Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтер кезеңде «Жалпы осы тұлғаны туған топырағымен қайта қауыштырған кім? Оның зиратын кім іздеп тауып, ғылым әлеміне кім жариялады? Ғұлама мұрасын Қазақстанда зерттелуіне кім мұрындық болды?» деген сұрақтарға жауап іздеген орынды. Ол тұлға әлбетте – Ақжан Жақсыбекұлы Машани (1906-1997) дер едік.
Жауапкершілік жолы
Бұл ғалымның бағыты негізінен геология, минерология, кристаллография, петрография. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ геохимиясының негізін салушы. Сонымен қатар отандық геомеханика мектебінің негізін қалап, маркшейдер ғылымын жаратылыстану ғылымымен кешенді түрде байланыстырды. Ақжан Жақсыбекұлы математика, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология пәндерінің сабақтастығын анықтау барысында біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Мұның сыртында ұлттық ғылыми-танымдық әдебиет саласын қалыптастырып, жас ұрпақтың жаратылыстану тылсымына қызығушылығын арттырды.
Ақаң аса күрделі ХХ ғасырдың басында Қарқаралы өңірінің Қызылсүйір деген жерінде Машан би әулеті шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Жақсыбек – бидің кенже ұлы. Машан би – заманында Арқаға белгілі адамдардың бірі, Абайдың әкесі Құнанбай қажының үзеңгілес сыйласы. Бұлардың құдандалы-жекжаттығы да бар (Машанның кіші келіні Тобықты елінің қызы). Қарқаралыда мешіт салдырған жылдары Құнанбай Машан бидің үйіне түседі екен.
Машан – Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен құс тістеген шешен деседі. Ұлт тарихи романының көшбасшысы Ілияс Есенберлин «Қаһарында» Машан биді атақты Ағыбай батырдың сыйлас досы деп атап өтеді. Өз әкесі Жақсыбек құранға жүйрік, сол кездегі «Дала уалаятының газеті» мен «Айқапты» жаздырып оқитын көзі қарақты адам болыпты. Ақаң алғаш әліпбиді әкесінен үйренген. 1926 жылы Қарқаралыда Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогика техникумына оқуға түседі. Мұнда әйгілі Мәннан Тұрғанбаевтан сабақ алады. Ақжан ағамыздың бойындағы әділдік, сабырлық, зеректік, зерделілік, ізденімпаздық – атадан балаға ұласқан сарқылмас қазына әрі зиялылық мектебінің ұшқыны.
Кезінде Қарқаралы дуанының игі-жақсылары, соның ішінде аға сұлтандар – Құсбек пен Жамантай төрелер Машан биді қошеметтеп, оны «Мәшекем» дейді екен. Мәселен, Жамантай төре: «Машан! Машандай ұл туғанша қашан?» деп, риясыз көңілін жеткізген деседі халық. Мұны Ілияс Есенберлин де аталған романында жазады. Мұнда «Құнанбай мен Машан би жарастығы Шәкәрім мен Нөгербектің сыйластығымен жалғасқан-ды» деген жолдар бар. Ал Нөгербек – Ақжанның немере ағасы. Ол кезінде Ақтерек мектебінде Әлихан Бөкейханмен бірге оқыған. Бұл өңір зиялылары әдетте жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған. Көнекөздер осы жәрмеңкеге ере барған бала Ақжан Шәкәріммен кездескен деседі. Жақсыбек өз заманында белгілі күйші болғаны да рас. Бұл деректер Ақжан Машанидың текті, аруақты ортадан шыққандығын көрсетеді.
Ақжан Жақсыбекұлы 1929 жылы педтехникумды бітіріп, Абыралыға барғанда әйгілі «Абыралы көтерілісі» бұрқ ете қалады. Ол қанды оқиғаны көзімен көріп, ашаршылықты да басынан өткереді. 1932 жылдың зұлматында Семей облыстық оқу бөлімінде қызмет етіп жүріп, Абыралы көтерілісіне қатысқаны үшін әке-шешесі жер аударылған жетім-қорғансыз балаларды жинап, жуындырып, өз қолымен бір үзім нан ұстатады. Мұны естіген ұстазы М.Тұрғанбаев шәкіртіне риза болып: «Милләтіңе қызмет жасаған екенсің. Алладан қайтсын!» деп бата береді. Мәннан мұғалім зерек шәкіртіне «Семейдегі геология техникумына түскенің дұрыс!» деп кеңес айтады. 1933 жыл Ақаң өміріндегі ауыр кезең. Дәл осы жылы өзіне рухани ұстаз тұтқан Шәкәрім қажының атылғанын естиді. Елде әкесі өмірден өткенде, саяси талаппен топырақ салуға бара алмайды. Ұстаз тұтқан Нөгербек ағасының балалары да талғажу іздеп Ақтоғай жаққа барғанда аштықтан қырылғанын біледі... Қиындық пен жауапкершілік Ақжан Жақсыбекұлын одан сайын ширата түседі. Ол мойнында ата жолының да, зиялылар жолының да жауапкершілігі тұрғанын терең сезінді.