Әож 36. 373. 29 Мектеп жасына дейінгі балалардың белсенді сөздік қорын дамыту жолдары



Дата31.01.2018
өлшемі92,52 Kb.
#36788
ӘОЖ 36.373.29

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ

БЕЛСЕНДІ СӨЗДІК ҚОРЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

Кажиакбарова Р.Б., Балажанова Ж.Б., Нұрсейітова Л.О.

ОҚМПИ, Шымкент, Қазақстан

Резюме

В данной статье с научной точки зрения проанализированы проблемы развитии речи у дошкольников

Summary

In this arcticle considered analyzed the problem of language development in preschool children



Білім берудің барлық салаларында мұғалімдер мен тәрбиешінің кәсіби шеберліктеріне жаңаша көзқарастар туындап отыр. Ұрпақтың болашағы бүгінгі оқу мен тәрбиені жеке тұлғалық сипатта дамытуымызға байланысты. Осыған орай балалар бақшасынан бастап тіл сабақтарын дұрыс ұйымдастырып, баланың мемлекеттік тілге бүлдіршін шағынан дұрыс оқытудың қажеттілігі айқындалды. Мектепке дейінгі кезеңде қазақ тіліне үйрету республика балабақшаларының барлық түрлерінде – ұлты басқа тілді балаларды тәрбиелейтін балбақшаларда да, қазақ балабақшаларында да, әсіресе аралас балабақшаларда да – міндетті мемлекеттік іс болып отыр. Мемлекеттік тілге үйретудің басты мақсаты – баланың қазақ тілінде ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру. Бұл мақсатқа жеткізу 3-4 жастағы балаларға жеңіл сабақтар үстінде қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсетіндей сөз қоры мен қарапайым грамматикалық құрылымды тілдесімге жаттықтырудан басталып [1], 5-7 жас аралығындағы балаларға қазақша байланыстырып сөйлеуге үйрету жүйелі түрде ұйымдастырылатын қазақ тілі сабақтарында [2], арнайы оқыту әдістері арқылы жүзеге асырылады. Балабақшадағы бүгінгі қазақ тілі мамандарының қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік білім қорлары жоқ. Әр түрлі саладан келген мұғалімдер өз жұмыстарын осы саладағы еңбегі барысында қалыптасқан кәсіби шеберлігі мен өз тәжірибелерінен түрлі дидактикалық материалдарды жинақтауы арқасында ғана жүргізіп келеді. Бірінші сыныпқа баратын бала терең ойлай алатын, қазақ тілінде қойылған қарапайым сұрақты түсініп, жауап бере алатындай, өз атынан 3-4 сөйлемнен тұратын монолог сөз құрастыра алатындай болуы қажет. Сабақта және сабақтан тыс уақытта бала алдына «Мен бүгін қандай сөз үйрендім, не жаттадым?», «Қалай үйрендім?», «Енді нені біліп, нені үйренуім керек?» деген сұрақтармен талаптар қойса, мақсатқа жететіндігі баланың есіне ұдайы салынып отырғаны жөн. Қазақ халқының сөйлеу тілі – халық өмірінің, мінез-құлқының, іс-әрекетінің, шаруашылығының тұтқасы іспеттес. Ол – ең алдымен балаларды өздері өсіп келе жатқан ортасымен жақындастыратын, республикамыздың мемлекеттік тіліне қарай есікті айқара ашатын басты құрал. Сөйлеу тілінің екі түрі барын ескерсек, балаларға үйретілуге тиістісі – әдеби емес, қарапайым сөйлеу тілі. Ауызекі сөйлеудің жеңіл түрі балалардың айналасындағылармен сұрақ, тілек үлгісімен сөйлесу орайында танылады. Қазақ тілі тарихында жазба әдеби тіл жасалмай тұрып-ақ, ауызша тіл қаншама бай, көркем, шешен тіл болғаны белгілі. Беттесіп сөйлеуде бола беретін психологиялық күй, интонациялық, тағы да басқа сөз бедерлерін жазба әдебиетте дәл сол қалпында қағазға түсіру оңай емес. Бұл жағынан алғанда ауызекі сөйлеу тілінде артықшылық бар, яғни өз ойын жеткізуде тілі жетпей жатқан бала ым-ишаратпен, іс-әрекетімен айтайын дегенін қайтсе де түсіндіруге тырысады. Қазақ тілін дұрыс тілдік жүйесімен, тиімді дидактикалық материалдарымен, баланың тілді қабылдау қабілеттерін есепке ала үйрету маңызды болып шығады. Педагог әрі психолог Ш.А. Амонашвили балаларды сөйлеуге үйрету әдістемесін жасауда ұсынатын басты ұстанымы – балаларға тілді тез меңгерту үшін тілдік қатынасқа негізделген ситуациялық жағдайлар туғызу. «Бала тілді бөлшектеп үйренбеуі керек,–деп атап көрсетеді ғалым, – тіл әр уақыт бір тұтастықта, баю, жетілу тұрғысында қабылдануы тиіс. Мұндай тұтас қабылдауды мен «тілді сезіну» деп атаймын» [3]. Сөздік қорын дамыту, грамматикалық дағдыларды дамыту, дыбыстық мәдениетке баулу – барлығы да баланың тілде байланыстырып сөйлей білу қабілеттерін қалыптастыруға ыңғайластырып алған жағдайда ғана баланың ауызекі сөйлеу тілі қалыптасады. Ситуациялық әрекет кезінде бала әңгімеге қызығып, бір-екі сөз айтып та жатады. Бала ситуацияға қатысты ең маңызды, қажетті сөзді атаған болса, оны құптап отыру керек. Әңгімеге осылайша бір сөзбен қатысып, баланың ойын жеткізуін байланыстырып сөйлеудің ең кішкене бөлшегі деп алуымызға болады. Академик Л.В.Шербаның пайымдауынша, «сөйлеу тілінің қысқа бөліктері деп бірнеше сөздер тобын айтамыз». Ондай бөліктерді ол «синтагмалар» деп атаған. Синтагмалар баланың үш-төрт жасынан қалыптасады. Мысалы, «Бұл кім?», «Бұл – Біржан», «Тыңдап тұрған кім?», «Тыңдап тұрған – Айгүл». Шетел психологтары Б. Уайт, Дж. Брунер, В. Пенфильд, Л.Р. Робертс, кеңес заманы ғалымдары Л.С. Выготский, С.Л. Рубенштейндердің теориялары бойынша 9 жасқа дейінгі бала – ауызекі сөйлеудің түрлі формаларын меңгерудің тамаша маманы. Бұл кезеңнен кейін сөйлеу кезіндегі ми механизмдері қызметі бәсеңдей бастайды. Өткен заман белесінің тұғырынан биік орын алған, ғұлама жазушы баланың мектеп жасына дейінгі қабілетіне ерекше бас иіп айтқан мына сөздері де бүгінде өмір шындығын танытып отыр: «Мен,– деп жазады Лев Николаевич,- қазіргі өмірімдегі бар білетінімді ең жас кезімде меңгердім және сонша көп, сонша тез меңгергендіктен қалған өмірімде оның жүзден бірін де меңгергенім жоқ. Бес жастағы баладан маған дейін бір-ақ қадам. Жаңа туған баладан бес жасар балаға дейін үлкен қашықтық». Баланың айналасындағы заттарды, олардың жеке бөлшектері, көрінетін, көрінбейтін құбылыстар жайлы «Мынау не?» деген мазасыз сұрақтарды жаудыра қоятын кезеңі 3-5 жас аралығы. Ауызекі сөйлеу тілінің қарапайым формалары да осы кезде қалыптасып бітеді. Білуге өте құмар келетін 4-5 жастағы сәби балалар ересектерге күніне 400 сұраққа дейін қояды екен. Бала тілді бөлшектеп үйренбеуі керек, тіл әр уақытта үйретілсе де, бір тұтастықта, баю, жетілу тұрғысында қабылдануы тиіс. Мұндай тұтас қабылдау «тілді сезіну» деп аталады. Балалар қазақ тілін меңгеріп келе жатқандығын өздері сезіп отырулары керек. Сонымен, балалардың қазақ тілінде сөйлеу тілінің дамуы төмендегідей нақты міндеттерді орындағанда жүзеге асырылады:

- Баланың сөздік қорын қалыптастыру, оны белсенді түрде байыту;

- Бала тілінің дыбыстық жағын жетілдіру, мәнерлі де мәдениетті сөйлеуін

тәрбиелеу;

- Тілдің грамматикалық жағын қалыптастыру, грамматикалық

формалардан ауытқымай сөйлеуге машықтандыру;

- Ауызекі сөйлеу тілінің қалыптасып, дамытылуын іске асыру;

- Өз ойын монологты түрде байланыстыра жеткізе білуге үйрету;

- Көркем сөзге баулу;

- Сауаттылыққа үйрету.

Баланың үлкендермен тілдік қатынасқа түсуі олардың сезімдік қатынасынан басталады. Бұл баланың үлкендермен қатынасқа түсуінің басы

болып табылады. Бала тіл дамытудың алғашқы кезеңінде-ақ үлкендер мейіріміне мейіріммен жауап беруге, алғашқы дыбыстар шығаруға үйренеді. Тәрбиеші немесе айналасындағы үлкендердің алғашқы эмоциялық қатынасы,

баланың болашақта осы тілде сөйлеу мәнерінің қалыптасуына негіз болып

табылады. Бір жастағы баламен қатынаста бұл кезеңде тіл немесе сөз заттардың нақты атауларын және бала мінезінің қалыптасуына басшылық жасайтын үлкендердің әрекеті кезіндегі сөздерін бейнелейді. Мысалы: отыр, тұр сияқты бұйрық сөздермен әрекетке, доп, орындық, стол деген нақты атауларға, допты ал, орындыққа отыр дегендей бұйрық мәнді етістік тіркестермен тілдік қатынастарға бала бірден тартыла бастайды. Тілдің табиғи түрде дамуын тәрбиеші мен тіл маманы жақсы білуі тиіс. Өмірінің алғашқы жылында эмоция арқылы қатынасқа түсу баланың үлкен адамға немесе бір-біріне көңілі толу, толмау сияқты өзара әрекетте көрінеді. Бала өмірінің 2-ші жылында оның тілі таным қабілетінің артуына, іс-әрекетінің дамуына байланысты қалыптасады. Бір жасқа дейін бала үлкенге ғана көңіл аударып келсе, енді жан-жағындағы заттарға, қимыл-қозғалысқа, өзімен қарым-қатынасқа түскен адамдаға да көңіл аудара бастайды. Осы кезеңнен балада түсінік, яғни бір сөзді түсіну пайда болады. Үлкеннің сөзіне бала ым-ишаратпен, қозғалыс-әрекетпен жауап береді. Өтініш, бұйрық, ескертулерді дұрыс түсіне бастайды. Осымен бірге бала бұл кезде үлкендерді өзіне немесе бір затқа қаратып, ым-ишаратпен кейбір дыбыстармен сол затқа қатысты өз өтінішін де қоя алатын болады. Алғашқы әбден түсінген сөздерін бала бірінші жылының соңғы кезеңінде айта алмайды. Апа, ата, ав – ав, т. б. осы сияқты 10 шақты сөз білетін болады. Екі жастың орта шенінде бала жетілісінде біршама «не көрсе, соған талпынып, жалтыр-жылтыр еткен болса, соған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай -керней болса даусына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», “ол неге бүйтеді?»– деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп қарасөзінде Абай Құнанбаев дәл сипаттағандай [4], ана тіліне баулып өсіруде бастапқы кезеңнің маңызы өте зор. Бүгінгі балабақшада тілді үйрететін орта – баланың айналасындағы адамдардың сөйлеу тілі. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білсін деген баланың айналасында мемлекеттік тілдегі тілдесім басым түсіп жатуы керек. Бала негізінен тілді ананың құрсағында жатып-ақ естуінің мәні зор. Бұл орайда, республикалық телехабарлардың, радиохабарлардың бағдарламалық материалдардың мемлекеттік тілде күнделікті берілуі қамтамасыз етілуі тиіс.



Балабақшаға баратын балаларға жоғары топтарда қазақ тілін көркем шығармалардың ең кіші жанры өлең- тақпақшалармен тығыз байланыста екені белгілі. Бұл орайда, К.Чуковскийдің айтқанындай, бала тілінің поэзия тіліне еліктей дамытылатыны ескерілді. Қазақ тіліне оқыту жұмысын ойдағыдай жүргізу үшін балалардың жас ерекшіліктері мен жеке ерекшеліктерін, әрқайсысының зейін, қабылдау, еске сақтау, ойлау, қиялдау ерекшеліктерін, сезім, ерік, пен жеке дарындылық қасиеттерін жақсы біліп алу керек. Қай жастағы бала болмасын зейіні тұрақсыз, олардың кейбірінің сабақ үстінде әсерленуі күшті, ой бөлісу қабілеті тіпті жоқ десе де болады, сондықтан қазақ тілінің жекелеген сөздеріне қатысты тірек-сызбаларды дұрыс іріктеу, олардың әрбірін мәніне қарата балаларға ажырата қолдануды әдетке айналдыру тиісті нәтижеге қол жеткізеді. Әңгіме оқығанда, тақпақ жаттағанда әрдайым қолданылып келген сызбаларды баланың өздері танып, зейінін тұрақтандыруы, олардың тіл үйренуге деген құлшыныстарын арттыра түседі. Естиярлар мен ересек балалар топтарында тірек-сызбалармен қатар

үйретіліп отырған шығарма сөздеріне, персонаждарына қатысты бояуы қанық тартымды салынған суреттер беріледі. Ал мектепке даярлық тобында тақпақ мәтіні жартылай сурет арқылы, жартылай сөз арқылы, күрделендіре отырып, сөз сызбаларын ұсынуға болады. Мұндай кезде мектепке дейінгі шақтағы балалар бойындағы бейнелілік, нақтылық, аса сезімталдық сияқты ерекшеліктердің қабылдау мен ойлау ерекшеліктеріне сәйкес келу жағы қадағаланғаны дұрыс. Үш жасында бала өз атынан сөйлеуге (Мынау менің... Маған қарашы көзім қандай, қолым қандай?), өзінің жақсы көретін ойыншықтары, үй жануарлары, олардың төлдері жайлы жақсы көру сөздерін сезім білдіре айтуды («Бөпені уату», «Қуырмаш» ермек тақпақтар) ұнатады. Ана тілін сезіммен қабылдау, өзге тілдің құрылымдық ерекшеліктерін, айтылу әуезін сезіну, оны қабылдау дағдыларының қалыптасуы 2,5-3 жас аралығында айқын көрініс береді. 4-5 сөзден тұратын сәби сұрақтарын бұл кезде жауапсыз қалдырмау керек. Сәбилермен сөйлесе бастау кезеңі 3 жаста оның диалогты сөйлеу тілі негіздерін құрайды» [5]. 2-3 жастағы сәбилерге тән психологиялық табиғи ерекшеліктерді ескеріп, ата-аналар, педагогтер қауымы сөздік—альбомды, «Тілашарды» [6] дұрыс пайдаланса, сәби тілінің белсенді сөз қоры арта түспек. «Суреттi сөздiкте» берілген суреттер баланың жақыннан танитын ойыншықтары, заттары; көшеде, аулада көргенде қызықтыратын құбылыстарды, жанды-жансыз қарекет иелерін аңғарта таныстыратын, өз елінің ерекше тұрмыстық ерекшеліктерін білдіретін тақырыптарды қамтыды. 4 жасқа қараған бала әрекетінде тілді, сөйлеуді меңгеруде мазмұндық және құрылымдық-формалық бағыт айқын байқалады. Балалардың осы кезеңде өздігінен сөз шығарғыштық белсенділігі басым болуына байланысты оларға сөздің мағыналық және формалық құрылысы туралы нақты білім берілу көзделеді. Заттарды жеке-жеке аталымдарымен қоса, жалпы аталымы болатыны кей сөздердің дерексіз, белгісіз нысандарды да белгілі бір сөздермен берілетіні балаға біртіндеп түсіндіріледі. Осындай жас ерекшеліктеріне қарай тіл жетілісін ескеріп, балалармен сөздік жұмысын жүргізу әдістерін білу керек. Жинақтап айтқанда, сөздік қорды қалыптастыру, дыбыстарды анық, таза айтуға үйрету, көптеген жеңіл грамматикалық формалар да өлең жолдарынан табылады. Ал байланысты, жүйелі сөйлеу бұларсыз жүзеге аспайды. Тіл міндеттерінің ішінде негізгі міндет қай ұлт баласының болмасын өз ойын қара сөзбен байланыстыра жеткізе алуы, ойын жүйелеуден, қазақ тілінің табиғатына терең барудың, зерделеудің негізінде нақты жүзеге асады. Байланыстырып сөйлеуге үйрету көп жаттығудан, мұғалімнің тіл үйренуші баланы көп жаттықтыруынан басталады. Бала табиғатының, жаратылысының жалпы табиғи мүмкіндігінің бір белгісі – кіші жас кезеңіндегі сөзге құлақ қойғыштық қабілет нышандары. Тәні таза, жаны сау бала қалай жетілсе, тілі де солай жетіледі. Балалардың байланысты сөйлеуі қазақ тілі, тіл дамыту, қоршаған ортамен таныстыру сабақтарында біртіндеп үйретіледі. Балаға әр сабақта берілетін сөздерді өзге сөздермен мағыналық байланысқа түсетіндей етіп беру, баланың келесі сабақта сол сөздерден тіркестіріп бір ой шығаруға болатынын түсінуін қамтамасыз ету – олардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастырудың басты жолы. Жеке сөздерді, бір ғана ұғым не бірнеше мағына беретін сөз бен сөз тірксызбадан, таңбадан көзбен көріп, көңілмен мейірлене қабылдағанда ғана балада байланыстыра сөйлеу пайда болады. Топ балаларының айналасындағы қарым-қатынас нысандарына сәйкес мазмұнды тақырыптық суреттер, жергілікті және балалар әдебиетіндегі классик жазушылардың шығармашылығынан лайықты мәтіндер топтамасы әзірленуі балаларды байланыстырып, өз ойларын қазақ тілінде жеткізуге ыңғайлайды.
Әдебиеттер

1. Мемлекеттік жалпы міндетті мектепке дейінгі 3 жастан 5 жасқа дейінгі

балаларға білім беру стандарты. Ресми басылым. Астана. 2007 ж.

2. Татуарова Н.Л., т.б. Мектепалды бағдарламасы. Алматы. 2001 ж.

3.Амонашвили Ш.А. Здравствуйте, дети. М. Просвещение,1981.

4. Құнанбаев А. Шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1961. 444б.145

5. Бөбектерге байғазы. (хрестоматикалық жинақ). Алматы: Шартарап,

2000 ж.


6. Сәтімбекова М.С. «Ойна да ойлан» Алматы. 2000 ж.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет