Жалпы орта білім беру мектебіндегі «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» ПӘндерінің интеграциясы



Дата07.11.2016
өлшемі222,87 Kb.
#1199
УДК 372.893: 8 (574)
ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІНДЕГІ «ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ», «ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ» ПӘНДЕРІНІҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ
Е.Ө. Жұматаева, Е.К. Рахимов

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Бұл мақалада авторлар жалпы орта білім беру мектебіндегі «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі және әдебиеті» пәндерінің байланысына назар аударып, оқытудың дидактикалық біртұтас жүйесінің интеграциясын ұсынады.
Авторы, сосредоточив внимание на взаимосвязи предметов «История Казахстана» и «Казахский язык и литература» в средней общеобразовательной школе предлагают в данной статье интеграцию единой дидактической системы преподавания.
In the article, the authors offer the one-way didactical system of education between the subjects «History of Kazakhstan» and «Kazakh language and literature» in Secondary schools.
Туған елі мен жерінің, халқының өткен өмірі мен бүгінгі тіршілігін, ертеңгі болашағын оқытып, үйрету әр оқушының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, баланың ой-өрісін дамытып, адам – азамат болып қалыптасуына тәрбиелейді.

"Қазақстан тарихы" пәні еліміздің басынан өткізген сан-қилы аумағы – төкпелі кезеңдерден, қазіргі егемендікке қол жеткізген кездегі бүгінгі еркін тыныс-тіршілігінен өте бай мәліметтер береді. Шәкірттер тарихи материалдар негізінде ұлттық қоғамдық, саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени жайлармен жақынырақ таныса бастайды.

Тарих пен тіл тамырлас. Біздің бүгінгі тарихымыздан екі олжамызды бөле айтуға болады. Оның біріншісі, әрине, ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, қанын төгіп, жанын беріп жүріп қорғап қалған қазақтың қасиетті жері. Тағы бір олжамыз – сол ата-бабалардың арқасында бар болуымен, сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір қазақ тілі.

“Тарих” пәні “Қазақ тілі және әдебиеті” пәнімен байланысты екенін тарихшылар да, филологтар да түсінеді. Енді біз қысқаша тоқталып өтсек - әрбір сыныпта “Қазақстан тарихы” пәнін оқытқанда, қандай тақырыпты “Қазақ тілі және әдебиеті” пәнімен байланыстырған жөн.

Тарих мұғалімі сабақтарын әрқашан тіл және әдебиетпен байланысты етіп жүргізеді. Сабаққа кірісер алдында оқушылардан “Әдебиет және тіл” пәнінен алған білімдерін, білетіндерін айтуын сұрайды.

Сонымен, 5-сынып – бұл Қазақстан тарихының пропедевтикалық курсы. Бұл курстың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда оқушылар Қазақстан тарихы пәнінің әліппесін алғаш оқып-үйрене бастайды. Жүйелі курста нақты деректер арқылы әңгіме түрінде баяндалатын, Қазақ елінің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихы қамтылған. Мұның өзі оқушыларды келесі сыныптарда өтілетін тарих пәнінің күрделі курстарын, соның ішінде, Қазақстан тарихын жетік меңгеруге дайындайды. Оқушылардың "Қазақ елінің тарихын" ойдағыдай оқып үйренуі тіл және әдебиет оқу бағдарламаларына өндірілген біліктерді қаншалықты меңгеріп келгендігіне де байланысты. 5-сыныптағы тарих пәнін оқып-үйренуге кіріскен оқушы: минутына 80-90 сөзді әдеби талапқа сай дауыстап, мәнерлеп оқуды (іштен 100-130 сөз), оқығанын түсініп, саналықпен меңгеруі, мәтінге тақырып қоюы; суреттер бойынша әңгіме құрастырып айтуы сияқты тапсырмаларды орындай алуы тиіс.

5-сынып оқушыларына қойылатын талаптар (қалыптасатын икемділіктер) құрамында, біздің ойымызша, әдебиет пен тілді оқытқанда да ескерілетін жайттар бар. Бұлар төмендегі:


  • оқулықтың мәтінін және берілген суреттерін пайдалана отырып, әңгіме құрастыру;

  • тарихи әңгіменің жай жоспарын жасау;

  • тарихи мәтінді талапқа сай сауатты, шапшаң әрі мәнерлеп оқу: тарихи тілмен сауатты сөйлеу;

  • белгілі мәдениет қайраткерлері туралы материал жинау, оларды талдау және әңгіме құрастыру.

Белгіленген икемділіктерді қалыптастыруда тарих пәні мұғалімі әдебиет және тіл мұғалімімен тығыз байланысты болған жөн.

5-сынып оқушылары Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йассауи, Махмұд Қашғари, Бұхар жырау, Біржан, Ақан сері, Сүйінбай, Мұхит Мералыұлы туралы қысқаша мәліметтер алады. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы туралы тақырыптарға 1 сағаттан бөлінген. Сонымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бауыржан Момышұлы секілді еліміздің біртуар зиялы қауымы жайлы мағлұмат беріледі. Бұл әдебиет қайраткерлерінің ғұмырнамасы мен шығармашылық қызметімен танысады.



7-сыныпта да әдебиет және тіл сабағымен байланысты тақырыптар жетерлік. Бұлар "Ежелгі түрік алфавиті мен жазуы"; "Х-ХІІ ғғ. әдебиеті" (Хакім ата, Ахмет Игүнеки, Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари); "Жазба әдебиеттің өркендеуі" (Қорқыт ата кітабы, "Оғызнама", Махмұд Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, "Махаббатнама").

8-сыныпта – "XIV-XV ғғ. Тіл мен әдебиет" (қолданбалы тілдер, Құтб "Хұсрау уа Шырын", Сыпыра жырау Сұрғұлтайұлы, Асан қайғы, Қазтуған – бұлар ықшамдап); "XIV-XV ғғ. Қазақ халқының мәдениеті" (мұнда толығырақ – Сыпыра жырау Сұрғұлтайұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Асан қайғы, Қазтуған); "Қазақтың ауыз әдебиеті. XV ғ. аяғы – XVІІ басы" (Доспамбет жырау, Марғасқа жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, әдет-ғұрып жырлары, ертегілер, батырлар жыры, әлеуметтік-салттық поэмалар, тіл және жазба).

7 және 8-сынып оқушыларын осы тақырыптарды оқытқанда мұғалімнің басты мақсаты – мәдениет құбылыстарына, олардың көркемдік рухани құндылықтарына баға беруге үйрету. Әрине, тереңдетіп оқытуға мүмкіндік аз. Бір мысал: 8-сыныпта " XV ғ. аяғы - XVІІ ғ. басында қазақтың ауыз әдебиеті" тақырыбына не бары 1 сағат беріледі. Ал бұл тақырыптың жоғарыда байқағаныңыздай болар мазмұны күрделі. Сондықтан, оқушылар қазақ хандығы кезіндегі әдебиет, тіл және жазба туралы тек үстіртін мәлімет алады.

Осы мәселені шешуге біздің ойымызша интегралдап сүйеніп оқыту берілетін білім мазмұнын тереңдетеді, байытады, өзіндік роль атқарады. Бір мезгілде тарих және әдебиет-тіл ұстазы бірлесе сабақ өткізу, "білімді қосарлана" беруі соңғы кездерде тәжірибеге жиі енуде, әрі мұғалімдер сол арқылы біршама жақсы нәтижеге жетуде. Жоғарыда ескерілген тақырыпқа әдебиет-тіл мұғалімі тарихшымен дуэт-сабақ жүргізуге болады. Сонда, бұл тақырыпты 2 сағатта жүргізген жөн деп санаймыз. Ең бастысы, пәндерді біріктіре отырып оқытуда уақыт үнемделеді, білімді жинақтап біртұтастық жүйеде береді.

Әдебиеттен білімді тереңдете беруде интеграцияға қандай жағдайда жүгінген дұрыс?



  1. Өтілетін білім мазмұны басқа пәндердегі біліммен үндесіп жатқанда;

  2. Өтілетін білім мазмұны толықтыруда, байытуды қажет еткенде;

  3. Бір мезгілде бірнеше пәндердегі ұғымды бір жерге топтап жинақтап беру мақсатында.

Қ.Бітібаеваның "Әдебиетті оқыту әдістемесі" кітабы бойынша берілген нұсқау тарих пәніне де толығымен қатысы бар.

9-сыныпта тарихты оқытқанда, күрделі, әрі ауыр тақырып бар. Өйткені, бұл тақырып бағдарламада бар, ал оқулықта жоқ. "XVІІІ ғ. Қазақстан мәдениеті" тақырыбының 2-бөлігі әдебиетке байланысты. Оқушылар Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Көтеш Райымбекұлы, Тәттіқара, Үмбетей Тілеуұлы, Шал Құлекеұлы, Қобылан Бөрібайұлы, Абыл, Есет Қараұлы, Жанақ Сағындықұлы есімді ақындар, жыраулар жөнінде мәлімет алуы тиіс. Осы тақырып бойынша әдебиет мұғалімін қос сабақ жүргізуге әбден мүмкін. Демек, тарихшының жағдайы бұл тұста жоғарыда баяндалған үш жайтқа дәл келеді.

Осы, 9-сыныпта тағы да бір тақырып әдебиетпен байланысты қажет етеді – "ХІХ ғасырдың 1-ші жартысындағы қазақ әдебиеті". Осы тақырыпқа арналған сабақта оқушылар Түбек Байқошқарұлы, Өске Торқаұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Арыстанбай Табынбайұлы, Орынбай Кертағыұлы, Махамбет Өтемісұлы, Сүйінбай Аронұлы жайлы түсінік алулары тиіс. Оқулықта тек Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, Шөже туралы мәліметтер бар. Қалған әдебиет өкілдері туралы мағлұматтарды оқушылар өз бетінше әдебиет пәнінен, кітапханадан ізденіп табулары тиіс. Түсінікті-оқушыларға әдебиет мұғалімінің көмегі ауадай қажет. Әрине, тарих пәнін оқытушы осы тақырыптарды оқытудың алдында әдебиетші маманмен кеңескені жөн.

Осы 9-сынып курсында Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлы өмірбаяны мен қызметіне 1 сағат беріледі. Әрине, бұл өте аз. Ұлы ғұламалар жайлы қосымша материалдар енгізу, сондықтан, өте маңызды болып тұр.

Әрі қарай жалғастырсақ. "Өнер және музыка мәдениеті" атты сабақта оқушылар ақын, сазгер, әнші Біржан Қожағұлұлы және ақын, күйші, сазгер Ақан сері Қорамсаұлы туралы білім алады. "ХХ ғасырдың басындағы қазақ мәдениет" атты сабақта 9-сынып оқушыларының оқып-үйренетіні – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бейімбет Майлиннің өмірбаяны мен шығармашылық қызметі. Ал, Сәбит Дөнентаев, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Спандияр Көбеев есімдері тек аталып өтеді. Егер 9-сыныпта жоғарыда аталған ақындар, әдебиетшілер оқытылатын болса, әдебиет мұғалімі бұларға баса назар аударуын өтінеміз.



10-сыныпта тарихты оқытқанда мұғалім оқушыларды Сәкен Сейфуллиннің өмірбаяны мен шығармашылық қызметімен таныстырады. Ал А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Б.Майилин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Торайғыров, И.Байзақов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, М.Әуезов, Н.Байғанин, Ж.Жабаев өмірбаяны мен шығармашылық қызметін оқып-білу мұғалімнен жеке оқушылардан ізденісті талап етеді. Өйткені, бұл қазақ әдебиетінің өкілдері оқулықта тек үстіртін аталған.

Мектеп бітірушілер 11-сынып оқушылары Қазақстан тарихын оқып жүргенде С.Мұқановтың "Сырдария", М.Әуезовтың "Абай жолы", М.Иманжановтың "Алғашқы айлар" романдарымен, А.Тоқмағамбетовтың, Р.Ормановтың, Ә.Тәжібаевтың, Т.Жароковтың, Х.Бекхожиннің өлең-жырларымен танысқаны жөн болар еді. Сонымен тағы да Ғ.Мүсіреповтің "Ұлпан" повесімен, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаевтың, О.Сүлейменов, Б.Момышұлы, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, І.Есенберлин, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Шаханов өмірбаяндары мен шығармашылығынан мәлімет алғаны да жақсы қадам. Өйткені, бұл әдебиетшілердің есімдері тек қана оқулықта аталып өтіледі және 1 сағат қана беріледі. Жоғарыда аталғандарға М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, Қ.Жұмаділов, С.Сматов, С.Елубаев, А.Сейдімбекті, Р.Сейсенбаев, Ш.Мұртазаны қосар едік.

Тарих мұғалімі оқушыларды әрдайым ізденуге, қосымша материалмен жұмыс істеуге баулиды. Өйткені, сонда оқушылардың негізгі икемділіктердің бірі қалыптасады.

Біз тіл және әдебиет оқытушыларын өз сабақтарын тарихпен байланыстыруға шақырамыз. Мысалы, әдеби талдау үшін, ең алдымен, көркем туындыда жазылған, баяндалған оқушылардың тарихи негізіне ерекше назар аудару керек. Абайдың көп өлеңдерін, соның ішіндегі "Қалың елім, қазағым" өлеңін жазуға әсер еткен, мәжбүр еткен ХІХ ғ. ІІ жартысында қазақ қауымының, қоғамының әлеуметтік жайы болған. Немесе Бұқар жырау толғаулары бәрі өз заманының тарихи айнасындай. Тағы бір тәсіл – сол туынды туралы ғылыми еңбектер, мақалалардан үзінділер оқып, түсінік беру болып табылады. Мысалы, Махамбет Өтемісұлы шығармаларын, не оның Исатай туралы өлеңдерін талдау алдында сол кездегі тарихи жағдайлар, көтерілістің шығу себебі, оның ұлт-азаттық сипаты, Исатай туралы тарихи деректерден тұжырымды түрде түсінік беру. Мысалы, осы мәселелерді тарих пәні мұғалімімен сабақ-дуэт өткізуге болады.

Көркем туындының жазылу тарихына, шығарма негізінде жатқан тарихи шындыққа, тарихи мәселелерге назар аудару кіріспе жұмыстардың ұтымды тәсілі болып келеді.

Батырлар жырын оқытқанда халық тарихымен байланыс жүргізген дұрыс.

Білім беру мақсаттарының бір түйіні, дәні "Тарихтағы Абылай бейнесін Бұқар жырау өз толғауларында бере алған ба?", "Абылай бейнесінің негізінде жатқан тарихи шындық" деген мәселелерден тұрады. Сабақтың өн бойында мұғалім тарихтағы Абылай мен толғаудағы Абылайды қатар ала отырып қабылдауға бейімдеген абзал. Оқушылардың тарихтан алған білімдерін жаңалау, қайталау арқылы әдебиеттен берілетін жаңа білімдерді толықтыру, байыту, кеңейту мәселелерімен айланысқан жөн.

Қорыта келе айтатынымыз – тіл, әдебиет, тарих пәндерінің мақсаты ортақ. Бұл – жас ұрпақта Отаншылдық сезімін тәрбиелеу. Өз елінің шын патриоты туған тілін, тарихын, мәдениетін жетік меңгеруі тиіс. Тарих тек ғылым үшін зерттелмейді. Ол ең алдымен тарихтан тағылым, сабақ алу үшін зерттеледі. Тіл мен әдебиет мәдениетке жатады. Ал - мәдениет тарихи дамудың құрамдас бөлігі. Халық мәдениетінің уақыт кеңістігіндегі тарихи дамуын тарих зерттейді. Атақты тарихшы Ключевскийдің: "Тарихты зерттегендер ғана одан тағылым алады", деген ғибратты сөзі бар. Өйткені, өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу жеңілге түседі. Осынау дүбірлі дүниеде өзіңді мойындатудың сенімді жолы – тағылымды тарихың, озық ғылымың, өрелі мәдениеттің тұжырымы.

Қазақ тілі мен әдебиет пәнін тарихқа негіздеп алған жағдайда білік пен ғылыми пайым алыс болашақтың құрылым – жүйесін жобалап отыруға тіректік қызмет атқарады. Оқыту әрекетінің заңымен барлай, бағамдай қарасақ, қазақ жұртының зиялы қауымы мен данагөй ақылман тұлғаларының құр аты мен ғұмырнамасынан сырттай хронологиялық мәліметтер вербальді сипатпен меңгерілгенімен, жасөспірімдердің Қазақстан тарихынан хабары тұрақты, толыққанды, санасы философиялық негіздегі дидактиканың заңдылығына сай деп айту қиын.

Жалпы білім беретін мектептердегі бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі жіктемемен берілген еліміздің көрнекті тарихи субъектілері мен мәдени қайраткерлерінің қоғамдағы Адам үшін Адамзаттың игілікті, ізгілікті болашағы үшін атқарған сүбелі де салиқалы іс-әрекеті бимәлім деңгейде қала бермек. Санамалап берілген атаулардан тек аттарын еске сақтау қабілеті «ұшталып» отырған мектеп бітіруші түлектер талапкерлік дәрежеде тестілі тапсырмалар орындаған сәтте көптеген тығырыққа тіреліп жүргені аталған көлеңкелі істің нәтижесі. Мұнымен бірге филология аспектісімен интегралдап оқыту үшін сыныпқа сыныптың бағдарлама курсы үндесіп келуі заңды. Бұл заң «Қазақ әдебиеті» пәні мен «Қазақстан тарихы» пәнінің тұғырнамасында қарастырылмаған. Мәселен, Абай Құнанбайұлының шығармашылығы 10-сыныпта «Қазақ әдебиеті» пәнінде өтілсе, «Қазақстан тарихы» пәнінен де қайраткерлік мәртебесі 10-сыныпта берілуі көзделеді. Мұндай бірізділік пен екі пәнді шеберлікте біртұтастық мәреде кіріктіру әдіснамасының технологиясы болашақтың ісі болып отырғанын ашық айтып, бұл өзекті мәселені шешуге беталыс жасау басты міндетіміз.
ӘДЕБИЕТТТЕР


  1. Назарбаев Нұрсұлтан. "Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы" // газ. “Сарыарқа Самалы”, 1998. - №34 (12826).

  2. Әбдіғұлова Б. "Қазақ елінің қысқаша тарихы" курсын оқытуға арналған материалдар. А., "Рауан" 1997

  3. Әбдіғұлова Б.Қ. Қазақстан тарихынан өздік жұмыстарға арналған тапсырмалар. А., Республикалық баспа кабинеті. 1997

  4. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. А., "Білім" 1997

  5. Тарих бағдарламалары. Құрастырушылары: Қозыбаев М., Абраев Т., Тұрлығұлов Т. А., "Рауан" 1994.3

Е.Ө.Жұматаеа, Е.К.Рахимов

Жалпы орта білім беру мектебіндегі «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің интеграциясы



Е.О.Жуматаева, Е.К.Рахимов

Интеграция предметов «История Казахстана», «Казахский язык и литература» в средней общеобразовательной школе



E.O.Zhumataeva, E.K.Rakhimov

The integration of two subjects “History of Kazachstan” and “Kazakh language and literature” in the Secondary schools.


Жұматаева Еңлік Өсербаевна – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры.

Рахимов Ернур Кендибаевич – тарих, археология және этнология кафедрасының магистранты; Е.Бекмаханов атындағы «Өлкенің этнографиясы және тарихы» атты ғылыми-практикалық орталығының кіші ғылыми қызметкері.


Жуматаева Е.О. – дом. тел. 32-84-99, раб. тел. 45-04-54

Рахимов Е.К. – раб. тел. 45-47-69
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет