Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру әдістемесінің үлгісі



Дата25.08.2017
өлшемі377,33 Kb.
#25825
ӘОЖ

543.00


Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру әдістемесінің үлгісі
Б.С.Тантыбаева
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті, Өскемен
Қазіргі кезеңде жоғары білім беру жүйесіндегі түбегейлі өзгерістердің бірі оқытудың кредиттік технрлогиясын оқу процесіне енгізу болып отыр. Аталған технологияның басты міндеттерінің бірі студенттердің өзіндік жұмысын жоғары деңгейге көтеріп, ақпараттандыруды кең пайдаланып, студенттердің шығарма­шылық днңгейін кеңінен қолдануына жағдай туғызу.

Жаңа педагогикалық технология ғылымилық, жүйелілік және объек­тивтілікке ұмтылуы үшін зерттелуші процеске әсер ететін сыртқы және ішкі факторлардың бүкіл кешенін ескеру керек. Сонымен бірге жоғары білім, ғылым, өндіріс және қоғамның маманды әзірлеу сапасына қоятын талап­тарын басшылыққа алған дұрыс. Ондай талаптар Мемлекеттік білім беру стандарты, маманның әрекетінің үлгісі, кәсіби сипаттама және тағы да басқа құжаттарда белгіленген.

Педагогикалық технологияның баяндалуы жалпыға бірдей түсінікті әрі қайта жаңғыртуға жарамды болуы үшін арнайы жолмен құрылымданған болу керек. Оны басқа оқытушылар қолданып аз уақыттың ішінде жақсы нәтижеге және алға қойған мақсаттарына жете алатындай болғаны жөн. Ал мұндай мүмкіндікке жеткізетін педагогикалық жүйелер теориясы. Себебі педагогика­лық жүйе оқу-тәрбиелік процесті меңгеру мен ұйымдастыруды жан-жақты көрсететін құрылым.

Осылайша оқытудың кредиттік технологиясы, кез келген басқа оқыту техно­логиясы сияқты, қөп мақсатты педагогикалық жүйе ретінде, педагогикалық бақылаудың жалпы дидактикалық принциптерге бағынып, осы жүйенің элементтері аралығындағы барлық байланыстарды сипаттайтын нақты құрылымды болуы қажет.

Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында студент білімді өз бетімен, өзіндік жұмыс барысында, оқытушы басшылығымен немесе оқытушының тікелей көмегінсіз қабылдайтынын білеміз.

Жоғары оқу орындарында студенттің өзіндік жұмысын және оқытушы­мен өзіндік жұмысын жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау – толық талдауды, ой елегінен өткізуді, теорияландыруды қажет ететін мәселе. Көш басында ең алдымен оқытушы мен студенттің ынтымақтастық қарым-қаты­насы мен студенттің дербестілік сипатының даму процесі көрінеді [ 1] .

Жоғары оқу орындарында СӨЖ және СОӨЖ-ді ұйымдастыру тәжіри­бесі мен осы мәселенің әдебиет бетінде берілуін талдай келе кредиттік жүйе жағдайында химияны тереңдетіп оқытудағы студенттің өзіндік жұмысы мен студенттің оқытушы қатысындағы өзіндік жұмысының жалпы үлгісі құрылды. Үлгі дегеніміз – қандай да бір процестің құрылымы мен әрекетін бейнелеуші сұлба. Үлгілеу – ғылыми зерттеулерде жиі қолданылатын әдістердің бірі.

Үлгілеуді құбылыстарды, процестерді немесе нысандар жүйесін үлгісін құрып зерттеуде кең қолданады. Үлгі зерттеу нысанын бейнелеп немесе қай­та жаңғыртуда ойша елестетуге болатын жүйе ретінде қолданылып, зерттеу нысаны жайлы жаңа ақпарат береді

Үлгілеудің негізгі қағидалары келесідей: көрнекілігі, шыншылдығы, анықталғыштығы.

Үлгіні құрудың негізгі кезеңдері:

– үлгіні құру;

– теориялық қатынастарды, аналитикалық көріністер мен байланыстар­ды тұжырымдау;

– үлгі параметрлерін бағалау;

– сандық болжамдар алу;

– үлгінің өзін нақтылау.

Осы аталған шарттар толық сақталғанда ғана үлгілеу зерттеудегі эмпе­рикалық пен теориялықты біріктіруге жағдай жасайды [2-6].

Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында химияны тереңдетіп оқыту бары­сындағы студенттің оқытушы қатысындағы өзіндік жұмысы мен студенттің өзіндік жұмысы студент дербестігінің қалыптасуына, дара тұлғаның өзіндік дамуының жалпы процесіне әсерін тигізеді. Дара тұлғаның үздіксіз психоло­гиялық қайта құрылуы жүріп, нәтижесінде өзін-өзі билеу, өз ойын ашық айта алу, өзін-өзі реттеу сияқты қасиеттер мәртебесі өседі.

Үлгілеу ғылыми зерттеу әдістерінің бірі болғандықтан, жоғары оқу орындарында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру мәселесінің ерекшеліктерін ескере отырып, кредиттік оқыту технологиясы жағдайындағы СӨЖ және СОӨЖ ұйымдастыру үлгісі құрылды. Кредиттік оқыту жүйесінде оқытушы мен студент оқу әрекетінің субъектілері болатынын білеміз. 1-суретте студенттің өзіндік жұмысы мен оқытушы қатысында өтетін өзіндік жұмысты ұйымдастыру үлгісі берілген.

Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында химияны тереңдетіп оқыту процесі субъектілері болып оқытушы мен студент есептеледі. Жоғары оқу орнында химияны тереңдетіп оқыту негізгі мамандығы химия болатын ма­мандықтар әзірлеуде қажеттігі жоғары екені белгілі. Химияны тереңдетіп оқыту барысында студенттердің бойында ғылыми-материалистік көзқарас қалыптасып, пәннің қыры мен сырына толығынан қанығып, жалпы зият­тылық даму дәрежесі жоғарылайды. Оқытушы мен студенттің ынтымақ­тастығы жарасса, оқытушы химиядан терең білім беруде кеңесші, ұйым­дастырушы, оқу жұмыс бағдарламасын, бақылау тапсырмаларын құрушы, студенттің білім-білік, икемділік, дағдысының қалыптасуын бақылап, білі­міндегі олқылықтарды түзетуші рөлінде, ал студент дербес, өздігінен ұйым­дасқан, оқуға, білім алуға, шығармашылығын дамытып, ізденуге қабілетті, тереңдетілген білімді қабылдаушы жан ретінде көрінеді. Cтудент пен оқыту­шының қарым-қатынасы даралық-гумандық жағдайда қалыптасуы ынтымақ­тастықтың негізі болып есептеледі.



Студент белгілі бір деңгейге дейін өз бетімен білім алуға ұмтылса, оқытушы кеңесші-координатор қызметін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Нәтижесінде студенттердің оқу еңбегінің үйлесімді ырғақтылығы қамтамасыз етіліп, жеке оқу екпіні қалыптасады.


1-сурет– Кредиттік жүйе жағдайындағы СӨЖ және СОӨЖ-ын іске асыру үлгісі
Студент тек толығынан беріліп еңбектеніп қоймай, оқу әрекетін іске асыруда өзінің даралық мәнін түсінеді. Оқытушы мен студенттің бірлесе жұмыс істеуі студенттің білім деңгейінің жоғарылап, дара тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берері сөзсіз. Студент пен оқытушының ынтымақтастықта жұмыс істеуі негізінде кері байланыс орнап, белгілі бір оқу әрекеті белсенді түрде орындалып, орындалған әрекеттер бақылау мен өзіндік бақылау арқылы бекітіледі.

Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында субъект-субъект қатынасы жүзеге асып, оқытушы мен студент арасындағы кері байланыс күшейе түседі. Оқы­тудың репродуктивті сипаты қарқынды, шығармашыл сипатқа ие болады.

Мазмұндық компонент химияны тереңдетіп оқытуда өзіндік жұмысты ұйымдастыру мазмұнын анықтайды. Студенттердің кредиттік оқыту жүйесі жағдайында өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың әдістемелік жүйесін құру үлгінің негізгі мақсаты болады. Мазмұндық компонент өзіндік жұмыс негізінде студенттің дара тұлға ретінде өсуіне мүмкіндік береді. Студенттерге химиядан терең білім беру процесін нәтижелі ұйымдастыру пәннің әдістемелік қамтылуын қандай дәрежеде әзірлегенге байланысты болады. Пәннің әдістемелік қамтылуына оқу бағдарламасын, оқу жұмыс бағдарламасын, студенттің оқу-әдістемелік кешенін құру жатады. Аталған оқу-әдістемелік кешендер Қазақ­стан Республикасы білім беру стандартына, Қазақстан Республикасы жоғары білімін дамыту бағдарламасына, типтік бағдарламаға сүйеніп құрылады. Мазмұндық компонент пәнді оқыту құралдары толық болып, оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдері қолданылуын керек етеді. Студенттерді әр түрлі оқыту формаларын (дәріс, семинар, зертханалық жұмыс, сарамандақ сабақ), СӨЖ және СОӨЖ-ын дұрыс ұйымдастырудың да маңыздылығы кем емес.

Мазмұндық компонентте ең алдымен студенттердің өзіндік жұмысы­ның жоспары құрылып, орындалу кестесі іске қосылады. Өзіндік жұмыс кестесі студенттерге арналған оқу-әдістемелік кешен силлабуста беріледі. Өзіндік жұмыс жоспары мен кестесі оқытушы тарапынан өткізілетін кеңестер кестесімен толықтырылады. Студенттің қолында осындай оқу-әдістемелік кешеннің болуы студент­тің өзіндік ұйымдасуын тездетіп, уақытын үнемді пайдалануына жағдай туғызады.



Процессуальды-әрекеттік компонент оқытушының оқыту іс-әрекеті мен студенттің танымдық әрекетінің бірлесуінен тұрады. Оқытушының педагоги­калық іс-әрекеті жоғары оқу орнының педагогикалық процесінде оқытуға, сту­денттің дара тұлға ретінде қалыптасуына, шығармашылықпен дамуына тиімді жағдай туғызуға бағытталады. Педагогикалық әрекеттің негізгі функциялары:

– оқытушылық, білім беру мазмұнын жүзеге асыруда көрінеді;

тәрбиешілік, жалпы адамзаттық және кәсіби мәдениетті таратушы ретінде;

– ұйымдастырушылық, оқу-танымдық процесті ұйымдастырып, жоба­лап, жоғары білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес оқытудың әдіс, құрал және формасын таңдаушы ретінде;

– зерттеушілік, кәсіби іс-әрекеті мәселесінің теориялық және іс жүзін­дегі мәселелерін зерттеуші, оларды шешудің тиімді жолдарын іздестіруші ретінде көрінеді.

Оқытушы мен студенттің іс-әрекеті оқу жұмысының әр түрін іске асыруға бағытталады. Жоғары оқу орындарында оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына дәріс, сарамандық сабақ, зертханалық жұмыс, семинар, студенттің оқытушы қатысында өтетін өзіндік жұмысы жатады. Оларды дәрісханалық, дәрісханадан тыс деп жіктейміз. Сонымен бірге кез келген оқыту формасында өзіндік жұмыс түрін ұйымдастыру кредиттік оқыту жүйесінің негізгі құрам бөліктерінің бірі болып есептеледі.

Дұрыс құрылған дәріс сабағы басынан аяғына дейін студенттің бел­сенді ширыққан еңбегін қажет етеді. Дәріс сабақтарының деңгейі оқыту жүйесінің барлық дерлік ұйымдастыру әдістері мен формаларының тиімді­лігін анықтайды. Оқытушы студентті дәріс үстінде жұмыс істеу ерекше­лігімен таныстыруға міндетті, студент негізгі ойды түйіндеп, қысқаша, рет-ретімен жазуға, материалды өңдеп, толықтыруға үйренеді.

Сарамандық сабақтар. Өзіндік жұмыстың сарамандық сабақта ұйым­дастырылуы дәріспен байланысты және сарамандық икемділіктерді толық­тыруы керек. Олар оқытушы мен студенттердің бірлескен әрекеті арқылы іске асырылады. Мұнда студенттің дербестік деңгейі жоғары болғандықтан, оның үлесіне тиетін жұмыс көлемі айтарлықтай деңгейде болады.

Студенттердің сарамандық сабақ үстінде өзіндік жұмыс орындауын келесідей нақты мысалмен көрсетуге болады. Бірінші курста студенттер «Атом құрылысы. Атом ядросы протонды-нейтронды жүйе. Радиоактив­тілік» тақырыбын өтеді. Осы тақырып көлемінде студенттер келесідей өзіндік тапсырмаларды орындайды:

– атом деген түсініктің анықтамасы, мәні, мектеп бағдарламасы бойын­ша атом құрылымы студенттерге өзіндік жұмыс ретінде беріледі;

– изотоптар, изобарлар, изохорлар туралы түсінікті өз беттерімен талдау;

– мектеп бағдарламасы бойынша физика курсында өткен сутек атомы­ның спектрін естеріне түсіріп, түсіндіре білу;

– атомның Томсон, Резерфорд моделі бойынша тақырыпты өз беттері­мен оқып, алгоритмдеу.

Оқытушы қалған сұрақтарды, яғни Мозли заңын, Бор теориясын, Шредингер теңдеуін, радиоактивтілік құбылысты дәрісте оқытудың белсенді формалары арқылы береді.

Бірінші курста студенттердің жинақтаған білім қоры екінші курста «Бейорганикалық химиядан қиындатылған есептер шығару әдістемесі» пә­нінде бастапқы білім көзі болып саналады. Яғни де Бройль теңдеуі, Гейзен­бергтің анықталмағыштық теориясы, Шредингер теңдеуі, Бор постулаттары, Бор-Зоммерфельд теориясы, радиоактивтілік тақырыптары аталған арнайы курста өзіндік жұмыс ретінде алынады. Студенттердің осы аталған тақырып­тар бойынша білім негізін жетілдіріп, бекіту үшін әр деңгейлі тапсырмалар ұсынамыз.

Өзіндік жұмыстың меңгерілу дәрежесі бақылау тапсырмалары арқылы анықталады. Студенттің өзіндік жұмысын тексеруге берілген тапсырмалар қиындығы бойынша сараланып беріледі. Тапсырмалардың деңгей бойынша сараланып берілуі де гуманистік сипатта оқытудың негізгі құрам бөліктерінің бірі болып табылады. Осы жағдайды ескере келіп оқытушы тапсырмаларды екі деңгейге жіктеп береді. Деңгей бойынша сараланған тапсырмалар қо­сымшада берілген. Арнайы курста деңгеймен берілген тапсырмаларды орын­дау нәтижесін талдау да жоғарыда айтылғандарға сәйкес келді. Аталған жұ­мыстарды орындау барысында студенттердің жоғары рейтингтік көрсеткішке ұмтылатынын байқадық.

Зертханалық жұмыстар. Зертханалық жұмыстар сарамандық сабақтар мен дәріс сабақтардың логикалық жалғасы болып табылады. Өзіндік жұмыс негізінде студенттер стандартты емес жағдайда, іс жүзінде өзіндік жұмыстың белгілі тәсілдерін меңгеріп, белгілі дағдыларды қабылдайды. Осының барлы­ғы тек студенттердің күшімен және әрекетімен іске асырылады.

Зертханалық сабақтардың мақсаты курстың теориялық негізін іс жүзін­де қолдана білу икемділігін қалыптастыру. Зертханалық жұмыстың орын­далуы студенттердің өз бетімен істеледі. Оқытушы мен оқу мастері бақылап, арасында түзету енгізіп отырады. Зертханалық жұмыс соңында студенттерге 5-10 минутке арналған тест тапсырмасын орындау тапсырылады.



Cеминар сабақтар. Семинар сабақ негізінен студенттердің белсенділік деңгейі айқын білінетін сабақ түріне жатады. Студенттер өз бетімен дайын­далып келген оқу материалын семинар сабақта ашып көрсете білуі керек. Сондықтан негізгі теориялық сұрақтарды талқылау, жаттығу орындау, есеп шығару семинар сабақтарында іске асырылады. Студент В және А бағалары­ның бірін иеленеді. Баға саясатының осылай құрылуы студентті жеке бағыт­таушы өзіндік жұмыс жағдайында үнемі тек алға ұмтылуға итермелейді.

«Бейорганикалық химияның таңдаулы тараулары» пәні бойынша жүр­гізілген семинар сабаққа қысқаша тоқталайық. Семинар тақырыбы: «Ком­плексті қосылыстарды кристалдық өріс теориясы әдісімен сипаттау». Алды­мен студенттер өзіндік жұмыс тапсырмасы ретінде берілген комплексті қо­сылыстарды валенттік байланыс әдісімен сипаттауды еске түсіреді. Валенттік байланыс әдісімен комплексті қосылыстың гибридтелу типі, кеңістік конфи­гурациясы анықталады. Осы айтылған деңгейін анықтау үшін мини-бақылау тапсырмасы беріледі. Студенттер тақтада жаттығулар орындайды. Мысалы, калийдің гексацианорутенатын, мырыштың тетраамин хлоридін, мыс сульфа­тының кристаллогидратын, кобальттың гексаамин хлоридін валенттік байла­ныс әдісімен сипаттау. Студенттерге дайын формула емес комплексті қосы­лыстардың аты беріледі. Студент комплексті қосылыстың бірінші курста өт­кен номенклатурасын есіне түсіреді. Тапсырмалар деңгей бойынша құрылған (қосымша). Осылайша студенттердің өзіндік жұмысын семинар сабақта белсендіруімізге болады.

Оқытушы қатысында жүргізілетін СӨЖ кредиттік жүйе жағдайында енгізілген оқыту формасы ретінде сабақ кестесіне қойылады. Сабақтың осы түрін де әр қилы белсенді әдістерді қолданып өткізген жақсы нәтиже береді. Сабақтың осы айтылған формаларын оқытудың белсенді әдістерін қолданып жүргізу әдістемесі 2.2 тарауында толық берілген.

Студенттің өзіндік жұмысын ұйымдастыру тиімділігін арттыру әр алуан әдістерді қолдануға тікелей байланысты. Кредиттік оқыту жүйесі жағ­дайында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруда арнайы құрылған белсенді оқу материалдарын қолдану олардың пәнді терең меңгеруіне мүм­кіндік береді.

Жоғары оқу орнында студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдас­тыруда қолданылатын құралдарға оқу карталарын жатқызуға болады.

Оқу карталарын жоғары оқу орындарында қолдану оқу пәнін оқу процесі кезінде оқытушы тарапынан көмек мардымсыз, ал студент дербестігі жоғары болғанда білімді меңгеруге жағдай туғызады [7].



Өзіндік жұмысты ұйымдастыруда сын тұрғысынан оқыту элементтерін, «миға шабуыл», «пікір талас», «қарлы тоқпақ», «нақты жағдаят», «іскер ойын» сияқты интерактивті әдістер қолданылады.

Білімді бақылап, бағалаушы компонент. Кредиттік оқыту жүйесі жағ­дайында студенттердің өзіндік жұмысын орындаудың жеке траекториясы белгіленеді. Ол траекторияның жүзеге асуы блокты-рейтингті бақылау жүйе­сінің бағдарламалық қамтылуына, білімді бақылауға арналған тест тапсырма­ларының жеткілікті мөлшерде жиынтығы болуына, электрондық оқытушы-тексеруші бағдарламалардың болуына және оқытушы тарапынан көмек пен бақылаудың ұйымдастырылуына тікелей байланысты.

Кредиттік оқыту технологиясы жағдайындағы білімді бақылау жүйелі, объек­тивті, жариялы болғаны абзал. Бақылау, оқыту нәтижесін тексеру дидакти­када педагогикалық диагностика деп белгіленген. Соңғы кезде «бақылау», «диагнос­тика» деген түсініктердің орнына «мониторинг» деген түсінік жиі қолданылып жүр. «Педагог – білім алушы» жүйесінде мониторинг дегеніміз – үнемі бақы­лаушы диагностикалаушы шаралардың жиынтығы. Бұл шаралар оқыту процесі мақсатымен келісіліп, студенттің материалды меңгеру процесінің динамикасын және оның түзетілуін қамтиды. Мониторингтің үш түрлі формасын атап өтуімізге болады:

– старттық диагностика. Білім беру процесіне коррекция жүргізу үшін психологиялық қызмет көрсетуші мамандар арқылы іске асырылады.

– экспресс-диагностика. Оқу-тәрбие әрекетіне әрі қарай диагностика жүргізу үшін психологтар жүзеге асырады.

– мәрелік диагностика. Оқу орнын бітірушілердің білім, білік, іскерлік дағдысын анықтау мақсатында жүргізіледі [8].

Әрбір өзіндік жұмыстың бақылау тапсырмалары болады және оларды құру белгілі схемаға орай жүргізіледі. Алдымен алынған тақырыптың тек­серуге жататын негізгі түсініктері мен фактілері, олардың қабылдау дәрежесі анықталады. Сонымен бірге тақырып бойынша меңгерілетін іскерлік пен дағдылар айқындалады. Ал бақылау мақсатын анықтау – бүкіл бақылаудың міндеті. Бақылау тапсырмалары тақырып оқылып біткенде студент нені біліп, нені игеру керектігін анықтауға мүмкіндік береді.

Рейтингтік жүйе-жинақтаушы типті бағалау жүйесі рейтингтік өлшеу­лерге негізделіп, студенттер үлгерімін, шығармашылық деңгейін анықтайды [9].

Рейтинг деген сөзді ағылшын тілінен аударғанда – баға, бағалау (немесе белгілі бір класқа, разрядқа бөлу) деген мағынаны білдіреді [10].

Рейтингті жүйе негізінде жатқан қағидалар жоғары оқу орнындағы оқытудың дәстүрлі принциптерін жоққа шығармайды (саналылық, бір ізділік, жүйелілік және т.б.). Сонымен бірге олардың кейбіреулері орнынан ығысып, басқалары енгізіліп, жүйе жаңартылады деуге болады. Сонда келесідей принциптерді көбірек маңызды дегендердің қатарына қосамыз:

– белсенділік – білім алушының белсенді жеке тұлға ретінде қалып­тасуын көздеп, оның бойында шығармашылық ойлаумен зияттылық қабілет­тердің дамуын қамтамасыз етеді;

– түсініктілігі – оқушылардың барлық контингентінің қызығушылығын қанағаттандыратындай әр деңгейлі тапсырмаларды құру. Міндетті және таң­дап жауап беретін тапсырмалардың бірге кездесу мүмкіндігін болдыру;

– мадақтау – белгілі бәр ұпайға сәйкес келетін студенттің орындаған тапсырмасын, оқу әрекетін бағалау. Жинаған ұпайына сәйкес студенттің ба­сымдылық алуы немесе оны жоғалтуы арасындағы қатаң тәуелділік жағдай­ында жазалаудың болмауы;

– ақпараттылық – семестр басында рейтингтік баға шарттары туралы студенттің хабардар болуы және жинаған ұпайының мөлшері жайлы студент­тің үнемі ақпарат алып отыруы.

Рейтингтің инварианттылығы оның ерекшелігін айқындай отырып, келесідей мүмкіндіктерді туғызады:

– үздіксіз білім бақылау прцедурасын қарапайымдауға жағдай туғызады;

– әлеуметтену процесін, студенттің кәсіби даралану процесін жеделдетеуі;

– бүкіл оқыту кезеңінде маманды әзірлеу сапасын меңгеруге мүмкіндік туғызады;

– рейтингті жүйе әмбебап болғандықтан, кез келген пәнді оқытуда қол­данылады;

– студенттердің оқудағы, қоғамдық өмірдегі белсенділігі, ұйымдастыру мүмкіндігі артады;

– мадақтау мен стимулдау кешенін оперативті түрде икемдеуге жағдай туа­ды. Кейбір уақытша кезеңдердегі студенттердің білім деңгейін дәл болжауға мүм­кіндік береді. Үздік студенттерді анықтап, лидерді айқындауға, студенттің білімді белсенді түрде қабылдауын мадақтауға, еңбегін стимулдауға жағдай туғызады;

– студент статусын бірге оқитын топтастары, оқытушылар мен оқу ор­ны басшылары арасында анықтауға жағдай туғызады;

– оқу процесінде компьютер жүйесін тиімді қолдануға, есептегіш және ұйымдастырғыш техниканы қолдануға мүмкіндік береді;

– білім беру процесіне қатысушылардың еңбек өнімділігінің артуына себепші болады;

– тиімді әдістемелік оқытуды құруға қажетті ортаны ұйымдастыруға жағдай жасайды;

– студенттердің қабілеті мен қызығушылығын, білім деңгейіне орай дайын­дау бағытын таңдауға еркіндік береді (оқыту процесін демократияландыру).

Жоғарыда аталған компоненттердің барлығы студенттерді терең білім­ді дара тұлға ретінде қалыптастыруға жағдай туғызады.



Оқытушының студент білімін бақылауы тек оның жеткен жетістігін анықтап қоймай, оқу процесін тиімді меңгеруге де жағдай жасайды. Білім беру процесінің ағымдағы жағдайын талдау оқытудың мазмұны мен формаларын жетілдіруге мүмкіндік беріп, білімді бақылау процесін жекешелендіреді. Мысалы, төмендегі тапсырманы алайық.

K3[Fe(CN)6] комплексті қосылысын ВБ әдісімен сипаттап, кеңістік конфи­гурациясын, гибридтелу типін анықтаңдар.

Осы тапсырманы орындау үшін орындалатын операциялар:

А) Химиялық байланысты түсіндіретін валенттік байланыс әдісінің теориясын білу керек.

Б) Теорияны іс жүзінде қолдануды және ВБ әдісімен комплексті қосы­лысты сипаттау үшін оны сипаттау ретін білу қажет (біліктілік, икемділік дағдылары).

В) Тапсырманы дұрыс орындап, нақты жауабын рет-ретімен беру.

Тапсырманы орындаудағы әрбір қадамның мәніне орай тапсырма салмағы анықталады: 1 балл + 0,75 балл + 0,25 балл = 2 балл. Яғни тапсырма салмағы екі балмен анықталады.



Студент осылайша әрбір орындаған жұмысының нәтижесі жайлы рей­тингті білімді бағалау жүйесі негізінде хабардар болып отырады. Осыдан сту­дент өз рейтингін көтеру үшін берілген тапсырмаларды уақытында, сапалы орындауға ұмтылады. Студенттерге бақылау тапсырмалары деңгейге бөлініп беріледі.

Алынған бақылау жұмыстарының нәтижесі студенттердің жоғарғы деңгей тапсырмасын орындауға көбірек ұмтылатынын көрсетеді.

Қорыта келгенде, кредиттік оқыту технологиясы жағдайында студенттің оқытушы қатысында өтетін өзіндік жұмысы мен өзіндік жұмысының ақтық нәтижелері оқытушының тікелей бақылауы арқылы шығарылады. Оқытушы студенттердің қалауы бойынша жоғарыда келтірілген соңғы нәтижені бақылау әдістерінің кез келгенін қолдана алады.

Сонымен, біз кредиттік оқыту технологиясы жағдайында химиядан СӨЖ және СОӨЖ-ын іске асыру үлгісін құрып, оны сипаттадық.


Қолданылған әдебиеттер:

1 Бурибаев Б., Дузбаева Р. Учебно-методический комплекс дисциплины в условиях КСО // ВШК, 2006. – №2. – С.19-23.

2 Кузнецов Н.И. Методика подготовки и оформления / Сост. И.Н. Куз­нецов. – Минск.: Амолфея, 2000. – 544 с.

3 Смирнова И.Э. Модели обучения в системе высшего образования // Инновации в образовании, 2006. – №1. – С. 5.

4 Шкутина Л.А., Плотников В.М., Егоров В.В. Основы исследо­вательской работы в профессиональной педагогике. – Алматы: Ғылым, 2000. – 192 с.

5 Штофф В.А. Проблемы методологии научного познания. – М.: Высшая школа, 1978. – 271 с.

6 Моделирование в управлении вузом / Под ред. В.Р. Окорокова. – Изд-во ДГУ, 1985. – 79 с.

7 Мақанов У.М., Сорокин В.В. Самостоятельная работа по общей химии в вузе. – Алма-Ата: Ана тілі, 1991. – 144 с.

8 Общая и профессиональная педагогика: Учебное пособие для студентов педагогических вузов / Под ред. В.Д. Симоненко. – М.: Изд. Центр «Вентана-Граф», 2005.

9 Байзаков У.А. Разработка теоретических принципов стандарта рей­тинговой системы оценки знаний студентов // Высшая школа Казахстана, 2001. – №3. – С. 12-16.



10 Жаманбалин. О., Беймембаев. Студенттердің білімін бағалау үшін рейтинг жүйесін қолдану // ВШК, 1999. – №2. – Б. 94-96.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет