«бір ел – бір кітап» акциясы 2016 Қазақстанда республикалық «Бір ел – бір кітап»



Дата31.12.2019
өлшемі88,29 Kb.
#54781


«БІР ЕЛ – БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ - 2016

Қазақстанда республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.


«Бір ел – бір кітап» – 2016

Жыл кітабы – Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» кітабы



Жыр үлгісіндегі жазылған бұл дастан ойдан қосылған әсіреқызыл бояулардан аулақ, шынайы өмірге барынша жақын, қазақ даласындағы қанқұйлы соғыстың, ерлікке толы күрестің бір үзік шежіресі деп білеміз.

Бабатайұлының шағын сюжетті тымсал өлең, дастан жанрларындағы терең ойлы, көркем бейнелі, маңызы мен мәнін мәңгілік жоғалтпайтын жыр жауһарлары қашан да тағылым мен тәрбиенің құралы, өлең-өнердің өлмес туындылары қатарында тұра берері кәміл. Өйткені олардың қазақ әдебиетіндегі озық үлгі, ұтымды үрдіс бастауы болар табиғаты бөлек дүниелер екені айқын.

Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Сандықтас өңіріyде туып, 1871 жылы дүние салған. Жырау алғыр, зерек болып өседі. Жасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды.

Дулат Бабатайұлының тікелей өзінің өмірбаянын немесе өмірінін белгілі бір кезеңін сипаттайтын туындылары аз. Әйтсе де жыраудың мінезі, ой-өрісі мен ақындық мұраты жайында шығармаларына сүйеніп, сенімді тұжырымдар жасауға болады.

 

Менің атым – Байғыз қарт,



Көзге түсер сиқым жоқ,

Орынсыз күлер күлкім жоқ,

Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.

Көзге қораш бойым бар,

Теңізден терен ойым бар,

Шынардан биік санам бар,

Атан өгіз ағызған

Ақылдан алпыс салам бар.....

Мұндағы "көзге түсер сиқы жоқ", ел тағдырын ойлап, сирек күліл, аз ұйықтайтын, атағы алыстарды шарлаған кемеңгер, ақылы дария, сөзі алтыннан ауыр Байғыз қарт – ақынның өзі.

Ақынның бізге жеткен мұрасы мың жарым жылдай. Дулат өлеңдерін алғашқы жеткізуші ─ 1839 ─ 1919 жылдары ғұмыр кешкен Байділда атты адам. Кейіндері Ғаббас Байділдаұлы, Шәкір Әбенұлы жинаған. Баспаға Мүлкен Сейілұлы даярлап, алғаш рет Қазанда «Өсиетнама» деген атпен 1880 жылы басылып шыққан. Жинақтағы жыр көлемі 800 жолдай. «Еспенбет» атты поэмасы бар.

Ақынның алғаш аты 1939 жылы құрастырылған С. Мұқанов, Қ. Бекхожин хрестоматиясында кездеседі.

1940 - 1941 жылдары шыққан мектеп оқулықтарында Қ. Жұмалиев шығармаларын талдап жазды.

1961 жылғы «Қазақ әдебиеті тарихының» I томында ақын жайында толық айтылды. «XVIII ─ XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962), «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Дастандар» (1960), «Бес ғасыр жырлайды» (1989) секілді жинақтарда Дулат өлеңдері көрінеді.

Дулаттың атын ақтап, қазақ еліне таныстырған ғалымдар: Х. Сүйінішәлиев, Қ. Жұмалиев, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, М. Мағауиндер болды.

Дулат ─ өте қуатты, екпінді ақын.

Бұндай туындылар Қазтуғанның «Мадақ жырындай»,Махамбеттің «Мен, мен мен едім» секілді көрінгенмен, Дулатта лирикалық бояу басым. Кейде ақын әлеуметтік мәселені баса және ашына айтады.

Ақын өлеңдерінен заман, адам өзгерістері, басқа ел мақсат ─ мүддесіне бейімделе бастаған халық халі, туған жер, адалдық, адамдық қасиеттерді өрнектеген өзіне ғана тән бояуды табамыз. Дулатқа дейін ақыл айту, құр нақыл дәрежесінде келсе, ақын бәріне өзін кінәлі санап, ашына айтады. Бұған дейін көрінбеген өзгеше леп. Жаңа жол.

Секілді сөздер кейін ұлы Абайда жаңа өрнекпен көрінеді.

Ақын ел билегендерді де, басқыншы орысты да ашына, барын ақтара көрсетеді. Ғалым Р. Сыздықова айтқандай: «Дулат ─ қазақтың ұлы ақыны», ұлылықтың бастауы. Сонысымен құнды.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Дулаттың өзіндік үлкен орны бар. Өйткені ол өзінің толғау - жырларында көптеген келелі мәселелерді көтеріп, өз заманының шындығы бірқыдыру бере білді. Жеке кісілерге арналған өлеңдерінде (Кеңесбайға, Бараққа, ел аралаған ишанға т,б) сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтеріле алды. Дегенмен, түптеп келгенде Дулат жырау ескішіл ақын, феодалдық қоғамның жаршысы. Дулат толғаудың асқан шебері болғандықтан өлендердің барлығы дерлік еркін ұйқасты жеті-сегіз буыннан тұратын жыр үлгісінде болып келді. Ақының кіргізген бір жаңалығы кейбір толғауларының шумақтарында өзара қайталап отыратын заңдылық бар.

 

ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ (1802-1874)



 

Қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі, жаңа дәуір әдебиетінің аса ірі ақыны - Дулат Бабатайұлы (1802-1874) казіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аяғөз ауданында туған. Кедей ортадан шыққан. Руы Найман. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. Алайда, ақындық өнерді ерекше қастерлеген аймақта өмір сүрген, көне ақын-жыраулар мұрасынан, ескі тарихи аңыздар мен эпикалық жырлардан нәр алып өскен Дулат Бабатайұлы өз заманындағы ең білімді адамдардың бірі болды. Өнер жолына ерте түскен Дулат Бабатайұлы ХIХ ғасырдың орта шенінде Сарыарқадағы ең атақты ақындардың санатына қосылды.

 

Дулат шығармашылығы әр кезде де көзі қарақты филолог-зерттеушілердің назарын өзіне аударып келеді. Оған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде қазақ әдебиеттану ғылымының, қазақ тіл білімі өкілдерінің әр кезеңдерде жазған еңбектері дәлел. Дулат шығармаларындағы әлеуметтік-философиялық тұжырымдар, тіл көркемдігі, өлең құрылымындағы жаңалықтары, педагогикалық ой-пікірлері мен танымдық-тағылымдық сипаттары әр қырынан зерттелді. Дулаттанудың негізін қалағандар В. Радлов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев; Дулат поэзиясын зерттеуге елеулі үлес қосқандар: Х. Сүйіншәлиев, Қ. Өмірәлиев, Р. Сыздықова, М. Мағауин, М. Жармұхамедұлы, Т. Қожакеев. Дулат шығармашылығындағы поэтика мәселелеріне қатысты құнды пікір айтқандар: З. Ахметов, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Н. Ғабдуллин, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, Ш. Сәтбаева, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, Ә. Нарымбетов, Б. Әбіл-қасымов, Ж. Ысмағұлов, А. Егеубаев, С. Негимов, Б. Омарұлы, т. б.



Дулат Бабатайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Өсиетнама» 1880 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспасынан жарық көрген. Құрастырып, бастырушы Сейілұлы Мәулекей. Кеңестік кезеңде Д. Бабатайұлының өлеңдері 1991 жылы Құлмат Өмірәлиевтің құрастыруымен және алғысөзімен «Замана сазы» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Өкінішке орай, бүл жинақта Дулаттың көптеген өлеңдері қысқартылып, заман қалауына қарай екшеліп, құйрық-жалы күзеліп берілгені байқалады.

 

Тек тәуелсіздік тұсында ғана Дулат Бабатайұлы шығармашылығы толық жинақталып, «Өсиетнама» деген атпен 2001 жылы «Ғылым» баспасынан, осы жолдардың авторының құрастыруымен және алғысөзімен жарияланды. Сондай-ақ, ақынның туғанына 200 жыл толуы қарсаңында «Кеудем ақыл сарайы» деген атпен 2002 жылы Астана қаласындағы «Ер-Дәулет» баспасынан жарияланды. Академиктер З.Ахметов пен С.Қасқабасовтың басшылығымен Дулат Бабатайұлының «Тұнық тұма» атты екі кітаптың басын қосқан бір томдық басылым жарық көрді. Оның бірінші кітабы «Өсиетнама» деп аталып, оған ақын өлендері топтастырылды. Екінші кітабы «Дулат жырау тағылымында» дулаттанушылардың зерттеу мақалалары топтастырылды. Кітаптың жауапты шығарушысы З. Серікқалиев.



 

Дулат өлеңдерінің жанрларын, түрлерін айқындағанда, көбіне-көп сонау түркі дәуірінен жалғасып келе жатқан мотивтік, мазмұндық ұқсастықтармен қатар, формалық жағынан да бірдей үлгілердің мол екендігін көреміз. Оның сыры Дулат Бабатайұлы өмір сүрген дәуірдің ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасын жалғаған дәнекер кезеңге тән ортақ құбылыстардың мейлінше айқын дамыған тұсы екендігімен де сабақтас қаралады. Олай болса, тақырып ерекшелігімен байланысты өлең лексикасында айтулы өзгерістер болатыны секілді, оның түрлік (формалық) сипаты да біршама өзгеріске ұшырауы заңды. Себебі өлең форма аясында дүниеге келеді. Мұнда синтаксистік, ырғақтық, сөйлемдік өзгерістер аса көп байқалмайды. Мәселе, негізінен, сөздік қордағы бар дүниелердің жаңа уақытқа, жаңа мақсатқа қарай өзгеше «мінез танытуында».

 

Өз кезеңіндегі басқа ақын-жыраулар секілді, негізінен, дидактикалық сарындағы шешендік толғау өлеңдерді дүниеге әкелген Дулат сөздерінде қазақтың шешендік өнеріне тән қысқалық, нұсқалық, көркемдік, шыншылдық, турашылдық, алмастай өткірлік, сенімділік, т.б. ерекшеліктер мен мақал-мәтелге тән түйіп айту, образдылық, салыстыру салғастыру, саралау, нақтылық, ой жұмырлығы секілді қасиеттер қатар көрініп жатады.



Дулат толғаулары мазмұнына, жалпы табиғатына, болмысына қарай бірнеше топқа бөлінеді.

Дулат толғауларында автордың бүкіл ішкі сезім айнасы қолға ұстатқандай айқын байқалады. Жаратылысы бөлек, талғамы биік, таңдауы тектілікке иек артқан арқалы өнерпаздың ой терендігі сындарлы сөз толқынын тудырып, әп-сәтте сөз дауылын ұйтқытып әкетеді. Ұйғарымды ой ұлағатты сөз болып, жыр болып төгіледі.

 

Дулат жыраудың өлеңдерінде, негізінен, «сап толғау» түрі сирек кездеседі. Өйткені Дулат нені айтса да, оны тек баяндап қоймайды, өзі сол құбылыстың, әрекеттің ішіне еніп, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, ащысы мен тұщысын қатар сезіп, сезініп қана тілге тиек етеді. Оның, сап толғау (көңілдің таза күйін шығыстық баяндау сипатындағы толғауы) үлгісіндегі сөз түріне «Жас кезеңі», «Асқар таудың сәні жоқ» өлендері жатады. «Жас кезеңі» талай тарлан ақындардың, жасампаз жыраулардың шығармаларына арқау болғаны белгілі. Д.Бабатайұлы адам өмірінің бел-белестерін жас мөлшерімен сәйкестендіріп сыпаттайды. Ол әр кезеңге ұзын сонар шолу жасамайды. Өзінің өткен, тұрған, енді баратын асуларына ақын боп тіл қатады. Мүнда ол абстрактылы ұғымды жанды зат кейпінде алып, онымен сырласады. Әр жастың өзіне ғана тән қайталанбас даралығын екі жолмен түйіндеп отырады:



Он бес деген жас қайда

Жарға ойнаған лақтай?

Қайда кеттің, жиырма жас,

Тастан шыққан бұлақтай?

 

Жиырма бес бар ма маңайда



Жайқалған жасыл құрақтай?

Отыз, кеттің алыстап,

Толықсыған сынаптай.

Дулаттың сап толғау түрінде жазылған екінші өлеңі «Асқар таудың сәні жоқ» деп аталады. Бұл өлең табиғат, адам, қоғам арасындағы байланысты үздіксіз желі етіп тартып, өмірдің өнегелік өлшемдерін сөз етеді. Ақын адамзаттық құндылықтардың мәнін ашу үшін оны деректі үғымдармен салыстыра-салғастыра отырып жырлайды. Оның ішінде «асқар тау», «өзен-су», «қопалы жер», «ақ ауыл» секілді нақты объектілердің сәнін кіргізетін сипаттар санамаланады. Байдың, би мен бектің қасиеттері, сонымен бірге шешендік, сұлулық, батырлық секілді ұғымдарды құрайтын арналар сөз болады. Асқар таудың сәні көк майсалы белінде, етегіне қоныс тепкен төрт түлігінде; өзен судың сәні жағасына жайғасқан аймақты елінде; қопалы жердің сәні тұңғиық, мөлдір айдын көлінде; ауылдың сәні жылқысын үйездеп, ноқталы құлынын күйездеп тартқан желісінде дегенді айтады. Ал, адамдықтың сәні оның қоғамда алар орнымен, билік, қызметімен өлшенбейді, айналасындағы елімен, халқымен қатынасына тікелей байланысты екендігін әсерлі толғайды. Адамзат ардақтайтын шешендіктің, сұлулықтың, батырлықтың белгісін тағы да сол елмен сабақтастырады:

Шешендіктің сәні жоқ -

Сөзіне сүттей ел үйып,

Қолтығына ел сыйып,

Басына бақыт қонбаса,-

Жырау ең соңында айтқан сөзіне құлақ асып, ден қояр елдің барлығына күмәнді сезіммен жауабы қиын сауал тастайды: Өлеңнің «Зарлаудан, сарнаудан не пайда?» деген сұрақпен аяқталуы үлкен философиялық ойға жетелейді.

 

Қарап отырсақ, Дулат өлеңдерінің қай тұсы болса да, ұлағатқа меңзейтін нақыл сөз бен ой түйіндерінен түрады. Оның өлеңдерінен жасанды, жалаң шумақ түгіл, артық бір сөз табу қиын. Әр сөз, әр тіркестің астарында айқын ой, алымды сезім бар. Олар өзара шағылысып, бір-бірінің мәні мен сәнін аша түседі. Үлкен бір бүтіннің бөлінбес бөлшегіне айналып кете береді.



 

«Дулат жырларының күш-құдіреті оның көркемдік қуаты, мазмұн байлығымен қатар, замана келбетін бар бедерімен көрсете білген шыншылдығында», - дейді М.Мағауин. Сондықтан XIX ғасырдағы халық тарихындағы зобалаң кезең көріністерін ақынның толғауларынан анық байқаймыз.

 

Дулат өлеңдерінің бір қасиеті - олардың әлі күнге өз құнын жоймауы, жаңадай қабылдануы.



Жалпы ұлттық философия, ұлттық таным мәселелері халқымыздың жадында сақталған ауыз әдебиеті үлгілерінде, көне жазба ескерткіштерінде, автордың аты сақталған әдеби мұраларда көрініс беріп отырады. Дулат шығармалары да бұл сөзіміздің толық дәлелі бола алады.

Дулат шығармаларында жалпы адамзаттық құндылықтар -адамгершілік, адалдық, бірлік, ізгілік, шындық, тазалық т.б. жөнінде орамды тілмен айтылған айқын да аңғарлы ой жиі кездеседі.

 

Дулат Бабатайүлының шығармалары оның шын мәнінде диалектик, ойлаудың терең тұңғиығына, өмірдің қайшылықтарына, бұрылысты кезендеріне батыл көзқарас білдірген үлкен философ екенін көрсетеді. Ақын көтерген проблемалардың бірі таным болса, оның қалыптасуына ұғымдарды, құбылыстарды салыстыра бағалау әдісінің негіз болатыны дәл пайымдалған. Ақынның салыстырулары арқылы жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, әсемдік пен көріксіздіктің ара жігі ашылып, өмірдің мәнін тереңдей түсінуге болады.



 

Дулат жыраудың философиялық көзқарастары сол заманның тұрмыс-тіршілігінің, халықтық салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың ерекшеліктерімен үндесіп жатыр. Оған қоса өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-мәдени жағдайы да көп әсер ететіні занды құбылыс. Өзге тұстастары секілді Дулат та өмірді тануға, оның мәнін ашуға, қоршаған ортаның адам өмірінде атқаратын рөлін тануға, жеке адамның дүниедегі мәні мен орнын анықтауға ұмтылды. Дулат үшін жеке адам – қоғамның бөлшегі, бірақ ол әбден қалыптасқан тұйық нәрсе емес, өзгеруге бейім құбылыс. Бұл ой ақынның өз пікірлерінде, әсіресе, философиялық-дидактикалық сарында жазылған шығармаларында кең түрде жырланады.

 

Қазақ әдебиетінің фольклор жанрындағы хайуанаттар туралы ертегілердің халықтың қоғамдағы жағымсыз құбылыстарды меңзей айтып, ел билеушілеріне өз тілегін жанамалап жеткізудің құралы ретінде пайдаланылғаны белгілі. Бұл жанр тапқырлықтың, шешендіктің, танымдық тереңдіктің қосыңдысы, үлгісі ретінде бағаланады, тағылым мен тәлімнің бір жүйесі түрінде қызмет етеді. Осы үрдісті жалғастырып, алғаш рет мысал түрінде өлең жазған Дулат Бабатайұлы болды.



 

Дулат Бабатайұлы шығармаларында қазақтың ұлттық философиясының негізгі нәрі мен мәні мейлінше айқын көрінеді. Оған ақынның табиғи ақындық болмысы, өмір сүрген қоғамдық-әлеуметтік ортасы, өзіне дейінгі тарихтан тамыр алған танымдық ұғым-түсініктері ерекше әсер еткендігі сөзсіз. Олай болса, қазақ тарихының, қазақтың дүниетанымының өсу, өрлеу жолдарын, даму кезеңдерін дұрыс бағамдау үшін осындай рухани қазыналарымыздың атқарар қызметі ерекше маңызды.



 

Дулат Бабатайұлы шығармалары:



  1. Бабатайұлы, Д. Иман - жанның сапасы / Д. Бабатайұлы ; құраст.-автор Е. Шаймерденұлы // Қазақ афоризмдері. - Алматы.- 2008. - 87-88 б.

  2. Бабатайұлы, Д. Өлеңдер / Д. Бабатайұлы ; бас редактор Ә. Нысанбаев // Екімыңжылдық дала жыры. - Алматы. - 2000. - 174-180 б.

  3. Бабатайұлы, Д. Тұнық тұма. Кітап 1-2: 1 кітап: өлеңдер мен дастандар; 2 кітап: сын - зерттеу, көзқарастар / Д. Бабатайұлы; алғы сөз З. Ахметов, К. Раев. - Алматы: Раритет, 2002. - 288 б. - (Қазақ жыры).

  4. Бабатайұлы, Д. Шығармалары : өлендер, дастандар, мысал өлендер, зерттеулер, пікірлер / Д. Бабатайұлы ; кұраст., алғы сөз С. Қорабай. - Алматы: Ана тілі, 2013. - 295, [1] б.

  5. Бабатайұлы, Д. Шығармалары мен тағылымы / Д. Бабатайұлы ; алғы сөз З. Ахметов, Қ. Раев. - Алматы: Раритет, 2003. - 288 б.

  6. Бабатайұлы, Д. Шығармалары мен тағылымы / Д. Бабатайұлы ; алғы сөз З. Ахметов, Қ. Раев. - Алматы: Раритет, 2003. - 288 б.

 
Каталог: uploads -> doc -> 0212
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0212 -> Педагогикалық іс тәжірб
0212 -> Сабақтың тақырыбы: Қыстырма сөз Сабақтың мақсаты: а білімділігі


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет