Х. алтай және дінтану ғылымының Қазақ жерінде дамуы



Дата28.01.2018
өлшемі53,93 Kb.
#34693
Х.АЛТАЙ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ ДАМУЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Халифа Алтай 1917 жылы Шығыс Түркістанда дүниеге келген. Толық аты Халифа Алтай ибн Ақиб әт-Түркистани екен. Әкесі саудагер, білімді, діндар адам болған. Он алты жасқа дейін өз отанында болып, 1933 жылы ел асып, жер аударады. Бұл туралы Х.Алтай былай дейді: «Моңғолдардың құрлықтан, әуеден бізге жасаған әскери жорықтары салдарынан біздің қатарымыздан көптеген адамдар қаза болды, көптеген мал-мүліктер барымталанды, сонымен қатар, орыстар шамамен 300-ге жуық өз тыңшыларын жіберді. Біз әйелдерімізбен, бала-шағамызбен қақыраған қыстың аязында қашуға мәжбүр болдық. Әскери күштер бізді жоймақ болып шабуыл жасады» [1,9-б]. Осыдан кейін Халифа Алтай Тибет арқылы Үндістанға жол тартып, туған-туыстарымен аман қалады.

Ол жерде Х.Алтай ұстаздық етумен айналысып, бала оқытады, араб, түрік тілдерінің аудармашысы болып, әртүрлі мектептерде грамматика, фонетика, хадис ілімдері бойынша білімін толықтырады. Осылайша Құран Кәрім мен тәпсір ілімдері бойынша білімін жетілдіріп, Құран ілімі бойынша маңызды еңбектерді шола жүріп, өзімен бірге қоныс аударған қазақтар арасында беделі өсе бастайды. 1953 жылы Түркияға қоныс аударғаннан кейін де көбіне діни еңбектер жазумен айналысады. 1992 жылдарға дейін Түркияда тұрған Халифа Алтай эмигранттардың өкілі ретінде олардың көші-қоң мәселелерімен айналысады. Ол кейін өз отаны Қазақстанға оралады. Оның «Түркия елінен түпкі отанымызға саяхат» атты кітабы соның дәлелі.

«Құран жолы және Иман шарттары» атты кітабында автор арабтың әліпбиін, бес уақыт намаз шарттарын, сүрелер мен оны оқудың жолдарын, жаназа шығару мәселелерін кеңінен қамтиды. Ислам дініндегі Ғибадат негіздерін қамтитын бұл құнды еңбекте мұсылман баласының дұрыс өмір сүруінің жолдары көрсетілген. Бұдан басқа да өз өмірі мен айналасы туралы «Алтайдан ауған ел», «Атажұрттан Анадолыға дейін», «Естеліктерім» еңбектерінде ұлт тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы толғанады.

Халифа Алтайдың «Иман-шарт», «Ғылымхал», «Ғибадатул-Ислам», «Таңдамалы хадистер» атты діни еңбектері бар. Соның ішінде 2001 жылы «Ислам кітапханасы» баспасынан шыққан «Хұтпалар» Діни уағыз, насихаттар» атты кітабының орны бөлек. Мұнда автор дініміздің міндетті түрде орындалуын парыз еткен ғибадаттарын зерттеп, жаратқанға бой ұсына отырып, рухани қасиеттердің қайнар көздері мен береке-бірлік қатынастарды нығайтудың қоғамдық маңызын ерекше атайды. Кітапта: «... жамағат болып, көпшілікпен өтелген намаздың анағұрлым артық сауабы болатындығы және аптасында бір рет жиналып, жамағатпен өтелетін Жұма намазының парыз болуы, Ислам дінінің жеке даралық емес, қоғамшыл, ұйымшыл бір дін екендігін ортаға ашық түрде қоюда. Қорытып айтқанда, Ислам дінінде жамағаттың, қоғамның сондай-ақ қоғамшылдықтың өте елеулі маңызы, аса ерекше жоғары мәні бар екендігі түсінікті. Сондықтан хазирет Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Жамағатпен оқыған намаздың жеке оқыған намаздан жиырма есе артық сауабы бар», деп елеулі түрде ескерткен» [2,3-б]. Бұл еңбекте автор құтбаның уағыз бөлімдерін жетік тілмен, түсінікті етіп аударған. Стилі жатық. Мұсылмандардың өзіне қажетті мәселелеріне тоқтала отырып, жөн-жоралғы және әдет-ғұрыптар кеңінен түсіндіріледі.

Құтба дегеннің өзі «сөйлеу» деген мағына береді екен. Хатіп деген «сөйлеуші» деген мағына береді және бұлардың тек арабша оқылуы бұл тілді түсінбейтін басқа мұсылмандардың үгіт-насихат алуына мүмкіндік бермейтіндігі туралы автор орнықты баяндайды. Бұл кітапта барлығы 52 құтба аударылып, енгізілген. Мысалы, үшінші құпбада иманды әуелі шын жүректен бекітіп, қорғай отырып, о дүниеге сол сенім және иманға лайық ғамал істеп толық мұсылман түрде кету керектігі туралы айтады. «... құлшылықсыз, ғамалсыз құр сенім: «Ашық жерде жанған шам тәрізді, үп еткен жел оны өшіре алады. Сондықтан иманды, ғамал әрі дұрыс іс істеумен нығайту мойнымызға борыш. Былай айтқанда, сол иманға өзіңіз ие болмасаңыз, дұрыс ғамал істеудің орнына діннің тыйым салған: зина, арақ, ұрлық, өтірік, кісі хақысын жеу, шодыр мінезділік, тәкәппарлық, ғайбат, өсек-аяң, мақтаншақтақ, құмар ойнау, уәдеде тұрмау тағы басқалар сияқты жамандықтардың ортасында жүзіп жүрсеңіздер, бара-бара көңілдеріңіз қарайып, имандарыңыз нашарлай бастап, бұл дәулет құсының бастарыңыздан ұшып кеткенін сезбей қаласыздар. Алла тағала оның бетін ары қылсын!» [2, 15-б]. Жан қиналмай мал табылмайтыны, жаннат оп-оңай келе қоймайтыны, істеген қылмыстарымыздың сазайын тартқанда ғана жаннатқа кіре алатынымыз ары қарай сөз болады. Одан кейінгі құтбада Алла тағалаға құлшылық етумен қатар дұрыс ғамал істеу керек екендігі жайлы айтылады. Бұл құтбада «Ғамал салих», «Ғибадат» деген сөздердің мағыналары түсіндіріледі. Алла тағаладан тілейтін тілекті «дұға» дейді екен. Доғаның немесе Алла тағаладан тілейтін тілегіміздің ең абзалы Фатиха сүресі екені белігілі. Хазірет Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Тілек – ғибадаттың миы. Яғни тілексіз ғибадат – мисыз адамдай» деген ұғымда және 40-шы сүренің 60-шы аятында: «Раббыларыңнан (иелеріңнен) ғана тілеңдер, тілектеріңді қабылдаймын. Шын беріліп маған құлшылық етуден паңсынғандар, қор болып тозаққа кіреді» делінген»[2,18-б] екен.

Х.Алтай бабаларымыздың рухын құрметтеп қана қоймай, олардың еңбегін жас ұрпаққа насихаттап, үлгі тұтып кеткен. «Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): Отанды сүю – иманның жартысы»,- деген өсиетін жүректеріне сіңірген ата-бабаларымыз кең байтақ қазақ даласына дүниенің төрт бұрышынан төнген жаумен қасық қаны қалғанша күрескен. Сондықтан «мемлекетімізді, тәуелсіздігімізді және дінімізді қорғап, сақтау үшін әскери тұрғыдан әр уақыт мықты болуға мейлінше тырысып, шаманың келгенінше еңбек ету, елеулі бір ұлттық әрі діни міндет екендігі даусыз» [2,39-б],-деді. Бұл тұста кешегі өткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым ете отырып, рухани құндылықтарымыздың қайнар көзі дін дегенге саяды.

Дінтанушы 1988 жылы алғаш рет Құранды қазақ тіліне аударады. Құран Кәрімнің осы аудармасы миллионнан астам дана болып шығып елімізбен бірге Ресей, Қытай, Түрік, Маңғол, Өзбек, Қырғыз елдеріне тегін таратылады.

Халифа Алтайдың ең үлкен еңбегі осы Құран Кәрімді қазақша мағынада аударып шығуы. Бұл үлкен маңызы бар еңбек. Құран Кәрімнің кіріспесінде түркі тілдеріндегі, әсіресе өзбек, әзербайжан, татар, түрік тілдеріндегі аудармаларынан хабары бар екені байқалады. Діни ұғымдарға қатысты түсіндірмелер орынды берілген. Құранда кездесетін кілтті сөздерге түсінік бере отырып, олардың орындары мен қызметтері көрсетілген. Бұл еңбек барша мұсылман қауымының дін туралы білім кеңістігін одан әрі тереңдетті десек артық болмас.

Құран Кәрімнің кіріспесінде оның 62 тілге 2668 рет аударылып басылғандығы айтылады. Соның ішінде қырықтан астам аудармасы түркі тілдеріне тиесілі екен. «Қолыңыздағы Құран Шәрифтің қысқаша ғана аудармасы. Ал міне бұл аударма бір мәал түріндегі Құран Шәрифтің қазақша түсінігі болғандықтан: «Құран Шәриф қазақша мағына және түсінігі» деген ат берілді. Өйткені бұл аудармада, сөзбе-сөз мағына берілу көз алдыға ұсталмай аяттардың негізгі ұғымы қысқаша, қарапайым қазақ сөзімен түсіндірілуге тырысылады»[3,5-б],-делінген. Расында да 605 бет көлеміндегі Құран Кәрім қысқаша аударылып, аяттардың негізгі ұғымы қарапайым сөздермен түсіндірілген. Құран Кәрімнің қазақша аудармасының қазақ үшін қажеттілігі туған кезеңге дөп келді. Бұл тұстан қазақ елінің рухани дамуына үлес қосу Халифа Алтайдың арман-мақсаты сабақтасып жатқанын көреміз. Дінтарату еңбегіне қарап отырсақ, өзінің мақсатына адал ғана емес, елі үшін ықыласты бір шаруаның тындырымпазы болғанына көзіміз жетеді.

Дінтанушы Құран Кәрім аллаһтың кітабы екенін баса айта отырып, оның іші шындық пен түрлі сырға толы екеніне көз жеткізген бірден бір шебер аудармашы және дінді нағыз уағыздаушы.

Қорыта айтқанда, Халифа Алтай қазақ халқы үшін еңбегін аямаған, Исламның жолын шама-шарқынша уағыздаған, қазақ халқының рухани өміріне өз үлесін қосқан қайраткер.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Хижази Махмұд Фаһми. Халифа Алтай және қазақ халқының ислам мәдениеті туралы жарияланымдары. / Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: елдік іс пен имани құндылықтар. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы. 2008.



2. Халифа Алтай. Хұтпалар» Діни уағыз, насихаттар. Ислм кітапханасы. – Алматы: 2001.

3. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Екі Харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шәриф басым комбинаты. 1991.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет