Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес мәселесі аса өзекті болып отыр. Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризм барлық түрлері және көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды. Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен кедей елдерде де орын алып отыр.
Елбасымыз «Сындарлы он жыл» атты кітабында былай деп атап өтеді: «Фундаменталистер тарапынан болатын шетін агрессиядан немесе тұрақсыздықтан қауіптеніп, діннің өзіне, Ислам дініне қатысты қатал саясат ұстану, менің пайымдауымда мәнсіз де мағынасыз тірлік».
Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті былай ескертеді: «Бұл жағдайда да қауіп-қатердің зоры, Сенімді жору мен Сенімнің өзінің арасындағы айтарлықтай айырмашылықтың ескерілмеуінде болса керек». Яғни, әр дінде адамдық қажеттіліктермен және мақсаттармен нақты адамдар тұр деп түсінген жөн, олар негізгі діни жорамалдармен санаспайды.
Бұл мәселеде Мемлекет Басшысы діни экстремизм құбылысына алдын алу саясаты мен алдын алу әрекеттерінің түрлі нұсқалы әдістемесі тұрғысынан мұқият қарауға шақырады. Аталған жағымсыз құбылыстың айқын қауіп тудырып отырған жағдайында барлық дін қызметкерлерінің, әсіресе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, осы бағыттағы біліктілігін жоғарылата отырып, ортақ іске жұмылдыру қажет.
Уақыт өз талабын қояды. Сондықтан, мешіт имамдарына ислам ілімдері, шариғат және фикх қағидасында, сондай-ақ, әлеуметтану, конфликтология мен психология тәрізді зайырлы ғылымдар тұрғысында радикализм мен экстремизмге діни-идеялық тұрғыдан қарсы тұру қағидаларын, яғни, негіздерін оқытудың жүйелі бағдарламаларын қалыптастырып, іске қосу қажет деп есептейміз.
Біз Ислам дінін үйренгенде бірбеткейлік пен асырасілтеушіліктен бойын аулақ ұстайтын парасатты мұсылман тұлғасын тәрбиелеуге мүдделіміз. Біздің дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көп ғасырлық даналығына негізделген. Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған қазақтардың дәстүрлі мұсылмандығында басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Ұстамдылық және қоғам бірлігін қорғау идеялары көптеген қазақ ойшылдарының философиялық еңбектерінде көрініс тапқан және бүгінгі қазақстандық қоғам арасында да кеңінен таратуға лайықты. Қазақ даласының әл-Фарабидан бастап Абайға дейін жалғасқан 1100 жылдық рухани тарихы бар.
Сөзімнің соңында дін саласындағы түйшектелген мәселелерді шешу, экстремистік және террористік мақсатта дінді пайдалануға жол бермеу, зайырлы қоғамымызға қауіп төндіріп тұрған үрдістерге тосқауыл қою – ортақ жұмысымыз екенін атап өтемін. Ең бастысы – біз қоғамда діни экстремизм және терроризм идеяларын қабылдамайтын жағдай жасауымыз керек. Бұл - біздің ортақ міндетіміз.