«Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамытудың тиімді жолдры»



Дата25.12.2016
өлшемі69,85 Kb.
#4836
«Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамытудың тиімді жолдры»

Тіл - қоғамдағы адамдардың бір - бірімен пікір алысып, қарым - қатынас жасайтын құралы. Таза мәнерлі тіл – бұл ойлау жемісі. Баланы ана тілінде дұрыс сөйлеуге үйрету арқылы олардың бойындағы тілдік мәдениетті қалыптастырамыз. Олай болса тіл адам баласы қоғамымен бірге туып, өмір сүріп, ұрпақтан - ұрпаққа мирас болып келе жатқан мұра. Баланы тілдік мәдениетке тәрбиелеуде отбасының, бала - бақшаның қажырлы еңбегі орасан. Бала - бақшада тәрбие жұмыстарының басты мақсаттарының бірі - баланың тілін ұстартып, жақсы сөйлей білуге үйрету. Мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту жұмысы балабақшада өтілетін барлық сабақтарда (шығарма оқу, сауат ашу, сурет, математика, музыка, дене шынықтыру, т.б.) баланың жасына қарай жүргізіледі. Мысалы, жазда балабақша ауласында, «Жайлауға саяхат», «Шопан ата қонақта», «Ыдыс дүкені», «Мектеп», «Мұғалім», «Дәрігер», т.б. творчествалық ойындар өткізіледі. Бұл ойындарға қажетті материалдарды тәрбиешілер дайындап, балаларды қатыстыра отырып, өздері жасайды. Олар әзірленген түрлі түсті «кәмпит», «нан», «тоқаш», «құрт», «ыдыс-аяқ», «Жайлау» ойыны үшін жасалған киіз үй, үй мүліктері, төсек-орын, көрпе жастық, кілем, алаша — балалардың бұрын үйренген сөздердің дұрыс айтуға, бір-бірімен сөйлесіп, пікір алысуға, бір-біріне әңгімелеп беруге мүмкіндік беретіні сөзсіз .Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ы. Алтынсарин атамызда балаларды оқу және оқыту, тәрбиелеу ісінде ауыз әдебиеті шығармаларының маңызды орын алатындығын айта келіп: «Өмірге қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларына жаттықпайынша, қай - қай тілде болса да, еркін, жүйелі сөйлеу мүмкін емес» - деген болатын. Мектеп жасына дейінгі баланың тағы бір ерекшелігі – олардың еліктеу, қиялдау қабілетінің басым болуы. Сол себепті әрбір ата - ана, тәрбиеші баланың қойған сұрақтарына үнемі, дұрыс жауап берулері керек. Баланың тілін дамытуда мынадай жұмыс түрлерін жүргізуге болады.

1. Айналадағы бар, күнделікті өмірде пайдаланып жүрген заттарды (киім - кешек, ыдыс - аяқ, тағам, үй жиһаздарын ) көрсетіп, атын сұрап айтқызу.

2. Осы заттардың қайдан, неден (ағаштан, шыныдан, жүннен, темірден жасалғандығын) түсіндіру.

3 Ойыншықтары жайында, жақсы көретін ертегісі туралы әңгімелесу.

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, сақталып келе жатқан наным - сенімдерін, дәстүрін, жол - жоралғыларын, әдеп - ғұрыптарын өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына сіңіру мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамытуға баға жетпес нәтиже береді. Балаларға осы халқымыздың игі дәстүрлерін: бесікке салу, ат қою, тұсау кесу, қонақ күту, ас қайыру т. с. с әр сабақта тақырыпқа байланысты айтып отыру. Балаларға жасына қарай көркем әдебиет шығармаларын мазмұнын айтқызу, мақал - мәтел айту, жұмбақтар жасыру сияқты жұмыстарды да жүргізуге болады. Жұмбақ жаттау кезінде балалар өзінің білім дәрежесін байқап, көп білуге талпынады, ынта – жігері артып, жауапкершілікті сезінеді.

Мысалы: Қараңғыны түреді,

Ылғи жалғыз жүреді.

(ай)

Домалап кетеді,



Қайта домалап жетеді.

(доп)


Қабат - қабат қаттама,

Ақылың болса, аттама.

(кітап )

Мақал - мәтелдің де бала тәрбиелеуде орны ерекше.

Мысалы: Жақсы болсаң, жақын көп.

Тіл - буынсыз, ой - түпсіз.

Ағаш тамырымен мықты,

Адам жолдасымен мықты.

Жаңылтпаштар айту баланың тілін дамытуда маңызды рөл атқарады.

Шілікті шаптым,

Жілікті астым.

Шілікті жақтым,

Жілікті шақтым.
Қаштым қатты - ақ

Ұшты қалпақ,

Балақ сатпақ,

Аяқ батпақ.

Мектепке дейінгі балалардың сөздік қорын, сөйлеу тілін дамыту мәселесі жаңа бағдарлама бойынша осы бағытта белгіленген. Алайда әлі оқи, жаза білмейтін балаларға жалпы тілге қойылатын талаптарды меңгерту, жаңа сөз үйрету, сөйлеу тәсілдеріне жаттықтыру, қоғам өмірінен, табиғат тіршілігінен тыс емес, осылармен тығыз бірлікте, сабақтаса жүргізіледі. Олай болса, тәрбиешілер тіл дамыту сабағын жоспарлағанда баланың өмірден алған әсерін, естіп, білгенін ұдайы ескеруге тиісті. Сөз үйретуге арналған сабақтар экскурсия, бақылау жұмыстарымен үйлестіріле жүргізіледі.

Тәрбиеші қай тақырыпта қандай бақылау, экскурсия, әңгімелесу, әңгімелету сабақтарын өткізгенде де балаға берілетін білім мен зат арасында шартты байланыс болуын ескерту керек. Сөздік атауларды бала санаулы түсініп, дәл танып–білсін. Мысалы, балабақша үйін бақылату, үйдің оң және сол жағында көше аттары, сол көшедегі немесе қарсысына орналасқан басқа мекеме туралы балаларға атап айтып түсіндіруі керек. Бала мұндайда «оң жақ», «сол жақ», «қарсы алдында» деген сөздерді үйренеді.

Айналадағы өмірді бақылату жұмысында екі түрлі әдіс қолданылады:

Біріншісі – баланың өмір шындығын қабылдап түсінуі. Бұл бақылату жұмысында іске асады. Осының нәтижесінде түрлі заттармен өмір құбылыстары туралы айқын елес қалады. Көріп, таныған заттардың атына, қажеттігіне, түр түсіне, формасына байланысты сөздік қоры дамиды.

Екіншісі – заттармен өмір құбылысы нақтылай түсіндіріп, бақылатып көрсету. Мұндайда тәрбиеші адамдардың өмір тіршілігі – еңбек процесі, өлі және тірі табиғат ерекшелігі туралы әңгімелеп беріп, жүйелі түрде салыстыра көрсетіп таныстырады. Әрбір бақылау, әңгімелету, әңгімелесу сабақтарында сабақ мазмұнына қарай диафильм ойыншық суреттер көрсетіп, әдеби шығармалар оқытылады. Сабақты осылайша көрнекі құралдарды пайдалана отырып, өмірмен, іс–тәжірибемен байланысты жүргізгенде ғана баланың санасында айналадағы дүние жөнінде айқын елес қалады.

Сөзді түрлі формада қолдануға үйрету жұмыстары тіл дамыту сабақтары кезінде іске асады

Тіл дамыту, сөз қорын молайту сабақтарында баланы сөз ішіндегі дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету ісіне баса назар аудару керек. Балалардың көбінің сөз ішінде кездесетін р, л, с, ш, ж, з, б, п, ф дыбыстарын айтуға қиналатыны байқалады. Кейде бала аталған дыбыстарды жеке–жеке дұрыс айтады да, сөз ішінде дұрыс айта алмайды.

Балалардың дыбыс қолдануында мынадай кемшіліктер кездеседі: сөз ішінде дыбысты дұрыс айтпау, сөзде дыбыс қалдырып айту; сөз ішінде дыбыс алмастыру. Мысалы, қуыршақ–құршақ, қолғап–қолбақ, орамал-омалар –омайлар.

Дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру жұмыстарын басқа сабақтарда (шығарма оқу, дидактикалық ойын, бақылау) сабақ мазмұнына қарай жүргізуге болады. Бала оқу жылы ішінде бағдарламада көрсетілген дыбыстарды түгелдей дұрыс айтатын болуы қажет.

Жоғарыда аталған кемшіліктерді түзету үшін ең алдымен балаға қиын р, ш, з, с, ж дыбыстары жиі кездесетін сөздерді тыңдата отырып, баланың құлағын (есту қабілетін дамыту) сөздің дыбысталу ерекшелігіне төселдіру керек. Онан соң дыбыстарды жекелеп айтып, сөйлеу мүшелерінің осы дыбыстарды айтқанда қалай қолданатыны балаға көрсетілуі жөн. Мысалы, ш дыбысын айтқанда ерін алға қарай сәл ғана сүйірленіп тілдің ұшы тістен алыстап, артқы көмейге қарай жиырылады, ж дыбысы да сол сияқты айтылады. С дыбысын айтқанда ерін аз ғана ашылып, тіл төменгі тістің түбіне таяу келеді, з дыбысы да осы сияқты айтылады. Соңғы дыбысты айтқанда бір ерекшелік — аздаған үн қатысады.

Мектеп жасына дейінгі балалар негізінен өте қарапайым түрде әңгімелейді және тек жай сөйлемдермен немесе көмекші сұраққа бір сөзбен ғана жауап береді. Әсіресе көркем әдеби шығармаларды мазмұндап айтып беру қазақ тілінде жұмыс істейтін балабақшаларда айтарлықтай емес. Сондықтан тәрбиешілердің бұл мәселеге ерекше көңіл бөлгендері дұрыс. әңгімелеуге үйреткенде мыналарды ескеру қажет:

1 балалардың қойылған сұраққа дұрыс, толық жауап беруі;

2 тәрбиеші қолданған күрделі сөйлемдерді қайталатқызу;

3 өздеріне сөйлемдер құрату;

4 сөйлемге қажет сөздерді ойлап тауып айтуға үйрету;

5 сөз жасау, сөзге түрлі жалғау–жұрнақтар қосып айтуға үйрету;

6 суретті көрсете отырып және суретсіз (белгілі оқиғаға) әңгіме құрату.

Сөйлеуге үйретудің негізгі әдістерінің бірі – тәрбиешінің балаларды жетекші сөздер арқылы әңгімеге қатыстыра білуі.

Әңгімелеп беру сабақтары айына бір-екі рет өтіледі. Естиярлар тобында оқу жылының басында ойыншықтарды, суреттерді сипаттап айтуға үйрету сабақтары жүргізіледі. Желтоқсан, қаңтар айларынан бастап оқылған шығарма мазмұнын әңгімелеп беру сабақтары басталады.

Сабақта қолданылатын әдістер тәрбиешінің сұрақ қойып жауап алуы, тапсырма беруі, түзетуі, көрсетуі, әңгімелеп беруі. Дидактикалық ойындар ойнатып балаларға таныс заттар мен ойыншықтардың суреттерін көрсетіп әңгіме құратуға болады.

Оқылған шығарма мазмұнын әңгімелеп беруге үйретуде тәрбиеші шығарма мазмұнына сай сұрақтар бере білуі керек. Қойылған сұрақтар балаға ой салатындай, жауап беруге мәжбүр етерліктей, шығарма мазмұнын ашатындай, әңгіме желісін бұзбайтындай болуы керек.

Балаларды өздері көріп – бақылаған жайттары туралы айтуға үйрету үшін ең алдымен тәрбиешінің өзі әңгімелеп беруі тиіс, соңынан балаларға айтқызады. Баланың жауабын үнемі бақылап, түзеп, бірінің айта алмағанын екіншісіне айтқызып отырады. Сабақ тәрбиешінің қорытынды жасауымен аяқталады.

Тәрбиеші балалардың әңгімелерді кейбір фактілерді толықтырып отыруы тиісті.

Оқылған шығарма мазмұнын бір рет қана әңгімелету жеткіліксіз, оны бір–екі аптадан соң қайталаған жөн. Алғашқыда шығармаға арналған суреттер бойынша келесі сабақта әңгімелетеді.

Әңгімелеп беруге үйретуге бағдарламада көрсетілген шығармаларды алу керек: «Кім күшті?», «Залым түлкі», «Қырманда», «Әтеш пен ит», т.б.

Әңгімелесу сабақтарында тәрбиеші бала әңгімесінің мазмұнын бақылап отырады, оның қандай сөздерді, сөйлемдерді қолданғанын қадағалайды. Оның лексикалық қатесін түзетіп, сөйлеу тілінің даму ерекшелігіне қарай дұрыс әңгімелеуге бағыт беріп отырады .



Міне, тіл дамыту жұмыстарының барысында балалар нені меңгеру керектігін атап көрсеттік. Қорытындылай келе, мектепке дейінгі балаға дұрыс берген білімнің нәтижесінде олардың болашақта сөздік қоры мол, сауатты азамат болуларының негізі осында қаланатынын біз болашақ тәрбиешілер дұрыс түсінгеніміз жөн. Тіл дамыту бойынша оқылатын әрбір сабақ өзінше ерекше болуы керек. Және де ол баланың бойына сіңіп, тамырын тереңнен алғаны жөн деп ұғамыз.

Қорыта айтқанда, баланың жан - жақты дамуына, тілдік қорының молаюына көбірек көңіл бөлсек.
Каталог: 6A95A4048CCBBF88
6A95A4048CCBBF88 -> Жұмыстың тақырыбы: «Тарихи-өлкетану мұражайы Қарсақ ақыннан қалған мәдени мұра» Жұмыстың мақсаты
6A95A4048CCBBF88 -> Сабақ Тақырыбы: «Мағынасы қарама-қарсы сөздер»
6A95A4048CCBBF88 -> Оқу жылындағы химия-биология пәндерінің берілуі туралы есебі Пән мұғалімі туралы ақпарат
6A95A4048CCBBF88 -> Оқу жылындағы математика және информатика пәні бойынша атқарылған жұмыстардың жылдық есебі
6A95A4048CCBBF88 -> 4- сынып Күні: 15. 01. 2016ж Пәні: дүниетану Тақырыбы
6A95A4048CCBBF88 -> Сабақ барысы: Бағалау парағы
6A95A4048CCBBF88 -> Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ Сабақтың типі: Аралас сабақ
6A95A4048CCBBF88 -> «Жырлайды жүрек»


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет