Қытай ғалымдарымен бірлесіп Қазақстандағы тұяқтесті жерлерді көгертпекпіз Д. Иманмәді



Дата12.03.2018
өлшемі88,52 Kb.
#39347
http://www.inform.kz/kaz/article/2384005
31.05.2011 / 11:36

Қытай ғалымдарымен бірлесіп Қазақстандағы тұяқтесті жерлерді көгертпекпіз - Д.Иманмәді

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар жыл өткен сайын қай салада болмасын қарқынды дамып келеді.

Мәселен, екі елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығының дамуына жоғары оқу орындары да зор үлес қосуда. Бүгінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (ҚазАТУ) мен Шыңжаң аграрлық университеті (ШАУ) арасында Қазақ-қытай білім және ғылым орталығы құрылып, оқу орындарының өзара тәжірибе алмасуына, бірқатар ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мұрындық болуда. Осы орайда аталмыш орталықтың атқарып жатқан жұмыстары және мақсат-міндеттері жайлы білу үшін оның жетекшісі Думан Иманмәдімен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 



- Думан аға, атамекенінен жырақта жүрген қандастарымыздың бірісіз. Қытайда туып-өсіп, сонда білім алғаныңызды білеміз. Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жатқаныңызға үш жылдай уақыт болып қалыпты. Осындағы жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.  

- Мен 2008 жылы Қытай өкіметінің грантын жеңіп алдым. Содан бір жылдық тағлымдамадан өту үшін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне (ҚазАТУ) келдім. 2008 жылдың наурызында осы университеттің ректоры Айтбай Бұлашев бастаған делегация Қытайға сапар жасап, оның барысында мен жұмыс істейтін Шыңжаң аграрлық университетімен (ШАУ) Қазақ-қытай орталығын құру, биотехнология саласында бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, магистрлар мен докторларды бірлесіп дайындау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2009 жылы ШАУ-дің делегациясы Қазақстанға жауапты сапармен келіп, маған аталмыш екі оқу орнының арасында көпір болу жөнінде ұсыныс жасалды. Сол жылы Қазақ-қытай білім және ғылым орталығын құру туралы шешім қабылданды. 2010 жылға дейін оны ұйымдастыру жағын пысықтадық. 2010 жылы 14 маусымда Орталық  ШАУ ректоры Ло Чиуджан мен ҚазАТУ ректоры А.Бұлашевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылды. 

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүргізу, студенттер алмасуды ұйымдастыру, оларды әртүрлі гранттар бойынша Қытайға оқуға жөнелту, аспан асты еліне ҚазАТУ ұстаздарын біліктілікті арттыруға жіберу сынды - Орталықтың басты мақсаттарын жүзеге асыру үшін біз, ең алдымен, қытай тілін үйрету курстарын аштық. Себебі, тілді білмей мұның бәрін іске асыру мүмкін емес. Қазір біз - жаңа, орта дәрежелі және жалғастырушы топтар бойынша сабақ беріп келеміз. ҚазАТУ-дың ұстаздары мен студенттеріне тілдік курстар тегін жүргізіледі. Өзіне ыңғайлы уақытта және жеке білім алғысы келетіндерге ақылы курстарымыз да бар. Университетте Қытайдан келген оралмандар көп оқиды, 100-ге тақау. Олар қытай тілін жетік меңгергендіктен әліпбиді үйретпейміз, мақалаларды жазғызып, білімдерін тереңдетеміз. 

 - Орталықтың құрылғанына бір жылдан астам уақыт болыпты. Қандай нәтижелерге жеттіңіздер? 

- 2008 жылдан бері ҚазАТУ-дың 21 ғалымы мен ұстазы ҚХР-дың Шынжаң Ауылшаруашылық университетінде қысқа мерзімді тағлымдамадан өтті. Ал биыл, нақты айтқанда, маусым айында Шынжаң университетіне, Шынжаң Қаржы университетіне және Шынжаң Ауылшаруашылық университетіне тағы 10 ұстазды жібермекпіз. Студенттерге тоқталатын болсам, 2010 жылға дейін 15 студентті гранттар негізінде қытай тілін үйренуге, 13 жасты ШАУ-ға тәжірибеден өтуге жібердік. Ал 2011 жылдың алдағы үш ай демалысында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бағдарламасы бойынша 4 студент аспан асты еліне барып, білімдерін тереңдетіп қайтпақ. Тағы 3 студентке Қазақстандағы Қытай елшілігінің гранттарын алып бердік. Ол Қытай өкіметінің шетелдіктерге (500 адамға) жыл сайын беретін гранттары. Оқулар бір жыл бойы Бейжің қаласында өтеді. Емтиханның қорытындысы бойынша 6-дан жоғары ұпай жинай алса, өзінің мамандығы бойынша сол елде оқуға түсу мүмкіндігін алады. 

Өз кезегінде ҚазАТУ-ға ғылыми тәжірибелермен алмасу, екі жақты келісімдер жасау мақсатында Қытай университеттерінің делегациялары жиі келіп тұрады. 

Қазақстандағы «миссиямызды» жолдасым - Жанар екеуіміз тиісті деңгейде атқаруға тырысып-бағып жатырмыз. Ол осында жүрсе-дағы әлі күнге дейін Қоғамдық ғылымдар академиясында жұмыс істейді. Онымен бірге, Қытайдағы бірден-бір қазақ ғылыми журналы бас редакторының орынбасары.   

Жұмысымызды тіл үйретумен ғана шектеп жатқанымыз жоқ. Қазақстан жұртын қытайлықтардың мәдениетімен етене таныстыруға үлкен көңіл бөлеміз. Былтыр Шанхай қаласында өткен «Шанхай-Экспо-2010» көрмесінен жиналған материалдарды С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ға алып келіп, көрме ретінде өткіздік. Ал таяуда осы оқу орнында Қазақстандағы Қытай елшілігінің көмегімен үшмыңжылдық тарихы бар Қытай иероглифтерінің көрмесін өткіздік. Олардың тасқа ойып салғаннан қазіргі компьютерге енгенге дейінгі даму сатысын көрсеттік. Биыл сондай-ақ, Қытайдың көктем мерекесіне орайластырып К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында «ли мяо» мәдениетімен таныстыратын шара өткіздік. Концерттік бағдарламаның басым бөлігін Аграрлық университеттің шығармашыл студенттері қойды. Қытай фильмдерінің кинофестивалін де ерекше атап өтуге болады. 

Қазір ауыл шаруашылығы мамандығының әлемде жоғары сұранысқа ие болуына байланысты және Астанадағы Аграрлық университетте бүгіннің өзінде шет елдерде тұратын қандастарымыз, соның ішінде Қытай жастары көптеп оқып жатқандығын ескеріп, біз университет сайтының қытай тіліндегі нұсқасын жасап шықтық. Қазір жастардың қолжетімді ақпарат көзі - интернет болғандықтан, университет сайтына қажетті барлық мағлұматтар енгізілген. Олар қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерімен бірге, латын қарпіне ауыстырылып таратылады. Осы жерде айта кететіні, қазақстандық ЖОО-лар университет сайтын жүргізу жағынан Қытайдан әлде-қайда алға озып кеткен. Оларда сайтты әлемдік - ағылшын тілінде тең жүргізетін мамандар жоқ. Қазақша білетіндер жоқтың қасы болса, орыс тілін атамай-ақ қоюға болады.  Мен Қытайдың қаншама ЖОО-сының сайтын көрдім, олар тек қытай тілінде ғана жүргізіледі. Олармен біздің Аграрлық университеттің сайтын салыстыруға да келмейді. Әрине, мұның бәрі бірінші басшыға байланысты. 



- Ғылыми жұмыстарды бірлесіп жүргізуге қатысты жасалған нақты уағдаластықтар бар ма? 

- Әрине, Қытайдың Қоршаған орта және жайылым институтының ғалымдарымен бірігіп Қазақстандағы жайылым жерлерді көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанда тұяқтесті болып кеткен жерлер өте көп, оларда шөптің түрлерін қайта көбейтетін боламыз. Айта кетейін, мұндай жұмыстар Қытайда сәтті жүргізілді. 

Тағы бір жоба пысықталу үстінде. Ертіс өзені екі елдің аумағымен ағып өтетінін білесіздер. Шыңжаң Аграрлық университетінің ғалымдары өзеннің өз жағындағы балықтардың ауруларын зерттеп болғандығын айтуда. Бірақ балықтар шекара білмейді ғой. Сол себепті, қытайлықтар Қазақстандағы балықтардың ауруларын бірлесіп зерттеу үшін Қазақстаннан ғылыми серіктес іздеп жүр. Тіпті оған грант та бөлді. Біздің Аграрлық университетте ондай мамандар бар. Жұмыстар көп ұзамай басталады. 

Қытай әлем сыйлаған алпауыт ел, ал Қазақстан кәмелеттік жастан кеше ғана асқан жас мемлекет. Екі елдің білімі мен ғылымын теңестіріп қоймасақ та, Қытайдан тәжірибе алып, өзімізге енгізуге, заман үрдісінен қалыс қалмауға тырысып жатырмыз. 



- С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қытайдың қандай да бір ЖОО-мен қос диплом алу келісімі жасалды ма? 

- Жасалды. Қос диплом алу қағидаты бойынша биылғы жылдың қыркүйегінен бастап Шыңжаң Аграрлық университетінде зоотехника, агрономия, экономика және техника мамандықтары бойынша магистрлерді даярлай бастаймыз. Неліктен магистрлерден басталды дерсіз?! Білетін болсаңыздар, Қытайда білім беру кредиттік жүйе бойынша жүзеге асырылады. Олардың бакалавриатында сабақтардың жартысы - саясаттану, философия, әлеуметтану, мәдениеттану және тағы да басқа гуманитарлық пәндерден құралған. Қазақстанда оқытылатын гуманитарлық пәндердің мазмұны, Қытайда оқытылатындардың мазмұнымен мүлдем сәйкес келмейді. Ал оларды сәйкестендірудің әуресі көп. Ал магистратурада гуманитарлық пәндер аз, басымдық ғылыми-зерттеу жұмыстарына беріледі. Келісім бойынша магистрлер гуманитарлық білімдерді өз елдерінде алады, тәжірибелік жағына келгенде бір елден келесі елге жіберіледі. Онымен бірге, қос диплом жүйесін ақылы негіздегі студенттерден бастауды жөн көріп отырмыз. Осында оқығанда бізде бекітілген бағаны, Қытайда оқығанда сол елдің бағасын төлейді. Білетін болсаңыздар, Қытайда білім алу айтарлықтай арзан. 

Шыңжаң Аграрлық университетінен бөлек, Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясымен, Қаржы университетімен, Бейжіңдегі Аграрлық университетпен тығыз әріптестікте жұмыстар жасап жатырмыз. ҚазАТУ-да сәулет өнер факультеті болғандықтан, алдағы уақытта Сияньдағы Сәулет университетімен байланыс орнатуды көздеп отырмыз. 

Айта кетейін, КазАТУ бүгіннің өзінде Ресей мен Моңғолияның бірқатар ЖОО-ларымен магистранттар мен PhD докторларын бірлесіп дайындауда. Онымен бірге, Қытайдан бөлек, Германия, Франция, АҚШ, Ресей және Моңғолия елдерінде тәжірибе жинақтауға жағдайлар жасалған. Ректор А.Бұлашевтың алға қойып отырған мақсаты - 2015 жылға қарай бакалавр студенттердің 80 пайызын төрт жыл оқуда кем дегенде бір рет шет елге шығару. 



- ШАУ ректоры Ло Чиуджан КазАТУ-ға сапарларының бірінде студенттерге дәріс оқып, онда Қытайда студенттерді біреуге жалданып жұмыс істеуге емес, жаңадан кәсіп ашуға машықтандыратынын айтқан болатын. Қазақстанда мұндай қағидат бар ма? Жоқ болса оны енгізу қаншалықты керек?

- Алдымен, қазақстандық студенттердің тәрбиесін атап өткім келеді. Көзім жеткені, олар кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсете білетін - өте тәрбиелі. Басым дені іскерлік стильде киініп, өздерін де соған сай ұстайды. Ал Қытайдың студенттері оқу бітіргенше спорттық киіммен, арқа қоржынымен жүреді, бала сияқты. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен Қытайда университетте сабақ бердім, куратор болдым. Оларға жерге түкірме, қатты сөйлемеңдер деп ылғи ескерту жасайтынмын. Қазақстанда оны бірінші сыныптың оқушысына айтады. Тәрбие жағынан Қазақстаннан үйренетініміз көп екендігін Қытайға барған сайын айтып кетемін. 

Білім беруге келетін болсам, Қытайда 1,3 миллиардан астам халық тұрады, сәйкесінше, еңбек нарығында бәсеке өте үлкен. Білуімше, өткен жылы ЖОО-лардан 60 миллион түлек түлеп ұшты. Соның 20 миллионы жұмысқа орналаса алмай қалды. Үлкен өмірге табалдырық аттаған жас қай салаға орнығып кететіні белгісіз болғандықтан, оған әр саладан тым құрымағанда жарты шелек білім беруге тырысады.  Студент мамандық бойынша емес, факультет бойынша қабылданады да, факультетте оқытылатын пәндердің бәрін оқып шығады. Қытайдың жағдайынан алып қарайтын болсақ, ол дұрыс, басқа амал жоқ. Бірақ үстіртін, жайылма білімнің кемшіліктері де бар. Ал Қазақстанда білім белгілі мамандық бойынша нық, әрі терең беріледі. Егер эколог болам десе, оны түбіне дейін зерттеп, санасына шегелеп тұрып құйып береді. 

Қытайда магистрлер мен PhD докторына оқып жатқандарға сөз жоқ, жағдай жақсы жасалған. Оның үстіне, онда магистратураға түсу ерекше қиын. Олар мыңды жығар білімі бар бірнеше миллионның арасынан суырылып шығуы тиіс. 

Не дегенмен, білім беру саласында екі елдің өзіне тән ерекшелігі бар. Онымен бірге, Қытай алпауыт мемлекет қой. Онда жаман студенттің бірнеше миллионы бар және соншама жақсы студент бар. Ал Қазақстанның халқы аз, бірақ аз болса да - саз. Жас мемлекет екендігін тағы ескеру қажет. Қытайда мұғалімдерге деген құрмет жоғары, оларды алақанға салып керекті жағдайдың барлығын жасайды. Бұл жағынан келгенде Қазақстан оларға жетпеуі мүмкін. Оның үстіне, Қазақстанда ЖОО оқытушысы бір жылда міндетті түрде 750 сағат сабақ өткізуі керек екен. Ол өте көп, әрі қиын. Мен Қытайдың үлгілі ұстазы болып жүріп, жылына 120 сабақтан артыққа шамам келмейтін. Соның өзінде екі айлық жалақы алатынмын, өткізген әрбір сабағыма қосымша үстемақы қосылатын. Жұмыс орныңа жеке, үйіңе жеке компьютер беріп, міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етеді. Қытайда педагогтардың 95 пайызы үймен қамтылған. Ректорлардың уақыты соларға үй салумен кетеді десем жалған айтқандық болмайды. Сіздерде болса, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылмаған, жалақы да өте төмен. Егер қытайлықтар 750 сабақ өткізіп ақша табатын болса, байып кетер еді. Бірақ өйтіп ала алмайды да, себебі, ұстаздың бір жылдық уақыты алдын ала бөліп тасталынады. Мысалға, 70 пайызы сабаққа, 20 пайызы ғылыми жұмыстарына, қалған 10 пайызы студенттердің тәрбиесіне арналады.  Осы жүйені Қазақстанға алып келсе деп ойлаймын. 

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?  

- Екі елдің ғылыми бағыттағы бірлескен жұмыстарын көбейтсек дейміз. Қытайда өмірге енген инновациялық жобалар өте көп. Солардың ішінде күн энергиясын, жел энергиясын пайдалану тәсілдерін Қазақстанға енгізу үшін Қытайдың Ғылым және техника министрлігімен қазақстандық ғалымдарды таныстыру ойда бар. Және студенттеріміз аға буыннан оқып-тоқығанын ары қарай жалғастыра берсе деп тілеймін. Дарынды жастар Қазақстанда аз емес. 



- Сұхбатыңызға рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет