Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу және бағалану тарихы.



бет1/3
Дата04.07.2018
өлшемі304 Kb.
#46400
  1   2   3



Сәбит Жәмбек



Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу және бағалану тарихы. ( 1940 – 60 ж.ж.)

Көкшетау – 2006 ж.


ББК

Ж

Оқу құралы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми-әдістемелік кеңесінде талқыланып, пайдалануға ұсынылды.


Жәмбек С.Н. Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу, бағалану тарихы (1940-60 ж.ж.)

Арнаулы курсқа арналған оқу құралы. 80 б.

Көкшетау – 2006
Пікір жазғандар:Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Негимов С.Н.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шапауов Ә.Қ.

Бұл оқу-әдістемелік құралда М.Әуезовтің «Абай жолы», «Абай» романдарының қазақ, орыс әдеби сынындағы танылу, бағалану жай-күйі қарастырылады. Мұнда баспасөз беттерінде жарық көрген әрқилы әдеби-сын материалдар талдап, таразыланады. Оқу-әдістемелік құрал әдебиетшілерге, ұстаздар қауымына, магистрант, студенттерге арналған.

ББК


Ж
ISBN: 9965-506-01-9

© Жәмбек С. 2006

Баспа:

К І Р І С П Е
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бұл күндері бүкіл дүниежүзілік мәнге ие болған туынды.

Әуезов туындысы қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухани қазынасына қосылған айтулы жаңалық, зор байлықтардың бірі екені даусыз. Ол - ұлттық мәдениеттің шегінен шығып, басқа елдер мен халықтардың мәдениетімен астасып, кірігіп, бүкіл дүние жүзілік көркем ой мен мәдениеттің биігінен үн қататын, үздік рухани құбылыс. Бұл туындының жалпақ халықтың жүрегін жаулап, өзіне баурап алуында үлкен сыр жатыр. Енді осы туынды өнер шарттарының биік талап – талғамынан сүрінбей өтіп, өзінің бүгінгі орнына, бағасына қалай жетті?

Белгілі бір көркем шығарманы объектіге ала отырып, әдебиеттану ғылымында тың ойлар, тұжырымдар, концепциялар қалыптасады.

Осы төңіректе көптеген проблеммалар туып, айтыстар, дискуссиялар өрістеп жатады. Әдеби көркем шығарманың дүниеге келуі – бұл әдебиет тану саласында тың тұжырымдар дүниенің жаңа қырын ашуға шақыратын дүниетанымдық пайымдаулар, көркемдік шарттарды өлшем ете отырып туындаған жаңаша эстетикалық көзқарастар, соны философиялық пайымдармен астасып жататын рухани құбылыс.

Кезінде Мұхтар Әуезовтің Абай туралы романдары жарық көрген кезінде осындай айналасын елең еткізерлік құбылыстардың бірі болып еді.

Осы шығарманың төңірегінде республикалық және кеңестік баспасөздерде қаншама айтыстар, дискуссиялар туындап еді?! Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды мынадай. Ол әдеби сын – зерттеу еңбектер белгілі бір шығармаға байланысты туатындығы. Демек әдеби – сын зерттеу еңбектердің негізгі объектісі – көркем шығарма. Ал енді осы әдеби сын – зерттеу еңбектер туралы зерттеу – бұл басқаша мәселе.

Бұл жұмыста біздің қарастыратынымыз көркем шығарманың өзі емес, сол көркем шығарма төңірегінде айтылған ой – пікірлер, тұжырымдар, сын – зерттеу еңбектер жайы болмақ.

Мұхтар Әуезовтың «Абай», «Абай жолы» романдары дүниеге келген кезеңнен бастап ол туралы қаншама сыни мақала, рецензия, монографиялар жарық көрді. Сын дегеніміз өзі белгілі бір кезеңнің, әлеуметтік ортаның көзқарасын, тынысын рухани ойлау жүйесінен хабардар ететін құбылыс. Ол уақыттың заманның тынысына байланысты өзгеріп, дамып отырды. Сын «жылжымалы эстетика» деген болатын ұлы сыншы Белинский. Олай болса «Абай», «Абай жолы» романдары да уақыттың талай сопақ – сүрлеулерін басып өтіп, кезеңдік сыни ой – пікірлердің талқысына түсе отырып, бүгінгі күннің талап – тұрғысына сәйкес, өзінің көркемдік билігінен танылып отыр.

Көп зерттеушілер осы уақытқа дейін тек таза шығарманы өзіне үңіліп, оның көркемдік – идеялық қырларының сала – саласын әр қырынан зерттеп келген болатын. Көркем шығарманың мәнін, оның идеялық – эстетикалық қатпарларын ашуда, түсіндіруде бұл зерттеулердің маңызы ерекше. Бұл тұрғыда біраз жұмыстар жасалды. Қазіргі кезде де мұндай зерттеулер жасалып отыр. Ол келешекте де өз жалғасын таба бермек.

Бірақ М. Әуезовтың «Абай», «Абай жолы» романдарына байланысты сыни – зерттеу еңбектерге байланысты шолу, қорытынды түйін – пікірлер көп қозғалмай келген болатын. Сонымен бұл жұмысымызда осындай зерттеулерге шолу, бағдар жасау.

Алайда «Абай», «Абай жолы» романдарына байланысты жазылған өткен ғасырдың 40 – 50- інші жылдар төңірегіндегі барлық сыни – зерттеулерге кеңінен тоқтап, кесімді пікір – бағаларын толығынан бере алмаймыз. Ол қыруар жұмыс.

Біздің мақсатымыз осы салада зерттеймін деген болашақ зерттеушілерге түрткі болу, ой салу. Осы арқылы ұлы жазушының творчествосы туралы жаңаша байлам, оның шығармасынан әлі де танылмай беймәлім жатқан көркемдік сырының кілтін ашуға деген құлшыныс.



І. Мұхтар Әуезовтің Абай туралы романдары 1940 – 50 жылдардағы – қазақ әдеби сынының нысанасы.

М. Әуезов 1920 – жылдан бастап бүкіл өнерпаздығының өзегі болған Абайдан бір сәтке көз жазбай, ол туралы үлкен бір дүние жазуды арман етті. 1932 жылы Абай жинағын шығарып, 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына «Абайдың ақындық айналасы» деген маңызды еңбек жазып, 1939 – 1940 жылдары Абайдың екі томдығын дайындауға ұштастырды.

Л. Собольевпен бірлесіп 1939 жылы «Абай» трагедиясын жазды. Жазушы архив ақтарып, елге сапарға шықты. Абайды көрген – білген тірі куә, көзі тірі замандас – құрдастарымен кездесіп, естеліктерін тыңдады. Шабыт қысқан шақта болашақ туындының үзінділері жазыла бастап, барлау машықтану ісімен ұласып жатты. Зәулім бір дүниенің бөлшегі іспеттес «Татьянаның қырдағы әніне», /«Әдебиет майданы»1937 ж. № 4 / орыс жазушысы С. Родовтың 1937 жылы назары ауып, «Если весь роман будет написан на таком же уровне мастерства, то мы будем иметь в казахской литературе произведение сильное и примечательное» дегегн болатын. [4.]

Ұзақ жылғы ойдың , ізденістің толғағы жетіп, жазушы 1942 ж «Абай» романының бірінші кітабын шығарды.

1942 ж дейінгі Әуезовтің бүкіл творчестволық өмір - өткелдеріне көз жүгіртсек біз екі үлкен саланың бірдей тоғысып, жалғасып келе жатқанын көреміз. Оның бірі – М. Әуезовтің ғылыми – зерттеушілік бағыты болса, екіншісі - көркем сөз өнері. Соңғысыныңғ өзі де екі бағытпен кетеді. Біріншісі - драматургия саласы, екіншісі - көркем проза және көркем аударма.

Ғылыми – зерттеушілік арнаны еске алар болсақ, М.Әуезов өзінің сонау 1917 ж тұңғыш жарық көрген тырнақалды туындысы, «Адамдық негізі - әйел» деген публицистикалық мақаласынан бастап өмірінің соңына дейін сан – салалы ізденіс, жаңалықтарға толы қыруар ғылыми – зерттеу еңбектер берді. Соның ішінде көп тер төккен, зерттеушілігінің мәнді де маңызды саласы – Абайтану.

Ал көркем творчествода М.Әуезов өзінің алғашқы шығармаларымен – ақ Еуропалық үлгі деңгейде көрінген жазушы. Жазушының мұндай көркемдік сапаға ие болуына ең алдымен қазақтың төл әдебиеті, әсіресе ұлы Абай дәстүрінің ықпалы мен дүниежүзілік және орыстың классикалық әдебиетінің өнегесі маңызды фактор болды.

Әсіресе орыстың классикалық әдебиетінің, оның реалистік дәстүрінің әсер – ықпалы жазушының жиырмасыншы жылдары жазылған әңгімелерінен мол ұшырасады. Атап айтар болсақ, М. Әуезовтің көркем прозасының басы болған 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» деген әңгімесінен бастап, кейінгі әңгімелерінде де осы сарын жалғасын табады.

Төңкерістен бұрынғы қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, әйел басындағы ауыр хал, айықпас мұң – қайғы, «Қорғансыздың күнінен», «Қараш – қараш оқиғасына» дейінгі екі аралықтағы біраз әңгімелерде көрінісін тапты: «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық» т.б.

Бұл әңгімелерде сыншыл реализмнің сілемдері жатыр. Осы әңгімелерге ой тоқтатып қарасақ, кейіпкерлердің «ескілік көлеңкесіндегі» «қорғансыздықтан» жапа шеккен бейшара аянышты халдерін шынайы көрсеткен.

Осы шығармаларға қарағанда бір адым алға жылжығандық, әділетсіздікке қарсы ашық шайқасты көрсететін шығарма – «Қараш – қараш оқиғасы». Бұл повесть идеялық – көркемдік жағынан жиырмасыншы жылдардағы Әуезов прозасының шоқтығы болып табылады. Сонымен бірге қазақ әдебиетінің алтын қазынасына қосылатын классикалық шынайы шығарма, жазушының екінші бір кесек көркем шығармасы /1927/, «Қилы заман» повесі. Автор мұнда 1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс оқиғасын арқау еткен. «Қилы заман» осы тақырыпқа алғаш жазылған шығарма. Сол кезеңдегі шығармадан ұлтшыл сарын, сыңаржақ теріс бағыт іздеген солақай сынның арқасында кейін жарық көрмей кеткен. Тек араға 40 жыл салып бұл шығарма өз оқырманын қайта тапты. Орыс тіліне аударылып «Новый мир» журналында / 1973 ж., № 6 / жарық көрді.Журналдағы Ш. Айтматовтың кіріспе сөзі «Қилы заман» повесіне өте әділ баға болып саналады.

Екінші арнаны сөз етер болсақ, ол - Әуезовтің драматургиясы. Қазақ әдебиетінде драматургияның тұңғыш діңгегін қаққан оның көркем өнердегі тырнақ алды туындысы «Еңілік - Кебек» трагедиясы. М.Әуезовтің «Бәйібше-тоқал» пъесасы 1926 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ашылған Қазақ драма театрында Алаш қайраткері, драматург Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пъесасымен ашылғаннан кейін екінші болып, қойылған болатын.

Драматургия қазақ әдебиетінде Әуезов қана тудырған жанр деп Сәбит Мұқанов әділ айтқан болатын. Әуезов қаламы тудырған драмалық шығармалар қазақ әдебиетінің құнды асыл қазыналарына айналды. Әсіресе, «Еңілік - Кебек», «Қарагөз», «Айман - Шолпан», «Түнгі сарын», «Абай», «Қарақыпшақ Қобыланды» секілді пьессалары бүгінде қазақ драматургиясының классикалық үлгілеріне айналып кетті.

М.Әуезов 20 жылдан бері жазып келе жатқан романның бірінші кітабы 1942 жылы шықса, екінші кітабы 1947 жылы жарық көрді.

Ал 1944 жылы 11 мамыр күні «Абай» романын / 1 кітабы / талқылау үшін Алматы қаласында жазушылар мен ғалымдардың жиналысы болды. Бұл жиналысты мәнді де маңызды екі баяндама болды. Бірі Есмағамбет Исмайловтың «Абай» және роман туралы» екіншісі жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» деген баяндамасы.[45.]

Е. Исмайлов өз баяндамасында “Абай” романын Батыс, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен салыстырып, олардың үлгі - өнеге, әсерлерін, романдағы қат – қабат дәуір шындығын, көркемдік суретке түсіруде пайдаланылғанын көрсетеді. Мұндай жаңаша сипат басқа қазақ жазушыларына үлгі - өнеге болғанын атап өтеді.

Шығармадағы оқиғалар мен құбылыстардың, образдардың өсіп - өрбу, даму процестері мен сырларына баяндамашы былай тоқталады:

“Мұхтар романда өмірдің сыртқы көрінісі мен адам жанының даму сырларын айнымас бір қалыпта, бір мүсінде /статикалық кескінде/ емес,үздіксіз өзгеру, құбылу, жетілу немесе қирап жаншылу процесінде, яғни динамикалық қозғалыс жағдайында бейнелейді. Бұл - реалистік стил дүние – жүзіндегі классик жазушылардың өнегелі өнер жолы, кешегі Л.Толстой, Тургенев, Бальзак, Шекспир, біздің заманымыздағы Горький, Фадеев, Шолоховтардың жазушылық мәдениетті көтерген шеберлік үлгісі. Адам образын жасауда нық жол салды. Образды белгілі бір таптың, қоғамдық ортаның өкілі етіп алады. Олардың жан дүниесіндегі қайшылық, құпияларды ашып көрсетеді”.

Мұнан әрі баяндамашы романның тілдік нақышына шебер қиюласқан сөз, сөйлем оралымдарына тоқталады. “Мұхтардың дәл де татымды суреттеулері арқасында қазақтың кең сахарасы, айдын шалқар көлі мен тулап аққан өзені сырнайлатып ән салып тұрғандай”. Баяндамашы жазушының оқиға, сюжет құрау, образдардың композициялық жүйесіне бірсыдырғы дұрыс талдау жасағанмен, романды бағалағанда бұрын – соңғы қазақ әдебиетіндегі дүниелердің деңгей – дәрежесімен бірдей алып қарайды.

Роман қазақ көркем әдебиетінде жаңа дәуір жасады деп тұжырымдай тұра, оны бұрынғы дәуірдегі “Шәкір – Шәкірат”, “Мұңлық - Зарлық” бүгінгі дәуірдегі “Көк үйдегі көршілер”, “Тулаған толқында”, “Менің мектептерім”, “Балуан Шолақпен” көркемдік сапасы тұрғылас туындылардың бірі ретінде бағалады.

Баяндамашы романдағы Алшынбай, Құнанбай образдарына тоқталып, Алшынбайды ел қамын жеген мемлекеттік адам, Құнанбайды Иван Грозныйға теңейді. Әрине бұл пікірлердің образдардың болмыс – бітімі, іс - әрекетін асыра бағалағандық, олардың ішкі сыр – сипатына терең үңілмегендіктен туған байлам деп түсінеміз.

“Абай” романы туралы” - деген тақырыпта Ғ.Мүсірепов жасаған баяндама роман туралы шынайы да әділ, объективтік тұрғыдан бағаланған, эстетикалық шарттардың қазанында пісіп – қайнаған нағыз идеялық – көркемдік, талдау болды.

Өнер шығармасының қуат – күшін шынайы өнер адамына тән парасат бірлікпен түйсіне бағалап, оған деген бүкпесіз ақ адал пікірін сыншыл ойдың тезіне салып, тура бидің турашыл мінезіне сай ой – сарабына түсіріп толғаған Ғ. Мүсіреповтің бұл баяндамасын кезінде Әуезовтің өзі де жоғары бағалады.

1958 жылы Ілияс Омаровқа жазған хатында Әуезов: “Ойыма он бес жыл бұрынғы бір кез оралып еді, “Абай” романының бірінші кітабы шығып, соны жазушылар, сыншылар, кейбір ғылым адамдары болып талқылап, танымақшы боп жатты. Бірақ бір күнгі ұзақ мәжіліс түк те берекелі нәр бермеді. Баяндамашы Құнанбайды Иван Грозный деп, Петр Первый деп әр биікке жетектеп алды да, қаңғыды да кетті. Кейін сөйлеушілер де жетістірген жоқ. Әркім әрбір қабуын – шабуын дегендей сипалаған, сылаған болды да кәдімгі белгілі саяз, сылдыр сөздерге сайды. Өте бір күйкі күйді амалсыз еске алғызды. Мен үндегем жоқ... Сол жиналыстың ең соңында күні бойы о да үндемей отырған Ғабит жиылысты басқарып отырған Сәбитке кейін бір ауыз сөз айтты: “Немене, адамша сөйлейікпе жоқ осылай кете барамыз ба?” – деді. Сол күннен бастап екі кеште он бір баспа табақтай етіп өзінің роман жөніндегі, бар жұрттан оқшау, бөлек шырқау әділ, адал, саналы, толғаулы ірі ойларын айтып шықты. Сөйтіп келесі күнгі жиылыс “адамша сөйлеудің” нағыз өзін бастап еді”. [45. 275.]

Көп баяндамалардың осындай сүреңсіздігін Ғ. Мүсірепов баяндамасында өзі де айтып өтеді.

“Абай” романына арналған әдебиет кешін өткізейік деп, жазушылар ұйымында сөз болғанда, не үшін сөз еткенімізді түсініскен сияқты едік және “екінді” мен “бесіннің” арасындағы алас – құласта емес, дұрыстап өткізейік деп, уақытын кеңірек алып едік. Бірақ, баяндама “Абайдың” шын салмағына орай бола алмады, сырты бар да іші бос, ананы – мынаны теріп айтуы бар да, байлауы жоқ, бытыраңқы, ортаға саларлық ойы қораш болып шықты. Мақтауында қуаныш, жамандауында кейіс жоқ. Сондықтан, сөйлеушілер, романның терең сырын, қалың шатқалдарын байлаудың орнына, одырайып көзге көрініп тұрған шоқы төбелерін қуыңқырап кетті. [45. 8.]

Жазушының адам таң қалғандай сюжет құрудағы композициялық шеберлігін Ғ. Мүсірепов жіті аңғарған.

“Мұхтар романын шын түсінем деген кісінің қолына романның кілтін де берген. Бірақ үстірт қарасақ ол кілтті таба алмайсың. Ол кілт мынау: “Қайтқанда”, “Қат - қабатта”, “Шытырманда”, “Бел - белесте”, “Өрде”, “Қияда” деген әрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне - бірін жалғап, бір саты етсең, қат – қабат, шытырмандар арқылы, бел – белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда Абайдың жолы – “Қайтқанда, қат – қабатта, бел – белесте, өрде, қияда» болады да, Құнанбайдың жолы – «қияда», өрде, бел – белесте, шытырманда, қат – қабатта, қайтқанда» болады. Бірі көтерілу, бірі түсу – төмендеу жолы. Үшінші, бұл Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы». [45. 8.]

Шығарманың композициясын бұдан артық сыпаттау мүмкін емес. Романдағы типтер мен характерлерге Мүсірепов дәл сипаттамалар береді: «Сүйіндік – жалтаң; Байдалы – табанды, қырыс адам. Бөжей – сыр бермес, Қаратай – жеңген топтың қасында… Майбасар, Жұмағұл, Тәкежан, Қамысбайлар – патша үкіметінің жасаған болыстығының маңында болатын мансапқорлар… Зере – ел анасы, Ұлжан – соның жалғасы. Сары апаң – үстем рудың арқашан өзімдікі дұрыс деп, қисыны келсе – ақ қарсы дау соғатын кеуделісі … Бұлардың бәрінің жиынтығы, сақасы сияқты Құнанбай – сонша сұм, сонша аруақты, сонша бір кесек образ! Абайдың өзін алатын болсақ – бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілігіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел басы, замана жасы. Құнанбай – елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай – елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы». [45. 22.]

Міне, осылай бар образдың дара характерін білгірлікпен түйсіне пайымдайды.

Ғ. Мүсірепов Е. Исмайловтың алдыңғы баяндамасындағы Алшынбай, Құнанбай образдары жайлы айтқан пікірлерін негізсіз деп теріске шығарады. «Есмағамбеттің түсінгішіне «Алшынбай ел қамын жеген, ел арасының дәнекері, жалпы қазақтың мұңын жеген адам».

«Құнанбай – Иван Грозный». Мұның екеуі де қате. Алшынбай билердің ішіндегі ең жемқоры, патша билеуіне, тақыс – айласына әбден құныкөзденіп алған, Құнанбайдың табақтасы! Ол Бөжейлер мен Құнанбайды татуластырса, Құнанбайдың ғана туы қисаймауын көздейді.

Бөжейге үш жасар Камшатты алып беріп, дәнекер жасаса, мұнда тұрған қандай әділет, жалпы қазақтың мұңын жегендік бар?

Екінші, Құнанбайды Иван Грозныйға теңей салу әрине қате. Құнанбай қай жағдайда болса да ел ісінің бір тізгініне әбден ие боларлық, мейлінше қажырлы адам. Бірақ, Иван Грозный орыс халқының басын қосқан, елдігін жасап берген адам болса, Құнанбай бұл ойдың маңына да бармайды емес пе? Туысы үлкен адам, бірақ Грозный емес ол?».[45].

Е. Исмайловтың «Абай» романын қазақ әдебиетіндегі басқа туындалармен тең деңгей – дәрежеде алып қарастыруына байланысты Ғ. Мүсірепов былай деп өз дәлел – түсінігін алға тартады:

«Есмағамбеттің роман деп атаған» «Көк үйдегі үйдегі көршілері», «Тулаған толқындасы», «Менің мектептерім», «Балуан Шолағы» - бірнеше рет қайта суарып, қайта пісіруді керек ететін нәрселер. Бұл шығармалардың әрқайсының өз маңызы, өз орны бар. Әрқайсысының өз бағасы бар. Бұларсыз «Абай» романы мүмкін, тумаған да болар еді. Осылардың бәрі қосылып, бүгінгі өсіп, ер жеткен қазақ әдебиетін жасап отыр. Бірақ, бұлардың бірі де «Абай» емес, теңдесе алмайды. Ой адал да, тілек олақ орындалған шығармалар бұлар. «Абайдай» шығарма бұл күнге дейінгі қазақ әдебиетінде болған емес». [45. 12.]

Ғ. Мүсірепов романның ешкім байқамаған ерекшеліктері мен өзіне ғана тән өзгеше бітімді жаңа қырларын танытты. Ғ. Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» деген баяндамасы /кейін сын мақала/ әдеби шығарманы эстетикалық көзқараспен талдаймын деген сыншыларға үлгі іспеттес.

Ғ. Мүсірепов пікірлерін былай қорытады: «Абай романы бүгінгі қазақ совет әдебиетінің жаңа биігі: бұл – «роман» деген үлкен ұғынысқа толық жауап беретін қазақ әдебиетіндегі бірінші роман: «Абай» шын мағынасында европалық озық әдебиеттердің үлгісімен жазылған роман.

Қазақтың әр жазушысы «Абай» арқылы әдебиетіміз жаңа бір сатыға көтерілгенін ескеріп, қолына қалам алғанда, сол сатыға көтерілуді, сол саты арқылы одан да жоғары көтерілуді арман етсе екен деймін».[45. 12.]

1945 жылы «Майдан» журналының № 2 санында әдебиетші – ғалым Есмағамбет Исмаиловтың «Абай романы» деген мақаласы жарияланды. Мақалада сыншы Абай сияқты ұлы тұлғаны бейнелеудегі романның маңызына тоқталады.

«Абай» романы тұңғыш тарихи роман; Бұл роман көркемдік маңызы жағынан зор бағалы орын алады. Қазақ халқының өткендегі Абай сияқты ұлы адамының әділеттік жарық нұрлы өмірді сусаған ұлы арман – тілектерін кең түрде бейнелеген бұл шығарманың маңызы өте зор». [5.] Бірақ осы тұжырамдарын сыншы мақаласында айқын көрсете алмады. Бұдан ары мақала автор жазушының тілдік ерекшеліктері мен сөз қолданыстарына тоқталады.

Автор: «Абай» тарихи роман болғандықтан жазушы кейіпкерлерді бүгінгі тілмен сөйлетпейді, қазақтың сол тарихи дәуіріне сәйкес байырғы шешендік, тапқырлық, халықтың философиялық ой пікірлерімен сөйлетіп отырады. Ишарамен, тұспалмен, астармен айтып, шешен билер мен ру басылардың өзіне тән сөздері романдағы әрбір кеіпкердің аузынан өте орынды айтылады. Жазушының суреттеулерінде мінездеме біреулерінде ылғи соны теңеу, әсерлеу, көріктеу, ұқсату, кейіптеу сөздер жүйелі түрде шебер қолданып отырады» – деп жазды. [5.]

Дегенмен осыларды мысалдармен айқындау жетпей жатты. Сыншы сонымен бірге романдағы басты екі тұлға Абай мен Құнанбайға тоқтала келіп, бұлардың мінезін, іс - әрекетін толықтырып, ашып тұратын басқа образдарға тоқталады. Мысалға Құнанбай іс - әрекетін, мінезін толықтыру үшін мына образдар алынған дейді: Майбасар, Қамысбай, Жұмағұл, Тәкежан, Жұмабай, Жақып тағы басқалары. Ал, Абайдың мінезін толықтырып, өсіріп отырған біркелкі жағымды мінезді адамдар:

- Сәулелі ақылды әже Зере, қамқор мейрімді ана Ұлжан, шешен білімді Дулат, Сабырбай /кейінгі басылымнда Барлас, Қадырбай Ж.С./ ақындар, сұлу сүйкімді қыз Тоғжан т.б. [5.]

Сыншының образдарды бұлайша жіктеп, екі басты тұлғаның маңайына топтап жинақтауы ұтымды тәсіл. Екі образдың бүкіл болмыс – бітімін, ішкі мінез – құлық қырларын ала түсу үшін, типтік бейне, характерлік тұлға ретінде қалыптасуын айқын көре білу үшін романдағы жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді бұлайша саралап, екі топқа бөлуі біздіңше дұрыс шешім. Талдаудың тиімді жолы деп ойлаймыз.

Есмағамбет Исмайлов 1944 ж жасаған өзінің бұрынғы баяндамасындағы Алшынбай, Құнанбай образдары жайлы айтқан ой – пікіріне бұл мақаласында қайтып оралмайды.

Бұған Ғ. Мүсіреповтің мақаласындағы осы образдар жайлы айтқан қарсы дәлел – түсініктері әсер еткен сықылды. Сонымен бірге «Абай» романын қазақ әдебиетіндегі басқа туындылардың деңгей – дәрежесімен бірдей алып қараушылық жоқ. «Абай» романының қазақ әдебиетінде бұрын – соңды болмаған ерекше туынды екенін мойындайды. [5.]

1948 жылы «Абай» роман туралы баспасөздерде Мұхтар Жанғалиннің «Социалистік Қазақстан» газетінің 1948 жылғы 24 ақпан күнгі санында «Ұлы ақынның бейнесі» деген мақаласы, [6.] Қ. Жармағамбетовтың «Коммунист» журналының 1948 ж. № 6 санында «Абай» романы туралы» [7.] В. Ивановтың «Социалистік Қазақстан» газетінің 1948 ж. 28 қараша күнгі санында «Жыр туралы роман», [9.] Т. Нұртазиннің «Әдебиет және искусство» журналының 1948 ж. № 4 санында «Абай» романы» [8.] деген мақалалары жарық көрді. Біз қарама – қайшылықты пікірлері көп болғандықтан Қ. Жармағанбетов пен Т. Нұртазиннің мақалаларына тоқталамыз.

Қ. Жармағамбетов мақаласында романның көркемдік жетістіктері деп бұрынғы сыншылардың айтқан пікірлерін қайталап айтып, Абай образын ашудағы жазушының теріс концепциясы деп махаббат пен әйел мәселеріндегі көзқарасынан /Абайдың / кемшілік табады. «Абай қыз сүйгеніне барсын, өз теңімен ойнап күлсін, ата – ана бала тілегімен есептессін дейді. Бірақ қалың мал алуға, қызды сатуға, көп қатын алуға, көңілі жарасса әмеңгерлік заңын орындауға қарсы емес». [7.]

Сыншы /Қ.Ж./ жазушыға Абай қалың мал сияқты жантүршігерлік салтпен келіседі. Өз басы адамгершілікке негізделген махаббатты жиі бұзады. Романда Абай көрсеқызарлығы көп, махаббат мәселесінде ұстамсыз болып көрінеді деп кінә тақты.

«Тоғжанға ғашық болып жүріп, әке зорлығымен Ділдәға үйленеді. Одан Сабырбай /Қадырбай/ ақынның қызы Қуандықпен ойнап күлді. Шүкіманға /Әйгерім/ килігіп онымен көңіл қосады». Осы айтылғандарды қорыта келіп, сыншы жазушыға «Абай образын сомдағнда жеңіл – желпі атүсті қарағансың» деген ойдың ұшығын аңғартады. «Абайдың өз өмірі мен әйелге көзқарасы жөніндегі қайшылық болғаны рас. Бірақ романда сол қайшылқты тереңдете түсудің орны жоқ еді. Махаббат мәселесінде Абайды ұнамсыз етіп көрсету Абай образына өшірілмес дақ түсіретін кемшілік». [7.]

Енді осы пікірлерге өз ойымызды білдірейік. Жалпы эпопеядағы қандай образ болмасын үздіксіз өсу, жетілу, статикалық қалыпта емес, өмірдің өзі сияқты динамикалық қалыпта, диалектикалық заңдылық бойынша өрбіп отырады. Олай болса Абай образы да үздіксіз өсіп жетіліп отыратын образ.

Абай бірден халық таныған ақын, үлкен әлеуметтік мәселелерді қозғайтын азамат, халық қамқоры қайраткері дәрежесіне көтеріліп кетпейді. Абай алғашында айналасында болып жатқан әлеуметтік үлкен тартыстарды толық түсіне алмайды. Әлі өзінің әлеуметтік ойы, көз қарасы қалыптаспаған жас Абай болып жатқан оқиғаларды сырттай бақылаушы ретінде қалады. Образ сыртқы күштерге іштей наразы, қарсы болса да бәлендей қарсылық көрсете алмайды. Қазақ даласында ғасырлар бойы үстемдік етіп келе жатқан даланың кейбір әдет – ғұрпы, ой – қиялы енді қанаттанып келе жатқан албырт Абайдың дегеніне көнбейді. Осы әдет – ғұрып салт – дәстүрдің шеңгелін талай сезініп, рухани соққы таяғын да жейді.

Абай Тоғжанға ғашық болып жүріп, Ділдаға үйленуі оның осы салт -дәстүрге келісуі емес еді. Даланың әбден шектен шыққан заңы оның Тобықты еліндегі аузынан жалын шашқан, айбынды қамқоры Құнанбайлар бастаған топқа өмір жолын енді бастаған албырт жас не істей алатын еді?! Автордың Абай басындағы қайшылықтарды шығармаға арқау етуі – реалистік әдіске тән қасиеттер.

Енді сөзіміз дәлелді болу үшін осының алдындағы жылдарда 1944 жылы 11 мамыр күні «Абай» романы туралы болған жиылыстардағы Ғ.Мүсіреповтің Абай образына байланысты айтылған ой – пікірінен мысал келтірейік. «Менің ойымша Абай келесі романда да осы ел ішіндегі тартыстың басында болып, қашан да ел трагедиясының, елдік драмалардың ортасында болуға тиісті. Оның үстіне Абайдың өзін де періште етіп көрсетудің керегі жоқ.Өз табынан, өз тобынан оңай ғана ажырай салып, қызыл айғайға баса жөнелмей, қансырап айрылысып қинала толғануға тиісті. Абайдың қасиеті, өз табының тілегінен жан қиналыстар, толғанулар, тәнге – жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айрылуында, өз заманынан биік тұруында. Өзгені былай қойғанда Абайдың қара басындағы қайшылықтарын да көрсету, жазу керек. Абай өз тобының үстем халімен де қиыспай айырылатын болсын, қиналып айрылысуға керек» [45.]

Абай образының үздіксіз даму және диалектикалық біртұтастықта көрініс табуы жөнінде Т. Ахтанов өзінің 1953 жылы жазылған «Халық сапары» деген мақаласында былай деп жазады: «Алғашқы жылдары Абай байлар мен күштілерге адамгершілік пен аяушылықты да ұқтырмақ болады. Байлардың малын ұрлаған кекшіл қорлықшылардың әрекетін құптайтын да кезі болады: ру таласын бірлестіруге әрекет те жасап көреді. Абай бірте – бірте өсіп, ой - өрісі кеңи түседі. Алдыңғы үлкендердің ықпалынан шығып, жауыз әке жауыздығына қарсы күреседі, әділетсіздікпен жекпе – жек айқасқа шығады. Бірақ бұл кездерінің өзінде де ол қоғамдық әділетсіздіктің негізгі себептерін түсінуге жете алмайды, қоғамдық қайшылық жеке адамдар әділетсіздігінен деген ұғымда болады.

Абай көзқарасының мұндай өрісі тарлығы революциядан бұрынғы қазақ қауымының артта қалған мешеулігінен туған еді.» [50. 293]

Абай образы жөніндегі осындай көзқарасты сыншы – ғалым М. Қаратаевтың 1957 жылы жазылған «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген мақаласындағы мына пікірлер қуаттай түседі.

«Шынында Мұхтар Абай характерін негізсіз жағдайда алып, айрықша туған адамның әлде қандай елден ерен қылықтарын қуып кетсе, онда ол типтік, реалистік образ емес, автордың қара басынан туған, шындыққа жанасымы жоқ дарашыл образ болып шығар еді. Абай кемеліне бірден келмейді. Ол өзінің сәулетті биік дәрежесіне шытырманы көп, қиясы көп қиын жолдардан өтіп - өсіп жетеді». [45.136.]

Міне жоғарыдағы зерттеушілердің келтірілген пікірлерінен қорытынды шығарсақ, Абай образы бар қайшылығымен, әсіреленбей өзінің табиғи болмысы – бітімімен үздіксіз дамып отыратын тұлға. Жазушы өз кейіпкерінің өмірдегі сәтті қадамдарын да, мүлт кеткен шалыс кезеңдерін де, шуақты сәттерін де, күйінішке толы қайғылы шақтарында реалистік қанық бояумен бере отырып болмыстағы шындықтан да асып түсер шынайы да шыншыл образ жасаған.

Сондықтан біз Қ. Жармағанбетовтың Абай образы жөніндегі осы пікірін образдың даму күйіне, ішкі сыр - сипаты, болмыс – бітіміне жете үңілмеген дәлелсіз, баға деп табамыз. Әрі қарай Қ. Жармағамбетов: «романда Абай Чернышевскийдің ағартушылық идеясын тереңдете алмаған, оның көзқарасы бұрынғы феодалдық қоғамның шеңберінде қалған. Романда таптық күрес мәселелері шешімін таппаған. Дәркембай қарпууы жетпеген образ. Патша әкімдерінің бейнесі шындыққа жанасымсыз, көкейге қонымсыз» [7.] – деп осындай дәлелдерді жазушыға кемшілік қылып тағады.

Қ. Жармағамбетовтың бірінші дәлеліне тоқтайық.

Бұл пікірден де біз мақала авторының кейіпкер өмір сүрген дәуірдің тыныс – тіршілігін, сол кезеңнің объективтік шындығын және басқа да әлеуметтік факторларды ескермегенін көреміз. Біз романнан Михайловтың Абайға Россиядағы азаттық қозғалыстар жайында, оның революционер идеологы Чернышевский жөнінде айтқанын білеміз. Одан Чернышевскийдің орыс шаруаларын балта ұстауға шақырғанын естиді. Бұл Абайға үлкен ой салады. Бірақ бұндай тәсіл Абай өмір сүріп отырған сол кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайында іске аспайтын тәсіл еді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Абайдың Чернышевский ілімін оқып үйренуі, оның қоғамдық қызметі жөнінде осы сықылды пікір қалыптасқан сыншыларға қарсы әдебиетші - ғалым А. Нұрқатовтың 1955 ж. «Әдебиет және искусство» журналының № 6 санында жарық көрген «Шындық және шеберлік» деген мақаласында қандай пікір айтқанын келтіре кетелік:

«Егер автор Абайды революционер дәрежесіне көтерсе, ол жасандылыққа, бұрмалаушылыққа ұрынған болар еді. Автор тарихи шындықтың шеңберінен аттап кетпейді. Ол Абайды революцияшыл күрескер етпей, халық қамқоршысының, ағартушының ролімен шектейді. Шындығында да Абайдың көтерген, көтеріле алатын биігі осы болсын. Абай өмір сүрген кездегі қазақ шындығының жағдайларында құлашты бұдан артық сілтеуге мүмкіндік жоқ та еді. Абайдың ақылшысы Михайлов осыны жақсы түсінеді. Шындығында Абай өмірде болсын, көркем шығармадағы болсын поэзияның қуатты күшін құрал ете отырып, халықты өнер – білімге, ағартушылыққа үндеуді негізгі күрес тәсілі етіп алған ғой. Қ. Жармағамбетов осы тұрғыда дұрыс пайымдауға бара алмаған». [26.]

Романда таптық күрес мәселесі шешілмеген деген пікірге келейік:

Сыншы: «Романдағы тап тартысы мәселесін қорыта келгенде, жазушының ескі ауыл өмірінің келісіміне көбірек көңіл бөліп, оның қайшылықтарына үстірт қарағандығы байқалады» [7.] - деп тұжырым жасайды. Бұл мәселе жөнінде де белгілі ғалым – сыншылардың «Абай» романындағы таптық күрес мәселелері жөніндегі пікірлерін сарапқа салып көрелік.

1979 жылы шыққан «Қазақ тарихи романы» деген кітабында Р. Бердібаев өзіндік байламын былайша тұжырымдайды:

«Революциядан бұрынғы қазақ ауылындағы тап қайшылығын көрсететін еңбектер бізде онша көп емес. Ескі рулық – феодалдық заман көрінісін, үстем тап пен езілуші таптың сан қилы қайшылық тартысын біз «Абай» романдарынан нағыз табиғи, шыншыл, өмірдегідей қалпында оқып білдік. Ұсақ руларға бөлінген қазақ елінің өткен замандағы болмысын «Абай» романдары нақтылы көркем образдар арқылы өзінен бұрынғы және кейінгі щығармалардың қайсысынан да болса анағұрлым кең танытты» [48. 64]

М. Қаратаев 1957 жылы жазған «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген мақаласында мынадай құнды пікірлер келтіреді: «Абай» романының алғашқы кітаптары шыққан кезде кейбір сыншыларымыз мұнда тап күресі көрінбейді деп жазғырған болатын. Әрине, ол асығыс та ағат айтылған пікір еді. Өйткені қай елдің тарихында болмасын тап күресі барлық дәуір, барлық жағдайда өзгеріссіз бір түр, бір қалыппен қатып қалатын құбылыс емес, ол тарихи жағдайға байланысты өзгеріп, өршіп отыратын құбылыс». [45.147.]

Романдағы таптық күрес мәселесі жөніндегі осы екі пікірден аз ғана қорытынды шығарайық: Қоғам тарихына көз жүгіртсек, таптық күрес өте күрделі, ол әр елде түрлі формада көрінеді. Ал қазақ жағдайында әсіресе романның 1 кітабында суреттеліп отырған ХІХ еткен ғасырдың елуінші – алпысыншы жылдарында ол рулық тартыстар түрінде болған. Ал егер 1900 жылы болған ізгі әлеуметтік оқиғалар мен тартыстарды елуінші – алпысыншы жылдарға апарып суреттесе, ол реалистік әдіске сәйкес емес, нанымсыз жалған болып шығар еді. Дәркембай образы жөнінде өз мақаласында Қ. Жармағамбетов мынадай тұжырым жасайды:

«Дәркембай Абай көмегімен Тәкежандардан барымтасын бір қайырып, бір айрылып жүр. Дәркембай тілді, бір айқасып қалуға мүмкіндігі де бар. Бірақ ол үлкен қимылдың адамы емес, ауыл арасындағы бірлі – жарым жанжалдық қауқары бар. Автордың бұл образ жөнінде көп ойланбағандығы, Дәркембай әлі де болса өзінің жолын айқындамаған, қарпуы жетпеген образ». [7.]

Біз сыншының Дәркембай образы жөніндегі бұл позициясымен де келіспейтіндігімізді білдіреміз. Романнан біз Дәркембайдың жұтқа ұшыраған кедейлерге қамқор болып, Тәкежандарға қарсы күреспен жүргенін көреміз. Өз бетін осылай таныған Дәркембай сол күресін бәсеңсітпей, кейін жатақтарды бір ортаға ұйымдастырып, оларға бас – көз болады. Жазушы Дәркембай образы арқылы халықтың бүкіл болмыс – бітімін бір өзіне жинақтаған шын мәніндегі шынайы халық өкілінің бейнесін бере білетіндігін көркемдіктің биік шыңына жеткізу, жазушының эстетикалық басты мақсат – мұраты болғандығын сезінеміз.

Осы тұрғыда 1955 жылғы А. Нұрқатовтың «Шындық және шеберлік» деген мақаласында бұл образ жөнінде мынадай ой – пікірлер бар:

«Дәркембай, Базаралы және сол сияқты халық өкілдерінің ой – арманы, іс - әрекеттері арқылы автор халықтың арман - тілегін, соның күрес – тартысын бейнелейді. Бұл геройлар өздерінің бойына халықтың барлық жақсы қасиетін жинаған, нағыз шынайы, типтік образдардың дәрежесіне көтерілген». [26.]

Тағы да М. Қаратаевтың 1957 жылы жазылған «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген мақаласын тілге тиек етсек, Дәркембай образы жөнінде айтылған тың пікірлердің құнды ой – сорабының ұштығын аңғарамыз. «Халықтан шыққан қаһарман, еңбекші ер адамның характері Абайға шексіз ұнағандықтан, ұлы ақын өмір бойы онымен дос болып өтеді, көп нәрсені оған үйрете, көп нәрсені одан, халық адамынан, өзі де үйренеді. Осындай еңбекші бұқара адамдарымен қоян – қолтық араласып дос, тілектес болу, ойшыл ақын Абайдың көп қырлы бай характерінің халық негізінде бекуіне себебін тигізуі сөзсіз». [45. 140 - 141]

М. Қаратаевтың пайымдауларынан аңғарғанымыз Абай характерінің ашыла түсіуіне Дәркембай образының үлкен септігі болған.

Осы секілді пікірлерден ой түйіндесек, жазушының Дәркембай образы арқылы халық өкілінің нағыз типтік бейнесін сомдағанына көз жеткіземіз. Олай болса Қ. Жармағамбетовтың Дәркембай образы жөніндегі пікірлері де негізсіз. Енді сыншының патша әкімдерінің бейнесі шындыққа жанасымсыз, гуманист адамдар етіп суреттеген деген пікіріне тоқталайық. [7.]

Жоғарыда біз Абай байлар мен билерге адамгершілікті ұқтырып, олардың аяушылық сезімін оятуға тырысты дедік. Романда жазушы әрине Абайдың көзқарасындағы кемшілікті жасырмайды. Оны шынайы реалистік түрде ашып береді. Абайдың көзқарасындағы бұл олқылық оның тек жеке басының ғана міні емес. Оның төркіні сол кезеңнің дәуір шындығында, тарихтың терең қатпарында жатыр.

Абай алғашында айналасында болып жатқан әділетсіздіктер мен әлеуметтік теңсіздіктердің түп – төркінін жете тани алмайды. Бірақ өз ортасынан қол үзген Абай халық ортасында болып, оның күресіне араласу, оның ой - өрісін кеңейте түседі. Абайдың Михайловпен танысуы оның дүниетанымдық қырларын кеңейткендей болды. Абай бойындағы адамгершілікті, биік – гуманизмді көріп бағалаған Михайлов оның тайыз жағын да көре біледі. Соның бірі Абайдың патша әкімдеріне деген көзқарасы.

Абай Лосовскийдің бірді – екілі әділет ісі мен адамгершілік қасиетін көрген соң оны жақсы ұлық екен деп ойлады. Михайлов Абайға оның бұл көзқарасының теріс екенін айтады. Ұлық біткеннің халыққа жат екенін түсіндіреді. Оның осы пікірлерінен Абай көп биіктейді. Өзіне керекті көп нәрселерді ашады.

Әрине Абай бүкіл өзіндегі орасан зор білім, шалқар көлдей тасып жатқан кемел ойларды тек қана Михайловтың айтуымен, үйретуімен ғана игерді десек онымыз ұшқарылық болар еді. Бұл жерде тек Михайловтың Абайдың мол білімін, дана ойларын негізгі бір бағытқа түсіруші, оның жаңаша ойлап, көзқарасының қалыптасуына әсері болғандығын ескеру керек.

Осындай ақыл – кеңестердің арқасында Абайдың дүние танымдық көкжиегі кеңейгендей болады. Әлеуметтік теңсіздіктер мен әділетсіздіктердің түпкі негізін дұрыс түсінетін дәрежеге жетеді. Бұрынғы әділ деп жүрген патша әкімдерінің шынайы бейнелерінің қандай екеніне көзін жеткізеді. Мұның дәлелін біз романда Абай образының сатылап өсуінен көреміз.

Романды бағалауда мақаланың жалпы сарынынан, сыншының ұстанып отырған позициясынан, қазақ әдебиетінде әлі де көрініс тауып отырған, көркем әдебиетке деген тұрпайы социалогизмнің сыңаржақ солақай сынының салқынын пайымдағандай боламыз.

Келесі тоқталатынымыз 1948 жылы «Әдебиет және искусство» журналының № 4 санында жарық көрген белгілі әдебиетші – ғалым Т. Нұртазиннің «Абай романы» деген мақаласы. [8.]

Мақалада автор «Абай» романының бірінші және екінші кітабына тоқталады. Абай образының өсіп – даму жетілу негіздерін сөз етеді. «Ізгілік, адамгершілікті қолдаған Абай қазір бірінші кітаптағыдай арашашы емес, қомақты жасағы бар қолбасы дәрежесінде көрінеді» [8.]



  • деп тұжырым жасайды.

«Жазушы Абай өмірін кең көрсетуге икемдеген. Бұл дұрыс әдіс. Горький сюжет – характердің тарихы. Сюжеттің мақсаты геройдың мінезін, сырын ашу деген. Олай болса жазушы сюжетті жаңа принциппен құрып, Абайдың сырын келістіріп ашқан» - деп Абай образының сәтті шыққанына назар аударады. [8.]

Т. Нұртазин: «Романның тілі шебер.

Кейіпкердің психологиялық нәзік құбылыстарын сөз кестесімен оқушыға елесттіп көрсетеді» - деп шығарманың тілдік байлығына тоқталады. Романның идеялық – көркемдік жақтарын тілге тиек ете отырып: «Роман қазақ әдебиетінде жаңа бір леп, соны сүрлеу салған өзгеше бір жаңа көркем дүниенің келгенін паш етеді» [8.] - деп пікір түйеді. Тарихи тақырыпты социалистік реализм әдісімен жазушының шебер игергенін сөз етеді.

Мақала авторының роман бойындағы кемшілік деп тапқан жайларына тоқталайық. «Сүйіспеншілік мәселесін шешуде автор біраз сыңаржақтық істейді. Ол туралы қорытынды айтпақшымыз. Романда сүйіспеншілік мәселесі дара емес, ауылдағы рушылдық, барымта, шабуыл, дау, пара, жала сияқты надан, қатал ғұрып заңдарымен сабақтас». [8.] Сыншы сонымен бірге жазушы романда Абайдың болыстығын аз сөз қылғанын келтіреді:

«Болыс Абай туралы автор сөз арасында жанап қана айтады. Бұл ағат іс. Ыстық – суығы басылмаған кезде мүмкін арындап тарпыған шығар, несі болса да бүкпей айту керек еді. Атап айтылмаған соң орны үңірейіп тұр». [8.]

Осы айтылғандарға өз пікірімізді білдіре кетелік. Жазушы сүйіспеншілік мәселесін дара емес, әдет – ғұрып заңдарымен сабақтас суреттейді деген пікір. Жазушы сүйіспеншілік мәселесін дара суреттеп кетпей, сансыз әлеуметтік тартыстардың ауқымында көрсету сол заманның шындығын, объективтік даму заңдылығын ескергендіктен болу керек.

Образдарды, характерлерді сомдағанда, оқиғалар мен құбылыстарды типтендіргенде, типтік образ, типтік оқиға жасағанда осы айтылғандарды сабақтастыра суреттеу арқылы жазушы дәуір шындығын, замана келбетін реалистік тұрғыдан көрсете алған деп санаймыз. Абайдың болыстығын сөз еткен бұл жерде де жазушының қолданған идеялық - көркемдік тәсілдерімен санасу керек сықылды.

М. Әуезов романда Абайдың болыстығын кең түрде алып көрсетуді мұрат тұтпаған. Жазушы Абай образын типтік дәрежеге көтергенде оның осы адамгершілік, ел ағасы тәрізді қасиеттерін баса көтеріп, азамат ақынның өршіл тұлғасын жарқырата көрсетуді мақсат еткен. Сонымен бірге мақала авторының Шығыс мәдениеті жөнінде айтқан мына бір пікірін келісе қою қиын. «Абай Михайлов арқылы ұлы орыс халқының жемісті мәдениетімен азықтанып, Шығыстың дәрменсіз қарт мәдениетіне сырт беріп, бетін орыс мәдениетіне бұрады» [8.] Жазушы бұл жөнінде романда дәл осындай ой - пікір білдірмеген болатын. Жазушы Абайдың дүниетанымын қалыптастырудағы оның олқы жақтарын ғаны ашып көрсетеді. Бұдан оны бұрмалап, өз түсінік – дәрежесімен жалған пайымдау жасау әділетсіздік болар еді.

Абай творчествосында орыс, батыс Европа әдебиетінің алатын орыны үлкен шоқтығы биік дүние. Абай шәкірт шағында тек қана шығыс мәдениетімен сусындап, ақыл тоқтата келе орыс әдебиетімен танысып, өзіне үлкен рухани қажеттілік тапқандай болды. Бұл туралы Абай: «Шығысым Батыс, Батысым Шығыс» болып кетті - дейді. Бұл сөзімен Абай бүкіл Шығыс мәдениетінің өз дүние танымын қалыптастырудағы үлгі - өнегесін жоққа шығарып тұрған жоқ. Абай Шығыс мәдениетіне берік орнығып тұрып, Батысты қабылдағанын айтады.

Абай мұраларында шығыстық белгілердің де мол екенін кезінде Абай творчествосын жан – жақты зерттеген зерттеушілерде көре білген. Алайда өткен ғасырдың отызыншы - қырықыншы жылдары белең алған Шығысқа деген үстірт көзқарас, тұрпайы социологияның солақай біржақты сындары мұндай пікірлердің өрісін тарылтып келген. Сондықтан Шығыс мәдениетіне деген жалаң, бірыңай теріс көзқарас қалыптасқан болатын.

Абай орыс, еуропа классиктерінің атақты шығармаларымен терең танысып, ол әдебиеттердің озық, эстетикалық қуатымен танысады. Бұдан терең қорытынды жасаған ұлы ақын қазақ әдебиетіне осы қуаттың күшін пайдалана отырып, жаңа бағдар, соны жол ашады. Әдебиеттің халықты биік эстетикалық мұраттар арқылы тәрбиелеуге де болатынын көреді.

Орыс әдебиетін оқып үйренудің арқасында, Абай поэзияның, оның ішінде өзінің ақындық қызметінің қоғамдық күш екенін ұғынады. Ал бірақ адамгершілік, мораль философиясына қатысты туындыларда Абайда Шығыстық белгілері басымырақ. Ал сапалық белгілерінің орыс әдебиетінен мол енгенін М. Әуезовте атап өткен болатын.

М. Әуезов шығыстық белгілер Европа, орыс әдебиетінен енген сапалы белгілерден аздығын, қайта ақындық сапа жағынан Европалық белгілер нық та басым жатқандығын ерте кезде – ақ дәлелдеген болатын. Бұл мәселе жөнінде Абайдың мол мұрасын зерттеуші ретінде М. Әуезовтің ғылымдық қырларын зерттеп жүрген М. Мырзахметов 1987 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Мұхтар Әуезов тағлымы» деген ұжымдық жинаққа кірген «Бірегей зерттеуші» деген мақаласында осы мәселелерді мына тұрғыда сөз етеді. «Міне, М. Әуезов мораль философиясы саласындағы Абайдың әлеуметтік күресінің тетігіне айналған толық адам төніңдегі Шығыстық белгілерді еске ала отырып:

«Абайда Батыстан кірген белгіден Шығыстық белгі басымырақ», - деген тұжырымның әлі күнге дейін ғылыми мәні барлығын мойындау керек. Абай танымының жоғарыда аталған арналарын жіктей отырып талдамасақ, ерекшелігін түсініп сезінбенсек Абай мұрасының Шығыстық белгілерін үстіртте жалпылай топшалаудан әрине адасамыз. М. Әуезов Абай шығармаларының рухани нәр алған арналарын жіктей баяндағанда, Абайдың қоғамдық ой мен эстетикалық танымында Батыстық белгінің басым жатқанын тереңдей көрсетсе, ал мораль философиясы жөніндегі ой – пікірлерінде Шығыстық белгілердің молдығын да құптай қарастырады». [45. 232]

Осы пікірлерден қорытынды шығарсақ, Абай үшін қазақтың бай ауыз әдебиеті мұраларымен бірге осы Батыс, Шығыс мәдениетінің алатын орны өте маңызды. Өзі нәр алған халықтық әдебиетпен бірге кейін Абай Батыс, Шығыс мәдениетімен де мол суысндап өзіне қажеттерін ала білген. Сондықтан Абай үшін бұл мәдениеттердің бірін олай, бірін бұлай деп бөле қарау артықтау сықылды. Абай дүние танымын қалыптастыруда осы аталған екі мәдениет «/ Шығыс, Батыс/ орыс/ өз мінденттерін толық атқарған сықылды.

Бұдан ары сыншы Т. Нұртазин романдағы: «Абайға, Абай заманына үйлесімсіз күйректік, қолдан асқындыру көп» [8.]

- деп тұжырым жасайды. Сыншы: «Ел ағасы жөн көрсетіп, өнеге беріп жүрген Абай балалы – шағалы, өз алдына жұрт болып отырған Тоғжанды көргенде есінен айрылып қалуы ерсі – ақ. Автор Абай мен Тоғжанды сонша күйндірмей – ақ, өткен күнді өкінішпен ақылды түрде әңгіме еттірсе, өте жарасар еді» [8.]- деп жазады. Енді осы пікірге тоқталсақ, Абайдың бүкіл өміріне өзінің шуақты да нұрлы кезеңдерімен терең із қалдырған, ақындық творчествосындағы махаббат, сүйіспеншілік мәселелерін сөз еткенде сүйенетін ішкі күй сезімдерінің ішкі қалтарысында мәңгі – бақи өзінің жарқын бейнесімен қалған бір жан бар. Ол – Тоғжан, Тоғжанға деген асыл сезімдер Абай жүрегінде, санасында мәңгі суынбақ емес. Тоғжан мен Абай арасындағы ыстық сүйіспеншілік туралы А. Нұрқатов 1955 жылы жазған «Шындық және шеберлік» деген мақаласында төмендегідей пікір білдіреді:

«Романнан өткен ғасырдағы қазақ аулында болған қыздардың да тамаша бейнелерін табуға болады. Бұлардың ішіне дараланып, ең оқшау көрінетіні - Тоғжан. Ол Абайдың бүкіл жастық өмірінің гүлі, оның айнымас, тозбас сүйіспеншілігінің символы тәрізді. Тоғжанның шыншыл жүрегі мен адал махаббат сезімін жазушы соншалықты әсерлі, тебірене толғайды. Абай да, Тоғжан да сүйіспеншіліктің ыстық сезімі мен қуанышын тұңғыш рет бір – бірінің жүрегінен табады. Олар қосыла алмайды, тағдырдың ықтиярымен айрылысып кетеді. Бірақ олардың сүйіспеншілігі сол бір балғын жастық күйінен арманды да өкінішті күйінен жаңылмайтындай. Абайдың адал, айнымас махаббатты жырлайтын шыншыл өлеңдері арқылы және оның түтеген боранға тап болып, адасудың артынан Тоғжанмен кездесуін ұтымды суреттеу арқылы автор олардың сүйіспеншілігінің ұзақтығын, әлсіремейтіндігін көрсетеді». [26.]

Осы пікірлерден байқағанымыз Абай сықылды дана тұлғаның махаббат атты ұлы күшке өмір бойы бас иіп өткенін, оның жүрегінің әсершіл де нәзік ақылдылығын, сол бір аяулы да асыл бейне оның бүкіл саналы ғұмырына өшпес із қалдырғанын көреміз. Сыншы Т. Нұртазин мақаласының соңын былай қорытады: «Автор диалогке сараң. Кейіпкерге мінездемені өзі береді, кейіпкермен өзі араласа сөйлейді. Бұл әрине әр жазушының творчестволық жеке әдісіне жататын нәрсе. Кейіпкердің сырын сөзі, тілі арқылы сыйпаттау қазақ әдебиетінде кең өріс алған жоқ. Мұхтар осы бағытта еңбек сіңіргені орынды болар еді. Романда біраз жеңіл қолды кемшіліктер бар. Солай болса да «Абай» романдары қазақ совет әдебиетінің келелі табысы» [8.] - деп баға береді. Сонымен сыншы Т. Нұртазин романның кемшіліктеріне тоқтала келіп, өзінің алдыңғы сыншылар айтқан ой – пікірлердің сорабымен кетеді.

Т. Нұртазиннің Абайдың жеке басы, оның махаббат, сүйіспеншілік мәселелеріне деген көзқарасы, тек қана Абайдың емес, жалпы романдағы осы мәселелердің көрініс табуы жөнінен кемшіліктер іздеуі осының алдындағы Қ. Жармағамбетовтың ой – пікірлерімен үндестік табады. Сөзімізді түйіндей айтсақ Т. Нұртазин де «Абай» романы қазақ кеңес әдебиетінің үлкен табысы деп қарайды.

1949 жылы 12 сәуірде сол кездегі республикалық және орталық мерзімді баспасөз беттерінде КСРО Одағының Министрлер Кеңесінде әдебиет және искусство саласындағы 1948 жылғы үздік еңбектер үщін Сталиндік сыйлықтар беру туралы қаулысы жарияланған. Осы тізімнің ішінде Қазақстанның бір топ мәдениет және әдебиет қайраткері де болды. Соның ішінде М. Әуезовке «Абай» романы үшін Сталиндік бірінші дәрежелі сыйлық берілген. Осы орайда 1949 жылғы 12 сәуір күні «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Қ. Жармағамбетовтың «Ұлы сыйлық алған шығарма»/Сталиндік сыйлықтың лауреаты М. Әуезовтың «Абай» романы туралы/ деген мақаласы жарық көрді.[12.] Бұл мақаласында автор «Абай» романының жеткен биігін, оның авторының осы шығарма үшін жасаған ұзақ жылғы еңбегін сөз етеді. Мақалада автордың 1948 жылы «Коммунист» журналының № 6 санында жарық көрген «Абай» романы туралы» деген бұрынғы мақаласымен үндесетін де үндеспейтін де тұстары бар. Абай образы туралы:

«Ол іріп – шіри бастаған феодалдық қарым – қатынасты, ескі ауылдың ескі салтының тозығы жетіп жыртылып тұрғанын өз замандастарынан бұрын көреді. Халқын жаңалыққа бастап, ескілікке қарсы бітімсіз күрес ашқан Абайды көреміз. Құнанбайдың Қодарды өлтіруіне наразы болудан басталған күрес желісі үнемі шиеленісу үстінде үдейді. Романда Абайдың өз заманында озық идеялы қайраткер болғандығы, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің сыншыл реализмнің дәрежесіне көтерілген ақындық творчествосы өмір шындығымен байланысты болғандығы асқан шеберлікпен баяндалады. Абай үнемі жәбірленушілер жағында болады да, еңбекші бұқараны қараңғылықтарынан ағартушылық жолмен құтқаруды көздейді» - деп жазды. [12.]

Қ. Жармағамбетов бұл жолы өткен мақаласындағы Абай Чернышевский ілімін оқымағанымен, одан дұрыс қорытынды жасай алмай, көзқарасы бұрынғы феодалдық қоғамның шеңберінде қалған деген пікірін өзгертіп, ол ағартушылық жолды ұстанған деген дұрыс тұжырым жасайды.Бірақ, Абайдың ағартушылықты неге ұстанғаны жөнінде Михайлов образына тоқталғанда тағы да қайшылықты пікірге ұрынады.

«Романдағы Михайлов - Абайдың дүниеге көзін ашқан» ұлы ақынның болашағын көздеп бетін шығыстан батысқа – орыс мәдениетіне бұрған досы. Михайлов Чернышевскийлердің демократиялық пікірін қолдаушы, бірақ жастай жандармның аңдуына түсіп, ағартушылық жолда қалады. Оның Абайға үнемі ағартушылық бағытта ғана кеңес беруінің де себебі осы жағдайға байланысты еді». [12.]

Бұдан мынадай қорытынды шығады. Яғни Михаилов өзі ағартушы болғандықтан Абайға да осы жолды үндеген сықылды. Бірақ «Абай жолы» эпопеясынан, Абай өмірін зертеушілердің пікірлерінен бағдарлағанымыз Абайдың Михайлов арқылы ағартушылық жолды ұстануы жоғарыдағы пікірден өзгеше екенін байқаймыз. Михайлов Абайға ағартушылық бағытты ұстан дегенде де, сол кезеңнің әлеуметтік – экономикалық жағдайын,қазақ қоғамының объективтік шындығын корытып – түйсініп, ескере отырып айрылған деп ойлаймыз. Бұл туралы зерттеушілердің біраз пікірлерін біз жоғарыда аталған мақалаларды сөз еткенде келтіріп өткен болатынбыз. Сондықтан оларды қайталап жатуды қажетсіз деп санаймыз.

Мақаласының соңында автор: «Қазақ тарихын зерттеуші тарихшы, этнографтар үшін романнан әдет – ғұрып, салт туралы көптеген құнды зерттеу баршылық. «Абай» романның Сталиндік сыйлық алуы бүкіл Қазақстан еңбекшілерінің қуанышы» деп жазды.[12.]

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылы 24 сәуір күнгі санында көрнекті орыс кеңес жазушысы Л. Соболевтің М. Әуезовтің «Абай» романы туралы «Қазақ прозасының жеңісі» деген мақаласы жарық көрді. [15.] Онда орыс жазушысының қазақ әдебиетіне, оның дарынды да, дара жазушысына деген ыстық ықыласы мен зор сүйіспеншілігі мақалада мына жолдардан айқын көрінеді.

«Әуезовтің романы – күшті және жетілген көркем проза. Бұл – нағыз роман, яки бұл өмірдің терең сырларын ашқан, өмірдің көзге түсерлік, әрқилы суретін берген, адам бойындағы тасқын жігердің, махаббаттың, жек көрудің және ең бастысы – есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының терең өмір белестерінің сипатын көрсеткен кең өрісті кітап» - деп баға береді. [15.]

Жазушы Мұхтар Әуезовке Сталиндік сыйлық беру қаулысы жарияланысымен – ақ ҚК/б/ П Алматы қалалық комитеті мен Қазақстан Кеңес жазушылары одағы бірлесіп «Абай» романына арналған әдебиет кешін өткізеді. Осы кеш туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылғы 29 сәуір күнгі санында «Абай» романына арналған әдебиет кеші деген» үлкен бет ұйымдастырылған.[10.] Әдебиет кешін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі ақын Ғ. Орманов ашты. Кеште филология ғылымының кандидаты М. Ғабдуллин: «Абай» романы – қазақ Совет әдебиетінің озық шығармасы» деген тақырыпта баяндама жасады. [10.] КСРО Совет Жазушылары Одағының басқармасы атынан жазушы С. П. Бородин, ҚҚ / б / П Алматы қалалық комитетінен С. Жүнісбеков сөз сөйледі. [10.]

Қазақ ССР Ғ.А. вице президенті С. Кеңесбаев, КазГУ ректоры Т. Тәжібаев, жазушылардан Ә. Әбішев, Қ. Әбдіқадыров, Д.Снегин құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге осы 29 сәуір күнгі «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Ә. Әбішевтің «Ортақ қуаныш» [14.]

С. Бородиннің «Жақсы кітап – жан азығы» деген құттықтау мақалалары жарық көрді. [13.] С. Бородин осы шығармасында роман туралы/: «Абай» романы – ұлттық шеңбердегі ғана шығарма емес, ол бүкіл совет халлықтарына ортақ кітап, советтік мәдениетіміздің мақтанышы» – деп жазушы шығармасы туралы үлкен баға береді. [13.]

«Абай» романы туралы жылы лебіз білдірген осы жылы баспасөз бетінде жарық көрген екі мақалаға тоқтала кетейік. Біріншісі - қазақ әдебиетінің көрнекті жазушыларының бірі Ғ. Мұстафиннің 1949 жылғы 10 мамыр күнгі «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жарық көрген «Абай» романы әдебиетіміздің мақтанышы» - деген мақаласы. [16.] Екіншісі - М. Ғабдуллиннің «Әдебиет және искусство» журналының № 7 санында жарық көрген «Абай» романы совет әдебиетінің зор табысы» - деген мақаласы. [18.]

Ғ. Мұстафин аталмыш мақаласында «Абай» романында М. Әуезов марксизм – ленинизм ілімін басшылыққа алғандықтан кезеңнің қалтарыс – жықпылдарынан адаспай тура жол салып шыққан деп көрсетеді. [16.] Мақала соңында жазушы Ғ. Мұстафин М. Әуезов әдебиеттің алдына теориялық мәселелер қойып отырғанын жазады.

«Романның сюжеті, жазушының қолданған әдісі - әдебиетіміздің алдына теориялық мәселе қойып отыр. Совет әдебиеті социалистік реализмтек социалистік өмір тәжірибесінен ғана туады деген пікірді дұрыс десек «Абай» романы өткен ғасыр тұрмысынан жазылған болып шығады. Бұл – бір – Екіншіден, Мұхтар сюжет құруда Батыс Европа романдары түгілі, орыс романдарына соқпай, өзінше кеткен. Сюжет дәстүрін кейде аттап түсіп отырған. Сонда да роман жақсы шықты. Мұның себебі, сыры қайда? «Абай» романының маңында, әдебиетшілеріміз әдебиеттің осындай теориялық жағын кең толғанып, баспасөз бетінде айтыстар ашулары керек қой деп ойлаймын». [16.]

Ғ. Мұстафин жазушының сюжет құрудағы ешкімге ұқсамайтын өзгеше қырларын көре білген. Бұл жолда Ғ. Мұстафиннің ой – пікірі бұдан бір жыл бұрын 1948 жылы «Әдебиет және искусство» журналында № 4 санында жарық көрген Т. Нұртазиннің «Абай» романы» деген мақаласындағы ой – пікірлермен үндесіп жатыр. [8.] Т. Нұртазин де жазушы Абай образын сомдағанда сюжетті жаңа принциппен құрған деген болатын. [8.]

Бұдан шығатын қорытынды қазақ әдебиетшілері М. Әуезовтің композиция, сюжет құрудағы ешкімге ұқсамайтын тың, өзінше бет – бағдарын, басқа шығармалардағы сюжет құрудың бұрыннан белгілі дәстүрінен аттап өткендігін көре білді.

«Бұл тұрғыда ой – қорытсақ М. Әуезов сюжет құруда басқа жазушыларға ұқсамайтын өзіндік жол салған. Мәселен, бұрын оқырман кітаптан қызықты сюжет қана іздейтін. Бір қызықты уақиғаның соңына түссе содан айрылмауға тырысатын. Ал М. Әуезовтің «Абай» романында сюжет құруда олар өзгеше шешімге тап болды. Жазушының концепциясы мұнда оқушыларды ақыр аяғына дейін қызықтыра кету емес. Әрбір жекелеген оқиғаның мәнді тұстарын ғана алып, оларды өзінің негізгі идеясына бағындыру және осы оқиғаларды романның бас кейіпкері Абайдың маңына топтастырып, оның характерінің сомдауына қызмет еткізу. Егер романның осы композициялық арқауы бұзылса, айтылар ойынан айрылар едік.» [8.]

1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналының № 7 санында жарық көрген «Абай» романы» – қазақ әдебиетінің зор табысы» деген М. Ғабдуллиннің мақаласы осы жылғы елеулі мақалалардың бірі. [18.]

Автор бұл мақаласында Абай өмірі екі мәселе төңірегінде өрбіген дейді:


  1. Тап күресі тартысы

  2. Орыс – қазақ достығы қарым – қатынасы

«Абай мен Құнанбай тартыстары тек әке мен бала арасындағы тартыс емес, ол бұдан мәндірек жоғарырақ тартыс. Ол қоғамдық тартыс. Абай революционер емес, оны заманы ол дәрежеге жеткізген жоқ. Ол ағартушы, саналы, ойшыл. Абай Құнанбайға ғана қарсы күреспейді, ол ескішіл ақындарға қарсы да (Шортанбай, Әбубәкір, Мұрат) күреседі. «Абай» романында жақсы көрсетілген мәселе – қазақ ауылындағы таптар күресі». [18.] – деп тұжырым жасайды.

М. Ғабдуллиннің бұл пікірі кезінде осы мәселе жөніндегі Е. Исмайлов, Қ. Жармағамбетов мақалаларындағы пікірлерге қайшы келеді. М. Ғабдуллин пікірінің құндылығы осында. Автор Дәркембай образының халық образының өкілі екенін дұрыс аңғарған. «Жазушыны марксизм – ленинизм ілімін дұрыс басшылыққа алып, идеялық жағынан жоғары дәрежеге жеткен» - деп көрсетеді. [18.]

Автор (М. Ғ.) «М. Әуезов үш негізге сүйенген:


  1. Марксизм – ленинизм ілімі

  2. Орыс әдебиеті (классика)

  3. Қазақ әдебиеті» – дей келіп, «осы үш негізді ілгері игере отырып,

жазушы мәдениеті, білім дәрежесі арқылы бұрын білмейтін құнды шығарма туғызған» – деп жазды. [18.] М. Ғабдуллин мақаласын былай қорытады: «Абай» шын мәніндегі мәдениетті роман. «Абай» романы тек қазақ әдебиеті емес, жалпы совет әдебиетінің табысы». [18.] Мұндағы назар аударатын пікір соңғысы.

«Абай» романы туралы сын – пікірлер айтқан осы жылдардағы әдебиетшілердің санаулылардың бірі болып М. Ғабдуллин де роман жөнінде осындай жоғары пікір білдіреді.

1950 жылы Москва университетінде «Абай» романның талқылау кеші болды. Роман туралы көптеген құнды да әділ пікірлер айтылады. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1950 жылғы 10 тамыз күнгі санында Қ. Нұрмахановтың романды талқылау туралы хабары басылады. [19.]

«Абай жолы» романының бірінші кітабы 1950 жылы «Ақын аға» деген атпен шыққан болатын. [21.] Осы романға байланысты 1951 жылы 2 ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде Т. Нұртазиннің «Ақын аға романы» деген мақаласы жарық көрді. [22.] Сыншы бұл мақаласында «Ақын аға» романының жеткен идеялық – көркемдік жетістіктеріне баға береді. Романдағы Абай образына тоқталады. Т. Нұртазин 1948 жылғы «Абай» романы» деген мақалсындағы жазушының өзгеше сюжет құру принципі туралы ой – пікірін осы мақаласында да жалғастырады:

«Ақын ағада» тұтас тартылып жатқан сюжеттік арқау жоқ. Бірақ мұнда сюжет тетігі – Абайдың характерінде - әрекетінде, арманы мен мінез, қимылында. Абайдың характерін автор ақындық идеяны іздену үстінде орыс халқының революцияшыл күшке – би болыстарға, чиновниктерге қарсы күрес қимылында бейнелейді». [22.]

Әбіш туралы: «Әбіштің образы – романдағы романтикалық асқақ, көз тартар, күн сәулелі жарқын образ» - деп сипаттайды. [22.] Романда би - болыстардың шамадан тыс көп көрінуі романға елеулі нұсқан келтіреді – деп табады.

«Би – болсытар тобы шамадан тыс көбірек көрінген. Олардың әрқайсысының дара характері шеберлікпен сипатталса да, сайып келгенде олардың табиғаты біріне – бірі ұқсас. Би – болыстар санын көбейткенмен, автор оқушысының олар туралы мәліметін молайтпайтыны белгілі».[22.] Сыншы ел жуандарының дара характері шеберлікпен берілгенін айтып өтті.

Енді сыншының романдағы би – болыстар саны неге көп деген пікіріне өз ойымызды білдірсек. Біріншіден жазушы ел билеушілерінің шоқтығы Құнанбайдан бастап, Тәкежан, Әзімбай, Жиренше, Шұбарлар арқылы осы топтың бірінің ісін бірі ілгері қарай жалғастырып дамытып отырғанын көрсетпекші болған. Екіншіден, осы атқамінерлердің табиғаты ұқсас болғанымен, олардың тартысы бір қазанда піспейтіндігін, олардың алты бақан алауыз, өз – ара қырқысқа тоймайтын жікшілдігін көрсетуді мақсат тұтқан.

Осы мәселе жөнінде 1987 ж. шыққан «Мұхтар Әуезов тағлымы» деген ұжымдық жинаққа енген Зейнолла Қабдоловтың «Әуезовтың әсемдік әлемі» атты мақаласында мынадай пікір бар: «Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басы, әр ауылдың ақсақал – қарасақалдары – Бөжей, Байдалы, Сүйіндіктер бар. Оразбай, Шұбар, Әзімбайлар бар. Дәуірлік белестен алып қарағанда осылар – бір лагердің адамдары, Абайдың қарсыластары, Абай бастаған жаңаның ата дұшпандары. Сонымен қатар осылар өзара да ыри – тыри: бақастар, бәсекелестер, бақталастар. Қарақан бастың қамы дегенде бұлар бір – бірін аямайды, бірге талап тастап, бөліне бере түтіп жеп жүргендер». [45. 282]

Осы пікірлерден қорытынды жасасақ жазушы би – болыстарды топырлатып бірінен соң бірін көрсеткенде әрқайсының өзіндік қызметін, ісін өз орнында көрсетуді мақсат тұтынған. Осы тұрғыдан алып қарағанда сыншы Т. Нұртазиннің «Би – болыстар тобы шамадан тыс көбірек көрінген» [22.] – дегенде осы сырға тереңірек бойламағандықтан асығыс айтылған ұшқары пікір деп танимыз.



Каталог: Книги
Книги -> 3. ҚАбдолов әдебиет теория – сының негіздері жоғары оқу орындарына арналған оқУ ҚҰралы мазмұНЫ
Книги -> “Қош,махаббат” Алматы 1988 жыл Ақынның жыр жинақтары
Книги -> Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Книги -> Көкшетау 2011 Құрастырғандар
Книги -> АҚША, несие, банктер
Книги -> А. А. Букаева 5В090200 Туризм мамандығына арналаған КӘсіби қазақ тілі
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Қ а з а қ тіліні ң грамматикас ы 1 т о м Алматы, 1967
Книги -> Сүлейменова Зәуре Екпінқызы Қошанова Мараш Төлегенқызы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет