Жүсіпбек аймауытов



Дата08.09.2017
өлшемі183,43 Kb.
#31900


Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ

Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931)— қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады. 1911—1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы. Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922—1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1929) қызметтерін атқарады. 1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты. Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.), «Психология» (1926 ж.), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926 ж.), т.б. ірі ғылыми еңбектері бар. Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.

Жүсіпбек Аймауытов аса көрнекті қазақ жазушысы. 1907-1913ж. Баянауыл, Кереку (Павлодар) мектептерінде, 1914-1919ж. Семей мұғалімдер семинариясын оқыған. 1920-1921ж. ҚазССР халық ағарту комиссариатында бөлім бастығы, коллегия мүшесі. 1921-22ж. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923ж. Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1923-1926ж. «Ақ жол» газетінің редакциясында (Ташкент) бөлім  бастығы. Ташкент институтында мұғалім, 1926-1929ж. Шымкент пед.техникумында директор. 1929ж. «Қазақстандағы ұлтшылық ұйыммен байланысы бар» деген сылтаумен тұтқындалып, 1931ж. атылған. Аймауытовтың әдебиетпен әуестенуі 1910ж. басталады. Оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде, «Абай» журналында жарияланып тұрады. 20-жылдар ішінде респ. Газет-журналдар бетінде шығармалары көп басылған. «Қартқожа» романы (1926), «Ел қорғаны» (1925), «Мансапқорлар» (1925), «Қанапия мен Шәрбану» (1926), «Шернияз» (1926) пьесалары, «Нұр күйі» поэмасы (1929) және бір топ аударма кітаптары жарық көрген. Аймауытовтың жаңа дәуірдегі қазақ прозасын, әсіресе, роман жанрын бастаушы есебіндегі орны үлкен.  «Қартқожа» - қазақ кеңес романының басы, онда 20 ғасырдың басындағы әлеуметтік революциялар кезінде тартыс жолыннан өтіп, қоғамдық шындықты түсінуге ұмтылған қазақ жасының өмірі суреттеледі. Аймауытовтың екінші романы «Ақбілек» кітап болып басылып үлгермеді. Үзінділері «Әйел теңдегі» журналында жарияланған «Ақбілек» тақырыбы жағынан «Қартқожамен» үндес. Алдыңғы романда жазушы жаңа қоғамдық жағдайда азаттық жолына шыққан қазақ жасын көрсетсе, соңғы романда осы әлеум.өзгерістер легінде қазақ әйелінің теңдік жолындағы ізденістерін суреттейді. Аймауытовтың үлкен проза саласындағы тағы бір елеулі еңбегі - «Күнікейдің жазығы» повесі. Ол «Жаңа әдебиет» журналында жариланған. Кітап болып басылып үлгермеген. Бұл шығарманың тақырыбы да әйел теңдігі, негізі кейіпкерлері - кедей қызы Күнікей. Аймауытовтың ырғақты прозасы - қазақ әдебиетінде ақ өлең үлгісін туғызуға жол бастады. Аймауытов драмалық шығармалар жазұға ерте талпынған. Ол Семейде оқыған жылдары жастардың ойынсауак үйірмелеріне белсене қатысып, домбыра тартып, ән салып, спектакльдер қойған, өзі басты рольдерде ойнаған. Аймауытовтың пьесаларының негізгі тақырыбы да халықтың азаттағы идеясы. Ол ескі өмірдің мешеу көріністерін сынай отырып, халықты оқуға, өнерге, білімге үндейді.

Ел адамдарын оятып, жаңа тіршілікке шақырады. «Рәбиға», «Қанапия мен Шәрбануда», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар». Аймауытов пьесалаларының ең елеулісі - «Шернияз». Мұнда жазушы қайшылықты қоғамдық ортада күрделі өмір кешкен өнер адамдарының тағдырын бейнелейді. Аймауытов - әдеби творчествосын өлең жазудан бастаса да, кезінде жинақ бастырмаған. Оның өлеғдері күнделікті баспасөз бетінде сақталған. Өлең - үлкен проза мен драматургияға ден қойған жазушының алғашқы тәжірибесі сияқты. Бұлардың көбі ескі өмірдің келеңсіз суреттері мен жаңару идеясын жырлайды.

«Нұр күйі» поэмасында анасынан соқыр боп тұған баланың өнерпаз, күйші болып өсуі, дәрігердің көмегімен көзінің жазылуы суреттеледі. Аймауытов «Интернационал», «Жас әскер» сияқты революция дәуірінде кең тараған күрес жырларын қазақшаға аударған. Жазушының балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» атты суретті кітапша ертегілері бар. Өмірінің көбін баспасөз маңында өткізген жазушы үлкен публицист есебінде де белгілі. Сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде ол жазған мақалалар, оқшау-фельетондар, хат-хабарлар көп.

ХХ ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгерлердің қатарында ақын әрі прозашы, драмашы әрі аудармашы, сыншы әрі публицист Жүсіпбек Аймауытовтың есімі айрықша орын алады. Әдебиеттің әр алуан жанрларында қалам сілтей жүріп, ол қазақ әдебиетінің жаңа өріске шығуына мол еңбек сіңірді.

Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Он бес жасына дейін туған ауылында болған ол әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Бұдан кейін де әр түрлі молдалардың алдын көріп, ескіше едәуір білім жинайды. Соның нәтижесінде ауыл арасында өзі де азды-көпті молдалық құрады. 1907 жылы молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс-қазақ мектебіне түседі. 1911 жылы Павлодардағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне түсіп, оқуын жалғастырады. 1914-1919 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқиды. Семейде жүріп алаш қозғалысына қатысады," Абай" журналын шығаруға ат салысады.

1919 жылдан бастап Жүсіпбек Семейде, Павлодарда кеңес өкіметінің жұмыстарына араласады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, "Қазақ тілі" газетінің редакторы болады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болады. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын "Ақ жол" газетінің редакциясында істейді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әр түрлі саяси жұмыстарға араласады. 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, "халық жауы" деген жаламен 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.

Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы бұдан кейінгі алпыс жыл бойы ауызға алынбайды. Кеңес өкіметі түсында ол туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Тек кеңес өкіметі ыдырап, коммунистік идеологияның құрсауы босағаннан қейін ғана қаламгер мұрасы халқына жете бастады. 1989 жылы бір томдық кітабы жарық көрді. Зерттеу жұмыстары қолға алынды. 1997 жылдан бастап Жүсіпбек шығармаларының бес томдық жинағы басылды.

Сан қырлы талант иесі Жүсіпбек Аймауытовтың артында қалған шығармашылық мұрасы аса бай. Оның ішінде көптеген өлеңдер, "Қартқожа", "Ақбілек" романдары, "Күнікейдің жазығы" хикаяты мен "Әнші" секілді бірқатар көркем әңгімелері, "Рәбиға", "Мансапқорлар", "Қанапия мен Шәрбану", "Ел қорғаны", "Шернияз" пьесалары, "Нұр күйі" поэмасы, сондай-ақ бірсыпыра сын мақалалар мен аудармалары бар. Газет беттерінде жарияланған публицистикалық мақалаларының өзі бір төбе.

Жүсіпбек шығармашылығы әуел баста өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған "Жазушыларға", "Неғып отыр?", "Ах-ха-ха-хау", "Ұран", "Еңбекшілер ұраны" секілді өлеңдері мен "Нұр күйі" поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. Ол құбылыстарды жанды да нанымды суреттер арқылы көрсетуге ұмтылады. Мәселен, "Көшу" өлеңінде қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты көрінсе, "Ұршық" өлеңіндегі ұршық иірген кемпірдің монологы арқылы қарапайым өмір көрінісі бейнеленеді.

"Нұр күйі" поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылады. Онда адамның көңіл күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.

Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасының ең салмақты саласы — прозалық шығармалар. Кішігірім әңгімелерден бастап жазушы қаламынан "Қартқожа", "Ақбілек" романдары туды.



«ҚАРТҚОЖА» романы

"Қартқожа" романы 1926 жылы Қызылордада кітап болып басылып шықты. Роман жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ еңбекшілерінің, олардың әлеуметтік аласапыран тұсындағы тағдырын бейнелеген алғашқы күрделі шығармалардың бірі болды. Онда 1916 жылғы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі аласапыран, патшаның тақтан құлауы алдындағы қазақ ауылының көрінісі, адамдар психологиясы көркем бейнеленген. Жазушы осы тартыстар арқылы қазақ кедейінің қоғамдағы теңсіздіктің сырын ұғуы, әлеуметтік әділетсіздіктің себептерін түсінуі секілді ояну процесін көрсетуге ұмтылады.

Романдағы оқиғалар бас кейіпкер Қартқожаның басынан өткен нақты жағдайларға негізделген. Сол арқылы жазушы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның патшаны тақтан құлатқан 1917 жылғы ақпан төңкерісіне ұласуы, қазақ азаматтарының ел ішіндегі әлеуметтік тартысқа араласуы, алаш қозғалысының өмірге келуі, ақтар мен қызылдардың соғысы, қазан төңкерісі, азамат соғысы тұсындағы жайларды баяндайды. Осы оқиғалар тұсында роман кейіпкері Қартқожа да есейіп, ес жинайды, алға қарайды, болашаққа бет алады.

Жүсіпбек Аймауытов — өз дәуірінің келелі мәселелерін көтерген көптеген мәнді мақалалардың авторы. Кезінде "Абай" журналында, басқа да басылымдарда жарияланған мақалаларында ол аласапыран өзгерістер заманының шындығын насихаттауға ұмтылды. Сонымен бірге, әдебиет мәселелері төңірегіндегі мәселелерді қозғап, бірқатар әдеби-сын мақалалар жазды. 1918 жылы М. Әуезовпен бірігіп жазған "Абайдан соңғы ақындар", 1923 жылы жазған "Мағжанның ақындығы туралы", 1925 жылы жазылған "Сұңқар жыры", "Аударма туралы" атты мақалалары арқылы ол әдебиет сыншысы ретінде танылды. Оларда Жүсіпбектің әдеби шығарманы жазушы өмір сүрген дәуірмен, тарихи кезең ерекшеліктерімен байланыстыра отырып талдау шеберлігі айқын байқалады.



Ж.Аймауытовтың қазақ әдебиетіндегі салмақты орны оның "Қартқожа", "Ақбілек" романдары мен "Күнікейдің жазығы" повесінен айқын байқалады. А.Пушкин, Л.Толстой, Н.Гоголь, М.Горький прозаларын аударып, олардың классикалық үлгісін бойына сіңірген Жүсіпбекке қазақ тұрмыс-тіршілігінде дәл сондай игерілмей, кенжелеп жатқан мәселелерді жазуға үлгі нұсқа болады. Бұрынырақ жарық көрген М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал", С.Көбеевтің "Қалың мал", Т.Жомартбаевтың "Қыз көрелік" романдарының жазылу стилі, тақырыпты игерудегі стандартты күйі, кейіпкерлердің автор қаузауымен қимыл-әрекет жасайтын жасанды-жамаулы жайлары, т.б. Жүсіпбекке жоғары мәдениетті, философиялық астары терең, қоғамдық-әлеуметтік санаға лайық дүниетанымы бар күрескерлер образын жасау қажеттілігі ниетін оятады. Сондай ниеттен туған романы - "Қартқожа". Жүсіпбек Қартқожасын туғанынан қағілез, жүрген жерін күйдіріп, опырып-жапырып, бірден биікке ұмтылған жүйрік, саңлақ жанды кейіпкер етпеген. Ол ешнәрсемен қақ-соғы жоқ, "момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрнын қоңқитып" жүргені. Жасы 10-11 шамасында. Мұрнын қос-қостан тартып, "екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайтын" кәдімгі тұрмыс тақсіреті ерте жүдеткен тақыр кедейдің баласы. Жазушының кедей баласы сыртынан қарағанда азып-тозып, кір-қожалақ, жасқаншақ, енжар болып көрінгенімен, жан сарайы сәулелі, ояу, жүрегі сергек келетін себептерін осылайша тәптіштеуінде көп сыр жатыр. Бар сенгені қолындағы бірер малы есептелінген қасқа кедейдің ертеңгі бұлыңғыр күнін қаламгер жүрегі сыздай отырып баяндайды. "Жұманның құты көк биесі екен. Ол өлген соң құты кетті, мал құлдырай бастады. Жануардың құлынын бір ауылға апарып, бір байдың құлыны өлген биесіне теліп еді, оны қасқыр жеп кетті. Көк тайдың алқымына шығу шығып, басқұрт па, маңқа ма, мандам ба, бұғыла ма? Әлде кім біледі, содан бері шыр жұқпай, инеліктей қатып ол кетті. Күздігүні шөпке мініп барған жерінен көк құнанды ұры алды. Қызыл шолақ сиырдың қарадан қарап жүріп желіні ісіп, бір жағы қалпетімен беріштеніп, сүтінен айырылып, сыңар емшек болып ол қалды. Күзекте отырғанда қарт інген шығып кетіп, оны қарай қоятын көлік болмай, жеті шоқпарлар бір жұмадай шөп тасуға салып, бота тастатыпты. Содан ыстық-суықты болып, аяғы қысағаға шалдықты". "Лақтырған тас байқұсқа тиеді" демекші, Жұманды қатігез тағдыр шыр айналдырады. Ал бұт артып жүрген жалғыз атын болыс, тілмаш, шабарман мініп, зорықтырып, пышаққа ілігіп, ендігі бар үміті көк биесінің бауыры "астаудай боп ісініп" сенделіп келгенде, Жұман байқұс есінен танады. Барлық күн көрісінен айырылып, жер соғуға шаң қалғанда, бұл оттың басы ұлардай шуламасқа лажы жоқ еді. Кішкентай Қартқожа да әкесі мен әжесінің көзіндегі жасын көріп, үй айнала беріп еңірейді. Сол еңіреумен бірге "қамсыз-мұңсыз" саналған балалық шағы, молданың алдын көріп, білім алсам деген үміт шырағы да біржола сөніп, өзін "сорлы, қор" санап, құлдың қамытын кимеске лажы қалмайды. Қартқожаның жоқ-жітікке болыс, бай, тілмаш қана емес, құдайдың да ниеті алалығына әлеуметтік өмір шындығы көзін жеткізеді.

Босағаға біткен малды құдай мен адам жалмағаны аздай, жоқтың өзін бір-біріне жамап-жасқап ілдалдалап жүрген әкесі Жұманға да суық тиіп, қасіретпен көз жұмды. Өз қолы аузына жетпеген сары үрпек, сары қарындар зарлап қалады. Аш-арықты бір жағы жұт қысқан, бір жағы болыс, би-молда, қожа тұралатқан ауыр күндер Қартқожаны ерте есейтеді. Сөйтіп жүргенде, 19-31 жас аралығындағы ел азаматын шетінен тізіп майданға қара жұмысқа ала бастаған зобалаң, нәубетті 1916 жыл оқиғасы келіп араласады. Бұрын бай балаларынан әлімжеттікті көріп зығырданы қайнағанда: "Әттең, менің кедейілігім-ау! Әйтпесе солардың менен ақылы артың па? Зейіні артық па? Артық болса, малы артық. Дүние шіркін-ай! Кегімді алатын күн болар ме екен!" - деп, миы шағылатын есті бала, шілдедегі патшаның "зілді бұйрығынан" кейін тіптен ширығады. Болыс әлділердің баласын пара алып, жасын кішірейтіп жазады да, кедейлерді керісінше жасын өсіріп, майданға аттандырып жатады. Әділетсіздік, зорлық шегінен шығады. Таптық жік дегеніміз не, таптық күрес қайдан туатынынан бейхабар жігіт көтерілісшілер ішінде жүргенде осы сауалдарға толық жауап алады. Сөйтіп кешкен азап, тартқан у, көрген қорлың оны: "Дүниеде болыстан жауыз жан жоқ... Дәрмен біліп жүр екен. Өлтірер ме еді!" - деген ойға жетелеп әкеледі. Өзі батыр, өзі әнші, өзі жалынды қолбасшы Дәрмен іс-әрекеттері, ерен қимылдары, асқақ ойы, Бәтішпен арасындағы махаббаты Қартқожаға жер басып жүрсең тек сондай, жігіттің туы болуы қажет екен ғой деген асқақ арманға бөлейді. Арнаулы бағдарламасы жоқ, қырық рудан жиылып, қырық жаққа тартқан, "бас-басына би болған өңкей қиқымдар" басқарған жерде береке болған ба, патша өкіметінің жазалаушы отряды көтерілісшілерді қанға бояп, онысымен қоймай, "патшаға қол көтергендердің" отбасын ойрандап, мал-мүлкін жылан жалағандай жалмап кетеді. Шарасы таусылған тірі қалған боздақтар майданнан бірақ шығады. Қартқожа солардың бірі еді. Тыл жұмысында жүріп Андрей деген дос табады. Ол Қартқожаның оңы мен солын танып, көзі ашылып, қиянат жайлаған дүниеде әлеуметтік теңдік алмайынша кедейдің қолы аузына жетпейтінін ұқтырды. Әділет, теңдік, адамшылық, адам мен адам тең болып, қоғамның ұстанған жолы, ел басқару салты, құлқы өзгергенде ғана мүмкіндігін, ел көріп, жер көріп, тамұқты басынан кеше жүріп, оқып адам болуына көмектескен Хасен, жаңа қоғам орнату жолында тағдыр тоғыстырған Андрей, Полидубтар арқылы түсініп, "дүниеге қайтадан туады". Таптық теңсіздік, әлеуметтік үстемдік қай уақытта жойылатынына енді өзі де саналы түрде жауап беруге жарап қалады. "Қазақ та, орыс та Андрейдің, менің көргенімді көрсе, көзі ашылса, менің жүрегімдей бауырмал жүректері болса, зорлық, қиянат, теңсіздік жоғалар еді-ау!" - деп ойға батады. Адамның мінез-құлқын, жүрегін бір қалыпқа салғанда ғана "бірдейлік" орнайтынына ақыл-ойы өсіп жеткен шақта түсініп, күрескерлік тұлғасы осылайша біртіндеп қалыптасады. Патша тақтан құлап, елге оралғанда, ол рухани өсіп, көзі ашылған жігіт еді. Елге оралған соң қайтадан көрбалалықты басынан кешкен ортасына тап болады. Жеңгесіне желкесінен басқандай ғып зорлықпен үйлендіреді, қараңғы ортадан сытылып шығу да оп-оңай шаруа көрінбейді. Жаратылысынан бұйығы, сабырлы, ұстамды, жоқшылың етектен тартып, жасқаншақтық, тәуекелі жоқтың қанына сіңген Қартқожа оқусыз, білімсіз өмір сүрудің енді мәні жоқтығын жіті сезініп, біртін-біртін өз тізгініне ие бола бастайды. Оған уақыттың алақұйын мінезі де себепкер. Патшаның тақтан құлауы, Қос өкімет, Алашорда өкіметі жүргізген саясаттар, ұлы Қазан төңкерісінің дүмпуі саясаттың сарынына құлақ түріп, қоғам, адамдар мінезін жіті барлауға білімнің таяздығы, өмір сүруге тәжірибесінің тапшылығы қолбайлау екендігін мойындатады. Ақыры Баян, Семей, Омбы арасында сабылып, өзін-өзі қаржыландыра жүріп, білім алып, ел қатарына қосылады. Бостандық, тәуелсіздік, азаттың, әділет, халық, ел тағдыры, дос кім, дұшпан қайсы деген жұртты сол кезде сергелдеңге салып, санасын сарсылтқан көп сұраңтарға енді өзі еркін жауап беріп, елді соңынан ертетін серкелікке жарап қалады. Кеше өз қамын жеуге де жарамаған, қара басынан құлдық қамытын сыпырудың жөнін таппай тауы шағылған Қартқожа роман соңында жалпақ жұрттың қамын ойлап, қараңғылық бұлтын сейілтіп, надандықтан айықтырудың амалын судай сапырып, жаңа дүние орнатудың бағдарламасына көпшілікті ұйытып, әлеумет күресіне тартылып, заман күрескері қатарына қосылады. Сонымен, жазушы "Қартқожа" романында ескі қоғамдық құрылыс жағдайында бай есігінде езіліп жүрген жалшының ұлы Қазан төңкерісінен кейін құлдың қамытынан құтылып, азаттық күреске белсене араласып, бақытын тапқанын бейнелеген.

Роман қамтитын оқиға өте мол, қым-қуыт тарихи құбылыстарды тамыр тереңімен қазып, қопара көрсету айтуға ғана жеңіл. Әйтсе де Жүсіпбек романның екі бөлімін шынайы суреткерлікпен талдап-тарата жазғанымен, кейіннен тарихи ұлы құбылыстардың долы да, айбарлы, құпиялы шиырына енгенде солықтаңқырап қалады, публицистика, очерк жанры басымырақ белең береді. Болған жайды, әрнәрсенің басын шалып, жеделдете баяндауынан шығарманың көркемдік тіні босаң тартқан.

Ең бір сүйсінерлік жай - романның поэтикалың қуаты мығым. Жүсіпбек өмір құбылыстарын, табиғат сырын жетік біледі, қазақтың байырғы тілін балын тамыза қолданған. Айталық, жұт болатынын ел ортасында жүрген шаруа адамдары алдын ала болжайды: "Биыл жұт болады деп, күні бұрын есепшілер де айтқан: Шөптің шығымы жаман, серейген-серейген еркек шөп, бидай бас көде қаптап кетті. Тышқанның шөп жинауы бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр қып тастапты. Құмырсқаның илеу ортасы шұқырайып кетіпті. Сиыр далаға түнеп, жусамайды, кеш болса ауылға жүгіреді. Жылқы ақырайып тыраңдап жатпайды. Малдың ындыны құрып барады, "атау кересін" жеуге асыққан немеше. Адал құс ерте қайтты". Міне, бұл - қылышын қайрап келе жатқан кәрлі қыстың, жұттың ызғары. Дәлдік, нақтылықтың дүниетанымдық мәні жоғары. Табиғат суреті, тұрмыс-тіршілік, салт-сана, наным-сенімнің ғана емес, Жүсіпбек оқиғалардың да өмірлік шындыққа жанасымдылығына, тарихилығына айрықша сергек қараған. Қартқожа Жұманов - өмірде болған адам. Ұстаздық етіп, қоғамның саяси өміріне белсене араласып жүрген ол 1937 жылдың "қылшылбырынан" аман қалмаған. Би, болыс, қожалар да өз бейнесінде алынған. Арқалы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров та роман кейіпкерлерінің бірі. Оқиғалар Баян, Семей, Омбыда өтетіндіктен, сол аймақтарға тән тіршілік көріністері қалтқысыз суреттеліп, сол уақытта осы төңіректе күн кешіп, уақыт толқынында құлашын сермеп, басын тауға да, тасқа да ұрып "шындықтың аулын іздеген" жерлесі Сұлтанмахмұттың шығармаға араласуы қисынды.

Жүсіпбек Аймауытов оқу-ағарту мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектер де жазды. Оның халыққа білім беру орындарында ұстаздық, жетекшілік қызмет атқара жүріп жазған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатын көздеген "Тәрбиеге жетекші" (1924), "Психология" (1926), "Жан жүйесі және өнер таңдау" (1926) атты елеулі кітаптары мен оқу құралдары кезінде халық тағдыры үшін ерекше рөл атқарған еңбектер болды.



Жүсіпбек Аймауытов кезінде аудармашы ретінде де танылды. Ол аударған А.С. Пушкиннің, Н.В. Гогольдің, А. Дюманың, Дж.Лондонның, Г. Мопассанның, В. Шекспирдің, К. Берковичтің, С. Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық талантын да соншалықты айқын танытты. 
Каталог: download -> version
version -> БАҒдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Абылай хан
version -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> ТҮркістан қаласы
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Міржақып Дұлатұлы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет