Этносаралық неке этносаяси тұРАҚтылықты қамтамасыз ету факторларының бірі ретінде



Дата25.02.2018
өлшемі72,3 Kb.
#38231
ЭТНОСАРАЛЫҚ НЕКЕ - ЭТНОСАЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ФАКТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ
Алпысбаев Ж.Т.,

саяси ғылымдарының кандидаты

Рудный индустриалық институты, Тәрбие

істері жөніндегі проректор

Аңдатпа
Мақала Қазақстандағы этносаралық некелердің туралы ақпарат бере отырып, осы мәселені әр түрлі қырынан зерттейді. Этносаралық отбасыларының жалпы халықтың ынтымақтастығына қосатын үлесін айрықша баса айтып, ондағы ажырасу немесе ұлт ретіндегі ассимилияция қаупі туралы да сөз етіледі.
1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының 6-бабында: «Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды...» делінген [1, 6]. 130 астам этностың басын біріктіріп, оларды бөле-жармай, керісінше ортақ үйдің азаматтары ретінде қабылдап, өзінің ең қымбат қазынасына айналдырған Қазақстан Республикасы ең басты мақсатта өз азаматтарының қамын ойлап, олардың дамуы мен өркендеуіне барлық күшін салады. Өйткені, ол – этносаралық татулықты көздеген тәуелсіздік шарты.

Қазақстан полиэтникалық мемлекет болғандықтан және елдегі ішкі саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімнің мемлекет пен қоғам қолдауын тауып отырғандығынан, қазақ елінде азаматтық қоғам принципіндегі басқа этностар өкілдерімен некелесу ықпалдастығы соңғы кездері оң үрдіске ие болуда. Қазақстанның полиэтникалық қоғамын этносаралық неке құрудан және одан дүниеге келетін сәбидің метисация процесіне міндетті түрде ұшырайтынынан күмәндарын сейілтетін қоғамның екі метрокеңістігін айтуға болады: 1) түркі тілдес және 2) славян халықтары. Көбіне этносаралық некелер осы екі метрокеңістіктің заңдылықтарына байланысты қолдау тауып жатады. Арнайы статистикалық деректерге сәйкес 1999 жылы 18402 этносаралық неке тіркелсе, бұл көрсеткіш 2013 жылы 8230-ға артып, 26632 некені құрап отыр [2, 120]. Қазақ, өзбек, ұйғыр, татар этностарының үйленген ұлдары мен тұрмыс құрған қыздарының саны жыл сайын артқанын байқаймыз. Қазақстанда қазіргі таңда аталмыш мәдени белгілері бойынша жақын 1 млн. 495 мың түркі тілдес халықтар бар екендігін ескерсек [5, 6], бұл аталмыш этнос өкілдерінің өздеріне тілі мен ділі, мәдениеті мен діні жақын метрокеңістік адамымен некелескенді айып көрмейтінін байқатады. Мәселен, қазақтар тілі келмесе де, бір-біріне ділі жақын мұсылман дінді күрдтер, тәжіктер, дүнгендер, ингуштар, шешендермен некелесуге махаббаттарының арқасында бел байлауы мүмкін, себебі некелессе ең құрымағанда дінін сақтап қала алады.

Славян халықтары: орыстар, украиндар, беларустар, болгарлар, поляктар, сонымен қатар түркі тілдес те, мұсылман да емес, тегі шығыс сары нәсілдер – кәрістер мен қытайлар, еуропалық этнос өкілдері бір-бірімен этносаралық неке қатынастарында көбіне жақсы тіл табысады.

Алайда, жоғарыда айтылған екі метрокеңістікке жататын этнос өкілдерінің де бір-бірімен некелесіп жататындығын еш жасыруға болмайды. Яғни түрік тектес этностар мен славян этностарының некелесуі арқылы өзара интеграциялық эпицентр құрылады. Бұл үдеріс кеңінен қолға алынып, ел арасында ешқандай кері сипат алмауына негіздер де қалыптасқан: 1) вестернизм – түрік тектес этностардың ескішілік пен дәстүршілдіктен бас тартып, батыстың мәдениеті мен өмір салтына еліктеу арқылы славян этностарымен некелесуден жалтармайды; 2) жадидизм – екі метрокеңістіктің өкілдері батысшылдық пен ескішілдіктен бас тарпай, керісінше екеуін де қолдайды. Бір бірінің мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына түсіністікпен қарап, оларды тұрмысында игереді. Бұл тәжірибе көбінесе ауылды жерлерде этносаралық некелесу кезінде байқалады [3, 17].

Қазіргі таңда, осындай сипатта жүргізіліп жатқан Қазақстанның этносаралық некелесу процесіне оң көзқараспен қарамайтын зерттеуші саясаткерлер аз емес. Солардың бірі – Әзімбай және Дінмұхаммед Ғалилар. Авторлардың пікірінше, этносаралық некелесу барысында қоғамда түсініксіз аралас этнос пайда болады. Ол жөнінде былай дейді: «Орыс пен қазақтың некелесуінен туған балалар субэтникалық жеке бір топты құрады. Олардың көпшілігі – төлқұжатта ғана қазақ болып жазылған қалалықтар. Ондайлардың түрінде де, тілінде де, санасында да қазақтық сана аз не жоқ. Қайсыбіреулері өздері шала бола тұрып, тағы да орысқа үйленіп, сол ортаға толық еніп кетпек» [3, 25]. Авторлардың тұжырымынша, этносаралық неке этносаралық ассимилияцияның бір көрінісі. Әрине, бұл үлкен мәселе. Бірақ, бұл жерде этностық бірегейлік басым ба, әлде этносаралық сүйіспеншілік басым ба деген сауал қойылады. Оған жауап ретінде тек бір ғана қоғамдық элемент ұсынылады: ішкі тұрақтылық немесе оны орнықты ететін этносаралық келісім, азаматтардың бостандығы мен теңдігі, өзара сүйіспеншілігі. Бұл жерде мәдени құндылықтар сабақтастығының жойылу қаупі де сезілетін шығар. Алайда, тарихтан бір ғана мысал келтіруге болады: «Алаш» партиясының көшбасшысы Ә.Бөкейханның жары Елена Яковлевна мен қазақтың кемеңгер ғалымы А.Байтұрсыновтың зайыбы Александра орыс этносының өкілдері болса да, неке тұрақтылығын сақтау мен қайраткерлердің абыройына кір келтірмеу үшін ислам дінін ұстап, қазақша сөйлеген, қазақ мәдениетін меңгерген, балаларын да осы жолмен ортақ отбасына ұйыстыра білген.

Міне, осы тарихи ақиқаттан түйіндейтініміз, этносаралық келісімді сомдайтын осындай тәрбиелік мәні зор этносаралық некелердің тарихи сабақтастығын қазіргі кезде жалғастыру өте маңызды. Себебі, осындай этносаралық неке түсіністігінің жоқтығынан қазігі кезде этносаралық неке салдары күрделеніп, этностардың діни, тілдік, мәдени құндылықтарының сабақтастығына кері әсерін тигізуде. Ол қаншалықты адам еркіндігімен, ішкі махаббат сезімімен байланысты болса да, атадан балаға берілетін этникалық рухани құндылықтардың инстингтік заңдылықтарының бұзылуы ажырасуларға әкеп соғуда.

Дегенмен, бұл құбылыс түсінікті, яғни диалектиканың қарама-қайшылық заңдылығына сәйкес қосылу бар жерде ажырасу да бар. Жоғарыда айтылған этносаралық некелердің этносаралық ажырасуларға айналғандығының статистикалық көрсеткішін сараласақ, тек 2007 жылы 26632 этносаралық некелесу тіркелсе, дәл осы жылы оның 11861-і (жартысына жуығы) ажырасқан. Бұдан ажырасқан еркектерден әйелдердің көрсеткіші бір жарым есеге басым келгендігін байқаймыз. Мәселен, 2013 жылы ажырасқан 1781 қазақ еркегінен ажырасқан қазақ әйелдерінің саны 611-ге артық, сондай-ақ 2721 орыс еркегінен орыс әйелінің саны 1413-ке артық [2, 122]. Яғни этносаралық неке бойынша ғұмыр кешуде еркектерден қарағанда әйелдердің тұрақсыз келетіні белгілі болды.

Ал, демографиялық өсімнің, туудың көзін бекітетін осы ажырасуға не түрткі болады деген сауалға жауап беруде Бреева Е.Б., Борисов В.А., Веселкова И.Н., Комаров Ю.М. және т.б. зерттеуші ғалымдар екі факторды ұсынады:

а) мінез-құлық қайшылығы;

б) әлеуметтік-экономикалық теңсіздік.

Жұбайлардың ажырасуларына түбегейлі кері әсер ететін фактор – ол жұбайлардың әрдайым өзара түсініспеушілігіне әкеп соғатын олардың мінез-құлық қайшылығы. Осы орайда, Вашингтон университеті психологтарының тұжырымдауынша, жұбайлардың некелесу алдында өзінің және ғашығының мінезі қандай екендігіне мән бермеулерінің салдарынан, кейін отбасы құрғаннан соң өздерінің төмендегідей үш кейіпке енетіндіктерін болжай алмайды:

1) үндеместер: дау-дамайды қаламайтындар;

2) дауқойлар: болмайтын нәрсеге бола ұрыс шығаруды жаны сүйетіндер;

3) кеңесшілер: бір-бірін жақсылап тыңдап алып, екі жаққа жағымды ортақ шешім шығаруды қалайтындар.

Психологтардың пікірінше, егер жұбайлар «дауқой» мен «кеңесші» немесе «үндемес» пен «дауқой» кейпінде өмір сүрсе, жұбайлар көп жағдайда ажырасады [4, 82].

Жұбайлардың ажырасуларына отбасының әлеуметтік жағдайы да ықпал етеді. Отбасы бюджетінде қаражаттың жеткіліксіздігі, яғни орташа өмір сүру деңгейінен төмен болуы немесе мүлдем болмауы салдарынан қоғамдағы басқа субъектілермен салыстырғанда экономикалық диспропорцияға әкеп соғады. Нәтижесінде отбасының әлеуметтік әлсіздігі айқындалады. Оған ауыр материалдық жағдайдағы жұмыс істейтін бір ғана ата-ананы немесе жұмыссыз қос ата-ананы, шұғыл әскери қызметпен әрдайым іс-сапарда жүретін ата-ананың біреуін, балалары мүгедек немесе мүгедек ата-ананы, бала-шағалы студент жұбайларды, көшіп келген немесе босқын ата-аналарды, ішімдікке, нашақорлыққа, құқықбұзушылыққа бейімделген ата-аналарды жатқызуға болады.

Отбасы өміріндегі осындай әлеуметтік ауыртпалықтардың алдын алуда шетелдерде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде отбасының өмірін жеңілдетіп, туу процестерін арттырады. Мәселен, Бельгия, Франция, Греция, Испания елдерінде балабақшаларда балаларды ұстау үшін жеке табыс (подоходный) салығына жеңілдіктер қарастырылса, Германия, Италия, Люксембург секілді елдерде білім алу шығындары үшін жеке табыс салығына жеңілдіктер жасалады [4, 261]. Қазақстан үшін жас отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй саласында ғана емес, сонымен бірге жоғарыдағы шетел мемлекеттеріндегідей отбасының алдағы өмірін тұрақтандыруға жеңілдіктер ойластырған дұрыс шығар.

2000 жылдан бері Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі толықтай экономикаға, ал экономика әлеуметтік салаға бағытталғандығының нәтижесінде сапалы әлеуметтік реформалар жүргізіліп, оң шешімін тапқан игі жұмыстар атқарылып жатыр: білім алу гранты мен несиелер берілуде, шәкіртақылар ұлғайтылды, бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақылары дәйектілікпен өсіріліп келеді, аз қамтылған отбасыларына 18 жастағы балалары үшін ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ көп балалы аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде, балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір санаттарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде, жыл сайынғы зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері арттырылуда, барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер елімізде уақытылы төленіп келеді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа жолдауында ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша мән бере отырып, үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін арттырды, жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікті, босануды, аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыруға 9,2 млрд. теңге бөлінді, іргелік зейнетақы мөлшері ұлғайтылып, халықаралық стандарттармен сәйкестендірілді. Бұл, әрине, Қазақстан жүргізіп отырған экономикалық реформалардың әлеуметтік қорытындылары.



Қорыта айтқанда, еліміздің азаматтық қоғамында этносаралық некелесу үдерісін ырықтандыру арқылы этносаяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, тәуелсіздігіне сенімді тірек бола алады.

Әдебиеттер

  1. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы 6 б.

  2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі. Қазақстанның демографиялық жылнамалығы. – Астана, 2013. – 612 б.

  3. Ғали Ә.Б., Ғали Д.Ә. Этнодемография және саясат сыры. – Астана: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекет қызмет академиясы, 2001. – 170 б.

  4. Бреева Е.Б. Основы демографии: Учебное пособие. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: «Дашков и К», 2007. – 388 б.

  5. Тәтімов Мақаш. Қазақ тілін меңгеруге алты топ та мүдделі. // Ана тілі. – 2005. – 20-26 қазан. – 6 б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет