Ә.Қалдыбаев



Дата08.02.2022
өлшемі17,17 Kb.
#124401
Байланысты:
Асылым эссе
білім беру жүйесі, білім беру жүйесі, 2 т.БЖБ 7 сынып, 2 т.БЖБ 7 сынып, 8сынып БЖБ ІІ нұсқа, 8сынып БЖБ ІІ нұсқа, 8сынып БЖБ ІІ нұсқа, 8сынып БЖБ ІІ нұсқа, 8сынып БЖБ ІІ нұсқа, Питание

Эссе
«Өзі де, сөзі де өткір, батыр Бауыржан «Ұшқан ұя» сынды қазақ халқының өмір тынысын кең, қапысыз қамтып, оймақтайдан сақталып ой түйіп, өн бойына өң шындық тұнған шығарма»
Ә.Қалдыбаев 
Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы – тау тұлға. Ол кісінің өмір жолы , сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі , өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі – біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Батыр Бауыржан Момышұлы – алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, терең мағыналы ойлары «Ұшқан ұя» повесінде көрініс тапқан.
«Ұшқан ұя» повесі бүгінгі біз іздеп жүрген ұлттық идея, біз жоғалтып жүрген ұлттық болмыс, тірлігімізден біртіндеп ысырылып, өңі айналып бара жатқан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз, әр кейіпкердің мінезі, сөзі, қимыл-әрекеті арқылы жанды көріністей көз алдыңа келеді. Сол қазақы мінез, әдет-ғұрыптар ұлтына, жасына, дініне қарамастан Қазақстанның әрбір тұрғынын қызықтырып, халқымызға деген құрметін арттырып, бауырмалдық пен туыстыққа, сыйластыққа шақырады.
«Ұшқан ұядағы» оқиғаның түп өзегін әже бейнесі арқылы өрбейді. Туындының өн бойында әже образы – тектіліктің, кемеңгерліктің діңгегі ретінде суреттелген. Отбасының ғана емес, ауылдың ақылшысына айналған әже бейнесін автор ерекше бір тебіреніспен, сүйіспеншілікпен бейнелеген.
Әуезді әуенімен әлпештеген әже әлдиі де қаламгердің жүрегінде мәңгілік сақталған.Жазушы өз өмірінің темірқазығына айналған тәлімнің тектілігінің негізі ертегі мен көне әңгімелерден қаланғанын жас ұрпаққа өнеге етеді. Сонымен қоса қазақ халқы ерте заманнан бері ер баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі ерекше болған. Повестің өн бойынан аңғарылатын автор позициясы да осы қастерлі ұғымды үнемі алға ұстайды. Әкесінің баласын үлкенді сыйлау, сәлем беру дағдысына қалай тәрбиелегені шығармада шынайы көрініс тапқан. Үлкендерге амандасу рәсімін меңгерту нәтижесінде олардың аузынан бала Бауыржанға «жақсы азамат, жігіт болып қалыпты» деген көтерме баға берудің өзі тек жақсы болуға жетелеу екенін танытады.Әкесінің бала Бауыржанға шежіре жаттатқызуы да - тамыры терең тәрбие тиегінің ағытылуы. Профессор М.Мырзахметұлының Баукең туралы естелігіндегі: «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деген мақалаға айрықша мән беретұғын. Өзінің бала-немерелеріне, тіпті бізге дейін, Дулатқа дейінгі бабаларымыздың тізімін жазып беріп, жаттап алуды ескертіп отыратын.
Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміздің көрінісін Үбиянның ұзатылу тойынан аңғарамыз. Автордың балалық көңілмен қабылдаған, өзіне ерекше қызық көрінген «ұрын келу» салты шығармада мөлдіреп тұнық баяндалған. Қазақ дәстүрінде ұзатылар қыздың киіміне де ерекше мән берілген. Қалыңдық киімі он саусағынан өнері тамған ауыл шеберлерінің қолынан шығады. Қаламгер оқырман назарын ұзатылып бара жатқан Үбиянға дайындалған киім арқылы ұлттық киіміміздің куә-сырына қанықтыруды мақсат еткені байқалады: «Раушан түстес бүрме етек көйлекті кигенде әпкемді танымай қалдым. Керемет жарасымды екен. Көйлек сыртынан қынамабел көкбарқыт бешпет киді. Құндыз бөркінің төбесінде үкі желбірейді. Қос бұрымының ұшынан күміс тамшы төгілгендей, арқасында әсем шолпы сылдырайды. Аяғында биік өкше оюлы етік. Мойны моншаққа толы, кеудесін алқа көмкеріп тұр. Аппақ білегінде қос-қостан күміс білезік. Саусақтары сақинамен безенген. Тырнағына аздап сүрме жаққандай көрінді». Кейіпкер портретін жасаудағы шеберлік жалаң емес, ой, толғамға толы. Оның арғы жағында ұлттық дәстүрге деген терең сүйіспеншілік байқалады.
Әдетте, қыз ұзату тойы екі жақтың құдаласуы бітіп, қалың мал аяқталған кезде келісіммен жасалады.Үбиян тойынан оқырман ойын-сауыққа арналған көңілашарды ғана емес, ғасырлардан ғасырларға дәстүрлі жалғастығын бұзбай, ұрпақ санасының сарасынан сарапталған мәдени құндылықты көреді. «Отбасылық ғұрып фольклоры» атты еңбегінде зерттеуші-ғалым К.Мәтіжанұлы: «Қазақтың тойы дала төсіндегі үлкен сахнаны елестетеді. Ондағы әрбір адамның, құда-құдағидан бастап, шақырылған қонақтарға дейін өз мәртебесі, белгіленген орындары мен өз рөлдері бар. Күнделікті тіршіліктің ресми заңдары мен қағидалары мұнда жүрмейді, ол- мерекенің, тойдың ежелден қалыптасқан сөз қағидасына бағынады» деген тұжырым жасайды.
Шыны керек, осы кітапты оқи отырып мен Бауыржан атаның әкесі – Момыш атаға тәнтә болдым. “Неге?” десеңіздер, айтып берейін. ..Қызы Үбиан ұзатылып кеткеннен кейін, Момыш атаның тұрмысы одан бетер нашарлай түседі. Себебі қызының жасауына көптеп қарыздар алып, жүдеп қалады. Сонда балаларының өгей шешесі, демек екінші жұбайы мінез көрсете бастайды: “Қазаныңда май қалмады, қатықталған шай қалмады. Бір қызыңды ұзатамын деп, аш өзек етіп ұлытып қоймақпысың” деп. Бірбеткей Момыш ата мұндай сөзге шыдай алмай, әйелінің төркінін шақырып мынандай сөз айтады: -” Ағат кетсем, айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда қаңқу сөз есітем деген жоқ едім. Өгей деп, өңменінен итермес, өзім деп, бауырына басар деп ем балаларымды. Адасқан екем. Кеш болса да, жөнімді табайын. Табалау табына күйгенше, жалғыздықпен жағаласып өткенім жақсы. Қыздарыңызды ала кетсеңіздер екен. Салғыласып отыра алатын жайым жоқ” – дейді. Момыш атаның мына сөзі де ойға қалдырды: – “Біз үйміз, біз елміз, біз халықпыз. Адам туады, адам өледі. Ал халық ешқашан өлмек емес…” Өз басым осы кітапты оқып, нағыз жігіттік қасиеттердің қандай болатынын білдім. Қазақи салт – дәстүрлермен таныстым. Бұрын Бауыржан атаны қатал жауынгер ретінде білсем, енді ол кісіні қарапайым, жаны нәзік адам ретінде танып үлгердім.
Кешегі тағдырдың талай сынағына мойымай, бар асыл қасиетті немерелерінің бойына үйіп төккен асыл аналар, қариялардың қатал қабағынан ығып, үлкеннің алдын кесе өтпей, ізет көрсеткен кішілердің үлгі-өнегесі, үлкендік жолын қадір-қасиетімен мойындатқан алдыңғы буынның ақыл-нақыл, тәлім-тәрбиесі бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес тағылым, тәрбиенің көзі деуге болады.
Тұтастай алғанда, Б.Момышұлы шығармашылығы адам мен оның еңбегін биік бағалайтын, өмір, уақыт талаптарын адал атқарып, әділеттілік тұрғысынан жүзеге асыратын елдік пен ерлікке тәрбиелейтін тағылымды туындылар болып табылады. Мұнда елдік намыс та, ұлттық тәрбие де, отаншылдық өнегелік істер де бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында осындай құнды дүниелерді насихаттаудың маңызы зор деп ойлаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет