досмұхамедов туралы тарихи әңгімесі. Автор көптеген құжат материалдарын жинақтап, оның өмірбаяны мен қызметін осы еңбекте зерттеп, зерделеп көрсеткен [13].

Соңғы жылдары өлкенің өткен тарихын зерттеуге үлес қосып жүрген Ж.Ақбаевтың Жымпиты елді мекенінің 100 жылдығына арналған 1990 жылы шыққан еңбегінде Алашорданың Батыс бөлігінің әкімшілік орталығы болған жерге сипаттама береді [14]. Қ.Хасановтың «Ақтаңдақта атылған азаматтар» атты еңбегінде Алашорданың Батыс бөлімінде қызмет атқарған Бижан Жанқадамов туралы жан-жақты баяндалса [15], ал М.Тәжімұраттың «Шәңгерей» атты кітабында Батыс Алашорда идеологі болған Ғұмар Қараш жайлы деректермен бірге Бөкей ордасындағы Алаштың қызметінен мол мағлұмат алуға болады [16].

Ал С.Сүйінов өзінің «Бөкей ордасы» туралы еңбегінде Астрахан мұрағатындағы деректер арқылы Батыс Алашорда, соның ішінде Бөкей қазақтарының автономиясы жөнінде материалдарын жариялады [17].

И.Кенжалиев «Батыс Қазақстанның қасіретті жылдары (1917-1920 )ж.ж.» атты кітабының екінші бөлімінде Алаш қайраткерлеріне, олардың қоғамдық-саяси қызметтеріне тоқталған [18].

Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында Алашорданың Батыс бөлімі туралы Ғ.Әнес пен М.Тәжімұраттың жинақтаған материалдары берілген және 55 Алаш қайраткері өмірі жөнінде деректер жазылған [19].

А.Боранқұлов «Алашорда – тәуелсіздік бастауы» атты еңбегінде Алашорданың Батыс бөлімінің басшылары Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтердің ғұмырнамасына қатысты жаңадан табылған деректер береді [20].

Т.Рысбековтің «Батыс Қазақстандағы Алаш зиялылары» атты мақаласында да бірқатар тың материалдармен танысуға болады [21].

Алаш қозғалысына байланысты тарихи айтар сырлар молшылық. Алаш пен Алашорда ұлтжандылық танытып, ұлт мүддесін қорғады, қазақ елінің болашақ тағдыры жолында қарсыластарымен бетпе-бет айқасты. Алаш жетекшілері көрсетіп кеткен бағыт-бағдар қазір еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болған кезде де өз маңызын жоймай, қазақ қоғамын осы заманғы әлемдік өркениетпен ұштастыруға жол сілтеп отыр.

Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы маусым айының соңғы күндерінің бірінде дүниеге келген. Туған жері Орал облысы Жымпиты уезіндегі бұрынғы Тамды өзені бойындағы Қарақұдық елді мекені. Руы – тана, қарақұнан, оның Сүйіндік бөлімі. Оның туған жылы жөнінде әртүрлі дерек айтылып келді. Ал негізгі құжатты дерек – Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған (ҚР ҰҚКМ) № 424-інші тергеу хаттамасы. Бұл хаттама 1930 жылдың желтоқсанында Жаһанша Досмұхамедовтің өз қолымен толтырылған, онда Жаһанша Досмұхамедов «Мне 43 года» деп жазған, жылдармен салыстыра есептегенде, оның туылған жылы 1887 жыл болып шығады. Ал туған күні туралы мәліметті Х.Досмұхамедовтің қызы Қарашаш Халелқызының айтуынан алуға болады. Ол – 28-інші маусым [22].

Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған келесі құжат 1932 жылдың желтоқсанында Алаш ардагерлеріне үкім шығарылғанын дәлелдейді. Бастапқыдағы ату жазасы Воронежге жер аударумен алмастырылады. Осылайша Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер т.б. Воронеж жеріне отбасыларымен жер аударылады. Воронеж қаласында Жаһанша Досмұхамедов 9-інші қаңтар көшесінде тұрған. Бұл дерек Қ.Халелқызының айтуынан беріліп отыр (авт. Д.С.) [23].

Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаты (РФММ) 10035-қор, 1-тізбе, п-50151 іс бойынша және Ресей Федерациясының Әділет Министрлігінің анықтамасы (РФЮМ) 5ПС-1811/57 іс негізіндегі құжаттар Жаһанша Досмұхамедовтің 1930 жылға дейін атқарған қызметі, оның отбасы құрамы жөнінде мол мағлұмат береді [24].

Мәскеу қаласының Старовагонная көшесіндегі мұрағаттан Жаһанша Досмұхамедовтің 1991 жылы «Уральский листок» газетінің қаңтар айында №9, №14, №20 сандарында жарияланған «Несколько слов а киргизском обычном праве и народном суде» деген мақаласын көпшілік назарына ұсынамын. Бұл мақала аяқталмай қалған. Бірақ мақалада негізінен қазақ даласында Ресейдің отарлық жүйесіне дейін заң болды, ол «Тәуке ханның жеті жарғысы» дей келе, оны тармақтап түсіндіріп берген. «Заңы күшті мемлекеттің қоғамдық-саяси іс-әрекеті де күшті болмақ» деп Тәуке хан кезіндегі қазақтың барлық тыныс-тіршілігін баяндаған. Осы мақаланы оқи отыра, соңғы курстарда оқып жүрген Жаһанша Досмұхамедовтің елге келіп, жаз айларында «Статист» болып қызмет атқарғанын білуге болады [25].

Жаһанша Досмұхамедов жөнінде Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағаты (Өз РММ) Р-25 қор, 1-тізбе, 1653-іс бойынша Жаһанша Досмұхамедовтің заңгерлер курсын ұйымдастырып, дәріс оқығаны жөнінде материал және фотосурет табылды. Фотосурет сыртында Жаһаншаның әйелі Ольга Колоссовская өз қолымен «Ташкентте (1924-1927)» деп жазған. Суретте 55 адам бар [26].

Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мұрағаттары мен құжаттар бөлімі №3834-іс бойынша Жаһанша Досмұхамедов 1927-1928 жылдары Қызылорда қаласында қызмет атқарғаны жөнінде мәлімет береді [27].

Көптеген басылымдарда Жаһанша Досмұхамедовтің әйелінің атын әртүрлі береді. Ол кісінің есімі – Ольга, фамилиясы Досмұхамедова (Колоссовская). Бұл деректі дәлелдейтін Ольга Константиновнаның хаты. Ол хат Жаһаншаның тумаларында сақталған, онда: «О. Дос-Мухамедова», – деп көрсетілген.

Жаһанша Досмұхамедов пен Т.Рысқұлов – бажалар, олар ағайынды Колосовскаяларға үйленген. Осы жөнінде Ташкент қаласында түскен екі фотосуретті ұсынып отырмын [28].

Алашорданың Батыс бөліміне байланысты материалдарды іздестіру барысында «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкіметті құрған кездегі казарма болған «ескі мектеп» үйінің фотосуреті табылды (авт. Д.С.) [29].

2005 жылдың 24 желтоқсанында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Равиль Мәжитов «Жаһанша Досмұхамедовтің қоғамдық-саяси өмірі мен қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Осы жұмыстың негізінде бірталай құжатты материал мәлім болды. Атап айтсақ, «Алашорданың Батыс бөлімінің мөрі» [30].

Жаһанша Досмұхамедовтің «РСФСР-дың жауыздық низамнамасының аудармасы» (1924 ж.), (31) «РСФСР-дың қылмыстық тергеу заңының аудармасы» (1926 ж.,) [32], Жаһанша Досмұхамедовтің 1920-1930 жылдары тұрған үйінің фотосуреті [33], Жаһанша Досмұхамедовтің ісін тергеудің тоқталғаны туралы мәліметтер [34], Жаһанша Досмұхамедовтің әйелі Ольга Константиновнаның Жаһаншаның туысы Қуанышәлиев Құдеске жазған соңғы хатының мәтіні [35] және Ольга Константиновнаның Мәскеуде соңғы кезде тұрған үйінің фотосуреті ұсынылып отыр) [36].

Осы жарияланып отырған құжаттар мен суреттер Алаш тақырыбы, соның ішінде Алашорданың Батыс бөлімі туралы тарихи мәліметтер беретіні сөзсіз және жас ұрпақ бойына рухани құндылықты, отаншылдықты, ұлтжандылықты қалыптастыруға негіз болады деген сенімдемін.

Алаш қозғалысына 2007 жылы – 90 жыл және Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 90 жыл. Ол 2008 жылы Алаштың ақ туын тіккен Жымпиты жерінде атап өтіліп, «Алаш ардақтыларының» ескерткіш-монументі, «Алаш арыстары» саябағында салтанатты түрде ашылды және «Алаш қозғалысы: теория, тарих, тағылым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Осындай шаралар (Алаш арыстарын еске алу, ескерткіштер ашу) Республикамыздың көптеген облысында тойланды. Атап айтсақ, Семей, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Астана т.б.

Ғылыми-тәжірибелік конференциялардан кейін материалдар жинақтары жарық көрді. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихын зерттеген автордың 2007 жылы «Арыс» баспасынан «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі» [37] атты және Мәжитов Равильдің «Жаһанша Досмұхамедов» [38] атты екі монографиясы жарық көрді. Ал 2008 жылы Жайсаң Ақбайдың «Жаһанша» атты кітабы екінші рет толықтырылып, Орал қаласында баспадан шықты [39]. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық мұражайы 18 Алаш қайраткерінің құжаттық ісқағаздарын Ресей мұрағаттарынан сатып алып жатыр. Соның ішінде Жаһанша Досмұхамедовтің, Алашорданың Батыс бөлімінің жетекшісінің құжаттары бар. Осы құжаттар негізінде Жаһанша (Жаһанша) есімі айқындалды, оқыған жылдары мен оқу орындары анықталды. Осылайша, солақай саясат салдарынан жапа шеккен Алаш арыстарының ардақты аттары төл тарихымыздан жаңа орын тапты [40].

Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу, оны жас ұрпаққа тарату ісі әрі қарай жалғасын таба береді деген сенімдеміз. Себебі қазірдің өзінде Семейде, Астанада, Алматыда Алаш тарихын зерделеу үшін ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, қызмет атқаруда. «Алаш энциклопедиясын» шығару ісі қолға алынып жатыр.

Батыс Қазақстан облысында Алаш арыстарына ескерткіш орнату, ғылыми зерттеу орталығын ашу, көше аттарын беру және Жымпиты жерінде Алаш мұражайын ұйымдастыру шараларын қолға алуымыз керек. Себебі алда Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдық мерейтойы және тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы жақындап келеді.


Каталог: repository -> history -> 24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Мағжанға Сәбиттен
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Абай мектетебі
24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> 2 том: тез үшін. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет