Жадыра таспамбетова



Дата31.12.2019
өлшемі37,59 Kb.
#54900
ЖАДЫРА ТАСПАМБЕТОВА

Кең жазық шексіз жазирадай далада Сырдария өзенінің бойын жағалай қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысы орналасқан. Осы елді мекенге қарасты берекесі мен ырысы тасыған киелі мекен Шиелі ауданы бар. Досбол датқа, бұрынғы Ақтоған ауылында жас жігіт Есенәлі отау құрды. Келіншегі Әсия 5 баланы құрсағында көтеріп, өмірге әкелді. Бірақ, Алла тағала бәрінің өмірін қысқа қылып, әр жаста алып кетті. Өзі жетімдік пен жалғыздықтың азабын көп тартқан әке әр баланың өмірге келуін асыға күтетін. Әсіресе, соңғы үлкейіп қалған баласының өлімі әкеге қатты батты. Күйінген әке пісіп тұрған қауын-қарбызды шаба бастады.

-Бұларды балаларым үшін екпедім бе, енді кім жейді, Әсия-ау! Мені сонша азаптайтындай құ­дайға не жаздым? - деп зар еңіреді. Әсия апа алдын бөгеп:

- Жаным-ау, әлі көретін қызы­ғымыз алда, жаспыз ғой, олай тау­сылмасаңшы, - деп басу айтты. Сол күннің ертеңінен бастап бір үлкен молда барын естіп, соған барып ем-дом алды. Сөйтіп жүр­генде бір күні Әсия ұйықтап жа­тып, түсінен шошып оянды. Тү­сінде екі әдемі пимасы бар екен дейді. Қа­рап ұстап отырса, бір кезде пима­ның бір парының басы кесіліп қалыпты. Түсін молдаға айтып еді. Молда:

- Қарағым, шошыма, керемет бір баланы өмірге әкелесің,ол бар­лық адамға жылуын сыйлайтын өте мейірімді болады, одан кейінгі өмірге келетін бауырларына да сол қарайтын болады, бірақ кейіннен жүре келе аяғының басын сәл ау­ыртып алады, ештеңе етпейді, уай­ым­дама, әлі сол баладан көресің, ра­хатты, - деп батасын беріп шығарып салады. Айтқандай-ақ сол түстен кейін аяғы ауырлап 9 ай 9 күннен кейін өмірге қыз ба­ланы дүниеге әкеледі. Бұл 1953 жылдың 30 наурызы еді. Ауылдан соғыс кезінде неміс ла­ге­рінде қамауда болған азаматтар ақтал­ға­ны туралы үкімді «құлақ­тан» естіп, жұрт мәре-сәре болып, қуа­нып жатады. «Құлақ» дегеніміз -көшедегі бағанада ілулі тұрған радиоқабылдағыш. Алдында 5 бала шетінеп кеткеннен кейінгі келген сәбиді алдына алған Есен әкенің де қуанышында шек жоқ еді.

- Сен өмірге келгенде ауыл түгел қуанып жадырады ғой, анау соғысқа барысымен қамауда бо­лып, қайтып келгесін жазықсыз сотталған Фазылхан да, (ағайын­дары) отанына келіп жатыр, бұдан былай бізді тек қуантып, жады­ратшы, жаным-ау! Атың Жадыра болсын! - деп жаңа ғана өмірдің есігін ашқан сәбидің құлағына үш рет айқайлады. Бұдан былай үйі­міз­де қуаныш болсын, күніміз жарқырап, жадырасын деп ырым­дап атын анасы Әсия мен әкесі Есен “Жадыра” қояды. Сөй­тіп, мен әңгіме еткелі отырған Таспам­бетова Жадыра Есенқызы 1953 жылы 30 наурызда бұрынғы Ақ­тоған, қазіргі Досбол би ауы­лында дүниеге келді.

Арман қуған ару

Апам өзіміздің ауылдағы «Ақ­тоған» сегізжылдық мектебін біті­реді. Оқуын әрі қарай жалғастыру үшін көршілес «Жеміс-жидек» совхозына қатынап оқиды.

1968-1970 оқу жылында №181 ор­та мектептің 10 сыныбын бітіріп, қалаға құрбысы Бекзада екеуі пед­училищеге құжаттарын өткізді. Апам оқуға түсе алмайды.Бір жағы оқуға түсуді қаласа да, үйдегі за­ғип әке, ауру шеше, көз алдына елес­теп «олардың күні не болар екен» деп уайымдап тұр еді.Оқуға түсе алмағанына қатты өкінбеді. Келе­шектен зор үміт күтетін арық қара қыз өз бойындағы күш-жігерге сенген еді. Құрбысы Бек­задаға оқуға түсіп кетуіне тілектес екенін білдіріп, сол күні-ақ ауылға тарт­ты. Бауырлары Тұрсынай, Қалпер­най, Жалғас апасының тез арада қайтып келгеніне қатты қуанды. Олардың ойына апасы­ның оқуға түсе алмағаны кіріп-шығар емес. Әке-шешесі де:

- Әлі өмірің алдында, биыл түспесең, келер жылы түсерсің, -деп жылы жауып қоя салды. Ал­ғаш­қыда ыңғайсызданып келген бойжеткен енді немен айналысу керектігін іштей жоспарлай баста­ды. Ауылда қалған құрбыларымен хабарласып көріп еді, барлығы егіс басында екен. Олар да Жадыраның оқуға түсе алмай қайтып келгенін естіп, үйіне іздеп келді. Бірге оқыған сыныптастары Рахима, Күлшара, Айымжан көрші тұра­тын Қалтай­ды ертіп келген екен. Қыздың ұя­лып тұрғанын көрген көрші жігіт:

- Ой, онда тұрған не бар, бізбен бірге ертең шөп басына жүр. Өте көңілді, - деді. Қыздар да шу ете қалып, қостай жөнелді. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде талай рет егістік басына барып, сынып­тастарымен бірге егіс егуге, егінді жинауға көмектесуге барған. Сөй­тіп жүріп, трактор айдауды үйреніп те алғаны бар. Үй ішіндегілер дас­тарқан басына жиналғанда:

- Апа, көке, мен бүйтіп қол қусырып отыра алмаймын, 2-3 күн­нен бері үйге сияр емеспін. Ауыл­­да қалған сыныптас қыз­дарда егіс басында екен. Мен де бұйырған жұмысты істеп, бір жағы сіздерге қолғабыс тигізейін, - деді. Анасы жалтақтап, отағасына қа­ра­ды. Бір­неше жылдардан бері екі көзі көрмейтін зағип әке іштей өзінің тепсе темір үзетін жігіт болса да, әйелінің тапқан-таянға­нын ішіп-жеп отырғанына қын­жылды. Ау­ыр бір күрсініп алды да:

- Балам, өз жүрегіңнің қалау­ын жаныңа серік ет, сонда ғана де­геніңе жетіп, жүзің жарқын бо­лады, - деп батасын берді. Сол күн­нің ертесіне-ақ таң алакеуімнен тұрып құрбыларына тартты. Төрт құрбы «Аша» алқабындағы шөп­ші­лердің қосына келді. Күндіз-түні тынбай шөп ору, жинау, баулау жұмыстарына белсене араласты. Арасында орынды айтылған әзіл-қалжыңдар, қызықты әңгімелер уақыттың тез қалай сырғып өтіп бара жатқанын аңғартпады. Көр­шісі Қалтай қыздың жаны­нан шықпай, қолғабыс тигізіп жүрді. Құрбылары екеуін қосып, мазақ­тап, келеке қылады. Бірақ Қалтай бұған күлгеннен басқа еш­теңе деп жауап қатпайды. Екеуі бір оңаша қалғанда:

- Біраздан бері сені ұнатамын. Мен кинодағыдай сөз айта алмай­мын. Келіссең қолыңды бер, - деді. Қыз алғашқыда мұндай сөзді күт­пенгендіктен сасып қалды. Бірақ іштей жігіттің еңбексүйгіш, аңқыл­дап тұратын ақкөңілділігі мен адал­дығын ұнататын қыз: - Жа­рай­ды, көрерміз, - деді. Осылай қы­­зу еңбек науқанымен жүріп, бір-біріне жақындай түсіп, бауыр ба­сып қалды. Күнде егістік басында бірін-бірі көргенде қуанып қа­латын. Шөп науқаны аяқталып, ал­тын күз де жетті. Егіс біткен пісіп, тек төкпей-шашпай теріп алу­ды қажет етіп тұр. Барлық шөп­шілер астық жинауға қосылды. Күнделікті жұмыспен жаздың аптабына қыздың жүзі тотығып кеткен еді.



Тағдыр тәлкегі

Осы жылы комбайн штурва­лына күріш жинау үшін жұмысқа қабылданды. Тағдыр тәлкегі аяқ астынан екен. Түскі үзіліс кезінде жұмыс үстінде комбайнның күріш бункирінің пышақ шнегі оң аяғын тартып кетеді. Бүкіл күрішші меха­низаторлар 2 км жерге түскі тамақ­қа кеткен болатын. Ешкім де жа­рық дүниемен, қызық өмірмен қош­тасып өлгісі келмейді екен. Шамалы кешіксе, екінші аяқ та шнекке шайналып кететін еді. Дереу басындағы орамалды жинап алып, қолымен бұлғады. Ол кезде автоколоннамен астық тасып беруге көмекке келетін. Жамбыл облысынан келген Саня деген орыс жігіті көріп, жүгіріп келеді. Сөйтіп, комбайн двигателін өшіре­ді. Кісілерді түгел көмекке шақы­рады. Олар келгенше аяғы пышақ­қа оратылып, қан кетіп жатты. Ме­ха­низаторлар келді. Енді оны кө­теріп әкете алмай арпалысуда. Тек автоген керек, шнекті кеспелеп, аяқты ажыратып алу үшін. Ол автоген 3 км алыста, қырманда. Бәрін ұйымдастырып болғанша кеш болды. Бұл 27 қыр­күйек, жек­сенбі болатын. Түнгі онда Шиелі ауруханасын­да 17 жасын­да аяғын тізеден төмен кесіп тас­тады. Алты ай, алты күн ауру­дың жан азабын көріп жатты.

1971 жыл келді. Алматыға про­тез салатын ауруханаға (колхоз ол кезде Қызыл ту, қазіргі Жақаев болатын) азаматтар қаражат жи­нап, протез аяқ жасатуға жібер­ді. Ол жақта бір ай болып, протез аяқпен ауылға келді. Қай кезде де колхоздан бір адам қосып отырды. Өйткені, өздігінен жүре алмады. Күріштік жерде адамдар көмекке келгенше көп қан жоғалтқан еді.

Мен қайта ораламын...

Аруханада жатып Б.Полевой­дың “Нағыз адам” туралы повесін әбден оқыған еді. Алексей Пет­рович Мересьев батыр әуеде ерлігін көрсетсе, ол жерде жүріп жалғас­тыр­ғысы келді. Ауруханада жат­қанда күнде ауылдастары, сынып­тастары келіп, көңіл-күйін сұрай­ды. Сондай бір күні жас тілші Мұ­рат Күлімбетов келе­ді. Апаммен әңгімелесіп, барлық болған оқиға­дан хабардар болады. Ол кездегі 17-ден шамалы ғана ас­қан арық қара қыздың күнделігіне көзі түсіп кетеді.

- Күнделік жазамысың? - дей­ді. Қыз сәл қысылып қалады. Күн­делікті тіршіліктегі оқиғаларды қа­ғазға жазып қоюды оқушылық өмірден әдетке айналдырғанын ай­тады. Қыз күнделігін ұсынғаннан кейін танысып шығады. Сөйтіп, жас тілші Мұрат Күлімбетов өзі жайында мақаланы газетке береті­нін айтып, болашақта қандай жос­парлары барын сұрайды.Сонда апам:

- Жоқ, мен қайта ораламын. Егіс басын, трактордың май сасы­ған иісін сағындым, - деп жауап бе­реді. Осы жүздесуден кейін «Өскен өңір» газетіне «Қазақстан ком­сомолының 50 жылдығы қар­са­ңын­да» рубрикасына «Жоқ, мен ораламын» очеркі жарияланды. Бұл Шиелінің комсомол жастарын дүр сілкіндірді. Протез аяғымен күні-түні 1971 жылы басшылар­дың кабинетін жағалап, жұмыс істеуге трактор сұрады. Көбісі трактор беруге жүрексінді. Себебі, он екі мүшесі сау әйел комбайн, трактор жүргізбек түгілі басқа жұмысқа зорға баратын. Ол кездегі Шиелі ауданының басшысы Орын­басар Бәй­ім­бетов пен РАПО-ның сол кездегі бастығы Жолдас­бек Ердешбаев ағайлар ақылдаса оты­рып, су жаңа МТЗ-50 маркалы “Бела­русь” тракторын жұмыс істеуге берді. Қуанышында шек болмады. Ы.Жақаевтың егіс дала­сында көк­темде күріш себу, дәрі себу, күзде күріш тасу, қыста малшы ауыл­дарға жем-шөп тасу жұмыстарына белсене араласты.



Шаңырақ шаттығы

Егіс даласына белсене қызу еңбекке араласып кеткен екі жас бұл кезде күнде айтар әңгімелері мен сырлары бір болып, бір-бірін көрмей қалса, іздеп тұратын. Сон­дай бір күні атам:

- Мен енді жас емеспін, бірігіп отау құрайық, - дейді. Апам ойла­нып тұрып:

- Мен ошақ қасында қалып қой­ғым келмейді, әрі қарай осы жұмысымды жалғастырғым келеді, -дейді. Атамыз өзінің жүрегі қала­ған жанның арман-мақсатына құр­метпен қарайтынын, қай кезде де қолдайтынын білдіреді. Сол 1972 жылы күзде апам өзімен бірге трактор айдап жүрген Қалтаймен бас қосады. Тойын бүкіл ауыл қуа­нышпен қарсы алады. Апам күліп әңгімелеп бізге айтып беріп оты­ратын. Тойымыз 2 рет болды. Мен екі рет фата мен ақ көйлек киіп, той столында отырдым, - деп. Біреуі атамыздың бүкіл ағай­ын-ту­ғандары бірігіп өткізген тойлары, екіншісі комсомол жас­тар­дың ұйымдастырған тойы.

1977 жылы СПТУ-97 кәсіптік техникалық училищеге оқуға тү­сіп, кең профильді (шофер, ком­бай­нер, шынжыр табанды трактор жүргізетін) мамандықты алып шық­ты. Директоры Шымкент Сыз­дықов еді. Жадыра кәсіптік тех­никалық училищені «өте жақ­сы­ға» бітіріп, 1977 жылдан бастап К-700 тракторының руліне отырды. Бұл кезде жер айдау, шөп тасу, құрылыс материалдарын тасу жұ­мыстарына араласты. «Алғабас» ауылындағы каналды «копатоль­мен» қазу жұмыстарына қатысты. Осы жылы бір көзін түгел қал басқан қызды өмірге әкеледі. Алғашқыда қорқып кетеді. Үлкен­дер атын қал сөзімен байланыс­тырып ат қойсаң, қал кетіп қалады дегесін атын Қаламқас қойды. Қойған есімнің әсері ме әйтеуір бір аптадан кейін қал кетіп қалады. Тағы да балаларды екі ана­ға табыс­тап, қызу еңбек майда­нына арала­сып кетеді. Арасында жиналыстар, кездесулер, кештерге де қатысып, үлгеріп жатты. Еш уақытта шарша­дым деп айтпады. Өйткені, егер өздігімнен жүре алып кетсем, өмір бойы еңбек етер едім, отбасын құрып, Алланың берген балаларын өмірге әкеліп тәрбиелер едім, - деген өз-өзіне берген серті бар еді. Мінеки, араға жылдар са­лып өмір­ге келген сәбилері, бүгінде ер жетіп келеді. Апам әркез әрқай­сысын айналып-толғанып ақы­лын үзбей айтып отыратын. «Әкелеріңді сый­лаңдар, бақтың бәрі - әкеле­ріңде, бірінші не істесеңдер де әке­леріңмен ақылдасыңдар», - деп құлақта­рына құйып отыратын. Өзі өмір бойы ерін пір санады .

1978 жылдан бастап апам жүге­рі звеносын басқарды. Өздері жер айдайды, тегістейді, егеді, жинай­ды. Ол тағы жүгері комбайнын жүр­гізді. Жолдасы өмір бақи бу­льдозерист болып жұмыс істеді. Апам құрған жүгері звеносында 13 адам бар еді. Бұл құрған жүгері звеносы 150 га жерге югославия­лық «ВИР-156» сортты жүгері егумен айналысты. Ол сортты Талдықорған облысы, Панфилов ауданы «40 жылдық» колхозының бастығы, екі мәрте Социалистік Ең­бек Ері Н.Н.Головацкийден алып келді. Сол жүгері сортының тұқы­мын Қазалы, Жалағаш аудан­дары егіп, мол өнім алды. Біз тұратын бұрынғы «Телікөл» сов­хозында 47 мың қой, көптеген сиыр, жылқы, түйе болды. Жүгері төрт түліктің жем-шөбі болса, бір жағы халыққа азық-түлік ретінде пайдаланылды. Сөйтіп жүргенде 1971 жылы кездескен жас тілші Мұ­рат Күлімбетов ауылға іздеп келеді. Өзінің сүйікті кейіпкерінің бүгінде арманына жетіп, отбасын құрып, балалы-шағалы болып отырса да, егістік даласындағы техника тізгінін қайта ұстағанын көріп риза болады. «Жоқ, мен, ораламын» мақаласын кеңейтіп, жазғысы келетінін білдіреді. Апам ежелгі әдетінше жазып жүрген күнделіктерін ұсынады. Жадыра жалпы әр күні істеген тірлігіне өз-өзіне есеп беріп отыратын. Бір күнді бос өткізбейтін. Жадыраның жаз­ған күнделігі бойынша Мұрат Кү­лімбетовтың редакторлық етуімен «Жүрегімнің жолдамасы» кітабы жарыққа шықты.



Бейнеттің де зейнеті бар

2001 жылы Астана қаласында Тәуелсіздіктің 10 жылдығы мере­ке­сіне қатысып, Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Тәу­елсіздіктің 10 жылдығы» ме­далімен наградталды.

Қазақстан Комсомолының ХV съезіне делегат болып қатысып, ұлы Тұтқабайдың онда:

- Менің атым - Тұтқабай. Ма­мам Жадыра Таспамбетова осы съезге делегат, өзім болсам ок­тяб­рят. Үйде екі қарындасым, бір інім қалды. Мамам жоқта мен оларды жылатпай, күтіп, бағамын. Келе­шекте менің де трактор айдағым келеді. Мен де өзіңдей механизатор боламын. Мама! - деген сөзі ана жү­регін сол кезде қалай толқыт­қа­нын жиі есіне алатын.Ұл-қызда­ры түгел жоғары оқу орындарын бітіріп, сүйікті мамандықтарымен жұмыс атқаруда және бір-бір от­басында тәлімді, тәрбиелі шаңы­рақтан өсіп өнгендігін дәлелдеп, берекелі еңбек етуде.

Кешегі күнге дейін апам тәуел­сіз еліміздің көк Туы астында төбе­сі көкке жеткендей қуана, еліміз­дің әрбір бағдарламарын құп ала көпшілікке кеңінен насихаттап, қазақтың бүкіл салт-дәстүрлерін, дінін, тілін құрметтеп жүрген аналардың бірі болды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі болды.2007 жылы «Астананың 10 жылдығы» мерекесіне қатысып, «Астана-10» медалімен наградталды.Облыстың әлеуметтік-экономикалық да­муы­на қосқан үлесі үшін оған «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2009 жылы «Қызыл­орда облысына - 70 жыл» медалі­мен марапатталды. Ғұмырының соңы­на дейін облыстың, ауданның қоғам­дық өміріне белсене ара­ласты.

Ақырғы сапар

Апамды ақырғы сапарға шыға­рып салуға келген халықтан жер қайысады. Тіпті, көңіл айтуға кел­ген адамдар ауыл шетінен кіре ал­май, қаралы топтың соңына тұра салыпты. Кейін жеті күндік,қырық күндік ас берген кезде, сол кезде кіре алмаған кісілер келіп айтты. Біз көбісін танымайтын кісілер легі осы уақытқа дейін толастаған емес. Бәрінің айтатыны: талай жақ­сылығын көріп едім, ести тұра келмеуге жүрегіміз шыдамады.

Шиелі ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Руслан Рүсте­мов апам ауруханаға түскеннен бастап басында тұрды. Сол 2 сәуір күндері аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарласып, дәрігерлер­ден апамның жағдайын сұрап тұрды. Апам да ол кісіні иманды, көргенді, жақсы бала деп айтып отырушы еді. Апа­ма 3 сәуірде діттеп келген ажалға қарсы тұрар ешқандай ем болмай, арамыздан алып кетті. Орны тол­мас ауыр қайғыны ауылдың, бүкіл елдің азаматтары бөлісіп, көтерісті. Атамыз бен апамнан өрген бүкіл ұрпақтары мен бауырларына, жан­ашыр ағайын, дос, ауылдаста­рына Шиелі халқына бұл қаза өте ауыр тиді. Аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен ми­тинг ұйымдас­тырылып, ақырғы са­парға шығарып салдық. Бұл ми­тингке Астанадан, Алматыдан, әр түрлі облыстардан өкілдер және достары келіп, қаты­сып, сөз сөй­леп, апамның бойын­дағы барлық қасиеттерін айта ке­ліп, Сыр елінің жарқыраған жұл­дызды қызын ешқашанда ұмытыл­майтынын айтып, кө­ңілдері босады.

Сағынамыз, іздейміз, Алланың жазуы солай шығар. Апамыздың күнделігіне жазып кеткен соңғы бетіндегі «ұрпақтарым мансап қуып кетпей адал жолмен жүрсе» деген арманын орындап, елімізді өркендету жолында аянбай еңбек етіп, артында қалған ұл-қыздары, немерелері өнегелі істерімен жал­ғастырады. Иә, апамның асыл бей­несі мәңгі жадымызда сақталады.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Сыр бойы» газетінің ресми сайты (www.syrboyi.kz).


ЖАДЫРА ЕСЕНҚЫЗЫ ТАСПАМБЕТОВА
Сыр бойы жұртшылығы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 2010 жылғы 3 сәуірде Социалистік Еңбек Ері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Жадыра Есенқызы Таспамбетова дүниеден озды.

Жадыра Таспамбетова 1954 жылы Иіркөл ауылдық Кеңесіне қарасты Ақтоған ауылында туып өсіп, 1971 жылы Жеміс-Жидек орта мектебін бітіреді. Зағип әкесі мен соңына ерген жас іні-сіңлілерінің қамын ойлаған қайсар қыз «Қызылту» колхозының егін алқабына шығып алдымен трактор, сонан соң комбайн руліне отырады. Еңбек десе ерінбейтін, жасынан-ақ алғы шептен табылуға тырысатын ол комбайнерлер түскі асқа кеткенде жұмыс істей беремін деп, байқаусызда комбайн бункерінің шнегіне аяғынан ілініп, бақытсыздыққа ұшырап, мүгедек болып қалады. Бірақ қайсар қыз бұл қиындыққа мойымады. 


Не болса да тағдырмен тайталасқа түсіп, оны жеңіп шығуға бел байлады. Сөйтіп, ауруханадан шыққан соң протез салынған аяғымен қайтадан трактор руліне отырды. 
Ж.Таспамбетова «Қызылту» колхозы мен «Телікөл» совхоздарында еңбек еткен жылдары үнемі алғы шептен табылып отырады, үнемі қиындықтың өтінде, жаңалықтың жолында, жалынды істердің басында жүрді. Осылайша өзін-өзі тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне қасқайып қарсы тұра білген Жадыра апамыз замандастарының көз алдында нағыз қаһарманға айналды. Еңбегі бағаланып Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды, Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаттығына сайланды, Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен наградталды. Ж.Таспамбетова 1982 жылы бейбіт өмірдегі ерен ерлігі мен қаһарман еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 
Қазақ халқының мақтанышына айналған қайсар да қаһарман қыздың ерлікке толы өмірі ақын-жазушылар мен журналистердің шығармаларында жан-жақты жазылды. Ол туралы журналист М.Күлімбетов «Жүрегімнің жолдамасы» атты кітабын шығарып, атақты ақын Х.Ерғалиев «Қыз-хисса» деген дастанын жазса, жергілікті ақындар Д. Байдрахманұлы мен Қ. Уәлішер де өз поэмаларын арнады. 
Асыл ана Жадыра Таспамбетова өсіп-өнген отбасының тірегі бола білді. Жолдасы Қалтай Кейқуатов ағамыз екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген ата-ана және ұрпағының жалғасы болар он немересінің ардақты әжесі еді. Бұл фәниге келген жанға өлшеулі ғана өмір сыйлаған қатал тағдырдың мейірімсіз ажалының құрығынан ешкім де құтылып көрмепті. Ата бабалардан қалған «Жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз адамның құдыреттің ісіне қарсы тұра алмайтын шарасыздығынан айтылған болар?! 
Өмірдің қиындығы мен ауыртпалығына, ыстығы мен суығына төзе білген ардақты Жадыра Есенқызы Таспамбетованың жарқын бейнесі оны білетін азаматтардың, дос-жарандардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. «Айқын» газетінің ресми сайты (www.aikyn.kz)


ҚАЗАНБАЕВА ШЫРЫНКҮЛ


Шиелі өңірінде өзінің жанкешті еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев болды. Осындай тұлғалардың жойқын тегеуріні Шиелі алқабында сонау соғыс қарсаңында, 1940 жылы 14 мың кетпен қатысқан Шиелі каналының қазылуы еді. Толағай еңбектің нәтижесінде Сырдың жарты арнасындай болған осы бас канал қазіргі бүкіл Шиелі аймағы су жүйелерінің бастауындай болды. Халықтың нанға қол жеткен сәті шын мәнінде осы кезеңнен басталды. 1947 жылы Ыбырай Жақаевтың, мұнан соң Ким Ман Самның, кейіннен Шиелілік 41 Еңбек Ерінің жоғары еңбек марапатына ие болуы аудан көлемінде ғана емес, жалпы Сыр бойына егіншілікке бет бұрудың нәтижесі еді. Сол бастама 1960 жылдардан бері өрісі кеңіп өркен жайған жас Жақаевшылар қозғалысына ұласты.

Аудан өзінің даму тарихында еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірліктің ұлы куәсіндей талай жеңістерге қол жеткізді. 2000 жылғы Сыр бойындағы он ғасыр адамдарының бесеуі Шиеліліктер: М.Шоқай, Ы.Жақаев, Ш.Есенов, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаевтардың болуы тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиелеуде бұл өлкенің белгілі орын алатындығын дәлелдесе керек.



2011 жылы 4-5 қараша күндері «Алтын күз – 2011» мерекесі мен Даңғайыр диқан, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың 120 жылдығына орай «Жамағат жадындағы Жақаев» атты мерейтой өткізілді. Мерейтой барысында республикалық ақындар айтысы, Қазақстанның жұлдызды әншілерінен жарқын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жақаевшылар  Ыбырай Жақаевтың жолын қуып, күріш егіншілігінің тиімділігін, еңбек өнімділігін арттыру жолында елеулі табыстарға жеткен диқандар қозғалысы. 1964 жылы 5 наурызда Ы.Жақаев баспасөз бетінде “Жас ұрпаққа сәлем хат” жолдағаннан кейін, Жақаевшылар қозғалысы Сыр бойында кең етек алды. Алғашында 200-ден астам Жақаевшылар болса, 20 ғасырдың 80-жылдары олардың саны мыңнан асты. Олардың қатарында Социолистік Еңбек Ерлері А.Ахметов, А.Әбиев, С.Жұмабекова, Б. Мұстапаева, т.б. болды. Жақаевшылар үнемі бас қосып, күріш егісінің өнімділігін арттыру, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы қол жеткен табыстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Ы.Жақаевтың ізбасарлары ең жоғары нәтижелерге жете отырып, Сыр өңірінің жергілікті жағдайына бейімделген күріштің жаңа сорттарын өсірді, озық технологиялар қолданды. Жыл сайын өтетін жас күрішшілердің дәстүрлі слетінде “Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестаты” тапсырылды. Шиелі ауданында республикалық Жақаевшылар мектебі жұмыс істеді. Онда Жақаевшыларға теориялық және практикалық сабақтар берілді. Жақаевшылар туралы “Жақаевшылар маршы”,“Жақаевшы жастар жыры”, т.б. әндер шығарылды.

Қазанбаева Шырынкүл (1920 жылы туылған, Шиелі ауданы Н.Бекежанов ауылы) – еңбек ардагері. Социалисттік Еңбек Ері (1972). 1940 жылы Шиелі МТС-ндағы 3 айлық тракторшылар курсын бітіріп ауданда 1-болып тракторға отырған әйел адам. 1946 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Н.Бекежанов ауылында күріштің әр гектарынан 55 – 70 ц-ден өнім алған. 1966 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылды. Бірнеше рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және ондаған медальдармен, социалисттік жарыстың алтын, күміс белгілерімен марапатталған.
Каталог: download -> version
version -> БАҒдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Абылай хан
version -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> ТҮркістан қаласы
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Міржақып Дұлатұлы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет