Жанұзақова Құралай Темірбекқызы филология ғылымдарының докторы, доцент



Дата12.03.2018
өлшемі129,14 Kb.
#39313
Жанұзақова Құралай Темірбекқызы

филология ғылымдарының докторы, доцент

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы қ.,
ХХ Ғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ РОМАНТИЗМ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ҰЛТТЫҚ СИПАТЫ
Қазақ әдебиетіндегі романтикалық дәстүр, романтикалық бейнелеу тәсілдері – әдебиеттану үшін көп зерттеле қоймаған аса өзекті мәселе. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетіне қалыптасқан көзқарас бойынша нақты-реалистік деп баға бергенмен, романтикалық бастаудың маңызды орын алатынын айту қажет. Мұндай көзқарасқа кеңес әдебиетіндегі «социалистік реализмді» ұлықтау идеологиясының әсері болғаны анық. Мақалада қазақ прозасының қалыптасу кезеңінде алғашқы романдар арқылы тәжірибеге еніп, әңгіме, повестердің көркемдік-эстетикалық құрылымында айқын көрінген романтикалық сарын қарастырылады. Сонымен қатар қазақ романтизмінің әлемдік әдеби процесс аясындағы орны, еуропалық романтизмнен айырмашылықтары мен ұлттық сипат-болмысы, өзіндік ерекшеліктері М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, С.Торайғыров, т.б. шығармалары арқылы талданады.

Тірек сөздер: қазақ прозасы, романтикалық кейіпкерді бейнелеу тәсілдері, ұлттық ерекшеліктер, еуропалық романтизм.
Өткен күн мұраларын бүгінгі күн биігінен қайта таразылаған тұста әдебиеттің даму бағытын айқындайтын көркемдік әдістер, әдеби бағыт пен ағымдар мәселелерін зерттеп-зерделеудің аса өзекті екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Соңғы жылдар ішінде көркемдік әдіс мәселелеріне, оның ішінде романтизмге арнайы назар аударылып, жекеленген қаламгерлерге қатысты бірқатар ғылыми жұмыстар жазылды, дегенмен, қазақ әдебиетіндегі романтизм құбылысы терең зерттелмеген. Бұл заңды да. Өйткені кеңес дәуірі тұсында социалистік реализмнен басқа әдеби ізденістер еленбей, романтизм көлеңкеде қалды, оның әдебиетке әкелген көркемдік жетістіктері мен жаңалықтары жете бағаланбады. Академик С.Қирабаевтың: «ХХ ғасыр адам баласының тарихында ең бір күрделі, қайшылығы да, қалдырар ғибраты да мол дәуір болып табылады. Ендігі жерде біз өз тарихымызды бұрынғыдай көп ұлтты мемлекеттің құрамында емес, дербес зерттеп, ұлтымыздың тарихтың ұзақ жолында ұтқаны мен ұтылғанын, жеткені мен жете алмаған тұстарын кең ашып, бүгінгі егемендікке жетуіміздің заңды жолын көрсетуге тиіспіз» [1, 130 б.] деген пікірі ұлы өзгерістерге, қайшылықтарға толы уақыт демін тап басуымен құнды. Осы ретте қазақ әдебиетіндегі көп зерттеле қоймаған романтикалық дәстүрдің даму мәселесі әдебиет тарихы үшін аса келелі тақырыптардың біріне айналып отыр.

Қазақ әдебиетіндегі түрлі ағымдар мен бағыттардың, көркемдік ізденістердің зерттелуіне көп көңіл бөліп жүрген ғалым Т. Кәкішұлы романтизмнің көп жылдар бойы өзіне лайықты бағасын ала алмай келе жатқанын орынды көрсетеді: «Саясаттанған танымымыздың осы қысас қисынын енді түзетіп, қазақ әдебиетіндегі романтикалық суреттеу әдісін өзіндік бет-келбеті бар бір ағым, бағыт ретінде қарастыру қажет. «Қазақ романтизмі» деген атаудан үрікпей, оның ерекшелігін ашып, өзіміздің ұлттық таным-біліктің өресін көрсетуге тиіспіз. Міне, сонда ғана біз өзіміздің эстетикалық түсінік-танымымыз арқылы рухани байлығымыздың қадыр-қасиетін аңғарамыз» [2, 248]. Сондықтан қазақ романтизмінің ерекшеліктері мен ұлттық сипатын қарастыру бүгінгі әдебиеттану алдына қойған өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

ХХ ғ. басындағы әдеби процесс – қазақ әдебиетін түрлі бейнелеу тәсілдерімен байытқан, әрі прозаның өзіндік бағыт алып, байыптана түскен ерекше кезеңі. Оған сол кезеңдері жарық көрген М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, С. Торайғыров, Ш. Құдайбердиев, С. Ерубаев, т.б. шығармалары дәлел. Осы тұстағы романтикалық бейнелеу тәсіліндегі туындылар поэтикалық инверсиялар мен ассоциацияға бай, ырғақты, әуезді, қара сөзбен жазылған жыр жолындай әсер қалдырады. ХХ ғ. басында әдеби ойлау жүйесінің басты ұстанымы болатын «мәңгілік мәселелерді» талдау, адам болмысына жаңа көзқарас, жеке адамды рухани-психологиялық құбылыс ретінде бағалау – аталған суреткерлердің шығармашылығына тән. ХХ ғ. басындағы прозада басты ой өзегін қаһармандардың оқшау қимылдары, іс-әрекеттері арқылы жеткізу, қиял еркіндігі, қаламгердің субъективті көзқарасы т.б. романтикалық бейнелеу тәсіліне ортақ принциптерді аңғарамыз. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту, жазушы идеалынан туған бас қаһарманның артықшылықтарын негіздеу, оқшау әрекеттерін даралау сынды романтизм эстетикасына тән белгілер уақыт пен кеңістік категорияларына да әсер етеді.

Алғашқы прозалық туынды М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романында романтизмге тән бейнелеу тәсілдерінің көрінуі ұлттық әдебиеттің өзіндік даму логикасынан туындайды. Прозаның енді ғана қалыптасуы тұсында тәжірибені бірден күрделі жанр романнан бастау қазақ мәдениетіндегі эстетикалық құбылысқа айналды. Шығармада Жамалдың романтикалық портреті ауыз әдебиетінің эпикалық образ мүсіндеу үлгісінде жасалған («көлге қонған аққудай», «жәннаттың пісіп тұрған алмасындай», «нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас»). Ғали портретінде нақтылық, реалистік сипат басым. Романда ғашықтардың өлең формасында берілген поэтикалық тілі баяндаушының қара сөзбен берілген баяндау стилінен ерекшеленеді. Шығарманың құрылымындағы махаббат туралы хаттар баяндауға эмоционалдық, экспрессивтік қуат қосқан.

Махаббат пен зұлымдық тақырыбындағы С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы – романтикалық сипаттағы шығармалардың бірі. Кескіндік сипаттамасы, образ сомдау, мінездеу тұрғысынан да тұрмыстық күйбеңнен гөрі адамның асқақ рухын ардақтаған Қамардың характері романтизм үлгісінде жасалғанын көреміз. Ол – өз махаббаты үшін күрескен, арманы үшін өмірін де қиюға белін бекем буған қайсар жан, күшті сезімнің адамы. Мұнда трагедиялық ахуал бас қаһарманның романтикалық мінез табиғатын қоюлатып жіберген. Қарапайым ауыл қызы емес, өзінің азаттығын арман еткен «күшті қаһарман, романтикаланған тұлға дәрежесіне» жеткен Қамарды шын мәніндегі поэзиялық образға теңеген ғалым Ә. Қоңыратбаев былай дейді: «Ол: «Нұрыммен өмір сүрген бір күнімнен, жақсы ғой қабырдағы мың күн-түнім» деп ажалды артық көреді. Оның қаһармандығы сонда. Өзінің әділ, адалдық арманы жолында өлу – ерлік. Қамар – романтикаланған образ» [3; б. 275]. Бас бостандығын аңсаған қазақ қызының трагедиясын тебірене толғайтын осы шығарманың поэзиялық сипаты басым. Өлеңдері де, қара сөзбен баяндаған тұстары да әсерлі сыршылдығымен, ойды айқын, анық жеткізуімен, халық тіліне тән бейнелілігімен ерекшеленетінін З. Ахметов атап өтеді [4].

Романның стилінде үлкен сезімшілдік сарыны сезіледі. Шығарма құрылымындағы көтеріңкі поэтикалық баяндауда лиро-эпостық жырлардан бастау алған романтикалық сарын айқын аңғарылғанымен, жазушының ағартушылық идеялары да бой көрсетеді. Ахмет пен оның достарының бойындағы ғылымға, оқу-білімге ұмтылысы, бас кейіпкер бойындағы биік сана мен ақылдылық, шығарманың кей тұстарында басы көрінетін жалаң дидактика да ағартушылық идеяларымен сабақтас. Мұның өзі ХХ ғ. басындағы қазақ романтизмінің ерекшелігімен байланысты нәрсе. С. Торайғыров романтизмі біртекті емес. Туындыларында болмыстың ырқына көнбеу, азаттық аңсау арнасымен қатар трагедиялық мұңды сарындар да бар. Оның қиын тағдыры, ауыр тұрмысы, науқастануы шығармашылығына да әсер етті. Тығырыққа тірелу, түңілу сарыны өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың күресі, адамның қоғамдағы орны туралы философиялық ой-толғамдарға ұласады. Мұндай мотив «Адасқан өмір» поэмасында кездеседі. Автор тартысты қоғам өмірінің қайшылығына ғана емес, ең алдымен адам жанының диалектикасына, санасы мен табиғаты арасындағы қайшылыққа құрады.

Ш. Құдайбердиев шығармашылығы оның метафизикалық дүниетанымымен тығыз байланысты. Оның философиялық концепциясында өмір мен өлімді, жоғары мен төменді қарсы қоюы маңызды орын алады. Нақты өмір сүріп, тіршілік еткенімен, ішкі рухани жан қозғалысынан, ардан ада, мейірімділіктен айырылған, шынайы махаббатты танымаған жандар өлі болып саналады, олар – төменгі әлемнің өкілдері. Әлемдік сопылық дәстүрімен байланысы күшті Шәкәрім үшін махаббаттың ғарыштық мәні бар, ол абсолюттік танымға – құдайды сезінуге баспалдақ сынды. Оның махаббат тақырыбын арқау еткен шығармаларында шығыс әдебиетінің әсері байқалады. Мұнда субъективтілік сынды стильдік ортақтастық байқалады.

Субъективтілік ұғымы көп ретте екі түрлі аспектіні қамтиды: бір жағынан, ол –автордың көркемдік, шығармашылық еркіндігі болса, екінші жағынан – «субъектіге», индивидуумға деген ерекше ықылас, қайталанбайтын адам тұлғасына табыну, оның ішкі әлеміне басымырақ назар аудару. Мұның екеуі де романтикалық шығармалар стилінде түрліше көрініс табады. Жеке тұлғаға ерекше назар аудару мағынасындағы субъективизм лирикалық кейіпкердің ішкі дүниесіне үңіліп, көркем шығарманы психологизммен байытады. Психологизм еуропалық романтизмнің басты жетістіктерінің бірі екені әлемдік әдебиет тарихынан белгілі. Алайда Рудаки мен Жәми, Хафиз бен Саади, Науаи мен Хайям сынды ұлы шығыс ақындарының шығармаларында адамның, лирикалық кейіпкердің психологиялық ішкі жан әлемін терең суреттеу еуропалық әдебиеттен асып түспесе, кем емес. Шығыс лирикасы қаһарман көңіл-күйінің нәзік нюанстарын психологиялық тұрғыда шеберлікпен бейнелей алды. Романтикалық теорияға сәйкес, шығыс өнері – еуропалық романтизмнің өз алдына бір «атақонысы», көп тұстарда романтикалық поэзияның мазмұндық ерекшелігімен қатар, формалық ерекшеліктерін де анықтаған көркемдік жүйе. Шығыс әдебиетінде романтикалық мазмұндағы асқақтық айқын аңғарылады.

Екінші жағынан, бейнеленетін болмысқа авторлық қатынастың субъективтілігі лирикалық поэзияда стильдің түрлі деңгейдегі ерекшеліктерін айқындайды: суреттеуден гөрі бейнеліліктің басымдығы, лиризм мен экспрессивтілік, бейнелеу тәсілдерінің «бағалаушылық» сипаты және т.б. Романтикалық стильдің суреттеуден гөрі бейнеліліктің басымдығы сияқты маңызды ерекшелігінде суреткер объективті болмысты бейнелеп қана қоймай, ең алдымен оған өзінің қатынасын танытады.

Ақын шығармаларындағы діни-романтикалық мотив өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық т.б. метафизика үстемдік құрған дүниенің өзгеше суретін сомдауда, жоғары ақиқаттарға ұмтылуда байқалады және онда тіршілік ететін басты субъект – адам жанына айрықша назар аударылады. Субъект, құпия әрі ерекше тіршілік иесі ретіндегі адам жаны туралы ілім - суреткер шығармашылығының басты бағдары. Ақын туындыларындағы лирикалық кейіпкердің кіші ғарыш болған жан дүниелері терең діни парадигмаларға, рухани сана архетиптеріне негізделген. Шығыстың махаббат философиясындағы ізденістеріне, сопылардың философиялық-эстетикалық дәстүріне ден қоюы суреткердің жеке дүниетанымынан, рухани ізденістерінен, ақиқатты альтруистік махаббат деп түсінген интуитивтік таным-түйсігінен туындайды.

Махаббат – кез келген халық әдебиетіндегі басты тақырыптардың бірі. Э. Бертельс махаббат тақырыбының шығыс пен батыс романтиктеріне ортақтығы екі мәдениеттің бірлігінде, ақындар мен ойшылдардың шығармашылығында басты тақырыпты – «адамға деген махаббат пен гуманизмді біртіндеп жинақтаған мәдени алмасулар мен тығыз қарым-қатынастың дамуында жатқанын» [5; б. 18] атап өтеді. Шығыс пен Батыстың рухани ізденістерін жинақтаудағы ауқымдылық ақынның имандылыққа, махаббатқа, танымға, өзін-өзі жетілдіруге, этика мәселелеріне сопылық көзқарастарға негізделген, адамгершілік өзекті сипаттағы, көп желілі дүниетанымдық парадигмасын танытады. Суреткер дүниетанымдық, методологиялық тұғырының шырқау биігіне адам жаны, рухы, ары мен адамгершілік мәселелерін шығарады.

Ақын шығармашылығының көркемдік-эстетикалық жүйесіне тән романтикалық эстетика нақыштарын аудармалары толықтыра түседі. Ол шығыс шайырларынан Қожа Хафиздің лирикаларын аударды. Пушкин «Из Хафиза», «О, дева-роза» деген өлеңдерінде романтикалық лептегі сырлы шығармаларымен «Шираз сиқыршысы» атанған Хафиздің рухына бас иіп, тағзым жасайды. Ш. Құдайбердиев орыс әдебиетінен Пушкиннің романтикалық ыңғайдағы «Дубровский» повесі мен «Боран» («Метель») әңгімесін аударып, қазақша өлең тілімен сөйлетті. Мұнда бір жағынан рухани, дүниетанымдық бірлік ретінде бағалауға болады.

Өзіне дейінгі романтизм дәстүрін жалғастыра дамытқан М. Жұмабаевтың романтикалық дүниетанымына ХХ ғ. басындағы дүбірлі оқиғалар, өтпелі кезеңдегі ұлттық сананың оянуы әсер етті. М. Жұмабаев - қазақ өлеңіне Абайдан кейін өзгеріс жасаған реформатор ақын. Абай дәстүрін жалғастырып, жаңғыртып, әдебиетте ешкімге ұқсамайтын өзінің дара жолын салған Мағжан қазақ өлеңіне айрықша романтикалық ажар қосты. Ол романтикалық туындыларында болмысқа наразы болғандықтан, өзінің ішкі сезімін көбірек жырлайды, жеке тұлғаның рух мәңгілігін дәріптейді. Сонымен бірге ақынның ешкімге бас имейтін дербестігін, тәуелсіздігін, асқақ асаулығын бейнелейді.ХХ ғ. басындағы өтпелі дәуірдің орасан өзгерістерін, жаңа заманды түсіне алмаған М.Жұмабаевтың көркемдік дүниетанымы күрделі. Сондықтан оның шығармашылығын кереғарлыққа толы өмірі мен өлімін аңызға айналдырған қатал уақыттың аясында талдау заңды. Мағжан дүниетанымының күрделілігін, қайшылығын қозғағанда, суреткерлік шеберлігі мен тапқырлығы турасында емес, ақиқат болмыстың алдында өзіне қойған талабы сөз болады. Ақиқатқа адал суреткер әдебиетте үстемдік еткен қасаң қалыптар мен ережелердің шектеулі шеңберінен шыға алды. Өз туындыларында қатал да қайғылы өміріне налып, өлімді жиі ауызға алуы, түнекті жырлауы қарсыластарына ақынды даттауға табылмас айғақ болды.

«Шолпанның күнәсі» – осы тұстағы қазақ прозасының қазанына үлкен көркемдік олжа әкелген ерен аңсарлы дүние. М. Жұмабаевтың сезімді, махаббатты суреттеуде қазақ әдебиетіне тәсілдік, стильдік тұрғыдан жаңалық әкелгені ақиқат. Ол М. Әуезов, Ж. Аймауытовтар сынды 20-шы жылдардағы психологиялық прозаның шебері болды. Мағжан тұлғасы жаңа заманның талаптарымен келісе алмаған романтикалық табиғатын танытады. Өліммен қатар өмірге деген құштарлық, шетсіз-шексіз ойдың тұңғиығы мен күнделікті күйбең тіршілік, рух өрлігі мен қайғыға салыну, махаббат пен дүниеден безіну сияқты қым-қиғаш жағдайлар - суреткер болмысына тән. М. Жұмабаев адам баласының рухани жетілуіне кедергі келтіретін, оны жабайы қалпында ұстауға тырысатын таптық түсінікке қарсы көзқарасын ашық білдірді.

М. Жұмабаев дүниенің қарама-қайшылығын сезінумен қатар бұл болмыстың заңдылығы екенін түйсінді. Оны шытырман жағдайлар жалаң күйінде қызықтырмайды. Ол ақиқатқа жету жолында қарама-қарсы категорияларды, ұғымдарды, ойларды бір арнаға тоғыстырады. Суреткердің адам болмысының, оның ішінде әйел табиғатының күрделілігін, қайшылығын және жұмбақтығын: тұлғаның бір мезгілде асқақ арман биігіне көтеріліп, күнделікті күйкіліктің қалыбынан шыға алмау қабілетін, діндар және күнәһар, мейірімді әрі қатігез бола алатынын бейнелеуі негізгі шығармашылық нысанға айналды. Осы сипат суреткер туындыларына жаңа штрих, романтикалық рең береді.

Романтизмде жиі кездесетін тақырыптардың бірі – адам өмірінің трагедиялық сипаты, адам жанының жалғыздығы, кемшіліксіз, кемел дүниеге ұмтылуы, содан келіп кем-кетігі көп әлемде адам өмірінің қайғы мен мұңға толы болуы. Қайғы мен түңілу сарыны романтизмге тән. Алайда романтик үшін болмысқа көңілі толмаудың өзінде оң мазмұн бар. Ол ақылмен әдіптелгеннен гөрі, қиялмен көмкерілген алыс арманмен үндес. Романтикалық түсінік бойынша, ол - тылсымды іштей танудың тәсілі, өмірге деген ұлы махаббаттың ащы толғағы іспетті. Мағжан романтизмін де осы тұрғыдан таныған жөн. Кеңестік заманның алмағайып өзгерістерін қабылдай алмау, жаңа қоғамға көңілі толмау ақынға идеалды тек өткеннен іздетіп қоймайды, өзінің ішкі әлеміне үңілтеді. Көркем туынды суреткердің жанынан терең орын алған сезім-күйлерден, өзін айрықша толғандырған құбылыстардан туады. Романтизм ізіндегі ақындар болмысқа наразы болғандықтан, ішкі сезімін көбірек жырлайды. Оның шығармаларынан рухани үйлесімді, сұлулық пен жақсылықты ерте заманнан аңсауын, ал өз ортасына, заманына деген сенімсіздігін, қанағат етпеген мінезін танимыз. Ақын жаңа дүниемен келісе алмағандықтан жалғызсырайды. Мағжан бабалардың байырғы дәуірін, өткен күнді аңсайды, өйткені жаңаның кескіні оған анық емес. Бірақ ол бірыңғай тірліктің қызығынан түңіле бермейді. Оның шығармалары терең сыршылдығымен, алысқа меңзер қиялшылдығымен, нәзік саздылығымен, түпсіз мұңға толы өзгеше бітімімен ерекшеленеді. Осы қасиеттер ақын дүниетанымының көркемдік-эстетикалық жүйесін құрайды. Романтизм әдісі ақынға сырттан келген жоқ, оның табиғи дарыны мен ол нәр алған ұлттық сөз өнерінің тереңінен бастау алды. Мағжан дүниетанымына жақын бұл әдісті уақыттың өзі алға тартты, ХХ ғ. басындағы өтпелі дәуір ұсынды.



Романтизм тарихына жіті көз жіберсек, типологиялық белгілерімен қатар әрбір жеке елде қалыптасқан нақты ұлттық тарихи жағдайларға байланысты жеке ерекшеліктердің болатынын байқаймыз. Мұндай ерекшелік қазақ романтизміне де тән:

  1. Еуропалық әдебиетте романтизм құбылысы ағартушылыққа қарсылық нәтижесінде қалыптасса, қазақ романтиктерінің дүниетанымында ағартушылық идеяның іздері байқалды, олардың ағартушылық ойларды насихаттады.

  2. Қазақ романтизмінің ұлттық бояуын айқындауда фольклорлық эстетикаға арқа сүйейміз. ХХ ғ. басындағы прозада көркемдік құралдарды суреткер идеалынан туған бас қаһарманның қасиеттерін дәріптеп, кесек іс-әрекеттерін даралауда қолдану анық аңғарылады. Кейбір Еуропа әдебиеттерінде фольклорды пайдалану әдеби тәсіл деңгейінде жүзеге асса, қазақ әдебиетінде фольклор күрделі функцияларды атқарды. ХХ ғ. басындағы прозада фольклорлық дәстүр сюжет құруда (М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы»), суреткердің дүниетанымын, дүниеқабылдауын бейнелеуде (Ш. Құдайбердиев «Әділ-Мария, Ж. Аймауытов «Ақбілек»,) кейіпкерлер характерін сомдауда (С.Торайғыровтың Қамары мен Ахметі, М. Дулатовтың Жамалы т.б.), тіл өрнектерінде байқалады. Фольклор қазақ романтизмінің мазмұндық және форма құрушы факторы, қаламгерлердің эстетикалық ізденістеріндегі көркемдік және рухани-философиялық феномен ретінде көрінді.

  3. Романтизм қазақ топырағында өзінің таза, еуропалық үлгісінде болған жоқ. Классикалық Еуропа романтизмінде романтикалық қиялшылдық белгілі дәрежеде уақыт пен кеңістік тұрғысынан сол тұстағы өмірден біршама алыс тұрды, иррационалды, мистикалық сарындар басым түсті. Еуропа әдебиетінде романтикалық кеңістік ретінде экзотикалық алыс елдер, мистериялық биіктер, абстракциялық дүние алынды. Қазақ романтизмінің құрылымы өз заманымен орайлас жатып, кезеңмен үндесіп отырды. Өз заманына көңілі толмай, қарсы болған тұлғаның жинақталған бейнесі жасалғанымен, ол өз дәуірінің, сол ортаның адамы болды. Оқиға алыс мекендер мен шалғай жерлерде емес, көбінесе таныс ортада, қазақ қоғамында өтеді.

  4. Еуропада, оның ішінде ағылшын романтизмінде тұлғаның «байрондық», бүлікшіл, дарашыл, күрескер типі қалыптасты. Еуропа романтизмінде қоғамдағы түңілу ұлғая келе «ғарыштық пессимизмге» әкеліп соқты. Қазақ романтизмінің ерекшелігі шығармада өмірдің дағдылы көрінісі, адам мінездері шындыққа жақын болып келеді және еуропадағыдай мистикалық сарын, қорқынышты құпиялылық тән емес. Бірақ қазақ романтизмінде трагедиялық сарын зар заман ақындарының рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, дәуірге наразылықтан туған көңіл-күйінде, М. Жұмабаев, Б. Күлеев туындыларының түпсіз мұңға толы жаратылыс-бітімінде, С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» шығармасындағы лирикалық кейіпкердің шықпас тұйыққа түсіп, мұң-қайғыға берілуінде кездеседі.

  5. Романтизм дамуының алғышарттары Еуропада буржуазиялық төңкерістермен байланысты қалыптасты. Қазақ топырағында буржуазиялық төңкерістер бола қойған жоқ. Алайда романтизмнің өркендеуіне буржуазиялық қарым-қатынастардың орнығуы, ұлттық сана мен жеке тұлғаның сана-сезімінің оянуы, халық рухының, қоғамдық сананың жаңа деңгейге көтерілуі ықпал етті.

Қазақ романтизмі, ең алдымен, қазақ әдебиетінің алдыңғы дәуірлерінен бастау алады, яғни романтизмді көркемдік ойлаудың типі ретінде ұлттық ойлау жүйесінің ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Қазақ әдебиетіндегі романтизм әлемдік романтизм парадигмасымен жаңғырып, жалғасып жатқанымен, суреттеу тәсілдерінің қай-қайсысы болмасын қазақы бояумен көрінді.
Әдебиеттер тізімі:


  1. Қирабаев С.С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2007. –1 т. – 456 б.

  2. Кәкішұлы Т. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі әдеби ағымдар // Әдебиеттану. Сөз өнерінің сырлары. – Алматы: Мектеп, 2003. – 248 б.

  3. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 1994. – 311б.

  4. Ахметов З.А. Асыл сөз арнасы. – Алматы, Арда, 2008. – 400 б.

  5. Бертельс Э. Низами // Низами. Пять поэтов. – М.: Изд-во восточной литературы, 1968. – С. 3-18.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет