Эссе қазіргі заманғы ұстаз



Дата15.11.2019
өлшемі15,6 Kb.
#51892
Байланысты:
Эссе

ЭССЕ

Қазіргі заманғы ұстаз

«Бала жүрегі - кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында сол кілт үнемі жүруі керек».

М.Шаханов

Күн өткен сайын ел экономикасы қарқындап, алдыңғы қатарлы дамыған елдермен теңесіп келеміз. Ал, мемлекеттің болашақ тізгінін ұстайтын жастарға беріліп жатқан білім деңгейі қандай дәрежеде? Заманауи кезеңде білімді ұрпақ қана заман көшіне ілесе алары сөзсіз. Жастарымыздың бойында алған білімін өмірде пайдалану дағдысы қалыптасқан ба? Әлде дүниежүзілік стандартқа сәйкес өзгеріс керек пе? Ол өзгерісті қалай, кімнен бастаймыз? Әрине, мұндай сұрақтар кез келген педагогтың көкейінде тұрған шығар деп ойлаймын. Осындай келелі сұрақтарға өз ойымды жазу үшін қолыма қалам алдым.

Бүгінгі таңда Елбасының көшбасшылық саясаты – біздің білім мазмұнын түбегейлі өзгертуді, яғни көштен қалмай, бірізділік ұстанымдарын сақтап, адами құндылықты өзекті мәселенің бірі етіп, дәрменсіз баланың құзыреттілігін оятып, жаңа буынды жаңа қарым-қатынас ортасында өз өмірін басқару, өзгермелі кезеңдерде өмірлік құндылықтарын жоғалтпау, рухани адамгершілік моральда тәрбиелеуге ықпал етуді бізге үлкен жауапкершілікпен міндеттеуде. Осы орайда баланың тереңде жатқан қабілеттерінің оянуына мүмкіндік жасау – қазіргі заманғы ұстаздың ұстанымы болуы тиіс.

Алға үмітпен талпынған жас ұрпақтың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым да өте жоғары. Бүгінгі қоғамның да, қазіргі заман мектебінің де сұранысы дәл осындай.

Білім беру саласында 35 жыл еңбек етіп келемін. Бұл аз ба, көп пе, бірақ мен үшін қызықты жылдар. Дәл қазіргі арманым – әлем елдерімен тең дәрежеде білім, білігімен иық тіресе алатын шәкірт тәрбиелеу. 35 жылдық педагогикалық тәжірибемде бұрын-соңды болмаған білімдегі жаңаша бетбұрыс орын алып, жаңартылған білім мазмұны аясында пайдалы ілім жинақтап, заманауи педагогтың рөлі мен миссиясымен таныса отырып, асқан біліктілікпен жұмыс жасау барысында өзгеше көзқарас пен өрлеу сатысына көтерілуге деген құлшынысым оянды. Бүгінде мен қызмет ететін мектеп жетекші мектептердің біріне айналды. НЗМ тәжірибесін апробациядан сапалы әрі сәтті жүзеге асырып, аудан төңірегіндегі мектептерге таратушы қара шаңырақ ретінде ілкімді шаралар, тиянақты тірліктер атқарып жатқан жайымыз бар. Мұғалім - бағыт беруші, оқушы - ізденуші екендігін үнемі назарда ұстап, оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеру қажеттілігін сезінемін.

Педагог кадрлардың негізгі мақсаты мен міндеттері – сабақ сапасын көтеру, оның түрлерін жетілдірудің жолдарын іздеу, іздене отырып, оқушының пәнге қызығушылығын және танымдық ізденімпаздығын арттыру. Осыған орай мектеп өміріндегі өзекті мәселелердің бірі сабақтың жаңаша оқыту түрлерін дамыту болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеуде оның бойындағы туа біткен табиғи мүмкіндіктерін дамыту, бағалау, сенім арту, талап ету арқылы жауапкершілікпен жетілдіруге болатынына көзімді жеткіздім.

Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы, жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты. Өмір ағымына қарай білім беру жүйесі де күрделі өзгерістерге ұшырады. Қазіргі заман мұғалімі жаңа технологияны меңгеріп, қолданыста кең пайдалана білуі керек. Тек мұғалім болып қана бермей, сол атқа лайық заман талабына сай, білім ордасы мектепті өмір ағымына қарай жетелей білуіміз керек деп ойлаймын. Баланың жан дүниесін түсіну, оған өміріне қажет білім беру, саналы азамат етіп тәрбиелеу әрбір ұстаздың қоғам алдындағы жауапкершілігі деп білемін. Жаңа қоғамға жаңашыл ұстаз тәрбиелеу мақсатында жаңа міндеттерді жүзеге асырып жатқан дүниелерден үйренгенім әрі үйренерім де көп.

XXI ғacыр oқушылaры ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет қaрқынды дaмып кeлe жaтқaн зaмaндa өмiр cүрудe. Oқушылaрды қызықтыру үшін ocы aғымғa iлece бiлу кeрeк. Жаңа әдістерді қолдану арқылы оқушылардың сыни ойлау, өмірлік білім қорын байытуға бар күш-жігерімізді бағыттауымыз қажет. Менің алдымнан білім алып жатқан әр оқушыны осындай дәрежеге жеткізетін болсам, онда ол келешекте бәсекеге қабілетті, өмірдің қиындықтарынан жол тауып шыға алатын, өз елінің пайдаланбай жатқан байлықтарын ашуға ұмтылатын, білімді көшбасшы болатындығына кәміл сенемін.

Сенеканың «Басқаларды үйрете жүріп, өзіміз үйренеміз» деген нақыл сөзі менің бүгінгі ұстанымыма сайып келгендей және осы жолда көш бастап келе жатқан лектің ұранына айналғандай.

Ойымды қорытындылай келе, Елбасымыздың: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән- маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді, мәдениетті, патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз», - деген сөзі көкейге ой салады.



Бұл – жаңашылдыққа бағытталған бетбұрыстың бүгінгі келбеті. Осыған орай әрқашан мектебіме жанашыр болып, шәкірттерімді де соған жетелеуге тырысамын.

Жанкуатова Күлпаш Даукесовна,

Қарағанды облысы Нұра ауданы

Мағжан Жұмабаев атындағы ЖОББМ директоры

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет