Марат Отарәлиев: «Тағдырмын ерте жоғалған »



Дата27.12.2016
өлшемі84,23 Kb.
#5757
Марат Отарәлиев: «Тағдырмын ерте жоғалған...»
Ақын Марат Отарәлиев. Жайсаң еді ғой. Онымен шүйіркелесіп сөйлесу, әңгіме-дүкен құру өзінше бір ғанибет. Осы бір асықтай ғана қатпа, қара жігіттің тал бойында қандай тартылыс күші барын қайдам? Әйтеуір, адам баласына тым үйірсек, өте-мөте бауырмал. Екінің бірінің көзіне әрдайым жылы ұшырайды. Ешкімді бөтенсіреп, шет қақпайды. Біз сияқты сәл-пәл кірпияз, кінәмшіл болу тіптен бойға бітпеген. Аңқау, адал, ақжелең. Көлденең көк аттымен сөйлессе де ағынан жарылып тұрады. Қаңқу сөзден іргесі аулақ.

ҚазГУ-дің студентіміз. Марат ақын, әсіресе, өлең табиғатын жеп-жетік меңгерген. Жаңа бастап жазып жүрген талапкерден гөрі тәжірибеге бай. Абайдан Қасымға дейінгі өлең-жырларды бала күнінен жаттап өскен жан. Алпысыншы жылдардың бас кезінде өлең әлемінде құйрықты жұлдыздай самғаған Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Өтежан Нұрғалиев, Жұмекен Нәжімеденов және басқалармен үзеңгі қағыстырып, қоян-қолтық жүріп-тұру Марат ақынның пешенесіне жазылған. Ол да оразасын осынау өлең-жырмен ашты, көңіл кірбіңін де сонымен жазды. Шалқар шабытты ащы сумен шақырған шақтарын да кешіру, кең пейілділік таныту ләзім.

Марат ақынның бойына біткен бір қасиеті – онша көп күй талғамайтын. Бірқақпай өлеңдерінің талайын қолма-қол суырып салып немесе соңғы партаға отыра қап сүйкейтін. Онысы ойдан көшіргендей әсер қалдырмаушы еді.

Бірде кезекті лекция кідіріске ұшырады. Шетел әдебиеті болатын. Дәріс беретін оқытушымыз Ф.Г.Фролова аяғын әзер алып жүрген мәужіреген кемпір. Зейнеткерлікке шығып, қолын жылы суға малып отырса да теріс емес. Бірақ шетел классиктерінің шығармалары жайлы онан көп білетін зиялы да зерделі ұстаз кемде-кем. Сондықтан да бұл апайымыз әзірге жуан ортадан қалмай, жұрт легіне ілесіп жүр. Мейлі, өзінің жанын қинамаса, бізге бәрібір.

– Фролова апайдың сабағын сұрап алғанмын. Енді менің лекцияма құлақ түресіздер, өңшең көген көздер мен күлімкөздер.

Бұ кім десек, өзіміздің тай-құлындай тебіскен кәдуілгі Марат. Еш күлмейді. Бөтен сыр да бермейді.


Буфет көшіп келеді көшеменен,

Осындайда көңілде еседі өлең.

Егер арақ өзен боп ағып жатса

Масайғанша балық боп іше берем!


Мұнысы Шығыс жұлдыздарының темірқазығы іспетті Омар Һаямға еліктеп шығарғаны. Иә, Мараттың да белгілі бір рубаяттарында ішімдік жайлы кең мағлұмат беріліп, сусын ретіндегі рухани қасиеттері біршама мадақталды. Мәселен:
Кім екен бұл арақты жаман деген,

Байқап сөйлеп жүрмей ме адам деген.


Мына өлең жолдарын естігенде бөлімшеміздің старостасы, жамбылдық жардай қыз Жәмила Мәсімханованың шыдам-төзімі аяқ астынан таусылып, алғы орындықтан атып тұрды.
– Әй, Марат, маған сенің маскүнемдікті уағыздаған өлеңдерің бес тиынға да қажет емес. Ертеңгі күні байларымыз арақ ішіп кетсе, обалы саған. Осыны бір деп біліп қой. Екіншіден, біз бәріміз де әдебиетшіміз ғой. Болашақ тіл маманымыз. Фролованың орнына көңілімізді шын аулағың келсе, дені дұрыс, ойлы өлеңдеріңді оқы, – деді.
Сол-ақ екен Марат төмендегідей жыр жолдарын төгілтсін келіп.
Қызықсам гүлге көктемде,

Сағыныш болар билеген.

Қиялға жүйрік жеткен бе,

Көңілде толы күй деген?!


Шомылсам мөлдір бұлаққа,

Жанымда ыстық махаббат.

Жүрсем де аулақ-жырақта,

Әкеттім соны арқалап.


Әкетсін мейлі қай бағыт,

Кеттің деп алыс ұрыспа.

Келермін сансыз айналып,

Туған жер, мені ұмытпа.


Қағады діріл көл беті,

Сәулесін төксе ай нұры.

Туған жер, әсем келбетің,

Қызықпай қалдым қай күні.


Ертемен тұрып жөнелсем,

Сейілер селдір тұманың.

Қымбатсың маған өз өлкем,

Қанады қашан құмарым.


Қанады қашан құмарым,

Жеткізбес түбі сырыңның,

Мен де бір жанған шырағың,

Мен де бір тентек құлының.


Ду қол соғып, қошеметтеп жатырмыз. Бір сәт тым нәзік, талдырмаш сары қыз ептеп орнынан тұрды. Марат ағасына именіп қарады да, ойын әрі қарай сабақтап әкетті. Қазақ радиосының болашақ дикторы Сауық Жақанованың сыңғыр қаққан әуезді үнін ең алғаш рет естіп отырғанымыз осы.

– Ағатай, айып көрмесеңіз, тағы бір өлеңіңізге құда түсейік деп ек.


Жігітті жұрт мақтаған, қыз жақтаған. Отарәлиевтің тағы бір мәрте өкшесі көтерілді. Жігерін және бір жанығандай. Қос жанар жалындап, от шашады.
Жаңаөзеннен шыққан күні екеуміз,

Гурьев жаққа текке асыққан екенбіз.

Шығаруға келе алмады бойжеткен,

Артымыздан қол бұлғады бөтен қыз.


Келіскен ек, шығамыз деп жолға біз,

Ол келмеді, шын мұңайдық сонда біз.

Бойжеткеннен…

Мұнараның жанында

Сен түсірген бір сурет бар – олжамыз.
Ол келмеді, көп қарадық жол маңын,

Түсінбедік мұның қалай болғанын.

Қия алмадық Жаңаөзенді сол сәтте,

Қия алмадық мұнаралар орманын.


… Беу, бойжеткен, жүректерді жаз еткен,

Ұмытылады саған деген наз-өкпем.

Сол күні сен өндіріпсің мол мұнай

Оны кейін оқыдық біз газеттен.


– О, пәлі!

– Жарайсың, Марат досым!

– Дат, тақсыр, дат!
Ешкімнің қаперінде жоқ Естеу ағамыз атып тұрды. Бөлімдегі ең жасамыс, «қарт» студент. Өзі Қытайдан. Кезінде ол жақта «Шұғыла» атты әдеби журналдың бас редакторы болған. Жерлесі жазушы Бұқара Тышқанбаев, ақын Оразақын Асқар, Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтқожиналармен терезесі тең сөйлесетін жан. Естеу ағасының өтінішіне орай Марат қайта көсілді.
Кеудеңде тоғай сөйлеп, бұлақ ағып,

Жылжыды қанша ғасыр, жыл ағарып.

Жасыл жер, тыңда, бүгін жыр оқиды

Төсіңде бір ерке ұлың тұра қалып.


Қанатын қағып беріп сан үміттің,

Кеудеңе сіңіп жатыр ағылып күн.

Жасыл жер, жеттің бізге әжімденіп,

Алысып мың бетімен қарт тарихтың.


Сол әжім, мұң түнеген, нұр түнеген,

Жарасып жатыр дәуір ғұрпыменен.

Бар әлі асқар тауың, ала бұлтың,

Бар әлі тентек өзен күркіреген.


Шулаған сол күйіңде көк ормандар,

Төсіңде жүзіп жүрген мол арман бар.

Бәрі бар, мүмкін, сұлу бұрынғыдан,

Жоқ жалғыз сенен мәңгі жоғалғандар.


Жоқ олар! Топыраққа тұншығыпты үн,

Қайтадан жанған шығар бір суық күн.

Біз бармыз сынғаны үшін бір шыбықтың

Алдында жауап берер тіршіліктің!


Осы дәстүр әрі қарай жақсы жалғасын тапты. Марат ақын айында, аптасында бір-екі мәрте шығармашылық есеп беріп, өлең сүйген құштар қауымды тәнті етіп жүрді. Арқалы ақынның шалқар шабытына шаттанып, біздің делебеміз қозады. Соншалықты баурап, еліктіріп, жан дүниеңді тербеп әкететінін қайтерсің. Міне, нағыз ақын деп осы Марат Отарәлиевті айт!

Марат ақынды аудиториядан көп көрмейміз. Жатақханадан да сирек кездеседі. Кө­біне-көп жүретін жері – Жазушылар одағы, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің редакциялары. Баспаларды да жиі аралап, үлкен ақындармен майлы қасықтай араласып жүргені. Ізтай, Сағи, Мұқағали, Төлеген, Өтежан және бас­қаларының соңынан ерген ізбасары еді десем дөп келеді. Енді бірде Мараттың өзі де топ бастап, бөлме мен бөлме арасында дүрлігіп жүреді. Оның жан жолдастары – Дулат, Әлібек, Лебен, кейде Елен мен Ескендір де үлкен шоғырдың шашбауын көтеріп, мәре-сәре.

Студенттер арасында көп тараған қауесет, аңыз-әңгімелердің бірі тарихшы-ұстаз Қарағұсов жайында. Марат екеуі бірде ресторанда кездесіп қалады-мыс. Ұстаз да, шәкірт те бурыл. Бір-бірін беттен сүйіп, әлсін-әлі төс соғыстырады білем. Сондай бір мамыражай шақта бірі екіншісіне қолқа сапты:

– Осы сені айтулы ақын дейді. Рас болса, осы бойда мен жайлы қолма-қол суырып айтшы, бауырым! – деп отыра кетеді. Ұстаз орындығына жайғаса берсін, ал шәкірт тұрып сөйлеуі шарт. Марат ақын түрегеп тұрып:


О, менің ескі досым Қарағұсов,

Отырмыз бүгін, міне арақ ішіп.

Сен болсаң арақтағы кәрі тарлан,

Мен сенің соңыңа ерген бала күшік,


– дейді де алдындағы арақты сіміріп салады. Анау да сол бойда мәз-мейрам боп, қайта сүйіседі, қайтара құшақ айқасады.

Сол сол екен, аталмыш өлең Алматыны әп-сәтте-ақ аралап, ақбас Алатауға қарай самғайды. Ақ үйдегілерге естіледі. Тарихшы-ұстаздың абыройына қауіп төнеді. Ұзын-құлақтан естуімше, Марат ақынның сондағы басына үйірілген қорғасын бұлт салмағы да зіл батпан деседі.

…Курстас досыммен байланыс аяқ астынан үзілді. Ол айдың-күннің аманында әскери міндетін өтеуге аттанды. Сол кездегі студент, кейін «Егеменде» табан аудармай жұмыс істеген тарлан журналист Әділ Дүйсенбеков те Мараттың соңынан кетіп, парашютші десант болып қызмет етіп қайтыпты.

Содан бес-алты жылдай Марат ақын екеуміз бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мен Мақат, ал Марат Балықшы аудандық газеттерінің пұшпағын илестік. «Отарәлиев оқытушы болады», – дегенге сену қиын. Ақынжанды жігітке ең жақыны, тонның ішкі бауындай болып есептелетіні – бұқаралық ақпарат құралдары емес пе.

1970 жылдың бас кезі. Маңғыстаулық Лебен деген курстас досымыз қаңғалақтап Атырауға келе қалды. Әлдеқайдан Марат пен Күзембайды жолықтырып, әбден орта толды. Бір-бірімізбен, жүдә, сағынысып көрістік. Жалын атқан жастығымызды еске түсіретін жаңалықтар шаш етектен.

Нағашым Орынбасар Жасақбаевтың қара шаңырағының астында бір күн, бір түн бас қостық. Олардың оқитыны – өлең. Қойын кітапшасын қалтасына салып жүрген ешкім жоқ. Марат та, Күзембай да суырып салып, Лебен екеуміздің әбден айызымызды қандырды. Құлақтың құрышы қанды.


Біз Маратты аймаңдай ақын десек, Күзембай да өзінше дүлдүл. Қояр емес, ернін әлсін-әлі жалап қойып, шөпті де, шөңгені де қолма-қол жырға қосады. Ал енді Отарәлиевтің үйреншікті әдеті – мойылдай қап-қатты қара шашына тыныштық бермейді. Әлсін-әлі шалқасынан қайырады да отырады. Міне, бәйгеге шабар жарау аттар, нағыз Тайбурыл осылар.

Тағы бір анық аңғарғаным – ішілген арақтың есебі жоқ. Ал бірақ масаятын түріміз көрінбейді.


Мен бір қара балта едім,

Қайрауын таппай кетілдім.

Қайраса тағы жетілдім,
– деп Махамбет бабамыз айтқандай, Марат пен Күзембай қырлы стақанды ауызға алған сайын жаңа өлең, жаңа тақырып, жаңа бір көңіл-күйді, несін айтасың, қойша қоздатады. Жарықтық, екеуі де өз елінің Мұқағалиы, өз жұртының Айбергеновы еді ғой!

…Марқұм өмірден тым ерте кетті. 36 жас дейтін не, тәйірі! Осы күнге дейін тірі жүрсе, қанша халықты өлең рухымен тояттатып, сусындатар еді, шіркін! Көз жұмарының алдында ең соңғы ақтық демін де былайша білдіріпті:


Бастады мені жол алуан,

Тағдырмын ерте жоғалған.

Жеткізбей кетті қайтейін

Кеудемде жүрген көп арман.


Иә, арманын елге, бала-шағасына аманаттап кеткен дүлдүл ақынымыз осы Марат Отарәлиев. Бұл күнде Теңдік зиратында жатыр. Жол-жөнекей әрлі-берлі өткен сайын күбірлеп іштей дұға етеміз. Біздің қолымыздан келгені осы ғана. Бұдан бес-алты жылдың турасында асқаралы 60 жасын ел боп, жұрт боп ұлан-асыр атап өттік. «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген ретпен әруағын еске алдық. Әсіресе, курстас достары атынан айтарым:

– Жаның жәннатта болсын, Марат! Артыңда қалған ұрпағыңа көз қырыңды салып, пәле-жәледен сақтай жүр. Қамшының сабындай қысқа өмірді бұлбұл боп сайрап өткіздің. Құдайым кейінгі жас жеткіншектерге сенің тағылымыңды берсін, сенің талантыңа тәнті етсін! Әумин!


Авторы: Сабыр ӨТЕПБЕРГЕНОВ.
Каталог: referats
referats -> ӘӨЖ 894. 342. 35 Ә 20 жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы меңдібай Әбілұлы А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ
referats -> Саттар Ерубаев (1914-1973) Қысқаша өмірбаяны
referats -> ӘӨЖ 951/959 ортағасырлық ТҮркі ғалымдары мен жазушылары ф. М. Махашова №36 қазақ орта мектебі, Тараз қ
referats -> Еуропалық орта ғасыр әдебиеті
referats -> Торайғыров Сұлтанмахмұт
referats -> Ілияс есенберлин
referats -> Сүйінбай Аронұлы
referats -> Сүйіктісі халықтың
referats -> С‰йіктісі халыќтыњ
referats -> Өмірбаяны мен күрескерлік ќызметі с. Д. ¤мірзаќов Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз ќ


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет