Хинаят Бабақұмар



Дата28.01.2018
өлшемі88,45 Kb.
#34964
Хинаят Бабақұмар

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының

жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты
ЖАЗУ РЕФОРМАСЫ – ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ
ХХ ғасырда адамзат тарихтағы алапат зұлматтарымен қатар технократтық өркениеттің шарықтау шегіне жеткен кезеңіне айналды, жақ-жақ болып бәсекелескен қырғиқабақ жүйелердің тайталасы аяқталды, сөйтіп жаһандану заманына қарай жаппай ойысты. Бұл орайда, қазақы ораммен айтсақ «асығы алшысынан түскен» тағы да батыс елдері болды. Ғасырдың орта шенінде әлемдегі отар елдер билігін өз қолына алу мүмкіндігі туса, ғасырдың соңына ала советтік (оны кеңес деп қазақтың асыл сөзін қор қылудың қажеті шамалы, «совет» күні келмеске кеткен қоғамның бет-бейнесін толық бере алатындықтан әлемдегі қалыптасқан үрдіс бойынша қалдырудың мәні үлкен) жүйе лай-топырақтан қаланып, тозып-мүжіліп, жаңбырда омала-опырылып құлаған лашықтай омалып түсті. Ең алдымен, советтер ықпалындағы шығыс еуропалық мемлекеттер, іле-шала одақ құрамындағы елдер жаңа экономикалық, саяси түрленіске ұмтылды. Жаңа елдер шынайы ұлттық мемлекеттілікті дамытуға мүмкіндік алды. Бұл орасан үлкен бақты қайсыбірі оңтайлы еңсере отырып, озық өркениеттің есігінен сығалай бастады. Ал, советтік кеңестікте жағдай өзгеше: экономикалық, қаржы, өнеркәсіп, технология, инфрақұрылым саласында қордаланған тауқыметтер мен советизмнің салдары біртіндеп мысқалдап шығып, өзшешімін тауып жатыр (табысы мен опық жеген тұстары, оған әсер еткен ішкі және сыртқы факторлардың өзара үйлесімін теңгере отырып жеткен жетістігі де жоқ емес). Соның бірегейі, әрі маңыздысы – десоветизация үрдісі.

Алайда, әлемдік үрдістің көшіне ілесу үшін Елбасы ұстанған экономикалық реформалардан соң кезекті бір сатысы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ұлттық стратгеиялық қадам екендігі даусыз, әрі тарихи үлкен міндет жүктейтін іс. Сол ұлы үлкен мұраттың басты, әрі бірегей міндеті - қазір Қазақстан қоғамының қызу талқысына айналып отырған жазуды алмастыру мәселесі. Тарихқа көз жүгіртсек ортағасырларда мемлекеттіліктің жаңа сапалық деңгейіне ұмтылған елдер дін және календарь реформасына мән берсе, жаңа кезеңдегі елдердің рухани құндылыққа, дәлірегі жазу мен тіл реформасына барынша ден қоятындығын байқаймыз. Демек, жазу мен тіл реформасы мемлекет дамуының эволюциясынан туындаған пісіп жетілген көкейтесті, өскелең қоғамның сұранысы екендігінде дау жоқ. Ол, әрі өркениетке жақындау, ең бастысы ХХ ғасыр ортасында зорлықпен таңылған советтік қитұрқы саясаттың зардабынан арылу, яғни десоветизация шарасының бірі. Шынтуайтында бұл үрдісті деколонизация деуге лайық. Себебі түсінікті, қызыл жүйе патшалық отарлаушы саясатты өзгеше сипатта ары жалғастырғаны өз алдына, кезінде орыс миссионерлері біртіндеп қолға алса да, толық еңсеріп үлгермеген криллица немесе әлемдегі қалыптасқан түсінік бойынша славян жазуына өткізе алмаған еді. Советтер онсыз да күйіп тұрған халық наразылығымен санаса отырып, алдымен латынға онан соң қазіргі жазуға өткізіп тынды. Оның сан алуан себептерімен қатар, ең бастысы латын мен славян жазуы бір-біріне етене жақын негізгі таңбалардың сұлбасы, жазылу бағыты жақын болып келеді. Сондықтан латын жазуына өтсек сауаттылығымыз төмендейді деген ағайынның уәжі мүлдем орынсыз.

Латынға өттік екен деп 75 жыл бойы жарық көрген әдебиеттерден бас тартудың реті жоқ және оларды қайтадан басып шығарудың қажеттілігі шамалы. Себебі латын мен славян жазуы арасында жоғарыда айтып өткеніміздей, бар болғаны бірнеше қаріптің елеусіз ғана айырмашылығы бар. Демек, екі жазу біраз уақыт қатар тұтыныста болатын сыңайлы, ресми болмаса да білім, ғылым саласында. Латын жазуын сауатын жаңа ғана ашқан бала болмаса ересек қазақ контексте оп-оңай түсініп, бірнеше жол оқығаннан соң тайпалып кетері анық. Себебі латын мен криллица жазуы армян, гүржі (груз), корей, қытай, жапон, корей жазуы, араб, иудей сияқты мүлдем өзгеше жүйедегі жазу емес, бір-біріне өте жақын.

Қолданыстағы жазуда қала бермей, латын жазуына өту қажеті қанша деген сауалдың жауабы өте қарапайым, әрі әлімге аян жайт – адамзаттың озық ғылым мен техникалық басымдылыққа, ақпараттық технологиялардың зор қарқынмен қарыштап отырған батыстық стандарттарға икемделуге мәжбүр екендігімізді пікір білдірушілер айтудай-ақ қадап айтып жатыр. Латын жазуы әлемнің 112 елінде, бес құрлығында жаппай қолданыста, тіпті иероглифтер пен араб жазуы қолданыстағы елдердің өзінде ресми екінші жазу ретінде мойындалған. Ал, славян жазуы бар болғаны шығыс славяндар мен бұрынғы Югославия құрамындағы бірнеше елде және Моңғолияда ғана қолданылады.



Пернетақта әлегі немесе техникалық мамандардың уәжі.

Жуықта латынды клавиатураға негіздеп енгізуді қолдайтын бір техника маманы мынадай уәжін алға тартты: егер айтқанымыздай қабылданса, типографиялық 825 шрифт үлгісін базалық латын әліпбиімен сол күйінде қолдана береміз-мыс. Яки «дайын асқа тік қасық» болып тоғышарлық сана. Бұл ана тілімізге үлкен қиянат болатын салдарымен санаспаймыз ба? Салыстыру үшін қараңыз: Балтықбойы, Скандинавия және Шығыс Еуропаның шағын мемлекеттерінде мұндай пікірге қарсы өре түрегелер еді. Ал, бізде ше, әлі де жаңғыра алмай отырған, әлсіз ғылыми орта мен солғын зиялылық ондай қадамға бара алмай отыр. Екінші жағынан медиакратия үстемдік құрған тұста, ақпаратшылардың пікірі өтімді. Жұрт аңтарылып отыр, байыбына бара алмай. Тағы бір фактор - Ұлы Абай заманындағы «Николайдың иісі осы елде тұр». Демек, Елбасы айтқан жаңғыру керек, тағы да жаңғыру.

Мәселе, қалай жаңғыруда. Прагматик Еуропа құрлығының 1,5-10 млн тұрғыны бар шағын елдер пернетақта үшін деп ешбір артық шығынға бармай қалған жоқ. Мысалы, мадияр (венгр) тілінде 40 әріп, оған қоса кірме сөздерде кездесетін төртеу, барлығы 44 (!) әріпті пернетақтада таңбалау, типографиялық, ақпараттық мәселелерді шешіп отыр. Елдің ішкі жалпы өнімі мен халық саны Қазақстаннан төмен екендігін ескерсек, бұл мәселеде ажиотаж жасап, алауыздық танытып, тартысудың реті жоқ. ХХ ғасыр соңында жазу реформасын жасаған Өзбекістан сол кездегі ақпараттық технологияның мүмкіндіктерінің шектеулігіне байланысты біршама қиындықтарға тап болды. Естуімізше, тілзерттеуішлермен санаспаған. Әрі ол кезде шрифт шектеулі, тіпті компьютер бағдарламасы әзір ұмыт болған Пентиум-1, 2 дегенде, қуаты да шектеулі еді, дискет деген ұғым архаизмге айналды.

Тағы бір ескерілетін мәселе Қазақстанның халықаралық қауымдастықта өзі бастамашы болған істерден туындаған міндеттерін ескерген жөн. Бұл орайда 1990-жылдардағы түркітілдестердің ортақ қарекетінің нәтижесі болып табылатын – 34 таңбадан тұратын ортақ түркі әліпбиін ұмытпауымыз керек. Еуразияның орталық белдеуіндегі апайтөс өңірдің иесі, көшпелілер өркениетінің мұрагері, иісі түркінің «қарашаңырағы» деп мақтанатын тарихи-мәдени миссияны тәрк етпеуді ойластырған жөн сыңайлы.

Үшіншіден, жаһандану үрдісіне ұлттық бет-бейнемен кіретіндігіміз анық болса, онда амал жоқ, ана тіліміздің табиғатын даралайтын Ә, Ү, Ұ, Ө, І сияқты дауыстылар мен Ң, Ғ сияқты дау туындатып отырған дауыссыздарды олардың фонологиялық ерекшелегіне, тұтынуға қолайлы, ең бастысы лингвистикалық заңдылықтарға сай етіп таңбалаудың танымдық мәні үлкен. Бұл орайда, Елбасының ширек ғасыр бойы әспеттеп келе жатқан «түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтағыстығы саясатын ескере отырып, осман түркілерінің латын нұсқасындағы аталмыш дыбыстарға лайық ÖÜ нұсқадан әріптерін қабылдауға мәжбүрміз. Бағымызға қарай, қазақ тілінде басқа тілдердегідей AÁ, IÍ, О, ÓÖŐUÚÜŰ сияқты созылыңқы дауыстылар жоқ. Әйтпегенде, тіл дауы тәрізді жазу таңдау мәселесі ширек ғасыр болмаса да, бернеше жылға созылып кетуі кәдік.
Қазақы жолмен шешу немесе «шамшық сойса да, қасапшыға» жүктеген абзал.

Ең алдымен латын әліпбиі емес жазуы екендігін, ал оның қазақы аліпби нұсқасы туралы сөз болып отырғандығын айтып өтелі. Тіл мәселесі қоғамдық-гуманитарлық пәндердің зерттеу нысаны екендігі аян болса, ең алдымен технарьлар тура тұрып, кәсібіи мамандардың, айталық Әлімхан Жүнісбек сынды өмірін тілбіліміне арнаған ғалымдарды уәжімен келісуі абзал. Әйтпегенде, тіл деген киелі құбылыстың қаһарына ұшырасақ, онсыз да шатқаяқтап тұрған ана тілімізі бен діліміз солғын тарттатындығы өз алдына, туыс халықтардан алшақтағаннның үстіне алшақтап, орны толмас қателіктерге бой алдырарымыз бек мүмкін. Тілдік заңдылықты техникаға (немесе клавитураға) икемдеуге болмайды, керісінше «техниканы тілге икемдеу керек» деген ғалым Анар Фазылжанованың шырылдаған айқайын ең алдымен ескеру керек.

Түркітануда әлем көп салада (этимологиядан басқасында) қазақ тілзерттеушілерінің уәжімен санасады. Себебі, 10 томдық түсіндірме сөздік, кейінгі 15 томдық әдеби тілінің сөздіктерін тек қазақ тілінде ғана бар. Олар тағы да 20 тіпті 25 томды жоспарлап отырғандығы, қазақ тілінің корпусына қатысты өте ауқымды ғылыми-зерттеуді қолға алмақ екендігі туралы әңгімелер айтылуда. Жазу алмастыру, сапалық деңгейін жақсартқан дүкендердегідей витрина алмастыра салатындай «таңба алмастыру емес» екендігі аян. Оның артында толып жатқан ұзаққа созылатын (Еуропа елдерінде тілжаңарту үрдісі ондаған жылдарға созылған) тіл реформасы тұр. Емле, терминология, орфография, тіл әуезділігі, транскрипция, лексография (үлкен ағылшына-қазақша сөздіктің жоқ екендігін айтудың өзі ұят) және т.б. салаларға ауыр жүк артылмақ. Тіпті, атаусөздерді орыс-славяндық нұсқадан өзгеше нұсқаға икемдеудеудің өзі бір машақат туындатары сөзсіз. Мәселен, ономастикада үлкен өзгерістер күтіледі, жер-су, адам аттарын түпнұсқада жазуға көшеміз. Ал, халықаралық терминдерді жазу ережесі мүлдем өзгереді. Айталық, реконструкция деген ұғымды reconstruction деп ағылшынша немесе реконструкцион деп қабылдаймыз ба, бұл келесі мәселе... Жуықта Ш.Ш.Уәлиханов атындағы институт ұйымдастырған алқалы басқосуда айтқан пікірімізді қайталауға тура келеді: көптеген тіл мамандарының, соның ішінде академиялық тілібілімінің ұстаханасына айналған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілбілім институтының кәсіби мамандарының ұсынысын, ғылыми дәйектелген пікірін қолдаудан басқа амал жоқ.

Диграф пен апострофтың әлегі мен салдары.

Тағы да Ұлы Абай айтқандай «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» екендігін тілшілер мен сөз ұстағандар, аудармашы тәржімандар жақсы біледі. Қазақта екі бет мәтінде орысшаға аударсаңыз он пайызға, ал ағылшынға тәржімаласаңыз он бес пайызға шолтиып кетеді. Себебі өзге тілдер нормаланғаны өз алдында, тілімізде агглюнативті сипаты мен сингормонизм үйлесімділігіне байланысты деп түсінеміз қарабайырлап. Олай болса, «тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы» деп аталатын МЕО ұсынған Жобаның бұқараның ой үдесінен алшақ қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі мен сөздің әуездігіне, тіпті ары кетсе халықаралық транскрипция ережесіне сай келмейтін тұстары шаш етектен. Мысалы, әңгүдік әңгіме деген тіркесте әлгі нұсқа бойынша aengguedik аеngime болып шығады. Бұл таңба түгілі сөздік буынын ажыратуға қиындық тудыратыны, сөйтіп оның танымдық әуселесін азайтатыны (бұл сауатсыздыққа бастайтын тенденцияға айналуы кәдік) өз алдына, қазақтың онсыз да ұзын сөзін онан бетер ұзарта түседі. Себебі белгілі, тілімізде дауыстылар, соның ішінде төл дыбыстар сингармонизм заңдылығы бойынша жиі қайталатындықтан көп дауысты дыбыс таңбаларынан көз сүрініп, түсіну түгіл оқуға, буынын ажыратуға қиындықты үстемелей түседі. Салдарынан бір-екі ұрпақ алмасқан соң өткен ғасырдың қазағын түсінбейтін күйге түсуі бек ықтимал...



Оның айқын мысалы осыдан ширек ғасыр бұрын Моңғолияда қолға алынған (қазақтар секем алып, атажұртқа көбірек ағылуына себепкер болған) көне ұйғыр жазуына көшу науқаны көп ұзамай тығырыққа тірелген еді. Себебі, сөз болып отырған жайтқа ұқсас, созылыңқы дауыстыларды таңбалауда қосарланған дифтонг, тіпті трифтонгларды алмастыратын буындар қазіргі моңғол тіліне жат себепті түсінуге, оқуға екіталай қиындық тудырды. Нәтижесінде 2-сынып оқушысы минутына криллицаға қарағанда екі есе аз сөз оқитын, түсінуі екіұдай қалге жеткен соң бұл жазу реформасынан бас тартты. Дегенмен, көне жазу да өз маңызы мен қолданысын жоғалтқан жоқ. Тіпті, мадияр руна жазуы Венгрияда кең қанат жайып келе жатқандығын айтуымыз керек. Демек, түркі рунасын да қосарлай жанама қолданысқа енгізетін заман да алыс емес деуге болады.

Тіл – ұлттық прогресс кепілі болса, жазу алмастыру – оның тетігі екендігі аян. Сондықтан салқын ақылмен мың ойланып, қырық рет кесіп талқылап, тәжірибе жасап оңтайлы шешімді күткен істе мынадай тәжірибе жасап көрсек деймін. Газет бетіндегі белгілі мәтінді ұсынылып отырған әліпби нұсқаларымен беріп отырса дейміз. Жұрт оқып, талқылап пікірін айтсын және тілбілімі мамандарымен қоса социолог, философ, педагог, психолог және т.б. кәсібилер тәжірибе жүргізіп байқасын. Нәтижесі сонда шынайы болмақ. Пікірлердің дәйектілігі мен уәжі сонда ғана белгілі болады.
Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет