Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016


ІІ-бөлім. ҚАЗАҚ ЭТНОПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ



бет3/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ІІ-бөлім.

ҚАЗАҚ ЭТНОПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ

КЕЗЕҢДЕРІ
2.1 Ежелгі түркі ғұламаларының этнопсихологиялық ой-пікірлері

Қазақ халқының психологиялық ой-пікір мәдениетінің даму тарихы көне ғасырлар қойнауынан басталады.

Халқымыздың жалпы даму тарихына сүйене отырып біз психологиялық ой-пікірлердің, қалыптасуын басты үш кезеңге бөліп қарастырамыз.

Бірінші кезең — психологиялық ой-пікірлердің ілкі бастау, түп:төркіндері, басы VI-VIII ғасырлардан басталатын қазіргі түркі тектес халықтардың, бәріне ортақ қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңдері. Бұлар халықтық психология - Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, Қорқыт ата, әл-Фараби, Ж.Баласағұни, т.б. ғұламалардың тағлымдары. Екінші кезең — Қазақ хандығы дәуірінен басталып, (XIX ғасырдың орта тұсы), Қазан төңкерісіне дейінгі психологиялық ой-пікірлердің даму жағдаяты. Үшінші кезең — психологиялық ғылымның Қазақстанда Кеңес өкіметі жылдарында даму тарихы.



Қорқыт ата.

Құлтегін — ежелгі түркілердің тамаша ерлік сипат-тарын бойына жан-жакты дарытқан жаужүрек батыр, ұлан-ғайыр кең даланы еркін билеген дала халқының қайсар жауынгері. Ал Тоныкөк болса талай қанды жорықтардьщ куәгері, үлкен өнер иесі, ойшыл, философ, халық дипломатиясының білгірі. Тас жазуларда ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік, тәлім-тәрбие, тұрмыс-салт мәселелері әсем айшық өрнектермен, жанды бейнелерге толы сезім толғаныс-тебіреністерімен баяндалады.



Тасқа жазылған дастандардың тәлім-тәрбиелік идеясымен астарлас рухани мұранын. бірі — Қорқыт ата тағылымдары. VIII—IX ғғ. төңірегінде Сырдарияның орта және төменгі бойын жайлаған Оғыз-Қыпшақ тайпаларының мемлекеті болды. Оғыздар арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері ұзақ өмір сүріп, жазмышқа қарсы күресіп, адамның мәңгі жасауын арман етіп өткен кемеңгер ғұлама Қорқыт еді. Өлім қатері, одан құтылу туралы өзінің асыл ойлары мен тебіреністерін қобыздың зарлы әуеніне қосқан Қорқыт туралы аңыз-жырлар, бізге жеткен «Қорқыт ата кітабы» - Орта Азия, Қазақстан мен Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті жазба ескерткіші. Қорқыттың музыкалық-этнографиялық мұрасы бұрынғы Кеңес Одағын мекендейтін түркі тілдес халықтардың барлығының ортақ рухани игілігі. Қорқыт ата тағылымында тәлімдік мәні күшті түрлі афоризмдер, қанатты сөздер, ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Бұлар тек тарихи-этнографиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге осы аймақтағы халықтардың ілкі ортағасырлардағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін бейнелейді. Қорқыт есімі көшпелі казақ жұртының арасында ерте заманнан-ақ, қастерленіп келеді. Сондықтан да халқымыз:

Жыраудың үлкен пірі — Қорқыт ата,

Бата алған барлық бақсы, ақын асқан ата.

Таңқалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда,—

деп тегін жырламаған. 1980 жылы Сырдарияның төмені сағасында Жусалы (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданыньщ орталығы) станциясының солтүстік-батысына таман Қорқыт мекенінен бір жарым шақырым жердегі оның зиратының басына тамаша ғимарат ескерткіш орнатылуы оған деген құрметтің белгісі.



Қорқыт ата нақылдарында тәлім-тәрбиелік сипаттағы акыл-кеңестер әр қырынан сөз болғанын жоғарыда айттық. Мәселен, имандылық, кісілік, қанағатшылдық, зекетшілік жайында айтылған мынадай ақылдарға құлақ түргеніміз абзал. «Тәңіріне сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды... Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір. күн тыныштық көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Менмен, тәккапар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзіи жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді...»

Дана ойшылдың. ата-ананы сыйлап, құрметтеу, үй-ішілік жарасымды қарым-қатынас, ұл мен қыз тәрбиесі, адамның әр түрлі мінез-құлық сипаттары жайында айтқан тағлымдары да бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлықтай «Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды... Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар... Ұлың өсіп жетілсе, от басының мерейі, бас-көзі».

От басы, ошақ қасының, үй іші тыныс-тіршілігінің берекесі, ұрпақ тәрбиесінің әйел жұртының кескін-келбетімен қатар, әдепті, көрегенді, адамгершілік, иман-жүзділік қасиеттерімен де тікелей байланысып жатады. Осыған орай Қорқыт ата әйелдердің төрт түріне берген сипаттамасы психологиялық жағынан ерекше көңіл аударады. Мәселен, әйелдердің бір тобы отбасынық тірегі, үйдің құты, қонақжай, үрім-бұтақтары өсіп-өнген жандар болса; екіншісі — ынсапсыз, қанағатсыз; үшіншісі — салдыр-салақ, өсекшіл келеді дейді.

Әбу Насыр әл-Фараби (870—950).

Әбу Насыр әл-Фараби — өмір сүрген заман Шығыс әлемінде бүкіл араб халифатында ғылым мен білімнің дәуірлеп тұрған кезі еді. Ұлы ғұламаның балалық, жігіттік шақтары өткен қазақ даласы, әсіресе оның оңтүстік өлкесі сол кездегі үлкен мәдени орталықтардың бірі болатын. Тарих бізге IX—X ғасырлар арасында Отырар каласы (бұрынғы Фараб) Таяу және Орта Шығысқа апаратын үлкен сауда жолында орналасқан, ол сондай-ақ өнер-білімнің, мәдениет пен әдебиеттің өркендеп, өскен кезінде көптеген ғұлама ғалымдар шыққан үлкен шаһар болғандығы жайлы сыр шертеді. Фарабидің аты әлемге жайылған ғалым болуына осындай құнарлы ортаның себі тигендігіне күмәндануға болмайды.

Кезінде ол болжам жасап, пікір айтпаған ғылым-білім саласы кемде-кем. Мәселен, тек психология саласында ғана жеті еңбек («Жанның мәні туралы», «Түс көру туралы сөз», «Жан туралы», «Ақыл және ұғым», «Жас өспірімнің ақылы жайлы кітап», «Ересектердің ақылы туралы кітап», «Темперамент туралы») жазған екен. Бірақ бұлары біздің заманымызға жетпеген. Оның, жан дүниесі туралы толғаныс-тебіреністері, бізге басқа еңбектері («Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат», «Азаматтық саясат», «Бақыт жолын сілтеу», «Даналық таңба тастар», «Мәселелердің мәні», т. б.) арқылы біршама мәлім болып отыр.

Ғұлама ғалым адамның тану процестері екі басқыштан тұратындығын айтады. Оның біріншісі — сезімдік. Бұған түйсік, қабылдау, ес процестері жатады Түйсік — дүние танудың алғашқы көзі, бірінші баспалдағы. Адамның есі мен елесінің сапалы әрі нәтижелі болуы оның дұрыс түйсіктене алуына байланысты. Ойлау дүниені әр қырынан тануға, мәселені тереңірек түсінер мүмкіндік береді, бұл танымның екінші басқышы, оның ең жоғарғы сатысы. Ойлау сөйлеумен тығыз байланысты, ол жалпы адамзатқа тән құбылыс, ал тіл болса әр ұлттың, халықтың өзіндік өрнегі. Жаттағаннан түсінген артығырақ, өйткені жаттауда шала түсінікті сөздер көбейіп кетеді, барлық нәрсені жаттап алуға болмайды. Түсіну әр нәрсенің тегін ашып, жалпы ережелер мен қисындар жөнінде талдау жасауға мүмкіндік береді.

Фараби эмоция, сезім процестерін жан қуатының дербес көрінісі деп санамайды. Бұлар психиканың қалған түрлеріне бояу береді, оларды қозғалысқа итермелейді. Талпыну, әсерлену қуаты адамның мәнерлі қоз-ғалыстарынан жақсы байқалады. Мәселен, адам ұялғанда қызарса, қорыққан кезде сұп-сұр болып, түсі қашады.

Жан қуаттары туралы ілімде Фараби адамның ерік-жігер, қажыр-қайратын да жеке процесс ретінде қарастырмайды. Бұларды этика ғылымына қатысты пікірлерінде жол-жөнекей сөз етеді. Ол ізгі қала адамдарының күшті қажыр-қайраты мен ерік-жігері — рухани қасиеттерді қалыптастырудың негізгі факторлары дейді. Қылық пен іс-әрекеттің саналылығы, тоқтамға келушілік, батырлық пен ерлік, рухани жағынан жетіле түсу, т.б. ерік-жігердіқ жақсы сапалары болса, мейірімсіздік, қорқақтық, дүниеқоңыздық, нәпсіқұмарлық т.б. адамнын, ұнамсыз қасиеттері болып табылады.

Фараби танымның бірінші басқышы — түйсіктер табиғатын дұрыс түсіндіргенімен, ойлауға келгенде жаңсақ түсінікке жол береді. Ол ойлау материядан тыс тұрған ерекше рухани күштін, әсерімен туып отырады дейді. Бірақ оның түйсік, қабылдау, қиял процестерік сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының денедегі (жүйкедегі) түрлі бейнелері деуі — ғылыми тұрғыдан өте дәл түсінік еді: Мәселен, көз айна тәріздес нәрсе, ол сыртқы дүниенің сәулесі түсіп отыратын алғашқы саңлау. Көру түйсігі көзге зат әсер еткенде ғана пайда боладі Егер кезден зат кетсе, онда түйсік тумайды, құлақ ауадағы тербелістер әсер еткенде ғана естиді. Сезім мүшелерінің қай-қайсысы да сыртқы дүниемен байланысты түсіретін аспап. «Сыртқы нәрселердің, — деп жазды ол, - әсерімен... заттардың образдары пайда болады». Көру түйсігі көзден шыққан шырақтың нәтижесі, көзге әсер етпей-ақ түйсік пайда болады дейтін Платон пікірімен Фараби келіспейді. Қараңғыда зат та, оның бояуы да анық көрінбейді, — деп жазды ол, көзге сырттан күшті әсер келіп түскенде ғана адамда түйсік да болады. Бұл жерде ғұлама психологияның іргелі теориялық қисыны «бейнелеу теориясының». төңірегінде сөз қозғап отыр. Ол психикалық процестердің (жан қуаттарының) бәрінде (тек түйсіктену ғана емес) - дене мүшелерінде болып жататын белгілі бір материалдық, физиологиялық құбылыстармен байланысты қарайды.

Ұлы ойшылдың еңбектерінде бала психикасының қалайша дамып, жетілетіндігі жөнінде де кызғылыкты пікірлер көп. Баланың жасы өскен сайын оның ақылы да, яғни тәнімен бірге жаны да өсіп отырады. Мұның бәрі оның тіршілік қажетінен туындайды. Мәселен, балада ең алдымен өсіп-өну қуаты пайда болады. Бұл оның дене бітімінің, қалыптасуында үлкен роль атқарады. Ана құрсағында-ақ тән түйсігі, біртіндеп дәм, иіс айыратын түйсіктер, заттың түрін, түсін, пішінін түйсіне алу қабілеті қалыптасады. Жан қуаттары өмір барысында, оқу-тәрбие үстінде дамиды. Бұл үшін адам ның өз бетінше әрекеттенуі, өзіндік белсенділігі ерекше маңызды. Кісінің адамгершілік, имандылық қасиеттері де оның өмірден алатын тәжірибесінен, үлкендердің жақсы өнегесінен туындайды. Адам дүниеге ақылды, не ақылсыз, зұлым, не ақ ниетті болып келмейді. Мұның бәрі де жүре пайда болады.

Фараби түсінігінде, ғылым, өнер, музыка атаулының бәрі-бәрі — зор дарын, арнаулы қабілет, өлшеусіз еңбек етудің жемісі. Дарындылық ақыл-парасат, қиял қиюласа келіп отырса ғана нағыз өнер туындайды, ол адамды ақиқатқа жетелейді. Ән мен музыка үшін туыстан болатын қабілеттермен қатар оқып-үйрену, жаттығудың маңызы аса зор. Мәселен, шәкірт алдымен ұстазының әсерлі әуенді тудырған қимылына еліктеуге тырысады. Ол сондай-ақ өзінің естіген-көргенін айнытпай қайталауы тиіс. Музыкалық әуенді жадында берік сақтап, қиялына берік қондыра алатындай, оны бұлжытпай қайталай алатындай қабілетке жеткеннен кейін, ол үлгіні қажет етпейтін болады. Музыкалық шығарманы жаттап алып, есінде берік сақтау үшін оған мол тәрбие қажет. Мұнсыз музыкалық идея іске аспай қалады. Музыка жан-жақты ізденіп жаттығуды, оның түрлерін бір-бірімен салыстыра, әуенді талдап ажыратып, әрбір тонның (саздың, үннің), дыбыстың әсерін мұқият бағалай, зерттей білуді қажет етеді. Шәкірт өз бетінше жаңа әуен шығару дәрежесіне жеткенше мұндай жаттығуды үздіксіз жүргізе беруі тиіс.

Ұлы ғұламаның музыка ғылымы туралы айтқандарына қысқа түрде психологиялық талдау жасай келіп, төмендегіше түйін жасауға болады: 1) музыка - адамның жандүниесіне көркемдік жағынан әсер етуде таптырмайтын құрал; 2) музыкалық әуендер жақсы мінез-құлық нормаларын, адамның армандары мен мұраттарын қалыптастыруда елеулі роль атқарады; 3) ән мен музыка адамда көркем, эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы, кісінің өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойдағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді; 4) музыкалық дарын туыстан болатын қасиеттермен қатар, өлшеусіз еңбекпен үздіксіз жаттығу мен дайындықтың жемісі; 5) музыка теориясының негізгі принциптерін танып білуде адамның есту түйсіктерін дамыту елеулі роль атқарады.



Әл-Фараби медицина саласында да өз мәнін күні бүгінге дейін жоймаған көптеген еңбектер жазды. Оның: «Адамның дене мүшелері хақында», «Аристотель мен Галенге қарсы айтылған дау хақында», «Аристотель мен Галеннің арасындағы дәнекер», «Түс көру туралы сөз», т.б. трактаттарында медициналық психологияның біраз мәселелері сөз болады. Фараби түйіндерінің бұл жердегі негізгі арқауы: адам нәтижелі еңбек етіп, жақсы өмір сүру үшін тән саулығына ерекше назар аудару қажет, яғни тәні саудың — жаны сау дей келіп, «Тәнді емдеу, Гиппократтың сөзімен айтқанда өмірді ұзартатын болса, жанды емдеу одан да жақсы нәтижеге жеткізуі тиіс», Ғұлама адамның психологиялық, әсіресе физиологиялық әрекетіне тәннің, дененің жеке мүшелерінің (аяқ, қол, т.б.) атқаратын қызметіне, әсіресе жүйке саласының әрекетіне ерекше мән береді. Ол тән мен жанның әрекеті үшін аяқ пен қолдың бірлескен қызметін көрсете келе, бүткіл организмді басқаруда жүрек негізгі роль атқарады, тіпті жан қуаттарының жұмысына да жүрек басшылық етеді дейді. Әрине, аяқ пен қолдың организмдегі орнын дұрыс көрсеткенмен, физиологиялық, психологиялық процестердегі мидың ролі туралы дәйекті пікір айта алмады. Оның пікірінше, жүрек тіршілік атаулының, денсаулықтың, өмір сүрудің негізгі арқауы.

Ғұламаның науқастың көңіл-күйін арттыру, сөйтіп оның жан зардаптарын азайту жайлы айтқандарының, яғни қазіргі ғылым тілімен айтқанда онан психотерапевтік, психопрофилактикалық тұрғыдан жасаған түйіндерінің мәні ерекше. Ол адамды хирургиялық жолмен (сою, кесу, т.б.) емдеуден гөрі сөзбен сендіру, иландыру әдістерімен емдеуге ерекше мән берді, кейбір дәрігерлердің адамның көңіл-күйін, психологиялық ерекшеліктерін жете білмейтіндігі, тіпті мұнымен жөнді санаспайтындығына қынжылады. Ғалымның пікірінше, дәрігердің медицина өнеріне жетілуі, адам ағзаларының ерекшеліктерін білуден, екіншіден, денсаулықтың емін (критерийін) анықтауы, оны дұрыс сақтап, егер бұзыла қалса қалпына келтіруге қолданатын шараларды білуден, үшіншіден, аурудың түрлеріне, оны тудыратын себептерді, кеселді жоятын тәсілдерді, дұрыс айырудан, төртіншіден, сау адаммен науқастың психологиясын салыстырып қараудан, бесіншіден, ауруға берілетін дәрі-дәрмектің қолдану жолы мен оның әсерін арттыру (психофармакология), тамақтану режимін белгілі жүйеге түсіруден, алтыншыдан, науқаспен, оның жақындарымен байыппен тілдесе, сөйлесе білу өнеріне машықтанудан көрінуі тиіс. Ғұлама ғалым жаратылыстану ғылымдарынын, ішіндегі ең сүбелілерінің бірі — медицинаны адамның өмір сүру, тіршілік қажеттеріне жақындата түсуді ойластырған. Сондықтан да оны Шығыс әлемінде медициналық психологияның ірге тасын алғаш қалаған әмбебап ғалым деп айтуымызға әбден болады. Ұлы ойшылдың психология мәселелеріне қатыстысты ой-пікірлері бұл айтылғандармен шектелмейді, бұлардын, бәрі арнайы зерттеуді қажет етеді.
2.2 XIXIV ғғ. түркі ғұламаларының психологиялық идеялары
X—XII ғғ. Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысынан бастап, Шығысында Жетісу мен Қашқарға дейінгі кең өлкеде екі ғасыр бойына түрік тайпасының Қарахан мемлекеті өмір сүрді (астанасы Баласағұн қаласы). Алғашқы — феодалдық түрік мемлекетінде экономикалық, әлеуметтік, саяси-мәдени, ғылым-білім мәселелері жақсы жолға қойылған еді. Мұндағы ақын-жазушылар, ғұлама ғалымдар, сәулетші, құрылысшылар сол кездегі түрік мәдениетінің дамуына зор үлес косты. Осылардың арасында бұрынғы Кеңес одағын мекендеген түркі тектес халықтардың тәлім-тәрбиелік пікірлерінің ілкі бастау, түп төркіні болып табылатын рухани мұралардың ішіндегі қомақтысы — Жүсіп Баласағұнидің (XI ғ). «Құдатғу білік» атты шығармасы. Бұл — дидактикалық және этикалық жанрда жазылған шығарма. «Құдатғу білік» — түркі сөздері. Мұның біріншісі «Құдатғу» сөзі, «кұт», «бақыт», «құтты» деген мағынаны, екіншісі — «білік», яғни «білім», «кітап» деген мағынаны білдіреді. Олай болса, «Құдатғу білікті» қазақша «Құтты білік» — «білімді кұтайтушы кітап» немесе «бақытқа жету ғылымы» деуге болады. Дастан 85 тараудан, 6645 өлең жолынан тұрады. Шығарма оқиғасына қатысатын төрт кейіпкер төрт қасиеттің әділет, дәулет, парасат, қанағат) иесі болып табылады да, осы төртеудің арасындағы бақыт туралы сөздің тең жартысы диалогқа құрылған. Шығарма көшпелі қазақтарда айтыс жанрының тууы жайында да кызықты деректер береді. Дастан Қарахан мемлекетін нығайту, оның даңқын зорайту мақсатында жазылған. Осы өлке кезінде шаруашылығы шарықтап өскен, жазу, сызу өнері дамып, мәдениеті өрге өрлеген, зиялы оқымыстылары көп ел болса керек. Мәселен, осы қаладан шыққан келесі бір ғұлама Махмуд Қашқари 1072—1074 жылдары «Диуан лұғат-ат түрк» , сондай-ақ Жамал Қарши (1230—1305) «Мүлкамат ул Сурах» атты кітаптар жазған. «Құдатғу біліктің» авторы Жүсіптің туып-өсіп, тәрбие алған жері — Баласағұн қаласы. Бұл қазіргі Шу өзенінің бойындағы Тоқмақ қаласынан онша қашық емес, кейініректе қаңлы тайпасының астанасы болған.

Баласағұндық Жүсіптің моральдық-этикалық, психологиялық қағидалары ибн Сина мен әл-Фараби ілімімен сабақтасып жатады. Өйткені аталмыш дастаннан да адамдарды тәрбиелеу — мемлекет көздейтін негізгі шаралардың бірі, зұлымдық барып тұрған әлеуметтік ауру, оны оқу-тәрбие арқылы ғана жоюға болады, адамдардың жақсы қылықтары мен қасиеттерін жетілдіре берсе, қоғамды да, мемлекетті де жақсартуға болады дейтін ағартушылық идея аңғарылады. Автордың философиялық қисындарын сөз еткенде ежелгі гректер мен әл-Фараби, ибн Синалар іліміне теориялық арқау болған бүкіл әлемдік үйлесімділік теориясы еріксіз еске түседі. Дастаннан әлем төрт түрлі элементтен (жер, су, ауа, от) құралған, бұлардың пропорциясы дүниедегі заттарды бір-бірімен үйлестіріп тұрады дейтін тұжырымға ұқсас жәйттер көптеп кездеседі. Үйлесімділік - қоғамдық әлеуметтік жағдайлардан да орын алып отырады. Мәселен, ел билеушіден әділет, дәулет, қанағат, парасат сияқты төрт қасиет түгел табылса, онда мұндай басшысы бар елдің қойының үстіне бозторғай жұмыртқалайтын болады, оның әділдігі тек барша жұртты ғана бақытқа жеткізбейді, сонымен бірге әкімнің өзін де бақытты етеді, атын бүкіл әлемге жаяды. Білім мен ақыл әділетке қосақтасып жүруі тиіс, бұларсыз әділ заң шығаруға болмайды. Ақыл — әркез адам қанағатын да реттеп отырады. Мәселен, адамның азға қанағат етуі, тағдырға бой ұсынуы, жаман жолға түспеуі - барлығы да ақылдың арқасы. «Құтты біліктің» он бес тарауы түгелдей дерлік тәлім-тәрбиелік мәселелерді әр қырынан сөз етеді.

«Құтты біліктің» 29—30 тарауларында Қарахан мемлекетінің ел билеген басшылары мен игі жақсылары жайлы айтылады. Автор бұларды жұртқа үлгі етіп ұсынады, оларға еліктеу қажеттігін еске салады. Жүсіп басшы атаулыға тиянақты білім, мол тәжірибе қажет дейді: «Ақылмен іс қылған бек елге сүйкімді келеді», «Халқының ауыртпалығы олармен бірге көтерген адам — басшының төресі», «Жақсы қызметкер төменнен төрге барады», т.б. осы түйіннің дерегі. Әрбір басшы, ел билеуші жан-жақты, әмбебап білімді, ақыл-ойы ерекше жетілген, білгір адам болуы шарт. «Ақылдылықпен ел биле, білімділікпен жұртты аузыңа қарат», «Ел ағасының мінез-құлқы жайсаң, сезімтал болсын», «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», «Бастық әркез өзінің көзі мен кұлағын айналасына тігіп отыруы тиіс», «Бегің рақымды, қарапайым, әділ болса, ерге де, елге де ең жоғары бақыт сол болады»,— деп, автор басшының айналасындағы адамдарды бес саусағындай біліп отыруын, қарамағындағылардың психологиясын сыртқы келбетінен де, ішкі жандүниесінен де аңғара алуын калайды. Әкім жұрттың жақсы-жаман қылықтарын әділ бағалап, қателігі үшін тиісті жазасын беріп отыруы тиіс. («Егер қарамағындағы кісі қателессе оны шақырып алып, не себептен қателескенін сұра»). Ел басы, халық ағасының табанды да қайсар, ерік-жігері күшті адам болғаны абзал. («Ол қабандай қайсар, сауысқандай сақ, қарлығаштай кырағы болсын»). Басшы ел билеу, шаруашылықты ұйымдастыру туралы ғылымның негіздерін жақсы білуі қажет. («Халықты дұрыс басқару үшін басқару ғылымын меңгермей болмайды»). Бұған қоса ол адал, шыншыл, халыққа қиянат етпейтін, жан-жақты қабілетті болып келуі тиіс. («Ел билеушіге жетпіс өнер де аз»). Бір сөзбен айтқанда ел ағасы көпті көрген, ысылған, салауатты, тәжірибелі өмірдің ащы-тұщысын өз басынан кешірген кісі. Басшының білімі, көрген-білгені қанша мол болғанымен ол жұртқа қатал, не жағымсыз болып келсе, қоғамды қырсыққа ұшыратады, айналасындағыларды жақсылыққа жеткізбейді, олардың бақытсыз болуына себепші болады. Жақсы басшыға істің мән-жайын білетін сенімді жәрдемші, ақылгөй кеңесші қажет. Мұндай жағдайда оның ісі өрге басып, ол өз халқына да, қоғамына да көп пайда тигізеді. Ел билеушілердің негізгі міндеті — халқына адал қызмет ету, сонда ғана ол олардан сүйіспеншілік, қадір-құрмет күте алады.



Ілкі ортағасырлық Қазақстанда «Құтты білікке» тәлім-тәрбиелік мағынасы жағынан үндес басқа туындылар да болған. Бұлардың қатарына Махмұд Қашқари, Ахмет Жүйнеки, Қожа Ахмет Иассауилардың (XI-XII ғғ.) шығармаларын жатқызуға болады. Мәселен, Кашқар қаласының тұрғыны, ғұлама-ғалым, Махмұд Кашқаридың «Диуан лұғат-ат түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») атты сөздігінде екі жүзден астам өлең, үш жүзге тарта макал-мәтелдер, сондай-ақ Орта Азия, Шығыс Түркістан, Қазақстанды мекендеген халықтардың әлеуметтік және мәдени өмірінің әр алуан салалары туралы қызғылықты деректер көптеп кездеседі. «Сөздіктегі» ғылым-білім, әдеп, тәлім-тәрбие, моральдық-психологиялық сипаттағы ой-пікірлер әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни идеяларымен астастырылып жатады. Онда адамның кейбір жекелеген жаман қасиеттері (дүниеқорлык, қорқақтық, мансапқорлық, опасыздық, ездік, т.б.) айыпталып, ерлік, ізгілік, әділдік, ақ ниеттілік секілді кісінің әр түрлі жақсы касиеттері дәріптеледі, автор жастарды батыр, ержүрек, отансүйгіш болып өсуге шақырады. Тіршілік пен еңбек етуді сүйетін, ел бірлігі мен азамат тірлігін қастерлейтін, білімге құштар, өз бақыты үшін күресетін қарапайым адамдар - «Сөздік» мазмұнының негізгі арқауы. «Диуанның» көптеген тұжырымдары «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге каған» (VI-VII ғғ.), сондай-ақ «Құтты білікпен» үндесіп жатады. Мәселен, Жүсіп дастанындағы «Сараң болсаң сені телегей теңіздей дүние де байыта алмайды», «Өлімнен қашып құтылмайсың» дейтін нақыл сөздерге «Диуаннан» — «Тасжүрек, безбүйрек адам тоймайды да, дүниеқоңыздылығын қоймайды», «Өлім желкелеп тұрса, одан қалай қашып кұтыласың» деп келетін осындай ұқсас баламалар жиі ұшырайды «Диуанда» этнопсихологиялық мәні бар тұжырымдар да аз кездеспейді. Автор түріктердің тайпалық және рулық құрамы, олардың аталуы мен шығу тегі (қыпшақ, башкұрт, татар, қырғыз, ұйғыр, оғыз, т.б.) туралы түсінік береді. М.Қашқари түріктер әлемнің ең биік қазыналы жеріне орналасқанын айта келіп, олардың психологиялық ерекшеліктерін былайша сипаттайды: олар көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті үлкендерді кұрметтей білетін кішіпейіл, уәделерінде берік тұратын мәрт, ашық, жарқын жандар.

М.Қашқари түрік этносы жайында зор мақтаныш, масаттану сезімімен айтады. Олардың ата мекеніне, отанына, өзінің шығу тегіне деген патриоттық сезімі, этностық сана-сезімі қаншалықты биік деңгейде болғанын жақсы байқауға болады. «Адамға дәулет пен даңқ - дұшпан», «Жақсы киімің болса өзің ки», «Жоғалған затқа қайғырма», «Құрмет қылсаң қонаққа, асады даңқың халыққа», «Беттің көркі мен көріксіздігіне қарама, адамның тәрбиелігіне, имандылығына қара», «Ұлым менен үгіт үйрен, тәлім ал», «Ел ішіне білім тарат, ғалым бол», «Кеңесті іс келісе береді, кеңессіз іс кері кетеді», «Үлкен кісі шақырса, тез бар», «Ата-анаңды тыңда, сөзін жерге тастама», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», т.б. осы іспеттес имандылық мазмұндағы тәліми сөздердің психологиялық астары терең, бұларда адамның ойлауы мен жүріс-тұрысы, қасиеттері жан-жақты сөз болады.

Қазіргі Түркістан маңындағы Жүйнек қыстағынан шыққан Ахмет Жүйнекидің «Хибатул хакайык» («Ақиқат сыйы») атты еңбегі барлық түркі тілдес халықтарға ортақ дүние болып табылатын осы шығарма бұрынғы дастандармен салыстырғанда өзінің бұқаралық, яғни кедей-кепшіктің мұң-мұқтажын көрсетумен ерекшеленеді. Іштен соқыр боп туған ақын тіршіліктегі өмірдің әсемдігін жырлайды, адамгершілікпен, имандылықты, ізгі істерді, карапайым адамдардың ұнамды іс-әрекеті мен жарасымды мінез-құлқын дәріптеп, білім алуы, жалпы адамзат үшін, әсіресе бұхара халық үшін зор игілік болуы тиіс дейді. 500-дей өлең жолынан тұратын дастанның бірінші бөлімінде білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы ақыл-кеңестер беріледі. Автор білімді адамды таза алтынға, наданды жалған құнсыз ақшаға, білімді ер жігітке теңесе, екінші бөлімде тілдің маңызы, сөйлеу мәдениетін дамыту жөнінде кеңестер береді, ал үшінші бөлімде дүниенің бір қалыпта тұрмай, өзгеріп тұратындығын сөз етеді. Дастан жомарттықты, қарапайымдылықты, сыпайылықты, өршілдікті дәріптеп, менмендік пен надандықты, сараңдық пен шығайбайлықты, дөрекілікті шенеп-мінеп, айыптайды. Автор сол замандағы адамдардың осы іспеттес, ұнамды - ұнамсыз моральдық-этикалық ерекшеліктерін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге мінез-құлықтың жақсы қасиеттерін қалайша тәрбиелеу, сондай-ақ оның теріс қасиеттерін жою жөнінде бірсыпыра пайдалы кеңестер береді («Егер өкіметке қолың жетсе, мақтанба», «Бастық болсаң, жайсаң бол, кәріге де жасқа да құрмет көрсет», «Айтар лебізіңді алдымен ойлап ал», т.б.). Осындай көркемдік дәрежесі биік, ұлағатты лебіздер, бейнелі салыстырулар мен теңеулер, накылдар мен мақалдар, мәтелдер күні бүгінге дейін өздерінің тәлім-тәрбиелік мәнін жоймай келеді.

Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының көне Испиджаб, қазіргі Сайрам жерінде дүниеге келген Қожа Ахмет Иассауи (XII ғ.), алғашқыда ғылым-білімді жергілікті ғұлама шайқы Арыстан бабадан алады, есейе келе Бұхарадағы Жүсіп Хамаданидан сопылық білімін тереңдетіп, сопы ретінде Иассы (Түркістан) қаласына келіп, «Иассауишілік» діни тақуалы ағымның негізін салады. Қазақ жерінің ортағасырлық мәдениетінің дамуында Иассауи жазған «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») елеулі орын алады. Бұл оғыз-қыпшақ тілінде сол кездегі көпшілік бұхара халыққа түсінікті тілмен жазылған шығарма. Кезінде Орта Азиядан бастап Еділ жағалауына дейінгі көшпелі түркі тайпаларының арасына кең тараған. Мұнда өлеңмен 149 хикмет берілген. Иассауидің өсиеттерінің толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады (1878). Ең ескі нұсқасы XV ғасырдың орта шенінде арап қарпімен көшірілген. Жыр жолдарында оның туған күнінен бастап алпыс үш жасқа дейінгі өмір жолы баяндалады. «Диуани Хикметте» діни-сопылық қағидалармен қатар бұл дүниелік жәйттер, яғни оқып, білім алу, иманды ізгі қасиетті болып ақыл-парасатқа жетілу, сөз бен істе шыдамды, төзімді болу, жақсы мен жаманды айыра алу, достық пен махаббатты қастерлеу, азға қанағат тұту, кемтар, ғаріп адамдарға қамқор, әділетті болу, адал жолмен жүріп-тұру секілді жалпы адамгершілік нормалары дәріптеледі («Махаббатқа берілгендер өз мақсатын табады», «Достарыңа төбеңмен қызмет қылғын», «Қызықпай мал-мүлікке дүние тепкін», т.б.) ғұлама аталған қасиеттердің психологиялық астарларына үңіледі. Надандық, сараңдық, залымдық, дүниеқұмарлық («Ей, достар, наданменен көңіл қоспа», «Жалған сөйлеп имансыз болма, Дүние үшін иман мен дінін сатар», т.б.) секілді жаман қасиеттерді шенеп, мінейді. Соңғы айтылғандардың қай-қайсысы да психологиялық жағынан күні бүгінге дейін өзінің ғылыми мәнін жоймай келеді.

XIII—XIV ғғ. осы өңірдің халықтарының жаугершілікке ұшыраған шаруашылығы мен мәдениетінің құлдырап кеткен, зобалаң кезі еді. Сығанақ, Баршынкент, Отырар секілді ғылым мен мәдениеттің орталықтарын жермен-жексен қылып, жаулап алған жердің халқын түгелдей қырған Шыңғыс хан мұрагерлері осынау ұлан-ғайыр өлкеде Алтын Орда дейтін мемлекет құрды, астанасы Еділ сағасындағы Сарай қаласы болды. Бұл кездегі мәдениет пен әдебиеттің, рухани өмірдің ірі өкілдері - Хорезми, Сараи, Құтыб, Рабғузи, т.б. болды. Осы қала ғұламаларының бірі - Реванди Хорезмидің Сырдария сағасындағы Сығанақ қаласында жазған «Мұхаббат наме» деген шығармасы бізге жеткен. Дастан Мұхаммед Қожабекке (Алтын Орда билеушісі) арналған. Қазір оның екі нұсқасы белгілі. Біріншісі - араб, екіншісі - көне түркі тіліңде жазылған. Екеуі де Лондондағы кітап қорында сақтаулы. Дастан жас жігіттің сүйген қызына жазған сүйіспеншілік хаттарынан тұрады. Махаббаттан мың түрлі сыр туады, ол қашып құтыла алмайтын қайғы деген түйінді өзіне арқау еткен осы шығармада дүние, малға қызықпау, азды қанағат тұту, сабырлылық, («Сабырдан артық нәрсе жоқ») жақсы дәстүр-салтты сақтау, ақыл-парасатты қастерлеу («Білімдіні білімі үшін мақтайды») жастық пен махаббаттың психологиясы («Жастық өз уақытын білмейді» «Екі жарық гауһарды әлемге берген, махаббат қазынасын адамға берген», т.б.) іспеттес көптеген тәлімдік ойлар аз кездеспейді.

Алтын Орда мемлекетінің XIV ғасыр мәдениетінің көрнекті өкілдерінің біріне қазақ жерінің Қамысты деген мекенінде дүниеге келген Сайф Сараиды жатқызуға болады. Ол Өзбек хан тұсында Еділ бойындағы Сарай қаласында тұрған. Өмір жолы мен шығармашылығы туралы жөнді мағлұмат сақталмаған. Кейіннен Египетте тұрып, Александрияда қайтыс болады.

1391 жылы жетпіс жасар Сайф парсы ақыны Мусли-хутдин Сағдидың «Гүлістан» дастанын түркі тіліне аударьш, оған «Гүлістан бит-турки» деп ат қояды. Дастан қолжазбасының түпнұсқасы бүгінде Лейден университетінде (Голландия), оның фотокөшірмесі Анкара университетінде (Түркия) сақтаулы тұр. Шығармада көптеген көркем бейнелі, тәліми сипаттағы нақыл, ұлағат сөздер кездеседі. Сараидың осы шығармасы алдымен Анкарада (1915), кейіннен орыс, өзбек тілдерінде жарық көрді. Мұнда ел билеушілер мен бұқара халық жайында, қанағаттылық пен тілге сақ болудың пайдасы мен зияны туралы, жігіттік пен кәрілік жайында, адамгершіліктің әртүрлі сипат қасиеттері сөз болады. Осы тәліми сөздердің бәр-бәрі хисса-хикаят түрінде айтылады. Шығармада сондай-ақ, ұят пен ынсап («Ұятсыз адам иттен де жаман»), жақсылық пен жамандық, жомарттық пен сараңдық («Жомарт ерге ел алғысын төгеді, сараң атын естісе жұрт сөгеді»), қатыгезділік пен мейірімділік, шындық пен өтірік, күншілдік пен бақастық. («Жарғанат жарықты сүймейді, күншіл ғылымды сүймейді»), ақылдылық пен білімділік, т.б. мәселелер сөз болады.



Жамал Қарши (1230—1315) шын аты — Абдулфазыл ибн Мұхаммед) Орта Азия мен Қазақстанның Орта ғасырлардағы ғұламалары туралы еңбек жазған, жетісулық тарихшы. Ол сөз өнерінің білгірі әл-Жауһаридің, «Тіл тәжі және араб тілі» атты түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударған. Мұнда алла тағала, пайғамбар, патша, уәзір, әкім, әмір, т.б. туралы тағылымдық мағлұматтар беріледі. Мәселен, «Әкімдер мен патшалар туралы түсінік», «Селжүк патшалары мен сұлтандары хақындағы естелік», «Басқа да белгілі әмірлер мен уәзірлер туралы түсінік», «Монғол қақандары жәйлі естелік», «Баршынкент мекені туралы естелік» дейтін тарауларда тарих пен шежіре, әдебиет пен тіл, этика, дін мәселелері жайлы сөз қозғалады. Бұл еңбекте қазақ жерінің ертедегі қалалары мен елді мекендері, атап айтқанда Сыр бойындағы Баршынкент пен Жем қалалары жайлы, олардан шыққан оқымысты ғұламалар жөнінде біраз мағлұмат алуға болады. Бұл шағын еңбекте Баршынкент қаласынан шыққан Әбул-Мұхамед Хамид (қазақша Хисамеддин) деген ойшыл-ғұлама жәйлі біраз дерек келтіріледі. Жамал Қаршидің айтуынша ол алдымен білімді Жент қаласында алады. Кейін Хорезм ғалымдарынан тәлім алып, мұсылман заңы бойынша маманданған, Баршыкентте ұстаздық еткен, пәлсапа, тарих, тіл мәселелерімен катар оқу, білім-ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет жайында да білімдар адам болған. Оның қаламынан «Әулиелердің өмірбаяны», «Рухситнама», сондай-ақ құран Кәрімге түсіндірме, т.б. еңбектер туған. Жамал Қарши, сондай-ақ ортағасырлық Қазақстан ғалымдары Талас (қазіргі Жамбыл) қаласының ойшылы (XII ғ.) Жамаладднн Суғнақи (Шайқы баба) Ғибатулла (әл-Фарабидің шәкірті), Арап және Ахмет Баласағұни секілді ғұламалар жайында мағлұмат береді. Қазақ жеріндегі Орта ғасыр ғұламаларының бұлардан басқа, есімдері күні бүгінге дейін жалпы жұртқа мәлім болмай, тәлім-тәрбиелік еңбектері зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатқаны өкінерлік нәрсе. Бұл жерде, басқасын былай қойғанда Отырардан шыққан ұлы ғұлама әл-Фараби есімді он екі Фарабиді айтсақ та жеткілікті.

Осы кезеңдегі ұлы ойшылдардың көзқарастарына қысқаша шолу жасай келіп, түйіндейтініміз: бүткіл Шығыс, сондай-ақ түркілік коғамдық ой-пікір даму тарихында ежелден қалыптасқан дәстүр - бұл адамның ішкі жан-дүниесін зерттеуге үңілу, оның психологиялық мінез-құлықтық, адамгершілік, имандылық, өнегелік қасиеттеріне ерекше назар аудару, моральдық жағына тазару, «тәубә», «обал», «сауап», «қанағат» секілді түсініктердің негізгі құндылықтар деп есептелетінін бұлардағы жұртты руханилыққа жетелейтін, яғни кезінде Шәкәрім қажы айтқан «Мен жетелеп келемін, өрге қарай қазақты» дегендей, бұл күні бүгінге дейін іргетасты мәселе болып келе жатыр.


2.3 XVXVII ғғ. қазақ хандығы тұсындағы ақын-жыраулардың психологиялық тағылымдары

XV-XIX ғасырдың бірінші жартысы казақ халқының өз алдына хандық кұрып, тайпалар бірлестігі мен феодалдық мемлекеттің нығая бастаған дәуірі еді. Осы кездері қазақтың өзіне тән рухани мәдениетінің өзіндік беті де айқындала бастайды. Ол, әсіресе, халықтың тілімен, жол-жоралғысы, жөн-жосық, салт-дәстүрінен айқын сезіледі. Мәселен, кейбір жазба ескерткіштердің де осы кезде таза қазақ тілінде жазылуы осының жақсы айғағы (Қадырғали Қосынұлының «Жылнамалар жинағы» т.б.).

Қазақтың кең өлкесі сол бір кездерде жасақ пен жортуылдың шаңына мықтап булыққан еді. Өзбек, ноғайлы хандықтары ыдырағаннан кейін кең байтақ, қазақ даласы қанды майданның орталығына айналды. Халқымыз жүздеген жылдар бойы жоңғарлар шабуылына тойтарыс беріп отырды. Осы кезеңде қазақ мәдениетінің біршама тоқырап, тірнектеп жинаған рухани байлығының біразынан айрылып қалуына да осы айтылған қиян-кескі соғыстар, жойқын шабуылдар мен жорықтар себеп болғаны хақ.

XVIII ғасырдың отызыншы жылдарынан басталған патшаның қазақ жерін отарлау саясаты «жұт жеті ағайынды» дегендей «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына ұласып, өмір бойы бейбітшілік аңсаған дала халқының басына теңдесі жоқ қайғы-қасірет әкелді. Бұл айтылғандар жайсаң психологиямызға қолайсыз әсер етіп, жұртты мықты жан күйзелісіне ұшыратқаны белгілі. Әсіресе, патша отаршылары хандық дәуірді жойып, өздері ойлап тапқан «Жаңа низам» атты ел билеу хұқын жарыққа шығарып, «бөліп ал да билей бер» деп, ойына келген неше түрлі заң-зәкүндерді ойлап тапты. Мәселен, патша әкімшілігі қазақ даласына «Сібір Казақтары туралы» (1822), сондай-ақ «Кіші жүзде ел басқарудың дистанциялық системасы» (1831) деген жаңа заң жүйелерін шығарды, қазаққа тиімсіз сауда-саттық күшейе түсті. Орыс саудагерлері қазақтың мың-мыңдаған малын отар-отарымен сатып алып Ресей жәрмеңкелеріне тоғытып жатты.

Осы кезеңдегі дала ойшылдарының ішінде моралдық-психологиялық толғаныстарымен ерекше көзге түскендердің бірі — кейіннен көшпелі елдің философы атанған алғашқы қазақ хандығының айналасында ақылгөй, ықпалды кеңесшісі, Әбілқайыр ханның тұсында Керей мен Жәнібек сұлтандардың ақылшысы болған туған халқының тағдырына, оның күйкі тіршілігіне қабырғасы қайысқан Асанқайғы елі қайғы-мұңсыз, жаны да, жері де жайсаң, жауласу мен араздасуды білмейтін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» жерді іздеп тапқысы келді. Осы мақсатпен желмаясына мініп алып қазақтың кең-байтақ даласын, тау-тасын шарлап кезумен болды.

Асанқайғы жайлы қиял-ғажайып аңыздар XV ғ орта шеніндегі қазақ даласындағы қоғамдық-тарихи жағдайды бейнелейді. Жырау бейбітшілікті өз толғауларына ту етті, барша әлемге гуманнстік пиғылымен қарады. Ол Алтын Орда мен Ақ Орда құлағаннан кейін күшейе түскен феодалдық өзара қырқысуларды Дешті Қыпшақтан Жетісуға, Шу мен Талас өзендері алқабына қазақ рулары мен тайпаларының жаппай көшіп-қонуына риза болмады. Жырау қартайған шағында Сарыарқада (Ұлытау өңірінде) өзінің арманы - қайғы қасірет шеккен көшпенді халқын бақыт пен игілікке кенелте алмай, арманын орындай алмай дүние салды. Оның Жиделібайсын (Жерұйық) туралы асыл арманы бейбіт өмір сүруді аңсаған бүкіл қазақ жұртының арманы. Асанқайғы есімі тек қазақтарға ғана емес, сонымен бірге басқа да ағайын халықтарға да (қырғыз, қарақалпақ, ноғай, т. б.) кеңінен тараған. Жырау толғауларында психологиялық мәні зор қанатты сөздер көп. Қазақ жерінің табиғат жағдайларының, мекендейтін адамдарының жан-дүниесі ерекшелігін керсететін деректерді, осы кезге дейін сақталған жер атауларын көптеп кездестіруге болады.

Жырау ру-тайпалық одақтардың генекалогиясын, халықтық әдет-ғұрып дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсы-жаман адамдар, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, («өлетұғын тай үшін, қонатұғын сай үшін, желке терің құрысып, бір-біріңмен ұрыспа») шыншыл, иманды болуға шақырады. Барша жұрттың қайғы-қасіреті, өзара әділеттілік-теңдіктің болмауынан артық бақытсыздық жоқ, үйлесімді өмір сүру үшін әр адам өзін-өзі жетілдіруі қажет, ізгілікті болу — бүкіл жанды зат атаулының бәріне ортақ дейтін гуманистік тұжырым жырау творчествосының негізгі арқауы.

Асайқайғы толғауларына сабақтас көшпенділер өмірінің жықпылдарын, оның өзіне тән психологиясын тамаша суреттеген дала ақылманы Қазтуған жырау біздің шамалауымызша XV ғасырдың 20—30 жылдарында Еділ жағасында, қазіргі Астрахан облысының Қызылжар қаласына жақын маңда дүниеге келген. Жыраудың өмірі туралы нақты мағұлматтар сақталмаған. Көшпенділердің әскери ақсүйектері арасынан шыққан Қазтуған Еділдің салалары Ақтұма мен Бұзын бойына қоныс тепкен ноғай тайпаларының әскер басы және ру көсемі болған. Бүкіл XV ғасыр бойына созылған Дешті Қыпшақтың өзара қырқысқан күресі кезеңінде сол өңірдегі руларды Қазақ хандығының құрамына енгізген. Бұл уақиға қазақтардың қазіргі Орталық және Батыс Қазақстан территориясында түбегейлі орныққан кезінде, яғни шамамен 1460—1480 жылдары болса керек.

Қазтуған шығармашылығы көшпенді қазақтардың көне суырып салма поэзиясынан сусындатады. Жырау дала тұрғындарын өмір сүрген Отанына, туған ел жұртына, кіндік кесіп, кір жуған, ат жалын тартып мініп, өскен топырағына деген сүйіспеншілікке баулиды. Бұл жырау толғауларының өзекті арқауы. Қазтуған шығармашылығы табиғатпен етене өмір сүрген жаны таза, көшпенді тұлғаның рухани дүниесін, оның ғажайып армандарын, ой-пайымын, байлығы мен жомарттығын, айналадағы мөлдірі ортаймаған табиғатқа сүйіспеншілігін, көшпелі өмірдің жайсаңдығын айтады. Қазтуған жырау психологиялық идеяларға толы төлтума қазақ поэзиясын жасаушылардың бірі. Бізге Қазтуғанның ақындық мұрасының аз ғана бөлігі жетіп отыр.

Қазақ халқы өз алдына дербес ел болып, ірге көтеруге бет бұрып жатқан кездерде (XIVXV ғғ.) осы өңірде бірнеше ғұлама ғалымдар өмір сүріп, тарихи шығармалар жазған. Бұларда да тәлімдік тұжырымдар аз кездеспейді. Мәселен, Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499—1551) «Тарихи Рашиди» («Рашидтің тарихы») атты шежіресінде сол кездегі көшпелі қазақтардың өз көршілерімен қарым-қатынасы, олардың тыныс-тіршілігі суреттеледі. Шежіренің нұсқалары Ленинград пен Душанбе кітапханаларында сақтаулы. «Тарихи Рашидиде» көтерілген басты мәселенің бірі — Сейіт хан мен Мұхаммед Хайдардың Қасым ханның ордасында конақ болған кезінде сұхбаттасқан түрлі тақырып төңірегіндегі әңгімелері. Мұнда көшпелі дала тұрғындарының әдет-ғұрып, әлеуметтік-психологиялық, этнографиялық ерекшеліктері сөз болады. Мына төмендегі шағын үзіндіде сол кездегі казақ халқының этностық ерекшелігі, өзіндік психологиясы жақсы көрсетілген: «...Біз — даланың халқымыз, бізде сирек ұшырасатын, қымбат заттарымыз жоқ, дүние жиһаздарымыз да көп болмайды. Ең басты байлығымыз — жылқы, оның еті мен терісі біздің ең тәуір тамағымыз бен киіміміз... жерімізде бау-бақша да, ғимараттар да жоқ, біздің көңіл көтеретін жеріміз — малдың жайылымы мен жылқы үйірі, сондықтан біз жылқыға көзіміз тоймай қызыға қарап тамашалаймыз

Сыр бойын жайлаған Ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қосынұлы Жалайри (1530—1605). Шежіреші - ғалым Қадырғали: «Мен дүние жүзіндегі түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын» — дейді. Бізге ол жазған шежіренің (1602) екі көшірмесі мен шағын үзіндісі ғана жеткен. Мұның бірінші бөлімін жазған кезде ол Рашид-әддиннің әйгілі «Жамиғат-тауарих» кітабын негізге алған. Кейін бұл Қадырғалидің өзі жазған еңбек «Шежірелер жинағы» деп аталып кеткен. Мұнда түркі-монғол тайпаларының Шыңғыс пен оның ұрпақтарының тарихы баяндалған. Екінші бөлімде Орыс, Тоқтамыс, Темірқұтылық, Хажы Керей, Хажы-Мұхаммед, Әбілхайыр, Жәдігер, Ораз-Мұхаммед, Едігелердің өмірі баяндалған. Бұларда қазақ хандығының құрылу алдындағы тарихи-әлеуметтік жағдайлар мен көшпеділердің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, психологиясы, мақал-мәтел, нақыл сөз түрінде көрініс тапқан.

Шыңғыс әулеті, шайбани руынан шыққан, шеше жағынан қазаққа туыс Әбілғазы Баһадүрхан (1602—1664) есімінен де қазақ иісі байқалады. Өйткені Меһрибану ханым Арал теңізі бойын жайлаған көшпелі қазақ сұлтандарының қызы. Әбілғазы соның тәрбиесін алған. Әскер басы ретінде талап соғысқа қатысып, мемлекет басқару ісіне де араласады. Тарихи тақырыпқа екі еңбек («Түрікпен шежіресі», «Түркі шежіресі») жазған. Соңғысы 9 тараудан тұрады. Оның соңғы тарауларында Дешті-Қыпшақтағы әкімшілік істері, қазақ хандары, шешендері мен ақын-жыраулары туралы айтылады. Әбілғазы араб, парсы тілдерін, түркі халықтарының тілдері мен әдебиетін (фольклорын, шежірелерін, хикаяларын,толғауларын, т.б.) жақсы біліп, олардың біразын аталмыш еңбектерге енгізген. Шығармаларының тілі барынша қарапайым, көпшілік жұрт оқуға түсінікті келеді. Бұлар қазіргі казақ тіліне өте жақын ғылыми-тарихи еңбектердің қатарына жатады. Екі еңбекте де сол кездегі басты мақсаты қазақ ру-тайпаларының тарихына, психологиялық ерекшеліктеріне байланысты тәлім-тәрбиелік мәні бар ұлағатты, үлгі-өнеге беретін афоризмдер де аз кездеспейді. Бұл айтылғанға оның мына төмендегі афоризмдері («Хан біреу болса, ел түзелер, екеу болса ел бұзылар... Екі еркек бір қатын ала алмайды, бір төрге екі төре сыймайды... Он дәруіш бір кілемге сияды, екі әкім бір елге сыймайды», т.б.) жақсы дәлел.



Дала феодалының отбасында Жайықтың сол жағалауында (Кіші жүз) дүниеге келген Шалкиіз жырау (XVI ғ.) жастайынан жорықтарға қатынасып, Қырымның, Солтүстік Кавказдың, Донның территориясын түгел шарлайды. Өжет жырау өзінің билеушісі Темірдің дегеніне ылғи да көне бермейтін. Кейінгі жылдары ол Дешті-Қыпшақтың шығыс бөлігіне қоныс теуіп, соғыс жорықтарына қатысады, ел қорғайтын ерен батырлардың бел ортасында жүреді. Шалкиіз — орта ғасырлардағы көшпелілер ой-пікір тарихындағы ең жарқын, елеулі тұлға. Дала батырының ұрыстағы қаһармандығы мен өжеттігі, ержүректігі мен батылдығы көшпелілер психологиясы, әсіресе олардың негізгі қаружарағы — алдаспанның қуатын дәріптеу, тайпаларды бірлікке шақыру — жырау толғауларының басты тақырыбы.

Өтірікші, Суайт, қоян жүрек қорқақтар, мақтаншақ екіжүзділер — адам деген ардақты атқа лайықсыз жандар. Асқар таудың құзар шыңына ұмтылуды арман етпеген жан — ез. Жақсы адам дос-жараңын жауға тастамайды, «тұяғымен жер тарнаған» оның дүлдүл тұлпары — айрылмас жан серігі. Өз заманының перзенті болған жырау алдымен дала шонжарларының мінез-құлық ерекшеліктерін көрсете келе, олардың бір-бірінен айырмасын, жеке-дара өзгешеліктерін бейнелейтін ұғымдарды көптеп қолданады. Шалкиіз толғауларының әсер, рухы аса күшті, философиялық ой-толғамдарға аса бай, олар қысқа да болса, нұсқалығымен ерекшеленеді.

Алшын руынан шыққан әскери аристократияның көрнекті өкілі, шынжыр балақ, шұбар төс қазақ феодалының отбасында туған Жиембет-жырау (XVII ғ.) Есім ханның бас биі, әрі әскери қолбасшысы еді. Оның соғыс кезіндегі өжеттігі мен ұйымдастыру кабілеті 1620 жылы қазақтардың ойраттарға қарсы соғысында айрықша көрінеді: жатжұрттың басқыншыларға қарсы күресте жеңіске жетуге көп септігін тигізгенмен ғұмырының соңғы жылдарында ол дала билеушісі Есім ханға жақпай жүрді Ол ұзақ уақыт қуғында жүрді, сүйегі қазіргі Қарағанды және Семей облыстарының шекарасындағы Өгізтауда жерленген.

Тәлімдік тұрғыдан алғанда Жиембет жырау қолбасшы батыр психологиясын сомдаған. Олардың ішкі жан-дүниесінің ерекшеліктерін тамаша теңеулер арқылы айтады, көтеріңкі рухта суреттейді. Жиембет ұдайы қауіп-қатер төнген жағдайға дайын болудың қажеттілігін, сондықтан жастардың дене бітімінің шынығуына, олардың әскери дайындығына айрықша назар аударады. Өзінің алып тұлғасын дала түлектері үшін үлгі-өнеге ретінде ұсынып, мансапқұмар, атаққұмар, өздерінің қарақан басының мүддесін халық мүддесінен жоғары қоятын хандар мен уәзірлердің келеңсіз тіршілігін шенеп - мінейді.

Бұлардың қай-қайсысынан да көшпелі халықтың психологиясын жақсы байқауға болады.


2.4 XVIII—XIX ғғ. бірінші жартысындағы психологиялық идеялар
Осы кезең рухани өмірінің көрнекті өкілдерінің бірі — Ақтамберді жырау (1675—1768) Қаратау бойында, Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келген. Он бес жасынан бастап жорықтарға қатысып, жоңғарларға қарсы ұрыстарда даңқы шығып, ержүрек ерлігімен көзге түскен. Әйгілі батыр — жауынгер, әскер басыларының бірі.

Оның ақындық таланты тым ерте танылып, өзінің жалынды жырларымен халықты жат-жұрттық басқыншыларға қарсы күреске жігерлендіреді. Жоңғарларды түбегейлі талқандап, Шығыс аймақтарды қайтарып алғаннан кейін Ақтамберді қазақтарды босатылған жерлерге орналастыруға қатысады. Жауынгер-жырау тоқсан үш жасында дүние салады. Жырау толғауларында көшпенділердің өзіндік психологиясы көрініс тапқан. Көшпенділер ежелден ақ көңіл, қонақ жайлылығымен, меймандостығымен баршаға мәшһүр. Осынау ұлттық Қасиет Ақтамберді толғауларындағы басты тақырыптың бірі. Жырау түсінігінде қазақ үшін байлық — мал. Малдың еті, сүті — тамақ та, жүні, терісі киім. Мал халқымыз үшін көшсе көлігі, мінсе жүйрігі болғандығьн жеріне жеткізе айта келіп, жырау жас ұрпакқа айтқан акыл-кеңестерінде осы төрт түлікті бағып-қағу үшін қалтқысыз еңбек ет, малшылық кәсіпті сүй, жай сүюден ештеңе шықпайды, оның тілін, бабын таба білуің қажет дейді. Мал атаулының қадір-қасиетін тебірене жырлаған жырау, сайып келгенде жастарды шаруашыл, еңбекқор болуға шакырады да, оларды бірлікке, татулыкқа, ата-ананы сыйлауға, туған жерді басқыншы жаудан қорғай білуге, ержүректікке, батыр болуға үндейді.

Осы кезеңдегі қазақ ойшылдарының көрнектілерінің бірі — Бұқар жырау (1685—1777) қазіргі Өзбекстанның Бұхара шаһары маңындағы Елібай ауылында туған. Өмірі жайлы нақты мағлұматтар аз. Жыраудың әкесі Қалқаман батыр жеке басының қаһармандығымен даңқы шыққан. Ұзақ өмір сүріп, тоқсаннан аса жасаған. Бұқар қазақ даласындағы ірі-ірі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Мұсылманша сауаты бар Бұқар қазақ топырағында ислам уағыздарын шама-шарқынша насихаттаумен айналысқан, ел басқару ісіне белсене араласқан жырау Абылай ханның ақылгөй, тәжірибелі дана кеңесшісі болды. Өмірінің біразы хан сарайы маңында өткен ақын хан мен қараның іс-әрекетін таразыға салып, сан-алуан өмір құбылыстарын ой елегінен өткізіп отырды. Ойшыл жырау өзі өмір сүрген дәуір ерекшеліктерін реалистік тұрғыдан дұрыс суреттей алды. Оның «жат бойынан түңілсін; бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» — деген жыр жолдары ағайын татулығы, ел берекесі туралы айтқандары, яғни «ағайын тату болса, жат жанынан түңілер» деген халық мәтелін кұптай, халықтың тату-тәтті өмір сүруін армандауы — осы айтылғанның жақсы дәлелі. Қазіргі әлеуметтік (қоғамдық) психологиялық ғылыми түсініктеріне бір табан жақын тұрған идея — оның адамның жас ерекшеліктеріне берген сипаттамасы. Жырау әр жастағы адамдардың көңіл-күйі, сезімдері, мінез ерекшеліктері, түсінік талғамдары, сенім, қызығулары, әдет-дағдылары әр түрлі болып келетіндігі жөнінде қызықты ой толғайды. Ол адам өмірінің жас кезеңдерініц ішінде жігіттік пен кәрілік шакқа ерекше көңіл бөледі. Өскелең ұрпаққа ақыл-ой, адамгершілік, имандылық тәрбиесін беруге ерекше мән беріп, шешендік өнерді жастар тәрбиесінің басты өлшемдерінің бірі деп есептейді, жастық кезеңде адамның көңіл-күй белсенділігі, күш-қуаты мол болатындығын, сондықтан да осы шақта кісіге шама-шарқынша кимылдап қалудың қажеттілігін ескертеді Бұқар жырау қазақ ақын-жыраулары арасынан тұңғыш рет кәрілік құпиясына ерекше үңіліп, оның сан қилы ерекшеліктері туралы терең пікірлер айтқан ғұлама.

Жырау адам мақсатына жетпей еш уақытта тыным таппайды, ылғи да іздену, іс-әрекет үстінде болады дейді. Оның кәрілік туралы айтқандары, көпті көрген, ақылман қариялардың тәлімгерлік үлгі-өнегелері, туған жерге, атамекенге деген патриоттық сезімдерге толы толғаулары адам жанын еріксіз баурап алады. Әсіресе, оның қазақ даласындағы табиғат сұлулығы — көшпелілердің жан саясы екендігі жайлы тебіреністері тартымды да шебер шыққан. Жырау толғауларының тәлімдік мәні ерекше бағаланатындығы да сондықтан.

Осы кезде өзінің психологиялық ой-толғаныстарымен көбірек көзге түскен ақынның бірі — Шал ақын (1748—1819). Ол казіргі Көкшетау облысының Азат темір жол станциясы маңында туған. Ол ақындық дәстүрдің ілкі бастауында тұрды. Халықтың қалың ортасында жүрген ол ақындығымен он бес жасында-ақ даңқы шықты. Сол тұста онсыз бірде-бір мереке, той-думан өтпейтінді. Ол өзінің ағайын, жекжат-жұрағат туыстарының достығын, береке-бірлігін жырлап, оларды топтасуға, бір-біріне қол ұшын беруге, ізетті де әділетті болуға үндеді.

Адам ғұмырының әр түрлі кезеңдеріндегі (балғын балалық, жігіттік, кемел жас пен карттық шақ) адам өмірінің ерекше көріністері — ойшыл ақын туындыларының өзекті тақырыптарының бірі. Ол тіршіліктің байлығы — денсаулық, еңбек ету, отбасында жайлы да ұядай ұйыған ғұмыр кешу дейді. Оның жігіт-желеңнің үш түріне сипаттама беруі, көңіл аударарлық. Мәселен, соның бірінші үлгісі — болбыр, солапай, бозөкпе, арамтамақ, надан, жалқау, бұл «кұржан», тура мағынасында адам атын жамылған жансүлде. Мұндай адам өмірде мақсаты жоқ сондықтан өмірі мағынасыз өтеді. Екіншісі керенау, кербез, мешкей, мақтаншақ, өркөкірек, екіжүзді, тойымсыз. Сөздің екінші мағынасында мұндай адам «еті тірі», «пысық» жан. Қызғаншақтық, жеңілтектік мұның ерекше қасиеттері. Үшінші үлгісі — жаны жайсаң адам, ақын мұндайларды «жігітжан» деп атады. Оның ой-мақсаты жан-жақты, өрісті, сабырлы да салиқалы келеді. Мұндай адамның асыл қасиеттері - еңбексүйгіштік, халқына қызмет ету, адамдарға пайдалы бола білу.

XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ ғұламаларының ішінде өзіндік психологиялық, түйіндерімен Дулат Бабатайұлы да (1802—І871) ерекше көзге түседі. Ол қазіргі Семей облысының Аягөз ауданының жерінде туған. Аз уақыт молдадан дәріс алған. Ақындық өнер ерекше дарыған талант иесі өзінен бұрынғы ақын-жыраулардың мұраларын бойына мол сіңіре білді. Дулат толғауларынан әл-Фараби мен Дауани (XV ғ.) дәстүрлері байқалады. Ол өз жырларына казақ халқының көне тарихи аңыз-әңгімелері мен эпикалық ертегі-жырларды арқау етті. Дулат ізгілік пен зұлымдық, жақсы, жаман ниетті, жомарттық пен сараңдық, надандык арасындағы айырмашылықтарды тәптіштеп түсіндірді. Баланың, ата-аналарынын, жақсы өнегелеріне еліктеуі, білім игеру, кәсіппен айналысу, кісі тек өзі үшін ғана емес, жұртқа ортақ іс үшін еңбектенуі кажет, ол өмірді парасатты негізде құра білуі тиіс; ерік-жігер мен енбек, сөз бен істің бірлігі - адамның көсегесін көгертеді, оның мәртебесін арттырады - бұл ақынның тәлімдік пайымдарының негізгі арқауы. Акын ата-аналарын сыйламай, еңбексіз бос жүретін, өсек-аяңға үйір кейбір жас адамдарды жазғырады. Кәсіптік өнерді мадақтайды, зергерлік өнердің маңызын, олардық жастар үшін іс жүзіндегі мәнін атап көрсетеді.

Осы кездері ғұмыр кешкен қазақтың аты шулы ғұлама ойшыл ақындары Махамбет Өтемісұлы (1804— 1846) мен Сүйінбай Аронұлы (1815—1898) мұралары да психологиялық тұрғыдан көніл аударарлықтай.

Қазіргі Орал облысының Орда ауданында туып, ауыл молдасынан дәріс алған Махамбст он бес жасында Бөкей Ордасындағы хан мұрагерінің, тәрбиешісі болды. Көп ұзамай оның Жәнгір ханмен арасы ашыла бастай-ды. 1836 жылдан бастап Махамбет Исатайдан кейінгі көтерілісшілер көсемдерінің бірі, хан озбырлығына қарсы шыққан шаруалар қозғалысының басты дем берушісі. Көтеріліс сәтсіздіккс ұшырағаннан кейін Махамбет Жайық (Орал) өзенінің, арғы бетіндегі ауылдарда бас сауғалайды. Алайда көп ұзамай сатқындардың араласуымен қаза табады.

Өзінің уытты, психологиялық мазмұнға толы өлең-жырларында ол жастардыц әскери тәрбиесіне, дене шынығуына, олардың, ерік-жігері мен мінез-құлқын тәрбиелеу ісіне зор маңыз береді, кейбіреулердің қорқақтық пен қоян жүректілігін айыптап, сатқындықты халық, туған-туыстары мен жақындары алдында кешірілмес масқаралық, деп есептейді. Жастар тек «сымбатты да денелі, келісті» болып қана қоймай, сонымен бірге рухани жағынан таза, ақыл-парасаты мол, не үшін тіршілік ететінін терең түсіне білетін жан болуға тиіс.

Махамбет жастарды тәрбиелеу мәселелерін туған халқының абыройы жолындағы күреспен ұштастыруға ұмтылып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетінің әлеуметтік-психологиялық мәнін терең ойлап-толғанған ғұлама.

Осы кезеңде өзіндік психологиялық пайымдауларымен көрінген ойшыл ақынның бірі — Сүйінбай Аронұлы. Ол Жетісу облысындағы Верный уезі Ұзынағаш болысында туған. Суырып салма ақын өзінің өлең-толғауларыыда, сюжетті өлең-дастандарында туған халқының талап-тілегін, мұң-мұқтажын жоқтап, қарапайым адамдардық ой-мақсатын білдіреді, елдің ғасырлар бойғы арман-мүддесі мен мұраттарын көркем бейнелер арқылы зор шабытпен жырлады. Оның бүкіл саналы өмірі, сарқылмас дарыны еқбек адамының мүдделеріне қызмет етті. Сүйінбай Аронұлының поэзиясы, ең алдымен, терең психологиялық тұжырымдармен, көркемдік, әсемдік әлемімен, тілінің мәнерлі әуезділігімен сипатталады. Ол адамның мінез-кұлқының әр алуан қалтарыс-қатпарларын, ішкі психологиялық тебіреністерін, тұлғаның жеке басын, оның моральдық, рухани қадір-қасиеттерін шебер көрсетеді. Ол жақсыны жаманнан, жексұрынды бекзаттықтан айыра білмейтін, жеке басының амандығын тек баюын ғана мейлінше күйттейтін адамдарды шенеп-сынайды. Ақынның психологиялық идеялары оның - «Жақсы мен жаманның айырмасы», «Нақылдар», «Әділеттік арнасы», «Бөрілі менің байрағым», т.б. осы сияқты лирикалық өлеңдері мен ақындық толғауларында терең де бейнелі кестеленеді.

Ақын Сүйінбайдың шүйгін, суырып салма өнері, өзі бізге жеткізген ән әуендерінің таңдаулы дәстүрлерін Жамбыл Жабаев бастаған оның талантты шәкірттері іліп әкетті, кейінгі толқын күні бүгінге дейін жалғастырып келеді.

Жоғарыда аталған ақын-жыраулардың дүние танымын, философиялық, психологиялық көзқарастарын сипаттау оңайға түспейді. Өйткені біздіқ қолымызда олардан қалған жазба деректер жоқ. Адам тіршілігінің моральдық, этикалық, имандылық ерекшеліктеріне баса назар аудару, оларға шама-шарқынша талдау жасап, баға беру сол бір дәуірдегі дала даналарынық қоғамдық ой-пікірлеріне тән басты ерекшелік еді. Қазақ ақын-жырауларының қоғамдық ойларында да басы әл-Фараби, Ибн Сина мектептерінен бастау алатын бүкіл шығыс әлеміне тән дәстүр, этикалық проблемаларға халықтық психологияға қатысты мәселелерге бой ұру байқалады. Сол кездегі қазаққа тән рухани мұралардын, да қоғамдық тәжірибенің талабынан, оның әлеуметтік-экономикалық қатынастарынан, халықтың асыл арманынан туындағаны түсінікті. Өмірден көрген жақсылығы мен жамандығы, ащылы-тұщылы тәжірибесін, қорытқан әр түрлі түйіні мол, бүкіл қазақ жұртының қамын ойлаған ақын-жыраулар ел ағаларының қадір-қасиеттерімен қоса, кейбіреулердің екіжүзділіктерін әшкереледі, елдің тыныш, бейбіт өмір сүруін, кой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды аңсады. Ақын-жыраулардың толғаулары мен тебіреністерінде замана жайындағы әр алуан мәселелер - имандылық, елдік қасиет, әлем, болмыс, сөз құдіреті, табиғат аясы, пәни дүние, т.б. айналада болып жататын сан алуан құбылыстар әр қырынан сөз болды.
2.5 XIX ғ. екінші жартысындағы қазақ ғұламаларының психологиялық көзқарастары
Осы кезеңде қазақ жерін Ресей империясы түгелдей жаулап алуын аяқтады. Өлкеге Ішкі жақтан қоныстанушылар ағыла бастады. Ел билігімен қатар, жер билігі де түгелдей патша әкімдерінің қолына көшті, жекелеген өнеркәсіп орындары, сауда-саттық, ақша қатынасы дами түсті. Патшалық езгіге қарсы күресте қанаты қатая түскен орыстың төңкерісшіл демократиялық мәдениеті ор түрлі келімсектер арқылы қазақ даласына еніп, ол бұқара халықтың жүрегін жылытатынын байқатты. Қала мәдениетінің ықпалы күшейді, ғылым мен мәдениетке қазақ жастарының ықпалы арта түсті.

Дала халқының сана-сезімі ояна түскен осынау кезеңде коғамдық, аренаға халқымыздың аяулы перзенттері — ұлы демократ ойшылдары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтар шықты.

Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет