Хикаяттар Алматы



бет2/2
Дата31.01.2018
өлшемі4,31 Mb.
#37023
1   2

-29-

береді, өзенге қарап тұрған үй сол күйі тұра береді.

Қамау сұрақ берерін беріп алып, өзі де соған жауап таба алмай пұшайман болып тұр екен, менің сөзімді іліп әкетті.

- Шынында, үй ертең әрі қарап кететін сол тұрған жер ғана қозғалмайды ғой. Әлден өте дұрыс айтып отыр. Бұл, шынында, географ екен, жарайсың.

Масаның қолыма қонғаны маған тағы бір ой салды. Күн салқындап, кеш түсіп келеді деген сөз бұл. Енді сиырлар өрістен қайтады. Мен суға шомылып жүріп, Ноғайбай сайының қалың сиырқұйрық, түлкіқурай өскен далиған аузына қарай бердім.

Сай аузынан ең бірінші болып көк сиырдың тұмсығы көрінуі керек. Өйткені ертеңді-кеш сиырлар өріске беттеп, не қайтып келе жатқанда көк сиыр үнемі алда болады. Оның өткір мүйізіне, қатал мінезіне ауылда бір сиыр қарсы келе алмайды. Содан да көк сиыр — үнемі көш бастаушы. Ойлағанымдай-ақ, сай аузынан көк сиыр көрінді, алшаң-алшаң басып келеді.

- О, о, сиырлар келе жатыр!

Күндегі әдет бойынша мына сөздерді мен қуанышты үнмен айтып қалдым. Көк сиырдың мүйізін бүгін кешке Шаншар атайдың кесетінінен әлдеқашан хабардар болған балалар іліп әкетті. Қазір қызық болады.

- Шаншар атамның көк сиырдың мүйізін кескенін көреміз!

- Немене, сен де қуанып тұрсың ба?

Шәкір бүйірімнен түртіп қалды.

- Жоқ, ә.

Балалар судан апыл-ғұпыл шығып, тез-тез киіне бастады. Су ішінде Шәкір екеуіміз ғана қалып қойдық.

- Әй, немене, сендердің қызықты көргілерің келмей ме?

Қамаудың мына қыңыр сөзіне Шәкір де қырсық жауап берді:

-Өздерің шуылдап барып, көре беріңдер.

Өркөкірек Камау шап ете түсті.

-Немене?


-Не естідің — сол.

-30-


- Сенің сиырыңның мүйізін кеседі екен деп, біз қызықтан құр қалады деп пе едің? Тапқан екенсің ақымақты!

- Қалмай-ақ қой. Бара бер, жүгір.

- Не деп тұрсың өзің? Сен де барып көресің, білдің бе?

-Ал бармасам ше?



-Барғызамын!

-Кімді?

-Сені!

-Алдымен мұрын боғыңды сүртіп ал.

-Абайла, әйтпесе, көрсетермін мен саған қазір мұрын боқты!

-Көрейік онда, кім-кімге көрсетер екен.

Шәкір жарқабаққа ытқып шықты. Екеуінің әр кезгі қораздарша қоқыраңдасып қалатынына үйренген біз шүпірлесе қалдық. Олар бұрын көбінесе:

- Кәне, сен ұршы!

- Ал, сен ұршы! — десіп, бір-біріне бата алмай өз жөндеріне кететін.

Бүгін жаны күйіп тұрған Шәкір бірден Қамаудың мұрнынан періп жіберді. Қамаудың ұмтыла бергені сол еді, мұрнынан қан сау ете түсті. Ол қос уысын дірдектеп жоси жөнелген қанға тосып, бүк түсіп отырып қалды. Талай баланы ұрып-соғып қан қақсатқан бұзық Қамау, қымс етсең, тап беретін дөң кеуде Қамау, бір сөз айтсаң, бас салатын пысық Қамау, міне, енді бір уыс болып отыр. Кенет еңіреп, егіліп кеп жылады.

- Сендер екеусіңдер. Мен сені соғар-ақ едім, саған Әлден болысқалы тұр. Ерік ағам соғыста өлмей, тірі болып осында жүрсе, көрсетер едім мен саған. Ағашым-ау, аға!..

Мұндай болады деп мүлде ойламаған Шәкір де, біз де қатты састық. Әкесін соғыс жұтқан, шешесі тастап, тұрмысқа шығып кеткен, жалғыз кәрі әжесі бар осы бір содыр баланың жүрегіндегі қайғы-мұң бәрімізді түңғыш рет осқылап өтіп еді.

Қамаудың булығып жылауы, меніңше, өте орынды-ақ. Менің Шәкірге болысатынымда сөз жоқ. Ағаңды біреу сабап жатса, қайсың қарап тұра аласың! Бірақ дәл сол сәтте ешқандай мияты жоқ Қамау енді бұдан былай Шәкірмен төбелесе қалса, болысып қол көтермеспін дедім өзіме өзім.

-31-


Қамауды Шәкір де аяп кеткен екен, еңкейіп төніп түсіп жалынып жатыр:

- Қамау, жылама, жыламашы. Екеуіміз дос едік қой. Кел, табысайық. Жүр, бәріміз барып, Шаншар атайдың көк сиырдың мүйізін кескенін көрейік.

Қамаудың ашуы тез-ақ қайтты. Ол біраз мұрнын сүрткілеп тұрды да:

- Жүр, - деді.


* * *
Барлық бала біздің үйдің жанына келсек, апам көк сиырды сауып отыр екен. Жаңа бастапты. Көк сиырдың ұзыңдығы кере қарыс төрт емшегінен сүт шелектің түбіне, бүйіріне тыз-тыз құйылады. Осы ауылдағы жалғыз бұзауын салмай ійійтін көк сиыр желініндегі бар сүтті сарқып береді. Шелек түбі күрп-күрп ете бастады. Сөйткен сайын көбік көбейіп, шелек ернеуіне таяп келеді. Сүттің жылы иісі мұрынды жарады.

Апам көк сиырды сауып болды да, шелек тола сүтті ошақ басына әкеліп қойып, бетін нан илейтін тақтаймен жапты.

Сөйтті де, Шаншар атайдың үй жағына қарады. Бәріміз де сөйттік. Дәл Шаншар атайдың үйінің желкесіндегі боз төбеден асып бара жатқан күн сәулесі көзімізге құйылып, ештеңе көрсетпеді. Бәріміз алақанымызды көлегейлеп қарадық. Шаншар атай үйінің маңында жоқ.

«Е, онда қауынында болды ғой». Ойлағанымдай-ақ, Шаншар атай кер биенің лыпылдаған сумаң жүрісімен сайдағы бақша жақтағы белестен асып түсіп келеді екен. Кер биені былай қойғанда, Шаншар атайдың атқа отырысын біз сонадайдан танимыз. Ерге отырғанда атайдың жайшылықтағы биік еңсесі одан сайын ұзарып, екі аяғы кер биенің тізесін қауып, ерекше айдарланып кетеді. Оның үстіне жүрдек, жүйрік бие де атайға әдемі бір жарастық беріп тұрады.

- Әне, Шаншар атай келе жатыр!

Апам селт етіп, жан-жағына қарады. Қоршап алған бізді көрді.

- Сендерге не жоқ, карақтарым-ау?

- Көк сиырдың мүйізін кескенін көреміз.

- Әй, шырақтарым-ай!..

Апам бізге осыдан басқа еш нәрсе айтпады.


-32-


* * *
Бұл кезде Шаншар атай да келіп қалған еді. Атай кер биеден шапшаң түсті де, қаңтара салды. Жүзі бір түрлі түтігіп, ашу, айбар жинап алыпты.

- Жәке-ау, биеңізді мама ағашқа байламайсыз ба?

- Жоқ. Өзі тұрады. Оған ана көк итті таңамыз қазір. Әкел бері жетектеп.

Апам көк сиырды қазығынан шешіп алып, жетектеп мама ағашқа қарай жүрді. Мұрны пыс-пыс етіп, жан рақатқа батып жатқан жерінен тұрғызғанға ренжи ме, жоқ, басына төніп келе жатқан қатерді сезді ме, көк сиыр тартынып, еріне басады. Апам оны «Шо, жануар, шо»-лап, мама ағашқа әзер жеткізді.

- Алдымен мені қағып жібермейтін етіп басын бұйдасымен мамаға бір таңғын. Сонан кейінгісін өзіме қоя бер, — деді Шаншар атай.

Апам дәл солай етті.

Балалардың бәрі сұқтана сілейіп қалған.

Шаншар атай көк сиырға жақындады. Көк сиырдың көзі шатынап, Шаншар атайға одырая қарады. Бірақ адамның дегеніне көнген жануар емес пе, тыныш тұрды.

Шаншар атай сиырды мойнынан қыл арқанмен бірнеше қабат етіп мама ағашқа таңып тастады. Енді алда істің нағыз қиыны тұрды. Ол - мүйізді аралау. Шаншар атай қос білегін түрінді. Бір қолына қол араны алды. Екінші қолымен көк сиырдың оң мүйізінен мықтап ұстады да, ақырындап аралай бастады.

Міне, қызық, көк сиыр тып-тыныш тұр!

Бәріміз таңданып әрі қуанып тұрмыз. Шаншар атай да қуанып кетті.

- Иә, Алла, іске сәт! Бұл қызталақтың мынасы жақсы болды-ау. Тегінде, бұл — тұқымы асыл мал.



Атай сөзін аяқтай бере, көк сиыр жан даусы шыға өкірді. Ендігі сұмдық оқиға қас қағымда болды.

Көк сиыр жан ұшыра өкіріп, алапат күшпен жұлқынды дейсің бір! Мама ағаш жұлынды ма, сынды ма, демнің арасыңда көк сиырдың мойнына сүйретіліп қалды. Көк сиыр енді Шаншар атайға тап берді.

Атай тұра кеп қашты.

Бізде де үрей қалмай, опыр-топыр болып, жан-жаққа зыттық. Зытып бара жатып, артыма қарадым. Көк сиыр


-33-


Шаншар атайға жетермен болып қалыпты. Енді екі-үш сүйем жақыңдаса, ашулы сиыр атайды жарып тастайды. Буын-буынымнан әл қашып, отыра кеттім.

- Әй, көк сиыр, тоқта! Қой!

Бұзауынан, сонау Әуесбек сүзісіп ойнап жүрген кезінен біздің үйдің үлкен-кішісінің осы бір бұйрық сөзіне бағынып өскен есті жануар апамның айтқанын орындап, қалт тоқтай қалды.

Шаншар атай есігі ашық тұрған үйге зып беріп, жоқ болды.

Көк сиыр бұрылып, көлденеңдеп шыға берді. Тұрған бойы сұс, ашу, ыза. Әншейіңде салбырап тұратын әукесі жиырылып, желкесі күдірейіп оқтаудай болып, ішін тартып алған. Мама ағаш түсіп қалыпты.

Көк сиырдың мына түрінен апамның өзі де жасқанып тұр. Көк сиыр қазығына қарай жүрді. Көк сиырдың осы бір әрекеті жаңағы апыр-топырды сейілтіп кеткендей болды.

Неге екенін қайдам, көк сиыр басын шайқап-шайқап қояды. Қазығына барып, көлденеңдеп тұрғанда барып көрдік, ара әлі мүйізіне жабысып жүр.

Апам мен бұрын көріп-білмеген елгезектікпен тез-тез басып келіп, араны жұлып алды. Аппақ араның жүзі қып-қызыл қан. Денем дір ете түсті. Дәл бір өз шекемнен қан шыққандай құйқам жыбырлап, төбе шашым тік тұрды.

- Әй, бейшара-ай, сүзеген болып нең бар еді?

Апам көк сиырды қазыққа байлады. Шаншар атай үйден жасқана шықты. Әйткенмен, ол мұнысын ешкімге сездіргісі келмеді.

-Мұның мүйізін жығып салып кесу керек, — деді қатқыл үнмен.

- Қойыңызшы енді. Қайтсеңіз де кестірмейді бұл. Мүйізі қанап тұр. Бір үйлі жанға талшық болып отырған жануарды аясаңыз нетті! Бұл өлсе, көрген күніміз не болады.

Балалар тағы да бұрынғысынша тізіліп тұра қалған еді. Бірен-саран көрші-қолаң кемпірлер де жиналып қалған.

Шаншар атай сазарып тіл қатпады. Апамның соншалықты егіле айтқан сөзі ол кісінің де сай-сүйегін сырқыратса керек, лып етіп атқа қонды да, ызғарлы үн қатты:

- Енді осы біреуді сүзсінші! Құдайдың малы болса да,

-34-


бір үй тұрмақ, бір рулы елді асыраса да, етке айдатып жіберемін!

Шаншар атай кер биесінің басын кері бұрды. Әлі де паң, иілмей кетіп барады.

- Мұның сүзіп ешкімді қиратып бара жатқаны жоқ қой, — деді бір кемпір.

Оны екінші біреуі қостады:

- Соны айтам. Айыр жәкемнің сонша қадалғаны несі екен?

- Не айтып тұрсыңдар өздерің? Егер бұл үлкеңді-кішілі осы ауылдың біреуін жазым қылса, сонда көрер ем екеуіңнің ақылгөйсігендеріңді. Шаншардікі бәріміздің камымыз, біле білсеңдер!

Бұл — Қамаудың әжесі. Ол кісі тағы бірдеңелерді айтпақ болып еді, демігіп жөтеліп қалды.

- Дұрыс жеңешемдікі.

Мал иесі — менің апамның мына сөзі барлық болған жайға нүкте қойғандай еді. Жиналғандар жөн-жөніне тарай бастады.
* * *
Ойынды сылтауратып біз ғана кетпедік бұл маңнан. Бәріміз біздің есіктің алдындағы сазға алқа-қотан отырып алып, әңгімеге бастық. Әңгімеміз қайта-қайта көк сиырға ойыса берді. Камау бір сөзінде:

- Мен осы жасымның ішінде дәл осындай сиыр көргенім жоқ, — деп қалды.

- Өйдейт деген. Сабазың кәдімгі бір белі бүгілген қарттарша соғады ғой. Қу Дүйсеннің мына сөзіне балалардың бәрі ду күлді.

- Әй, бір қу екенсің-ау. Не десең де, мен ит жейдені сенен бұрын тоздырғанмын ғой. Біз көк сиыр туралы айтып отырсақ, бұл қайдағы бір қулығын соғады ғой.

- Ал мейлі.

Бәсе, Дүйсенде біреуге қарсы келер шама қайда? Оңай көне кетуін қарашы.

- Сөйтсеңші.

Мына екеуінің сөз жарыстыруы біздің әңгімеміздің сәнін кетірді. Істің бір қисыны

қашқаннан кейін қиын ғой, көк сиыр туралы сөз одан әрі өрбімеді.

Бұл кезде Ай арқан бойы көтеріліп қалған болатын.




-35-

Оның аппақ сүттей сәулесі көз ұшындағы шатыр төбенің биік шоқысынан бері асып келіп, ауыл үстіне мол құйылған. Күндізгі абыр-дабыр бәсеңсіп, ауыл демалып жатыр. Әншейінде ауыз жаппайтын иттер де тыншыған. Күндіздің өзінде бізге қорқынышты болып көрінетін әңірейген-әңірейген адырлар казір көлеңкеленіп, қоңыр тартып мүлгіген ауыл үстіне төне түскендей. Белгісіз үрей әкеледі. Ол Ай сәулесімен келіп, біздің бойымызға шым-шым сіңіп жатқан сияқты.

Үлкендер бұл адырларда түрлі жыртқыш аңдар ұры-қары жүреді десед. Олары бүлдірген, шие теруді сылтауратып қаңғып кететін бізді қорқыту үшін айтатын сөздері болуы керек Бүлдірген мен шие піскенде кім шыдап тұрсын? Талай бардық, бәрінде аман-сау оралып жүрдік. Рас әр нәрседен секем алып, қашқанымыз да бар. Бірак ол біздер үшін таусылмас әңгіме емес пе. Жүрегіңді қолыңа алып, заулау қаңдай рақат десеңші! Артта қалып қоятын балаларды білмеймін, алдыңғы топта болатын маған әйтеуір сол сатырлаған жарыс қызық көрінеді де тұрады.

Бұл адырларда ешқандай қауіпті жыртқыш аңдардың ұры-қарының болмайтынын бәріміз білеміз. Әйтпесе Кербұлақ өзенінің күңгей жағыңдағы сай-салалардың ығын бойлай салған тоқал тамдардағы ер-азаматтары майданда, басқа бас көтерерлерінің бірі шөп шабыста, бірі егін орағында жүрген алақандай ауыл сол ит-құс пен ұры-қарының ойнағы болмас па еді.

Бірақ балалардың бәрі де өз көкіректеріндегі үрейді ешкімге білдіргісі келмей, түрлі сылтаулармен үйді-үйіне тарқасып жатты.
* * *

Шәкір екеуіміз келсек, апам күндегі таусылмайтын күйбең тірлігін істеп, даладағы ошақтың басында жүр екен. Ыстық күлшенің, күйіңкіреп піскен сүттің қоңырсық иісі келеді мұрынға.

Ыстық күлше! Бұл біздің аузымызға жиі тие беретін ас емес еді ғой ол кезде.

Апам Шәкір екеуіміздің алдымызға бір-бір кеседен ыстық сүт, қып-қызыл болып піскен ыстық күлше әкеліп қойды. Күлшенің ортасынан қақ бөлгенде буы бұрқ етіп ауыр қалқып көтеріле берді. Біз күлшені әй-шай жоқ


-36-


аузымызға тықтық. Күлше шайнаған сайын күрт-күрт етеді. Қызылша кемірген жылқы құсап күртілдетіп соғып отырмыз. Бір қызығы күлше, шайнадың болды, тоз-тозы шығып, берекесі кетеді әрі жұтқан сайын тамақты майда қатты ұнтақтар жыбырлатып өтеді.

Сөйтсем, апам Шаншар атай берген ұнға үйдегі азын-аулақ ұрпақты қол диірменге қайта тартып, қосқан екен. Оны апам бізге айтар ма еді, айтпас па еді, кім білсін, бір кезде менің тамағыма өткір бір нәрсе қадалды да қалды. Не әрі жүрмейді, не бері жүрмейді, қадалып өңешімді тесіп барады. Мен қиқылдап, шиқылдап өліп барамын.

-Тұқымың құрығыр-ай, масақ болды ма екен, қауыз болды ма екен? Қу ұрпақты қайта тартып қосып нем бар еді? Сүттен мол қылып ұрттап жібер. Ұртта!

Тамағым алып-жұлып барады. Сүтті аузыма апарарға тағат жоқ. Апам кесе толы сүтті аузыма тоса берді, қатты-қатты екі-үш рет түйіле жұттым. Қадалған пәле зу деп төмен қарай жүрді де кетті. Орны тызылдап қалды.

Қарның ашып тұрғанда тамақтың ауырғаны сөз емес екен. Күлшенің қалғанымен сүтке тойып алдым.

Апам төсек салды. Шәкір бөлек, ал мен апамның қойнына жатамын. Жатысымен апам мені, мен апамды құшақтап, бір-бірімізге еркелеп кетеміз.

Менің ылғи да қоятын сұрағым да, апамның беретін жауабы да дайын. Ол мынау:

- Апа, мына емшектің екеуі де менікі ме?

- Жоқ, біреуі Әлдижандікі, біреуі сенікі.

Апам еш уақыт «Екеуі де сенікі» демейді. Оған мен де өкпелеп бұртаңдамаймын.

Мен енді қолымды сырғытып апамның өкпе тұсына апарамын. Сөйтіп, апамның ішіндегі үлкендігі жұдырықтай тастай катты түйінді жазбай табамын.

- Бұл — күйіктен болған кесел, — дейді апам.

- Ауыра ма?

...


- Айтсаңызшы, ауыра ма деймін?

- Ауырмағаңда ше.

Бұл да біздің күндегі әңгімеміз.

Осы бір еркелеудің түрі әу баста қашан шыққанын білмеймін, әйтеуір дағды болып кеткен.

Менің апам — күйікті көп көрген адам.

-37-

Нағашы атам Ыдырыс ерте қаза табады.

Кербұлақ өңірін жазда Пішпектен Кірешке (шын аты Григорий болса керек) деген өңкей қызыл ала сиыры бар орыс байы жайлайды екен. Сол Кірешке бір жылы атама қарыз малын бермей, ағайын-туғанымен бір түнде барша сиырын айдап қашады. Атам жанына бір жігіт алып, ұзатпай қуып жетеді. Атам жеткен бойда Кірешкені қара шапанының шалғайынан алып, аттан аударып тастайды. Атаңа нәлет Кірешкенің алты атары бар екен, орнынан шойырылып тұра бере, атамды көздеп тұрып басып жібереді. Оқ тура сүбесінен тиеді. Атамның жанындағы жігіт аттандап ауылға тартады. Ауыл адамдары келсе, атам қансырап жатыр екен.



  • Қапияда кегім кетті-ау итте. Қолыма енді бір түсер ме еді! - деп өкінеді атам.

Осы жарақаттан айыға алмай, артында қалып бара жатқан жас әйелін, кішкентай-кішкентай екі қызы мен ұлын көп айтып жатып, атам көз жұмады. Шиеттей жан, шикі өкпелер жылап қалады.

Сондағы апамның аза тұтып жылағанын ауыл адамдары әлі айтып отырады. Апам жасында той-жиында талай айтысқа түскен ақын қыз болған екен. Аза үстінде шыққан сөз — қайта айтылмайтын сөз. Дегенмен, мына бір жері Қамаудың әжесінің есінде қалып қойыпты.

«Сүбеден тиген оқ па еді,

Суырып алар жоқ па еді?».

- Сорлы Айша өстіп жылап еді ғой, — деп, аса бір қатты елжіреп айтып отырушы еді ол кісі.

Апам жас балаларын ешкімге жәутеңкөз қылмай, өзі асырап-сақтайды. Екі қызы тұрмыс құрады. Олардың ең үлкені біздің шешеміз — Әміржан. Бүбісара әпкеміз Қордай ауданындағы «Көкқайнар» кеңшарында тұрмыста. Ол да балалы-шағалы, Әлдижан ағамыз майданнан қатты ауырып келіп, өткен жылы дүние салды.

Әлдижан ағамның қалай келгені менің жөнді есімде жоқ. Бір күні шай ішіп отырып, қатты жөтелгені есімде. Күркілдеп ұзақ жөтелді. Басын көтергенде, көгеріп кетіпті, көзінде жас бар екен. Бақсам, апам жылап отыр. Бір сұмдық оқиға таянып келе жатқанын бәріміз де іштей сезіп, тұнжырап қалған едік сол дастарқан басында.

-38-


Ағам күн-түн қатқан соғыстың ауыр да азапты қатал күндеріне өкпесін беріп қайтыпты. Төсек тартып бір ай жатты да, көз жұмды. Өлікке бізді жолатпады. Ағам анасының барлық арман-үмітін о дүниеге арқалап бара жатқанын сезіп қимады ма екен, әйтеуір, апамның оң емшегін уысына қысып жатып жүріп кетіпті. Баласын бас салып жатқан апамның емшегінен ағамның қатып қалған қолын әзер жазады жұрт. Осы бір керемет қайғылы оқиға көпшілігіне «бауырым-ай, бауырым-ай» деп текке азан-қазан қылатындардың талайының көзінен шын жасын шығарып еді.

Қазір ойлап отырсам, кеудесінде жүргенімен баласы уысына қысып алып кеткен екен апамның бір емшегін. Апамның кеудесіне қатқан түйін жастай кеткен жарының, қыршын кеткен ұлының жүрек сыздатар күйігі екен ғой. Сол бір аңғал бала күнімде еркелігімнің апамның орны толмас ескі жарасының аузын ашатынын қайдан білейін мен! Білсем, дымым ішімде болмас па еді.


* * *

Ауыл алдындағы құйда шомылып жүрміз. Құй — бұл терең. Ол біздің үйдің тұсында болғандықтан, менің әкемнің есімімен «Қалданның құйы» деп аталынады. Ал Шәкір екеуіміз «біздің құй» дейміз. Сонымен біздің құй ұзыңдығы он шақты, көлденеңі екі-үш метр, кісі бойлағысыз терең. Құйдың бас жағы да, аяқ жағы да тайпақ. Содан болар, оған басынан құйылған су да, аяғынан шыққан су да ешқандай толқын тудырмайды. Құй беті ешқандай қозғалыссыз, қап-қара боп мөлдірейді де жатады. Түбі тастақ, лай болмайды.

Біздің ауылдың балалары шетінен жүзгіш.

Жалпы, осы бір кішкене тау өзенінде бұдан басқа құлаш ұрып шомыла қоятын жер жоқ. Сондықтан бұл өзенді бойлай отырған екі ұжымшар — «Карауылтөбе», «Кербұлақта» тек біздің ауыл балалары ғана суға жақсы жүзеді.

Бірде ауылға жоғарғы «Қарауылтөбе» ұжымшарынан Нұржан, Дүржан деген менен ересектеу екі бала келіпті. Біз мәз болып суға шомылып жүрміз. Екеуі құйға түсуге жүрексініп, жағада бүрсиіп отыр. Тұқшыңдап жерге үңіле бергендіктерінен, біріне-бірінің ымдарынан олардың

-39-
өздерін өздері мүлде қорсынып отырғанын оп-оңай сезуге болушы еді.

Ауыл балалары алақандай құйды опыр-топыр қылдық. Біріміз құлаш ұрып зауласақ, біріміз зып беріп сүңгіп жоқ болып, біріміз сопаң етіп су астынан шыға келеміз. Екі бала әбден қызығып бітті. Бірақ екеуінде де бізге араласуға дәрмен жоқ, малту білмейді.

- Кел, жалақ ойнайық!

Дүржан маған жалт қарады. Өзінен кіші, басы бақырдай, шертік қарын, аяқ-қолы балғадай, бір көрген көзге ебедейсіздеу менің кейпім оған мүлде ұнамады білем, мұрнын тыжырынды. Мен де Дүржанның орынсыз өкпелі жүзіне қараймын деп қапы қалдым. Су ішіндегілер:

- Мен — бірінші!

- Мен — екінші!

- Мен — үшінші! - деп шулады да кетті.

- Әлден, өзің қуатын болдың.

- Қусам, қуам.

Сол сол-ақ екен, балалар қуғын көрген үйректей су түбіне сіңіп, зым-зия жоқ болды. Енді бір сәтте бәрі әр жер, әр жерден сопаң етіп шығып, жағалаудағы шөптен ұстап тұрды. Мен көзіммен бірден Дүйсенді іздедім. Ол шикіл сары жүзі су-су, бадырақ көкшіл көзі жыпылықтап, менің дәл тұсымда тұр екен. Тап бердім. Дүйсен бетін әріге беріп, зып етіп сүңгіді де кетті. Онысы мені алдағаны. Дүйсен негізінде төмен қарай сүңгігеңді жақсы көреді. Неғұрлым малту біліңкіремейтіңдерді паналап жүретін қу ғой ол. Мен төмен салдым. Ойлағанымдай-ақ Дүйсеннің басы дәл алдымнан қылтың ете қалды. Шекесінен бір салдым.

-Жалақ Дүйсенде.

Жалақты маған қайтып беруге болмайды. Дүйсен жан-жағынан жалақ берер ыңғайлы ешкімді таба қоймады. Жақын жерде Қамау мен Шәкір тұр, бірақ Дүйсеңде оларды қуар шама қайда!

- Аналар неге ойнамайды?

Дүйсен жағадағы екеуді көрсетті. Ой, пәле-ай!

- Олар — жоғары ауылдың балалары. Малту білмейді, — деді Қамау.

- Мейлі, ойнасын.

Жағадағы екеудің реңдері қашып кетті. Дүржан намысшыл бала екен, шап ете түсті.


-40-

- Ойнасақ, ойнаймыз!

Дүйсеннің жаны кіріп барады.

- Ойнаңдар, ойнаңдар, - дейді шімірікпей.

Дүржан көйлегін жерге атып ұрып, суға қойды да кетті. Қас қағым ішінде болған бұл оқиғаны Дүйсен екеуімізден басқа балалардың көбі байқамай да қалды.

Дүржан су бетіне тез-ақ ытқып шықты. Малту білмейтіннің аты білмейтін ғой, енді ол екі қолымен су бетін сабалап, қайта батып бара жатты.

Көмекке бірінші болып мен ұмтылдым. Басқалар да сөйткен болар, бірақ Дүржанға менің қолым бірінші болып ілікті. «Суға кеткен тал қармайды» демекші, Дүржан шап беріп, мені құшақтай кетті.

Алғаш жүрегім су етіп қорқып қалдым. Дүржан маған қарағанда ересек бала, қолы қайратты екен, қысып алып барады. Бір жақсы жері — ол менің белімнен құшақтапты. Алақаныммен есіп-есіп жіберіп едім, су бетіне шыға келдім. Дәл жағаға таяу жер екен, бір уыс шөптен ұстай алдым да, мықтап қатып қалдым. Дүржан, басы су бетіне шығысымен, мойныма жармасты. Ағасы жағада безек қағып жүр екен, інісін жанұшыра жағаға тартып алды.

Балалардың бәрі топырлап жағаға шықты. Дүржан ал кеп құс, ал кеп құс! Суды біраз-ақ жұтқан екен. Сәлден кейін барып есін жиды.

- Мені құтқарған кім? — болды алғашқы сөзі.


Ағасы жауап берді.

- Әлден.

- Басы бақырдай қара бала ма?

- Иә.

- Пәлесін-ай!



- Рақмет айтпайсың ба қайта?

- Айтпаймын.



- Неге?

- Менен кішкентай ғой.

- Кішкентай болса, не қыл дейсің?

- Кішкентай балаға да рақмет айтушы ма еді.

Мынаның кесірін-ай! Ашуым келіп кетті.

- Рақметің құрысын!

- Кұрысаң, өзің құры!

Мен не қыларымды білмей қалдым.


-41-


Дүйсеннің жаны кіріп, сауысқанша шықылықтап жүр.

- О-о, бір майдан болады енді. Әлден суда күшті болғанымен, құрлықта қайдам-ау, — деп құтырынады.

Нұржан бір есті бала екен. Дүйсенге ұрсып тастады.

- Мынау бір оңбаған бала ғой өзі. Айтақтауын мәз болып.

- Әй, бұл немене, топырлай калыпсыңдар?

Топырлап тұрған біз дауыс иесін бірден таныдық.


Бригадир Сатылған соғыстан қатып-семіп қайтқан атқа мінер жақ аяғы серейіп, үнемі тап-таза мұнтаздай болып жүретін ақ кителі мен кепкасы аққұбаша өңіне нұр беріп, қысы-жазы жазбай мінетін торы жорғасының үстінде төне түсіп отыр.

- Әй, немене бұл? — деп қайталады бригадир.

Аузы жүйрік Дүйсен сарнап қоя берді.

- «Қарауылтөбеден» мына екі бала келіпті. Екеуі де малту білмейді екен. Мынаусы суға кетіп қала жаздады. Әлден құтқарып алды.

- Дұрыс болған. Шаңқай түсте ауылға келген мейманды суға жіберіп не көрініпті сендерге. Ал, қане, үйді-үйлеріңе тараңдар. Әңгіме бар.

Бригадирдің «Әңгіме барының» сырын біз әбден жақсы білеміз. Оның астары — ересек балаларды жұмысқа әкету. Шал-кемпір, бала-шағамен істес болып әбден үйренген кәнігі бригадир қашан да осылай етеді. Кемпірлерге сөз айтса, бәрі:

- Баламыздың бұғанасы әлі қатқан жоқ.

Үйбай-ау, бесіктен белі шықпай жатып не қылған жұмыс? — десіп, ат-тондарын ала қашады.

Міне, мұндайда бригадирдің таптырмайтын мияты — балалардың өздері.

- Қане, қарағым, өзің айтшы, барасың ба? Өздеріңдей құрбыңмен ойнап-күліп шөмеле салғанға, немесе атқа мініп алып тас айдағанға не жетсін, — дейді бригадир.

Тіл қатуға апасынан батпай тұрған бала:

- Барамын, — деп лып ете түседі.

Осымен іс бітеді. Апасының баласына бір алара қараудан басқа лажы қалмайды.

- Әп, бәрекелде, — дейді бригадир, — бармағанда ше?! Сол шөп, сол астық жалғыз маған керек дейсің бе? Ел


-42-


ризығы — ол. Анау майдандағы ерлердің азығы. Ал дайындал.

Бригадир сөзінің соңғы жағын көтеріңкі дауыспен бұйыра айтады да, атын қамшымен борбайдан бір салып, келесі үйге қарай тартып отырады.

Міне, енді бригадир тағы да үй-үйді жағалап жүр.

Шәкір екеуіміз есік алдында көріп отырмыз. Ең алдынғы төменгі Аманның үйіне барды да, одан шығысымен Дүйсендікіне соқпай, тура біздікіне қарай тартты. Бітті, Шәкір жұмысқа кетеді екен.

- Маған келе жатыр, — деді Шәкір, — сен әлі жассың ғой!

Әншейінде бірге ойнап, анау бір үлкендігі біліне бермейтін ағамның мына сөзіне жабырқап қалдым.

- Сенен жаман істемес едім жұмысты. Әттең, алмайды ғой.

- Сенің осың жаман. Бірдеңе айтса болды, дереу шамданасың. Келер кезек, терме тезек. Сен де барасың әлі-ақ.

Менікі, шынында, орынсыз шамдану еді, ыңғайсызданып қалдым.

- Сол кезек ертерек келсе екен. Шынында, сен үлкенсің ғой.

Бригадир бізге жылы сөйлей келді.

- Тұрсыңдар ма, солдаттар?

- Тұрмыз.

- Апаларың кайда?



- Үйде.

- Шақырыңдар.

Екеуіміздің ойлағанымыз бұлжымай келді. Шәкір қырманға тас айдауға баратын болды. Бұл жұмысқа апам түк қарсылық жасаған жоқ. Несі бар, Шәкір далаға кетіп бара жатқан жоқ, әке-шешесінің жанына барады. Менің де Шәкірден калғым келмейді, ішім әлейім-жәлейім болып кетті.

- Енді кімді аласыз, аға? - дедім, Сатылған атының басың кері бұра бергенде.

- Қамауды. Сендерді де көреміз.

Қуанғанымнан айқай салдым.

- О, бізді де алады!

- Әй, баламысың деген-ай.


-43-
Бригадир мырс етіп жымиды да, Қамаудың үйіне қарай тартты. Мен аса бір қызық ойыннан құр қалғандай көңілім пәс болып, құлазып қала бердім.


* * *

Шәкірлер кеткен соң мен үшін ауылды алабөтен көңілсіздік билегеңдей болды. Ауылда қалған біз сияқты бастауыш сыныпта оқитын балалар мен бізден де кішкентайлармен бірге жүру бұрынғыдай қызық болмады.

Бір қызығы, құйға қыздар да келіп шомылатынды шығарды.

Бибіайым болмаса, басқа қыздың суға шомылғаны не, шомылмағаны не маған?!

Бибіайым — менімен бірге оқитын ерке қыз. Әкесі майданда, жиі-жиі хат келіп тұратын бақытты қыз. Атасы да, әжесі де бар. Атасы — Шаншар атай, әжесі — Әлипа әжей. Бір-ақ әттеген-айы — шешесі аурушаң. Оның қыздарға ілесіп суға келе бермейтінінің өзі сол шешесін айналсоқтап, шыға алмайтынынан. Әйтпесе ойын десе, жанын салатын көңілді қыз.

Бибіайымды көргенде менің қимылым жұғыспай, сөзім ұйқаспай қалатыны бар. Бибіайым қыздарға қосылып суға келді болды, берекем кетеді. Әншейінде қыздардың мазасын алатын мен құйдың тұсындағы қой тасқа шығып алып, шоқиып отырамын да қоямын. Барар ем, балалардан, әсіресе, қыздардан ұяламын. Бибіайымның мөп-мөлдір көздеріне, ұшы көтеріңкі пісте мұрнына, желбіреген тұлымына, аппақ қос қасқа тісіне қарамай тұра алмаймын мен. Бибіайымнан көз айырып, басқа біреуге қарадым екен, олардың бәрі маған сұқтана тесіліп тұрған сияқты болады.

Мен, міне, үйреншікті қой таста тағы да отырмын. Күн бүгін ерекше шақырайып, арқамнан да, шекемнен де өтіп барады. Оның үстіне дәл мен отырған тақырдың жанындағы бір топ шиесабақтың түбінде құжынаған шілде қоңыздар ыз-ыз етіп, миымды қатырып, жүйкемді құртып барады. Қанша шыжып күйсем де, суға бара алмаймын. Себебі Бибіайым келген шомылуға. Үйде отыра-отыра зерігіп, ішқұса болып қалған Бибіайым мәз болып, асыр салып шомылып жүр.

-44-


- Әлден, кел, суға түс! — деп айқайлап, қол бұлғайды маған.

- Жоқ, бармаймын.



- Неге?

-...


- Сен келмесең, мына Дүйсен мазамызды алады.

Мұны менің өзім де көріп отырмын. Жағына пышақ жанып алғандай құп-қу, қалақтай Дүйсен қыздар суға келді болды, құтырынып кетеді. Қазір су бетінде одан асқан өнерпаз жоқ. Ересек балалар жұмыста, ал оны көп еркінсуге жібермейтін менің отырысым мынау сопайып.

Дүйсен қыздарды қырғи тиген торғайдай түтті. Біресе су астымен сүңгіп келіп қыздардың аяғына жабысады, біресе суға тұншықтырады. Қыздар опыр-топыр болып үрпиісіп қалады. Анадайдан кезекті бір сүңгіп келгенінде Дүйсеннің қолы Бибіайымға тисе керек, құлындағы даусы шығып, қатты шоршынды.

-Дүйсен — оңбаған! Шомылмаймын! Енді суға қайтып келмеймін.

Бибіайым бүрсек-бүрсек етіп дірілдеп кетті. Үнінен ашу емес, біртүрлі мұңайып, пәс болып қалғаны білініп тұрды.

Бибіайым апыл-ғұпыл киінді. Теріс айнала беріп, шашын сипады. Сол-ақ екен, аяғының астын, киімі жатқан жерді тыпырлап қарай берді.

-Тарағым! Тарағым жоқ. Мамам ұрсатын болды-ау енді.

Бибіайым жылап жіберді.

-Ура, Бибіайымның тарағы жоғалды.

Апырай, мына Дүйсеннің ессізі-ай! Біреудің тарағы жоғалады, сол үшін үйіне баруға шешесінен қорқып жылайды, ал ол Дүйсенге қызык.

- Қане, іздейік! Тарақты кім тапса, сонікі. Мен тапсам, апама апарып беремін.

Жайпады-ау мына Дүйсен. Шімірігетін емес шіркінің.

Дүйсенге осылайша жыным келіп қарап отырмын. Ерің суға сүңгіп кетіп, басын қылтитады да, «әлду» деп қайта жоқ болады. Жалғыз өзі-ақ құйдың қыздар шомылған аяқ жағының астан-кестеңін шығарды.

-45-


Бибіайым жағада мұңайып отыр. Бір уыс болған үрейлі кейпі Дүйсеннен бір қайыр күтетін сияқты.

Дүйсен таба қалған күнде бермек қайда. Бет-аузы бүлк етпей, Бибіайымды шырқыратып, тарақты уысына қысып тайып отырудан тайынбайды бұл Дүйсен. Жоқ, болмас оның!

Мен көйлегімді қой тасқа атып ұрдым да, жүгірген бетіммен келіп суға гүмп бердім. Құйдың ортан белін ала сүңгіп едім, төмен қарай асыға жүзіп келемін. Су ішінде менің көзімді ашып алатыным бар. Сонда құйдың түбінде жатқан әрбір қиыршық құмға дейін көрінеді. Құйдың аяғына жете бере, көзімді аштым. Жан-жағым аппақ тұман құсап жылтырайды. Су түбі болар-болмас қылаңытып көрінеді. Төмен ұмтылып, жан-жағыма үңіле қарадым. Тарақ жылтырап жатыр екен. Жартылай құмға батыпты. Іліп әкеттім. Тарақ қолыма тиісімен демім таусылып, тұншығып бара жатқанымды білдім. Су түбін аяғыммен бір теуіп, сопаң етіп жарық дүниеге шыға келдім.

Жағадағылардың бәрі қолымдағы тарақты көрісімен, ішектерін тартып таңдаңды.

- Бұл не сұмдық?

- Қалай тапты?

Қалай тапқанымды түсіндіріп жатайын ба?

Бұл құпияны қыздар тұрмақ, балалардың өзіне айтқан емеспін. Тек бірде Қамау мен Шәкірге ғана айтқанмын. Сонда екеуі де: «Ой, құрысын! Ашуға болады-ақ екен, дегенмен, біртүрлі қорқынышты», деген. Қорқыныштысы қорқынышты, бірақ Бибіайым үшін маған ол сөз болып па?

Тарақ табылуын табылды. Соны енді Бибіайымға беру қиын болды маған. «Мә, тарағың», — деп лақтырып жіберемін бе? Ол болмайды ғой. Оным бір түрлі ыңғайсыз сияқты. Бұл пәледен Бибіайымның өзі құтқарды. Әй, Әлден, тарақты неғып ұстап тұрсың? Әкел бері.

- Мә!

Тарағы қолына тиген соң, Бибіайым көңілденіп кетті. Шешініп қайтадан суға шомылды. Су шашып ойнап жүргенде:

-Тарақты сенің тапқаның жақсы болды. Дүйсен тапса, бермес еді. Тарақ құрысын. Өзі ауру мамамды ренжітпейін дегенім ғой. Әйтпесе... — деп ауыр күрсінді.

-46-


Мен Бибіайымды да, шешесін де аяп кеттім.

Бибіайымның шешесі ұжымшар жұмысынан қалмайтын қарулы әрі асқан сұлу адам еді деседі жұрт. Соғыс басталған жылы қыста қой бағып жүрген әкесі Шаншар атайға жәрдемші болып барады.

Бірде шөп басқан шанасы дәл көпірдің үстіне келгенде ауып, суға қойып кетеді, жүгіріп үйіне жеткенше су киім саудырлап мұз болып қатып қалады. Содан бері ауырып, үйінде жатыр.

Қызы ауру болған соң Шаншар атай мен Әлипа әжей колына алмақ болып еді, Алуа әпкей: «Өзі жоқта Әбудің Отын өшірмеймін», — деп бармай қойған.

Ауру деген пәле қайдан келеді екен адамға? Ауру болмаса ғой, Алуа әпкей ел қатарлы жұмыста болар еді. Ал Бибіайым болса, ешқандай қайғы-мұңсыз бізбен бірге асыр салып ойнап жүрер еді-ау!
* * *
Судан әбден шаршап келіп жатып едім, көзім ілініп кетіпті.

- Әлден-ау, Әлден! Шық бері, тез шық, ойбай!

Апамның үрейлі үні ұйқымды шайдай ашты. Бір сұмдық болып қалған екен деп, далаға атқып шықтым.

- Не болды, апа?

- Әне, келе жатыр.

-Кім?


-Айыр жәкем.

-Келсе, не қылады?

- Сорлы балам-ай, көк ит тағы біреуді сүзген де. Көрмеймісің, Айыр жәкем тура біздің үйге қарай келе жатыр.

Мен орынсыз тақақтағанымды қоя қойып, үрейленіп калдым.

Шаншар атай алды аяңдап, арты желіп отыратын кер биесін суыт бастырып келіп те қалды. Жақындай бере байқадым: атай ашулы емес сияқты. Көңілім орнына түскендей болды. Әйтсе де, біздің кейпіміз өрт сөндіргендей болса керек, Шаншар атай оны бірден байқады:

- Неменеге әбігерленіп тұрсыңдар?

- Әлгі көк сиыр біреуді сүзіп алды ма деп.

- Ол енді ешкімді сүзбес. Сүзсе, тек мені ғана сүзеді.


-47-
Бірақ Шаншар оңайлықпен берілетін жау емес Айша, соның өзі маған өшіккен сияқты.

- Қойыңыз.

- Шын. Әнеугүні барлық сиырды бастап келіп, одырайып өте шықты.

- Мүмкін, мүмкін.

- Ол құрысын. Ал мені не шаруамен келді дейсің ғой. -Атай сәл ойланып қалды. — Мына балаңды сұрай келдім.

- Иә...

Апам не дерін білмей қалды. Шын айтып тұр ма дегендей, аңырайып атайға қарай берді. Мені бір қызығушылық қытықтағандай алып-ұштырып жанымды шығарып барады.



- Рас, балаңды сұрай келдім.

- Сонда не?

Апамның мына сөзін мен де лезде қайталап шықтым: «Сонда не?»

- Қауын пісті. Бригадир түнгі қарауылдыққа Рахманды беріп еді, күндізгісіне бір адам керек болып тұр. Ал мынау Әлден болса, соған әбден лайықты. Әнеугүні бригадирге де айтқанмын бұл жайды.

«Е, әнеугүні Сатылған ағайдың: «Сеңдерді де көреміз» дегені осы екен ғой.

- Апырай, ә!

- Апырай дейтін ештеңе жоқ. Балаң күңдіз бір дөң астында жүрсе, ештеңе етпес. Кешке үйіңе келіп тұрады. Ауылда жүргенде шошқа тағалатайын деп пе едің бұған?

Шаншар атайдың бір қасарысса, қайтпайтынын елдің бәрі жақсы біледі. Дегенін болдырмай қоймайды бұл қарт. Карсыласудың жөні жоқ. Апам да көнді лажсыздан:

- Барса барсын, жәке. Бірақ бала айдалаға түнеп қалып жүрмесін.

- Е, о жағына қам жеме. Маған бұл күндіз қасымда жүрсе болғаны. Ал киін, балам. Кешке дейін талай уақыт бар, жұмысыңмен танысып қайтасың. Мен Алуаның үйіне кіріп шығайын, кемпірімді де білейін. Сен дайын тұр.

- Жәке-ау, түссеңізші аттан. Шай ішіңіз.

- Әй, Айша-ай, оған уақыт қайда? Шайдан гөрі одан да айраның болса, бір тостаған әкел.

Апам үйге кіріп кетті. Мен тұрмын сол орнымда сілейіп. Киінетін не бар менде. Жейде, дамбалым үстімде.

-48-


Аяқ киім деген атымен жоқ. Оның орнына күс-күс аяғым, тиау мен тасқа салғанда сір қайтпайтын сір болып қалған қара табан бар.

Апам әкелген айранды Шаншар атай ат үстінде тұрып сімірді. Мұртына жұққан айраңды екі қолымен кезек-кезек асықпай сүртті де, маған қарады.

- Батыр-ау, киінбейсің бе?

Мен аяғымның басына қарадым. Шаншар атай қарқылдап кеп күлді.

- Қартайды деген осы-ау. Сенің киімің үстіңде екенінді білдім ғой. Сен қыста да жалаң аяқ жүгіре беруші ең ғой, айтпақшы. Мен ана үйлерге тез барып келе қояйын.
* * *

Мен үйіне беттеген атайға бедірейіп, таңдана қарап қалыппын. Енді қайтейін, бұл атайдың көңілді күлкісін тұңғыш рет естуім.

Шаншар атай — балаларға өте суық адам. Қит етсең, аямай жазалайды. Біз кейде қыран-топан болып ойнап жатқанымызда, ту-талақай қылып қуып, үйді-үйімізге әкеліп тығатын. Неге екенін, жазда балаларға көп жуымайды, ал күз, қыс айларында бүйідей тиеді. Әсіресе, өткен қыста мазамызды көп алған болатын. Менің атайды жек көріп кеткенім де бар. Жаңа жалаң аяқ кейпіме қарап тұрып күлгені атайдың да, менің де есіме сол жайды түсіріп еді.

Қыста апам маған киіз етік сырып берді. Ұядай жылы киіз етікті киіп, Шаншар атайдың үйінің желкесіндегі үлкен боз төбедегі ұзын күресін қарда сырғанап жүрген балаларға келгенімде, бәрі мені қаумалап алды. Әлмолда етікші әскерге кетпей тұрып көннен тігіп берген етіктері менікі құсап тозып кеткен балалар менің апамның шеберлігін әр саққа жүгіртіп мақтап жатты.

- Тамаша екен. Өзі үлкендеу ме, қалай? — деді Қамау.

- Өсіп келе жатқан баласың. Жаның тірі болса, әлі бірнеше жыл киесің, — деп апам әдейі кең тіккен.

- Ол да дұрыс.

- Дұрысы дұрыс-ау, бірақ мұнымен сырғанауға болмайды ғой.

Кейде осындай тапқырлығы да бар-ау Дүйсеннің. Оның мына сөзі төбемнен жай түскендей болды. Жаңағы есіп

-49-


тұрған көңілім су сепкендей басылды. Бірақ менің бұл өкінішім көпке созылмады.

- Қане, табаныңды көрсетші.

Мен оң аяғымды аспандата көтердім. Қамау қуанып кетті.

- Сырғанауды айтасың, бұл безіп кетеді әуелім. Табаны көн екен.

Бәріміз биік жалдың басына шықтық.

- Ал, Әлден, заула!



Анадайдан жүгіріп, екпіндеп келіп, сырғанап кеп кеттім! Киіз етігім еш кідіріссіз зулай жөнелді. Тіпті тіземнен асқан ұзын қонышы жайлы келді. Бұрынғы етігімнен кейде тобығым тайып, кейде тізем бүгіліп кетіп, омақаса құлайтынмын. Ал мынау тобығымды да, тіземді де қимылдатар емес. Аяғым сәл бүгілді, әрі қарай ұзын қоныш жібермейді. Тіптен рақат. Ұзын жалдың орта тұсына келгенімде, сол аяғымды көтеріп едім, жалғыз аяғыммен сайдың табанына бірақ жеттім. Балалар у-шу болды да қалды. Мен енді төбенің басынан бастап аяғына дейін бір аяқтап сырғанап түсетінді шығардым. Әп-сәтте «Әлден — бір аяқ» атандым. Қызып алған біз Күн боз төбені қызыл жалқыққа бөлеп, ұясына енгенше ойнаппыз.

- Шаншар атай келе жатыр.

Бәріміз жалт-жалт қарасақ, кер биесіне тоқым салып жайдақ мінген атай боз төбенің етегінде бізге қарап желе жортып келеді екен. Қолын бұлғап кіжініп қояды. Біз тоз-тоз болып, ауылға қарай тарттық.

- Ой, ойының осылғырлар! Бір пәс ойнасаңдар жетпейтін бе еді? Не оқу жоқ, не жұмыс жоқ, қара бұларды!

Атай биесімен омыраулатып келіп қалды. Мен қолапайсыз киіз етікпен кейіндей бердім.

Кер биенің ыстық демі жетті желкеме, жалмажан киіз етігімді атып ұрып, жалаңаяқ бездім. Мұнымды атай да, балалар да байқамады. Әу дегенде аяғымды суық қар қарып тызылдатып жіберіп еді, біраздан соң түк сезбедім. Сол бетіммен заулаған күйі келіп үйге қойдым да кеттім.

Үй іші менің бұл қылығыма әуелі сенбеп еді, аяғымның кып-қызыл болып кеткенін көргеңде үрпиісіп қалды. Бір қызығы, аяғым үсіген де, түк те болған жоқ. Апам барып киіз етігімді тауып әкелді. Шаншар атайға ешкім

-50-


ләм-мим деп тіл қатқан жоқ, қайта апамдар: «Босқа салпаңдап ойнаған балаға сол керек», — деп, Шәкір екеуімізді біраз қуырып алған.

Сөйткен атай бүгін бүйтіп отыр. Соншама сұсты адам мені көмекші етпек. Одан артық бақыт бар ма, сірә?!

- Сен де айран ішіп алсаңшы, — деп, апам маған да бір тостаған айран әкелді. Бірақ жүрегім алып ұшып, ас батпады.

Атай көп аялдамай қайта оралды. Биесін лыпылдатып қарастырып келіп, дәл менің жаныма тоқтай бере:

- Ал, әкел қолды, - деді.

Мен сол қолымды бердім. Ол атайдың жуан алақанына сүңгіп кетті.

- Әуп, балам!

Атай мені жерден оп-оңай көтеріп алып, артына бірақ қондырды.


* * *
Міне, енді Шаншар атайдың артына мінгесіп келемін. Шаншар атай да, кер бие де ауыл балаларының қолы жете бермейтін бірі - қастерлі адам, екіншісі — қасиетті мал. Әйтеуір өзім ес білгелі кер биенің үстіне мінген баланы көрген емеспін. Осыларды ойлап, көңілім өсіп барады.

Кер бие шыбындап, құйрығымен екі бүйірін сабап келеді. Оқтын-оқтын артқы екі аяғымен бауырын тепкілейді. Мұндайда мен ерге тақай түсіп, атайдың белбеуінен өзіне білдірмей ақырын ұстап қоямын. Білдіріп ұстауға жүрексінемін. Бірақ атай мұнымды сезіп қойды.

- Әй, бала, ұстап отыр. Қалай өзі, тақымың бос болып, аттан ауып түсіп қалып жүрмегін.

Атайдың мына сөзі менің шымбайыма батты. Атқа бұрын бір емес, талай мінгенім бар. Бірақ атайға жауап қатуға шама қайда менде. Атай бір уақыт қамшылар жақ үзеңгіге салмағын салып, маған қырын беріп отырды. Сөйтті де сөз бастады:

- Сайдағы бақшаны білесің ғой?

- Білемін.

- Қайдан білесің?

- Талай көргенбіз.

- Қашан?

-51-


- Былтыр.

- Бірдеңе іздеп келіп пе едіңдер?

- Жоқ, қауын қазан болған соң, келіп масақ тергенбіз. Одан бұрын да....

- Иә, одан бұрын да. Соны айтшы енді.

- Жоқ, оны сізге айтуға болмайды.

-Дұрыс, дұрыс... Түсіңдім. Былтыр мені алдап, әрлі-берлі жүгіртіп қойып, қарбыз ұрлағандардың ішінде сен де бар екенсің ғой. Әттең, сонда қолыма түспедіңдер. Түскенде, ұрмай-соқпай тас көтертіп қоятын едім!

- Тас көтерткен деген не, ата?

- Тірі болсаң, көрерсің.


Атай біраз үндемей қалды.

Былтыр атайды алдап, жер қаптырып кеткеніміз бар. Балаларда да небір қулық болады ғой. Үлкеннен үйренеді де. Ал былтырғы жасаған қулығымызды, меніңше, Қамаудың өзі ойлап тапты.

- Әй, балалар, бүйтейік: үш адам қауынның арғы басынан келіп түседі. Атай соны қуып жүргенде біз күркенің жанына үйіп қойған қарбыздан көтергенімізше, алып тайып тұрамыз.

Бұл қулық бәрімізге қатты ұнап, оны ойлағандай-ақ жүзеге асырғанбыз. Мұнымызға Шаншар атай разы болып:

- Мықты екен бұл балалар. Айласын асырды менен, — деп айтыпты жұртқа.

- Осы мен сені неге әкеле жатырмын? — деп жалғады үзілген әңгімені атай. — Одан да мәймөңкелемей соған көшейін. Өзің білесің, үлкеңдер қауынға түспейді. Бәрін бүлдіретін осы сендер. Мен сені, міне, осыған септігі тиеді деп әкеле жатырмын. Баланың тілін бала біледі.

«Қауынға түсеміз» деген сыбыс естідің болды, дереу маған айт, арғы жағын өзім көремін.

Мынау масқара ғой! Балаларға не бетімді айтпақпын.

- Ой, ата...

Шаншар атай маған арғы жағын айтқызбады.

- Әй, жаман неме! Білемін, не айтайын деп тұрғаныңды. Жолдастарымды сатамын ба дегелі тұрсың ғой. Оның дұрыс. Ал сен мынаны біл: бүгіннен бастап біз Рахман үшеуіміз — бақшаның иесіміз. Біз енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қимылдауымыз керек. Ал сол

-52-


балалар қауын ұрласа, үшеуімізді тақырға отырғызғаны. Оларға да кінә жок, Бала болған соң көкке құмар болады. Ұрлаймын деп желілерді құр таптайды. Ұрлағанша, өздерін ертіп келші, мен олардың бәрін местей қылып тойғызайын.

Мен ойланып отырмын. Шындығында, атайдың сөзінің жаны бар. Біздікі — құр бүлдіру. Қамаулар жұмыста. Биыл ғой балаларды қауынға бастап келетін Дүйсеннен басқа ешкім жоқ. Сол қорқақ келеді дейсің бе.

- Жарайды, ата. Балаларға бірде-бір қауын бермеуге тырысамыз.

Шаншар атай ағынан жарылды.

- Е, бәсе деген. Солай болуға керек қой. Өзім де бір бала сөз түсінсе, осы сен түсінер деп жүруші ем. Сені қалап алғанымның тағы бір сыры бар. Жаңа ғана айттым ғой, көк сиыр маған өшікті. Ал оның сендердің үйдің үлкен-кішісінің қай-қайсысының болса да дегенін екі етпейтінін жақсы білесің ғой. Енді сол көк ит мені қапыда жазым қылып кетпесін деп алып келемін сені. Күндіз жанымда жүрсең болды. Малдың өшіккені жаман болады. Қарап отырғанша әңгіме болсын, ұжымшардың көк бұқасының сиыршы Көміржанға өшігіп, ақыры жарып тынғанын естіп пе едің?

- Естігем. Бірақ қалай болғанын білмеймін.

- Ендеше, сол қара бұқа бұзауынан Көміржанның қолында өседі. Мал болған соң, анда-мұнда маңып кете береді де. Мұндайда сиыршы оны қамшымен, таяқпен ұрып қайырады да. Сөйтсе, қара бұқа одырайып қала береді. Кейін әбден жетіліп, көл бұқа болған соң, әлгі Көміржанды өрісте де, үйде де аңдитынды шығарыпты! Үйін айнала өкіріп, жер тырмалап топырақ шашады екен.

Бір күні Көміржан шыдай алмай кетеді. «Әй, сенен-ақ қалдым-ау!» — деп айырын ала жүгіреді. Қара бұқаның да күткені сол екен, айырмен ұрған-пұрғанына қарамай, Көміржанды мүйізіне іліп алып, ырғап-ырғап лақтырып жібереді. Көміржан тіл тартпай кетеді.

Шіркін, жастық! Сонда менің әскерге кеткен балам Базар: «Бұқадан да адам жеңіледі екен. Үстіндегі шапанын шешіп алып, бұқаның алдына тоса қойса, ол тап бергенде, жалт берсе, шапанды жанап өте шығар еді.

-53-


Сөйтіп, бұқаның әбден титығын құртып алып соқса сауырлатып өлгенше, қайтып жуығанын көрер ем», — деп еді.

Көк сиыр қапылыста ұмтыла қалса, менде өйтіп қарсылық көрсететін қауқар да жоқ қой.

Атай өзінің ұзап кеткен жастығын ойлады ма, ерге тік отырып, әрі қарап кетті. Мен атайдың еті қашып, терісі катпар-қатпар болған, бірақ әлі де жуан мойнына, бұжыр-бұжыр шүйдесіне қарап отырмын.

- Міне, сайдағы қауындық. — Атай тағы да маған қырын беріп отырды. — Жайшылықта бірге жүреміз ғой. Қарттық дендеп бара ма, қалай? «Жас жүрсе қунайды, қарт жатса қунайды» деген сөз рас, тегі. Түс кезінде күркеге кіріп, көз шырымын алғанды жақсы көремін. Сөйтсем, кәдімгідей ес алып, тыңайып қаламын. Міне, осы кезде сен анау тақырға шығып отырсаң, болғаны. Қауындық алақандағыдай көрініп тұрады. Осымен сен өзі қызметіңді әбден түсінген болуың керек. Түсіндің ғой?

Мен басымды изедім:

- Түсіндім.

- Дұрыс.

Атай тағы ары қарап отырды. Алдан піскен қауынның жұпар иісі келді. Ол мұрнымды қытықтап, қызықтырып барады.


* **
Мен жаңа өмірге тез бейімделдім. Балалармен бірге жүрген де жақсы еді, бірақ мына тірліктің де өз қуанышы, өз қорқынышы бар екен.

Мен келгеннен үш күннен соң қауын үзілді. Шаншар атай бұл күні аса сергек болып, ерекше қуанып жүрді.

- Көресіңдер, қауын үзілген күні бригадир бір-ақ арбамен келеді. Мен оны бір қатырайын, — деген.

Айтқандай-ақ, Сатылған ағай бір-ақ арба әкеліпті. Атай Сатылған ағайды бір қатыруға жұптап жүрген сөзін айтып, құмарынан шығып, әбден масаттанды.

- Әй, қарағым, бұл сыпыра емес пе? Мұның нең, он шақты арбамен келсең болмайтын ба еді? — деп қалжыңдап қуланды.

- Қауын-қарбыз табылса болды ғой, арба табылады. — Бригадир басқа сөз таба алмай жер шұқып қалды.


-54-


- Сен ыза болып қалғаннан саумысың? Осылар қалжыңды да білмейді. Ерте ме, кеш пе, қашан болсын, таситын өзің ғой. Атай қарқылдап кеп күлді. – Сенің өстеріңді біліп, осы сөзді көптен жұптап жүруші едім.

Атайдың қалжыңына енді түсінген Сатылған аға да ақтарыла күлді.

- Атай, - деді ол күлкісін тыйып, - ана Қамау ауылға келді. Енді сол балаларды бастап келіп, былтырғыдай кауыныңызға түсіп жүрмесін.

- Е, оған не бар ауылда? Жұмысы қайда?

- Денесіне сыздауық шықты. Ол құрғыр қаптап кетіп, ердің үстінде отырып, тас айдауға шыдамады. Содан соң өзім үгіттеп әкеліп тастадым. «Жоқ, бармаймын, жұмыс істеймін» деп көнсінші. Зорға көндірдім.

-Ол бір қырсық бала. Аман болса, Қамауекең бір соғады екен бізге. Жылдағыдай емес, біз биыл үшеуміз ғой. Алдай алмас енді олар. Әлденнің өзі-ақ ұстайды оларды әрі-беріден соң.

- Онда дұрыс.

- Солай.


Мына әңгімені естісімен, ішім қып ете түсті. Әнеугүні Шаншар атайға уәдемді бергенде: «Қорқақ Дүйсен балаларды бастап келе қояр дейсің бе?» деп ойлап едім. Ал Қамау, сөз жоқ, келеді. Жылда бізге ұйтқы болып жүретін де сол. Сайдағы бақша мен ауыл аралығы жеті қараңғы түннің өзінде оған бұйым емес, қорықпайды да, үрікпейді де. Қамау әрі мұндайға келгенде менің де атаманым. Қайтейін, уәденің аты уәде. Екіншіден, мен ол уәдені анау-мынау емес, Шаншар атайдың өзіне беріп отырмын ғой. Өзі адам құсап келмесе, бір де қауын ала алмас Қамаулар.

Мен осы ойымды айтып едім, Шаншар атай балаша куанды.

- Өзім де сезуші едім, - деді атай. - Ол, әрине, сенен үлкен бала. Бірақ әсте өзіңді ешкімнен қор санауға болмайды. Күресу керек. Міне, сонда ғана сен жеңіске жете аласың. Біздің не істеуіміз керек? Қазір сен ауылға қайт. Күннің қызған кезі, балалар суда шығар. Бар да, араласта кет. Бітті. Талай әңгіме естисің. Кешке қарай өзім биемен барып, саған соғып шығамын.

-Жарайды.


-55-

* * *

Мен жалғыз аяқ жолмен ауылға қарай заулап келемін.



Күн шақырайып, өзінің барлық отты сәулесін төгіп, айналаның бәрін ыстыққа малып қойған. Әсіресе, беткейдегі тастар тұншығып, сағым тәрізді жылтылдаған ыстық дем шашып, өздерінің көлеңкелеріне өздері төне түседі.

Мен де ыстықтап, бойым ауыр тартып, әзер жүріп келемін. Дегенмен, тікенді, тастақты жерге келгенде жүгіріп-жүгіріп аламын. Өйтпей, жай жүрсең, табаныңа тас батып, тікен кіріп әурелейді. Шіркін, жүгірген кезде қара табан тікен-пікеңді түк те елемеуші еді-ау!

Кезеңге шыға келгенімде, ауыл жарқ ете түсті. Алдымен өз үйіме, онан соң Бибіайымдікіне, сонан соң барып құйға қарадым. Үй жақтан ешкім көрінбейді. Ал балалар атай айтқандай-ақ құйда шомылып жүр екен. Құйдың суы аппақ күмістей болып жалтырайды. Лезде ыстықтан тұншығып кеткендей болдым. Ылдиға қарай бездім сонан кейін.

Мені бірінші болып Дүйсен көрді.

- Қарауыл, қарауыл! — деп айқай салды оңбаған.

- Қайсы қарауыл? — Қамау жан-жағына қарады. Менен басқа ешкімді көре алмады. — - Қарауылың қайсы-ей, қу?

Басқа балалар да аң-таң.

-Анау ше, әне тұр ғой, қарнын қарбызға қампайтып алып.

Мен әншейінде болса, Дүйсенге есемді жібермес едім. Қазір қарауыл екенім де рас, қарбызға тойып алғаным да рас. Шындықты айтып тұр ғой Дүйсен. Шындыққа қарсы тұрып болған ба? Шет жағасы шығып келе жатқан әңгімені де үзуге болмайды. Сонымен үндемедім.

-Бұл қарауыл болып па еді?

Қамау мына сөзді жұлып алғандай тез айтты да, маған тесіле қарады.

- Иә, сайдағы бақшаның қырағы көздерінің бірі — осы.


Түу, Дүйсеннің мына сөзіне күліп жібере жаздадым.

Ал балалар қыран күлкі болды.

- Қырағы көз!

- Өй, қайран-ай! — деп тақылдайды бәрі.


-56-


- Е, е, кел бермен. Былтырғыны ұмытқан жоқ шығарсың. Бүгін кешке соны тағы бір қайталап жіберейік. Сен қай уақытта қарауылдайсың?

- Күндіз.

- Түнде ше?

- Рахман ағай.

- Кешке қайда боласың?

- Үйде.

- Бітті! Ал дайындалыңдар! Бүгін кешке жорыққа аттанамыз. Сары қауын мен құм қарбызды соғатын кез келді тағы да. Мына қарауылдың өзін де қосып аламыз.

Міне, қызық! Басқа, басқа, дәл мынаны күтпеген едім мен. Қайтпек керек? Не де болса, Шаншар атайға айтамын да. Қазір «барамын» демесе, болмас.

Менің үндемей қалғанымды қарсылыққа жорыды ма, Камау тағы бастырмалатты.

- Әлден, неге үндемейсің? Атайдан қорқып тұрсың ба? Мына мен тірі болсам, ол атайға ұстатпайтын бір амалын табармын.

- Жоқ, қорыққаным жоқ! Мақұл. Барайын.

Қамау бәрімізді алқа-қотан отырғызып қойып, жоспар құрды. Мен бастаған үшеу арғы шетінен келіп кіреміз. Рахман ағай мен Шаншар атай солай қарай жөнелгенде, Қамау бастаған топ үй маңындағы қауын-қарбызды керегінше алып, зытып береді. Жиналатын жер — осы құй басы.
* * *
Сайдағы бақшаға Күн батқалы біраз уақыт өтіп, Ай әлі туа қоймаған, көзге түртсе, көргісіз қараңғы шақта келіп жеттік. Шаншар атай әлі ұйықтамапты. Күркеде от жылтырап тұр. Бәріміздің көңіліміз өрекпулі.

- Қайтеміз? Бастаймыз ба?

- Қазір Ай да туады. Жер жүзі кішкене жарық тартсын.

Біз сайдағы бақшаның ауыл жағындағы төбешіктің үстінде жатырмыз. Шығыс жақ біртін-біртін арайланып келеді. Бұл — Айдың хабаршы сәулелері. Біз асығып отырмыз. Бірақ Күн мен Айдың тууы адам еркіне бағынған ба?

-57-

Жоғарғы ауылдың желкесіндегі қарсы беттен Ай қып-қызыл болып жартыкештеніп көрінді де, жайлап еңсесін көтере берді. Содан барып қызыл жалқық ақшыл тартып, бетіндегі алдыңғы аяғын көтеріп, бір нәрсені андып тұрған аю тәрізді сурет айқындала бастады.



«Ал, балалар, кезің келді жайнайтұғын,

Қауынды қаршылдатып шайнатұғын».

Қамау осылай өлеңдетіп жіберді. Бәріміз дүр сілкіндік. Мен отрядымды бастап, қауындықтың аяқ жағынан келіп кірдім. Рахман ағай әдейі осы маңда жүр екен, айқай салды:

- Әй, бұл кім, ей? Аттан, аттан!

Шаншар атайдың да айқайы естіліп қалды. Бірақ атай біз жаққа келмеді. Рахман ағай балдағымен секеңдеп келді де, арықтың жағасына серейіп тұрып алды.

- Әй, балалар, үйлеріңе қайтыңдар! Ала алмайсыңдар қауынды, — деп айқайлайды бізге.

Біздің ісіміз бітті. Сонда да ұзамай айналсоқтап тұрмыз. Күрке жақ азан-қазан болды да кетті.

- Аналар құрыды! Қолға түсті.

Біз ауылға қарай салып ұрып жөнелдік. Қалған әңгімені ертеңіне Қамаудан да, атайдан да естідім. Атай далбаңдап жүгіре басып біз жақка кетісімен, Қамау команда береді.

- Бала басы — екі қауыннан. Одан артықтың керегі жоқ, жүк болады. Ал жылдам!Балалар лап қояды. Бәрі екі-екіден қауын-қарбыз көтеріп, аңыздан енді шығып ұзай бергенде, екпіндей шапқан ат тұяғының дүбірін естиді.

- Ал қашындар!

Қамау бұл сөзді айтып үлгергенше, атты кісі дүрсілдетіп келіп, балаларды бір айналып шығады.

-Иттің күшіктері, біреуің де қаша алмайсың! Қашқаныңды құрық сынғанша сабаймын. Қане, кейін қарай жолға түсіңдер!

Балалар опыр-топыр болып үйлігіп тұрып қалады. Ашуы жаман атайдың қандай болмасын зорлық-зомбылыққа баратынын бәрі жақсы біледі. Соңдықтан лажсыздан көнген. Атай балаларды шұбыртып айдап келгенде, күркенің жанында Рахман да тұр екен.

- Түу, ауылда бала қалмаған екен-ау! — деп таңданыпты.




-58-

- Несін айтасың, шұрқ етпе. Мен енді көрсетейін қауынға түскенді бұларға! Кәне, бойларыңа қарап бір қатар болып тізіліп тұрыңдар! Рахман, сен әскерсің ғой, тұрғызып жібер мыналарды. Қауындарын құшақтап тұрсын қақайып.

Шаншар атай аттан түскенше, Рахман бәрін сапқа тұргызады.

- Балалар аң-таң. «Екі қауынды көтеріп тұру деген бұйым болып па?» деп ойлайды бәрі. Бірақ бұл жаңсақ ой еді. Аздан соң бәрі тыпырши бастайды.

- Ата, қолым талды.

- Ата, аяғым сынып барады.

- Ататай, өлетін болдым.

- Ештеңе етпейді. Қауын ұрлаған қандай екен? Одан да соны айт!

- Құрысын.

- Енді ұрламайық.

- Жоқ, ұрлаңдар!

Атай мұнан әрі міз бақпай отырып алады. Қыбырлағанын құрықтың ұшымен түртіп қояды.

Затыңда қушыкеш болған соң амал бар ма, Дүйсен мұнда да тыныш тұра алмайды. Ақырын шынтағымен Қамауды түртіп қалады.

- Қарауылының да бізбен бірге келгенін айтсақ қайтеді?

- Құры!

- Айтам.

- Айтшы!

Қамау аяғын ақырын көтеріп, Дүйсенді май құйрықтан бір тебеді.

- Құйрығым-ай, құйрығым-ай!

Дүйсен бір жері ойылып қалғандай ойбай салады. Атай сезіп қалады.

- Әй, сен екеуіңнің жүктерің жеңіл болып тұр-ау, ә. «Есектің жүгі ауыр болса, жатаған». Қазір, қазір.

Атай орнынан тұрып барып, күркенің жанында жатқан әжептеуір үлкен екі тасты әкеліп, бірін Қамауға, бірін Дүйсенге көтертіп қояды.

Нағыз масқара енді болады. Мына жайға балалардың барлығы қолдарының қарын талдырған ауырлықты да ұмытып, ішек-сілесі қатып күледі. Бұл күлкі бұйырма-


-59-

ған тек Қамау мен Дүйсен болады. Екеуінің еңсесін ауыр тастар басып жіберген.

Бұл кезде біз ауылға келген едік. Ауыл дүрлігіп жатыр екен. Әр жер-әр жерден баласын дауыстап шақырғаңдардың саны көбейіп, ақырында жиналып алыпты. Бері бізді бас салды. Бас тартуға амал жоқ, шынымызды айттық.

- Ойбау-ау, ол шалдың біреуін жазым қылуы да мүмкін ғой.

Елдің бәрі сайдағы бақшаға қарай шұбап бара жатты. Олардың алды келіп жеткенше, балалардың діңкесі құрып біткен. Бәрі аяқ-қолы дір-дір етіп жығыларман халге жеткен. Әсіресе Дүйсен өлімше күйде болады. Мейірі қатты, ашулы атай шетінен құрықпен түрткілеп, бірде-бірін дем алдырмай қойыпты.

Балаларының артынан келгендер түгел жиналғанша Шаншар атай балалардың жүгін тастатпаған. Араша сұраушылар түгенделді-ау дегенде барып:

- Ал барыңдар! — дейді.

Балалар қолдарыңдағы қауын-қарбыздарын жерге қоя-қоя салып, құрысқан денелерін жаза алмай, сүмірейіп-сүмірейіп, кібіртіктеп, ілби басып жолға түскен.

- Мыналарыңды алып кетіңдер. Түнделетіп зәуімен келген әрі әбден көтеріп бауыр басып қалған бұйымтайларың ғой.

Топырлап жатқан қауын-қарбызға балалардың біреуі де бұрылып қарамайды.

Қауын-қарбыз — біздің ауылдың үлкеніне де, кішісінеде әуес ас. Ауыл жұртының сазға айдайтын бақшасында олар піспейді. Суы мол, күні ыссы құмақ қойнауға қауын-қарбыз ересен шығады. Мұны жақсы білетін Шаншар атай келгендерді құр қайтармайды, бірді-екілі болса да береді. Бұл жолы да атай балаларының жұлған қауын-қарбызын апа-аталарына беріп қайтарады.

- Осы жаман немелер күндіз келсе де, тойдырып жіберемін ғой. Батқаны — мені басынғаны болды емес пе. Жоқ, Шаншар атай ешкімді басындырып көрген емес. «Ата» деп келсін, мен үлкендік жөнімді істеймін.

Шаншар атай балаларының артынан келгендерді осы сөзбен шығарып салады. Атайды үлкен деп, батыр деп сыйлайтын ауыл ақсақалдарының бірде-біреуі тіс жарып, үн қатпайды. Жер болып келіп, жер болып қайтады.

-60-


Кейін бүл әңгімені естігендер атайдың қаталдығы мен мейірімділігіне қатар таңданып жүрді.
* * *

Ертеңіне мені Шаншар атай:

- Бала, қалай екен, ә? — деп көңілді қарсы алды.

- Әбден, қызық болыпты ғой.

- Айтпа. Естерінен кетпес еттім. Шіркін, кірпіш болмады, бәріне соны арқалатқанда, қызықтың нағыз көкесі сонда болатын еді! Енді қолға түссе, ол да болады. Оны қояйық. Бүгін сен жалғыз өзің қалайын деп тұрсың. Қауын-қарбызды арбамен Шоқпарға таситын болыпты. Солармен бірге барып, алды қалай болар екен, көріп қайтайын деп тұрмын. Бұйырса, саған тәтті-пәтті ала келемін. Рахман да: «Бірге барам. Доғдырдан аяқ сұраймын» дейді. Жалғыз қорықпайсың ғой. Қорықпа, саған жан адам тимейді. Мал келсе, қайырып жібер. Ит-құстан, тегі, қорықпа. Лашын мен Құмай тұрғанда, олар мүлде жолай алмайды. Мен кешікпеспін.

Менің көңілім бір түрлі жабырқап, мұңайып қалдым. Өйткенмен, Шаншар атай сенім артып отырса, көнбеске шара бар ма?

- Қорықпаймын, — дедім.

Бригадир үш арба, бір түйе жіберіпті. Арбалардың бәрі де ескі, жамау-жасқау. Бұл жамаудың бәрі — менің әкемнің қолы. Ырдуанның, дөңгелектің жаңа шабағына қарадым болды, алыста жүрген әкем, шешем, Шәкір елестейді. Әпкем: «Иесіз сайда жалғыз қалай қаласың, күнім?» -деп қарайды маған. Осы бір тәтті елеспен бірге жүрегімді қорқыныш та буады.

- Сиырлар келе жатыр.

Рахман ағайдың даусын естісімен, бәріміз жан-жағымызға жалт-жұлт қарадық. Біздің ауылдың сиырлары сай аузынан түсіп, бері қарай шұбап келеді. Қайран біздің көк сиыр әдеттегідей алда екен. Бір түрлі ширақ, ентелей басады.

- Рахман, Әлден екеуің түйеге мініп барып, сиырларды қайырып жіберіңдер.

- Жарайды.

Үстіне талай жүк артылып, талай адам мініп жауыр болған қара атан біз жақындай бергеннен-ақ жынын шашып бақырды.

-61-

- Бақырғаныңды әлі қоймапсың-ау, жануар.


Рахман ағай қара атанды балдағымен жасқап барып мініп алды.

- Ал, бала, кел.

Мен ілгері басып едім, қара атан бақырып, маған қарай мойнын созып пәле қылды. Рахман ағай балдағымен басқа салып қалды, мен арт жағынан жүгіріп келіп қарғып міндім. Қара атанды екі жақтап «Айт, шу, айт, шүу» деп тебініп, әзер тұрғыздық. Түйенің басын бұруымыз мұң екен, сиырлар состиып-состиып тұра қалды.

- Әй, өк, қу қарасаңдар!

- Қайт, көк сиыр!

Сиырлар әрі қарай жосып жүріп берді. Біз сонда да қара атанды біраз жер бақыртып барып кері бұрылдық.

Қара атан күркеге қарай ентелей басты. Көліктің жылдам жүргені жақсы екен. Ағай да, мен де көңілденіп қалдық.

«Екі жігіт молодой,

Бір бұлт мініп барады-ой».

Рахман ағай осылай әндетіп қойды.

Бір бұлт. Мен аспанға қарадым. Бір бұлтқа мініп бара жатқан екі жігіт, қане? Біздің дәл тас төбемізде үлкен қара бұлт төніп тұр екен. Сол бұлттан екі жігіт бейнесін іздедім. Екі жігітті бұлттың шығыс жақ шетінен таптым. Дәл Рахман ағай екеуіміз құсап біреуі үлкен, біреуі кіші — қарайып-қарайып отыр.

- Әне, екі жігіт.

- Қане?

Рахман ағай жан-жағына қарады. Аспандағы екі жігітті жерден қайдан тапсын?



- Таба алмадыңыз ғой.

- Қайдағы жігітті айтып отыр бұл бала, ә?

Мен аспанға қолымды создым.

- Әне.


- Жігіт емес, бұлт қой ол.

- Жаңа өзіңіздің: «Екі жігіт молодой,

Бір бұлт мініп барады-ой», — дегеніңіз қайда?

Рахман ағай қарқылдап кеп күлді.




-62-





- Бір бұлт, бір бұлт, ол тұйе деген сөз емес пе. Орыс тілінде түйені бір бұлт дейді.

- Қызық екен!

Кейін білдім. Рахман ағайдың «бір бұлты» «верблюд» екен.
** *

Қарбызды тиегендер Шоқпар стансасына бағана кетіп қалған. Рахман ағай арбаның біріне мініп кетті.



Шаншар атай кер биесімен тұмсықты айналғалы қашан.

Күн еңкейіп, бесін болып қалған.

Мен тақырда отырмын. Күркеге жолағым келмейді. Оған кірсем, бір қорқынышты бейне келіп, бас салардай болады. Әсіресе иесіз сайдың түстігіңдегі әңірейген тастарға жан бітердей болып төне түседі. Тақырда отырып алып сол тастарды түрлі жан-жануарға ұқсатып, өз ойыммен өзім ермек боламын. Бірақ ол тастардың бірде-бірін қорқынышты хайуанатқа ұқсатқым келмейді. Қой, сиыр, түйе, жылқы, адам. Осыларға ұқсаған тастар болса, солардың әрқайсысынан көз алмай ұзақ отырамын. Олар маған жақын, мият болып көрінеді.

Мына бір тас — тура қасқыр. Жүрегім зу ете қалды. Не деген түсі суық пәле! Теріс қарап кеттім. Күркенің көлеңкесінде жатқан екі тазыға көзім түсіп, сәл-пәл жүрек тоқтаттым.


** *
Былтырғы бір оқиға айна қатесіз көз алдыма келе қалды.

Апам, Шәкір үшеуіміз көк сиырға міңгесіп, төменгі, Жолымбетте қорықшы болып отырған жақын нағашымыздың үйіне барғанбыз. Нағашымыз тура өзеннің жағасына күрке тігіп алыпты. Есіктерінің алды — қалың құрақ.

Нағашым үйінде жоқ екен. Нағашы апам шай қайнатып есік алдында жүрді, ал біз іштеміз. Көк сиыр қазықта байлаулы тұрған.

Бір уақытта даладан жан ұшыра өкірген дауыс шықты. Бәріміз үйден атқып-атқып шықтық. Күркенің аяқ жағындағы қалың қамыстан өкіре шыққан бұзау безген бетімен келіп, үйді айналып барып, көк сиырға тығылды. Көк сиыр да өкіріп, жатып кеп жұлқынды.




-63-
- Ойбай, қасқыр.

- Құртты-ау арқандаулы бұзауды!

Осыны айтып, екі кемпір төменгі қалың қамысқа қарай тұра жүгірді.

- Айтақ, айтақ! — деп айқайлап барады.

Шәкір екеуіміз не істерімізді білмей, состиып тұрып қалдық. Кемпірлер қасқыр екенін қайдан білді?

Шәкір ауыл алдындағы беткейге қарады да, үрейлі жүзбен үйге зып беріп кіріп кетті. Беткейге мен де қарадым, үш қасқыр жәйімен шауып барады екен. Буын-буыным құрып, айқайлайын десем үнім шықпай, отыра кеттім.

- Жүгір, жүгір үйге!

Шәкірдің даусы құлағыма алыстан талып естіледі.

Сүйір тұмсықтары кере қарыс, мойындары күжірейген-күжірейген үш көкжал демде-ақ дөң асып жоқ болды. Бірақ үшеуі арқаңдаулы тұрған бұзауды жарып кетіпті.
* * *
Менің денем қазір де сондағыдай тызылдап, ұйып кеткендей болды. Шіркін, қазір жанымда бір бала болса! Тіптен Дүйсеннің өзі де үлкен абай болар еді-ау. «Жалғыздық тек Тәңірге жарасқан» деуші еді апам. Сол рас екен.

Мына сайдан қазір бір адам көрінсе, әкемдей болғалы отыр маған.

Әне, сол адам көрінді де. Жоғары тоспа жақтағы мұрыннан астында сүліктей қара қасқа аты бар біреу шыға келді. Қасқа ат қатты жорғалай басады екен. Сұлу атқа үстіндегі адам мүлде жарасымсыз, қонбай отыр.

Әне-міне дегенше жолаушы дәл жаныма келіп тоқтады. Киімі олпы-солпы, шашы бұйра-бұйра болып қобырап өсіп кеткен жігіт екен. Аңдап тесіле қарайды, реңі сұсты.

- Әй, бала мынау не?

- Бұл — бақша.

- Бақшада не бар?

- Қауын бар, қарбыз бар.

-Мә, мына қапқа қауын сал.

- Мен қапқа екі қауын салып әкелдім.

- Мә, қабыңыз.

- Неге көп салмағансың?

- Атам келген адамға екеуден артық берме деген.

-64-


- Атаң қайда?

- Шоқпарға кеткен.

- Стансаға ма? Қашан келеді?

- Қазір.


- Мә, тағы сал қауыныңнан.

Жолаушы қапелімде өзгеріп, дегбірсіздене бастады. Өзі аттан түскісі келмейді.

- Болды. Енді салмаймын.

- Саласың.

Жолаушы қалтасынан наганын суырып алды да, кезеніп тұрып:

- Жылдам сал! — деп ақырды.

Менің есім шығып кетті. Жерден қапты қалай көтеріп алғанымды білмей де қалдым.

- Бар, тез!

Қауындыққа қарай бүгжеңдей жөнелдім. Қауындыққа жете бере есімді жиып, бір ойға кеттім: «Осы күркеге қойып кетсем қайтеді?»

Ақырын еңкейіп қапқа қауын салып жатқан болып қарап қоямын, жолаушы жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Бір кез Шоқпардан келетін жолға қарап ұзақ тұрып қалды. Осындай сәтті күтіп тұрған мен күркеге қарай салып ұрып жөнелдім.

- Ей, тоқта, тоқта!

Мен қарайламадым, күркеге жетіп қалдым. Наган гүрс ете түсті. «Өлдім ғой» деп ойладым. Бірақ оқ дарымаған сияқты, еш жерім ауырмайды. Күркеге жете бере, сүрініп жығылып, артыма қарап едім, қасқа атты жолаушы зым-зия жоқ болыпты.



Екі тазы орындарынан дүрдиіп-дүрдиіп атып тұрды. «Не сұмдық болды» дегендей, елең-елең етеді.

- Айт, Лашын! — деп, жолаушы асқан кезеңге қарай қол сілтедім. Екі тазы солай қарай жарыса жөнелді. Екеуі кезеңге шықты да, түкке түсінбей тұрып қалды. Жан-жаққа тап-тап беріп елеңдейді.


* * *
Сөйткенше Шаншар атай да келіп қалды. Менде өң жоқ, түс жоқ, құп-қу болып отырсам керек.

- Саған не болған, балам? Жаңа осы жақта бір аттылы адам жүрді ме, қалай өзі?


-65-


- Мені атып кетті.

- Атқаны несі? Кім ол?

- Білмеймін.

- Ойбай-ау, оқ қай жеріңе тиді?

- Білмеймін.

Шаншар атай ерекше елгезектікпен атынан домалап түсіп, менің үсті-басымды сипалап көре бастады. Оқ дарымапты.

- Құдай бір мол сақтаған екен, балам! Ол жауыз кеше «Қарауылтөбенің» бір қойшысын атып кетіпті.

Шаншар атай лезде ширығып кетті. Биесінің тартпасын мықтап тартып, үзеңгіге аяғын салып, «Әуп, бабам!» деп ерге ширақ қона кетті. Ырғай шоқпарын тақымына басты, белін белбеумен мықтап буып, бөркін миығына түсіріп, баса киіп алды.

-Ал, бала, қазір арбалар да келіп қалады. Мен кеттім жаңағының артынан. Ол енді менен құтыла алмас. Кә,Лашын, Құмай.

«Шаншар атай тұрғанда, бұл ауылды ешқандай ұры-қары басынбас» деуші еді үлкендер. Атқа еңкейе жымып отырып, шоқытып бара жатқан атайды көріп тұрып, осы бір сөздің шындығына көзім жеткендей болды.

Атай кезеңге шыға бере, кер биеге қамшы басты. Биесі атырылып, көсіле жөнелді де, көзді ашып-жұмғанша ғайып болды.

Мен күркеде әлі де үрейленіп отырмын. Қауын қалды жайына. Атай асқан кезеңге бір, Төменгі мұрынға бір қараймын. Бірақ атай да, арбакештер де тез арада көріне қоймады.

Мен арбакештерден гөрі атайдың тезірек көрінуін тілеймін. Басын қатерге байлап кетті ғой ол. Анада — наган, атайда — шоқпар. Не болар екен атайдың көрген күні? Аман-сау орала гөр, айналайын ата! Көрінші ертерек көзіме!

Жоқ. Көрінбеді.

Төмен қарасам, алдында үш арба, артында қара атан тізіліп келеді екен. Торлаған қорқыныш сейіліп жүріп берді. Алдарынан жүгіре шықтым. Келе алдындағы арбаға қарғып міндім. Рахман ағай осы арбада екен. Болған жағдайды соған айттым. Ол арбакеш балаларға айтты. Бәрі даурығып қалды. Бәрінің де Шаншар атайға мият болғы-

-66-


сы келеді. Бірақ тұяқтары сыртылдап, мұрны пысылдаған шабан өгізбен қайда бармақсың. Қара атан болса, өгізден де шабан.

Арбаларды доғарып, қара атаңды шөгерген соң:

-Қой, қарап отырмайық. Ең болмаса анау биікке шығайық, бірдеңе көрінер ме екен? — деп, Рахманнан басқамыз бақшаның түстігіндегі төбеге шықтық.

Жоғарғы адырлар жаққа көз тігеміз, ешкім көрінбейді. Енді әркім әр түрлі сәуегей әңгімеге көшті.

- Ол сұм атайды атып кетсе, не бетімізді айтамыз?

- Атайдың бір көрген құқайы осы дейсің бе? Ол кісі талай ұры-қарыны жайратқан. Қазір-ақ келеді оны өңгеріп.

- Сол қашқын қайбір шаба алады дейсің атқа. Атайдың екі тазысы да қоймайды. Екеуі атай әмір етсе, ат тұрмақ, түйенің үстіңдегі кісіні жұлып алады.

Бұл даурықпа сөздер ұзаққа бармады. Ноғайбай сайының аузынан ат жетектеп шыққан атайдың өзі де көрініп қалды. Мен жетектегіні бірден таныдым — бағанағы қасқа ат.

- Жетегіндегі мені атқан қашқынның аты.

- Әп, бәлем, ол қасқаның өзі де сол атқа таңулы жатыр.
Біз төмен қарай құлдилап, жарыса жөнелдік.

Қашқында бағанағы сұсты кейіптің бірі де жоқ, басы салбырап, шашының ұйпа-тұйпасы шығып, көзі аларып, есі ауып қалыпты. Атай өзін ерге етбетінен салып, қыл шылбырмен мықтап таңып тастаған, қыбыр етерге дәрмен жоқ. Маған сұсты көзімен бір қарады. Бірақ онысы маған: «Сені ме?» емес, «Саған не жаздым?» дегендей болып көрінді.

- Атай, қалай ұстадыңыз? - деп сұрады Тұрап.

- Оны өзің жауға шапсаң, білерсің. Бір амалы болды десеңші, әйтеуір. Белсеніп кіріскен адам мұңдайдың талайын алады. Ал мен еңді мұны Шоқпардың милисасына, Иван тамырға апарып тапсырып, бір-ақ қайтайын. Күн кеш болып қалды. Әлден, бүгін үйіңе бара алмайтын болдың. Осында жата бер.


* * *

Ересек арбакеш балалармен бірге болу көңілді екен. Кешке қарай арбакештер қауын-қарбыз жарып, Шоқпардан әкелген бөлке нандарын турап еді, көл-көсір дас-




-67-

тарқан болды да шықты. Қызды-қызды әңгімелер айтып, бәріміз әбден тойып алдық.

Нағыз әңгіме төсекте басталды. Ересек балалар да біз сияқты болады екен. Олардың да Дүйсені бар көрінеді. Ол Тұрап болып шықты.

-Барлық әңгімені былай жиып тастайық. Үйықтап қалған жоқ па өзі? Мына Әлден бүгін соғысқа қатысқанмен бірдей болды.

Тұраптың мына сөзін бәрі іліп әкетті.

- Шындығында, ей. Соғыста да адамға қарап оқ атылады. Мұнда да сол болды ғой.

- Бұл бір ер бала екен, азаматың!

- Айтпа деймін! Мен болсам, жүрегім ұшып кетер еді.

- Сендер одан да Шаншар атайды айтсаңдаршы.

- Рас-ау!

Жігіттер енді әңгіме әуенін Шаншар атайға бұрды.

Күрке іші қап-қараңғы. Көзге ұйқы тығылады.

Арбакештер шылымдарын жарқ-жұрқ тұтатып алып, Шаншар атай туралы білетіндерін жарыса айтады. Атайдың сан рет ат үсті сайысқа түскен, ерден ауып көрмеген, жауырыны жер иіскемеген атақты палуан екенін, жұртты зәрезап қылған қашағанды оп-оңай ұстайтын епті екенін, жастығы есіне түскенде казір де биесін бос жіберіп қойып, бұғынып келіп, үстіне көз ілеспес шапшаңдықпен қарғып мінетінін — бәрі-бәрін естідім.

- Қартты Базар қартайтып кетті ғой, — деді Тұрап. —Базарды осындай батырдың баласы деп кім атайды? Әуелі Наубайсібір жағында ойнатып алып, майданға осы жолмен алып жүрген екен, жолда үш рет қашуға әрекет жасапты. Бірінде Анырақайда, екіншісінде Шоқпарда қашыпты. Екеуінде де ұстап алыпты. Аспара стансасына барғанда тағы да зытып беріпті. Бұл жолы қуған солдаттарға жеткізбей, ұзап кетіпті. Сөйтсе, қуғыншылардың алдынан екі атты кісі шығып қалыпты. «Қайтар ана азғынды» депті комаңдир. Екеуі Базарды қайырып, айдап келіпті. «Стрелять» депті командир. Бір солдат автоматпен дыр-р дегізіпті.

Атайға естірткізгенде сенбей қойды. Кемпірі жыламақ болған екен. «Тәйт, о неменем! Сені мен менен ондай бала тумайды», — деп зекіп тастапты. Бірақ өзі үш күндей жоғалып кетіп, оралыпты. Содан кейін-ақ атай жұрт

-68-

көзінен қашқақтап, үндемейтін болыпты. Пошташы келе жатса: «Хат бар ма?» деп сұрауды да қойыпты.



Көзім жұмылып бара жатыр еді, мына сұмдық әңгіме ұйқымды шайдай ашты.

Енді көпке дейін көзім ілінбей қойды. Бағанағы қашқын мен Шаншар атайдың баласы Базар көзіме кезек-кезек елестейді.

Базарды атай әскерге былтыр шығарып салған. Әлі есімде, атай баласын кер биесіне мінгестіріп, Шоқпарға алып жүрген. Біздің есіктің алдынан өтіп бара жатқанда апам:

- Жәке-ау, Базарды қайда алып барасыз? — деп сұрады.

- Шоқпарға. Бұл он сегізге толды. Құдай қаласа, жігіт болды. Майданға барады.

- Шақырып па еді?

- Шақырады да. Сол шақыруды күтпей-ақ алып барамын.

- Есен-сау қайт, қарағым! Әй, жәке-ай!

Апам таңданды. Мен де таңдандым.

- Сау бол, аға.

- Сау бол, Әлден. Ауылдың иесі енді сендерсіңдер. Осыны біліңдер.

- Білеміз.

- Онда дұрыс.

Базар аға өстіп разы болып аттанып еді. Сол Базар ата сенімін ақтамай, қашқын болыпты. Қандай жиіркенішті еді десеңізші!ь

Шаршап жүрген арбакештер қор-қор ұйқыға кетті. Мен апамның мейірімді құшағын аңсап жатырмын. Апамның қолтығына мұрнымды тықсам, жақсы-жаман ойдың бәрі жоқ болып, тәтті ұйқыға берілер едім... Мен түн жарымында, талықсып жатып, әзер ұйықтап кетіппін.
* * *
Ертеңіне оянсам, бәрі тұрып кетіпті. Жанымда түнгі күзеттен келген Рахман ағай жатыр.

«Шаншар атай келді ме екен?» Далаға жүгіріп шықтым, күн сеске түс болып қалыпты.

Шаншар атай күркенің көлеңкесінде отыр. Арбалар жоқ, кетіп қалыпты.

-69-


- Ә, бала, тұрдың ба?

- Қашан келдіңіз, ата?

- Түнде. Сендер ұйықтап жатқанда.

«Апыр-ай, бұл кісінің ұйқысы қалай тез қанады екен?»

- Әлден, сен бүгін ауылға бара ғой. Әне, торға бір қауын, бір қарбыз салып қойдым. Соны ал да, қайт. Далаға түнетпеймін деп едім, Айша елеңдеп отырған шығар. Кешегіні естіп, ұшып келе ме, кім білсін? Милиса саған рақмет айтты. «Нағыз жігіт екен», — деді.

Мен торды алдым да, жолға түстім. Жүрегім өрекпіп, қуана адымдай басамын. Мен — қазір ауылда бостан-босқа көше таптап жүрген бала емеспін, қашқынға қарсы тұрған, милицияның алғысын алған баламын.

Кезеңге шыға келгенімде, ауыл маған ұзақ мерзім көз жазып қалып, сағынып көргендей ыстық боп, жарқырап жатты. Әр үй, әр қора: «Балам келе жатыр, балам келе жатыр!» — деп қуанып құшақтарын жайып, өзіне қарай тартатын сияқты. Мен бойым балқып, тұрып қалдым.

Өзен жаққа қарадым. Балалар суға әлі келе қоймапты, құйдың бас жағындағы жайпақтан бір қыз су алып жатыр. Бірден таныдым — Бибіайым. Ылдиға қарай жүгіре жөнелдім.

Бір шелек суды әрі апарып қойып, екіншісін іліп алғалы еңкейе берген Бибіайым мені көріп қалды.

Әу дегенде Бибіайымға қарай жүгіргеніммен, ол мені көрісімен, бұзылып, бұрыстап өте шықпақ болып, қырындай бердім. Сол сол-ақ екен, Бибіайым:

- Әлден, бері кел, бері кел! — деп айқай салды.
Енді бармай көр. Адам құсап айқайлап шақырып тұр. Естімегенсіп елемей кете берсе де болар еді, бірақ ол — иттік қой. Мінезі тік, мәймөңкелеуді білмейтін Бибіайымның ертең-ақ мұны бетіме басатынына сөз жоқ.

Лажсыздан Бибіайымға қарай жүруге тура келді. Мен жақындай бере-ақ, Бибіайым қатты мазасыздана сөйледі:

- Болшы, бол! Тезірек өт бергі жаққа.

- Не боп қалды?

- Көремін.

- Нені?

- Оқ тиген жеріңді.

- Ол жоқ қой.

-70-


- Мейлі, тез өт.

- Көпірден өтіп келейін де.

- Онда мен өкпелеймін.

- Өкпелесең, өкпеле.

- Ой, мақтаншақ! Бұл жер таяз ғой. Тізеңнен де аспайды. Сен балағыңды түріп жібер де, өте шық.

- Мен білемін ғой, асады.

- Керек десең мен теріс қарап, көзімді жұмып тұрайын. Сен дамбалынды шеш те, өте шық. Бибіайым екі қолымен көзін тас жұмып, теріс айналып кетті.

Мен не қыларымды білмей состиып тұрмын. Мына қызға немене керек? Кешегіні бұл қайдан естіген? Апам да естіді ме екен? Онда үйге тезірек барайын.

-Түу, сені-ай! Көзім талды ғой. Енді қашан?

Бибіайым көзін ашып қарады да, әлі шешінбей тұрған мені көрді.

-Не, сен бір айтқанымды істемейсің бе? Басқа қыздармен, балалармен ойнағанда пәледейсің. Жарайды онда, кеттім мен.

Бибіайым бұртаңдап барып, шелегіне жармасты.

Бибіайымның айтып тұрғанының бәрі рас. Енді қасарысудың ешқандай жөні жоқ. Бұл жерден өткенге нем кетеді менің?

-Бибіайым, тоқта. Қазір өтемін.

Бибіайым қуанып кетті. Дереу теріс қарап тұрып, көзін жұма қойды.

Мен көйлегімді, дамбалымды шешіл бір қолыма, екінші қолыма торды ұстап суға түстім. Су түбі балшық, әр жерінде үлкендігі қос жұдырықтай-қос жұдырықтай тас бар екен. Солардың біріне сүрініп кетіп, жығылып қалмайын деп, аяғымды еппен басып келемін.

Көзі талып, шыдамы кетті ме, қайдам, Бибіайым:

- Болдың ба? — деп айқай салды.

- Жоқ. Енді аз-ақ қалды.

- Болдың ба?

Бибіайым көзін ашып кеп калды.

Мен бүк түсіп суға отыра кеттім. Бағанадан бергі еңбек зая кетті. Қолымдағы киімім малмандай су болды.

Бибіайымға ашуым келгені сонша, не дерімді білмей қалдым.

- Өзің бір оңбаған қыз екенсің ғой!


-71-


Бибіайым көзін жұматын емес. Менің сөзіме ашуланбады да. Ой, сұмдық-ай!

- Әлден ұялшақ! Әлден ұялшақ! - деп, сақ-сақ күледі.

- Әй, қыз, жұм көзіңді!

- Жұмбаймын. Керек болса, өзің жұм.

Мына қызды жын ұрар. Не деген ұятсыз еді!

- Ал, әйтпесе!..

Мен көзімді тарс жұмып алдым да, жағаға қарай тарта бердім. Жағаға шығып киінген соң барып көзімді бір-ақ аштым. Бибіайым көзін жұмып тұр екен.

- Болдың ба? — деді.

- Болдым.

Бибіайым көзін аша салып, ішек-сілесі қата күлді.

- Жаңағың не? Мен ойнап айтсам, сенің ренжігенің. Мейлі, сүміреймей-ақ қой. Мен әдейі істедім керек болса. Әйтпесе сен оқ тиген жеріңді көрсетуші ме ең?

«Қуын-ай, мына қыздың!». Менің ашуым тарқай бастады.

- Маған ешқандай оқ тиген жоқ.

- Кеше сені бір қашқын атып кетіпті дегені қайда?


Мен болған әңгімені айтып бердім.

- Бәрібір, — деді Бибіайым, — сен біздің сыныптағы балалардың бәрінен жақсысың.

Мен тіптен не айтып, не қоярымды білмей қалдым.

- Бибіайым, мынаны сен алшы.

Мен тордағы қауын мен қарбызды Бибіайымға ұсындым.

Бибіайым:



- Неге? Атам беріп жіберді ме? — деді жұлып алғандай.

- Көкең де тапқандарын шешеңе әкеліп бермейтін бе еді?

- Ой, жынды Әлден!

- Өзің жыңды.



Бибіайым менімен салғыласып жатпады, екі шелек суды алды да, үйіне тартып отырды.

Мен состиып тұрдым да қалдым. Қайтейін енді, өзім ғой бүлдірген.


* * *
Үйге кіріп келгенімде, апам жылап жіберді.

- Күнім-ау, тірімісің? Құлыным-ау!


Апам жылауын осылай бастады. Сосын:

-72-


- Жаңа ғана естіп, зәрем зәр түбіне кетті. Жолға енді жиналып жатыр едім, — деп жылады. — Балаға қарап оқ атқан деген не сұмдық! — деп жылады. — Бір жеріңе оқ тисе, күніміз не болатын еді? — деп жылады.

Дауыс шыққан үйден мезі болған ауыл кемпірлері біздікіне тез-ақ жиналды. Істің мән-жайын түсінген соң, бәрі жағаларын ұстап таңырқап тарқасты.

Апам мені көпке дейін жанынан шығармады. Шай қойып жүріп үйге кіріп те, шығып та айналып, толғана берді.

Кешке жақын үйге шешем мен Шәкір келді. Қамбаға барған біреуден естіпті де безіпті екеуі жаяу ауылға қарай. Жаяу жүргеңді көтере алмай, өкпесі алқынып қалатын әкем бұларға ілесе алмайтын болған соң, қалып қойыпты.

Шешемнің де, Шәкірдің де қараторы жүздері күнге күйіп тотығып, бет-ауыздары жарылып кетіпті. Екеуі де келе мені бас салды. Шешем дәл бағанағы апам құсап азан-қазан қылып жылады. Оған апам да қосылды.

Сондағы шешемнің:

- Жалғыз бауырым мен бір баламды жұтқаның аз ба еді, қу соғыс! Бұл сәбиде нең бар еді? - деген сөзі әлі күнге құлағымнан кетпейді.

Әншейінде ұрысып-таласып қала беретін Шәкір екеуіміз бұл кеште бір-бірімізге қыңқ деп қабақ шытқанымыз жоқ.

Екеуіміз жатарда далаға шықтық. Аузымызға саусақтарымызды салып жіберіп, ысқырдық кеп. Біраздан соң әр жерден жауап қатқан ысқырық шықты. Бір-бірімізді ысқырықтан-ақ танимыз ғой біз. Балалар тез-ақ жиналды.

Біздің есіктің алдындағы сазға ақсүйек ойнадық. Әншейінде балалардың ойынына араласа бермейтін қыздар да келді. Көптен бері көрмеген өте қызық ойынның бірі болды бұл.

Шөбін шауып алған тап-тақыр саз Ай нұрымен күндізгідей жарқырап тұрды. Ақсүйектен басталған ойын айгөлекке, мысық пен тышқанға, қой мен қасқырға ауысты.

Ойынға Бибіайым келмеді. Бағанағыға өкпелеген-ау деп жорыдым. Кінәлі екендігім ойыма қайта-қайта оралып, мазам кетті. Содан ба, «тышқан», «қой» болсам, тез ұсталып, «мысық», «қасқыр» болсам, ешкімге жете алмай, әуре болдым.

-73-


- Әлден, бүгін саған не болған? — деді бірде Қамау.
Дүйсен шап ете түсті.

- Сен естімеп пе едің? Мұны кеше қашқын атып кеткен жоқ емес пе?

Қамау естімепті.

- Қой! — деп таңданды.

- Ой, суайт-ай!

Балалардың көбі естімепті. Дүйсен сарнай жөнелді.

- Темір жолмен майданға солдат алып бара жатқан пойыз Шоқпар стансасына келгенде, одан бір қорқақ қашып шығыпты. Біздің таулар нағыз сондай қашқан-пұшқанға таптырмайтын жер ғой. Бұл қу да Қиынсайға көзі түсісімен жайнап кетіпті. «Бітті. Қайда бекініс», —дейді де, тартып отырады. Қалада өсіп, дала көрмеген байғұс Қиынсайды жақын деп қалса керек, әрі жүреді, бері жүреді, жете алмайды. Шекесінен бұрқ-бұрқ тер шығады. Білесіңдер ме, тер шығу мен жан шығудың арасы жақын болады.

Содан, қойшы, әлгі қашқын «Қарауылтөбенің» бір қойшысына жолығады.

- Атыңды бер, — дейді.

Қойшы өлсе берсін бе? Ұжымшардың аты кім көрінгенге бере қоятын шара-пара емес қой.

- Бермеймін! — дейді.

Қашқын тапаншасын суырып алады да, көздеп тұрып атып кеп қалады. Оқ қойшының дәл маңдайынан тиіп, «қой боғындай қорғасын ажал да болып жабысады».

Дүйсеннің құбылтуы-ай, шіркін! Ойын жайына қалып, бәріміз ұйып тыңдап қалыппыз. Дүйсеннің бөсіп кеткенін мен жөнінде айта бастағанда бір-ақ білдім.

- Содан әлгі қашқын Қиынсайды бетке алып келе жатқанда біздің Әлдекеңе ұшырасады ғой. «Бала, қауын бер» дейді. Бұл жазған сонда ұрының мешогіне бір қауын, бір қарбыз-ақ салыпты ғой. Бандиттің аты баңдит, онда тойым болған ба?! «Тағы», — дейді бандит «Жоқ», — дейді Әлден.

Мұның көнбесін білген соң, қашқын қалтасынан тапаншасын жарқ дегізіп суырып алады. Әлдекең мешокты қолына ала салып, бүгежеңдей жөнеледі қауындыққа қарай. Сөйте тұра, бұл итің былай шыға бере күркеге қарай зыта жөнеліпті. Қашқын көздеп тұрып періп кеп жіберіпті.

-74-


Мерген-ақ екен, оқ Әлденнің дамбалын жыртып, қара санын жалап өте шығыпты.

Ой, ит-ай, өліп пе еді десеңші, тіптен! Бәрін арттырып жібермей ме деймін-ау. Ұжымшардың қауыны жаннан әулие болып па? Ақымақ десеңші мұны. Мен болсам, қашқынның мешогін толтырып беріп: «Ал жолыңыз болсын!» дер едім.

«Е, Бибіайымға төндіріп айтқан осы екен ғои! Қатырайын сені».

- Сен суайт сөйтесің. Ол рас, - деді Қамау сол сәт.


Сен сияқты жүрексіз ғой ол қашқының да. Қарашы сылдырауын.

Қамаудың сөзін балалар іліп әкетті.

- Е, бәсе, десеңші!

- Бұл Дүйсен оңбайды.

Мен бірдеңе демек болып едім, сөзімді басқалар сөйлеп жатқан соң, тоқталдым.

- Сендерге әңгіме айтса да жақпайсың, - деп өкпелеген болып жатыр Дүйсен пәле.

- Шынында. Құбылтты-ау өзі. Кресіңдер, түбінде бұдан жазушы шығады.

Шәкірдің осылай деп Дүйсенді қостағанына таңданып қалдым.

- Мұндай суайттан жазушы шықпайды. Жазушы өтірікті жазбайды, - деді Қамау.

- Оның рас енді. Қой, кеттік, Әлден. Ертең ерте тұру керек.

Балалар тез тарап кетті.
***

Ертеңіне шешем мен Шәкір кеткен соң, сиырды сауып болып, апам:

- Әлден, көк сиыр кеше де, бүгін де иімеді. Көзі кіртиіп, жүні жығылып қалыпты. Бір нәрсеге ұрынған сияқты, - деді маған.

- Кеше сиырлар қай жақтан келіп еді

- Сайдағы бақша жақтан келді-ау деймін.

- Шаншар атай осыны өшікті деп жүр еді. Сол кісі сабаған шығар мұны?

- Кім білсін? Бір кәдік. Мұны қойшы. Бұл қарасан


-75-

сол Айыр жәкемді жазым қылмаса десеңші. Сен ертерек барып білші.

Сайдағы бақшаға келгенімде, үнемі тақырда отыратын, не қауындықтың ішінде жүретін атай көрінбеді. Тақырда Рахман ағай отыр. Осының өзі көңіліме күдік ұялатып, қорқыныш туғызғандай болды. «Атай күркеде шығар» деген ойды мият тұтып, іштей қайталай бердім.

Мен күркеге қарай тарттым. Рахман ағай қол бұлғап шақырды. Неге екенін, дауыстамайды, құр ымдайды.



Мен жанына келгеннің өзінде де Рахман ағай біреу естіп қоятындай ақырын сөйледі:

- Т-сс-с, дабырлама, Шаншар атай ұйықтап жатыр.



- Неге?

- Бала, қызықты білмейді екенсің ғой. Кеше көк сиыр мен атай айқасып қалды.

Менің бойымнан ток жүріп өткендей болды. Апам екеуіміздің күдігіміз теріске шықпады, дәл келді.

- Қалайша? Айтыңызшы!

- Отыр жайланып, айтайын. — Рахман ағай маған ақсақ аяғы жағынан орын нұсқады. — Ұйықтап кеткен екенмін, — деп Рахман ағай қозғалақтап, еңсесін көтеріп отырды. — Даланы бірдеме тарсылдатып алып барады. Шошып кеттім. Киінуге де шамам келмей, еңбектей жөнелдім далаға, бір жерде қолында шапаны бар атай, бір жерде көк сиыр тұр. Екеуі де ырсылдап өкпелерін соғады, екеуі де солықтарын баса алмай ентігеді.

Бір уақыт көк сиыр басын шайқап-шайқап атайға қарай тұра ұмтылды. Атай шапанын жалп дегізіп, сиырға ауаны сүзгізіп, өткізіп жіберді. Көк сиыр қайта бұрылып еді, атай тағы да сөйтті.

Көк сиыр енді ұмтыла алмай, өкпесін соғып, тұрып қалды.

Атай жерде жатқан ақ таяғын алып, көк сиырға қарай жүрді. Көк сиыр атайға қарсы келе алмай тайқып шықты. Атай тұра қуып барып, көз ілеспес шапшаңдықпен көк сиырдың үстіне қарғып мінгені. Мен тіптен байқай да алмадым. Сиырдың арқасына қолы тигендей болып еді, үстіне қона кетті. Көк сиыр мөңкімеді, тек «енді ұрады-ау» дегенге ұқсап басын біресе төмен салып, біресе қайқайтып арлы-берлі алып қаша берді. Мен де «атай енді ұрады-ақ» қой деп едім, өйтпеді.


-76-
Қақпалап мініп барып сиырға қосып жіберді де, кері қайтты.

- Мен жеңдім! Ол маған өшігіп еді. Енді қайтып жоламайтын еттім, - деп отыра кетті келе.

Әбден титықтап, діңкелеп қалыпты.

- Неге ұрмадыңыз? - дедім мен.

- Біз онсыз да бір-бірімізді түсіндік. Бір үйлі жанды асырап отырған сиырды ұрам деп, бір жерін майып қып алсам, пәле емес пе? - деді атай. Екеуіміз басқа сөзге келмедік. Содан кешкілік жатқанынан әлі тұрмай ұйықтап жатыр. Шаршап қалыпты.

Әне, атайдың өзі де шықты далаға. Күрке алдында сылдырлап ағып жатқан арыққа жуынып-шайынып, бізге қарай жүрді.

Рахман екеуіміз жамырай сәлем бердік.

- Ассалаумағалайкум!

- Салаумалайкум!

- Балалар, амансыңдар ма?

Атай екеуіміздің де қолымызды алды. Шаншар атайдың еті қашқан жалпақ алақаны тастай екен. Талай шоқпар, кетпен, күрек ұстаған батырдың алақаны ғой бұл.

- Рахман, сен барып демал. Әлден екеуіміз бірдеңе қылармыз, - деді атай.

Балдақты адамның ылдиға қарай жүргені қиын болады екен, Рахман ағай шойнаң-шойнаң етіп әзер кетіп барады. Атай екеуіміз келісіп алған кісілерше Рахман ағайдан күркеге жеткенше көз жазбай қарадық та отырдық. Ол күркеге кіргенде барып бір-бірімізге қарадық. Көк сиыр құсап атайдың көзі кіртиіп, жүдеп қалыпты. Мен атайды аяп кеттім. Осынымды сезді білем, атай:

- Мен жеңдім оны, - деді. - Жеңгенде де енді адамға беттемейтін еттім. Өзі де есті жануар ғой. Ол қайтып адамды сүзе қоймас, сірә.

- Естідім. Балаңыздың айтқанын жасапсыз.

- Иә, баламның айтқанын жасадым. Баламның, баламның...

Атай ауыр күрсінді. Маған пайымдап біраз қарап отырды. Мен көз тайдырдым. Қазір Шаншар атай мен үшін бұрынғыдай жұмбақ, сұсты шал емес, күнделікті жұмыста бірге жүрген қадірменді қарт. Атай қинала отырып, әңгімесін қайта сабақтады.


-77-


- Балам, менің сол балам туралы естіген боларсың?

- Иә, естігем.

- Ендеше, сол естігенің болыпты. Ешкім менен батып сұрай алмайды. Бірақ бәрі соншалықты жасық, сатқын баланың әкесі болғаным үшін мені іштей аяп, мүсіркейтін сияқты болады да тұрады. Мен баламды мұндайлық таяздыққа қимаймын. Амал не, болар іс болыпты. Құдайдан қорықтым, мүрдесін ашпадым. Бірақ мен соны балам емес пе деп те ойлаймын. Атып тастаған соң, командир:

- «Отанын сатқан азғын, ит екенсің, Шаншаров!» депті де, теріс қарап жүре беріпті.

- Ойбай, бұл «Кербұлақтағы» Шаншардың баласы болмасын, — депті атпен кайырып келгеннің біреуі.

- Әкесінен ұяттағы, көмейік, — депті екіншісі.

Сонымен, шұңқыр қазыпты да, көміпті. Маған жұртты зарлатқан қара қағаз да келген жоқ қой. Өлдіге калай қиямын мен оны. Тірі ол, тірі. Оңайлықпен жер жастанатын жасық емес болатын балам менің. Дүниеде Шаншар деген ат аз дейсің бе? Көп. Аспарада атылған соның бірі шығар. Неғып тіл бере алмай жүр екен, а?

Атай әңгімесін аса бір елжір үнмен аяқтады да, үстінен бір ауыр жүкті жұлып тастағандай, кеудесін кере дем алды.

Мен де ойламаған жерден күрсініп салдым. «Тірі болса екен» дедім іштей.

- Алдыңғы күні қашқынды апарып өткізгенде милиса досым Иваннан сұрадым. «Пөшестің күйреуіне аз-ақ қалды. Осы қыстың ар жақ, бер жағында тыныштық қайта орнар», — деді ол. Керманды жеңіп қайтқандар ішінде менің де балам болса! Құдайдан сұрайтыным осы ғана. Ол күнді мен көру, көрмеуім екіталай... Менің әкем жетпіс бесінде өлген екен, әкемнің әкесі де сөйткен. Мен де биыл жетпіс бестемін, мен де осы жасты аттап кете алмайтын шығармын.

- Қойыңыз, ата, сіз әлі тыңсыз ғой.

- Сырт көзге ғана тыңмын. Әйтпесе ауруым да бар, қажыр-қайратым да қайтты. Жаздай мына қауын ермек болып еді, енді ол да қазан болып келеді. Енді бір төрт-бес арттырсақ, жетіп жатыр. Сонан кейін балаларды жауып, бір құмарларынан шығарайыншы.

Біз өстіп әңгімелесіп отырғанда, арғы қырдан кер бие желіп түсіп келе жатты. Ол күнде өстеді. Күн қызып,

-78-


шыбын шыққанша жайылады да, дәл осы уақытта суға келеді. Сөйтіп, арықтағы суға қанған соң, бақшаның түстігіндегі биікке шығып алып, кешке дейін басын төмен салып, ұйқылы-ояу мүлгіп тұрады.

Кер бие қазір де арықтағы суға бас қойды. Екі демалып жұтып, қарыны қабақтай болды. Енді күркенің көлеңкесіне келіп тұрды.

- Осы сен атқа міне аласың ба? — деді атай.

- Аздап міне аламын.

Аздап деген не ол? Казақтың баласы қаршадайынан аттың құлағында ойнауы керек. Сен болсаң, онға келдің. Сонда да ұялмай «аздап» дейсің. Бар, жүгір, кер бие кетіп калмай тұүрғанда ұсташы.

Мен күркеге қарай тұра жүгірдім, атай да орнынан ауыр тұрды.

Жүгіріп келе жатып та, биені жүгендеп тұрып та: «Апырау, бұл атай қайтпек?» деп ойлай бердім.

Менің таңданған кейпімді атай бірден аңғарды.

- Еріккен шал не істемек деп тұрсың ғой, мін кер биеге! Күнде мініп тұр, тақымың қатады. Айттым ғой жаңа, қазақтың баласы аттың құлағында ойнауы керек.

Атай мені кер биенің үстіне көтеріп мінгізді.

- Тізгінді тежеп ұстап, тақымыңды қысып отыр. Жай аяңдап барып сонау белден қайт. Қаласаң, шоқытып-шоқытып ал. Тақымың қатты болса, көңілің орнығып, өзіңнің де шапқың келеді. Ал жолың болсын!

- Шүу!

Кер бие құлағын қайшылап, сылаңдай басып келеді. Мен бұрын білмейтін бір мінезі — кер бие не болса соған жалт-жалт қарап, елеңдей береді екен. Сергек жылқы ғой.

Шіркін, ат үстінің өзінше бір желігі бар-ау!

Адамның кеудесі тасып, ән айтқысы, айқайлағысы келеді. Бойыңды белгісіз қуаныш кернеп, рақатқа бөленесің. Оның үстіне талай топты шулатып, бәйгеден келген кер биеге мініп бара жатқанда шалқымай, қашан шалқымақсың. Құйғытып-ақ кеткім келеді. Бірақ бұрын жайдақ атқа шауып көрмеп едім, содан жүрексінемін.

Кер бие оң жақтағы қапталға жалт қарады. Құйын келеді екен. Шаң-тозаң, шөп-шаламды көкке шаншылта үйіріп, қураған жапырақтарды сатырлатып, тура маған

-79-


қарай зулады. Мен қорғаншақтап, кер биенің басын тарта бердім. Құйынның алдын орап елпілдеп жүрген алғашқы жапырақтар келіп жетісімен, кер бие жалт беріп, атып кеп кетті. Мен жалп ете түстім.

Дүниені астан-кестен қылған құйын үстімді басып өте шықты. Құр кетпей, апам ақ жүннен басып берген қалпағымды ала кетіпті, анадай жерде жатыр.



«Құйынның ішіңде жын-шайтан болады» деуші еді апам. Сол есіме түсіп, қорқып кеттім. Бірақ енді қорқатын не қалды? Жын болсын, шайтан болсын, мені аттан жығып, мұратына жетіп тынды ғой. Атайдан ұят болды-ау!

Мен қорлана басып барып, калпағымды алдым да, үсті-басымды әбден қағып болып, қауындық жаққа қарадым. Атай кер биемен құйғытып келеді екен. Әне-міне дегенше маған жете беріп, кілт тоқтады да, сабырлы ғана:

- Тақымың қатпаған екен, балам, әлі. Кел бермен, -деді.

Атай мені артына отырғызып ала салды да, кер биенің басын қоя берді. Мен атайдың белінен мықтап қапсыра құшақтап алдым. Шапқан ат үсті жайлы болады екен. Көңілім орнына түсіп, қолымды босатыңқырап ұстадым.

Күрке жанына келіп тоқтағанда, атайдың белбеуінен бір-ақ қолыммен ұстап отырғанмын. Мұнымның бәрін атай қапы жібермей бақылап келеді екен.

- Міне, үйрендің. Еңді күнде мініп тұрасың, — деді. —Әрі-беріден соң сен бәйгеге шабатын боласың. Ол керекте. Жеңіс күнгі тойда сен шаппай, кім шабады мұнымен?

-Сіздің жеңісті көре алмай, биыл өлем дегеніңіз қайда?
Осы сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалдым. «Құртатын болды-ау, қап!».

Шаншар атай ашуланудың орнына қарқылдап кеп күлгені.

- Әй, баламысың деген-ай! Жеңіс қуанышы жалғыз маған ғана керек пе екен? Мен өлген екен деп, өмір тоқтап, тоқырап қалады деп пе едің? Өмір, ол - жөңкіп аққан қуатты, құдіретті өзен. Шаншарлар — ағыс арасында біраз болып келіп, жағаға толқын теуіп тастап кеткен жаңқа. Ол жаңқа да басыңда көктеп, көк тіреп өскен ағаш емеспе еді? Ендігі көк өскін — сендерсіңдер. Кер биені сен мініп, шауып бәйгеден келсең, мен көрде жатып бір аунап түспеймін бе? Соны біліп қой, балам!


-80-


Атай толқып сөйлеп тұр. Мені бұрын естімеген, сөйтсе де жақын, тек осы атай ғана айтуға тиісті сөздер баурап алып еді сонда. Әлі күнге мен бұл сөздерді өмірді, келешекті сүйген адамның сөзі ретінде жиі-жиі еске аламын. Бәрінде де мәз болып ақтарыла күлген Шаншар атай тұрады көз алдымда.


* * *

Атай айтқандай-ақ, қауын-қарбыз қазан болған күні маған ауыл балаларын түгел шақырттырып алды. Балалар келе атайға жамырай амандасты.

- Ассалаумағалейкум, ата!

- Ата, амансыз ба? Атай қатты разы болды.

- Қане, қолды әкеліңдер. Сәлемдесу серті — қол алысу. Құр «Ассалау» деген аз адамға. Ауыз айта береді, алақан антқа жүреді. Қол алысып амандасқанда ғана білемін мен сендердің қайсыңның қаңдай жігіт екендеріңді. Адамның көңіл күйі қолында тұрады.

- Әп, бәрекелді, әп, бәрекелді! — деп, бәрінің қолын алып жатыр.

- Ал отырыңдар. Қауын-қарбыз ғой — әуес ас. Оны бәрің де жақсы білесіңдер. Еңді сол қазан болып отыр. Қызығып жүрген сендер де, қызғыштай қорып жүрген мен де бүгін оны бітіреміз. Әйткенмен, сыпыра дейді емес пе мұны. Аралап көріңдер, тапқандарыңды алыңдар. Сендер тоятын қауын-қарбыз табылатынына мен кепіл.

Әп-сәтте-ақ, қауындықтың дала-даласы шықты.

Біз атай, Рахман үшеуіміз де масақ теріп алдық. Енді арада бір пәс өткенде бәріміз қауын-қарбыз арқалап ауылға келе жаттық.

Сонымен, сайдағы бақша қызығы көрген түстей болып өте шықты. Мен бір түрлі ауылға сыймай жүрмін, жатырқап қалған сияқтымын. Далаға кірсем, шықсам, жалтақтап біресе сайдағы бақша жаққа, біресе Шаншар атайдың үй жағына қарай беремін. Бірақ мен екеуіне де бара алмаймын. Сайдағы бақша қызығы қауын-қарбыз қазан болған күні масақпен бірге әр баланың иығында кеткен. Ал атай болса, енді менің теңім емес. Ол — бұрынғыша түрлі қалтарыс-құпиясы көп, бізге бала деп немқұрайды қарайтын көп үлкендердің бірі.

-81-

Өстіп дел-сал болып жүргенде Шәкір келді. Оқу басталатын күн жақын қалыпты, сөйтсем. Шәкірдің келуі, оқуға баратын күннің жақын қалу қуанышы Шаншар атайды ұмыттырып жіберіп еді.



Ертеңгі асты аузымызга апара бергенбіз. Менің алдымда бір кесе қаспақ, Шәкір сүт ішіп отыр. Шәкір қаспаққа жоламайды. Апамның «Үйленгенде тойыңда қар жауады» деген сөзінен бе, әлде менің оңайлықпен бермесімді біле ме, таласпайды, әйтеуір.

Есік жай сықыр етіп ашылып, Бибіайым кіріп келді. Мен аузыма қаспақ тола қасықты апарған күйі аңырайып отырдым да қалдым. Бибіайым мені мұңды көзімен бір сүзді. Жүрегім бір қауіпті сезгендей тыз ете түсті.

- Апа, Әлденді атам шақырып жатыр.

- Неменеге?

- Білмеймін. Өзі түнімен ауырып шықты. Жаңа қатты қысылып қалды. «Әлдеңді шақырып кел» деп мені жіберді.

Бибіайым маған тағы қарады. Көзі жасаурап тұр екен. Өңі қатты бұзылып кеткен. Маған тіл қатпайды. Анадағы өкпесі жібермей тұр, бірақ оның осы үнсіз қарасынан-ақ «Жүрсеңші, бол. Мен өкпемді қойдым» деп тұрғанын сездім.

- Бар, — деді апам. — Бар. Неге шақырды екен жәкем? Мен де барайын қазір.

Біз үйден шыға сала, жүгіре жөнелдік. Атайдың үйіне жақындай бергенде, Бибіайым кілт тоқтады.

- Алқынып барғанымыз болмас, — деді сонан соң.

- Расында.

Бибіайым маған қарады.

- Әлден, сен анадағыға өкпелеп қалған жоқсың ба?

- Жоқ.

- Өй, өтірікші. Өкпеледің ғой. Енді мойындамайсың.



- Рас.

- Көрдің бе? Шыныңды айтудың орнына тағы жасырасың.

- Көрдім. Сен де өкпелеп едің ғой.

- Рас, ей! Өкпемізді екеуіміз де жасырыппыз ғой.

- Білесің бе, қандай адам бір-бірінен өкпесін жасырады?

- Жоқ.


- Ендеше, айтайын ба?

-82-


- Айт.

- Бір-бірін жақсы көрген адам.

- Кетші өзің. Не, сонда сен мені жақсы көресің бе? Ал мен сені...

Мен Бибіайымға сөзінің аяғын айтқызбадым. Қайбір оңған сөз айтады дейсің ол.

- Жүр. Не болса соны айтқанша тезірек барайық.
Біз үйге жасқана басып ендік.
* * *
Атай жастығын биіктеп, кеудесін көтеріп, терезеден сыртқа қарап отыр екен. Аяқ жағында — Әлипа әжей. Алуа әпкем де келіпті. Ол тұрып отыруға шыдамаса керек, оң жақ босағада жантайып жатыр.

- Ассалаумағалейкум, ата!

Атай, ентігіп әзер сөйледі.

- Кел, Әлден, кел.

Мен состиып тұрып қалдым.

Атайдың жанары солып, көзі-басы кіртиіп қалыпты. Қозғалақтап ұмтылып барып, түрегеліп отырды.

- Әлден, кер биеге мін де, Төменгі мұрыннан басын қоя беріп, сонау жоғарғы Айдардың желкесіңдегі кезеңнен бір-ақ тарт. Мен көріп отырайын. Сені сол үшін шақырдым.

- Жарайды.

«Апырай, мұнысы несі екен?» Кер биеге мінген бойда да, Төменгі мұрынға кетіп бара жатып та, аттың басын кері бұрып тұрып та, осы ой көкейімнен кетпей қойды. Шабатын жолға қарап біраз тұрдым. Даңғыраған арба жол сайрап жатыр. Айдардың үйінің желкесіңдегі кезеңге дейін талай жер. Жүрегім алабұртады.

Қазір жолда ауыл иттері шәуілдеп қосылады.



Кер бие олардың бірі болмаса, бірінен үркіп, жалт беріп, тастап кетіп жүрсе, қайтпекпін? Қой, шаппай-ақ қояйын. Ауылға жай аяңдап қайтқым келіп бір тұрдым.

Өзге емес, Шаншар атай сұрап отыр ғой. Шапқым келіп бір тұрдым.

Атайдың әне бір күнгі сөзі құлағыма дың ете қалды.

«Міне, үйрендің, енді күнде мініп тұрасың. Әрі-беріден соң сен бәйгеге шабатын боласың. Ол керек те. Жеңіс күнгі тойда сен шаппай, кім шабады мұнымен!».


-83-


Бойым сергіп, көкейіме ерлік, өжеттік ұялады.

- Шүу, жануар!

Кер бие ата жөнелді. Әу дегенде құлағын жымырып, басын төмен салып алып, жер бауырлай жымып жөнеп еді. Мұнысы екпін алғаны екен. Енді кереметтей жайлы шабыспен жалы дүрдиіп, екі құлағы едірейіп зулап келеді. Суылдап жел еседі. Құлағымның түбі ызың-ызың етеді. Мен тізгінді тежеп ұстап, кер биенің жалына төніп отырдым. Жер дүние кейін қарай зымырай көшіп, қалып барады.

Ойлағанымдай-ақ ауыл иті түгел қосылды. Әншейінде жүйрік сияқты көрінетін иттер шәу-шәу етіп, шаң қауып қалып жатыр. Атайдың үйінің алдынан өте бере терезеге қарадым. Терезе Күн нұрына шағылысып ештеңе көрсетпеді. Тек қол бұлғап өте шықтым.

Мен аттың басын межелі кезеңнен бір-ақ тарттым. Артыма қарадым, атайдың үйінің терезесі көрініп тұр. Мұны менің бірінші рет байқауым еді. Бәсе, атай менің шапқанымды көріп отырайын деген екен ғой. Онда атай әбден көрсін.

Мен ауылға қарай желе шоқырақтатып жөнедім. Өзіміздің үйдің тұсына келе бергенде естідім, Шаншар атайдың үй жағынан шу шығып қалды. Мен таяп қалғанда, ол үйден апам шықты. Өңі бұзылып кетіпті.

- Балам, Айыр жәкем жүріп кетті.

Түсінбей қалдым.

- Қайда?

- Сен үйге кірмей-ақ қой. Атаң жан тапсырды.

Тағы түсінбедім.

- Кімге не тапсырды?

- Байғұс балам-ай, енді не десем екен? Өлді.

- Атам-ой, атам-ой!

Бұдан әрі не болғанымды білмеймін. Шапқан бетіммен келіп, аттан секіріп түсіп, бара Шаншар атайды бас салып жылаппын.

- Арманда кеткен атам-ау! Балаңның аман келгенін көре алмай кеттің-ау! Сені күтті деп айтам мен ол келгенде. Атам-ой, ата, — деп елдің сай-сүйегін сырқыратыппын. Үлкендер:

- Баланы әкетіңдер өліктен! — деп, мені үйден жетектеп шығарып жіберіпті.

-84-
Атайдың өлімі осылай күтпеген жерден оп-оңай болды. Көп қиналып жатпай, бір-ақ түн ауырып, ешкіммен көп тілге де келмей, апамша айтқанда «жүрді де кетті». Бар болғаны мен терезесінің түбінен өтіп бара жатып қол бұлғағанда, «Тәубе. Бар екен ғой!..» депті.


* * *

Ертеңіне атайды жерлеуге адам көп жиналды. Жотадағы жұмыс істеп жүрген шалдар, қыз-келіншек, ересек балалар — бәр-бәрі келді. Көрші «Қарауылтөбе» ұжымшарынан да жұрт топ-топ болып келіп жатты. Бәрі жылап келіп көрісіп, ауылды азан-қазан етті.

Есік алдында тізіліп отырған шалдар да, алақандай екі бөлмеге толып алған әйелдер де әлсін-әлі:

- Жарықтықтың мұнысы несі екен? — деп, атайдың кешегі өлердегі ісіне, айтқан сөзіне қайта-қайта таңдана берді. Әркім әрқалай жорып, әр түрлі саққа жүгіртті. Әншейінде небір жұмбақ сырды оп-оңай таба қоятын үлкендердің бұл күнгі болжамдарының бәрі де маған бекер болды да тұрды. Өйткені олардың ешқайсысы да мен ойлағаңды айтпаған еді. Ал мен болсам, атайдың көкейінде кеткен сөзін былай топшыладым: «Тәубе. Бар екен ғой. Біз өлгенмен, ат жалын тартып мінген жеткіншек қалып барады екен артымызда. Солар біздің аруағымызды ешкімге таптатпас, біз жетпегенге жетер. Лайым солай болсын. Әумин».

Атайдың айтып үлгере алмай кеткен сөзінің осы екеніне мен әлі күнге сенемін.

- Атай, мен де сіз сияқты шал боламын! — деп едім сол күні мен. Шал болу бізге әлі алда ғой. Дегенмен, менің сол айтқаным айтқан. Шаншар атай сияқты қарт болу алдағы арманым ол менің.


* * *

Сонау ұзап кеткен соғыс жылдары аядай ғана Кербұлақ аулында өткен менің балалық шағымның кішкентай ғана бір үзігін осымен аяқтасам да болар еді. Бірақ барлық оқушының көңілінде бір-ақ сұрақ шешімін таппай дүдәмал болып бара жатқан сияқты. Ол — атайдың өзімен бірге ішінде кеткен армандары. Оған «Эпилог» деп айдар тағып созбалап жатпай-ақ, төтесінен бір-ақ қайырайын.


-85-


Атайдың басты арманы - Жеңістің болғаны айдан анық. Адамды сенім алдамайды екен, жауды жеңіп оралғандар ішінде атайдың ұлы Базар да болды. Бірақ мен оған әкесінің ішінде кеткен өксік арманын ол кезде батып барып айта алмап едім. Тек ауыл сыртындағы жұпар иісті жел ескен Бозтөбенің басына шығып алып, төменгі молаларға қарап тұрып:

- Балаң келді, ата! Ол сатқын емес екен! — деп, сан рет айқайлап айтқан болатынмын.

Базар ағай бұл повесті оқыр да, білер өзі-ақ.

...Енді бәрі түсінікті шығар.


-86-


«САҒЫНДЫМ СЕНІ, ІНІМ»
немесе жас жауынгер Болаттың інісі

Бекенге жазган хаттары
БІРІНШІ ХАТ
Бекен, сен хат жазған сайын солдат өмірі туралы сұраудан бір жалықпайсың, бәрін білгің келеді. Міне, солдат болғалы бергі үш ай ішіндегі сұрақтарыңды тізіп көрсе, бір жалпы дәптер жетпес, тегі. Атамның, әжемнің, көкем мен апамның жанында жылы үйде теледидар көріп отырып алып, сұрақты шұбырта беру саған, әрине оңай. Ал маған оларыңның бәрі тұрмақ, біреуіне жауап жазу қиын.

Солдатта уақыт жоқ. Міне, мен қазір қарауыл үйінде отырмын. Қарауыл дегенге, сөз жоқ, сенің көз алдыңа көп болса, ауылдағы Күлжаханның дүкенінің алдындағы жарық түбіне келіп жайғасатын Жарқынбек шал келер. Жоқ, олай емес. Қарауыл - бес қаруын асынған солдаттар тобы. Олар кезек-кезек тұрып күтетін жерді пост дейді. Сол поста тұрған солдат - сақшы. Былайша айтқанда, Қарауыл тобындағы кез келген солдат постқа тұрды болды сақшыға айналады. Ал сақшы - қарауыл бастығы оның орынбасары және ауыстыратын адамнан басқа ешкімнің сөзі өтпейтін, қолы жетпейтін адам. Ол өзіне тапсырылған посты күзету және қорғау жөнінде жауынгерлік тапсырма орындайды. Сақшы қару-жарағын тіптен өзі бағынатын адамға да бермейді, ол қашан өзін алмастырғанша посты тастай алмайды, мейлі өміріне қауіп төнсін, қызметін аяғына дейін атқаруға тиіс. Ол поста


-87-

тұрғанда ұйықтамауы, отырмауы, бірдеңеге сүйенбеуі, жазбауы, оқымауы, сөйлеспеуі, сусын ішпеуі, шылым шекпеуі, дәрет сындырмауы, басқа адамнан ештеңені алмауы, бермеуі, жағдай қыспаса, автоматын оқтамауы керек.

Көріп отырсың ба, сақшы болу — қиынның қиыны. Мұның бәрін талапқа сай атқару үшін ол постқа тынығып алып, тыңайып баруы керек. Міне, дәл сондықтан қарауылдағы солдат әр постқа үш-үштен бөлінеді. Сөйтіп, бір тәулік ішінде кезектесіп екі сағаттан поста тұрады, яғни сақшы болады. Постан келіп екі сағат қарауыл үйінде сергек жүреді, сосын екі сағат жатып ұйықтау, әрі қарай қайта поста тұру. Бұл тәртіпті ешкім де өзгерте алмайды. Өйткені бұл — адам мүмкіндігі әбден есептеліп тізілген, өмірде өзін жеткілікті дәлелдеген тәртіп.

Қазір мен сергек отыратын кезек. Екі сағат бос уақыт бар. Біраз жазып көрейін. Сенің әуеніңе төңкерілетін уақыт қайда?

Осылай деп әңгімені шорт үзсем ғой, әлбетте, ренжисің. Ал сен білсең, солдатқа туған-туысқандар да, жора-жолдастар да қандай ыстық десеңізші, шіркін! Солдаттың тұла бойы — тұнған сағыныш.

Қалай бір соқталы сөз айтып тастадым-ау деймін өзім. Сен бұған күлме, бәрі рас. Әлі күнге анау айтқандай бір ұзап шығып көрмеген ауылмен қайта қауышатын күнді екі жыл бойы күтіп жүру, әй, шыдамға сын шығар. Соны ойласам, ішім әлем-жәлем болады. Мен атамды, әжемді, көкемді, апамды, сені де кереметтей жақсы көреді екенмін. Талай рет шекісіп қалып, таяқ жеуші едің. Өзің ғой енді бүлдіретін.

Қарашада маған әскерге шақыру қағазы келіп, үйдің іші абыр-сабыр болып жатса, сен:

- Ой, сонша әбігер болғандарың, бір шәлтиген солдат болуға жарайды бұл, — деп қойып келіп қалдың.

Өзің айта қойшы енді, шәлтигенің нең? Мұның аты — мазақтау, әрине. Келеке етіп тұрған адам інің болса, енді өзің білесің ғой, ыржалаңдаған бетінен сүйкетіп жіберген артықтық етпейді. Ал қазір бір көрсем, сонда рас екені де, өтірік екені де белгісіз бақырып қалып, жас ағып жүріп берген дөңгелек бетіңді, кертпіш мұрныңды, ақша маң-

- 88-

дайынды қайта-қайта сүйер едім. Қалқан құлағыңды да ұмытпаймын, әрине. Оны да сүйсем бе екен, жоқ, бұрасам... Ойбай-ау, не деп барам... Бекен, тіптен төбеме ойнақташы, мыңқ етер ме екенмін.

Сені айтамын, өзіміздің күрең бие мен қоңыр сиырды да, қара қой мен жағал ешкіні де, екеуіміз ортаға алып отырып сабақ жасайтын дөңгелек үстелді де сағындым. Бәрің де аяулысың, бәрі де ыстық! Аңсарым ауады да тұрады. Бірақ көңіл қаншама алып-ұшпасын, сабасына тез түседі, екі жыл қызмет ету керек.



Әскер қатарында қызмет ету — әрбір азаматтың құрметті міндеті. Бұл — айдай анық шындық. Сен бұл ұлы ұғымды білуге тиіссің. Сенің жасыңда біз талай нәрсені білетінбіз. Білмесең, біліп қой, әскер қатарында қызмет ету — Отан қорғауға даярлану деген сөз. Өзің айтшы, адамда Отанымды қорғаудан асқан борыш болушы ма еді, жоқ, болмайды. Солдат болу — сол даярлықтың басталуы.

Әскер әркім ойына келгенін істейтін жер емес. Солдаттың таңғы сағат алтыда тұрғаннан түнгі онда жатқанға дейінгі барша тірлігі сағаты, минутына дейін қатаң тәртіппен түзілген. Сол бойынша жүріп-тұрамыз, оқимыз, жаттығамыз — өмір сүреміз. Оның бәрін тізіп жазып жату саған да, маған да қызық бола қоймас. Жеке-жеке сұрағыңа да жауап бұл. Бар болғаны солдат өмірін, осында көрген-білген, ойға түйген жайларды әлім келгенінше жазып көрермін. Осыдан сансыз сұрақтарыңа жауап алып қаларсың. Күні бұрын ескертіп қояйын, не жазсам да разы боласың. Ештеңені ежіктеп сұрамайсың. Біліп қой, солдатта — менде сенің әуеніңе төңкерілетін жағдай жоқ. Ең бастысы, солдат не болса, соны соға беретін ашық ауыз емес, ол әскери қүұпияны қатаң сақтауға тиісті. Ал көп сөйлеген адам бір нәрсені бүлдіріп алмай тұрмайды. Қаншама сенің туған ағаң болғаныммен де, мен — солдатпын. Солдат жақынына, жақсы көретін адамына өзінің барлық сырын айтар, әскери құпияны аша алмайды. Әскери құпияны сақтау — әскери антқа адал болудың басты белгілерінің бірі.

Шыңдығына келсек, мен саған хатты қысқа ғана жазсам да жетіп жатыр емес пе. Оған жан қинаудың қажеті жоқ. Бұрынғы-соңғы талай солдаттың хатын оқып көргенмін ғой. Соларша жазсам, хатым былай болар еді:

-89-


«Солдаттық сәлем!

Аса жаннан артық көруші, алтыннан ардақты, күмістен салмақты, асықтың құлжасы, үйдің мұржасы — інім Бекен, денсаулықтың арқасында ойнап-күліп (оны сен қатырасың ғой), оқуыңды оқып, шапқылап жүріп жатқан шығарсың.

Атамның, әжемнің, көкемнің, апамның денсаулықтары жақсы ма? Бәрі аман-есен жүр ме?

Ал, Бекен, оқуың қалай? Мектеп бітіруіңе төрт жыл қалды ғой, ол түк емес, тез өтеді. Жақсы оқы. Орташа оқығанның қаңдай болатынын көрдің ғой, міне, жүрміз өстіп, солдат болып. Жақсы оқысаң, мен құсап «құламайсың», бірден түсіп кетесің институтқа. Осы айтқан тілімді ал. Шіркін, адам өмірінің «әттеген-ай!» деген үзігін қайта жалғар болса, онда бар ма, онда мен түк те ойланбастан мектеп партасына отырар едім де, кітаптан бас алмай жабысып оқыр ем. Оқудың түбін түсірер едім. Ондай күн қайда бірақ? Есесіне сен қатыр енді. Бір үйден біреу оқымысты болса, аз ба? Ендігі үміт сенде, інім.

Сен солдат туралы көп сұрап басымды қатыра берме. Саған құлаш-құлаш хат жазып жататын уақыт жоқ. Бәрін барған соң айтамын.

Осымен хатымды аяқтаймын. Айтпақшы, бізді сұраған жанның бәріне сәлем де.

Сау болыңдар!

Сәлеммен, Болат».

Міне, менің хатым осы болуға керек. Сенің дәметіп жүргенің бұл емес, әрине. Солдат өмірінің барша қыры мен сырын білгің келеді. Кейін өзің көретін жайды қазірден біле берсем дейсің. Әй, қу-ай, мейлі, енді әскерде ағаң болған соң сөйтесің де. Менің жазғандарымды достарыңа айтып мақтанбақсың ғой. Жарайды.

Мен де сен сияқты едім. Солдат болып қайтқан талай ағайдың аузын бағып, сілекейім шұбырған. Емініп отырып естіген сол әңгімелер кереметтей қызық еді-ау! Біздің аузымыздан суымыз ағып отырғанын байқап қалған қу жігіттер әңгімесін әдейі үзіп, діңке құртатын. Бәрібір ол тоқтау болмайтын, әңгімені үзілген жерінен әрі қарай іліп әкетіп, қиялға ерік беретінмін. Көңіл қандай жүйрік, демнің арасында ұшқыш та, парашютист те, матрос та, танкист те болатынмын, шпиондарды аңдып, шекарада


-90-


да тұратынмын. Осының басын бір-бір шалып келіп, мерген болуға тоқтайтынмын.

«Неге?» дейсің ғой. Оның жауабын ендіп хаттан күт. Әне, жатуға шақырып жатыр. Кеттім демалуға.

Сау бол! Ағаң Болат.
ЕКІНШІ ХАТ
Мен неге мерген болғым келеді?
Бекен, өткен хатта осы сұраққа келіп тіреліп едік қой. Оның себебі тереңде жатыр. Мен білсем, сенің де мерген болғың келеді. Мейлі, ол жағын өзіңе қалдырып, өз жайыма көшейін.

Сен білесіңбе, қайдам, біздің ауылда балаларды әскерге шығарып салуға арналған жиын жылына екі рет өтеді. Медениет үйіне жұрт балаларды әскер қатарында қызмет етуге шақыратын уақытта - көктемде бір, күзде бір жиналады.

Мұндай жиынға бұрын бірнеше рет қатысқаным бар. Ұжымшардың бастықтары, ақсақалдар, мұғалімдер, әскерге баратындар сөйлеп, соңынан концерт, би болады.

Бізге керегі, әрине, соңғы жағы. Жиналыс, сөз ертерек бітсе екен деп тьшыршып отыратынбыз. Сөйтсем, нағыз қызық сол сөзде жатыр екен.

Мәдениет үйіне бізді шығарып салуға ауылдың кәрі-жасы лық толды. Неге екенін, сен жоқсың бірақ. Біз әскерге шақырылған алты бала алдыңғы қатарда отырмыз. Талай өтіп жүрген жиын ғой, соның бірі де. Жарайды, бізге арналған жиын-ақ делік, онда тұрған не бар?

Ауылдық кеңестің хатшысы Ханшайым апай алып-ұшып жетті жанымызға:

- Балалар-ау, бұларың нелерің, мұнда отырғандарың? Жүріңдер анда, президиумға шығыңдар!

Алтауымыз да орындарымыздан атып-атып тұрдық. Не әрі не бері жүрерімізді білмей, иіріліп қалдық. Жұрт шапалақты ұрып келіп жіберді. Сол сәт ауылдық кеңестің төрағасы Елубай ағай, ұжымшар төрағасы Кемел ағай, бірнеше ақсақал және бір әскери адам сахнаға шыға келді.

-91-

Бәрі үстелге жайғаса берген, состиып-состиып тұрған бізді көрді де Елубай ағай ілгері ұмтыла беріп:



- Балалар, келіңдер бері, президиумға шығыңдар! Бүгінгі құрмет — сендерге. Қане, қане, былай төрлетіңдер! — деп оң қолымен жол нұсқады.

Бұрын кім көрген, президиумға шығу қиынның қиыны екен, алтауымыз да өрт боп жанып кеттік.

Біз жайғасып болдық па, болмадық па, Елубай ағай саңқылдап сөйлей жөнелді.

- Құрметті жиналған көпшілік қауым! Бүгін біз бір аса елеулі оқиғаға байланысты бас қосып отырмыз. Осы қазір ғана өздеріңіздің көздеріңізше қошаметтеп президиумға шақырып отырғызған ауылымыздың алты баласы азаматтық сапарға аттанады. Әскерге барады, жолдастар. Біз бүгін оларға әкелік, ағалық ақылымызды айтып, мына отырған ақсақалдар ақ батасын беріп, шығарып салуымыз керек. Тапсырмамызды, яғни аманатымызды берейік. Бұларды бәрің де білесіңдер.

Сонда да таныстырып қояйын. Мұным дұрыс шығар, ә? Ендеше, оң жақтан бастайын. Анау шеткі Теріскейдегі Шәріп шопанның баласы Әлтай. Нағашыларына тартқан ба, қайдам, нәзіктеу сияқты. Ештеңе етпейді, екі жылдан кейін келгенде сені танымай қаламыз әлі-ақ. Екі иығыңа екі кісі мінгендей жігіт болып ораласың. Одан кейінгі — Балғабай ұстаның баласы Болат. Айтпақшы, бұл — атасының баласы екен ғой. Смағұл ақсақал, кешіріңіз. Міне, өзі де сізге тартқан етжеңді жігіт. Көресіз, иә, көресіңдер, зыптай болып оралады әскерден.

Елубай ағай өстіп бәрімізді бір-бір сипаттап алып, «тапсырмаларын, яғни аманаттарын» беруге көшті.

- Ал, балалар, бәріңе бір-ақ аманат — Отанның адал ұлы болыңдар! Тапсырма — «Кербұлақтың» азаматы деген атқа кір келтірмеңдер. Адам қайда жүрсе де, еңбегімен елеулі, қызметімен қадірлі. Жан-тәндеріңді салып, қызмет етіңдер! Жақсы солдат болыңдар! Осы айтқандарымды екі елі естеріңнен шығармаңдар!

Елубай ағайдың сөзі қандай ғажап еді, жүйке-жүйкем босап, құйқам шымырлады.

- Ал, қанеки, араларыңызда бұл балаларға игі тілек білдірем дейтіндеріңіз бар ма? Бар болса, мұнда, трибунаға шығыңыздар. Ау, ақсақалдар, сіздер бірдеңе деңіздер,

-92-


жол болсын айтыңыздар, ақ баталарыңызды беріңіздер. Смағұл ақсақал, сіз бастасаңыз, қайтеді?

Атам мұндайды күтпепті, қалбалақтап трибунаның қайда екенін, қалай қарап жүрерін білмей сасып қалды. Жұрт күліп жатыр. Атам кілт тоқтап, орнына кайтадан отыра кетті:

- Смеке, оныңыз не қайта отырғаныңыз, бері келіңіз.
Атам орнынан қайта түрегелді. Орындықтың жақтауынан екі қолымен мықтап ұстап, нықтап-нықтап тұр.

- Елубай, соныңды қойшы. Ол тірбүнең бастықтарға болмаса, бізге жараспас. Шалдарға осы жер де жетеді. Жол болсын айтсақ болыпты да.

- Әй, балалар, сендер өзі қолпаштауды жақсы көретін қусыңдар-ау деймін. Қара, бүкіл ел жиналыпты, мұрындарың кеткен таңырайып. Осыларың дұрыс.

Елубай, бұларға енді мен де сен құсап тапсырмамды берейін. Менің тапсырмам: бәрің де сынайпыр болыңдар! Неге дейсіңдер ғой. Күлесіңдер, ә. Көрсетейін мен сендерге күлкінің әкесін. Міне!.. Күліңдер ал!..

Атамның оң құлағы шұнақ екенін екеуіміз жақсы білеміз ғой. Атам соны көрсетпей милығына бастыра киіп жүретін тақиясын жұлып алды. Құлағының орны тып-типыл, жалтырап тұр. Жүрегім атқақтап аузыма тығылды. Ұят-ай! Атам шұнақ құлағын неге көрсетті?

Мәз болып күліп отырған ел сілтідей тынды.

- Ал, айтыңдаршы, мына құлақ қайда? Жоқ. Немістің сынайпыры қағып түскен. Осы шұнақ құлақпен-ақ пәшестерді індерінің түбіне тығып қайтқан бұл Смағүл. Осыдан ең болмаса, біреуің сынайпыр болып шықсаңдар, жарар едіңдер. Балдар, жоқ, жігіттер, сынайпыр болыңдар. Жігітте өткір көз, қарулы қол, жасқанбайтын жүрек болсын. Мұндай жігіт, сөз жоқ, сынайпыр болады. Біздің сынайпырлар жаудың құлағын емес, басын жұлып түсетін. Өзіміздің осы жамбылдық сынайпыр жігіт Ыбырайым Сүлейменов үш жүздей немісті жер жастандырды. Көріп отырсыңдар ма, сонда сынайпырдың бір өзі үш жүз адамға татиды деген осы.

Балам Болат, сен ұқтың ба, сынайпыр бол! Мына менің «шұнақ Смағұл» атанып жүргенім — сол пәшес сынайпырының кесірі. Ал құлақ деген адамға өте қажет.

Айналайын атам-ай, шұнақ құлағыңызды намыс қылып

-93-


жан адамға көрсетпеуші едіңіз, жаныңыз қысылып кетті-ау! Кейімеңіз, мен мерген боламын.

Жаңа ғана күліп отырған ел жым болды. Алдыңғы қатарда отырған бір жас бала орнында ма екен дегендей, екі қолымен екі құлағын бір-бір стап қойды.

Сол сәт Әлтайдың нағашы атасы — Ыстыбай ақсақал сөйлей түрегелді.

- Смағұл дұрыс айтады. Мына менің «Кем иек Ыстыбай» атанғаным да сынайпырдың кесірі. Міне, мына «Қызыл Жұлдызды» кеудеме маршал Жуковтың өзі қадаған. Қас қарайып, қараңғы түсе бастаған кез. Траншейде жатқанбыз. Қасында бір топ нөкері бар Жуков сау етіп келе қалғаны. Орнымыздан ұшып-ұшып тұрдық. «Осторожно, сынайпер» деді Жуков. Басымызды бұға-бұға қалдық. Содан бір күн бұрын қиян-кескі ұрыста көрсеткен ерлігімізді елеп, Жуков бәрімізге орден, медаль үлестіре бастады. Шіркін, Жуков нағыз жомарт адам еді ғой, аямай, қарық қылды. Маған мына «Қызыл Жұлдыз» тиді. Осыны кеудеме қадап тұрып маршал: «Жарайсың, қазағым! Өстіп соғыса бер, әлі-ақ «Алтын Жұлдыз» да аласың. Қане, енді шылым тұтатыңыз, жолдас Өмірбаев!» — деп зажигалкесін жарқ дегізгені. Қолбасшының өзі өстіп кішірейіп тұрғанда, жазған құлда жан бар ма, сақтықты ұмытып, орнымнан серең етіп тұрып, шылымымды тұтатпақ болып еңкейе бергенім сол еді, жағым сақ ете қалды. Немістің сұр мергені іліп түскен екен. Абырой болғанда, оқ маршалдың қолына тимей, менің иегіме тигенін айтсаңшы! Жуковқа бүкіл ел қарап отыр, ал мен не, бар болғаны гөспителге бір жатып шықтым да соғысқа қайта кіріп кеттім. Әй, өзім де өлерменмін-ау, иектің бодауын аз қайтарған жоқ бұл аталарың. Менің де тілегім, жоқ аманатым — сынайпыр болыңдар! Әй, Әлтай, басқа болмаса да, сен бол.

- Ата, айтып тұрғаныңыз Жуковтың өзі емес, адъютанты шығар, — деп алдан бір бала қадала кетті.

Ыстыбай атай шоршып түсті:

-Тәйт, әрі! Осы заманның баласы не боп барады, түге? Қара сенбеуін! Жуковты танымай не бопты маған? Әлде Жуков соғысқан жоқ деп пе едің? Қалай соғысқан, әкесін танытқан. Немене, кино көрмейсіңдер ме өзі? «Москва үшін шайқаста» Жуков барлық қаруды елемей, жанына


94

солдаттың бас қаруы автоматты алдырып қоймады ма? Ө-ей, Жуков мергеннің мергені, солдаттан өскен адам. Әскерде солдаттан асқан адам жоқ. Ол кісі мұны білетін, солдаттармен қойындасып жата беретін жарықтық... Ал мен болдым. Енді өздерің сөйлеңдер.

Біздің ішіміздегі пысығымыз Әлтай болып шықты. «Қайсың сөйлейсің?» деген заматта «Мен» деп трибунаға барып қаздиып тұра қалды.



- Құрметті жолдастар! — Әлтайдың мұнысы кәдімгідей-ақ еді, әрі қарай болмады. — Сендердің, жоқ сіздердің бәрімізді, ж-жо, бізді сыйлап, түу, құрметтеп келіп-келіп, қалай енді, жәй, отырғандарыңызға мың, одан да көп, мейлі миллион дейінші, рақмет! Біз, біз енді мергеннің көкесі боламыз. Міне, былай көздеп... — Әлтай екі қолымен мылтық ұстаған адамша тұра қалып, көздеген болды. — Көзде-еп тұрып періп кеп қалғанда, жаудың құлағын қағып түсеміз, аузын апандай етеміз. Жаудың ең жанды жері — қақ жүрегіне тигіземіз. Біз — солдатпыз.

-Әй, мынау бір болайын деп тұрған бала екен, - деді атам.

- Дұр-рыс, — деді Әлтайдың нағашы атасы. Әлтай енді еркінсіп кетті:

- Жолдастар, жау қайда, көрсетіңдерші, көкесін көзіне көрсетейік. Мына біз тұрғанда қорықпаңдар. Тып-тыныш жата беріңдер ауылда.

Жұрт қыран күлкі болды.

Әлтай не айтарын білмей, қызарақтап қалды:

- Енді не айтам? Осы ғой... Тағы бірдеңе дейін бе?.. Онда мен өзі танк... Әй, қойшы соны, мерген дедім ғой, мерген...

Ыстыбай атай Әлтайдың бүлдіріп бара жатқанын намыс қылды:

- Әй, Әлтай, қой енді, басқа балалар сөйлесін.

- Жарайды, мен қойдым, ата. Онда мына Болат сөйлесінші, көрейік не айтатынын?!

Жұрттың бәрі маған қарады. Әлтай мәз, ыржаландап келіп орнына отырды. Сөйлеу қайда, орнымнан біреу зорлап көтеріп тұрғызбаса, қимылдап не болыпты маған? Төмен қарап, мөлиіп қаттым да қалдым.

- Жарайды, ешкімді қышамайық. Енді мен бір-екі ауыз сөз айтайын.


-95-

Айналайын Кемел ағай өстіп орнынан тұрмағанда, менің күнім не болатыны белгісіз де. Кемел ағай трибунаға барып тұрды.

- Жолдастар, кішкене тынышталыңыздар! Жаңағы сөйлеген жолдастардың барлығы дұрыс айтып жатыр. Айналайын алты бала, азаматтар, сендерді бүгін біз құрметтеп, әскер қатарында қызмет етуге шығарып салу үшін жиналып отырмыз. Біздің даңқты Қарулы күштеріміздің қатарында солдаттан бастап маршалға дейін қызмет етеді. Олардың бәрі өзін бір-ақ ауыз сөзбен «солдатпын» дейді. Өйткені солдат — ұлы ұғым, жолдастар. Бәріміз де солдатпыз. Тыныштық болсын! Егер ел басына күн тусыншы, онда осы отырған бәріміз қолымызға қару алып, солдат сапына тұрып, Отан қорғау жорығына шығамыз.

Бейбітшілік кезде де солдат керек елге. Олар біздің тыныштығымызды, алаңсыз еңбек етіп, оқу оқуымызды күзетеді. Сол солдат — осы балалар. Менің алдымда сөйлеген жолдастардың сөздеріне толығымен қосыламын. Отанға адал қызмет етіңдер, жігіттер! Бізді де ұмытпаңдар. Қызметтерің бітісімен ауылға оралыңдар. Сеңдерді мына жиналған ел-жұрттарың, ұжымшардың егін далалары мен мал фермалары асыға күтеді. Келіп еңбек етіп, осы ауылды өсіретін, гүлдендіретін сендерсіңдер. Ауылға асықтырып жүрсін деп ұжымшар басқармасының ұйғарымымен бәріңе бір-бір қол сағат сыйлауға рұқсат етіңдер! Қане, Әлтай, сөзің жақсы екен, сен келші алдымен.

Бәрі жақсы еді, Кемел ағайдың соңғы сөзі қытығыма тиді. Сылдыр Әлтай бәрімізден артық болғаны ма сонда? Кемел ағай бұл қатесін тез түзеді, қолымызға сағат тағып тұрып, бәрімізге бір-бір ауыз жылы сөз айтты. Кезек маған келді.

- Қолың қатты екен, жақсы солдат боласың. Ауылдың абыройын көтеріп қайт!

- Жақсы солдат болу үшін не істеу қерек, ағай? Айтыңызшы, мен бәріне әзірмін!



- Міне, жігіт! Оны командирлерің айтады. Командирдің бір айтқанын екі етпесең, нағыз солдат боласың.

- Сөйтемін, ағай!

- Сөйт. Сөйтіңдер, қарақтарым!

Жиналыс осымен бітті. Кезек ойын-сауыққа берілді. Бірақ ол маған бұрынғыдай әсер еткен жоқ. Қайта-қайта

-96-

жаңағы жиналыс есіме түсе берді. Мұндай құрметті бұрын кім көрген. Жиналыста сөйлегендердің бәрінің айтқаны дұрыс. Атамдар соғыста жау оғынан көп қорлық көрген. Оларға салса, біз әскерде мергендікті үйренсек, жетіп жатыр. Бастық ағайлар көпті біледі. Отан солдаты бол, кейін ауылға келіп, еңбек ет дейді. Біз сендердің айтқандарыңның бәрін орындаймыз. Солдат боламыз. Әрбір оғын көзге атқан мерген болмаған соң оның несі солдат? Менің мерген болғым келетіні, міне, сондықтан ғой.



Еңді білдің бе, Бекем? Білсең бұл хат осымен тәмам. Ал ағаң аман.

Сәлеммен, Болат.

ҮШІНШІ ХАТ
Неткен ыстық едің сен, туған жер!

Солдат болу қоштасудан бастала ма? Жоқ...
Бізді шығарып салған сәтті ұмытпаған боларсың, Бекен, сен. Ұжымшар кеңсесінің алдында көлденеңдеп тұрған көкала автобус көзден кетпес.

Алғаш біз үй ішімізбен келгенде ешкім жоқ еді, демнің арасында жұрт жиналып қалыпты. Бәрі - солдатқа баратын алтауымыздың туған-туысқандарымыз.

Менімен қоштасуды үлкендік жолымен атам бастады:

- Кел, батыр, бетті әкел. Кешегі айтқаным айтқан: мерген бол! Ал енді сен солдатсың!

Мен солдатпын.

- Әмісе жолың бола берсін, күнім! - деп күбірлеп бетімнен сүйді әжем.

Мен солдатпын.

- Балам, жылы киініп жүр. Баспаң шығып қалмасын, абайла. Мойныңнан бөкебайыңды тастама. Жүн нәскиіңді кезек-кезек ауыстырып киіп жүр, — деп апам дамылсыз сөйлеп жатыр.

Мен солдатпын.

- Аман барып, сау қайт, - деп қуана жымиды көкем.


Мен солдатпын.

- Келгенде маған бес жұлдыз, белдік әкеліп бер! -дедің сен қолтығыма тығылып.




-97-

Мен солдатпын.



Сендер өстіп сыртта қала бердіңдер. Біз автобусқа отырдық. Автобус от алып қозғалды. Сендер әр нәрсені жамырай айтып, шулап тұрсыңдар. Біз ауылды, бәріңді қимай жалтақ-жалтақ қарап отырмыз. Бойымыз да, ойымыз да өскен, туған жер, неткен ыстық едің сен! Әне, біздің үй тұр аппақ болып, «Табалдырығымнан бір атташы күлімдеп» дейтін сияқты. Міне, Көкарық көшесі жатыр көсіліп. «Бойыммен бір жүріп өтші жайраңдап» дейтін сияқты. Әріде Шу өзені барады жөңкіле ағып, «Жарымнан бір секірші тереңіме шаншылып кеп» дейтін сияқты. Бәрі бізге ілескісі келеді. Қайда, мекендерін қиюшы ма еді, біртіндеп қалып барады.

Автобус екпін алып, біз оза бердік. Біз енді солдатпыз. Бізді енді тоқтататын күш жоқ. Тіптен, сол дұрыс. Қайтқың келсе, қайта ғой десе де, қайтпас едім.

Бұл — мені қорлау болар еді. Қатардан қалу - өлім, көппен көрген — ұлы той. Сірә, мерт болары анық ақтық айқасқа кірейін деп тұрған жауынгерге: «Сен осында қала ғой, басқалар-ақ барсын» десе көнбес. Намыс буар, ары жібермес. Мен де солаймын, солдат болам.

Солдат болу — менің арманым! Айта берсең, сөзсіз қажет. Неге десең, сен білесің, менің сол аяғым оң аяғымнан сәл-пәл қысқа, оның үстіне ептеп қисықтау. Сен кішкентай кезде аттан жығылғанмын, содан аяғым қара санымнан шорт сынып, осылай болып біткен. Менің аяғымның бұл ақауы сырт көзге байқалмас, ал ауыл адамдары жақсы біледі. Бірақ мен ешқандай кемдік көріп жатпаған соң, ешкім көп елең қылмайды.

Биыл көктемде біздің көшеден бір топ баланы аудандық әскери комиссариат шақырғанын білесің ғой. Сол кезде менің аяғымның кемдігі гу етіп еске алынды.

- Ой, бұл Болат ақсақ. Мұны қайтсін әскерге алып?

- Бұған рақат! Біз әскерде жер тепкілеп жүргенде, бұл ауылда әке-шешесінің қасында жүреді, — десті балалар.

Әлтай қу шойнаңдап, менің жүгірісімді салып, мазақтап мәз болды. Балалар қыран күлкіге батты.

Мен ызадан жарылып кете жаздадым. Бірақ Әлтайға қой дей алмадым, айтып тұрғаны рас - аяғым кем екені кем. Оңаша болса, әрине, Әлтай бұлай еркінсімес еді.

-98-


Балалар бар жерде ол — батыр. Әбден мазақтады. Ойнағанды көтере алмай, төбелес ашты деген аттан қашып, мен шарасыз тұра бердім.

«Әлтай, әлі көрерміз кімнің қандай солдат болғанын?!» Өстіп іштей кіжінгеннен басқа амал жоқ енді менде.

Сол сәттен бастап мен әскери комиссариат, шынымен, жаратпай қояр ма екен деп шыбын жаным шығып жүрдім. Жаратпаса, нағыз масқара болғаным, жаратса, нақақтан-нақақ мазақтағанның қаңдай болатынын көресің әлі-ақ, Әлтай. Сыптай түзу солдат болам мен.

Әскери комиссариатқа барғанымда аяғым жөнінде ләм-мим дегенім жоқ. Комиссия ерекше назар аударатын өкпем таза, үсті-басымда қылпықтай да жара жоқ, әскерге жарадым да шыға келдім.

Сен сондағы менің қуанғанымды көрсең етті. Сол аяқтың аз-маз қысқалығы, сәл-пәл қисықтығы не қылар дейсің? Рас, жүгіргенде Әлтай мазақтағандай шойнаңдап кетпегеніммен, кемдігім ептеп байқалатыны бар. Қалай жүгірсем, олай жүгірейін, онда тұрған не бар? Солдатқа керегі жылдамдық болса, ол менде жеткілікті. Мұның бәрі, әрине, менің өз көңілім.

Облыстық әскери комиссариаттың комиссиясы өте қатал деседі. Адамның төрт мүшесін, ішкі сарайын түгел саралап қарайды екен. Содан өткен бала, міне, нағыз солдат сол. Көңіліміз тағы өрекпи бастады.

- Бұл — соңғы сүзгі. Осыдан өтсек, бітті, жолдарың болсын!

- Ауданнан кейін тағы да тексерудің не қажеті бар екен?

- Керек. Солдат болу оңай деп пе едің?

- Солдатқа ең керегі — денсаулық. Қалғанын сержанттар-ақ қатырады.

- Сержантты айтасың, алғаш барған жастарға ефрейтор да қожа.

- Кезек күткен жігіттер өстіп әр нені бір айтып, тыпыршып тұрмыз. Былтыр мектепті менімен бірге бітірген Берікбай іштен көзі жасаурап шықты. Жігіттер түсіне қойды, көңілді әңгіме шорт үзілді.

- Мені жаратпады. Еңді қайттім!

Берікбай шарасыз кейіппен маған қарады. Менен не көмек болсын, демімді ішке тартып тұрмын. Не айтпақ-


-99-


пын? Жігіттер Берікбайды ортаға алып, сұрақты жаудыртып жатыр:

- Қой, әншейін шығар?



- Рас.

- Не дейді сонда?

- Өкпеңде қара дақ бар. Осыңда ауруханаға жатасың, тексерілесің, — дейді.

- Бәсе. Тексеріп көреді де, түк пәлең жоқ деп жібереді әскерге.

- Кейін жібергенін қайтем, қазір жіберсін..

- Қайтесің енді, басқа амал жоқ, көнесің.

- Көнбегенде, қайда барам, көрем де.

- Мұны көресің, жібермесе, қаласың. Ал ұжымшар берген сағатты қайтесің?

Апырау, мына Әлтай қандай жосықсыз? Біреу қатарынан қалып жер болып, ауру тауып азып тұрса, бұл қуланады. Мұны не деп болады? Басқалар да осылай ойлаған болуы керек, бәріміз Әлтайға жирене қарап қалыппыз.

Берікбай шарт кетті:

- Сондағы қимайтының мынау ма, қазір онда, — Берікбай қолындағы сағатты шешіп алып, Әлтайға ұсынды. — Мә. Сен — солдатсың. Бұл саған лайық. Сағат менің қай теңім?..

- Әй, мынау қайтеді, ей? Ойнап айтам.

- Жоқ, шындап айтасың. Сендер әскерге барасыңдар, бақыттысыңдар. Ал мен...

Берікбай сағатты Әлтайдың жанқалтасына сүңгітіп жіберді де, тез-тез басып сыртқа беттеді. Жігіттер Әлтайды ал кеп қоңашта:

- Сен не, сонша ойының тасып? Жігіттер, келіңдер, көрсетейік бұған ойынды.

- Не істейміз сонда? Басынан мәтек аламыз ба?

- Мәтек аз бұған.

- Сонда не істейміз?

- Жығып салып, тепкілеу керек.

- Әй-әй, абайлаңдар! Отан солдатын сабамақ түгілі, басынан сипай алмайсыңдар.

Солдатқа командирден басқаның айтқаны — пішту. Қане, ұрып көрші біреуің, гаупвахтаға апарып қамасын.

- Ол не пәле?

- Түрме. Солдаттың түрмесі.

- 100-


- Ой, құрысын онда?

Әлтайды қорқытамыз деп, өзіміздің үрейіміз ұшты. Бұл Әлтайға дауа жоқ екен. Біздің кәдімгідей сескеніп қалғанымызды да пайдалана қойды:

- Әй, ақсақ, сен қалай жарадың, ей? Мә, сағатты апарып бер. Мырзасын жаманның. Қайдағы, ет қызумен берерін беріп алып, енді іші ұлып тұрған шығар далада. Апар, апар!

Әлтайдың тілін алдым ба, жоқ, Берікбайды аядым ба, білмеймін, әйтеуір, сағатты ала салып, далаға атқып шықтым.

Шынында, Берікбай не қыларын білмей, әрі-сәрі болып тұр екен.

- Берікбай, сен қызықсың. Кімге өкпелейсің? Бізге ме?

- Жоқ.

- Әлтайға ма?



- Соны қойшы.

- Онда, мә сағатың. Ал! Несіне асығасың, барарсың әскерге.

- Барам ғой. Сеңдерден қалғым келмей тұрғаны.

- Ой, соны да сөз деп. Жүр, жігіттерге!

Берікбай қимай қиналып тұрған жігіттер үшін жер түбіне бармай ма, үнсіз ілесті.

Солдат болғанша талай қызықты көреді екенбіз әлі-ақ. Менің ойыма кенеттен келген бұл тұжырымның кереметтей растығына кейін талай рет көзім жетті. Оның әрқайсысы бір-бір әңгіме. Әлі-ақ соның бәрін жазам. Тек асықпа.

Бәрін бірден жазып тастайтын уақыт солдатта қайдан болсын? Әр хаттың арасында біраз мерзім өтер. Бекен, сен оған ренжіме, асықпа. Ау, айтпақшы, сол уақыттың өткені керек әуелім.

Менің жазатындарым - өз басымнан кешкен оқиғалар, солдатта көргендерім, ойға түйгендерім. Әлбетте, мен оларды кеше-бүгін, бағана, қазір деп жатпаспын, дегенмен уақыт сыйлаған өмір үзіктерін тастамауға тырысармын.

Солай. Осымен бір доғара тұрайын. Жақсы.

Ағаң Болат.




- 101-

ТӨРТІНШІ ХАТ


Мұны «жолда» деген де жөн шығар
Бекен, солдат туралы жазбас бұрын оған жеткенше көргендерімді, яғни жол қызығын жазу қажет сияқты. Ақыры менікі жазу, сенікі оқу екен ғой, мұны да бір көрейік. Бұл жазу дегенің бір пәле, тегі, бір нәрсені жөндеп жазайын десең, екіншісі көлденеңдеп көкейіңді тесіп, қаламыңның ұшына оралады. Мен қайбір мұндайды жазып көрген адам дейсің, дегенмен, ең бастысы, ұстаған бағыттан таймай тарта берген шығар. Азар болса, ұнамас. Онда жыртып таста. Ұнаса, тоқта-тоқташы, ұнасын-ұнамасын, сақтап қой. Мен кейін ауылға барған соң оқып көремін. Саған керегі болмаса, өзім алам. Мүмкін, бір кәдеге жарап қалар. Жазушы дегендер сөйтеді екен ғой, жазғанын жерде қалдырмайды дейді. Көрген-білгенін тізіп жазып, кітап қылып шығарады екен. Кім біледі, мен де сөйтермін. Несі бар, солдат бәрін істей білуі керек. Ал, шынымды айтсам, жазушы болу — менің арманым.

Мейлі, енді бұл әңгімені қоя тұрайын әзірге. Алдымен солдат болып алайыншы.

Өткен хатта қай жерге келіп тоқтап едік өзі? Ә-ә, түсті еске.

Иә, сонымен комиссия атаулының бәрі бітіп, жүрек әбден орнықты-ау. Енді біздің денсаулығымызды ешкім тыңдап-сығалап тексермейді, жағдайымызды сұрап әурелемейді. Енді біз ешкімге қарайлай алмаймыз, жол шақырады, баратын жер күтеді.

Жүрегіміз алып-ұшып асығамыз: ертерек солдат болсақ екен. Ұшағы қайда, ұшсақ, машинасы, пойызы қайда, мінсек деп ентелейміз. Мейлі «кукурузникке» мінгізсін, мейлі «товарный» пойызға, жүк тиейтін қызыл вагонға мінгізсін, әйтеуір, алып жүрсе екен. Ой, шіркін-ай, солдат болып, мұздай қару асынып алып, суретке түсіп, көрген-білгеніңді айтып хат жазып, үйге салып жіберген адамнан бақытты кім бар екен бұл дүниеде?!

Біз асыққанмен, әскери адамдар асықпайды екен. Бір жылға татитын бір күн бойы әскери комиссариат ауласынан шығармай ұстап барып, кешке қарай вокзалға автобуспен алып келді де, пойызға отырғызды.

- 102-

Кәдімгі жолаушылар пойызына міндік. Иә, бізде қазір солдатты қызыл вагонға мінгізбейді. Бұрын сөйтетін.

Ақын Қасым Аманжолов соғысқа сондай вагонмен аттанған.

«Оралым, менің Оралым,



Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын».

Аяулы ақын жастық шағы өткен жермен осылай қимай қоштасқан. Мінген көліктері қызыл вагондар екен. Өстіп қызыл вагондар тарихтың бір белгісі боп есте қалған, ақын жырынан орын алған.

Пойызға Шоқпардан Шуға дейін талай мініп едік қой. Көргенбіз, вагонда әркім өз тірлігімен кетіп бара жатады. «Жол қысқарсын» дегендер шахмат, дойбы ойнайды, екеу-ара-үшеуара әңгіме-дүкен құрады. Вагон іші тып-тыныш, жинақы болып тұрар еді.

Ал біздің вагон гулеп келеді. Вагондағының бәрі — бір тілектің адамымыз. Беріміз бір-бірімізден айнымаймыз — түп-түгел тақыр баспыз. Сол тақыр бастың бәрінің іші — аяулы, асқақ сезім: өткенді қимастық, алғы күнге асығу. Бәріміз қайда барып, қайда тоқтарымызды білмейміз, тек солдат болатынымыз анық, бірге қызмет ететін боламыз. Ендеше несіне жатырқаймыз? Біз бір купеге мінген төрт бала әй-шай жоқ танысуды бастадық. Турасын айтқанда біз емес, Әлтай бастады.

- Жігіттер, келіңдер, танысайық, дос болайық. Біреу-міреу тиіссе, дос болған жақсы.

- Солдатқа кім тиеді? - деді сұңғақ бойлы, мығым қара бала.

- Соны айтам, — деді тапалдау бадырақ көз сары.
Менің Әлтайға ашуым келді. Аузына келгенді айтамын деп қараптан-қарап пұшайман болып тұр.

- Мейлі, жігіттер, сонда да танысқанымыз жақсы.

- Бұл — басқа сөз. Менің атым — Өмірзақ.

- Танысу керек. Мен — Әкіммін.

- Менің атым — Болат. Ал мынау - Әлтай.

Қол алысып жөн сұрастық. Өмірзақ пен Әкім көрші «Көкқайнар» кеңшарынан екен, біз болса да — «Кербұлақтанбыз». Бітті, біз таныс болып шыға келдік.

Байқап қалдым, басқа купедегі балалар да жапатармағай танысып жатты.

- 103-


Әлтай жаңағы ыңғайсыз сөз айтып, ұятқа қалғанын демнің арасында ұмытып, бүкіл пойызды аралауға кірісті. Әр кеткен сайын жаңа бір хабар алып келеді. Мұндай қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң жігітті кім көрген, лыпып тұр.

Қай жаққа бара жатырмыз? Қандай бөлімшеде қызмет ететін боламыз? Шіркін-ай, шекарашы болар ма еді? Әй, қайдам, жаяу әскерге апарып қойып қалатын шығар? Осы тәрізді сұрақ бәріміздің көкейімізде тұнып тұр, бірақ асыққанда не, бәрі рет-ретімен бола жатар. Әлтай тағат қылмады, осы сұрақтардың, бәріне жауап іздеп шарқ ұрды. Біреу ананы, біреу мынаны айтады. Әлтай дереу бізге жеткізеді. Ешқандай нәтижесі жоқ бос сөзді тыңдай-тыңдай мезі болдық. Содан Әлтайды күлкі ете бастадық:

- Әлтай, сен әлі аз білесің, пойыздың бастығына бару керек.

- Жоқ, алда үшінші вагонда штаб орналасқан, соған бар.

- Майор жолдас, сізге қатардағы жауынгер Әлтай, жоқ фамилияң қалай еді?

- Ыстыбаев. Қатардағы солдат Әлтай Ыстыбаев келіп тұр деуі керек мұның.

- Қой, бұған ондай ақыл бермеңдер. Шын көріп қалып жүрер.

- Иә, шын көрем, барам, — Әлтай орнынан атып тұрды. — Барса, несі бар екен? Көріңдер де тұрыңдар, бәрін біліп келем.

Енді біз жік-жапар болдық:

- Әлтай, сен қой мұныңды, ұят болады, — деді Өмірзақ.

Жалғыз саған емес, осы купедегінің бәріне ұят, — деді Әкім.

- Комаңдир ашуланып, бір пәлеге қалып жүрерміз, — дедім мен.

Әлтай өршіп кетті:

- Ә-ә, қорқасыңдар, ә, қорқыңдар. Пәле маған емес, мені айдап салған сендерге болады. Сендер жіберді деймін мен командирге.

Өмірзақ шарт кетті.

- Мынау бір жұқсыз ғой өзі. Бар, бар, маңдайыңнан сипар жаман қатты.

Әлтайға біздің де ашуымыз келді:


- 104-


- Сені кім зорлап отыр бар деп. Отыр.

- Шынында, қойғын. Қоймайсың ба, онда өкпелеме.

- Сонда не демексіңдер? Маған керегі балтай-шалтай емес, қайда барамыз, соны білу. Гуд бай, жол беріңдер, кеттім мен штабқа.

Апырау, мына Әлтай барып тұрған жүрек жұтқанның өзі екен. Шынымен, біздің аузымызды аңқайтып тастап, вагоннан шығып кете барды. Мұндай көзсіз ерді кім көрген? Мені біреу жетелеп, біреу айдаса да, бармас едім сол штабқа.

Әлтайдың барғаны барған-ау, бірақ тез оралды. Жаңағы лепірген көңіл жоқ, жүні жығылып қалыпты, бізге қарағысы келмейді.

- Не болды, Әлтай? — дедім мен.

- Болмай қалыпты ғой, — деді Әкім.

- Жоқ, әбден болған екен, — деді Өмірзақ.

- Иә, әбден болды.

Әкім екеуіміздің үніміз жарыса шықты:

- Не болды?

- Ол — әскери құпия.

-Онысы несі тағы? — дедім мен түгіне түсінбей.

- Онысы — тұмсықты қайда болса, сонда тыға бермеу керек.

Демнің арасыңда Әлтайдың ақылы кіріп қалғанын қара!

- Міне, мұның дұрыс. Әйтпесе бұл ел өріп кетер, — деді Әкім.

- Түбі адам боласың, Әлтай, — деді Өмірзақ.

- Мен не, сонда қазір адам емес пе екенмін?

- Адамсың, бірақ солдат емессің.

- Қалайша?

- Солайша. Солдат тұмсығын қайда болса, сонда тыға бермейді. Ол — әскери құпияның не екенін білетін, соны сақтайтын адам.

- Сен оны қайдан білесің?

- Білем де. Кітап оқу, кино көру керек.

- Кітап, кино. Сен, мүмкін, мұғалім шығарсың, тегі? Мен — Әлтаймын, солдат өмірін өзім көремін.

Қайран, Әлтай-ай, қарашы, қалай қайырады, сөзге дес бермейтіннің нағыз өзісің-ау бір. Және де тауып сойлейсің.

Рас, әскер әркім ойына келгенін істейтін жер емес. Мұнда барлық адам бір-ақ тәртіпке бағынуға міндетті. Ал


- 105-


әскери құпияны сақтау — сол міндеттердің ең бастыларының бірі. Солдат — біздің Отанды қорғауға қажетті кішкентай тетіктен бастап, ең озық күрделі техникаларға дейін меңгеретін адам. Біздің жауларымызды қызықтырмайтын нәрсе жоқ. Олардың қызықтаушылығы, әрине, жәй білу емес, қастандық әрекеттеріне жаратуға тырысу. Ашық ауыз солдат — оларға оңай олжа. Солдат екенсің, аузыңа абай, жоқ, берік бол!

Біз осылай бір дүркіреп барып, басылып, онымыздың өзі осындай ойға жетелеп, тынши бергенімізде, купемізге бір сержант келе қалды. Шетке отыра бере:

- Ал, балалар, қане, мұнда кімдер орналасты? — деп қолындағы тізімге тесілді.

Біз аты-жөнімізді атадық.

Байқаймын, іштеріндегі пысықтарың Ыстыбаев екен. Оны сендерге бастық етіп тағайындаймын. Бұдан былайғы жерде осы не айтса, соны орындайсыңдар.

Әлтайдың екі танауы едірейіп шыға келді.

- Сонда мен командирмін ғой, а, сержант жолдас?

- Иә, бастықсың.



- Онда бітті, мен қатырам бұларды, қыбыр еткізбеймін. Сіз қам жемеңіз. Мен тұрғанда бәрі жақсы болады.

- Мен сізге сенем, Ыстыбаев жолдас.

- Сержант жолдас, сіз неге мені командир жолдас демей, Ыстыбаев жолдас дейсіз?

- Олай деуге әлі ерте.

- Онда қатардағы жауынгер Ыстыбаев жолдас деңіз.

- Оған да ерте.

- Сонда қалай, біздің кім болғанымыз енді?

- Сендер ме, сендер жаңадан шақырылғансыңдар.

- Сонда не, біз әлі солдат емеспіз бе?

- Солдат емессіңдер.



- Неге?

- Сендер әлі әскери ант қабылдаған жоқсыңдар. Ант қабылдамаған адам солдат та, командир де бола алмайды.

- Ой, онда болмаған екен.

- Ештеңе етпейді, Ыстыбаев жолдас. Баса бер, бұл купеде сен бастықсың, шартты түрде комаңдир десе де болады.



Сержант орнынан тұра берген, Әлтай жымың ете қалды. Білем ғой, ол енді бір қулық айтады.

- 106-


- Сержант жолдас, сіз маған автомат беріңіз. Сөйтіп, бүкіл вагонды сеніп тапсырыңыз. Содан соң көріңіз де тұрыңыз, вагондағыларды қыбыр еткізбеймін.

- Ойбай, мынау құртады, - деді Өмірзақ.

- Мүмкін, саған зеңбірек керек шығар, - деді Әкім.
Қайтатын Әлтай ма, одан сайын өршелене түсті:

- Несі бар, керек. Сендерді аман-есен алып жүру оңай деп пе едің? Кай-да-а-а! Өңшең сары ауыз балапан.

- Өйдө-ө-өйт, міне, үлкен адам! Жігіттер, бағынайық мына Әлтайға, жым болыңдар!

- Иә, сөйтейік, әйтпесе ракета сұрап жүрер бұл тағы.


Бәріміз күлкінің тиегін ағыттық.

- Балалар, тұра тұрыңдар, күлмеңдер. Ыстыбаев жолдас дұрыс айтады. Бұл өзі бір әскер өмірінен хабары мол бала сияқты. Қарашы, біліп тұр, автомат - солдаттың бас қаруы. Соны ұстаған күннен бастап солдатсыңдар, сендер. Ал ол жауынгерлік ант қабылдамай тұрып ешкімге де берілмейді. Сендер енді Ыстыбаев жолдасты автоматсыз да тыңдауға тиіссіңдер. Бұл - үлкендерің.

Сержант Николаев сөйлей бастағаннан-ақ, езуіміз жиылған, демнің арасында сылқидық та қалдық. Мәссаған керек болса! Адамға бақыт қонайын десе, оңай екен ғой. Әлтай өстіп, демнің арасыңда бәрімізден үлкен, бастық болып шыға келді.

Әлтай сержант Николаевтың алды-артын орап, келесі купеге шығарып салып кетті. Міне, жандайшап дейтін шіркіндер қайдан пайда болады!

Әлтай бара, көршілерге команда берді:

- Балалар, тұрыңдар! Комаңдир келе жатыр!

Купе апыр-топыр болды. Жайбарақат отырған жігіттер өре түрегелді.

Елді дүрліктіргендеріне Әлтай емес, сержант ұялды:

- Отырыңдар, отырыңдар, балалар! Ыстыбаев жолдас, пойызда мұның қажеті жоқ. Жалпы, сен өз купеңе бара қойшы.

- Құп болады, командир жолдас.

Бұл Әлтай, тегі, әскер заңын түгел біліп алған! Өстіп таңданбасқа амал жоқ.

Әлтай келе өткір көзімен купені жоғары-төмен бір шолып шықты. Сөйтті де, даусын нықтап, команда берді:

- Әй, салагалар, менің бұйрығымды тыңдаңдар! Купе

- 107-


іші ыбырсып кетіпті. Басы артықтың бәрін тығыңдар, көзіме көрсетпеңдер. Адамға кеңістік, ауа керек. Ал, қане, іске кірісіңдер жаңдарыңның барында!

Біз бір-бірімізге қарадық. Бәріміздің де жүзімізде «Мынау қайтеді, ей?!» деген таңданыс бар еді.

- Әлтеке, енді кішкене қоя тұрсаңызшы. Жол алыс, қазірден бәрін жинап қойсақ, кейін не істейміз? Рақым етіңіз! Біз сіздің бағыныштыларыңызбыз ғой, аяңыз.

Өмірзақ қалжыңбас бала екен, қатырды-ау. Оны біліп жатқан Әлтай жоқ, кәдімгідей ісіп-кеуіп барады.

- Сен өйтіп, мұны әлдеқандай қылма. Табыла қалуын командирдің! Керек пе, өзің жина. Жинамайсың ба, шагом марш!

Әкім бірбеткей бала екен, өстіп қасқиып тұр. Әлтай не қыларын білмей сасып қалды. Мен не дейін енді? Әлтай мінезінен тапты.

- Әкім, сен өйтіп тулама. Жаңа айтты ғой сержант, Әлтай командир, айтқанын орындау керек.

Өмірзақ түсінікті жігіт болып шықты. Әлтай есін енді жиды:

- Сенің фамилияң қалай еді өзі. І-і, Айбеков. Иә, Айбеков жолдас, айтқанды істейсің. Өйтпейді екенсің, онда өкпелеме, сержантқа барып айтамын.

- Тапқан екенсің қорқақты.

- Онда мен кеттім.

Әлтай шынымен құлдыраңдап тартып берді.

- Әй-әй, Әлтай командир. Бір жолға ашуыңды бер маған. Әкім бе, оны өзіміз-ақ бағындырып береміз саған. Әкім, сен сөзді қой, командирдің бұйрығын орында. Келіңдер, бәріміз орындаймыз. — Иә, бұйрық, менің... Жо-жоқ, әскери бұйрық. Орында! Орындаңдар!

- Сенікі емес, «әскери бұйрық» дегін. Ендеше, ол бұйрықты орындауға алдымен өзің кірісесің.



- Неге?

- Комаңдир әр кез алда болуы керек.

Әкім тауып айтты.

- Иә, айтпақшы, сонысы бар екен ғой. Ал онда кірістік.

Енді ешкімге де қасарысудың қажеті жоқ еді. Дереу ың-жыңсыз бейберекет жатқан киім-кешегіміздің, оны-пұнымыздың ілетінін іліп, тығытынын тағып едік, купе іші кәдімгідей саңғырап шыға келді.

- 108-


Әлтай командир бұған дереу разылық білдірді:

- Жарайсыңдар, жігіттер! Солдат деген, міне, осындай болуы керек қой. Бәріңе алғыс жариялаймын!

Біз күліп жібердік. Әкім де жаңағы тызақтағанын ұмытып, Әлтайға разы болып таңданды.

- Әлтай, сен мұның бәрін қайдан біліп жүрсің? Аумаған командирсің.

- Теледидарды көбірек көру керек.

- Көргенде қандай, бір кісідей-ақ көрдім, бірақ менен командир шықпас.

- Кім білсін, шығып қалар.

- Жоқ, шықпайды. Мен білсем, командир болып туу керек.

- Ой, қой!

- Рас, қарашы, сен әлі солдат та емессің, ал бірақ командирсің.

Бұл Әкімнің шын көңілі ме, жоқ, кекеткені ме? Бір жақсы жері — Әлтай шын көңілі деп ұқты.

- Балалар солдаттың қарны әр кез тоқ болуы керек. Ал сендер — ашсыңдар.

- Оны қайдан білдің?

- Қарны аш адам тырысқақ. Мәселен, мына Әкім сияқты.

- Дұрыс айтасың, Білесің, білесің біраз нәрсені.

- Онда төгіңдер жолға алып шыққандарыңды үстел үстіне. Әжелерің, шешелерің салған жылы-жұмсақтан әкеліңдер.

Шынында, мына Әлтай пәле екен, біраз емес, бәрін біледі. Сөмкеде әжем бір, апам бір тықпалаған дәмді тағам аз емес еді. Басқа балаларда да, Әлтайдың өзіңде де жеткілікті екен, купенің кішкентай үстелі тамақтың алуан түрінен көрінбей кетті.

Сөйтіп, біз шүйіркелесіп, асқа отырдық. Үстелді жинар кезде Әлтай қайтадан командир болып шыға келді.

- Тоқтаңдар! Мен кезекші тағайындауым керек екен ғой. Кімді тағайындасам, сол бір тәулік бойы осы купедегі барлық жұмысты атқарады. Үстелді, купе ішін жинау, тәртіп сақтау соның мойнына жүктеледі. Қане, кім кезекші болады, қолдарыңды көтеріңдер.

Кезекшісі өзіне, оған кім құштар болсын, ешқайсымыз қолымызды көтерген жоқпыз. Қайтатын Әлтай ма, аяқ астынан тауып кетті:

- 109-


- Сөйттіңдер ғой, онда алфавит бойынша боласыңдар. Айбеков, Ибрагимов, Смағұлов. Бітті, Әкім бүгін сен - кезекшісің, ертең — Өмірзақ, бүрсігүні — Болат.

Әкім Әлтайға тағы қадалды:

- Ал өзің ше? Сен қашан боласың?

- Мен — командирмін. Болмаймын. Маған сендерді пойызда аман-есен алып жүру де аз жұмыс болмас.

- Сонда қалай, біз өзіміз жүре алмаймыз ба пойызда?

- Жүре аласыңдар ма, жоқ па, маған оның қажеті шамалы. Менің білетінім: әскери бөлімшеге жеткенше не айтам, соны орындайсыңдар.

- Қарай көр, ей, демнің арасында қожайын бола қалуын!

- Енді қалай деп ең? Қысқарт сөзді! Бағынбайсың ба, онда басқа купеге ауыс.

- Керек болса, өзің ауыс.

- Е, е, онда айтқанды орында.

Екеуінікі енді босқа салғыласу болып бара жатыр. Өмірзақ әділін айтты:

- Әкім, сержант Николаев жаңа Әлтайды командир қойып кетті ме, қойып кетті. Енді одан айрылып, Әлтайға не көрініпті?

- Сонда да, енді...

- Ешқандай енді жоқ. Әлтай — командир. Оның айтқаны — бәрімізге заң.

- Әлбетте. Әй, Өмірзақ, сен бір жібі түзу жігіт екенсің. Өстіп түсіндіріп қойшы білмейтіндерге.

Әлтай жеңді.

- Мейлі, онда қойдым.
Әкім кезекші болды.

Купедегі командирлігі де бір айналайын екен ғой, Әлтай әрі-беріден соң бүкіл вагон ішіндегілерді қыбырлатпауға айналды. Әрлі-берлі жүріп-тұруымыз, пойыз тоқтағанда сыртқа шығу-шықпауымыз - бәр-бәрін Әлтай өз қолына алды. Бір ғажабы, кәдімгі бір бұрыннан командир болып келе жатқандай, ұрсудың, зекудің де түр-түрін біледі:

- Көп қыбырлап-жыбырлай бермей, отырыңдар! Пойыз тоқтаған сайын түскенді қысқартындар! Бір жерде қалып қойып, сендер үшін жауап беріп жүрер жайым жоқ.

- 110-


Біз бұған біраз бұрқылдаған боламыз, бірақ командир айтқан соң қиын екен, көнеміз.

Әлтай шынымен пысық болып шықты. Сержант Николаевтың төбесі көрінді болды, ентелеп алдынан шығады. Бар пейілімен купеде бәрі орны-орнында екенін, біздің аман-есендігімізді сартылдатып айтып-ақ жатқаны.

- Жарайсың. Сен түбінде сержант боласың, — дейді Николаев.

- Отанға адал қызмет етемін!

Апыр-ау, бұл Әлтайға дауа жоқ екен. Қалай ғана тез үйреніп алған мұның бәрін?!

Әлтай бізді өстіп, жол бойы таңдандырумен болды. Бір қылығынан келесісі, бір сөзінен екінші сөзі өтеді, күлкіден езу жия алмай келеміз.

Бекен, бұл хатым ұзақ болып кеткен жоқ па өзі? Қайтем енді, бір әңгімені бастаған соң аяқтау керек. Ең дұрысы, аз-көп демей, өстіп жылжыта беру болар. Сөйтем, бауырым. Сен мықтап зейін қойып оқығанды, мен жақсылап жазғанды білейік. Мен не жазуды білем: бәрі бастан кешкен жай. Тек жақсылап хатқа түсіру керек. Тырысып-ақ жатырмын. Қалай болып шығатынын көреміз де енді.

Әзірше сау бол.

Ағаң Болат.

БЕСІНШІ ХАТ


Алғашқы әсерлер, тіптен ефрейтор Хамидовпен

таныстық десе де болады
Пойыз біз қызмет ететін әскери бөлімше орналасқан қалаға түнгі сағат екіде жетті. Сержант Николаев бәрімізді сапқа түрғызып, жеке-жеке фамилиямызды атап түгелдеді.

- Абрамов.

- Мен.


- Айбеков.

- Мен.

- Ибрагимов.

- Мен.

- Смағұлов.


- 111-


- Мен.

Сержант осылай дауыстап, біз жауап беріп отырып, тізімнің аяғы көрініп қалған.

- Янбулатов.

- Мен.

- Балалар, қай бөлімшеге?

Мына асығыс дауыс Янбулатовтың жауабымен бірге шықты. Біз сапта тұрып ешкімнің рұқсатсыз сөйлемейтінін біліп қалғанбыз, оның үстіне баратын бөлімше туралы түк түсінігіміз де жоқ қой, үндемедік.

Неге екенін, сержант Николаев бірден жауап бергісі келмеді, жан-жағына асыға көз салды. Әрине, күтіп алатын адамды іздеп жүр.

Дауыс иесі жұқа, бидай өңді, қоңқақ мұрын, біз қатарлы жігіт екен, сержант Николаевқа қадала кетті:

- Сержант жолдас, сіз маған жауап беріңіз, қай бөлімшеге бастап келесіз мыналарды?

- Сізге оның қажеті қанша?

- Қажет болған соң сұрайды да адам. Айтыңыз, мүмкін менің іздегенім сіздер боларсыздар.

- Солай ма? Біз қырық бір жүз жиырма алты әскери бөлімшесіне бара жатырмыз.

- Бірден айту керек еді. Көрдіңіз бе, сіздер бізге екенсіздер. Ал, қане, түгелсіңдер ме? Түгел болсаңыздар, жүріңіздер. Әй, көктүйнектер, оңға! Басыңдар аяқты! Мен кімге айтып тұрмын?

Мына бейтаныс жігіттің тым еркінсіп, баса-көктеп бара жатқанын сержант Николаев жақтырмай қалды:

- Сіз кімсіз өзі? Алдымен танысып алғанымыз жөн болар, ефрейтор жолдас!

- Ефрейтор Хамидов. Мен сіздерді күтіп алуға келдім.

- Сержант Николаев. Міне, енді бәрі түсінікті болды. Ал, қырандар, қозғалдық!

Біз әскери бөлімшеге жаяу тарттық. Ефрейтор Хамидов сержант Николаевтан қай жерде қызмет ететінін, бізді қай қаладан бастап алып келе жатқанын тәптіштеп сұрап келеді.

Қала шырт ұйқыда. Көше біткен самсаған электр жарығы. Шіркін-ай, осылардың, ең болмаса, он шақтысын біздің көшеге орнатар ма еді. Тойлыбайдың үйінің тұсындағы жалғыз жарық бір көшеге қайдан жетсін. Бірақ ауыл адамдарына бәрібір, олар өз көшелерінің ой шұңқы-


-112-

рын айтасың, көлденең жатқан қурайына дейін жақсы біледі. Шырттай қараңғы түнде аяғының астына қарамай-ақ, үйреншікті жерді табанымен, бүкіл болмысымен сезініп, тарта береді. Дегенмен, жарық керек.

Бір көшенің адамы екінші көшеге барғандай болса, тапырақтап-ақ қалады. Әсіресе қарттарға қиын. Сен білесің, жоқ, ұмытып калдың ба? Онда есіңе салайын. Биыл көктемде біздің атамыз бен Әлтайдың ағасы көрші көшедегі Сәуенің үйінде кешкі асқа қарап, біраз отырып қалыпты. Содан екеуі тысқа шықса, дала тастай қараңғы екен. Екі шал бірін-бірі жетелеп, еңбектегендей болып қорлық көреді. Біраздан соң екі қарт бірі ойға, бірі қырға тартып, келісе алмай қалады. Аманбайдың үйінің тұсына келгенде екеуі тоқтап, алдарын жақсылап бағдарлап алмақ болады. Сөйтсе, жол аппақ болып сайрап жатыр дейді.

- Смағұл, мынау аппақ болып жатқан жол емей не, жүр бері, — деп Ыстыбай атай аяғын аттай бере, көше табанындағы шалшық суға күмп береді.

- Қане, — деп ілгері басқан атам да Ыстыбайдың кебін киеді.

Екі қарт үсті-басы малмандай болады. Атам үйге кейіп келді:

- Бұл ел қызық өзі, жарықты бәрі үйіне кіргізіп алып отырады өстіп тізіліп. Үйге жарық не керек, жарық далаға керек. Бір күні біреу шұқырға түсіп өлер. Сонда орнатар бұл бастық далаға жарықты.

Шынында, осы біздің ұжымшардың көшелерінде неге жарық жоқ? Маған салса, көшедегі әр бағананың басына бір шам ілер едім. Ал қарты бар үйдің айналасын жарқыратып қою керек.

Көше жарық болса, күнің де, түнің де бір ме деймін. Біз жап-жарық көшеде шұбырып келеміз. Біраз жүрген соң шаршады ма, қайдам Өмірзақ:

- Ефрейтор жолдас, әскери бөлімше әлі алыс па? Алыс болса, неге машина әкелмегенсіз? — деді.

Сол сол-ақ екен, ефрейтор шап ете түсті:

- Дәмесін қарай көр, ей, мынаның. Таксиге мінгің келетін шығар, мүмкін? Жоқ, олардың бәрі қалды арттарыңда. Оларды енді екі жылдан кейін көресіңдер. Мен сендерді жақсылап тұрып қуамын әлі: машина іздемейтін боласыңдар сонда. Мүлдем ұмытасыңдар.


- 113-


- Мә-ә, екінші Әлтай шықты ғой алдымыздан, — деді Өмірзақ. — Әлтай, бұған не дейсің өзің? Бұл мүмкін, сенің көкең шығар? — деді Әкім. Вагондағы пысықтықтан түк жоқ, Әлтай:

- Қойыңдар. Сұры жаман екен, құртады, — деп күңкілдеді.

- Әй, не деп міңгірлеп келе жатырсыңдар? Батыр болсаңдар, естіртіп айтыңдар. Әйтпесе көресіңдер!

Сөзі неткен ірі еді мына ефрейтордың! Әскери өмірдің қатал болатынын кім білмейді? Ол жөнінде вагонда да аз айтылған жоқ. Бірақ ол сөздердің біреуі де біздің ұнжырғамызды түсіре алған емес. Қайта алдағы бұрын көрмеген құпиясы мол өмірге бар пейілімізбен құлай қызығып, көңіліміз алып-ұшып, тез жетуге асыққанбыз. Міне, еңді Хамидов сол әдемі сезімімізді өткір қамшымен осып-осып өткендей болды. Тілімнің ұшына мына бір сөздер орала берді:

- Әскер — адам тек қана қаталдығын көрсететін жер емес шығар.

Жігіттер күліп жіберді.

Ефрейтор шамданып қалды.

- Солай ма? Көктүйнектер ө дегенде осындай асау болады, сосын барып жуасиды. Сен де сөйтесің. Жуасытам. Осыдан көр де тұр.

- Сіз мені қорқытпаңыз. Біліп қойыңыз, мен қорқақ емеспін.

- Білем, әскерге келгеннің бәрі алғаш сен құсап батырсынып қоқыраңдайды, сосын барып адам болады.

- Сонда қалай, адам болу — қорқақ болу ма?

- Мұнда адам болу — бағыну. Қорықпаған солдат бағынбайды.

- Солдат саналы түрде бағынуы керек.

- Сана, — Хамидов қарқылдап күлді, — сержант жолдас, сіз кімдерді әкелгенсіз? Мыналарыңыз мұрнына ештеңенің иісі бармайтын біреулер ғой. Әй, қайдам, оңайлықпен бұлардан солдат шыға қоймас, -шашымды ағартар.

- Ефрейтор, жетер. Сіз өзі...

Сап кілт тоқтады. Сержант Николаевтың сөзі шорт үзілді. Біз сыртына үлкен қызыл жұлдыз салынған көк қақпаға келіп тіреліппіз.

- Жігіттер, келдік!

- Ей, қақпа, ашыл, қане!


- 114-


Осы сәт қақпа, кәдімгі бір тіл алғандай, екі жаққа қарай сырғып ашыла берді. Біз әскери қалашыққа жүрексіне ендік. Бекен, бұл хатты осымен бітіремін. Өйткені келесі хатта басқа әңгіме басталады. Сау бол!

Ағаң Болат.



АЛТЫНШЫ ХАТ
Қош бол, ескі киім!
Сержант Николаев басқа әскери бөлімшеден екен, ертеңгі астан соң бізбен қоштасты. Біз ұзын бойлы, егде старшина мен ефрейтор Хамидовтың қолына тидік.

Екеуі бізді сапқа тұрғызып, моншаға бастап келіп, шешіндіріп, ауылдан киіп келген киімдерімізді бір бұрышқа үйгізді. Барлығымыз ауылдың, ата-анамыздың, өткен-кеткеніміздің көзіндей болған киім-кешегімізді қимай жалтақ-жалтақ қарай береміз. Солдат киімін ертерек таратса екен деген асығыстық та бар.

- Ал, балалар, моншаға түсіп, жақсылап жуыныңдар. Шыққан соң солдат киімін үлестіреміз. Ескертіп қояйын, мына киімдеріңді енді қайтып кимейсіңдер. Кімде-кім егер қажет деп санаса, киімін поштамен үйіне жіберуіне болады.

Старшина сөзін аяқтар-аяқтамастан, жігіттер шулап қоя берді.

- Кімге керек ол?

- Біздің арамызда оңдай сараң жоқ.

- Құрысын.

- Онда өздерің біліңдер.

- Соңда мұны не істейсіздер?

- Не істейміз? Өртеп жібереміз, оны-мұны сүртетін шүберек ретінде пайдаланамыз.

- Қап, қайран бәтеңкем-ай, импорт еді!

- Жігіттер ду күлді. Әлтайға да керегі осы ғой, бірге күліп жатыр:

- Старшина жолдас, мұның бәтеңкесі отқа кұйып жидіген кезде өзіне беріңіз, жесін.

Әкімнің бұл сөзі ешкімге ұнаған жоқ. Әлтайдың орнына Өмірзақ шамданды:


- 115-


- Әкім, сен қалжың түсінбейсің. Әлтай ойнаса, сен шындайсың. Сол да бола ма екен?

- Түсінетін не бар мұнда? Дүниеқоңыз адам болмаса, кім айтады ондай сөзді?

- Мен айтам. Адамның киімі — абыройы. Ол сенің талай ыстығыңды да, суығыңды да көрген. Киімді аяқ асты еткен жақсы ырым емес.

- Әлтай сөзден жеңілген бе, тауып-ақ айтып тұр. Бірақ Әкім де қырсық екен, қыңбады, қайта өршелене түсті:

-Пах-пах, ырым-сырым... Айтасың, ей! Табылды бір атай. Мүмкін, жылап қоштасармыз бұл ескі-құсқымен? — Әлтай не дерін білмей қалды. Әкім одан сайын қадалды. — Ал бұған не дейсің? Солай ма екен? Дұрыс-дұрыс, үндемеген үйдей пәледен құтылады. Әйтпесе ескі киімнің артынан кетер сендей адам.

Әлтай қолын бір-ақ сермеді.

- Әй, құрысыншы бәрі.

- Жоқ, мұнымен құтылмайсың сен. Бар, тепкіле, жырт ана киімдерді. Өйтпейді екенсің, «мынау ескі киімін қимай тұр. Солдат киімін кигісі келмейді» деймін старшинаға. Бітті, гауптвахтаға апарып салады.

Жігіттерге ойын керек, іліп әкетті:

- Сөйтсін.

- Солдат киімін кимеймін дегені — Отанға қызмет етпеймін дегені ғой мұның.

- Мұндайларды гауптвахтаға отырғызу аз, асу керек.

Әлтай енді шынымен састы.

- Әй, қойыңдар, ей! Мен жай ойнап айтам. Қу жігіттер одан сайын құбылтты:

- Ойнаса да адам ойындағысын айтады.

- Иә, мұныкі - сол.

- Вагонда әбден құтырып еді, бәрі бекер екен ғой.
Соғыс болса, сатқын болатынның нағыз өзі екен бұл.

Әңгіме насырға шауып бара жатгы. Әлтай бір қызарды, бір қуарды. Көпке топырақ шаша ала ма, демде жуасып, жүдеп тұр. Аяп кеттім.

- Балалар, сендер өйтіп тұқырта бермеңдер адамды. Әлтай ешқайсыңнан кем солдат болмайды.

Жігіттер енді маған кірісті:

- Бұл қандай адвокат?

- Жерлесі. Екеуі бір ауылдан.


- 116-


Бәсе-бәсе, ескіліктің қалдығынан арылмағаны көрініп тұр.

- Онда бұл екеуіне үйрету керек. Әскерде жерлес, туысқан деген жоқ. Мұнда бәріміз бірдейміз — солдатпыз.

- Жігіттер, оны мен де білемін.

- Ал білсең, жерлесіңнің сөзін неге сөйлейсің?

- Әлтай жалғыз қалып қойды. Бір адамға жабылу — әділетсіздік.

- Міне, мәселе қайда жатыр?

- Әлтайға кім жалғыз қал депті? Көптің сөзін сөйлесін.

- Ол дұрыс шығар. Бірақ дегенмен...

Мен сөзімді аяқтай алмадым. Старшинаның өктем үні біздің әңгімемізді шорт үзді:

- Қане, тоқтатыңдар сөзді! Барыңдар, тез-тез шомылыңдар! Әңгіме ескі киім жөнінде болса, айттым ғой, керек дегендеріңді алыңдар.

Біз енді үн-түнсіз біртіндеп моншаның буы бұрқыраған үлкен бөлмесіне кіре бастадық.

Бекен, осымен бір тоқтайын.

Иә, адамның моншада не істейтіні, жазбасам да белгілі.

Ол жерде жапа-тармағай шомылғаннан басқа не әңгіме болсын. Есесіне ендігі хатым ұзақ, керемет ұзақ болады. Мен оны түгелдей ефрейтор Хамидовқа арнаймын. Ал еңді өзің емес, өзге туралы жазу қалай болар екен? Мен қазірден осыны ойлап жүрексінемін. Несі бар, шындықты жазсам болды емес пе? Өзімді өстіп қайрап қоямын. Шынында, болған оқиғаны ешқандай боямай жазсам, кім өкпелейді? Хамидов пе? Өкпелесе, өзінің қылығына өкпелесін. Маған еш қоспасыз, боямасыз жазсам, жетіп жатыр. Солай. Ал сау бол!

Ағаң Болат.

ЖЕТІНШІ ХАТ


Ефрейтор Хамңдов сөзінде тұрды:

мына қырына ала бастады
Моншаның шомылатын бөлмесінен шығысымен бізге солдат киімдерін үлестіре бастады. Бәрі ине-жіптен жаңа шыққан біркелкі киімдер. Қолына солдат киімі тиген

- 117-


балалардың қуанышын көрсең, шіркін! Солдат болды деген осы ғой енді. Бұл киімді киген сәттен бастап біз өзгеріп шыға келетін шығармыз, сірә. Әлбетте, біздің бет-пішініміз, болмысымыз, арман-аңсарымыз өзгермес, бірақ енді бізді көрген адам анау-мынау демей, солдат деп қарайды.

Ефрейтор Хамидов жағалай жүріп, жігіттерге «шұлғауды былай шұлған, белдікті бұдан гөрі қаттырақ тарт» деген тәрізді ақыл үйрете бастады. Жігіттер бұған күліп жатыр. Енді қалай? Мұның бәрін бізге сонау кішкентай күнімізде әке-шешеміз, кейін өмір деп аталатын ғұлама ұстаз үйреткен болатын. Олардың үйретуі аялы да аяулы еді, Хамидовтікі болса, жатқан бір кекету, кемсіту, орынсыз түртпектеп, пысықсыну. Өзінен өзі күйіп-пісіп, болып-толып жүр:

- Бұл салагалар ма, бұлар адамды шаршатады екен.

- Әй, мынау қайтеді, ей, погонды тағуды да білмейді екен ғой.

- Тар дейсің бе, мен бір апта қуған соң, қарныңнан түк қалмайды, сонда бұл кең болып шыға келеді.

- Кең дейсің бе, бір жуған соң, бұл кішірейіп кетеді.

- Болды, болды, осы тиген-тигенді киіңдер, әйтпесе жалаңаш қаласыңдар.

Апырау, бұған не деп болады? Сонда не, біз енді солдат екенбіз деп, мына ефрейтордың басынғанына көне беруіміз керек пе? Әй, қайдам, командир деген мұндай болмайтын сияқты еді ғой. Иә, командир қатал болуға тиіс. Алайда ол деген аты-жөні жоқ ұрсу, желкелеу емес шығар.

Мен өстіп дал болдым. Ефрейтор Хамидов жағалаған күйі маған жетті.

- Етікті қалай киіп жатырсың, кәне? Соны да білмейді бұлар. Шеш етігіңді, көрсет, қалай шұлғандың екенсің шұлғауыңды.

Мен ефрейторға ала көзіммен ата қарадым. Өзгені қайдам, дәл етік киюдің жөнін біздің ауылдың балалары Хамидовтан әлдеқайда артық білетіні, Бекен, өзіңе де белгілі. Көктем мен күздің лайсаңында біздің ауылда керзі немесе рәзеңке етіктен басқа аяқ киім атаулыға аяқ сұғып болмайтынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Көше біткен көлкілдеген батпақ, етіксіз қарыс жер аттай

- 118-


алмайсың. Етікті, әрине, шұлғаумен киеді. Біздің ауылдың үлкен-кішісі шұлғауды қалай шұлғанатынын Хамидовтан сұрап көріп пе екен, өздері-ақ біледі. Мен де солардың бірімін. Мұның бәрін қалай түсіндіріп жатпақпын Хамидовке? Үн-түнсіз киіне бердім. Хамидов айтқанынан қайтпады:

- Не дедім мен саған? Шеш етігіңді! Көрсет қалай кигеніңді!

- Шешпеймін. Кидім, болды.

- Немене? Не деп тұрсың?

- Не естідің, солай дедім.

- Е-е, сен түндегі пысық жігіт екенсің ғой. Байқаймын, сен әлі үлкенмен қарым-қатынас жасауды білмейтін жас сияқтысың. Ештеңе етпейді, үйренесің, үйретем.

- Алдымен өзің үйреніп ал.

Хамидов шарт сынды:

- Мен саған көрсетемін үйренгенді!

- Кім едің сен сонша көрсететін?

- Командирмін. Саған бұл аз ба, онда құдайыңмын ал!

«Командирмін» дегенде ығып-ақ қалып ем, «құдайыңмын» дегені зығырданымды қайта қайнатты:

- Кет әрі, оттамай.

- Не дедің сен?! Командирге бұлай деуге кім право берді саған, ә?

- Сенің құдаймын деуге қалай аузың барады?
Ефрейтор қып-қызыл болып түтігіп, аузына сөз түспей тығылып қалды:

- С-са-ла-га, к-к-көр де тұр, ә-ә-әлі-ақ бүрсең қағасың. Сені ме, сені...

Старшина неге екенін, бағанадан бері Хамидов екеуіміздің егесімізге мән бермей, жігіттерге киім үлестірумен болып жатқан. Істің насырға шауып бара жатқанын енді аңғарды-ау деймін, сұсты жүзін бұрып:

- Ефрейтор Хамидов, тоқтат! Ал сен, жас жігіт, тезірек киін, — деді.

Ефрейтор Хамидов үн-түнсіз тайқып жүре берді. Мен старшинаның әділеттілігіне разы болып, айтқанын орындайын деп жылдам киіне бастадым.

Казарма алдына келген соң, старшина бізді сапқа тұрғызып қойып, әрқайсымызды жеке-жеке алға шыға-


- 119-


рып, киіміміздің тар-кеңдігін әбден ұқыптап қарай бастады.

- Мына гимнастерка сізге сәл тарлау екен. Ештеңе етпейді, әлі-ақ ысыласыз.

- Шинель, сізге кеңдеу екен. Дереу айырбастау керек болды мұны. Ефрейтор Хамидов, жаз, сіздің фамилияңыз кім?

- Ыстыбаев.

- Ыстыбаев. Нөмірі үшінші шинель деп жаз.

- О-о, бұл болмайды, белдікті қаттырақ буу керек.
Біз өстіп шүпірлеп жатқанда, екі офицер жақындап келіп қалыпты. Старшина көре сала:

- Взвод, смирно! — деп команда берді де, аяқтарын нық-нық басып, алдарынан шықты. Сөйтті де, оқтай болып тұра қалып:

-Подполковник жолдас, жас қатар толықтырушылар солдат киімдерін киіп, сапта тұр. Взвод командирі Рагозин, — деп сақ-сақ етіп рапорт берді.

Подполковник оң қолын милығына тақап ұстаған күйі алдымызға келіп, қарсы қарап тұра қалды да:

- Сәлематсыздар ма, жас жауынгер жолдастар! — деп қатты дауыстап амандасты.

Біз жамырай жауап бердік:

- Сәлематсыз.

- Сәлематсыз, подполковник жолдас.

Подполковник алғаш тым сұсты, ашулы сияқты көрініп еді, біздің сәлемдесуді ұқсата

алмағанымызға жымиғандай болды. Жүзі дереу жылып, мейірімді көзімен бәрімізді түгел шолып шықты. Сөйтті де, сабырлы үнмен сөйлеп кетті:

- Бұл ештеңе емес. Солдат киімін киген соң, командирді солдатша қарсы алуды да үйренетін боласыздар. Әлі-ақ ысылып, шынығып, жіптіктей солдат болып шыға келгендеріңді байқамай да қаласыздар. Қане, енді танысып қояйық. Мен — батальон командирі подполковник Халявинмін. Ал сендер қай жерденсіңдер?

- Жамбылдан.

- Ақтөбеден.

- Өте жақсы. Ол облыстардың жігіттерінен тамаша солдаттар шығады. Сендер жас жауынгер курсынан өткенше старшина Рагозин взвод командирі, ефрейтор Хами-


- 120-


дов оның орынбасары болды. Міне, осы екеуінің барлық айтқанын бұлжытпай орындайсыңдар. Отанға адал қызмет етіңдер деген тілек білдіремін бәріңе!

- Сөйтеміз.

- Әрине.

- Жарайсыңдар, жігіттер! Ал онда кірісіңдер солдат ғылымын меңгеруге! Солдат болу жеңіл емес, қиын, бірақ құрметті. Солдат киімінің қадіріне жете біліңдер.

Апырау, командирдің кішісінен үлкені мейірбан бола ма, қалай өзі? Мына кісі командирден гөрі ауылда қалған атама көбірек ұқсайтын сияқты. Атамның да, мұның да тілейтіні — біздің жақсы солдат болуымыз.

Бекен, көрдің ғой, үлкендер өстіп сенім артып, қайта-қайта пысықтап отырғанда мен қалайша жаман солдат болайын?! Тек мына бір Хамидов деген ефрейтор болмаса, бәрі жақсы. Соның өзі тіптен қызық жігіт болып барады. Ендігі хатта бұған көзің жете түсетін болады. Бұл хат осымен тәмам деп біл.

Ағаң Болат.
СЕГІЗІНШІ ХАТ
Мұны енді ефрейтор Хамидовтың қатыгездігі жайлы

дегеннен басқаша атау мүмкін емес
Ефрейтор Хамидов не болса соған шорт сынып, едіреңдей жөнелетін жігіт болып шықты, тура біздің Әлтай. Ал Әлтайдың командирлігі пойызда қалып қойды ғой, оныкі бұрынғы бір естіген, көргендеріне еліктеу болатын. Командир болу үшін адам алдымен солдат сапында тұруы, үлкен мектептен өтуі керек. Мұны Әлтай білмейді дейсің бе, біледі, сондықтан командирлігін пойызда қалдырып кеткен. Қазір Әлтай — тіл алғыш, Хамидов не айтса да мақұл, лыпып тұрады. Ондай адам әскерде мақтаулы. Хамидовтың сөзімен айтқанда: «Әлтай — адам болатын жас».

Әлбетте, ефрейтор Хамидовтың айтқанын жалғыз Әлтай емес, бәріміз орындауға тиіспіз.

- Командирдің бұйрығы талқыланбайды, орындалады. Әскер заңы — осы. Тәртіп бар жерде ғана табыс бар.


- 121-

Әскер – әркім ойына келгенін істейтін жер емес.Командирдің айтқанын екі етпей орындап, жауынгерлік өнерді беріле үйреніп, мейлінше жетік игеру керек. Сонда ғана сендер нағыз солдат боласыңдар. Өйтпейді екенсіңдер, қорлық көресіңдер. Жақсы солдат қарулас достарына, үлкен-кішіге – бәр-бәріне сыйлы, жаман солдат көзге күйік, кім көрінгенге түрткі. Жас жауынгер курсы кезінде ефрейтор екеуміз солдат әліппесін түгел үйретеміз. Күні ертең қандай солдат болатындарың бізге, біз не үйреттік, қаншалықты үйреттік, соған байланысты.

Старшина Рагозин өстіп бір сөйлеп кетсе, шешен адам, әскер өмірінің ұңғыл-шұңғылын зердемізге біраз құйып барып тоқтайды. Айтқанының бәрі рас.

Старшинаның бізден басқа да жұмысы аз емес болуға керек, ефрейтор Хамидовке ертеңді-кеш нұсқауларын береді де кетеді. Ендігі барлық билік – Хамидовта.

Біз таңғы алтыдан тұрғаннан онда жатқанға дейін ефрейтор Хамидовтың құзырындамыз, ол не айтса, соны екі етуге хақымыз жоқ. Бізге ефрейтордың бұйрығы бүкіл Қарулы Күштердің үкіміндей, бұлжытпай орындаймыз. Устав талабының өзі осы – солдат командирдің бұйрығын сөзсіз, дәл де тез орындауға міндетті.

Әйткенмен, Хамидовтың кейбір әрекеттері маған тым артық сияқты болып көрінеді. Аты-жөні жоқ дігірлеп, өктемдік көрсете ме-ау, орынсыз безеріп қатыгездене ме-ау, әйтеуір, ойына келгенін істейді.

Старшина Рагозин түстен кейін бізге жаңадан салынатын жанар-жағар май қоймасының іргесіне қалауға әкелген тастарды машинадан түсіруді тапсырған. Біз – төрт жігіт, жан қоямыз ба, әп-сәтте-ақ машинаны босатуға таяп, жұмыс қоян қашты бола бастаған. Сол сәт мен бір үлкендігі сандықтай тасты машина қорабының ернеуінен бар күшіммен итеріп түсіре берем дегенімде, қолым тайып кетіп, оң аяғым екі тастың арасында қысылды да қалды. Жіліншігім үзіліп түскендей болып, шоңқиып отыра кеттім. Машина үстіндегілер сасып-салбырап, қапелімде мандыртымды қимыл жасай алмай, состиып тұр. Қайдан келе қалғанын, машинаға қалай қарғып шыққанын білмеймін, әйтеуір, екі солдат менің аяғымды тас арасынан дереу шығарып, жерге сүйеп түсірді.

-122-

- Рахмет, жігіттер!

- Әй, жастар-ай! Бұлар солдат болғанша қашан?..

Машина үстіндегілер де, мен де жер болдық. Енді қалай, біз әлі қопалмыз, ал мына солдаттар – епті. Біздің қимылымыз үйлеспейді, бұлардікі жарасымды.

- Әй, сенің осың-ай, - деді біреуі.

- А, несі бар? Бұлардың әлі көктүйнек, тапқырлық атаулыдан жұрдай екенін бекер демекпісің енді? Жас, салага болмаса, мынаның қу жіліншігін көкпеңбек қылғанша ездірер ме еді тасқа?

Жас солдаттарды өстіп қор санайтыны бар бұлардың. Ефрейтор Хамидов та – сол. Бізге ара түскен секпіл бет, шашты солдат бір айналайын екен:

- Сен де жас болғансың. Бұлар да үйренеді солдат әліппесін. Әлі-ақ нағыз солдат болып шыға келеді.

- Үйренеді. Үйренгенше, талайдың жүйкесін тоздырар.

Аяқ-қолы балғадай ұзын солдат шиқылдап күлді.

- Айтасың сен де.

- Көрер ем, сені егер Хамидовтың орнына қойса.

- Несі бар? Қойса, үйретемін. Көресің, бәрі тамаша солдат болатын жігіттер.

- Әй, қайдам?

- Сені адам жеңіп болмайды. Сөзді доғар енді.

Екеуі әле де келісе алмай кетіп барады.

Мен шашырап жатқан тастың ең артқы шеткісіне жетіп, отыра кетіп едім, жүрегім төмен тартып, қара суға түсіп, терлеп жүріп бердім. Жігіттер қалған тастарды түсіріп жатыр. Аяқтың ауырғаны жайына қалып, жаңағы бір солдаттың табалаған сөздері жанға батып барады. Осыншама олақ, ебедейсіз болармын ба?! Жігіттер де мойындары салбырап кеткен, соңында қалған ауыр тастарға төне түсіп, тырмысып, әлдері жетпей әуреге түсті. Көмектесуге менде дәрмен жоқ, демнің арасында қор болып қалдым.

Терім басылып, еңсем көтеріле берген, енді жіліншігім сырқырап ауыра бастады, орнымнан тұрып көріп едім, аяғым бастырар болмады, қайта отырдым.

Дәл осы сәт ефрейтор Хамидов келе қалды. Мақсаты белгілі: біздің жұмысымызды бақыламақ. Менің мына шоқиып отырысым кімге ұнасын, Хамидов дүрсе қоя берді:

-Тағы да жаныңды күйттеп отырсың ба, көктүйнек?

-123-


Бұл — ісінде береке жоқ жұқсыздарға айтылатын сөз. Ал олар болса мына қорлауды ар көрмей, ыржалаңдар еді, немесе өзінің мүшкіл халін айтып, сарнап қоя берер еді. Мен қайтпекпін? Менің тілім қышып отырған жоқ, жіліншігім шаншып отырмын ғой. Бар бітіргенім — Хамидовке жақтырмай бір қарадым.

Ефрейтор Хамидов команда берді:

- Қатардағы жауынгер Смағұлов, тұр!
Мен орнымнан сүйретіле түрегелдім.

- Ефрейтор жолдас, оның аяғын тас қысып қалды, -деді Өмірзақ, үлкендігі қол диірмендей бір тасты жерге лақтырып жіберіп.

- Ештеңе етпейді. Сендерге жұмыс істетіп қойып, өзі отырмақ қой сонда бұл!

- Сіз қызық адамсыз! Құр ұрысқанша, сіз Смағұловты санитарлық бөлімшеге апарыңыз, — деді Әкім.

- Не-не, бұл жұмыс істемеу үшін аяғын әдейі жаралайды, ал мен санитарлық бөлімшеге апарам?! Тапқан екенсіңдер ақымақты! Барсын өзі. Еңбектеп барсын.

- Солай ма?! Жоқ, ондай қатыгездігіңіз үшін рақмет! Біз өзіміз апарамыз, жұмысты сіз істейсіз. -Жүріңдер, жігіттер.

- Жоқ, апармайсыңдар!

- Жоқ, апарамыз!

Жігіттер машинадан қарғып-карғып түсті де, келе сала мені қолдарын айқастырып жіберіп көтеріп алып, санитарлық бөлімшеге тартты.

- Мен сендерге көрсетемін. Үшеуіңді де кешке жақын асханаға айдап барып, картошка тазалатып қоймасам ба, қап! Қара да тұрыңдар осыдан енді! Мейлі, бара беріңдер.

Ефрейтор Хамидов өстіп кіжініп қала берді. Қайбір мәз болып тұр дейсің бірақ. Орынсыз қаталдық қолында билік бар адамды, мейлі ол бетіне жан қаратпайтын командир болсын, опық жегізбей қоймайды, тегі.

Жіліншігімнің еті езіліп қалған екен, бес-алты күн ертелі-кеш санитарлық бөлімшеге барып, ем қабылдап жүрдім де, қатарға қайтадан қосылып кеттім.

Ал Хамидовтың қатыгездігі көңілге кетпейтін дақ салды. Бұл Хамидов әлі талайды көрсетер. Біз дайынбыз бәріне. Ештеңе етпейді. Солдат серігі — шыдам, төзім. Сен есіңде мықтап ұстар бір жай осы. Кейін керек болады. Солдат болғаныңда Хамидов сияқтылар саған да табыла-


- 124-


ды. Жаның қиналғанда осы сөзімді есіңе алсаң, қызметің жеңілдер. Көр де түр, сөйтеді.

Ендігі хатқа дейін сау бол.

Ағаң Болат.

ТОҒЫЗЫНШЫ ХАТ
«Асқанға тосқан» деген осы болар
Түскі тамақтан кейін бәріміз казарма алдындағы шылым шегетін орында отырғанбыз. Мен қаннен-қаперсіз өзімше бір ойға шомып кетіппін, балалар дүрдиіп-дүрдиіп тұр. Түкке түсінбей жоғары қарадым: ефрейтор Хамидов тұр маған төніп. Балалар бір қызық күтіп жымың-жымың етеді. Хамидов қоразданып шыға келді.

- Барлықтарың отырыңдар! Қатардағы жауынгер Смағұлов тұр!

- Тұрдым.

- Отыр!

Отырдым.


- Тұр.

Тұрдым.


- Отыр!

Отырдым.


«Жетпей ме енді?»!

- Тұр!


- Неге?

- Сен тым ақылдысың. Тұр! Командирді қалай сыйлау керек екенін үйретермін мен саған.

- Жоқ, сіз командирді сыйлауды үйретіп емес, солдатты қалай қорлауды үйретіп тұрсыз.

- А-а?

Хамидовтың аузына сөз түспей тұтығып қалды. Командир ғой, бірдеңе істеу керек.

- Е-ей, соңғы рет айтам, тұрасың ба, тұрмайсың ба?
Мен үн-түнсіз сазарып отыра бердім.

- Солай ма? Взвод, сапқа тұр! Жылдам, жылдам! Взвод, рет түзе! Взвод, смирно! Ал не? Әрине, сендердің демалғыларың келеді. Солай болуы да керек. Бірақ сендердің демалғаңдарыңды қаламайтын да адам бар. Ол — қатарда-


- 125-


ғы жауынгер Смағүлов. Мейлі енді, соның ойлағаны-ақ болсын. Взвод, оңға!

Ефрейтор бізді плацқа алып шықты.

- Взвод, тоқта! Қазір біз демалыстың орнына әскери жаттығуға кірісеміз.

Ашу буған ефрейтор аямады: әрлі-берлі жүргізе бастады. Жаңа ғана тамаққа тойып алған біз демде-ақ пора-пора болып терлеп, қара суға түстік. Шөлдеп, таңдайымыз кеуіп барамыз. Біз өстіп әлек-шәлегіміз шығып жүргенде, плацтың тұсына бір жеңіл машина келіп тоқтай қалды. Одан батальон командирі түсті де, бізге қарай жүрді. Еліріп алған ефрейтор бізді кілт тоқтатып, аяғын салтанатпен басып барып, рапорт берді:

- Подполковник жолдас, жас жауынгерлер әскери жаттығуда жүр. Ефрейтор Хамидов.

Подполковник зілді үн қатты:

- Бұл қай жаттығу, ефрейтор жолдас?!

- Подполковник жолдас, кінәлі өздері. Әсіресе ана біреуі...

- Ефрейтор, білемін не айтпағыңызды. Жалғай беріңіз жаттығуыңызды.

Подполковник жалт бұрылып кете барды. Ефрейтор Хамидов пұшайман күйде бізге бұрылды. Менің де жаным мұрнымның ұшына келіп еді. «Уһ» деп бір демалдым: «Е, бәсе, Хамидовқа да әй дейтін әже, қой дейтін қожа болуы керек қой, тіптен!».

Сұры қашып кеткен Хамидов жаттығуды одан әрі жалғастыра алмады. Сыр білдірмегенсіп, тағы бір-екі айналдырды да қоя берді. Біздің түскі демалысымыз қайта жалғасты.

Бұл хатты осымен доғарайын, Бекен. Өйткені ендігі хатта Хамидовтың басқа бір қылығын жазам.

Ағаң Болат.

ОНЫНШЫ ХАТ


Устав дегеніміз не? Оны кім қалай түсінеді?
Түстен кейін сабақ өтіп, онда әскери уставтармен таныстық. Әскер өмірінің барлық қыры мен сыры бүге-шігесіне дейін жазылған кітаптарды жігіттер қызыға ауда-

- 126-


рады. Демнің арасында бөлме ішін сыбыр-күбір әңгіме, парақтардың сатыр-сұтыры кернеп кетті. Мына тірліктен ештеңе шықпайтынын сезді білем, Хамидов:

- Бұл болмайды екен. Мен дауыстап оқимын, сендер тыныш тыңдап отырыңдар, - деді.

- Сөйткен дұрыс.

- Ал тыңдадық.

Балалар тыныштала берген.

- Ефрейтор жолдас, устав дегеніміз не? Сіз алдымен соны айтыңызшы, - дегені ғой Өмірзақтың.

Ефрейтор Хамидов та, жігіттер де ойланып қалды.

- Устав дегеніміз, устав дегеніміз, — деп Хамидов қолындағы кітапты әрлі-берлі ақтара берді. Алайда одан «Устав дегеніміздің не екені» оңайлықпен табыла қоймады.

«Бәсе, ефрейтор жолдас, сіз уставтың не екенін білмейсіз. Ол — ақылды кітап. Онда әскери өмірдің барлық қыры толық қамтылып жазылған. Оның көздейтіні — әскерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, әр кез асқан ұйымшылдық көрсетуіне, қатаң тәртіп сақтауына жету. Қатардағы жауынгерден бастап маршалға дейін уставқа бағынады. Одан титтей ауытқуға ешкімнің құқығы жоқ. Әскери устав — әскери қызмет заңдарының жиынтығы. Ефрейтор жолдас, Уставты жай ғана түсінікті тілмен жұрт темірдей тәртіп деп атайды. Сіз ең болмаса, осыны білсеңіз етті!».

Орнымнан ұшып тұрдым:

- Ефрейтор жолдас, рұқсат етіңізші, мен айтайын устав дегеніміздің не екенін.

- Сен бе, сен отыр.



- Неге?

-Сол, сен әлі білмейсің.

- Жоқ, білемін.

- Білмейсің дедім бе, білмейсің. Сабақ бітті. Кешке көрсетемін мен сендерге уставтың не екенін. Взвод, далаға шық! Сапқа тұр!

Сөйтіп, Хамидовтың устав жөніндегі түйсігі онша терең болмай шықты. Сонысына қарамай, ол уставтың барлық командаларын өте жақсы біледі. Команда — командирдің бұйрығы. Біз оны орындауға міндеттіміз. Бұл — әскери ант, устав талабы.

- 127-


Мен айтар едім: команда — командирдің солдатпеп сөйлесетін тілі. Ол тіл командирдің артықшылығын білдіруге ғана емес, солдатты да сыйлауға қызмет етсін. Бұл — менің түсінігім. Ал Хамидов ше? Хамидов мұны өзі айтқандай, кешке қарай көрсетеді.

Біз жатар алдындағы сапта тұрмыз. Хамидов бәрімізді түгендеп болды да:

- Сендер бүгін уставтың не екенін білмек болдыңдар-ау осы! Жақсы, мен берейін сендерге ондай мүмкіндікті. Қазір сендер отыз секунд ішінде шешініп, төсекке жатып үлгерулерің керек. Устав дегеніміз, міне, осы! — деді.

Е-е, бұл ауылдан әскерге барып келген жігіттер талай айтқан жай ғой. Сөз бар ма, солдат болған соң, ол жинақы, ылдым-жылдым болуы керек. Оның ар жағында отыз секундта апыл-ғұпыл шешініп, төсекке жатып үлгерудің өзі қызық емес пе! Бұл устав дегеніміз осыған дейін ескерген не деген ақылды кітап еді!

Бәріміз бой жиып, демімізді ішке тартып, лап бергелі тұрмыз. Хамидов команда берер емес. Жігіттердің шыдамы таусылып, денелерін босаңсыта бастады. Хамидовтың күтіп тұрғаны да осы екен:

- Взвод, жат! — деп қалды.

Жанталасқан апыр-топыр басталды да кетті. Алдымыз шешініп бола бердік.

- Взвод, тоқтат!

«Мұнысы несі?» Жалғыз мен емес, жігіттердің бәрі аң-таң. Үн-түнсіз киіне бастадық.

- Взвод, сапқа тұр! Рет түзе!

Рет түзедік.

- Взвод, жат!

Тағы да алып-ұшып шешіне бастадық.

- Взвод, тоқтат!

Хамидов бізді осылай қайта-қайта орта жолдан тоқтатып, қайта-қайта сапқа тұрғызды. Әбден зықымыз шықты.

- Түу, есектен де жаман болдық-ау!

Өмірзақ аузын жиып үлгерген жоқ, Хамидов жабыса кетті:

- Жоқ, сеңдер есек емессіңдер. Дегенмен, сендерге ат бәйгесін көрсетіп қойған артық болмас деймін. Сонда уставтың не екенін түсінесіңдер. Взвод, далаға шығып, сапқа тұр!

- 128-


- Біз ешқайда да бармаймыз, жатамыз!

Өмірзақ, тегі, ер жігіт, еш қаймықпай айтып тұр. Мұндай жігітті қалайша қостамай тұрарсың!

- Иә, біз жатамыз. Устав талабы да сол: солдат сағат онда жатып, алтыда тұруы керек.

- Солай ма? Екеуің взводтың ішінде іріткі туғызбақ екенсіңдер ғой. Көрейін онда кімдікі жөн, кімдікі теріс екенін. Мен қазір барып батальон кезекшісін шақыртып келемін, сол береді бағасын.

Хамидов шынымен есікке беттеді. Өмірзақ та, мен де, бүкіл взвод та үрпиісіп қалдық. Батальон кезекшісі келді деген не сұмдық?!

- Ефрейтор жолдас, не істесеңіз, соны істеңіз, құқыңыз бар. Уставта солай жазылған.

Бұл Өмірзақты қойғын, бәрін біледі. Расында да, командирдің бұйрығы — солдатқа заң. Хамидов кілт кері бұрылды.

- Міне, мұның дұрыс. Уставтың иісі мұрыңдарыңа кіре бастады деген осы. Взвод, далаға шығып, сапқа тұр!

Біз ефрейтордың ырқына амалсыз көндік. Өмірзақ сонда да айтарын айтып қалды.

- Не десеңіз о деңіз, сіздің мұныңыз — шектен шығушылық.

Хамидов айтқанынан қайтпайтын ерегіспе екен:

- Сендейлерді көргенбіз. Сендерді тыңдаудың қажеті жоқ, тыңдатып үйрету керек. Взвод, стадионды он айналым жасайсыңдар. Бұл — командирмен жағаласқандарыңның жазасы. Осыдан біреуің жүгірмей көріңдерші, қане, онда бүгін жату жоқ. Ал, жүгіріңдер! — деп команда берді.

Еш құлықсыз жүгіре бастадық. Қалашық тыныштық құшағына жаңа енген. Күздің аспанды ауыр бұлт көмкерген қою қара түні. Адамға ұйқыдан басқа ештеңенің керегі жоқ керенау кез. Біз аяқтарымызды тарп-тарп еткізіп, осы мүлгіген тыныштықты ту-талақай етіп жүгіріп жүрміз.

- Тоқтаңдар.

Біз тыпыр-тыпыр тоқтай қалдық. Қолының қарына жалпақ қызыл лента байлаған офицер - бөлімше кезекшісі бізге тақай бере, ашулы үн қатты:

- Неменеге жүгіріп жүрсіңдер сендер жарым түнде?


- 129-


- Командиріміз бұйырды, біз соны орындап жүрміз.

- Орындаған дұрыс енді, бірақ жетер. Жүгіргенді тоқтатыңдар, барып жатыңдар!

- Жоқ, тоқтатпаймыз. Біз уставтың не екенін үйреніп жүрміз.

Мен мұны әдейі айттым.

- Сонда қалай?

- Біз күндіз ефрейтор Хамидовтан устав дегеніміздің не екенін сұрағанбыз. Ол мұны білмей, кешке үйретем деген, үйретіп жатыр.

- Устав дегеніміз — Хамидовтың қатыгездігі, біздің мезгілсіз уақытта жүгіруіміз екен, капитан жолдас.

Әй, Әлтай-ай, тілің неткен удай еді? Капитан қатқыл үнмен команда берді:

- Взвод, сапқа тұр!

Хамидов казарма алдындағы жарықтың астыңда қаздиып тұр екен, саппен жай басып келе жатқан бізді көре сала, дүрсе қоя берді:

- Ей, көктүйнектер, неге жүгірмейсіңдер? Оңда жиырма айналым жасайсыңдар.

- Ешқандай жиырма айналым жоқ.

Хамидов шошып қалды, бөлімше кезекшісіне қарай ұмтыла берген.

- Взвод...

- Ефрейтор, қажеті жоқ. Взвод бар, ұйықтаңдар. Ал сіз, ефрейтор жолдас, менімен бірге штабқа жүріңіз.

Ефрейторда жаңағы екпін жоқ, жуасып, жым болып бара жатты.

Ертеңіне бізді взвод командирі старшина Рагозиннің өзі оятты. Бәріміз түсіне қойдық, ефрейтор Хамидовты командирліктен алып тастаған болды.

Мейлі, командир бол, мейлі қатардағы солдат бол, адамшылықтан аттама. Әлбетте, ол елдің бәрінің қолынан келе бермейді. Ал, командир, пейілі кең, жомарт, жаны жайлау жазира адам болуға керек. Әрине, командир ешкімді де еркінсітпейді, өз дегенін істетеді. Бұйрық ақылды, әділ болса, солдат жан-тәнімен орындайды. Ондай командирді жұрттың бәрі сүйеді, сыйлайды. Жанға бататын, арға тиетін бұйрық жалпы мүддеден емес, жеке бастың қамынан туады. Әскер — темірдей тәртіпті, қара қылды қақ жарған әділдікті қажет ететін жер. Одан титтей ауыт-

-130-


қыған командир өкінішке ұрынады, сенімнен айрылады. Хамидов та сөйтті.

Барсын! Ол туралы әңгіме осымен бітті.

Хат та аяқталды. Ендігі хатта мүлде басқа әңгіме басталады. Сау бол.

Ағаң Болат.

ОН БІРІНШІ ХАТ
Біздің жаңа командиріміз - кіші сержант Коростин
Взвод командирінің орынбасары болып кіші сержант Коростин келді. Аты - Михаил. Бұл - менің аяғымды қысып қалған тас арасынан шығарып алатын секпіл бет, әр талы онша-мұнша тебен инеге жетеғабыл, тікірейген қайратты қызғылт шашты жігіт. Ол алғашқы күні-ақ бәрімізді үйіріп әкетті. Хамидов құсап не болса, соған ашуланбайды, қандай қимыл-әрекетті болмасын, өзі әдемілеп көрсетіп, біздің де дәл солай айна қатесіз қайталап істеуімізді талап етеді. Жүріс-тұрысының бәрі жарасымды, нық. Біз оның барлық талабын да, бұйрығын да бұлжытпай орындауға жан-тәнімізді саламыз. Оның айтқанын орындау бойды сергітіп, көңілге қуаныш ұялатады. Коростинше аяқты нық әрі әсем басу, турникте және басқа снарядта сол құсап шыр көбелек айналу — бәрімізге арман. Коростиндей болмасақ, біз әлі солдат емеспіз.

Коростиннің бір қорбиған ойыншық Мишкасы қонжығы бар. Қолы қалт еткенде, ол осы қонжығын құшақтап, бетіне бетін басады. Сол сәт қонжықтың қатқыл ұзын жүні иесінің бетінің қытығына тиеді білем, мәжірежай болып, жымың-жымың етіп рақатқа батады, секпіл бетін қызыл арай көмкеріп, жаңа шығып келе жатқан күндей болып алаулайды. Жүзінен бейкүнә сәби шаттығы шашырап, көгілдір көзі мейірім төгеді.

Коростин ертеңгілік төсек-орнын жинағанда, қонжығын жастығының үстіне отырғызып жатып, дәл бір інісімен сөйлескендей, дәудірлеп кетеді:

- Кішкентай солдатым менің! Отыра ғой ал. Не, кешке дейін тапжылмай отыру, күту ауыр болып жүр ме? Қайтерсің енді, солдат өмірі — қатал. Тәртіп керек мұнда.


- 131-


Солдат бұйрықты орындауға міндетті. Сен де солдатсың. Саған бұйрық: «Отыр!». Қозғалмай отыр ендеше, сені өзі ешкім ренжітіп жүрген жоқ па? Ой, қой! Не болса соған жаси ма екен жігіт деген. Төзім керек, бауырым Мишка. Солдат — от пен суды, ыстық пен суықты елемейтін адам. Неге де болса қасқайып қарсы тұрады ол. Ал саған не жоқ? Қой, мұның болмайды. Сен де төзімді, қайсар, қажыр-қайратты болуды үйрен.

«Апырау, мұнысы несі екен?!» деп таңданып жүрдім мен. Кейде түрлі жаттығу ойындарының, сабақтардың арасындағы үзіліс кездерінде казармаға кіре қалсам, қаз-қатар төсектердің үстіне үш бұрышталып сап құрып жиналған жастықтардың арасыңда делдиіп отырған қонжықты көретін едім. «Ештеңе етпейді, отыра тұр. Шыда. Солдат көнбіс болуы керек. Кеш болсын, сонда иең қолына алады, қуанышқа кенелесің» деп күбірлегенімді өзім де білмей қалатынмын.

Қонжығын Коростин түнде қойнына алып жатады. Көрпесімен қымтап жатып, казарма ішіндегі кезекшіге:

- Түнде қарап қойыңдар, қонжық ашылып қалмасын. Мұның ұйқысы жаман қорбиып алып. Солдат өмірі ұйқышыл маубасты сүймейді, — деп қояды.

- Құп болады, кіші сержант жолдас! Бізге сеніңіз, қонжық ашылмайды. Біз — сергек солдатпыз.

- Дұрыс. Мен сендерге сенемін. Ал, Мишка, ұйықта, ұйықтау керек. Бәріміз де ұйықтайық, балалар.

Кешке дейін тыным көрмей шаршаған взвод командирі демде қалың ұйқыға кетеді. Кезекшінің алдында ұзақ түн бар. Мен де талай рет кезекші болдым. Сонда көзіме небір дүлей ұйқы тығылғанда, қызғылт шашына дейін тыныстап ұйықтап жатқан Коростинді, оның мойнына тұмсығын тығып, жабыса түскен қонжықты көрген сайын жатардағы әңгіме есіме түсіп, денем сергіп жүре беретін. Шырт ұйқыдағы жігіттерді бір шолып шығып, қонжықты, оның иесін маңайлап өтемін. Кейде, шынында, қонжықтың көрпесі ашылып қалады, ақырын басып барып, ептеп қымтап қоямын.

Өз достарымыздың тыныш ұйқысын күзетіп, көз ілмей таң атыруды біз осылай оп-оңай үйреніп алдық.

Ойыншық қонжықты өстіп жас солдаттардың барлығы жақсы көріп кетті. Тіптен, ол біздің жаңа, жасқана

- 132-


қадам басқан солдаттық өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің қонжыққа соншама пейіл болуымыз оның иесіне деген ілтипатымызбен сабақтасып жататын тәрізді еді. Жақсы адам үшін жан пида емес пе, біз кіші сержант Коростиннің бір айтқанын екі еткізіп көрген емеспіз.

Коростиннің қонжықты жанындай жақсы көретінінде бір құпия бар сияқты болып көрінеді де тұрады маған. Сол құпияны білуге құштар болдым да жүрдім. Бірақ оны аты-жөні жоқ сұраудың өзі ыңғайсыз емес пе? Өзімен бір оңаша қалудың реті келе қоймады.

Бірде кешкілік шылым тартатын орында жалғыз отырғанмын, жаныма Коростин келе қалды. Екеуіміз біраз өзді-өзімізбен отырдық. Мен көптен күткен қолайлы сәт қой бұл, сұрайын деп бірнеше рет оқталдым. Бірақ бір түрлі ыңғайсыздана бердім. Ақыры қызықтаушылығым жеңді:

- Кіші сержант жолдас, сіз қонжықты неліктен сонша жақсы көресіз? Меніңше, мұнда бір құпия сыр бар сияқты.

- Солай ма, Болат? Рас па? Оны кейін айтармын, қазір ерте.

Қазір ерте. Міне, қызық! Қызықтаушылығым одан сайын артты. Амал қайсы, командирден ежіктей сұрай беруге жол жоқ. Бітті, өзі айтқанша күтіп жүре беру керек.

Бекен, сен де ендігі хатты күте тұрсаң қайтеді? Не жазу керектігін біраз ойлап, елеп-екшеп алмаса болмас. Не болса соны төпеп жаза беру жақсы емес, әрине. Оның үстіне біздің мұнымыз құр амандық-есендік білдіретін хат емес, солдаттар туралы хикая болып бара жатқан сияқты. Шыныңды айтшы, ағаң қалай жазады екен? Мейлі, айтпай-ақ қой, маған сенің өтінішінді орыңдағаным да жетіп жатыр.

Сау бол!

Ағаң Болат.

ОН ЕКІНШІХАТ


Кезектен тыс наряд немесе Әлтайдың тымағы туралы
Таңертеңнен кешке дейін отыз асаумен алысу оңай ма, Коростин қатты шаршайтын. Рас, Бекен, бізді бас білмейтін асау десе болады. Арынымыз қатты, құштарлығымыз жеткілікті, бірақ не тындыратынымызды, нені

- 133-


бүлдіретінімізді білмей, тәлтіректеп қаламыз. Бір себептен бізді жаңа аяқтанған жас төл десе болар. Бізге күні бойы солдат өмірінің әліппесін үйрететін жалғыз адам кіші сержант Коростин. Білгіміз келгенді содан сұраймыз, келіспей жатқан қимылымызды, ұқсамайтын тірлігімізді сол түзеп, жөнге салады.

Жас жауынгер курсы — өтпелі мерзім. Мұндағының бәрі уақытша.

Старшина Рагозин де — негізгі жұмысы басқа, бізге командир болу уақытша қосымша тапсырылған адам. Содан болар, ол бізді ертеңгілік бір, кешкілік бір сапқа тұрғызып, үсті-басымызды, етігіміздің нәлінен бастап, тымағымыздың бауына дейін бір қарап шығады. Бір жеріңнен титтей кемшілік көрген екен, аямайды. Жағаңның астарын кішкене бір кір шалсын, қалтаңда қол орамалың, яки тарағың болмай қалсын, нәлің босасын, не түймең жарқырап тұрмасын, бітті, сап алдына шығарып қойып, кезектен тыс бір наряд жариялайды. Оны жүзеге асыруды Коростинге тапсырады да кетеді. Содан қайтып оны бұл күні көру-көрмеуіміз екіталай, есесіне берген наряды кешке дейін өз күшін жоймайды, мойнымызға ілінген жүк ол. Орындап барып қана құтыласың одан.

Кезектен тыс наряд — жас жауынгерге берілетін жазаның ең бір өтімдісі. Біз оны Рагозиннен ғана емес, Коростиннен де аламыз. Айтқанға көнбей, қиқаңдап, жөн-жосықтан шығып бара жатқан балаларға кезектен тыс наряд беріп қоймаса болмайды, әрине. Мұның өзі әуелім керек қажеттілік. Командирдің айтуынша, бұл — тәрбие құралы. Ал ол құралды командирдің бәрі пайдалануға тиіс. Иә, тиіс, әйтпесе командир көңілшек аталады.

Тиіс болған соң Коростиннің де бізге кезектен тыс наряд жариялап қоятыны бар. Бірақ оның наряд берген ғұрлы құты қашады. Бөлімшені сапқа тұрғызып, тәртіп бұзған адамды алға шығарардан бұрын, өзі қып-қызыл болып кетеді. Мұнысы ашудан гөрі ұялуға ұқсайды. Шын, ұялады. Өз қаруластарына кезектен тыс наряд беруден асқан азап жоқ шығар, тегі. Қайтсін енді, әскер заңы осы. Мұнда арқаңнан қағатын ата-анаң жоқ. Жақсы қызмет еттің бе, алатының — алғыс, жаман болдың ба, еншің — наряд.

Кезектен тыс нарядтың ең жаманы — оқу-жаттығу

-134-

уақытынан тысқары кезде өтелінеді. Кешкі астан соң, жұрттың арқа-басы босап, жаппай кең тыныстануға кіріскенде, наряды барлар артына қарай-қарай асханаға кетіп бара жатады.



Осындай қорлықты маған да көруге тура келді. Ертеңгі сапта тұрмыз.

Старшина Рагозин үсті-басымызды тексеруден өткізе бастады.

- Бас киімдеріңді алыңдар!

Бас киімімізді оң қолымызға алдық. Старшина бәріміздің тақыр басымызға «неғыпты, шашы өскен біреуі бар шығар» деген кейіппен үңіледі. Ондай адам қайдан болсын, «карантинде» шаш қоюға рұқсат жоқ. Старшинанікі - дағды. Әлтай болмаса, шаш қоюға асығып жүрген ешкім де жоқ.

- Жағаларыңның түймелерін ағытыңдар!

Бәріміз гимнастеркамыздың түймесін ағыттық. Старшина әрқайсымызға таяп кеп, жағамызға шұқшиды.

- Сенің фамилияң кім?

- Ыстыбаев.

- Қатардағы жауынгер Ыстыбаев, саптан шық!

Қармаққа бірінші болып Әлтай ілікті. Саптың алдына шығып, бізге қарап жымың-жымың етіп тұр.

- Оң өкшелеріңді көтеріңдер!


Көтердік.

Старшина, әскер тілімен айтқанда, тыл жағымыздан келіп саптың басынан түсіп аяғына қарай өкшемізді көзімен сүзіп барады. Орта тұста - менің тұсыма келіп тоқтай қалды.

- Қатардағы жауынгер, саптан шық!

Кімге айтып тұр? Менің етігімнің нәлі орнында. Ешкім орнынан қозғалмады.

- Қатардағы жауынгер Смағұлов!

Коростин Рагозиннің менің фамилиямды білмейтінін осылай түзеп жіберді.

- Қатардағы жауынгер Смағұлов, саптан шық! Нәлің босаған.

Рас, ептеп қана босап еді, қалай біле қойды, ә?

- Құп болады?

- Тексеру бітті.

- Взвод, смирно!

- 135-


- Қатардағы жауынгер Ыстыбаев, қызмет атынан кезектен тыс бір наряд жариялаймын!

- Бар, бір наряд.

- Қатардағы жауынгер Смағұлов, қызмет атынан кезектен тыс бір наряд жариялаймын!

- Бар, бір наряд.

Кешке Коростин бізді асханаға ертіп әкеліп, аспаз солдатқа тапсырды:

- Юсуп, мына екі жігітті көп ұстама. Картопты аршып берсін де қайтсын. Жастар ғой, шаршап жүр.

- Құп болады, кіші сержант жолдас!

Коростин кетісімен Юсуп аспаз бізді айналдыруға кірісті.

- Уа, жерлестер, қане, арши білесіңдер ме?

- Неге білмейміз?

- Білемін.

- Онда жақсы. Осы жарты қапты аршып бітірсеңдер, болғаны, қайтарамын, тездетіңдер.

Біз картопты жан-тәнімізді салып аршып жатырмыз.

- Әй, бала, бері келші.

Әлтай екеуіміз бірдей жалт қарадық. Юсуп есік көзінде тұр екен, сұқ саусағымен мені шұқыды:

- Сені айтам. Сен кел бері.

Юсуп әрі ас пісіретін бөлмеге еніп кетті. Ізінше мен де кірдім.

- Бала, сен маған ұнап қалдың. Пышақ ұстауың, картоп аршысың жақсы екен. Маған жәрдемші керек, соған сені қалап тұрмын. Сен тек келіссең болды, арғы жағын өзіме қоя бер. Қызметің жеңіл болады, өстіп жүресің астың арасында.

- Жоқ, қажеті жоқ.

- Неге?

- Мен әскерге аспаз емес, солдат боламын деп келгенмін.

- Ал не, сонда мен солдат емеспін бе?

- Қайдам.

- Қайдамың нең, сен мені солдат емес деп тұрсың ғой. Жоқ, мен — солдатпын. Солдат болғанда да нағыз өзімін. Аспаз болу — маған берілген жауынгерлік тапсырма. Менің дәмді тамағым, біле білсең, солдаттың бәрін ұстап тұрған. Есіңде болсын, қарны тоймаған солдат түкке жарамайды. Сен мұны өмір-бақи есіңде ұста.

- 136-

- Кім білген?



- Мен білем. Қажет болса, саған да білдірем.

- Қалайша?

- Солайша. Ерегіскенде, мен ертең комбатқа айтып, сені көмекшілікке сұрап алам. Сен менің қол балам боласың, қайда жұмсаймын, солай қарай ұшып тұрасың.

- Жоқ. Мен солдат боламын.

- Сорлы-ау, оның несі жақсы? Күн-түн қатып поста тұрасың, оқу-жаттығуға шыққанда алаөкпе болып кабель тарқатасың, жинайсың.

- Несі бар, әбден жақсы, қолымда ожау емес, автомат болады.

- Мынаны қарай көр, ей, салага. Сендей қызметшілді көргенбіз біз. Өз обалың өзіңе, бар! Ана сарыны жібер. Армия қатарында қызмет етуді жайлы-жайсызға бөліп алғанын қарашы, ей? Өзі тағы кеуде кереді!

Әлтай кеткен, екеуі көпке дейін күбірлесті. Аспаз Юсуп кеңкілдеп күліп қояды. Содан әжептеуір уақыт өткен соң барып оралды-ау Әлтай. Сойған түлкі құсап жымың-жымың етеді.

- Болат, айым оңынан туды.

- Иә.


- Аспаз болатын болдым.

- Оның несі жақсы?

- Сен не білесің? Сеңдер жаз күнге шыжып, қыс бүрсеңдеп тоңып жүргенде, Әлтекең отырады асханада жылы-жұмсақты соғып.

Біздің алғашқы командиріміз әскерде қызмет етуді бұлай түсінбейтін сияқты еді. Юсуптың үгітіне қалай оңай көне кеткен, ә? Бәсе, тым жылдам едің, жұқсыз болып жүрмегін, Әлтайжан.

Мен Әлтайға жирене қарадым. Әлтай бір түрлі жып-жылмағай болып қалған сияқты. Қандай да бір нәрсесі жетпей, жараспай тұр. Ол не? Әлтайдың басына, аяғына қараймын, ештеңе көре алмаймын.

- Әй, Әлтай-ай, бала екенсің сен әлі.

- Баршы өзің. Не, мына тымақты айтып тұрсың ба? Бізге, салагаларға осы да жетеді. Біз еңдігі жылы келген жастардікін аламыз. Аспаз болсам, табылады маған тымақтың көкесі.

Міне, әңгіме кайда? Юсуп, ашығын айтқанда, Әлтай-


- 137-


дың тымағын алдап алып қойыпты. Әлтайдың сөмпиіп тұрғаны ескі тымақтан екен.

- Әлтай, сен бос сөзді қой, тымағыңды ал. Ұят болады.

- Кімнен?

- Өзіңнен.

- Қалайша?

- Юсуп сені алдап отыр. Алдану — ақымақ болу.

- Баршы өзің. «Өз ақылым — ақыл-ақ, кісі ақылы -шоқырақ!» дегенді естіген шығарсың.

- Кіші сержант Коростинге не дейсің?

- Не деймін, тымақ өзімдікі, не істеймін, өзім білемін.

- Өзің білмейсің, бар, ал тымағыңды. Солдаттың бір міндеті — киім-кешегін ықтияттап киіп, оларды уақтылы тазалап, ретке келтіріп тұру.

Біз байқамаппыз, Юсуп есік көзінде тыңдап тұрыпты.

-Жарайсың, Әлтай! Бар, қайта бер казармаға. Дем ал, ұйықта. Ал мынау таң атқанша аршиды картопты.

Әлтай ыржақтап мәз болды:

- Құп болады, бас аспаз жолдас! Кеттім ал.

- Мен де кетемін.

- Жоқ. Сен қаласың.

- Неге? Наряд Әлтай екеуімізге бірдей жарияланған, бірдей өтелінеді.

- Мынау бір қырсық қой, ей. Бар, барыңдаршы екеуің де көзіме көрінбей. Айтпады деме, саған қызмет ауыр болады.

- Жеңіл болу үшін үстімдегі киімімді үлестіруім керек екен ғой. Жоқ, мен ондай алаңғасар емеспін.

- Көресің, бұл асаулығыңнан түк те шықпайды, құр босқа қор боласың. Бар, барыңдар екеуің де.

Әлтайға қарағым келмей қалыпты, казармаға ләммим деспеген күйі келіп, өзді-өзі жастығымызға

бас қойдық.

Кіші сержант Коростин Әлтайдың тымағынан айрылып қалғанын ертеңгілік бірден байқады. Тұрып жатқанбыз, Әлтай аспаздың көнетоз тымағын басына апара берген.

- Қатардағы жауынгер Ыстыбаев, кел бермен!


Әлтай тапырақтап барып, Коростиннің алдына қалт тұра қалды.

- 138-


- Кіші сержант жолдас, қатардағы жауынгер Ыстыбаев сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр.

- Қатардағы жауынгер Ыстыбаев, тымағыңыз қайда?

- Т-т...

Коростин ашулана да біледі екен.

- Тоқтат сөзді! Юсупке бергенсің. Бұл не, жағымпаздық па, жоқ, ашықауыздық па? Біліп қой, әскерде оның екеуіне де, әсіресе, қорқақ болуға жол жоқ. Бар, жүгір! Бір аяғың асханада, бір аяғың осында болсын! Тымақсыз келме, қара түрін!

Әлтайда ес қалмады, асхананы бетке алып безе жөнелді. — Осы да біздің алғашқы командиріміз болды-ау!

- Вагонда сонша тұштаңдап еді, бәсе. Пысық па деп ем, пәтуасыз екен ғой.

Өмірзақ пен Әкім қуары жоқ әңгіме айтып тұр, әрине, мен Әлтай үшін қатты ұялдым.

Күні бойы өз-өзімнен біртүрлі ыңғайсызданып, Коростинге қарай алмадым. Бұл күйімді ол бірден сезген екен, кішкентай бір оңашалана бергенде оң иығыма қолын салып, ақырын сыбырлағандай етіп сөйледі.

- Болат, мен сені түсінемін. Сен өзіңді кінәлі санап жүрсің. Мұның — дұрыс. Солдат өз басының қамынан гөрі взводтың арын көбірек ойлауы керек. Юсуп Ыстыбаевтың тымағын алдап алып қана отырған жоқ, бәрімізді мазақ етпек. Бұған жол беруге бола ма?

- Жоқ.


- Міне, өте жақсы.

- Қап! Түнде Әлтайдың тымағын Юсуп алдап алғанына неге ғана көндім екен, ә? «Тымақ менікі емес, Әлтайдікі, мейлі» деген самарқау сезім болды ма? Жоқ, бір кісідей-ақ шырқырап айттым емес пе, Әлтайға. Босбелбеу екен, көнбеді.

Біздің, бір взводтың солдаттарының жанымыз да, арымыз да бір екен. Кезектен тыс наряд арқалап, асханаға тағы барармыз, бірақ Юсупке алдану қайда енді! Біз көп нәрсені үйреніп қалдық. Дегенмен...

Бекен, бұл «дегенмен» жайлы келесі хатта жазайын. Тағы бір үзіліс жасап алғанымыз жөн шығар. Сау бол!

Ағаң Болат.

- 139-


ОН ҮШІНШІХАТ
Солдат тапқырлығы деген бар
Келесі күні Әлтай екеуіміз казармаға кезекші болдык, бұл — кәдімгі заңды наряд.

Жігіттер оқу-жаттығу сабақтарына кеткен соң:

- Ал, Әлтай, тағы бірдеңені бүлдіріп жүрмейік, жақсылап тұрып атқарайық міндетімізді, — дедім.

Кешегіден көңілсіз жүрген Әлтай:

- Әрине, қатырайық, — деп қуанып кетті.
Шынында, екеуіміз кешке дейін бір тыным көрмедік.
Демалыс бөлмесін, казарма ішін, бізге тиесілі тағы басқа толып жатқан бұрыш-бұрыштың бәр-бәрін айнадай қылып жудық, сүрттік. Телефон шылдырына «Рубин-2» тыңдап тұр!» деп тақ-тақ етіп жауап бердік. Бәрі дұрыс.

Кешке қарай жігіттер келердің алдында казарма ішіндегі үлкен екі пешті жағу керек болды. Пеш күндіз жағылмай, түңде қыз-қыз қайнап тұратын.

Мен қолыма шелекті алдым да, тамызық, көмір әкелуге отын қоймасына тарттым. Әлтай пештің күлін алуға кірісті.

Қойманың есігін аштым, іші толған көмір, тамызық боларлық түк жоқ. Шелекке көмір толтырып әкелдім.

- Ал жағайық, тамызығың қайда?

- Тамызық жоқ.

- Енді қайттік?

- Білмеймін.

- Білмейсің, ә? Білмейсің, жассың. Тоқтай тұр оңда. Мұндайда солдат тапқырлығы қажет. Қазір.

Әлтай сыртқа шығып кеткен, демнің арасында қолтығына ұзындығы екі құлаштай тақтай қысып оралды.

- Ал, мә, мынаны жар.

- Мұны қайдан алдың?

- Оны қайтесің? Мен таптым, сен жар да, от жаққаныңды біл.

- Жоқ, сен алдымен айт, тағы бірдеңені бүлдіріп жүрген шығарсың.

- Онда әкел бері, өзім-ақ жарайын.

- 140-

- Жармайсың. Қайдан шыққан тақтай бұл? Мен соны білмей, жарғызбаймын.



- «Солдат тапқырлығы» дейді мұны. Миға жұмыс істету керек адам деген, сонда бәрі табылады.

Біз өстіп кеу-кеулесіп жатқанда казармаға старшина Рагозин кіріп келді. Екеуіміз сыптай болып тұра қалдық. Мен кезекшілігім жайлы баяндадым:

- Старшина жолдас, кезекшілік ойдағыдай өтуде. Ешқандай төтенше оқиға болған жоқ. Кезекші — Смағұлов.

- Қане, не істеп жатырсыңдар?

- Пеш жағып жатырмыз, старшина жолдас.

- Көрсетіңдерші. Қалай жақпақсыңдар?

Пешке таяр-таямастан, старшинаның ашулы үні бұрқ ете қалды:

- Не істегенсіңдер сендер? Мына тақтайды қайдан алдыңдар? Қоршау қабырғадан жұлып алыпты-ей!

Әлтай құп-қу болып кетті. Мен состиып қаттым да қалдым. Старшина екеуімізге тесіле қарады.

- Солдат тапқырлығын үйренгендерің ғой. Бұл тапқырлық емес, бүлдірушілік. Айтыңдар, қайсыңның ісің?

- Мен...

- Сен болсаң, апар, шегеле орнына! Апырай, бұл не деген тәртіпсіздік?! Екеуіңе кезектен тыс екі нарядтан жариялаймын. Келген соң, Коростинге айтыңдар. Ал қазір сен бар, мынаны апарып өз орнына қақ!

- Құп болады, старшина жолдас!
Әлтай құлдыраңдай жөнелді.

Кіші сержант Коростин біздің хабарымызға мырс етіп күліп жіберді де, дереу езуін жиып ала қойды.

- Бұларың не енді? — деді содан соң.

Мұнысы кінәлағаннан гөрі, «кайтейін, боссыңдар. Ештеңе етпейді, әлі-ақ пысисыңдар» дегенге көбірек ұқсайтын еді. «Әбден шаршатып біттік-ау өзін!» Қайтеміз енді, аянып жүргеніміз жоқ, бірақ жақсы ниетіміз, іс-әрекетіміз тәжірибесіздіктен діттеген жерден шығара бермейді.

Бекен, біз өстіп жүріп жас жауынгер курсының қалай тез өтіп кеткенін білмей де қалыппыз. Еңдігі әңгіме солдат өміріндегі ең салтанатты оқиға туралы болады. Сау бол.

Ағаң Болат.


- 141-

ОН ТӨРТІНШІ ХАТ
Жауынгерлік ант қабылдау — нағыз солдат болу
Ертеңгі саяси хабарлама кезінде старшина Рагозин:

- Ал, сұңқарлар, ертең жауынгерлік ант қабылдайсыңдар, нағыз солдат боласыңдар, — деді.

- Қазір кімбіз соңда?
Қайран Әлтай, бәрін біледі, сонда да бір көрініп қалуы керек оның.

- Қазір... Былай айтқанда, жауынгерлік ант қабылдағанша, сендерді шынымен солдат деуге болмайды. Қазір жеке қару-жарақтарың жоқ, сақшы болмайсыңдар, жауынгерлік тапсырма орындамайсыңдар, тағы-тағы... Қысқасы, жассыңдар сендер.

- Кезектен тыс наряд ше?

- Е-е, ол жәй ғой.

- Сонда біз оны бекер орындап жүріппіз де.

- Неге? Жоқ. Ол — командирдің бұйрығы.

- Қап, бекер орындаған екенмін-ау?
Жігіттер сұрақты ал кеп жаудырсын.

- Жауынгерлік ант қабылдамаған адамды әскери трибуналға бере алмайды екенсіздер ғой. Сол рас па?

Өмірзақтың мұнысы енді басалқалы сұрақ.

- Рас, болуы да мүмкін. Өз басым ондайды көрген емеспін. Жауынгерлік ант қабылдамаған адам әскери адам емес, әрине.

- Сонда біз несіне келгелі бері арам тер болғанбыз?
Әкім, тегі, бірбеткей жігіт. Қалай тайсалмайды, ә?

- Сендер арам тер болған жоқсыңдар, солдат өмірінің әліппесін үйрендіңдер. Оның бәрі қызметтеріңде керек болады.

Мен де қарап отыра алмадым:

- Картошка аршу да керек бола ма?.

- Керек болады.

- Құрысын картошка аршығаны.

- Ыстыбаев дұрыс айтады, түнде ұйқыдан қалып, Юсуптың малайы болып, картошка аршудың қажеті қанша еді? Ақымақ болған екенбіз.

- Неге? Ол — тапсырма.

Бірақ жауынгерлік тапсырма емес.

- 142-


- Ол - Отанға емес, аспазға қызмет ету.

- Жоқ. Олай емес, Юсуп Алматының көкбазарында тұрған жоқ, сендерге тамақ істеп жүр. Оның қызметі -осы.

- Сонда да.

- Біз әлі ант қабылдағанымыз жоқ, солдат емеспіз, бұйрықтың бәріне бірдей бас шұлғи бермеу керек еді.

- Әсіресе Хамидовтың қорлығына төзгенімізді айтсаңшы!

- Болды, болды! Ертеңнен бастап солдат та боласыңдар, бұйрық та жүреді. Бос сөзді доғарайық, нақты іске көшейік. Бүгін кешке өздеріңді, киімдерінді ерекше дайындыққа келтіріңдер. Жауынгерлік антты жаттап алдыңдар ғой.

- Жаттап алдық.

- Қараңдар, ертең қолдарыңа жауынгерлік антты бергенде қарап тұрып жатқа соғатын болыңдар!

- Құп болады, старшина жолдас!

- Мен сендерге сенемін! Сендердің жаңағы көп сұрақтарыңа жауап мынау - мен оны талай айтқанмын - әскерге шақырылған әрбір азамат өз жолдастарының сапы алдында, командирлердің көзінше, Жауынгерлік Ту астында қару-жарақты қолына ұстап тұрып, Отанға, халыққа адал боламын деп салтанатты ант сөзін айтады. Анттан айныған адамның кім болатынын мен айтпасам да білетін шығарсыңдар.

- Білеміз.

- Білсеңдер, бәріңе табыс тілеймін! Біз кіші сержант Коростин екеуіміз ант талабының ауыр екенін әбден түсіндірген сияқтымыз. Әскери ант бәріңді адал да шыншыл, батыл да ержүрек, тәртіпті де сақ, Отанға, халыққа берілген, Отанның білгір де сенімді қорғаушысы болуға, әскер және халық мүлкін сақтауға міндеттейді. Сендердің осы талаптың бәріне жауап беретін солдат болатындарыңа мен күмән келтірмеймін. Сендер жақсы болсаңдар, біздің еңбегіміз жанғаны. Ант қабылдау салтанаты өте жақсы өтсе екен енді.

Командирдің жанашыр сөзі-ай, шіркін! Ол – адамға қанат бітіріп, жігерлендіретін, құлшындыратын күш. Мұндайда солдат барын салады. Біздің дайындығымыз ерен болды: жауынгерлік антты бәріміз жатқа соғамыз,

- 143-


киіміміздің бәрі өтектеулі, түймелеріміз, белдігіміздің доғасы, етігіміз — бәр-бәрі жалт-жұлт етеді.

Ертеңгі астан кейін бүкіл батальон жарқырап киініп, плацқа сапқа тұрғызылды. Саптың басыңда біздің — жас жауынгерлердің взводы.

Батальон сіресіп қатып қалды. Плацқа әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы шығарылды. Жауынгерлік Туды мен неге үлкен әріптермен жазып отырмын? Біліп қой, Жауынгерлік Ту — жауынгерлік ар, абырой мен даңқ белгісі. Оны бәріміз көздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек. Ол жайшылықта әскери бөлімшеде сақталады. Соғыста майдан даласына алып шығарылады. Ту жау қолына түспеуі керек. Ту жоғалса, әскери бөлімше таратылады. Кінәлілер жазасын алады.

Батальон командирі подполковник Халявин аяғын нық-нық басқан күйі, біздің алдымызға келіп қалт тұра қалып, даусын қатты көтеріп:

- Саламатсыздар ма, жауынгер жолдастар, — деді.

- Денсаулық тілейміз, подполковник жолдас!

Біз бұл сөздерді бір үнмен, бір деммен айттық. Даусымыз жақсы шықты.

Подполковник риза кейіппен саптың басына қарай беттеді. Ол жерге үстіне қызыл қыжым жабылған үстел қойылып, соның басында біраз офицерлер шоғырланып тұр.

Жас жауынгерлерді біртіндеп шақыра бастады. Саптан шығып, салтанатты жүріспен үстелге жақындауың, жауынгерлік антты ұстап тұрып оқуың, жақсысы жатқа айтуың, сөйтіп барып, сыптай болып орныңа қайтуың керек. Бұл кезде бүкіл батальон саған үңіледі. Бәрі сынап тұр: мынау не үйренді екен, қандай солдат болды екен?

Кезек маған да келді. Белгісіз бір құдіретті күш дедектетіп ала жөнелді. Намыс, жігер оты бет-жүзімді алаулатып жіберді. Бар ынта-жігерім қалайда сыптай болып нық-нық басып барып, әскери антты сенімді үнмен жатқа соғуға жұмылған. Барлық қимылым үйлессе екен, ант сөздерін айтқанда мүдірмесем екен! Осыдан басқа ой жоқ, басқа дүниенің бәрі ұмыт. Абырой болды, бәрін ойдағыдай орындап шықтым.

Кіші сержант Коростиннің еңбегі зая кеткен жоқ, жігіттердің барлығы әскери ант қабылдау рәсімін ойдағыдай өткерді.
- 144-

Коростин бұған қатты қуанды. Бағанадан бері бір жанып, бір сөніп тұрған оның бұл кейпін шәкірті сынға түскен бапкермен ғана салыстырса болар, кеудесін кере еркін бір дем алды:

- Болды! Бәрі дұрыс! Жарайсыңдар, жігіттер!

Бәріміздің арқамыздан ауыр жүк түскендей болды, дүние кеңіп, плац жайнап шыға келді: айнала алқызыл ту, үрмелі аспаптар оркестрі ойнап тұр. Біз шын солдат болдық.

Дәл осы жерде бізді рота-ротаға бөлді. Біз нағыз солдат сапына тұрып, бөлімше туы, батальон командирі, офицерлер алдынан салтанатты маршпен өттік.

Бекен, біліп қой, кейін осы салтанатты сәтке әбден жақсылап дайындалатын бол. Бөлім командирінің алдынан өткеніңде қатарыңнан қалмайтыныңды көрсет. Көресің, солдаттың өмірі өңкей сыннан тұрады. Солардың бірде-біреуінен сүрінуге хақың жоқ, бәрін устав талабына сай, тындырымды, сапалы атқаруың керек. Өйтпейді екенсің, көзге түрткі боласың. Командирлерді былай қойғанда, қаруластарыңның өзі қоңаштайтынды шығарады. Сондықтан да, бауырым, солдат болуға қазірден дайындала бер: барлық жағынан шынық!

Білдің ғой. Білсең болды.

Ағаң Болат.

ОН БЕСІНШІ ХАТ
Атамдардың аманаты орындалды.

Біз — мергенбіз
Мен кіші сержант Коростин қызмет ететін взводқа тап болдым. Нағыз әскери қызмет енді басталды. Автомат асынып сақшы болу, алғаш рет нысана ату, әскери техниканы меңгеру — осылардың бәр-бәріңде Коростин ақылшы аға болудан айныған емес, тіптен қимылымыз үйлеспей, бір нәрсеміз келіспей жатса, қатты қысылатын. «Карантин» кезінде жөндеп үйрете алмаған екенмін-ау деп өкінетіні көрініп тұрады: біресе қызарып, біресе қуарып кетеді.

Біз кіші сержантты ыңғайсыздыққа душар етпейік-ақ дейміз, бірақ келісімсіз жайлар, өкінішке қарай, кездесіп қала береді.

- 145-

Взвод нысана атуға барды. Жас жауынгерлер курсында автоматты қалай ұстау, нысананы қалай көздеу шүріппені еппен жайлап басу керек екенін бізге кіші сержант Коростин аз үйреткен жоқ. Арнаулы станокта ет петтеп жатып та, тізерлеп отырып та нысананы көздеп атуды әбден үйренгенбіз. Шүріппені баса бере, жалмажан «жиырма екі» деп қоя бере салуға әбден-ақ жаттыққанбыз. Сол қас қағым сәтте екі оқ атылып үлгереді екен. Автомат минутына 600 оқ атады. Неткен жылдамдық?! Қолыңды шүріппеден дереу тарта алмай қалдың ба, оқшантайдағы барлық оқтан айрылдым дей бер. Біз мұны жақсы білеміз.



Міне, енді Әлтай екеуіміз автоматымызды кезеніп, нысананың көрінуін күтіп жатырмыз. Нысана қылт етіп шығады да, он секунд қана тұрып жоқ болады. Сол кезде дәл көздеп атып үлгеруің керек.

Нысананы күту не, өзіне мылтық оқпанын кезенсе де Әлтай қарап жатқан ба:

- Болат, атаң снайпер бол деп еді ғой. Ал көрсет өнеріңді, — деп сыбырлады.

- Сен ше? Мировой мерген боламын дегенің қайда?


Старшина Рагозиннің:

- Неге сөйлейді, ей, мыналар? Не, мұны білмей ме бұлар? Ал атыңдар? — деген өктем үні естілді.

Сөйтсек, біз бір-бірімізді қағытып жатқанда, нысана каздиып шыға келген екен. Екеуіміз де атып үлгере алмай қалдық, нысаналарымыз лып беріп жоқ болды.

Нысана көрінсе, қағып түсіреміз-ау деп лепіріп-ақ шығып едім шепке. Әлтай жермен-жексен етіп тынды. Нысананың қайта көрінуін күтетін болдық. Енді тигізсек те ештеңе емес, бірақ бір балымыз кемиді.

- Жігіттер, абыржымаңдар, тынышталыңдар? Әлі де кеш емес, абайлаңдар! Ал енді ақылды болыңдаршы! Бәрі дұрыс болады.

Коростин өстіп әрі өтініп, әрі демеп жатыр. Сол сәт Әлтай екеуіміздің нысанамыз да сопаң етіп шыға келді. Көздеп тұрып, шүріппені ақырын бастым. Жиырма екі — та-та! Нысана жалп ете қалды. «Ата, мен мерген болдым! Кіші сержант жолдас, сіз бізге өте жақсы үйреткенсіз! Жаңа мен қапы калдым, әйтпесе осы енді, мен — мергенмін!».


- 146-


Әлтай тағы да атып үлгере алмады. Жатыр. Нысананың үшінші рет көрінгенін күтеді. Старшина Рагозин:

-Қатардағы жауынгер Ыстыбаев, тұр орныңнан! – деп бұйрық берді.

Әлтай жатқан жерінен сүйретіліп әрең тұрды. Мейлі, нысананы көздей алмай-ақ қойсын, мейлі, старшинаның ашуы келіп тұрсын. Әлтай қайтіп қуланбай қалсын?!

- Старшина жолдас, маған мына Смағүлов кедергі жасады. Мен көздей бергенде, бұл «салаганың» автоматы тырылдап кетті.

- Тоқтат сөзді! Кіші сержант Коростин, мына солдатты былай шеткерірек апарыңыз да үйретіңіз әбден.

- Құп болады, старшина жолдас!

Кіші сержант Коростин Әлтайға ашуланған жоқ, қайта ақырын-ақырын сөйлеп барады.

- Бұл ештеңе емес, бұдан да сорақы жасағандар болған. Ең бастысы - жүрек тоқтату. Қолға оқтаулы автомат алып алға шыққанда, солдат өзін нық сезінуі тиіс. Өзіңе, қаруыңа сен, оқу-жаттығу кезінде үйренгеніңе сүйен. Бітті, бар болғаны осы.

- Құп болады, тырысып бағам, кіші сержант жолдас!

- Міне, енді дұрыс. Сен жақсы атуға тиіссің. Мен білемін, сен ата аласың.

Мұндай адам үшін жан пида, екінші рет Әлтай нысананы бірден жалп дегізді.

Анада шығарып салу салтанатында бізге тапсырылған аманат орындалды: біз мерген болдық! Солдаттың бас қаруы - бір-бір автоматтың иесіміз біз енді.

Бекен, атамдарға осы да жетер, ал Қарулы Күштерге бұл мүлде жеткіліксіз. Солдат автоматты ғана емес, күрделі әскери техниканы да меңгеруі керек. Біз қазір осыған кірістік.

Алғашқы хатымда айтқанымдай, мен ол әскери құпия жөнінде ештеңе де жазбаймын. Онсыз да мен аз сілтемеген сияқтымын. Осымен доғарсам да болар еді. Сержант Коростин мен оның қонжығының бірер әңгімесі қалып барады екен. Соларды екі хатқа сыйғызайын да қояйын.

Ендеше, тағы бір демалайық.

Ағаң Болат.


- 147-


ОН АЛТЫНШЫ ХАТ
Қонжық Мишка - дос белгісі
Жерге алғашқы қар түсіп, қыс хабары білінгенде, қызметін өтеу мерзімі біткен солдаттар азаматтық өмірге аттанатын болды. Барлығы жолға дайындалып жатыр. Бәрі қуанышты, бәрі бақытты. Біз — жас солдаттар қызыға қараймыз. Осындай бақытты күннің, алыс та болса, біздің де еншімізге тиетіні жүрек түкпірін жылытады.

- Әлі-ақ сендер де бітіресіңдер қызметтеріңді.

- Қайда-ә! Бұларға қызмет те қызмет. Жерге қар екі рет түсіп, екі рет еруі керек.

«Кәрі» солдаттар өстіп, біреулері қамқор қалып танытып, екіншілері мазақтап жатыр.

- Ал, сұңқарлар, біз барып алаңсыз еңбек ететін болайық. Тыныштығымызды күзетуді сеңдерге, сенімді жастарға тапсырдық, — деді Коростин.

- Құп болады, кіші сержант жолдас.

- Болат, мен сендерге сенемін! Мені ұятқа қалдырмайтындарыңды білемін. Біздің взвод әр кез озат болуы керек.

- Сеніңіз. Біздің взвод әр кез озат болады!

- Міне, бұл — солдат сөзі. Бізге керегі сол. — Коростин судай жаңа қызыл чемоданына қонжығын сала берген, кілт тоқтады. Сонан соң маған мейірлене қарады. — Болат, осыны сен алып қал. Сыйладым. Сен бұл туралы сұрап едің-ау, айтпақшы. Айтып бермегенім дұрыс болмады. Сонда да болса бұл сенде жүрсін.

- Неге? Керегі жоқ.

- Жоқ, ал. Бұл Мишка менен — Мишкадан ескерткіш болсын саған. Иә, сен енді Мишка десең де болады мені. Менің ресми командирлігім бітті, біз енді жай ғана достармыз.

Мен қонжықты иесінен аса разы пейілмен қабыл алдым. Біздің кіші командиріміз — кіші сержант Михаил Коростин менің досым болып аттанды «азаматтық» өмірге.

Біз «қарттарды» жақсылап шығарып салдық. Түрлі ескерткіш заттар алмастық, хат жазысып тұруға келістік.

Қонжықты енді мен жастығымның үстіне отырғызып қойып жүрмін. Кешке қарай, күндізгі сан алуан оқу-жат-


- 148-


тығулардан соң, казармаға кірген бойда мен оны дәл Коростинше алдыма алып, еркелетіп біраз отырамын.

- Кешке дейін ішің пысты ма? Ештеңе етпейді. Мен - солдатпын. Ал солдатта күндіз сенімен ойнайтын уақыт жоқ. Сен маған өкпелеме.

Мен осылай дабырлап сөйлеп кеткенімді білмей де қаламын. Сол сәт кешке дейінгі шаршап-шалдыққанымды мүлде ұмытып, денем бір түрлі жеңілденіп, сергіп қаламын.

Бекен, шынымды айтайын ба, бұл қонжық әуелім маған сен құсап та кетеді. Егер жанымда болсаң, сені де дәл өстіп еркелетер едім. «Қайдан, мен үлкен болып кеттім» дерсің. Үлкен бола ғой, бәрібір сен - менің інімсің, ал мен - ағаңмын. Мен - солдатпын.

Сен өзің түсінесің бе, бұл сөздің мағынасын? Сен үлкен бол, кіші бол, мейлі, солдаттың алдында бас июің керек. Солдат - сендей інісін, әке-шешесін, атасын-апасын, жолдастарын, туған жерін сағынып жүретін адам. Ол сағынышын санамен жеңіп, еліне қалтқысыз қызмет етеді. Солдат - бәріңнің тыныштығыңды күзетіп тұрған адам. Солдат болмаса, біздің елге көз алартушылар жаппай бас көтереді. Біздің жауларымыз солдаттан қаймығады. Адамдардың алаңсыз еңбек етуі, оқуы тікелей бізге - солдаттарға байланысты.

Қалай, бала? Өзіңді біраз оқытып жібердім-ау деймін. Бірақ мұным артық емес. Кімнің кім екенін осы бастан біле бергенің жақсы, бала.

Сау бол!

Ағаң Болат.


ОН ЖЕТІНШІ ХАТ
Мишка - менің досым, ал сен, Бекен, менің інімсің
Бекен, сенің солдат өмірі жөніндегі сұрақтарыңа әзірге жазылар жауап осы. Меніңше, нүкте қоятын кез таяп келеді.

Айтпақшы, дембель яғни демобилизация болған соң, көп ұзамай-ақ маған Михаил Коростиннен мынадай хат келген.

- 149-

Ол хат мен тұрмақ саған да көп нәрсе айтады. Сондықтан түгел көшіріп жазайын:



«Солдат доска сәлем!

Саламатсың ба, Болат! Қызмет қалай өтіп жатыр? Не жаңалық бар?

Уәдеде тұрдыңдар ма? Взвод бұрынғысынша озаттар қатарында ма?

Мен ауылда шофер болып қызмет істеп жүрмін.

Қонжықтың жағдайы қалай? Айтпақшы, сен қалай да ол туралы бір құпия сыр бар деп ойлайтынсың да жүретінсің. Соны білмек болып сұрағаның да бар. Мен айтқаным жоқ. Айтсам, қызығы да болмай қалатын еді. «Карантиңдегі» балаларды сержант аямай қууы керек деген бір жаман ұғым бар солдаттарда. Ефрейтор Хамидовтың сол үшін жазаланғанын өздерің көріп едіңдер ғой.

Жастарға әскер өмірінің әліппесін үйрету, әрине, оңай шаруа емес. Тәртіп пен талапқа көндіккісі келмейтін жастарға қатал болу қажет те шығар, бірақ Хамидов құсап шектен шығуға болмайды. Менің де қатал болуым кажет еді. Сондықтан күндіз сендерге ананы-мынаны үйретемін деп жүріп, артық кеткен кездерім де аз болмайтын. Бүгін командир болғаныммен, сендерден еш айырмашылығым жоқ, Отанға қызмет етіп жүрген солдат екенімді, қолымнан тек тықақтап жастардың мазасын алу ғана емес, маған жақсы көру сезімі де тән екенін білдірейін деп ойладым да, осы қонжықты сатып алдым. Сөйттім де, қонжықты еркелеткен болып, бар сырымды айтып жүрдім. Қалай қарайсың, ол мақсатым орыңдалды ма?

Сен де енді қонжықты өгейсітпе! Онымен достас. Аймалап, еркелетіп қой. Сонда мауқың басылып, шерің тарқайды. Шын айтам, ол сенің қызметіңді жеңілдете түседі. Жігіттердің бәріне сәлем айт.

Жаңа жылдарыңмен!

Сәлеммен, досың Мишка».

Бекен, көрдің бе, қандай хат!

Мен бұл хатты оқып шығысымен, көпке дейін сұлқ отырып қалдым. Мына ойыншық Мишканы да, алыстағы Миша Коростинді де бұрынғыдан да жақсы көріп барам. Содан бері қонжық Мишка менің қымбаттыма, жан серігіме айналды. Содан бері мен мұны жақсы адам, дос

- 150-


белгісіндей сақтап келемін. Қонжықты қолға алып еркелеткен сайын, аяғымызды арпыл-тарпыл басқан жас жауынгер болған күндер келе қалады бар қызығымен көз алдыма.

Міне, біз казарма ішінде сапта тұрмыз. Мишка, әне, менің жастығымның шетінде отыр шоқиып. Оң құлағы делдиіп, сол құлағы салпиып кеткен, атқа алғаш мінген бала сияқты шарасыз. Осы қазір атын аңдаусыз тебініп қалып, желе жөнелетіндей. Екі көзі дәл бір жаны бардай жайнаң қағып, қуаныш шашады.

- Сол, шыда енді. Саптан қалай шықпақпын? Болмайды. Жо-жо-о-оқ, сені қанша жақсы көрмейін, бәрібір, устав талабын бұза алмаймын мен! .

- Взвод, тараңдар!

Міне, бұл — Мишка да, мен де күткен команда.

-Мишка, болды, қазір. Қару-жарағымды қояйын өзді-өз орнына, содан соң қолыма алам сені! Кірісеміз әңгімеге. Сен, алдымен айтшы өзің, мені сағынып отырсың ба, жоқ, Коростинді ме? Сағын, сағын. Ол — сағынуға әбден лайық адам! Ал әзірге сен екеуіміздің еншіміз — сағыну. Мишка — сенің иең, менің досым.

Бекен, көрдің ғой, менің Мишка қонжықпен күндегі әңгімемнің түрі осындай болып келеді.

Тоқташы! Сағындым сені, інім! Бәріңді сағындым!

Атама айт: «Болат мерген болыпты» деп. Әжеме айт: «Балаң үлкен жігіт болыпты» деп. Апама айт: «Болат енді ауырмайды, шынығыпты» деп. Көкеме ештеңе деудің қажеті жоқ, бәрін өзі-ақ біледі. Бәріңді сүйдім!

Аған Болат.


-151-
СОЛДАТ БОЛУ ОҢАЙ МА?


Аралға біз, Жорабай екеуіміз, желпініп жеткенбіз. Басымызда — білім, қолымызда — чемодан, қалтамызда — жолдама. Жорабай мектеп-интернатқа, мен орта мектепке мұғалім боламыз.

Аудаңдық оқу бөліміндегілер Жорабайды жақсы қарсы алды: мектеп-интернаттың қаланың күнбатыс жағында орналасқанын айтып, жол нұсқады; маған қырын қарады: орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің керегі жоқ. Міне, қызық!

- Сонда қалай? Университетке неге заявка бересіздер?
Аудандық оқу бөлімінің аға инспекторы Дәрменов қызарақтап қалды, аузына түскені:

- Білмедім. Берілген. Бастық берген де.

- Сол да бола ма екен? Бастығыңыз қайда?

- Демалыста. Мектеп директоры да демалыста.

- Олар осы уақытта демалысқа шығушы ма еді?

- Шығады. Екеуі де балаларын Алматыға оқуға әкеткен. Не істесек екен енді, а? Сені орнына шақыртқан әйел декреттен шығатын болып қалғанын көрмейсің бе.

Шаруа тығырыққа тірелді, көңіл пәс тартты. Көктемде бізді бөлетін кезде Арал қаласына екі жолдама барын білген сәтте-ақ Жорабай екеуіміз бірге барайық деп келісе кеткенбіз. Комиссия мүшелері Алматыға емес, Аралға сұранып тұрған адамға қарсы болушы ма еді, бірден құптаған.

Сонда университеттің беделді комиссиясының ұйғарымымен берілген жолдама құдіретінің жеткен жері осы болғаны ма? Декретте жүрген адамның орнына университет бітірген адамды шақыртатын бұл неткен сұмдық! Қара, енді қайда сыйғызарын білмей бас қатырады.


- 152-


Дәрменов те, мен де шарасызбыз:

- Сен, қарағым, ертең келші. Сөйт, бір мәнісін ойластырып көрерміз.

- Мейілдеріңіз.

Ертеңіне Дәрменов мені көңілді қарсы алды:

- Бала, хал қалай? Баратын мектеп табылды саған. Қазір жолдама берем, соны ал да, Бөгенге тарт. Айтпақшы, сен Бөгеннің қайда екенін білмейді екенсің ғой. Ештеңе етпейді, автостанцияға бар да, Бөгенге баратын автобусқа отырсаң болды, апарады. Мектеп те, ұжымы да жақсы. Сен барып орнына істейтін әйел әлі бір жыл декретте болады. Ол жұмысқа шыққанша істе, үйрен, содан соң көре жатамыз. Не істейсің, барасың ба?

- Барамын. Аралы не, Бөгені не, маған — бәрібір.


Айналайын Аралдың ұстаз аналары, менің басталмай жатқан еңбек жолым сендердің дүниеге сәби

әкелулеріңмен байланысты болғанын қарай көріңдер! Сеңдер жұмыс қалды деп алаңдамаңдар, бала емізген ананың көңілін жай етуге жарасам, арман қайсы?! Дегенмен, мен бұл жаққа құстай ұшып жетіп ем, өз еншім бар деп келгем.

- Ал, жолың болсын, ендеше. Жемісті еңбек ет! Аралда қарайлайтын шаруаң жоқ шығар, ертең жүріп кет.

Дәрменовтің шаруасы бітті. Үлкен іс тындырған кісі болып қалды.

Мен былай шыға бере тағы біраз толқыдым. Менің осыншама жер түбі, су аяғы құрдым — Аралға баратын болғанымды үйдің іші әрқалай қарсы алған. Әкем төтесінен бір-ақ қайырған.

- Ақыры жұмысың мұғалім болу екен, шүкір, жетеді осы Шуда да бала деген, оқыт соларды.

Шешем кішкене өмірге жанасымдылау келді:

- Сол да бола ма екен? Өкімет жіберген жаққа барады да адам деген.

Апам ешкімнің көңілін жыққан жоқ:

- Кім біледі тағы...

Алайда апамның «тағысы» менің тағдырымды шешті. «Тағының» ар жағыңда айтылатын қандай бір күдік сөз әкемнің жұдырықтай өндіршегін бүлкілдетіп өткендей болды, шешем ыстық шайды ұрттап алып, көзі жасаурап қалды, апам тұнжырап төмен қарады.

- 153-


Ізінше әкем мен шешем ұйғарымдарын білдірді:

- Онда барсын.

- Сөйтсін.

Менің әкем де, шешем де, апам да оқымаған. «Екі қолға — бір жұмыс» тірлік кешіп келе жатқан адамдар. Оқу бітірген жастың жіберген жерге бару керек екенін, әйтпесе келешегін бүлдіріп алатынын солардың өзі де біледі, ал шақыртып алғандардың тірлігі мынау, әуре-сарсаңға салады. Қайтып кеткім келіп бір тұрдым. Бірақ қайда барам, ертең-ақ мені әр түрлі деңгейден іздейтінін былай қойғанда, «жіберген жер алмады» деп ауыл адамдарының көзіне көріну түкке жарамай қалумен пара-пар емес пе. Қой, не де болса, кеттім Бөгендеріне.


* * *
Есепке тұруға әскери комиссариатқа келіп едім, үшінші бөлім бастығы дәл бір мені өліп-өшіп күтіп отырған адамдай қуанып, теміржолшылар клубында өтіп жатқан комиссияға жол сілтеді. Әскерге шақырылғандарды комиссияға кіргізіп-шығарып жүрген аға лейтенант әй-шайға қаратпай шашымды алдырып келуге шаштаразға жұмсады. Студенттік күндерде бес жыл бойы жоғары да, төмен де тараған, оңға да, солға да жатқызған, ақыры канатка етіп қойып тынған қалың қара шашымды қимай, оның үстіне бұрын көрмеген ортаға, танымайтын оқушыларға тақыр бас мұғалім болып барғым келмей, әжептәуір қипақтадым.

Әскери комиссия мүшелері қайдан көнген. Олары дұрыс та, өйткені әр алуан бас, сан түрлі мінез бар. Шашын алам деген бас, сөз жоқ, мінез көрсетеді. Шашсыз басқа жарастық жоқ екенін бәрі біледі. Басын ұстараға үнсіз тосатын балалық кейінде қалғалы қашан. Мың сылтау айтуға бармыз біз. Комиссия қайсы біріміздің әуенімізге төңкерілмек, солдатқа алынатын адамның ақ құйқасынан қара табанына дейін тексеруден өтеді, содан да шашты алдыру шарт. Көндім, көппен бірге мен де тақыр бас болып шыға келдім.

Комиссия нәйеті бір-ақ күнде өте шықты. Оның қорытыңдысы: әскери қызметке жарадың, әлі-әзір барып жұмысыңды істей бер. Керек уақытында шақыртып аламыз.


- 154-

* * *

Мен бұл шақырту қағазын алғаш күтіп жүріп, кейін ұмыта бастағанмын. «Шақырмайтын шығар» деп қойғанмын.

Өзім жетекшілік ететін тоғызыншы сыныпқа жаңа сабақты түсіндіруге кіріскенім сол еді, есік кағылды. Сөзімді шорт үзіп, есікке қарадым, ашылмады.

- Да.



Арғы жағындағы кісі есікті ашудың орнына тағы қақты. Дәу де болса, әдепті біреу болды бұл. Әдетте, бүйтетіндер қартаңдау ата-ана болып келеді. Қашаннан әдеп сақтап үйренген олар сыныпқа кіруге қаймығып, өстіп есікті үсті-үстіне тақылдатып тұра береді. Есікті өзім барып ашпасам, болмайды енді.

Есік қаққан, мен ойлағандай, қарт кісі болмай шықты. Керісінше, қабырғаға қырын беріп ауылдық Кеңестің хатшысы — ұзын бойлы, ақ құбаша, бетіне ұят ұялаған балаң жігіт тұрды. Мен оны бірден таныдым: анада есепке тұруға барғанда көргенмін. Бұл жігітке не керек? Осы сұрақ көкейімді кеулеп өтті, бірақ қапелімде, еш жорамалға сая алмадым. Хатшы жігіт маған қарай екі-үш аттап келіп, қолын созып сәлем берді:

- Сәлематсыз ба, ағай! Сізге повестка бар еді, соны алсаңыз.

Ауылдық жерде әскерге шақырту қағазын жергілікті Кеңес атқару комитетінің тапсыратыны сонда барып түсті есіме.

Кенеттен кез болған маңызды істің өзінен пәс тірліктің қай-қайсысының да өркі-төркісін шығарып, адам санасына өз үстемдігін ғана жүргізетіні бар. Мынау шақырту қағазы әп-сәтте менің де көңілімді әлем-жәлем етті. Енді ғана құлшына әңгімелей бастаған жаңа сабақты одан әрі жалғастыруға зауқым соқпай, тіптен беттегім келмей қалды. Барша ой-зейінім «солдат» деген жалғыз-ақ ұғымға ауып, жүрексіну ме, қимастық па, асығушылық па, әйтеуір, осылар тәріздес біресе қатқыл, біресе елжір сезімдер сапырылысып жүріп берді.

Менің сыныпты ұмытып, өзге бір дүниеге шым-шым бойлап бара жатқанымды оқушылар анғарған сияқты. Әлі күнге көбісінің мінез-құлқын жөнді біліп, жақсы-жаманын анық аңғарып болмаған өңкей өрімтал, көген көз


- 155-


жәудіреп өңменімнен өтіп барады, сыр тартпақ сыңай танытады.

Ұстаз үшін шәкіртіне әлсіздігін көрсету — мерт болу, өзімді күштеп жаңа сабақты түсіндіруді қайта жалғастырдым. Бірақ көңілді алаң бір алып қалған соң қиын екен, кең жазылып кете алмай, сөзім қожырай берді. Сонда да өзімді-өзім қыстап, тақырыпты айтып шыққан болдым. Кім тыңдап, кім тыңдамай отыр, бәрін қалт жібермей сезетін сергектіктен айрылып қалыппын, «Қане, түсіндіңдер ме?» деген кейіппен тіктеп қарасам, оқушылардың бәрі үнсіз отыр. Сынып ішінде масаның ызыңы білінердей тыныштық орнаған.

Мұғалімдерді, жалпы үлкен атаулының оқушыларды, балаларды көп нәрсені білмейтін, сезбейтін санайтыны бар. Бұл — өзіміздің білместігіміз. Күнде жаңа сабақтың анасын бір, мынасын бір сұрап, кеу-кеулеп кететін оқушылар құлаққа ұрған танадай сілейіп отыр. Көбі менің байыз таппай тұрған көңілімді дөп басатын тәрізді.

Мен ұстаздық парызымды өтедім:

- Ал, балалар, жаңа сабақты түсіндіңдер ме?
Сынып үндемеді. Мен айтқанды бірден қағып алатын озат оқушыларға телміре қарадым.

Олардан бауырымдай, досымдай мият күттім. Бәрі көз тайдырып кетіп, бір уыс болып партаға төне түседі. Шындықты тайсалмай айтатын бірде-бір оқушының болмағаны ма соңда? Біз кімді тәрбиелеп жүрміз? Өн бойым тоңазып, аласарып барамын. Бір тіл қатшы біреуің!



Менің мына шарасыз күйімді сыныптағы ең озат оқушы Сәуле Жүнісова түсіне қойды.

- Ағай, ештеңе түсінбедік.

Ұстаз атаулы төзбес қорлық та қуантады екен адамды. Жарайсың. Жарайсың, Сәуле, айналайын! Оқушылардың бәрінің айта алмай отырғаны, менің күткенім осы ғой. Сынып та, мен де жанданып жүріп бердік.

- Өте дұрыс. Не істесем екен, қайта түсіндірейін.

- Жоқ. Түсіндірмей-ақ қойыңыз. Сіз жаңа бір жайсыз хабар естідіңіз-ау деймін. Солай болды, әйтпесе...

Сәуле әрі қарай не айтарын білмей қызарып кетті.

- Сәуле, сен дұрыс аңғарыпсың. Бірақ мен жайсыз хабар емес, қуанышты хабар естідім. Мені әскерге шақырыпты.

- 156-


Балалар гу ете қалды:

-Ой, ағай, бес жыл оқып, енді әскерге барғаныңыз қандай қызық!



-Сонда сонша жерден келген еңбегіңізді ескермегені ме?

-Соны айтам. Военкомат та бір әшейін екен ғой.

-Шіркін, мені де алса әскерге, қазір-ақ кетер едім!
Нәйеті бір жарым айдың ішінде оқушылар маған кәдімгідей бауыр басып қалған екен, осылай деп

бірі аяныш, бірі қимастық білдірді. Айтқандарының кейбіреуі менің өз ойыммен үндескендей болып, елжіретіп алып барады.

Ұстаз - шәкіртіне әр кез еңсесі биік, жұмбақ адам. Мен не айтарымды білмей, іштей толғанып біраз отырдым. Бес жыл студенттік өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей көріп, тірнектеп жинаған білімімді осы жеткіншектерге жеткізсем дегеннен басқаны ұмытып кеткен екенмін мен қазір. Өз қарбаласы, қамы бар жақсы басталған өмірімді қимайтын сияқтымын. Әскери комиссариат мені Отанға қызмет етуге шақырып отыр ғой. Бала оқыту да - Отанға қызмет ету. Алайда адам Армия қатарына шақырылған екен, былайғы барлық шаруасын жиып тастауға міндетті. Отан үшін атқарған ісіңнің үлкен-кішісі жоқ дейміз, сонда да солдат болудың жөні басқа.

-Балалар, әскерге ерте, немесе кеш барғанда не тұр, бәрібір. Қашан шақырса да біз - солдат.

Мен мүдіріп қалдым. Жаңа ғана «мені айт мені айт» деп анталап тұрған көп ойдың берекесі қашты. Көкейімдегінің бәрі әсіре қызыл сөз болып көрінді. Ал оқушыларға көпірме сөз керек емес. Басқаны қайдам, өз басым оларға биік мінберден асқақтап сөйлеуді артық деп білемін. Дегенмен, орта жолда тоқтай алмадым:

-Біздің еліміздің әрбір жасы солдат болуы тиіс. Бәрің де әлі-ақ солдат боласыңдар. Солдат болу оңай.

Соңғы сөз аузымнан ойланбай шығып кетті. Артық айтып алғанымды білдім, бірақ ұстаз сөзі екеу емес, қайта тартуға кеш. «Слесарь болу оңай», яки «қой бағуда тұрған не бар?» деген тәрізді бір ұшқары сөз болды. Бір жақсысы балалар бұдан әрі көп кеукеулеген жоқ, қоңырау соғылған.

Осы бір абайсыз айтылған пікір солдаттық өмірімде талай рет таразы басына түсті ғой. Алда айтылар әңгіме арқауы да осы - солдат болу оңай ма, жоқ па төңірегінде болмақ.

- 157-


* * *

Мұғалімдер бөлмесіне мен қолыма шақырту қағазын ұстап, көңіліме қобалжу ұялап ендім. Сол сәттен бастап жол қамына кірісіп кеттім. Ешкім менің, мен ешкімнің қолына қарап тұрмаған қарапайым мұғалім емеспін бе, шаруам әп-сәтте-ақ тынды.

Қош айтысар кез келді. Мұғалімдер көп емес, аз уақыт қызметтес болғанымызға өкініш білдірді. Бәрі жатқан бір әдемі қимас сөздер айтады. Тіптен мектеп директорының өзі:

- Тым аз, бір жарым ай ғана мұғалім болдың. Жақсы бала екенсің. Отаныңның адал солдаты бол! Қызметің аяқталған соң осында кел, қай кезде оралсаң да, саған орын тауып беремін, — деп жол болсын айтты.

Шіркін, адам-ай десеңші! Тамыз айының бел ортасында жалғыз чемоданымды ұстап автобустан түскенімде осылардың бірде-біреуін танымаушы едім, енді қара, бірінің баласындай, бірінің ағасындай, бірінің құрбысындай болып кетіппін, бәрі қимайтын тәрізді. Мен де кәдімгі бір ет жақынымнан айрылардай елжіреп жүрмін.

Дегенмен, менің Бөгеннен ертерек кеткеніме қуанатын да адам бар. Ол — Сисенғали. Мен сияқты жас кадр ол да, Орал педагогикалық институтын бітірген физик. Сисенғали бағанадан бері бір қызарып, бір сұрланып үнсіз отыр еді, ақыры көкейіндегісін айтып тынды:

- Барсын жастар. Осылар болмаса, кім күзетпек бұл елдің тыныштығын?

Отырғандар оның бұл қай айтқаны екенін білмей, аңтарылып қалды.

- Өзің ше? Сен де жас емессің бе? — деді бірі.

Жауабы дайын екен, Сисенғали мүдірген жоқ:

- О, біз әскер жасынан асып кеткенбіз.

- Қой, әрі.

- Рас. Мен отыз сегізінші жылғымын. Әскерге шақыру мерзімі былтыр өтіп кеткен. Бұл солдат болып жер тепкілеп жүргенде, мен ауылда сайран салам.

- Сен не айтып отырсың өзің? Оның несі мақтан? Солдат болып көрсең, сен бұлай демеген болар едің, қарағым. Түкті білмейтіндігіңнің салдары ғой мына сандырағың.

Бурыл шашты ұстаз Жапсарбай ағай Сисенғалиды өстіп тыйып тастады.

- 158-


- Әзіл ғой, ағай, — деп ыржалақтаған болды Сисенғали. Күлкісінде қатесін мойындау жоқ, амалсыздығын бүркемелеген аярлық бар еді. - Шынында, солдат болған жақсы ғой.

Сисенғалидың мына берекесіздігінің мінезден емес, ішкі бір есептен туындап жатқандығы жалғыз маған ғана аян.

- Е, бәсе! Қалжыңдағаны да қызық осы күнгі жастардың.

Диванда отырған үш-төрт мұғалима апайдың біреуінің осы сөзі жетпей тұр екен, бәрі орнына келді: Сисенғали ыңғайсыз жағдайдан шықты, мен әңгіме тақырыбы болудан құтылдым.

Биыл Бөгенге келген жас кадр үшеуміз — Сисенғали, Шекер және мен. Сисенғалидың мені жаңағы кағытуының төркіні, міне, осы Шекерге байланысты.

Сисенғали мен Шекер Бөгенге бір күнде келіпті. Сисенғалидың үйі осы ауылда, Шекер ешкімді танымайды. Қандай да жанашыр пейілге зәру қыз Сисенғалимен тез танысқан. Сисенғали Шекерді бір ағайындарының үйіне пәтерге орналастырған. Екеуі үш-төрт рет киноға да бірге барған. Араларында нендей сөз болып, қаңдай сыр айтылғанын өздері білер, менің білетінім Сисенғали қаншама айналсоқтағанмен, қыз көңілі құлай қоймаған.

Ендеше, Сисенғалидың Шекерді қызғанғанының жөні болсын! Өз әлсіздігін білген адам ғана осындай оғаш қылық, күншіл кейіп, күйкі мінез көрсетеді. Шекер, сен жолатпа мұндай жігітті маңайыңа. Асықпа, кездесесің әлі-ақ бақытыңа!

Сол сәт кеудемде бұрын ешқандай қозғауы болмаған толқын әріп, әлдеқалай бір тәтті сезім оянып, шақыруы жоқ шарқ ұру жүрегімді тыз дегізіп, деміктіріп өткендей болды.
* * *
Ия, сол мен әскерге аттанатын түнге дейін Шекер маған осы ауылға өзім құсап жолдамамен келген бір кітапханашы қыз болатын. Мен сияқты, ешкімді танымайды, күні бойы кітапханасынан шықпайды.

Рас, таныстығымыз жаман басталған жоқты. Мектепте жаңа оқу жылы басталуға бес күн қалған. Бөгенге келгеніме он шақты күн өткенімен, бұл ауылдың мәдени


- 159-


ошақтарын жағалай қойған жоқ едім, енді кітапханаға баруға тура келді: өзімдегі бірлі-жарым кітапты оқып тауысқанмын. Кітап алу бір себеп болса, естіген «үріп ауызға салғандай жап-жас кітапханашы қызды» көргім де келген.

Мен кітапханаға, неге екенін, бір түрлі жүрексініп ендім. Кітапхана шағын екі бөлмелі үйге орналасқан ауылдық жерлерге тән кәдімгі мәдениет ошағы екен. Кіре беріс бөлме түрлі көрнекі үгіт құралдарымен безендірілген, ұзын үстел үстіне газет тігінділері қойылған. Арғы, түпкі бөлме кітап сақтауға арналған. Осы екі бөлмені жалғастыратып есік көзіне тақау қойылған үстел басында бері қарай кітапханашы қыз отыр, басқа тірі жан жоқ.

Мен табалдырықтан аттай бере бөгеліп қалдым. Қыз төніп отырған кітабынан басын жұлып алып, жалт етіп бір көз тастады да, қайта төмен қарап кетті. Не ілгері жүрерімді, не кейін шегінерімді білмей состиып тұрып қалыппын. Қыз басын қайта көтерді. Ұяң жымиып көз тігеді. Жуан бір бұрым болып өрілген қолаң шашы өңірін қуалап барып, үстелден төмен құлапты. Ашық ақ мандайына жаңа туған құлынның жалы тәрізді үлбіреген кекіл шашы үйіріліпті. Арасы жалғанып кеткен қою қара қасы, алаулаған алма беті — бәрі-бәрі ешқандай бояу көрмеген сәби қалпында екен. Өрттей қызыл көйлегі ақ жүзіне ерен келісіп, ерекше жарастық берген: жағасы талма мойнын қымқырып, ақ тамағына күлгін көлеңке ұялатқан.

Ол мен үстеліне таяп келгенше үн қатпады. Мен оның мұнысының паңдығы екенін де, ұяңдығы екенін де біле алмай, өз-өзімнен қысылып, кібіртіктеп қалдым. Қыз бұл халімді тез ұқты.

- Келіңіз, ағай.

Үні сондай ибалы, ізетті екен. Күйсандықтың ең бір нәзік сазды тілін оқыс басып қалғандағы тәрізді сүйкімді үн құлағымда жаңғырығып, өн бойымды ұйытып өткендей болды.

- Келдік, кітап алайын деп едім.

- Онда жақсы. Бұрын кітап алып оқушы ма едіңіз?

- Жоқ. Мұнда алғаш рет келуім.

- Онда кітапты сүймейтіндерден болдыңыз ғой.

«Пысығын қарай көр өзінің. Кәсібіне керекті сөзді қалай тез үйренген, ә!» Мен іштей осылай дегеніммен қызға басқаша айттым:

- 160-


- Мүмкін.

- Мейлі. Онда төргі бөлмеге өтіңіз де, қалаған кітабыңызды алыңыз.

Қыз үнінен аяушылық білініп тұрды. Осы жасқа келгенше кітапханаға бас сұғып көрмеген адамды қақыратып сөксе де болар. Бұл қыз әдеп сақтайды, бірақ сонысының өзі-ақ тоғышарлықты аямай бетке басқаннан ауыр. Бір тәуірі, мен Шекер ойлағандай кітап бетін ашпайтын адам емеспін ғой.

Кітапхана үлкен болмағанымен, кітапқа әжептәуір бай екен. Әсіресе, классиктердің кітаптары том-том болып адам қолы тимеген күйі тұр. Мен көп ойланып жатпай Джек Лондонның «Майкл — аралдық» деп аталатын романы басылған томына тоқталдым.

- Маған мына кітапты тіркеп беріңіз.

Қолына Лоңдонды ұстай бере, Шекер андамаған жерде ағасы қолына кәмпит ұстата салған бала құсап аңтарылып тұрып қалды. Мен оның: «Мына кітапқа тісі бататын кім еді бұл?» — деп тұрғанына шәк келтірмедім. Осыны өзіне айтып сала жаздап барып қайттым. Ибалы қызды аядым, оның үстіне Шекердің таңырқауы ешқандай кемсіту емес, басқашалау, анығырақ айтсақ, мынау алыстағы ауылдан әлемнің ең озық жазушыларының бірін оқитын адам табылғанына таңдану еді.

- Ағай, паспортыңыз бар ма? Есеп карточкасын толтырайын.

- Бар, қарындас.

Паспортымды ашысымен Шекер маған жалт етіп бір қарады, қолы сәл дірілдегендей болды.

- Е, бәсе, — деді дереу.

- Несі бар?

- Сіз де Сисенғали тәрізді жас мұғалім екенсіз ғой.

- Иә.

Шекер өрттей болып қызарып кетті. Төмен қараған күйі есеп карточкасын толтырып жатты.



Алдында ашылып жатқан кітап «Үлкен кеңес энциклопедиясы» екен. Енді мен таңқалдым:

- Қарыңдас, кітаптың ең үлкеніне кірісіпсіз ғой. Шекер жымиды:

- Ағай, оқып отырғаным жоқ, сызып отырмын.

- Нені?

- 161-

- Сталинді. Ауылсовет ағай энциклопедиядан бастап, барлық кітаптардағы Сталин деген сөзді мына тушпен бастырып өшір деп тапсырған. Сол кісінің тапсырмасын орындап отырмын.



- Мұнысы несі екен? Осы кітапханадағы кітаптардан фамилиясын өшіргенге Сталин тарихтан да өшеді дей ме екен? Әй, қайдам-ау... Мәселе бұл кітаптарды өшіруде емес, басқада шығар.

Шекер не дерін білмей сұлқ отыр. Мына болымсы істі құлшынып емес, лажсыздан атқарып отырғаны көрініп-ақ тұр. Бірақ адам өзіне тапсырылған істің ұшығына шығуы керек.

Энциклопедияның ашық жатқан бетіне көзім түсіп кетіп еді, Сталин екі-үш жерде тұр екен. Оларды Шекер де көрді.

- Ағай, сіздің аяғыңыз жеңіл екен. Ертеңнен бері бір де Сталин табылмай қойып еді, міне, қараңызшы, мына бетте жыпырлап тұр.



- Солай ма? Ондай болса, мен жиі келіл тұруға тырысам.

- Сөйтіңіз, ағай.



- Сөйтем.

- Міне, кітабыңыз.



- Рақмет!

- Сіз соңда Лондонды жақсы көресіз бе?

- Жоқ, Сталинді жақсы көрем. Лондон — оқитын жазушы.

Шекердің құлағының ұшына дейін қызарып кетті.

- Ағай, онда мен оны сызбай-ақ қояйын да.

- Жоқ, сыза бер, Шекер! Сталинге бәрібір.

- Білмеймін, мұным дұрыс па, жоқ па?

- Дұрыс-дұрыс.

- Қайдам?..

Шекерді ыңғайсыздандыра беріп қайтем, Лондонды алдым да, рақметімді айтып шығып кеттім.


* * *
Бөген аулы таулы жерде өскен маған алғашқы күннен-ақ бір түрлі қызық болып көрінген. Теңіздің құрлыққа сұғына кіріп жатқан жағасына орналасқан бұл ауыл түгелдей құм ішінде, үй-үйдің арасына жал-жал үресін құм тұрған. Бұл қалың құм ешқандай көше тәртібі

- 162-


сақталынбай салынған үйлерден өте бере теңізге қарай жылға-жылға болып құлдилайды. Құмнан аяқ алып жүрер жер жоқ мұнда. Табаның тиді болды, оспа құм сусып шөгіп, ілгері басқан аяғыңды кейін тартады.

Кітапханадан шығып, осы қаптаған құм ішінде балпаң-балпаң басып келе жатып өз-өзімнен бірдеңеге алаңдай бердім. Мүмкін, ол оқу басталатын күннің жақын қалғандығы болар. Сыныпқа мұғалім болып еніп, танымайтын оқушылармен алғаш рет жүздесетініме жүрексінетін шығармын. Бірақ мен ол күнді ойша көз алдымнан әлденеше рет өткізіп, әбден бекінгенмін. Жаңағы қыз шығар? Онда тұрған не бар бірақ? Бардым, көрдім, кітап алдым, қайттым.

Шекердің мені Сисенғалиға ұқсатқаны несі екен? Құм сырғып табанымнан төмен қарай тартады. Көңілімнің жігі сөгіліп, еңсем пәс болады.

Сисенғали — мектепке барған сайын көріп жүрген жігітім. Серейген ұзын, бетінде қан-сөл жоқ құп-қу, арық жігіт. Менің оған ешқандай ұқсастығым жоқ. Мен — орта бойлы, қара торы, аяқ-қолым балғадай жігітпін. Мүмкін, Шекер ұқсастықты пішінімізден емес, өмірімізден көрген болар. Иә, сөйткен. Шекер түсінікті қыз сияқты.

Дегенмен, Сисенғали өз аулына келіп отыр. Ұқсас деп қайта Шекер екеуіміздің өмірімізді айтса болар. Ол да, мен де танымайтын қияндағы ауылға студенттік чемодандарымызды көтеріп келіп отырған жоқ емеспіз бе. Енді Шекер екеуіміздің бір деңгейлес күйіміз жақсы ойларға жетелеп, жарқын желі тартып бара жатты. Шекерді тағы көргім келді. Оның кілті өзімде, бар болғаны — қолымдағы мына кітапты тез оқуым керек.

Ал мен бұл романды бұрын да оқығанмын, Лондонның иттер туралы романдарын адамның қайта-кайта оқығысы келеді. Атақты «Ақ азуды» мен бес рет оқып шыққанмын. Ал мынау «Майкл — аралдық» және «Джерри-Майклдың ұяласы» романдарын бір-бір рет оқып шығып, жазушының иттің өмірін суреттеп отырып-ақ өз қоғамының ең толғақты мәселелерін қозғағанына таң қалғанмын. Тағы да оқып, тереңдей түссем деп қойғанмын, соның ретінің енді Бөгенде келгенін қара.



Кітаптан бас алмай, белгілі тұстарын жүгірте оқып бітіп, келер күні кешке қарай кітапханаға келгенімде, Шекер

-163-


мені жылы жүзбен қарсы алды. Тіптен менің бүгін бір соғатынымды біліп, күтіп отырған адамша орнынан атып тұрды. Үнінен де қуаныш лебі білініп тұрды:

- Келіңіз, ағай, келіңіз. Түу, тез-ақ оқып қойдыңыз ба?

- Иә.

- Әй, қайдам? Бірақ сіздер жылдам оқитын шығарсыздар?



- Кішкене жүгіртіңкіреп оқығаным рас. Кітапханашылардың емтихан алатыны болушы еді, сіз де сөйтерсіз, мен дайын.

- Жоқ. Ол не дегеніңіз? Сізден емтихан алатындай білім қайдан болсын менде?

- Мен бұл романды бұрын оқығанмын. Сәл асығып оқығаным рас.

- Бәсе. Мен сіздің сөйтетініңізді, бүгін осында бір соғатыныңызды біліп едім.

Шекердің мұнысы ақкөңілдігі ме, жоқ, балалығы болды ма екен? Не де болса, ойына келгенді жасырмай айтып салды.

- Қызық екен! Алдағыны күні бұрын болжап білетін адамдар болады деген рас екен ғой.

- Бұл мүлде болжампаздық емес, ағай. Жай... Сіз де, мен де — осында жаңа келген адамдармыз. Сондықтан сіздің танитын адамыңыз, баратын жеріңіз көп емес. Тіптен осы кітапхана мен балықшылардың мәдениет үйінен басқа баратын көпшілік орын жоқ та мұнда.

- Рас, айтасың. Бұл кітапхананың иесімен таныссақ та артық болмас еді.

- Танысыңыз. Мен сіздің есіміңізді білемін, кеше паспортыңызды қолыма бердіңіз емес пе.

- Кітапханашы болу қандай жақсы, ел құжатын қолдарыңызға өзі ұстатады.

- Бірақ олардың бәрінің есімі есте қала бермейді, ағай.

- Әрине. Мен де сіздің есіміңізді білемін — Шекер.

Шекер қолын ұсынды;

- Біледі екенсіз. Шекер.

- Сіз де білесіз. Балабек.

- Мен сізді кеше Сисенғалиға ұқсатқаныма ренжіп қалдыңыз-ау деймін. Шынында, оным ағаттық болды. Кешіріңіз!

- Ия, біз ұқсаспыз...

- 164-

- О не дегеніңіз! Сіз оған ұқсамайсыз. Ол осында күнде келеді, бірақ әлі күнге бір кітап та алып көрген жоқ.

- Ол - физик. Физикке кітап оқудың қажеті жоқ шығар.

- Сіз шыныңызды айтып тұрған жоқсыз. Әдеби кітап оқымаған адам жанының жұтаң екенін сіз жақсы білесіз есіңізде болсын, мен шындықты айтатын адамды ғана ұнатам.

- Шекер, ойланып көрші, менікі жалған сөйлеу ме, жоқ, басқа ма?

- Тоқтаңызшы, ойланайын. Иә, иә, сіз... Сіз...

- Иә, мен оны кекетіп тұрмын.

- Шынында, өзі бір қызық жігіт. Адамның мазасын алып бітті.

Біз енді біраз ашыла әңгімелестік. Шекер Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітіріпті. Меркіден екен. Мен Шудан екенімді айттым. Шекер бұған қатты қуанды.

- Нағыз ағай екенсіз. Тіптен жақсы болды. Мен енді мұнда жалғыз емес екенмін!

- Иә, солай. Неге жалғыз боласыз? Әлі-ақ үйреніп кетеміз бұл ауылға. Дос та, қас та табылады. Өмірдің қызығының өзі де сонда болса керек.

-Мүмкін. Жалғызсырап жүргенім рас.



- Мен де студент достарымды, Алматыны аңсап жүрмін.

- Бәсе. Өстіп шыныңызды айтыңызшы.

- Айтамын, айтамын!

Шекер екеуіміз осы сыпайы сыйластық райдан айнығанымыз жоқ. Мектепте оқу басталып кетті де, артық-ауыс уақытым болмай, кітапханаға сирек барып жүрдім. Бара қалған күнде кітап алмастыра салып қайтып кететінмін. Сол күнгідей сөйлесудің жөні келмей-ақ қойған. Қашан келсем де, кітапханаға жастар толып отыратынды шығарды.

- Шекер, жұмысыңыз жеміссіз емес екен, - дедім бірде мен оған дойбыға төне түсіп отырған бір топ жігіггі иегіммен нұсқап.

- Қайдам, ағай?

- Несі қайдам? Кітапханашы жұмысы оқырмандарының көптігімен өлшенбей ме?

- Оныңыз дұрыс. Адамның көп келгені жақсы. Алғашқы күндері үстел басында бір уыс болып жалғыз оты-


- 165-

рушы едім. Енді, міне, оқырман көбейіп келеді. Бірақ сіз сирек келетін болып барасыз.

- Мектепте оқу басталды, біздің де жұмысымыз қызды.

- Мұғалім болу қиын шығар?

- Кім біледі?

- Сіз білесіз.

- Соны әлі білмей жатырмын.

- Онда сізге қиын емес екен.

- Жағдайыңыз қалай? Сталинді өшіріп біттіңіз бе?

- Қайдан? Мені қинап жүрген — сол. Сірә, бітіре алмаспын.



- Бітіресіз.

- Мен «Оқуды осы кітаптан Сталинді өшіру үшін бітірдім бе?» деп өзіме өзім ренжіп жүрмін.

- Сіз өзіңізге емес, ауылсовет ағайға ренжіңіз. Сталинмен бүйтіп күреспеу керек. Кітаптағы Сталинге қара жағудан гөрі санадағы Сталиннің каралығын, қараулығын өшіру дұрыс. Амал қанша, бастығыңыз айтқан екен, істейсіз.

- Істеймін. Бірақ көпшілік жұмыс та атқаруым керек еді. Ол жұмысты мен кітапхана кеңесін құрудан бастасам деймін. Сіз соған мүше болсаңыз қайтеді?

- Болайын.

- Рақмет сізге.

- Шекер, сен әзірше Сталинді сыза тұр, мен мектепке, балаларға үйреніп алайын. Содан соң кірісейік кітапхана кеңесінің жұмысына.

- Мақұл.


- Келістік, ендеше.

Шынында да, жұмыс мойын бұрғызар болмаған. Оқу бітіріп келген жас мүғалімге сын көз көп болады екен. Сабақ беру әдістемесінде, оқушылардың мінез-құлқында кездесіп қалған қиындықтарға орай алғаш рет дербес шешім қабылдауың, соған қарамай титтей де қателеспеуің керек. Жас кадрдың алғашқы адымынан жұрт кейінгі адымын топшылайды, жоғары оқу орнынан алған білім, өнегесін таразы басына салады. Өзін қанаттандырған ортасын, өзін сыйлаған жас мұндай кез шарқ ұрар. Мен де бос уақытымды, бар құштарлығымды шәкірттердің де, ұстаздардың да көңілінен шықсам деген жалғыз мақсатқа жұмылдырғанмын.

- 166-

* * *

Міне, енді мен ертең әскерге аттанамын. Мұнысы несі, мені орны толмас өкініш қайта-қайта мазалай берді. Әр нені бір ойлаймын, ештеңеге тоқтай алмаймын. Бір орайда Шекер оралған ойыма, содан көз алдымнан кетпей қойғаны. Мен оның жүрегімнің түкпіріне жақынымдай жылы ұялағанын анық аңғардым. «Ағай», «қарындастан» аса алмаған аяулы, инабатты күндер енді алыс тартпақ. Шекерді бір көргім, қоштасқым келді. Шекер менің әскерге баратын болғаныма қалай қарар екен? Қия алмай бара жатқанымды айтсам ба екен өзіне? Қой, сыйластық күйімізге басқа еш нәрсе қосудың, екшеудің қажеті бола қоймас. Мен осыған бекініп едім, оным бекер әурешілік болып шықты.

Чемоданымды жинап болып, көңілімнің астан-кестеңі шығып отырғанымда көрші тұратын балықшы жігіт Тоқтар келді. Бүгін мәдениет үйінде әскерге шақырылған балықшы жігіттерді шығарып салуға арналған кеш болады екен, соған барайық деп келіпті. Менің көңілім ештеңеге шаппады.

- Бармаймын. Ертең әскерге жүремін, соған әзірленуім керек, - деп селқос жауап бердім.

Тоқтар - әлжуаз, момын жігіт, сұранып мазамды алған жоқ:

- Соны біліп, әдейі келіп едім. Мені де шақыртыпты. Сіздің әскерге баратыныңызды бағана кітапханада Сисенғалидан естідік. Жүргеніңіз жақсы еді, балықшыларды зауыт қалай шығарып салатынын көретін едіңіз, - деп өкініш білдірді де кетіп қалды.

Кешке шынымен-ақ барғым келмеп еді, бір пәстен соң көңілім құлазып, әлденеге елеңдей бердім. «Сисенғали менің әскерге баратынымды кітапханада неменеге айтты екен? Шекер де естіді-ау! Қап, оған жолықпай, ештеңе демей кету керек еді, ұят болатын болды-ау енді!»

Осындай ой маза берер болмаған соң тысқа шығып, үйдің батыс жақ қалқасында теңізге бір, мәдениет үй жаққа бір қарап біраз тұрдым.

Күздің мизам ұшқан бел ортасы болса да, жылуы әлі қайта қоймаған. Күн ертең де аспанның бүгінгідей ашық болатынын аңғартып қып-қызыл жалқық болып батып барады. Келгелі байқамаппын, теңізге батқан Күн ғажап

- 167-


сұлу болады екен. Теңіздің көк жал болып жатқан көкжиегіне ілінген өрттей күн шапағы кешкі қоңыр салқын самалмен шайқалған майда толқындарда сан алуан түске еніп құбылады, дегенмен, қызылы көп біртін-біртін қара қошқыл тарта бастаған теңіз беті сан мың адам факел ұстап жүгіріп жүрген алып алаңға да ұқсап кетеді. Күн теңіз айдынына сіңген сол сансыз отты өзіне қарай жиырып, алысқа түріп алып кетіп бара жатыр. Енді бір сәтте Күн өзінің алтын кірпіктерін жұмды да, теңізге шым батып кетті. Енді оның қызыл сәулесі аспандағы ақ сұр бұлттардың бауырына жиналды.

Теңіз біртін-біртін түнеріп, ауыр күрсініп, теңселіп жатты. Теңіздің бейсәубет шақтағы мынау тұнжыр күйі еңсемді басып, езіп барады. Ойы мол, ойыны көп күндер алыста, Алматыда қалған екен. Бақсам, осында келгелі бір рет киноға барғаным болмаса, балықшылардың мәдениет үйінде өтіп жататын бірде-бір шараға қатысып көрмеппін. Мұнымды басалқалылықтың басталуына баларымды да, жаңа ортаға үйреніспеушілікке үйлестірерімді де біле алмадым. Қазір де шеттеп тұрғаным мынау.

Біздің ауылда Кеңес Армиясы қатарына жастарды шығарып салу кішігірім тойға пара-пар болушы еді, шіркін! Клубта алдымен салтанат өтіп, ол ойын-сауыққа ұласатын. Талай жолы жолдастарымды шығарып салған аяулы сәттер көз алдыма келді. Ұзақ таңды кірпік ілмей атқызған, сол ұйықтамаған күйі әскери комиссариатқа баратын. Шудың вокзалынан бір-ақ қайтатын күндер-ай десеңізші! Ал қазір мені шығарып салу ешкімнің ойы тұрмақ, назарына да кіріп шықпағаны, ел қатарлы Отанға адал қызмет етуіме тілектес сөз айтылмайтыны еңсемді басты. Менің халімді ұғар адамның болмағанына жабырқап, жан-жағыма үмітсіз көз тіктім, ешкім көрінбеді. Ондай адам кайдан болсын мұнда? Болса, ол — жалғыз Шекер. Бірақ мен оның пәтерде тұратын үйін іздеп бара алмаймын. Ұят! Шекер де бері қарап аяғын басуға ұялады!

Сол кез ойыма Тоқтар айтқан жаңағы сөз түсе кетті. Менің әскерге аттанатынымды Сисенғали айтқан кезде естіген болса, Шекер бүгін мәдениет үйіне бір соғуы керек. Мен енді мәдениет үйіне барып, келсе, Шекерге жүретінімді айтқым, оның «Ағай» деген жайдары үнін естігім келді.

- 168-

Ата-ана, ағайын-туған, дос-жаран тым алыстап кеткен сол түні маған бір жанашыр адам аса қажет еді.



Келсем, кештің салтанатты бөлігі өтіп кетіп, жастар биі болып жатыр екен. Жағалай орындық орналастырылған, ортасы ашық зал іші толған отырған, тұрған, билеген адам. Сахна төрінде эстрада оркестрі ойнап тұр. Оркестрге қараған сәтте мен өз көзіме өзім сенбей сілейдім де қалдым. Оркестранттардың дәл ортасында аузында кларнет, серейіп Сисенғали тұр. Кларнеттің сазды үні басқа аспаптың барлығынан дараланып оқшау шығады. Азаматың құбылтып-ақ ойнайды екен, мына сауықшыл қауым соның құдіретіне бағынып, теңселіп жүрген сияқты. Дәл сол сәт маған дүниеде Сисенғалидан бақытты адам жоқ сияқты болып көрінді.

Өз-өзімнен шүйкедей болып кішірейіп, шөгіп бара жаттым. Мынау көңілді думанды ортада маған орын жоқ екен. Ешкімді танымайтын, өзіңе жан адам назар аудармайтын кеш қандай суық еді?! Кері бұрыла бергенім сол еді, құлағыма Шекердің «Ағай» деген нәзік үні талып жеткендей болды. Жалт қарасам, оң бүйірімде Шекер тұр.

Шекердің күлкі үйірілген жүзінде өне бойы кітапханада көріп жүрген сыпайылық пен байсалдылықтан гөрі мазасыздық бар сияқты. Екеуіміз кәдімгі бір күні бұрын келісіп кездескен адамдарша жылы ұшырастық.

Әуелгі сөз, әрине, менен болды:

- Шекер, сен де осында ма едің?

- Ағай, мен сізді залға кірген заматта көргенмін.

Мен осында Шекер үшін келгенімді жасырдым:

- Солай ма? Залда мен танитын ешкім жоқ қой деп жан-жағыма қарамап едім.

Шекер томсырайып қалды. Үстіңгі ерні түріліп, екі бетінің ұшындағы екі иірім тереңдеп, көзі жыпылықтады. Мен өз сөзіме өзім өкіндім.

- Мейлі, — деді де, Шекер енді не айтсам екен дегендей, сәл тоқтап қалды. — Ал мен сізді осында көретініме сеніп келіп едім. Естігелі бері сізбен қош айтыспай қалар ма екенмін деп мазам кетті. Бірақ сіз маған әскерге бармайтын сияқты болып көрінесіз.



- Неге?

- Сізге солдат емес, мұғалім болу жарасады.

- Әзірге солдат болуға тура келіп тұр.

- 169-


- Әскери комиссариат та қызық екен, сізді сонау Алматыдан кәдімгі бір солдатқа барам деп келген адамдай-ақ шақыра қойғандары несі?

- Қызмет етуім керек болған да. Әскери комиссариат әскер жасындағы адамды алалап-құлалап емес, түгел шақырады.

- Солдат болу өте жақсы, ағай. Менің Самат көкем былтыр ғана келді солдаттан. Үй ішімізбен үш жыл бойы сағынып жүрдік. Енді олар мені сағынып жүр. Шіркін, алса, мен де барар едім солдатқа.

- Алады. Жүр. Қазір қыз солдат көп.

- Қойыңызшы. Сіздердікі жөн. Қыз бала қайбір солдат болып жетістіреді дейсіз. Сіз-ақ болыңыз солдат.

- Шекер, бұл не, маған өкпелегеніңіз бе?

- Неге өкпелеймін? Сізге солдат болу жарасатын сияқты. Сіз тек қабағыңызды шытыңқырап жүруіңіз керек. Бірақ, меніңше, сізде ашу болуы мүмкін емес.

- Солдатқа ашу керек болса, үйренеміз де.

- Жоқ. Ашудың керегі не, үйренбеңіз. Солдат айбынды болуы керек дегенім ғой.

- Боламыз.

-Адамды қазір өзі емес, қару-жарақ айбынды етеді. Солай шығар, а, әлде, мен жаңсақ айтып тұрмын ба?

- Дұрыс айтасыз. Дегенмен, қай әскердің болмасын, ең құдіретті қаруы — адам. Қару-жарақтың бәрі адам ақылымен жасалған, адам қолымен іске қосылады.

- Ой, ағай-ай, сізбен ақыл салыстырып нем бар еді менің?

- Неге, дүниедегі құбылыстың бәріне адамның өз пікірі болуы керек.

- Сіз әскерге кетіп қаласыз, әйтпесе, көрер едіңіз...

- Нені?


- Менің де өзіңдігім барын.

- Шекер, сіз не, өкпелеп қалдыңыз ба? Әттең, әскерге кетпегенде көп-көп пікірлесетін екенбіз.

- Жүріңіз, билейік.

- Жүріңіз.

Екеуіміз биге араласып кеттік. Шекер әр қимылды сергек сезіп, ырғаққа бар пейілмен беріліп, жеңіл билейді екен. Байқамаппын, бойы да ұсынықты болып шықты, менің милығымнан келеді. Қандай да қимылға бейім тал

- 170-


шыбықтай бұралған икемді дене, бүкпесіз пейіл менің әлгіндегі пәс көңілімді өсіріп, бар өнерімді салып билеп кеттім. Шекердің «Сізге солдат болу жарасатын сияқты. Сізде ашу болуы мүмкін емес» деген сөздері ойыма қайта-қайта орала берді. Сонда бұл қыз менің бойымнан жарастық, мінезімнен жақсылық іздеп жүргені ме? Өзіндегі барын да білдірді-ау! Мен Шекерді тым жассынып, жасқаншақтап жүріппін ғой. Енді Шекерді өзіме жақын тартып биледім. Шекер қымсынған жоқ, емін-еркін кейпінен айнымады, тіптен кей кезде құшағыма тығыла түсетін сияқты.

- Шекер, бұрын биге келуші ме едіңіз?

- Жоқ.

Екеуіміз жұп жазбай біраз биледік.



- Сіз әскерге кетпегенде жақсы болатын еді, - деді бір кезде Шекер.

- Неге? Жаңа ғана солдат болу қандай жақсы дегеніңіз қайда?

- Дегем. Еңді осылай деймін.

- Шекер, сіз, кешіріңіз, мен де жасырдым жаңа. Шындығын айтсам, осында мен сізді кездестіретініме сеніп келіп едім. Сізбен қоштаспай кеткім келмеді.

Мен иығымдағы қыз қолының дірілін сезгендей болдым. Екі беті қып-қызыл өрттей болып алаулап деміккендей болды. Мен ыссылап, көйлегім етіме жабыса бастапты. Енді зал іші қапырық тартып, тарылып кеткендей болды. Қапелімде, Шекерді қапсыра құшақтап алғанымды қайтерсің. Еркіме ие бола алмай қалғаныма қысылып, терлеп-тепшіп, биден жаңылып қалдым. Сол абдырап қалған шарасыз сәтте мені музыка ырғағына Шекердің өзі түсіріп жіберді. Мұны астанадан оқу бітіріп келген жас мұғалімнің әр қимылына көз тігіп тұрған жастар байқады ма, жоқ па, біле алмадым. Шекердің мына кішкентай қамқорлығы мені қуанышқа бөлеп, жүрегімді елжіретті. Өзім күні бойы алабұртып іздеп жүрген жанашыр адамым осы — Шекер. Мен ел-жұрттан еш именбей қатты құшып сүйгім келген, ұят деген қасиетті қақпа қайта серпіп, мең-зең күйге түскем, көз алдымнан қызылды-жасылды жарық жүйткіген. Бұл шарасыз күйімді Шекер сезіп қоймаса екен деп ыңғайсызданып, абдырап барам.

- Ағай!

- 171-

Мен селк ете қалсам керек. Бұрын өзіңнен кіші осылай деп атаса дейтін аяулы сөз құлағыма түрпідей тиді, Әп-сәтте әдемі сезімімнің быт-шытын шығарған.



- Ағай!

- Ол не, қарындас?

Менің үнімдегі өкінішті Шекер сезе қойды:

- Ағай, қарындас демей, Шекер деңізші жай ғана.

- Қарындас, сіз де ағай демей, Балабек деңізші жай ғана.

- Жарайды, келістік, Балабек.

- Келістік. Шекер.

- Сіз не менің сіңлім құсап айтқанымды айтасыз?

- Сіз не, «сіз» дейсіз? Қазір ғана келістік емес пе?

- Келістік. Бірақ сізді «сен» деуге болмайтын сияқты.


Мен не дерімді білмей, дал болдым. Өсіп тұрған көңілім пәс тартып, құлазып жүре берді.

Ешқаңдай сөзге де зауқым соқпай қалды. Соншама бала құсап елпілдеп кеткеніме іштей қапа болдым. Бұл гүл қызда нем бар еді? Бір ыңғайын тауып далаға шығып, алды-артыма қарамай зытқым келді.

Шекер менің бұл халімді бірден сезіп қойды:

- Балабек, сіздің қайтқыңыз келіп тұр.



Біреу ойыңдағыңды дәл тауып тұрса, мойыңдамай қайда барасың?

- Оны қайдан біліп қойдың?

- Көрдіңіз ғой, ағай, біліп қойдым.

- Сонда да қалай білдің?

- Білетін не бар, сіз көңілсіз болып бара жатырсыз.

- Неге көңілсіз болайын?..

- Оныңыз болмайды. Сіз жасырмаңыз.

- Жасырмасам, менің өкінішім — сенсің.

Шекердің көзі шарасынан шыға жайнап барып, төмен қарап кетті де, үн-түнсіз сұлқ қалды. Әттеген-ай, ренжітіп алғанымды қарашы! Мені күле қараған қызға жабыса кететін біреу деді-ау! Бар болғаны сені -бүгін ғана жанашырым болсын деп едім, қимасым болған өзіңсің. Мүмкін, бұл шындық асықпай пісіп айтылар ма еді, әзір асығыс болғаны анық. Кешіре көр мені, айналайын аңқау қыз! Өзің ғой, кішкене тұйықтау болсаң қайтетін еді. Солдатқа бара жатқан жас қомағай, оның өкініші көп. Соның ең егілдіргіші — махаббат. Сол махаббат сен болып кездесіп,

- 172-


енді лезде айрылайын деп отырсам, өстіп тез ұрынбай қайтейін мен?! Саған осының бәрін айтып түсіндірмей калай кете аламын?

Осы кез біз айналып есік көзіне келіп қалыппыз.

- Шекер, жүр далаға шығып, біраз салқындап келейік.
Шекер мақұл екенін үнсіз білдірді. Клубтағы даңғыраған музыка біз балық зауытын айналып өтіп, теңіз жағасына жеткенше естіліп тұрды. Бірақ ол мені бағанағы кешкіліктегідей өзіне ынтықтыра тартқан жоқ, қайта ілесіп қалғысы келмегендей ышқына талмаусырап, ызыңдап жетіп жатты.

Бізді теңіздің қара қошқыл толқындары мейірімді ананың шапанының кең ашылған шалғайындай шайқалып келіп, қуана қарсы алды.

Ауа шыңылтыр екен. Біз теңіз жағасындағы ұлпа құм бетін көмкерген қыл қатқақты шытыр-шытыр басып келеміз, екеуіміз де үнсізбіз. Жаңағы бір сөзден бұрынғы жарқындық қайда? Ертең мен кетемін, Шекер қалады. Кеудемді қимастық кернеп, аузыма кермек дәм келді. Шекердің де дәл осылай ойлап келе жатқанын мөлшерледім, қателеспегеніме сендім. Өстіп мәре-сәре болып келе жатып әлсін-әлсін Шекерге жанасып қала бердім, тіптен бір-екі рет иықтарымыз түйісіп қалған. Шекер шеттемеді, қымсынған да жоқ, өзін еркін ұстайды.

Мен алып-ұшқан көңіліме сап-сап айттым:

«Қой, ұзақ сапар, беймәлім өмірге аттанайын деп отырып, босқа мазалап қайтемін бұл қызды, өкінішім болып қала берсін». Желігіп алған көңіл көнбеді: «Қанша ұзақ болғанмен, оралатын сапар ғой ол. Махаббат қызығы күнде кездесіп, бірге жүруде ғана ма екен?» Енді Шекердің осындағы, менің Кеңес Армиясы қатарындағы өмірім ас-тасып, ұзын желі тартып, алдағы күнді мағыналы етіп, ыптықтыра түсті.

- Шекер...



- А - а.

Шекер жалт қарады.

Кеудемді кернеп, тілімнің ұшына келіп, «мені айт, мені айт» деп тұрған небір әдемі сөздер құйын ала қашқан қылпық құсап ту-талақайы шығып, ғайып болды. Шекердің Ай нұрына бөленген теңіздің қалайы айнасы-

- 173-


нан өрген алагеуім арайға малынған бақытты, мөлдір жүзі «сүйемін!» деген жалғыз ауыз сөзді күтіп тұр екен.

-Шекер, мен сені сүйемін!

Шекер селк ете түсті. Аузына апара берген айранды аңдамай төгіп алған сәби тәрізді аң-таң әрі момақан күй тағдырын маған тапсырғандығын аңғартты. Жүзіне енді лезде үрей үйірілді. Бұл үлкен оқиға алдындағы жүрексіну ме, жоқ, қуаныш па екен?!

Мен екі қолыммен екенін де, барлық денеммен екенін де, өмір-бақи білмей өтетін, еш уақытта енді қайталай алмайтын ғажап жұмсақ, сонымен бірге құдіретті қимылмен Шекерді өзіме тарта бердім.

- Шекер, мен сені алғаш көрген сәтте-ақ сүйгенмін!
Бұл сөздерді мен сыбырлап айттым ба, әлде айтпадым ба, білмеймін, Шекерді барша ыстық

ынта-ықыласыммен құшағыма алдым. Шекер сәл жасқаншақ тартқандай болған, екеуіміздің көзіміз ұшыраса кетті. «Шының ба?» деп бар жанымен жалына сұрап тұр Шекер!

- Шыным!..

Шекердің жүзіне шексіз сенім ұялады: иегін бір ұмсынғандай болды да, көзі жұмылып, ернімізге ерніміз жабыса кетті.

Біз қайта-қайта сүйістік. Күзгі суық теңіз толқындары біздің айқасқан оттай құшағымызбен үнсіз ұғысқан, бақыт толы жүзімізді көргісі келгендей жағаға ентелеп келіп жатты. Біз махаббатқа мас болып, теңселе басқаңда мөлдір тамшылар менің балағыма жармасып, Шекердің балтырын шымшылап ойнады.

- Балабек, теңіз суық екен, жүрші, бұл жерден кетейік.

- Қайда барамыз?

- Қайдам?..

Менің үнсіздіктен басқа шарам жоқ еді. Ауылға қайтуға көңіл соғар емес. Жаңа табысқан жүрек, айтылмаған арман оңашалықты қалайды. Бұл маңда біз қызықтар, бақытымызға куә болар не бар, білмейміз. Екеуіміздің де бұл ауылдан қарыс адым жер ұзап шығып отырғанымыз осы.

Теңіз. Құм. Біз тағы біраз жер жүріп барып, жағадағы үлкен жал құм үстіне шығып отырдық. Күз түні біртін-біртін суытып, салқын тартып, дене түршігейін деді. Шекер де тоңа бастады білем, бір уыс болып, қолтығыма


- 174-


кіріп барады. Мен оны костюміммен тұмшалап қымтап қойдым.

- Ищай, тоңдым...

Шекердің иегі дірілдеп кетті. Мен оны қатты құшып, бауырыма тарттым. Тұңғиық бір терең төмен тартып, дүлей қимыл белең ала берді.

Шекер әлсіз бұлқынып қарсылық білдірмек болып еді, еспе құм сырғып, шарасыз болып қалды.

- Мен сендікпін ғой...

- Мен де сендікпін...

Дәл осы сәт аяқ астымыз құлақ тұндыра дүрілдеп кетті. Біз атып-атып тұрдық. Моторлы қайық екен, мүлгіген тыныштықты түре қуып, ұзап бара жатты.

Біз қайта отырдық.

Шекердің мұрны пыс ете қалды. Жанары боталанып барып, екі-үш тамшы бүрсек-бүрсек үзіліп түсті. Ол енді солқылдап жылады.

- Қойшы, жаным, жылама!

- Жыламағанда кайтемін, қорқып қалдым.

-Неден, қайықтан ба?

- Иә...

- Қорықпа, жаныңда мен бармын ғой.



- Сенен де қорқам.

- Солай ма? Онда жүр, кеттік.



- Неге?

- Сен маған сенбедің.

- Ой, Балабек, сен осындай өкпешіл ме едің?

- Шекер, сенікі дұрыс.

- Балабек, қорқыныш пен сенім екі түрлі сезім емес пе?

- Екі түрлі сезім, бірақ сенің қорқынышың сенімсіздіктен туып отыр.

- Білмеймін, әйтеуір мені қорқыныш билегені рас.

- Әй, қыздар-ай!.. Біздің қарындастарымызды бақытты да, бақытсыз да етіп жүрген осы — сенімсіздік. Жанатын жерде жасқаншақтатып, құлай сүйетін сәтте қорғаншақтатады бұл сенімсіздік.

- Балабек, сен олай деме. Егер мен саған сенбесем, осында келер ме едім. Мен сені алғаш кітапханаға кірген күніңде-ақ сүйгенмін.

- Неге содан бері айтпадың ойыңды?


- 175-


- Өзің неге айтпадың?

- Ұялдым.

- Мен де ұялдым.

- Сен ұялған соң сендім мен саған. Сисенғали құсап ұят-аят жоқ жабыса кеткеніңде маңыма да жолатпайтын едім.

- Шекер, біз қай-қайдағыны айтып кеткен жоқпыз ба?

- Білмеймін. Бірақ айта берші. Ертең сен кеткен соң мен кіммен әңгімелесем? Мынау танымайтын жерде жалғыз қаламын. Қорқыныш жаңағы қайық та, сен де емес, сол — жалғыздық шығар.

- Неге, әлі-ақ танысып, үйренісіп кетесің бұл ауылдың адамдарымен.

- Әрине, сөйтем, бірақ сен жоқ жерде мен жалғызбын. Мейлі, жалғыз-ақ болайын, сарғайып сағынайын, жиі-жиі хат жазып тұрсаң болғаны!

- Жазбағанда ше, жазам.

- Балабек, алғашқы хатынды пойызда жаз. Шіркін, солдат болу ғажап қой. Жалпы, балалардың өмірі біздікінен әлдеқайда қызық. Солдатты сүйген қыз қандай болады екен, а?

- Сендей болады. Сен де хатты жиі жаз.

- Әрине, жазам.

Әрі қарай алдағы өміріміз, тағдырымыз туралы түсініскен әңгіме өрбіді. Мына бақыт ұрымтал кездескендей болғанымен, екеуіміз де осы орайлы сәтке әзір екенбіз. Махаббат бүгін біздің есімізді алып елпеңдеткенмен, күні ертең-ақ екеуімізге де қатал сын болар сағыныш атты сары бел, уақыт атты тау тұрғызып келіпті. Біздің ендігі еншіміз — күту, қайтып кездесер күнді аңсау, оған дейін байланыстырып тұрар жалғыз жіп — хат.

- Дегенмен, сенің кетпегенің жақсы еді!

Шекер күрсіңді.

- Неге?

- Сол...


Шекер сөзін аяқтай алмай төмен қарап кетті. Қимас сәт деген осы шығар.

- Шекер, махаббаттың бар мағынасы қол ұстасып қатар жүруде ғана болмауы керек. Оның мұраты қайта


-176-


сүйгеніңді адам қиялы жететін барша ізгілік атаулыға бөлеп, кездесер күнді асыға күтіп жүрсе, биіктей түсетін сияқты. Қыз бен солдат махаббаты — осы.

- Мен де солай ойлаймын.

- Күтудің сыны да болмақ.

- Балабек, мен өмірімде бір-ақ рет сүйетін адаммын.

- Шіркін, өмір бір ғана махаббатқа байланысты болса ғой. Адамда махаббаттан басқа да толып жатқан сезімдер бар. Және де, меніңше, жақсылықтан гөрі жамандық әкелетіні көп. Соның бірі — сұғанақ көз.

- Сисенғалиды айтасың ба? Оған мен әлдеқашан-ақ «Аулақ жүріңіз» дегенмін.

- Жүрсе, десеңші.

- Жүреді.

Біз ауылға қайтып келеміз. Әлсін-әлсін тоқтай береміз. Әр нені айтып күлеміз. Өркеш-өркеш құм белдерде, түнерген жағалауда, қорғасын теңізде — бәр-бәрінде көңілділік тұнып тұрды.

Екеуіміз ауыл шетіне енгенде алғашқы тауық шақырды. Ә дегенде әр жер-әр жерден өңеші созымды кексе қораздар үздік-создық үн қатып еді, мұндай ұзақ бәсекеге енді-енді түсіп бастыға бастаған бала қораздар «кеш қалғанымыз-ай» деп өкінгендей дереу іліп әкетіп, ауылды азан-қазан қылып ала жөнелді.

Мен енді байқадым: уақыт таң қараңғысы екен. Көгілдір арай шығыс жақтағы құм жоталарынан асып келіп, ауыл үстінде тұнып жатқан қараңғылықты қайшылап қия бастапты.

Балықшы ауыл ерте оянады. Біз асықтық.

- Шекер, шығарып саласың ба?

- Өзің айтшы.

- Шығарып салмай-ақ қой. Мен кетемін, сен сөзге ілігіп жүрерсің. Қазір қоштасайық.

- Мақұл.


- Мен құшағымды аштым. Шекер мойныма асыла кетті.

- Шекер, таң атып келеді.

- Мейлі.

- Қой, ел көреді.

- А-а. - Шекер құшағын босатты. — Сау бол онда. Тез орал, Бек!

- Сау бол, Шекер!


- 177-


Шекер самарқау, еріне басып барып пәтер үйінің есігін қақты. Шам жанды. Шекер маған бұрылып, қолын бұлғады. Мынасы — қоштасқаны, әрі жылдам кет деп асықтырғаны.

Көріскенше!


* * *
Пәтерде тұратын үйіме жақындап қалғанымда дәл қақпа көзінде қараңдап тұрған екеуді көрдім. Оның серейген ұзыны Сисенғали екенін таныдым, жүрегім секем алғандай болды. Шекерді қызғанып келіп тұрған болар. Сисенғалидың кешегі кекесін көзі көкейіндегі шаланың ащы түтіні болды онда. Ол кезде жағдай басқаша болатын, ал қазір мен Шекер үшін ештеңеден қайта алмаймын.

Жандарына келгенде байқадым: Сисенғалидың жанындағы Тоқтар екен, екеуінің де жүздері жайдары.

- Иә, жігіттер, тұрыпсыңдар!
Сисенғали жауап қатты:

- Бүгін әскерге сенімен бірге Тоқтар да жүреді. Бұл — жақын інішек. Ағайындар жиналған шығарып салу кешіне барып едім, кешігіп қалыппын. Жолда есіме сен түсіп, бұрылып едік, жоқсың, қайда жүрсің сонша түн қатып?

- Қайтесің оны?

- Білем, қу бала. Мейлі енді. Шекермен мен бұрын танысып едім, сен қағып кеттің. Сабаздар түнімен жүріп сүйіскен екенсіңдер ғой.

- Сисенғали, бұл не сөз?

- Ой, сен жай қалжыңдағанға шындап келе жатырсың ғой, ей. Тоқтар, әкел жаңағыны.

Бағанадан үнсіз тұрған Тоқтар лып дегізіп костюмінің төс қалтасынан бір шиша арақты суырып алды, стақан да, жарты таба наны да даяр екен.

Мен Сисенғалидың мынасының ақ пейіл ілтипаты екенін де, жоқ, әріде бүкпесі бар арамдығы екенін де біле алмай, дал болып қалдым.

- Жігіттер, мен мұны ішпеймін. Рақмет!

- Сөзді қой. Біз шығарып салайық деп түні бойы күтеміз, бұл ішпейді. Сонда, мұның бізді менсінбегенің бе?

- Ішіңіз, ағай. Ертең бірге жүреміз. Сізбен бір бөлімшеде қызмет етсем, жақсы болар еді.

- 178-


- Ертең емес, бүгін. — Сисенғали жарты стақан арақты маған ұсынып үлгерді. - Ал, алып қой. Жолың болсын!

«Ақ пейілдері екен ғой, алайын».

- Дос болып ажырасайық. Хат жазып тұр, - деді Сисенғали ажырасарда. — Сен айтшы, Шекермен сүйістіңдер ме?

- Оны қайтесің?

- Әншейін білейін дегенім ғой.

- Қызықсың, ей...

- Мейлі, қойшы соны. Жолың болсын! Сен кішкене тісқаққансың ғой, мына Тоқтарға көз қырыңды салып жүр.

Біз қол алысып ажырастық. Мен Сисенғалиды түсінбей қалдым. Шығарып салғаны ма, Шекер екеуіміздің арамыздағы әңгімені білгісі келді ме, Тоқтарды тапсырмақ болды ма, біле алмадым.

Мені оқушыларым шығарып салды. Ауыл шетіндегі ұшақ қонатын шағын алаңға өзім жетекшілік еткен тоғызыншы сынып оқушылары түгел келіпті. Мектепте сабақ жүріп жатқан кез. Олардың мен үшін сабақты жібергені ешқандай тәртіпке сыймайтын еді.

- Балалар, қойыңдар, сабақтарыңа барыңдар. Сендердің осыларыңның өзіне көп-көп рақмет! — деп қайтармақ болдым.

Оған көну қайда, оқушылар:

- Шығарып салмай қайтпаймыз.

- Бір рет сізді шығарып саламыз деп тәртіп бұзсақ, ештеңе бола қоймас.

- Сізді бізден басқа кім шығарып салмақ? — десіп қайтпай қойды.

Әбиір болғанда ұшақ кешікпей келіп қонды. Сол кезде сынып старостасы Совет Жұбанышев:

- Ағай, сынып сізді жақсы көріп кетіп еді, — дегені. Балалар шулады да кетті:

- Рас, ағай, сіз әскерге бармағанда жақсы болатын еді.

- Бізді ұмытпаңыз.

- Хат жазып тұрыңыз.

- Неге ұмытайын? Жазам.

- 179-


- Ағай, солдаттан қайтқанда осында келіңіз.

- Келем, келем.

Оқушылардың ыстық ықыласына ие болған мұғалімнен асқан бақытты адам жоқ шығар, сірә! Аз ғана мерзім ішінде мен де балалар сыйлайтын дәрежеге жеттім бе, білмеймін, әйтеуір бәрінің жүзінде қимастық бар. Менің көңілім көл-көсір болып шалқыған. Күні кеше ғана бірін де танымайтын бүлдіршіндер туған ағаларынша қаумалап тұрғанда көзіме жас үйірілген.

- Сау болыңдар, айналайындар!

- Сау болыңыз!

- Жолыңыз болсын!

Ұшаққа ауыр көтерілдім. Маған орын иллюминатор түбінен тиді. Ұшақ бар күш-қуатымен гүрілдеп, қалшылдап-селкілдеп, шаң-боранын будақтатып алып орнынан қозғалды да, оңтүстікке бет түзеп жүгіре жөнелді. Жерден көтеріле бере қиғаштай кері бұрылып ауыл үстімен ұшты. Мен иллюминаторға жабыса түсіп, жерге үңілемін. Шекерді бір көріп қалмас па екенмін деп емінемін. Ауыл шетіндегі үйлер, мәдениет үйі, балық зауыты артта қалды, кітапхана үстіне таядық. Шекер қайда, неге бір көрінбейді? Ұшақ гүрілі енді жетті білем, Шекер кітапханадан атқып шықты да, қолындағы қып-қызыл орамалын бұлғаған күйі кішкентай үресін құмның үстіне қарай жүгірді. Біз ұзап барамыз, Шекер қалт тұра қалды. Шекердің бет-жүзі маған, әрине, көрінген жоқ, алайда мен оның маған ақ сапар тілеп тұрғанына шүбәсіз сендім.

Күздің сәске түс әлетіндегі шығармақ күннің ащы сәулесіне малынған сап-сары үресін құм үстіндегі менің жолыма бәрін тігіп, орамалын асыға бұлғап, ілгері ұмсына түсіп қала берген, басқаға еш шарасы жоқ жалғыз қара көкірегіме аяулы сурет ұялап еді сонда.


* * *

Аудан орталығы — Аралға келіп, аяғым жерге тиісімен ешқайда қарамай тура оқу бөліміне тарттым. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Немат Кәріпжанов:

- Военкоматтікі не бұл? Біреу аттай қалап сонау Алматыдан шақыртып алады, бұлар ие бола кетеді. Бұл жаққа оқу бітірген жастар онсыз да жолап жатқан жоқ. Қазір аудандық атқару комитетінің төрағасы Иманов жолдасқа

- 180-


барып, жағдайды айтып түсіндіремін. Алып қаламын, — деп шала бүлінді.

Мен кәдімгідей-ақ иланып қалдым, кешелі бері Шекермен кешкен тәтті шақ, оқушыларымның көзіндегі мөлдіреп тұнған қимастық — бәр-бәрі әншейін-ақ болып шыға келетін тәрізденгені. Шекермен серт байласып бекінген ұзақ мерзімді қысқартқым, бел шешіп түскен арналы ағыннан шығып қалғым келмеген.

- Ағай, сіз ешқайда да бармай-ақ қойыңыз. Мен әскерге барамын.

Кәріпжанов маған таңдана қарады:

- Сол да сөз екен! Біреу әскерден қалдырам деп тұрса, бұл шалқаяды ғой.

- Бұл шалқайған емес, заңды.

Кәріпжанов телефон теріп, Дәрменовті шақырды. Көп ұзамай кабинетке аға инспектор енді. Екеуіміз амандастық.

- Е-е, бала, неғып жүрсің? — деді Дәрменов.



- Серік, сен анада бұл баланы Бөгенге бекер жібергенсің. Қара еңді, кәдімгі бір осы Аралдан университет бітірген мұғалім болмаса, баратын бала табылмай қалғандай-ақ әскерге шақыртыпты мұны. Біз Сабыр екеуіміз демалыстан келгенше осында бір жерге тыға тұрсаң ғой, мұндай болмайтын еді. Бәрі сенің кінәң, қаңғып келген адам құсатып, Бөгенге айдапсың да, қоя беріпсің қажет кадрды.

- Немат Кәріпжанович, Сәкең екеулеріңіз келген соң айтып едім ғой.

- Айтқансың. Онда кеш болатын.

- Қайдам.

Дәрменовті шақырғандағысы осы-ақ болды, Кәріпжанов маған бұрылды.

- Сен жолдама алған мектептің директоры Сабырдың қызы мен менің балам биыл он бір жылдықты бітіріп еді. Соларды Алматыға апарып оқуға түсіріп қайтқанша, Дәрменов дәрменсіздік көрсетіпті. Әттеген-ай, жанымызда жүргеніңде майор Борисовқа айтып, шақыртпайтын едік қой әскерге. Сен бала әлі де ойланшы, бармаймын десең, райкомға шығайын.

- Қажеті жоқ, барамын.

- Онда өзің білгін. Қызметің біткен соң осында кел, қашан келсең де орын болады.

- 181-

- Ағай, келуге де болады, бірақ мен ойланып тұрмын.



- Нені?

- Тамыз айында, қауырт жұмыс кезінде Алматыға бала жетектеп кеткен адамдармен еңбектес болу керек пе, жоқ па, соны.

Немат Кәріпжапов шамшыл адам екен, екі көзі едірейіп шыға келді:

- Әй, бала, не деп тұрсың өзің? Сені дұрыс шақырған екен әскерге. Бар, бар.

- Барам.

- Бар. Содан әрі кет келген жағыңа. Сені ме, сені әскерге жібермей, сілеңді қатырсам ба екен, а? -Жүр содан соң Бөгенде шаң қауып, құм шайнап.

Мына адамның қолынан бәрі келеді. Тұлданып шыға келгенін қарашы енді. Алматыдан шақыртып алып, декреттегі әйелдің орнына жұмыс істетіп отырғаны оған түк те емес, ендігісі мынау. Не айтса болады?

- Ағай, бұларыңыз келешекке жаман.

- Не айтып тұрсың? Не жаман?

- Университетке жалған заявка бергендеріңіз жаман, жас кадрды айдалаға келгендей еткендеріңіз жаман. Еңбек жолым басталмай жатып алдауға тап болғаным жаман.

- Серік, сен не дейсің мына балаға?

Дәрменовте үн жоқ. Кәріпжанов креслосына бір аунап түсті.

- Серік, мынаны кабинетіңе ертіп апар да, қағазын қайтып келмейтіндей етіп дайындап бер. Әскерге шақырғаны жақсы болған екен мұны.

- Мақұл, Нәке.

Дәрменов кабинетіне келе, үн-түн жоқ, бастығының тапсырмасын бір пәсте орындап берді. Бір жапырақ қағазға менің Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде бір ай он жеті күн мұғалім болғаным туралы жалғыз сөйлем жазылыпты. Аға инспектор С. Дәрменов қол- қойған.

- Ағай, бар болғаны осы ма?



- Осы.

- Еңбек кітапшасы қайда?

- Бастық осы жетеді деді. Кейін жұмыс істеген жеріңде еңбек кітапшасы толтырылғанда осыны қондыртып аласың.


- 182-

- Бастығыңыз қызық адам екен.

Дәрменов иығын қиқаң еткізді. Сонымен менің мұғалімдік қызметім тәмам болды.
* * *

Мен Шекердің хатты жиі жаз деген тілегін, өзі айтқандай, пойыздан жазбақ болдым.

Бізді алып келе жатқан пойыз әр жерге бір тоқтап, кейбір стансаларда тіптен екі-үш сағаттан аялдап, жер өндіре алмай-ақ қойды. Сан алуан халық шаруашылығы жүгін тиеп алып жүйткіген ауыр составтар мен жолаушыларды барар жеріне дер кезінде жеткізуге асыққан жүрдек пойыздар бізді әуелім оқтын-оқтын иірім-иірім калтарысқа айдап тығып тастап, көз қызықтырып өте шығып, жүйкемізді құртқан.

Есесіне біздің көңіліміз ерекше жүйрік еді, шіркін! Үлкен өмірге, есею сапарына аттанып бара жатқан жастар барша вагон ішін қуанышқа бөлеп жіберіп еді. Айтылмаған ән қалмаған. Қай әнді болмасын, жігіттер кеуделерін кернеп, тулап тұрған сезімдерін сарқа салып айтады. Адамның елді, жерді қастерлеу, ата-ана алдындағы борыштарлығы, сүйініш-күйініш, сағыныш сезімдерінің өлең жолына түспегені, әнге айналмағаны жоқ екен.

Көлік үстінің ерекше бір желігі болатынын мен бұрын да білетінмін. Студенттік кезде тың егінінің жиын-терініне дәл осылай пойызбен баратынбыз. Сонда вагон іші думанға толатын. Көппен бірге менің де көңілімді шаттық кернеп, ән айтқым келетін. Достар шырқаған әннің бәріне қосылып, оқта-текте өзім де жақсы көретін әнімді бастап та жіберетінмін. Мен өзі сүйетін әнді шырқауға келгенде адамға анау айтқан әншіліктің қажеті жоқ деп білемін. Жүректің терең түкпірінде тұнып жатқан, бір кездері дос-жарандармен бірге думандата шырқаған аяулы әндер мені қайта тапты.

Біреу «Әлі есімдені» бастаған, жігіттер әуелетіп әкетті. Мен де қосылдым. Әннің бас жағы әне күні Шекер екеуіміз бірге өткізген сияқты арайлы түнді аңсау, өмірі естен кетпейтін кезді сағыну болып келеді де, соңғы жағы аһ ұруға айналады.


- 183-


«Содан бері, өтті, сәулем, талай күн,

Әлсін-әлсін суретіңе қараймын.

Тағдыр...»

Мен кілт тоқтадым, әрі қарай айтуға аузым бармады, Бұл өзі маған сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден таныс ән еді. Ән емес-ау, ақ махаббатынан айрылып қалған ішқұса пақырдың ащы айқайы бұл. Шекер екеуіміздің алдағы өміріміз туралы алмағайып ой кешіп келе жатқан мен әннің соңғы сөздерін қайтіп қана айтайын, кілт тоқтадым.

Әнге қайтып зауқым соқпай қалған. Содан думанды ортадан шеттеп, біраз отырып-отырып барып, Шекерге хат жазуға кірістім:

«Пойыздан сәлем!

Шекер, сүйіктім, сау-саламат боларсың! «Алғашқы хатыңды пойыздан жаз» деп едің ғой, соны орындауға кірісейін.

Біз солдатқа шақырылған жастарды алып бара жатқан эшалонда, міне, екінші күн келеміз. Қайда апаратынын білмейміз. Білетініміз — Отанға қызмет етуге кетіп барамыз. Біздің Отан — ұлан-байтақ. Оның қай түкпіріне апарса да, бәрібір емес пе, түрлі ән айтып, сан алуан ойға шомып кетіп барамыз.

Менің әскерге баратынымды үй ішім білмеуші еді, бағана барлық жағдайды айтып хат жаздым. «Үйге бір келіп кетпегені несі?» деп ренжіп қалатын болды бәрі. Әсіресе, әжемнің қабырғасына қатты батады. Анада мен осы жаққа жүрерде ауыл шетіндегі аялдамаға дейін шығарып салып тұрып, автобус қозғаларда екі көзінен мөлт-мөлт етіп жас сорғалап қалып еді.

Мен үлкен адамдардың көз жасынан қорқамын. Былтыр көрші ауданда тұратын әпкемнің үйіне бардым. Екі-үш күннен кейін қайтатын кез келіп, дастарқан жинала бергенде, әкпемнің кәрі атасы:

- Балам, кел, бетті әкел. Мен сені енді қайтып көремін бе, жоқ па? Жақсы адам бол, — деп көзіне жас алып еді.

Сол кісі содан үш ай өткен соң дүние салды. Үлкендер көп нәрсені күні бұрын сезетін адамдар болады деседі. Бұған сену, әрине, қиын, бірақ мен олардың көз жасынан қорқып қалыппын.

Жаңа үйге хат жазғанымда көзінде жас, көңілінде күдік,

- 184-


қолын жайып ақ батасын айтып тұрған әжем көз алдыма келіп, жанарыма жас үйірілді. Іртік-іртік моншақтар «ыңқ» десем, ытқып кетердей болып-ақ еді, сазарып отырып-отырып көз шарасыңда әзер дегенде кептірдім.

Шекер, Аралда облыс орталығына бізді алып баратын жүрдек пойызды солдатқа баратын жастар бір сапта тұрып қарсы алдық. Бір-бірімізді әлі жөнді танымайтын біздерді белгісіз бір құдіретті күш бағындырып тұрды сол сәт. Біздің бір-бірімізден титтей де айырмашылығымыз жоқ. Рас, мен сәл сақалау болармын. Әскерде темірдей тәртіп болатынын бәріміз жақсы білеміз. Сол тәртіпке бағынудың басталған жері осы шығар, сапта біріміз де қыбыр етпей тұрмыз.

Пойыз тоқтап, жолсеріктер вагондардың есігін ашқан соң жолбасшы капитан:

- Ал, жігіттер, еңді шығарып салатындармен, ата-ана, туысқандарыңмен қоштасып, тез вагонға отырыңдар! — деп команда берді.

Жігіттердің барлығы әке-шешелерінің, туған-туысқандарының мейірімді, жылы, қимас құшағына кірді. Біз Жорабай екеуіміз состиып тұрып қалдық, Шекер, сен Жорабайды білмейсің. Ол — менің университетті бірге бітірген досым, Аралдағы мектеп-интернатта мұғалім-тәрбиеші. Екеуіміз Аралға жұмыс істейміз деп келіп едік, оның ойына алғаны болды. Мен әскерге кетіп барам.

Тепловоз гудок берді, жұрт жапатармағай қозғала бастады.

Жорабай асығыс:

- Жақсы қызмет етіп қайт, Балабек! — деді.

- Өзің де жақсы еңбек ет, Жора! Екеуіміз үшін бір өзің қалдың. Университет бітірген филологтың қандай болатынын көрсет аралдықтарға.

- Тырысамыз. Сен өмір көретін болдың.

- Иә. Өмірбаянға тағы бір жазу түсетін болды.

- Балабек, кел, сағат айырбастайық, бір-бірімізге деген суынбас жүрегіміздің дүрсіліндей болып жүрсін қолымызда.

Біз сағат алмастық. Содан соң саусақтарымызды сындырарман болып қол қысыстық.

Пойыз баяу жылжи бастады. Болашақ солдаттар жапа-тармағай вагон баспалдағына жармастық. Жолсерік «бол-


- 185-


болдап» бізді вагон ішіне тоғытты. Қол созым жерде алыстан бірге келген дос қалып барады. Әріде, Бөгенде сен қалғансың, оқушыларым қалған.

Облыс орталығында бізді комиссияға қайта түсіріп тексеріп алды да, команда-командаға бөліп, арнайы құрастырылған пойызға отырғызды. Қайда бара жатқанымызды жол бастаушылардан сұрасақ, бәрі: «Ол — әскери құпия. Барғанда көресіңдер» деп айтпайды. «Мақұл, онда» деуден басқа лаж жоқ, кәдімгі жолаушылар вагонында жатырмыз, аппақ көрпе-жастыққа оранып. Өйтпегенде несі бар? Біз де — жолаушымыз. Біз аттанып бара жатқан сапар салмағы қандай жолаушыңыздан болсын кем соға қоймас. Біз солдат шинелін киіп, қару-жарақ асынып, қатал өмір кешуге кетіп бара жатырмыз.

Әдеттегі жолаушы вагонынан біздікі өзгешелеу. Вагондағылардың бәрі біркелкі тақыр бас жас. Осының өзі-ақ біздерді тым тез бір тілектің адамы етіп жіберген. Бір-бірімізді көп тосырқап жатпай, топ-топ болып әңгіме-дүкен құрып, ән айтып келеміз. Бәрінен махаббат әндері көп айтылады. Қай әнді болмасын жігіттер өз үніндегі ең бір сағыныш, өкініш әуездерін салып айтады. Солдат өмірі сағынышқа толы болатынын жігіттердің барлығы сезіп келе жатыр.

Мен үшін бұл сағыныш сазы анада ауыл шетіндегі аялдамада әжемнің моншақтаған көз жасы торлаған кірпігіне ілініп басталып, сен болып сап-сары құм үстінен қол созып еді, енді жүрек сыздатады. Әрине, еске түсіп, өткен-кеткен пойыз екпінімен артқа қарай жүйтки көшіп жатқан сары дала бедері құсап ауысып, еш нәрсені ұшығына шығандата шығарып ойлауға байыз таптырмайды.

Сисенғалидың өзі де ойыма әлденеше рет түсті. Оның мен жүрер күнгісін айтамын-ау! Ол жайында мен саған айтып үлгере алмадым, сірә, ендігі хатқа жазармын.

Сау бол! Сүйдім! Сәлеммен, Балабек.

Шекер, Шекерім менің! Мына хатты- қайта жалғауға тура келді, өйткені саған салып жіберуге мүмкіндік болмады.

Ғашықтар бір-бірінен тәтті сөзін аямайды деседі. Мен де саған арнап әдемі, айшықты сөздер іздеп көрдім. «Айым, күнім, сүйіктім, сәулем» деген сияқты сөздер бірінен соң бірі тілім ұшына орала берді. Алайда оның бәрі жаттанды


- 186-


екен. Менің саған деген сезімімді де, ыстық ынтықтық табы ернімізде кеткен сол бір ұмытылмас сәттің бар ләззаты мен қуанышын да, екеуіміз екі жақта жүретін ұзақ уақыттың ауыр жүгі мен қиындығын да осы «Шекерім!» деген жалғыз сөзге сыйғыздым. Сенің есіміңнен асқан сұлу, одан артық аяулы сөз жоқ маған.

Шекер, тек менің ғана емес, осы пойызда келе жатқан жігіттердің барлығының да жанына балаған бір-бір қызы бар сияқты. Бәрі бір сәт телміріп отырып хат жазады. Солдаттың бір жартысы ауылда екен. Мен сол жартымды — сені тауып аттанып бара жатқаныма шексіз қуаныштымын! Қайта-қайта әдемі қиялға шомамын. Өткен өмірімнің барлығын енді сенімен өлшеп, болашағымды сенімен сабақтастырып келемін. Жоғары білімі барлар әскерде екі жыл қызмет етеді екен. Екі жыл деген өткен соң екі күн емес пе. Қайта қауышар күнді сарыла аңсап жүрген күндер мәңгі есте қалар. Аңсау дегеніміздің өзі адам жүрегіне ең нәзік сәуле құятын құдіретті күш пе деймін. Сол сәулені үзіп алмай, қылпық жуытпай жарқыраған күйінде сақтай алса, адам арманына алқынбай жетпек. Бір-бірін беріле сүйген, бір-біріне қалтқысыз сенген адамдар ғана сөйте алатын шығар.

Шындығында, адамда сенім болмаған соң оны күдік билеп, күлкілі жағдайға тап болуға дейін барады екен. Бағана осында сол Бөгеннен менімен бірге аттанған Тоқтар Тезекбаев деген жігіт егіліп жылап, қызық қылды.

Өңшең сайдың тасындай жігіттер қарап отыра алған ба, түрлі әзіл-қалжың айтылып, мәжірежай күйде еді, бір кезде Тоқтар «уһ» деп күрсінді де, өксіп кетті.

- Ой, не болды саған?

- Мұның не? — десіп, біріміз үрпиісіп қалдық.

- Не болсын. Ештеңе жоқ. Ол мені күтпейді!

Тоқтар шынымен-ақ жылап отыр.

Жігіттер шүпірлеп Тоқтардың маңына жинала қалды. Сұрақты жаудырып кеп берді:

- Кім?


- Мәрзия.

- Соған да жылай ма екен?

- Жыламағанда ше? Ондай сұлу қызың болса, сен жыламақ тұрмақ, өкірерсің әуелім!

- 187-


Тоқтар бір нәрсе тындырдым деген кейіппен еңсесін көтергендей болды.

Жігіттердің біреуі сонда да қудалауын қояр болмады:

- Бүйтіп жылағанша, сену керек қызға.

- Ия, сену керек. Сенемін. Сонда да айрылып қаламын ба деп қорқамын. Сол үшін жылаймын. Ой, мейлі енді, қойдым.

Тоқтар өстіп өзіне-өзі басу айтып, жас торлаған көзін сүрте бастады.

Тоқтардың мұнысына біз қыран күлкі болғанбыз. Былай бір қарағанда күлкілі-ақ жәйт. Қазір байыптап ойлап қарасам, кеудемді күлкі емес, аяныш алып барады. Қимай құшақтасқан талай қыздың жігітін күтпей, басқаның жетегінде кеткенін көрген ғой, қайтсін. Дәл осы Тоқтардікі тәрізді бір-бір күдіктің осы жігіттердің барлығының көкірегін көмбе шоқтай тызылдатып бара жатқаны анық. Біреуіміз оны сыртқа жылап шығарамыз, екіншіміз әнге қосамыз, үшіншіміз ой тереңіне тұншықтырамыз. Ал бізге — ұзақ сапар тартқан жігіттерге әзірге сол күдікті күйттеу емес, алдағы жарқын күнге жасқанбай қол созу болса керек. Өз басым солай ойлаймын. Сенім — ешкімге аяғын жаза бастырмайтын күш.

Шекер! Мен өзі әр нені бір жазып кеткен жоқпын ба? Думан-шу ішінде отырып қолымнан келгені осы болды. Ендігі хатты тұрақты адрестен жазармын. Бірен-саран пысық жігіттер қайда барып тоқтайтынымызды біліп те қалыпты. Олар шын болса, таяп та қалған сияқтымыз. Сүйдім!

Балабек».


* * *
Әскери бөлімшеге келген соң Шекерге алғашқы әсерлерімді айтып мынадай хат жаздым:

«Шекер! Сау-сәламат боларсың?

Шекер, менің хатымды асыға күтіп жүрген шығарсың?

Біз, міне, енді әскери бөлімшедеміз, бұрын көріп-білмеген өмірге қадам бастық.

Мен саған айтқан жоқ екенмін ғой, «Солдат болу оңай» деп едім оқушыларыма анада, шақырту қағазы қолыма тиген сәтте. Сөйтсем, оным мүлде бекер сияқты.

- 188-


Мұндағының бәрі бізге тосын, жаңалық. Жас солдат — жасқаншақ, қимылы қиылыспай, тірлігі ұйқаспай қалады. Басқаны былай қойғанда, солдат киімін киюдің өзі-ақ бізге жатқан бір қиынның қиыны болып шықты. Бірақ мұнда жас солдаттарға қамқор қол өте көп екен. Соның ішіндегі солдатқа ең жақыны старшина ма деймін.

Біздің старшинамыз Болдырев деген егде кісі. Тегінде, біртоға, ұстамды адам болуға керек, көп сөйлемейді, алайда айтқанын істететін қалпы байқалады.

Взвод киіне бастағаннан старшинаның екі көзі біздің бас-аяғымызға қадалумен болған. Солдат киімі денемізге бірден қона кетпеді, бір түрлі ыңғайсыз, олпы-солпы. Старшина әрқайсымызға жеке-жеке киіміміздің қай жері артық, қай жері кем, оларды ретке келтіруіміз үшін не істеуіміз керектігін ерінбей түсіндіріп шықты. Осы айтқандарын орындауымыз үшін жарты күн уақыт берді.

Арамызда өмірі қолына ине-жіп ұстамаған жігіттер де аз емес екен. Саптың әр тұсынан:

- Старшина жолдас, мен мұны істей алмаймын.

- Мен осылай-ақ жүре берем.

- Бұл бір жуған соң шуып, шап-шақ болып кетеді, — деген тәрізді сөздер естіле бастады.

Старшина оның біреуін де құлағына ілмеді. Қайта даусын қатайтып:

- Сол да сөз екен. Солдат бәрін өзі істей білуі керек. Киімдерінді денелеріңе шақ етіп, киіп шыға келгендеріңде, қыран бүркіттей түлеп шыға келесіңдер. Киімін бойына қонымды етіп кие алмаған солдат солдат емес, көже. Кешке қарай тексеремін. Кімде-кім айтқанымды орындамаса, өзі білсін, ондайларды кезектен тыс наряд күтіп тұрғанын қазірден ескертіп қояйын. Ал кірісіңдер! — деп команда берді.

Біз старшинаның айтқандарын өз хал-қадерімізше орындап, кешке қарай сапқа тұрғанымызда, кәдімгідей-ақ түрленіп шыға келдік. Сол сәт саған дәл осы кейіпте бір көрінгім келіп кеткенін қайтерсің. Қайтейін, бірақ сен сонша алыс қалыпсың.

Шекер, сонымен біз жас жауынгерлер курсына кірісіп кеттік. Бұрыннан қызмет етіп жүрген жігіттер: «Сержанттар сендерді карантинде (жас жауынгерлер курсын осылай дейді екен) аямай қуады. Еттеріңді сылып, терілеріңді

- 189-


қалдырады», — деп қорқытқан болады. Өздері өткен жол ғой. Бүгінгі кезекті біз иемденіппіз, ертең келесі лектің жігіттері еншілейді. Біз қиындықтан қорқу үшін келіппіз бе әскерге? Жоқ, әрине, жігіттердің барлығының ойы — осы. Сонда да болса, адам деген қызық қой, әлгіндей әзіл-шыны аралас, қорқытқан қоқан-лоққы сөзге сеніп қалатындар да бар екен арамызда. Соның бірі Тоқтар болып шықты.

Кеше Тоқтар сақал-мұртын электрлі емес, жәй ұстарамен алып жатыр. Ұстарасын ол: «Мұны маған зауыт социалистік жарыста озып шыққаным үшін сыйлаған», — деп мақтан ететін. Бірдеңені бүлдіргенін сезе қойдым.

- Тоқтар, электрлі ұстараң қайда?

- «Стариктерге» бердім. (Үшінші жыл қызмет ететін солдатты «старик» дейді).



- Неге?

- Сол.


- Оны қалай түсіндік? Сыйладың ба? Өзіңе де сыйланған зат емес пе еді ол? Жоқ, әдейі бердің бе?

- Жоқ. Бір «старик» сұрады, бердім.

- Дұрыс екен! Сонда мұның өз еңбек ұжымыңның сыйлығын сыйламағаның ба, әлде, ұстараң көп пе еді?

- Әй, қойшы! Қанша университет бітірдім дегеніңізбен, сіз не білесіз? «Стариктермен» қазірден жақсы болсаң, кейін ротаға өткен соң өзіңе жақсы болады.

- Несі жақсы? Жақсы болады екен деп оларға жағыну керек пе сонда?

- Жағын, жағынба, оны өзіңіз біліңіз. Мен өзім бердім ұстарамды. Біз де «старик» болғанда өстеміз.

- Тоқтар, сен өйте алмайсың.



- Неге?

- «Стариктің» бәрі бірдей озбыр емес.

- Айтасыз. Бұл — дәстүр.

- Ол — дәстүр емес, азғындық.

- Көреміз күшіңізді. «Стариктер» сізге де ауыз салады әлі-ақ.

Шекер, міне, Кеңес Армиясы қатарында қызмет ету дегенді кім қалай түсінеді, осыдан біле бергін. Бұл балалығы ма, шалалығы ма, қайдам, әйтеуір Тоқтар әскердегі «дедовщина» деп аталатын кеселге арамыздағы алғашқы ұшыраған солдат болды.




- 190-

Ал өзіңде не жаңалық бар? Сенің өміріңдегі тамшыдай жаңалықтың өзі мен үшін шалқар теңіздей екенін білесің ғой. Хал-жағдайыңның түгін қалдырмай жаз.

Сөйт, Шекерім менің!

Сүйдім! Сағынышты сәлеммен, Балабек».
* * *

Жас солдаттарға алғаш хат келе бастаған кез еш уақытта естен кетпес. Түрлі сабақ, не жаттығудан шаршап-шалдығып түскі үзіліс кезінде казармаға енгенде, алдынан хат шыққан солдат қуанышына дүниеде пара-пар келетін еш нәрсе жоқ шығар, шіркін! Алыстағы ана жүрегінің бала деп соққан нәзік лүпілін, атаның ақ батасын, бауырластың сарылған сағынышын, сүйген қыздың зәуде бір болмаса аузынан шыға қоймайтын ынтық сөзін жеткізген хат — әр солдаттың бұрын бастан кешкені мен бүгінгі өмірін алдағы болашағымен астастырып желі тартатын, аяулы асқақ сезімге бөлейтін аса құдіретті күш. Конверт соңына асығыс көз жүгіртіп, апыл-ғұпыл ашып жіберіп оқыған сәтте одан асқан поэзия қайсы бұл жалғанда. Хат оқып отырған солдаттың жай-күйін дүниеде тек ана көкірегінде жабысып отырған сәбимен ғана салыстырса болар. Сәби қандай пәк, қамсыз, бақытты. Сәби бойына қуат берер ақ қайнар әлі еш нәрсенің байыбына жетпеген, сонысына қарамай ретсіз ренжіп, шіреніп жылағанында мауқын басар жалғыз ғана жұбаныш болса, хат та солдат бойын сергітіп, көңілін көл етеді. Хат келмеген солдат жұмысқа кеткен анасын аңсаған сәби тәрізді мазасыз.

Шекердің хаты көп кешікпей келгенімен, менің алып-ұшқан асығыс көңіліме талай тәтті қиял, үкілі үміт арқалатып үлгерген. Хат қолыма тиген бойда мен төсегімнің аяқ жағында тұрған орындыққа отыра салып, оқуға кірістім.

«Балабек! Сенің пойыздан да, әскери бөлімшеден де жазған хаттарыңды алдым. Көп-көп рақмет!

Мен бірдеңе білсем, сен кейін жазушы боласың. Өздеріңнің өмірлерінді түгел қысқа да дәл сыйғызып жазатыныңа таңдана отырып, екі хатты да қайта-қайта оқып шығамын. Сөйткен сайын сен осы Бөгенде, жанымда жүрген болып кетесің.

- 191-


Ұшақ сені ауыл үстімен алып ұшып, ұзап бара жатқан сәтте дүниедегінің бәрін ұмытып: «Балабек, мен есін сүйемін! Күтемін!» - деп қайта-қайта күбірлей беріппін. Ұшақ демде алыстап, жалғыз қараға, одан нүктеге айнал ды да, көкжиекке сіңіп, сені алысқа, әскерге алып кетіп барды. Көз ұшында ғайып болған әлгі нүкте ең болмаса тағы бір көрінердей-ақ құм үстінде көп тұрдым. Ұзақ қарадым, әрине, ұшақ қайырылушы ма еді, көрінбеді, лажсыз кітапханаға қарай бұрылдым. Еш нәрсеге зауқым соқпай, есеңгіреп қалдым. Кітапхана іші қаңыраған бос үңгір, теңіз тастай суық, ызғарлы сияқтанды. Бетінде жүруге әжептеуір үйреніп қалған құм табанымнан тартып, ілгері аттаған адымымды қысқартты.

Сол сәт мен сені шын сүйгенімді сездім. Өң мен түстей болып өткен сол түн бақыт түні болған екен. Сол түнге дейін де осы ауылда сен барда мен бір мағыналы өмір кешкен екенмін. Өзіммен бірге қуанып, бірге сүйінетін, бірге күйінетін, бірақ көңіл-күйімізді білдіріспеген, сонда да жақын. Әр адам қол созым жерде жүргендей болатын да тұратын. Мен ол адамның кім екенін анықтап білмесем де, әйтеуір, көңілім орнында болатын. Сол адамды — сені жаңа тапқанымда, кешігіп тапқанымда аспанға телміртіп қаратып, тастадың да кете бардың. Міне, енді мен сол өзің көтеріліп кеткен көкке бір, сен қызмет етіп жатқан оңтүстік жаққа бір көз салып, алаң болумен жүрмін. Көзім талар, мейлі, қарай берем.

Балабек, сен, мүмкін, таңданарсың, мен әуелім осылай зарығып күтіп жүргеннен артық махаббат жоқ па деп те ойлаймын. Күткен адам көп ойлайтын, қиялшыл болатын көрінеді. Ондай адамның көкірегін жылытып, көңілін өсіріп жүретін арманы көп болады екен. Сол арманды тарау-тарау өргізіп, қайта жинап жүрген де бір қызық па деймін.

Сисенғалидың маған ғашық болғансып жылмаңдап жүргенін біледі екенсің ғой, бірақ менің жүрегім жалғыз саған ғана берілген. «Қызым, адамда жүрек жалғыз, махаббат біреу», — деген маған анам. Мен - ана сөзінің адамымын. Екеуіміздің сертімізді ешкім де, ешқаңдай қиындық та бұза алмайды.

Сен кеткен күннің ертеңіне кітапханаға Сисенғали келді.

- 192-


- Аман ба, Шекер қарындас, — деп баса-көктеп енді ішке.

Даусында өктемдікпен қоса қуаныш та бар сияқты. Ол ненің қуанышы? Тіксініп қалдым. Үндемедім.

- Сен қыз неге үндемейсің? Балабектің кеткеніне қайғырып жүрсің бе? Барсын келген жолымен. Осы ауылдың жігіттері де жетеді саған, — деп тұр енді еш шімірікпестен.

Сонда да адам екен дедім, сыпайы жауап қаттым:

- Қойыңызшы, ағай!

- Қоятын несі бар? Жігіт табылмаса, өзім-ақ аламын сені бір жаманға қор қылмай.

- Ағай, бұл қай айтқаныңыз?

- Е, не, мені Балабектен кем деп пе едің сонда? Ха-ха, тапқан екенсің кемсітетін адамды.

Ешкімге сенімен салыстырып барып баға берем деген ой менде болып көрген бе, не дерімді білмей қалдым. Мұнымды басқаша түсінсе керек, Сисенғали:

- Қой, солай, қарағым! Солдатты күтіп қайтесің? Көп сөзді қой да көн, — деп жылмыңдады.



-Барыңыз енді өз жөніңізге. Әйтпесе мен мектеп директорына да, ауылсовет төрағасына да барып айтамын қазір.

- Айтсаң, айт, Балабектің қатыны, — деп безерді Сисенғали.

- Мен сізді әжептеуір адам екен десем... Мама.. Балабек...

Мен шыңғырып жылап жібердім.

-Жыласаң жыла. Маған оны балықшы Жұмағали айтқан. Долы болсаң, соның бетін тырна, — деп шыға жөнелді.

Мен жылап ауылсоветтің төрағасына бардым. Көзім бұлаудай болып ісіп кеткен түрімді көргенде, шошып кетті білем, ол кісі:

-Қызым, не болды саған? Біреу ренжітті ме? Ол кім? Айт. Мейман баланы ренжіткен кім екен, көрейік біз ол адамды, — деп жік-жапар болды.

- Айта алмаймын, ағай, — дедім бар болғаны.

- Үйін сағынған ғой бұл бала, — деді ауылсовет ағай.
Әңгіменің бұлай бет алғанына куанып кеттім. Сисенғалидың аузынан шыққан жексұрын сөздер менің тілімнің ұшына оралатын да емес еді.

- 193-


- Иә, — дедім төмен қараған күйі.

- Е-е, онда сәл шыда, қарағым, кейінірек көрерміз Жұмысыңды жақсылап істе, кітапханаңа адам келе ме өзі?

- Келеді.

- Дұрыс екен онда. Жақсылап тұрып жұмыс жоспарын жаса, сөйт те, алып келші осы таяу күнде.

Көрейік, көмектесейік.

- Жарайды, ағай.

Менің ашуым басылып қалды. Осылай жүріп жатқан жай бар. Үйден хат алып тұрамын. Мамам қызық, хат сайын: «Шекер, сен сол жақта біржолата қалып қойып жүрме, өзі бір жер түбі екен. Артыңнан іздеп кім бармак ол ит арқасы қиянға. Жақын жер деген жақсы ғой, әйтеуір. Дипломың қолыңа тиді болды, бері қарай тарт», — деген тәрізді бір сөйлемді қыстырып жіберуден танбайды. Менің мұнда сені күтіп жүретінімді қайдан білсін мамам.

Ауылдан осыншама ұзап кеткенімді мамам мен папам о баста-ақ жақтырмаған. Қалың құм ішіндегі ауылға аттап аяқ басқанымда менің де көңілім секем алып қалған. Сөйтсем мұнда да қайнаған қызу өмір бар екен. Айналдырған екі айға жетер-жетпес уақыттың ішінде саған кездестім, енді, міне, үйден гөрі сені көбірек ойлайтын болдым. Осылай жүрем енді сені күтіп.

Ана Тоқтар деген жігіттің бала құсап жылағаны қызық екен. Бір себептен онысы дұрыс па деймін. Жандай жігіттерін күтпей, жерге қаратып кететін қыздар да кездесіп жүр ғой өмірде. Сол Тоқтардың енді біреуге жағыну үшін өз мүлкін үлестіріп жүргені қызық екен. Ондайлар, меніңше, жақсы солдат бола қоймас.

Балабек, мен сенің өте жақсы солдат болғаныңды қалаймын!

Сау бол! Сүйдім, Шекер».
* * *

Шекердің хаты менің көңілімді астан-кестен қылды.

Айналайын Шекер, мен білемін, сенемін, сен сөзіңе беріксің.

Мен бақытыма кезігіп едім, мына бір Сисенғали деген пәленің зияны тиіп кетіп жүрмесе екен. Шекерді қорғансыз көріп басынуын қарай гөр, ей! Хат жазсам ба екен? Ол мұнысын білмей істеп отыр дейсің бе бірақ. Бәрін


- 194-


біледі, қолынан келгені — бұл. Ондай адамға хат жазып, сөзді қор қылып қажеті жоқ.

Осы тәрізді аласапыран ойлар жарысып, басымның әңкі-тәңкісін шығарды. Әрі ойланып, бері ойланып келіп, мектеп директорына мынандай хат жаздым:

«Солдаттық сәлем! Құрметті Сейфолла ағай, сау-сәлемат боларсыздар.

Сіздердің денсаулықта болып, шәкірттерді тәрбиелеу, оқыту ісінде табыстан-табысқа жете берулеріңізге әр кез тілектеспін.

Мен ойдағыдай қызмет етіп жүрмін. Сейфолла ағай, бұл хатты мен сізге кішкентай бір тілекпен жазып отырмын. Сіз ғафу етіңіз, мұның өзі айтуға да ыңғайсыз, нәзік сыр, өзіңіз ғана біліп қойсаңыз екен. Сондағы кітапханашы Шекер деген қызбен уәдеміз бар еді: ол мені күтеді. Сисенғали соны біле тұра Шекердің мазасын алып жүрген көрінеді. Біз бір ұжымның адамымыз ғой. Сол ұжымның басшысы, жасы үлкен аға ретінде Сисенғалиға сіз: «Бұл бейбастағыңды қой», — деп айтар ма екен деген ойдамын.

Солдаттың сүйген қызына көз тігіп, еркінсу ертең көрісетін жігітке жараспас. Солдаттың қолы қысқа, мүмкіндігі шектеулі, Отанға қызмет етуден басқа тірлігі жинастырылып тасталған.

Сіз Сисенғалиға осы тұрғыда ықпал етіп қойсаңыз жөн болар еді.

Сау болыңыз! Сәлеммен, Балабек».


* * *

«Солдат болу — оңай» дегенімнің мүлде бекер екендігін мен өстіп әскерге келген алғашқы күндерден-ақ сезе бастағанмын.

Әскери өмірдің солдатқа артар жауапкершілігі мен жүгін жас жауынгерлер курсы әбден жақсы ұқтырды. Ауызекі «карантин», Устав тілінде «Жас жауынгерлер курсы» деп аталатын ант қабылдағанға дейінгі мерзім әскерге жаңа келген жасқа қуанышты да, қайғыны да аз сыйламайды. Жас жауынгерлер курсындағылар балалар бақшасында тәрбиеленушілердің күнін кешеді. Оларға ақыл айтушы, үйретуші көп.

Құлаққа қанша түрпідей тигенімен, жас жауынгерлер курсын «карантин» деп атаудың бір жағынан жөні де бар

- 195-

екен. Бұл кезде жастар негізгі әскер құрамынан бөлек өзінше взвод-взводқа бөлініп, жаңа өмірге бейімделеді, солдат ғылымының әліппесін үйренеді.

Солдат өмірі түрлі жаттығуға толы. Солдат құралайды көзге атқан мерген болуы керек, ол жаттығумен келеді; солдат сыптай, жүріс-тұрысы ширақ, қимылы нық болуы керек, ол жаттығумен келеді; солдат батыл да батыр, сайыпқыран, қажырлы да қайратты болуы керек, ол жаттығумен келеді; мұның барлығының үстіне және де ең бастысы солдат өзіне тапсырылған қару-жарақтың, осы заманғы техниканың тілін жетік меңгерген білгір болуға керек, бұл да, сөз жоқ, оқумен һәм жаттығумен келеді. Осылардың барлығын үйренуге, жетілдіріп шыңдауға арналған сабақтар мен жаттығулар солдатқа басқа бөтен-бөгде нәрсеге бір сәт те алаң болуға, аяғын құйттай да шәлкем-шалыс басуға түк те мүмкіндік бермейді.

Адамның кейде бір жалғыз-жарым қалғанда небір ойларға беріліп, езіліп отырып қалатыны бар емес пе. Кішінің қасында өсіп, ұлының қасында өшетін осындай сәттер мені әуелім қуыс кеуде кеуек, шүйкедей етіп жіберетін кездері де болушы еді. Мұндайда біресе бозарып, біресе сұрланып, жақ жүнім үрпиіп, қабағым жыбырлайтын, жағымды таянып әр ойдың жетегіне бір еріп, бірақ бірде-біреуінің ұшығына шыға алмайтынмын. Солдатта бүйтіп езіліп, ой тұңғиығына шоматын уақыт жоқ. Солдат болу Отан қорғауға даярлық деп аталатын үлкен ұғымның жықпыл-жықпыл қойнауында үнемі ілгері талпынуға, талмай қимыл үстінде болуға бастайды. Солдат өзінің қол жеткен жерін, атқарған ісінің жемісін дер кезінде көріп отырады. Солдатта «бәрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деген тірлік жоқ. Алға қойған тапсырманы орындап шықтың ба — абыройлысың, қолыңнан келмей ме — болмағаның. Ал солдаттың атқара алмайтын ісі болмасқа керек. Үгіттеу, көңдіру – бұлардың барлығы ауылда, азаматтық өмірде қалған. Солдат — жағыну, жағымсуды білмейтін нақты істің адамы. «Қолымнан келмейді» — солдат лексиконында жоқ сөз. «Құп болады, командир жолдас» — солдат сөзі, міне, осы.

Ұзын-ырғасы бір айдан сәл-ақ асқан жас жауынгерлер курсы ұзын тұсау, кең арқау өмір кешіп, етек-жеңді кеңге салып жүрген біздерге оңайға соқпады, кәдімгідей сы-

- 196-


лынып түстік. Бірақ бұл сылыну сақа солдаттар айтқан «терінің қалуы» емес, бойдағы арам терден, артық еттен, сонымен қоса барлық жалқаулық атаулыдан арылу еді. Оның есесіне жігіттердің бұлшық еттері едірейіп, жауырындары қақпақтай-қақпақтай, тепсе темір үзетін шымырлар өсіп шықты. Солдат өмірінің құдіреті, міне, қайда жатыр!

Күні кеше ғана старшина Болдырев үлестірген су жаңа киімдер солдаттың әлуетті қолымен бірнеше рет сығымдалып жуылып, бірі шуып, бірі созылып, әрқайсымыздың бойымызға сән ательелері шеберлерінің қолынан шыққандай жарастық тапты. Бұл дәрежеге жету жастарға оңай соққан жоқ.

Кеңес Армиясы қатарында қызмет етіп қайтқан балалардың есейіп, соқталдай жігіт болып оралатыны әмбеге аян. Меніңше, мұның еш құпиясы жоқ, солдатты ешкім мәпелемейді, оған үнемі тапсырма беріліп, талап етіледі, ол - әр кез орындаушы. Біріне ақыл, біріне қайрат керек оқу-жаттығу ойындары ерке-бұла болып өскен жастың өзін тез бастықтырып, басалқалы етеді.

Жас жауынгерлер курсындағы басты тұлға — сержант. Оны ұстаз, тәрбиеші, жаттықтырушы десе болар. Алуан түрлі мінездің, тілі, түрі бөлек, денесінің шынығуы әрқалай балаларды бір қалыпқа түсіру — әскери тапсырмаларды орындай алатын жауынгер етіп шығару қиынның қиыны, әрине.

Әлбетте, командирдің қолында керемет құдіретті қару бар, оның аты — бұйрық. Командирдің бұйрығын бұлжытпай орындау — әскери устав талабы. Устав талабын орындамаған жауынгер жазаланады. Тәрбиенің жалғыз ғана құралы жаза емес екені бесенеден белгілі. Жаза шектен шыққандарға ғана беріледі. Жас жауынгерлерге сержанттар оқу сабақтарын айтып түсіндіріп, түрлі снарядтағы жаттығуларды өздері істеп көрсетіп барып орындатады. Командир әркімнің қабілет-мүмкіндігін жақсы аңдап біліп, сергек ескеріп отыруы тиіс. Іс нәтижелілігі, міне, соңда ғана қамтамасыз етіледі. Жауынгердің бәрі бірдей орындауға міндетті оқу-жаттығу ойындарына келгенде командир — мызғымас адам, айтқанын істетеді.

Жауынгердің барлығы бірдей тапсырманы ынта-ықыласымен орындайды деу ағаттық болар еді. Жан қинамай,

- 197-

әскер тұрмақ, жайшылық өмірде табыс жоқ, сөйте тұра жігіттер әрекет-қимылдың жеңіліне иығын беруге құмар. Өңкей сайдың тасындай сақырлаған жігіттердің бір-бірімен қарым-қатынасында да командир тыйып отыратын тұстар аз болмайды.



Біздің кіші командиріміз, аға сержант Золотарь — атына заты лайық алтын жігіт. Байланыс техникумын қызыл дипломмен бітірген оның білімі терең, мінезі жұмсақ. Денесі құрыштан құйғандай шомбал, төртбақ, серіппелі, жаттығу снарядтарының кез келгенінде ұршықша үйіріледі. Жайшылықга жайбарақат болғанымен, айтқанын орындатпай қайтпайтын қатал, ең бастысы — әділ. Жас солдаттардың мүмкіндігін жақсы біледі, соған орай тапсырма беріп, талап етеді. Мұндай командирден асқан кім бар, Золотарьдың аузынан шыққаны — бізге заң.

Қаншама бір қатаң талап қойғанының өзіңде оның бар болмысынан, үнінен біздерге бір терең мейірімі білініп тұрар еді. Оқу-жаттығу кезінде кездесетін кемшілігімізді кешіруге болады. Жан қина, беріліп үйрен — бәрі дұрыс. Командир сеніп тұрғанда, бізге не көрініпті, жақсы солдат болуымыз керек. Аға сержант Золотарь — менің екінші командирім.

Шын қызметті бастамай жатып, «карантиннің» өзінде екінші аға сержанттың алдын көріп үлгердім. Неге? Бұл — бір қызық әрі қолайсыз әңгіме.

Үйренбеген тірліктің беймәлім қатпар-қыртысы көп болатыны өзінен-өзі түсінікті. Ал солдат өмірінің ол қатпар-қыртыстары сан алуан қиындықтармен астасып жатады. Жолында не кездессін, солдат бәрінен жол тауып шыға алуы керек. Әлбетте, ол үшін адамға бірде ақыл, бірде қайрат, бірде машық керек. Жас солдаттың әр адымы, қимылы бақылауда, оған сын көз көп, бәрі бағасын беруге әзір. Өзіне қойылар талаптың бәрін жас солдат өз дәрежесінде орындай қояды деу, артық айтқандық болар еді. Сөз бар ма, жас солдаттардың жүріс-тұрысында, бұйрықтарды орындауында олқы соғып жататын, алқам-салқамдық танытатын тұстар аз болмайды. Кім іштен бәрін біліп туған, үйренеді де. Бірақ әскерде мұндай кеңдік жоқ. Жас солдаттарды аямай қуу керек, қымс етсе, дереу жазалау керек, сонда тез үйренеді, бастығады дейтін бір пікір бар. Сондағы сүйенетіңдері — Суворов айтқан «Жаттығу-


- 198-


да қиын болса, ұрыста оңай болады» дейтін сөз. Бұл ұғымды түсініп барып талап қойса, жақсы ғой, әншейін дақпыртпен кететіндер де бар. Қалай дегенмен де, жас солдат бәрін үйренуге, орындауға міндетті.

Жас жауынгер курсындағы өмір өңкей үйрету мен үйренуден тұрады. Ғажап! Осы уақытқа дейін ештеңе білмейтін, түкті түсінбейтін, қолапайсыз біреу болып өмір сүріп келгендейсің. Сенің бұрынғы өміріңнен, болмысыңнан кәдеге жарар, іске асар түк те жоқ. Солдат басқа өмірлік сапаға ие болуы керек.

Адамның бүгінгі болмысы — өткенінің жемісі. Өткенін түкке татығысыз ету — адамды қорлау. Кейбір тықшыңдаған пысықай командирдің осыны білмейтіні қиын-ақ. Солдат бәріне көнуі керек деп төпей беруді айтсаңшы бәрінен де!

Біз — жеке байланыс батальонының жас жауынгерлері екі взводпыз. Оның бірі — болашақ радиошылар да, екіншісі — телефон-телеграфшылар. Біз кейін батальонның радио және телефон-телеграф роталарына қосыламыз. Байланысшылар өздерін Кеңес Армиясының интеллигенциясымыз деп мақтан етеді екен. Ол сөздің жаны бар, байланысшылар, әсіресе, радиошылар қызметі техникамен сабақтас. Алуан түрлі радио, телефон-телеграф стансаларында жұмыс істеуді меңгеру, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу үшін адамға, ең алдымен, білім керек. Соған орай сонау шақыру пунктінен бастап білімі бар жастарды іріктеп, әдейілеп жібереді екен. Соның ішінде, әсіресе, радиошылардың білімі жақсы, орыс тілін жетік білуі керек. Осы реттен менің радио ротада қызмет етуім заңды еді. Бұл социалистік қоғамның «әркімнің — қабілетіне қарай, әркімге — еңбегіне қарай» деген ұлы принципіне әбден сәйкес.

Солай болды да. Мен әскери өмір әліппесін үйренуді радио ротаның жауынгерлер взводында бастадым.

Жас радиошылар арасында бес жоғары білімді жігіт бар екенбіз. Бесеуіміз — бес ұлттың өкіліміз. Аминов — тәжік, Баратов — өзбек, Николаенко — украин, Рубан — молдован, мен — қазақпын.

Аға сержант Иванов бар жанын салып бізге демде-ақ талай нәрсені үйретіп үлгерген. Адам тәрбиелеу ісінің құпиясын қалай ғана жылдам игеріп алғанын қайдам,


- 199-

әйтеуір бірде біздің саналылығымызға сүйеніп, енді бірде бұйрық күшіне жүгініп, тез үйіріп әкеткен.

Радио сыныбында сабақ етіп жатқан. Аға сержант Иванов морзе әліппесінің кілтін қалай басу керектігін әркайсымызға жеке-жеке көрсетіп әлекке түсіп, біз оның айтқанын жасауға тырысып бағып дегендей, жапа-тармағай қимыл үстінде едік, сыныпқа қолының қарына қызыл байлаған солдат кіріп кедді. Бәріміз жалт қарадық. Пысық, ісіне мығым солдат екен, тақылдай жөнелді.

- Аға сержант жолдас, мына төмендегі солдаттарды: Аминовты, Баратовты, Николаенконы, Оразбаевты, Рубанды майор Сокол шақырып жатыр.

- Осы дәл қазір ме?

- Иә. Қазір келсін. Кетуге рұқсат етіңіз.

- Барыңыз.

Аға сержант Иванов бесеуімізге штабқа баруға бұйрық берді. Үлкеніміз етіп Николаенконы тағайындады. Бесеуіміз шұбап сыртқа шықтық.

- Майор Сокол деген кім? — дедім мен.

Біледі екен, Николаенко:

- Саяси орынбасар, — деді.

- Ол бізді неменеге шақырады?

- Кім білген оны?

- Бізді үгіт-көпшілік жұмысына қатыстырады.

- Мүмкін бір жаққа оқуға жіберер.

Біз өстіп жолай әр түрлі болжам айтумен болдық. Штабқа көңіліміз күпті болып еңдік. Бөлімше кезекшісі бізді штаб алдыңда қарсы алып, ұзын дәлізбен «Саяси бөлім жөніндегі орынбасар» деген есік көзіне дейін бастап әкеліп:

- Тоқта! — деп команда берді де, ішке кіріп кетіп, іле қайта шықты. — Кіріңдер!

Біз табалдырықтан жасқана аттадық. «Т» әрпі тәріздендіріп қойылған үстел басында батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары майор Сокол отыр екен. Николаенко:

- Майор жолдас, сіздің шақыруыңызбен, — дей берген.

Майор Сокол:

- Жарайды, кіріңдер, отырыңдар! — деп тыйып тастады.


Бесеуіміз кабинеттің қос қабырғасына жағалай тізіліп қойылған орындықтарға жасқана жайғастық. Майор Со-

-200-


қол қасқа бас, жоқ, басында қылпық жоқ тап-тақыр, қоңқақ мұрын, жағы кере қарыс кесек адам екен. Осы мол пішініне көзі келіспеген, кішкентай, шүңірек.

Турасын айту керек, майор Сокол бізді жылы қарсы алды:

- Балалар, мен сендерді неге шақыртып отырмын? Сендер — жоғары білімді мамандарсыңдар.

Бұл — өте жақсы. Менің сендерді саяси-тәрбие жұмысына қатыстырғым келеді. Бұған қалай қарайсыңдар?

Үлкеніміз Николаенко жауап берді:

- Дұрыс қараймыз.

- Онда келіңдер, жақынырақ танысайық. Алдымен, қатардағы жауынгер Николаенко, сен айтшы, қай оқу орнын бітіргенсің?

- Львов пединститутын.

- Жерлес екенсің ғой, жақсы!

Майор Сокол жігіттерге жағалай осы тәрізді сұрақтар қойып, жауап алып, бәріне бір-екі ауыз қоштау сөз айтып жатыр. Молдавияны да, Өзбекстанды да, Тәжікстанды да жақсы біледі екен.

- Ол республикалардың адамдары тамаша, шеттерінен еңбекқор, бұлардан жақсы солдат шығады.

Майор Сокол ең соңында маған бұрылды. Мен де аналар құсап жылы сөз күтіп тағатсызданып тұрғанмын.

- Ал сен қайдансың?

- Қазақстаннан.

- Не бітіргенсің?

- ҚазМУ.


- Қазақсың ғой.

- Иә.

- Мен Қазақстанды да, қазақты да аз білемін. Университет бітірген қазақ қандай болады екен, тексеріп көрейік. Қане, айта қойшы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы кім?

Ана төртеуінен менің республикам, өзім шынымен-ақ осал, кем болғанымыз ба? Тексергенінің түрі осы ма? Мұнысы қомсыну ғой барып тұрған!

- Майор жолдас, мен жоғары білімді мұғаліммін, жоғары сыныптарға сабақ бергенмін. Мынандай топас сұрақты мен тіптен төменгі сыныптардың оқушыларына беруге ұялар едім.


-201-


Майор Сокол қанын ішіне тартып, ақ сұр болып, түтігіп кетті. Сірә, бұрын-соңды солдаттан мұндай сөз естіп көрмеген.

- Сен не дедің?

- Не, сіз естімей қалдыңыз ба?

- Естідім. Мен саған көрсетем топас сұрақтың қандай болатынын!

Майор Соколдың аузынан ең бір былапыт сөз атқылады дейсің бір! Мен мұндай жылдам сөйлейтін адамды өмірімде көрген емеспін, ерні-ерніне жұқпайды, құдды таңдайына магнитофон орнатып қойған дерсің. Мен оның айтқаңдарын жаза алмаспын, жазуға келмейді де. Ол маған да, менің ұлтыма да аямай тіл тигізді. Мен алғаш жүрегі жарылып, не күйіп кетер деп едім, жоқ, қорлап-боқтап сөйлеген сайын екпіні басылып, дүлей түрі сынып, реңі кіре бастады.

- Мен саған көрсетем топас сұрақтың қандай болатынын! Бар, ана сержантқа айт, сені телефон-телеграф ротасына апарып, капитан Макаровқа тапсырсын. Мен саған үш жыл телефон шөлмегін тасытып қоямын. Кет, шық!

Мен өстіп ұлтымның, өзімнің арыма араша боламын деп аямай тапталдым. Ес-түсім шығып кеткен екен, майордың есігін жаба бере маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Ұзын дәліз қапырық тартып, екі өкпем аузыма тығылды. Әскери шені соншама жоғары адам да осынша ашуланшақ болады екен. Бойында қылдай қауқар, қолында титтей билік жоқ солдатты өзі қорлап алып, намысының жоқшысы болғысы келгені үшін мұншама пүшәйман ету, әй, қайдам, ешқандай устав, нұсқау атаулыда жоқ шығар. Иә, жоқ, мен оған әбден сенімдімін, бірақ үлкен адам өстіп зіркіреп тұрғанда сеніп те қалатын сияқтысың. Қолынан бар келгені осы да, әйтпесе адамды аяйтын офицер емес мына Сокол.

Далада есеңгіреп тұрып ана төртеуін күтіп алып, сыныпқа бірге кірдік. Атақ-дәрежесі жоғары адам солдатка кек сақтамас, ет қызуымен ұрысқан да қойған шығар деген оймен сержант Ивановқа ештеңе деген жоқпын. Қалай айтарсың?!

Арада екі сабақ өтіп, келесісі енді басталған. Сыныпқа майор Сокол кіріп келді.

Сержант Иванов команда берді:


- 202-


-Взвод тұр, смирно! Майор жолдас, жас жауынгерлер взводы теориялық сабақпен айналысуда.

Майор Сокол оң қолын көтерді.

- Взвод, отыр!

Майор Сокол енді қаздиып тік тұрған күйі сынып ішін көзімен сүзіп қарай бастады. Іздегені мен екенмін, көзіміз түйісе бере Соколдың өктем үні шықты:

- Өр кеуде солдат, сен мұнда неғып отырсың?
«Шыны ма, домбытып қорқытқаны ма?»

- Аға сержант Иванов, мынау сізге ештеңе айтқан жоқ па?

- Жоқ.

- Онда түсінікті. Командирдің бұйрығын орындағысы келмейді екен. Аға сержант, мынаны капитан Макаровқа апарып тапсыр. Телефоншылар взводына қойсын, үш жыл шөлмек тасытсын.



Майор Соколдың шаруасы осымен бітті. Менің тағдырым шешілді.

Аға сержант Иванов мені телефон-телеграф ротасының командирі капитан Макаровқа әкеліп тапсырды.

Капитан Макаров:

- Сіздің жоғары біліміңіз бар екен, неге бұлай еткен? — деп таңданыс білдірді. — Мейлі, онда жүріңіз. Ротада бос штат жоқ, дегенмен, көреміз.

Капитанның титтей де болса, жылы ұшырай сөйлегенінің өзі-ақ өн бойымды жылытып өтті.

- Сонда солдаттар да штатта тұра ма?

- Енді қалай? Біздегі әр солдаттың өз орны, өз қызметі бар. Әркім өзіне белгіленіп берілген қызметті атқарады.

- Мен ойлап едім...

- Иә, сіздер солай ойлайсыздар. Солдат болу жер тепкілеу деп, жоқ, олай емес, бұл — кәдімгі жұмыс, қызмет, әскери техниканы меңгеру, күтіп ұстау, қажет болса, іске қосу, қалғаны — ерік-жігерді, денені шынықтыру. Ештеңе етпейді, бәрін көресіз, үйренесіз.

Капитан Макаров қарапайым, ашық адам екен, командир мен солдат арасында бар дейтін шекарасыз, шектеусіз сөйлейді, қайта мен өзім қысылып, терлеп-тепшіп кеттім.

Мен өстіп майор Соколдың тепкісімен телефон-телеграф ротасының жас жауынгерлері сапына келіп қосылдым. Бұл жөнінде батальонға гу-гу әңгіме тез тарап кетті.

-203-


Қызметті жаңа бастағандар ғана емес, нағыз солдаттардың өзінің мені бір-біріне сыртымнан көрсетіп жүргенін өзім де байқап қалдым.

Тоқтар осы телефон-телеграф ротасының курсында болатын. Кешке қарай казарма алдындағы орындықта отырсам, жаныма келіп жайғасып, бір нәрсе сұрамақ болып қипақтай берді. Батпай, біресе саусақтарын шыртылдатты, біресе еңкейіп, біресе шалқайып отырды, содан есіней бастады.

- Тоқтар, бірдеңе айтқың келді ме?

- Иә, сізді майор Соколмен ұрсысып қалыпты дейді, сол рас па?

- Рас. Бірақ ол ұрсысу емес.

- Енді не?

- Майордың кемсіткеніне қарсылық білдіру. Міне, енді көрдің бе ақыры не болғанын.

- Біздің ротаға келгеніңізді айтасыз ба? Мұнда қызмет ету қайта жақсы, жеңіл.

- Әй, Тоқтар-ай, мәселе қызметтің жақсы-жаман, ауыр-жеңілінде ме екен?

- Енді неде?

- Қабілетіне қарай қызмет етуде. Біздің қоғам адамның барша кабілет қайнарын ашуға мүдделі. Өйткені қоғамның бар байлығы, соның ішінде қорғаныс қуаты да адам ақылымен, күшімен жасалынады. Менің жоғары білімім бар, радио ротада қызмет етуге тиіс екенмін, неге сөйтпеймін? Майорға жақпай қалдым, міне, мәселе қайда жатыр.

Тоқтар аузы ашылып, тыңдап қалған.

- Қатардағы жауынгер Оразбаев, кел бермен!
Дауыс шыққан казарма бұрышына қарасам, аға сержант Золотарь тұр, кейпінде асығыстық,

мазасыздану бар. Ентелеп басып келіп рапорт бердім:

- Аға, сержант жолдас, сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрмын. Қатардағы жауынгер Оразбаев.

- Жүр, «әкей» шақырып жатыр.



- Жүрегім су ете түсті. «Әкей» (батя) деп отырғаны — батальон командирі. Майор өзі қудалағаны аздай, батальон командиріне де айтқан екен ғой. Мені енді не күтіп тұр?!

Батальон командирі подполковник Петровты үш-төрт рет көргенмін. Соның бірі осыдан екі күн бұрын бола-


-204-


тын. Түскі тамаққа кетіп бара жатқанбыз, батальон штабының алдына таяп қалғанымызда іштен «әкей» шыға келді. Сержант Иванов команда берді:

-Взвод!

Взвод сіресіп, аяқты нықтап басып жүрді.

Әлбетте, біздің бойымызды тіктеп ұстау, аяғымызды бірдей алып, нық-нық басып жүруімізде шалалық аз емес. Бұл ұнамады білем, «әкей»:

- Взвод, тоқта! — деп дауыстап команда берді.

Біз апыр-топыр тоқтай қалдық. Подполковник Петров енді команда тізгінін өз қолына алып, бізді біраз әрлі-берлі жүргізіп, өлең айтқызып байқады. «Әкейдің» көңілінен шығатын дәрежеге жету қайда әлі бізге, сапты тоқтатып, бетімізді өзіне қаратып алып жәйімен, қамқор, жанашыр сөз бастады:

- Әлі нашарлаусыңдар. Бұл болмайды. Солдат, ең алдымен, сапта жүре білуі керек. Екі иығы түсіп, сүмірейген солдат ешкімге керек емес. Балалар, бәрін қойыңдар,мықтап кірісіңдер.

Солдат ғылымын неғұрлым тез игергендерің өздеріңе де, бізге де жақсы. Бұған қалай қарайсыңдар?

- Жақсы.

- Өте дұрыс.

- Онда сау болыңдар! Мен сендерге сенемін, табыс тілеймін.

Батальон командирі камқор, жайдары қалпымен-ақ зіл батпан міндет тастап кеткен. Жас жауынгерлердің әрбір қадамына бүкіл батальон көз тігіп отыр екен. Біздің еңсеміз көтеріліп қалған.

Солдат сапында тұрып мақтауды, зекуді есту басқа, жан-жағыңда жақсылығыңды да, жамандығыңды да бөлісер қаруластарың тұр: тағдырыңды таразы басына жападан-жалғыз салу қиын, оның үстіне «әкейдің» өзі әдейілеп шақырып отырса, менің жағдайым адам ұғарлық шығар деймін еңді, есім шығып кеткен.

Батальон командирі бізді жылы да, суық та қарсы алды деуге болмайтын еді, үлкен командирлерге тән сұсты, салмақты, іскер кейіпте екен.

Аға сержант Золотарь біздің өзінің бұйрығы бойынша келгенімізді тақпақтап айтып шықты.

«Әкей» сержанттың сөзін бөлген жоқ, тыңдап алды да:


-205-

- Сержант жолдас, сіз боссыз, біз екеуімізді қалдырыңыз, бара беріңіз, — деді.

Золотарь есіктен шығысымен, подполковник менің бас-аяғымды асықпай бір шолып шықты. Мен ептеп жүрек тоқтаттым. Не десе де тура жауап бермек болдым.

- Қатардағы жауынгер Оразбаев, университет бітірген адам осылай істей ме екен?

- Подполковник жолдас, мен не істеппін?

- Сіз майор Соколдың намысына тигенсіз.

- Қайдам? Подполковник жолдас, айтыңызшы, университет бітірген адамды осылай қорлауға бола ма?

- Қалайша? Майор Сокол сізден бар болғаны Казақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының кім екенін сұраған. Сол да қорлау ма?

- Мен майор Соколға айтқанмын, тағы да қайталайын: мұндай сұрақты бастауыш сыныптың баласына қоюдың өзі ұят. Университет бітірген адамнан соны сұрау -барып тұрған қорлау.

- Тұра тұр, тұра тұр. Біліп қой, партия қайраткерлерінің аты-жөнін білу ешкімге ешқашан қорлық болған емес.

- Подполковник жолдас, керек болса, мен сізге бүкіл Саяси Бюро мүшелерінің аты-жөнін айтып берейін, бірақ ол менің білімімнің деңгейін білдірмейді ғой.

- Сонда оларды білу жөнінде жастардан босқа талап етіліп жүр ме?

- Мен ондай ауыр сұраққа жауап бере алмаспын. Өзім туралы ғана айтайын, мен он төрт жасымнан комсомолецпін, Саяси Бюро мүшелерін сол кезден бастап білемін. Бірақ олардың аты-жөнін білу менің не рухани байлығымды, не патриоттық сезімімді арттыруға қылдай да ықпал еткен жоқ.

- Қызық екен!

- Сіз кешіріңіз! Мен шынымды айтып отырмын. Мен – университет бағдарламасын тауысқан адаммын. Гомер, Шекспир, Пушкин, Толстой, Хемингуэй, Шолоховты оқығанмын. Мен өз халқымның да ойшылдары мен саяси қайраткерлерін қастер тұтамын. Оны менің білімім ғана емес, адамгершілігім де талап етеді. Майор Сокол соны біле тұра, кемсітпек болады.

- Қатардағы жауынгер...

- Әне, сіз менің фамилиямды ұмытып қалдыңыз.

-206-

- Дұрыс айтасыз.



- Оразбаев.

- Қатардары жауынгер Оразбаев, Саяси Бюро мүшелерінің де, өз республикаңыздың да бірінші хатшысының аты-жөнін білу керек және сұраған кезде айту керек.

- Бұл устав талабы ма, жоқ, сіз майор Соколдың сөзін сөйлеп тұрсыз ба?

- Қатардағы жауынгер... сіз абайлап сөйлеңіз!

- Неге абайлаймын? Әлеуметтік жағынан алғанда кеңес заңы алдында майор Сокол да, мен де тең құқықтымыз. Оған да, маған да Отан жауынгері болу міндеті жүктелген. Ол — офицер, саяси басшы, мен — қатардағы жауынгермін. Ол — бастық, мен — бағыныштымын, бұйрықтарыңызды бұлжытпай орындаушымын. Менің солдат, адам ретіндегі ендігі тағдырым сіздердің қолдарыңызда. Бізді де адам, онда да жүрегі, сезімі бар адам деп қарасын майор Сокол. Ол менің намысымды аяққа таптағанын былай қойғанда, мен өкілі болып табылатын бүкіл қазақ халқына лағынет айтты. Майор Сокол мені халқым үшін атып тастаса да айтатыным — осы.

- Қатардағы жауынгер Оразбаев, сіз жақсы сөйлейді екенсіз.

- Подполковник жолдас, бұл — сөз емес, жан ашуы.

- Дегенмен, мен мынаны ескерткім келеді: бізге сөз емес, солдат керек.

- Мен — солдатпын. Егер әлі жөнді солдат бола алмай жатсам, сөз басқа, бар күш-жігерімді саламын, тырысып бағамын. Сөзімді беремін, солдат боламын.

- Мұныңыз дұрыс, барыңыз, солдат болыңыз. Сіз радио ротада қызмет ететін боласыз, сонда барыңыз.

- Подполковник жолдас, телеграф-телефон ротасында қалуға рұқсат етіңізші!

- Неге?

- Мен әскерге жеңіл қызмет іздеп келгенім жоқ. ТТР-ға қиын деп жіберген екен, соны көрейін.

- Мейлі. Жақсы қызмет етіңіз.

- Құп болады, подполковник жолдас! Кетуге рұқсат етіңіз!

- Бара беріңіз!

Штабтан былай шыға бере жүйке-жүйкем босап, дел-сал болып тұрып қалдым.




-207-

Өн бойымды ең бір өксікті ойлар кернеп бара жатты.

Әй, айналайын майор Сокол, қымбатты «әкей», мына әңгіменің маған не қажеті бар еді? Мен — солдатпын. Солдат — сендердің қолдарыңа берілген саз балшық, қалай илейсіңдер, еріктерің, кірпіш етесіңдер ме, жоқ, аяқ асты қылып езгілейсіңдер ме, қолдарыңнан қағып жатқан ешкім жоқ. Солдатқа майор Соколдардың қорлауы емес, командирдің, мейлі, қатал-ақ болсын, әділдігі, мейлі, маңдайдан сипамай-ақ қойсын, аялы алақаны керек.

Мен енді қанша дегенмен университетті бітіргенмін ғой. Солдат шинелін кимегенмен, талай нәрсені білемін, университетте үш жарым жыл әскери даярлық сабақтары өткен. Полковниктер Калашников пен Захаров әкемізді көзімізге талай көрсеткен. Біздің курстан бақандай сегіз бала дәл осы әскери даярлық сабақтарынан «екі» алғандығы үшін университеттен шығарылған. Төртінші курста оқып жүргенде әскери даярлық қысқартылып, көзіміз ашылған. Әй, ақымақ екенбіз-ау, полковник Калашников осы хабарды естірткенде кәдімгі бір Жеңіс күніңдегідей-ақ малақайымызды аспанға атып қуанғанбыз. Сөйтсек, онымыз мүлде бекершілік екен. Университетті бізден бір жыл бұрын бітірген балалар тып-тыныш әскери жиынға бір барды да, кіші лейтенант атағын алып шыға келді. Ал біз, естимін ғой, мен сияқтылар аз емес, міне, енді сақалымыз сапсиып солдат сапына тұрдық.

Подполковник жолдас, білемін, менің білімімнің түсінік-түйсігімнің әскерде қызмет етуіме ешқаңдай қатысы жоқ. Иығыңда солдат погоны бар екен, бітті, басып толған ақыл ма, кеудең нәзік, поэзия ма, онда ешкімнің шаруасы жоқ, үн шығарма, бұйрықты орында. Сенің пірің — бұйрық беретін командир, соған мойын ұсын. Бұйрық орындалды болды — жақсысың, орындалмады ма — жамансың. Өйткені бұйрықтың ақылды-ақысыз екеніне орындаушы емес, берген адам жауапты. Әлбетте, әскерге де оқыған, білімді, алуан түрлі техника тілін меңгеруге қабілетті адам керек. Бірақ ол — жалпы сөз, елеп жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе, шынымен ұстанатын принцип осы болса, мені ТТР-ға айдар ма еді?

Шүкір, бейбітшілік кез. Жағаласатын жау жоқ, солдаттың ерік, күш-жігері шыңдап сыналар шырғалаң жоқ,

-208-


бар болғаны — сержанттың айтқанын екі етпе. Сапта аяғыңды түзу бас, сыптай болып жүр, спорттық снарядтарда жақсы ойна, поста мізбақпай тұр, казармада елгезек кезекші бол, еститінің — мақтау, ойдан шықпайсың ба, еншің — ұрыс есту, ренжі, жер бол, оған ешкімнің белі ауырмайды. Жаныңды жанып қайта сал.

Әлбетте, түпкі мақсат аса қасиетті — Отанға қызмет ету! Мына елеусіз тірліктің бәрі сол үшін керек. Қиын-кыстау күн туа қалса, шыныққан шымыр жауынгер қажет. Ол — бізбіз. Сондықтан ғой, бұл солдат деген қауымның сабылып жүргені.

Солдатқа не керек? Оның өмірі шектеулі, белгілі бір шеңбер ішінде өтеді. Әскери форма мода қуғызбайды, солдат асханасында үстел үстіне дастарқан мәзірі тасталмайды, алдына дайын ас қойылады. Күні бойғы тірлігінде титтей де таңдау жоқ, бәрі қатал бұйрықпен, ақылды нұсқаулармен нық орныққан, тәртіпті ұйымдасқан. Әскери өмірдің бүге-шігесіне дейін қамтылған әр түрлі уставтардың талабын орындау — солдатты ештеңеге алаңдатпауға әбден жетіп жатыр. Солдат барлық ерік, жігер-күшін қызметке жұмылдыруға керек. Ол — қиындықтарға төзіп, құрбандықтарға барып жүрген адам. Иә, ол — кәдімгі қуана да, қайғыра да, жақсы көре де, жек көре де алатын адам. Ал адамды адамдық сезімдерден ешқандай майор Сокол да, ешқандай қатыгездік те мақұрым ете алмайды.

Аға сержант Золотарьдың даусы естілді.

- Взвод, сапқа тұр!

Лықсыған ой кейін серпілді. Мен кешкі серуенге шығатын сапқа тұруға беттедім.


* * *
Жас жауынгер курсы аяқталып, біз әскери ант қабылдап, ротаға өткен соң жаңа өмір басталды.

Біз, жас солдаттар, ұзын казарманың шығыс жақ шетінде болатынбыз. Бұрыннан қызмет ететін солдаттармен арамыз пирамидалармен бөлінген. Әскерде болмаған оқырмандарға түсіндіріп қояйын, пирамида — солдаттың бас қаруы — автомат тігінен сүйеп қойылатын ұзын қарағай жәшік. Сол пирамидалар алынып тасталынып, ұзын, кең казарма тұтасып кетті. Казарманың бір жағы радио ротаныкі, екінші, яғни жас жауынгер болған жағы теле-

-209-

граф-телефон ротасыныкі екен. Оның екі қапталы қаздай тізілген екі қабатты төсек.

Екі рота да жастармен толығып, абыр-сабыр басыла бере, казарма ішін жақсылап жинап, тәртіпке келтіру басталды. Бір қызығы, бұл жұмыс түгелдей жастарға тапсырылды да, екінші, үшінші жылы қызмет етіп жүрген солдаттар сап таратылысымен, сайдың тасындай болып іріктеліп шыға берді.

Біз бұл жайдың себебін ептеп біле бастағанбыз, екінші, әсіресе, үшінші жылы қызмет ететін солдаттар мұндай «қара» жұмысқа мүлде қол ұшын тигізбейді екен.

Барып тұрған әділетсіздік, бірақ соны өздері дәстүр деп санайды. Бірінші жылғы солдат бәрін істеуі керек, келесі жылы келген жастар орныңды басады. Сонда сен де өстесің, ештеңе істемейтін боласың. Адамдарды көпе-көрнеу жікке бөлетін бұл құбылысқа командирлердің де еті үйреніп кеткені қандай жаман! Қараңызшы, казарманың біздің ротаға тиесілі аумағынан екінші, үшінші жылғы солдаттар қол тигізетін алақандай жер табылмағандай, старшина Болдырев оларды таратып жіберіп, біздерге бәрін дігірлеп істетіп жүр.

Тоқтар екеуімізге еден жуу тапсырылған. Екеуіміз де бұл іске бар ынта-пейілімізбен кірісіп кеттік. Казарманың еденін жууды біз біраз үйреніп қалғанбыз, сонда да қара терге түсіп, төсектердің астын да, бұрыш-бұрыш, қуыс-қуысты да қоймай, айнадай жалтыратып жатырмыз.

Казарманың екі босағасында екі пеш бар. Соның сол жақтағысының жанында төрт «кәрі» солдат әрнені айтып тұр. Жас солдаттарда оларға алаңдарлық мұрша кайда, сапырылысып, өздеріне тапсырылған жұмыспен әлек.

Жұмысы жоқ адам қарап тұрған ба, пеш жанындағылар бізді қағыта бастады:

- Жуыңдар! Жалтырайтын болсын!

- Өстіп бір жыл жалайсыңдар бұл еденді. Содан соң барып тұрасыңдар мына біз құсап.

Мына әділетсіздікке кеуде қыжылдайды, бірақ қарсылық білдіруге амал жоқ, старшина осылай бөлген. Старшина енді әрі өтіп-бері өтіп, біздің не істеп, не қойып жатқанымызды бақылаумен жүр. «Өйтіңдер-бүйтіңдер» деген нұсқаулары да дайын, әрі көп екен, әбден діңкелетті. Ақыры біттік-ау! Казарма іші тап-тұйнақтай болып, жарқырап тұр.

-210-


Старшина ротаны сапқа тұрғызып, кімнің қай төсекке жататынын айта бастады. Маған ең шеткі төсектің екінші қабатындағысы тиді. Мақұл. Жас солдаттар зат қапшықтарымызды пештің арғы жағына жерге тастап қойғанбыз, енді жапатармағай соларымызды алып, төсектерімізге қарай беттедік. Бірден байқалды, зат қапшығым орта түсіп, жеңіл тартып қалыпты. Төсектің аяқ жағындағы орындыққа қоя салыпты, тіс щеткасы, паста сияқты заттарым жоқ. Конверт, қағаздарымды да қымқырыпты. Шекердің хаттарын газетке орап буып қойғанмын, олар да кетіпті. Бұларды алған — пеш жанында тұрғандар. Мен олардың жанына жетіп бардым:

- Жігіттер, заттарымды қайтарыңдар!

Бәрі от басып алғандай шу ете қалды.

- Не?


- Қандай зат?

- Не деп тұр мына салага?

- Заттарыңды пештен ізде!

Мен пештің қақпағын ашып жібердім: қап, Шекердің хаттары бума күйінде жанып бітіп, қап-қара күйік-күлге айналып жатыр жаңа маздап жана бастаған көмір үстінде.

- Оңбағандар, не істедіңдер? Бұл — қыздың хаттары. Адам емес екенсіңдер.

Төртеуінің де түрі бұзылып кетті.

- Не дедің?

- Асауын қарай көр!

- Ештеңе етпейді, жуасытамыз кешке.

- Неге кешке, қазір. Қане, қайталап айтшы жаңағыңды!

- Адам емес, айуан екенсіңдер.

Мен аузымды жиып үлгермей жатып старшина Болдыревтің ашулы үні шықты.

- Бұл не әңгіме?

- Старшина жолдас, мыналар менің заттарымды ұрлап алыпты.

- Қандай заттар?

- Зат қапшығымды ашып, заттарымның қажеттілерін алып, хаттарымды отқа тастап жіберіпті.

Старшина Болдырев қап-қара болып түтігіп кетті. Әй-шайға қарамай таяу тұрған тумбочканы ашып жіберіп еді, ұрланған заттың бәрі сонда жатыр екен.

-211-


- Старшина жолдас, андағының ішіңдегілер — менің заттарым.

- Мүмкін, сен өзің қойған шығарсың осында?

- Жоқ. Бәрі зат қапшығымда болатын.

- Қатардағы жауынгер Скоробогатов, мынау сенің тумбочкаң ғой.

- Иә. Старшина жолдас, сіз дұрыс айтасыз, бұл тумбочкаға заттарын мұның өзі қойған, тегі.

- Доғар сөзді.

Старшина енді тумбочка иесін оқты көзімен ата қарап тұрып қалды. Бұл қараста бәрі бар еді: азғындаған адамды аяу, кеңес солдатының абыройын аяққа басқанына ашу-ыза, не істерін білмеген шарасыздық, осылар кернеп тұр старшинаны!

- Жастардан ұялсаңдар етті! Ұятсыздар!
Старшина бұрылып кете барды. Төртеу ыржаңдасып қала берді.

- Салага, кешке көресің, — деді жаңағы Скоробогатов деген солдат.

- Сенен бе?

- Иә, менен.

- Көрерміз. Ұрлағандарымен қоймай қорқытады тағы. Мен сенің кім екенінді білмеймін, бірақ бір нәрсе белгілі болды: ұятсыз екенсің.

- Оны кешке көреміз.

- Сен ұрынатын адамыңды білмей тұрсың.

- Айттым ғой, кешке көреміз. Сенен де асауды жуасытқанбыз.

- Әуре болмай-ақ қой, мені жуасыта алмайсың.
* * *
Кешке жақын тұрмыс бөлмесінде бір топ солдат гимнастеркамыздың жағасына астар тігіп отырғанбыз. Бұл — біздер сияқты жас солдаттарға аса қажет тірлік. Ертеңгілік сапқа тұрғызып тексергенде рота командирінің жағасы кір солдатқа беретін жазасы дайын, ойланбай, кезектен тыс бір наряд жариялайды. Кезектен тыс наряд алған солдат кешке қарай кухняға картоп аршуға барады. Жұрт уақтылы демалып, ұйықтап жатқанда кімнің жұмыс істегісі келсін, жағамызды тап-таза ұстауға тырысамыз.


-212-

Скоробогатов әркімді бір қағытып, мазаны алып тұр. Олар астар тікпейді, өйткені командирлер жағасын тексермейді. Бұл неткен қызық, түсініксіз. Сонда солдатқа қойылар талап оның қанша жыл қызмет етуіне байланысты болғаны ма? Әлбетте, олай емес, оңбағандық.

- Инені де солай ұстай ма екен? — деп бір іліп өтті Скоробогатов мені.

Назар аударғаным жоқ. Ол бұған еркінсіді.

- Салага, неге жауап бермейсің сен үлкенге? Жоқ, бағанағы сөзден қорқып қалдың ба? Қорық-қорықпа айтқаным айтқан.

- Балақан, аулақ жүрсең қайтеді?


Скоробогатов не дерін білмей қалды. Ол енді Тоқтарға тиісті:

-Тезик, сен неге астар тікпейсің?

Ертең бір наряд алатын болдым.

-Жарайсың. Шын көңілден шықкан сөз. Сен түбі адам боласың. Мына Оразбаев салагаға ерме. Бұл бұзады.

- Бұзатын кім екен, оны өмір көрсетеді. Тоқтар, не, астарың жоқ па?

- Артық астарымды тумбочкамнан біреу қағып кетіпті.

- Онда неге айтпайсың, біз неге бермейміз?

- Немене, сізде артығы бар ма?

- Бар. Мә, тігіп ал.

-Рақмет сізге, бір нарядтан құтқардыңыз.

Скоробогатов Тоқтарға жабыса кетті:

- Тезик, сен не, салаганы сіз дейсің, а?

Тоқтар жауаптан тосылған жоқ:

- Бізде жасы үлкен адамды сіз дейді.

- Солдаттар көктүйнекті сен дейді.

- Дей берсін. Біздің халық үлкенді сыйлайды.

- Халық, қайдағы халық? Әскерде бір-ақ халық бар, ол — солдат. Сен солдат заңын ұстанып, мұны «сен», бізді «сіз» деуің керек.

- Білмеймін, оны «сен» деу ыңғайсыз сияқты.

- Ыңғайсыз не бар онда? Салага, менің айтқаным — заң саған. Оны орындамасаң, ыңғайсыз, әне, сол.

Скоробогатов Тоқтарды көпе-көрнеу тықсырып бара жатты. Сөзге араласуға тура келді.

- Сен Скоробогатов, доғар сөзді. Біздің халық үлкенді сыйлаған. Ол — ұлттық дәстүр.

-213-


- Неткен дәстүр?

- Қанымызға сіңген дәстүр. Атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүр.

- Айтасың. Мен айттым ғой, мұнда бірақ дәстүр бар, ол — салаганы «сен» деу, Тезик сені «сен» дейді.

- Жоқ, демейді.



- Дейді.

- Сен не, күшейесің? Біліп қой, маған сенің ешқандай қылжағыңның қажеті жоқ. Біз — қазақ деген халықпыз. Бізде кішісі үлкенін құрметтейді, айтқанын екі етпей орындайды. Бізде әйел еркекті сыйлайды, алдынан қия басып өтпейді. Білемін, сіздерде басқаша. Біліп қой, әркім өз ата-дәстүрін ұстануға құқылы. Тоқтар егер қазақ болса, мені «сен» дей алмайды, өйтуге аузы бармайды.

- Азиаттар! Тағылықтарың қашан қалар екен?!

- Скоробогатов, сен андағыдай ауыр сөз айтуға жассың. Қандай да бір халық жөнінде пікір айту үшін оны жақсы білу керек. Сен түк те білмейсің, білетінің — «салага» деу.

- Сен доғар сөзді, әйтпесе ант қабылдатамыз.

- Сендейлер сол, Кеңес Армиясындағы барлық жаман әдетті иемденіп алғансыңдар.

- Мен не дедім саған, өшір үніңді!

- Саған мұндай сөз ұнамай ма, бар онда!


Скоробогатов не қыларын білмей, сілейіп тұрып қалды. Ашу, ұят бетіне теуіп, сұрланып шыға келді.

- Салага, саған «қараңғы» ұйымдастырмай болмайды екен.

- Тапқан екенсің қорқатын адамды. Сендер қорқаққа қожасыңдар, өз арын қорғай алатыннан аулақ жүресіңдер.

- Жоқ, біз қыңыр-қисық салагаларды жөнге саламыз.



- Ол сендердің міндеттерің емес, командирлер бар. Бізге солардың ақылы да жетеді.

- Оны көресің, көрсетем.

- Баршы өзің!

- Барам, бірақ кейін өкініп жүрме.

- Тапқан екенсің қорқатын адамды. Басқаға айтып тұрсың.

- Көрерміз.

- Көрсек, көрерміз.

-214-


Скоробогатов екеуіміз тағы біраз гүжілдестік. Ол бір кісідей-ақ сес көрсетіп бақты, мен ыққаным жоқ. Осы сәт бөлмеге екі «қарт» кіре қалғаны. Скоробогатов бел алып, есіріп жүре берді.

- «Қарттар», мына салаганы қараңдар, «шүрегейлерді» капаландырып отыр.

Сол-ақ екен, бір төртпақ, тығыршықтай солдат сарнап қоя берді:

- Валера, бұдан аулақ жүр! Бүл - сен тұрмақ майор Соколға тіл тигізген пәле. Оқымысты... Академик...

- Ештеңе етпейді, Анвар. Біздің өз академиямыз бар, соны бітіреді бұл енді, жүр далаға!

Тапқан екенсіңдер қорқатын адамды!

- Жүріңдер!

Есіктің алдына шықтық, екеуі үн жоқ жуынатын бөлмені бетке алды, мен де үнсіз ілесе бердім. Екеуі жуынатын бөлмеге кірді, мен де кірдім. Анвар есіктің ілгегін салды. Скоробогатов талтайып тұра қалды да, оң аяғын көтерді.

- Мә, шеш!



- Не?!

- Етікті шеш, табанымды жала!

- Тағы не керек?

- Сенің мұрныңды бұзу керек!



- Валера, мұрнынан қан ағып, былғайды. Одан да, міне, былай...

Өкпем солқ ете қалды. Тынысым бітіп, бүгіле бердім.

- Аяқты да жұмсау керек.

Сол иығым зірк ете түсті. Шегіншектеп барып, отыра кеттім. Бетімді екі қолыммен басып, еңкейген күйі сәл тыныс алдым. Екеуі бір-біріне қарап жымыңдасты:

- Не істейміз, тағы ұрамыз ба? - деді Скоробогатов.

- Жоқ, жетеді. Ақылы бар адам сияқты түсінеді, айтқанды істейді енді.

Мен есімді жиып, еңсемді көтеріп, орнымнан тұрдым. Скоробогатов оң аяғын тағы ұсынды:

- Мә, орында бұйрықты!

Айналайын ізгі тәрбие берген ата-ана, мектеп, университет, Кеңес Армиясы, кешіріңдер мені! Скоробогатовты аяғынан ала беріп, жанды жерінен бір тептім, шалқасынан түсті. Анвар екі көзі жыпықтап, есіктің ілгегіне қол созды.

-215-


- Анвар-ака, оныңыз болмайды.

- Е-е, ука, қойың.

- Қоямыз қазір.

Құлақ шекеден жақсылап тұрып қондырдым, мұрттай ұшты. Есіктің ілгегін аштым да, шығып кете бардым. Олар да, мен де бұл әңгімені ешкімге айтқан жоқпыз. Екеуінен еңді қайтып «көктүйнек», «салага» деген қорлау сөздерді де естіген емеспін. Қатқыл да суық сыйластық орнады арамызда.

Менің ешкімді басындырмасымды білді олар. Маған керегі де сол, әрине. Әскерге мен біреуге тізе көрсетем деп келгенім жоқ, ешкімнің қолжаулығы да бола алмаймын.
* * *
Үйренбеген тірліктің беймәлім қатпар-қыртысы көп болатыны өзінен өзі түсінікті. Ал солдат өмірінің әр бұлым-бұлтарысы алуан түрлі қиындықтармен астасып жатады. Олардың бірін ұқсатуға ақыл, екіншісіне қайрат, үшіншісіне машық керек. Осының барлығын жас солдат өз дәрежесінде орындай қояды деу, әрине, артық айтқандық болар еді. Сөз жоқ, жас солдаттардың жүріс-тұрысында, әскери бұйрықтарды орындауында олқы соғып жататын тұстар аз болмайды. Осындай кезде жас солдаттар кәдімгідей қорлық көріп қалып жүрдік. «Көш жүре түзеледіге» үйренген халықтың ұлымыз ғой, біз арпыл-тарпыл адымымызға кешіріммен қарау, қамқорлық көрсету күткендей болып едік, қайда, ондай атаулының бәрінің ауылы алыс тартты. Қайта қанша талаптанып, тырысқанымызбен, қалт жіберіп алатын жай кездесті болды, кәнігі солдаттар кемсітіп шыға келеді. Әсіресе Скоробогатов адамды қоқаштаудың шебері болып шықты.

Қараша айының аяғында біз қызмет ететін оңтүстік өлкесінде суық жаңбыр басталды. Сол-ақ екен, әскери қалашық ішінің миы шығып, жаттығу жүргізетін алаңдар аяқ басып болмайтын батпаққа айналды. Солдаттар мұндайда өздігінен асфальттан қия басып шықпайды. Оның өмірдің өзі үйреткен сыры бар — солдат киімі қылпық жуымай таза болуы керек. Бұл — талап. Оны былай қойғанда, тектен-тек батпақ кешетін солдат болушы ма еді, ондайды зәуде кездестіре қою екі талай. Ко-




-216-

мандирлер де жайшылықта солдаттарды батпаққа салмайды, әрине. Мұндайда сабақтың көбі оқу сыныптарына ойысып, теориялық даярлық өрісі кеңейе түседі.

Осындай бір лайсаң күні взвод командирі аға лейтенант Растрыгин бізді оқу сыныбына отырғызып, байланыс аппараттарының телеграф-телефон ротасына тиістілерінің бірнешеуін, олардың тактикалық-техникалық қасиеттерін сипаттайтын схемаларды алға жайды. Кәдімгі айна қатесі жоқ мектептегі физика сабағы басталды. Аға лейтенант алдымен әрбір аппараттың құрылысын барлық солдаттан сан алуан сұрақ қойып, жіліктеп сұрап шықты. Солдаттар да құдды оқушы, бірі біледі, бірі білмейді. Взвод командирі де кәдімгі физик мұғалім, білетін солдатты бір-екі рет сөйлетті де қойды, білмейтіндерді әбден қуды, қойшы, миымызға талай нәрсе сіңірді.

Түскі үзілістен соң казарма ішінде отырып қару-жарақты тазалауға бұйрық берілді. Солдаттар жапатармағай пирамидаға лап қойды, мен состиып тұрып қалдым. Неге? Мен — қару-жарақсыз солдатпын.

Ия, солай. Майор Соколдың екпінінің — «жемісі» бұл. Рас, капитан Макаров пен аға лейтенант Растрыгин менің қарусыз солдат екенімді білдірмеуге тырысады: қарауылға барғанда, ату жаттығуларын орындағанда автомат тауып береді. Әшейінде, біреу демалыста, біреу нарядтан бос дегендей, артық-ауыс қару болып тұрады, ал мынандай ротаның бәрі қорамсаққа — пирамидаға қол салғанда, мен состиып тұрып қаламын. Қорлық-ақ, амал қайсы, көну керек.

Мұндайда менің еншім - пирамиданы мұнтаздай етіп сүрту. Білемін, бірақ өз бетімше кірісе алмаймын, бұйрық керек.

Аға лейтенант Растрыгин:

- Қатардағы жауынгер Оразбаев, сіз пирамиданы ретке келтіріңіз! — деп бұйрық берді.

- Құп болады, аға лейтенант жолдас!

Солдат өзіне тапсырылған жұмысты тез де сапалы тындыруы керек. Солдат өмірінің бұл ұлы қағидасы санама сіңгелі қашан, мен пирамиданы жан-тәнімді салып тап-таза етіп сүртіп, жарқыратып қойдым. Сөйттім де, өз төсегімнің аяқ жағындағы орындыққа отырдым.


-217-

Тоқтар ылдым-жылдым ғой, автоматын елден бұрын тазалап болып, менің жаныма келіп жайғасты.

- Ей, салагалар, бері келіңдер!

Біз жалт қарадық. Скоробогатов орындық үстіне автоматын шашып тастап, бізге қарап ыржалаңдап отыр. Әне күнгі кикілжіңнен кейін бүйтпес деп едім, «жыны» тағы қозыпты. Серейген арық, шақша бас, беті бір уыс, қалқан құлақ бұл жігіт жастарды қоңқаштауға шебер, тегі, әйтпесе әңгіме бітпеп пе еді. Мұндайлардың әдеті, жұрт көзінше құтырып кетеді. Қара, менің алара қарағанымды шам көріп, шап ете түсті.

- Немене, көзіңді бақырайтасың, салага? Келіңдер тез, кәне.

Мен мырс еттім. Тоқтар тұрақсыздық жасады.

- Қазір, қазір. Барамыз...

Тоқтар маған қарады.

- Бар! Жетесіз!

Тоқтар не істерін білмей, бүгежектеп қалды.

- Бауырлар, мына көктүйнектерді қараңдар! Бұлар әлден «қарттардың» тілін алмайды, кейін қайтпек? Мынау өзін университет бітірдім дейтін шығар. Бізге мұндай академиктің керегі жоқ. Солдат университеті басқа. Соны миына сіңіру керек екен мұның.

Скоробогатов тауып айттым, қане, қайсың қолдайсың дегендей жан-жағына айдарлана-ақ қарап еді, ешкім еліге қоймады.

- Сен де, мен де сіңіргеміз бір-біріміздің миымызға.

- Жоқ, ол — аз. Саған «қараңғы» ұйымдастыру керек. Оңашада басыңа ескі шинельді жаба салып, сазайыңды тартқызса, бүйтіп сүйреңдемейтін боласың. Былтыр Антоновтың сағатын ұрлаған Яцыноны жігігтер сөйтіп соққанда, әкесі көзіне көрінген.

-Дұрыс жасаған. Жолдасын қарақшылаған адамды өлтірсе болады. Ал сен менің арымды

қарақшыламақ боласың. Адамның ары сағаттан артық екенін біліп қой, бала.

- Мен саған баламын ба? Сен өзің калай сөйлесесің үлкенмен?

- Жоқ, сен менен кішісің, менің жасым үлкен сенен.

- Ха-ха-ха, ха-ха-ха... Салага, көгілдір қаз...

Күлкісі кандай оспадарсыз, уытты еді.

- Скоробогатов, сен кекшіл адам екенсің.

-218-


-Жоқ, мен кекшіл емеспін, намысшылмын. Мен «қарттардың» намысын қорғап отырмын. Солай, салага.

- Мүмкін сен әкеңді де салага дерсің!

- Әрине. Әкем әскерге қызмет етуге келсінші, мен оны сол заматында «салага» деймін.

-Сөйтесің сен.

- Енді қалай деп едің?

- Бәрі түсінікті. Автоматыңды өзің тазалайсың.

- Жоқ, сен тазалайсың. Тазалатам! «Қарттар», не естіп тұрсыңдар? Мына салага не деп тұр? Бұл қайдан шыққан зор!

-Валера, жетер даурыққаның. Сен не, әлі білмейсің бе...

Анвар Худайбергенов дер мезгілінде араласты, әйтпесе іс насырға шауып бара жатыр еді. Скробогатов өршігенін қойып, автоматын жинауға кірісті.

Өйткені бұл шаруаға берілген уақыт бітіп қалған.

* * *

Жатар алдындағы бос уақытты мен демалыс бөлмесінде өткізуді дағдыға айналдырып алдым. Ауылға, Шекерге хат жазамын, кітап оқимын.

Қалаға шыққан сайын бір кітап әкелемін. Бір барғанымда кітап дүкенінде Александр Бектің «Волокаламск тас жолы» сатылып жатыр екен, қалтамды қағып сатып алдым. Мұның қазақша аудармасы — «Арпалысты» сонау мектепте жүргенде оқығанмын. Онда Бауыржанның батырлығына қызығып, оқиға қуып асығыс парақтағанмын, әрине. Оның үстіне Баукең жөнінде кең тарап кеткен ғажайып әңгімелер мен «Арпалыста» айтылатын жайлар әбден араласып кетіп, ненің не екенін ажырата алмай қалған екенмін, міне, енді кітаптың алғашқы жолынан бастап асыл ағаның жорық жылдарындағы өмірі жүйелі тізбек тартты.

Айналайын Бауыржан аға, дүниеде сенің болғаның қандай жақсы! Халқыңды — қазағыңды айдай әлемге керемет танытыпсың, көке! Сендей қолбасшы шыққан халықты барлық жұрт тануға керек. Шіркін-ай, сізді мына майор Соколдарға біраз уақыт командир қылып алар ма еді. Қазақтың кім екенін көрсетер едіңіз көзіне. Сонда бұл Соколдар университет бітірген ініңізге анандай ақымақ

-219-


сұрақ қоймас еді. Ең бастысы — тепкі көрмес едік. Әйтпесе, қараңызшы енді, жоғары білімім бола тұра, маған шөлмек тасытып қойып отыр. Білем, көке, әскерге келген екенсің, қызмет ет. Солдат шен, дәреже қуатын адам емес, бірақ Сокол жікке бөліп отыр. Ол шамшылдық шарпуымен айқайға басып, мені жеңген болды. Ал маған бәрібір. Алайда, әділеттілік керек, мен де өзім құралпы жігіттермен бірге радио ротасында қызмет етуім керек еді. Оған майор Сокол жол бермеді. Кеңес Армиясының қуатын алып атомдар емес, ақылды адамдар арттырады. Адамсыз техника — өлі. Әр адам қолынан келетінін атқарсын, қақпақыл көрмесін. Рас, алуан түрлі әскери уставтарда қатардағы жауынгерден бастап командирлерге дейінгілердің барлығының өмірдің кез келген жағдайында не істеп, не қоюы керектігі білгірлікпен тәптіштеп жазылған. Оны ұстанған адам жолдан шықпас еді, бірақ... Иә, «бірақ» көп біздің өмірімізде. Солар бұл адамдарды түрлі бұлталаққа салатын. Мейлі, мен Отанға қызмет етемін. Қолға жұғып қалатын түк те жоқ, тапсырылған жұмыстың барлығын атқара беремін.

Кешкілік жалғыз өзім демалыс бөлмесінде «Волокаламск тас жолын» оқып отырғанмын, взвод командирі лейтенант Растрыгин кіріп келді.

Орнымнан ұшып тұрдым.

- Отырыңыз.

Отырдым.


- Не істеп отырсыз?

- Кітап оқып отырмын.

- Қандай кітап? Көруге бола ма?

- Болады. Көріңіз. «Волоколамск тас жолы».

- Тамаша кітап. Кеше ғана оқып біттім. Иә, кітап геройы Бауыржан Момышұлы — сіздің жерлесіңіз, қазақ. Меніңше, бұл Отан соғысы туралы жазылған кітаптардың ішіндегі үздігі. Момышұлы — ұлы қолбасшы. Мен таң қалдым, ол қолбасшы ғана емес, асқан әскери педагог, психолог. Ғажап! Қазақ деген керемет халық екен. Мен қазақтардың қандай халық екенін білмейтінмін, мына кітапты оқыған соң білдім. Біздің тілмен айтқанда: «Қазақтармен барлауға баруға болады екен». Сіз майор Соколға ренжіп жүрсіз ғой. Ештеңе етпейді. Сокол Кеңес Армиясы емес, офицер, сіз оған емес, Отанға қызмет етесіз. Сіз

-220-


де Бауыржан құсап халқыңызға, қазағыңызға сөз келтірмей, жақсы қызмет етіңіз. Сіз мені түсіңдіңіз бе?

- Түсіндім, аға лейтенант жолдас!

- Онда кітабыңызды оқуды жалғастыра беріңіз.

- Құп болады.

Әр түрлі әдемі ойға беріліп отырып қалдым. Айналайын Бауыржан аға, ғаламат асыл қасиеттеріңмен, алапат батырлығыңмен мен сияқты қанша қандасыңа қуаныш, бақыт сыйладың екенсің? Сенің жұлдызың әлі биіктеп, жарқырап жана береді. Растрыгин сияқты иманжүзді, көзі ашық, көкірегі ояу офицерлер аз емес, әрине. Меніңше, сізді олар ғана танып қоймайды, бәрі мойындайды. Сіз жеңіс үшін ештеңеңізді аямаған адамсыз. Ешкімді алалап-құлалап көрмеген командирсіз. Айтқанын орындататын, дегенін болдыратын құдіретсіз. Бір ұлттың өкілін екіншісінікінен артық-кем көрмеген әділетті, кеудесінде намыс оты бар қазақтың арысыз.

Мына Соколды қарашы енді, не істегенін?! Мен арқылы менің ұлтымды қорламақ болады. Мейлі, шөлмек тасиын, мейлі еден жуайын — бәрібір. Осының бәрі керек тірлік. Ендеше ешқайсысын жиіркенбей атқарамын мен. Бар пейілімен қызмет ету керек адам Отанға. Бауыржан көке, Сіздің бар болмысыңыз — соның үлгісі. Сізді ешкім басынып көрген емес. Сіз генералға да, қолбасшыға да өз пікіріңізді бүкпей, бұқпай айтқансыз. Олар Сізді айқын ақылыңыз, өте өткірлігіңіз үшін жақсы көрген, сыйлаған. Сіз қазір де саптасыз. Әне, оны жаңа аға лейтенант Растрыгин айтып кетті. Сізден қазіргі офицерлер үлгі алады екен, меніңше, мәңгі сөйтеді. Сіздей піріміз, ту ұстаушымыз барын біле тұра қайтып қана төменшіктерсің?! Өйтсек, халқымыздың сіз биіктеткен беделін түсіріп аламыз, аға! Сіз сеніңіз, біз қазақ деген атқа сай боламыз.


* * *

Кім де болсын, өзімен тең сөйлескенді, иық теңестіре алатын адамды сыйлайды. Жасқану, ығу бар жерде қорсыну бар. Ал қорсыну еш уақытта достыққа бастамайды. Адамды қорсынып, кемсітіп сыйлаудан асқан жексұрын ештеңе жоқ.

Тоқтар басына мұндай ой келмеген жігіт болып шықты. Екінші жылғы солдаттардың — «шүрегейлердің» де,

-221-


үшінші жылғы солдаттардың — «қарттардың» да айтқанын екі етпей лыпып тұрады. Өстіп елпеңдеп жүремін деп «Тезик» атанды. «Тезик» — бұл Тоқтардың Тезекбаев деген фамилиясының қысқартылған түрі. Тезикті әсіресе Скоробогатов көп иектейді, ермегіне айналдырып алған.

- Тезик, хал қалай? — деп сұрайды Скоробогатов кешкі үзіліс бітерде.

- Өте жақсы, — деп жауап береді Тезик.

- Ой, азамат. Етігіңді тазаладың ба?

- Жарқырап тұр.

- Түймең ше?

- Айтпаңыз. Айнадай.

- Ал жағаң?

- Міне, көріңіз, аппақ қардай.

- Жарайсың, Тезик. Сенен түбінде жақсы ефрейтор шығады.

- Кеңес Одағына қызмет етемін, ефрейтор жолдас!

Скоробогатов ыршып түседі.

- Не дедің, көктүйнек? Қайтала, қане!

- Еф... Ефре...

Скоробогатов тап береді.

- Жо-жоқ, қатардағы жауынгер жолдас!

- Смирно!

Тоқтар қаздиып тұра қалады.

- Қатардағы жауынгер Тезекбаев, қызмет атынан алғыс жариялаймын!

- Кеңес Одағына қызмет етемін!

- Міне, нағыз адам болатын жас. Көресіндер, бұдан Ушаков тәрізді қызметшіл сержант шығады.

Еш біліксіз, еріксіз ыржалаңдап «қарттар» мен «шүрегейлерге» жәмпең қағып жағыну арқылы әжептәуір әскери адам бола қалғандай-ақ Тоқтар кәдімгідей өсіп, ісініп қалады.

Скоробогатов енді ертеңгілік көзін жыртитып ашысымен, шалқасынан керіліп-созылып жатқан күйі айқай салатынды шығарды.

-Тезик, бүгін қай күн? Дембильге қанша күн қалды? «Қарттардың» есіне салып қоюымыз керек емес пе, бұған сен қалай қарайсың?

- Мен өте оңды қараймын. Қазір-қазір, жолдас сержант, жо-жолдас...

-222-


- Әй-әй, не деп барасың сен...

- Менің аузым біледі, сіз осы жақын күнде сержант болып қаласыз.



- Ой, аузыңды... Сержант деген кім ол? Жағымпаз біреу. Валера ешкімнің аузына қарай да, ешкімді аузына қарата да алмайды. Менікі — тиесілі үш жылды беру, сосын көрмегенім әскер болсын. Сен біліп қой, бұл сержант дегендерің — әр нәрседен дәмелі халық. Шетінен өссек деп тұрған біреулер. Генерал бол деші, біреуі қой дер ме екен?

- Сіз де солсыз ба деймін.

- Сен, жасы үлкенге қалай-қалай сөйлейсің, а, жоқ, бірдеңе дәметіп тұрсың ба? Онда аласың, мұрныңнан перейін бір.

- Қатардағы жауынгер жолдас, сіз не, қалжыңды түсінбейсіз бе?

- Бәсе, солай де. Ал кіріс, өз қызметіңе.

- Құп болады, командир жолдас.


Сержанттарды күндегенімен, командир болуды жек көрмесе керек, Скоробогатов үнсіз, шаттана жымиып төсегінен тұрып жатады. Бір адамға да болса билігің жүру, артықшылығыңды сезіну, қанша айтқанмен, рақат-ақ қой. Тезик енді апыл-ғұпыл киіне салып есік көзіне барып, бері қарап қалт тұра калып, КСРО Қорғаныс Министрі маршал Малиновскийдің мерзімін өтеген солдаттарды запасқа жіберіп, жасы толғандарды әскер қатарына шақыру жөніндегі бұйрығының жылда газеттерге жарияланатын кезге қанша күн қалғанын тақылдап айтып шығады.

- Жақсы-ы. Барыңыз. Өз жұмысыңызбен айналысыңыз.

- Құп болады, қатардағы жауынгер жолдас. Дегенмен, Тоқтар — әзілі таусылмайтын жігіт, кенеттен тағы бір қулық түртіп, жымың ете түседі. — Қатардағы жауынгер жолдас, дембильге қанша күн қалғанын білу сізге ерте емес пе екен? Менің білуімше, сізге әлі екі жыл қызмет етуге тура келетін сияқты. Сіз ана ауладағы тал-дарақтар екі рет көктеп жапырақ жайып, ол екі рет қайта солып түскен соң қайтатын шығарсыз үйіңізге. Жоқ, әлде, маршал сізге басқа жағдай жасай ма?

Жігіттер күлкіні қойып келіп жіберді. Скоробогатовтың екі құлағы боп-боз болып кетті.


-223-


- Мына салагаға қараңдар! Не деп тұр өзі? Әй, көгілдір қаз, сенің меңде жұмысың болмасын, жұмысың — сол, ротада күнде ертеңгілік бір адам дембильге қанша күн қалғанын жариялап тұруы керек. Ол адам — сен. Сенен бұрын бұл жүмысты мына көкең атқарып келген. Биыл бұл міндетті саған атқаруға тура келеді, біліп қой, енді бұл эстафетаны ендігі жылы басқа біреуге беріп барып құтыласың.

Тоқтар бұл қызметінің не жақсы, не жаман екенін біле алмай, есінеген күйі келіп төсегін жинай бастаған. Мен киініп болғанмын. Тоқтардың мына бейшаралығына жанып күйіп кеттім:

- Ақымақсың! Езсің! Ананың табанын жалағаннан басқа нең қалды енді?

Қыңқ етсе, Тоқтарды бас салмақ едім. Түрім бұзылып кетсе керек, Тоқтар былқ етпеді, төменшіктеп жерге қарай берді.

- Сонда не істе дейсіз, айтшы ал.

- Айтсам, сен бұл маймыл түріңмен өзіңді ғана емес, бәрімізді, халқыңды қорлап жүрсің. Сені көріп, басқа халықтардың балалары «қазақ осы екен» дейді. Халқыңа тіл тигізгенше, өле қалғаның жақсы.

- Тапқан екенсіз өлетін ақымақты. Оларға сіздей оқыған керек емес, мендей лыпып тұрған солдат керек. Олар мені сізден жақсы көреді.

-Оларың кім? Тюрин бе, әлде, Махкамов па, жоқ, Ротенберг пе? Сенің оларың — Скоробогатов. Ана жігіттер Отанға қызмет етіп жүр, ал сен Скоробогатовқа қызмет етіп жүрсің. Оларға дембильге қанша күн қалғаны түкке де қажет емес. Үш жыл қызмет етуі керек екенін жігіттердің бәрі біледі, сол жетіп жатыр. Асықтың не, асықпадың не, одан күн жылдам жылжымайды.

- Әй, қайдам-ау! Онда неге ешкім де қой демейді, кайта бәрі жымыңдап қуанып қалады.

- Ертең еңсеңді көтеріп, Скоробогатовдың айтқанын істемей қойшы, ешкім де сені қыстамайды, дембильге қанша күн қалғанын сұңқылдап айтып тұратын басқа адамды да іздеген жан болмайды.

- Қайдам-ау, қайдам? Скоробогатов не демек сонда?

- Не десе, о десін.

- О-о, ол болмайды. Мен — уәдеге берік адаммын.


-224-

- Сені сүмеңдетіп қойған уәде емес, су жүректік. Бар, жүре бер, өстіп маймыл болып.

- Жүре берем. Сізден не пайда маған?

- Солай ма, пайда іздеп жүр екенсің ғой. Жоқ, қарағым, сен Отанға қызмет етіп жүрсің. Сенің мақсатың — Скоробогатов сияқты бетімен кеткендерге жағыну емес, ел сеніміне лайықты солдат болу. Сені сондай солдат етіп тәрбиелеу Скоробогатовқа жүктелмеген. Бөлімше командирі Золотарьға, взвод командирі Растрыгинге, рота командирі Макаровқа тапсырылған, Скоробогатов сені солдат деп жүрген жоқ, ермек, келеке-мазақ қылып жүр. Сен осыны біліп қойғын, жігітім.

Тоқтар өзінің ағаттығын сезінгендей болды. Шарасы кіші томпақ көздері жасаурап, жинап жатқан төсегіне төне түсіп, жастығын пергілей берді. Маған қырын тұрған, жақ жүндері үрпиіп қалыпты.

- Худайбергенов, ана салага не деп зарлап тұр, айтшы, — деді Скоробогатов Анварға бұрылып.

- Не десін, тура айтып тұр. Жолдасының саған мазақ болғанына күйіп тұр.

- Қарай көр, ей! Оқығаны, көпті көргені байқалады, шынында да.

Скоробогатовтың беті бері қарайын деген екен. Маған енді сөздің не қажеті бар? Мен байқаған бір шындық — солдат жоқ-барды сөздің емес, істің адамы.

Осы сәт сырттан взвод командирінің орынбасары аға сержант Атаханов кіріп келді де команда берді:

- Взвод, далаға шығыңдар!

* * *

Үшінші күні кешке қарай суық жаңбырдың арты қарға айналды. Алғаш жаңбыр тамшыларына тиген жерін тыз дегізетін мұздақ араласып еді, ізінше қар жапалақтай жөнелді. Сөйтті де ақ ұлпа қос қолдап құйды-ай дейсің келіп. Бірнеше күннен бері сорғалаған жаңбыр жер бетіне қақ қаптатқан екен, солар біраз көкбалақтанып жатты да, ақ жамылғы көмкере берді.



Келер күні таңғы денешынықтыруға шықсақ, аспан шайдай ашылыпты. Енді ғана демалуға ден қойған аппақ қар бетінен таң қараңғысында тұрып адам тынысын кеңейтетін аппақ ауа өріп жатыр. Солдаттар қарды сағы-

-225-


нып қалыпты. Бәрі елгезек, сапқа дереу тұра қалдық та, денешынықтыру жасайтын алаңқайға қарай жүгіре жөнелдік.

Иә, бұл күні сапқа тұрып жүгірмеген адам солдат өміріндегі ең бір тұнық таңды абыр-сабырға толтырып, тіршілік жорығына көңілді араласу мүмкіндігінен айрылғандай еді.

Солдат сапында жүгірудің тек өзіне ғана тән кереметтей құдіреті болады. Бұл кім озады, кім қалады деп жан ұшырып жөңкитін бәсеке емес, бұл — марштағы тәрізді аяқты тең тастап, намысың мен жігеріңді тастүйін етіп, қатарыңнан не бір елі кейіңдемей, не ентелеп қара үзбей ұшып отыру деген сөз. Оның өзіне ғана тән әлеуетті екпіні бар. Ол екпін жалқауды да, елгезекті де, желаяқты да, май табанды да иіріп әкеліп бір тілекке бағындырады. Оның аты — қатардан қалмау. Жазатайым бәсеңдеп, бұл екпіннен шығып қалған адамға өкпесін қолына алып ұшуға тура келеді. Өйтпедің екен, қорлық сезім құрсауында қаласың, жетіп, сапқа қайта қосылдың болды, денең жеңілдеп, көңілің өседі. Солдат сапында қолмен көтермелеп, сөзбен сүйемелдейтін көмектен әлдеқайда құдіретті күш бар.

Жан-жағына біркелкі терек пен сәмбі тал араласа өскен алаңқайды біз ерте ояттық. Талдардың қар жамылған бұтақтары сынарман болып діңіне әзер ілініп қалған. Ақ теректер, бірен-саран бұтағы салбырағаны болмаса, кербездігін сақтап, еңсесін түсірмей тік тұр.

Еті қызып алған жастарға ертеңгі шыңылтыр ызғырық елең болған жоқ. Взвод екі топқа бөлініп алып, қармен атқыласуға кірісіп кетті. Жігіттердің барлығы бусанып, қызып алған. Жерден бір уыс қарды іліп ала бергенім сол еді, біреу жентектелген жұдырықтай қарды арқама сүңгітіп жіберді. Жалт қарап едім, ыржалаңдап Скоробогатов тұр. Мен тыпырладым да қалдым, сөйткенше қар еріп, суық су тұла бойымды түршіктіріп сырғып қара табаныма дейін жетті. Ойында бәрі болады, тек мұны қарсы жақтың адамы істесін. Ал өз жақтасың ту сыртыңнан келіп қастандық жасаса, кешіріңіз, ашу-ыза туғызады екен.

- Мынауыңыз оңбағандық, Скоробогатов жолдас!

Мен әр сөзімді шегелеп тұрып айттым.

- Сол керек саған, салага!


-226-


Скоробогатов та әр сөзін нығырлап айтты. Көзіміз түйісіп, арбасқандай халде қадалып қалдық. «Әй, сені қойшы. Сендей жастарға бұдан да зорын жасауға болады. Әне күнгі ме, ол оңашада болатын қазір қыңқ етіп көрші, «қарттар» мен «шүрегейлер» түте-түтеңді шығарсын» дейді оның көзі. «Жоқ, мен саған басындыра алмаймын. Менікі ағат па, жабылсын бәрі, жөн бе, аулақ жүрсін. Мейлі, жабылып тепкілесін, сонда да қорлатпаймын мен өзімді» деді менің көзім.

- Мұндай нөмірің маған өтпейді, қымбатты шүрегей!


Мен қолымдағы қарды жентектеп алып, Скоробогатовқа тап бердім. Менен мұндай қарсылық

күтпеген екен, Скоробогатов не істерін білмей серейіп тұрып қалды. Маған керегі де сол, жентек қарды қойнына сүңгітіп жібердім.

Скоробогатов өрт болып жанып кетті. Іле аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты.

- Иттің баласы, мен саған көрсетейін шүрегейлермен жағаласқанды.

-Ал мен саған көрсетейін біреуді иектегеннің не екенін онда.

Скоробогатов маған дүрсе ұмтылды. Мен оның мұнысына әзір едім, ұстаса кеттік. Жігіттерге ойын керек, шу ете қалды:

- Жекпе-жек! Жекпе-жек!

- Ешкім ешқайсысына көмектеспесін!

- Көрсін екеуі бір-бірінің әуселесін.

- Ал, жас, көрсет өзіңді!

Скоробогатов жіңішке, шамдағай жігіт екен. Әп-сәтте мені тізерлете салды. «Бұл қалай?» деген ой басыма қан шаптырды. Сөйтсем, «мұны жұрт көзінше масқара еткенім қалай болар екен» деп жүрексініппін. Ондайды ойлайтын Скоробогатов қайда, енді мені бүк түсірмек болып ұмтыла берді. Осы сәт менің біраздан бері ұмытылып бара жатқан машығым іске қосылды, еңкейіп қорғанғансыдым. Скоробогатов менің басымнан асып барып, белімнен қапсыра құшақтады. Маған керегінің өзі де осы еді, Скоробогатовтың екі қолын шап беріп екі қолтығыма қысып алдым да, жантая беріп шалқасынан түсіріп, біраз тыпыр еткізбей басып тұрып барып, қоя бердім.

-227-


Жаңағы абыр-дабырдан түк қалмай, тылсым тыныштық орнады. Солдаттардың бәрі демін ішіне тартып, бір сойқанды күтетін тәрізді. Бұл ыңғайсыз ахуалды Скоробогатовтан басқа ешкім де бұза алмайтын еді.

- Күшті екен, — деді Скоробогатов басын шайқап.


Үніңде ыза жоқ, разы болу бар.

Жігіттер дүркіреп қоя берді:

- Пәле екен, жасың, — деді бәрі таңданып.

- Қайдағы, айламен жықты, — деді екіншісі көңілі толмай.

- Не, сен палуансың-ау деймін, — деді үшіншісі, аңғарымпаздығын білдірмек болып.

Скоробогатов еститіндей етіп, дауыстап шынымды айттым:

- Иә, күресе аламын.

- Бәсе, Валера онша-мұнша адамға бой бермеуші еді, — деді аға сержант Золотарь. — Взвод, сапқа тұрыңдар.

Казармаға қайтып келе жатқанда да, тамаққа барған жолда да Скоробогатовтың жүзі төмендей берді. «Мен жеңдім, жүзім — жарқын, сен жеңілдің — төменсің» дейтін одыраң мінез кімге керек, мен Скоробогатов осылай ойламаса екен деп, оған қарамауға тырыстым. Өйткенмен көзім түсіп кетсе болды, Скоробогатовтың жүзінде төменшіктеген бір көлеңке көлбең қаға бергендей болды. Бір түрлі ыңғайсыз, жанына жақын барып: «Валера, сен жасыма, Рас, менікі —иттік. Шүрегейлерді сыйлауым керек еді», — дегім келді. Алайда әлі күнге шүйіркелесіп көрмеген күйіміз, қайта-қайта шекісіп қалып жүрген жайымыз оңай жұғыстыра қоймайтын еді.

Ол енді еркінсуді қойды. Маған керегінің өзі де сол болатын.
* * *

Өстіп жүріп біз взвод өміріне кәдімгідей кірігіп кеттік. Оқу, жаттығу, қарауылға бару, түрлі нарядтар атқару тәрізді қызметке едәуір ысылып-ақ қалдық.Біздің ендігі көрмегеніміз — дабыл қағылып, жауынгерлік жорыққа аттану. Солдаттардың айтуына қарағанда, бұл - аса жауапты шара. Бұл кезде уақыт сағатпен де, минутпен де емес, секундпен саналады. Солдат ол кезде ешқандай сасып-салбырамай, әрі ойлы, әрі басалқалы, әрі шапшаң қимыл-


-228-


дауы керек. Дабыл қағылған кезде кімнің не істейтіні солдаттардың бәріне әбден шегелеп айтылып қойылады екен. Тоқтар екеуімізге солдаттардың әу дегендегі кәдесіне жарайтын оқ-дәрі салынған жәшікті көтеріп алып, жауынгерлік дөңгелекті машиналар паркіне жеткізу жүктелген.

Ұйқының неше түріне басып келеміз ғой, бірақ соның бірде-біреуін солдат ұйқысынан тәтті деп айта алмас едім. Таңның атысы, күннің батысына дейін бір тынбай, кешке қарай жастыққа бас тиісімен кірпік айқасып, содан тұяқ серіппей ұйықтап, ертеңгілік кезекшілер оятқанда осы қазір ғана қалғып кеткендей сезімде болар едім.

Тәтті бір түс көріппін. Өзіміздің күрең атпен Жайсаң жотасыңда ағызып шауып келеді екенмін. Бір шаңды бір шаңға қосатын ұшпа жануардың екпінінен жел есіп, құлағым гулеп келеді. Сол гуіл демде азынап, зарылдап ми қайнатты. Көзімді аштым. Сөйтсем, маңдайшаға «Дабыл» деген қызыл жазу жанып, сирена зарлап тұр.

Күрең ат та, Жайсаң жотасы да, суылдап ескен жел де әп-сәтте ғайып болды. Қайталанбас тәтті елес аяулы тізбек құрып та үлгере алмады. Орнымнан ұшып тұрдым. Солдаттар опыр-топыр киініп жатыр. Мен де тоқтамы жоқ жойқын толқынға қосылып кеттім.

Солдаттар әне-міне дегенше қару-жарағын асынып үлгеріп, даланы бетке алды.

Тоқтар екеуіміз де тез жиналған сияқтымыз. Оқ-дәрі салынған талыстай ауыр жәшікті қолдасып көтеріп, жүгіре басып машиналар паркіне қарай тарттық. Біз мықшыңдап жеткенде, машина от алып, жүруге әзір тұр екен. Солдаттар түгел жиналыпты.

- Салагалар, тез-тез! Осы да ауыр болып па, — деп Скоробогатов бізді бір шағып алды.

- Қатардағы жауынгер Скоробогатов, сен өйтіп елді кекеткенше бар, көмектес, жәшікті тез салындар машинаға! — деп бұйырды рота командирі капитан Макаров.

Үшеуіміз жәшікті машина үстіне оп-оңай дік дегіздік.
* * *
Батальон дабыл кезінде орналасатын запастағы ауданға келісімен, байланыс торабын жазуға бұйрық берілді. Дала байланыс торабын жазудың оңай іс емес екенін әлде-

-229-


неше рет көріп үлгергенмін. Ал бұл жұмыс жауынгерлік жағдайға келтіру кезінде әлденеше есе қиындайды дейтін жігіттер. Міне, енді бізге де сол қиындықпен бетпе-бет ұшырасатын күн келді.

Келтелеу қолаттың басталар жеріндегі кезеңге сұғына қазылған жарға жылжымалы байланыс торабы орнатылған машина сұғына кіріп барып тоқтасымен, біз жапатармағай іске кірісіп кеттік. Алға қойылған мақсат — жан-жақтағы сай-саланың жықпыл-жықпылына сұғына кіріп кетіп орналасқан дивизия бөлімшелеріне дала кабелін тарқатып барып, байланыс орнату. Жігіттер кабель толтырылған бір-бір шөлмекті иықтарына асып алып, белгілі тапсырма бойынша жан-жаққа жүгіре басып кетіп жатыр. Маған бел асып барып дивизия командирінің кабинасына телефон орнату тапсырылды. Екі өкпемді қолыма алып, ой-шұңқырға қарамай безіп келемін. Бір жақсысы кабель еш шатаспай, дәттеген жерге тез жетіп, дала телефонын кабельге жалғадым да, индикатор тұтқасын бұрап-бұрап жібердім.

- Алло, алло, «Рубин!»

- «Рубин» тыңдап түр. Бұл кім?

- Бірінші.

- Жарайсың, салага. Сен бірінші болып орнаттың байланысты. Енді тез жет мұнда, тағы тапсырма бар.

Скоробогатовтың мынасы алдына барып жағасының немесе түймесінің тазалығын көрсеткенде Тезикке айтатын «жарайсың» емес, басқа «жарайсың» еді. Скоробогатовтың үнінде титтей де кекесін жоқ, қайта іс мүддесін ойлаған адамның сәттілікке сүйсінуі бар болатын.

Барлық нүктелермен байланыс орнатылғанша, мен тағы да әлденеше рет кабель тарқатып жүгірдім. Бір иығымда кабель шөлмегі, екінші иығымда автомат пен телефон аппараты, қайта-қайта біресе ылдиға құлдилап, біресе өрге тырмысып талмай жүгіру адамды аямай-ақ есеңгіретеді екен. Шаршаған адамға осының барлығы «ауырлығын былай қойғанда, қағыстырмай-соғыстырмай алып жүрудің өзі әуреге түсіретін, әрқайсысы әр жаққа қашып тұрған жүк. Соңғы рет бел ортасына келгенде жайшылықта болса, ауаны кеуде кере бір жұтып құлай кетіп, аяқты ұзынынан көсіліп, шалқадан түсіп жататын-ақ дәрежеге жеттім. Бірақ қазір олай етуге ешкімнің қақысы жоқ.

-230-

Солдат нендей қиындықты болса да жеңуі керек. Ерікті де, денені де еш босаңсытуға болмайды. Бар талап: «Алға, алға!» Солдаттың қара табанынан құйқасына дейін осы талапка қызмет етуі керек.



Мен алға ұмтыла бердім. Белге шыққанымда маған спортшылар айтатын «екінші тыныс» келді ме, қайдам, денем жеңілдеп, ылдиға қарай заулай жөнелдім. Соңғы телефонды да дер кезінде орнаттым.

Келсем, байланыс торабының жанындағы абыр-сабыр басылып, коммутатор мен телеграф аппаратында кезекшілік ететін жігіттерден басқа солдаттар блиндажға жайғасыпты. Барлығы оңбай шаршаған. Бірақ бірде-біреуі атқарған ісін пұлдап кісімсімейді. Сөзсіз атқарылуға тиісті, бұдан басқаша нәтижесі болуы мүмкін емес іс бұл. Жауынгерлік тапсырманың бәрі сол, өл-тіріл, орында.

Сәл демалған соң жігіттер жаңағы қарбалас кезінде кімнің қалай қимылдағанын әңгіме етуге кірісті. Әркім өзінің емес, өзгенің көрсеткен шыдамдылығын, тапқырлығын, оралымдыларын айтып жатыр.

-Мына Тезекбаев кішкентай болғанмен, нағыз тастай шымырдың өзі екен. Осы құлдыраңдап ала жөнелгенде бар ма, шөлмектің жаны шығып зырылдап ұшып бара жатады, - деп Тюрин ішек-сілесі қатып күлді.

- Нағыз жарамды жас Оразбаев екен. Байланысты бірінші болып осы орнатты, — деп Худайбергенов таразы басын мен жағына аударып қойды.

Казармадағы майда тірлік жоқ, жігіттердің барлығы бір мүдденің адамы болып алған. Қандай тапсырма болмасын, бәрі жаппай жұмылуға әзір, сен-мен деп кергісетін жан адам жоқ.

«Солдат деген осындай болуға керек қой, бәсе. Біздің әрқайсымыз - алып машинаның бір-бір тетігіміз. Алып машина сол тетіктер өз қызметін лайықты атқарғанда ғана құдіретін таныта алады. Солдаттар ұйымшыл болғанда ғана іс оңға басады. Кикілжің араласқан жерде береке жоқ.

Жігіттер, өстіңдерші, сонда біз қай қызметке де болса, дайынбыз. Командирлер отқа да, тасқа да салсын, бәрін орындаймыз. Солай, достар!» Осындай ойлар өн бойымды жылытып бара жатты.

- Бәрібір сендер оздыңдар, біз қалдық, — дедім содан соң.

-231-


- Жоқ. Бұл жерде жан-жаққа тартудың қажеті жоқ. Дала торабын мерзімінен бұрын жазып үлгердік пе, үлгердік. Бастысы, міне, осы. Жастар, сендер алдағы уақытта да осындай жігерлілік танытудан танбасаңдар, біз еш уақыт абыройсыз болмаймыз. Мен бұл жастарға сенем. Қазақ жігіттері осындай, шетінен мықты болады.

Ай, айналайын Тюрин-ай, қандай ақкөңіл, жаның жомарт жігіт едің!

Іс-әрекетің халқыңның атына мақтау айтқызса, одан артық бақыт қайсы! Мейлі, ол мақтауды майор Сокол айтпай-ақ қойсын, қарулас дос айтсын. Қазақ жігітімен көп жолдас болған шығар бұл Тюрин, тегі?

- Сіз қазақ жігіттерін бұрын да білуші ме едіңіз?

- Енді қалай? Мен — Қарағандыданмын, шахтермін, Шахтерлер бір-бірін орыс, қазақ, украин, татар деп бөліп жатпайды. Солдат та солай болуы керек. Мұнда ұлт, бірінші, екінші, үшінші жылғы деп жіктелудің кажеті жоқ, кеңес солдаты деген бір-ақ ұғым болуы керек.

- Әрине, солай.

- Сендер жаспыз деп жасқанбаңдар. Барлық іске бел шешіп кірісе беріңдер.

Скоробогатовтар кері кетірер әдетке құмар. Ол — өркен жаймайтын тірлік. Дегенмен, кім біледі...

Тюриннің сөзін блиндажға орнатылған телефон шылдыры бұзды. Трубканы сол көтерген, керек адам өзі екен. Ол:

- Құп болады, капитан жолдас. Қазір, — деп дереу есікке беттеп бара жатып, маған бұрылды.

- Қатардағы жауынгер Оразбаев, бұл әңгімені біз әлі жалғастырамыз. Мені рота командирі шақырып жатыр. Мен кеттім.

- Мұндай әңгімеге мен әрқашан дайынмын.


Тюрин біраз уақыт өткен соң барып оралды. Қолыңда түтікше етіп ораған қағаз бар.

- «Жауынгерлік парақ» шығардық. Ал; қане, оқыңдар, — деді ол, блиндажға кіре бере.

Біз «Жауынгерлік парақты» жазып, ілгенше шыдамай, топырлап қалдық. Парақта біздің бүгінгі тірлігіміз көрініс алыпты. «Лайықты ізбасарлар». Парақтың соңғы жағына орналасқан шағын мақала осылай аталыпты. Авторы — Скоробогатов.


-232-


«Біздің взводта бірнеше жас солдат бар. Олар алғашқы күннен-ақ әскери қызметті беріле атқаратындығын көрсетіп жүр. Солардың ішінен мен Оразбаев пен Тезекбаевты ерекше атап көрсетер едім.

Мәселен, бүгін байланыс орнату кезінде жас солдат Оразбаев ерекше көзге түсті. Ол өзіне жүктелген аса жауапты міндетті — біріншіге телефон орнатуды бәрімізден бұрын жүзеге асырды. Әрбір үлкен сапар алғашқы адымнан басталады. Жас солдат Сапарбаевтың алғашқы адымы жақсы басталған сияқты. Сөйтіп, Оразбаев пен Тезекбаевтың бүгінгі қимылдары келешекте жақсы солдат болып шығатындықтарын көрсетті.

Жалпы, биылғы жылы қатарымызға қосылған жастар лайықты ізбасарлар болатын жігіттер.

«Іске сәт, жастар. Осы қарқыннан таймаңдар!» демекпіз біз оларға. В. Скоробогатов, әскери және саяси даярлықтың озаты».

Мен мақаланы оқып шығып, таңданып қалдым. Бәсе, бұл Скоробогатов тегін жігіт емес, тегі. Әне күнгі кикілжіңдер қайда, Валера? Солардан кейін мені мақтағаның сыйымсыз ғой, ойбай-ау, сыйымсыз. Жоқ, әлде, сен мен түсіне алмайтын жігітпісің?

Осы сәт блиндажға Скоробогатовтың өзі самбырлап сөйлеп кіріп келе жатты:

-Жолдастар, шаруашылық взводындағылар телефон соқты, ертеңгі ас әзір болыпты. Аға лейтенант Растрыгин жиналсын деп жатыр. Әй, салага Тезик, мақтағанға мұрның таңырайып кетіпті ғой. Одан да жүр, менің котелегімді ала бар да, Оразбаев екеуің соған тиесілі тамағымды салдырып әкеліңдер. Мен коммутаторда кезекші боламын.

Тоқтарды шынтағыммен бүйірінен түрттім:

- Бар, әкел котелегін.

- Сенің оны жек көретінің қайда?

- Соны да сөз деп. Ол бір басқа, мынау екінші басқа жағдай.

- Солай ма екен? Әскерде адамдар бір-бірінен көмегін аямауы керек. Сен болсаң, үнемі дүрдиесің де жүресің.

- Мүмкін. Қой енді, күтіп қалатын болды.

- Қазір қатырамыз.


-233-


Шынында, Тоқтар — лыпып тұрған елгезек жігіт. Мендей емес, солдаттармен жылдам жұғысып, әлдеқашан әмпей-жәмпей болып кеткен. Ал Скоробогатовтың айтқанын екі етіп көрген емес. Жоғарыда айттым ғой, әттең, кейде шыли жағымпазданып, парқын түсіретіні бар, әйтпесе, жарайды, жып-жинақы солдат.
* * *
Дала кухнясы орналасқан сай іші абыр-дабыр. Жан-жақтағы жылғадан, қолаттан екіден-үштен топ-топ болып келіп жатқан солдаттар котелектеріне ас салдырып ала салып, анадай жерге шоқ-шоқ болып отыра кетіп, дереу тамақтануға кірісіп жатыр. Ішіне ел қондырған олар әртүрлі қалжың айтуға кіріскен.

Радио ротасының бір ересек солдаты бізді де қалжыңмен қарсы алды:

- Анвар, мына жас телефонистерге жарты ожау ботқа салсаң да жетеді. Әйтпесе бұлар дала кухнясында піскен ботқаның тәтті екенін біліп алып, сенің орныңа таласып пәле болады. Әсіресе, мына бір жуанына аз бер, арықтасын.

- Иә, бұларға көп беруге болмайды. Тойып кетсе, жүгіре алмай, кабель тарқатуға жарамай қалады.

- Қой, көбірек бер. Қарны аш болса, кабель тарқатуға мұршасы мүлде келмейді. Тәлтіректеп жығылып, шөлмектің астында қалып қояр. Әй, телефонистер, кабельшілер-ай!.. Ха-ха-ха...

Радистердің мына қалжыңында көп нәрсе бар. Алдымен әскерде Орта Азия халықтары жігіттерінің қазанның құлағына жақын тұратыны рас. Содан соң, радио ротасы жігіттерінің қызметі біздікінен гөрі жеңілдеу. Телеграф-телефон ротасының жеке құрамына, әсіресе, осындай жауынгерлік-жаттығу кездерінде қиын, алыс-жақынға телефон байланысын орнату кажет. Онда да ырғалып-жырғалып жүріп емес, безіп жүріп орнатасың.

Қалжың күлу үшін айтылады. Оған ыза болу — адамның осалдығы. Тоқтар екеуіміз де бәріне көндік кейіппен Анварға котелегімізді ұсына бергенбіз, ол да у-дуға желігіп алған екен:

- Бұл казақтар ботқа емес, қой жейді, — деп шағып алды.

-234-

Жоқ, қалжынңың да шегі бар, ал ол мынау құсап намысқа тигізе айтылса, шындап жауап беру ләзім.



- Анвар, сен өзбек болсаң, ботқа емес, палау пісірер едің. Басыңда панама емес, ала тақия болар еді. Түсіндің ғой.

Анвар қызарып кетті.

- Не дейді бұл?

- Не деймін, тарат алдағы тамағыңды. Мә, мынау Скоробогатовтың котелегы, сал

жақсылап.

Анвар маған оқырая қарады.

- Е-е, сіз қашаннан бері дос болғансыз онымен!

- Бірінші күннен. Ол екеуіміз — солдатпыз. Солдаттың бөлісе алмайтын түгі жоқ.

- Қызық!.

- Несі қызық?

- Скоробогатов сізді жек көреді.

- Ол — бекер сөз.

- Дұрыс сөз. Шүрегей мен салага дос болмайды.

- Оны кім айтып жүр? Бәрі — бос сөз. «Кемедегінің жаны бір» деген мақал бар емес пе?

- Бар сияқты.

- Бар болса, солдат та сол, біздің де жанымыз бір.

- Қайдам?..

Мен аспаз Анвардың миына біраз жайды құймақ едім, тамаққа келген бір топ солдатқа жол беруге тура келді де, тайқып шыға бердім.


* * *
Скоробогатов біз әкелген тамақты сөйлеп отырып ішті. Ол наннан бір үзіп аузына сала беріп сөз бастаған, әңгіме қызып жүріп берді. Бір сәт маған жүзін бұрды. Әнеукүнгіден кейін екеуіміз бір-бірімізге дүрдиіп жүретінбіз, көк көздері күлімдеп, жылы сөз айтатынын аңғартып тұр.

Мен де соны күтсем керек, Скоробогатовтың үні жұмсақ шықты:

- Жаңа «Жауынгерлік парақтың» редакторы Тюрин: «Мақала жаз» дегенде ойыма бірден екеуің оралдыңдар. Шынында, мықты жігіт екенсіңдер. Солдат деген осындай болуға керек. Мен жанын аяп, бұлталақтайтын жігіттерді жек көремін. Білемін, сендер мені жақсы

- 235-

көрмейсіндер. Амал қанша, мен осындай жігітпін, сендер жек көруге лайықпын. Сонда сендерді мақтап мақала жазып нем бар менің? Біліп қойыңдар, мәселе менің сендерді, сендердің мені жақсы, яки жек көргенімізде емес, әскери тапсырманың дер кезінде орындалуында. Әскери тапсырма үшін біріміз қалмай бар жанымызды салуымыз керек. Міне, бүгін сендер солай еттіңдер. Мақаланы мен сол үшін жаздым. Рас, менің тілім ащы, бірақ оңда тұрған не бар, ештеңе жоқ, үйреніп кетесіңдер.

- Тілің ащы болса, тарта сөйле.

- Жоқ, ол мүмкін емес. Мен жасымнан осындаймын. Сендер жақсы солдат

болыңдаршы, бұл көкелерің сонда мазаларыңды алмайтын болады. Телеграфистер ротаны ешуақытта кейінге тартып көрген емес. Соны біліп қойыңдар. Турасын айтайын, сендердей жігіттермен қызмет етуге болады.

- Қайдам?

Осы сөзді айтарымды айтсам да, ыңғайсызданып қалдым. Кейде өстіп дүңк ете түсетінім бар.

- Жоқ, шын айтам, солай.

- Адамның сөзі мен ісі бір жерден шыққаны жақсы.

- Әрине, енді қалай деп едің? Менің сөзімді неменеге аңди қалдыңдар?

- Аңдыған ешкім жоқ. Тілің ащы екен, тарта сөйлеу керек.

- Олай ете алмаймын. Әсіресе жанын аяп, қалай болса солай қиқалаңдап жүргендерді көргенде құтырып кетемін.

- Мейлі, мінезің сол шығар. Ал, айтшы, бізге, маған неге тиістің?

- Әй, соны да сөз деп. Жастар ондайдан қор болмайды, қайта ширай түседі.

- Сонда сендер өз қаруластарыңды тонауларың, басынуларың, біз оларыңды мақұлдауымыз керек пе?

- Жоқ. Бірақ, біліп қой, жастар қорлықты көп көруі керек. Сонда тез ширайсыңдар.

- Қорлық емес, қиындық шығар. Жастарға солдат өміріне көндігу оңай емес, оның үстіне сендейлер күн көрсетпесе, не болмақ?

- Не болушы еді, көнесіңдер, бір жылға шыдайсыңдар. Ендігі жылы өздерің де жас солдаттарға қожа болып шыға келесіңдер. Бұл — дәстүр.


-236-


- Бұл — дәстүр емес, дерт.

- Сен әлі жассың, содан соң айтып отырсың бұлай деп.

- Қалайша? Мен сенен әлдеқайда үлкенмін.

- Жоқ, жассың. Сен әскерге биыл, мен былтыр келдік пе, келдік. Бітті, сен — салага, мен — «шүрегеймін». Бұл сен — кіші, мен — үлкен деген сөз.

- Сонда, сен, мүмкін, жаман айтпай жақсы жоқ, соғыс шыға қалып, әкең әскерге алынып, осыңда келе қалса, оны да жас дерсің.

- Иә, деймін. Осы қазір келсінші, жас «көктүйнек» деп жұмсар едім, анда-мұнда. Аясам, көр де тұр.

- Қой, саған дауа жоқ екен. Әкесіне «жассың» деген адамнан ештеңе күтуге болмайды.

- Айтасың. Сен әлі түкті де түсінбейсің.

- Түсінетін не бар мұнда?

- Түсінбейтінің көп. Мысалы, қазір ғой сендер біз атқаратын тапсырмаларды орындай алмайсыңдар. Неге? Себебі жассыңдар. Құр босқа ыза болудың түкке керегі жоқ, қайта үйрену, ширау керек.

Мен ойланып қалдым: «Шындығында, Скоробогатовтың айтып тұрғаны дұрыс шығар. Мен орынсыз шамшыл болып кеткен сияқтымын. Тіптен сол «жас» деген сөзде не тұр? Жалпы мақсат — Отанға жақсы қызмет етуге ешкімнің бір-бірімен карым-қатынасы қандай да бір әсерін тигізуге тиіс емес».

Скоробогатов менің осы сәл үндемегеніме жайраңдап, қуанып кетті. Енді адамның жүйкесін жейтін жексұрын күлкісінің тиегін ағытқалы тұр.

- Әне, көрдің бе, өзің де мойындап отырсың. Әй, жастар-ай, жастар! Сендер бірдеңке түсінгенше шаршатып бітірерсіңдер.

- Саған шаршап не жоқ? Жас жауынгер курсы кезінде шаршайтын командирлер. Енді мен де, біз де бірдейміз — солдатпыз.

- Жоқ, сендер бізбен бірдей емессіңдер, жассыңдар.

- Жоқ, бірдейміз. Сенің қолдануыңда «жас» сөзі қорсыну, кемсіту үшін айтылады екен. Балақан, біліп қой, бұл нөмірің өтпейді. Сыйлайсың ба — сыйлаймын. «Шалқайғанға — шалқай, еңкейгенге — еңкей» дейді менің халқым. Мен — сол принципті ұстанған адаммын.


-237-


-Халқыңның айтқанын аулыңа барғанда орындайсың, мұнда «қарттардың» айтқаны — заң. Ал біз, «шүрегейлер», сендерді үйретіп, жол көрсетіп отырмасақ, болмайды. Ендігі жылы біз «қарт» атанамыз, сендер «шүрегей» боласыңдар. Біз өз эстафетамызды беретін адамдарымызды мықтап даярлауымыз керек. Әйтпесе, сендерден жөнді «шүрегей» шықпайды. Шүрегейлер нашар болса, «қарттар» сыйлы бола алмайды.

Не деп болады бұған енді. Бар түсінігі осы: қайдағы бір оңбайтын әдетті ұстанады.

- Бәрі — бос сөз. Босқа әуре болма, адам сен айтып отырған өлшемдермен емес, адамшылығымен сыйлы.

Айтқанға көнетін Скоробогатов па, ерегісе түсті.

- Бос сөз... Адамшылық... Бос сөзің де, адамшылығың да өзіңе. Бізге сенің айтқанды істегенің керек.

- Ондай құлды басқадан ізде. Әңгіме осымен тәмам.

- Жоқ, тәмам емес. Сен әлі «қарттардың» талқысына түскен жоқсың. Ант қабылдауың керек еді.

- Ол қандай ант?

- Майлы құйрыққа екі жүз қасық соғылады, сондай ант.

- Өзің қабылдап па едің сондай антты?

- Жоқ. Сендей қырсыққа қабылдатамыз біз антты.

- Қырсық қабылдаса, алдымен сен қабылдауың керек.

- Көреміз әлі-ақ кімнің қабылдайтынын.

- Көрсек, көреміз.

Біздің әңгімеміз өстіп егеспен аяқталды. Скоробогатов енді Тоқтарды иектеді:

- Сен қалай қарайсың бұған?

Тоқтар мұндайды күтпеген екен, берекесі кетті:

- Қайдам?

- Не қайдам, үлкеннің тілін аласың ба, жоқ, мынау құсап ант кабылдайсың ба?

- Қайдам?

Тоқтар маған қарады, демнің арасында екі көзі бозарып, өңі қашып үлгеріпті.

- Өй, су жүрек! Айтпайсың ба айтатыныңды.


Скоробогатов маған дүрсе қоя берді:

- Болды, сендер өйтіп өз тілдеріңде күңгірлемеңдер. Мұнда бір-ақ тіл бар. Ол — орыс тілі. Сен үгіттеме мұны.



-238-

- Кім үгіттепті, айтсын айтатынын.

- Айт, қашанғы күтем мен?

- Әскерде қандай дәстүр бар, мен соның бәріне көнемін.

Скоробогатов қолын шапалақтады:

- Міне, жарайтын жігіт осы! Әскердегі ең қасиетті дәстүр — үлкенді сыйлау, соның айтқанын орындау. Мә, мына котелекті су тауып, жуып әкел.

- Қайдан табам?

- Қайдан тапсаң, одан тап. Солдат тапқырлығын көрсет. Кәне, байқайық, не үйрендің екенсің.



Тоқтар мойнына су құйылған адамша сүмірейіп, Скоробогатовтың котелегін алып, далаға беттеп бара жатты. Осындай тауансыздар ғой Скоробогатовтарды есіртіп жүрген.

- Жетесіз! Мұның не! Оныкі дөңайбат, сенікі не?


Өстіп жанын жеп айтып едім, бірақ сөзім Тоқтарға әсер етпеді, қолын бір-ақ сілтеді.

- Әй, барыңызшы өзіңіз! Жаңа котелегімен тамақ әкелгізген өзіңіз емес пе, енді келіп, басқаша сөйлейсіз.

- Ол біздің жалпы қызметіміз үшін керек болатын, ал бұл — біреуге қызмет ету, құл болу.

- Мейлі.


- Онда бар, ойыңа келгеніңді істе.

- Істеймін!

Тоқтар блиндаждан шығып кетті. Шаршаған ғой. Скоробогатов маған ожырая бір қарап, жантая кетіп еді, қор ете қалды. Мен дел-сал болып отырмын.

Неткен қызық еді, бұл солдат деген өмірдің мәнін басқаға үстемдік көрсету деп білетін біреулер өңшең. Қайтсін, өмірінің кішкентай үзігіне дейін бұйрықпен, қақпайлаумен өтетін адам осылай ойлауға мәжбүр болатын шығар. «Заманына қарай — адамы» дейтін тұжырым осындайдан шыққан, тегі. Мына Скоробогатовтар да сол заманына — солдат өмірінің талабына сай әрекет етіп жүрген жігіттер. Ертең-ақ қызметі бітіп, азаматтық өмірге аттағанда барша жеккөрінішті дағдыларын осында тастап кете барады. Сонда қалай, мұның атын жағдайға бейімделу дей ме? Ал ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек дейтін сөз қайда сонда? Бір мінезді болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған соң арман қылып айтқан ғой мұны бұрынғылар. Мүмкін, мен тым кінәмшіл болып жүрген


-239-

шығармын бұларға, бәріне үйренуім, көнуім керек болар. Жоқ, ол мүмкін емес. Скоробогатов өзін «шүрегей» десін, үлкен санасын, ол оңы-солын әлі жөнді тани қоймаған жас, «қарттарың» да сол. Солдат өмірін менен жақсы білгенсиді бәрі әншейін, әйтпесе асып бара жатқан түктері жоқ. Оларын Тоқтарларға айтып пұлдасын, менен аулақ жүрсін!


* * *

Осы әңгімеден кейін біздің дүрдараздығымыз пәсейген. Өмірдің өзі де біздерді оң қабақ, тоңқылдақ халде жүргізе алмайтын еді. Командирлерге біз — солдатпыз. Олар бізді алалап-құлаламайды. Олай болса, біз де бөлініп-жарыла алмаймыз. Мен: «Коммутаторда Скоробогатов кезекшілік етіп отыр, онымен аразбын, сөйлеспеймін», — деп телефон орнатпай немесе взвод командирі Скоробогатовты шақырып кел деп жұмсай қалса, бармай қалайша тұра алайын. «Құп болады, аға лейтенант жолдас», — деп тұра ұмтылуым керек. Ал енді дүрдиіп көр бір-біріңмен.

Мұнда өмірдің өзі адамдарды бір-бірінен алшақтатып жүргізе алмайды. Солдатта бөлісе алмайтын түк те жоқ. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес, ал жүздеген-мыңдаған адам сан алуан мінезді. Әр баста бір қиял, сол адамды әрі тарт-бері тарт етеді. Ал өңшең сайдың тасындай сақыр-сақыр қайнаған жігіттер жүрген жер адамды не бір тосын жағдайға салады. Бірде ысытып, бірде суытады. Бәріне басалқалылық, шыдам керек. Тым қызынып кетсең, шатаққа ұрынасың, ал ұсқының түсіп жүрсең, көрінген басынып алуға әзір.

Әй, адам-ай, десеңші! Әйтпесе осы солдатта бөлісе алмайтын не бар? Солдатта бүтін-жыртығын, таза-кірлігін ертелі-кеш старшина қадағалап тұратын киім-кешегі, өзі көздің қарашығындай сақтап, күтіп ұстауға тиісті қару-жарағы ғана бар. Киім-кешек сен үшін емес, бүтін, жинақы жүру үшін керек, ал, қару-жарақ — жауынгерлік тапсырманы орындайтын құралың. Ендеше, оларды таза етіп тұтынып, күтіп ұстау — өмірлік қажеттілігің. Сондықтан да жақсы солдат старшина мен сержантқа көзтүрткі болмай, тап-тұйнақтай болып жүреді, қару-жарағы әмісе жарқырап тұрады.

-240-

Қару-жарақтың ешқайсысына да солдат алалап қарай алмайды, дегенмен оның ең бастысы — автомат. Сонау сұрапыл соғысқа қатысқан солдаттардың жеңіспен туған жерге аттанар сәтте автоматын сүйіп қоштасқанын, оның нөмірін қанша жыл өтсе де ұмытпай жадында сақтап жүргенін талай рет естігенім бар еді. Міне, енді мен де автоматымды сол соғыс жылғы солдаттан бір мысқал да кем жақсы көрмеймін. Мұны кейбіреулер «сексеуіл» деп жек көрмек болады. Қайда, бәрі кекірелеген сөз. Әйтпесе, жаман айтпай, жақсы жоқ, соғыс бола қалсыншы, бір автоматты ауырсынбақ түгілі, оның онын асынып алудан аянбас еді ешкім де. Рас, автомат алғаш менің де оң иығымды зіл-батпан басып, қимылдасам, ынғайсыздық білдіретін. Қазір оның бірін де елең қылмаймын, автомат бір мүшемдей болып кеткен. Ол иығыңда жүргенде Отан солдатысың. Солдат қаруы — қатал да қасиетті күш. Оның қадіріне жетпеген солдат — адам емес, әншейін біреу.



Бұл тұжырымның дұрыстығын өмірдің өзі көрсетті. Түнгі сағат екіде мен жауынгерлік дөңгелекті машиналар паркінде постта Тоқтарды ауыстыратын едім. Аға сержант Ушаков бастаған қарауыл паркке келсек, сақшы Тезекбаев орнында жоқ болып шықты.

- Сақшы қайда?

Аға сержант жөткірінді. Ешқандай қыбыр жоқ.

- Қарауыл, тоқта! Қайда бұл! Меніңше, машиналардың бірінің ішіне кіріп алып, ұйқыға басып жатыр. Абайлау керек. Мұндайлардың жаны тәтті, қорқақ болады. Шошып кетіп, ұйқылы көзімен бәрімізді жайратып салуы мүмкін. Сендер осында тұрыңдар. Біз Оразбаев екеуіміз барып, ақырын жағалап қарайық.



Қарауыл тұрған орнында қалды да, аға сержант екеуіміз аяғымызды ептеп басып қаз-қатар тұрған машиналардың арасынан Тоқтарды іздей бастадық. Өзіңмен қарулас досыңның қауіпке айналғаны қандай жаман еді, жүрегім секем алып, дүрс-дүрс соғады. Тоқтардың мынадай ұятты, абыройдан айрылар іске барғанына жаным ашып та келеді. Біз парктің орта тұсына келе бергенде, алдан үздік-үздік қорыл естілді. Аға сержант жеңімнен тартып тоқтатты. Сөйтті де машина жаққа алақанын тосып:

- Сіз ана машинаны алдынан айналыңыз, мен артынан барайын. Сақ болыңыз! — деп сыбырлады.

- 241-

Аяғымды сақтана басып, машинаны айнала бере көрдім: Тоқтар кабинаның аяқ басқышында шинелінің жағасын көтеріп, бұйығып, басын ішіне алып, қорылдап ұйықтап отыр. Автоматын жанына сүйей салған. «Әй, Тоқтар-ай, өзіңді де, бізді де жер еттің-ау! Бүкіл батальон дүрлігеді енді. Қандай теперіш көрер екенсің?» Денем түршікті.

Машинаның арт жағынан аға сержант та шықты. Ол қолын сілтеп, «Тоқта!» деген белгі берді. Тоқтадым. Ушаков еппен басып келіп, Тоқтардың автоматын қолына алды. Сөйтті де, маған машинаны қайта айнал деп ымдап, кері бұрылып кетті.

Қарусыз сақшы да бір, тұлып та бір екен, Тоқтар отыр тұқшиып. Аяп кеттім, жас қой, жас! Үйінде жылы төсекте ұйықтап жататын бала! Бірақ мына қылығы кешірімсіз! Қолына қару ұстаған солдат, сақшы екенсің, өл-тіріл, міңдетіңді атқар. Баласынбай әскерге шақырған екен, ерік-жігеріңді де, дененді де шынықтыр, қиындыққа төз. Қажет екен, от пен судан өт, ел ұйықтай берсін, саған кірпік айқастырмау керек пе, сөйт. Қарашы енді, өзіңді де, бізді де әбігерге түсіретін болдың.

Міне, аға сержант Ушаков та абыржып тұр:



- Сіз айтыңызшы, мұны қайтіп оятамыз? Шошып кетіп, бірдеңені бүлдіріп жүрмес пе екен?

- Шоши берсін. Ояту керек.

- Ия, ояту керек. Поста тұрған сақшының ұйықтап қалғаны — төтенше оқиға. Атымызды бүкіл батальонға жаятын болды бұл салага!

Ушаков екеуіміз Тоқтарға үш-төрт қадам таядык, Тоқтар қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып отыр. Аға сержант қатқыл үн қатты:

- Сақшы! Қатардағы жауынгер Тезекбаев! Тұр!
Тоқтар әбден қалжыраған екен, манаурап көзін ашып-жұмды, құлашын жазып, есінеп керілді.

Қолын машинаның қырау басқан тастай темірі қарып түсті білем, селк етіп, дереу тартып ала қойды. Сол-ақ екен, көзі шарадай ашылды да, автоматы тұрған тұсқа қол созды. Жоқ автомат қолына қайдан ілінсін, дереу әй-шайға қарамай, апыл-ғұпыл беліндегі автоматтың пышағын қынынан суырып алды.

- Сақшы, тоқтат!

Тезекбаевтың есі енді кірді, сылқ етіп отыра кетті. Дегенмен, пәле өзі, өлетін жерін біледі, қайта атып тұрды.


-242-


- Аға, сержант жолдас, автоматым қайда менің?

- Мен қайдан білейін? Оны мен сенен сұрауым керек?

- Сіз алдыңыз. Беріңіз!

- Қане, шық бері — жарыққа, көп сөйлемей! Бәрімізді масқараға душар етіп отырғаныңды білемісің сен өзің?

Тоқтардың санасына бұйрық енді жетті, дереу жуасып, жер болып қалды. Екі көзі жыпылықтап, маған қарай береді, ара түстім:

- Аға сержант жолдас, сіз кешіріңіз мұны. Автоматын беріңіз. Бір жолға ешкімге айтпай-ақ қойыңыз.

- Сіз не деп тұрсыз? Ешқаңдай кешірім де, аяу да жоқ мұндайларға. Қылығына қарай алады бұл не де болса.

Иә, әскердің қатал заңы осы. Тек айтқанды бұлжытпай, тез де сапалы етіп орында. Сонда ғана жақсысың. Аяғыңды бір қияс бастың екен, бітті, пәленің бәрі басыңа үйіп-төгіледі.

Қарашы енді, қалғып кетемін деп, демнің арасында бейшара күйге түсіп, қарауылдың соңында басы салбырап кетіп бара жатқанын Тоқтардың! Сол ғой, сол, жаныңды күйттейтін жер емес бұл әскер ешкімге. Кулықтың құлқы пәс, айланың адымы қысқа мұнда, жазаланып тынасың.

Түн жарымында постан келсем, Тезекбаевты қарауылдан алып кетіпті де, оның орнына нарядқа Скоробогатов түсіпті. Ол әдетінше жағы бір тынбай, сампылдап сөйлеп отыр:

- Бұл салагаларды постқа қою әлі ерте деген жоқ па едім, дегенмін. Маған салса, бұларды түнімен кірпіктерін айқастырмай картоп тазалатып, ыдыс-аяқ жуғызып қояр едім. Бұларға автоматты сеніп тапсыру ерте әлі. Қара енді, қайдағы бір көктүйнектің кесірінен кезектен тыс нарядқа түсіп отырғаным мынау енді, есінеп. Аяқты ұзынынан көсілте тастап ұйықтап жатқан жылы төсек-ай десеңші, қап! Әй, салага, салага! Өзі бар ғой, әйткенмен, жұмсасаң, лыпып тұрған сергек жігіт. Кейбіреулер құсап бетіңе
бағжия қарап отыра бермейді. Аянышты-ақ! Таңертең батальон командирі қайтер екен, ә? Құртады-ау, құртады. Он бес тәулік гауптвахта! Бітті!

Скоробогатов өз-өзінен шиқылдап кеп күлді. Мұнысы бізге тигізгені. Қарауыл үйіндегілердің дені жас сол-


-243-


даттар болатын. Бәріміздің намысымыз қарылып, қабағымыз түсіп, тұнжырап кеткенбіз. Тоқтардың мына қылығы қабырғамызға батпағанымыз жоқ. Ертең күні не болар екен деп жанымыз жай таппай шырқырайды. Өстіп үрпиіп отырған бізге мынандай табалау емес, жарты сөздің өзі ауыр еді.

Тегінде, Скоробогатов — аузы өткір болғанымен, сезімталдығы күшті жігіт. Оның үстіне біздің бәріміздің жетісіп отырмағанымыз кімге де болса көрініп тұрған. Скоробогатов ет қызумен айтқан қалжыңының табалау болып шыққанын тез ұға қойды.

- А-ай, қойшы! Ол салагада тұрған не бар? Азар болса, бір он-он бес күн отырып шығады. Бәрінен де оның бүкіл ротаны масқараға душар еткені жаман болды! Ай, Тезик-ай! - деп санын шарт дегізіп бір соқты.

Скоробогатов айтқандай-ақ, Тезекбаевтың уставқа жат қылығы ертеңіне әп-сәтте-ақ бүкіл батальонға жайылды. Батальон командирі ертеңгі астан соң Тезекбаевты сап алдына шығарып, он тәулікке гауптвахтаға отырғызу жөніндегі бұйрығын оқыды.



Рота комаңдирі Макаров Тоқтарды гауптвахтаға дәл сол жерден ертіп алып кетті.

* * *
«Жұт — жеті ағайынды» деген рас, тегі. Адам басына түсетін ауыртпалық та дәл сондай, сан-сапалақ болып кететіні бар кейде.

Тоқтар да сөйтті, гауптвахтадан құтылып келіп еді, тағы бір сергелдеңге тап болды: аулынан жайсыз хабар алып хат келіп жатыпты. Хат иесі - қарындасы Тоқтардың ауылында болып жатқан жаңалықтың бірі ретінде Мәрзияның Сисенғалиға тұрмысқа шыққанын, олардың тойларының өте жақсы болып өткенін жазыпты. Бұл жаңалықтың ағасының жүрегіне жара салатынын қайдан білсін?! Қарындасының бұл хатын Тоқтар маған да оқытты. Кешкілік екеуіміз тұрмыс бөлмесінде гимнастеркамыздың жағасына ақ астар тігіп отырғанбыз, төс қалтасынан хат алып ұсынды:

- Бәке, екеуіміз Бөгеннен бірге келгендіктен бе, оның үстіне жасыңыз үлкен, туған ағамдай көріп кеттім өзіңізді.

- 244-

Сізге айтпай, кімге айтайын мұңымды. Мәрзия тұрмысқа шығып кетіпті. Былтыр-ақ сезіп едім осылай болатынын. Сонда ғой, жолда өкінішім өксіткенде, сіздер мені күлкі еткенсіздер. Міне, оқыңыз!



Тоқтардың қолында діріл, жүзінде қайғы тұнып тұрды.

- Шекерден еш нөрсе шығара алмаған соң Мәрзияны айналдырған екен ғой, оңбаған!

Сисенғалиға зығырданым қайнағаны сонша, аузыма басқа сөз түспей, тұтығып қалдым.

- Қап! Өзім ауылда жүрсем ғой. Сисенғалиды Мәрзияның маңайына өлсем жолатар ма едім. Сіз ақыл қосыңызшы, рота командиріне жағдайды айтып түсіндірсем, рұқсат берер ме екен? Егер рұқсат берсе бар ғой, барып келіншек болып отырған үйінің ойранын шығарып, Мәрзияны үйге алып келер едім. Сөйтпесем, не қыл дейсіз? — деп кіжінді Тоқтар.

Көзі жасаурап, кішірейіп кеткен. Енді байқадым, кәдімгідей шөгіп, жүдеп қалыпты. Мен оның бұл кейпін аямақ болып едім, бірақ тілімнің ұшына келіп қалған сөзді қайта жұта алмадым:

- Әй, қайдам, рұқсат бермес. Әнеукүнгі қылығың пәле болып жабысқан жоқ емес пе саған. Мейлі, ал рұқсат берді дейік, сонда да түк те шықпайды. Білмейсің бе, біреуді-біреу зорлау жоқ қазір. Мәрзия өз келісімімен барып отырса, не деп тиіспексің сен Сисенғалиға?

- Шынында да, солай екен-ау өзі!..

Тоқтар сөзінің аяғын жұтып, көмекейі бүлк-бүлк етіп, теріс айналып кетті.

Осыдан кейін-ақ Тоқтар еңсесі түсіп жүдеп жүріп берді. Пәкене деуге келмейтін, бірақ орта бойлыдан аласалау тығыршықтай шымыр жігіт аяқ астынан болбырап-солбырап, гимнастикалық снарядтарда бұрынғыша шыр көбелек айналып ойнай алмайтын сұлқ күйге түскен. Үнемі жайнап, ойын-қалжың тілеп тұратын томпақ мөп-мөлдір қара көздері қалың қабағын паналап, қымтанып, ешкімге тіктеп қарай алмайтын жасқаншақ болған. Оның бұл күйін сезген Скоробогатовтың өзі ертеңгілік «Тезик», салага, дембильге қанша калды» деп мазалауды қойған.

Мен Тоқтарды қатты аяп жүрдім. Бірақ солдат аяныш, мүсіркеуді қажет ететін адам емес. Солдат — батыл, жау-



-245-

жүрек, шыныққан, тез шешім қабылдап, оны жақсылап орындайтын адам. Аянышты адамның сорлылығы, яки кемдігі туғызады. Солдат деген, шүкір, қол-аяғы балғадай жігіт. Әлбетте, солдатты танытатын күш — қызметі мен қабілеті. Қанша дегенімізбен, солдат сезім мен сенімнің адамы. Өйткені ол — жас. Ал жас адамға шырқау-құлдырау, шаттану — пәс тарту, қысқартып айтқанда, бәр-бәрі тән.

Тоқтар да солай бір жағдайға тап болды ғой, көрсін... Дегенмен, оған қол ұшын беру керек сияқты. Бірақ мұнымды Тоқтар білмеуі керек. Тындап ойласа, қай істің де жөні табылады. Мен де біраз бас қатырып едім, мына бір ой қылаң берді: «Тоқтарды бір сергітсе, Скоробогатов сергітеді». Мен мұны Скоробогатовқа айтқанымда, ол құлшынып шыға келді:

- Мақұл. Мұның жөнін маған қоя бер. Бұл салага бүйте берсе, барлық абыройдан жұрдай болады. Осы уақытқа дейін неге айтпай жүрсің бұл жайды. Қатырамыз. Бәрі орнында болады.

Ертеңіне орнымыздан тұрып жатқанымызда, Скоробогатовтың біраздан бері естілмей жүрген қушыкеш даусы саңқ ете қалды:

- Тезик, кел бермен!

Тоқтар бұл сөздерді құлағына да ілмей, еш құлықсыз киініп жатыр.

- Әй, көктүйнек, сен өзіңе жүктелген міндетті ұмытқан екенсің. Бұл — ұятсыздық. Жоқ, оның болмайды. Бізбен бірге қызмет етеді екенсің, бір талапқа бағынасың. Қане, жаныңның барыңда кел де, дембильге қанша күн қалғанын баянда мына «қарттарға».

Тоқтар елейтін емес.

-Тоқтар, неменеге күйбеңдеп жатырсың? Бар, — дедім.


«Мына сөзді шынымен-ақ сен айтып тұрсың ба?» — дегендей Тоқтар менің аузыма аңтарылып қарады. Мен сөзімді еселедім:

- Бар, бар! Сен бұған кішірейіп кетпейсің.

- Бармаймын.

- Не, сен онда қалып алған дағдыны бұзбақпысың?

- Бұзса, несі бар?

- Өзің біл. Онда достарыңнан айрыласың.

- Әй, мейлі, онда...

-246-


Тоқтар кәдімгідей тосырқап қалған екен, аяғын әзер басып барып, Скоробогатовка жақындай берді. Еш құлықсыз:

- Ефрейтор, — деп тоқтап қалды. Өзін зорлап тұр. — Жолдас...

Скоробогатов түсіне қойды.

- Жоқ, бұл болмайды, қатардағы жауынгер жолдас! Кәдімгі кәнігі солдатша бойыңды тіп-тік ұстап, аяғыңды нық-нық басып келіп, Кеңес Армиясының барлық ережесіне сәйкес рапорт беруің керек. Дембиль ойыншық емес, ол — солдаттардың үш жыл бойы сағынып, сарғайып күтіп жүретін күні. Кейін бұрыл! Шагом марш!

Тоқтар қасарыса кетті:

- Жоқ, болмас, болмайды. Мен енді, керек десең, ешқандай күнді де санамаймын, ешкімге ол туралы рапорт та бермеймін. Керек екен, өздерің санап алыңдар. Дембиль маған өте алыс, мен әлі Отанға қызмет етуім керек. Біліп қой, бүйтіп күлкіге айналып, қор болып емес, адал, абыройлы қызмет етуім керек.

Тоқтардың осыншама күйініп, суырылып сөйлегеніне бүкіл взвод аңырып қарап қалған. Бәсе, оңай жігіт емес бұл Тоқтар, намысы бар.

Айтқанға көнетін жігіт Скоробогатов болып па, ол да осындай боларын біліп, алдын-ала дайындалып алғандай-ақ, сөзді түйдек-түйдегімен төгіп жіберді:

- Міне, енді дұрыс айттың, қымбатты салага. Сен екі иығың салбырап, сүмірейіп жүрмей, қызмет етуің керек. Біздікі, біле білсең, жай бір ойын. Бір взводта қызмет етеміз бе, бір тілекпен өмір сүреміз, бірге ойнаймыз, бірге қуанамыз, бірге қайғырамыз. Бүйтіп бұртиып жүрген адам ұжымның лайықты мүшесі бола алмайды. Өйтеді екенсің, өзің біл! Онда, айналып келіп, өзіңе жаман. Жалғыз қаласың. Ал жалғыз адам алысқа бара алмайды.

Тоқтар сәл ойланып қалды: Скоробогатовтың айтып тұрғанының бәрі дұрыс. Көзінен бір ұшқын жылт ете түсіп, жымиды.

- Қазір, сержант жолдас!

- Әй, көктүйнек, жөндеп айт!

- К-кешіріңіз, ефрейтор жолдас!

- Е, бәсе, десеңші.

- Ефрейтор жолдас, дембильге екі жүз күн қалды. Қатардағы жауынгер Тезекбаев.

-247-


- Жарайсың, қатардағы жауынгер. Қызмет атынан алғыс жариялаймын!

- Кеңес Одағына қызмет етемін!


* * *

Тоқтар қатарымызға әлдеқашан қайта қосылып кеткен, бір күні тағы тұнжырай қалыпты. Мен оны қасқабағынан танитын болғалы қашан, бір жайсыздықтың болғанын біле қойдым. Бұл дәу де болса Мәрзиядан хат алған.

Кешкі демалыс кезінде оңашалап сұрадым, тіптен сұрағаным жоқ, өз ойымды айттым десем болады.

- Тоқтар, сен Мәрзиядан хат алыпсың ғой.

- Иә, алдым. Оны қайдан білдіңіз?

- Білетін не бар, сен тағы жүнжіп барасың.

- Рас айтасыз. Мен оны ұмыта алмаймын.

Мен не дерімді білмей, әңгімені тәмамдау керектігін аңғарттым:

- Ол енді өз шаруаң.

- Рас. Менің өз шаруам. Бәке, айтшы, солдатта шаруа деген бола ма? Солдат — басында ерік жоқ адам. Еркі болмаған соң ол түкке де жарамсыз біреу. Әйтпесе, мен ауылда жүрейінші, жолап көрсін Сисенғали Мәрзияға!

- Иә. Қайтеміз енді, солдат өмірі шектеулі шеңбер ішінде өтеді, Солдат — көнбіс халық, иығына түскенді көтере береді. Біз де сөйтеміз.

- Бәке, шын, бәрін көтеруге болады, бірақ махаббатыңның опасыздығын айтпаңыз еңді. Солдатқа оңдай азапты салмаса екен қыздар.

- Олардың өзі де солдат болмай, түсінбейді мұны.

- Қап, бәлем, сөйтсе, қыздарды да солдат етсе.

- Бар ғой.

- Бұл аз, Бәке. Бәрін, Әсіресе, қазақ қыздарын бірін қалдырмай шақыру керек әскерге.



- Неге?

- Махаббаттың не екенін түсінетін болады.

- Қой, мынауыңды ешкім естімесін. Қазақ қыздары еш елдің қызынан кем емес. Көрік те, әдеп те, ізгілік те, ізеттілік те — бәр-бәрі де соның бойында.

- Бәке, мұныңызға басқа сенер, мен иланбаймын. Мен үшін қазақ қызы — Мәрзия.

-248-

- Кім біледі, Мәрзиянікі бір себептен дұрыс та шығар.



- Махаббат ешқандай себеп, есеп дегенді білмеуі керек.

- Тоқтар, шынымды айтсам, сен жеңіп тұрсың бүгін мені.

- Әй, Бәке-ай, сізбен айтысу қайда бізге. Ашынған соң айтқан сөз ғой бәрі. Міне, Мәрзияның хаты, оқып көріңізші, түсінесіз сонда менің неге қыздар туралы қатты сөз айтып тұрғанымды.

Тоқтар төс қалтасынан бір жапырақ қағаз алып, қолыма ұстата салды. Мәрзияның хаты екен. Оқып шықтым. Мәрзия, шынында да, жеңілтек адам екен. Ойы да, жазуы да айқыш-ұйқыш.

Хат мазмұны мынау:

«Тоқтар, сәлем! Денсаулығың жақсы ма? Қызметің қалай?

Меңде үлкен жаңалық бар. Мен тұрмысқа шықтым. Сені бұл хабар қуантпасын білем. Бәрібір естисің ғой, содан соң өзім жазып отырмын. Махаббат құдіреті осылай істеуіме мәжбүр етті. Мен қазір енді сенен гөрі оны жақсы көремін. Сырттай болса да танысып қой, аты — Сисенғали. Менің ән айтуды жақсы көретінімді білесің ғой, бізді бір-бірімізбен жақыңдастырған осы — ән. Ол — музыкант, мектепте мұғалім, жоғары білімі бар. Келгенде танысасың, дос болып кетесіңдер. Мен де сенен достығымды үзбеймін. Сисенғалимен сен кеткен соң көп ұзамай-ақ танысқанмын, бірақ саған аяп хат жазып жүрдім. Тағы да жаза беретін едім, Сисенғали: «Қой, шындықты жаз, басқа қызды ойластыра жүргеніне жақсы болады», — деп ақыл-кеңес берді.

Сен сондай әдемі, ақылды жігітсің. Саған сұлу қыз табылатынына мен сенемін. Сондай қыз тауып алуыңа тілектеспін.

Сәлеммен, досың Мәрзия».

«Бүйткен досы бар болсын!»

- Тоқтар, сен былтыр жолда алдағыны айқын біліп жылаған екенсің. Мәрзия шыдам дегеннен жұрдай адам екен. Мұндай адамның Сисенғалиға тигені дұрыс болған.

- Неге олай дедіңіз?

- Сисенғалиға деген басқа сөзім жоқ менің.

- Апырай, ә, Сисенғали соншама жаман жігіт пе еді?


-249-


- Жаман деп тұрған кім бар оны? Қайта жолы болғыш жігіт екен.

- Шын айтасыз, жолы болғыш. Әйтпесе, мен ауылда болайыншы, Мәрзия қайда оған?

- Рас. Бірақ...

Мен не айтарымды білмей дал болып қалдым. Көмейіме көп сөз кептеліп еді, Тоқтарға Мәрзия туралы енді ешқандай артық-ауыс сөз айтудың қажеті жоқ. Себебі бұл Тоқтар сияқты ақпейіл адамдар өмірде бір-ақ рет сүйеді. Олар Мәрзия сияқты жер қаптырып кеткен қыздың өзін кінәлай алмай, өмір-бақи сүйіп өтеді. Бұған енді тыныштық керек.

Әңгіме нүктесін Тоқтардың өзі қойды:

- Барсын, жолы болсын! Бәке, айта берсеңіз, қыз құрысын. Бізге қазіргі керегі қызмет. Иә, қызмет!..

Қанша осылай бекінгенімен, Тоқтар көпке дейін тұнжырап, ойға беріліп, мәңгіріп жүрді. Соның кесірінен екеуіміздің бүкіл ротаға масқара болғанымыз бар.


* * *
Сол Тоқтар жүдеп жүрген күндердің бірінде біздің рота нысана атуға полигонға барды. Тоқтар екеуіміз бір жұп құрдық.

Шығыстан көктемнің қақылдаған суық желі соғып, жерден қиқым-сиқым, шаң-тозаң көтеріліп, әлем-тапырық болып тұрған. Біз соған қарамай, кеудеден жоғары жағы көрінетін нысананы екеуіміз бірдей алғашқы қылаң етіп көрінген сәтте-ақ жайратып тастап, взвод командирінің бұйрығымен «шабуылға» көтерілдік. Алдан жүгіріп бара жатқан «жау» жарбаң етіп шыға келген бойда жата қалып көздеп, шүріппені баспақ бола бергенімде, құлағыма капитан Макаровтың:

- Мыналар қайтеді, ей?! Оразбаев, тоқтат! — деген өктем үні келіп жетті.

Қолымды шүріппеден жұлып алдым. Сол сәт дәл алдымнан аяғының басына қарап, салбырап кетіп бара жатқан Тоқтарға көзім түсті. Енді болмаса, жайратып салуым мүмкін екен. Денем түршігіп, дірілдеп кеттім.

- Қатардағы жауынгер Тезекбаев, тоқта!

Тоқтар ұмытқаны есіне енді түсіп, бірақ тез қайта шығып кеткен кісіше есеңгіреп тұр.

-250-

Нәтижесі — рота дереу сапқа тұрғызылып, екеуімізге нысана атудан бір-бір «екі» қойылғаны және кезектен тыс екі-екіден наряд берілгені жарияланды.



Капитан Макаров бұл бұйрықты, әрине, біздің маңдайымызды сипап тұрып жариялаған жоқ. Мейлі ғой, командирге ұрысқан жарасады. Бұлар маған кәдімгі бір солдаттардың әйтеуір бір кемшілігін тіміскілеп жүріп тауып, соны түзету керектігін, оны жүзеге асырудың жолын зекіп, ұрсып айтып жүретін адам болып көрінеді. Бұлардың қасында қайын ененің өзі жіп есе алмас, сірә.

Әлбетте, капитан Макаров та әлем әскерлерінің барлық командирлері сияқты қабағын қарс жауып, зіркілдеп ұрсуға әбден жетік-ақ. Алайда ол, тегінде, мейірбан кісі. Оның ұрсуы кейбіреулердікіндей солдатты жер-жебіріне жетіп қорлау емес, қайта өзін кеюге мәжбүр етіп отырған мәселенің осыншалықты ушығуына себеп қайсы, соған жауап іздеу; айтқан тілімді алғыза алмай жүргеніме өзім де кінәлімін деу, жетімсіз, әбес қылығымызды жастығымызға телу; ең ақырында, біздің қамқор адамымыз екенін анық байқатқысы келмей, тебіреніп кету. Бұлары көпе-көрнеу білініп тұратын.



Ертеңіне екеуіміз қабырға газетінің бетінен тағы да орын алдық. Тюрин автоматын құлықсыз ұстап, алқа-салқасы шығып, сүмірейіп бара жатқан бір, оны көздеп автоматының шүріппесін басқалы жатқан екінші солдаттың суретін салыпты. Сурет астына бұл екеуінің алғашқысы — Тоқтар, соңғысы — мен екенім туралы қысқаша жазылыпты да, шекесіне «Достар» деп айдар тағылыпты. Бәрі рас. Көрген бойда көзім бұлдырап кетті.

Газет дегенің бір сұмдық екен ғой. Оқиға өтті де кетті, ал мынау соны шыжғырып бетімізге басып отыр. Пәлені көрген сайын жерге кірермен боламыз.

Әсіресе, Тоқтардың шарты болмады. Қайтсін, масқара болғанымызға шын кінәлі сол. Көпке дейін менің бетіме тіке қарай алмай, қарсы келіп қалсақ, тайқып кетіп жүрді. Бір бетпе-бет келіп қалғаңда тоқтатып алдым да:

- Тоқтар, сен немене, бір «екі» алғанға бола соншама иінің түсіп кеткені, — дедім.

- Бәке, «екіде» тұрған не бар? Ұяты өтті. Сіз менің кесірімнен тап болдыңыз осындай ыңғайсыз жағдайға. Маған бәрінен де сол батты, — деді Тоқтар қызарып.

- 251-


- Сен қой мұныңды, Тоқтар. Кінәні бөлісіп қайтеміз? Сен боп, мен боп досқа күлкі болмасақ, жетер.

- Дұрыс айтасыз. Мен енді ештеңеге алаңдамаймын. Шындап солдат болуға бекіндім. Көрерсіз әлі-ақ.

Тоқтар сөзінде тұрды, ширап жүріп берді.

Көктемгі байқау қорытындысында екеуіміз де әскери және саяси даярлықтың озаты атандық, үшінші сыныпты маман болдық.

Капитан Макаров екеуімізді сап алдына кезек-кезек шығарып, батальон командирінің бұл жөніндегі бұйрығын оқып шығып, өзі қызмет атынан алғыс жариялады.

- Кеңес Одағына қызмет етемін!

Тоқтар екеуіміз де бұл сөздерді нық айттық. Бұл — байқаудың Тоқтар екеуіміз үшін телеграф тілімен айтылып отырған қорытындысы. Ал, шынтуайтына келгенде, байқау дегеніңіз, айта көрмеңіз, алапат тірлік. Маған мынадай ой келді: солдаттың, жалпы Кеңес Армиясының күнделікті барша тіршілік-тынысы жылдың екі мезгілінде — көктемде және күзде болатын байқауға даярланумен өтеді. Жауынгерлік және саяси даярлық жаттығулары мен сабақтары сол байқаулар кезінде жақсы баға алуға бағытталады. Байқау сындарынан абыроймен өткен солдат — құрмет иесі. Оған алғыстан бастап қысқа мерзімді демалысқа дейін беріледі. Байқауда ақсаған солдат — ақ қарға. Оны командирлер тұрмақ, солдаттардың өзі-ақ қоңаштап, қор етеді. Солдат атаулының қатты қаймығатыны да осы — достарының түрткісі. Сондықтан да олар байқау кезінде жан-тәнін салады.

Байқауға даярлықтың түрі жаман. Әскери қалашықтың шарбағының сыртынан штаб төбесінде желбіреп тұрған қызыл туға дейін ретке келтіріледі. Көзбояушылықтың жарқын үлгісі осындай-ақ болса керек. Соның бәрін жанұшырып жүріп істейтінін қайтерсің? Сонда не тексеруші осы тірліктің кейбіріне көз қиығын да салмас, сірә. Ал батальон офицерлері тіптен қуыс-қуысқа дейін тіміскілеп жүріп, кір-қоқысты тауып, солдатқа тазалатады. Барып тұрған оңбаған тірлік — бұл бір. Қайтесің, офицерлер кідіңдеп тұрған соң, істейсің.

Солдат өмірі тек қару асынудан тұрмайды, осындай күйкі-түйкі тірлігі көп-ақ. Маған салса, олардың көбісінің түкке қажеті жоқ. Әйтпесе, әскерге үй сыпырушының,

-252-


яки аула жұмысшысының қызметін үйренемін деп келген жас о заманда бұ заман болған емес шығар. Амал қанша, бәріне төзуің керек. Әлбетте, ығыр да боласың, ештеңе етпейді, төзгін, сонда ғана жетесің арманыңа. Солдаттың барлығында бір-ақ арман бар, оның аты — бостандық!
* * *

Жаз келді. Ол — біреулерге алыс сапарлар, біреулерге теңіз жағалауы, біреулерге жай ғана демалыс. Ал бұл, әрине, адамның қызметіне, денсаулығына, қалтасына байланысты.

Шекер — жәй демалыс бұйырған адамдар санатында. Ол екі хатының бірінде демалысқа жете алмай, ата-анасын, бауырларын өлгенше сағынып жүргенін жазады да жатады. Бір хатында жол бұрыс, әйтпесе, маған соға кетпек ойы бар екенін білдіріпті. Шыдам атты жуас жуан торыны көңіліме әлдеқашан көлік еткен менің ойымда бұл мүлде жоқ еді, еңді Шекердің мына хаты нілдей бұзды.

Шынында да, Шекерге неге келмеске маған? Келуге әбден болады. Жұбайлары, туған-туысқандары келіп-кеткен талай солдатты көріп жүр емеспіз бе. Офицерлер ондай алыстан іздеп келген ағайынға құрақ ұшып жағдай жасайды әуелім. Артынан адам іздеп келген солдат — бақытты!

Шекерге дереу хат жаздым. Оның негізгі арқауы мынау: «Шекер, мен сені кереметтей сағынып жүрмін. Жолай соға кет. Күтем!»

Хат кетіп, жауап келеді-ау деген кезде пошташы солдат жолын күтетінді шығардым. Сөйтіп жүргенде бүкіл батальон кезекті бір жорыққа аттанды. Екі тәулік күн-түн қатып, алға қойылған тапсырманы орындап оралсақ, казармада қалған біздің жігіттер қарауылда екен.

Жорықтан оралған солдатқа түсер ауыртпалық сол жорық кезіндегіден аз болмайды. Екі тәулік бойы дала жолын ерсілі-қарсылы аямай шиырлаған техникада, аппараттарда, солдаттың жеке қару-жарағында, киім-кешегінде шаң қаппаған жер қалмайды. Бәрін жарқыратып қою керек қайтадан. Осының бәрі — қыруар еңбекті талап ететін, тіптен тың адамды титықтататын тірлік. Ал біз сияқты қалжырап келген адамға не өнбей, не бітпей жүйке құртады. Әйткенмен біз бұған көндігіп қалғанбыз.

- 253-
Міне, енді бүгін де кешке дейін әскери дөңгелекті машиналар паркінде болып, жұмыс істедік. Сөйтіп біз барлық техника мен аппараттарды ретке келтіріп болып, казармаға кіріп, қару-жарағымызды пирамидаға қойып жатыр едік. Сырттан Скоробогатов екі езуі екі құлағына жетіп ыржалаңдап кіріп, маған қарап:

- Салага Оразбаев, кел бермен! — деп айқай салды.

Жаны қиналған адам қай оңды жауап берсін:

- Кел өзің, керек болса.

- Әй, көктүйнек, айтпай қоямын онда. Аса маңызды жаңалық.

- Айтпасаң одан әрі!

Мен қолымды бір-ақ сілтедім де, төсегімнің аяқ жағында тұрған орындыққа беттедім. Орындыққа енді отырып, зат қапшығымды ретке келтірейін деп аузын шеше бергенім сол еді, біреу иығымды жұлқып, өзіне қаратты. Скоробогатов. Сұрланып кетіпті. Не боп қалды бұған? Скоробогатов маған ес жиғызбай төпей жөнелді:

- Сенің бүйтетінінді білгенде... Қап... Оңбаған... Қызың келді. Шекер. Мейманханада жатыр. Мен болмағанда қайтып кететін еді. Бар енді рұқсат сұрап.

Мен сенерімді де, сенбесімді де білмей, аңырып қалыппын.

- Ой, ашық ауыз, сен немене, сенбей тұрсың ба маған? Саған жақсылық жасап жүрген мен де бір оңбағанмын, тегі. Мен болмағанда ол қызды көру қайда? Иә, дембильге барғанда басқа біреудің әйелі болып жүргенін көретін едің. Қара, енді еңбегімді зая кетіріп отырысын аузын аңқайтып. Өзіме де осы керек. Менің біреуге жасаған жақсылығым өстеді, өзіме пәле болып тиеді.

- Шын ба, Валера?

- Шын, шын.

- Валера, жақсы жігітсің сен!

Шаршағаным ізім-қайым жоғалып, орнымнан атып тұрып, Скоробогатовты қапсыра құшақтап алып шыр көбелек айналдыра бердім.

- Мына салага қайтеді, ей, мойнымды үзер ме екен? Күшің бар екенін білеміз. Жетер, жетер, жібер. Алдымен айтқызсаңшы әңгімені.

Скоробогатовты жерге қоя салдым.

- Иә, айтшы тез, тез айтшы, Валера!


-254-


- Әне көрдің бе? Сенбейсің. Біліп қой, Валера еш уақыт өтірік айтпайды. Әй, әбден қызық болды-ау өзі де. Әуелім, қызың кетіп қала жаздады. Кеше, постқа түсер алдында КПП-ға бара қалмасым бар емес пе. Радио ротасындағы Молдашев деген салаганы білесің ғой, КПП-да сол кезекші екен. «Валера, жаңа ана сендердегі Оразбаев деген жігітті сұрап бір қыз келді. Ой, керемет сұлу екен! «Оразбаев деген жігітті қалай табуға болады?» деп жасқана сұрағандағы үні-ай шіркіннің. Құдай ұрсын, аяқ астынан ғашық болып қалдым», — деп ыржаң-ыржаң етеді. Сенің әнеукүні: «Солдатқа сүйген қызы келуіне бола ма?» — деп сұрағаның есіме сап ете түсті. «Айт, тағы не дедің?» — деп, Молдашевті бас салдым. Поста тұр, әйтпесе бар ғой мұрнын бет қылатын едім.

Молдашев болған оқиғаны баяндады: «Саған не жоқ? Айдаладағы біреу үшін шырылдап бара жатқаның немененің ақысы? Оны қайтесіз? Кіміңіз еді?» — дедім қызға. «Ағайым еді. Керек», — деді қыз. «Ағайыңыз басқа бөлімшеге ауысып кеткен», — дедім мен қалжыңдап. «Қап, әттеген-ай! Қайдан таптым енді?» — деп қыз қатты абыржып, не қыларын білмей тұрып қалды. Аяп кеттім. «Қарындас, жай қалжың еді» деп айтпақ болып оқтала беріп едім, бір жеңіл машинаның сап ете қалып, қақпаға тұмсық тірей келіп тоқтай қалмасы бар емес пе? Қақпаны ашып, соны өткізіп жіберіп, қайтып келсем, қыздың өзі жоқ, жұпар иісі ғана қалыпты. «Сол иіс әлі кете қойған жоқ, нанбасаң, иіскеп қара», — деп мұрнын шүйіріп қойды Молдашев салага. «Сен солдат емес, сабалақ итсің!» — дедім Молдашевқа.

Молдашев ауыз аша алмай, кап-қара болып түтігіп кетті. Ол не болса, о болсын, маған енді оның жексұрын түріне қарап тұратын уақыт жоқ еді. КПП-дан атқып шықтым да, талай кростарда абыройсыз етіп көрмеген екі аяғыма ерік бердім. Есіл-дертім — вокзалға тезірек жету. Екі өкпемді қолыма алып, жынды кісі құсап ес-түссіз ұшып келе жатқан маған көшеде кездескен адамның барлығы таңдана қарайды. Олардан ұялып қаймығатын уақыт қайда, тек патруль кездеспесе екен деп келемін. Олардың қырсық қылғанда, дәл осындай кезде аяқ астынан пайда бола кететін әдеті бар емес пе, содан қорқамын. Ойлағанымдай-ақ, вокзалға бір кварталдай қалғанда екі көшенің

-255-

қиылысынан сау етіп патруль шыға келді. Шегінуге болмай қалды, кілт тоқтап, үсті-басымды жинақы қалыпқа келтіріп, жақындай бердім.

Патруль бастығы жап-жас лейтенант:

- Қатардағы жауынгер жолдас, қай бөлімшеденсіз? Қалаға шығуға рұқсат қағазыңыз қане? - деп қолын соза берді.

-Лейтенант жолдас, байланысшылар батальонынанмын. Бізде дабыл қағылып еді. Мен рота командиріне соны хабарлауға кетіп барамын. Жіберіңізші, кешігемін, — дедім жалынышты үнмен.

Жастың аты жас, лейтенант оп-онай-ақ алданды:

- Е, онда жақсы.

- Кетуге рұқсат етіңізші!

- Бара қойыңыз.

Содан безгеннен безіп отырып, вокзалға келіп бір-ақ сүңгідім. Вокзалдағы сұлу қыздың көбі-ай, шіркін, сол күнгі. Анасына бір, мынасына бір сұқтана қараймын. Сенделіп қалдым. Есіме сонда бір қулық сап ете түсті. Анықтама бюросына бардым да, кезекшіге жағдайды айттым: «Жолдасымның қызы еді. Қазақстаннан іздеп келген. Сізден өтінемін, хабарлаңызшы. «Қазақстаннан келген қыз, сізді анықтама бюросында солдат Оразбаев күтеді», — деңізші. Кезекші менің өкпемнің солқылдап тұрғанын көріп аяды-ау деймін, дереу хабарлауға кірісті.

Көп ұзамай, анықтама бюросына керемет сұлу бір қыз кіріп келе жатты. Табалдырықтан аттай бере бөлме ішін асығыс бір шолып шықты. Білдім, бұл — сені іздегені. Ал сенің мұнда өзің тұрмақ, ізің де жоқ.

- Сәлематсыз ба, — дедім мен. — Қазақстаннан келген қыз сіз бе?

- Иә, мен.

- Онда сіз кешіріңіз. Сіз Балабекті іздеп келдіңіз ғой. Мен оның қарулас досымын. КПП-дағы солдат сізге дұрыс мағлұмат бермеген. Ол қазір жауынгерлік жорықта. Бүгін-ертең келіп қалады. Күтіңіз, — дедім асығып-аптығып.

- Онда қайттім, билет алып қойып едім.

Шекер абыржып тұр. Айналайын кезекшінің өзі де бұрын, сірә, солдатты сүйген адам-ау деймін, лып ете қалғаны:

- Билетің қане, әкел, ақшасын қайтарып берейік, — деді.



-256-

Шекер екеуіміздің қуанышты үніміз жарыса шықты:

- Рақмет, апатай!

- Рақмет сізге!

- Сіз еңді мейманханаға орналасыңыз. Мен асығыс едім. Содан соң сол КПП-ға келіп, Балабекті, ол жоқ болса, мені — Валерий Скоробогатовты шақыртсаңыз, жетіп жатыр. Сау болыңыз! — деуге ғана мұршам жетті. Сөйттім де, әй, бір зырладым-ау тағы да.

- Жарайсың, Валера!


* * *
Рота комаңдирі капитан Макаров — жігіттердің жағдайын білетін адам. Ұзақ жылғы қызметінде солдат өмірінде кездесетін жайдың ол көрмегені жоқ та шығар, сірә. Соның бәріне лайықты шешім қабылдап үйренген біздің командиріміз. Мен жағдайымды айтып, рұқсат сұрағанымда қабақ шытудың орнына қуанып қалды.

- О-о, артынан қыз іздеп келген солдат — бақытты. Жарайды, үш күнге рұқсат беремін. Бірақ казармаға түнеп жүргін. Кенеттен іздеп қалатын жағдай болса, сол дұрыс. Қызбен күндіз қыдырғаны жақсы солдаттың. Сөйт.

- Құп болады, капитан жолдас!

Капитан менің бас-аяғымды бір шолып шықты. Түсінікті. Қалаға шығатын кейпі бар ма екен дегені.

- Капитан жолдас, мен мұқият дайындаламын қазір.

- Иә, жақсылап тұрып тазала бәрін.



- Әлбетте.

- Бара беріңіз!


- Құп!

Солдаттың қалаға шығуға әзірленуі онша-мұнша бикештердің театрға жиналғанынан кем емес. Бикеш өзінің нақсүйеріне, одан соң бірен-саран бақталастарына бола боянып-таранса, солдат көшеде солдат болып жүруі үшін әзірленеді. Солдат киімінде қылпық болмауы керек. Оның етігі, түймесі, белдігінің доғасы адамның жүзі көрінетіндей болып жарқырап тұруы тиіс Міне, мұндай солдатқа қайда барса да жол ашық. Бір жеріңнен кемшілік байқалып, ши шықты екен, ондай солдат қанша рұқсат алғанымен, бөлімше кезекшілігінен әрі аса алмай, кері қайтады. Ал мұнан кейін тыпырла-тыпырлама бәрібір, қайран еңбектің барлығы зая кетеді.

-257-

Міне, енді мен де жүрегім қанша алып-ұшқанымен, барлық киімімді әбден ысқылап, тазалап, ине-жіптен жаңа шыққандай етіп жарқыратып, бөлімше кезекшісінің алдына келіп қаздиып тұра қалдым.



- Капитан жолдас, өтініш білдіруіме рұқсат етіңізші!
Капитан жымиып күлді.

- Ефрейтор Оразбаев. Қазақстаннан қызы іздеп келген жігіт сіз екенсіз ғой. Жақсы-жақсы. Қызыңыз КПП-да күтіп тұр. Бара қойыңыз.

- Кетуге рұқсат етіңізші, капитан жолдас!

- Барыңыз!

КПП-да тағы да радио ротаның жігіттері тұрған. Кезекші жігіт қу жаны қалмай жымың-жымың етіп, ұялып төмен қарап тұрған Шекерге бірдеңелерді беріле айтып тұр екен. Кіре бере сөзінің соңын естіп қалдым, кейбір солдаттардың қыз көрсе болды үздігіп тұратын қу қалжыңы:

- Түу, сонша жерден келгеніңіз-ай, соған бола!..

- Несі бар? Келем.

Шекер үнінде ширығу, жирену бар еді.



- Шекер!

- Балабек!

КПП-ға жеткенше Шекермен кездескен сәтте не істерімді біле алмай дал болғанмын. Өзге жер болса, бір сәрі, КПП онсыз да қатаң тәртіп қақап тұрған жер. Мұнда егіліп-еліктеп кету ерсі болар, қол алысып қана амандасармын дегенмін. Шекерді көрген сәтте бұл басалқалылықтың бәрі ізім-қайым жоқ болды. Көптенгі сағынышымыз бір бөлек, осы бірер күн ішінде мен деп көрген азабын қайтерсің?! Көзінің алдына мұң қылаулаған ба, қалай өзі? О, сағыныш атты сары тау! Сенбісің Шекерді жүдеткен?! Мен құшағымды жая бердім.

КПП-да, кезекші солдат та, темірдей тәртіп те — бәрі-бәрі ұмыт болды. Дүниеде Шекер ғана бар. Мен бармын. Алқынған деміміз бар. Ыстық ерніміз бар.

- Ей, болды, жолдастар! Әне, комбат келер жатыр.
Маңайдың бәріне қайтадан жан бітті. Кезекшінің не істерін білмей сасып-салбырап тұрғаны да, бір жеңіл машинаның үлкен жолдан бері бұрылып алып самғап келе жатқаны да рас. «Комбат көрсе қайтемін?» Осындай оқыс ойдан ба, жоқ, демде лап беріп баурап алған қуаныштан ба, дірілдеп кеттім.

-258-


- Шекер, жүр бұл жерден тез кетейік!

Шекер бәрін түсінді, үнсіз ілесті. Екеуіміз қол ұстасып алдық. Былай шыға бере Шекер:

- Солдат өмірі қатал екен-ау, - деді.

- Солай.


- Не болса, содан қорқады екенсіңдер. Комбат деген кім?

- Батальон командирі.

- Сонша үрейленетін ол жаман кісі ме?

- Жоқ. Командирдің жақсы-жаманы болмайды. Ол — командир, біз — солдат. Ал командирдің қатал болатыны рас. Ол кісіден бәріміз қорқамыз.

-Онысы әбден дұрыс комбаттың. Солдатқа қатал адам керек екен. Ана Скоробогатовтан басқасының бәрі адамға аты-жөні жоқ тиісе алмай тұрған біреу ғой өзі.

- Сен оларға қаталдау кетіп тұрсың. Саған талай жазып едім ғой, солдат қыздарды бір көргенге зар. Көре қалды екен, өстіп бір қалжыңдап қалудың өзі бақыт оларға.

- Аянышты екен.

- Қайтесің еңді, солдат өмірі өңкей шектеулерден тұрады.

- Ешқандай еркіндік жоқ екен ғой.

- Жоқ. Маған үш күнге рұқсат етті, еркіндейікші бір. Қайда барайық?

- Қайдам, өзің біл. Еркінде. Мен екі күн сенің еркіңдемін.

- Неге асығасың?

- Шынымды айтсам, маған жарты күн де аялдауға болмайды. Сені таба алмаған соң үйге телеграмма бере салып едім. Тез бармасам болмайды. Мамам айдаладағы бұл қаладан барған телеграммаға есі шығып кететін шығар.

- Түк жоқ, шыныңды айтасың.

- Қайтіп айтам, қорқам.

- Неге?

- Мамам - сендердің командирлерің сияқты қатал адам.

- Ештеңе етпейді, шынашақтай шындық қап-қап қаталдықтан құдіретті.

- Ол рас. Мен бірақ бәрібір қорқамын.


- 259-


- Мүмкін, ұяларсың.

- Оңда неге келдің?

- Сағындым.

Ет жүрегім езіліп, денем шымырлап кетті. Дүниеде солдаттан бақытты адам бар ма екен?! Бізді сүйген қызымыз сағынады! Сағыныштан асқан нәзік сезім жоқ бұл жалғанда?! Сағыныш — махаббаттың маздаған оты. Ол сүйіскен екі жастың да жүрегінде жанып тұрсын. Махаббат сонда ғана баянды, ыстық. Шекер мені сағынып жүріпті, келіп отыр, мен де сағынғанмын, бара алмадым. Солдат — арқандаулы бұзау. Оның өмірі, заңы басқа тірліктің барлығын жиып тастап, барша болмысыңды өзіне ғана беруіңді талап етеді. Күш-қайратың, ерік-жігерің, білім-біліктілігің — бәр-бәрін сарқып жұмсасаң ғана жақсы солдатсың.

- Шекер, мен де сені сағындым. Егер солдат болмағанымда, әлдеқашан жететін едім саған.

- Әй, қайдам?

- Жоқ, шыным, керемет сағындым. Өліп кетейін, өлердей сағындым. Сені ойлаған сайын аспандағы маған қызыл орамалыңды бұлғап, Бөгендегі құм үстінде тұрғаның аса ыстық сурет болып елестейді.

- Мен бәріне сенемін.

- Бәсе, сөйтші, сенші.

- Сенбесем, келер ме едім?



- Әрине.

Біз өстіп жеңіл әңгімемен қонақүйге келіп маңдай тірегенімізді бір-ақ білдік.

- Балабек, мен 305 бөлмеде тұрамын. Онда менен басқа тағы екі қыз бар. Ол екеуі осындағы институтта сырттан оқиды екен. Барып көріп келейін. Сені бөлмеге солардың рұқсатымен кіргізгенім жөн болар, - деді Шекер біз табалдырыққа жақындағанда.

- Жарайды. Мен вестибюльде күтемін.

Мен тыста қалдым. Шекер лезде қайта шықты.

- Балабек, бөлмеде қыздар жоқ, бір жаққа кетіпті. Кілт кезекшіде екен. Қайтеміз, кіреміз бе?

- Қайдам.

- Мейлі, жүр онда. Қыздар келсе, айтармыз. Түсінер.


Шекердің бөлмесіне кірген бойда білдік, қыздар бүгін келмейтін болып шықты. Олар бір жолдас қыздарының

-260-

үйіне барып, ертеңгі болатын емтиханға бәрі бірігіп дайындалатындықтарын бір жапырақ қағазға жазып, үстел үстіне тастап кетіпті.

Біз қонақ үйдің шағындау бөлмесінде екеуден-екеу қалдық. Бұл оңашалық біз екеуімізді де томаға-тұйық қалыпқа түсірді. Жаңағы даладағы көңілді әнгіменің бірде-біреуі тілге еңді жуық арада оралмас болып зым-зия жоғалған. Сөзге жоқ, қимылға ебедейсіз бір ауыр сәт орнаған.

Екеуіміз де бір-бірімізге үнсіз қарай береміз. Көздеріміз ғана сыр айтады. Шекердің нәркес көзі біресе жалт беріп тайқып, біресе жыпықтап төмен қарап кетеді. Осы сәт ол қолға түскен торғай тәрізденіп, көңілге аяныш ұялатады. «Апыр-ау, Шекер менен қорқып отырғаннан сау ма өзі?»

- Шекер, жүр көшеге шығайық!



- Неге?

- Мұнда қапырық, бір түрлі көңілсіз екен.

- Дала бұдан әрі күйіп тұр.

- Мейлі, сонда да қаланы аралаған жақсы. Бір салқын жер тауып отырамыз.

- Біз қонақүйдің дәл іргесінен басталатын паркке кірдік. Әр нені бір айтып келеміз.

- Балабек, сен бұрын ешкімді сүйіп көріп пе едің?

- Жоқ. Өзің ше?

- О-о, қайдан? Мен жаспын ғой әлі.

- Ал мен ше?

- Сен менен үлкенсің. Мейлі, мен сені сонда да сүйемін.

- Мен де.

- Мен оны білемін. Сенің бұрын ешкімді сүймегенің бекер, ондай болуы мүмкін емес. Мейлі, ол — өткен шақ, ал сен — қазір мендіксің.

- Ия, өткен шақ. Сендікпін.

Біз парктен шығып, кинотеатрға таядық.

- Шекер, кино көреміз бе?

- Жоқ.


- Неге?

- Уақытты алады.

- Рас айтасың. Бізге қазір әр сағат, әр минут қымбат.

- Шіркін, сол сағат пен минуттар ілгері жылжымай, бір орнында тұрып алса.


-261-


- Қайда-ан.

- Иә, уақытты ешқандай күш тоқтата алмайды. Біздің еншімізде үш күн бар ғой. Ол — аз уақыт емес.

- Әсіресе, солдатқа.

- Шешесінен қорқатын, ұялатын қызға да.

- Жоқ, мен енді ешкімнен ұялмаймын да, қорықпаймын да. Мен үшін дүниеде бір ғана сен барсың.

- Шекер!

- Балабек!

Біздің еріндеріміз бір-бірін өбе берді. Маңайдағы тіршіліктің бәрі тоқтап, көз көрмей, құлақ естімей қалған бір ұзақ сәт өтті.

- Шекер, жүр, қонақүйге қайта барайық.

- Жүр.

Қонақүйге жақындағанда Шекер:



- Іщшай! — деп қалды.

- Шекер, не тоңдың ба?

- Қайдам.

- Онда неге «Іщшай» дейсің?

- Денем түршігіп келеді.

- Қорыққансың ғой.

- Білмеймін.

- Мен қонақүйге кірмей-ақ қояйын, есік алдына дейін шығарып салып қайтамын.

- Өзің біл.

- Ертең сағат тоғызда келемін.

- Сөйт. Тез кел. Мен сені түнімен сағынып шығамын.

- Мен де. Ештеңе етпейді, түн қысқа.

- Маған ұзақ.

- Маған да.

- Онда бармай-ақ қой.

- Ондай болмайды. Мерзімді уақытында бөлімшеге оралмаған солдат — тәртіп бұзушы. Ол жазаланады. Жаза — саған жібермей қояды.

- Олай болса, тез жет бөлімшеңе. Ертең уақтылы кел.

- Әрине. Оған сөз бар ма?


* * *
КПП-дан өткен бойда асханаға тарттым. Сол сәт буыным сәл дірілдегендей болды, жүрегім төмен тартты. Дүниеде тамақ барын ұмытқан екенбіз ғой. Шекер де ас

- 262-


қамына кіріскен болар. Солдат қалтасы саяз, әйтпесе, кафе, ресторан дегендердің қайда екенін ешкімнен сұрамас едім.

Бас аспаз Анвар мені қутыңдап қарсы алды:

- Е-е, қызы келген жігіт кім екен десем, сіз екенсіз ғой. Келіңіз, келіңіз.

Бұл — былтыр мені Скоробогатовпен бірге сабамақ болған жігіт. Аспаз болып кетіп, кездесуіміз азайған. Анвардың елпеңдеп тұрғанын неге жорырымды біле алмадым да, шалт жауап бердім:

- Несі бар? Менмін.

- Ештеңесі жоқ. Жүдә, жақсы.

- Ендеше, не тамағың бар, әкел!

- О-о, ағайын, сөзіңіз тым ірі ғой. Жәй сөйлесеңіз де бірдеңе тауып беретін шығармыз.

- Солай ма? Онда жөн, қойдым.

- Бәсе. Болмаса, мен ас әкелейін.

Анвар подноспен ас әкеліп қойды алдыма. Бір шайнек көк шайы бар екен. Бір кесе әкеліп, өзі де жаныма жайғасып отырды да, әңгіме бастады:

- Сіз былтырғыны ұмытпаған сияқтысыз.

- Енді қалай деп едің?

- Сіз кешіріңіз! Оны маған істеткен — дәстүр. Болмаса, мен ондай біреумен төбелесетін адам емеспін.

- Дәстүр! Оңбағандық — ол!

- Білемін, солдаттардың бәрі де біледі, бірақ солай істейді.

- Мен неге істемеймін!

- Сіз оқығансыз.



- Сол жаман дәстүрге бармау үшін елдің бәрі мен құсап университет бітіруі керек пе сонда? Жоқ, бар болғаны адам болуы керек.

- Рас айтасыз. Бұл — бір кесел. Аспаз болып кеткелі ротадағы сондай ырың-жырыңның бәрінен құтылдым.

- Рақат болған екен.

- Қайдан. Дүниенің ен қиыны — әскери аспаз болу. Елден кеш жатасың, ерте тұрасың. Қазан-қазан тамақ дайындап, соны солдаттардың бірде-біреуі аш қалмайтын қылып бөліп беру, айта көрмеңіз, қиямет. Қарны тоймаған солдат неменеге қарайды? Көрмейсіз бе, міне, кешіккен сізді де асыңызды дайындап, анаңыздай алаң-



-263-

дап күтіп отырғаным мынау. Маған солдаттың бәрі бірдей. Атамаңыз, оның біреуі аш қалса, жарты шашым ағарады. Солдаттар «Анвардың бүгінгі тамағы дәмді екен» деп шығып жатса, өсіп қаламын мен.

Анвардың мына сөздері менің көңіл тереңімде жатқан бір ойға түрткі болды: «Иә, солдат атқарған істің үлкен-кішісі болмайды. Солдат қызметін таразы басына салып өлшемейді. Оның таразысы - ары. Ал арлы адам азаматтық борышын адал атқарады».

Анварға ішім жылып сала берді.

- Оның рас, Анвар. Сен тамақты жаман жасамайсың. Әсіресе, борщты айтсаңшы, шіркін. Өмір бойы ауыздан дәмі кете қоймас, жүдә тәтті, бал.

Анвар қуанып кетті:

- Сіз мақтасаңыз, онда еңбегім зая кетпеген екен. Ертең сіз қызыңызды ертіп келіңіз, мен бір жақсылап тұрып палау басып берейін.

- Ол не дегеніңіз? Мен — солдат қазанына үйренген адаммын. Шекер де сондай қыз, меніңше.



- Жоқ, келіңіздер. Қызыңыз көрсін солдат дастарқанын.

- Мақұл, көрсін. Сен бірақ жалпы қазаннан тамақтандырасың. Сонда көреді ол сенің күшіңді.

- Сөйтейін. Анвар көрсетеді өзінің қандай аспаз екенін! Сіз айтыңызшы, артынан қызы іздеп келген солдаттан асқан бақытты адам жоқ шығар бұл дүниеде?

- Оны білу үшін қызыңа хат жазып, шақыр.

- Бізде өйтуге болмайды.

- Неге?

- Өзбектерде қалыңдықты үйленгенше көруге рұқсат жоқ.

- Қызық екен!

- Қазақтардың заңы жақсы. Біздікі сондай.

- Өзбекстанның барлық жерінде сондай ма?

- Қалада ондай қайдан болсын? Ташкентте қыз бен жігіт құшақтасып жүре береді.

- Бәсе.

- Сенің өзіңнің қызың бар ма?



- Бар. Мен оны үйленгенде бір-ақ көрем.

- Неге? Сен енді солдаттан көпті көріп, талай нәрсені үйреніп барасың, олардың қасында қызбен оңаша кездесу сөз болып па.

- 264-

- Мен әскерден бара салысымен үйленемін. Кездесті, көрді деген сол бізге.



- Жөн. Қой, мен кетейін.

Анвар сырын абайсызда ашып алғанына ыңғайсыздана ма, жоқ, тағы әңгімелесе түскісі келді ме:

- Барасыз ғой, отыра тұрыңыз. Бүгін асығатын жөніңіз жоқ, рұқсатыңыз бар, - деп жік-жапар болып жабысты.

- Дәл бүгін тәртіп бұзудың жөні жоқ маған.

- Онда, мейлі.

Солдат деген, міне, осындай халық. Ол ешкімнен ештеңе қызғанбайды. Қарашы, Анвар, менің қуанышымды қызықтай түсуге пейіл болып елпең қағады. Қайтсін, солдат өмірі жұтаң, бір күнің бір күніңнің көшірмесі. Төсегіңнен тұрғаннан жатқанға дейінгі барлық тірлік бір мезгілде, бір мазмұнда қайталанады да отырады. Азаматтық өмірде қыз бен жігіт күніге мыңдап-жүздеп кездеспей ме, кім елең қылған. Ал мұнда ол бір тосын оқиға.

Бостандық атаулының жұрнағы да жоқ мына өмір ішінде жүрген маған аздаған араша алып келген Шекер, мың да бір рақмет саған!
* * *

Сыртқа шыққанда білдім: мен асханада әжептеуір отырып қалыппын. Жұрт аяғы басылып, мүлгіген тыныштық орнапты. Кешке дейін шілденің ми қайнатар ыстығына жалындап қызған әскери қалашық енді еңсе басар қапырық жамылып, бұғып жатыр. Жапырағын сипап өтер үп еткен жел болмаған соң, тал-дарақтар да қою қараңғылық бүркеніп алып, қалың ұйқыға кеткен. Айнала-төңіректің бәрін ұйқы басқан тәтті шақ мені де баурап алып, аяғымды ауырлатып бара жатты. Бірақ көңіл сергек. Ол ұйқы тілемейді, қуаныш кернеп лепіреді.

Казармаға енсем, есік көзіндегі қан қызыл жарық астыңда отырған кезекшіден басқа жігіттердің барлығы тәтті ұйқыға кетіпті. Кезекші Тезекбаев екен.

- Келдің бе? — деді ол ақырын сыбырлағаңдай болып.

- Келдім.

- Жақсы.


Мұны неге сұрадым дегендей, Тоқтар кібіртіктеп қалды. Мен төсегіме қарай өте бердім.

- 265-


- Тоқташы! Бері келші!

- Жанына таяп келдім. Қып-қызыл жарық тұмшалап тұрған жүзі абыржулы сияқты, қара қошқыл тартыпты. Бір нәрсе айтуға оқталған.

- Балабек, айтшы, қызы іздеп келген адам қандай болады екен?

- Қайдам. Жақсы болады.

- Балабек, сен енді Шекерге үйленесің ғой. Ал мен кімге үйленемін, білесің бе? Мен Мәрзияға үйленемін.

- Қалайша?

- Мәрзия мен Сисенғали ажырасып кеткен. Біраздан бері Мәрзия екеуіміз хат жазысып жүрміз. Мені күтеді ол.

- Оны неғып айтпай жүрсің?

- Айтқым келмеді.

- Неге?

- Сол. Ыңғайсыз сияқты.

- Несі ыңғайсыз?

- Тақақтап болмадың ғой, айтайын. Ол қазір қыз емес, әйел, есік көрген. Сен күлер дедім.

- Пәле деген! Күлетін не бар онда? Өйтсең, сен махаббаттың не екенін білмейді екенсің, қарағым!

- Неге білмеймін, білемін. Білген соң сүйемін Мәрзияны.

- Сүйсең, махаббат — сол, әне. Ал енді қой, жігіттердің мазасын алмайық.

- Жақсы, ұйықта, Балабек!

Бұл Тоқтар — өмірде бір-ақ адамды сүйетін мәрт жігіт. Мұндай бала мінезді, аңқылдақ жігіттердің жолы бола бермейтіні жаман. Бұларды қызы да, досы да алдай береді. Бірақ түптің түбінде өмір сәттілігінің өзі дәл осы Тоқтар тәрізді кешірімі мол, кеудесі кең жігіттер жағында болмақ. Сисенғалилардың уысына түсіп қалатын қыздар бақытын дәл осындай жігіттерден табады.
* * *

- Рота, тұрыңдар!

Мен Тоқтардың мына командасынан әлдеқашан бұрын оянғанмын, тек тәртіп бұзбайын

әрі жұрттың мазасын алмайын деп жатқанмын.

-266-


Жұрт қатарлы орнымнан тұрып, киіне бастадым. Өзімше, күндегі дағдым, ешқандай асыққан жоқ сияқты едім. Сонда да Скоробогатов бір қағытып өтті:

- Оразбаев, саған бүгін бұдан да тез киіну керек. Өзіміз қызға баратын болсақ, бағана-ақ сақал-мұртымызды тып-типыл қылып қырып тастап, ендігі тісімізді ысқылап жататын едік.

Жігіттер іліп әкетті:

- Валера дұрыс айтады. Мұндай кезде ұйқы қайда жігітке? Мен болсам, түнімен қыздың жанында жатып, казармаға осы қазір бас сұғар едім.

- Соны айтамын. Бұл оқыған адамдар ынжық болады-ау деймін.

- Ынжық болмайы, мәдениетті болады.

- Ия, Балабектікі дұрыс. Солдаттың жаны жомарт халық екенін көрсетті бұл қызына.

- Ақымақ сенің Балабегің. Жердің түбінен қыз іздеп келеді, бұл казармада тізесін құшақтап жатады.

Есік маңдайшасындағы қоңырау зырылдап қоя берді.

- Дабыл! Дабыл!

Әзіл-қалжың шорт үзілді. Біз жапа-тармағай дабыл тірлігіне кірісіп кеттік. Шекер ұмыт болды. Дабыл дүрбелеңі артта қалып, батальон машиналарының колоннасы осындай кезде орналасатын белгілі ауданға бет алғанда барып оралды ойыма Шекер. Бұл батальон көлеміндегі жаттығу болды. Ол, әдетте, бір күн-жарым күннен әріге аспайды, қалашыққа бүгін-ақ қайтуымыз мүмкін. Казарма табалдырығын аттасымен, мен қару-жарағымды пирамидаға қоя салып, басқа әй-шайға қарамай тұп-тура жәудіреп күтіп отырған Шекерге тартамын.

Бәрі дәл мен өстіп ойлағаңдай болып шықты. Тіптен рота командирі капитан Макаров дала байланыс торабыңда кезекші болып отырғанымды көріп:

- Қатардағы жауынгер Оразбаев, сен неге келдің? Саған үш күнге рұқсат бермеп пе едім? Жарты күндік жаттығуға бола келмей-ақ қойғаныңда болатын еді ғой. Алыстан іздеп келген қызды күттіріп қойғанымыз жараспаған екен. Мүлдем дұрыс болмапты, — деп өкініш білдірді.

- Ештеңе етпейді, капитан жолдас. Солдаттың қызы жарты күн емес, жылдап күтуге де шыдауы керек.

- Мұның жөн. Ол бір жақсы қыз екен онда.

-267-


Мен кәдімгідей сергіп қалдым. Алайда бізге байланыс торабын жинауға бұйрық бесін әлетінде барып әзер берілді. Батальон бас-аяғы жиылып, қалаға қарап керуен түзегенде Күн ұясына барып қалған. Қаптаған шыбын-шіркей «қазір сендер ақыры кетіп қаласыңдар, сазайларыңды тартқызып жіберейік» дегендей, жандары шығып буып барады. Тіптен көзімізге, құлағымызға кіріп кететінін қайтерсің. Оларға біздің қару-жарағымыз жәй бір темір. Оны сермеп шыбынды жасқай алмайсың. Керуен орнынан жылжып барып, зорға құтылдық пәледен. Көңілімді күдікті ойлар жаңағы кара шыбыннан бетер талай бастады.

«Апыр-ай, кетіп қалар ма екен!». «Кетпейді!». «Бізді дабылмен бір күнге ғана көтергенін білсе, кетпес еді. Соны білмейді-ау енді!».

Шындығында, солай болды. Мені казармада Шекердің мына хаты күтіп жатыр екен: «Балабек! Мен сені көп күттім. Бөлмедегі қыздар ертемен келіп еді, олар да күтті. Сені екеуі де «көреміз» деп мәз болған. Түске дейін күттік, келмедің. Бір жағдайдың болғанын сездім де, ұшқан күйі КПП-ға бардым. Онда тұрған солдат қақиып қалған біреу болып шықты. Бірде-бір сұрағыма оң жауап берер емес. Мен саған бірдеңе болып қалды ма деп қорқып барамын.

- Айтыңызшы, ағатай! Балабек қайда? — дедім алқынып.

- Ол әскери құпия. Айтуға болмайды, — деді солдат міз бақпай.

- Айтыңызшы, енді. Мен шпион емес шығармын, — дедім дымым құрып.

- Жоқ. Көрінген қызға әскери құпияны жайып салатын ашық аузың мен емес, — деді солдат шірене түсіп.

Шарасыз күйім еңсемді басып, егіліп жылап жібердім.

- Ой, қарындас, қарындас! Ақыры айтқызатын болдыңыз-ау... Олар ертеңгілік дабыл қағылып, жорыққа аттанып кеткен. Ол қанша күнге созыларын білмеймін, — деп солдат жік-жапар болып қалды.

Көңілім сонда барып орнына түсті. Балабек, солдат болу қиын екен. Мен соны әбден түсіндім. Сендерге бөтен адам, бөгде қимылдың қажеті жоқ көрінеді. Көңіліңе алаң, аяғыңа тұсау болмайын. Қазір қонақүйге барып, жиналамын да кетемін.

-268-

Мамамнан қорықпай, жер түбінен келгенім келген-ақ, бірақ бір-ақ күн бірге болғанымыз өкінішті! Мейлі, қайтемін?! Балабек, мен сені келер жылы Бөгенде күтемін енді, сонда кездесеміз.



Келесі хатты ауылдан жазамын.

Сау бол, Балабек! Сүйдім! Өзіңнің Шекерің».

«Жарайды, жаным! Біз Бөгенде кездесеміз ендігі жылы. Содан соң өмір-бақи бірге боламыз. «Мейлі» деп дұрыс айтасың, солдат болу деген осы. Басында билігі жоқ біреу — ол. Оған өкініш емес, сағыныш жолдас, арман алданыш. Сенімен бірге болған бір күн маған бір жылға пара-пар. Мен енді соны бір өзің деп үздіккен жүрегіме талғажау ете тұрам. Жолың болсын, Шекерім менің! Мамаңа ертерек жет!» Мен өстіп күбірлей бердім. Басқа амал қайсы?!
-269-
М А 3 М Ұ Н Ы
І ТОМ

Б. Әбілдаулы. Өмір шындығының көркем

Көшірмелері .........................................................................................................5


Шаншар атай .......................................................................................................11
«Сағындым сені, інім» ...................................................................................... 87
Солдат болу оңай ма? ........................................................................................152

Балалар әдебиеті

Әлдихан Қалдыбаев

ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАР

I том


Хикаяттар

Бас директор 3. Тен

Редактор Б. Қошым-Ноғай

Дизайн Н. Цой

Техникалық редактор О. Пегова

Компьютерде беттеген Р.Баязшпова

Корректор С. Ыбраева

Басуға 25.11.08 қол қойылды.

Қалпы 84x108732. Қағазы офсетті. Қаріп түрі «Таймс».

Баспа табағы 17,0. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № 2363.

«Раритет» баспа компаниясы

050022, Алматы қ., Масанчи к., 98.

Тел./факс: 8(727) 260-67-08, 292-88-36

Тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы

«Полиграфкомбинат» ЖШС-нде басылды.

050002, Алматы каласы, М. Мақатаев көшесі, 41.

ISBN 978-601-250-005-9


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет