Жертөледегі жазу



бет5/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

2

Орта мектеп бiтiргенше туған әкем Әбдуали деп жүрдi. Фамилиясы Қарағұлов болатын. Паспорт алар кезде бiр күнi әкесi бүйiрдегi кабинетiне оңаша шақырып алды. Жүзi бiртүрлi абыржулы, тура қарамай көзiн алып қаша бередi.

– Отыр, балам! – дедi қасындағы орындықты нұсқап. – Екеумiз оңаша бiр сөйлесейiкшi. – Дауысы қалтырап шықты, столдың жиегiн қармай ұстаған саусақтарының ұшын дiрiл шерттi. Қашанда бiр қалыптан озбайтын сабырлы, мiнезге бай папасының бұлай толқығанын бұрын-соңды көрген емес. Түздегi көп шалдуар қылықтарының бiрiн құлағы шалып, соған күйiнiп отыр ма? Еһ, осы уақытқа дейiн мамасы екеуiнiң шашын талай ағартты ғой. Не істемеді дейсің. Басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Атаман болып бүкiл Алматыны шулатты. Жараланбаған жерi жоқ, пышаққа да түстi. Құлағы жырым-жырым көкжал сияқты айналасын алқымнан шайнап арпалысуымен келедi. Байқұс ата-ана не iстесiн, ұясын қорғаған торғайдай шырылдап, отқа да, суға да түстi. Ақыр болмаған соң, достарынан аулақ кетейiк, сонда бәлкiм тынышталар деген дәмемен екi жыл бұрын орталықтағы хан сарайындай пәтерлерiн айырбастап, шеттегi осы үйге көшiп келген. Тентектiк жасаса да, көбiнесе быж-тыж болатын мамасы. Папасы ешқашан қабақ шытып ұрсып көрген емес. “Әй, балам-ай, қашан ақыл кiрер екен саған. Өстiп жүрiп бiрдеңеге ұрынып қаласың ғой!” дейтiн де қоятын көп ұзағанда. Бүгiн неге ол ғадетiнен жаңылып отыр? Бiрақ әңгiменiң түтiнi басқа жақтан шалқып шықты.

– Балам, – дедi сәл үнсiз түйiлiп барып. – Құдай қаласа, мiне, ендi оң-солыңды таныған азамат болдың. Бүгiн саған бiр құпияны ашайын деп отырмын, құлыным. Осы уақытқа дейiн анаң екеумiз жүрегiңдi жараламайық, түсiнетiн жасқа келсiн дедiк. Ендiгi жасырғанымыз қиянат болар!.. – Бұл түкке түсiнген жоқ, әйтсе де бүйтiп алыстан орағытуына қарап онша жайлы нәрсе емес екенiн сезгендей екi көзi бақырайып барады. – Жақында паспорт аласың. Сонда фамилияңды өзгертiп жаздыртайық деп отырмыз.

– Қалай? – Жүрегi оқыс тулап орнынан ұшып тұрды.

– Отыр, балам, отыра ғой!

Сұм жүрегi әңгiменiң төркiнiн бiле қойды. Iнi-қарындастарынан өң-келбетi өзгеше екенi көрiнiп тұрса да мән бермейтiн, соның сырын ендi аңғарғандай, iшi iрiп, орындыққа қайтадан сылқ етiп отыра кеттi.

– Құлыным, сен жiгiтсiң ғой, дұрыс түсiн... – Әкесi құмығып, қайта-қайта түкiрiгiн жұтынды. – Осы уақытқа дейiн сен менi әкем деп келдiң. Әкең екенiм рас. Бiрақ сенi жарық дүниеге әкелген туған әкең де бар екенiн айтпасам, құдайдың алдында күнәһар боламын. Омар Сүлейменов алаштың ардағы едi ғой. Жанып тұрған от болатын марқұм. Зұлым заманның құрбаны болды...

Бұл басы салбырап сазарып отырып қалды. Көкiрегi астан-кестен. Құлағы шуылдап, әке сөзiнiң бiрiн естiсе, бiрiн естiмейдi.

– Қатардағы қаражаяудың бiрi болса, сенi де, өзiмдi де бүйтiп қинамас едiм. Асылдан қалған жалғыз тұяқсың ғой. Омар марқұмның аты өшпесе екен деймiн.

– Жоқ, сен – менiң әкемсiң! – Жиегiнде жас шымырлаған қара көзiн жарқ еткiзiп бұл әкесiнiң бетiне қадалған.

– Әлбетте, балам, мен сенiң әкеңмiн. Менiкi жәй ақихатты бiлсiн деген ғой. Бұдан ештеңе де өзгермейдi. Iнi-қарындастарыңды қалай көрсем, сенi де солай көрем, жүрегімнің төріндесің. Жақсы да жаттық жоқ, жаман болса туған да жат... – Қалтыраған саусақтарымен мұның ұйысқан қалың шашын салалап, баурына басты. Осындай аяулы әкеден айрылғысы келмей, қоя берсе алшақтап кететiндей, бұл да тас құшақтап жабыса түстi.

Көпке дейiн есеңгiреп жүрдi. Тыныштығын бұзып, мен әкеңмiн деп көкiрегiне озбырлықпен басып кiрген беймәлiм жанды жатырқап мойындағысы келмедi. Бiрақ қанша жерден тосырқап үрiккенмен бiрте-бiрте бұл сезiмге де етi үйрене бастады. “Жүзiн көрiп, үнiн естiмесе, алақанының ыстығын сезбесе, оған бейшара әке кiнәлi ме? Қайта өстiп жарық дүниеге келiп, жер басып жүргенi үшiн-ақ оның алдында мәңгiлiк қарыздар емес пе.” Естi көңiлмен безбенге салып, жүрегiнiң жылы жерiнен орын берген. Кейiн анасы айтқан әңгiмелердi тыңдап отырғанда,көзi жасаурап мұңға бататын. Қара түн. Алай-түлей ұйтқып сабалаған қара жауын. Қолы кiсендеулi болса да арыстандай алысып жұлқынған әкесiн төрт жендет: бiрi шашынан тартып, бiрi тапаншаның тұтқасымен желкеден түйiп, итерiп, теуiп баспалдақпен төмен қарай сүйреп келедi. Бетiн қан жуып кеткен, қақ айрылған жаға...

Машина лықси тоқтаған бойда алдыңғы жақта отырған жiгiт лып етiп шығып есiк ашты:

– Келдiк, аға.

Олжас ауыр қозғалып орнынан тұрды.

– Кешiрiңiз, аға! – дедi жiгiт кiнәлi үнмен қипақтап.

– Түсiнем, жiгiттер.

Бүкiл дүние сұрқай тартып тұр. Безiрейген суық. Тiптi өз үйi де жат сияқты боп көрiндi. Кеуде қысқан тар қапасқа енетiндей, ызғар бүркiп үңiрейген подъезге қарай аяңдады ерiксiз...

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

ЖАР БАСЫНДА ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

1

Даладан жадырап кiрген көтерiңкi көңiлiн үй iшiндегi үйездеген сызды көлеңке мен жабырқау күйкi көрiнiс су сепкендей басты: бұрышта биiктетiп салған жастыққа арқасын сүйеп отырған әкесi ескi шапанмен басын бүркеп алып, күрк-күрк жөтеледi. Үйдiң iшi көк тұман. Босағадағы күжiрейген күйлеш-күйлеш пештiң аузынан шалықтап түтiн қайтып жатыр. Апасы байқұс жасаураған көзiн жаулығының ұшымен сүртiп қойып, күйбiң-күйбiң:

– Көмiрi көмiр емес – топырақ, қараң қалғырдың. Бекер салған екенмiн. Ендiгi пiсiп қалатын едi!.. – деп шыр-пыры шығып қазанның ағаш қақпағын бiр ашып, бiр жабады. Бұның аяқ басқан дыбысын естiп көкесi басын көтерiп алды:

– Әй, бәйбiше, андағы тамағыңның пiсетiн түрi бар ма? Әзизжан жолынан қалып қоймасын. Қашпақ болсаң – зымыра деген.

– Түсiңнен шошып ояндың ба, не болды саған, бейшара-ау, таң атпай тықақтап. Баланы қуғандай болдың ғой, тiптi. Бүгiн болмаса, ертең кетер. Бiр күн де болса, қасымда болсын қарағым!

– Жаныңда болғанда емшегiңдi емiзiп тербеп отырайын деп пе едiң? Екеумiздiң бетiмiзге қарап отырғаннан не бiтiредi, одан да дәрiсiнен қалмасын... Андағың, тулақ салсаң да, ендiгi пiсетiндей болды емес пе!

– Жанды алмай қоя тұршы, бәтiрекесi. Iшiне түс дейсiң бе, көмiрi құрғыр бықсып жанбай жатса қайтем!

– Е, сен де қартаяйын дегенсiң-ау, байқұс. Қожыраған әйелдiң оты жанбайды; ылжыраған еркектiң аты желмейдi... – Көкесi сақалы көкке шаншылып тұншыға бiр жөтелiп алды да: – Кел, отыр, – деп бұған қасынан орын нұсқады.

Әзиз-Сұлтан тiзе түйiстiре құрақ көрпе үстiне малдас құрды. Көкесi үнсiз. Әлдене айтатындай түйiлiп отыр.

– Балам, – дедi бiраздан соң дауысы басқаша бiр мақаммен қоңырланып, – түсте көргенiң кеште жоқ, тағдыр шiркiнге көз жетпейдi ғой. Жас өле ме, кәрi өле ме, ауру өле ме, сау өле ме – ол тек Алланың қолындағы iс. Әйтсе де қалтылдаған кәрi мен төсек тартқан науқастың бiр аяғы – жерде, бiр аяғы – көрде. Бiр уақ о дүниенiң де қамын ойлап қойған жөн...

– Ой, көке, жамандық шақырып қайдағы о дүниенi айтып отырсыз. Амандық болса, әлi-ақ сауығып кетесiз!.. – деп Әзиз-Сұлтан жүрек қалтыратқан суық сөздi естiгiсi келмей ат-тонын ала қашпақ болып едi:

– Жоқ, айналайын, сөзiмдi бөлме! – деп көкесi тоқтатып тастады. – Өлгiсi кеп отырған мен жоқ, қаперiңде жүрсiн деген әңгiме ғой. Ендi қайтып келгенiңше нендей күйдi бастан кешерiмiздi бiр Құдайдың өзi бiледi, зердем айқын, тiл-аузым барда айтып қояйын. Бұны менiң өсиет сөзiм деп ұқ. Ертең олай-бұлай боп кетсем, қадари-халдерiңше мiндет-рәсiмiн атқарып, қара жердiң қойнына тапсырарсыңдар. Қазақтың мал шашпа дарақы мiнезiне салынып, арттағы бала-шағаны несiбесiнен айырмаңдар. Өлiге бiр ауыз құран – сауап; ықылас-көңiл – иман. Осы күнде жұрт бейiт салуды бәсекеге айналдырып алды ғой. Әлi келсiн-келмесiн тыраштанып, қыштан өрiп, алтынмен әлемiштеп күмбез соғуға әуес. Арақтан өлген алқашқа дейiн әспеттеп ханның мазарын салып жатқандары. Маған өйтiп әуре болмаңдар. Тiрлiгiмде көрмеген сән-салтанаттың өлгенде не керегi бар. Маған тiптi қызыл кiрпiш те шығындама, өздерiң құйған қам кесектен биiктiгi омырау соғатындай-ақ төрт құлақты қорған тұрғызсаңдар жетедi, мал тұяғы таптамайтындай болса болғаны. Адамның жан-рухы ғана мәңгiлiк, тәнi топырақтан жаралып, топыраққа айналады. Басымдағы белгi мәңгi өшпей жер бетiнде тұра берсiн деу де күпiршiлiк. Бұрынғылар неге аруақтардың басына құран оқи барғанда «топырағы жеңiл болсын!» деп қабырден бiр уыс топырақ алып жерге шашып жатады? Оның мәнiсi – аруақтың жатқан жерi тегiстелiп, арттағы тiршiлiкке орын берсiн деген ишара. Менiң соңымдағы қалатын белгi – сендерсiңдер. Береке-бiрлiктерiң жарасып, жақсы атаның баласы аталған сайын қара жердiң астында жатып мен де бiр аунап түсемiн. Ал, ат шығарып, сүйек сындырсаңдар, ел: «Е, бәсе, әкесi мал соңында салпақтап өткен жаман қойшы едi, одан қайбiр жетiскен бала тусын!» дейдi. Аруақ күңiренттi деген сол. Саған айтпағанда кiмге айтам, отымның алды, суымның тұнығы – өзiңсiң, қарағым. Алдыңғы түйенiң – жолы ауыр, артқы түйенiң – жүгi ауыр, бас көтерер сен болған соң, ендiгi салмақ саған түседi. Қалжыраған анаң мен соңыңнан ерген iнi-қарындастарыңа таяныш бол, торғайдай тозып кетпесiн...

«Мына кiсi бiрдеңенi сездi ме» деп секем алып қалған Әзиз-Сұлтан:

– Көке-ау, қазiр аттанғалы отырғандай ақтарылдыңыз ғой, тiптi! – дедi үрейдiң уытын бойына дарытқысы келмей қалжыңға бұрып.

– Жоқ, шырағым, аманатты ақыл-есiң барда айтып қалған дұрыс.

Түтiнге қосылған керосиннiң өткiр иiсiн жаңа сездi, бықсыған пешке керосин құйған-ау, шамасы. Әлгi әзiрде апасы лып етiп сыртқа шығып кетiп едi, шалқалай ашылған есiктен арқасын берiп бүкшиiп кiрiп келе жатыр. Әлдебiр ауыр нәрсенi көтере алмай әлек. Сүйретiп әкеп дүңк еткiзiп босағаға сүйей салғанда байқады: теңкие толған бұның көк брезент жол қапшығы.

– Апа-ау, мынауың не? – дедi екi көзi бақырайып.

– Бидай қуырып, қолтиiрменге тартып алып ем, талқан ғой. Аузыңның дәмiн алып жүр деп қарынның құрышына кiшкене жент салдым. Екi жiлiк... Қасыңдағы көгенкөздер қолыңа қарайды ғой, үйiнен келдi деп.

– «Тескентау» асып барамын ба, оның бәрiн қайтем?

– Қара нанға қақтығып жүдеп қаласың, құлыным. Ауырсынсаң, ана екеуi шанамен станцияға жеткiзiп салады.

– Алмаймын! – дедi Әзиз-Сұлтан қапшыққа қараған
сайын өзiн тонаушыдай сезiнiп.– Кебеженiң түбiн тақырлап салып бергенде, өздерiң не жейсiңдер!

– Сөздi қой, балам! – дедi әкесi «айттым – бiттi, кестiм – үзiлдi» өктем үнмен. – Бiздi аяма, ел ортасында өзегiмiз талмас. Бергендi ал, барды тартынбай iшiп-же. Баяғыда байлар жалшы аларда әуелi тамақ берiп сынайтын көрiнедi. Алдындағы асқа жаудай тисе, мiне, мынау жұмысты да жапырып iстейдi деп соны алады екен. Түлкi құрсақ жүрiп оқыған оқу қайбiр көкейге қонсын. Аш өзекте ақыл, ой болмайды... Ал, қарағым. Талғажу қылар тары-талқанын алып кеттi ғой деп, ең болмаса, бес-он күн көңiлiмiз тоқ болады.

Поездiң келуiне екi сағаттай-ақ қалды. Станцияға жаяу-жалпылап жетем дегенше қай уақыт. Жайылған дастарқаннан шала-шарпы дәм татты да жолға жиналды. Апасының көзiн ала бере кiлетке сып етiп әлгiнде жол қапшығын жеңiлдетiп алған. Көкесi «қайта айналып келгенше бармын ба, жоқпын ба» деген науқастың боркемiк көңiлiн танытқан жоқ. Бәлки, iшкi толқынысын бiлдiргiсi келмей, алысқа аттанып бара жатқанда көңiлiне қаяу түсiрiп жабырқатпайын деп қасарысқаны шығар, сабырлы, салқын қоштасты. Бетiнен иiскеп, арқасынан қақты да, «жолың болсын, қарғам!» деп, үн-түнсiз отырып қалды.

Апасы тысқа ере шықты. Ескендiр көрiнбейдi. Ережеп жал қидың қалқасында балтаның шүйдесiмен дүңк-дүңк ұрып қи ұсатып жатыр екен.

– Әй, жiгiт, мен кеттiм! – деп едi, алақанын жүре қаққыштап, асықпай келiп қып-қызыл боп домбыққан қолын ұсынды:

– Сау тұрыңыз! – күстенiп, шыт-шыт жарылған қолы егеудей. Бауырына тартып сүймек болып едi, бетiн алып қашып жақындатар емес – кiшкентай болғысы келмедi.

Апасы екi бетiнен алма-кезек сүйiп, құшағынан босатпай ұзақ қысты. «Қасымда сүйенiш жоқ, ауру шал, жас баламен жалғыз қалып барамын» деп алдағы күнiн ойлап қамыққаны ма, қажыған, мұңлы жанары тұңғиық тартып жасаурап тұр. Қабағының асты көлеңкеленiп, сопақша, ақсары жүзiндегi әжiм қалыңдап жалғыз-ақ сәтте он жасқа қартайып шыға келдi. Ап-арық, қушиған иығындағы сөлбiрейген қырық жамау, бомази қоңыр халат жыртық көңiлiн одан сайын жүдете түскендей. Қобырап шыққан бiр уыс қара шашын жаулығының астына тыққыштап, қолының сыртымен көзiн сүрттi:

– Аллаға аманат, құлыным!..

Әзиз-Сұлтан көмейiне кептелген өксiктi сездiргiсi келмей:

– Жақсы, апа! Қош! – дедi де жалт бұрылып жүре бердi. Арқан бойы ұзаған жоқ, апасының ышқынған дауысы соңынан қуып жеттi:

– Әзизжан!

Жалт қараса, қанатын жайып, жүгiре басып ентелеп келедi. Жеткен бойда, жүз жыл көрмегендей бас салып, құшақтай алды. Әзиз-Сұлтан басы зеңiгендей демi бiтiп, үнсiз тұрып қалған. Жұлын-жүйкесi шымырлап, елжiреп барады. Анасының мейiрiмдi құшағына сәби боп тығыла түскiсi келгендей бойын бiр әлсiздiк билеп алған. Бiр шамадан кейiн барып:

– Сiзге не болды, апа? – дедi еңсесiн тiктеп.

– Бiлмеймiн, құлыным. Жүрегiм бiр түрлi өрекпiп тұрғаны...

– Ештеңеге алаң болмаңыз, амандық болса, тағы келем.

– Аурумен алысып, өзiңдi жөндеп күте де алмадым, жарығым. Есiмiз шығып кеттi ғой.

– Күтетiндей өз үйiме өзiм қонақпын ба? Көкемнiң жанында әлi де бола түссем жөн едi, сабағым қалып барады ғой...

– Оқуыңнан қалма, қарағым. Құдайдың жазғаны болар, алаңдама бiзге, – деп сорайып төбесiнен төнiп тұрған бұны қос алақанымен бетiнен қапсыра ұстай еңкейтiп, өксiк араласқан ыстық демiмен шарпи маңдайынан қадалып ұзақ сүйдi. – Бара ғой, жаным,


поездан кешiгерсiң. Қыдыр ата жолдасың болсын!..

Әзиз-Сұлтан айтар сөз, ықыласын боталаған көзi арқылы ұқтырып, құмыққан күйi ләм-мимсiз шегiне бердi. Жаңа ғана апасының омырауы желден қорғап, жылытып тұрған көкiрегiн бiр түрлi тiтiрентiп сұп-суық ызғар қарып өттi. Жып-жылы ана құшағынан үзiлiп түсiп, азынаған суық дүниенiң тұңғиығына батып бара жатқандай, үрейлi, жұмбақ сезiм жүрегiн тұтқындап алған. Ана көңiлiндегi толқыныс, жан шымшылаған мазасыз хал ендi бұған ауысқан тәрiздi, әлденеге алаңдап тартыншақтай бередi. Алға аттаған аяғы керi кетiп, жүрiсi өнер емес. Жамау-жамау қос терезесi жылтырап жар басында жапырайған жалғыз үй жабырқай қарап көз алдынан кетпей тұрып алды: «Шынымен менi тастап кетiп барасың ба!» деп мұңайып тұрғандай. Жан құлазытқан жабырқау бiр хал. Жалтақ-жалтақ артына қарайлап келедi. Етегiн жел кеулеген халатының өңiрiн қаусыра ұстап бүрiскен күйi апасы сол орнында селтиiп әлi тұр. Қасында құйрығын қарға көмiп, бiр құлағы едiрейiп, бiр құлағы салбырап апайтөс Ұшар отыр шоқиып. Есiк алдында түртiншектеп жүрген екi бала анда-санда олар да бiр қарап қояды жалт етiп. Тасы мен топырағында табанының iзi қалған сонау бұйрат-бұйрат белдер, тобылғылы сай, өркешiне шығып ойнайтын Түйетас, ескi қора... – бәрi-бәрi: «кетпешi, тоқта!» деп жамырай қол созып жалбарынып тұрғандай.

Япыр-ау, бұл не сезiм, бұл не күй! Айлап-жылдап көрмейтiн жыраққа кетiп бара жатқан жоқ қой, неге мұнша толқиды? Неге қимай қиылып қарай бередi айналасына? Алға қарай аттап басқысы жоқ. Әскерге аттанып бара жатқанда да дәл бұлай аласұрып астан-кестен болмап едi ғой көңiлi? Көзiнiң алды ысып, төңiрек су астында қалғандай көлкiп буалдыр тартып кеттi – жанарына iркiлген жас кiрпiгiн қағып қалса, мөлт етiп тамғалы тұр. Қар үстiне етпеттеп құлай кетiп, өксiп-өксiп жылағысы келдi. Ауру әке, жүдеу өңдi шеше мен жаутаңдаған бауырлары алма-кезек көз алдына елестегенде көкiрегiн жалын шарпып одан сайын қыстықты. «Итпiн! Не деген безбүйрек эгоистпiн!» – дедi тiстене сыбырлап. – Әл үстiндегi әкең анау, бар ауыртпалықты жұдырықтай кемпiр мен қарғадай екi баланың әлсiз иығына аударып тастап қалай кетiп барады дәтi шыдап. Оқимын дейдi. Мың жерден ғұлама боп шықса да, аузымен тiстеп жүрiп жеткiзген ата-анасына қиналған сәтiнде қайрылмаған адам кiмнiң көсегесiн көгертпек. Кеудесiндегi жүрек пе, тас па? Қауашағындағы ми ма, су ма? Тiрiсiнде бiр күн рахат көрсетуге жарамаған әке-шешеңе өлгеннен соң күмбез тұрғызып күңiренгенiңнен не пайда?.. Жо-жоқ, бiттi, барысымен ректорға жағдайды айтып, сырттайға ауысады. Көкiрегiнде жылт болса, өзi де бiр жерден жарып шығар. Сырттай оқып-ақ дүниенiң телпегiн терiс айналдырып жүргендер қаншама. Қыстай әке-шешесiне қарайласып, жер аяғы кеңiсiмен үй салуға кiрiседi. Айдаладағы қираған ескi қораны күзетiп жұртта қалған ауру шалдың да артында iлiкке татыр ұрпағы бар екенiн ел көрсiн! Жел жағыңнан жүрiп кетсе сасық демi тұншықтыратын ала көз ағайынға ерегескенде «паh, шiркiн, мынау кiмнiң үйi!» дегiзетiндей етiп, ауылдың қақ ортасынан хан сарайын тұрғызады. «Әуп» деп бiлек сыбанып кiрiсiп кетсе, тiзгiн ұшынан iлiп әкетер туыс-туған, жора-жолдас жеткiлiктi. Бiр-ақ жазда етек-жеңiн дөңгелетiп тастар. Сонан соң... сонан соң үйленедi, өзiнiң аңсап тапқан аяулысы, ақ сәулесi Сәбираға!..

2

Көз алдына Сәбира елестегенде, үңiрейген ескi қора, жадау тiрлiк, жабырқау көрiнiстiң бәрi бiр қырдың астында қалып, алдынан жарқ етiп жарқын дүниенiң есiгi ашылғандай болды. Жан сарайын жадыратып, ала-құйын қуанышқа толтырып бiр шапағатты нұр шарпып өттi.

...Әне, ғашық жарының ақсүйрiк саусағын кеудесiне аялай қысып, тықырши күткен қалың топқа қарай аяңдап келедi. Осы күнге жеткiзген тәңiрге екеуi де шексiз риза. Табандары жерде, көңiлдерi көкте. Бiр-бiрiне наздана еркелеп, жұптары жарасқан қос аққу махаббат аспанында қалықтап келедi. Сәбираның басында үкiлi сәукеле, үстiнде қынама бел қызыл бешпент пен етегi малынған желбiреуiк ақ көйлек. Тоқпақтай-тоқпақтай қос бұрымы шолпысы сыңғырлап қылтасын қағады. Құдды бiр ертегiден шыға келген перiште дерсiң. Бетiн көлегейлеген ақ жiбек перденiң қиығынан нұр шүпiлдеген тостағандай жанарын төңкерiп бұған жәудiрей наздана қарап қояды. Төбелерiнен шашу жауып жатыр. Жерге топ-топ түскен бауырсақ-кәмпиттi жапырлай терiп үлкен-кiшi ию-қию. Екi жаққа жарыла тiзiлген қыз-жiгiттер «Жар-жар» айтып бола бергенде, екi иығын жұлып жеген өткiр көз, қағылез қара жiгiт үкiлi домбырасын әуелете қағып-қағып жiберiп «Беташарды» бастап кеттi. «Пәленшеге бiр сәлем!» деген сайын Сәбира шолпысы сыңғыр етiп, оң тiзесiн бүгiп тағзым етедi. Мiне, көкесi мен апасы келiнiнiң маңдайынан сүйiп, ақ батасын берiп жатыр. Апасы мойнынан тас құшақтап айрылар емес. «Өлгенде көрген қызығым!» деп кемсең-кемсең етедi. Кiрпiгiнен мөлт-мөлт үзiлген ыстық тамшы бетiндегi сай-сай әжiмдi қуалап жосып барады. Қуанудың, шаттанудың не екенiн ұмытқан кәрi жүрек осыншалық бақытқа сенер-сенбесiн бiлмей егiлiп, есеңгiреп тұр. Той тарқап, келiмдi-кетiмдi кiсi аяғы басылған соң, үй-iшi боп өздерi оңаша қалады. Үлкен, дөңгелек үстел басында шүңкiлдесiп таңертеңгi шайға отыр. Қақ төрде көкесi, оң тiзесiн баса апасы жайғасқан, буындарын сарсу ұстап баржиған, еңбекқор, жуан қолдары сылқ түсiп тiзесiнiң үстiнде тыныстап жатыр. Екi иiнiнен дем алып ысылдаған жуан қарын сары самаурынның ендiгi иесi – Сәбира. Қол созған сайын аппақ бiлегi жарқ етiп жағалата шыны ұсынады. Дастархан жасап, шай құю – жаңа түскен келiн үшiн үлкен сын, ата-енемнiң көңiлiнен шықпай қалам ба деп қобалжу да жоқ емес. Бетiнiң ұшы албырап, жаудыраған жанарында үркек ұшқын лыпыл қағады. Дастархан басында емен-жарқын шүйiркелескен бауыр-қарындас. Тату жүрек, қуанышқа ынтық көңiлмен болмашыны әңгiмелеп мәз болысады. Құс жастықты шынтақтаған әке жан қинаған ауруын ұмытқандай, «Иә, жасаған, бергенiңе шүкiр!» деп сақалын саумалап қояды. Жан бiткендi жадыратып, зат бiткендi жайнатып үй iшiн бiр сиқырлы сәуле кезiп жүр... Мiне, басында үйi, қасында сүйген жары. Ата-анасының ақ сүтiн ақтап рахат көрсеттi. Бауырларының жүзiнде қуаныш ойнайды. Осыдан артық не бақыт, не байлық керек!..

Өз қиялына өзi мас боп шалықтап келе жатқан Әзиз-Сұлтан кенет бүгiн Сәбираның туған күнi екенi есiне түскенi сол, оқ тиген құстай шарықтаған биiгiнен топ етiп жерге құлап түстi. Көз алдындағы сәулелi сурет быт-шыт күйреп, iзден адасқан жолаушыдай аңылжыған қарлы далаға аңыра қарап тұрып қалған. Бүгiн – Сәбираның туған күнi. Он сегiзге толады! Қалайша ұмытты, не қара басты? Өлсiн-тiрiлсiн, бүгiннен қалмай жетуi керек Алматыға!

Келесi сәтте жолқапшығын арқасына асынған ықшам киiмдi сидам жiгiт серең-серең етiп тақтақ жолдың бойымен жүгiре басып дедек қағып келе жатқанын өзi де бiлген жоқ.

Түтiнi көк аспанды күйелеп Батыстан Шығысқа қарай жүйткiген бос товарняк ирелеңдеген алып жыландай кеңiстiктi кемiрiп үңгiп барады...


ЖЕТІНШІ ТАРАУ

ОПЫҚ

1

Димекең бүгiн де әдеттегiсiндей ерте оянды. Мазасыз ойлармен арпалысып, түннiң бiр уағында әзер көзi iлiнген, сонда да үйреншiктi мезгiлiнде ұйқысы шәйiдей ашылды. “Оу, қайда асығамын, пенсионер емеспiн бе! – дедi iшiнен өзiн-өзi мысқылдай жымиып. – Ең болмаса, бiрiншi күнi рахатын көрейiн де!” Бұрынғыдай жастық қайрат жоқ, шау тартқанда ауыр жұмыстан қажып, тән салығып, еңсең басылып, кейде таңертең орныңнан әзер тұрасың. Сондай да: “Шiркiн-ай, пенсияға шығып, бас бостандығың өзiңде, еркiн демалатын күн қашан болар екен?” деп армандайтын. Мiне, еркiндiгi өзiнде. Бiрақ алаңсыз жан тыныштығына да үйрену керек. Үй iшi әлi алакеуiм. Қабырғамен астасқан көгiлжiм, жұқа перденiң сыртынан бозамықтанып әлсiз жарық сыздықтайды. Айнала тым-тырс. Анда-санда таңдайын талмап, тәттi ұйқы құшағында жатқан бәйбiшесiнiң бiр қалыпты жеңiл тыныстағаны ғана естiледi. Димекең алақандарын желкесiне айқастырып, шалқалаған күйi көзiн жұмды. Қимылсыз бiраз жатты. Бәрiбiр ұйқысы келер емес. Бәйбiшесiн оятып алмайын деп орнынан еппен түрегелдi. Жуынып, таранып мұнтаздай болып өзiнiң жұмыс кабинетiне келген. Кiшiгiрiм залға бергiсiз, кең, шаршы бөлме. Басы артық мүлiк жоқ: төрде, терезеге бiр қырын қойылған ұзын, жылтыр бет қоңыр емен жазу столы, биiк арқа емен орындық; кiреберiс оң қапталда кең қанат, айналмалы, қара былғары кресло. Екi қолын арқасына айқастыра, қапсағай зор денесi сәл еңкiш тартып, баяу басқан күйi кiтап сөресiнiң алдына келiп тоқтады. Бiр қабырғаны тұтас алып жатыр. Тақырып бойынша рет-ретiмен қойылған. Даналық тұнған, сиқырлы тылсым әлем. Бiр жарым, екi мыңдай ма екен? Көбiн әлi оқыған жоқ. Көңiл ынтыққанмен мұрса болды ма? Ендiгi жерде, Құдай қаласа, ермегiнiң үлкенi осыларды оқу болар. Тек жүйелеп, ретке келтiрiп алу керек. Орта тұстағы бiр қатар түгелiмен қазақ әдебиетi: Абай, Әуезов, Олжас... Өкшесiн сәл көтере қолын созып, Абайдың көне тартқан қоңырқай томдығын алды. Елу жетiншi жылы шыққан, шағын кiтап. Әкесi марқұм аса дiндар адам едi. Ғылым, бiлiмге де жетiк. Өмiрi бес уақыт намазын қаза қылған емес. “Балаларыма қырсығым тимесiн, бiреу сөз қылмасын” деп елге көрiнбей жасырын оқитын. Қолынан Құран-Кәрим мен Абайдың кiтабы түспейтiн. Араб қарпiмен басылған жалпақ қоңыр кiтап. Мұқабасын газетпен қаптап алатын. “Жарықтығым-ай, өзiңде айтылмаған сөз қалмаған ғой! – дейтiн таңдайын қағып. – Дүнияның бар даналық-хикматы алақандай кiтапқа қалай сиып кеткен?” Әкесiнiң Абайға деген шексiз сүйiспеншiлiгi бұған да бала кезiнен жұққан. Мың қайталап оқыған шығар. Ешбiр жалыққан емес. Көңiлi жабырқаса да, асқақтап мейiрленсе де осы қоңыр кiтапты парақтайды. Күн көзiне ұстаған санқырлы гауһар жарқ-жұрқ мың құбылып, жүрегiңдi сиқырлайды. Сүңгiген сайын тереңдеп тұңғиығына тартады, өрмелеген сайын биiктеп асқақтай түседi. Сырына жету, жұмбағын шешу әсте мүмкiн бе? Мұздай қарып, оттай шарпып көкiрегiңдi алақұйын шайқаған бiр құдырет. Адамға тән көңiл-күй, жүрек лүпiлiнiң күллi дiрiлi осында. Толқымай, тебiренбей оқи аласың ба бiр бетiн?

Димекең қоңыр кiтапты кеудесiне басты. Ашқан жоқ. Ашып қайтедi, әр жолы көкiрегiнде сайрап тұрса.

“Өмiр жолы – тар соқпақ, бiр иген жақ,

Иiлтiп, екi басын ұстаған Хақ.

Имек жолда тиянақ, тегiстiк жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзiңе бақ!..”

“Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бiр тәңiрiм, кеңшiлiк қыл!..”

“Адам ғапыл дүниенi дер “менiкi”

“Менiкi” деп жүргеннiң бәрi оныкi.

Тән қалып, мал да қалып жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенiкi?..”

“Адамзат – бүгiн адам, ертең – топырақ,

Бүгiнгi өмiр жарқылдап алдар бiрақ.

Ертең өзiң қайдасың, бiлемiсiң,

Өлмек үшiн туғансың, ойла, шырақ!..”

“... Өлдi деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмей-тұғын артына сөз қалдырған?!..”

Димекең Абайды көкiрегiне басқан күйi сабырлы оймен жүзiне мұң ұялап, қасындағы күрпiлдек креслоға бар салмағымен сылқ етiп отыра кеттi. “Қасиетiңнен айналайын Абайды тәубаңа келiп тазарып тұру үшiн, ең болмаса аптасына бiр рет оқып тұру ләзiм шығар,– дедi iшiнен күбiрлей. – Данышпан атамда арман бар ма екен? Артына өлмейтұғын сөз қалдырды. Ал, мен ше?” Отыз жыл ел тiзгiнiн ұстады. Қазақта ғана емес, совет одағындағы иiсi түрiк, мұсылман баласында ешкiмнiң қолы жетпеген биiк мансапқа көтерiлдi. Саяси Бюроның мүшесi болды, яки алып империяның санаулы көсемдерiнiң бiрi деген сөз. Сонда не тындырды? Үлгi, өнеге болардай, кейiнгi ұрпақтың аузында жүретiндей артында не қалдырды? “Барлық салада артта қалған мешеу республиканы елу миллион мал басы бар, жылына миллиард пұт астық беретiн, өнеркәсiбi дамыған, ғылым мен мәдениетi шарықтаған қуатты елге айналдырдыңыз. Көркейген Советтiк Қазақстан – Сiздiң төл туындыңыз, творчествоңыз, ертеңгi тарих осылай бағалайды!” дейтiн айналасындағы үзеңгiлестерi. Соған өзi де кәмiл сенетiн. Бiрақ соңғы кезде көңiлi күптi бола бастады. Айдарынан жел есiп тұрғанда, шашбауыңды көтерген жандайшаптардың даңғазасына емексiп, құр өзiңдi алдарқатып келгендейсiң. Бәрi жалған, көз бояу сияқты. Ендiгiлердiң ләмiне сенсең, бiтiрген түгiң жоқ, қайта прогрестiң аяғына тұсау болып, Қазақстанды iрiтiп-шiрiтiп отырған адамның өзi. Марксизм-ленинизм догма емес, iске басшылық, үнемi даму үстiндегi жанды iлiм екенiн түсiнбейтiн, қатып-семiп қалған қасаң ойлы көне партократияның өкiлi, өз тарапынан инициативасы жоқ, қарқынды, жаңа қоғамның талабына қарай икемделуге қабылетсiз... Бас хатшымен екi мәрте оңаша жүздескенде, ұзын сонар сөз сарынынан осы доқты айқын аңғарған. Михаил Сергеевич әдеттегiдей бұлыңғырлатып, бұлталақтатып алыстан орағытып келiп:

– “Шынын айтсақ, республика партия ұйымының жұмысына көңiлiмiз толмайды, – деген жалтыраған төбесiндегi қылқан жапырақтай қалы күреңiте бұрқ қызарып. – Идеологиялық жұмысты өз дәрежесiнде жүргiзе алмай отыр. Партияның ұйымдастырушылық, жетекшiлiк рөлi байқалмайды. Шаруашылықтың барлық саласында даму қарқыны төмен. Партияның қоғамды демократияландыру, экономиканы жеделдету жөнiндегi жаңа программасына сай атқарылып жатқан iс тым сылбыр, мардымсыз. Серпiлiс жоқ. Ескi стиль, үйреншiктi сарын. Ең бастысы, идеологиялық көрсоқырлықтан, болмаса кертартпа элементтердiң дем беруiмен коммунистiк моральға жат кеселдi құбылыстар бой көтеруде. Республикада жiкшiлдiк пиғыл өрiс алып, жершiлдiк, ұлтшылдық ауан тамырын тереңге жаюда! – Бас хатшы бастырмалата, екпiндете сөйлеп тоқтағанда, бұл ерiксiз мырс еткен. “Демогогия, бәрi бос байбалам, мұқатып, өш алудың сылтауы” дедi iшiнен. Бас хатшы болғаннан берi Саяси Бюроның мәжiлiстерiнде мұның сөзiн ылғи аяғына дейiн тыңдамай, ортадан киiп кетiп, тоқтатып тастайтын. Шекесi тырсиып, әр сөзiне жиырылып, жек көрiнiшiн ашық бiлдiретiн. Қисыны келсiн-келмесiн тиiсiп, қыжыртып алуға құмар. “Ескi гвардиямен” қаны қас. Екi жылдың iшiнде бәрiн қуып, бықпырт тигендей қылды. Қазiр шошайып қалған үш-төртеуi ғана. Олардың күндерi де санаулы. Тек бас хатшылыққа кандидатурасын ұсынып, талас-тартыстан сүйреп алып шыққан Громыко ғана әзiрге оң қабағына iлiнiп жүр. Бұның қарсы болғаны рас. Жеңiлтек, қызба, көп сөйлейтiн езбе, мылжыңдығы үшiн қолдамаған. Содан берi бұған өш. Мiне, қазiр де орынсыз жерден iлiк iздеп соқтықпақшы.

– “Неге күлесiз?” – Горбачев көзiлдiрiгi суық жалт етiп бетiне тесiрейе қарады.

– “Күлмеске лажым жоқ! – дедi бет ашып алуға бекiнген түрмен қатуланып. Қорлауға төзiп қашанғы именшектей бередi. – Сiздiң бұл айтып отырған сындарыңыздың ешқандай негiзi жоқ деп есептеймiн, Михаил Сергеевич. Жалпылама сөз ғана. Бiрiншiден, сiз “шаруашылықтың барлық саласында даму қарқыны төмен” дейсiз. Осы пiкiрдi айту үшiн ең болмаса, өткен жылғы статистикалық есепке қарап алмайсыз ба. Онда барлық көрсеткiш бойынша Қазақстан бiрiншi орында тұр. Бүкiл одақ бойынша ұлттық табыстың тоғыз процентi Қазақстанның үлесiнде. Осыдан артық қандай қарқын керек.

– “Чепуха. Бәрi бос сөз, ақталудың керегi жоқ!” – Горбачев тыңдамаймын сөзiңдi дегендей екi қолын серпе, бетiн тыржитып терiс қарады.

– “Сiз менi ауыздан қақпаңыз! – дедi бұл түсiн салып. – Сөзiмдi тыңдамайтын болсаңыз, несiне алдыңызға шақырып қабылдап отырсыз? Демократия, демократия дейсiз, демократия осы жерден, Бас хатшының кабинетiнен басталу керек, әйтпесе ол шынында да чепуха, пустой звон, құр жаңғырық!”

Бас хатшы болғаннан берi бетiне жан қаратпай өркөкiрек, өктем болып алған Горбачев өз құлағына өзi сенбей аңтарылып отырып қалды. Бiр қызарып, бiр бозарды. Құлағын жымырып, бастерiсi жиырылғанда жалтыраған төбесiндегi бес-алты үлпiлдек қыл төбелескiш әтештiң желке жүнiндей тiкiрейiп кеттi. Сөз таба алмай тыпырлап, булығып барып жұдырығына жөткiрiндi:

– “Жарайды, сөйлеңiз!”

Бетпақтанып, байбалам салып берекесiздене ме деп күдiктенiп едi, бұлай сылқ етiп, оп-оңай әпiгi басылған соң көңiлi бекiп жайлана түстi. Отыз жыл ел тiзгiнiн ұстағанда талай хатшының алдын көрдi. Әпербақаны да, ызбарлысы да, жымиып отырып жарға итеретiн жымысқысы да болды. Небiр қылкөпiрден өттi ғой. Қорланса да төзетiн: алда өмiр бар, орнымнан түсiп қалам ба деп қаймығып, не де болса бас шұлғып, үндемей құтылуға тырысатын. Ендi сүйегi жұқарды ма, әлде төрiмнен көрiм жақын қалғанда несiне жалтақтаймын, онсыз да пенсияға кетемiн деген сенiм бе, басынан сөз асырмай асауланып отыр. Кеудесiн тiктей орындыққа шалқалап, ашуын баса алмай дегбiрсiзденген Бас хатшыға ажарлана қарады:

– “... Екiншiден, ұлтшылдық ауан тамырын тереңге жаюда дегенiңiз мүлдем қисынсыз, – дедi сабырлы үнмен. – Бұл – менiң халқыма, қазақ халқына жабылған жала. Қазақтар ешқашан басқа жұртты жатырқап шетке қаққан емес, бiр қонған құдайы қонаққа қорасындағы жалғыз тоқтысын соя салатын, көршiсiне аузындағысын жырып беретiн аңқылдаған ақ жүрек дархан халық. Соғыс жылдары жер ауып келген қаншама ұлтты бауырына тартты. Ақ қар-көк мұзда аш-жалаңаш дiрдектеген бейбақтарды, ығысып тар лашықтың төрiне шығарды, жылы қабақпен жадырап қара нан, қара шайын бөлiстi. Одан кейiн алып құрылыстар, тың игеруге орай шеттен қаншама адам қоныстанды. Жарты ғасырдан берi қазақ жерiнде ұлтаралық қақтығыс болды дегендi естiп көрдiңiз бе? Жоқ! Осының бәрi қазақ халқының кеңпейiл, даналығы.Тiптi, өздерi несiбеден қағылып, өмiр сүруге қолайсыз, экологиясы нашар шөлейт, құмдақ алқаптарға ығысып қалса да, үйге келген мейманды сыйлап үйренген дағдысымен қыңқ деген емес. Осындай халықты қалай ұлтшыл дейсiз? Менiңше, зерттеушi ғалымдарымыз “Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы” деп тегiн айтып жүрмесе керек!”

– “Мен халықты кiнәламаймын, – Бас хатшы ендi байсал тартып, салмақтана тiл қатты. Бiлектерiн столдың үстiне айқастыра емiнiп, еңсерiле түстi. – Қазақ халқының қайырымды, дархан жүрек, даналығына ешқандай күмән келтiрмеймiн. Ондай қасиет барлық халықтың бойында бар. Мен бұл жерде республика басшылығындағы солақай, ұлтшылдық тенденцияның жағымсыз көрiнiстерiн айтып отырмын.”

– “Аргумент? – дедi бұл ширығып. Зор дененiң салмағына шыдай алмай астындағы емен орындықтың сүйегi сықырлап кеттi.

– “Аргумент дейсiз бе? Аргумент жетiп-артылады.


Республикада қазақтардың үлес салмағы қырық процентке жетер-жетпес қана. Соған қарамастан облыс, аудан, министрлiк басшыларының басым көпшiлiгi қазақтар. Сондай-ақ жоғарғы оқу орындарының көрсеткiштерiне қараңыз, жетпiс процентке дейiн қазақтар оқиды. Мұндай қисынсыздыққа неге жол берiледi? Республика халқының жартысынан астамын құрайтын орыстардың үлесi қайда? Ұлтшылдық, жiкшiлдiктiң көрiнiсi емей немене бұл? Осыдан артық не аргумент керек Сiзге?”

Оң жамбасқа салып, алып ұрғандай Бас хатшы айызы қанып, ендi не дер екенсiң деген сыңаймен мерейлене көз тастады. Бұл сәл iркiлдi. Жанды жерден ұстап отырғаны рас. Кадр саясатында бiраз бұра тартып, тiзеге салып жiберген жерлерi баршылық. Леонид Ильичпен көңiл жақындығын арқаланып, әрi Саяси Бюроның мүшесi деген беделiмен еркiн қимылға көшкен. Москваның ғұзырындағы облыс басшыларының бәрiн өзi тағайындады. Облыс орталықтарында, кейбiр өнеркәсiптiк қалаларда қосымша жоғарғы оқу орындарын, завод-фабрикалардың жанынан техникалық институттардың бөлiмшелерi мен факультеттерiн ашқызып, бiрiншi кезекте жергiлiктi жастардың оқуына мүмкiндiк жасады. Әсiресе Қазақстандағы қой санын елу миллионға жеткiзу туралы қаулыға байланысты жастарды ынталандыру және оларға қамқорлық жасау мақсатымен екi жыл комсомол-жастар бригадасында қой баққан жастарды кез келген жоғарғы оқу орнына емтихансыз алу жөнiнде арнайы үкiметтiң қаулысын шығартты. Нәтижесiнде қазақ балаларының оқуға көптеп түсуiне жол ашылды. Кейбiр зиялылар жолыққанда: “Бұл қалай, Димеке, бүйте берсек, қазақтың бәрiн қойшы қыламыз ғой” дейтiн ренiш бiлдiрiп. Алаңдауы орынды, қой соңында салпақтаған адамның азып-тозатынын кiм бiлмейдi. Бiрақ Орталықтың шешiмi солай болса, не iстейсiң? Есесiне бұлар да қарап отырмай қам жасады. “Надан болмайды, адам болады,–дейтiн бұл күлiп ондайда. – Қой саны елу миллионға жеткенше қай заман. Оған дейiн талай нәрсе өзгередi. Одан да үкiметтiң қаулысын пайдаланып, жастарымыз оқып алуы керек. Қой баққан балаларға кез келген институттың есiгiн ашып қойған жоқпыз ба? Әйтпесе медицина, техникалық институттарға қай қазақтың баласы өз бетiмен түсiп жатыр?”

– “Қазақ халқының республикада қырық-ақ процент екенi рас! – Бұл сәл ойланып барып, басын изедi. – Бiрақ өз жерiнде азшылық болып қалғанына қазақ халқы кiнәлi ме? Он үшiншi жылғы санақ бойынша, қазақтың саны бес миллион болған. Түркиядағы халықтың саны да сол мөлшерде екен. Қазiр түрiктер қырық миллионнан асып жығылады. Ал, бiз ше? Жетi миллионға әлi еркiн жете алмай отырмыз. Неге? Өйткенi отыз екiншi жылғы ашаршылықта Сталиндiк солақай саясаттың салдарынан қазақтың үштен екiсi қырылды. Аман қалғанының бiразы шетел ауып босып кеттi. Отан соғысында сайдың тасындай жарты миллион боздағынан тағы айрылды. Ес жиып, еңсе тiктеп, демографиялық өсу жолына түскенi ендi ғана. Сiз, республикада студенттердiң жетпiс процентi қазақ дейсiз. Қазақ тiлiнде мектеп бiтiрген жастар Қазақстанда оқымаған да қайда оқиды? Ұлттық республика болған соң ұлттық кадрлар дайындауға бiрiншi кезекте назар аудару – табиғи құрылыс. Халықтың тiлiн, дәстүрлi өнерiн сақтап өркендетпейiнше, түрi ұлттық, мазмұны социалистiк мәдениетiмiз қалай жасалынбақ?”

– “Бiз ұлттық мәдениеттiң өркен жаюына қарсы емеспiз, ұлттық оқшаулануға қарсымыз. Қазақ жастары басқалардың алдын орайтындай алғыр, талапты болса, шетке барып неге түспейдi? Совет одағында кез келген оқу орынының кез келген ұлтқа есiгi ашық.”

– “Ол сөз ғана. Кез келген республика, регион қандай мәселеге болмасын өз мүддесi тұрғысынан қарайды. Ол, әрине, өмiр талабы. Бiз жыл сайын Москва, Ленинградтың оқу орындарына жалынып-жалпайып жүрiп үкiмет арқылы лимитпен он-онбес баланы әзер алдыртамыз. Ал, өз бетiмен ауылдан барған бала оның есiгiнен сығалай ала ма?”

– “Демек, бiлiм сапасы төмен деген сөз. Республикада оқыту iсi дұрыс жолға қойылмаған!”

– “Бұл жағынан кемшiлiктер бар екенi рас. Республика халқының жартысынан көбi ауыл-қыстақта тұрады. Соның сексен процентке жуығы қазақтар. Ауыл мектебi мен қаладағы мектептiң жағдайын салыстыруға келмейдi. Тұрмыстық-мәдени жағдайға байланысты ауылда кадрлар тұрақтамайды, жабдықталуы нашар. Мұның бәрi, әрине, бiлiм сапасына зиянын тигiзбей қоймайды. Бiрақ көзiн тырнап ашқаннан ата-анасына жәрдемдесiп мақта жинап, жер жыртып, мал бағып жүрген сол ауыл жастарының оқып бiлiм алуына мемлекеттiк тұрғыдан қамқорлық жасамасақ бола ма?”

– “Менiңше, бұл жерде басты кiлтипан орыс тiлiн оқып үйренуде жатқан сияқты. Қазақ жастары орыс тiлiн тиiстi дәрежеде бiлмейдi, сондықтан республикадан тыс жерге барып оқуға түсе алмайды. Мемлекеттiк тiлге аяқасты қарап, тар ұлттық шеңбермен шектелгенсiздер.”

– “Жоқ, мүлдем олай емес. Социологиялық зерттеулер бойынша, ұлттық республикалардағы орыс тiлiне ең жетiк – қазақ жастары. Олай болатын себебi де бар. Тың игеру кезiнде орыстар, украиндар, беларустар қаптап қоныстанып, жергiлiктi халық азшылыққа айналды. Соның салдарынан Солтүстiк облыстарда жетi жүзден астам қазақ мектебi жабылды. Өндiрiстiк кенттер мен қалаларда ұлттық мектеп жоқтың қасы. Ал, республика астанасы Алматыда қазақтардың саны жиырма бес процент болса да, қаладағы үш жүз мектептiң бiреуi ғана қазақша. Осы ма бiздiң ұлтшылдығымыз? Сiз айтқан проценттiк теңгермешiлiкке салсақ, бiр ғана Алматының өзiнен жүз қазақ мектебiн ашуға болар едi. Бiрақ өйткен жоқпыз. Себебi бiз тым патриотпыз, тым интернационалиспiз. Соның салдарынан көп жағдайда, өз сыбағамыздан қағылып, зиян шегумен келемiз. Ұлттық мүдде аяққа тапталды. Бәлкiм, Сiз ұсынған демократиялық қағидаларды басшылыққа ала отырып, ең әуелi осы тарихи әдiлеттiлiктi қалпына келтiрген дұрыс шығар?”

Бұл ернiнiң ұшына болар-болмас күлкi үйiрiлiп, Бас хатшыға “бұған не дейсiз?” деген сауалмен көз қиығын тастаған. Қырын қараған күйi шеке тамыры шодырайып түйiлiп қалыпты.

– “Республиканы отыз жыл басқарып келесiз. Бәрi өз қолыңызбен жасалған қаталықтар. Оны неменеге саудаға салып отырсыз?” – дедi шекесi одан ары шытынап.

– “Жауапкершiлiктен қашпаймын. Менен де ағаттық кеткенi рас. Бiрақ бiз басшымыз дегенмен, кейде қуыршақ сияқтымыз. Көп ретте бәрiн Москва өзi билеп-төстедi емес пе? Мәселен, тың игеру кезiнде республика басшыларымен санасты ма? Жоқ. Бiздiң келiсiмiмiзсiз оңтүстiктегi бiраз жерiмiздi Өзбекстанға бөлiп бердi. Хрущев, тiптi, шекаралас бес облысты Россияға қоспақ болды. Бұл дегенiмiз қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiне қол сұғу емес пе?”

– “Бiздiң мемлекетiмiздiң аты – СССР. Қазақстан, Өзбекстан... емес. Республикалар аумағы жәй қағаз жүзiндегi формалды нәрсе. Кез келген мәселеге ортақ мүдде тұрғысынан қарау керек.”

– “СССР Ортақ отанымыз екенiнде дау жоқ. Бiрақ


әр халықтың өсiп-өнген тарихи ата жұрты бар, республикалардың шекарасын Ленин өзi белгiлеп берген, Конституциямен бекiтiлген. Ұлттық территория дегенiмiз – сол ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан тiлiн, мәдениетi мен әдет-ғұрпын аялап-әлпештейтiн алтын бесiк. Совет одағының кез келген түкпiрiнде орыс халқының ұлттық мүддесi қорғалады. Өйткенi ұлттық ая, орта бар, яғни кез келген жерде орыс тiлi қажеттi, орыс мәдениетiнiң мерейi үстем. Ал басқалар ше? Мәселен, қазақтар өзiнiң тiлi мен мәдениетiн Молдавияда немесе Балтық жағалауында өркендете алар ма едi? Жоқ. Ұлттық құндылықтар тек өзiнiң табиғи топырағында ғана өсiп өркен жаяды. Сондықтан мен өз халқымның перзентi һәм сенiм артқан басшысы болғандықтан, оның мүддесiне қатысты мәселенiң ешқайсына бейтарап қарай алмаймын... Мен мұның бәрiн Сiз Қазақстанда ұлтшылдық белең алды деп аузымды қыздырған соң айтып отырмын. Iстiң шын мәнiсiн бiлсiн деген ниет. Сiз ұлтаралық мәселелердi қолға алғыңыз келсе, қырағы назарыңызды әуелi Кавказ, Балтық жағалауындағы республикаларға аударуыңыз керек едi. Ал Қазақстаннан ұлтшылдық iздеу – жоқ жерден проблема жасау деген сөз. Сiз, Михаил Сергеевич, бүкiл совет халқының лидерi, көсемiсiз. Бәрiне ортақсыз. Ал Сiздiң алабөтен орыс халқының мүддесiне алаңдайтыныңызға қайранмын. Сiз менен бiрiншi кезекте Қазақстандағы әлеуметтiк ахуал туралы сұрауыңыз керек едi. Мен сонда Сiзге қазақстандықтардың үлкен бiр бөлiгi қырық жылдан берi ядролық сынақтан зардап шегiп келе жатқаны, тың игеру, алып құрылыстар салу салдарынан шетке ығысқан отыздан астам қазақ аудандарының суы тапшы, өмiр сүруге өте қолайсыз шөлейт аймақтарға орналасқаны туралы айтар едiм. Сондай-ақ, республика бiрыңғай шикiзат көзiне айналып отыр. Бiздегi завод-комбинаттардың бәрi алғашқы өнiмдердi өңдеп, қарабайыр процесстердi ғана атқарады. Есесiне экология жағынан өте зиянды, қара түтiн, залалды қоспаларды шығарады. Ал соңғы өнiм шығаратын, интеллектуалдық ақыл-ойды талап ететiн, денсаулыққа зиянсыз өндiрiс орындарының бәрi елдiң европалық бөлiгiне шоғырланған. Неге бұлай? Осының астарында үлкен саясат жатқан жоқ па? Қалай болғанда да мұның бәрi жедел түрде шешуiн табуға тиiстi мәселелер...”

Сол күнi екеуi бiрiмен бiрi арбасып, ұзақ ырғасты.


Анау жымын бiлдiрмей қақпанға қарай мұны қақпайлап әуре, бұл қауiптi тұсқа аяқ баспай жалт берiп қиялап кетедi. Әдетте басынан сөз асырмай шырт ете қалатын Бас хатшы бұл жолы шыдап бақты. Михаил Сергеевич әсiлi, жалтақ, табансыздау адам едi, әрекетiнiң көбi екiұшты, бұлтақ, не нәрседе де табан тiреп күреспей, секем алған тұста аңыс аңдып жалт беретiн. Тықсырып алмақ болып бiрден ауыз салғанмен, бұл тайсалмай қайрыла берiп азу ақситқан соң бәсең-бәсең жуасып, қарсы пiкiрдi тыңдай бiлетiн кең мiнез, демократтың рөлiн ойнауға көшкен. Терiсiне сыймай тырсиып отырса да сыр бермеуге тырысып, мұның шымбайға батар сөздерiн елемеген болды. Мұны қақпайлаған жоқ. Тiзгiндi жiберiп қойып, анда-санда бiр тартады. Онысы мына кәрi түлкi iшiндегi қоясын ақтара түссiн, көкiрек қатпарын көрейiн деген қулығы шығар бәлкiм? Бұл тартынған жоқ. Талайдан берi iшiнде қордаланған қыжылын еркiн шығарды. Демократпын дейтiн кiсi ғой, қаншалық демократ екенiн көрейiк дегендей әдейi шымбайға батырып-батырып айтқан. Несiне тайсалады. Осы уақытқа дейiн заманның ығына жығылып, аузындағы сөзiн айта алмай қанжар жұтып, қан жылағаны аз ба? Қашанғы еңсе тiктемей өтпек? Қиратқанда пенсияға шығарар. Оған өзi де мақұл. Жетпiске толғанда-ақ демалысқа шыққанды қолай көрiп, Леонид Ильичке құлаққағыс қылған. “Сенен алты жас үлкен менiң өзiм демалыс туралы ойламаймын, саған не жорық, әлi жiгiт емессiң бе!” деп сөзiнiң аяғын қалжыңға айналдырып, өтiнiшiн аяқсыз қалдырған марқұм. Одан бергi төрт жылда мiне, үш Бас хатшы ауысып, апалас-төпелес заман болды да кеттi. Бiрi – ойға, бiрi – қырға тартып, қымқуыт арпалыспен жүргенде, пенсия туралы ойлауға мұрсат болды ма. Шынында да соңғы жылдардағы берекесiз тiрлiк қатты титықтатып жiбердi. Екi рет инфаркт алды, жүрек дiмкәс, оның үстiне ит пен мысықтай аңдысқан мынандай жағдайда не жұмыс iстеп барқадар табасың.

Михаил Сергеевичтiң сөз ауанын тыңдап отырсаң, кейбiр қисындары қызық. “Сiздiң бұл айтып отырғандарыңыздың бәрi әлеуметтiк мәселелер, ұлттық мәселе емес. Бiзде ұлттық мәселе жойылған, жетпiс жыл iшiнде “совет халқы” деген адамдардың бiртұтас, мызғымайтын монолиттi жаңа қауымдастығы қалыптасты. Сондықтан ұлттық проблема болуға тиiстi емес” деп соқты. Әлбетте, ұлттардың жақындасуы, туыстасуы – табиғи процесс. Бiрақ Лениннiң: “ұлт бар жерде ұлттық мәселе де бар болып қала бередi” деген қағидасын қалай ұмытады. Ол кiсi ұлы орыстық шовинизм де, жергiлiктi ұлтшылдық та бiрдей қатерлi деп талай рет ескертпеп пе едi. Әлде лениндiк теориялар ескiрдi деп мұрнын шүйiре ме екен? “Қайта құру” дейдi. Қайта құру үшiн бұрынғы бар нәрсенi қирату керек қой. Iргетасын Ленин өзi қалап, жетпiс жыл бойы совет халқы қан мен терiн төгiп көтерген алып ғимаратты талқандамақ па? Өндiрiс түгелдей шаруашылық есепке көшiп, алғашқы кезекте тек өз күнiн күйттесе, кооперативтiк меншiк экономикадағы айқындаушы факторға айналса, социализмнiң түп-негiзi шайқалған емей немене? Адамдар жекеменшiктiк психологияға бой алдырады. Оның арғы жағында әлеуметтiк жiктелудiң құлағы қылтиып тұр. Жеке адамның инициативасына қашан шектеу болып едi? Өз ортасынан озып шыққандар ешқашан атаусыз қалған емес. Сыйлық алды,наградалармен марапатталды, жеңiлдiкпен оқуға түстi, қызметi жоғарылады. Өндiрiстiң қозғаушы күшi деген мiне, осы. Шаруашылықты жеке индивидтiң мүддесiне бағындыру – социализмге адамдық бет-бейне беру емес, буржуазиялық бет-бейне беру болып табылады...

Не керек, екi сағатқа созылған ары тарт та бері тарт ұзақ ырғасқан әңгiме үстiнде бiраз жараның аузын тырнаған. Кетерiнде, алдын-ала жазып әкелген арызын папкасынан алып, Бас хатшының алдына қойды.

– “Михаил Сергеевич, мен пенсияға шыққанды жөн көрiп отырмын. Жас келдi, денсаулық та бұрынғыдай емес. Азды-көптi бiрге жұмыс iстедiк, бәрiңiзге рахмет. Ендi бiз сияқты кәрiлердiң жiгерлi жастарға жол бергенi абзал шығар.”

Горбачев жәй әдеп үшiн қараған боп көз қиығымен бiр шолды да, арызды үстелдiң шетiне қарай сырғыта салды. Қызметiнен мiн iздеп бағанадан берi оңды-солды құйқылжытқанда, бар ойы – бұдан қалай құтылудың амалы болатын. Не дегенмен, Саяси Бюроның мүшесi, жақтастары көп, ықпалды басшы, басқалардай iшiп-жеп не бала-шағалары қылмысқа батып былыққан адам емес, бойы таза, орынсыз соқтығуға iштей қаймығатын һәм азуын айға бiлеген ана қумүйiз Романов, Тихонов, Гришиндердiң желке күжiрейткен дөңайбатынан iш жиып жүргенде, жау көбейтiп алам ба деп те қауiптенедi. Іштерiне қан қатқан өңшең көкжал күнi ертең жел жағынан ұлып табысары сөзсiз. Бұларды алдап-сулап, бiрден бәрiн тырқыратып қуып шықпай, араларына уақыт салып, әртүрлi айламен бiр-бiрлеп дымын құртқан ләзiм. Әйтпесе “шалдар көтерiлiсi” болуы мүмкiн. Талдау бөлiмi берген компроматтар дәрменсiз болып шықты. Арлы-берлi үйiрiп елпеңдеткенмен, ұзын шалды серең еткiзiп шалқасынан шалып түсiруге қауқары жетпедi. Қайтпек керек? Бiр жыл-жарты жыл шыдай тұрса ма екен? “Жасыңыз келдi, ендi демалғаныңыз дұрыс шығар” десе, жасы одан үлкен – Громыко, қатарластары – Щербицкий, Әлиевтер тұрғанда алабөтен iзiне түсiп шеттеткендей болмай ма? Не iстерiн бiлмей әрi-сәрi күйде отырғанда, құдай оңдап, көктен сұрағанын жерден берiп, мiне, өзi арызын ұсынып тұрған жоқ па! Бiрақ қуана алмады. Осы әрекетiнiң өзiмен-ақ бекзат, дегдарлығын танытып, биiктен қарап тұрғандай.

– “Дiнмұхаммед Ахметович, бұл Бас хатшының ғана ғұзырындағы мәселе емес, Саяси Бюроның шешiмiне қарай көремiз. Жалпы, демалысқа шығуға асықпасаңыз да болатын едi!” – деп екiұштылау жортақтата сөйлеп, бетiне жымиып қараған. Бұл жауап қатқан жоқ, қоштасып шығып кеткен.

Бас хатшы өзiне өзi қанағаттанбаған жартыкеш сезiмде қалды. Жеңiсi жеңiлiстей бiр хал. “Арызын бердi ғой, ендi саған не керек” десе де бiртүрлi көңiлi толмай қоңылтақсып отыр.

Михаил Сергеевич, әсiлi, өзiмшiл, астам көңiл кiсi болатын. Бас хатшы болғннан берi шексiз билiктi көтере алмай тайраңдап сол мiнезi тiптен асқынып кеткендей едi. Сәл нәрседен ашуланғыш, шырт етпе. Алдына келгендi тұқыртып, тарпып, жаншып тастауға жаны құмар. Дұрыс болсын, бұрыс болсын желдей есiп өзi сөйлеп, бақалардың бас шұлғып мақұлдай бергенiн қалайтын. Бүгiн мына ұзын шалдың иiлмей, еңсесiн тiк ұстап кеткенi арқасына аяздай батып отыр. Ең болмаса күмiлжiп, сәл аяқ тартса екен-ау. Сiз, бiз деп сырбазданып отырып-ақ дымын құртты. Не айтса да ұстатпайды. Қателестiк, түзетейiк демедi, қарсы дау айтып, ақталуға даяр. Бас хатшы болғалы ешкiм бүйтiп бетiне жел боп тиген емес. Бұл айтқан сынның бәрiн мойындап, кешiрiм өтiнiп, абройсыздықпен қуылмас үшiн қартайдым, шаршадым деп жалынып-жалпайып пенсияға шығуға арыз берсе – мiне, сол едi ғой бұның күткенi.

Михаил Сергеевич сықырсыз жабылған қоңыр, емен есiкке үнсiз тесiрейiп, бiраз отырды да: “Қарай гөр дәмесiн! – дедi iшiнен, оң жақ езуiн қисайта жымқырып. – Тып-тыныш пенсияға шыға қоймақшы. Мен сенi жай жiбермеймiн, құйрығыңа қоңырау байлап бүкiл дүниеге даңғара қаққызамын!”

Димекең Бас хатшының iшiне кек түйiп қалғанын сездi. Бiрақ өзiнiң қожайын алдында бұлай мiнез көрсеткенiне өкiнген жоқ. Қолынан екi келсе, бiрiн қылып алсын деген мығымдық бар көңiлiнде. Кеудесi шалқақ, жандүниесiн бiртүрлi алабұртқан көтерiңкi сезiм кернеп алған. Ертең, құздан құлап түскендей, абырой, мансап... бәрiнен айрылатынын бiлсе де ойындағысын iрiкпей айтып алғанына риза. Қызық. Талай-талай қызметтен түстiм бе деп жаны қарқараға келiп, қылпылдап, әйтеуiр әупiрiммен қылкөпiрден аман өтiп қуанғанда да дәл бұлай мерейi шалқыған емес. Бұл мүлдем басқаша қуаныш. Қарапайым жанның шын толқыған риясыз қуанышы. Көптен берi тұңғыш рет “үлкен адаммын” деген күпiрлiктен ада, қатардағы пенде боп қара жердi еркiн басып келедi.



Горбачев “сый табағын” көп күттiрген жоқ. Орнынан алмағанмен басқа айлаға көшкен сияқты. Үйреншiктi
әдiспен әуелi азуы алты қарыс одақтық газеттер Қазақстанға тарпа бас салды: экономика тұралаған; халық мүлкi талан-таражыға салынып, ұрлық-қарлық жайлаған; кейбiр жергiлiктi басшылар моральдық жағынан азғындап, өздерiн кiшкентай хан дәжересiнде сезiне бастаған... Бiрiнен бiрi асырып жазды. Аз-ақ уақыттың iшiнде Қазақстан одақ жұртшылығының көз алдында былық пен қылмыстың ордасына айналды да кеттi. Орталықтан iле-шала айрықша қылмыс тергеу тобы келдi. Бұған тонның iшкi бауындай жақын деген, құда-жекжат, сүйек шатыстығы бар екi министр, бiр облыс хатшысы тұтқындалды. Олардың қылмысын анау-мынауға сенбей, Өзбекстандағы “Адылов iсiн” тергеген Гдлян өзi қолға алды. Әйгiлi тергеушiнiң әр қадамын тамсана жазып езуi көпiрген “Казахстанская правда” қайта құру заманының бестеллерiне айналды. Түптеп келгенде, мұның бәрi – екi есеп, бiр қисап: “мiне, әулие тұтқан Қонаевтарыңның сиқы осы, былық пен шылыққа құлағынан батып отыр” деп жалпақ елге масқаралау үшiн қойылып жатқан водевиль едi.

Горбачевтен, әлбетте, бәрiн күтедi. Бет ашысқан ымырасыз қарсылас. Қандай қысастық жасаса да таңырқамайды. Кезiнде қаржасты, шайнасты. Өзiнше қайтарып жатқан қарымтасы шығар. Әрi-берiден соң бұдан осыдан басқа не күтушi едiм деп онша қынжыла да қоймайтын. Бәрiнен бұрын қасындағы үзеңгiлес серiктерiнiң оп-оңай сырт айналғаны жанына қатты батты. Неткен қабақ танығыш қырағы, неткен мұрындары иiс сезгiш десеңшi. Мұның қолынан тiзгiн сусып бара жатқанын бiрден аңғарып жалт берiстi. Бәрi – өзi тәрбиелеген шәкiрттерi. Бiрiн алалаған жоқ. Қазақтың балалары ғой, өсе берсiн, ертеңгi өрiстi кеңейтетiн осылар емес пе деп, әр жерде жылт еткендердi қалт жiбермей қасына жинаған. Кейбiреулерiн, тiптi, тiзгiн сүзiп тұрмаса да тәрбиеленер, жетiлер деп көз жұмбайға салған тұстары да болды. Әттеген-ай, шынымен кiсi танымағаны ма, әлде пендешiлiк араласты ма? Қалай дегенмен де, көп ретте сырты жылтырағанға алданып, аға-көкелеп iшi-бауырына енiп тәттi сөйлегенiне арбалып қалғаны анық. Ендi, мiне, кешегi табанын жаламаса да бәтеңкесiн мұртымен шөткілейтіндей иiлiп-бүгiлетiн сол көгенкөздер “осы шал болмаса, осындай болар ма едiк-тi» ұмытып, мейлi, ұмытсын, өздерi-ақ өскен, жеткен болсын, бiрақ қазақтың қалқайып жүрген бiр қариясы едi ғой деп сақалын сыйламай ма, Москваның айтағына ерiп шәуiлдедi де кеттi. Ең болмаса, үндемей қалуға жарамады-ау. Жарайды, жылы орынын қимай қорғалақтасын, тiптi, жағынсам жоғарылармын деп те дәметсiн, бiрақ ар-ождан, кiсiлiктiң де құны бар емес пе. Әсiресе, Айтуаровтың қылығын айтсаңшы. Ол үшiн тартынған жерi бар ма? Ол да бұл үшiн жан алып, жан беретiндей көрiнген. Бәрi жалған, бергi жағы екен. Осы жiгiттi тықпалаған құрдасы құрғыр болатын. Неғып құсы алабөтен түскенiн кiм бiлсiн. “Өзiмiздiң бала, өсiрейiк, жанып тұр” деп тiзеге салып отырып алды. Мектеп бiтiрген соң институтқа түсе алмай, комсомолдық жолдамамен өндiрiске барған. Сонда жүрiп өскен. Оқуды сырттай тәмамдаған. Көңiлi толмады. Өз бетiмен оқуға түсе алмаған адам қайбiр парасатты басшы болып жарытады дейсiң деп ойлаған. Бiрақ құрдастың қолқасынан аса алмады. Кейiн, рас, ол пiкiрi өзгердi. Болайын деп тұрған жiгiт екен. Ойын-тойдың ажары, iшi-бауырыңа кiрiп елiтiп, елжiретiп жiбередi. Сөйте-сөйте сатылап өсiп, бiраз жерге келдi. Әлбетте, қай деңгейде болмасын, бiрiншi басшы болған жоқ, идеология саласымен өстi. Әдетте iскер адам тындырған iсiнен қанағат тауып, тоят алады емес пе. Бұл бүкiл есебiн мансапқа құрған пысық болып шықты. Жылт етiп көрiнiп қалуға, қисынын тауып ұтысты шығуға шебер-ақ. Ондайда ештеңеден тайынбайды, обал, ұятты ойламайды. Бiр қарасаң сайрап тұрған бiреу. Бiрақ бәрi бос, құр жылтырақ. Жаттанды цитата, жыпырлаған цифр. Аналитикалық ойға шорқақ. Осы сырын сезiсiмен iш жиған. Көзi жаутаңдап мөлисе де, бар өнерiн салып өңмеңдесе де, облыс-ауданның не министрлiктiң бiрiншi басшылығына жуытпаған. Сөйтiп жүргенде бүкiл одақты шулатқан Хлебниковтың былығына араласы бар боп шығып сотқа тартыла жаздаған. Төбесiнен итерiп суға батыра салса да болар едi, “аға-еке, құтқара гөр!” деп аяғына жығылып жылаған соң аяп әрi “ойбай, республика басшылары әбден былығып бiткен екен ғой!” деген дабырадан қорқып, арашалап қалған. Сөйткен Айтуаров ендi не iстедi? Өмiр бойы бұл қырына алып, қудалаған адам болып шыға келдi. Кремльдiң құлағына қандай әуен жағатынын бiледi. Әнеукүнгi Горбачевтың аузындағы сөзден де соның сасық демi сезiлiп тұр. Жең ұшынан жалғасып, қандай кiнә тағамыз дегенде берген ақылы ғой. Орталықтың тапсырмасы болар, соңғы уақытта тым белсендiлiк танытып, газет-журналдарға оңды-солды интервью бергiш болып алды. Сыпыра сынау. Қарап отырсаң, республикада оңған бiр iс жоқ, бәрi былыққан, социалистiк принциптер аяққа тапталған... Айналдырып әкелiп әңгiменi мұның өзiне тiрейдi тiкелей: “... Өз басында коммунистiк тазалық болмаған адамнан не қайыр... Қонаев жолдас осы уақытқа дейiн ұлтын жасырып келген адам. Басшы қызметке жоғарылау үшiн қырық екiншi жылы паспортын ауыстырып, қазақ болып жазылып алған... Қайынатасы саудагер, шонжар. Он сегiзiншi жылы Ақмолада совдептi талқандауға қатысқан... Қонаев жолдас коммунист басшы ма әлде феодалдық Шығыстың патшасы ма – соңғы кезде айыра алмай қалдық. Өзiнiң жетпiс жылдығында салтанатты қабылдау ұйымдастырып, халық мүлкiн келгендерге шүлен қылып таратты... Ең аяғы өзiнiң моральдық жағынан азғындаған iнiсiн Ғылым академиясының президентi етiп қойды...” Әуелi күлдi, содан соң ызаға булықты. Ішi күйген ағайынның басқа iлiк таппай күңiрсiткен өсегiн азамат басымен сөз деп көйiткенiне күлмегенде қайтесiң. Көкiрегi көрбiлте, пасық айналасынан тек жамандық, кiр-қоқыр ғана iздейдi екен ғой. Әйтеуiр жауласқаннан кейiн несiн аяйын, қаралай берейiн деп жер-көрдi көзiнен тiзгенiне қалай күймессiң һәм сол кемшiлiк деп көлденең тартып отырған мәселелердiң көбiне өзiнiң араласы бар. Жетпiс жылдық тойында юбилейлiк комиссияның хатшысы болды. Қабылдау деген пәленi шығарып жүрген Кемелжанов екеуi. “Юбилейлерде салтанатты қабылдау жасау – барлық республикада бар рәсiм. Кезекте тұрған, мұқтаж бiр-екi адамға пәтер берiңiз, екi-үш мүгедекке машинаның кiлтiн ұстатыңыз... заңға қайшы ештеңесi жоқ. Қайта елдiң алғыс-ықыласына бөленесiз” деп екеуi екi жағынан сарнаған соң көнiп қалған. Інiсiн президент қылып қоюға да ықпал еткен солар. Кейiн бетiне салық қылуға жақсы, былыға берсiн деп әдейi отқа итерген жәдiгөйлiктерi екен ғой. Рас, iнiсiне Академияның басшылығын жүктеуi – үлкен қателiгi. Сол кезде бiр әншiмен әуейi болып, әрi iшiмдiгi құрғырға тым әуестенiп үй-iшiнiң берекесi қаша бастаған соң, бiр жағынан жауапкершiлiк сезiнiп, тiзгiн тартар деген оймен тәуекел етiп едi. Бұл жерде, әлбетте, шындықты айтқан Айтуаровты кiнәламайды, абыройға жолдас болмаған iнiсiне өкпелi.

Бұдан басқа да жағылған күйе аз емес. Өзгелер де Айтуаровтан қалысып жатқан жоқ. Бәрi Кремльдiң айтағы екенiн бiлiп отыр. Бiрақ қайраны қайсы. Орнынан не алған емес, не мазағын қойған емес, мұның не ойын екенiн түсiнбей дал. Қуыршақтай қоқырайтып отырғызып қойып, көртышқанша iргесiн үңгiген Бас хатшының мүттәйiм қылығы қабырғасына батып барады. Әрi-сәрi жүре бермей бiр жағына шуғу үшiн жақында телефон шалған. Горбачевтың дауысы емен-жарқын, көңiлдi. Аман-сәлемнен кейiн:

– “... Дұрыс, Динмұхаммед Ахмедович, республикада соңғы кезде сын, өзара сын жақсы өрiс алып жатыр. Талай кемшiлiктiң бетi ашылуда. Сын түзелмей, мiн түзелмейдi деген осы!” – деп көтерiңкi үнмен бiраз лепiрiп барып тоқтаған. Бұл не десiн, телефонмен айтысатын емес, “иә, солай ғой” деп қоштаған болды да, өз сөзiне өзi айызы қанып, ауыздықпен алысқан Бас хатшының ары қарай желпiне жөнелуiне дес бермей жол ортадан киiп кеткен:

– “Михаил Сергеевич, менiң арызым не болды? Ұзап кеттi ғой!..”

–“Арызыңызды жақында қанағаттандырамыз. Арманы-

ңыз – пенсияға шығу болса, той жасауға қамдана


берiңiз!” – дедi дауысы кiлт шыңылтырланып жақтырмай. Пенсияға қуып жазалаймын ба десе, қашан шығам деп асыққанына жыны келiп отырған сияқты.

– “Рахмет! – дедi бұл. – Бiрiншi хатшылыққа кiмдi қоймақ ойларыңыз бар?”

Қитығып қалған Бас хатшы:

– “Ол жағына алаңдамаңыз. Сiзсiз-ақ шешемiз!” – деп келте қайырды. Сонымен сөз тәмам. Бас хатшының дөкiрлiгiне етi үйренген. Бұл жәбiрленген жоқ. “Өзiнiң таяз, мәдениетсiздiгiн көрсеттi. Оның несiне күйiнемiн” дедi қолын сiлтеп.



Орнынан тұрып, кең кабинеттiң iшiн мамырлай басып арлы-берлi ұзақ шарлады. Сонда кiмдi қоймақшы екен? Көздеп жүрген екi-үш жiгiтi бар едi. Партия-совет қызметiнде әбден ысылған. Үлкен-үлкен облыстардың тiзгiнiн ұстап шыр айналдырды. Кiсiлiктерi де кемел. Рас, жаздағы соңғы съезде өзiне қарсы шығып, бiраз сын айтқан. Бұл да, әрине, әулие емес қой. Сүрiнген, жаза басқан жерлерi болуы әбден ықтимал. Сындары орынды болса да қарияның елжiреуiк күйрек көңiлiмен “дәл осы кезде жатпен бiрге жабылып неге табалады” деп қатты ширыққан. Сонда да бүгiн “орныңызға өз тарапыңыздан кiмдi ұсынбақсыз?” деп сұрағандай болса, сол жiгiттердi атар едi. Бiрақ Айтуаров оларды да күйелеп болды. Құдай түбiн қайыр қылсын, айналасын оңды-солды жайпап өзiне жол ашып келедi. Тап-таза өзi ғана. Іскер, күрескер. Былыққан Қазақстанда әдiлдiк үшiн арпалысып жүрген жалғыз жалаңтөс. Кремльдiң көзiне солай көрiнедi. Сонда?.. Бетiне су бүрiккендей, суық ойдан бұл түршiгiп кеттi. Жоқ, екiншi, үшiншi қатарда жүруге ғана лайықты адамның кездейсоқ суырылып алға шығуы қауiптi. Үнемi алда болуға, биiкте самғап отыруға тегеурiн жоқ. Не iстеу керек? Қарағайдың арасындағы тапал, тырбық бұта сияқты болып көрiнбеу үшiн басқаларды өз деңгейiнен асырмауға тырысады. Сөйтiп, өрелiмен, өнерлiмен алысады. Ақылдыдан жау iздейдi яки тырбық бұтаға күн түсуi үшiн көкке бой созған айналасындағы қарағайларды отап жайпау керек. Тырбық бұталар өскен жерде биiктiк жоқ –
не өзi өспейдi, не өзгенi өсiрмейдi. Айтуаровтар, мiне, осысымен қорқынышты. Үйренейiн, өсейiн демейдi. Айналасын аласарту арқылы биiк болып көрiнгенге мәз. Сондықтан олар жүрген жерiн ұсақтатып, аздырып-тоздырып бітеді. Өңкей күйкi тiрлiк аласаның ортасында мойыны озып, қоқырайып отырған олар үшін ұлығ мәртебе, асқақ мерей.

Осы ойдың көкейiне қонақтауы мұң, ту сыртынан әлдекiм мырс еткендей, өз-өзiнен қуыстанып, бүйiрiн бiр сумақай ұры сезiм түртiп өттi. “Оны өсiрген кiм едi?” Иә, өзiнде де бар-ау. Көңiлiн тауып құрдай жорғалағанға елжiреп, естi екен дедi. Бетiнен қақпай бiраз жерге еркiнсiттi. Ендi мiне, бұл қайдан шыққан пәле деп бармағын шайнап отыр. Шама-шарқын бiле тұра қолпаштады. Өйткенi өзiне жақты. Қырын келгендердi қағып тастап отырды, ақ-қарасына қарамай. Парасат биiгiн өз бойымен өлшедi: маған қарсылық – әдiлдiкке қарсылық деген бiр астамшылық көңiл түкпiрiнде ұрланып жататынын өзi де бiлмейтiн. Иә, қалай ақталса да, кейде пендешiлiктен аса алмапты-ау. Тiлекшi дос жинаймын деп жарамсақ, жалтақтарды үймелеткен екен айналасына. Тым ұсақ, күйкi. Кiсiлiк, iрiлiк танытқан бiрi болды ма кешегi пленумда? Жарайды, өзi арыз берген соң орнынан босатсын. Бiрақ бiрауыз жылы сөздерiн қимағаны қалай? Шынымен соншалық қадырының кеткенi ме? Жұмыстан босату туралы екi-үш құрғақ сөйлемдi үкiм сияқты оқи салды. Бар болған-бiткенi сол. Ең болмаса, жайшылықта сарт мезiретiмен айтыла-айтыла жауыр болған “ұзақ жылғы жемiстi еңбегiңiз үшiн рахмет айтамыз...” да жоқ. Мейлi, Москваныкi мұқату болсын. Өзiнiң бауырлары мен шәкiрттерi не бiтiрiп отыр? Ықылас-пейiлдерi қайда? Бәрiнен бұрын орнына әкелген адамын айтсаңшы. Белгiсiз облыстың белгiсiз басшысы. Бүкiл Қазақстанның орыс-қазағынан соған татырлық бiр адам таппағаны ма? Әлде, сендердiң әулие тұтқан Қонаевтарыңның орнына бiздiң осындай адамдарымыз да жарай бередi деген доқ па? “Бұл қалай?” деп дауыс көтерген бiрi жоқ. Қайта, жаңа басшының аты аталғанда, бәрi ду қолшапалақтап орындарынан өре түрегелдi. Пленум он жетi-ақ минутқа созылды. От алып жүргендей абыр-сабыр аз уақыттың iшiнде бастықтың бiрiн алып, бiрiн сайлап “Аллаһу акбарын” айтып үлгiрген. Президиумдағылар орнынан тұрып, шығуға ыңғайланғаны сол-ақ екен, залдағылар жапырыла лықсып жаңа басшының жолын кескестедi. Қаумалай қоршап жiберер емес. Жарыса қол созып, қауқылдасып жатыр. Бұл президиумының екiншi шетiнде состиып жалғыз тұр. Жан адам жуитын емес. Лезде ешкiмге керегi болмай қалды. Бәрi жапырлап жаңа қожайынды шыркөбелек айналды. Зор денесi еңкiш тартып, көңiлiне бiртүрлi жалғыздық енгендей мүжiлiп тұр. Бiр жағынан өзiне жаза сияқты сезiндi. “Шоқ-шоқ, өзiңе де сол керек, қасыңа кiмдердi жинағаныңа ендi көзiң жеттi ме!” дедi көкiрек түбiнен бiр табалаған дауыс. Күлкiлi көрiнiске жиiркене қарап сәл тұрды да екiншi қапталдағы есiкпен дәлiзге шықты. Өз кабинетiне келдi. Арыз бергеннен берi столын тазартып, ыңғайластырып қойған. Көп ештеңе жоқ. Оны-мұны қағаздарын портфелiне салды. Имек қанат, орнықты креслосына шалқалап бiр дем қимылсыз отырды. Биiк төбе, көгiлжiм жұмсақ нұрмен жарқыраған кең бөлменi мұңлы жанармен баяу шолды. Жайшылықта назар аудармайтын әр зат бiртүрлi ыстық тартып, көңiлiне көлеңке ұялатты. Жаманды-жақсылы күндерiнiң жансыз куәсi. Әрқайсысына қимастықпен қарады. Ендi қайтып бұл бөлмеге кiре ме, жоқ па Құдай бiлсiн. Келсе де табалдырықтан басқа адам болып аттайтыны анық. Бүйтiп төрде отырмайды. Қарттыққа бой алдыра бастағаны ма, бiр күйрек, елжiреуiк сезiм қалай қуса да үйiрсектеп көкiрегiнен шықпай қойған. Елегiзiп қайта-қайта есiк жаққа қарағыштайды. Әне-мiне бiреу кiрiп келетiндей. Бiреу емес, жапырлаған топты адам. “Димеке!” “Димаш аға!..” Баяғы жүрек елжiреткен жұмсақ, iзеттi үндер... Жоқ, емен есiк жуыр маңда қозғалар емес. Жым-жырт. Ащы-тұщыны бiрге татысқан үзеңгiлес серiктерi, шәкiрттерi бүйтiп жалғыз тастамас, қауқылдасып бiраз отрармыз, iлтифат танытып кiсiлiкпен шығарып салар деген. Әлi жаңа қожайынның шашбауын көтерiп қолдары босамай жатыр ма, болмаса бұған Москваның қабағы онша емес екенiн байқаған соң, “құрысын, қосақ арасында кетiп жүрермiз” деп сақтанғандары ма? Айналасы сыпырылып жападан-жалғыз қалғандай, құлазыған көңiлiне қамсау болар ешкiм жоқ. Аңғал басы кiсi танымапты-ау. Жымия қарағанның бәрiн досым деп жүре берiптi. Жо-жоқ, өзгенi алдауға болатын шығар, бiрақ өзiңдi қалай алдайсың? Кiсi танымадым дегенi бекер. Шын мәнiнде олардың осылай болғанын қалады емес пе! Қабақ танығыш, сынық, сыпайыны кiсiлiктiң, кiшiлiктiң белгiсi деп ұқты. Сол қасиеттi бәрiнен жоғары бағалады. Өзiнен жоғарыдағылардың алдында өзi қалай iзет көрсетiп сызылса, төмендегiлердiң де өзiне солай шыбындап бас шұлғып тұрғанын ұнатты. Мұны субординация сақтау, партиялық этика деп ақтады iшiнен. Ал, “бұл қалай?” деп бетiне тiке қарағандардан iш жиып тiксiндi. Сондықтан ондайлардан тезiрек құтылуға тырысатын. Нәтижесiнде, мiне, екшелiп ылғи қауқарсыз майда-шүйде қалыпты айналасында. Қуыршақтан қол жинағанда қай ұшпаққа шығып қарық болам дедi екен. Шынайы дос кiм, дұшпан кiм – парықтай алмағаны ма? Асыл мен жасықтың парқын ендi бiлiп отыр. Шiркiн, кешегi Жұмекең, Жұмабек Тәшенов секiлдi төрт-бес тарлан бөрi қасында болғанда, бүйтiп пұшайманның кебiн киiп отырар ма едi, қазiр. Азуын айға бiлеген ондай арыстан – айбары, тас қорғаны емес пе. Жайшылықта қаржасқанмен кешегiдей сын сағатта мұны жауға бермейтiнi хақ, қазақтың намысы үшiн айғайлап атып тұрып, кеудесiн оққа тосар едi ғой. Сондай алтын басты азаматқа бұл не қылды? Қадырын бiлiп, қасиетiн таныды ма? Жұлдызы жарқырап жанған сайын көңiлiн қауiп пен қызғаныш биледi. Өзiне бақталас санады. Рас, бұл да биiк лауазымның дәмiн жаңа татып басы айналған жас едi, албырт едi. Өзiмнен асқан ешкiм жоқ дейтiн. Сондықтан өзiмен иық теңестiргiсi келгендердi қайдан жақтыра қойсын. Бәсекелескен егес пайда болды iштей бiр.

Тәшенов лауазым биiгiне тез көтерiлдi шарықтап. Қырыққа жетпей үкiмет басына келдi. Хрущев кадрларды сапырылыстырып жиi ауыстырушы едi. Сатылап өсiрмей көңiлiне жаққан адамды шахматтың атындай қарғыта салатын. Ол кезде Тәшенов Ақтөбе облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болатын. Екi жылдың iшiнде тұралаған облысты аяғынан тiк тұрғызған. Іскерлiк, ұйымдастырушылық қабылетiнде айтары жоқ. Бiрде Хрущев пен Булганин Делиге ұшып бара жатып жолай Ақтөбеге қонады. Жарты күндей аялдап, облыстағы iрi өндiрiс орындары мен мәдени мекемелердi аралап көредi. Партия, шаруашылық активтерiмен кеңес өткiзедi. Сонда жалындап тұрған жас басшының iсi мен сөзiне, ақыл-парасатына құлай жығылып, қатты тәнтi болса керек. Москваға оралысымен көп өтпей бiрден республика Министрлер советiнiң председателi етiп тағайындаған. Бұл әрине, жақтырған жоқ. Республиканың Бiрiншi басшысы ретiнде өзiмен бiр ауыз ақыл қоспай сыртынан билеп-төстеген Хрущевке де, айласын асырып онымен тiл табысып алған Тәшеновке де өкпелi. Бұрын өзiнен екi-үш саты төмен жүргенде iскер, принципшiлдiгiн бағалап iш тартып, ендi үзеңгi қағыстырып жақын келгелi, бүгiн болмаса ертең ат үстiнен аударып тастар бақталасын көргендей секемденiп, көңiлiне қауiп алған. Жайшылықта Тәшенов алға түспейтiн сыйлас, кiшiк болғанмен қызмет бабында бетiң бар, жүзiң бар демей кесiп айтатын тiк мiнез. Көбiнесе бұл сол мiнезi үшiн өкпелейтiн. “Көңiлiме қарамады, республикадағы Бiрiншi басшы деген атым бар емес пе” деп кейитiн. Үкiмет басына келе салысымен Алматыны жонарқадан қақ бөлiп жатқан Арычная деп аталатын ең үлкен, ең әсем көшенi Абай көшесi деп өзгерткiздi. Министрлер советi көп қаржы бөлiп, Абай ескерткiшiн салуға конкурс жариялады. Сонда бұл әзiл-шыны аралас:

– “Жұмабек-ау, Горсоветтiң шабындығына түсiп қайтесiң, Министрлер Советiнiң бұдан басқа айналысар маңызды жұмысы жоқ па?” деп қағытқан.

–“Горсоветiңiз iстесе, осы күнге дейiн шошқа тағалады ма? – дедi Тәшенов отты қара көздерi жарқ етiп. – Ұлт мүддесi, ұлт намысына қатысты мәселенiң үлкен-кiшiсi жоқ, бәрi маңызды, Димеке. Абайды ардақтағаннан Совминнiң абыройы төмендеп қалмас!”

Екеуi тура келiп бет жыртыспаса да, кейде осылай сүйкене, сөзбен қағысып шарпысып қалып жүрдi. Оның көптеген iсi буынсыз жерге пышақ ұрғандай ерсi көрiнетiн. Бiр байрақтың асты, бiр Отанның аясында отырып қазағым, ұлтым деп өңеш керiп бұра тартуға бола ма? Бұл деген отпен ойнау, түк шықпайтын бос әурешiлiгi өз алдына, түбiнде орға жығатын қауiптi әрекет. Өз басы ешқашан ондай қадамға барған емес, ақырын жүрiп, анық басқанды абзал көреді. Тәшенов: “Сiз екеумiз тiзе қоссақ, бiздi алатын жау жоқ” деп талай рет қақпайлағанда көнбеген. Сол үшiн оған жақпады. “Димеке, Сiз – малта тассыз, тым тайғақ, жылтырсыз” дейтiн кейiп. Осындай елеусiз ұсақ-түйекпен аралары ушыға бердi, жырақтай берді.

Бұл ат жалын тартып мiнгеннен күнi бүгiнге дейiн партия сызып берген түзу жолдан қия басқан емес. Жоғарыдан түскен нұсқаудың үтiр-нүктесiне дейiн бұған бұлжымас заң. Не нәрсенi де он өлшеп, бiр пiшiп, алды-артын барлап сабырмен iстедi. Ал, Тәшеновте ондай сақтық жоқ. Апырып-жапырып батыл қимылдайтын. Жоғарыдағылар не дейдi деп жалтақтауды бiлмейдi. Тура, кесiп сөйлеп, еркiн әрекет ететiн. Бұл көпке дейiн оның сырын түсiне алмай жүрдi. Осының бәрiн беделiн асыру үшiн, айналасына өзi туралы аңыз, дақпырт тарату үшiн әдейi жасайды дейiн десе, ертең-ақ мансап-лауазымнан жұрдай қылатын қатерлi iстерге қаймықпай баратынына қайран. Саясат деген батылдық емес, жүз иiлiп, мың майысып иненiң көзiнен өте бiлетiн шеберлiк, әдiс-айла. Кеуделей жарып тура тартсаң – алдың жар, қазiр-ақ омақасасың мойының қайрылып. Осыны да түсiнбей ме? Республиканы билеу екi тiзгiн, бiр шылбыр өз қолыңда дегендiк емес қой. Төбеңнен қалт жiбермей қадағалап отырған көз бар. Тiзеге салмай, әрнәрсенiң аңысын аңдып, қыбын таба бiлген жөн. Қия басқаныңды көрiп отырған төбеңдегi қожайын қағып жiберсе, қаңғып далада қалмайсың ба?

– “Билiк, мансап мәңгi қолда тұрмайды, Димеке. Жалтақтамай кiшкене атқа қамшы бассаңызшы!”

– “Жоқ, өйтiп менi ұсақ-түйекке арандатпа. Үлкен мақсаттарды iске асыру үшiн үлкен мансап керек”.

– “Кремль Сiзге осыдан артық үлкен мансап бермейдi. Үлкен мақсаттарды қашан жүзеге асырасыз?”

– “Асықпа, кезi келедi”

– “Жоқ, мен асығамын! – дейтiн ол қияс тартып ондайда. – Сiз сияқты мәңгi билiк басында отырамын деп ойламаймын. Бүгiнгi атқарылар iстi кезегi келедi деп кейiнге қалдырсам, обалы мойнымда кетпей ме? Мен қызмет үшiн қорықпаймын, Димеке, кейiнгi ұрпақ: қолында тұрып түк iстемедi дегеннен қорқамын!..”

Әрқайсысы өз жолын дұрыс санаған. Бiрақ сырт көз сыншы ғой. Көп өтпей жұрттың: “Қонаев жоғарыға қызмет қылды, Тәшенов төменге қызмет қылды” деген күңкiлi емiс-емiс құлағына шалынып қалып жүрдi. Осындай сөздер оның жүрегiне инедей қадалатын. Өзi мойындағысы келмейтiн шарасыздығын, әлсiздiгiн бетiне басқандай боп естiлетiн. Ондайда кiмге өкпелерiн, кiмге ұрынарын бiлмей күйнедi. Тәшеновке ме, әлде оның әрбiр iсiн аңыз ғып ауыздарының суы құрып жүрген бергi жағындағыларға ма? Ол кезде таразы басын тең тұтып, тереңдi барлайтын бүгiнгiдей кемелдiк жоқ, өзiм дегеннен аса алмайтын яки өзiне жаттың бәрiн әдiлетсiздiк санады. “Неге олай?” деген көкiрек түбiндегi көмескi сауалға өзiнiң партия сызып берген жолмен түзу жүрiп, түзу тұратын принципшiлдiгiн көлденең қоятын. Ол үшiн партия – ең жоғарғы Ақихат. Оның мұрат-бағытына шәк келтiруге бола ма? Ал, шәк келтiрмедiң деп кiнәлау екi есе күнә емес пе. Осы уәжiн iштегi бұққан қызғаныш пен бақталастыққа ақтау қылып, ендi Тәшеновтен өзiне идеялық қарсылас жасап алды. Бұл – барлық iске тек партиялық принцип тұрғысынан қарайтын адал коммунист, ол – көп ұлтты мемлекетте өмiр сүретiнiн ескермей, терiс езулеп, тек қазаққа қарай бұра беретiн керi тартпа, консерватор. Өстiп бiрте-бiрте екеуi ашық майданға шықты.

Кейiн Хрущев Қазақстанның алты облысын Россияға беру жөнiнде мәселе көтергенде, бұл қарсы болған жоқ, ауызша мақұлдаған. Бәрi бiр – бiр мемлекет, iштей әкiмшiлiк тұрғыдан бiрiнен бiрiне ауысқанда тұрған не бар деп ойлаған. Тәшенов өре түрегелдi:

– “Ұлтарақтай жерiмiздi басқа елдiң еншiсiне бере алмаймыз! – деп атып тұрған буырқанып. – Әр қарыс жерге ата-бабамыздың қаны тамған. Қазақстан, формальдi түрде болса да, дербес мемлекет. Оған қол сұғуға ешкiмнiң хақысы жоқ. Егер керек болса, бұл мәселенi бiз халықаралық деңгейде көтерiп, Бiрiккен Ұлттар ұйымының алдына қоямыз!”

Хрущев қанша жерден әпербақан болса да, тiзеге салған жоқ, жылтыраған айна таз төбесi бұрқ қызарып, “бұл қалай?” дегендей қабақ астынан сүзе бұған қараған. Бұл амалсыз созалаңдап орнынан көтерiлдi. Бас хатшыны қорғамаса, қолдамаса, бола ма? Тәшеновке қарсы уәж айта бастаған. СССР-дiң бiртұтас елдiгiн, iшкi территориялық-әкiмшiлiк бөлiнiстерiнiң формальдi екенiн, шаруашылықтың ыңғайына қарай өзгерту бола беретiндiгiн алыстан орағытып келе жатыр едi, сөзiн аяқтатпастан Тәшенов шарт сынды:

– “Қонаев жолдас, қазақтың жерi – құйрығыңызға жұмсақ болсын деп креслоңызға қабаттап салатын көпшiк емес. Сiзге Қазақстанды басқарғаннан гөрi Қазанда айна-тарақ сатқан дұрыс шығар!..”

Бұл жүрегiне қанжар салғандай сiлейiп отырып қалған. Қатты қорланды. Ішi мұздап, тас-түйiн қаталдықпен аямасқа бекiнген. Бiрақ Москва мұның алдын орап, Тәшеновтiң түбiне өзi­-ақ жеткен көп өтпей. Өзiм бiлемге салынған тым еркiн басшыны қай қожайын ұнатсын, кеше ғана өзi қолпаштап өсiрген текешiгiнiң бұлай мүйiз кезегенiне терiсiне сыймай ашуланған Хрущев екi-үш айға жеткiзбей орнынан қағып тастаған. Бұл араға да түспедi, қосыла суға да итермедi. Ойындағысын бiреу iстеп берiп жатса, отқа қолын тығып қайтедi. Тек “өзiне де сол керек, барсын!” деген iштей. Тәшеновты Шымкентке облыстық Атқару Комитетi төрағасының қатардағы орынбасары қылып жiберген. Бiрақ сол жақтан да дүбiрi жетiп жатты. Жұрттың бәрi не мәселемен болса да, басқаларға бармай, Тәшеновке кiредi екен. Алды ашық, iскер. Сөз бұйдаға салмай, барды – бар, жоқты –жоқ деп, тоқ етерiн айтып, мәселенi лезде тындырып берген соң, ел соның алдына үйiрiлмегенде қайтсiн. Айналасындағы үлкен-кiшi басшыларды мысы басып, ешкiм оның бетiне келе алмайды. Жарты жылға жетпей облатком төрағасы Орталық Комитетке келiп: “Тәшенов қызмет атқарған мекемеге одан үлкен бастықтың керегi жоқ. Мен босқа отырмын, маған басқа жұмыс берiңiздер!” деп жылы орнынан ат-тонын ала қашқан. Сөйтiп, Тәшенов қиыр түкпiрде жатып-ақ өзiнiң көсемдiк амбициясымен бұлардың жүйкесiн тоздырып болды. Ақыры алпысқа толған күнi пенсияға шығарып, жандары тынышталған.

Қазiр қарап отырса, Тәшенов қасынан кеткен күннен бастап мұның кiсiлiк жолы еңiске қарай құлдилаған екен. Қалай әдiлмiн дегенде де, “осы қалай болар екен, ертең жалданып алған соң, қайырыла берiп өзiме азу ақситып жүрмей ме?” деген бiр сақтық тұрды көңiлiнiң бiр бұрышында. Кадрлардың тепсiнiп тұрған алғыр, өткiрiнен гөрi ұя бұзбайды-ау деген жаутаң көз жуасына көбiрек iш тартатын. Соларға жол ашты, соларды көтермеледi. Солардың майда тiлi, iлтифат-ықыласына тоғайды. Соның бәрiн риясыз көңiл, шынайы құрмет деп ұққан. Көз алдындағы көк тұман, мiне ендi ғана сейiлгендей. Осы уақытқа дейiн өзiне жағынудың, майыса бiлудiң нешетүрлi өнерiн бек меңгергендердiң даңғаза жәрмеңкесiнде бәрi жақсы, бәрi кереметке алданып, талай нәрсе көкiрек айнасынан тысқары қалыпты-ау...





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет