Әбу Насыр әл-Фараби-энциклопедист ғалым



Дата20.03.2020
өлшемі50,5 Kb.
Әбу Насыр әл-Фараби-энциклопедист ғалым

Кипшакбаев К.З.

Мырзанова М.И.

«Болашақ» университетінің жоғары

колледжі оқытушылары
Пәлсапаның негізін салушы түрік ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби. Карен Армстронг,

ағылшын ғалымы.


Әл-Фараби 870 ж. Арыс өзенінің Сырдарияға келіп құятын жағасына орналасқан Фараб қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні Әл-Фараби Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан, яғни әкесінің аты- Ұзлағ, ал арғы атасының аты- Тархан. Оның туған жері - ежелгі қазақ қаласы Отырарды арабтар Барфа, Фараб деп атаған, есімі осыдан келіп, "Фарабтан шыққан Әбу Насыр" болып аударылды. Қазіргі орны Түркістан облысы, Шәуілдір ауданының аумағы.

Әл-Фарабиді неміс шығыстанушылары ұлы, бірегей тұлға деп атап көрсетеді. Ғалым-энциклопедист, Ренессанс дәуірінің қайнар бастауында тұрған ғұлама көзі тірі кезінде-ақ Аристотельден кейінгі "Екінші ұстаз" атанған. Жаратылыстану ғылымын, білімін Бағдатта, Халебте (Алеппода) алған. Оны астраномия, логика, музыка теориясы , математика, этика, медицина, психология, құқық қызықтырды. Білімнің әртүрлі салаларын қамтитын 160 трактат жазған. [1]

әл-Фараби адамзат құрметі үшін интеллект өте қажет нәрсе деп есептейді. Ақыл халықтар арасындағы тартыстың (соғыстардың) мағынасыздығын көрсетеді. Содан олар "ең биік игілікке", яғни жер бетіндегі бақыт пен бейбітшілікке жету үшін "келісімге көшуіне тура келеді", шынайы бақытқа жету үшін үнемі іздену мен оқу керек дейді. Өзінің "Әлеуметтік-этикалық трактатында "ғалым : "Үлгі- өнегенің арқасында бұзақылық та , керемет істер де шығады", - деп жазды.

Тұлғаны тану-парасаттылық. Хакім Абай айтқан нұрлы ақылға сабыр қонса парасаттылық орнамақ. Сабырлылық-адам көркі. Қандай қиын, тар заман болса да, сабыр сақтау халқымыздың ата дәстүрі.

Әл-Фараби 870-950 жылдар аралығында ғұмыр кешкен.Философия-дінсіздердің ой санасы.Философия дегенде Құдай, Жаратушы деген қасиетті ұғымдар жоқ. Дүние өздігінен жаралған. Философия дін атаулыға қарсы. Батыста күні бүгінге дейін философия мен теологияны бір-біріне қарсы қояды. Теология деген Құдай туралы ой-сана. Философия-материалистік, атеистік бағыттағы ой-сана.

Философияда дін мен ғылым бір-біріне қарама-қарсы. Ал әл-Фараби мәселені мүлдем басқаша қойған, ол мұсылмандық жолдағы ғұлама. Ол кісі Алла бір, Пайғамбар хақ деген түсініктен шықпаған ойшыл. Құран Кәрімге қарсы жазылған әл-Фарабидің еңбегі бар дегенді білмейміз, естіген де жоқпыз.

Ендеше, мұсылман ойшылын, ғалымын қалайша жеп-жеңіл, өзіміздің адасқан түсінігіміз бойынша философияға сала салмақпыз. Бұл әл-Фараби туралы жалпақ жұртқа жаятын ақпарат емес, ең бастысы шындық емес.

Философия-батыс еуропалық ойлау жүйесі, батыс еуропалық мәдениет феномені. Реті келген соң, айта кетейін, еуропалық Огюст Конт философияны ешқандай қажеті жоқ деп ғылым санатынан шығарып тастап, оның орнына социологияны енгізген. Бұл жалпақ жұртқа белгілі жағдай.

Әл-Фарабидің кім екенін ағылшын ғалымы Карен Армстронг «Құдайтану баяны» деген еңбегінде «Пәлсапаның негізін салушы түрік ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби» деп анық жазған.

Әл-Фараби пәлсапаның негізін қалаушы. «Пәл»-жақсы деген мағына берсе, «сапа» деген сапа, яғни жақсы, сапалы ойлау жүйесі деген мазмұндағы сөз.

Әл-Фараби-ғұлама, ғалым, данышпан, хакім, пәлсапшы.

Әрине,ғалым ретінде әл-Фараби Аристотель еңбектерін қажетіне пайдаланған, ол қалыпты жағдай, біз немістің Иммануил Кантын оқып жатқан жоқпыз ба? Оқу бар, білім алу бар, бірақ бас иіп, ұстаз санау бір басқа.

Әл-Фараби қай мәселеде Аристотельді ұстаз санаған.Әл-Фараби туралы бізге жеткен ақпараттардан, оның Аристотельдің «Метафизикасын» зер сала оқығаны белгілі, сонымен бірге оның жанға қатысты трактатын отыз ретке жуық қайталап оқығаны туралы дерек бар.

Мұсылман әлемінде теңдесі жоқ қасиетті кітап бар, ол Пайғамбарларға Алла тағаладан түскен Құран Кәрім.

Құран пайғамбарға түсті. Ендігі жерде бұл кітап мұсылмандар және өзгелер арасындағы насихатталуы парыз. Насихатшы-пайғамбар, демек ол ұстаз. Мұсылмандар үшін бірінші ұстаз - пайғамбар.

Құранды ғылыми түсінікке салып, сол мақсатта сапалы ойлау тәсілін жасаушы - әл-Фараби, демек ол мұсылман әлеміндегі екінші ұстаз.

Сонымен сөзді жинақтай айтқанда, әл-Фараби ғұлама, данышпан, ойшыл, хакім, ғалым, бірақ философ емес және де оның бірінші ұстазы Аристотель емес, Құран түскен Мұхаммед пайғамбар.

Әл-Фараби: «Акциденцияларды сезім арқылы танимыз» - дейді. Яғни, акциденциялар бізге сезім мүшелері арқылы мағлұм болмақ. Ал субстанцияны қалай танымақпыз? Субстанцияны ақыл арқылы танимыз. Субстанцияны ақыл арқылы танысақ, ақылдан сезімнің айырмашылығы неде? Сезім сезіліп тұрады. Ақылда сезім жоқ. Ақыл-дерексіз. Абстракция. Ойша. Принциптік тұрғыда. Сонда ақыл бізге қайдан келеді, сірә Жаратушыдан. Тәжірибеге дейінгі ақылды бүгінде «априори» дейміз. Жаратушының ақылы қандай ақыл? Тәжірибеге дейінгі ақыл. Ақыл арқылы біз заттарды танимыз. Енді ақылдың дегенімен жүретін болсақ, ақыл бізді білімге, ғылымға алып келмек. Содан, ол кісі білім саласын жүйелейді:

1.Есеп туралы ғылым.Бұл есеп туралы ғылым деген-сан. Бір, екі, ....он,... он бес... Сандарды қосу,алу,бөлу,көбейту. Сандарды ретімен алу. Есеп туралы ғылымды гректер-«арифметика» деген дейді.

2.Өлшемдер туралы ғылым. Дүниеде неше түрлі өлшем бар: төртбұрыш, үшбұрыш, тікбұрыш, жазықтық, дене, нүкте. Мысалы, Евклид геометриясында екі сызық ешқашанда қосылмайды. Осының бәрін гректер «геометрия» деп атайды деген әл-Фараби.

3.Жұлдыздар туралы ғылым. Бұл ғылымды гректер-«астрономия» дейді. Ол гректердің айтқанын әрі қарай түсіндірген.

4.Дыбыстар туралы ғылым. Әуен. Ырғақ. Жоғарғы нота, төмен нота. Неге дыбыстар шығады? Өйткені дүние өзгерісте. Өзгерістегі әлем дыбыс шығарады. Сол дыбыстардың реті бар. Дыбыстар жайдан-жай шықпайды. Қандай нәрсе болмасын сол дыбыстардың ретіне байланысты аспаптар пайда болған. Әрқайсысының өзіндік дыбыстау ерекшеліктері бар.

5. Табиғат туралы ғылым. Табиғатта төрт қасиет бар: от, су, ауа, жер. Соларға байланысты су дымқыл және құрғақ субстанциялар, акциденциялар көріне бастайды. Соған байланысты сегіз бөлімнен тұратын ғылымдардың жүйесі бар. Медицина, физика, навигация, агромәдениет, алхимия... Бұлар жаратылыстану ғылымдар жүйесін құрайды.

6. Айналар туралы ғылым. Айналар туралы ғылым қоғамдық ғылым деген сөз. Айна деген-қоғам. Қоғам-осы отырған өзіміздің суретіміз. Біздің бейнеміз. Адам өз-өзіне айна болмаған кезде неше түрлі пиғылдар жасайды. Ешкім көріп тұрған жоқ деп ойлайды, ол қате қоғам деген айна. Мысалы, айнаның беті қисық болса, қисық көрінесің. Көмескі болса түріңді дұрыс көре алмайсың. Айнаның беті теп-тегіс болу арман. Айнада бәрі көрінеді. Айнаның тегіс болуы-қоғамнан. Біз қалай болсақ, қоғамымыз сондай. Қоғам біздің бейнеміз.

Әл-Фараби: ««Метафизика» деген ғылым бар, ол құдіретті ғылым» дейді. «Метафизика» деген физикадан кейінгі деген сөз. Аристотель «Метафизика» деген еңбек жазған. Дүние жүзіндегі барлық нәрсені түсіндіруші-физика.Альберт Эйнштейн:«физика астрономияның қарындасы еді, енді физиканың қарындасы биология»-дейді. Биология-тірі жүйелер физикасы. Физикадан асқан ғылым. Физикаға қажетті бір ғылым бар. Ол-математика.

Әл-Фараби ғылымдарды жіктеуді арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған.

Құдіретті ғылым дегенде бұл кісінің айтып отырған метафизикасы Хақ тағалаға тікелей қатысты. Ал құдірет деген Алланың ғана қасиеті. Сонда ол кісі ғылым мен дінді бөліп отыр ма? Бөліп отырған жоқ. Біз Кеңес заманында: дінді ғылымға, ғылымды дінге қарсы қойдық. Ғылым мен дін әл-Фараби түсінігінде ажырап тұрған жоқ. Дүниеде субстанциялар мен акциденциялар бар. Бәрі метафизикамен бітеді деген керемет ой. Пәл сапамен ғылым бітеді. Пәл сападан әрі қарай басқа нәрсе кетеді, сірә, ол ғұламалық.

Екінші ғылым-грамматика. Грамматика сөздердің рет-ретімен орналасуы. Грамматика семантикалық жағынан алғанда - пәлсапалық пән. Өйткені грамматика деген атауларды реттеу. Сөйлемнің грамматикасы дұрыс реттелмесе, оның мағынасы айқындалмайды.

Үшінші ғылым-логика. Ол әлі танылмаған нәрсені танитын және не ақиқат, не жалған екені туралы пікіріміз тиянақ табатын тұжырымдар жасау үшін хабарлы сөйлемдерді логикалық фигураларға сай сапқа түзуге үйретеді.

Төртінші ғылым-поэтика. Аристотельдің «Поэтика» деген еңбегі бар. Поэтика деген өнерге қатысты. Субстанцияны түсіндіргенде мысалы, алма-субстанция, оның қызыл болуы-акциденция. [3]

Фараби этикалық тұжырымдамасында негізгі орынды жақсылық санаты алады. Ойшыл "Әлеуметтік-этикалық трактатында ":"Жақсылық негіздің атрибуты бола тұра, материяға кіреді, жақсылықтан жамандық болмысының жоқтығымен ажыратылды", - деп есептейді, "Музыка туралы үлкен трактатында" музыка ғылымның мәселелерән зерттейді (музыкалық дыбыстардың құрылысынан музыка мен поэзияның байланысына дейін) көрсетеді.

Сайып келгенде, Әл-Фараби "Қайырлы қала тұрғындарының кітабы", "Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы", "Музыканың үлкен кітабы", "Өлең сөз және шешендік туралы", "Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат", "Логика", т.б. еңбектері - ғылым тарихында өзіндік орны бар дүниелер. Қорыта келгенде, әлем тарихында бүгінгі күні 1150-жылдық мерейтойы аталып өтіліп жатқан шығыстың ұлы энциклопедист-ғалымы әл-Фарабидің қалдырған ұшан-теңіз ғылыми мұралары болашақта пәлсапа пәнін енгізсек, ойлау жүйеміз табиғи өріске шығып, тәуелсіз елдің ой-санасы қалыптасуына аса зор мүмкіндік туар еді, хакім Абай айтқан толық адам осындай жағдайда қалыптасар еді. [4]

Әдебиеттер

1.Тарихи тұлғалар. Әбу Насыр әл-Фараби. Алматы, 2017 жыл, 88-бет.

2.Нысанбаев А.Ғылым тарихы және философиясы.Алматы,2013 жыл.

3.РайымқұловаД.У.Әл-Фарабижәнеорта ғасырлықОтырар.(Әл-Фарабидің 1130жылдығына арналған Халықаралық ғылыми - теориялық конференция материалдары) Алматы, 2001 жыл.



4.Ғарифолла Есім.Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби."Егемен Қазақстан"газеті,6 ақпан 2020 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет