КӨкейкесті әдебиеттану



бет11/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24

Список литературы

  1. Нургалиев Р. Поэтика драмы. Истоки и тенденции развития казахской драматургии. – Алматы: Жазушы, 1979. – 245 с.

  2. Хейзинга Й. Осень Средневековья.– Москва: Наука, 1988. –274 с.

  3. Хейзинга Й. Homo ludes. – Москва, 1990. – 146 с.

Шындалиева М.Б.



Қазақстан: Астана

РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИДЫҢ ЖУРНАЛИСТІК ШЕБЕРЛІГІ

Публицистика – кең ауқымды ұғым, белгілі бір оқиғалармен проблемаларды қозғайтын көркем шығармалардың барлық түрінде публицистика кездеседі. Публицистика сарынында көркемдеу құралдары мен публицистикалық элементтер астасып жатады. Оның өзіндік функциясы, құрылымы, формалары бар. Публицистика белгілі жанрлардың жүйесін құрайтын әдебиет пен журналистикаға ортақ түр. Публицистика - жазушыны мен журналистің әлеуметтік пікір айту ғана емес, қоғам, өзі өмір сүріп отырған орта, онда болып жатқан құбылыстарға, өзгерістерге үн қосуы және терең ой қозғап, белгілі бір оқиға, өзгерістерге қауымды еліктіре білген жағдайда публицистің шеберлігі танылады. Сонымен публицистика саяси көркем проза ғана емес, қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді толғайтын қаруы, ішкі, сыртқы саясатқа өз көзқарасын білдіретін, сол мәселелерді айшықты сөз кестесімен насихаттайтын құралы. Публицистика ақиқат оқиғаларды ғылыми тұрғыда дәйектеуге, жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Қоғамдағы жағымды-жағымсыз негіздерді сынауға, кемшіліктерді жоюға, көкейкесті проблемалардың шешімін табуға септігін тигізеді. Ал, публицистің мақсаты - өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы адамдардың өмірін, ғылым мен мәдениеттегі жаңалықтары, тұрмыс пен моральдің өзекті мәселелері туралы салиқалы ой-толғаныс айту. Заман тарихын жазу, өмір құбылыстарының шын шежіресін жасау, өмір көшіне ілесе отырып, өз дәуірінің өнегелі жаршысы болу да публицистің еншісінде. Филология ғылымдарының докторы Б.Жақыпов публицистке былай анықтама береді: «Публицистер – осы бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мазмұндық жағынан байытылып, толығуын, басты, қоғамдық маңызы зор ой, идеяларды күн тәртібіне қоюды жүзеге асыратын адамдар. Бірақ нағыз кәсіби публицист – сонымен бір мезетте танымал журналист болып та қызмет атқара береді» [1,31-32].

Филология ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғали қазақ әдебиеттану ғылымының күрделі міндеттері мен мәселелері төңірегінде сүбелі зерттеу еңбектер жазған, қазақ әдебиеттану ғылымына игілікті үлес қосқан ғалымдардың ішіндегі бірегейі. Р.Нұрғали тек әдебиет зерттеушісі ғана емес, көркем шығармалар жазған шебер жазушы, көркем шығармашылығынан әсте бөліп қарауға болмайтын белгілі журналист. Р.Нұрғали публицистикасының идеялық, бейнелеу, тақырыптық аясы көркем шығармаларымен астасып жататын, өзекті мәселелерді талдауда, сараптауда дәйектілігімен, фактілерінің шыншылдығымен, көркемдігімен ерекшеленеді. Автор өзінің публицистикасын оқушыға түсінікті етіп, өте қарапайым тілде жатық жазады. Ол тек өршіл, өміршең талдауларымен ғана емес, әділ, сергек, сенімді пікір айтуымен оқушысын тәнті ететін қасиеттерге ие. «Публицист болашақ шығармасының тақырыбын таңдай білуі керек. Оны дамытып және өңдей білуі тиіс. Публицистиканың қандай жанрында шығарма жазғанда да журналист осы үш заңдылыққа сүйенеді. Шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы публицистиканың негізгі міндеті» [2,129],-дейді публицистика теориясын зерттеген ғалым Т.С.Амандосов.

1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Р.Нұрғалидың «Дән»[3] атты үш циклдан тұратын новеллалар жинағы үлкен идеялық – көркемдік жүк арқалаған туынды. Бұл кітап «Жігер», «Алау», «Серпін» деген тарауларға бөлінген және әр тараудың өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші тарауда тың ерлерінің қажы-қайраты, ой-санасы, болмысы суреттелсе, екінші тарауда өндіріс саласындағы адамдардың басынан кешкен оқиғалар қамтылып, үшінші тарауда тың еңбеккерлерінің ерен еңбегі, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігі, өзіндік характері сәтті ашылған. «Дән» жинағының формалық ізденісі мен композициялық құрылымы ерекше және автор тек фактілер мен цифрларды беруді мақсат етпей, болған оқиғаларды қысқа әрі әсерлі баяндай білгендігімен ұтқан. Осы кітаптың игілікті тұстарына белгілі журналист Жанболат Аупбаев былай деп баға береді: «Дән» новеллалар жинағын оқып шыққанда көзге ұрып, көкейге ұялайтын нәрсе – оның архитектоникалық құрылымы. Қазіргі очерктер кітабында көп ескеріле бермейтін бір тиянақтылықты оның «Жігер», «Алау», «Серпін» атты тарауларындағы публицистикалық пафосқа толы авторлық ремаркалары одан сайын жандандырылып тұр. Біздінше осы бір шағын творчестволық әдістің өзі әйтеуір кітап шығару үшін ғана емес, автордың «Дән» новеллалар жинағын керісінше ұзақ уақыт ойда пісіріліп, терең толғанып, оқырмандарға өзінің жан сыры ретінде ұсынған дүние екендігін аңғартады»[4]. Расында бұл новеллалар жинағының мазмұны терең, еңбек жолындағы адамдардың тағдырын көркем суретпен бейнелеген өмір деректерін боямасыз шындық тұрғыдан табиғи баяндау тәсілдерін орынды пайдаланған деуге болады.

Атақты комбайыншы Михаил Довжик туралы үшінші новеллада оқиғалар желісі шымыр, қарапайым еңбеккердің тек еңбегін ғана көрсетіп қоймай, оның ішкі жан-дүниесі, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекқор комбайыншы ғана емес жаңалыққа жаны құмар жан ретінде де бейнеленеді. Бұл шығармадағы оқиғаның өрілуі мен шиеленістің дамуы шындыққа негізделіп баяндалады. Тың төсіне қара бидай шығару ниетінің дұрыс шешім тауып, өніп-өсіп кетуі, басқалардан жасырып егіс алқабының ортасына қара бидай егіп өз мақсатына жинақталып, оның психологиясын, характерін толық ашуға мүмкіндік жасайды. «Алғаш кездесу, алғаш туған әсер. Довжиктің көздері тап -таза екен. Жылылық, нұр атаулының ұясы секілді. Жұмыр денесі салмақты қозғалып, балғын қолдарымен қатты қысып амандасты. Бәрінен де көзі, анау тап-таза адал, көздері әсер етеді» [3,43],- деген портреттік суреттеуден қарапайым еңбек адамының шын болмысын, азамат дидарының қадыр-қасиетін, сабырлы да толғаулы ақылын көруге болады.

Бұл кітапқа филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай былай баға береді: «Рымғали Нұрғалиевтің публицистикалық новеллалар жинағының мазмұны терең. Жастардың әр жылдардағы даңқты дәстүрі, еңбек жолы көркем суретпен бейнеленген. Жанрлық ізденістері ерекше назар аудартады. Тек қана диалогке, күнделікке, психологиялық шегініске, интервьюге құрылған новеллалардың мазмұны ғана емес, формалық құбылтулары жүрекке жылы әсер етеді»[5,99]. «Дәннің» кейіпкерлерінің басынан кешкен оқиғалар заман, өмір жайлы айқын түсінігі бар азаматтар. Оларды қайнаған өмір ортасынан көре отырып, олардың да қуанып, ашуланатынын көреміз. Бұл жинақтағы новеллалар қысқа-қысқа эпизодтардан тұрады, бірде тың төсіне, бірде өндіріс орындарына, бірде жайлауға алып кететін көріністер бірімен-бірі заңды жалғасын тауып, оқыған сайын бір арнадан екінші арнаға жетелеп, қысқа да нұсқа қызықты оқиғаларымен есте қалады. Бұл новеллалардағы кейіпкерлер күнделікті өзіміз көріп жүрген қарапайым еңбек адамдары, автор сол адамдардың іс-әрекеттерін бейнелегенде ойдан ештеңе қосушылыққа бармай өзі көрген, өзі куә болған оқиғаларды ғана арқау етіп алады. Он төртінші новелладағы Қайыркен Байтасаов, образы қысқа штрихтермен берілсе де есте қаларлық детальдармен суреттеліп, өзі ісіне мығым, кішіпейіл, еңбексүйгіш, ойлы жан ретінде танылады. «Қайыркен Байтасов оң аяғын шұңқырға тығып алды: ботинкасының лайын төгіп, шұлығын сығып жатыр, дір-дір етеді.

- Қырсыққанда қымыран іриді!

Әлдебір ауырлық, әлдебір ашу буғандай қыстығып тұрған комбайыншылардың өңі бригадирдің суықтан тоңып тұрған бақайын көрген мезетте, күлкінің бұлаң жымиысымен қызғылт тартты.



  • Байқа, бақайсыз қалма!

  • Бригадир құлап жатыр, комбайн қалай жүрмек?

  • Ей, сендер де!...- Қолын бірақ сілтеді. – Жоқтан өзгені сөз қылып...

Ырду – дырду жөні ме қазір? Аспанға, анау талағы қарс айырылғалы тұрған аспанға бірдеңе десеңші одан да...»[3,84]. Фашистің оғы түк те қыла алмаған бақайға қыркүйектің сүмелек жауыны не істер дейсің деп Қайыркен әзілін айтып қызу жұмысқа кірісіп кеткендігін жазушы өмір қиыншылықтарын көп көрген кейіпкерінің характерін ашу сәтіне жанды өмірдің суретін орынды пайдаланған. Прологтағы комбайыншы Кенжебек Алпысбаевтың бейнесі қысқа-қысқа сұхбат диалогтар арқылы ашылған. Комбайыншының бір сәттегі өмірінің өзінен еңбек ардагерінің ой-өрісін, мінезін сәтті және ықшам бере білген очеркші кейіпкерінің психологиялық құбылыстарын дөп басқан. Мысалы, Кенжебек ақсақал мен кемпірі Зағыпыран екеуінің диалогы былай берілген:

«- Әй, шал! Әй, Кенжебек! Немене қыжың-қыжың? Ит басына іркіт төгіліп, мілиарт деп дүние шулап жатқанда сен неменеге тарыласың – ей? Тәубаңды айтып, қол қусырып, шүкіршілік етіп отырсаң етті. Мына шайтан арбаңды екі өкпеге тепкілеп, тағы қайда бет түзедің.

Пулеметтен бораған оқ астында қалғандай Кенжебек жасқанып, бұға берді. Машинаның жабуын өзі алып, қораның есігін өзі ашты. Тілден қалған адам секілді. Кешеден бергі тұтанып жүрген ашуы су сепкендей басылды. «Москвичті» от алдырып, жүруге бет бұрғанда кемпірі:

- Оразаңды ашпайсың ба? – деді, татулыққа шақырған үнмен»[3,8].

Осы үзіндіден жетпістен асса да қайраты Кенжебек ақсақалдың қайта қоймаған, мазасыз шағы сәтті суреттелген. Өмір бойы жұбы жазылмаған кемпір мен шалдың мінездері осы қысқа диалог арқылы әдемі ашылған. Мұнда хабарламалық сипатпен қоса адам көңіл-күйі, мінез-құлқынан елес бере отырып, жазушы жан-жақты нақышпен сол кезеңнің ортақ ісін қадірлеушілік, қоғамдық борышқа адалдық сияқты идеалдарын оқушы алдына жайып салады. «Дән» кітабында диалогтарға көп орын берілген, әрбір кейіпкердің ойы мен сезімі, көңіл-күй толқындары осы диалог арқылы сомдалып, әр қаһарманның мінезі нанымды суреттеледі. Бұл туралы белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов былай дейді: «...Еңбек адамдарының тың игерудегі ерлік істерімен қоса олардың арасындағы психологиялық тартыстар, қиыншылықпен бетпе-бет кездескендегі характерлері әр новелланың оқиға өзегіне арқау болған. Бұларда сен өзің жүздесіп, сырласқан, зерттеген адамдарыңның өмірінен үзік сыр шертесің. Сөйтіп, жүректі бір шым еткізіп барып, екінші өмірдің өзегіне қарай көшесін» [6].Өмір жайлы өзіндік түсінігі бар, еңбек қадірін білетін Р.Нұрғали кейіпкерлері бірде қуаныш, бірде реніш үстінде суреттеліп, адам өмірінің қайшылықты болмысын жан-жақты ашып беруге арналған.

Үш циклдан тұратын бұл новеллалар жинағының қаһармандары Кенжебек ақсақал, Константин Топалов, Ыдырыс Нұрбаев, Владимир Лазерец, Тасболат Сырғабаев, Мереке Аяпбергенов, Өтеубай Шәкеев, Сәкен Ыдырысов т.б. бірін-бірі толықтырып, бір мақсат жолында еңбек етіп жүрген замандастар екенін бір новелладан екінші новеллаға ауысып отырғанда байқаймыз. Бұл кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып, өзара үндес, үлкен өмір жолында қатар келе жатқан азаматтар. Бір -біріне ұқсамайтын кейіпкерлер әр новеллада жаңа қырынан танылып отырады, тың игеру кезеңіндегі ірі оқиғалары тыңғылықты қамтылған бұл кітапта ой мен характерлерді ашудағы автордың тіл шеберлігін байқау қиын емес. Бейнелі сөздер мен жеңіл оқылатын оралымдар, образды теңеулер молынан кездеседі. «Жігердің» бесінші новелласындағы: «Ала көбеде оянған Мұраттың денесі сәл тоңазып, дірілдегендей болып тұрды да, кішкенеден кейін жазылып сала берді. Дала қосының іші ақайранданып, қисық көлеңке құлап жатыр. Танау пысылдайды, сірә, осы дәу де болса батыр ұйқы тракторшы Ғазизат Ақаевтың мұрны болар»[3,52]. Жаны бар сурет пен адамның мінезі оның еңбектегі белсенділігі, адам мен табиғаттың байланысы әдемі көмкерілген. Жан-жақты зерттелген деректі материалдар автордың есте қаларлық образдар жасауына мүмкіндік берген. Мысалы, он сегіз жастағы Мереке Аяпбергеновтың іс-әрекеті, оның болашақта бір жақсы басшы бейнесінде автордың көз алдына елестеуі, өсіп, өркештеніп кететіні туралы жорамалдар жас басшының жігері мен еңбекке деген белсенділігінен көрінеді. «...Мерекенің бастықпаған, табанының бұдыры таймаған жас та болса асау жүрегі шын қалауын тапқандай, диқан көңіліне, іс жүлгесіне тура жол іздеп қысқа күнде қырық төңкеріледі»[3,58],- деген жолдардан жас Мерекенің ой-өрісі мен қиялын, мінезін бейнелейтін сәтті дөп басып, психологиялық құбылыстарды беру арқылы оқырманды еліктіреді.

Қорыта айтқанда, Рымғали Нұрғалидың журналистік шеберлігі мығым, публицистикалық шығармаларының тілі шұрайлы, теңеулері астарлы ойға толы, табиғат пен адам бейнесі қатарластырыла суреттелгеніне куә боламыз. Қаламгерлік шеберлігі нақты суреттер арқылы көрінген Р.Нұрғалидың деректі шығарма жазуда шеберлігінен үйренер жайттар мен үлгі алуға үндейтін тұстар баршылық.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. – Алматы: Білім, 2004

2. Амандосов Т.С. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. –Аалматы: Мектеп, 1978.

3. Нұрғалиев Р. Дән. – Алматы: Жалын, 1977

4. Аупбаев Ж. Жүректің сөзі - өмірдің өзі.// Білім және еңбек. 1978. №11.

5. Жұртбаев Т. Жүрекке тұнған сыр.//Еңбек туы. 1978. 6 қыркүйек.

6. Нұршайықов Ә. Деректі кітап дидары.//Қазақ әдебиеті. 1978. 31 наурыз.

Мәсімханұлы Д.

Қазақстан: Астана

САЛЫСТЫРМАЛЫ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

ЖӘНЕ АКАДЕМИК Р.НҰРҒАЛИ
Қазақ әдебиеттану ғылымының қай саласында да академик Р.Нұрғалидың ғалымдық қолтаңбасы, ұстаздық өрнегі сайрап жатыр. Ал оның қазақ әдебиеттану ғылымына жаңа леп, тың тыныс әкелгені туралы айтып та, жазып та жүргендер аз емес. Дегенмен күні бүгінге дейін айтылмай, айтылса да арнайы сөз болмай, жеткізе қарастырылмай келе жатқан бір қыры – ұстаз, ғалымның қазақ еліндегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі, қосқан үлесі.

Әрине бұл арада, әсіресе қазақ әдебиеттанушыларына, жалпы көзі қарақты оқырман қауымға «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» туралы түсініктеме беріп, ол туралы ұзақ-сонар баяндама жасап жату басы артық жұмыс болар еді. Өйткені салыстырмалы әдебиеттану ғылымын зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оның қазақ топырағындағы негізін салушысы М.Әуезов екенін айтады [1,197]. Алайда, негізін салу, ірге тасын қалау деген сөз, қалай дегенмен де сол ғылымды қалыптастырды, дамытты, өркендетті деген сөз емес. Өйткені «негізі қаланған» дүниенің жалғасы болмаса, іргетасы қаланған құрылыстың үстіңгі қабаттары салынбаса, онда ол шаруа істелінбегенмен пара-пар деген сөз. Осы реттен келгенде қашан да, қайда да «негізі қаланды» деп мақтанудың реті болмас еді. Мақтану былай тұрсын, әлгі «негіз қалаушының» еңбегі далаға кеткен, желге ұшқан болар еді. Осы тұрғыдан келгенде басталған істің жалғасын тапқаны, іргесі қаланған дүниенің шаңырағы көтеріліп, керегесін жайғаны мұрат емес пе?! Ал сол ұлы Мұхаңдар (М.Әуезов) ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында негізін қалаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қазақ елінде 50-ші жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде – кеңестік кезеңде салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп, ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін, жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным бел алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, осы бір идеяны ғана «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Әрине, біз бұл арада «қазақ әдебиетіне орыс әдебиетінің игі ықпалы болған емес, орыс қаламгерлерінен нәр алған, үлгі-өнеге алған ақын-жазушы болған жоқ» деуден аулақпыз. Тіптен осы бағыттағы «ықпыл-әсерді, өзара үлгі-өнегені» зерттеудің өзі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының бір бұтағы, бір тармағы ғана болатын. Яғни салыстырмалы әдебиеттану ғылымының өзі «ықпалдастық теориясы» және «пареллель зерттеу теориясы» деп жіктелетін болса, кеңестік идеология осындағы тек «ықпалдастық теориясына» ғана жылы қабақ танытып келді. Оның өзінде бұл теория жоғарыда айтқанымыздай тек бір бағытта, яғни одақтас республикалардан шыққан қаламгерлердің тек «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққандығын» «дәлелдеу» үшін қызмет етуі керек болды.

Ал салыстырмалы әдебиеттану ғылымының тағы бір үлкен саласы - адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің, эстетикалық аңсарының, арман-мұратының үндестігін, сәйкестігін, тамырластығын, қанаттастығын, өзектестігін, сарындастығын айқындауға бағытталған, сөйтіп бүгінгі жер бетіндегі діні, тілі, түрі бөлек халықтардың өмір сүру мұраты, әлемді қабылдауы мен тануы, махаббаты мен ғадауаты қарайлас, о баста шынымен де Адама ата мен Хауа ана дейтін бір тектен, бір атадан жаралған «Адамзат» деп аталатын бір жұрт екендігін дәлелдеуді мақсат тұтатын «пареллель зерттеу» деп аталатын бұтағы мүлде шеттетіліп келді. Әрине, кеңес одағында өмір сүретін халықтардан бір ғана «кеңес ұлтын» жасауды мақсат тұтқан қызыл империяға бұл бағыттағы танымның да, теорияның да ұнай қоймасы екібастан анық болатын.

Сөздің осы тұсында салыстырмалы әдебиеттану ғылымының «параллель зерттеу» деп аталатын бұтағына қысқаша тоқтала кету қажет секілді. Жалпы салыстырмалы әдебиеттану ғылымының отаны Францияда бұл зерттеу тәсілі, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қауырт бел алып, қысқа мерзім ішінде әлемнің әдебиеттану, мәдениеттану ғылымына ғылыми зерттеудің негізгі тәсілдерінің бірі ретінде орныққаны белгілі. Алайда салыстырмалы әдебиеттану о баста Францияда екі әдебиеттегі немесе екі қаламгер шығармашылығындағы тек нақтылы аргументтерді (оқиға, сюжет желісі, образдар, сөз кестесі, ой өрнегі т.с.с.), ондағы өзара ұқсастықтарды салыстыра қарастырып, оның тарихи, әлеуметтік себеп-салдарын, кім кімнің ықпал-әсеріне ұшырады деген мәселені ашуды ғана мақсұттайтын. Яғни өзара ықпал-әсері болмаған әдебиеттерді, өзара ұқсас материалдық аргументтері жоқ шығармаларды салыстыру обьектісі етпейтін. Бұл принциптің басты өкілі Павл Ван Тигменнің «Салыстырмалы әдебиеттану туралы» (1931ж.) деп аталатын еңбегі ұзақ жылдар бойына әлем оқырмандарының негізгі оқулығы болып келді [2,14].

Салыстырмалы әдебиеттану ғылымының «пареллель зерттеу» деп аталатын тармағының қалай өмірге келгенін білу үшін, мына бір дерекке назар аудару керек секілді. 1954 жылы Парижде «Халықаралық салыстырмалы әдебиеттану қоғамы» қоғамы (ICLA) құрылған болса, сол жылы Франция мен Жапонияда, 1960 жылы АҚШ-та, 1968 жылы Германияда, 1969 жылы Канада мен Флиппинде, 1971 жылы Венгрияда, 1985 жылы Қытайда салыстырмалы әдебиеттану қоғамдары құрылып, өнімді түрде жұмыс істей бастады. 1955 жылы Венецияда ICLA-ның тұңғыш құрылтайы өтті. Оған дүниежүзінің көптеген елдерінен салыстырмалы әдебиеттанушы ғалымдар шақырылып, алғаш рет өзара ой-пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Ал екінші құрылтай 1958 жылы АҚШ-та шақырылып, оған әлемнің 43 елінен маман қатысты. Дәл осы құрылтайда АҚШ-тың Рене Вэллек, М.Блок бастаған ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымының сипаты мен міндетіне жаңаша анықтама берді. Сөйтіп олар аталған ғылымның франциялық «ағымына» - яғни нақтылы фактілерді (rapports de facts) салыстырумен ғана шектелуге үзілді-кесілді тойтарыс берді. Әсіресе Рене Вэллектің: «Шын мәніндегі әдебиет зерттеу ісі тек өлі фактілерге (inert fakts) ғана назар аударумен шектелмей, есесіне ондағы құндылықтар мен сыр-сипатқа көбірек көңіл бөлу керек. Тарихи зерделеу тәсілінің бір кемшілігі – ол, әдеби зерттеуді тек 'нақтылы байланыстармен' (factural relations) ғана айналысатын деңгейге түсіріп, әдебиеттің өз бойындағы эстетикалық құндылықтар мен әлеуметтік сыр-сипатты бір жаққа сырып қойды. Осылайша салыстырмалы әдебиеттану ғылымы өзінің басты нысанасынан айырылды. Өйткені әдеби шығарма тек бастамалар мен ықпалдардың ғана жиынтығы емес. Оған өзінше бүтін бітім ретінде қарау керек... Бізше болғанда, салыстырмалы әдебиеттануды лингвистикаға айналдырмай, оның әдебиеттік сипатын тұғыр ете отырып, әдебиеттің адам баласының ең қымбат құндылықтарын сақтаушы әрі жаратушы екендігін басты назарда ұстауға тиіспіз» [2,17], – деген сөзінен кейін әлемдік салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жаңа өріс ашылды. Осылайша тура осы құрылтайдан бастап, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы мынадай негізгі үш салаға жіктелді. Бірінші: нақтылы байланыстарды зерттеу ағымы немесе ықпалдастық теориясы. Екінші: эстетикалық құндылық ағымы немесе пареллел зерттеу теориясы. Үшінші: Әдебиеттің өзге ғылымдармен қатысын зерттеу ағымы немесе пәнаралық байланыстар (interdisciplinary) теориясы [2,17].

Сөз болып отырған кезеңнен бастап АҚШ салыстырмалы әдебиеттану ғылымының негізгі орталығы болумен бірге, салыстырмалы әдебиеттанудың “параллель зерттеу” деп аталатын бағытының отанына да айналды.

Параллель зерттеу, – аты айтып тұрғандай, екі әдебиетті, екі мәдениетті қатар алып қарастыратын, жалпы ғылыми зерттеу жұмысындағы орныққан, іргелі әдіс-тәсілдердің бірі. Ал әдебиетте салыстырмалы әдебиеттану ғылымының бір тармағы ретінде, әлемдік әдебиеттану ғылымында зерттеудің бір түрлі тәсілі ретінде ертеден орныққан ғылыми әдіс. Аталған зерттеу тәсілі екі ел әдебиетіндегі шығармалардың, әдеби ағымдардың, жазушылардың арасында нақтылы, өзара ықпал-әсер, ауыс-күйіс, қарым-қатынас болмаған жағдайда да, оларды адамзаттың эстетикалық мәдениетінің жанды, бүтін тұлғасы ретінде қарастыра отырып, ондағы эстетиткалық құндылықтар байланысын, таным мен талғамдағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді зерделеуді, тарихи талдау, салғастыра қарастыру арқылы олардың ішкі мәнін, өзекті қасиетін, негізгі ерекшеліктерін ашуды басты мақсат етеді.

Қысқасы сөз болып отырған зерттеу тәсілі – екі немесе одан да көп елдің әдебиетін, екі немесе одан да көп елдің жазушыларын, олардың шығармашылығын салғастыру арқылы, ондағы эстетикалық құндылықтарды айқындайды, шығармадағы ұлттық ерекшеліктерді, дәстүрлі, әлеуметтік мәселелерді, әдеби заңдылықтарды ашады, сол арқылы әдебиеттің даму деңгейін, халықтардың дүниетаным, талғам, талабын анықтайды.

Салыстырмалы әдебиеттану пәнінің қажеттілігі мен көккейкестілігін қазақ әдебиеттанушы ғалымдары тым ертеде-ақ аңғарғанымен, жоғарыда айтқанымыздай, оны ғылым ретінде қалыптастыруға, орнықтыруға, дамытуға кеңестік илеология мүлде мүмкіндік берген жоқ. Бір қызығы, батыс Еуропа елдерінде әлемдік салыстырмалы әдебиеттану көркемдік үдерісті игеруге бағытталған негізгі пән ретінде XIX-ғасырдың аяғынан бастап-ақ жоғарғы оқу орындарында оқытыла бастағанына қарамастан, тіпті кеңестік кезеңнің өзіндегі орыс ғалымдары В.М. Жирмунский, М.П Алексеев, Н.И Конрад, И.Г.Неупокаева т.б. компаративист-ғалымдардың салыстырмалы әдебиеттануға арналған еңбектері академиялық сипатта болғанына қарасмастан, қазақстандық жоғарғы оқу орындарында тек әдебиеттанудың өзге де салалары ішінде үзінді-қыстырма ретінде сөз болғанымен, толық, жүйелі, арнайы түрде оқытылмады деуге болады. Алайда біздің әдебиеттанушы ғалымдарымыз “қызыл идеология рұхсат етпейді” деп, мүлде қол қусырып қарап отырған жоқ. Яғни М.Әуезовтен бермен қарайғы қазақ ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымын жеке-дара, өзінше ғылым ретінде қарастырмағанымен, Қожанасырдың “жауын-жауынның арасымен жүргеніндей”, өзге еңбектерінің ара-арасында, басқа тақырыптардың орайында салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жиі-жиі соғып, аталған ғылымды теориялық та, практикалық та тұрғыда орнықтыруға ат салысты. Сондай ғалымдардың бірі һәм бірегейі осы біз сөз еткелі отырған академик Рымғали Нұрғали десек, артық та, асыра да айтқандық болмайды.

Басын ашып айтар бір нәрсе, өмір бойы қазақ әдебиетін, оның түрлі жанрлары мен өзекті мәселелерін, ондағы Алаш рухын жеріне жеткізе зерттеген академик Р.Нұрғалидың барлық әдеби-зерттеу мұраларын қарап отырсақ, ғалымның салыстырмалы әдебиеттану ғылымының да бірегей білгірі екендігі, аталған ғылымның өткен-кеткенімен, қыр-сырымен жан-жақты хабардар, жай хабардар емес, тіпті оның үлкен теоретигі екендігі менмұндалап көрініп тұрады. Мәселен әлемге әйгілі американдық компаративистер. Р Вэллек пен О. Воррен: «Өзінің сөз жүзілік қолдануында «салыстырмалы әдебиеттану» термині, ең алдымен, ауыз әдебиетін, әсіресе фольклорлық мотивтерді және олардың ауысуларын зерттеуі мүмкін… Өзінің басқа бір мағынасында бұл термин екі немесе одан көп әдебиеттер арасындағы байланысты зерттеуді білдіреді» [3, 87] десе, қазақ ғалымы Р.Нұрғали: “еш уақытта еш бір елдің әдебиет, өнері томаға-тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып байығанда ғана өркен жаймақ. Әдебиеттің интернационалдық сипаты – көптеген халықтар өнері мен тәжірибесін қорыта отырып, байлам, тұжырым жасайтын теориялық мәні бар, күрделі проблема,” [4, 92], - деп атышулы ғалымдардың сараптамасымен сарындас, тіптен олардың пікірін толықтыра түсетін, ғылыми жүйелей түсетін ойларын ортаға салады. Әрине, бүгінгі күні әлде кім жер шары дейтін ортақ мекенде іргелес жасап келе жатқан халықтардың ақыл-ойының, мәдениеті мен өнерінің өзара ықпалдастықта дамитындығы туралы айтса, ол әрине, еш қандай жаңалық та, ерлік те болмас еді. Ал “сендер қазан төңкерісінің арқасында ғана адам қатарына қосылдыңдар, ұлы орыс халқының арқасында өркениетке жеттіңдер” деген жалғыз ұранмен ғана өмір сүргізген, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде бұндай пікір айту, ғалыми парасаттылықты былай қойғанда, ерлікпен пара-пар болатын.

Әіресе, адам баласы жер шарының қай түкпірінде жасамасын, қай нәсілге жатпасын, қандай діни нанымды ұстанбасын, олардың өмірлік түпкілікті ұстанымы, тіршіліктегі өзекті принциптері, басты адами арман-мұраттары шамалас, сарындас болатыны жасырын емес. Соның әсерінен белгілі бір суреткер қай елде туып, қандай мәдени ортада өскеніне қарамастан, оның шығармаларын көп жағдайда дүниежүзіндегі өзге халықтар да соншалық етене, таныс, жылы қабылдайды. Бұның себеп-салдарын академик Р.Нұрғали өзінің “Телағыс” атты монографилық зерттеуінде былайша баян етеді: “Үлкен талант – мейлі қайраткер, мейлі суреткер, мейлі санаткер болсын – бір ұлттың шаңырағында туса да, тек сол елдің шеңберінде қалмаса керек. Өйткені, тіл, дін, сенім әр түрлі болғанымен сезім, әсемдікке құштарлық, арман адам баласына ортақ” [4, 114]. Міне көріп отырғанымыздай, ғалым бұл сөзінде “салыстырмалы әдебиеттану” ғылымының атын айғайлап айтпағанымен, сол “адам баласына ортақ арманды, сезімді, әсемдікке құштарлықты” ашуда салыстырмалы әдебиеттану ғылымының атқарар рөлінің ерекше екендігін меңзейді. Демек академик Р.Нұрғали қазақ әдебиеттану ғылымын байыпты байламдармен байытатын, тың теориялық толғамдармен толықтыратын, қала берді әдеби шығармашылықтың өзін соны қырларға, тың өрістерге шығаратын салыстырмалы әдебиеттану ғылымы деп есептейді. Біздің бұл айтқандарымыздың бәрі ғалымның ғылыми еңбектеріндегі жалпы салыстырмалы әдебиеттанудың теориясына қатысты толғаныстары. Бірден ескерте кетейік, “толғаныстары” дегенде, бұл әсте академик Р.Нұрғалидың осы бағыттағы пікірлерінің тұяғы түгел сөзі емес. Мақала көлемін ескере отырып, біз ғалымның салыстырмалы әдебиеттанудың теориясын байытуға да ат салысқанын дәлелдеу тұрғысынан, оның бұл бағыттағы пікірлерінің бірен-саранынан ғана үзінді келтіріп отырмыз.

Ал салыстырмалы әдебиеттану ғылымының теориясы бар да, сол теория негізінде нақытылы шығармаларды салыстыра, салғастыра қарастыру бар. Академик Р.Нұрғали қазақтың белгілі бір ақын-жазушысының шығармашылығын өзге елдің белгілі бір қаламгерімен арнайы салыстыра қарастырмағанымен, салыстыра, салғастыра зерттеу тәсілін әр кезеңдегі еңбектерінде ұтымды пайдаланып отырғанын атап айту парыз. Бұның өзі, бір жағынан, қазақ еліндегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен өркен жаюына игі ықпал етіп отырған болса, тағы бір жағынан, қазақ фольклорының, әдебиеті мен өнерінің, ақын-жазушыларының, бір ауыз сөзбен айтқанда қазақ руханиятының әлемдегі «менмен» деген әдебиеттердің еш қайсысынан кенже қалып жатпағанын дәлелдеу, соған өзіміздің де, өзгенің де назарын аудару, көзін жеткізу. Тегінде салыстырмалы әдебиеттану ғылымы кез-келген ел үшін осындай қадір-қаиетімен құнды, қажетті дейтін болсақ, бүгінгідей жаһандану заманында, қазақ елі үшін, қазақ руханияты үшін, оның ғаламдық рухани кеңістіктен өз орнын берік иеленуі үшін де сондай құнды, қажетті ғылым. Ал академик Р.Нұрғалидің артында қалған ғылыми-зерттеу еңбектерін қарап отырғанда, оның аталған ғылымның қазақ әдебиеттану ғылымы үшін көкейкескестілігі мен қажеттігін ту ертеде-ақ аңғарып, сол жолда біраз байыпты еңбектер жасап кеткенін аңғару қиын емес. Сөзіміз құрғақ болмау үшін, мысалға жүгінейік. Ғалым жалпы театр тарихы, орта ғасырлардағы грек-рим жұртының театры мен драмматургиясы туралы айта келіп: «Типологиялық жағынан «Дель арте» театры қазақтың айтысына ұқсас. Қазір айтыс тек фольклордың бір нұсқасы ретінде ғана зерттеліп жүр. Асылы, айтыс өнері ұлттық драма мен театрдың ежелгі үлгісі ретінде тексерілуі керек»[4, 22], - дейді. Бұл пайымдаудан саналы оқырман, сахналық қойылым үлгісінің қазақ топырағындағы тарихы да әріде жатқанын аңғарады, жай аңғарып қана қана қоймайды, туған халқының рухани байлығымен марқаяды, мақтанады. Негізінде отансүйгіштік, ұлттық патриотизм тәрбиесі, міне осындай ұлттық мақтаныштарды ұрпақ санасына сіңіруден басталмақ.

Орыс әдебиетінің алтын ғасыры дүниежүзі халықтарының сөз өнеріне орасан зор ықпал еткенін еш кім де, еш қашан да жоққа шығармақ емес. Алайда бұл деген сөз жержүзінің ойшылдары мен ақын-жазушыларының бәрі орыс мәдениетінің шәкірті болып қалды дегенді білдірмесе керек. Өкінішке орай, кеңестік кезең тұсында біздің әдебиеттанушыларымыздың дені ұлы Абайды да, ұлы Мұхтар Әуезовті де орыс ойшылдарының шәкірті етіп көрсетуге тырысты. Кремлге керегі де сол болатын. Алайда сол кер заманның өзінде профессор Р.Нұрғали салыстырмалы әдебиеттану ғылымының принциптері негізінде Абай ұлылығын орыс ойшылдарымен шендестіре, салғастыра қарастырды. «Өмірлік материалды пайдалану, сюжетке сүйек боларлық оқиғаларды сұрыптап таңдай білу кездейсоқ нәрсе емес, талант қуатына, дүниетаным шеңберіне сабақтас процес екендігі белгілі. Абай Құнанбаев пен Иван Тургеновтың өзара байланыссыз бір сюжетке шығарма жазулары екі алыптың іштей туыстығын аңғартса керек. Біз «Масғұт» поэмасы мен «Шығыс аңызы» әңгімесін айтып отырмыз. Екі туынды арқауы да «Мың бір түндегі» Хасан шебер басындағы оқиғадан алынғаны анық. Тургенов қысқа ғана әңгіме жазса, Абай поэма шығарған»[4,115]. Демек, ғалымның бұл арада қазақтың Абайы анау айтқандай, тек орыс ойшылдарынан үйренуші, орыс қаламгерлерінен тағылым алушы ғана емес, талант қуаты, парасат-пайымы, дүниетаным деңгейі тұрғысынан қандай хакіміңмен де қатар тұра алатын ұлы ойшыл екенін меңзеп отырғаны анық.

Ал тағы бір еңбегінде академик Р.Нұрғали ұлы Мұхаңның (М.Әуезов) драма саласындағы талантын, еңбектерін жан-жақты қарастыра келіп, оны әйгілі Шекспирмен шендестіреді. Бұл шендестіру әрине, тек туған халқына деген, өз халқының талантына деген сүйіспеншіліктен, бүйрегі бұрудан туған, сезімнің жетегінде айтыла салған жеңіл-желпі әсер емес, керісінше ғылыми сараланған, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жіті, жүйелі қарастырылып барып айтылған дәйекті байлам. «Мұхтар «Еңлік-Кебегінің» сюжеті негізінен халық аңызының бұрынғы әңгіме, поэма түрінде келген нұсқаларының іргесінен тарайды. Екі ел арасындағы нақты болған оқиғаның драма материалы екенін ұғыну – жас қаламгердің жазушылық көрегендігін аңғартады. Бұл ретте Әуезов Шекспирді еске түсіреді.

«Махаббат машахаты», «Жазғы түнгі түс», «Виндзор қулары» - Шекспир осы үш-ақ шығармасының оқиғасын өз жанынан шығарған. Ал қалған пьесаларының сюжеті басқа авторлардың шығармаларында айтылған жәйттер» [5, 316]. Байқап отырғанымыздай, бұнда да автор «ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамастан, басқа елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезовтің жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасай алғанын» аңғартумен бірге, «сюжеттік желінің тартылуынан, композиция құрудағы шеберлігінен М.Әуезовтің драма заңдылығын жақсы білгендігін», сөйтіп, ағылшынның әлемге әйгілі драматургінен бір кем емес дүниелер тудырғанын меңзейді. Тағы да осы М.Әуезов шығармашылығы туралы зерттеуінің бір тұсында профессор Р.Нұрғали ұлы жазушының әйгілі «Көксерегін» Эрнест Сетон-Томпсонның «Лобо» атты әңгімесімен, Джек Лондонның «Ақазу» романымен салыстырады. Қазақ жазушысының әңгімесі мен жоғарыдағы аталған шығармалар арасындағы тақырыптық сарындастықты, концепциялық үндестікті, идеялық ұқсастықтарды жан-жақты талдап, жінтіктеп ашып көрсетеді. Алайда ондай ұқсастықтар мен сәйкестіктерге қарап, М.Әуезовтің жазушылық талантына, «Көксеректің» бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған бір дәуірдің шедеврі екендігіне мақтануға болғанымен, бұны әсте «бір жазушы екінші жазушыдан жиендік жасап, оп-оңай көшіріп ала салған дайын сюжет, өзгермес қалып емес, құбылыс сипатынан, обьективті ерекшелігінен туған жалпы ұқсастық» [5, 283] деп түсінбеу керектігі ескертіледі.

Салыстырмалы әдебиеттану ғылымының көбірек ден қоятын тағы бір ауқымды саласы – көркем аударма. Әрине, көркем аударманың сапасы мен көркемдік деңгейін аударма теориясы немесе аударма ғылымы арнайы зерттейді. Ал салыстырмалы әдебиеттану ғылымы аударылған шығарманың сол тілдегі ақын-жазушыларыдың шығармашылығына қалай ықпал еткенін, сол әдебиетке нендей тың тыныс, жаңа леп әкелгенін, сол арқылы әдебиеттер арасындағы, мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты қарастырады. Көркем аударманың қажетігі де, оны зерттеудің көкейкестілігі де осы қырынан көбірек аңғарылады. Яғни көркем аударма мәселелерін қарастырғанда сыңар бағытта, бір жақты, яғни тек әдеби тұрғыдан, я болмаса лингвистикалық жағынан ғана үңілу, зерделеу мүлде жеткіліксіз. Ондай зерделеу әрі кеткенде аударманың сапасын көтеруде белсенді рөл атқаруы мүмкін, алайда мәдениеттер арасындағы өзара алмасулар мен сіңісулерді, адам баласының “ақыл ауыс, ырыс жұғыс” дейтін ұлы тұғырнамасын ашуда, түсіндіруде орашолақтық танытады. Сондықтан салыстырмалы әдебиеттану жүйесіндегі аударма мәселелерін зерттеу барысында мәдени-лингвистикалық зерделеу тәсілінен гөрі, әдеби әдістерді қолдануға молынан орын берілетіні содан. Академик Р.Нұрғалидың да көркем аударма мәселесіне көбірек осы – салыстырмалы әдебиеттану аспектісіндегі ұғым тұрғысынан ден қойғаны байқалады. Бұл туралы ғалым өз пікірін былай өрбітеді: “Қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдардағы жақсы құбылыстың бірі - әлем өнеріндегі үздік туындылардың, классиканың жүйелі аударылуы. Абай творчествосында зор дәстүрі жасалған бұл тәжірибенің қазір мемлекеттік, жоспарлы шаруаға айналуы қуантады.

Әр ғасырда, әр жұртта жасалған асыл дүниелердің ана тілімізде сөйлеуі байлығымызға байлық қосады, әсіресе жас буын, кейінгі ұрпақты жан-жақты эстетикалық тәрбиелеуге мүмкіндік береді, профессионалдық тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің интернационалдық дәстүрлерінің баюына ықпал жасайды” [4, 138]. Демек, ғалым бұл арада, қазақ әдебиетінің реалистік кең арнаға түсуіне игі әсер етіп, ықпал жасаған факторлардың бірі – аударма екендігін меңзеумен бірге, көркем аударманың қай кезде де ұлтымыздың рухани дүниесін байытудағы атқарар рөлі ерекше бола беретініне сенуге шақырады.

Бұл айтылғандардың бәрі де академик Р.Нұрғалидың ғылыми еңбектерін ендей қарап, көктей шолып өткенде назарымызға іліккен ой-пікірлері. Жалпы біз, ғалымның тура осы бағыттағы еңбектерін болашақта арнайы зерттеу өзегіне айналдыру – қазақ әдебиеттану ғылымы үшін теориялық та, практикалық та мән-маңызы үлкен жұмыс болады деп есептейміз.

Сөздің осы тұсында, академик Р.Нұрғалидың салыстырмалы әдебиеттану ғылымына тек өзінің ғылыми-зерттеулерінде ғана мән беріп, оқыған дәрістерінде ғана көңіл аударумен шектелмей, сонымен бірге жаңа астанамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан салыстырмалы әдебиеттану мамандығы бойынша жоғары ғылыми дәреже беретін арнайы диссертациялық кеңес ашып, сол кеңеске басшылық жасағаны, сол кеңесте еліміздің түкпір-түкпірінен келген көптеген жас мамандарды салыстырмалы әдебиеттану саласы бойынша қорғатқаны еске түседі. Біздің бұл сөзімізді ҚР ҰҒА академигі Ж.Әбділдиннің Р.Нұрғали туралы: «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдарының докторы дәрежесін беретін Диссертациялық кеңес (2001-2008жж. төрағасы) құрып, оның төрағасы болды. Бұл кеңесте қазақ әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану (Қазақстанда тұңғыш рет) мамандықтары бойынша Атырау, Ақтау, Арқалық, Қызылорда, Жезқазған, Тараз, Талдықорған, Семей, ­Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан обылыстары жоғары оқу орындары үшін ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалды» [6, 8]., - деген пайымдауы одан сайын толықтай түспек.

Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, академик Р.Нұрғалидың салыстырмалы әдебиеттану ғылымына ерекше мән беруі, баса назар аударуы жайдан-жай емес. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымы қай кезде де, қай ел үшін де рухани жаңғыру мен өсудің, ұлт әдебиеті мен өнерінің толысуы мен өрлеуінің қажетті қуат көзі дейтін болсақ, жаһандану жағдайындағы жас мемлекетіміз үшін оның қажеттігі мен көкейкестілігі тіптен айқын байқалып отыр. Бұл ретте, қазақ топырағындағы о бастағы негізін ұлы Мұхаң (М.Әуезов) қалаған, бертін келе академик Р.Нұрғали қатепті ғылым деңгейіне көтерген салыстырмалы әдебиеттану ғылымы аясында бүгінде елімізде әдеби байланыстар, генетикалық һәм типологиялық байланыстар, көркем аударма, сапарнама, имагология, әдебиет пен кино, музыка, көркем сурет секілді өнердің өзге де түрлері арасындағы қатынастардың мәселелері зерттеле бастағанын атап айту парыз. Қазақстан мен өзге елдердегі салыстырмалы әдебиеттану ғылымының даму тарихын, пәнді зерттеудің теориялық, методологиялық негіздерін, басты категориялары мен түсініктерін айқындай түсу үшін нақты ғылыми тұжырымдар жинақталды, қазақ әдебиеті мен өзге елдер әдебиеті терезі тең әдебиеттер тұрғысынан салыстырыла қарастырыла бастады, соның арқасында қазақ әдебиеттану ғылымы да, қазақ әдебиеті де әлемдік рухани кеңістіктен өз орнын иелеудің қамына кірісті десек, осы игі істердің жүзеге асуында академик Р.Нұрғалидың еткен еңбегі мен төккен тері аз болмағанын бүгінде күмілжімей айтуға тиіспіз.



Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маданова М. М.Ауэзов – основоположник сравнительного литературоведения в Казахстана// Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті.– Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 322б.

2. Яң Найчяо. Салыстырмалы әдебиеттануға кіріспе (қытай тілінде). Пекин:Пекин университеті баспасы,2005. – 438б.

3. Р.Вэллэк, О.Воррен. Әдебиет теориясы (орыс тілінде). – Мәскеу, 1978 – 325 б.

4. Р.Нұрғали. Арқау. ІІ том. Алматы: Жазушы, 1991– 576 б.

5. Р.Нұрғали. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана: Күлтегін, 2002– 528 б.

6. Академик Р.Нұрғалидың ғылыми мектебі./ құрастырған: ф.ғ.д., проф. М.Шындалиева. – Астана: Еуразия университеті, 2010. 80-бет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет