Кіріспе зерттеудің көкейкестілігі



бет1/4
Дата19.02.2017
өлшемі1,09 Mb.
#10458
  1   2   3   4
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Еліміздің әлемдік білім кеңістігіне енуге талпынысы, білім беру парадигмасының өзгеріп, жаңа ұлттық модельдің қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын, дүниеге көзқарас мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін педагогикалық кадрларды дайындаудың сапасын арттыруды талап етіп отыр.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында жалпы орта білім берудің ұлттық деңгейдегі басты мақсаты – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, құзыретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету деп анық көрсетілген.

Әлемдік тәжірибе мен ұлттық практикаға сүйеніп жасалған бұл ресми құжатта әрбір оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып, білімнің мазмұнын меңгеруге бағытталған үш түрлі құзыреттіліктер жиынтығын игеруі мақсат етілген, олар: өзіндік менеджментке жататын өмірде кездесетін проблеманың шешімін табу құзыреттілігі; ақпараттық құзыреттілік; білімді игерумен бірге жүретін қарым-қатынастық, коммуникативтік құзыреттілік.

Дамыған елдердің оқу жүйесінде кеңінен қолданыла бастаған «құзыреттілік», «құзырет» терминдері жаңа білім стандарты ұстанған басты бағыт ретінде біздің еліміздің білім беру жүйесіне ене бастады. Мұндай аса жауапты білім деңгейіне жету үшін оқу үдерісін соған сай ұйымдастыра білетін, мектеп оқушыларына білімді өз бетінше еңбек етіп алатындай күйге жеткізе алатын, өзі де осы аталған құзыреттіліктерді меңгерген, кәсіби-дидактикалық құзыреттілігі қалыптасқан мұғалімдер даярлау міндеті тұр.

Жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді дайындау үдерісінде олардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі соңғы жылдары ғана қарастырыла бастады. Осы орайда, психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді талдау мұғалімдерді кәсіби дайындау мәселесінің жан-жақты зерттелгенін байқатты.

Мұғалімнің кәсіби шеберлігін қалыптастыру туралы классикалық педагогика өкілдері А.Дистервег, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, А.В.Луначарский, П.П.Блонский, Н.К.Крупскаяның, қазақ ағартушылары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердиев, Ш.Уәлихановтың және т.б. педагогикалық мұраларында қарастырылған. Сонымен қатар, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев, К.Жәленұлы, С.Қожанұлы, Ә.Қасымұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы және т.б. қазақтың біртуар зиялы азаматтары да мұғалімдердің білімін көтеруіне, әдістемелік дайындығына атсалысқаны белгілі.

Мұғалімнің кәсіби қалыптасуы сол кезеңдегі білім жүйесінің дамуымен тікелей байланысты. Қазақстанның білім саласының жағдайы мен мұғалімдерді даярлау мәселелері: болашақ мұғалімдерді дидактикалық және әдістемелік тұрғыда дайындау (А.Е.Әбілқасымова, Б.Баймұханов, Т.С.Сабыров, М.Ж.Жадрина, С.А.Жолдасбекова, Ә.А.Молдажанова, С.С.Маусымбаев, А. Нұғысова, Д. Рахымбек, Қ.Ж. Қарақұлов, Б.Қасқатаева және т.б.); экологиялық тұрғыда дайындау (М.Н.Сарыбеков, Қ.М.Беркімбаев және т.б.); болашақ мұғалімдерді дайындаудағы біртұтас педагогикалық үдеріс теориясы мен практикасы рөлінің, жоғары мектеп дидактикасының дамуы (Н.Д.Хмель, А.А.Бейсенбаева, С.Т.Каргин, Е.Жұматаева, К.С.Успанов, А.С.Карбаева және т.б.); мұғалімнің зерттеушілік мәдениетін, шығармашылық ізденісін қалыптастыру (Ш.Т.Таубаева, Б.А.Тұрғынбаева, Н.А.Шамельханова, Е.И.Бурдина және т.б.); қазақ этнопедагогикасы негізінде жеке тұлғаны дамыту, мұғалімдерді жалпы педагогикалық даярлау (Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, Б.А.Тойлыбаев, С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, А.А.Қалыбекова, А.С.Мағауова, Р.К.Төлеубекова, Ә.Табылдиев, Қ.Бөлеев, М.Х.Балтабаев, А.Б.Абибулаева, А.Б.Нұрлыбекова, Ш.М.Мұхтарова, А.А.Жайтапова және т.б.); болашақ маманға кәсіптік білім беру тұрғысынан (М.Ә.Құдайқұлов, К.А.Дүйсенбаев, А.П.Сейтешев, И.Б.Сиқымбаев, А.А.Жолдасбеков, А.М.Әбдіров және т.б.), компьютерлік технологияны оқу үдерісіне енгізіп, болашақ мұғалімдерді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға даярлау (Т.О.Балықбаев, Е.Ы. Бидайбеков, Ж.Ж.Жаңабаев, Қ.Қабдықайыров, Ж.А. Қараев, С.М. Кеңесбаев, Б.Д. Сыдықов, Л.А. Шкутина, Г.О. Тәжіғұлова және т.б.) тұрғысынан жан - жақты зерттелген.

Бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау және бастауыш сынып мұғалімінің әдістемелік-математикалық дайындығы мәселелері Ресейлік ғалымдар К. Абдуллаев, С.И. Волкова, В.Ф. Ефимов, Т.В. Зацепина, Н.Б. Истомина, Г.М. Коджаспирова, Л.В. Лещенко, Н.Н. Лаврова, Л.С. Подымованың, Л.П. Стойлова, О.В. Тарасова, М.И. Айзенберг және т.б. ғалымдардың еңбектерінде зерттелді.

Елімізде бастауыш білім берудің әдіснамалық, технологиялық, дидактикалық және әдістемелік аспектілерін (Қ.Аймағамбетова, С.Р.Рахметова, Ш.Х.Құрманалина, Т.Қ.Оспанов, Ж.Т.Қайыңбаев, Г.И.Уәйісова, Ә.С.Әмірова, С.Н.Жиенбаева, Қ.Меңдаяқова және т.б.), бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың тарихы мен дамуын (Р.К.Бекмағамбетова, Қ.Т.Ыбыраимжанов, Б.М.Қосанов, Ш.Майғаранова және т.б.), бастауыштағы білім интеграциясы, бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекеттері, дүниеге көзқарасы, тәрбиесі тұрғысынан (Ә.М.Мұханбетжанова, Р.К.Төлеубекова, А.Х.Аренова және т.б.) зерттеген еңбектер бастауышта оқытуды жетілдіруге, мұғалімдерді даярлаудың сапасын арттыруға қосылған мол үлес болды. Оларда бастауыш мектептегі жеке пәндерді оқытудың әдістемелері, оқушылардың өзіндік іс-әрекетін, шығармашылығын, қызығушылығын, ынтасын, икемділігін қалыптастыру жолдары, бастауыш мектептердің, олар үшін мұғалімдер даярлаудың, әдістемелік ой-пікірлердің дамуы, болашақ мұғалімдердің сабақ үдерісінде инновациялық технологияларды, халықтық педагогиканы қолдануға дайындығы, ақпараттандыру, бағалау құзыреттілігін қалыптастыру және т.б. мәселелер біршама зерттелгенмен, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін ғылыми-педагогикалық тұрғыда негіздеу мәселесі арнайы зерттеу нысанасы болмағандығын көрсетті.

Соңғы жылдары жоғары оқу орнында бастауыш сынып мұғалімін дайындайтын 050102 – «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру стандарты жетілдіріліп, оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары нақтыланып, бірқатар өзгерістер енгізілгенімен, бастауыш сынып мұғалімін дайындау мәселесі әлі де болса қайта қарауды қажет етеді, өйткені бастауыш сынып мұғалімін даярлаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол бастауыш сынып мұғалімі барлық жағынан – жаратылыстану бағытында да, гуманитарлық бағытта да жетік, кіші жастағы оқушылардың психологиялық және педагогикалық ерекшеліктерін меңгерген, баламен тіл табысып жұмыс істеудің шебері, бастауыштағы барлық пәннің әдістемесін меңгерген, кәсіби-дидактикалық құзыретті болуы қажеттігінен туындайды.

Құзыреттілік теориясы Г.В.Вайлер, Ю.В.Койнов, Я.И.Лефстед, Н.В.Матяш, В.В. Сериков, Дж.Равен, Р.Уайт, В.Чинапах және т.б. еңбектерінде негізделген. Білім беруді ұйымдастыруға құзыреттілік тұрғыдан келуді жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін меңгеру туралы мәселелер М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер, В.В.Давыдов және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Кәсіби құзыреттіліктің түрлі бағыттары: педагогикалық бағыттылықты қалыптастыру негізі–А.А.Орлов, И.Я.Фастовец, С.Т.Каргин; маңызды кәсіби сапаларды дамыту–Е.П.Белозерцов, И.А.Колесникова, А.Е.Кондратенков, Н.В.Кузьмина, И.Я.Лернер, Н.Д.Левитов, М.Н.Скаткин, В.А.Сластенин; педагогикалық шығармашылық мәні–В.И.Загвязинский, Ю.Н.Кулюткин, М.М.Поташник; педагогтың кәсіби қызметінің психологиялық негіздері–Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов, А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин және т.б. еңбектерінде ғылыми негізде тұжырымдалған.

Қазақстанда кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың теориялық және практикалық аспектілерін Ш.Х.Құрманалина (колледж жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлау), Б.Т.Кенжебеков (жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігі), Г.Ж.Меңлібекова (болашақ мұғалімнің әлеуметтік құзыреттілігі), Б.Қасқатаева (болашақ математика мұғалімінің әдістемелік құзырлылығы), М.В.Семёнова (жоғары оқу орындарында болашақ педагогтардың кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру), С.И.Ферхо (мұғалімдердің оқу үдерісінде электронды оқу құралдарын пайдалана білу құзыреттілігі) және т.б. ғалымдар зерттеген.

Дегенмен, педагогикалық білім беру теориясына сүйене келе, мектеп тәжірибесінен және мұғалім іс-әрекетінен байқағанымыздай, бастауыш сыныптың мұғалімі әлі де болса күннен күнге жаңарып отырған білім беру міндеттерін шешуге дайын еместігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар мектептегі оқыту іс-тәжірибесіне жүргізілген талдау соңғы жылдары оқушылардың көбінің мектеп бітірерде өткізілетін бірыңғай ұлттық тестілеуден нәтижеге қол жеткізетіндігіне сенімсіздігі мен дайындықтың өз дәрежесінде болмауынан колледждерге, техникалық мектептерге көптеп кетіп жатуы мектептің білім негізі болып саналатын бастауыш сатысында берілетін білімнің негізгі саты мен жоғары сыныптарда талап етілетін білімге сай болмай отырғанын байқатады. Мұның бір себебі бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің жеткіліксіздігі, яғни олардың пәндерді оқытуды тек бағдарламалық материалдар беру деп түсінуі, әр пәннің мәнін ұқтырып, оны өз дәрежесінде оқытудағы мұғалімнің теориялық және әдістемелік дайындығының төмендігі.

Зерттеу мәселесінің көкейкестілігі мұғалімнің кәсіби-дидактикалық құзыреттілікті әдіснамалық, технологиялық және тұлғалық-креативтік тұрғыдан меңгеруінің қажеттігінен туындайды.

Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруға қатысты теориялық әдебиеттер мен бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың нақты тәжірибесін талдау барысында:

­ қазіргі қоғам сұранысының талаптарына сай бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілікті меңгеру қажеттілігі мен оны педагогикалық жоғары оқу орындарында қалыптастырудың ғылыми түрде негізделуінің жеткіліксіздігі;

- болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың қажеттілігі мен оны жоғары оқу орнында жүзеге асыру әдістемесінің болмауы;

­ бастауыш сынып мұғалімін дайындаудың қазіргі жағдайы мен педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімнің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мүмкіндіктерінің толық пайдаланылмауы арасында қарама-қайшылықтардың бар екендігі анықталды.

Зерттеу проблемасының көкейкестілігі мен жоғарыда аталған қайшылықтардың дұрыс шешімін іздестіру зерттеудің тақырыбын: Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми - педагогикалық негіздері деп таңдауға себеп болды.



Зерттеудің мақсаты: Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруды ғылыми-педагогикалық тұрғыда негіздеу және оның әдістемелік жүйесін жасау.

Зерттеудің обьектісі : жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлау жүйесі.

Зерттеудің пәні : болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі.

Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер:

- жоғары оқу орнындағы педагогикалық үдеріс болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың көкейкестілігі мен болашақ дамуына бағытталған ғылыми-теориялық және ғылыми-әдістемелік тұғырларға негізделсе, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың жүйесі жасалса және ол жүзеге асырылса;

- болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мазмұнының моделі және оны меңгерту әдістемесі ұсынылса және жоғарғы оқу орнында оқу барысында белгілі бір дәрежеде барлық студентке ол әдістеме меңгертілсе;

- жоғары оқу орнында қазіргі заманғы педагогикалық және ақпараттық технологияларды қолдана отырып, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің қалыптасуына тиімді жағдайлар жасалынса, онда болашақ мұғалімнің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігі жоғары деңгейде қалыптасады, өйткені кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің мазмұны мен әдістемесі жалпы орта білім және жоғары мектеп дидактикасындағы тұжырымдамалар, теориялар мен идеяларға негізделіп жасалды.



Зерттеудің міндеттері

1. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық тұғырларын іріктеу;

2. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық негіздерін анықтау;

3. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің мағынасы мен мазмұнын анықтау;

4. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік жүйесін жасау;

5. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың моделін және әдістемесін түзу;

6. Бастауыш сыныптың болашақ мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру жүйесі мен әдістемесін тәжірибелік– педагогикалық жұмыста тексерістен өткізу және ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасау.

Зерттеудің жетекші идеясы педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің тұлғалық және кәсібилік сапалары тұрғысынан кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің қалыптастырылуы оны әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында бәсекеге қабілетті маман ретінде тиімді педагогикалық әрекетке бағдарлайды.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері жүйелілік (Б.Г. Ананьев, А.Байтұрсынов, Н.Д.Хмель, Э.Г.Юдин және т.б.); тұлғалық (В.В. Сериков, В.А.Сластенин, И.С.Якиманская және т.б.); әрекеттік (Н.В.Кузьмина, Т.Г.Браже, Л.С.Рубинштейн, Л.Ф.Спирин және т.б.); мәдениетнамалық (Е.В. Бондаревская, Б.С.Гершунский, И.Ф.Исаев және т.б.); ақпараттық (Т.О.Балықбаев, Д.М.Джусубалиева, Б.Д.Сыдықов және т.б.) тұрғыдағы әдіснамалық тұғырлармен, педагогикалық құзыреттілік (Дж.Равен, И.А.Зимняя және т.б.); инновациялық (Н.Р.Юсуфбекова, В.А.Сластенин, Ш.Т.Таубаева және т.б.), педагогикалық үдерісті басқару (Ю.К.Бабанский, Н.Д.Хмель, Ю.А.Конаржевский және т.б.), пәндердің интеграциясы (А.А.Бейсенбаева, М.Ә.Мұқанбетжанова және т.б.) теорияларымен, адамның танымдық қызметінің мәні туралы іргелі философиялық қағидалармен, құбылыстардың өзара байланыстары мен сабақтастығының логикалық қағидаларымен, зерттеу мәселесі бойынша жазылған ғылыми-педагогикалық еңбектермен, кәсіби педагогикалық сапаларды, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдірудің, сондай-ақ бастауыш білім беру, құзыреттілік, оның білікті маман қалыптастырудағы рөлі туралы, бастауыш оқытудың психологиялық - педагогикалық, әдістемелік технологиялық негіздері туралы тұжырымдамалар және идеялармен анықталады.

Зерттеудің көздері ретінде философиялық, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық әдебиеттер; Қазақстан Республикасы Конституциясы; Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңдары; Қазақстан Республикасы жалпыға міндетті орта білім және жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттары; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру мәселелеріне қатысты нормативті құжаттары; Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; Қазақстан және ТМД елдерінің ғылыми-педагогикалық басылымдары; оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары; 12 жылдық білім беру туралы құжаттар; автордың ұзақ жылғы ұстаздық, басшылық (мектеп директоры, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында басшы кадрлар кабинетінің меңгерушісі) және жоғары оқу орнының оқытушысы, факультет деканы ретіндегі жеке іс-тәжірибелері мен жарық көрген ғылыми-педагогикалық және әдістемелік еңбектері алынды.



Зерттеу әдістері зерттеу мәселесі бойынша философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге талдау жасау, студенттердің оқу іс -әрекетін бақылау; студенттер, мұғалімдер арасында сауалнама жүргізу, әңгімелесу; эксперименттік (байқау, анықтау, қалыптастыру); мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік бағдарламаларына, оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сараптама жасау; үлгілеу, педагогикалық тәжірибелерді зерттеу және қорыту, тест, алынған нәтижелерді статистикалық – математикалық өңдеу.

Зерттеудің негізгі кезеңдері. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруға арналған тәжірибелік – педагогикалық жұмыс қойылған мақсатқа сай төрт кезеңде жүргізілді.

Бірінші кезеңде (2001-2003) зерттеліп отырған мәселе бойынша материалдар жинақталды; болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігінің бастапқы жағдайы, мәселенің түйінді сөздері айқындалды; зерттеудің ғылыми аппараты анықталды. Зерттеу мақсатына орай тәжірибелік–педагогикалық жұмыс мазмұны және әдістемесі дайындалып, алғашқы анықтау эксперименті жүргізілді.

Екінші кезеңде (2003-2005) қалыптастырудың әлеуметтік - педагогикалық алғышарттары және тарихи - педагогикалық кезеңдері, әдіснамалық және теориялық негіздері, зерттеліп отырған мәселенің ғылымда зерттелу жайы зерделенді. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудағы жоғары оқу орнының мүмкіндіктері мен осы сапаны қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік жүйесінің мазмұны анықталды. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың моделі құрылды.

Үшінші кезеңде (2005-2008) болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру бойынша зерттеу жұмысының әдістемесі тәжірибелік-педагогикалық жұмыс барысына енгізіліп, нәтижелері тексерілді. Студенттерге арналған оқу курстары мен оқытушылар үшін семинар байқаудан өткізіліп, тәжірибеге енгізілді.

Төртінші кезеңде (2008-2009) болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мақсатындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қорытындыланды. Зерттеу материалдары құрылымы бойынша жүйеленді, нәтижелері нақтыланды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі реттелді, диссертация талаптарға сай рәсімделді.

Зерттеу базасы. Тәжірибелік-педагогикалық жұмыс Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Ақтөбе педагогикалық институтының, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің педагогика факультеттерінде, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде, Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында, Атырау қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы № 19, Қ. Сәтбаев атындағы Геолог және Қызылқоға ауданы Мұқыр орта мектептерінде өткізілді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі:

1. Болашақ бастауыш сыныптың мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық тұғырлары іріктелді.

2. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық негіздері анықталды.

3. «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігі» ұғымының мағынасы мен мазмұны нақтыланды.



  1. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік жүйесі жасалды.

  2. Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру әдістемесі және моделі түзілді.

Зерттеудің практикалық мәні. Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығы студенттеріне арналған «Математикалық білім беруде қазіргі технологияларды қолдану», «Бастауышта математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы» атты оқу құралдары, «Бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамасы, теориясы және технологиясы» атты монография, «Бастауыш сынып математика есептері мен мысалдары», «Студенттерді мұғалімдік мамандыққа кәсіби даярлау» оқу-әдістемелік құралдары, «Бастауыш сынып мұғалімінің дидактикалық құзыреттілігінің негіздері», «Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру» арнайы оқу курстарының бағдарламалары дайындалды. Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралдар, силлабустар, бастауыш сынып (3 сынып) математика оқулығына сәйкес электрондық жаттығулар жасалып, «Математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы» пәнін оқыту үдерісіне енгізілді.

Зерттеу нәтижелерін жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бастауыш сынып мұғалімін дайындайтын факультеттері мен бөлімдерінде, мектептерде, педагог кадрлар біліктілігін арттыру жүйесінде пайдалануға болады.



Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі теориялық- әдіснамалық және практикалық тұрғыда дәлелденуімен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, зерттеу мақсатына, міндеттеріне, нысанасына, пәніне сәйкес кешенді әдістердің логикалық тұрғыда қолданылуымен, теориялық тұжырымдаманың нәтижелілігімен, тәжірибелік-педагогикалық жұмыс бағдарламасының зерттеу мақсатына сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелердің қорытындылануымен, олардың тиімділігін тәжірибелік-педагогикалық жұмыстар арқылы тексерілуімен және практикаға ендірілуімен қамтамасыз етілген.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар

1. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық тұғырлары: тұлғалық тұғыр– студенттердің өздерін кәсіби субъект ретінде қарауға мүмкіндік жасайды; әрекеттік тұғыр – болашақ мұғалімнің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің құрылымын және мазмұнын меңгеру тетігін айқындауға негіз болады; жүйелілік тұғыр – кәсіби әрекет барысында студенттерде қалыптасатын кәсіби-дидактикалық құзыреттілікті әдіснамалық, теориялық, әдістемелік және технологиялық компоненттер бірлігінде қарастырады; ақпараттық тұғыр–болашақ мұғалімнің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің негізі болып табылады; мәдениетнамалық тұғыр – студенттердің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің қалыптасуын мәдениет, коммуникативтік құзыреттілік туралы білімдермен толықтырады.

2. Бастауыш сыныптың болашақ мұғалімдерін дайындауда олардың кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру жүйесін құрудың теориялық негіздері–тұлғалық-бағдарлы білім беру теориясы болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың басты бағдары, педагогикалық үдеріс теориясы–болашақ мұғалімнің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың объектісі, іс-әрекет теориясы болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық тұғыры, пәндердің интеграциясы туралы теориялар – болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың негізі ретінде қарастырылады;

3. «Бастауыш сыныптың болашақ мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің «педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық–педагогикалық және теориялық білімінің, кәсіби және дидактикалық құзыреттілігінің үйлесімділігі, тұлғалық кәсіби сапаларын үздіксіз дамыта білу қабілеті» деп айқындалуы «бастауышта оқытылатын барлық пәннің ғылыми негіздерін, мазмұнын, оларды оқытудың ортақ және кейбір пәндердің жеке ерекшелігіне байланысты әдістемелерін, оқытуда қолданылатын технологияларды толық меңгеруімен, сабақ үдерісінде дидактикалық талаптарды (оқытудың ұстанымдары мен заңдылықтарын, оқыту формаларын, құралдарын, нәтижені бағалау әдістерін т.б.) жүзеге асыруға қажетті білім, білік, қабілет, дағдысы және тәжірибесінің болуымен анықталатын кәсіби сапасы» деп нақтыланған бастауыш сынып мұғалімінің дидактикалық құзыреттілігінің анықтамасының негізінде ұсынылады.



  1. Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік жүйесі жалпыдан жекеге логикасы бойынша әдіснамалық, теориялық, оқу-әдістемелік және ақпараттық технологиялық қамтамасыз ету түрінде ұсынылады.

  2. Әдіснамалық, теориялық, әдістемелік және технологиялық компоненттерге сәйкес өлшемдері мен көрсеткіштері және деңгейлеріне негізделіп түзілген болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру моделі.

  3. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігі олардың бастауыш сынып оқушыларына білімді дүниенің ғылыми бейнесі негізінде меңгертетін сапалы білім беруге мүмкіндік жасайды.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру.

Зерттеу жұмысының нәтижелері халықаралық Шымкент (Қазақстан, 2001); Атырау (Қазақстан, 2001, 2007, 2008, 2009); Көкшетау (Қазақстан, 2006); Алматы (Қазақстан, 2007, 2008, 2009); Саратов (Ресей, 2008); Элиста (Калмыкия, 2009); Арқалық (Қазақстан, 2009), Астрахань (Ресей, 2010); республикалық ғылыми-практикалық (Атырау, 2002, 2006, 2008, 2008; Ақтау, 2004; Алматы, 2008), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жыл сайынғы өтетін ғылыми-әдістемелік конференцияларында (Атырау, 2002, 2003, 2004, 2006, 2007, 2008), ғылыми-әдістемелік семинарларда талқыланып, мақұлданды және мерзімді ғылыми-педагогикалық басылымдарда, жинақтарда жарық көрді. Зерттеу жұмысының негізгі кезеңдері бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының доценті ретінде математиканы оқытудың теориясы мен технологиясы, әдістеме тарихы пәндерінен дәріс беріп, универститетте халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, студенттердің ғылыми-әдістемелік семинарларын, конференцияларын ұйымдастыру, 1990-2009 жылдарда Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтта дәріс оқу, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын факультет студенттеріне арнайы курстар жүргізу барысында жүзеге асты. Зерттеу нәтижелері зерттеу базасында көрсетілген білім беру мекемелерінде мамандарды даярлау тәжірибесіне ендірілді.

Диссертацияның негізгі мазмұны 48 еңбекте, оның ішінде 1 монографияда, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдарда, бағдарламаларда, электрондық оқулықта, 4 шетелдік және 45 республикалық ғылыми-педагогикалық басылымдарда жарияланды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі негізделеді және мәселенің педагогика ғылымы мен тәжірибесіндегі зерттелу деңгейіне сипаттама беріліп, тақырыбы айқындалады. Зерттеу жұмысының ғылыми аппараты: обьектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, жетекші идеясы, зерттеу көздері, әдістері, негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні, практикалық маңыздылығы, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалары, нәтижелердің дәлдігі мен негізділігі ашып көрсетіледі.

«Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық негіздері» атты бірінші бөлімде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігі туралы ғылыми-педагогикалық зерттеулерге талдау жүргізу арқылы оны дамытудың көкейкесті бағыттары айқындалып, қазіргі кезде бастауыш сынып мұғалімін даярлауды құзыреттілік тұрғыдан қарастырудың педагогикалық-психологиялық мәселе болып табылатыны көрсетіледі және «болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігі» ұғымының мазмұны анықталады. Бастауыш мектеп дидактикасы туралы ғылыми білімдер бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігінің мазмұнын құрудың негізгі ретінде қарастырылып, қалыптастырудың әдіснамалық тұғырлары айқындалады.

«Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық негіздері» деп аталатын екінші бөлімде бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың отандық тәжірибелері, жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ұстанымдары мен педагогикалық шарттары анықталады. Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру моделі түзіледі.



«Университеттік білім беруде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік жүйесі» атты үшінші бөлімде болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны, оны әдіснамалық, теориялық, оқу-әдістемелік және ақпараттық-технологиялық тұрғыда қамтамасыз ету жолдары қарастырылады.

«Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мақсатындағы тәжірибелік-педагогикалық жұмыстар және оның нәтижелері» атты төртінші бөлімде болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған тәжірибелік-педагогикалық жұмыстардың жүргізілуі сипатталып, оң нәтижелері талданып, қорытындыланады.



Қорытындыда болжамды дәлелдейтін зерттеудің негізгі нәтижелері мен қорытындылары түйінделіп, ғылыми - әдістемелік ұсыныстар және келешектегі зерттелу бағыттары көрсетіледі.

Қосымшада зерттеу жұмысына байланысты сауалнамалар, арнайы курстың бағдарламалары, студенттердің тәжірибелік-педагогикалық жұмыс барысында орындаған тапсырмалары тіркеледі.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақстан Республикасында 2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында қоғамның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының мазмұны мен сипаттарының өзгеруіне және еңбек сапасына талаптың жоғарылауына, өз ісін жетік білетін, кәсіби білігі мол мамандардың қажет етілуіне байланысты жоғары мектеп алдына білім сапасын арттыру және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар дайындау міндеттері қойыла отырып, Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде «кәсіби міндеттерін дербес әрі шығармашалық тұрғыдан шешуге, кәсіби қызметтің тұлғалық және қоғамдық маңызын түсінуге, оның нәтижелері үшін жауап беруге қабілетті кәсіби құзыретті жеке тұлғаны, бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатын болады» делінген.

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: құзыреттілік және құзырет ұғымдары пайдаланылып келеді. Біріншісі, С.Ожегов сөздігі бойынша, белгілі бір кәсіби қызметке байланысты, «қандай да болсын мәселеден хабардарлық, беделділік», ал екіншісі, «қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның, мекеменің мәселелерді шешуге, іс-әрекет етуге, бір нәрсені істеуге құқықтылық шеңбері».

«Құзыреттілік» термині әдетте белгілі бір әлеуметтік-кәсіби статус иесіне байланысты қолданылады және оның сол істі атқарудағы түсінігі, білімі, білігінің орындалуға тиіс мәселенің нақты өз деңгейінде шешілуімен сәйкестілігі арқылы сипатталады.

«Методикалық терминдер сөздігінде» «Құзыреттілік (латынның competentis-бейім сөзінен)–қандай да бір оқу пәнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар жиынтығы, сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі», – делінген.

Орыс тілінің сөздігінде «құзыреттілік» термині «әлдекімнің жақсы хабардар болуы мәселесі төңірегінде» берілген.

Латынның «compete» деген термині «білу», «жасай алу», «дегеніне жету» деген мағыналарды береді. Бұл жалпы алғанда құзыреттіліктің мәнін анықтайды. Кәсіби құзыреттілік категориясын айқындау үшін оларды әр түрге айналдыру, нақтылау және жалпы логикалық ұғымға біріктіруді жүзеге асыру керек.

«Құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында Н.Хомский енгізген болатын, алғашында ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіктер ұғымын берген.

Кейбір авторлардың еңбектерінде «кәсіби құзыреттілік» ұғымы «кәсіби қызметке даярлық» (В.А.Сластенин, Н.Н.Лобанова, А.И.Панарин және т.б.) және «педагогикалық кәсібилік» (А.И.Пискунов, В.В.Косарев және т.б.) ұғымымен теңестіріледі.

Кәсіби құзыреттілікті зерттеуде Н.В.Кузьмина арнайы-педагогикалық, ғылыми-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық құзыреттілік, әдістемелік құзыреттілік, дифференциалды-психологиялық және аутопсихологиялық құзыреттілік сияқты түрлеріне, А.А.Реан, Е.С.Алешина-дифференциалдық-психологиялық құзыреттілікке, М.В.Прохорова-басқарушылық құзыреттілікке, Т.Б.Руденко дидактикалық-әдістемелік құзыреттілікке назар аударса, Ю.В.Варданян, В.И.Журавлев, Т.В.Новикова, Н.Ф.Талызина-мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін кәсібиліктің бір баспалдағы, А.А.Вербицкий, А.К.Маркова - мұғалімнің педагогикалық қызметін жүзеге асыру үшін қажетті білім, білік, дағды және қабілеттіліктің, психологиялық сапалардың жүйесі, Е.М.Павлютенков - білім және мұғалімнің тұлғалық қасиеттерінің негізінде педагогикалық қызметті орындау формасы ретінде қарастырған.

Кәсіби құзыреттіліктің түрлі бағыттары ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Педагогикалық бағыттылықты қалыптастыру негізі – А.А.Орлов, И.Я.Фастовец, С.Т.Каргин; маңызды кәсіби сапаларды дамыту – Е.П.Белозерцов, И.А.Колесникова, А.Е.Кондратенков, Н.В.Кузьмина, И.Я.Лернер, Н.Д.Левитов, М.Н.Скаткин, В.А.Сластенин, Ш.Т.Таубаева; педагогтың кәсіби қызметінің психологиялық негізі – Л.С.Выготский, В.В.Давыдов, А.Н.Леонтьев т.б. еңбектерінде ғылыми негізде тұжырымдалған. Сонымен қатар жекелеген пәндер бойынша біліктіліктерді қалыптастыруға қазақстандық ғалымдар А.Е.Әбілқасымованың, Б.Баймұхановтың, М.Ә.Құдайқұловтың, Ж.А.Қараевтың, А.Нұғысованың, Б.Д.Сыдықовтың, С.Е.Шәкілікованың және т.б. еңбектерінде ерекше көңіл бөлінген.

В.А.Сластенин, И.Ф.Исаев, Л.И.Мищенко және т.б. педагогтік мамандықтардың ерекшелігіне орай педагогтің кәсіби құзыреттілігі ұғымын оның педагогикалық қызметті жүзеге асыруға теориялық және практикалық жағынан дайындығы мен кәсіби шеберлігінің бірлігі ретінде түсіндіреді. Бұл жағдайда кәсіби құзыреттіліктің құрылымы неғұрлым жалпыдан жекеге бағытталған педагогтік біліктілік арқылы анықталады. Мұғалімнің педагогикалық ойлай білудегі жалпылама біліктілігі кезінде байқалатын теориялық дайындығының мазмұны мұғалім бойындағы аналитикалық, болжамдық, жобалау және рефлексивтік біліктіліктердің болуынан байқалады. Практикалық дайындығының мазмұны педагогтің әртүрлі біліктіліктерінің қалыптасуымен айқындалады. Оларға: құрастыра білу, ақпараттық, дамытушылық және бағдарлық қабілеттерді біріктіретін ұйымдастырушылық қабілеті; перцептивтік, педагогикалық қарым-қатынас және педагогикалық техника (жеке оқушының және оқушылар ұжымының белсенділігін көтере білу); қолданбалы біліктілігі (ән айта білу, сурет сала білу, музыкалық аспапта ойнай білу, үйірме жетекшісі, нұсқаушы т.б.) жатады.

Қазіргі кезде кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың теориялық және практикалық аспектілері көптеген ғалымдардың зерттеу нысаны болып келеді.

Б.Т.Кенжебеков жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін зерттеу барысында кәсіби құзыреттілік ұғымына мынадай анықтама береді: «кәсіби құзыреттілік-бұл кіріктірілген іргелі білімдер, адамның қабілеттері мен жинақталған біліктіліктерінің, оның кәсіби маңызды сапаларының, технологияны жоғары деңгейде меңгеруінің, мәдениеті мен шеберлігінің, ұйымдастырудағы шығармашылық әрекетінің, өзін-өзі дамытуға дайындығының бірігуі».

Г.Ж.Меңлібекова болашақ мұғалімнің әлеуметтік құзыреттілігінің қалыптасуына үлкен мән береді. Оның пікірінше, әлеуметтік құзыреттілік - адамның әлеуметтік шындықты құндылық ретінде түсінуінің, әрекетті басқарудағы нақты әлеуметтік білімінің, өзін анықтаудағы субъективтік қабілетінің, әлеуметтік технологияны жүзеге асыру біліктілігінің бірігуі ретіндегі кіріктірілген сапалық қасиеттері.

Бүгінгі педагогика ғылымындағы жаңа көзқарас бойынша тұлғаға бағдарлы үлгі балаларға білім негіздерін беруді емес, оқу және өмірлік жағдаяттарда алған білімдерін шығармашылықпен қолдануына, түйінді және пәндік құзыреттіліктерді қалыптастыру арқылы өзін-өзі дамытуына, қоршаған шынайылықты түйсінуге, өзінің даралығын сезінуге, негізгі оқу және айналасындағы адамдармен өзара әрекеттесу дағдыларын игеруге, өзінің оқу іс-әрекетін ой елегінен өткізуге жағдай жасауды мақсат етеді.

Сонымен қатар қазір негізгі мәселе «Баланы қалай оқыту керек?», «Ойлауға қалай үйрету керек?», «Қалай өз өмірінің менеджері болуға үйрету керек?» дегенге бағытталып отыр. 12 жылдық білім беруге көшуде мектеп алдына негізгі үш бағыт басшылыққа алынады: оқушының жеке қабілетін, әлеуеттік мүмкіндіктерін, ішкі қажеттіліктерді есепке ала отырып, жеке-даралық бағытта оқыту. Бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін мұғалім негізгі үш компонентпен таныс болуы тиіс. Олар: инварианттық компонент–мемлекеттің базалық оқу стандарты жүйесіндегі талаптар мен мазмұндарға жауап беретіндей жалпы міндетті оқу жоспарының бөлімін меңгеру; профильдік компонент–профильдік оқу стандарты талаптарының мазмұнында көрсетілгендей оқу курстарының тереңдігін, оқылатын пәндердің өзара байланыстылығын меңгеру; тұлғалық компонент–оқушылардың өзіндік зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға байланысты арнайы таңдау курстарын, оқу жоспарларын меңгеру.

Педагог оқу іс-әрекетінде ынтымақтаса отырып, баланың бойына түйінді және пәндік құзыреттердің қалыптасуына жағдай жасайды. Ол үшін болашақ бастауыш сынып мұғалімі осы мақсатқа сай даярлануы керек.

Ғалымдардың еңбектерін зерделей келе, біз болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми негіздері: әдіснамалық, теориялық және ғылыми-әдістемелік білім деп анықтадық (1 сурет).







Сурет 1 - Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың негіздері

Зерттеу жұмысы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-

Зерттеу жұмысы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруға арналғандықтан, дидактика, дидактика дамуының тарихы, дидактикалық жүйелер, мұғалімнің дидактикалық біліктілігінің мәні, олар туралы әлемдік, шығыс, қазақ философиясындағы өрелі ойларға, отандық педагогиканың тұжырымдамалық пікірлеріне талдау жасау қажеттілігі туындады.

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді зерделей келе болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мәселесін зерттеудің әдіснамалық тұғырлары ретінде жүйелілік, тұлғалық, әрекеттік, мәдениетнамалық, құзыреттілік және ақпараттық тұғырлар алынды (1 кесте).


Кесте 1 – Бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық тұғырлары


Тұғырдың атауы

Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру аясындағы мазмұны

Тұлғалық (В.В.Сериков, В.А.Сластенин, И.С.Якиманская)

Тұлғаға субъект ретінде қарау.

Тұлғаның өзіндік ерекшелігіне бағыттай отырып, оның әлеуетін, өзіндік сапаларын аша білуге және дамытуға бағдарлау.



Әрекеттік (Н.В.Кузьмина, Т.Г. Браже, Л.С.Рубинштейн, Л.Ф.Спирин)

Тұлғаның өздігінен мақсат қоя білуі, іс-әрекетін жоспарлауы, орындауы, нәтижеге жете білу.

Құзыреттілік ( Н.В.Кузьмина, А.К.Маркова, Дж.Равен)

Тұлғаның нақты әрекет пен үдерістерде тиімді, өнімді әрекеттер жасай алу қабілетін, дара тұлға сапаларын қалыптастыруға мүмкіндік жасайды

Мәдениетнамалық (Е.В.Бондаревская, И.Ф. Исаев, Б.С. Гершунский)

Тұлғаның мәдени қалыптасқандығы, дамығандығы, білімділігі, адамдар арасындағы қатынастағы мәдениеттілік нәтижесі

Ақпараттық (Т.О.Балықбаев, Е.Ы. Бидайбеков, Б.Д. Сыдықов)

Тұлғаның ақпараттық сауаттылығы, ақпараттық телекоммуникативтік технологияларды қандай ма болсын істе қолдана білуі.

Жүйелілік (Б.Г. Ананьев, А.Байтұрсынов, Э.Г.Юдин)

Тұлғаның кәсіби дайындығын жүйелі және кәсіби компоненттер бірлігінде жүргізу.

Оқыту үдерісі әрқашан да дидактикалық жүйе деп аталатын белгілі бір психологиялық-педагогикалық тұжырымдамаға сүйенеді. Дидактикалық жүйе деп оқыту мақсатына жету жолында қолданылатын бірыңғай, іштей тұтас құрылым мен элементтер жиынтығын түсінеміз. Ғалымдардың (Г.М.Коджаспирова және т.б.) еңбектеріне сүйене отырып, біз дидактикалық жүйелер тұжырымдамаларын ұстанған бағытына қарай дәстүрлі жүйе (Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, И.Гербарт және т.б.), педоцентристік жүйе (Ж.Ж. Руссо, Л.Н.Толстой, Д.Дьюи, В.Лай және т.б.) және қазіргі заманғы жүйе деп жіктедік.

Дәстүрлі жүйеде оқыту, мұғалім іс-әрекеті негізгі рөл атқарады, мақсаты - дайын білімді беру және меңгерту, оларды қолданудың білігі мен дағдысын қалыптастыру.

Педоцентристік жүйеде үйрену, оқушы іс-әрекеті негізгі рөл атқарады, мақсаты - тәрбиеленуші тұлғасын дамыту және оқушының барлық мүмкіндігін еркін іс-әрекет арқылы ашу.

Қазіргі дидактикалық жүйелерде оқыту мен үйренудің өзара ықпалы, мұғалімнің де, оқушының да іс-әрекеті негізгі рөл атқарады, мақсаты - білімдер жүйесін қалыптастыру және оқушының тұлғасын дамытуды қамтамасыз ету.

Дидактика мәселесі Б.П. Есипов, М.А. Данилов, М.Н. Скаткин, В.В. Краевский, А.В. Хуторской, И.К. Журавлев, Т.С. Сабыров, Ш.Т. Таубаева, М.Ж. Джадрина және т.б. ғалымдардың еңбектерінде зерттелді.

Дидактика барлық пән бойынша және оқу әрекетінің барлық деңгейіндегі оқыту жүйесін қамтиды. Күнделікті өмірде дидактика мен әдістеме бірін бірі қайталайды деген пікір жиі кездеседі. В.В. Краевский: «әдістеме – бұл жеке пән дидактикасы, яғни жалпы дидактикаға «қосымша». Екінші жағынан әдістеме өзінің белгілі бір пәнді оқыту мен оның құралдары арқылы тәрбиелеу сияқты зерттеу пәні бар, өз алдына бөлек пән болып табылады. Сондықтан әдістеме дидактикамен объектісінің (оқыту қызметі) бір болуымен байланысты. Бұл объект бойынша әдістеме бір ғана пәнді қарастырса, дидактика барлық пәнге тән жалпы байланысты қарастырады»,-дейді.

Біз зерттеуімізде бастауышта оқылатын әр пәннің әдістемесі – пән әдістемесі - барлық пәнді оқытудың ортақ әдістемесі – ол бастауыш оқыту дидактикасы деңгейлері бойынша қарастырамыз.

Дидактика мен әдістеменің өзара байланысын біз төмендегіше бейнеледік (2 сурет).


Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет