КӨкейкесті әдебиеттану



бет14/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   24

Пайдаланған әдебиет

1. Көкейкесті әдебиеттану. 1-9 кітаптар. 2001-2009.



Боранбаева Ж.Қ.

Қазақстан: Астана

АҚЫЛ БОЛСА ОЙ САЛАР, ШЫНДЫҚТЫҢ СӨЗІ ШЫРАЙЛЫ

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,



Сендерге де келейін енді аяндап [1]-деп Абай айтқандай әлем әдебиетінің кең құлашты арнасында өз ерекшелігімен көзге түсетін қазақ сөз өнерінің асылдыққа ие екендігін аңғартып, сол асылдықты, тілдің сан ғасырлық інжу-маржанының шашауын шығартпай тірнектеп жиып және оны өз жанынан байытып, болашақ ұрпақтың қолына аман-есен тапсыру мақсатымен әдеби процестің сан қырлы тынысын, тарихы мен табиғатын тереңнен барлаған ондаған сын-зерттеу кітаптарының авторы, профессор Рымғали Нұрғалидың ойлы да, әсем сөздері ойыңа сәуле шашып, өмірге, дүниеге басқа көзбен қаратады. Сөз саптауының ерекшелігі, сөз мағынасының мазмұндылығы, ізденістен туған мағыналы шығармалары «сөз –құдайдан шыққан бу», деп Шәкәрім айтқандай, сөз адамның қасиетті, киелі құралы екендігінің дәлелін береді. Ғалымының қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетінің білікті ғұлама-ойшылдарына, ақын-жазушыларының шығармаларына деген нақты көзқарасы, талғамы, пікірлері айтылған: «Айдын», «Телағыс», «Күретамыр», «Трагедия табиғаты», «Древо единство», сияқты кітаптарын оқып, «Көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктерін негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі –бір кезең, бір дәуір емес, ұзақ ғасырлар тудырған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып отыратын рухани игілік. Қашанда әдеби дәстүр мен әдемі даму –әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалектикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары» [2], - дегендегі автордың әдеби мәселелерге, әдеби процесс проблемаларына арналған өзекті ойларын түсінесіз. Жанрлық, көркемдік проблемаларымен қатар осы халықтық сипат, ұлттық ерекшелік табиғаты туралы ғылыми тұжырымдар жасаған ғалымның әдеби дәстүр, әдеби тұлға, әдеби қозғалыс, даму процестерін ерекше бір прблема деп алып, тұтас бір қозғалыс үстіндегі құбылыс ретінде қарайтындығын, салыстырмалы талдаулар, текстологиялық барлаулар жасайтындығын байқайсыз. Егерде «Айдын» кітабынан «Еңлік-Кебектің» екі нұсқасын (1922-1943 ж.ж.), «Қаракөздің» екі нұсқасын (1926-1959 ж.ж.) салыстыра қарап атақты жазушы лабораториясының, қаламгерлік шеберлік мектебінің жаңа, соны қырларын ашып танытудағы қаламгер шеберлігін аңғарасыз. «Абай» трагедиясы мен Абай романын, қазақ және орыс тіліндегі басылымдарын салыстыра талдай отырып, ұлы жазушы ұлағатын танытудағы шеберлігін көресіз. Ал, «Арқалық батыр» драмасын әлем, орыс әдебиетінің драмалық әйгілі шығармаларымен астастыра талдауынан төл туындымыздың әдебиет тарихындағы орнын айқындап, даралық қасиеттін саралаудағы талантына сүйсіне қарап, қаламгердің шығармашылық ерекшеліктерін, өзіндік келбетін танисыз. Әсіресе «Телағыс» кітабын ашқанда поэтика, әдебиеттегі стиль, грамматикалық категориялар, методологиялық принципті әдістер жайлы сөз қозғап, оқырманын әр жақты ойға жетелей білген ғалымның көркем де, әсем сөз саптауындағы өзіндік ойларын таңқала қабылдайсыз. Әлемдік әдебиет тынысын, оның аясында қазақ әдебиетінің сол күрделі шығармашылық тіршілікке үндескен тұстары мен даралық, ұлттық бояу, ерекшеліетерімен қатар, салыстырмалы талдауындағы шеберлігі, әдебиет әлеміндегі эстетикалық көзқарас мектебі хақындағы тың теориялық байламдары таптырмас құнды ойлар екендігін білесіз. Шал ақын, Бұқар жыраудан бастап бүгінгі ірі қаламгерлер шығармашылығна дейінгі аралықтағы күрделі өсу, кемелдену өзектерін саралаудағы дәлелді тұжырымдары, психологиялық талдаулары, мифологиялық сарындардың қазіргі әдеби қозғалыстағы трансформациясы, түркі тілдес халықтар арасындағы хикаялардың (Алдар Көсе, Қожанасыр, т.б.) кейінгі шығармашылық даму процесі әсеріне қатысты пікірлері, жеке бір жазушы шығармалары: Шекспир, Кафка, М. Әуезов, ғ. Мүсірепов, Ә. Нұрпейісов т.б. туралы толғаныстары, әдеби жанр проблемалары: драматургия, проза, революциялық поэзия жөніндегі алуан түйінді: «Қазақ драматургиясы», «Өнер алды-қызыл тіл», «Поэтика казахской драматургии», «Қазақ революциялық поэзиясы» атты көркемдік – аналитикалық талдаулар, зерттеулерінің парасат деңгейі жас ғалымдардың ғылыми өрісін кеңейтіп, ой саларлықтай еңбектер екендігін түсінесіз. Қазақ әдебиетінің тарихын, тыныс-тіршілігін, дүние мәдениетінің арғы-бергі даму ерекшеліктерін, қалпын саралауды, әдебиет шығармаларын түсіндіруімен, қажет жағдайда олардың өмір-өнердегі орнын, мән-мағынасын анықтауды жақсы түсініп баққан озық ойлы, батыл да принципшіл ғалым келешекке көз жібере отырып, шығармаларды қалай жөндеп, жетілдіру жолдарын көрсетуінің куәгері боласыз. Драматургияның дамуын түсіндіріп, бағалап-таразылап қана қоймай оның дамуына өз әсерін тигізе білуінің салдарынан жарық көрген М. Әуезовтің «Қилы заман» романы, «Алуа», «Дос-Бедел-Дос» драмалары туралы мақалалары, С. Сейфуллин, Б. Майлин,

І. Жансүгіров драматургиясы туралы зерттеулері, әсіресе ұлттық театрымыздың негізін қалаушы қазақтың тұңғыш профессионал режиссері Жұмат Шаниннің режиссерлігін, драматургиясын танытқан «Ай қанатты арғымақ» атты романынында оның өнерімен өзектес өмірін, Сталиндік репрессия кезіндегі қиын тағдырын көрсетудегі қаламгердің көркемдік сөз қолданысындағы түрлі бояулары, шығарма мазмұн байлығымен қатар тіл байлығын дамытудағы әдіс-тәсілдері, заттың не құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ оны басқа затпен, құбылыспен салыстыру арқылы шығармасының мазмұнын құнарландыратын, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарын қолдану әдісінен жазушының көрікті ойдан-көркем сөз жасай білген шеберлігін танисыз. Академик З. Қабдолов айтқан: «Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл – қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма-мазмұнды шығарма»[3] екендігінің дәлелін табасыз. Мәселен: «... Көк құнан, жирен құнан қос садақтан қатар атылған қос жебедей заулай жөнелді», [4] деген жолдардан жүйріктікті нысанаға алып, бүйірі қызған дарабоздарды садақтың жебесіне теңеу шеберлігін танысаңыз.



«... – Албан елі аспан зәулім, төбесі көк тіреген тауларды мекендейді. Биік-биік шыңды таулар көмкеріліп тұрған дәл осы Қояндының жазығы секілді ғажап жайлаулары бар. Қысы - жазы ерімейтін мәңгі мұзының бауырынан жаратылған бұлақтары лақша секіріп отырып, біріне-бірі қосылып, өгізше отырған киіз үйдей тастарды оймақтай лақтырып, допша домалатады» [4] дегендегі өзен мен бұлақ ағысын жануарлардың мінез-құлқына сай етіп образ жасауынан, ойнақтап аққан бұлақты-лаққа, біріне-бірі қосылып аққан өзенді-өгізге теңеуінен жазушының сөз қолдануындағы жаңа ізденістерін байқайсыз. З. Қабдоловтың: «Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеруі, оның қилы қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жеке түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет»[3] дегендегі пікірін түсінеміз.

«... Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден бір сөз іздеп табу-шебер суреткердің қасиетті парызы» [3] екендігін білесіз. Бірімен-бірі сәтті қиыса келген теңеулерді: «Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап, ойқастап жүр» [4] деген жолдардан байқасаңыз, «Алатаудың қыр арқасында қазақтар Көкқайрақ, қырғыздар Көкойрақ дейтін арыстандай гүрілдеп ағып жататын тау өзенінің екі жағасына екі ел жаз жайлауда қатар қонатын еді» [4] дегендегі тау өзенінің ерекше белгісін өкірген өгізге, ақырған арыстанға теңеуінен қаламгер ойының ұшқырлығын танисыз. «Қызық, рахат, ләззат – бір қалыппен, бір ырғақпен үдей түсіп, енң кһсіліп шабу. Буын буыны балқып, сүйек-сүйегі еріп, кең жойқын, шетсіз-шексіз дария-теңізде жүзіп келе жатқандай. Көкжиекте жібек шымылдықтай судырап тұрған сағымның ішіне енді бір ырғыса еніп кететін шығар» [4] деген үзіндідегі фразеологизммен ұласқан тас атауының теңеу болып, сыңғырлап өзгеше сипат алуынан сөз зергері, өнер иесінің шын дарындылығын танысаңыз». ... Өзгелер қостаса есіл домбыра тұсаулы ат секілді текіректейді де қалады» немесе «Шағын, он шақты кісі сиятын бөлменің іші де қызық екен: орындық атаулы түйенін өркеші секілдендіріп ағаштан ойылып жасалған» [4] деген жазушының төрт-түліктің мінез-құлығымен жымдасқан теңеу сипатындағы сөздерді қолданудағы шеберлігін көресіз. Бұл шығармадағы сындарлы ойға сымбаттылық дарытатын теңеу сөздер тобы табиғилығымен, тартымдылығымен ғана емес, тосындылығымен де өзгеше екендігін аңғарасыз. Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетінін байқайсыз. Академик З.Ахметовтың «Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипатын-белгісін, түсін, дыбыс үнін тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып бейнелеу негізінде туады. Сонымен қатар бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл қозғалысындағы ұқсастықтықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі», [5]деген пікірінің дәлелін табасыз. «Жұмат қалың қою қара мұртын саусақтарымен басып қойып, үлкен көздері боталап, креслода қушиыңқырап, ұзын желкесіне шашы түсіп, төменшік күйде отыр еді» [4] дегенді «қалың қою қара», «үлкен», «ұзын», «төменшік» секілді айқындауыштар кейіпкердің көңілсіздік сезімін суреттеуде айрықша маңыздылыққа ие екендігін байқасаңыз. Шығармада кездесетін «салқын жүзді», «аузы ауыр тұңғиық кісілер», «жылы жүзі», «мейірімді көңілі» деген тіркестердің адамның яғни кейіпкердің мінез ерекшелігін танытудағы, эмоциялық реңкінен хабарлар берудегі ролінің зор екендігіне көзіңізді жеткізесіз. «Көркемдегіш құралдардың ішінде эпитет яғни айқындау заттың, құбылыстың айырықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз». [6] деген А.Байтұрсыновтың пікірін түсінесіз. «Өңкей атан жілік, піл сауырлы жігіттер бірін бірі ала алмай, тартысып келе жатып, өлерменге деткенде, көкпардың лағын Көкқайрақтың тас жұтып, мұз түкіріп жатқан суына лақтырып жіберді» [4] деген үзіндіден ер жігіттің күштілік, қайраттылық қасиетін айқындайтын «атан жілік», «піл сауырлы» сынды күрделі көркемдеуіштердің «жігіт» сөзін айшықтап тұрғандығын сезсеңіз. Көкқасқа жүйріктің даралығын көрсетуде қаламгердің «аузымен құс тістеген» деген секілді тұрақты тіркестерді де айқындауыш ретінде пайдаланып, сөз мәйегін келтірудегі шеберлігіне сүйсінесіз. Енді бірде «жаулықтары дағарадай екі-үш бәйбіше күміс белбеу, алтын түймелері күнге шағылысып, құлаш-құлаш барқыт жыртқызып алып, қыстарындағы жігіт ағасына ақша төлеттіріп тұр» [4] деген жолдарды оқып, «күміс белбеу, «алтын түйме» деген тіркестер иарқылы әйел затының әсемдігін үйлестіретін сән бұйымдарының ерекше белгілерін көрсетуіндегі айшықты сөз мәнерінен, сөз саптауындағы тіл байлағынан, көркем ойлау қиялының молдығынан, көкірек көзінің қрағылығынан, өмір құбылыстарын, айтар ойын, идеясын мейлінше көркем бейнеленуінен Міржақып айтқан: «Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы», дегендегі тамашаның тамашасын танисыз. «Суреткер қолындағы сөз суретші қолындағы бояу секілді, иінін тауып мың құбылтуға болады. Құбылған сөз әсерлілік үстіне адам баласының танымын байтпақ; бір сөз бір ақ нәрсені танытса, оны түрлендіре құбылту арқылы тіршіліктің сан алуан сырын тануға болады», [3] деген З.Қабдоловтың пікіріне еріксіз жүгінесіз. «Сан ұлттың тілдерінде сан алуан сырлар шертіліп, әңгіме дариясының көмейі ағылған» [4] деген бір ғана жолдан әдеби тілден кездесетін басты құбылтулардың бірі – ауыстыру, яки метафораны кездестіресіз. Оқырманының жан жүрегін жұлқып жұлқып қалатын күшпен әсер жазушының сәтті іздеп тапқан «әңгіме дариясы» деген сұлу поэтикалық метафорасында жатқандығын байқайсыз. Кейіпкер тіліндегі қолданылған метафоралардың тілге бейнелілік, көркемдік беруімен қатар ойды да анық, дәл жеткізуде таптырмас құрал екендігін «Түнімен жауған жаңбыр жердің миын шығарып тастаған» [4] деген жолдардан аңғарасыз. Қаламгердің бейнелілік, суретшілдік шеберлігін кең далада алғашқы болып жайнап, көктемнің құлпыруына жол ашқан, оның ырысы болған жауқазын мен кең сахарамыздан орын теуіп, ұлттық өнеріміздің дамуының бірден бір қайнар көзіне айналған театрдың бір бірімен үндестік тапқандығын: «біздің театр еңбекші, жұмысшы, қара шаруалардікі, жаңа жұртшылықтікі, көктен түскендей тамаша олжа қазақ даласындағы ұлттық өнердің жауқазын қызғалдағы – театр» [4] дегендегі үзіндіден айқын көресіз. «Қазақ театры - ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатыұған күй керек. Жас баланың мейіріңді қандырып сөйлемегі, қыран құстың көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүнін мезгілінде тастап түлемегі иесінің бағып қағуына байлаулы. Алғашында талпынып еңбектенсе, ақ үрпек болып, ұядан басын көтерсе, қазір қаз қаз басып отыр, қара қанат болып ұядан ұшқалы отыр». [4] деген жазушының кейіпкер сөзі арқылы талай еңбектің, күш жігердің нәтижесінде бой көтеруі театрды қанаты бекіп, ұядан ұшқан балапанға балау шеберлігін аңғарасыз.

«... Аспандағы құдайдың бұлтымен арпаласып қайтесің. Күн жылынса, бұлт шіркін кетеді ғой. Басымыздан аумай тұрған сұм тағдырдың бұлтын айт онда да. Сол қасірет бұлтының тарқауын тіле» [4] деген жолдардан индивидуалдық, яғни авторлық метафоралардың көбінесе кейіпкер тілінде қолданылып, кейіпкердің ой өрісін, дүниеге деген көзқарасын, тапқырлығын, шешендігін көрсетіп тұрғандығын көрсеңіз. Сөз мәнін өңдендіріп, өзгертіп суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындап, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балауды қаламгердің шығармаға дарытқан: «Ой, бауырым, Жұмат ау, айырылдық қой есіл Ғазизден...» Сәлімрахман көзінің жасы сора-сора болып көрісе бастады. Оны «Жұтты ғой қу өлім. Көктей солды талшыбық. Көп арманы ішінде кетті»[4] деген сөздерінен байқайсыз. Сөз бен сөзді, құбылыстар мен заттарды балаудағы жазушы талғампаздығының биік қырын сезесіз. Орыс жазушысы Лев Толстойдың: «Миллион сөз ойлап, соның тек бірін ғана тыңдау-қандай азап?» [3]-деген сөзін еріксіз есіңізге аласыз. «Құнарлы ойдан шыққан құнды сөз» [3] деген З.Қабдоловтың сөзін қостайсыз. «Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасының тілінен көрінеді» [7] -деген Л.Щепилованың ойының жалғасын табасыз. «Бақтияр ұлым шындап сұраса, осы үйдегі сілкіп алар тәуірді, көз тартатын жақсыны қазір тиеп жіберем» [4] -деген жолдардан кейіпкерлердің белгілі қасиеттерін ерекшелеп көрсету арқылы оқырман көңілін аудара білген жазушы шеберлігін көрсеңіз.

«-Мен неден ұялам? Бірақ Ұрым мен Қырымнан, жеті жұрттан сақадай сайланып, әбден дайындалып келген талай саңлақтар бар шығар» [4].

«- Ол сорлының тұқымы қайбір өскен дейсің? Тіпті, жаман да болса жалғыз тұяқ қалмады ғой» [4] деген қаламгердің «жалғыз тұяқ» деп «ұрпақ», «бала» деген сөзді оқырманына ұғындырып, түсіндірудегі шеберлігіне көңіл аударасыз..

«..Жуандар бірін-бірі кеміту үшін пәленшекеңді сүріндірдім, орға жықтым деген дықпырт жолында қора-қора қойды қырып салуға бар. Құдай жуандармен дауластырмасын» [4] деген «жуан» сөзі мен «бай» сөзін алмастыруындағы тәсілін көрсеңіз.

«... Ресейді азат ететін жаңа толқын, ұлы толқын туып келе жатыр...»[4] дегендегі «жаңа да ұлы тоқыны» - ертеңгі ұрпақ, болашақ жас жеткіншек. Ұғым әдеби тілде ой ықшамдығы үшін, кейде образ нұсқалылығы үшін қажет метонимия тәсілімен шартты түрде әдейі өзгертілгендігін көріп, сөз зергерінің тапқырлығына сүйсіне, «тағы да недей қызықтар тап болар екен»- деген оймен шығарма желісіне еріп кете бересіз.

«... Дәурен болса, қасына үзеңгілес ескі көз, үш досын ертіп, Алатаудың жан баспайтын терең сайына көшіп барып, Көкқасқаны баптаудың қамына кіріседі» [4].

« Мың екі жүз тұяқтан шыққан дыбыс дүниені көшіріп жіберердей болады» [4] деген жолдардан «дос», «жолдас» ұғымдарының орнына «ескі көз» деп, «ат» не «жылқының» орнына «тұяқ» деп бүтіннің орнына бөлшекті шебер қолдануымен алмастырудың бір түрі - синекдоха, яки мегзеуді көрсеткенін аңғарасыз.

«.. Тағалы тұяқтар тарсылдап, темірлі дөңгелектер тақылдап, жат сарын, бөлек дыбыспен сес көрсеткендей зор айбынмен заулап бара жатқан ұзын керуенге әрі өткен, бері өткен тұрғындар үрейлене қарайды» [4] деген үзіндіден қаламгердің темір дөңгелекті «ұзын керуендей» деп, ұзын пойыз ұғымында түсіргендігін байқайсыз.

«..-Өй, қара пұшық, аузың ашылып неге таңырқап тұрсың?» [4] деген жазушы синекдоханы кейіпкердің сыртқы кейпіне қатысты белгісін көрсету мақсатымен қолданғандығын көріп, В.Инбердің «Тіл, дәлдік және қысқа жазу-шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр»,[3]-деген сөзін еске алып, жазушыға керек үш нәрсенің анығын табасыз. Қаламгер шеберлігінің түпкі түйіні-жазушының өз жан-жүрегіндей сезім мен сырды өзгенің ой-санасына мейлінше әсерлі және сұлу жеткізу, ұтымды және дәл дарыту екендігін ұғынасыз.

«... Екі бала, екі құнан төбе басында тұр. Сарыарқаның елеусіз ғана, жатаған көп төбелерінің бірі бұлар үшін үлкен белес, биік тұғыр секілденіп, кең аспан, жазық даланың барша сұлулығын көз алдына тартады: зеңгір көкте қалықтаған қаз бауыр бұлт, сахарада жөңкілеген сағым-баршасы таяуда ғана жаратылғандай пәк, таза, сұлу көрінеді. Желпіп соққан самал селеу мен жусанның құлағына әлдеқандай құпияны асығыс сыбырлап кеткендей болады. Жыбырлаған құмырсқа, шырылдаған бозторғай-екеуі де асығыс, тойға, қуанышқа ынтыққан көңілде болатын дегбірсіздік бар» [4]деген үзіндіні оқи отырып, қазақ жерінің әсемдігін, азынай соққан самал желін , иісі мүңкіп құлпыра жайқалған жусанын, көгілдір аспанмен шектескен жазық даласын, өркеш-өркеш көп төбелерін, қоңыраулатқан бозторғай үнін шебер суреттеуінен, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар қазақ жерін көз алдыңызға елестетесіз. Іс-әрекеттің шеңберін кеңейтіп, яғни туындыға кеңістік пен көкжиек дарытқан, сонымен бірге композициялық тұтастығы мен сюжеттік желіні табиғат әсемдігімен әрлеп, шығармаға тыныс беріп, шырай енгізген пейзажды көресіз.Әсем табиғат қойнауына кейіпкерлерімен бірге саяхатқа шыққан жазушы қатарына қосылып, бір ғажайып сұлулық әлеміне енесіз. Туған жер табиғатының қадірін түсінесіз. Өзіңізді Сарыарқа бойында тұрған құландай сезініп, таусылмастай эстетикалық ләззат аласыз. Академик З.Қабдоловтың «Көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әшейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсіл десек, ағат айтқан болмаймыз»,[3]-деген сөзін қостай отырып, сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде-бір өрнек-өмір суреті жоқ және болуы да мүмкін емес екендігіне көзіңізді жеткізесіз.

«... Елубайдан бес жас кіші Құрманбек қасы-көзі қиылып, тісі маржандай жарқырап, адамның ішіне кіріп, елжіреп тұрған бір перизат. Ташкентте оқыған. Тамаша баритон дауысымен ән шыққағанда, қыз-келіншектер сілекейін жұтады. Дос дегенде қоң етін кесіп беретін жомарт, өнер үшін ғана туған жан. Сырт тұлғасы, дауысы, сөзі, білімі, бекзаттығы, тапқырлығы, әзілі, күлкісі, шыншылдығы, қиялы Құрманбекті Кебек, Сырым, Шернияз бейнелерін жасау үшін арнап тудырғандай. Европа театры сахнасына шығарсаң, ешкімнен ұялмайсың. Бишілігін айт» [4]. Деген үзіндіден автордың адам образын ашу мақсатында аса шеберлікпен қолданыс тапқан портрет тәсілін көресіз. Шығарма кейіпкерінің мінезін біліп, сөзін естей тұра сырт пішінін, кескін-кейпін көруге зарыққан оқырманына Құрманбек портретін аса шеберлікпен жеткізе білген автордың сөз саптау шеберлігінен өзі айтқан Құрманбектің ән шырқауын тыңдап, сілекейін жұтқан қыз-келіншектер сияқты сілекейіңізді жұтып, автордың өзімен көзбе-көз сұқпаттасқандай әсер аласыз.

«...Киіз үйдің іші қоңыр салқын екен. Ортада дөңгелек үстел. Жағалай кілем тұтылған, киіз, сырмақ үстіне көрпе жайылып, жастық тасталған» [4] деген жолдардан Ақтамақ атты кейіпкердің тұрмыс-тіршілігіне қатысты киіз үй ішінің бейнеленуін көріп, шығармада адам образын, көркемдік ерекшелігін айшықтауда интерьердің де маңызды екенін түсінесіз. Халықтың рухани бай әдеби мұрасынан күш-қуат алған Рымғали Нұрғали шығармасын оқу барысында «Көңіл көрген жерде», «Жиен ел болмас, желке ас болмас», «Жаман иттің атын Бөрібасар қояр», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Жұт - жеті ағайынды», «Өзекті жанға – бір өлім», «Сыйға – сый, сыраға - бал», «Жаман күйеу қайын сақ», «Түйенің өзі – түйе, құмалағы – түйе емес» деген сөз мәйегі – мақалдың түр-түрін кездестіресіз. Мақалдарды қосу арқылы шығарма шырайын жандандырып, даралық сипат танытқан, ұшқыр ойын салмақтап, шығарма әлемінде өз ойын, өмір шындығын, көркем тілде жазушылық биік тұрғыла тұтас шеберлікпен бере білген талант иесін танисыз.

«Қабағынан қар жауып», «салы суға кеткендей», «жүзіктің көзінен өткендей», «ат құйрығын кесу» тәрізді тұрақты тіркестерді, яғни фразеологизмдарді ой тереңдігін ұғындыру мақсатында пайдаланған автор шеберлігін байқайсыз. Сатыков-Щедриннің «Әдебиет – ықшамдалған әлем» [3], деген сөзін еріксіз қайталап, әдеби шығарма сол нұрлы әлемнің сырлы бөлшегі екендігіне налыйсыз. Сонау грек елінен бастау алып, бой көтерген, өнердің асқар тауы театрдың даму тарихын, ежелгі грек драматургтерінің өмірін, шығармашылық жолдарын қызықты да әсерлі бейнелеген туындысы тарихтың терең қатпарларынан сыр шертіп, шындықтың шынайы беттерін ашатындығымен аса биік көркемдікке ие екендігін түсінесіз.

«Күнде қонақ, күнде кәде. Ұлдың сүндеті, шілдехана, келін түсіру – осылардың бәрінде көкпар тартады, ат жарысады, палуан күреседі, мал сойылады, табақ тартылады» [3], деген салт-дәстүр, әдет-ғұрып арнасынан көрініс тапқан жолдарды оқып, қазақ халқының ата салтқа, ұлт дәстүрге деген биік тағзымын көрсете білген қаламгердің жан-жақтылық қасиетін аңғарасыз.

«...Тәңірім, бұл шаңырақты өртей келген оттан сақтасын, жаламен келген соттан сақтасын, жат қылықтан сақтасын, залым ұлықтан сақтасын, мезгілсіз өлімнен сақтасын, жауынсыз желден сақтасын, көк долы көк бет келіннен сақтасын, дұшпанын қара таспен батырсын, аллакпар, Әумин!» [4] деген Құдайбергеннің берген батасын өз құлағыңызбен естігендей әсер аласыз, шын пейілмен өз дастарханыңызға берілген батадай қабыл алып, ризашылық білдіресіз. Шебер қолынан шығып, әйел саусақтарына әсемдік берген зергер бұйымдай өз қасиеттілігімен де, көркемділігімен де шығармаға ерекше өң, кейіп беріп тұрғандығын байқайсыз. «Сөзден сөз жасап шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді» [8], деген А. Байтұрсыновтың сөзін есіңізге алып, қаламгер шығармасының даралық қасиетін, өзіндік қолтаңбасын танисыз. Беранже айтқан: «Әркім бір қолданып, әбден ығыр қылған арзан сөздерге жоламай» [3] ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай білген қаламгердің таудай талабының тамсанып, басыңызды ие алғысыңызды айтасыз. Ғалым еңбектерін талдап, саралап оқып түсінген сайын халқымыз айтатын «білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» дейтін нақылына еріксіз жүгінесіз. Қазақ әдебиетінің даму эволюциясын танып, бағалап, түсіндіріп қана қоймай, бүгінгі өрісінің өсіп-кеңеюіне теориялық толымды, практикалық ықпал жасап, шеберліктің биігін бағындыра білген ғалым Рымғали Нұрғали өз артынан өшпес мәңгілік мұра қалдырып кетті. Оның әдеби үрдістің даму бағытында шынай көркемдік жүгін арқалайтын рухани бай мұралары – біздер үшін, келер ұрпақ үшін таптырмас асыл қазына.



Пайдаланылған әдебиеттер

  1. М. Базарбаев. Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы. Алматы. 1973.

  2. Р. Нұрғали. Телағыс. Алматы. 1986.

  3. З. Қабдолов. Сөз өнері. А., 1976.

  4. Р. Нұрғали. Ай қанатты арқымақ. 1990.

  5. З. Ахметов. Өлең сөздің теориясы. А. 1973.

  6. А. Байтұрсынов. Шығармалары. А., 1989.

  7. Щепилова Л. В. Введение в литератураведение. Москва. 1956.

  8. Қазақ әдебиеті. №2. 1993.

  9. Р. Нұрғали. Драма өнері. Алматы. 2001.

  10. З. Серікқалиұлы. Тағдыр және біз. Алматы. 1996.

Айтуғанова С.Ш.

Қазақстан: Астана

ӨМІР ШЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК

(Р.Нұрғалидың әңгімелері негізінде)

Белгілі ғалым, әдебиет зерттеушісі, ұлағатты ұстаз академик Р.Нұрғалидың қазақ әдебиеттану ғылымдарына қосқан үлесі өте үлкен және сан салалы. Оған ғалымның қаламынан туған монографиялары, зерттеулерден тұратын кітаптары айғақ. Өз еңбектерінде ғалым қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің шығармашылығына, әдебиетіміздегі проза, поэзия, драматургия жанрларының қалыптасуы, дамуы сияқты көптеген мәселелерге зерттеу жасайды. Оның қазақ әдебиетінің өзге әдебиеттермен байланысы, образ, идея, сарын үндестігі туралы пікірлері әдебиетімізге қосылған мол қазына екені даусыз.

Зерттеуші, әдебиетші, ғалым ретінде танылған Р.Нұрғалидың жазушылық қыры өз алдына бір төбе деуге болады. Оның қаламынан туған көркем шығармалары өзіндік ерекшелігімен, стилімен дараланады.

Қаламгердің елу новелладан тұратын мазмұны қызықты, бітімі ерекше “Дән” проза кітабын қалың оқырман, әдеби сын ыстық ықыласпен қабылдағаны белгілі. Семей атом полигонының адамдар тағдырына әкелген қасіреттері “Аяқталмаған трагедия” деп аталатын әңгімелер шоғырында көркем бейнеленді. Қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанин өміріне арналған “Ай қанатты арғымақ” романы тіл байлығымен, психологиялық талдау шеберлігімен ерекшеленеді. Осы шығармалардың қай қайсысы да Р.Нұрғалидың жазушылық қырын танытатын туындылар.

«Дәнде» тың игеру тақырыбы көтеріледі. Мұндағы әр новелла әртүрлі адамдардың тағдыры туралы баяндап, оқырманды қызықтыра түседі. Адамның бойындағы жағымды, адамгершілік қасиеттерді көрсетуде үлкен шеберлікке жеткен.

Мұнда көзге түсетін бір нәрсе - новеллалардың өн бойында халықтар достығы тақырыбының сыршылдықпен суреттелуі. Шындығында, тыңда еліміздің түпкір-түпкірінен келген әр алуан ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, толарсақтан саз кешіп жүріп еңбек еткені анық. Ендеше тың туралы айта отырып, осынау жаңа жағдайда, жаңаша қарым-қатынаста қалыптасқан достықты сөз етпеу мүмкін емес. Әсіресе Мәлгаждар мен Константин, Нұрбаев пен Макаров, Довжик пен Байбөрі, Кирсей мен Уәли араларындағы достық ерекше шабытпен суреттелген. Бұлардың достығы - уақытша сипаттағы қарым-қатынас емес, қар жастанып, мұз төсенген қиын-қыстау шақта қалыптасқан, шын мәнісіндегі берік достық. Оған біз осынау кейіпкерлердің іс-әрекетінен көз жеткіземіз. Ұшы-қиыры көрінбейтін қарлы далада қалып қойып, бастарына қатер төнген Тапаловтарды тракторшы Мәлгаждар келіп құтқарады. Байбөрі дүниеден қайтқанда қабырғасы қайысқан Довжиктің бригадасы Целиноградтан мәрмәр ескерткіш алдырып, қимас досқа белгі ретінде бейіт басына қояды. “Молдаван Дмитрий Кирсей боранға кеудесін тосып тұр: жүзінде шаттық, көзінде сенім. Қасында қазақ Уәли Оразаев”, - деп аяқтайды автор бір новелласын. Қазақ досы барда Кирсей өзін алынбайтын қамалдай сезінетін секілді.

Шығарманың сыршылдығын анықтауға көп жағдайда сезім негіз болады: Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, оның алдындағы азаматтық борышты өтеу, туған жерге деген сағыныш сезімі, халықтар арасындағы достық сезімі. Міне, осындай мәселелерді автор өз орнымен шынайы суреттеп жеткізуі шығармаға лирикалық сипат береді. «Дән» новелласы туралы Ә.Нұршайықов: «Лирикалық әуенде, ықшам жазылған бұл кітаптың негізгі ерекшелігі не және оның көркемдік-мазмұндық шешімі тереңдігінің басты сипаты қайсы деген сұраққа–автордың жеке-жеке новеллалардың жүйесін ерекше құрып, формалық құбылту арқылы шығарманың өзіне тән кілтін табуы деп жауап беруге болады» деп жазады [1].

Тағы бір ерекшелік ретінде новелланың әртүрлі әдіспен жазылуын айтуға болады. Олардың әрқайсысы өзінің көркемдігімен, оқиғасының тартымдылығымен дараланады. Автор өмірмен өзектес шығармадағы деректі кейіпкерлерін тек қана баяндау мен жалаң сурет арқылы ғана суреттеп, цифрды тілге тиек етуді мақсат етпеген.

Өзі басынан өткізіп куә болған өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра отырып оқырман жүрегінен орын алған осындай шығарманың қатарынан «Аяқталмаған трагедия» атты әңгімелер циклін көреміз. Мұнда өзі туып-өскен ауылдағы полигон қасіреті туралы толғанады. Ауыл өмірін, ондағы адамдарының мінезі мен болмысын шынайы суреттеген әңгімелерде өз кейіпкерлері арқылы күллі халық басындағы қайғы-қасіретті жеткізеді. Мұның бәрін жүрегінен шығарып, оқырман жүрегіне жеткізе біледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда әңгімелердің лирикалық сипаты басым екенін көреміз. Көбінесе бір ғана емес, бірнеше мәселелердің шиеленісуін көрсетіп отыру лирикалық шығармаларға тән екені белгілі. Лирикалық прозаның ерекшелігі осының бәрін шынайы түрде, жазушының жүрегінен шығарып нәзік лиризммен жеткізе білуінде. Ал лиризм көркем шығармаға нәзіктік, сұлулық, шынайылық дарытады. Мұны О.Берггольцтің: «Біздің тұрмысымыздағы жалпы шындық менің жүрегім арқылы өтеді»[2, 112],-деген сөзі дәлелдей түссе керек. Яғни мұнда жеке адамның көңіл-күйі мен сезімі қоғамға тән рухани құндылықтардан ажырамайды.

Р.Нұрғалидың қай әңгімесін алсақ та, ауыл өмірі, ауыл адамдары туралы сөз болады.

«Сағыныш» әңгімесінің аты айтып тұрғандай, мұнда автор кейіпкерлері арқылы өзінің туған жеріне деген сағынышын жеткізеді. Мұндай туындыларда жоғарыда айтып кеткеніміздей, көп жағдайда жазушының ішкі сезім толғаныстары туған жер, өскен орта тіршілігін суреттеумен беріледі. Бұл ыңғаймен келгенде, негізінен ауыл тұрмысы, бір кездегі балалық шағы қалған аяулы мекен жайлы жан-жақты көңіл-күй әуендерін толғайтын қазақ қаламгерлерінің де шеберлігі шексіз. Бір есептен лиризмнің мазмұндық-идеялық төркіні осынау сағыныш, аңсау, адалдық, тазалық, жақсы мұрттарды алыс естеліктерден іздеп, өткенді бағалау сарындарымен тамырлас шыққан сияқты.

Әңгіме кейіпкері Төлеубек жағдайы қанша жақсы болса да қала өмірінен жалығып, бәрін тастап, туған жеріне оралады. Туған жеріне деген ыстық ықыласы мен сезімін оның: «Бірте-бірте апамның жер сағынышы, туған топырақты аңсау ауруы маған ауды. Бұл да бір дерт екен. Бұрын шахтаға түскен соң, бәрін ұмытып кетуші едім, енді бәрі жайына қалды. Есіл-дертім, аңсар-ойым – ауыл, туған жер, Қайнар болды да тұрды», - деген сөздерінен байқаймыз. Өзге де осы ауылдан шыққан белгілі адамдарды неге оралмайды деген сауал көтереді. Ауылдың әсемдігін, ерекшелігін ерекше сезіммен жеткізе отырып, әңгіменің соңында мұндағы қасірет туралы бір ауыз сөзбен ғана ой түйеді. «Менің ұлым. Жасы биыл тура он бесте. Қарағандыдан көшіп келген соң, бір жылдан кейін туды. Атын Қуанышбек қойдық. Рейске өзіммен ылғи бірге алып жүруші едім, далаға, өзен-су жағасына талай қондық. Бесінші класта оқып жүргенде, аяқ астынан ауырды. Ылғи айтатыны соғыс әңгімесі: Қыру, Жою. Мұндай сырқаттар, неге екені белгісіз, көбейіп кетті. Асылып өлуші бар. Біреулер жарылыс, сынақтардың әсері дейді, кім білсін»,-деп береді де, ойлауды оқырманның өзіне қалдырады. Бұл тек бір адамның, бір ауылдың тағдыры ғана емес, бүкіл халықтың тағдыры екенін білдіреді. Төлеубек пен баласының өлімі де ауылдағы болашақтың жоғын білдіріп тұрғандай. Бұл жердегі туған жерін ештеңеге айырбастамай, жұмақтай көріп отырған Төлеубек сияқтылардың келешегі қандай болады деген мәселе көтеріп отырғандай.

Ал «Үш аяқты құлын» әңгімесінде де осындай қасіреттің кесапаты туралы айтылады. Шығармада жас баланың арманы суреттеледі. Қазақ ауылында, қазақы салт-дәстүрді бойына сіңіріп, ертегі тыңдап өскен баланың арманы – тұлпар. Оның атасының тайын жыл сайын сатып алатын Сәспенді жек көруі, Торбиенің құрсағындағы құлынды асыға күтуі, оны жанын салып бағып-қағуы сияқты баланың пәк сезімі шынайы, нанымды етеп берілген. Атасының айтып берген аңызы да әңгімеге сыршылдық дарытып, шынайылы,ын арттыра түскен.

Осылайша көптен күткен Торбие құлындағанда аспаннан жай түскендей болады. «Қанша күндер бойы үмітпен күткен, немересінің еншісіне беріп, бағып-қағып, үкілеп, түбі – бәйгеге қосам деп дәметкен, текті тұқым Торбиенің нәсілінен жүйрік шығады деп арман еткен еркек құлынның орнына қос құлақтың бармақ басындай ғана нобайы бар, қисық көз, бұзау бастанған, бітеу мойын мақұлық тыпырлап жатыр. Енді аңғарды: алдыңғы екі аяқ қосылып бітеу біткен, туа салып жүріп кететін, төрт аяғы қалт-қалт еткен құлыншақтың орнында үш аяқты, тарбиған ойқы-шойқы бірдеңе жыбыр-жыбыр етеді. Мұндай пәлені кім естіп, кім көрген! Сұмдық-ай!». Кейіпкермен бірге осы сәтті күтіп отырған оқырманның да көңілі су сепкендей басылады.

Автор бұл әңгімесінде де өз ауылының, ондағы адамдардың, сол арқылы халықтың болашағына деген алаңдаушылығын білдіреді. Не болғанын түсінбеген баланың бейнесі арқылы осы жердегі балалардың болашағы туралы мәселе көтереді. Осылайша адам тағдырына бір алаңдаса, екінші жағынан ұлттық мәселені де көтеріп тұрғандай. Яғни, нағыз қазақылықты сақтаған, ертегі, аңыз тыңдап, жылқыға құмартатын жастардың,сол қазақылықты бойына сіңіретін қазақ ауылдарының жойылып бара жатқандығын айтып, жар салады.

«Үш аяқты құлын» әңгімелер циклінде жарылыстың кесірінен болып жатқан осындай ащы шындықтарды көркем шығармаға айналдыра отырып, көкейкесті мәселе көтереді, ойлануға шақырады. Бұл шындық әр әңгімеде әр қырынан ашылады. Бірін-бір қайталамайтын кейіпкерлер, олардың тағдырлары арқылы асқан шеберлікпен жазылған әңгімелердің көркемдігі ерекше. Автор өз ойын анық, шынайы жеткізу үшін түрлі штрих, детальдарды да шебер пайдалана білген.

Р.Нұрғали қаламынан туған әңгімелердің әрқайсысы оқырман ойын тербеп, оның санасына сан түрлі сауалдар салады. Ол үшін жазушыға айтар ойын шынайы жеткізер тіл, кейіпкерінің ішкі жан дүниесінің иірімдерін аша білер шеберлік қажет. Шығарманың көркемдік мәнділігін арттыратын нәрсе – жазушы шеберлігі екені даусыз. Б.Уақатов: «Шеберлік шығарманы жазудан басталады. Өмірде болған әрқилы жайларды салыстыра біліп, салмақтай алу шеберлікті аңғартады», - дейді [3, 46б]. Өзінің көзқарасы мен шығармашылық ұстанымын дәл жеткізуде Р.Нұрғалидың да шеберлігі шексіз екендігіне оның шығармаларын оқып отырып көз жеткізуге болады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет