Екінші кітап


Баспасөздің ардагер қаламгері



бет14/16
Дата05.11.2016
өлшемі3,16 Mb.
#566
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

23. Баспасөздің ардагер қаламгері

(Балтабек Асанов) [109]
Жазушы мен журналист – ағайынды қоңыр қаздай баспасөз өмірінде қатар, жарыса, жараса жүреді. Екеуінің де ұстаған қаруы – қалам, екеуінің де парызы – халыққа тіл өнерімен қызмет ету, жаңалықтың жаршысы болу. Біреуі өмір шындықтарын әсерлеп, бейнелеп толғаса, екіншісі-күнделікті шындық дүбірлерін әр сәтте, дер кезінде шапшаң, алғырлықпен жаңғырту міндетін атқарады.

Қалам ұстаған талапкердің өз тәжірибесін газет қызметімен бастамайтыны аз. Ақын-жазушы біткеннің бастау бесігі - газет, баспасөз.

Республикаға есімі мәлім, байырғы журналист Балтабек Асанов жетпіс жасқа толыпты деген хабарды естігенде, мені осы бір ғанибет жайлар ерекше толғандырды. (Бұл кісі кейініректе қайтыс болды). Баспасөз тарапында да, белсенді де жарты ғасырға жуық қызмет атқара жүріп, жас қаламгерлерге, солардың қатарында жас ақын-жазушыларға да қамқорлық шарапатын көбірек тигізген, оларды баспасөзге қызмет етуге баулыған аға журналистердің бірі – Балтабек Асанов.

Бұл пейілі кең, мінезі жарқын, инабатты адамды бала жасымнан 1926 жыл болса керек, мен Павлодардағы балалар коммунасы (Деткоммуна) аталатын мектептің төртінші класынан білемін. Осы мектептің төртінші класында менімен сабақтас болып Балтакең де оқыды. Мен, үйім қалада болғандықтан, үйден кетіп оқитын шәкірттер қатарында жүрдім де, Балтекеңдер Деткоммунаның белбаласы болып есептелді. Баянауыл атырабында туған кедей шаруаның баласы Балтабек жеті жасында әке-шешесінен айырылып, жұрдай жетім қалса да, ересек шағында да Екібастұздағы панасыз балалар үйінде екі жыл бойы оқып тәрбие алады. Балтакең дейтінім – сол Деткоммунада менімен бірге оқыған шағында, менен алты жас үлкендігінің үстіне, маған есейген, байсалды азамат болып көрінеді. Біздің класта менен еті тірірек, Балтакеңмен иықтас Рақыш Хайруллин (қазір белгілі журналист, зерттеуші (Садыр Әбішев) кейін партиялық жауапты қызметтер атқарды) сынды ересек ағайлар оқыды. Сондай бір, сақа жастардың арасындағы кішілері арбакеш Әбубәкірдің баласы Бекеш екеуміз ғана едік.

Балтакеңнің байсалды, ақылды жігіт болып қалғанын сол бала шағымда аңдаған едім. 1925 жылы комсомол қатарына алынған Балтабек осы мектептің өнегелі, белсенді шәкірті болды. Менімен сабақтас, бірақ ойы да, бойы да менен биігірек Балтабек Асанов, Сабыр Әбішов, Рақыш Хайруллин жеті жылдық сол мектептің мұғалімдерімен пара-пар ұйытқысы, көмекшісі іспетті болып көрінді балалықтан әлі арылмаған маған. Еріксіз есіме түсіп кетті – Бәкеңнің ағалық бір назарын сол шақта сезген екенмін. Класта сабақ жүріп жатты. Балтабектер дәйім алғы партада отырады да, Бекіш деген досым екеуміз дәйім артқы партада отырамыз (оқуға шалағай баланың әдеті ғой). Оның үстіне мен қыршын жасымнан дін мектебіне шырмалдым да есеп білімі дегенге дүмшелеу едім. Сол сабақ үстінде мұғалім мені кенет тақтаға шығара қалмасы барма? Аңдаусыз тұра бергенімде қойнымдағы сарбалақ көгершін пыр етіп ұша қалғаны ғой. Шалдуар басым бұл кептерді мектеп шатырынан таңертең бас салып ұстап алып едім. Мұғалім жаңылмасам, фамилясы Қасымов болса керек, бөлмедегі шар ұрған көгершінге бір қарап алды да, маған бүркіттей шақырая қалды. Ұрыса бастады. Кластан қумақ болды. Алда отырған Балтабек сонда орнынан тұрды да, мұғалімнен ізетпен өтініп, мені арашалап қалды. «Қалижанмен оңаша сөйлесейік, мұндай қылығын енді қояр, - деп сендірді. Бәкең сабақтан кейін менімен кеңесіп біраз ақыл айтты. Бұл менің Бәкеңмен алған бірінші өнегем.

«Үлкендердің» арасында оқу маған қиын болғандықтан, келесі жылы мен орыс мектебіне ығыса қойдым.

Балтабек мектепте жүргенде-ақ қалам ұстауға құмар еді. Мектептің қабырға газетін шығаруға белсенді кіріскенін байқайтынбыз. 1930 жылы оқуын бітіргеннен кейін Балтабек Асанов Павлодардың «Колхоз» атты газетінің баспаханасында корректор болып жұмыс істеді. Баспахананың әйдік терезесінен мен телміре қарап, шағын столда әріп басылған қиық қағаздарға шұқшиып отырған Балтабекті көріп өте білгір болып кеткен екен деп таңданушы едім.

Жас Балтабек содан кейін шырқай жөнелді. 1930 жылы Павлодар аудандық партия комитеті Балтабек Асановты Қазақстан өлкелік партия комитетінің қарауындағы алты айлық газетшілер курсына жіберді. Одан кейін Балтабек Алматының жоғары коммунистік мектебінде оқып жүр деп естідік.

Ал мен болсам орта дәрежеліі білім ала алмай, әр тарапқа қол созып көп сандалдым. Ақыры тағдырдың айдауымен дегендей (расында комсомолдың жұмсауымен) 1933 жылы Павлодардағы аудандық «Колхоз» атты газетіне қызметке келіп орналастым. Газет редакциясының жауапты хатшысы едім, газет бетінде аздап өлең, очерк те жариялай бастап едім. 1933 жылдың көкек айында сол газетке редактор болып, Алматыдан Балтабек Асанов келе қалды. Өзіміздің Балтакең, әлде мінезі өзгерген шығар, Алматыдан оқып келді. 1932 жылдан бері партия мүшесі, крайком жіберген жауапты редактор, оқыған азамат тәккапар шығар.... Мүмкін, мендей шалағайды қызметтен қуып жіберер деген күдік ойлар басыма ұршықтай үйірілді...

Газет жұмысы баптануды күтпейді ғой. Балтакең келе сала іске шұғыл кірісті. Алдымен түнде алып кетіп, редакция папкасындағы бар материалдармен танысатын. Ол кезде аудандық газет редакциясында мардымды қандай бір материалдар болсын, шағын деректер, ақпарлар... Бұлардың өзін біз аупарткомға келген колхоз бастықтарынан, немесе көбінесе сыраханалардан табылатын колхоз есепшілерінен жол-жөнекей аламыз.

Балтакең келген шақ – Павлодар аумағында егіс науқанының қауырт, қызу және қиын да шағы еді. Қатаң қыстан колхоз шаруашылығы күйзеле шыққан, егіс жұмысына көлік күші жетіспейді. Жер-жерде ұйымдастыру ісінде керенаулық, бейберекеттік басым. Осыларды әйгілеуге, ширатуға газет үні жаршы болу керек қой. Ал, газет редакциясында журналистика саласынан хабардарымыз жалғыз Әлімбек Жаңағабылов еді, ол Семейге газет курсына оқуға кеткен. Ал біздер, - Төлеутай Ақшолақов, Әнуар Әукенов болсақ – бұрын қабырға газет төңірегінен шыққан жастармыз. Алматыда баспасөздің арнаулы курсын бітіріп келген партиялық тағылымы бар Балтакең өзінің байсалды, білікті тәжірибесімен мендей жас қаламгерге айтарлықтай өнегелі әсерін тигізді. Газетке ақиқат, өтімді хабар, дерек жинап келу үшін бізді аудан түпкірлеріне жібереді, газеттің тіл кестесін жақсартуға зер салды. Бұл ретте сен Балтакеңмен бір сәтте аздап қақтығысып та қалдым. Көктемгі егіске арналған газет беттерінің біріне Балтабек маған ұран («шапка» дейтін еді) жаза ғой деді. Мен мүдірместен: «Большевик, егістің қарқыны үдей түссін!» - деп жазып көрсеттім.


  • Бұның жетпей жатыр деді Балтакең. Ендеше «Егіске большевиктік қарқын берілсін!» - деп әлгі сөздің жолын өзгерте қойған едім, «мұның да келмейді» деді. Осы тәрізді өз стиліме қалыптасқан бірдеңелерді қайталап жазып едім, Балтакеңе бәрі де ұнамағаны. Қыңырлығым ұстап кетті де: «Менің бұдан артық табарым жоқ, Алматының жоғары оқуын тауысып келген өзің тап!» - деп баспаханадан шығып кеттім.

Баспаханаға жалғас салынған сыраханада сусындап отыр едім, аздан кейін әдетінше көзі күлімдеп Балтакең кіріп келді.

- Қалижан, сенің үшінші рет жазған ұраның жақсы екен, соны нөмірге жібердім, сен өкпелеген жоқсың ба маған? – деді. Балтакең өзгермеген екен, әлі сол мектептегі шәкірт кезіндегі ақ көңіл, жарқын мінезі.... Менен кешірім сұрағандай болып жатыр, бірақ ақылын да жеткізді. «Менің де тәжірибем аз ғой, газет ісі көп оқуды, фактіні көп білуді талап етеді. Дәйім тапқырлық керек. Өткен айда шыққан бір нөмірлеріңді аударып қарап едім, «қарқын үдей түссін!» деген ұран сонда да тұр. Қайталау – желге кеткен сөзбен бірдей», - деп маған сабырмен біраз кеңес берді. Балтабектен алған екінші сабағым сол болды.

Сол жылы Балтабек Асановты партия Магнитогорск металлургия заводына қызметке жіберді. Бұл тұста Магнитогорскіде қазақ жұмысшылары көп болса керек. Партияның тапсыруымен Б.Асанов қазақ тілінде «Магнитогор жұмысшысы» атты газет шығаруды ұйымдастырып, өзі сол газеттің жауапты редакторы болып қызмет атқарды. 1937-1938 жылдары Балтакең Челябі обкомының органы, қазақ тілінде шығатын облыстық газеттің жауапты редакторы ретінде Челябі облысына қарасты қазақ жұмысшыларына партияның ауыр өндірісін өркендету тарапында жалынды үгітті жаршысы болды. Сол жылдары Магниторогскіде болып қайтқан атақты жазушымыз Сәбит Мұқанов, Балтабек Асанов туралы бізге, ақын-жазушыларға жақсы лебіз сездіргені есімде. Сәбең бір әңгімеде (кейін оны естелік етіп жазды да) «Челябі облысындағы, Магниторогскідегі қазақ жазушылары арасында Асанов қадірлі екен. Ол шығарып тұрған газетті жұмысшылар ынтыға оқиды екен. Өзі де бір жақсы, ақ жарқын жігіт қой. Сірә, жұмысшылармен жиі кездесіп тұратын болар, мені ертіп қазақ жұмысшылары арасына апарды, үйлерінде де қонақта болдық, сонда байқадым, газетші Балтабекті бәрі де ұнатады екен», - дегені бар.

Журналист Балтабек Асанов өзі редакторлық еткен газет беттерінде өз қаламымен есімдері атырабына әйгілі етілген Магнитогорскінің жұмысшылары Буратаев, Досқалиев, Намазбаев сынды еңбек ерлері жайында әлі күнге ертегідей жыр шертеді. Байырғы журналист, еңбек сүйгіш адамдардың досы. Алғашқы басылымдардағы бесжылдықтардың орасан істерінің ұраншысы Балтабек Асанов – Магниторогскі жұмысшыларының арасында қызмет атқарған ол бір кезеңнің өзінің асулы бір шағына балап, маған талай мақтаныш етіп айтқан да еді.

Коммунист-журналист Балтабек өзінің партия ісіне берілген жігер қайратының идеялық абзалдығының арқасында партиямыздың зор сеніміне бөленді. Балтабек Асанов Семей, Алматы секілді үлкен қалалық партия ұйымдарына жауапты қызметтер атқарды. Алайда біздер, қаламгерлер Балтакеңді алдымен баспасөздің көрнекті қайраткері деп қадірлейміз.

Біздің барша қазақ қаламгерлерінің шарапатты қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты қызмет атқарған шақтары Балтакеңді баспасөз, әдебиет қауымдарына бұрынғыдан да жақындата, сыйлы ете түсті. 1940 жылы редактордың орынбасары болып істеген Балтабек Асанов партияның қалауымен алапат соғыс жылы 1942 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты редактор болып қайта оралды. Сол сұрапыл соғыс жылдары орталық партия комитетінің бұл айбынды органының неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізілген қиян-кескі соғыс тұсында республика еңбекшілерін жауынгерлікке жұмылдыру тарапында, халыққа қаһармандық рухты ұрандау бағытында атқарған қызметі орасан зор екені шексіз. Қазақстан Орталық партия комитетінің тапсыруы бойынша Балтабек Асанов халқының майдан жауынгерлеріне арналған хатты ұйымдастыруға, оны майдан шебіне жеткізуге де үлкен еңбек етті. Ал жұртшылық, газет беттерінен майдан жауынгерлерінің таңғажайып ерліктері жайында талай хикая жырларды да оқып сүйсінгені де белгілі. Және майдан алауында, әскери сапта жүрген жауынгер ақын-жазушылар, журналистер «Социалистік Қазақстан» беттерінен өлеңдерімізді, очерктерімізді де жиі оқып, газетке зор разылық білдірген едік. Партия басшылығымен, редакцияның шымыр ұйымдасқан шебер қаламгерлерінің творчестволық күшімен жалаудай жарқырап шыққан осы газет беттерінің соңында – редактор Б.Асанов деген есім тұрар еді. Сөз жоқ, соғыс жылдарында жауынгерлік рухпен жар салып тараған «Социалистік Қазақстан» газетінің игі істерінде оның редакторы Асановтың қосқан үлесі аз емес.

Балтакең бұл қызметте 1949 жылға дейін қызмет атқарды. Майдан алаптарынан асыға оралған ол тұстағы жас қаламгерлер – біздер есігін жиірек қағатын едік. Газеттің жауапты редакторы Б.Асанов бізге редакция есігін ашып, газет беттерінде шығармаларымыздың жарқ етуіне кең өріс берді. Мен, менің қаламдас достарым Қасым Аманжолтың, Ғабдол Слановтың, Жұмағали Саинның тағы басқаларының аузынан редактор Асановқа деген ризалық лебізді жиі естіген едім. Көптеген қаламгерлердің газет қызметкерлерінің өсіп-жетілуіне де Балтабек Асанов еткен ағалық көмегі де аз емес. Солтүстік Қазақстанда шығатын «Ленин туы» газетінде 7-8 жылдай жауапты редактор болып қызмет атқарған Балтабектің редакция қаламгерлері ісіне, кісілігіне сүйсіне дәйім еске алып отырады

Партиялық инабаты биік, совет баспасөзіне аянбай келелі еңбек еткен, партия совет қызметтеріне жігерлі, абыройлы жұмыс атқарған Балтабек Асанов партия мен үкімет тарапынан елу жылға созылған еңбегіне зор баға да алды. Балтакеңнің тарлан тартқан кеудесінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендеріне қоса бірнеше даңқ медальдары жарқырайды.


24. Болашақты болжаған

(Қ.Смайылов)
Публицист Камал Смайыловтың шығармашылық жолында ғылым тақырыбының ерекше орын алатындығын оның бірнеше кітаптарынан көруге болар еді. Солардың бірі – «ХХІ ғасырға саяхат»- деп аталады. Әрбір ғасырдың өзіндік тарихы, соқталы-соқталы оқиғалары болады. Бір ғасыр аяқтаған соң адамзат баласы екінші мың жылдыққа қадам басады. Оны біздің адамдар өзі бастаса, өз көзімен көргелі тұр. Алдағы ғасырдағы тіршілігіміз бен бірлігіміз қандай болады, ғылым мен техникада неден ұтамыз, неден ұтыламыз деген мәселелерді Қ.Смайылов публицистикасымен айтар болсақ, қазақ та, беймағлұм, терең де тылсым тұңғиығына сүңгіп, соның қызығына әбден берілгендей боласың. Өйтпесіне шұрайлы жеңіл тіл, оралымды ойлар, ғылыми дәлелі берік, тосын адамды таңқалдыратын теңеулер мен салыстырулар жолдан-жолға жетелеп қоймайды.

К.Сейтжанұлының шеберлігі сол көптеген терминдерді көпшілік түсіне алатындай етіп, қарапайым да түсінікті сөздермен жеткізеді. Ауа кеңістігін таза ұстау туралы проблема әбден шегіне жеткені белгілі. Миллиондаған тонна отынның қаншама тонна көмір қышқыл газы ауаға тарайтынын, оның адамзат баласына қаншалықты зиянды екендігін дәлелдеп шығу оңай емес. Автор бір күнде бір машинаның қанша улы қорғасын шығаратынын айтады. «Ғылым болашақта автомобилдің осы зиянды әрекетіне қарсы күреседі» деген кітапта. Публицистін бұл тұжырымы қазір ғылымда емес тіпті тәжірибеде қолданылып келе жатыр. Бүгінгі күнде әрбір автомобильді, транспорттың басқа да түрлерін техникалық байқаудан өткізгенде түтін шығаратын түтікшеден (глушитель) қандай зиянды зат шығаратынын өлшейтін арнаулы құрал пайдаланылады.

К.Смайылов өзі жинақтаған фактілерді, өзі куә болған оқиғаларды әр алуан стилмен жеткізуге шебер. Ғылыми стильмен әдеби стильді жарыстыра біледі. Бұл журналист үшін керекті ең басты қасиет. Камалдың ғылыми журналистикасынан өнеге алам деген жас талапкер ең алдымен осыны ескеруге тиіс.

Өзінен ауыр жүкті көтере білген Камал ағамыздың «ХХІ ғасырға саяхат» кітабында 2000 жылға қадам басқандағы тіршілігіміздін небір түйінді мәселелері сөз болады. «Жер, ауа, су сияқты қоршаған ортаны қорғау – заман борышы» - деп атайды кітабындағы алғашқы тарауды автор осы заманда атмосфераның да құрылымы өзгеріп барады. Соңғы жүз жылдың ішінде ауаның атмосферасына 400 миллиард тоннадай көмір қышқылы газы барып қосылды. Олар кәсіпорындардың трубалары мен машиналардың двигателдерінен шыққан. Соншама көп мөлшерде араласқан газ атмосфераның тазалығын төмендетіп қоймайды, оның температурасын да шамадан тыс жылытады екен. Жердің атмосферасы 50 жылда бір градус жылиды. Қазір жер бетінде күннің сәулесімен келіп түсетін жылу мөлшері бір шаршы сантиметрге шаққанда жылына 50 килокалорин, ал жер бетінде туатын жасанды жылудың әзірге оның жарты процентіндей ғана. Бірақ бұл мөлшер өте шапшаң көтеріліп жыл сайын бес-он процент өсіп келеді. Бүйте берсе енді 70-80 жылдан кейін жердің өзінен шығатын жасанды жылу күнінің жылумен тең түседі. Демек, планетаның әр сантиметрі жылына 50 емес 100 килокалорий алатын болады», - дей келіп болашақта бұл жылудың әсері қандай болатынын, яғни күннің жазда екі есе ыситынын, күз бен көктемнің екі есе шапшаң өтетінін қыстың екі есе болатынын айтады.

Адамның өзін қоршаған ортамен қарым-қатынасы, экология байланысы әрқашан да көркем шығармада конфликтінің, тартылыстын негізгі себебі, қайнары болатын. Біз осы уақытқа дейін көбіне адам өз айналасына, қоршаған ортасына үстемдік етеді, билік жүргізеді деп адамды жағдай емес, жағдайды адам билейді деп, көп айтатынбыз. Соңғы жылдардағы шығармалар адамның әркез айтқанын істеп, ойлағанын орындай бермейтінін де көрсететін болды. Шынында да адамды әрдайым үстемдік пен биліктің қожасы көрсетеміз деп, құдіретті, мықты етіп көрсетеміз деп, оқырмандардың алдында кейде өмірді тым жеңіл, өмір жолын тура да оңай етіп жіберген жоқпыз ба деген заңды сұрақ туады.

Құдайға шүкір, әдебиет пен журналистиканы жасаушылар тез естерін жиып алды. Өмірді өнер мен нақты шындықтың арасы алшақтап кететіндігін ұқты. Соны алдымен түсінгендердің қатарында Камал жүрді тағы. Оның «Оянған ойлар» атты толғауының өзі бұл сөзімізге дәлел бола алады. Жеке кітап болып басылып шыққан бұл толғауда заманның күрт өзгеріп, содан оқиғалардың буырқанған шағындағы біздің елімізде көтерілуге тиіс, көтеріліп жатқан проблемалар сөз болды. Қоғамның таптың не мемлекеттің меншігі емес, халықтың меншігі екендігін, аштық, репрессия жылдарында халық көрген қиянатқа социализм емес, Сталин айыпты екендігін, ендігі жерде оның сырын аша бастағанымызды, Сталиндік репрессия 40 миллион адамды қасіретке ұшыратқанын дәлелді фактілермен келтіріп өтеді. Сондай-ақ Хрущевтің адалдығы мен әділдігі туралы, қателігі хақында да ой толғайды журналист. Онымен тынбай сонау желтоқсанның ызғарлы, ызбарлы күндерінен ой түйеді. Қазақстандағы экономикалық мәселелерді де сөз етеді. Содан соң барып қазіргі біз зерттеп отырған тақырып ғылымға ауысады. Бүгінгі таңда ғылымға деген көзқарастын өзгеретіндігін, ақыл мұраты – білім, білім мұраты – ғылым екендігін, ендеше ізденген, ойланған адамның заманы келгендігін айтады.

Ғалымдарға жаңаша ойлау, қайта қарау неден көрінеді? Ғылым гуманизм рухында дамуға тиіс. Оның бар мақсаты, заңы адам үшін адамгершілік рухын егу, ізгілік, ақ ниет, адалдық себу. Оның әр жаңалығы адамгершілік әкелсе...солай ғой! Ғылымды адамға қарсы, адамның қас жауы деп санайтын адамдар да бар. Жазушы Ю.Бондарев өзінің бірнеше сөздері мен әңгімелерінде осы заманғы ғылымды айтақтап, адамды бұзады, адамзатты құртады деп байбалам салып, жерден алып, жерге салады... Егер атомдық электр-станциясын авария болса, оған ғылым, атомдық энергетика жазықты ма? Отпен адам жылынатын пеш, тамақ пісіретін газ плитасын да қыздырады. Отпен орманды да өртеуге болады. Оған от кінәлі ме?(110)

Иә, адамның қиялын түрмеге қамап ұстау мүмкін емес. Ол адам болған соң мынау әлемде бір таңғажайыптар да тудырғысы келеді. Бұл заңды да, Камал осыны жете түсінген журналист. Аталмыш толғауында Кузбас пен Қарағанды шахталарын салыстырып отырып, оларда екі түрлі жағдай қалыптасқанын, ғылымның озық жаңалықтарының Қарағанды көмірін игеруде әлі игілікке аспай жатқандығын сөз етеді. Осы мәселеде тың ойлау, ұтымды ұсыныстар айтады.

Ғылымның ғажаптарына құлақ түргіш, сергек журналист «Ғылым, интелект. Қиял», «Болашаққа барлау жасасақ», «Адамның құдіреті-ой», «Адамзат апатқа ұшырай ма?» деп аталатын мақалалдарында да әдемі ойлар қозғайды. Алдағы күндерге деген сенімімізді молайтады, үмітімізді оятады. Адамзат болашағының ертеңгі келбетін жай ғана баяндап қоя салмайды, оны тың деректермен дәлелдеп шығады. Камалдың ғылым тақырыбындағы қай туындысы болмасын оқушысын тың ойларға жетелейді. Бұларды біз аз да болса мәз дүние дер едік.

К.Смайылов – ғылым тілін, әсіресе қазақшаға кіре алмай жүрген нақтылы ғылымдардың тілін көркем әдебиет тілімен бейнелеткен адам. Ендеше оның тек өнерде ғана емес, ғылым мәселелерін жазушы журналист ретінде ғылымда да алар өзіндік орны бар журналист деп сеніммен айтамыз.

К.Смайылов қаламы жүйрік журналист қана емес, ол сонымен қатар, ойлы, жан-жақты білімді, үлкен қайраткер. Камакеңнің өмірі мен шығармашылығынан кейінгі жастардың, қаламдас інілерінің үйренетін, тағылым алатын жайлар аз болмаса керек. Халқымның шын сөзін енді сөйлейін деген жасқа келгеннен бері, жүрек түбіндегі шын ойларын ашып айта алмай, өз жандарын өздері жегідей жеп, іштен азап шегіп, шығармашылық өмір сүру, шынын айтсақ, оңай тірлік емес. Рас, кезінде мұңдай азапқа шыдамай морт сынып, баспассөз бетінен қол үзіп немесе басқадай жолға түсіп кеткендер де болды. Ал енді қысым-қыспақтың, өктемдіктің бәріне де сабырмен шыдап, ақырына дейін көніп, бірақ қалыптасқан жүйенің құлақ кесті құлы болып қалмай, базбір қиналған тұстарда қылтадан жол тауып, өзін де өзгелерді де аман сақтаудың қамын ойлап, болашақтан үміт үзбей, бүгінгі күнге дін аман жеткендердің алдыңғы легінде Камал ағамыз да бар.

К.Смайыловтың «Көркемдік ой көкжиегі» атты публицистикасы «Қазақстан коммунисі» журналында 1990 жылғы №1 санында жарық көрді. «Рухани байлық адамның ең басты байлығы, ең қымбатты, сарқылмас қазынасы. Қазіргі қайта құру, рухани қайта дәуірлеу заманында өзінің ақылымен әр адамның орны да, құны да ерекше. Болашақ білімде, парасатта, әр адам дүниеде де, тарихта да біреу-ақ, ешкімнің орнын ешкім баса да толтыра да алмайды. Күніне ең болмаса бір жаңа ой, бір жаңаша ұғымға келуі керек адам. Оны іздеп табатын оқу, көру, есту, білу» деп басталады мақала. Мақала бастауы меңзеп тұрғандай рухани қазынамызды қайта құруымыз керек деген ұран үні естіледі. Осы ретте журналист Камал Смайылов оқырман алдында қайта құру тек бір саланы қамтымайды, ол үшін әр адамның да жан дүниесі қайта құрылуы керек деген мақсат қоюды нысаналаған. Өмірдегі қандай да болсын өзгеріс болмаса құбылыс әуелі адам санасында пісіп жетіледі ғой. Осыны терең ойлап дәл аңғарған автор бұл жөніндегіі әңгімені оқырманға түсінікті болуы үшін әріден, ауқымды фактілерге сүйене отырып бастайды. Мысалы, мақала басында: «Адамзаттың тарихында, бетбұрыс жасаған, жаңа беттерін ашқан екі ғаламат оқиға – 1789 жылғы Ұлы Француз револциясы – солардың алдында, қарсаңында жинақталған ұлы ойшылдардың философиялық әлеуметтік еңбектерінің әсерінен әуелі адамдар санасында туған, революциядан басталған»(111), - деп жазуы жоғарыдағы сөзімізге куә.

Қ.Смайылов білімге, рухани байлыққа бас қоя, соңы қажет деген пікір айтады. Өте дұрыс пікір. Егер білім теңізіне батыл бас қоймай, керегін ала алмаған адам қазіргідей уақта тіршілікке белсенді түрде араласа алар ма еді. « Адамның рухани өміріне тікелей әсер етіп, қоғамның рухани байлығын жасайтын, құрайтын-философия, тарих, ғылым, әдебиет, театр, музыка, бейнелеу өнерлері, кино мен теледидар...»

Публицист К.Смайылов мақаладағы осы сөздері арқылы қазіргі адамдар, әркім осы рухани байлықтың ағылған бұлақ қайнарларының бәрінен де сусындап ләззат алып отыратын болуға тиіс дегенді міндет қоя айтады. Бұл өте дұрыс айтылған, кезінде айтылған ой десек те болады. Өйткені бұл қазіргі күрделі де біртұтас өмірдің белгісі, таласы, жарғысы. Бұрын бәрі таптық күрес мүддесімен, социализм тұрғысынан бағаланады, бағдарланады деген қағида – ұранмен өзіміздің мұрамызды дәстүрімізді, байлығымызды тарылтып, құлдыратып, бір беткей, бір бағытпен кеткен болсақ, енді жалпы адамзаттың, адамгершілік рухына қазынаның барлығын игере, сіңіре бастадық.

Бұрын социализмге қарсы партия саясатына сай келмейді деп қудалаған, ұмытылған, жер аударып елден қуылған ғалымдардың, жазушылардың есімдерін, еңбектерін тарих беттерінен қайта аршып, өз игілігімізді алып, рухани байлығымызға айналдырып жатыр емеспіз бе.

К.Смайыловтың «Қайта құру өз арсеналына, адам санасына әсер ететін ой –философиясы жұмылдырды, оның белгісіз беттерін қайта ашты» дейтіні сондықтан. Автор аталған мақаласында Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж..Аймауытов, М.Дулатов сияқты бес арысымыздың бұрын естімеген, көрмеген, оқылмаған тамаша туындыларының ендігі ұрпақтың ой-санасында, ақыл-сезімінде бұрынғыларға қарағанда бір өлшем артық қалыптасатынын айтады. Қазіргі оқырмандарымыздың «Ақбілек», «Бақытсыз Жамал», «Қартқожа» романдарын, «Батыр Баян», «Қалқаман-Мамыр», «Еңілік-Кебек» дастандарын, «Маса», «Оян, қазақ» жинақтарын енді құныға, құмарта оқитындықтарын көркем де кестелі сөздермен жеткізеді.

К.Смайылов қайта құрудың әдебиеттегі қайтарған байлықтарын ғана емес, сахна өнеріндегі өзгерістерді де қызықты баяндайды. Қ.Мұхамеджановтың «Біз періштеміз бе?», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» және «Бесеудің хаты» спектакльдерінің сарыны қоғамды өзгертуге алып келгендей болғандығын, осы рухта, осы бағытта көрінгендігін аңғартады.

Публицист аталған мақаласында рухани қазынамыздың, салаларын кино өнері саласында көп жылдар қызмет атқарғандықтан ба әйтеуір К.Смайылов кейбір баспасөзде әркімдер әртүрлі сынап жүрген кейбір киноларды көрермендерді жаңаша ойлауға дағдыландырып, өмірге жаңашыл көзқараспен қарауға үйрететін туындылар деп атап өтеді. Осы хабарда жас қазақ киноматографистерінің «Ине», «Үшеу», «Қиял» сияқты фильмдерімен жұртшылықты қуантқанын айтады. Музыкалық- әуендік, бейнелеу өнері жайында да автордың айтар ойы тұжырымды, келтірілген мысалдары да жып-жинақы.

Публицист мақала соңында қызықты цифрларды да мысалға алады. Айталық, « қазір біздің әрбір адам жылына кітап сатып алуға 7 сом 50 тиын, киноға баруға 5 сом 50 тиын, театрға 50 тиын, концерт тыңдауға 70 тиын жұмсайды. Мұнан әрі автор тек Алматыдағы театрлардың залдары орташа 40-50 процентке ғана толатындығын, ал опера театрында кейде залда 80-100 адам отыратындығын, астанада миллионнан астам халық туратын болса да театрлар мен концерт залдарындағы орын 10 мыңнан аспайтынын дәлелдеді, сөйлемдермен жеткізе біледі.

Мақаланың қорытындылануы да көңілге ой саларлық. Мақала өзі ұстаған мақсатын түйіндеп, оқырманды рухани қазыналарымызды өзгертуге шақырып тұр. Рухани байлық тек жекелеген мәлімет-деректерді көп білуді, тіпті білім-ғылымның сала-салаларынан хабардар болуды ғана емес, адамның сол оқыған – оқырмандарды қорытып, өзінше сұрыптап жаңа рудадан таза металл құйғандай ойдың, тұжырым-қорытынды шығаруы, дүниеге басқаша көзқарасты қалыптастыруы болып табылады» - деген мақаланың мақсатын ашып, түйінін түйіп тұр.

Публицист өмірдің қандай ағымынада үн қосып, дәл сол кезеңдегі жағдайды парасатты тұрғыда айта да, жаза да біледі. 1990 жылғы желтоқсанның 22-інде Қазақстан Коммунистік партиясы ХҮІІ съезінің екінші кезеңінің пленарлық мәжілісі болғаны, онда Қазақстан Комунистік партиясының Жарғысы қабылданғаны белгілі. Күні кешеге дейін «Қазақстан Коммунисі» аталып келген, әрі республика партия ұйымының теориялық-саяси журналы болып келген басылым осы съезд материалдары турасында көптеген мақалалар жарияланды. Солардың бірі Қ.Смайыловтың жазған «Жаңа жарғы неліктен қажет болды?» деп аталатын мақаласы.

Бұл мақаланы Қ.Сейтжанұлы журнал редакторы, публицист ретінде емес, Орталық Комитетінің Жарғы жобасын әзірлеу жөніндегі коммисияның мүшесі ретінде жазған. Автор бұл мақаласында жарғыны қабылдау кезінде айтылған ұсыныс-пікірлер, Жарғы төңірегіндегі айтыс-тартыс турасында айта келіп ол құжаттың бұрынғы жарғыдан айырмашылықтарын ашып береді.

К.Смайыловтың «Саясат және парасат» айдарымен берілген «Қайта құру қайшылықтары» деген келесі мақаласы қысқаша ғана бөлімнен тұрады. Автор саясат турасында сөз бастай отырып, жұртқа үйреншікті, немесе қолпаштағап жазылғаннан оның көрініп тұратын таптаурын сөздермен емес, нақтылы тарихи және бүгінгі күннің оқиғаларынан мысалдар келтіре отырып демократтар мен радикалдар арасындағы текетіресті қарапайым сөздермен жеткізеді. Осы бөлімнің соңында «Шын демократтар мен жалған радикалдардың арасынан үшінші күш-ағым шыға келе ме? Ол қандай бағытқа бастап кетеді? деген күдігін де жасырмайды. Автордың сол кездегі күдігі де орынды болатын. Елдің жағдайы қиындап партияға сырт бере бастаған, бүкіл жұрт қайта құрудан үмітін үзе бастаған кез болатын. Осыдан-ақ Одақтың бір шаңырақ құрып, бұрынғыша өмір сүре беруіне болмайтыны көрініп тұрды. Автор қайта құруды бастаған, бірақ аяғын қиындатып жіберген демократияшыл бағытқа сенетінін де білдіре қорытындылайды.

Публицист К.Смайылов экономикалық тұрғыдан қарайды. Республикалар әрқайсысы тәуелсіз мемлекет болып жеке-дара отау тігіп кететін болса республикалардың бюджеттеріндегі жетіспеушілік-тапшылық 130 миллиард сомға болатынын соның бәрін, қалай толтыруы қажет екендігін ортаға салған. Таза бюджет жайына келгенде Ресей, Украина, Беларуссия ғана өздерімен өздері күн көре алады. Сонда қалған республикалар қайтіп күн көрмек. Міне осы жайларды К.Смайылов көсемсөз тілімен жұртшылыққа жеткізуді мақсат еткен. Аталған мақаладағы публицист шеберлігін аңғаратын, оның сан қырлы саясаткер, ұшқыр ойлы журналист екендігін айқындайтын бөлім ол - өмірдің өзінше даму жолы, еркін аққан тасқын судың өз жолын, өз бағытын өзі табады. Жоспар адамдарды орындаушы, атқарушыға айналдыратын. Ал, нарық әркімді еркін-ерікті өндіруші, өнім шығарушы болуға итермелейді, жетелейді – дейді автор мақаласында. Нарық экономикасының негізгі принциптері де осылай ғой?

К.Смайылов өз мақаласында бірден цифрлар жетегінде кетпей нарықтың экономикаға бізден басқа елдер қалай көшкенін, кедергі-қиындықтарға да кезіккендігін айтып өтеді.

Публицист К.Смайыловтың бір ерекшелігі фактілерге келгенде түрлі әдістерді шебер қолдана алатындығында. Егер сол цифрларды маман мақаласына арқау етер болса көп адам жеткілікті түсіне қоймайтын жат бір мақала болып шыққан болар еді.

Ал, К.Смайылов мақалаларындағы қандай цифр болмасын өзінше сөйлеп бір тектес болмай, оқырманды одан әрі қызықтыра түседі. Осы мақаладағы мына бір мысалды сөзіміздің дәлелді болуы үшін алып қарайықшы.

Мінеки автор нарық экономикасы турасындағы ойларын, әлемдік тәжірибеден білген түйгендерін осылайша ортаға салады. Әсіресе ол нарық туралы түсіндіре келіп меншікті мемлекетсіздендірудің не пайда беретіндігіне көшеді. К.Смайыловтың бұл мақаласы дер кезінде шыққанымен республикамызда нарықтық экономикаға көшу ісі нақтылы түрде одан кеш басталды. Бірақ, публицист уақытты өзі үшін дер кезінде таңдай білді. Әрине, қазіргі заман тұрғысынан алып қараған уақытта оқырмандар келісе қоймайтын тұстары да аз емес. Десек те К.Смайыловтың экономика турасындағы мақалаларында кездесетін қарапайым мысал не цифрларды сөйлету форма-әдістерінің қазіргі оқырманды жолдан-жолға жетелеп қызықтырып отырады. (112)

«Қазақстан Коммунисі» қай кезде де байсалды, парасатты дүниелер жазған, оның сол кездегі редакторының да халықты бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға үндеуі заңды әрі азаматтығы деп білеміз.

Жазушының әрбір эпикалық жаңа шығармасы кейбір жақтарымен бұрын-соңды жазылған екінші бір шығармасына ұқсас келгенімен әрқайсысының жекелік, өзіндік ерекшеліктері қайталанбайды, айқын бөлектеніп тұрады.

Онда жаңа кейіпкерлер жаңа жағдайда, басқа қарым-қатынаста алынады. Оқиға дамуы басқаша жүреді. Баяндау амалы өзгеше, сөз кестесі, тік оралымдар т.б. жаңа қырынан көрініс береді. Сондықтан да оқырмандар белгілі автордың бұрынғы шығармаларын барлығын жақсы біле тұра, оның жаңа туындысын асыға күтеді, ынтыға оқиды. Оның қаламынан шыққан публицистикалық мақалалар «Адал адамдар – адамзат жағында», «Рухани мәдениет және жаңаша ойлау», «Ойланатын он жәйт» т.б.

К.Сейтжанұлының қаламынан туындаған «Сенің бақытың», «ХХІ – ғасырға саяхат», «Біздің ғарыш ғаламат», «Фильм осылай жасалады», «Өмірдің өзімен өлшесек», «Оянған ойлар», «Ғасыр қырқасында», «Жолданбаған 27 хат» т.б. кітаптары өз оқырманын тапқан дүниелер. Бұлардың ішінде әдеби-көркем дүниелер де, өнер тарихына арналған кітаптар да, публицистикалық жинақтар да бар. Қай-қайсысын болса да қызыға, құныға оқи бастап-ақ, ішінен өзіңе керегін аласың. Іздеген адамға олардың ішінде көп нәрселер бар.

Қоғам өмірінде алатын орны қандай? Әрине, қомақты. Өйткені «Ғасыр қырқасында», «ХХІ ғасырға саяхат» атты кітаптар алғаш тигенде оқырмандар арасында оған деген қызығушылық пен сұранысының көп болғандығының өзіміз куәсі болдық. Ол туындыларда не айтылғандығынан да біздер жоғарыда бір қыдыру мағлұматтар беріп өттік. Әрине, ондағы айтылған болжамдардың бәрі бірдей қазіргі нақты құбылыстармен үйлеспеуі де мүмкін, бірақ негізгі қажеттісі алдағы болашаққа деген оптимистік сенім мен аталмыш шығармалардың айрықша көркем тіл арқылы оқушының эмоциясына әсер етуі дер едік. Оның ғылым дүниесіне қатысты басқа да кітаптары жайында айтарымыз осы.

К.Смайыловтың жалпы публицистикалық еңбектері де заман талғамынан шыққан дүниелер деп айтуға негіз бар. Өйткені ол талғампаз журналист. Баз біреулер талғампаз боламын деп кейбір ең өткір мәселелерге үн қоспай қалады ғой. Камалдың талғампаздығы ондай енжарлықтан туған емес. Яғни, ол «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей құр қағазды шималаушы емес. Тек ең маңызды проблемалардың жанашыры десек жарасады.

К.Смайылов журналистігінің және бір ерекше қыры оның өткір мәселелерді тек басқа саладан іздей бермей, ауық-ауық мәдениет пен өнер ауылына да түстеніп кететіндігі. Айталық, «Шығарма парасаты – проблема», «Заман тыныштығы – жан тыныштығы емес», «Деректі әдебиетке ден қойғанда», «Бір өзгеріс психологиядан басталады», «Әдебиетке әлеуметтік талдау» тағы басқа теориялық мақалалары бұған жарқын дәлел бола алады.

Иә, әрбірден соң журналист қаламгер ғана емес, қайраткер. Журналист өмір тынысын тапжылмай басатын тамыршы ғана емес, ұстаз. Ол өзі өмір сүріп отырған дәуірдің көрер көзі, айтар сөзі. Қай дәуірде де журналист болғаны бізге жақсы белгілі.

К.Смайылов та журналист, публицист ретінде қашанда өз замандасына жақын. Оның қаламының еркін көсілетінін де бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Сондықтан Камал Смайылов публицистикасына әділ баға берер уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймыз.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет