Дін және мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері діни экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін»



Дата17.06.2018
өлшемі78 Kb.
#42999
ДІН ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

Дін және мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері діни экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін» (Дулат Исабеков, ҚӘ, №14, 18.04.2003 ж.) дейтіндей, ора шолақ пікірлер де айтылуда. Осы мәселеге байланысты ғылыми қорытынды жасау үшін алдымен қоғам өмірінің ең маңызды ұстыны саналатын дін мен мәдениеттің арақатынасын анықтайық.
Бүгінгі мәдениеттану, антропология және социология саласының теоретиктері дінді мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі деп санайды (мысалға Э.Б. Тайлор, Леслие Уайт, Радклифф Броун, Рут Бенедикт, Франц Боаз, Бронислав Малиновский, Уиллиам Хавиланд қатарлы ғалымдардың еңбектерін айтуға болады – М.Б.). Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз мәдениет те болмайды. Дін әлеуметтік құбылыс һәм қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір идеологиялар мен саяси ағымдар діннің осы рөлін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүниежүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени һәм экономикалық уақиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас. Әсілі, дін осы салаларға бағыт-бағдар беретін күштің бірі, тіпті ең бастысы. Қоғам құрылымының анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Қоғамдарды басқа қоғамдардан ажырататын ең негізгі қасиеттің бірі осы діннің өзі болып табылады.
Заманауи әлеуметтану ғылымдарынан социология, психология, антропология, мәдениеттану, философия, филология, саясаттану, өнертану дінді зерттеумен шұғылданады. Бұлар дінге әлеуметтік феномен, қоғамдық уақиға және қоғамға пішін беретін құдірет ретінде қарайды. Халық арасында кең таралған хұрафи сенімдер мен ырым-секемдердің өзі қаншалықты әсерлі екені баршаға белгілі. Діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып-білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және ХХІ-ғасырдағы халқымыздың өсіп-өркендеуінің басты құралы дініміз.
Маркс еңбектерінде идеология мәселесіне өзін жетектеген күштің дін болғанын жазған. Мұндай жағдайды Людвиг Фейербахтың (Ludwig Feuerbach, 1804-1872) еңбектерінен де табуға болады. Мысалы, Фейербахтың ой жүйесі сезім арқылы білінетін нәрселердің ғана бар екендігіне негізделуші еді. Сол себепті Құдайдың барлығын растайтын нақтылы дәлел болмайынша Оның барлығын дәлелдеуге болмайды деген философ. Фейербах дін әкелген дәлелдерді ғылыми айғақтарға жатқызбай, жай қараңғы сенім қатарына қосқан. Сөйтіп, ол Карл Маркс пен Фридрих Энгелске (Friedrich Engels, 1820-1895) қатты ықпал жасаған. Осы материалист-атеист Фейербах философиясының әсеріне шалдыққан адамдар бізде де жеткілікті. Маркстің дінді «халықтың апиынына» теңеуі және Гегельдің «құқық философиясына сын» атты мақаласы осы сарында жазылғаны белгілі. Маркстің пікірінше дін адамды белгілі қағидалардың құлына айналдырады, діннен ада болған адам осы алданыштан да азат болады. Мұнымен, Маркс дін мен идеологияның арақатынасын мойындайды. Дегенмен Маркстің йаһұди (еврей) және христиан қоғамда өскенін және оның пікірлеріндегі дін туралы ойлардың осы екі дін төңірегінде шоғырланғанын айта кеткеніміз жөн.
Әлеуметтану ғылымдары ішінде ең көп дау-дамай туғызғандардың бірі мәдениеттану. Мәдениет дегенде кейбіреулердің есіне тек Пабло Пикассо (Pablo Picasso, 1881-1973), Вольфганг Моцарт (Wolfgang Mozart, 1756-1791), Петр Чайковский (Petr Chaykovskiy, 1840-1893) түседі. Ал, шындығына келгенде мәдениет ұғымы өте кең ауқымды қамтиды. Әр қоғамның қоғамдық қасиеттерінің материалдық және рухани тамырлары бар. Мәдениет дегеніміз осы дүнияуи және рухани қатынастардың ғасырлар бойы етене араласуы нәтижесінде қалыптасатын нәрсе. Сондықтан, заман өзгеріп мәдениеттің кейбір тұстары өзгеріске ұшырағанымен, қоғам өзінің мәдениеті мен оның өзегін сақтап қалуға тырысады.
Ислам дінінің көшпелі һәм руларға бөлінген араб қоғамында пайда болғаны белгілі. Дегенмен, ислам діні негізінен отырықшылықты, қалалық мәдениетті уағыздайды. Қазақ халқының тарихына қарайтын болсақ, ірілі-ұсақты рулар мен тайпалардың басын қосқан күш осы ислам діні болған. Ислам қауымдастығына қосылмаған түркі тайпалары болса мүлдем басқа мәдениет тобына қосылып, мүлдем басқа қоғамдарға айналған. Бұған мысал ретінде бұлғарларды, мажарларды, чуваштарды, сібір халықтарын т.т. айтуға болады. Америкада зорлықпен шоқындырылған қаралардың, Африкадағы отарланған халықтардың, Оңтүстік Америкадағы қызылтерілілердің де тағдыры ұқсас. Демек, әр халықтың мәдени ортасын анықтайтын басты фактор – дін. Мұсылман халқымыздың басты қасиеттерінен меймандостық, ағайынмен тату болу, Ораза айт пен Құрбан айт кезінде кешірімдесу, араағайыншылық, қайырымдылық ислам дінінің мұсылман үмметіне уағыздаған қасиеттері.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда ислам діні:
1) Қоғамға бағыт-бағдар береді,
2) Қоғамды біріктіреді,
3) Идеологиялық және мәдени ұғымдарды күллі қоғамға телиді,
4) Жеке тұлғаның және қоғамның мүдделерін қорғайды,
5) Этникалық негізден гөрі адами, рухани құндылықтарға мән береді.
Діннің мәдениеттің құрамдас бөлігі екені туралы тәжірибелік (эмпирикалық) дәлелдер:
1) Діннің жеке тұлға және қоғам өміріндегі нақты функциялары бар.
2) Дін әр адамға сол адам бағынышты болуға міндетті құдіреттің алдында жеке басының сенімділігі сезімін береді.
3) Дін адамға өзінің төңірегіндегі әлемді түсіну тұрғысынан өзіндік жүйе ұсынады.
4) Дін қоғам қатынастарының қалыптасуында басты міндет атқарады.
Мәдениеттің күштілігі соншалық, мәдениеттер арасындағы қақтығыста жеңіске жеткен мәдениеттің өзі жеңіліске ұшыраған мәдениеттің белгілі элементтерін сіңіріп алуға мәжбүр болады. Нәтижеде аралас мәдениеттер пайда болады. Ислам діні мәдениеттердің арасындағы парықтарды қабылдаған дін. Нәсілдер мен тілдердің, тіпті діндердің әртүрлілігін ислам діні таниды. Құранда адамдардың тайпаларға, түстерге бөлінгендігі, әркімнің діні өзіне екені туралы айтылған және Құран мұны Жаратушының шешімі ретінде көрсеткен. Қоғамдар арасындағы парықтар адамдардың бірін-бірі танып-білуі және қарым-қатынас орнатуы жағынан жағымды рөл атқаруы да мүмкін. Бұл біздің қолымыздағы нәрсе. Сондықтан, ислам дініндегі жүйені толеранттылықтан да жоғары қойған жөн. Тарихқа қарағанымызда сан жағынан аз мұсылмандардың үлкен мемлекеттерді басқарғанын көреміз. Яғни, мұсылмандар басқа дін уәкілдерін де қорғаумен шұғылданған. Мұсылмандар негізінен бір мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне хошкөрушілікпен қараған.
Адамзат тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани, фәлсәфи негіздерді қамтитын ислам діні осы дінге қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа салған...
Дін адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Ислам діні мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да егжей-тегжейде адамға таңдау еркі береді. Мәселен, исламият адамдардың киінуі мәселесінде негізгі қағидаларды белгілейді, бірақ дәл қандай киім үлгісін киюге араласпайды. Ислам діні адамдардың халал тағамдарды жеуін сұрайды, бірақ тамақты дайындау және қабылдау салтына араласпайды. Мәселен, Қытайдағы мұсылмандар ағаш таяқшамен, Еуропадағы мұсылмандар қасықпен, араб елдеріндегі мұсылмандар қолымен тамақ іше алады. Негізгі мәселе, халал, яғни рұқсат етілген таза тағамдарды жеу.
Кейбір әдебиеттерде, мәселен Жоржи Зейданның (Джирджи Зейдан, Jurji Zeidan, 1861-1914) «Ислам мәдениеті тарихы» атты еңбегінде мәдениет былайша сипатталған: «Мәдениет дегеніміз бір қоғамды қоғам, жамиғатты жамиғат, ұлтты ұлт жасайтын, оны өзге ұлттардан ажырататын өмірлік көріністердің топтамасы. Осы өмірлік көріністер әр ұлттың өзіне тән болып келеді». Қысқаша қайырып айтқанда мәдениет «әр ұлттың өзіне тән ойлау және өмір сүру салтының жүйесі» болып табылады.
Мәдениеттің негізгі қасиеттері мыналар:
1.Ұлттық сипатқа ие
2.Табиғилық және тірілік
3.Жалғастылық және тарихилық
4.Ұлттың ортақ мұрасы болып табылады
5.Өзегі өзгермейді
6.Үйлесімді тұтастық болып табылады
7.Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Міне, осы қасиеттердің барлығын зер сала зерттегенімізде ислам дінінің қазақ халқының мәдениетіндегі ең маңызды бөлік екенін көреміз. Ендеше, Қазақстан мемлекетінің сыйлығын алған жазушы Дулат Исабеков (1942- ) ағамыздың «дін мәдениеттің құрамдас бөлігі емес екен, дініміз өзгерсе өзгерсін, мәдениетіміз өзгермесін...» деген сөздерінің ғылыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық болады. Ал, мәдениет пен өркениеттің парқы неде? Мәдениет ұлттық сипатта болғанымен, өркениет дегеніміз халықаралық, ғалами сипаттағы нәрсе. Бір мәдениетті екінші мәдениетке тұтастай аударудың мүмкін еместігін жоғарыда айтқанбыз. Өркениет болса жалпы адамзатқа тән байлық.
Мәдениеттің негізгі факторлары мыналар:
1. Дін: Әр ұлттың өзіне тән иман және сенім жүйесі.
2. Тіл: Әр ұлттың өзіне тән сөйлеу және түсінісу құралы.
3. Өнер: Әр ұлттың өзіне тән сән, зауық және сезімдердің бейнеленуі және жасалуы.
4. Тарих: Әр ұлттың өзіне тән өмір сүру салтының, мәдени байлығының замана ағымындағы көрінісі, іс-әрекеттердің даму барысы.
5. Әдет-ғұрыптар: Құқықтық-қалыптық құжат еместігіне қарамастан, қоғам тарапынан есепке алынатын, іске асырылатын салт-дәстүрлер.
Қорыта айтар болсақ, қазақ халқының мәдениетінің жоғарыда көрсетілген тармақтарының барлығында да ислам дінінің мызғымас әсерін, үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. «Дініміз өзгерсе өзгерсін» деген сөздің қандай мақсатпен айтылғанын түсіну мүмкін емес. Қазір, халқымыздың дінін тұтастай өзгерту туралы әңгіме күн тәртібінде тұрған жоқ, яғни қазақ халқының күн тәртібінде жоқ. Ал, енді халқымыздың мәдениетімен, дінімен, тарихымен қақтығыста жүрген бір-екі адам айтты деп, ислам дінін тастап, басқа дінді қабылдайын деп жатқан біздің халық та жоқ. Халқымыздың, мәдениетіміздің толып жатқан көкейкесті проблемалары тұрғанда жазушы ағамыздың қажетсіз әңгімені көтеруі көңілге күмән келтіреді. Сол себепті, ислам дініне қарсы айтылған сөздерді қасақана айтылған демесек те, сәтсіз һәм орынсыз айтылған деуге толық хақымыз бар. Бүгінгі конференция өткізіліп жатқан осы Орталық Мұражайды аралағанда қазақ халқының мәдениетіндегі исламияттың өшпес орнын тайға таңба басқандай паш ететін жәдігерлерді көруге болады. Тек көретін көз болса болғаны...

ДІН СОЦИОЛОГИЯСЫ[1]

Елiмiзде дiн социологиясы iлiмдерi соңғы жылдары ғана жандана, негiзделе бастағанын ескерген жөн. Бұл туралы пiкiрлерiмiздi баяндамас бұрын, алдымен дiн социологиясының зерттеу тақырыбы және дамуы хақында айталық. Қысқаша айтқанда, дiн социологиясы адамдардың дiнге негiзделген әлеуметтiк қатынастарын зерттейдi (Kehrer G. Religionssoziologie. – Berlin: Walter de Gryter und Co., 1968). Әлеуметтiк қатынастардағы дiннiң ықпалды рөлiн жоққа шығаруға болмайды. Соңғы ғасырларда Батыс қоғамдарында дiннiң нормативтiк күшi шектелген сайын дiни феномендердiң зерттелуi таза теология мәселесінен гөрi социология, саясаттану, антропология, құқық, психология сияқты эмпирикалық iлiмдердiң зерттеу нысанасына айналған. Сондықтан, дiн әлеуметтiк феномен ретiнде социологтар үшiн аса маңызды зерттеу объектiсi ретiнде қарастырылуда. Дiн социологиясы дiннiң кейбiр бағыттары бойынша адамдарды белгiлi әлеуметтiк әрекеттерге жетелейтiн қоғам сегменттерiнiң пайда болуын зерттейдi. Мәселен, белгiлi бiр дiннiң яки сектаның (тариқаттың) мүшелерi өздерiнiң дiни нанымдары негiзiнде белгiлi бір әлеуметтiк іс-амалдарды жүзеге асырып жатса, белгiлi бiр формада киiнiп, белгiлi қоғамдық қатынастарға түсiп жатса, бұл тiкелей дiн социологиясының зерттеу саласына кiредi.


Батыста дiн социологиясы мынандай негiзгi зерттеу салаларына бөлiнген:
1-Дiндердiң әлеуметтiк тұрғыдан пайда болуының себептерiн түсiндiру: негiзiнен ХIХ-ғасырдың өзектi зерттеу саласы. Бұл салада Х. Спенсер (Herbert Spencer, 1820-1903), Эдуард Бернетт Тайлор (Edward B. Taylor, 1832-1917), Сэр Жеймс Фрейзер (James Frazer, 1854-1941), Карл Маркс (1818-1883) және Эмиль Дуркгейм (Emil Durkheim, 1858-1917) қомақты еңбектер жазған (Din Sosyolojisi, Der.: Yasin Aktay-M.Emin Köktaş, - Istanbul: Vadi Yayınları, 1998, 130-152 беттер).
2-Шiркеу табының әлеуметтiк һәм дiни өмiрiн зерттеу. Бұл саланың белгiлi зерттеушiсi француз Габриел Ле Брас (Gabriel Le Bras, 1891-1970).
3-Дiн мен зайырлы (светский) қоғам арасындағы ықпалдасушылық. Әсiресе, ХХ-ғасырда қызу зерттеулер жүргiзiлген бұл саланың уәкiлдерi Макс Вебер (Max Weber, 1864-1920), Йоахим Вах (Joachim Wach, 1899-1955) және Г. Меншинг (Gustav Mensching, 1901-1978). Дегенмен, ғалымдардың басым көпшiлiгiнiң ортақ пiкiрi – дiн социологиясының зерттеу тақырыптарын бұлармен ғана шектеуге болмайды. Ол құрамында «дiн» бар әр түрлi әлеуметтiк феномендер мен олардың себеп-салдарын зерттейдi.
Дiндердi зерттеген Батыс социологтары дiннiң эмпирикалық, бiрақ құндылық қоюшы емес ғылымнан, эмпирикалық һәм құндылық қоюшы идеологиядан және эмпирикалық уә құндылық қоюшы емес философиядан парықты қасиеттерi бар екенiн анықтаған. Себебi, адамдардың дiннен туындайтын әлеуметтiк қатынастарында дiн анықтаған «киелi» және «киелiден тыс» ұғымдар, ұстанымдар уә мәмiлелердiң айтарлықтай маңызды әсерi бар. Осы мәлiметтер негiзiнде дiн социологиясы мына ғылым салаларымен тығыз байланыста болады: этно-социология, әлеуметтiк философия, құқық, дін психологиясы, теология, әлеуметтiк антропология, дiндер тарихы және феноменологиясы.
Ендi, дiн социологиясының зерттеу әдiстерi туралы айталық. Эмпирикалық, яғни тәжiрибеге сүйенген iлiм ретiнде дiн социологиясы нақтылы зерттеулер мен тәжiрибелердi жүзеге асырады. Жоғарыда аталған ғылым салалары тарапынан дайындалған ғылыми материалдар негiзiнде дiннiң әлеуметтiк сыр-сипаттары жөнiнде тұжырымдар жасалады. Дiннiң қоғам өмiрiндегi маңызды орны уә ықпалын анықтаудағы ең тиiмдi әдiс адамдармен сұхбаттар жүргiзу (тiкелей кездесу әдiсi) және дiни топтар мен секталардың, маргиналды дiни ағымдардың (суфи тариқаттары сияқты – М.Б.) ритуалдерi мен жыйналыстарына қатысу және тәжiрибе жыйнақтау (эмпирикалық әдiс). Бұған қоса дiни мәтiндер мен баспасөзде келтiрiлген дiни ақпараттарды сұрыптау, талдау, герменевтикалық сараптау пайдалы әдiстерге жатады. Жыйналған материалдар сапалы һәм саналы сарапқа салынбайынша ғылыми нәтижелер шығаруға болмайды дейдi белгiлi зерттеушiлер Эмиль Дуркгейм, Макс Вебер және Б. Малиновски (1884-1924).
Дiн социологиясы жөнiндегi материалдарды сонау антикалық дәуiр авторларының еңбектерiнен ұшырастыруға болғанымен, қазiргi ғалымдар бұл саланың ХIХ-ғасырдың бас шенiнде қалыптасқанын атап айтады. Дiн социологиясының негiзiн салушылар Клауд Анри де Сен-Симон (Claud Henri de Saint-Simon, 1760-1825), Август Комте (Auguste Comte, 1798-1857) және Карл Маркс (Karl Marx, 1818-1883) саналады.
Дiни iс-әрекеттер екi формада жүзеге асырылуы мүмкiн: бiрiншiден, кейбiр адамдардың яки тұтастай қоғамның белгiлi уақыттарда белгiлi iс-әрекеттердi жүзеге асыруы. Мұндай жағдайда дiни өмiрдi ұйымдастырушы дiни ұйымның болуы шарт емес. Екiншiден, дiни iс-әрекеттердi белгiлi ұйымдардың ұйымдастыруы (діни институт – М.Б.) және олардың мән-мағынасын белгiлеуi. Осы тұрғыдан алғанда дiн социологиясы дiни ұйымдар мен қоғамның әлеуметтiк тұрғыдан талдауын мына мәселелер бойынша жүзеге асырады:
1-дiни ұйымды сипаттау
2-дiни ұйымдардың тармақталуы
3-дiни ұйымдардың типологиясы
4-дiни ұйымдардың дамуы
5-дiни жамағатты сипаттау
6-дiни жамағаттың құрылымдық жүйесi
7-дiни жамағат мүшелерiнiң дiни ұстанымдары мен әрекеттерi
8-дiни жамағат пен қоғамның ара қатынасы
9-дiни сипаттары бойынша қоғамның әлеуметтiк таптарға жiктелуi
10-әлеуметтiк жiктер жүйесінiң дiнмен ара қатынасы
11-әлеуметтiк таптардың спецификалық дiндарлығы
12-дiни көпшiлдiк және әлеуметтiк таптарға жiктелу
13-дiн және әлеуметтiк динамикалардың ара қатынасы.
Бұларға қоса, әсiресе Макс Вебер «Протестант этикасы және капитализмнiң рухы» атты еңбегiнде дiннiң экономикалық өмiрдегi рөлiн – экономикалық iс-әрекеттердегi дiннiң рөлi, дiн және экономикалық әдiс тақырыптары бойынша зерттеп, Қытай, Жапон, Үндi және Еуропа экономикаларындағы бұл елдердiң дiни нанымдарының әсерiн талдаған (Вебер М. Избранное образ общества. – Москва: Юрист, 1994. 600-623 бб.).
Адамдардың саяси өмiрiндегi дiни әрекеттер мен ұстанымдарды зерттеу дiн социологиясының мiндеттерiне жатады. Зерттеулер азаматтардың дауыс беруiнде дiни факторлардың айтарлықтай рөл атқарғандығын дәлелдеген. АҚШ президентiнiң Библияға қолын қойып ант беруi, АҚШ, Австралия және Жаңа Зеландиядағы орташа һәм төменгi ауқаттағы католиктердiң көбiнесе солшыл партияларға, ал жоғары ауқатты буржувазияны құрайтын протестанттардың көбiнесе оңшыл партияларға дауыс беретiнi дiн мен саясаттың әлеуметтiк қатынастарына мысал. Германиядағы католиктердiң басым көпшiлiгi CDU (Christlische Demokratische Union – Христиан демократиялық одақ) партиясына, ал протестанттардың басым көпшiлiгi солшыл бағыттағы SPD (Германия социал-демократиялық партиясы) партиясына дауыс беретiнi анықталған. Түркиядағы жағдайға келер болсақ, ұлттық-дiни ұстанымдарды күштi сақтаған кедейлер мен төменгi тұрмыстағы азаматтар дiни және ұлттық бағыттағы партияларға, ал әл-ауқаты жоғары және орташа ауқаттағы азаматтар болса оңшыл яки солшыл партияларға дауыс беруде. Түркияда солшыл партияларға дауыс беретiндер көбiнесе зайырлы қоғамды жақтаушылар мен сүнни топқа жатпайтын азаматтар һәм кірмелер.
Дiн социологиясының ендiгi зерттеу саласы – жанұя қатынастарындағы дiннiң рөлi. Бұл сала жанұяның дiни-әлеуметтiк тұтастығын, жанұя өмiріндегi дiн факторының рөлi мен дiни ритуалдердi (үйлену, ажырасу, жанұя құрылымы, өлiм, балалардың жыныстарына қарай тәрбиелену ерекшелiктерi, жанұядағы қарт мүшелердiң орны, экзогамия-эндогамия, полигамия-моногамия, туыстық қатынастардағы дiннiң әсерi т.т.) жан-жақты зерттейдi. Дiн социологиясы, сонымен қатар, дiн және әлеуметтiк қақтығыстардың ара қатынасын анықтаумен де шұғылданады. Алуан этникалық топтар мен діндерден құралған Қазақстандық зерттеушiлер үшiн бұл сала тың һәм маңызды...
Бiзде дiн социологиясы, оның iшiнде ислам социологиясы саласындағы зерттеулер ендi-ендi бастап келе жатқанын айта кеткен жөн. Мұның себебi ретiнде дінге қарсы негізделген бұрынғы томаға-тұйық қоғамның әсiре позитивист һәм «профан» ұстанымдары мен Батыстың отарлау жүйесінiң осы саладағы өзiнiң үстемдiгiн дәлелдеуге бейiмделген бiржақты шолақ харекетiнiң салқын ызғарын айтуға болады. Бiзде жалпы дiн мәселесi көп жылдар бойы еленбей келе жатқан күрделi де маңызды ғылым саласы. Дiн дегенде тек дiннiң ғибадат жағын яки естен танып зікір салуды ғана ойлайтындар бар. Ал, жоғарыда есiмдерi аталған Батыс зерттеушiлерiнiң еңбектерiнде ислам дiнi туралы материалдар тым аз һәм көбiнесе бұрмаланған түрде келтiрiлген. Батыс зерттеушiлерi көбiнесе Үндiстан, Қытай, Африка, Солтүстiк уә Оңтүстiк Америка мен Тынық Мұхит аралдарындағы отарланған тайпаларды зерттеумен һәм олардың қаншалықты «тұрпайы» екендiктерiн анықтаумен келген. Ең мәшһүр ғалымдардың өзiнiң еуропа-центризмге яки этноцентризмге негiзделген бақылаулардан аса алмағанын көресiң...
Батыс елдерiнде дiн социологиясы туралы туындылардың ХIХ-ғасырдан бастап жазылғанын жоғарыда айтқанбыз. Алайда, мұсылман елдерiнде бұл сала бойынша алғашқы материалдардың пайғамбарымыз Әз Мұхаммедтен (с.а.у.) кейiнгi ғасырларда-ақ, пайда болғанын айтуға болады. Құран Кәрімдегi исламға дейiнгi қауымдар мен Пайғамбарымыздың кезiндегi араб, йаһұди (еврей) және христиан қоғамдарының дiни-әлеуметтiк өмiрiн суреттейтiн аяттарды айтпағанның өзiнде, хадис және тарих кiтаптарында арабтардың мұсылмандықтан бұрынғы наным-сенiмдерi, әлеуметтiк құрылымдары, дiни ритуалдерi және исламмен пайда болған өзгерiстер туралы аса құнды материалдар кезiгедi. Еуропа халықтары қараңғылықты бастан кешкен VII-XII ғасырлар аралығында мұсылман авторлар жазған мыңдаған кiтаптардан дiн социологиясына негiз боларлық мәлiметтер уә ғылыми тұжырымдарды табуға болады. Дегенмен, мұсылман ғалымдардың пiкiрiнше ислам елдерiндегi дiн социологиясы туралы арнайы ғылыми зерттеулер Мұхаммед Әбу Райхан әл-Бирұни (973-1048) еңбектерiмен басталған. Араб, парсы, түркi, үндi, санскрит, грек, ибрани (иврит), арами, сұрия тiлдерiн әбден меңгерген әл-Бирұни көптеген жылдар бойы Үндiстан жерiн аралап, ондағы халықтардың дiни нанымдарын зерттеген. Әл-Бирұни «Китаб-ұт тахқиқ мә ли-л-Һинд» (Үндiстандағы зерттеулер туралы кiтап) және «Китабұ Батенжел әл-Һинди» (Үндiстанның Патанжали кiтабы) атты еңбектерiнде үндi халықтарының дiни ұстанымдары мен қоғамдық өмiрi туралы құнды мәлiметтердi оларды кемсiтпей, төмендетпей келтiредi (G. Tümer, Biruni’ye Göre Dinler ve İslam Dini. – Ankara: D.İ.B. Yayınları, 1991. 173-184 беттер). Белгiлi ғалым, Әндүлүс мұсылмандарының iрi жұлдызының бiрi Әбу Мұхаммед Әли Хазмұлы (Ибн Хазм, 994-1064) «әл-Миләл уә-н Ниһәл» атты еңбегiнде көптәңірлі (политеистiк) және біртәңірлі (монотеистiк) дiндердi жан-жақты зерттеп, дiн социологиясы тұрғысынан аса құнды мәлiметтердi сыныптайды. Тарихшы, әлеуметтанушы һәм философ Ибн Халдұн (1332-1406) барлық дүние жүзiнде алғашқы әлеуметтанушылардың бiрi ретiнде қабылданған.
Соңғы ғасырда дiн социологиясы саласында қомақты еңбектер жазған ғалым ретiнде философия ғылымдарының докторы, профессор Хилми Зия Үлкендi (Hilmi Ziya Ülken, 1901-1974) айтуға болады. Ол Түркиядағы дiн социологиясының негiзiн қалаушылардың бiрi. Оның ондаған рет басылған және сала мамандарының басты құралына айналған еңбектерiнен социологияға қатыстылары мыналар: «İctimai Doktrinler Tarihi» (Әлеуметтiк доктриналар тарихы), «Sosyoloji» (Әлеуметтану), «Sosyolojiye Giriş» (Әлеуметтануға кiрiспе), «Dini Ictimayat» (Дiн социологиясы). Түркияда дiн социологиясы саласында келелi еңбектер жазған ғалымдар Сабри Үлгенер (Sabri Ülgener, 1911-1983), Ерол Гүнгөр (Erol Güngör, 1938-1983), Амиран Билгисевен (Amiran Bilgiseven, ислам социологиясы туралы құнды еңбектер жазған) және Шериф Мардин (Şerif Mardin, 1927- ). Ислами әлеуметтiк антропология саласында Кэмбридж университетiнде iстейтiн пәкiстандық ғалым, профессор Әкбар Ахмед (Akbar S. Ahmed, 1947- ) ағылшын тiлiнде маңызды еңбектер жазған зерделi зерттеушi.
Елiмiздегi дiн социологиясы саласындағы зерттеулерде батыстағы ғылыми ағымдардың шылауына түспей, мәселеге шынайы ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал. Батыс ғалымдарындағы басым пiкірият материалистiк-позитивизм уә ұлттық-нәсілдік және діни үстемдікке негізделген алғыойлылық (предубеждение – М.Б.) дiн социологиясына да салқынын тигiзуде. Ұзақ ғасырлар бойы дiн мен ғылымның арасындағы қақтығыстарға сахна болған Еуропада дiн көп жағдайларда ескiшiлдiктiң, артта қалушылықтың белгiсi ретiнде қабылданады. Марксизм сияқты әсіре реалист-материалист жүйелер дiнге өндiрiстiк барыстың вертикалды нәтижесi һәм таптық қоғамға тән мәселе деп қарайды. Шынтуайттап айтқанда, материалист Батыс ғалымдарының пiкiрiнше дiн материалдық өмiр мен қоғамдағы құбылыстардың бiрi. Сондықтан, дiн тек онтологиялық ақиқат ретiнде қарастырылады да онтикалық (жеке және ақырғы шындық болмыс – М.Б.) ақиқат ретiнде қарастырылмайды. Осындай ұстанымдарды Дуркгейм мен Вебердiң еңбектерiнен кездестiру бiздi таңырқатпауы керек. Мәселен, Дуркгеймнiң эволюционист үрдiсi бойынша барлық дiндер әлеуметтiк құрылымдардан туындаған функциялар болып табылады да тотемизмнен (пұтқақұлдық) бастап, монотеизмге (біртәңірлілік) қарай дамиды. Ал, Вебердiң еңбектерi протестант сенiмі маңайында өрбiгендiктен, оның материалдарын басқа дiндерге пайдалануға болмайды.
Дiн социологиясын зерттеуде Батыс елдерiнде қолданылып келе жатқан әдiстердiң бiрi – «социография» әдiсi. Бұл әлеуметтiк қарым-қатынас феномендерiн сипаттауға бағытталған әдiс. Осы әдiс бойынша әлеуметтiк өмiрдiң белгiлi бiр мәселесi хақында деректер жыйналады, тәжiрибелер жасалады, санақтар жүргiзiледi және жыйналған мәлiметтер салыстырмалы түрде талданады. Социографиялық талдаулар практикалық тұрғыдан пайдалы болғанымен, терең ғылыми нәтижелерге апармауы мүмкiн. Сонсоң, мұндай қолдан жасалған материалдарды Батыстың тек өз мүддесі үшін пайдаланатынын ұмытпаңыз.
Ислам дiнi өзге дiндермен көптеген ұқсас жақтары болғанымен нақтылы монотеизм, яғни «тәухид» қағидасына негiзделген, көптәңірлі (политеистiк) қоғамда пайда болғанына қарамастан, Мекке қоғамының мәдени үрдiстерiне қарсы бағытта қалыптасқан дiн. Ислам дiнi Меккедегi тәңiрлер (пұттар) пантеонын жойып, оның орнына бас тәңiр емес, бiрегей және бiрлiк ұғымды бiлдiретiн Аллаһ Тағалаға иман етудi, Одан басқа ешкімге, ешнәрсеге құл болмауды, табынбауды бұйырады. Сондықтан, ислам нанымы адамдарға толықтай материалдық һәм рухани азаттық бередi. Бұның әлеуметтiк өмiрдегi көрiнiстерi пұттарға табынатын яки белгiлi бiр дiни тапқа құлшылық жасататын басқа дiни-әлеуметтiк жүйелерден (христиандық, суфизм т.т.) айырмашылықтары орасан зор. Демек, ислам социологиясы мен мұсылман қоғамдарды зерттеген кезде Батыстың ұстанымдары мен әдiстерінен гөрi зерттеу субъектiсiне тән әдiстердi қолдану тиiмдi болады. Ислам социологиясы туралы зерттеулерде осы дiннiң универсалдылық, күллі ғаламдық сипатын ескерген жөн...
Қазақстан Республикасы жас мемлекет. Тәуелсiздiгiмiздiң 10 жылдығын тойлап, төбемiз көкке жеткендей болдық. Алайда, елiмiздегi экономикалық-құқықтық реформалармен барабар күрделi әлеуметтiк өзгерiстер де жүзеге асуда. Заманауи мәдени ықпалдастық, жиһандастыру (глобализация) және ұлттық идентификация, дәстүрлi құндылықтардың өзгеруi, гео-саяси және гео-экономикалық проблемалар... Мiне, осы мәселелердiң бүгiнгi және ертеңгi нәтижелерiн анықтауда дiн социологиясының, оның iшiнде елiмiз халқының басым көпшiлiгiн құрайтын мұсылмандардың дiни социологиясын зерттеудiң маңыздылығы айқын. Бiрақ, аталмыш iлiм саласының бүгiнгi жағдайы көңiл көншiтерлiк деңгейден тым алыста. Жалпылап алғанда дiн социологиясын, жалқы ислам социологиясын зерттеуде жоғарыда аталған проблемаларға қоса мынандай қыйыншылықтарды айтуға болады:
1-Дiн социологиясы саласында жазылған әдебиеттер я тым аз, я тiптен жоқ. Батыс авторлары мен мұсылман зерттеушiлердiң маңызды еңбектерiнiң бiрде бiрi қазақшаға аударылмаған. Бұл проблема тәуелсiз ел ретiнде бiздiң ғылыми дамуымызға аса жойқын соққы беруде.
2-Жалпы дiн саласындағы зерттеулерге, оның iшiнде, әсiресе ислами зерттеулерге зайырлылық қағидасы алға тартылып, мән берiлмеуде. Христиан мемлекетi болғанына қарамастан, Германиядағы жыйырма шақты «Islamwissenschaften», яғни «ислам ғылымдары» бөлiмдерiнде мыңдаған студенттердiң бiлiм алып жатқанын айтсақ жеткiлiктi. Батыс елдерi және Америкада көптеген институттар уә арнайы зерттеу орындары йаһұдилiк, христиандық, ислам және өзге де дiндердi әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, экономика, құқық, философия т.т. тұрғысынан зерттеуде. Жаппай жұмыс iстеп жатқан бұл ұйымдар аталмыш елдердiң әлеуметтiк, саяси және экономикалық өмiрiне айтарлықтай маңызды үлес қосуда. Олардың бізде жүрген зерттеуші барлаушылары да арнайы материалдар жіберіп, өз миссияларын орындауда.
3-Дiн социологиясын тiкелей теологияның жұмысы деп бағалаушылық. Бұл да терiс пiкiр. Жоғарыда айтқанымыздай, дiн социологиясы мен теологияның ортақ мәселелерi бек көп. Бiрақ, христиан теологиясының қағидаларын басқа дiндерге, мәселен исламға телуге болмайтынын ескерген жөн. Батыс ғалымдарының өздерi өскен христиан ортаның әсерiмен дайындаған қалыптарын басқа дiндерге қолдануға болмайды. Мәселен, Америкадағы протестант тариқаттары бастаған фундаментализмдi мұсылмандарға тән феномен етiп көрсетуге тырысушылық бар.
Баяндамамды қорыта келе, бүгiнгi конференцияға қатысушы ғалымдарға үлкен ғылми-шығармашылық табыстар тiлеймiн. Елiмiздегi ислами зерттеулердiң осындай игi шаралардың көмегiмен соны серпiн алатынына сенемiн. Ол үшін бізге Батыс тілдерін терең меңгерген, бірақ Батысқа сатылмаған, өз діні мен руханиятына берік, ислам ғылымдарын заманауи ғылыми жетістіктер негізінде зерттейтін, өзін өткен тарихпен шектемейтін, болашаққа үмітпен, іждиһаттылықпен ұмтылатын және Құранды басшылыққа алатын мамандар қажет.



[


Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет