Лекция конспектілері тақырып: Курстың пәні мен мақсаты. Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс және оның ыдырауы. Сақ тайпаларының қоғамдық – саяси құрылысы



бет1/4
Дата19.11.2016
өлшемі0,75 Mb.
#2093
түріЛекция
  1   2   3   4
ЛЕКЦИЯ КОНСПЕКТІЛЕРІ

1. Тақырып: Курстың пәні мен мақсаты. Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс және оның ыдырауы. Сақ тайпаларының қоғамдық – саяси құрылысы.
Алғашқы қауымдық құрылыс адамзат тарихының ең ұзақ кезеңі. Адамдар табиғаттан бөлініп қоғам болып өмір сүргенге дейін, миллиондаған жылдарды бастан өткеріп, тас дәуірі, мыс дәуірі, қола дәуірі сияқты ондаған мың жылдарға созылған кезеңдерді өткізді. Тарихты былай дәуірлеу өндіріс құрал-жабдықтарын пайдалануға және жетілдіруге байланысты болған.

Адамдар бірден қоғам болып өмір сүрген жоқ. Олар алғашқы кезде, тас дәуірінде тобыр ретінде өмір сүрді. Тобыр тәртіппен реттелмейтін адамдардың тобы. Табиғаттың дүлей күшіне оған қарсы бірігіп күресу қажеттігі адамдарды біріктірді. Мұндай тобырда күштінің дегені болды немесе биологиялық көрсеткіштер үстемдік етті. Тобыр жағдайындағы некенің түрі топтық неке болды.

Біртіндеп рулық қоғам қалыптасты. Рулық қоғамның басты ерекшелігі ол туыстас адамдардың қауымдастығы болып, ру ішінде некеге тұруға тыйым салынды. Мұндай некені экзогамиялық неке дейді. Осылай рулық қоғамда биологиялық емес әлеуметтік көрсеткіштер немесе алғашқы қоғамдық дәстүрлік тәртіп үстемдік құра бастады.

Адамдар арасында тұрақты неке мен отбасы қалыптасты. Неке мен отбасы да ұзақ эволюциядан өтті. Олардың түрлері туралы арнайы әдебиеттерде айтылғандықтан біз оған тоқталмаймыз.

Жақын рулардың бірлестігінен тайпалар құрылды.

Ұзақ ғасырлар табиғаттың дайын өнімдерін жинаумен және аңшылықпен айналысқан адамдар біртіндеп жер және мал шаруашылығына көшіп, өздері өнім өндірушілерге айналды. Мұның өзі басы артық өнімнің пайда болуына әкелді.

Алғашқы қауымдық құрылыста адамдардың арасында шын мәніндегі теңдік болды. Ру мүшелері бір-бірімен тең болды. Тайпаларға біріккен рулардың да мүмкіндіктері бірдей болды. Рулық қоғамның негізгі жоғарғы органы ру мүшелерінің сайлап қойған жиналысы болып есептелді. Жиналысты ру мүшелері сайлап қойған жасы үлкен беделді ру ақсақалы басқарды. Ру ақсақалының басқа ру мүшелеріне үстемдігі болмады. Барлық мәселелер өзара келісіммен, ымырамен шешілетін.

Рулық қоғамға сай отбасын ғылымда патриархалдық отбасы дейді. Мұндай отбасында ер адамның — әкенің билігі жүрді. Ер адам отбасын асыраушы әрі әулетті жалғастырушы болып есептелді.

Алғашқы қауымдық құрылыста мемлекет те, құқық та болмады. Себебі рулық қоғамдық қатынастар мемлекет және құқық сияқты қондырмаларды қажет етпеді. Өзін-өзі басқаратын рулық қоғамда құқықтың ролін моральдық, адамгершілік нормалар, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер атқарды. Әркім өз міндетін ар-ұяты және руластардың алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, орындап отырды. Әдет-ғұрып пен дәстүрлер үстемдік құрған алғашкы қауымдық құрылыс нағыз қарапайым демократияның үлгісі болды.

Металдың қолданылуына байланысты алғашқы қауымдық құрылыс жаңа кезеңге өтті. Қазақстандағы қола дәуірінің ескерткіші Андронов мәдениеті деген атпен тарихқа енген (Ачинск қаласының маңыңдағы Андронов поселкесінің атына байланысты). Қоладан кетпен, орақ, қару-жарақ, т.б. заттар жасалды. Андронов мәдениеті Қазақстанның үлкен бөлігін және Сібірді алып жатты. Мұнда қол өнері де дамыды. Отырықшы болған андроновтықтар үй маңында бағылатын малмен айналысты. Андронов мәдениеті шамамен б.э.д ХҮШ-ХІІ ғасырларды алып жатты. Андронов мәдениетінің соңына қарай малшы тайпалар бөлініп, көшпелі мал шаруашылығы қалыптасты. Көшпелі мал шаруашылығы малға жеке меншіктің қалыптасуына алып келді және тарихта ерекше роль атқарған көшпенділер өркениетінің негізін қалады. Ұзақ ғасырлар бойы көшпелі тайпаларда рулық қоғамның принциптері сақталып қалды. Байлықтың негізгі көзі мал мен жер рулық қоғамның жалпы меншігі болып есептелді. Мұның өзі көшпенділерде мемлекет пен құқықтың пайда болуына ерекше әсер етті. Көшпенділерде мемлекеттің пайда болуы отырықшы болған. Европа мен Азияның басқа өлкелеріне қарағанда мүлде бөлек жүрді. Мемлекеттің пайда болуының классикалық үлгісі болып саналатын Ежелгі Египет (Мысыр), Вавилон, Греция, Рим, Үндістан мен Қытайда алғашқы қауымдық құрылыстың демократиялық принциптері құлдық қоғамның нағыз деспотиялық принциптерімен ауыстырылса, көшпенділерде құлдық жүйе мүлде болмады. Көшпелі өмір құлдық қоғамды қажетсінбеді, себебі оның өндірісті ұйымдастыру принциптері көшпелі қоғамға сәйкес келмеді. Бұдан көшпелілер мемлекет құруға бейімсіз болды деген қорытынды тумайды.

Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау дәуірін әскери демократия кезеңі деп атайды. Бұл ұзақ уақытқа созылған алғашқы қауымдық құрылыс пен мемлекеттің пайда болуы арасындағы көпір іспеттес кезең. Әскери демократия туралы Ф.Энгельс өзінің "Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы" деген еңбегінде кеңінен жазған.

Әскери демократияға мынандай ерекшеліктер тән. Рулар мен тайпалар арасында соғыстар мен қақтығыстар үнемі болып тұрады. Осындай жағдайда қоғам өмірі әскери-соғыстық сипат алады. Рулық қоғамдағы жасы үлкен беделді ақсақалдардың орнына күш-қуаты мол жас әскери көсемдердің рөлі артады. Әскери көсемдер әлі де рулардың жалпы жиналысына тәуелді болды. Жалпы жиналыс әскери көсемдерді сайлап қойды, қаласа алып тастады. Әскери көсемдердің жеке билік құруға бейім екендігін сезген рулық демократия оларды тежей отырып, соғыс жағдайында оларға төзуге мәжбүр болды. Дегенмен жеке меншіктің шығуы, байлықтың шоғырлануы, үнемі жалғасқан соғыстар жағдайында әскери демократия енді рулық қоғамның шеңберіне сыймады. Әскери көсемдер біртіндеп рулық демократияны талқандап жеке билігін орната бастады. Әдет-ғұрып пен дәстүрдің орнына құқық пайда болып, рулық қоғамды мемлекет ауыстырды.

Қазақстан мен Орта Азия территориясын б.э.д. VIІІ-III ғасырларда мекендеген сақ тайпалары әскери демократияның гүлдену және мемлекеттің қалыптасу кезеңіңде өмір сүрді. Осы VIII-VII ғасырларда Қазақстан даласын мекендеген тайпалардың өмірінде ірі бетбұрыс, өзгеріс туғызған темірді пайдалану және толық көшпенділік өмірге өту сияқты елеулі оқиғалар болды. Темірді пайдалану өндірісте үлкен төңкеріс жасады. Темірден түрлі қару-жарақтар мен өндіріс құралдары жасалды. Мал саны барынша молайып бір жерге симаған соң көшпелі өмірге өтуге тура келді. Саны мол малды сыртқы жаудан қорғаудың қажеттілігі туды. Мал бай адамдардың қолына шоғырланды. Екінші жағынан малы аз, бай мал иелеріне тәуелді ру мүшелері пайда болды. Кедейленген қоғам мүшелерінің бір бөлігі көшіп жүрсе, екінші бөлігі жер шаруашылығымен айналысты.

Көшпелі өмір мал бағу мен оны қорғау үшін жылқыны мініс құралы ретінде пайдалануға кеңінен жол ашты. Мұның өзі садақ пен найзамен қаруланған топтардан тұратын атты әскердің пайда болуына әкелді. Көшпелі малшы тайпалардың өмірі алғашқы кезден-ақ жаппай қаруланған қоғамға ұқсайтын.

"Алтын адам" дәуіріндегі және онан кейінгі сақ тайпаларында мемлекеттің белгілері болғанын көреміз. Ең алдымен рулардың үлкен тайпаларға, тайпалар үлкен тайпалық одақтарға бірікті. Осы тайпалық одақтар алғашқы мемлекеттік құрылымдар болды. Себебі оларды көсемдер немесе сақтардың патшалары басқарды. Сақ патшалары әскер басы болып саналып, соғыс және бітім мәселесін, көшіп-қону, көрші елдермен қарым-қатынастарды реттеді. Сақ тайпаларындағы патшалық билік тек бір рудың қолында болды деп есептеуге болады. Кейде патшалардың рөлінде әйелдердің де болғанын көреміз. Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" аталып кеткен сақтардың патшазадасы оларда мемлекеттік институттың көп белгілерінің болғанын көрсетеді. Сондай-ақ парсылардың әйгілі Кир патшасын талқандаған массагеттердің көсемі Томиристің де патшалығының мемлекеттік құрылымы белгілерінің болғанын байқауға болады.

Іргелес елдер мен парсылардың шабуылы, кейінірек А.Македонскийдің әскерінің шапқыншылығы, тағы басқа көршілердің басып кірулері де сақ тайпаларында мемлекеттің күшеюіне, әсіресе сыртқы жаудан ұйымдасып қорғануға басты себеп болғанын көреміз.

Сақтар қоғамында көсемдерге әлі де болса халық жиналысымен есептесуге тура келген.

Б.э.д. IV-III ғасьфларда сақтарда мемлекеттіліктің ең басты белгілерінің бірі — жазу пайда болған. Жазудың пайда болуы адамзат өркениетінің ең зор жетістіктерінің де бірі еді. Ал жазу мемлекеттік қарым-қатынастың даму қажеттілігінен туатыны белгілі.

2 Тақырып: Ежелгі ғұндардың мемлекеті
Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы мемлекеттік құрылымдардың бірі — ғұндардың мемлекеті. Бұл көшпелі тайпалар мемлекетінің алғашқы көрінісі. Таза түрік тілдес тайпалық бірлестіктер болған ғұндар тарихта өте терең із қалдырды.

Ғұн тайпалары қазіргі Оңтүстік Маньчжурия, Оңтүстік Монголия жерінде б.э.д. II мың жылдықтың соңы I мыңыншы жылдықтың басында көшпелі тайпалар ретінде қалыптасты. Көшпелі ғұндар отырықшы қытайларға күйрете шабуыл жасап тұрды. Садақпен, найзамен қаруланған, атты әскерлі ғұндар жаяу қытайларды беттетпеді. Ғұндар қытайлармен мәдени, бейбіт қарым-қатынаста да болды. Көне қытай тарихшылары Сыма Цянь (б.э.д. 135-67 ж.ж.) ғұндардың сулы және шалғынды жерді іздеп малмен бір қоныстан екінші қонысқа көшіп отыратынын, тұрақты мекенді білмейтінін, шығатын есігі шығысқа қараған киіз үйлерде тұратынын, етпен тамақтанып, қымыз ішіп, киімді әртүрлі жүн маталардан жасайтын, кім күшті, батыл, даулы мәселелерді шешуге қабілеті болса, соларды басшы қоятынына назар аударады. Мұрагерлік дегенді білмейтінін, жүзден мыңға дейінгі жұрты қауым құратынын, басшыларынан бастап соңғы бағынышты адамына дейін әркім өз малын өзі бағатынын, біреу-біреуге қызмет жасамайтынын, әйелдің пікірін тыңдайтынын, соғыстарға ерекше көңіл бөлетінін жазады ол. Бұл деректен ғұндардың әлі де таптық қоғамды білмейтін әскери демократия сатысында өмір сүргенін байқауға болады.

Б.э.д. IV ғасырда Қытай деректері алғаш рет ғұндарды өзінің қарсыласы ретінде атап, олармен болған соғыстарда алма кезек жеңістердің болғанын жазады. Ғұндардың батыстағы көршілері сақтар екендігі айтылады.

Б.э.д. III ғасырдың басында ғұндар әскери көсем Тауманның басшылығымен үлкен көшпелі мемлекет құрды. Қытай деректері ғұндардың мемлекет басшысын "шанью" деп атаған. Ғұндардың өзі патшаларын "тәңірқұты" деп атаған. Тауманнан соң ғұндардың тәңірқұты болған оның ұлы Мөде мемлекетті мейлінше күшейтті. Ол көрші тайпаларды дунқуларды, үйсіндерді, лауфань және байян тайпаларын бағындырып, Қытайға ауыз салды. Ханъ династиясы билеп тұрған қытай әскердің б.э.д. 200 жылы ғұндардан ойсырай жеңілді. Өзі соғыс бастаған Қытай императоры Мөде бастаған ғұндардан бейбіт келісім сұрап, Қытай императорының қызын қалындыққа беріп, алым төлеп тұруға міндеттенеді. Мөденің мұрагері тәңірқұты Лаошанның кезінде ғұндар ширек ғасыр бойы юэчжилермен соғысып, оларды Орта Азияға шегіндірді. Ғұндардың кейінгі тәңірқұтылары да Қытайдан бағалы сыйлықтар, алым алып, ханшаларын қалындыққа алып отырды.

Б.э.д. 59 жылы ғұндар дағдарысқа ұшырап екіге бөлінді. Ғұндардың оңтүстік бөлігі Қытайдың қол астына кіруге мәжбүр болды. Солтүстік бөлігі Қазақстан мен Орта Азияға, онан әрі Европаға қоныс аударды. Ғұндар осы өңірде алаңдармен, қаңлылармен және үйсіндермен араласты.

Б.э. IV ғасырында ғұндар Батыс Европаға басып кірді. Ғұн жауынгерлері Константинопольды қоршады, Закавказье мен Месопотамияға жетті. Батыс Рим империясының құлауына да ғұндар ерекше үлес қосты. Ғұндардың дәуірлеуі император Аттиланның (Еділдің) атымен байланысты. Византия ғұндарға алым төлеп тұрды. V ғасырдың ортасында ғұндар империясы тарады.

Ғұндар Амур өзенінен Орталық Европаға дейін созылып жатқан далада алғашқы Евразиялық көшпелі империя құрды. Осы ұлы даланы жарты мың жылдан астам билеп-төстеп тұрды. Ғұндардан қорғануға мәжбүр болған қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын соғып, өздерін сақтап қалды. Ғұндардың жорықтары "халықтардың ұлы қоныс аударуына" себеп болды.

Осыншама үлкен аумақты алып жатқан ғұн империясында дамыған мемлекеттік құрылыстың болғаны белгілі. Әрине ғұн мемлекетінің көп жақтары бізге белгісіз.

Ғұндардың императорын тәңірқұты, қытайша шанью деп атады. Императорлар тек ең атақты басшылық етуші төрт тайпаның бірі — Люанди тайпасынан сайланатын. Осы аристократтық болып есептелетін төрт тайпа тек бір-бірімен қыз алысып, қыз берісетін. Мемлекеттік билікте де осы тайпалардың өкілдері отырды.



Ғұн патшасы тәңірқұтыны "аспан ұлы", "Аспан мен Жерден жаратылған", "Күн мен Ай" таққа әкелген ұлы тәңірқұты деп атайтын. Тәңірқұты таңертең Күнге табынса, кешке Айға бас иетін. Тәңірқұтының мықты орталықтанған мемлекеттік аппараты, толып жатқан көмекшілері мен уәзірлері, әскербасылары болды. Тәңірқұтының билігі шексіз болған. Ол әрбір қоғам мүшесін өлім жазасына кесіп жібере алатын.

Ғұн қоғамы әскериленген қоғам болды. Әрбір қоғам мүшесі кез келген уақытта, садағын асынып, атына мініп елін қорғауға немесе жорыққа шығуға дайын тұратын. Ғұнның әрбір ер азаматы бала кезінен өлгенше әскери міндетті болып, белгілі бір әскери бөлімде есепте тұрды. Әскерден қашу өлім жазасымен жазаланатын.

Ғұндардың орасан мол әскері болды. Өздері жаулап алған жерлердің бәрінде 24 тайпадан тұратын ғұндар артықшылықпен пайдаланды. Бұл таза ғұндар әскердің негізін құрды. Осы 24 ғұн тайпасының әрқайсында ең кемі 10 мың адамнан тұратын әскері болды. 10 мың әскердің басшысын түменбасы деп атады. Түменбасыларды тәңірқұтының өзі жақын ағайындарынан тағайындады. Тәңірқұтының жанында сол қол және оң қолын басқарып отыратын лауазым иелері — көмекшілері болды. Сол қол және оң қол иелері елдің Батыс және Шығыс бөліктерін биледі. Соңдай-ақ олар әскердің сол қанаты мен оң қанатын басқарды. Сол қол және оң қол иелері тәңірқұтының ұлдары немесе жақын туыстары ішінен тағайындалатын.

Түменбасылар, сондай-ақ белгілі бір үлкен территориялардың әкімішілік басшысы да болып есептелді. Оған сол территорияның халқы түгелдей бағынды. Түменбасылар өз кезегінде өзіне бағынышты әскер ішінен мыңбасы, жүзбасы, онбасы сияқты әскербасыларын тағайындады және оларға басқаруға белгілі бір территория мен халықты берді.




3 Тақырып: Үйсіндер мен қаңлылардың мемлекеті
Қазақстан жеріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдарды құрушы ежелгі үйсін және қаңлы тайпалары.

Үйсіндер Жетісуға Орталық Азияның түпкірінен Дунхуан және Чилан тауы аралығынан б.э.д. II ғасырда шамамен 160 жылдары көшіп келген. Ол кезде үйсіндерді Нәнді би басқарған. Үйсіндердің мұнда көшуіне ұлы иозылардың қысымы себеп болса керек. Жетісуда үйсіндер өз мемлекетін құрды.

Көне Қытайдың "Хан патшалығы тарихы Жан Чиан өмірбаяны тарауында "үйсіндерді" ханы күнму (күнби) деп аталады екен. Күнмудың әкесі Нәнді би тегінде Чилан мен Дунхуан аралығындағы ұлы иозылармен қанаттас отырған кіші мемлекеттің иесі екен" деген дерек бар. Бұл деректен үйсіндердің Жетісуға келмей тұрып та мемлекеті болғанын көреміз.

Ұлы иозылар — юечжілер б.э.д. дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда Чилан мен Дунхуан аралығын мекендеген көшпелі тайпалар. Олар ғұндардың шабуылдарынан соң Жетісу мен Қазақстанға қоныс аударып, жергілікті тайпаларға сіңісіп кеткен. Кейін олардың бір бөлігі үйсіндерге сіңіскен. Кейбір зерттеушілер ұлы Жүздің атауын осы ұлы иозылармен байланыстырады.

Үйсін ұлысы Іле өзені өңіріне келіп орнықкан соң өркен жайып гүлденеді, ұлан-байтақ өңірді қамтыған қуатты да құдіретті мемлекет құрады. Үйсін елінің территориясы: батыста Шу, Талас өзендеріне, шығыста Тянь-Шань тауларының шығыс сілеміне, солтүстікте Балқаш көлінен бастап, оңтүстікте Ыстық көлге дейінгі өңірді қамтыды.

Үйсіннің елбасшысын Қытай деректерінде гуньмо (күнби, күнбегі) деп атаған. Мемлекеттің астанасы Ыстықкөлдің жағасындағы Чигучек (кейбір деректердегі Чйгу, Чичу) атты бекінісі бар қала болған.

Үйсіндер көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Ішінара егін салып, қалаларда да тұрған. Ұлы жібек жолы осы Үйсін мемлекеті арқылы өткен.

Үйсіндер үнемі көрші мемлекеттермен соғыс жағдайында болған. Үйсіндердің соғысқан елдерінің ішінде ғұндар, ұлы иозылар және Қытай болған. Үйсіндер көршісі Қаңлы мемлекетімен де қақтығыста болған. Мұндай жағдай үлкен әскер ұстауға себеп болды. Кемеліне келіп дәуірлеген кезде үйсін елінде 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың 800 сайлауыт әскер болды дейді деректер. Қытай деректері үйсіндердің сол кезеңдегі батыс өңіріндегі барлық мемлекеттен адам саны жағынан үш есе, әскер саны жағынан біржарым есе үлкен екендігін жазып үйсіндер батыс өңіріндегі аса құдыретті мемлекет деп көрсетеді.

Үйсін мемлекетінің басшысы күнби болды. Ол мемлекетті өзі тағайындаған әскери әкімшілік ұлықтар арқылы басқарды. Үйсіндерде тақ әкеден балаға мұрагерлікке беріліп отырған. Тіпті таққа отыру үшін мұрагерлер арасында қанды күрестер де жиі болып тұрған.

Қытайдың хан әулетінің патшалығы ғұндарға қарсы әскери одақ құру үшін үйсіндерді өзіне тартады. Б.э.д. 109 жылы хан патшалығы Үйсіннің күнбиі Елжау биге елші жіберіп, көп сый-сияпатпен қоса императордың қызыл қалыңдыққа береді. Онан кейін Үйсін күнбиі Женші би де Қытай императорының отбасынан қыз алады. Мұның өзі Үйсін мемлекетінің маңызын көрсететін тарихи оқиғалар болды.

Б.э.д. 53 жылы Үйсін мемлекетінде патшалық тақ үшін күрес басталып мемлекет үлкен күнбилік және кіші күнбилік деп екіге бөлінеді. Үлкен күнбилікті оңтүстік иелік, кіші күнбилікгі солтүстік иелік деп атайды. Екі иеліктің арасындағы тақ таласы үйсін қоғамын әбден әлсіретті.

Б.э.д. 20-жылы күнби Силы би үйсін мемлекетін қайта біріктірді. Ұзамай тақ таласы қайта жалғасты.

Үйсін мемлекетінің саяси құрылысы. Мемлекетті күнби басқарды. Күнби елдегі азаматтық және әскери билікті қолында ұстады. Әскердің бас қолбасшысы да болды. Ол ру мен тайпаларға көшіп-қону бағыттарын белгіледі. Ру мен тайпаларды күнби тағайындаған бектер басқарды. Бүкіл Үйсін елі сол қанат, оң қанат және орта деп үш әскери-әкімшілік бөлікке бөлінді. Соғыс жағдайында оң қанат пен сол қанатты екі қолбасшы басқарса, күнбидің өзі ортада болып басшылық етті.

Үйсін мемлекетінің мынадай басқару жүйесі болған. Мемлекеттің басында жеке дара билеуші, билігі мұрагерлікке қалдырылатын күнби отырды. Онан соң дулы деп аталатын әкімшілік бастығы отырды. Оны күнби тағайындап, орнынан алатын.



Сол қанат қолбасы және оң қанат қолбасы деп аталатын екі қолбасшы болды. Күнбидің өзі бас қолбасшы болған соң, әскердегі онан кейінгі билік сол қанат қолбасшыда болды. Ол күнби жоқта бүкіл әскерге басшылық етті. Сондай-ақ Үйсін мемлекетінің жергілікті басшылықгы жүзеге асыратын лауазым иелері де болды.

Жалпы Үйсін мемлекетінде біршама дамыған, орталықтанған аппараты да, жергілікті билік органдары да бар көпшелі қоғамға лайықты ықшам басқару органдары болды.

Үйсін қоғамы таптық қоғам болды. Мұнда әлеуметтік теңсіздік орын алды. Археологиялық деректер үйсіндерде жеке меншіктің болғандығын және әлеуметтік теңсіздіктің болғанын дәлелдейді. Үлкен және ішінде мүліктері мол молаларға күнбилер, қолбасшылар т.б. ақсүйектердің жерленгенін, орташа молаларда ру-тайпа басшыларының, батырлардың жерленгенін айғақтайды, ал қарапайым молаларға қатардағы адамдар жерленген.

Қаңлылар мемлекеті. Үйсіндермен қатар бір кезеңде көрші болып Қаңлы мемлекеті өмір сүрді. Қаңлыларды қытай деректерінде "Кангюй", "Канғар", "Кенріс" деп те атаған.

Қытайдың "Сұй патшалығының тарихы. Батыс өңір шежіресі. Қаңлы тарауында". Олардың ханы ұлы иозылардың уын рудан шыққан. Оның бұрынғы мекені Чилан тауының солтүстігіндегі Жау қаласында еді. Бұларды ғұндар талқандаған, осыдан соң батысқа қоныс аударған" делінген.

Осылай б.э.д. III ғасырдан бастап қаңлылар Сырдарияның орта алқабы Қаратау өңірін мекендейді. Қаңлыларға Ташкенттен Хорезмге дейінгі өлкелер қараған.

Б.э.д. ІІ-І ғасырларда қаңлылар үлкен мемлекетке айналады. "Хан патшалығы шежіресі. Батыс өңірі шежіресінде: "Қаңлы елінің 200 мың үй, 600 мыңжан саны, 120 мың әскері барын" жазады. Онан кейінгі кезде қаңлылар тіпті күшейіп, оның қасындағы көптеген елдердің қаңлыларға бағынғандығы айтылады қытай деректерінде.

Қытай патшалығы Қаңлы елімен елші алысып, сауда-саттық, мәдени, дипломатиялық қарым-қатынаста болған.

Осы кезеңдерде қаңлылар ғұндармен, онан соң үйсіндермен тағы басқа көршілермен соғысып сонан соң бітісіп тұрған.

Қаңлылардың шаруашылығының негізі көшпелі мал шаруашылығы болды. Азын-аулақ егін екті. Каңлылардың қалалары болған. Қаңлы мемлекетінің астанасы Битян қаласы Сырдарияның орта шенінде орналасқан.

Қаңлы елінің басшысын хандеп атаған. Кейбір деректерде оны "ябгу", "жабгу" деп атайды. Ханның билігі азаматтық істерге де әскерге де жүрген. Қаңлы мемлекеті өз ішінде бес иелікке бөлінген, оларды ханның өкілдері басқарған. Бұл иеліктер өздерінің орталық қалаларының атымен аталған.

Деректерде қаңлылардың жазба заңы болғаны туралы айтылады. "Олардың заңы хан сарайында сақталады. Осы заң бойынша қылмыстыларды жазалайды. Өрескел ауыр қылмыс жасағандардың тұқымы құртылады. Одан соңғылары өлім жазасына үкім етіледі. Ұрлық істегендердің қолы кесіледі" делінген олардың заңында.

Қаңлылар мемлекеті тарихымызда үлкен орын алады. Олар Қазақстан жерінде алғашқы мемлекеттік құрылым құрып, мәдениет пен өнердің, шаруашылықтың дамуына үлес қосты.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет