Бикен ахметова


Отан үшін от кешіп тер төккен аға ұрпаққа мың тағзым



бет2/20
Дата08.09.2017
өлшемі3,38 Mb.
#30690
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

Отан үшін от кешіп тер төккен аға ұрпаққа мың тағзым



Нұрлы Нұраның жаужүрек батыры




Мүтәш Сүлейменов - Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің үш дәрежесінің иегері, Қазақ КСР, КСРО ағарту істерінің үздігі, Қарағанды қаласы мен Нұра ауданының Құрметті азаматы.

Қара бұлтты сейілтіп, күн шуағын сыйлаған ардагерлер қатары жылдан жылға сиреп қалса да, фашизмге соққы берген аталарымыз болашақ ұрпақтардың жарқын келешегін қамтамасыз ету үшін қасық қандарын аяған жоқ. Арада қанша жыл өтсе де қан майданда «Отан үшін» деп алға ұмтылған, қаһармандықпен ерен ерліктің үлгісін

көрсеткен жауынгерлер есімі ешқашан ұмытылмайды.

Тілен батырдың ұрпағы Қарабек батырдың немересі Мүтәш Сүлейменов Мүтәш Қарағанды облысы Нұра ауданы Кертінді ауылында 1921 жылы дүниеге келген. Қызыл Армия қатарына 1941 жылы Нұра аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылды. Тепсе темір үзетін, жиырмадағы жігіт алдында не күтіп тұрғанын білген жоқ. Өз есімі ел есіне мәңгі сақталып, аты-жөні тарихта қалатынын да білген жоқ. Оның көңілінде жалғыз-ақ арман болды. Ол жауды жеңіп, жеңіспен туған жерге аман-есен оралу еді. Ал соғыстың ұзаққа, табанды төрт жылға созылатынын ол кезде де білген жоқ. Алдымен ол әскери жаттығу бөлімшесінде дайындықтан өтіп, кейіннен 114-ші атқыштар бригадасының пулеметшілер ротасының құрамында шайқастарға қатысты. Кеңес жауынгерлері қынадай қырылды десе де болғандай. Адам жаны шошырлық көрініс еді.

1941-1945 жылдардағы соғыстың басынан-аяғына дейін қатысқан жауынгер жаумен нағыз ерлерше, батырларша шайқасты. Соның жарқын дәлелдерінің бірі – «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің де иегері болғандығы. Мәскеу түбінен басталған майдан жорығы Берлинге дейін жалғасты. Екі ортада Украин қалаларын азат етуге, Белоруссияны жаудан тазартуға, Румыния, Венгрия, австрия жерлерінде болған қанды ұрыстарға қатысты. Соғыс жылдарында I дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Бас қолбасшының алғыстарын

алды.

...1944 жылдың қаңтар айы. Могилев қаласы үшін қиян-кескі ұрыстар. Жау шегінуде. Славянка елді пунктін тазарту кезінде взвод командирі лейтенант



Крапивников жараланып, ойламаған жерде жау қоршауында қалады.

Мұны байқаған Сүлейменов жауға қарсы оқ жаудырып, командирін траншеяға арқалай қашады. Ешқандай бұйрықсыз ақ жүрегі, өз байламы арқылы жасаған көзсіз батырлығы үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Одан соң соғыстың сұрапыл шайқасындағы жанқиярлық ерліктері үшін сержант Мүтәш Сүлейменов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

... 1944 жылдың шілдесінде Погоран селосын азат етуге Мүтәштің зеңбірек расчеті айтарлықтай үлес қосты. Жаудың жиырма шақты солдатын жойып жіберді. Оның осы ерлігі III дәрежелі «Даңқ» орденімен аталып өтіледі.

364 –ші полктің артиллерия бастығы подполковник Тропинин зеңбірекші Мүтәш Сүлейменовті шақыртып алып, жау артиллериясының атыс орындарын нақтылап беруді бұйырды. Көзге түсіп қалмау үшін, жер бауырлай жылжыған Мүтәш аман-есен жау шебіне жетіп, ондағы атыс позицияларын белгілеп алды. Барлаушы жеткізген деректерді пайдаланып, нысананы дәл көздеген біздің снарядтар санаулы сағаттар ішінде-ақ жау артиллериясының күлін көкке ұшырды. Алға ұмтылған жаяу әскерлер легі көп кешікпей-ақ Кныш қаласын неміс басқыншыларынан азат етті, ал зеңбірекші-барлаушы Мүтәш Сүлейменовтың омырауында екінші дәрежелі «Даңқ» ордені жарқырады.

1945 жылдың көктемінде М.Сүлейменовтің зеңбірек расчеты Шығыс Пруссия жерінде болатын. Әділет пен қаскүнемдіктің соңғы шайқасында, осы ұрыстарда М.Сүлейменов жаудың ондаған атыс орындарын күл- талқан етті. Данциг қаласын жаудан азат етуде әрбір көше, әрбір үйді алу үшін қиян-қескі ұрыс болды. Сүлейменовтің 45-миллиметрлік зеңбірегі фашистің төрт танкісін, үш әскери көлігін, ондаған жендеттерінің көзін құртып жіберді. Мүтәштің бұл ерлігі де лайықты бағаланып, I дәрежелі

«Даңқ» орденімен марапатталды.

Мүтәш аға өзінің соғыста көрсеткен ерлігі жөнінде әңгімелеуге өте сараңдық танытты. Соғысқан жалғыз мен бе екен деп , өзінің жасаған ерліктерін Отан алдындағы жауынгерлік парызым деп білді. Соғыстан кейін де мен батырмын деп кеудесін соқпады, табалдырық тоздырмады. Өзінің бойына біткен қарапайымдылығы мен тектілігінің арқасында өмір кешті. Мамандығы бойынша еңбек етті, ұстаздық қызметін адал атқарып, мектепте жас жеткіншектерге сабақ бере жүріп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде орасан зор еңбек сіңірді.

85 жылдық ғұмырында ол батырмын деп кеудесін соқпақ түгіл, мен деп айтып көрмеген өте қарапайым, кішіпейіл жан екенін барша нұралықтар жақсы біледі. Сол үшін де оны ел-жұрты сыйлайды, төбелеріне көтереді. Туған халқының жүрегінен орын тепкен адамның ғұмыры қашан да мәңгілік.

Мүтәш Сүлейменов ел намысын жанымен сезген жауынгер. Оның ерлікке шақырған уытты, жалынды, парасаттылыққа толы үндеу сөздері майдандық «Отан үшін, алға!» газетінде талай рет жарық көрген.

Бұдан 65 жыл бұрын, 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде Қызыл алаңда тарихи Жеңіс парады өтті. Бүкіл адамзат біздің жеңімпаз, азат етуші әскерлеріміздің салтанатты мерекесін тамашалады. Жеңіс парадына барлық майдандардан жауынгерлер шақырылды. Құрама полктарда солдаттар мен сержанттер, офицерлер мен генералдар, Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің толық иегерлері бар еді. Бірінші батальон тек қана Кеңес Одағының Батырларынан құралған, ал екінші батальон

«Даңқ» орденімен толық марапатталған солдаттардан құралып, оның құрамында жерлесіміз Мүтәш Сүлейменов болды. Неміс басқыншыларының туларын аяққа басып, Мавзолейдің іргесіне лақтырып, Жеңістің нағыз қуанышын жүрекпен тану- жас жауынгер үшін ең үлкен бақыт еді!

Майдангерге тән тағы бір ерекшелік – оның Мәскеуде өткен тарихи бес әскери парадқа қатысқандығы. Сексеннің сеңгіріне келген Мүтәш ақсақал 2005 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған Мәскеудегі Жеңіс парадына 38 қазақстандық Кеңес Одағы Батырлары қатарында бесінші рет қатысу бақытына ие болған еді.

Ал М.Сүлейменовтың қырықтан астам мемлекеттік жоғары наградалары бар. Көзі тірісінде Н.Назарбаев М.Горбачев, Б.Ельцин, В.Путин сияқты мемлекет басшыларымен кездесіп, қабылдауында болды.

1970 жылы Москва қаласында 350 “Даңқ” орленінің толық кавалерлерінің кездесуіне қатысып, сол кездегі ССРОның қорғаныс министрі К.Гречкомен кездескен. 1975 жылы Алматыдағы 28 панфиловшылар құрметіне “Даңқ” мемориалы ашылып, Қазақстан басшысы Д.Қонаевпен жүздескен.

Мүтәш Сүлейменовтың анасы Зылиха Қарабекова да жүректі адам болса керек. 1942 жылы ауылға «Мүтәш Сүлейменов 1942 жылы 2 сентябрьде қайтыс болып, сүйегі Калинин облысы, Зубцовский ауданы, Юшнево деген жерде жерленген» деген «қара қағаз» келгенде анам көзіне бір тамшы жас алмаған.

«Саған «қара қағаз» келді, жалғыз балаң қайтыс болды ғой» деп көңіл айтқандарға «Елім, халқым, мен жыламаймын. Ұлым тірі, менің ана жүрегім сезеді. Балам әлі батыр болып оралады», деген екен. Былай шыға жұрт «Қайтсін енді, жалғызын кім өлді дегенге қияды» деп аяп, мүсіркеген екен. Анасының айтқаны рас болып, әкеміз қан майданнан аман-есен оралады. Бәлкім ол кісінің орнында басқа адам болғанда қайғыдан қаусап, жатып қалар ма еді?! Әжемізге сол бір адасып келген аты суық «қара қағаз» әлі сақтаулы.

2006 жылы өмірден озған батыр атамыз өмірінің соңына дейін өзінің жауынгерлік кейпін жоғалтқан жоқ, сол әскери адамға тән тіп- тік , жүріс тұрысы да әскери қалыпта сақталды.

М.Сүлейменов есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында аудандағы іргелі оқу орны, өзінің ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен орны

- қазақ орта мектебіне оның есімі берілген. Жерлестері батыр есімін аса құрметпен атайды. Себебі ол кісі тірі кезінде бәрімізге шынайы отансүйгіштіктің, ерліктің, патриотизмнің үлгісін көрсетіп кетті. Өмір

бойы жастарды осыған баулып, тәрбиеледі.

Биылғы жылы Қарағанды қаласында батыр тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды, қаламыздағы Оңтүстік –шығыс шағын ауданында қоныс тепкен мүгедек балаларға арналған мектеп – интернаттағы мұражайда М.Сүлейменов жайлы көп деректер қойылған.

Оның есімі Қазақ совет энциклопедиясына, Қарағанды облысының энциклопедиясына енгізілген.

«Даңқ» орденінің толық иегері, ауданымыздың Құрметті азаматы Мүтәш Сүлейменовтың сұрапыл соғыстағы теңдесі жоқ ерліктері елге мұра, ұрпаққа – ұран!

Ер есімі ел есінде! Ерлік мәңгілік!

Ерлік - елге өнеге, ұрпаққа ұран!

Атадан ұлағат арқалаған бүгінгі ұрпақ батырының есімін мәңгі сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізері анық!

Біз ар мен намысты ту еткен, қан майданда жан беріп, жан алысқан, елі үшін отқа түскен хас батыр бабамыздың рухы алдында тағзым етеміз!

18

Майдангер


Халқымыздың елдік болмысы мен ерлік қасиеті сынға түскен каһарлы сынақтың бірі – ХХ ғасырда елімізге өлшеусіз қасіреттәкелген фашизмге қарсы соғыс болғаны мәлім. Барша дүние жұртының келешегі ұстараның жүзінде ойнаған сол бір алмағайып жылдарда қазақ халқы адамзатты фашизм бұғауынан құтқарған Жеңімпаздардың алғы легінде болды. Бұл - біз үшін мәңгілік мерей. Жақсысын сыйлаған, үлкенін үкілей алған, кішісін кісілікке жетелеген бүгінгі қазақтың – бағы да, бақыты да азаттығы. Өткенсіз бүгін жоқ. Өткен ғасырдың басында өмір есігін ашқан, 30-шы

жылдардың ойранында бала көңілдері үркектей жүріп өскен, буыны бекіп, қабырғасы қатая бергенде басталған сұрапыл соғыста от пен судың ортасында болған, одан кейінгі бейбіт тірлікте түрлі салада еңбек еткен, бабалары аңсаған тәуелсіздік таңын, ақ шулан басын иіп қарсы алған, аталы да баталы сөздермен жар салған ардақтыларымыз ай санап азайып, жыл санап кеміп бүгінде жоқтың қасы.

Бүгінгі әңгіме кейіпкері Қоңырбаев Оспанбай – Ұлы Отан соғысының ардагері, диқаншы, жастардың тәрбиешісі ретінде есімі аудан, қала берді облыс көлеміне танымал тұлға. Өзінің еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен, адамгершілігімен жерлестерінің есінде мәңгіге қалған жан. Адал еңбек етті. Қан майданнан оралғаннан кейін де елге еңбегі сіңді. Ағаға іні, ініге аға бола білді. Адалдықтың, азаматтықтың үлгісі болды. Оның бойындағы ерекше қасиеттер – Отанға деген шын берілгендік, заман идеясына деген сенімділік, көбінде өзімнен бұрын өзгеге болса екен деген қайырымдылық пен тазалық еді.

1915 жылы дүние есігін ашқан оның балалық шағы нағыз зұлмат заманға келді, сондықтан да ол жасынан өмір тауқыметін тартты, буыны қатпай, белі бекімей жатып соқа айдады, мал бақты, ал 1934 жылы комбайн штурвалына отырды. 1939 жылы оны Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырды, сөйтіп ол Түркіменияның Ашхабад қаласына түседі. Бұл жерде Иранға аттандыру үшін шағын әскери жасақ қалыптастырылып жатқан еді. Ол кезде мұндай құрамда әскер борышын өтеу оңай іс емес еді. Ел шетіне жалмаңдап жау тигенде қатардағы жауынгер Оспанбай Қоңырбаев генерал Петров басқаратын 44ші армия қатарында ұрыс даласына аттанды. 1943 жылы жас солдат новороссийск операциясына қатысып Томан аралын жаудан азат етуде қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Ал Кавказды фашистерден азат етудегі ерекше ерлігі үшін кеудесіне медаль тағылды. Кавказдан соң ауыр шайқастар Украина жеріне ауысты, Ямполь, Батурин, Бахмач қалаларын жаудан тазартып кеңес әскерлерінің негізгі күштерінің алға жылжуына жол ашты.Украинаның қалалары мен селоларын жаудан азат етуде өмір мен

өлім арпалысқан сәтте алғырлық танытып, шырғалаңнан шығар тұста шешімді тез қабылдап көрсеткен ерлігі үшін жауынгер Қоңырбаев

«Майдандағы ерлігі үшін» медалімен, одан соң Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұдан кейін майдан жолдары батысқа бағытталып Батыс Украинаны, Белорусия, Венгрия, Чехословакияны азат ету операциясының бел ортасында жүреді. 1945 жылдың ақпан айында Варшаваны, Польшаны тұтастай азат етуге атсалысады. Осы майдан даласында толарсақтан саз кешіп көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін жас жауынгер Кеңес Одағының Бас қолбасшысы Сталиннің арнайы Алғыс хатымен бірнеше мәрте марапатталды. 1944 жылы гвардия жауынгері Оспанбай Қоңырбаев 3-ші Прибалтика майданы құрамына өтті. Бұл құрамда солдат Рига қаласын жаудан азат ету операциясында ерлікпен шайқасып «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған еді. Соғысты майдангер екі мәрте

«Отан» соғысы орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен аяқтады. Соғыс аяқталып, жауынгер елге оралды. Елде жетім - жесір, бала

– шаға, жұпыны тұрмыс, құлазыған шаруашылық алдынан шықты. Сондықтан көп қол қусырып отырмады, бірден қайнаған еңбекке араласты. 1946 жылы үйленіп отбасын құрды, 1948 жылы дүниеге Сейілхан есімді торсықтай ұл келді. Әрине, қан майданда төрт жыл толарсақтан қан кешкен майдангер үшін бұдан асқан бақыт жоқ еді.

Бейбіт заманда Оспанбай Қоңырбаев еңбек майталманы болды, соғыстан кейін комбайнер, тракторшы болып жер жыртып, егін егіп, дән жинады. Өзінің көп жылдарда жинаған тәжірибесімен жастармен үнемі бөлісе білді. Жастарға ақылшы болды, тәрбиеші болды. 1954 жылы тың игеру кезеңінде Оспанбай Қоңырбаев №3 бригаданы басқара жүріп жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы жұмысты ол кісі зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарды. Еңбектегі жетістіктері үшін Оспанбай Қоңырбаев Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі Ордендерімен, халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде қол жеткізген табыстары үшін оның есімі Қазақ ССРінің «Құрмет» кітабына алтын әріппен жазылған.

«- Соғыстың аты өшсін, баланы да, ананы да аямайтын қанқұйлы қасірет қой. Бейбіт күнге, тыныш тірлікке не жетеді! Соғыс өртін көрген адам болғандықтан, одан кейінгі тірлігімде жайдары күннің тыныштығын сақтауға, еңбек етіп елімді көркейтуге арнадым,- дейтін еді ол кісі. Оспанбай Қоңырбаев ақсақал 1996 жылы дүниеден өтті. Арайлап атқан тәуелсіздік таңына сүйсінді, тәубә деді. Баласы Сейілханның қызығын көрді, немере, шөбере сүйді. Лайықты ізбасар тәрбиелегеніне қуанды, себебі бүгінгі таңда Сейілхан Оспанбайұлы да әке жолын қуып, Жараспай ауылында шаруашылықты басқарып, елдің тозбауына, тұрмыстарының жақсы болуына барынша күш жұмсауда. Үлкенді-кішілі жұмыста жүргенде жұртқа адал қызмет еткен, адалдықты көңіліне тұмардай түйіп, жанына серік қылған майдагер есімі ел есінде мәңгі сақталады.




Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет