ӘОЖ. 821. 512. 122. 09 М. Х. Дулатидің Әдеби мұраларының зерттелуі



Дата31.12.2019
өлшемі118 Kb.
#55209
ӘОЖ. 821.512.122.09
М.Х.ДУЛАТИДІҢ ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Нусупова А.Ж.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Мырза Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкент маңындағы Өретөбе мекенінде дүниеге келіп, 1551 жылы қазіргі Үндістанның Кашмир өлкесінде дүниеден өткені тарихтан белгілі. Ол өзінің саяси-қоғамдық күрделі өміріне қарамастан әлем мәдениетіне екі шығарма жазып, мұра қалдырып кетті. Бірі – «Жаһаннаме» поэмасы, оны түркі тілінде жырлады. Екіншісі – «Тарих-и Рашиди» шығармасы, оны парсы тілінде жазды. «Тарих-и Рашиди» еңбегі тарихшылар мен зерттеушілер тарапынан өте көп сұранысқа ие болып келеді. Оның басты себебі, кітапта Шыңғыс ханның Шағатай мен Жошы ұлдарының Түркістан кеңістігіндегі билігі мен олардың ұрпақтарының саяси-қоғамдық тағдыры тілге тиек болған. Сондай-ақ, бұл еңбек - түркі еліндегі ислам дінінің қалай дамып, қанат жаюына құнды дерек бола алатын шығарма. Әрі жағрафиялық, тілдік, пәлсапалық тағы басқа тұғырдан аса жоғары бағаланатын туынды. Аталған ерекшеліктердің барлығы кітаптың қазіргі заманға дейін ғылыми айналымнан түспей кәдеге жарап келе жатқандығына негіз болды. Шығыстанушы ғалым И.Жеменейдің зерттеуі бойынша «Тарих-и Рашидидің» парсы тілінде төмендегідей қолжазба нұсқалары бар:

– Британия мұражайында. Add 24090. 342 парақ. Нәстәһлиқ жазуымен жазылған. Әр парағы екі беттен тұрады. Әр беті 19 жол, кейде 18 жол болып келеді. Бет көлемі 18/11. Жазу аясы 14/7.5 см. Толық нұсқа қатарында.

– Иран, Теһран университеті, орталық кітапханасы. № 3218. Суретке түсірілген нұсқасы. Екі беттен тұратын 185 парақ. Әр бет 15 жол, жазу алаңы 14/7 см. Нәсх графикасы. Толық емес, негізгі көлемнің жартысына жуығын, яғни Әлаеддин Аттардың өмірбаяны басталған бетке дейінгі көлемді құрайды, дегенмен қолжазба нұсқасының бастапқы беттері жоқ.

– Өзбекстан, Ташкент, Әбу Рейһан Бируни атындағы шығыстану институты, парсы қолжазба нұсқаларының қорында. № 1430. 321 парақ. 23/13.5 см. Нәстәһлиқ графикасы. Толық нұсқа қатарында.

– Тәжікстан, Душанбе, жазба деректер институтындағы қолжазба қорында. № 475. Толық нұсқа қатарында.

Парсы тіліндегі қолжазба нұсқалар Ресейдің Санкт-Петербург қолжазба қорында, Кашмир тағы басқа елдердің қолжазба қорларында бар екендігі айтылады. Менің жеке қорымда Санкт-Петербург, Лондон нұсқаларының текстологиялық нұсқаларының көшірмесі бар. Сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан және Иран қорларындағы қолжазба нұсқаларының көшірмесі бар.

Жазба деректерге қарағанда, алғашқы болып Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» қолжазба нұсқаларын дерек ретінде пайдаланған «Мың жылдық тарих» атты кітаптың авторлары: Қази Аһмет Тәтәви мен Асефхан Қәзвини.

Аталған кітап Жалаледдин Мұхаммед Акбәр шаһтың (1556-1605) бұйрығы бойынша 1585 жылы жазыла бастайды. Кітаптың атынан байқалғандай, бұл еңбек Ислам әлемінің жалпы мың жылдық тарихын – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың дүние салған жылынан Акбәр шаһтың заманына дейінгі аралықты қамтитын зерттеу еңбегі болып табылады. Бұл кітап авторлары алғаш рет Мырза Хайдарға өзге де аттастарынан анықтау үшін «Дұғлат» бізше «Дулат» деген лақап есімін жалғады.

Одан кейін Әмин Аһмет Рази 1593-94 жылдары бастап алты жыл көлемінде жазып аяқтаған «Һәфт иқлим» атты кітабында Мырза Хайдардың еңбегін пайдаланған. Аталмыш екі кітап та парсы тілінде жазылғандықтан парсы тіліндегі «Тарих-и Рашиди» жазбаларын пайдалану қиынға соққан жоқ.

Мырза Хайдардың жазбаларын ғасырлар бойы мұсылман шығыс елдерінде парсы тілдес зерттеушілер мен оқырман қауым кеңінен қолданып келді. Парсы тілді зерттеушілерден кейін түркі тіліне тәржімалануы күн тәртібіне алынды. Соның арқасында түркі халықтары арасында да қолдану аясы кеңейе түсті. Түркі тіліне алғаш аудармасы тарихшы ғалым һәм аудармашы Мұхаммед Садық Қашғари (1725-1849) тарапынан жасалды. Бұл аударма Қашғар әкімі Юнес Тәжібек ибн Искандербек ибн Әмин Хаже бұйрығы бойынша қолға алынды. Бұл аударма толық болмаса да түркі тіліндегі тұңғыш аударма болды. Аударманың қолжазба нұсқасы Мәскеу қаласындағы Азия халықтары институтының шығыс әдебиеттер бөліміндегі қолжазба қорында сақтаулы тұр. «Тарих-и Рашиди» еңбегінің тағы бір түркі тәржімасын Мұхаммед Нияз Ахунд Ниязи 1253 һижра жылында (1837-1838) Хотән әкімі Мұхаммед Әзиз Ванг бұйрығымен жасаған еді. Оның қолжазбасы да жоғарыда аталған қолжазба қорында сақтаулы.

Мұхаммед Нияз ибн Әбдіғәфур «Тарих-и Рашидидің» бірінші дәптерін 1837-1838 жылдары Хотән әкімі Мұхаммед Азиз Ванг пәрменімен өлең мен қара сөз түрінде түркі тілінде тәржімалағанын зерттеуші ғалымдар растайды. Бұл нұсқа да өзге нұсқалар сияқты толық емес.

1747 жылы тәржімаланған «Тарих-и Рашиди» аудармасының тағы бір шағын нұсқасы: № C 570 (590of) санымен белгіленген. Оның 1322 һижра (1904-1905) жылында Қажы Жүсіп ибн Молла Ашур халифам ибн Құрбан Суфи ибн Дәулет Суфи көшіріп жазған нұсқасы бар.

Сондай-ақ, Ресей Ғылым академиясы Санкт-Петербург қаласындағы шығыстану институтының қолжазба қорында «Тарих-и Рашидидің» түркі тәржімаларының толық және толық емес жеті қолжазба нұсқасы бар.

Парсы тілінен тікелей түркі тіліне аударылған толық нұсқасы Өзбекстан, Ташкенттегі Әбу Рейһан Бируни атындағы шығыстану институтының қолжазба қорында № 10191//II сақтаулы тұр. Ресей мен Өзбекстан қолжазба қорларындағы аталған түркі тіліндегі нұсқалар әзірше бір-бірімен салыстырып, артықшылық пен кемшіліктері, бір-бірінен айырмалары сарапқа салынып, текстологиясы жасалған жоқ. «Тарих-и Рашидидің» парсы және түркі тілдеріндегі қолжазба нұсқаларының текстологиялық жұмыстары қолға алынып, канондык нұсқасын дайындау ғылыми тұрғыдан өте маңызы зор жоба екендігін ескергеніміз жөн.

Ағылшын ғалымы William Erskine 1854 жылы Лондонда баспадан шыққан «History of India» (Үндістан тарихы) атты зерттеу кітабында алғаш рет Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің бір бөлігін ағылшын тіліне аударып, молынан пайдаланды. Оның аса маңызды тарихи жазба екендігін сезген Ерскин ұлы тарихшы Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» туындысы жедел түрде тәржімаланып, жарық көру керектігіне кеңес береді. Сонымен бірге Ерскин Мырза Хайдарды – беделді, дарынды ғалым ретінде бағалайды. В. Ерскинның аудармасы кейінірек «Тарих-и Рашидидің» ағылшын тіліне толық тәржімалануына негіз болды.

«Тарих-и Рашиди» толықтай ағылшын тіліне аударылғанша бірнеше рет ағылшын ғалымдары тарапынан тарихи дерек ретінде пайдаланды. Атап айтқанда: доктор I.W. Bellew, ол 1873 жылы D.Forsyth басқарып барған Қашғар сапары тобының бір мүшесі болды. Сол сапардың нәтижесі ретінде «Шығыс Түркістан тарихы» атты еңбек жазып, оның бір бөлігіне Мырза Хайдардың жазбаларын пайдаланды. Сондай-ақ, R.B.Shaw Жаркент пен Қашғарда іс-сапарда болғанда «Тарих-и Рашиди» еңбегінен бір қысымын тәржімалап, 1876 жылы «Жағрафиялық қоғам» журналында жариялады. Одан соң Elliot «Үнді тарихы» атты зерттеуінде «Тарих-и Рашидидің» шағын бөлігін профессор Dowson аудармасымен енгізген. Moorcroft «сапарнамасы» атты еңбегінде де Мырза Хайдардың аты аталады. Ол 1822 жылы М.Хайдардың қолжазбасымен танысқан, егер оны пайдаланған болса, «Тарих-и Рашиди» қолжазбасын пайдаланған алғашқы ағылшын болып есептеледі.

Ағылшын тілінде толықтай тұңғыш рет 1895 жылы жарық көрді. Бұл аудармада Британия мұражайындағы үш қолжазба нұсқасы, Кембридж университетінің қорындағы бір қолжазба нұсқасы, сондай-ақ, түркі тіліндегі екі аударма нұсқалары пайдаланылды. Оны Едвард Денисон Росс (Eduard Denison Ross) тәржімалап, оған Иранның Хорасан және Систан аймақтарында бас консул болған Н.Елиас (N.Elias) көлемді алғы сөз, һашийе (кітаптың жиегіне түсініктеме жазу) әрі қосымшалар жазып ғылыми һәм танымдық құнын арттыра түсті. Сонымен қатар, Түркістан, Тибет, Кашмир территорияларының картасын дайындап кітапқа енгізіп, еңбектің тарихи бағасын жоғары деңгейге көтерді. Бұл еңбек кейін 1988 жылы қайта басылды. 1991 жылы тағы да Деһли қаласында баспадан шықты. Бұл басылымында аталған карта алынып тасталған делінеді. Мәліметтер бойынша ағылшын тіліне толықтай екінші рет W.M.Thacrston тәржімалады. Бұл аударма Британия мен Ресей (Санкт-Петербург) қолжазба нұсқалары негізінде жасалды. Сөйтіп, 1996 жылы Harvard университеті атынан жарық көрді.

Француздар да XIX ғасырдың орта шеңінде «Тарих-и Рашидиді» тарихи дерек ретінде пайдалана бастаған сияқты. Бұл жөнінде нақты біз білетін мәлімет бойынша Рене Гроссе «Көшпенді империясы – Аттила, Шыңғыс хан, Әмір Темір» (Lempire des steppes – Attila, Gengis-khan, Tamerlan. Par: Rene Grousset) атты зерттеу еңбегінде Мырза Хайдар жазбаларын жоғары бағалай отырып, тиісті тарихи кезеңдерге қатысты молынан пайдаланды. Едвард Денисон Росстың (Eduard Denison Ross) ағылшын тіліндегі аудармасын Осман Қаратай түрік тіліне тәржімалады. Ол аударма 2006 жылы Истамбулда «Selenge» баспасынан көпшілік оқырманға жол тартты.

Өзбек тілінде «Мұхаммед Хайдар Мырза – Тарих-и Рашиди» деген атпен Ваһаб Раһманов пен Янглиш Эгамованың аудармасы арқылы Ташкенттегі «Шарқ» баспасынан 2010 жылы жарық көрді.

Түркі тіліндегі аудармасы «Мырза Мұхаммед Айдар Аязи – Тарих-и Рашиди» деген атпен Аманбек Үсейінбекұлы Жалиловтың алғы сөзі, талдау мен түсінігі бойынша баспаға дайындаған нұсқасы Ташкент «Өзбекстан» баспасынан 2011 жылы жарыққа шықты. Түркі тіліне Хаже Мұхаммед Шәріп 1837-1838 жылдары парсы тілінен аударған. Ұйғыр тілінде Мұхаммедтұрды Мырза Ахмет баспаға дайындаған нұсқасы «Мырза Мұхаммед Айдар Көреген – Тарих-и Рашиди» деген атпен 2011 жылы Үрімжі «Шынжаң халық» баспасынан жарық көрді. «Тарих-и Рашидидің» бұл басылымына Молла Мұхаммеднияз Бенни Әбділғәфурдың түркі тіліне аударған нұсқасы негізге алынған. Оның қолжазба нұсқасы Санкт-Петербург қолжазба қорында сақтаулы тұр.

Орыс ғалымы В.В.Велъяминов-Зернов (1830-1904) «Тарих-и Рашидиді» жазба дерек ретінде қазақтар туралы зерттеулерінде кеңінен пайдаланды. Неміс текті Ресей ғалымы В.В.Бартольд (1869-1931) «Орта Азия түріктерінің тарихы» атты зерттеуінде «Тарих-и Рашидиді» пайдаланған. Тағы да басқа орыс ғалымдары Мырза Хайдар еңбегін пайдаланған сияқты.

«Тарих-и Рашидидің» орыс тіліне аударылуы тарих керуенінен кешігіп келсе де, орыс тіліне аударылуының сәті Кеңес Одағының ыдыраған XX ғасырдың соңғы жылдарына сай келді. Орталық Азия республикалары тәуелсіздіктерін тойлап жатқан кезде Мәскеу дайындаған орыс тілді және орыс тілі мен мәдениетіне қызмет жасаушы зиялылар «Тарих-и Рашиди» кітабының орыс тіліне аударылып, жариялануына қомақты үлес қосты. Осылайша «Тарих-и Рашиди» өзбек ғалымдары А. Орынбаев, Р.П.Джалилова, Л. М. Епифанова тарапынан орыс тіліне тәржімаланды. Ол кітап 1996 жылы Ташкенттегі «Фан» баспасынан шықты. Қазақ белсенділері де дәл сол аударманы тағы орыс тілінде 1999 жылы Алматыдағы «Санат» баспасынан шығарып, өздеріне тиісті қызметті атқара білді.

Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» қолжазбасы парсы тілінен қазақ тіліне аударылып, 2003 жылы Алматы «Тұран» баспасынан жарық көрді. Бұл еңбекті қазақ тіліне аударған шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей болды. Зерттеуші «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударуымен қатар, тұңғыш рет Мырза Хайдардың еңбегінің «ғұмырнамалық әдеби шығарма» екендігін анықтап, профессорлар - Әбсаттар Дербісәлі, Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми кеңесшіліктерімен 2007 жылы Әдебиет және Өнер институтының ғылыми кеңесінде докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Аталған докторлық диссертация сол жылы «Мұхаммед Хайдар Дулат – тарихшы, қаламгер» деген атпен Алматы, «Зерде» баспасынан оқырман қауыммен қауышты.

Ал, «Жаһаннаме» дастанына келетін болсақ, поэма - орта ғасырдағы М.Х.Дулати қаламынан туған көркем шығарма.

Бірақ, ғалымдардың зерттеуі бойынша М.Х.Дулати еңбектерінің әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткендігінен, поэма көпке дейін жарияланбай, оқырман назарынан тыс қалған болатын.

1937 жылы бұл дастан туралы неміс тілінде шағын көлемді тұңғыш мақала жазған башқұрт ғалымы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған (1891-1970) оны Берлин кітапханасынан кездейсоқ кездестіріп оқыған еді. Осыдан кейін «Жаһаннаме» дастаны зерттеуші ғалымдардың назарын аударып, И.М.Хартман (1764-1827), Ч.А.Стори (1888-1967), Д.Росс (1871-1940), Т.И.Сұлтанов, Н.Н.Туманович, т.б. поэма туралы, оның авторы жайында өз болжам-тұжырымдарын жасайды.



Жалпы, «Жаһаннаме» дастаны ұзақ уақыт қолжазба күйінде зерттелмей келгенімен, оның тарих қойнауында жатуы халық жүрегінің ең түкпірінен орын алып, халқымен бірге ұзақ жасағанының, мазмұнымен қатар бағасының да құндылығын тереңдеткендей. Дастанды өз оқырманымен қауыштырған шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Дербісәлі болды. Ол поэманы ежелгі түркі (шағатай) тілінен Берлин нұсқасы бойынша жолма-жол аударып, оны Қашғар нұсқасымен салыстырып, ғылыми транскрипциясын жасады, алғы сөзін жазып, сөздік құрастырып, түсінік, ескерту, аннотация және көрсеткіштерін дайындап, 2006 жылы баспадан шығарды.
Әдебиет


  1. Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. – Алматы: М.Х.Дулати қоғамдық қоры, 2003.

  2. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати (Аяз). Жаһан наме: (Дастан). [Құрастырған: Әбсаттар қажы Дербісәлі]. – Алматы: «Білім» баспасы, 2006.

  3. Жеменей И. Мұхаммед Хайдар Дулат. // Ақ жол. 2003, 6-мамыр.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Өмірбаяны мен еңбектері керімбаева Р.Қ., Сембаева Г. П
Dulaty2014 -> М. Х. Дулатидің «ЖАҺаннаме» поэмасының Ұлттық руханияттағы маңызы тамабаева Қ.Ө
Konferencia -> Әож 809. 434 058 О. БӨкей шығармаларының ерекшеліктері
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122: 82-96 МҰхамед хайдар дулатидың Әдеби көркемділігі
Dulaty2014 -> Мырза хайдар дулат мұраларының рухани қҰндылығы мырзахмет Ғ. К., Алпысбаева Ғ. Б
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122: 82-94 мырза хайдар дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи-танымдық деректер


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет