Ұлы отан соғысы жылдарында қызылорда облысына күштеп қоныс аударылған халықтар



Дата28.06.2017
өлшемі356,96 Kb.
#20147
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРЫЛҒАН ХАЛЫҚТАР
Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Ботабаева Жанат Тұңғышбайқызы

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, филология магистрі


Қазіргі Қазақстан Республикасы өзінің териториясы жағынан әлемде 9-шы орынды алады, ал халқы жағынан 62 орында тұр. Халқы аз болғанымен Қазақстанда 140 этнос өкілдері тұрады. Мұншама этнос өкілдерінің қазақ жерінде шоғырлануы негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Стольпиннің аграрлық реформасы дәуірінде, Ұлы Отан соғысы қарсаңында және соғыс жылдары Кеңес басшылығына ұнамаған халықтарды күштеп Қазақстанға, Сібірге, Орта Азияға қоныс аудару нәтижесінде болды.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады. 30-шы жылдардың басында аштық қырғыны Қазақстан халқын біраз күйзеліске ұшыратып, санын азайтып тастаса, соғыс алдындағы репрессия, ұлттық интеллигенцияны жоқ қылды деуге болады, ал басқа халықтарды күштеп Қазақстанға көшіре бастау, онсызда қиналып жатқан халықты одан сайын күйзеліске түсірді. Күштеп көшірілген халықтар негізінен ауылды елді мекендерге көшірілгенге байланысты ауылдың этно-демографиялық жағдайы, әсіресе бұрын қазақ ұлты ғана тұратын Оңтүстік Қазақстанның этно-демографиялық жағдайын күрт өзгертті. 1939 жылғы санақ мәліметтері бойынша Қазақстанда 6151102 ал Қызылорда облысында 328067 тұрғын болған.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында Кеңес үкіметі басшыларының КСРО-ның шекара аймақтарын негізгі отаны КСРО-дан тыс жерлерде орналасқан халықтардан тазарту жұмыстары нәтижесінде Қазақстанға Карелиядан 8423 финдер, Қиыр Шығыстан 98 454 кәрістер, КСРО-ның батыс шекараларынан 28 580 немістер, 35 739 поляктар көшірілді. Бұларға қоса Кавказдың шекаралас аймақтарынан 1121 армян және курт, 2010 ирандықтардың жанұялары көшірілді, бір жанұяда 5 адам деп есептесек Кавказдан орта есеппен 15 655 адам көшірілген екен. 1939 жылы Польша Германиямен КСРО бөлінісіне салынғансын тағы 60 667 поляк Қазақстанға көшірілді.

Кесте 1. Ұлы Отан соғысы алдында Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар.






Ұлты

Саны

Көшірілген жылы



Финдер

8423 адам

1935



Немістер

28 580 адам

1936



Поляктар

35 735 адам

60 667 адам



1936

1940




Кәрістер

98 454 адам

1937



Гректер

200 адам

1937



Армияндар мен курттар

1121 жанұя

1937



Ирандықтар

2010 жанұя

1937

Барлығы:

247 718 адам



Бұл тізімге әлеуметтік жағдайы мен саяси көзқарастарына байланысты жекелеп сотқа тартылып Қазақстанға қоныс аударылғандармен түрмеге жабылғандар кірген жоқ.

Соғыс алдында немістер шекаралас аудандардан көшіріліп, 1939 жылы Германиямен келісім-шарт жасасқасын немістерді қудалау тоқтатылғанымен, немістер туған жерлеріне қайтарылмады. Ал, Ұлы Отан соғысы басталған соң жағдай күрт өзгерді. Кеңес әскерлерінің соғыстың алғашқы кезеңіндегі жеңілістері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының бірсыпыра аудандарында ұлтаралық қатынастардың нашарлауына әкелді. Германияның үгіт-насихат машинасының Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының территориясындағы және эмиграциядағы ұлтшыл ұйымдардың жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының негізгі жұмысы көп ұлтты Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халқын бір-біріне қарсы қойып, Кеңес үкіметінің билігін әлсіретуге тырысты. Осы орайда Кеңес үкіметі қайтадан халықтар депортациясын бастады. Осы жерде айта кететін бір нәрсе бұндай саясатты сол кезеңде тек КСРО ғана қолданбады. Мысалы жапондар Американың Перл Харбар әскери теңіз базасын бомбалап АҚШ-қа соғыс ашқанда АҚШ үкіметі өз территориясындағы 110 000 жапондарды, оның ішінде 62% Американың азаматтығы бар тұрғындарын 10 арнайы лагерлерге жинақтап, соғыс соңына дейін сонда ұстап тұрды.

1941 жылы Қазақстанның жағдайы да қиын болды. Қазақстанда өнеркәсіп орындары аз болғандықтан Қазақстан халқы «сыпырылып» әскерге жіберіліп жатты деуге болады. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан әскерге толық емес мәліметтер бойынша 1366 мың адам алынған екен, бұлардың ішінде 1938, 1939, 1940, 1941 жылдары соғыс қарсанында әскерге алынғандарда бар. Осылардың 600 мыңы ұрыс далаларынан Қазақстанға оралмады. Қазақстанның ұрыс далаларындағы адам шығыны соғыс өрті әрлі-берлі өткен Украина, Белоруссия, Ресейден кейін төртінші орында тұр. Ұлы Отан соғысына депортацияланған халықтардың өкілдері алынбады. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда құрылған 700 мыңдық еңбек армиясының қатарына алынып, Қазақстанның, Оралдың, Сібірдің өндіріс орындарында еңбек етті. Тарихтың тәлкегі дегендей сотталғандардың, қудаланғандардың еңбегін жаппай түрде пайдалануды КСРО-ның жұмысшы шаруалар инспекциясы Халық Комиссарының орынбасыры Н.М.Янсонов 1928 жылы Сталинге ұсынған екен. Ал 1938 жылы Н.М.Янсонның өзі репрессия құрбаны болды.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтардың депортациясы қатаң түрде, мыңдаған адамдардың өлімінің арқасында жүрді. 1937-1944 жылдары бір адамына дейін қалдырмай толық көшірілген, мемлекеттік белгісі, автономиялық құрылымдар жойылған 12 халық бар екен. Бұлардың депортациясы классикалық түрде жүргізілген халықтарға қарсы геноцид деуге болады. Бұлар соғыс кезінде тек ауыр жұмыстарға пайдаланылды. НКВД өзінің барлық күштерін пайдаланып, бұлардың барған жерінде жергілікті халыққа сіңісіп кетпеуін, достасып кетпеуін қадағалап отырды.

1941 жылдың 12 тамызында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің және БКП (б) Орталық Комитетінің бірлескен № 2060-935сс «Волга бойы аудандарында тұратын немістерді көшіру туралы» қаулысы қабылданды. Волга бойындағы немістердің автономиялық республикасындағы немістерді көшіретіндігі туралы республика немістері алдын ала білген болатын. Бұл туралы Ольховск ауданының «Рассвет» ауылы кеңесінің төрағасы Э.Ф.Дайнес былай дейді: «Маусым айында бізді аудандық атқару комитетіне шақырып алып, қазіргі тұрып жатқандай колхоздар мен селоларға көшірілетініміз туралы ескертті. Алайда қай жерге нақты көшетініміз туралы айтқан жоқ» - деді. Л.П.Берияның Ішкі Істер Халық Комиссариаты басқармасына жіберген хатында «Оларды көшіріп орналастыру керек, қалада тұратындарды қалаларға, ауылдық жерлерде тұратындарды, бар колхоздар мен совхоздарға және немістер тиеген эшелондарды жөнелтуді 1941 жылдың 3 қыркүйегінен бастау керек,- делінді.

1939 жылғы санақ бойынша КСРО-да 1 427 222 неміс ұлтының өкілі тұрған екен. Оның 92 мыңы Қазақстанда қоныстанған. 1941 жылдың күзінің соңына қарай Қазақстанға, Орал өңіріне, Сібірге 1120 мың немістер көшірілді. Бұл 1939 жылғы санақта көрсетілген немістердің 84 пайызы еді. Жоспар бойынша 1941 жылдың 25 қазанына дейін Қазақстанға 467 мың немісті, оның 15 мыңын Қызылорда облысына көшіру белгіленді, бірақта мұрағат деректері бойынша Қазақстанға 420 мыңнан - 444 005 неміс ұлтының өкілі қоныстандырылды. Олардың 3145-і Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарына орналастырылды, Арал ауданына 1291, Қазалы ауданына 1854 неміс. Бұлармен бірге облысқа 1938 жылы Германияға күшпен қосылған Австрияда туылған 14 австриялықтар қоныстандырылды.

Немістердің басқа жерлерге көшіп-қонуы, барған жерлерге сіңісіп кетуі, өте қиын жағдайларда өтті. Кеңес үкіметі немістердің көшіп-қонуына 3,5 миллион сом ақша, 1680 тонна ұн, 60 тонна қант, 3500 пар аяқ киім тағы басқа заттар бөлді, бірақ бұл заттар жеткіліксіз болды және көптеген жағдайларда дұрыс жұмсалмай, әр түрлі құйтүркі істер нәтижесінде талан-таражға түсіп, қолды болып отырды.

1941 жылы Қазақстанға көшірілген немістермен бірге Севастопольден 15-20 гректер де әкелінді. Олар Ақмола облысына қоныстандырылды. 1942 жылы сәуір-қазан айларында 4 мыңға жуық гректер Краснодардан Қазақстанға әкелінді. Краснодардан әкелінген гректер Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облыстарына қоныстандырылды. 1942 жылы Майкоптан көшірілген гректер Қазалыға жайғастырылып, Қызылорда облысына қоныстанды. Олардан кейін 1944 жылы Қырымнан 1240 грек Гурьевке әкелініп, Казнефтекомбинат өндіріс орындарында қоныстандырылды. Олар қарапайым сөзбен айтқанда, еңбек майданына алынды. Осылай әскер қатарына алынғандар есебінен туындаған жұмыс қолының жетіспеушілігі жойылды.

Солтүстік Кавказ халықтарының ішінде алдыңғылардың бірі болып депортацияға ұшыраған қарашай халқы болды. Көптеген деректерде қарашай халқының репрессияға ұшырауының себебі ретінде немістер өңірді басып алғанда қарашайлардың бір князі немістерге, Гитлерге атап «бізді большевиктерден азат еткені үшін» - деп ат сыйлаған делінген. Алайда бұны куәләндыратын құжатты біз еш жерден тапқан жоқпыз. Негізгі себеп осыма, басқама 1943 жылдың 12 қазанында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қарашай автономиялық облысы жойылып, 14 қазанда Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық Комиссарлар Кеңесі қарашайлықтарды тұрғылықты жерінен көшіру туралы жасырын қаулысы қабылданды. Автономиялық облыстан 14774 жанұя, 69267 адам көшірілді. Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына олардың 11711 жанұясы, 45529 адамы жайғастырылды. 23300 адамы - Қырғызстанға, 353 адамы Өзбекстанға қоныстандырылды. Қарашайлар Қазақстанға келе бастағанда Қазақстан Большевиктердің Коммунистік партиясының Орталық Кеңесі және Халық Комиссарлар Кеңесі Солтүстік Кавказдан көшіп келушілерді Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде орналастыру туралы қаулысын қабылдады. Бұл қаулыға сәйкес қарашайлар Жамбыл облысының 7 ауданында және Оңтүстік Қазақстанның 8 ауданында орналастырылатын болды.

Кесте 2. Қарашайлардың Қазақстанда орналасуы (жанұя саны)


Жамбыл облысы бойынша

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

1

Жамбыл ауданы

1000

1

Киров ауданы

2000

2

Свердлов ауданы

900

2

Пахта-Арал ауданы

1200

3

Талас ауданы

300

3

Қызылқұм ауданы

400

4

Луговой ауданы

400

4

Арыс ауданы

400

5

Мерке ауданы

700

5

Сары-Ағаш ауданы

500

6

Қордай ауданы

700

6

Сайрам ауданы

800

7

Шу ауданы

1000

7

Шәуілдір ауданы

100










8

Қалас ауданы

600



Барлығы


5000 жанұя



Барлығы


6000 жанұя

Қазақ жеріне қоныстанушы қарашайлар мүмкіндігінше бір қарашай колхозы болып, толығымен бір қазақ колхозына я совхозына қосылып отырды. Оларға бос колхоз ғимараттары берілді, немесе қазақтардың үйіне кіргізілді.

Үйлерді жөңдеу, келгендерге үй салу, тіпті Солтүстік Кавказдан өткізіп келген үй, малымен-құсының орнына басқасын беру жергілікті жердегі басшыларға тапсырылды. Бұл дегеніміз үкімет көшіп келушілер мәселесін толығымен сол кезде негізінен ауыл халқын құраған қазақтардың басына салды дегеніміз. Алайда жергілікті колхоздар мен совхоздарға бұның қиын болатындығын түсінген болуы керек, үкімет көшіп келушілерге 7 жылға 5000 сомнан несие беруге шешім қабылдады. Бұл қаржы үй салуға я сатып алуға бөлінді.

Сталиндік зұлмат жылдары тағдырдың ауыр тәлкегі тиген келесі бір халық қалмақтар болды. 1943 жылғы 28 қазандағы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесі мен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық Комиссарлар Кеңесі қаулысына сәйкес 99252 қалмақ ұлтының өкілі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының шығыс, солтүстік аудандарына қоныс аударылды. Олардың 2268 адамы Республиканың орталық мұрағатының деректеріне сай Қызылорда облысына қоныстандырылды.

Алайда Республикалық мұрағаттардың деректері көп жағдайда облыстық мұрағат деректерімен сай келмей жатады. Себебі кей облыстарда вогондарды ашқанда ішінен көп өліктер шыққан жағдайлар ол кездері әсіресе шешен-ингуштар, қалмақтар көшірілген қыс айларында көп болған, кей жағдайларда жолай транспорттың жағдайына сай адамдарды түсіріп кеткен я басқа составтарға қосқан жағдайлар болып тұрған. Осындай жағдайларға байланысты жер-жерден келген мәліметтер кейбір жағдайларда әртүрлі болған. Қызылордаға көшірілген қалмақтарға байланысты мәліметте осылай әртүрлі санды көрсетіп тұр. Қызылордаға әкелінген қалмақтардың 1160 жанұясы 3861 адам тұтастай Арал ауданына жайғастырылды. Біздің ойымызша 1160 қалмақ жанұясы облысқа орналастырылды деген облыстан алынған мәлімет шындыққа жанасады деп ойлаймыз.

Сол кездің өзінде 8000 қалмақ азаматы Ұлы Отан соғысы майдандарында ордендермен, медальдармен, 21-і Кеңес Одағының батыры атағымен марапатталған болатын. Әйел бала-шағаны қосқанда әрбір 5000 қалмақтың біреуі Кеңес Одағының батыры атағын алған. Қай Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халқында бұндай көрсеткіш болды? Бірақ бұған қарамастан қалмақ халқы айдауға жіберілді. Әскердегі командирлер қалмақтардың жақсы жауынгер екенін біліп ұлтын өзгертіп, бұларды алып қалуға тырысты. Соғыс соңында Кеңес әскері қатарында соғысып жүрген төрт мыңдай қалмақ болған екен. Қалмақтар негізінен Алтай, Красноярск өлкелеріне және Омск, Новосібір облыстарына қоныстандырылды. Бірақ бұлардың ішінде жанұяларынан, туысқандарынан бөлініп Қызылордаға дейін бір-бірін іздегендері болды. Қалмақтар арасында бір жерден бір жерге көшкендер көп болғанына байланысты көшуді тоқтату үшін КОКП ОК арнайы шешімін қабылдаған болатын.

Соғыс кезінде тағдыр тауқыметін тартқан келесі халықтар шешендер мен ингуштар болды. Ұлы Отан соғысы басталғанда шешендерден атты әскер дивизиясы жасақталып майданға жіберілген болатын. Алғашқы шайқастарда оларды неміс танкілеріне қарсы қойды. Қылыштарымен танкілерге қарсы олар не істесің, командирлердің сауатсыздығы мен қатыгездігіне қарсы еш шара болмай көптеген шешендер тарапынан майданнан үйлеріне қашу фактілері көп болды. Бұған қоса немістер Шешенстанды басып алғанда немістермен бірлесе жұмыс істеген шешендерде шықты. Осы сатқындарды аулап, жазалау орнына Берия проблеманы бүкіл шешен-ингуш халқын жер аудару арқылы шешуге тырысты.

1944 жылдың 31 қаңтарындағы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешіміне сәйкес шешендер мен ингуштарды Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына және Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасына көшіруге шешім қабылданды. Әр жанұяға өзімен бірге 500 кг зат алуға рұқсат етілді. Шындығына келгенде халықты асықтырып, қарсылық, наразылық білдіргендерін аяқ астында атып тастап отырды. 24-29 ақпан арасында жүргізілген көшіру операциясы барысында 478479 адам, оның ішінде 91250 ингуш поездарға тиеліп жіберілді. 29 ақпанда 157 эшелон тиеліп жіберілсе, 20 эшелон қосымша тиеліп жолға шығуға дайын болды.

Бірінші эшелондар Қазақстанға 1944 жылдың наурыз айының ортасында келді.

Қазақстанға жіберуге жоспарланған 344589 адамның бөлінісі төмендегідей болды.

Жамбыл облысына – 16565 адам

Алматы облысына – 29089

Шығыс Қазақстан облысына – 34157

Оңтүстік Қазақстан облысына – 20808

Солтүстік Қазақстан облысына – 39542

Ақтөбе облысына – 20309

Семей облысына – 31236

Павлодар облысына – 41230

Қарағанды облысына – 37938

Бұған қоса майдандағы шешен және ингуш халқының ер азаматтары туыстары тұрып жатқан аудандарға жіберілді. 1944 жылы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Ундасыновтың БКП (б) хатшысы Г.М.Маленковқа жіберген хатында Қазақстанда 420 мың шешен мен ингуш бар делінген.

Қызылорда облысына шешендер мен ингуштарды қоныстандыру жоспар бойынша белгіленбеседе, іс жүзінде керісінше болды.

Қызылорда облысы бойынша арнайы қоныс аударылғандарды шаруашылықтарға жайғастыруға жауапты бөлім басшысы Хвораттың мәліметіне сәйкес 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында Қызылорда облысына 6191 шешен мен ингуштардың жанұясы 26 924 адам төмендегі кестеге сай қоныстандырылды.



Кесте 3. Шешендер мен ингуштардың Қызылорда облысы аудандарына орналастырылуы


Қоныстанған ауданы

Жанұя саны

Адам саны

Жұмысқа тартылғандар саны

Ерлер

Әйелдер

Жасөспірімдер

Арал ауданы

323

1381

296

173




Қазалы ауданы

790

3932

724

863

261

Қармақшы ауданы

852

3863

1626

728

125

Жалағаш ауданы

785

3885

656

128




Тереңөзек ауданы

751

3684

735

671

717

Сырдария ауданы

868

2867

519

833

313

Шиелі ауданы

1076

4182

714

744

463

Жаңақорған ауданы

746

3130

659

784

89




6191

26924









Бұл 26 924 адамның 5311 ер азаматы, 4865 әйелі және1524 жасөспірімі еңбекке жарамды деп танылып жұмысқа тартылды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда 5 мың балкар халқының ұлдары әскер қатарына алынып көбісі майданда қаза тапты. Балкар жерінде 2188 әскери емес жергілікті жердің адамы немістер қолынан қаза тапты, тек балкар ауылдарында 500 адам өлтірілді, оның 150-і балалар еді. Тек бір балкар ауылындағы 512 тұрғынның 63 айуандықпен өлтіріліп, 125 үйдің 52-і өртелген болатын. Бір ғана Гунделен ауылынан 600 адам майданда қаза болды. Көптеген балкарлар партизан отрядтарында соғысты. Я балкарлардың ішінде де немістерге қызмет еткендер болды, бірақ бұндай адамдар орыстар, белорусстар, украиндар ішінде де болды ғой. Бірақ үкімет кішкентай халықты бәріне сабақ болсын деп жазаладыма деген ой келеді.

1944 жылдың 8 сәуірінде Кремльде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Кабардино-Балкар Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасында тұратын балкарларды күштеп қоныс аудару қаулысына қол қойылды. Бұл заң негізсіз балкар халқын қудалаған заң болды. Шындығына келгенде бұл заң шыққан 1944 жылдың 8 сәуірінде балкар халқын қудалап басқа жерге көшіру іс шараларына 1 ай өткен болатын, ал бұл заң істелінген заңсыздықтың артын жауып қою үшін қабылданды.

Сол кезде 40900 балкарды көшіру үшін 19 мың солдаттар мен офицерлердің күші жұмылдырылды. Қазақстанға 4660 жанұядан тұратын 25 мың балкар ұлтының өкілі әкелінді. Балкарлардің көбісі Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қоныстандырылды.

1944 жылдың 17 наурызындағы Ішкі Істер Халық Комиссариатының мәліметі бойынша 9 наурызға дейін жолға шыққан 14 эшелонның 14-і әлі жолда болды. Бұндағы балкарлардың 2742 адамы Семейге, 5541 - Алматы, 5278 - Оңтүстік Қазақстанға, 5219 – Ақмола, 2614 – Павлодар облыстарына бағыт алған болатын, қалғандары Қырғызстан мен Сібірге жіберілді. Бұлардың артынан 2467 кабарда ұлтының өкілі «немістермен тығыз байланыста болғандардын» жан ұялары Берияның тікелей ұсынысымен Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына жіберілді.

Жаңа жерлерде бос үйлердің болмауына байланысты балкарлар мал қораларда жер кепелерде тұрды. Еңбекте бәрімен бірге жұмыс істеді, оларға орден мен медальдер бермеседе, осылардың арқасында марапатталғандар көп болды. Мысалы 1945 жылы Люба Сальникова Социалистік Еңбек Ері атағын алды, ал Любаның звеносында тек балкарлар жұмыс істегені туралы ештеме айтылған жоқ.

Кеңес үкіметі Қазақстан жеріндегі депортацияланған халықтарға байланысты туып жатқан қиындықтарды түсінседе, көмек беруге мұршасы келмеді, сол кезде барлық көмек әскерге беріліп жатты. Ал 1941 жылы көшірілген халықтар 1942, 1943 жылдары жергілікті жердегі басшылықтың көмегімен, барған жерлеріндегі халықтардың көмегімен жағдайын бір шама жөндеп, үйлерін, жер кепелерін, сарайларын, мал қораларын үй қалпына келтіріп тұрып жатса, бір мезетте 1943 жылдың соңымен 1944 жылдың басында үлкен топ өкілдерінің Қазақстанға келуі жағдайды одан сайын қиындатты. Бір мезетте жарты миллион адамның келуі оларға жергілікті жерде көмек беру мүмкіндігін шектеді. Барлық үйлер, сарайлар, тіпті мал қораларда бос болмай, адамдардың тұрып жатқан жерлері тығыз болып, бос орын болмады. Бұл жағдай Солтүстік Кавказдан келгендер ішінде аурулардың көбеюіне, өлімнің көбеюіне себеп болды.

1944 жылдың бірінші қарашасына дейін Қызылорда облысындағы күштеп қоныс аударылғандар ішінен 3451 адам қайтыс болды, бұлардың басым көпшілігі шешендер мен ингуштар болды. Баста облысқа 26924 шешен мен ингуш әкелінсе 1945 жылдың 10 қаңтарына дейін 22214 адамы қалған. Олардың 10 пайыздан астамы бір жыл өтпестен қайтыс болды. Әсіресе көп қайтыс болғандар Қазалыда – 585 адам, Қармақшыда – 678 адам, Тереңөзекте – 639 адам болды.

Кесте 4. 1944 жылы облыста қайтыс болған күштеп қоныс аударылғандар саны.






Ауданы

Қайтыс болғандар саны



Арал

206



Қазалы

585



Қармақшы

678



Жалағаш

696



Тереңөзек

639



Сырдария

64



Шиелі

347



Жаңақорған

239

Қайтыс болғандардың көп болуының негізгі себебі жаппай эпидемиялық аурулардың орын алуы болды. Бірінші кезекте сүзек ауруы және дистрофия яғни адам ағзасының нашар тамақтануына байланысты әлсіреуі нәтижесінде болды. Сырдария ауданында өлім фактілерінің төмен болуы ауданның елді-мекендерінің қала айналасында болуымен және осыған байланысты медициналық көмекті алуға мүмкіндігінің басқа аудандарға қарағанда қол жетімді болуымен байланыстыруға болады. Жоғарыдағы мәлімет 1.11.44 жылға дейінгі мәлімет, бұдан кейінгі жағдай одан бетер болып өлім жағдайы тағыда өсті. Бұны мұрағат құжаттарындағы мәлімдемелерден көруге болады. Алайда сол кезге тән нәрсе өлім көрсеткіщі 1941-1944 жылдары жергілікті тұрғындар арасында жоғары болып, өсіп отырды.

1944 жылдың 1 тамызына дейін Қазақстанға көшіп келгендер үшін 1638 үй салынып берілді, 10858 үй босатылып берілді, оның 6355-іне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоғарыдағы құрылыстарға жұмсалған құрылыс материалдарынан бөлек 1894 мың кірпіш, 4322 мың сабан кірпіш, 4480 метр куб қамыс пашыны; және жергілікті тоғайларда 7150 кубометр ағаш дайындалды.

1943-1944 жылдары Қазақстанға көшірілген халықтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 55900 үй салу керек болды, оның 2900 үйі мүлдем жағдайы жоқтарға, қиын жағдайда тұрып жатқандарға 1944 жылы салыну керек болды. Ал 1944 жылы жоғарыда айтылғандай 1638 үй ғана салынды, бұл 3%-ға жетпейтін еді. Бұл үшін 1943 жылдың 14 қазанындағы № 1118-342 с үкімет қаулысына сәйкес Қазақстанға 1943 жылдың соңына қарай және 1944 жылдың I кварталында 600 вагон ағаш, 28 тонна шеге, 20 мың квадрат метр шыны әкелуі көзделді. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық Комиссарлар Кеңесі 1944 жылдың 16 қаңтарында қосымша №796 с қаулысына сәйкес тағы 70 мың кубометр ағаш, 65 мың квадрат метр шыны, 170 тонна шеге және 1200 тонна пеш құрал саймандарын жасауға чугун әкелу көзделді. Алайда бұл жоспарланған заттан Қазақстанға берілгені 6500 кубометр ағаш, 9,5 тонна шеге, 4337 метр квадрат шыны ғана беріліп, басқасы келмеді. Бұл ағаштың 5 %, шегеден 4,8 %, шыныдан 5,1 % құрады және әкелінген ағаштың көбісі шіріген болып шықты.

Қызылорда облысына қоныс аударылған 3403 қалмақ, шешен, ингуш жанұялары тұрақты пәтермен қамтамасыз етілді. Олардың 1093 жанұясы өндіріс орындарына жұмысқа алынып, өндіріс орындары есебінен пәтермен қамтамасыз етілсе, 2310 жанұясы жергілікті колхоз тұрғындарынан сатып алынған я босаған пәтерлермен қамтамасыз етілді. Бұған қоса үкімет тарапынан облысқа қоныстанушыларға үйлер салып алуға 1820 мың сом есебінде несие берілді. 1945 жылдың 1 қаңтарына дейін бұл несиенің 1485 мың сомы игерілді. Несиенің көп бөлігі Қармақшы ауданына - 255000 сом, Жалағаш ауданына – 260000 сом, Жаңақорған ауданына – 245000 бөлінді. Алайда 1944 жылдың соңына дейін несиені толық игерген тек Сырдария, Жалағаш, Арал аудандары болды.

Қазақстан колхоздарына жайғастырылған 68969 жан ұялардың 60429 жанұясы колхоздарға қабылданды. Қызылорда облысы бойынша ауылды елді мекендерге орналастырылған қоныстанушылардың 2857 жанұясы колхоздарға орналастырылды.

Кесте 5. Қызылорда облысы колхоздарына қабылданған шешен, қалмақ, ингуш жанұяларының саны және бақша егуге жер телімін алған жанұялар саны.




Ауданы

Колхозға қабылданған жанұялар саны

Бақша егуге жер алған жанұялар саны



Қазалы

364

460



Жалағаш

488

455



Сырдария

89

110



Жаңақорған

376

13



Қармақшы

248

180



Тереңөзек

521

79



Шиелі

769

599

Колхоздардағы жағдайда мәз болмады. Бірақ жергілікті тұрғындармен бірлесіп қоныс аударушылар өлместің күнін жасап, колхоздан алған жұмыс күнінің кішкентай еңбек ақысы мен азық-түлігі арқасында бірлесіп күн көріп, еңбек етті. Бұл кезеңдегі жағдай Елбасының жастық шағы туралы кинофильмде жақсы көрсетілген. 61104 жанұяға үй жанынан бақша егетін жерлер берілді. 1944 жылы 50 мыңнан аса қоныс аударушы колхоздардың көмегімен, немесе арнайы алған мемлекеттік несиелердің көмегімен, өздерінің бақшаларын екті. Бұлардың ішінде 1896 Қызылордалықтарда болды. (4 кестені қара) Игерілген жердің аздығы жер алып бақша егеміз дегендерді шектеп отырды. Алайда 1943-1945 жылдары эвакуацияға келгендер азат етілген аудандарға көшіп кетуіне байланысты олардың жерлері кетуіне қарай жер алуға тілек білдіргендерге беріліп отырды. Осының есебінен 1945 жылдың көтеміне қарай еңбек етіп бақша егемін дегендер толықтай жермен қамтамасыз етілді. Бұл дегеніміз, олар 1943-1944 жылдың қысындағыдай аштықты көрмейтін болды дегеніміз. Ал аштықтың қатты болғанын, бұған байланысты көшіп келушілерге көмек көрсетілгенін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық Комиссарлар Кеңесі 1944 жылғы 29 мамырындағы қаулысынан көруге болады. Бұл қаулыға сәйкес арнайы қоныс аударушыларға 9208 тонна астық бөлініп, әрбір қоныстанушыға жасына қарамай 12 килограмнан бөлініп берілді. Қызылорда облысындағы шешен, ингуш, қалмақтарға облзаготзерно мекемесінің мәліметінше 493,4 тонна астық берілді. Облыстағы шешен, ингуш, қалмақтардың басына бөлгенде 17,5 келіден келген екен. Мұны жергілікті жердегі колхоздардың өзіндік көмегі деп түсіндіруге болады.

Бұған қоса сүтпен, етпен, жүнмен өздерін-өздері қамтамасыз ету үшін ет, сүт өндірісі Халық Комиссариаты есебінен 87521 сауылмалы сиыр, Совхоздар Халық комиссариаты есебінен 10600 сиыр, 14000 қой арнайы қоныстанушыларға берілді. Осының арқасында арнайы қоныстанушылардың жағдайы күрт өзгеріп, енді олар тұрған жерлерінде жағдайларын өз қолдарымен жөндеп мал қора салуға, шөп шабуға тағы басқа ауыл шаруашылық жұмыстарға, колхоз-совхоздардағы жұмысынан бос кезде, кірісіп кетті. Көшіп келген арнайы қоныстанушылардың бұндай еңбекке араласып өзінің жағдайын, өзінің жанұясының жағдайын өздері жасауы жұмыссыз жүргендерді азайтып, қылмысқа жол бермеуге еңбек етуге итермеледі.

Қызылорда облысындағы шешен, ингуш, қалмақтарға мал беріліп жағдайларын жақсартуға жағдай жасалды. Мұрағат құжаттары бойынша оларға 1945 жылдың 10-қаңтарына дейін төмендегі кестеге сай мал берілді.

Кесте 6. Шешен, ингуш, қалмақтарға берілген мал басы саны.




Аудандар

Ірі қара саны (бас)

Ұсақ мал саны (бас)



Арал

124

537



Қазалы

243

193



Қармақшы

36

76



Жалағаш

148

1971



Тереңөзек

133

1806



Сырдария

183

1026



Шиелі

120

1324



Жаңақорған

38

1145

Барлығы

1025

8088

Бұл мал облыстағы 2902 жанұяға ғана берілді. Малды бергендегі сүтін ішіп, жүнін пайдаланып, мал санын көбейтеді деген үкімет мекемелері басшыларының ойын, көптеген ашынған қоныстанушылар назарға алмай, малды сойып, тамаққа пайдаланған. Ондай жағдайдың көп болуына байланысты облыстық партия комиттеті арнайы шешім қабылдауға мәжбүр болған.

Облысқа соңынан келген шешен, ингуш, қалмақтардың жағдайы шындығында қиын болды. Алдыңғы халықтар келгендеріне біраз уақыт болып, жылы кезде келіп жағдайларын біршімі түзеп алған болса, суық кезде келген шешен-ингуштардың жағдайы қиын болды.

Қазақстанның суығы шешен, ингуш, қалмақтарға, түріктерге қиынға түсті. Қысқы мезгілде жұмысқа шықпау фактілері, жұмысқа шыққанның өзінде үсіп қалу, суық тию фактілері көбейді. Осыны ескеріп облыстық кеңестің атқару комитеті Қызылорда облысындағы күштеп қоныс аударылғандар үшін пима дайындау үшін 116 центнер жүн бөліп, 1944 жылдың қараша-желтоқсан айларында 2840 пар пима дайындауға тапсырма берді. Бұның 520 парын қалмақтарға, 2320 парын шешендерге беруге көзделді. Бұдан кейін күштеп қоныс аударылғандардың мұқтажы үшін тағы 58 центнер жүн бөлінді. Әр қоныс аударушыға бөлгенде 230 грамнан келді. Бұған жүн шұлық т.б. керегіне жарататын зат тоқып алуға мүмкіндіктері болды. Алайда тапсырма белгіленген мерзімде орындалмай жатты. 2840 пар пиманың мерзімінде 190 пары ғана дайын болса, 200 тон дайындаудың орнына 66 тон ғана, 500 пар басқа аяқ киімнің 200 пары ғана дайын болды.

Осы кезде көмекке Қызылордалықтар келді. Майдан мұқтажы үшін жинаған жылы киіміне қоса, күштеп қоныс аударылғандар үшін киім-кешек, азық-түлік, аяқ-киім жинап берді. Мысалы Қармақшы ауданының тұрғындары өздеріне жетпей жатса да, қоныстанушылар жағдайын көріп 152 пар аяқ-киім, 360 түрлі киім, 25 келі жүн, 150 литр сүт берді. Ал Қармақшыдағы Мехзавод осында жұмыс істеп жатқан қоныстанушылар мұқтажына 698 метр мата бөлді. Жалағаш ауданының тұрғындары 7 пальто, 313 пар аяқ-киім, 202 кг жүн, 20 шалбар, 4500 сом ақшалай жинап берді. Аралдықтар 57 телогрейка, 6 мақта шалбар, 53 пар пима, 39 пар бәтеңке, 3 пар резина етік жинап берді. Бұндай көмекті арнайы қоныстанушыларға қаланың «Челюскинец» артелі сияқты мекемелерде көрсетті.

Көшіп келгендер арасында түсіндірме-насихат жұмысын жүргізу үшін Қазақстан Большевиктік Комуннистік партиясы Орталық Комитеті 1944 жылдың маусым айында кезінде басшылық жұмыста болған шешен және ингуштарды жинап, оларды осы жұмыстарды жүргізу үшін көмекке шаруашылық мекемелерге арнайы қоныстанушылармен жұмыс істейтін инструкторлар есебінде жіберді.

Ресей империясына қосылғанға дейін Қырымда татарлар тұрған болатын. 1921 жылы Қырым Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылып, Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы құрамына заң жүзінде енгізілді. 1940 жылы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша Қырым Республикасында 1126800 адам тұрған, оның 218 мыңы қырым татарлары болды. Ұлы Отан соғысы басталғанда Қырымнан Кеңес әскерлерінің қатарына 90 мың адам алынды. Олардың 20 мыңы Қырым татарлары болды. Қырым жері КСРО-ның курорты болып, көптеген жылдар адамдар дем алатын, ауыл шаруашылығы табысты, ауа –райы ыңғайлы жер болып табылды, сондықтан немістер бұл жерлерге немістерді қоныстандыруды көздеді. Ал бұл жерлер немістердің қол астына көшіп, түбекте партизан қозғалысы кең етек жайғанда, партизандармен күрес үшін немістер қырым татарларын пайдаланды. Партизандарға қарсы күресте немістер басқа ұлттарды да пайдаланды, алайда жоғарыға кеткен ақпараттарда партизандарға қарсы шайқастарда көбінесе татарлар пайдаланылды деп айтылған. Қырым азат етілген кезде немістермен бірге болған сатқындар олардың ішінде орыстар тағы басқа ұлттар Кеңес үкіметіне қарсы соғысуды партизандық диверсиялық жолға қойды. Осы орайда Кеңес әскерлері Қырымнан шегінгенде 20 мың қырым татарлары әскерден қашып үйлеріне кетті және Қырымда негізінен татарлардан тұратын неміс агентурасы анықталды деген Л.Берияның орынбасарлары Кабулов пен Серовтың мәліметтері, Берияны Сталинге Қырым татарлары сатқын халық деп баяндама жасауына итермеледі. Соңғы кездегі зерттеулерде соғыс кезіндегі Қырымдағы партизан отрядтарында қырым татарлары көп болып, олар барлық отрядтарда болғаны анықталды. Тіпті кейбір отрядтар тұтастай татарлардан тұрғаны анықталды. Алайда, жоғары шенділердің терең зерттемей айтқандары Қырым татарларыныңда тағдырын шешті.

Қырым татарларының партизан отрядтарында ерлікпен күрескенінің бір дәлелі есебінде мына мәліметтерді келтіруге болады. Қырымдағы үш партизан құрамасының екеуінде комиссар татар болған. 7 бригаданың – 2 комиссары татар, 28 отрядтың -10 комиссарлары татарлар болған. Соғыс бітпей татарлар айдауға кеткесін басқа халықтардың партизан қозғалысына қосқан үлесі зерттелседе, татарлардың үлесі зерттелмей қалған.

1944 жылдың 13 сәуірінде «Қырым Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасының жерін Кеңес үкіметіне қарсы элементтерден тазарту туралы» Берияның бұйрығы шықты. Бұл бұйрық Қырым түбегі азат етіліп жатқан кезде қабылданды. Жоспар бойынша 1944 жылдың 1 маусымына дейін 140-160 мың татар Өзбекстанға көшірілу керек болды. Бұл туралы Өзбек Большевиктік Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің хатшысы Юсуповқа тапсырма беріліп қойған еді. 18 мамырда басталған операция барысында сол күннің кешіне қарай 90 мың қырым татары темір жол бойына шоғырландырылып, 19 эшелон жіберіліп те үлгерілді. Келесі күні жиналғандар саны 140 мыңға жетіп, олардың 44 эшелонға сиғаны 119424 адам шығысқа қарай жөнелтілді. 19 мамырдың кешіне қарай шығысқа қарай жөнелтілгендер саны 136412 адамға жетті. Осылай екі күн ішінде баяғыдан тарихта аты қалған кезінде бүкіл Евразияны дүр сілкіндіріп, бірнеше рет Мәскеуді де өртеген өжет сарбаз халық айдауға кете барды. Келесі 20 мамыр күні көшіру жалғасты. Сол күні Берияға берілген мәліметте «Қырым Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасынан 191044 татар ұлтының өкілі көшірілді» - делінді. Кейінгі жағдайлар көрсеткендей Қырым татарларының бәрі Өзбекстанға қөшірілген жоқ. 4501 адамы Қазақстанға жайғастырылды. Қазақстанға қоныстандырылған қырым татарлары Өскемен, Зыряновск, Аякөз, Глубоковдный, Күршім, Ұлан, Урджар аудандарына және Қарағанды облысына қоныстандырды. Осы операция кезінде Қырым толық таза болсын деген болу керек. 7 мың болгарлар мен гректерде Қырымнан көшірілді. Қырымдағы татарлар туралы естелікті мүлдем жою үшін Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумы жариялауға жатпайтын «Қырым ауылдық кеңестерінің аттарын өзгерту туралы» - өкімі шықты. Бұнымен қоса сол жақта тұратын Қырым татарларының ауылдарының аттарыда өзгертілді.

Қырым татарларының Қазақстанның қай облысына нақты қоныстандырылғандығы туралы деректер жоқтын қасы. Соғыстан кейінгі жылдары Қырым татарлары деген ұғым Қазақстанда бірті-бірте жойылып Қырым татарлары жергілікті татар этносымен бірге саналып мәліметтерде бірге айтылатын болды.

Қазіргі Грузиядағы Месхетия ауданы XVI ғасырда Туркияның қол астында болды және мұндағы түрік диаспорасы 1829 жылы орыстар келгеннен кейін де қала берді. Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл жерлерде немістер, я олардың одақтастары болған жоқ. Бірақ осы жерді мекендеген түрік халқының өкілдері депортацияға ұшырады. Түріктерді көшірудің себебін бұл құнарлы жерлерді Берия грузиндерге алып беру үшін жасаған ба деген ой туады. Әйтпесе, түріктердің не жазығы бар еді. Я, Түркия немістер жағында Кеңестік Социалистің Республикалар Одағына соғыс ашады деген қауіп болды, бірақ 1944 жылы Түркия одақтастар жағында Германияға соғыс ашты, сондықтан Кеңес түріктері соғыс болса, Түркия жағына шығар еді деген қауіп сейілген еді. 1944 жылдың қарашасында Орта Азия мен Қазақстанға Месхетияның 220-елді мекенінен (Грузия Кеңестік Социалистік Республикасы) 110 мың адам көшірілді. 1944 жылдың 31 шілдедегі Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің қаулысымен Қазақстан басшылығына Қазақстан жерінде Грузиядан көшірілген 40 мың адамды қоныстандыру тапсырылды. Қазақстанға 6309 түрік жанұясы – 27833 адам, Өзбекстанға 10756 жанұя -53127 адам көшірілді. Бұл кезде Месхетияның 40 мың түрік азаматы Ұлы отан соғысы майдандарында соғысып жатты. Бұлардың 26 мыңы ұрыс далаларында қаза тапты. Әскер қатарындағы түріктерде босатылып, туыстары көшкен жаққа жіберілді. Грузиядан қөшірілген түріктер Қазақстанның 5 облысына жайғастырылды.

Алматы облысына - 2544 жанұя - 11004 адам

Жамбыл облысына - 822 жанұя - 3415 адам

Қызылорда облысына - 373 жанұя - 1826 адам

Талдықорған облысына - 337 жанұя - 1441 адам

Оңтүстік Қазақстан облысына - 2233 жанұя - 10147 адам

Барлығы: 6309 жанұя - 27833 адам.

Қызылорда облысы бойынша арнайы қоныс аударылғандарды шаруашылықтарға жайғастыруға жауапты бөлім басшысының мұрағат құжаттарында сақталған мәліметі бойынша Солтүстік Грузиядан көшірілген месхетия түріктерінің 356 жанұясы (1857 адам) Қызылорда облысының 6 ауданына орналастырылды.

Кесте 7. Месхетия түріктерінің Қызылорда облысы аудандарына орналастырылуы.


Қоныстанған ауданы

Жанұя саны

Адам саны

Шиелі ауданы

61 жанұя

327 адам

Арал ауданы

72 жанұя

354 адам

Қазалы ауданы

53 жанұя

327 адам

Қармақшы ауданы

65 жанұя

324 адам

Сырдария ауданы

49 жанұя

250 адам

Жаңақорған ауданы

56 жанұя

275 адам

Барлығы

356 жанұя

1857 адам

Алдыңғы мәлімете Қызылордаға көшірілген түріктердің жанұясының саны 373 деп, кейінгісінде 356 деп көрсетілген, шындығына келгенде алдыңғысы дұрыс-ау, себебі 1945 жылдың 10 қаңтарындағы мәліметте облыс жеріндегі түрік жанұяларының саны 366 деп көрсетілген, мүмкін бұлар кейін әкелінгендер болар, я жағдайдың қиындығына байланысты бір үйден бөлінген жанұялар қайта қосылған шығар.

Қазақстан жеріне көшірілген Қырым татарлары мен Грузиядан келгендер басқа депортацияланған халықтар сияқты ауыр жағдайға дұшар болды. Бірінші кезекте баспанамен және азық-түлікпен қамтамасыз ету керек болды. Үкімет қаулысымен бұларға егін егетін жер беру керек болды. Алайда бар жерлер бұлардың алдында депортацияланған және эвакуациаланғандарға бөлініп беріліп, жаңа игерілген жерлер болмады. Бірақ майдан батысқа жылжыған сайын эвакуациаланғандар азат етілген аудандарға көшіп олардың жерлері жаңа келгендерге беріле бастады. Бұл кезде Қазақстанда 600 мыңдай, Қызылорда облысында 30 мыңнан аса эвакуациаланғандар бар еді. Баста қиын болғанымен жаңадан келгендердің жағдайы Үкімет тарапынан жасалына бастады. 1944 жылғы 14 қыркүйектегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімімен Грузиядан келгендерге 1200 мың метр мақта матасы, ал 1944 жылдың IV кварталында тағыда 2 миллион метр мата беру көзделді. Бірақ 1945 жылдың 1 қаңтарына дейін олар 390,8 мың метр мата ғана алып үлгірді.

Қырымнан көшірілгендер үшін мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1944 жылдың 25 қыркүйегіндегі шешімімен 172 тонна ұн, 8,5 тонна жүн, 2134 қой терісі берілді. Бірақ қаулыда көрсетілген 100 тонна картоп берілмеді. Бұндай келеңсіз жағдайлар көп болды. Депортацияға ұшырағандар негізінен колхоздар мен совхоздарға орналастырылу керек болды, алайда үйдің болмауынан, жұмыстың болмауынан кей жағдайда оларды өндіріс орындарынада алып отырды.

Оны Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ундасыновтың және Қазақстан К(б)П ОК хатшысы Боршовтың Молотовқа жазған хатынан көруге болады. «Солтүстік Кавказбен,  Грузин Кеңестік Социалистік Республикасынан 1943-1944 жылдары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына көшірілген 109339 арнайы қоныстанушылар жанұялары төмендегі жерлерге орналастырылды.

а) колхоздарға 62436 жанұя

б) совхоздармен, өндіріс орындарына 46903 жанұя.

Сөйтіп, депортациялауға ұшыраған халық колхоздарда, совхоздарда, транспортта, өндіріс орындарында жұмыс істеді. Қазақстанға депортацияланған халықтар арасында адам өлімі өте жоғары болды. Осы себепке байланысты Қазақстанға көшіріліп келгеннен кейін көшірілген халықтардың саны түрлі деректерде түрліше, көбінесе саны төмендетіліп береді. 1945 жылғы мәлімет бойынша қоныс аударушылар арасындағы туу көрсеткіші 8039 адамды құраса, өлгендер саны 89659 адамды құрап, табиғи өсім минус 81620 адамды құраған. Соғыс біткеннен кейін жағдай біршама жақсарғанымен, депортацияланған халықтар көпке дейін өзінің соғысқа дейінгі деңгейіне жете алмады. Адамдардың көп өлуінің негізгі себебі дәрігерлік көмектің ауылды елді-мекендерде жоқтын қасы болғаны, ал ауылдан қалаға шығуға рұқсат болмай рұқсат аламын дегенше уақыт өтіп адамдар өліп жатты.

«Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұран көтеріліп ер азаматтар майданға кеткенде, депортацияланған халықтардың азамматтары тылдағы еңбек майданына жіберілді. Кеңес үкіметі олардың қолына винтовка бергеннен көрі, көп жағдайда күрек пен лом беріп, қиын еңбек майданына жіберіп отырды. Ұлы Отан соғысы алдында Қазақстанда өндіріс орындары көп болмады. Оны 1940 жылғы статистика мәліметтерінен көруге болады. 1940 жылы Орта Азия мен Қазақстанды қосқанда сол кездегі КСРО жеріндегі жұмысшылардың 3,5 % ғана болған. Ал соғыс басталғасын көптеген өндіріс орындары Қазақстанға көшірілгесін, жаңа өндіріс орындары ашылғасын жұмысшылар саны күрт көп керек болды. Сондықтан депортацияға ұшыраған халықтардың өкілдерін жұмысшылар қатарына алу басталды. Ал еңбек майданына алу жоспары күшпен болсада орындалып, өндіріс орындарында жұмыс істеу үшін депортацияланғандарды мобилизациялауға байланысты орындалып отырды. Осыған сәйкес Қазақстан жерінде 700 мың адам мобилизацияланды. Олардың 50670 неміс ұлтының өкілі. Осылай Кеңес үкіметі немістерден майданның ақысын тылда алды. Кей мәліметтерде «Еңбек майданындағы» Қазақстандықтар саны 750 мың - деп көрсетілген. Бірақ бұлардың бәрі депортацияланған халық өкілдері болмаған, олардың қатарында 200 мың қазақ ұлтыныңда өкілдері болған.

Еңбек майданы, соғыс майданынан кем болмаған неміс ұлт өкілдерінің статистикасынан көруге болады. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанға көшірілген 420 мыңнан астам немістен соғыстан кейін 330 мыңы ғана тірі қалған. Еңбек майданына сәйкес құжаттарды көріп отырып, кеңес үкіметі тегін жұмыс күшін көбейту үшін депортацияны әдейі ойлап тапқан ба деген ой келеді. Не болғанда да Ұлы Отан соғысы кезіндегі депортацияланған халықтар - сотталған халықтар тағдырын тартты деуге болады.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет