Министерство национальной экономики республики казахстан



бет1/2
Дата05.06.2017
өлшемі1,28 Mb.
#17566
  1   2





ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ






МИНИСТЕРСТВО

НАЦИОНАЛЬНОЙ ЭКОНОМИКИ

РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН



БҰЙРЫҚ




ПРИКАЗ

_______________________№ _____________







Астана қаласы




город Астана


Қазақстан Республикасы Ұттық экономика министрінің

2017 жылғы « »

№ бұйрығына

қосымша


Қазақстан Республикасы Ұттық экономика министрінің

2015 жылғы 17 мамырдағы

№ 217 бұйрығымен

бекітілген


«Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне

қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»

санитариялық қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 144-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және жобалауға, реконструкциялауға, жөндеуге, сумен жабдықтауға, су бұруға, жылытуға, жарықтандыруға, желдетуге, микроклиматқа, күтіп-ұстауға және пайдалануға, балаларды тәрбиелеу мен оқыту, тұру, тамақтандыруды ұйымдастыру жағдайларына, медициналық қызмет көрсетуге, сондай-ақ меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, балалар толық, толық емес (қысқа уақытқа), тәулік бойы болатын барлық түрдегі және типтегі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріндегі персоналды гигиеналық тәрбиелеуге (жеке гигиенасына) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.

2. Осы Санитариялық қағидалар мынадай:

1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту – мемлекеттік және жеке бөбектер бақшасы, бала бақшалары, отбасылық бөбектер бақшалары, санаториялық бөбектер бақшалары, «мектеп-бала бақша» кешендері, мектепке дейінгі шағын-орталықтар – мемлекеттік, жеке МДҰ;

2) тәрбиелеу және балалар тұратын орындарды ұйымдастыру – балалар үйі, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бейімделу орталықтары;

3) меншік нысандарына қарамастан, балалардың тамақтануын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыратын балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне (бұдан әрі - МДҰ) қолданылады.

3. Қызметі балаларды тәрбиелеумен және оларды оқытумен байланысты заңды және жеке тұлғалар (білім беру қызметтерін көрсету, оның ішінде тәрбиелеу мен оқыту, тұру, тамақтану, медициналық қызмет көрсету) қызметін бастау алдында осы Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алады.

4. Осы Санитариялық қағидалардың орындалуын бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосы жүзеге асырады.

5. Объектілерге мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу кезінде осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес зертханалық-құрал-саймандық зерттеулер жүргізіледі.

6. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылды:

1) арнайы мектепке дейінгі ұйымдар – мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сәйкес мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жалпы білім беру оқу бағдарламаларының негізінде әзірленген арнайы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар;

2) арнайы киім – шикізатты, қосымша материалдар мен дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен ластанудан және басқа да ластанулардан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы (костюм немесе халат, үшкіл орамал, қалпақ, алжапқыш және басқ.);

3) балалар қысқа уақытқа болатын МДҰ – тамақтандыруды және ұйқыны ұйымдастырмай, 4 сағаттан аспайтын уақытқа балалар болатын МДҰ;

4) бракераж – органолептикалық көрсеткiштері бойынша тамақ өнiмдерiнiң және дайын тағамдардың сапасын бағалау;

5) дайындау бөлмесі – азық-түлік шикізатын дайындау және жартылай фабрикаттарды әзірлеу жүзеге асырылатын үй-жай;

6) дайындау алдындағы бөлме – жартылай фабрикаттардан дайын тамақ өнімін дайындау жүзеге асырылатын үй-жай;

7) дене тәрбиесі – адамның денсаулығын нығайтуға және дене қабілеттерін дамытуға бағытталған қызмет саласы;

8) жарамдылық мерзімі – тамақ өнімін шығару (дайындау), оның айналысы процестерінің (сатыларының) шарттары сақталған кезде мерзімі өткенше тамақ өнімін мақсаты бойынша пайдалану үшін қауіпсіз болып саналатын кезең;

9) жартылай фабрикаттар – жылумен өңдеуге алдын ала дайындалған шикі тамақ өнімдері;

10) инсоляция – үй-жайды гигиеналық бағалау үшiн күн радиациясының нормаланатын көрсеткiші;

11) климаттық аймақ – климаттық белгілері (температурасы, ылғалдылығы) бойынша бөлінетін аумақ;

12) күн режимі – уақытты тиімді бөлу және баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығының нығаюына ықпал ететін тәулік ішіндегі әртүрлі қызмет түрлерінің және демалыстың дұрыс өзара бірізділігі;

13) қоғамдық тамақтандыру – тамақ өнiмдерiн өндiрумен, қайта өңдеумен, өткiзумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты қызмет;

14) бейімделген үй-жайларда орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдар – жеке үй иеліктерінде, көп пәтерлі үйлерде, ішіне-жапсарлас салынған ғимараттарда орналастырылған объектілер (бұдан әрі – БҮМДҰ);

15) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту – балалардың дене, тұлғалық, зияткерлік қасиеттерін дамыту, олардың әлеуметтік жетістігі мен бүкіл өмірінің бойында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті негізгі құзыреттілігін қалыптастыру;

16) мектепке дейінгі ұйым (бұдан әрі - МДҰ) – бір жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін баланы тәрбиелеуді, оқытуды, дамытуды, қарауды, күтуді және сауықтыруды қамтамасыз ететін білім беру ұйымы;

17) оңтайлы микроклиматтық жағдайлар – балаларға ұзақ және жүйелі әсер ету кезінде термореттеу тетіктерінің көмегінсіз организмнің қалыпты жылулық жағдайын сақтауды қамтамасыз ететін микроклиматтың сандық көрсеткіштерінің үйлесімдігі;

18) сақтау мерзiмi – тамақ өнiмi белгіленген жағдайларды сақтаған кезде нормативтiк құжаттарда көрсетiлген өзiнiң барлық қасиеттерiн сақтайтын кезең;

19) санитариялық-аулалық қондырғылар (бұдан әрі - САҚ) – объектінің аумағында орналастырылған кәрiзденбеген дәретхана;

20) сәбилер үйі - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, жас аналардың, некесіз туылған балаларды, сондай-ақ ақыл-ойы мен дене дамуында ақаулары бар балаларды тәрбиелеуге және оларға медициналық көмек көрсетуге арналған объект;

21) септик – сарқынды сұйықтық ағып өтетiн бiр немесе бiрнеше камераны қамтитын, көлденең үлгідегi жер астындағы тұндырғыш ретiнде шағын көлемдегi тұрмыстық сарқынды суды тазалауға арналған құрылыс;

22) таңертеңгi сүзгi – инфекциялық аурудың әкелiнуiнiң алдын алуға бағытталған профилактикалық iс-шара;

23) тауар көршiлестiгі – тауардың сапасына әсер ететін ластануын және бөгде иістердің сіңуін болдырмайтын, шикі және дайын өнімдердің бірге сақталуын және өткізілуін болдырмайтын жағдайлар;

24) тез бұзылатын тамақ өнiмдерi – қатаң регламенттелген мерзiм iшiнде арнайы тасымалдау, сақтау және өткiзу шарттарын талап ететiн тамақ өнiмдерi;

25) технологиялық жабдық – өндіріс жұмысы үшін қажетті тетіктер, машиналар, құрылғылар, аспаптар жиынтығы;

26) топтардың толықтырылуы – топтағы балалар саны;

27) топтық оқшаулау – топтарды әкімшілік-шаруашылық, тұрмыстық үй-жайлардан және бір-бірінен оқшаулау;

28) топтық ұяшық – МДҰ-да бір топтағы балаларға арналған үй-жайлардың жиыны;

29) түсіру орны – азық-түлік шикізатын және тамақ өнімдерін қабылдайтын орын;

30) тиімді тамақтандыру – тамақтандырудың физиологиялық және жас ерекшелігі нормаларын ескере отырып, теңестірілген тамақтандыру;

31) халықтың аз қозғалатын топтары – кресло-арбалармен және (немесе) басқа да қосалқы құралдардың көмегімен қозғалатын, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған және ауыратын мүгедектер, сондай-ақ сүйемелдеушілердің көмегімен қозғалатын, нашар көретін және (немесе) көзі көрмейтін, есту қабілеті бұзылған азаматтар.



2-тарау. Объектілердің аумағына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

7. Объектілерді жобалау, реконструкциялау және пайдалану халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады.

8. МДҰ жер учаскелерінің алаңдары Қазақстан Республикасының «Мектепке дейінгі білім беру объектілері» (бұдан әрі – МДББО ҚНмҚ), «Мүгедек балаларға арналған үйлер мен интернаттар» құрылыс нормалары мен қағидаларының талаптарымен нормаланады.

9. МДҰ жер учаскелерінің барлық периметрі бойынша қоршауы болуы тиіс. Қоршаудың бүтіндігі бұзылмаған болуы тиіс.

10. Объектінің учаскесіне кiру және одан шығу жолдары, көлiкпен кіру жолдары, шаруашылық құрылыстарға, қоқыс жинағыштарға арналған алаңдарға, санитариялық-аулалық қондырғыларға өтетiн жолдар асфальтпен, бетонмен немесе тазалауға қолжетімді басқа да қатты жабынмен жабылады.

11. Қоқыс жинағыштар тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталады, үш жағынан қоршалған, тазалауға және дезинфекциялауға қолжетімді, су өткізбейтін жабыны бар алаңға, шаруашылық аймақта орнатылады.

12. Объектінің аумағы таза ұсталады.

13. Объекті ғимаратының сыртқы жарықтандыру жабдығы аумақтың біркелкі жарықтандырылуын қамтамасыз етуі тиіс.

14. МДҰ-ның топтық алаңдары әрбір балалар тобы үшін бөлек көзделеді. МДҰ-ның топтық алаңдары бөбек жасындағы топтарда бір орынға 7,5 шаршы метр (бұдан әрі –м2) және мектепке дейінгі топтарда 7,2 м2 алаң көзделеді. МДҰ топтық алаңдарының мөлшерлері бір орынға кемінде 4 м2 қабылданады.

15. Әрбір топтық алаңда күн мен жауын-шашыннан қорғау үшін кемінде 20 м2 көлеңке қалқа көзделеді. Көлеңке қалқалардың едені ағаштан болуы көзделеді. IV климаттық белдеудегі және III Б кіші ауданындағы көлеңке қалқалары екі жағынан қоршалады.

16. Топтық және спорт алаңдарындағы жабдық балалардың бойы мен жасына сәйкес келеді. Жабдықтың бетіндегі жабын суға төзімді материалдан, өткір шығыңқы жерлері мен ақауының болмауы көзделеді.

3-тарау. Объектілерді жобалауға, салуға, реконструкциялауға, жөндеуге,
пайдалануға енгізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық
талаптар
17. Ең аз санитариялық ажыраулар жеңіл автомобильдерге арналған тұрақтардан құрылыс объектісіне дейін кемінде 20 м болуы тиіс.

18. Сәбилер үйлері мен МДҰ ғимараттарында және учаскелерінде әкімшілік-шаруашылық, тұрмыстық үй-жайлардан және бір-бірінен топтық оқшаулау қағидаты сақталады. Бөбек жасындағы топтардың балаларына арналған топтық ұяшық құрамына қабылдау – шешіну бөлмесі, ойын, жатын бөлмесі, буфет, дәретхана;

мектепке дейінгі топтар үшін – шешіну, ойын бөлмесі, дәретхана, буфет, жатын бөлмесі кіреді.

МДҰ-да жобалауға арналған тапсырмада МДҰ ҚНмҚ-на сәйкес жатын бөлмені топтық бөлмемен біріктіруге жол беріледі.

19. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілері жанындағы мамандандырылған медициналық және стоматологиялық кабинеттер, кір жуатын орындар, бассейндер, оқу сыныптары, тамақтандыру объектілері Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес келеді.

20. Сәбилер үйін жеке тұрған 1–2 қабатты ғимаратттарда орналастырады.

21. Сәбилер үйі, МДҰ-ның негізгі үй-жайларының алаңдары осы Санитариялық қаидаларға 2-қосымшаның 1, 3-кестелерінде көрсетілген.

22. Баспалдақтар (баспалдақ марштары) қоршауының биiктiгi кемінде 1,2 м көзделеді. Сәбилер үйінде және МДҰ-да тұтқалар ересек адамдар үшiн 0,85 м биіктікте, балалар үшiн 0,5 м биiктiкте орналастырылады, баспалдақтар қоршауындағы тiгiнен орнатылған элементтердің 0,1 м-ден аспайтын саңылаулары болады, оларды көлденең бөлшектеуге жол берiлмейдi.

23. Пайдалану режимі шумен қоса жүретін және балалардың алаңдауын тудыруы, педагогикалық, медициналық, әкімшілік персоналдың жұмысына кедергі келтіруі немесе бұзуы мүмкін үй-жайларды (сорғы қондырғысы бар бойлерлер, өндірістік үй-жайлар, жөндеу шеберханалары, сорғы бөлімшесі бар салқындатқыш камералар, желдеткіш камералары, компрессорлық және басқаларын) жатын бөлмелеріне, емдеу-диагностикалық үй-жайларға көрші, олардың астында немесе үстінде орналастырмайды.

24. Жеке гигиена бөлмелерін, персоналға арналған санитариялық тораптарды әкімшілік үй-жайлар аймағында орналастырады.

25. Медициналық блок және изолятор палаталары барлық типтегі МДҰ-да көзделеді.

26. Объектілерде спорт залын орналастырған кезде еденінің ағаштан болуы көзделеді немесе арнайы жабыны болады. Еденнің беті тегіс, ойықсыз және ақаусыз болуы тиіс. Батареялар терезе астындағы қуыстарда орналастырылады, терезелерде және жарықтандыру құралдарында қоршау (қорғау) құрылғылары көзделеді.

27. Балалар болатын үй-жайларды ғимараттың жертөле және цоколдық қабаттарында орналастырмайды.

28. Үй-жайларды әрлеу үшін олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар құрылыс материалдары пайдаланылады. Рекреацияларда, холлдарда, акт залдарында, әкімшілік үй-жайларда әртүрлі конструкциялық аспалы төбелер қолданылады. Барлық үй-жайлардың төбелері мен қабырғаларының бүтіндігі бұзылмаған болуы тиіс.

29. Медициналық мақсаттағы үй-жайларда, топтық ұяшық үй-жайларында қабырғалардың, еденнің, жабдықтың үсті жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды тәсілмен жинауға жол беретін тегіс болады. Персоналға арналған санитариялық тораптарда, дәретханаларда, ас блогы, бассейн үй-жайларында, егу, емшара бөлмелерінде, ылғалды жұмыс режимі бар үй-жайларда (себезгі бөлмелері, кір жуатын, жуынатын, жуатын бөлмелер және басқ.) қабырғаларды зерленген тақтайшамен немесе ылғалға төзімді басқа да материалдармен кемінде 1,8 м биіктікте қаптайды, еденге төсеу үшін су өткізбейтін материалдар немесе еден тақтайшалары қолданылады.

30. Объектілерің аумағына олармен функционалдық байланысты емес объектілерді орналастырмайды.



4-тарау. Объектілерді жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
31. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалардың бой-жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді, жиһазды өлшеміне сәйкес таңбалайды. Жабдықтың жиыны, саны және өлшемін объектілердің бейінін, үй-жайлардың ерекшелігін есепке ала отырып көздейді.

Сәбилер үйі және МДҰ жиhазының негiзгi өлшемдерi осы Санитариялық қағидаларларға 3-қосымшаның 1, 2-кестелерінде көрсетілген.

32. Қабылдау және шешіну бөлмелері балалар мен персонал үшін сыртқы киімге арналған шкафтармен және орындықтармен жабдықталады. Сәбилер үйінде, МДҰ-да балалардың киіміне арналған шкафтарды жеке таңбалайды және бас киімге арналған сөрелермен және сыртқы киімге арналған ілмектермен жабдықталады.

33. Жабдық, жиһаз, жұмсақ, қатты мүкәммал, санитариялық-техникалық аспаптар жұмыс жағдайында болады және мақсатына сай пайдаланылады. Үй-жайларды әрлеудегі ақаулар және жабдықтың, жиһаздың бұзылуы уақтылы жөнделуге немесе ауыстырылуға жатады.

34. МДҰ санитариялық аспаптарының саны мен өлшемі осы Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес көзделеді.

35. Объектілердің персоналына арналған санитариялық тораптарда қолды жууға және кептіруге арналған құралдары бар жуынатын қолжуғыштар, қоқыс жинауға арналған урналар орнатылады.

36. Сәбилер үйлері топтарының дәретхана үй-жайларын сүлгілерге арналған ілгіштермен, жуынуға арналған қолжуғыштармен, жууға арналған ванналармен, балалар унитаздарымен, шаруашылық шкафтарымен және ағызу жүйесімен жабдықтайды.

37. 1,5 жасқа дейінгі балалар топтарының дәретхана бөлмелерінде ересектер үшін бір қолжуғыш, ағызу жүйесін, ванна немесе тұғырық орналастырады.

38. 6 айлыққа дейінгі балалар үшін топтарда манеждер мен құндақтау үстелдерін орналастырады. 1 жастан асқан балаларды тамақтандыру аймағын тамақтандыруға арналған үстелдермен жабдықтайды.

 39. МДҰ жатын бөлмелерін жеке стационарлық кереуеттермен жабдықтайды. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған кереуеттердің ұзындығы - 120 см, еденнен жататын жердің 30 см және 50 см деңгейіндегі өзгермелі биіктігімен және қоршаудың еденнен 95 см биіктігімен ені - 60 см;

3 – 6 (7) жастағы балалар үшін – ұзындығы 140 см, ені – 60 см, биіктігі – 30 см. Бүйір жақ қоршауының биіктігін кемінде 15 см.-ге азайту мүмкіндігі көзделеді.

40. МДҰ топтарында екі қабатты және жазылатын қатты кереуеттерді пайдаланған кезде алаңның 1 балаға кемінде 2 м2 болатын нормалары және екі қабатты кереуеттер қоршауының жататын жерден кемінде 0,3 м биіктікте болуы сақталады.

41. Сәбилер үйінде және бөбек жасындағы топтарда жатын үй-жайлары манеждермен немесе төрт жағынан қоршауы бар, ұзындығы 1,2 м, ені 0,6 м стационарлық кереуеттермен жабдықталады.

42. Объектілерде сабақ өткізу үшін жиһазды орналастыру кезінде мынадай талаптар сақталады:

1) үстелдерді сол жағынан жарықтандырылатын жарық түсіретін қабырғаға қарай орналастырады;

2) 4 орынды үстелдерді 2 қатардан асырмай, 2 орынды үстелдерді 3 қатардан асырмай орналастырады. Үстелдер қатары арасындағы қашықтық кемінде 0,5 м болып көзделеді, 1-ші қатар үстелдерінің жарық түсіретін қабырғадан қашықтығы - 1 м, бірінші үстелдерден тақтаға дейінгі қашықтық 2,4 – 2,7 м;

3) қабырға үстіндегі тақтаның төменгі жиегі ілмесінің биіктігі 0,7 м.

43. Спорттық төсеніштердің жабынын тазалауға және дезинфекциялауға болатын материалдардан көздейді.

44. Спорт залдары жанындағы шешіну орындарын киімге арналған шкафтармен немесе ілгіштермен жабдықтайды.

5-тарау. Объектілерді сумен жабдықтауға, кәріздеуге, жылытуға,
жарықтандыруға, желдетуге, микроклиматына қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
45. Объектілердегі орталық жылыту, желдету және ауасын баптау, сумен қамтамасыз ету, су бұру жүйелері жарамды күйде болуы тиіс.

46. Объектілер Кодекстің 144-бабының 6-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін нормалау құжаттарының (бұдан әрі - нормалау құжаттары) талаптарына сәйкес қауіпсіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.

47. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда жергілікті сумен жабдықтау жүйесі жабдықталады.

48. Тасымалданатын сумен жұмыс істейтін объектілерде ауыз су қорын сақтауға арналған сыйымдылықтар орналастырылған жеке үй-жай көзделеді. Сыйымдылықтардың таңбалауы («ауыз су») болады, апта сайын (және қажеттілігіне қарай) жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, тазалауға және дезинфекциялауға жатады. Ауыз суға арналған сыйымдылыұтар басқа мақсаттарда пайдаланылмайды.

49. Су әкелуді көлікпен ауыз сумен жанасуға рұқсат етілген материалдардан орындалған арнайы таңбаланған сыйымдылықтарда жүргізеді.

50. Объектілердің дәретханалары, буфеті, кір жуатын, жуынатын орындары, себезгі бөлмелері, тұратын орындарында, сондай-ақ медициналық мақсаттағы үй-жайларында және ас блогында орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау болмаған жағдайда ыстық сумен жабдықтауды су жылытқыштар орнату арқылы көздейді.

51. Объектілерде ауыз су режимі ұйымдастырылады. Ауыз су, оның ішінде сыйымдылықтарға (графиндерге, шәйнектерге) өлшеп-құйылған және бөтелкедегі су сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес келеді. Қайнатылған суды 3,5 сағаттан асырмай пайдалану ұсынылады.

52. Су ішу үшін таза ыдысты (шыны, фаянс ыдыс немесе бір рет қолданылатын стақандарды) пайдаланады, таза және пайдаланылған ыдыс үшін таңбаланған жеке подностар немесе бір рет қолданылатын ыдысты жинау үшін контейнерлер бөлінеді. Сыйымдылыққа өлшеп-құйылған суға оның шыққан жерін, сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттар қоса жүреді.

53. Елді мекеннің кәрізденбеген аудандарында жергілікті кәріз жүйесін жабдықтайды. Қазылған шұңқырларды, септиктерді тазалау көлемінің үштен екі бөлігінің толуы бойынша жүргізіледі.

54. Кәріз бағандары мен құбырлары тамақ өнімдерін сақтауға және өңдеуге, тамақ дайындауға арналған үй-жайларда, медициналық мақсаттағы үй-жайларда орнатылмайды.

55. САҚ-тың жер үстіндегі үй-жайлары мен қазылған шұңқыры болады.

56. Білім беру объектілері үй-жайларын жасанды жарықтандыруды құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жобалау керек. Жасанды жарықтандыру үшін жарық диодты, люминисцентті және энергия үнемдегіш шамдарды пайдаланады. Бір үй-жайда бір типті шамдарды қолданады.

МДҰ-ны жасанды жарықтандырудың нормаланатын көрсеткіштерін адамға әсер ететін физикалық факторларға қойылатын талаптарды белгілейтін қолданыстағы гигиеналық нормативтерге сәйкес қабылдау керек.

Ойын, жатын және оқу үй-эайларында терезе әйнектерін бояуға жол берілмейді. Оқу үй-жайларындағы, ойын және жатын бөлмелеріндегі жарық саңылауларын реттелетін күннен қорғайтын құрылғылармен жабдықтайды.

57. Жалпы жасанды жарықтандыру барлық үй-жайларда көзделеді.

58. Істен шыққан шамдар ауыстырылады. Жарамсыз, құрамында сынап бар (люминесцентті, энергия үнемдегіш) шамдарды балалардың қолы жетпейтін жеке үй-жайда сақтайды және арнайы контейнерлерге лақтырады. Пайдаланылған құрамында сынап бар шамдарды сақтау және шығару объекті басшысының бұйрығымен жауапты адамға жүктеледі. Пайдаланылған шамдарды жою және кәдеге жаратуды осындай қызмет түріне лицензиясы бар ұйымдар жүргізеді.

59. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау көзі болмаған жағдайда автономды қазандық және газбен жылытуды қолдануға жол беріледі.

60. Ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету көзделеді. Жылу және ылғал бөлу көзі болып табылатын жабдықтың үстінде соратын шатырлар көзделеді.

61. Терезелердің конструкциясы балалардың болуына арналған үй-жайларды жылдың кез келген уақытында желдетуді ұйымдастыру мүмкіндігін көздейді. Терезелердің әйнектелуі бүтін шыны төсемінен орындалады. Шыбындар мен масалардың ұшып кіруін болдырмау үшін үй-жайлардағы терезелерде, желдету үшін ашылатын желкөздерде, фрамугаларда москит торларын орнатады.

62. Өтпелі немесе бұрыштан желдетуді балалар болмаған кезде жүргізеді. Өтпелі желдетуді дәретхана үй-жайлары арқылы жүргізбейді.

63. Топтық ұяшық үй-жайларындағы, сондай-ақ себезгі және спорт зал жанындағы шешіну орындарындағы, медициналық пункт үй-жайларындағы ауа температурасын бақылау үшін ішкі қабырғаға 0,8 – 1,2 м биіктікте бекітілген термометрлер орнатылады.

64. Объектілерде оңтайлы микроклиматтық жағдайлар қамтамасыз етіледі. Объектідегі микроклиматтың деңгейлері ҚР аумағында қолданыстағы гигиеналық нормативтерге сәйкес қабылданады.

65. Апатты ғимараттарда және үй-жайларда орналасқан объектілерді пайдалануға жол берілмейді. Объектілердің ғимараты объектінің апаттылығы туралы құзыретті органдардың актісі болған кезде апатты деп танылады.

6-тарау. Объектілердің аумақтарын және үй-жайларын күтіп-ұстауға және
пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
66. Жыл сайын көктем мезгілінде ойын алаңдарында құмды толық ауыстырады. Жаңадан әкелінген құм паразитологиялық, микробиологиялық, санитариялық-химиялық, радиологиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді. Құмсалғышты құмның ластануын болдырмау үшін балалар болмағанда қақпақтармен жабу қажет. Паразиттік аурулардың қоздырғыштары анықталған кезде құмды кезектен тыс ауыстырады.

67. Барлық үй-жайлар, оның ішінде медициналық үй-жайлар, ас блогы және дәретханалар, жиһаз және жабдық таза ұсталуы тиіс. Медициналық үй-жайларды, ас блогын және дәретханаларды күн сайын дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып тазалайды. Дәретханаларда едендер, есік тұтқалары, крандардың шүмектері, қолжуғыштар және унитаздар күнделікті дезинфекциялануға жатады.

68. Объектілерде қызмет көрсететін персоналдың (тәрбиешілердің көмекшілері, техникалық персонал) арнайы киімі (костюм немесе халат, үшкіл орамал, қалпақ, алжапқыш) (бұдан әрі – арнайы киім), ауыстыратын аяқ киімі болады.

Дәретхана бөлмелеріне арнайы киіммен кіруге жол берілмейді.

69. Белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген қолданылатын дезинфекциялау ерітінділерін дайындалған күнін көрсете отырып, таңбаланған сыйымдылықтарда нұсқаулығына сәйкес дайындайды. Дезинфекциялау және жуу құралдары және олардың жұмыс ерітінділері балалардың қолы жетпейтін орындарда сақталады.

70. Жинау мүкәммалы (легендер, шелектер, жөкелер, шүберектер) таңбаланады және жеке үй-жайларға (санитариялық тораптар, медициналық блок, изолятор, ас блогының өндірістік үй-жайлары, тамақтану залы, рекреациялар, әрбір оқу кабинеті, топтық үй-жайлар, өндірістік шеберханалар және басқалары) бекітіледі және арнайы бөлінген үй-жайларда (орындарда) сақталады. Барлық ұйымдардың санитариялық тораптарына арналған жинау мүкәммалының сигналды таңбасы болуы тиіс.

71. Балалар үшін жаңадан сатып алынған өнімдерге (ойыншықтар, аяқ киім, киім, ыдыс, жеке гигиена құралдары, мектеп- жазу құралдары, төсек-орын, парфюмерлік-косметикалық өнім, жиһаз және басқасы) олардың сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттар ұсынылады.

72. Пайдаланылған ойыншықтарды күн сайын күннің соңында нұсқаулығына сәйкес балалармен (терісімен) жанасуға рұқсат етілген жуу құралдарын пайдалана отырып жуады. Ойыншықтарды жууға арналған сыйымдылық пен жөкені таңбалайды.

73. Жұмсақ ойыншықтар пайдаланғаннан кейін күннің соңында нұсқаулығына сәйкес жұмсақ ойыншықтарға арналған қазіргі заманғы дезинфекциялау құралдарымен өңделуге жатады.

74. Сәби жастағы топтарда және изоляторда жұмсақ ойыншықтар мен пенолатексті түкті ойыншықтар пайдаланылмайды.

75. САҚ-ты жинауды күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жүргізеді. САҚ-ты олардың үштен екі бөлігінің толуына қарай, бірақ жылына 1 реттен сиретпей тазартады.

76. Құндақтау үстелдерін, балалардың астына салатын клеенкаларды, манеждердің жабынын, ойын түрлерін күн сайын жуу құралдарын қолдана отырып өңдейді, нәжіспен ластанған жағдайда қосымша дезинфекция жүргізеді.

77. Түбектер пайдаланылғаннан кейін тазартылады, жуылады және дезинфекцияланады. Таза түбектер дәретханаларда, жеке таңбаланған ұяшықтарда сақталады. Түбектерді суға батыруға арналған сыйымдылықтар таңбаланады.

78. Объектілер жұмыс істеп тұрған кезде шұғыл апаттық жағдайларды жою бойынша жұмыстарды қоспағанда, күрделі және басқа да жөндеу жұмыстарының түрлерін жүргізбейді.

79. Барлық түрдегі және типтегі объектілерде дезинфекциялау, дератизациялау және дезинсекциялау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Жәндіктердің, кенелердің, басқа да буын аяқтылар мен кеміргіштердің болуына жол берілмейді.

7-тарау. Балалардың тұру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
80. Сәбилер үйлеріндегі жатын бөлмелердің тұрғын алаңы осы Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаның 1-кестесіне сәйкес көзделеді.

81. Жатын бөлмелердегі кереуеттер өтуге және үй-жайды жинауға ыңғайлылықты есепке ала отырып, ұзын жағымен терезелерге параллель орналастырылады. Кереуеттер қатарлары арасындағы ең аз қашықтық – 0,5 м., бас жақтарының арасы – 0,2 м.

82. Бір жатын орынға төсек-орын жиынтығы болуы көзделеді. Барлық төсек-орын құралдары (матрастар, жастықтар, көрпе) таңбаланады; жиналмалы кереуеттерді пайдаланған кезде төсек-орын (жайма, жастықтың тысы, көрпенің тысы) таңбаланады.

83. Балалар тәулік бойы болатын объектілерде оларды шомылдыру төсек-орнын, іш киімді және сүлгілерді бір уақытта ауыстыра отырып, жеті күнде бір реттен сиретпей график бойынша жүзеге асырылады.

84. Төсек-орынды жуу объектінің кір жуатын орнында жүзеге асырылуы тиіс, ол болмаған жағдайда басқа кір жуатын орындарда шарт бойынша кір жууды бір орталықтан ұйымдастыруға жол беріледі. Инфекциялық аурумен ауыратын науқастардың төсек-орны жуу алдында таңбаланған ванналарда дезинфекциялануға жатады.

85. Төсек-орынды, сүлгілерді ауыстыру ластануына қарай, бірақ аптасына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

Жылына кемінде бір рет төсек-орын құралдары камералық дезинфекциялануға жатады.

86. Төсек-орын, киім мен аяқ-киім, қатты мүкәммал қорын сақтау үшін қойма үй-жайлары көзделеді.

87. Кір жуатын орында таза және лас төсек-орынның қарама-қарсы ағымы болмайды.

88. Сәбилер үйлерінде, МДҰ-да төсек-орын құралдары, сүлгілер, жеке гигиена заттары (тіс щеткасы, тарақ, жөкелер) әр балаға жеке бөлінеді. Жеке тіс щеткалары ашық ұяшықтарда сақталады.



8-тарау. Балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
89. Объектілердің ас блоктарында тұруға, балаларды тамақтандыруды ұйымдастырумен байланысы жоқ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындауға, сондай-ақ жануарлар мен құстарды ұстауға жол берілмейді.

90. Объектілерде шикізатпен жұмыс істейтін ас блогы көзделеді.

91. Осы Санитариялық қағидалардың талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде объектілердің ас блоктарына қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын нормалау құжаттарының талаптарына жол беріледі.

92. Сәбилер үйінің және МДҰ-ның ас блогы үй-жайларының жиыны мен алаңы осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаның 1, 4-кестелеріне сәйкес қабылданады.

93. Ас блогында технологиялық процестердің бірізділігі көзделеді, шикі және дайын өнімнің, шикі жартылай фабрикаттар мен дайын өнімнің, пайдаланылған және таза ыдыстардың қарама-қарсы ағымына жол берілмейді.

94. Құрғақ өнімдерді, көкөністерді сақтайтын қоймалар және салқындататын камералар асүйден оқшауланады.

95. Технологиялық, тоңазытқыш және жуу жабдықтарын орналастыру тамақты дайындау ағымдылығын есепке ала отырып жүзеге асырылады.

96. Шикі және дайын өнімдер бөлек сақталады. Тамақ өнімдерін сақтаған кезде «тауар көршілестігі» қағидатын сақтау қамтамасыз етіледі. Тамақ өнімдерін еденде сақтауға жол берілмейді.

97. Барлық өндірістік цехтарда араластырғыш арқылы суық және ыстық су келтірілген қолжуғыштар, өндірістік жуғыштар орнатылады.

98. 3 секциялы жуғыштарда асхана ыдыстарын қолмен жуу кезінде мынадай тәртіп сақталады:

1) тамақ қалдықтарын механикалық кетіру;

2) ваннаның бірінші секциясында +450С-тан төмен емес температурада жуу құралдарын қосып суда жуу;

3) ваннаның екінші секциясында +450С-тан төмен емес температурада және ваннаның бірінші секциясына қарағанда 2 есе аз мөлшерде жуу құралдарын қосып суда жуу;

4) ваннаның үшінші секциясында ыдысты +650С-тан төмен емес температурада ыстық ағынды сумен шаю;

5) ыдыстарды торларда, сөрелерде және стеллаждарда төңкерілген күйінде кептіру.

99. Шамшырақтардың қорғаныш арматурасы болады және олар плиталардың, технологиялық жабдықтың және бөлшектеу үстелдерінің үстіне орналастырылмайды.

100. Ас блогының өндірістік, қойма және әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлары жабдықтарының ең аз тізбесі осы Санитариялық қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес қабылданады.

101. Жабдық, өндірістік үстелдер, мүкәммал, ыдыс-аяқ, ыдыс тамақ өнімдерімен жанасуға рұқсат етілген, жуу және дезинфекциялау құралдарының әсеріне төзімді материалдардан дайындалады және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар үшін қауіпсіздік талаптарына жауап береді.

102. Қандай да бір технологиялық және тоңазытқыш жабдығы істен шыққан жағдайда, ас мәзіріне өзгерістер енгізіледі.

103. Қойма үй-жайларындағы тамақ өнімдерін сақтауға арналған стеллаждардың төменгі сөрелері мен тауарлардың астына қоятын тұғырлардың еденнен биіктігі кемінде 15 см көзделеді.

104. Тамақтануды ұйымдастыру кезінде тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар үшін қауіпсіздік талаптарына сай келетін фарфор, фаянс және шыны ыдыстар (тәрелкелер, табақшалар, тостағандар, бокалдар) пайдаланылады. Дайын тамағамдарды дайындауға және сақтауға арналған асхана аспаптары (қасық, шанышқы, пышақтар), ыдыстар тот баспайтын болаттан немесе материалдың гигиеналық қасиеттері бойынша ұқсас материалдан болуы тиіс.

105. Шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтау, оларды технологиялық өңдеу және тарату үшін мынадай бөлек таңбаланған жабдық, бөлшектеу мүкәммалы, асүй ыдысы пайдаланылады:

1) мынадай таңбасы бар өндірістік үстелдер: шикі ет «ШЕ», шикі балық «ШБ», шикі көкөністер «ШК», «нан», дайын өнім «ДӨ», «қамыр»;

2) мыадай бөлшектеу мүкәммалы (бөлшектеуге арналған тақтай және пышақтар): шикі ет «ШЕ», піскен ет «ПЕ», шикі балық «ШБ», піскен балық «АБ», шикі көкөністер «ШК», піскен көкөністер «ПК», «қамыр», «нан», «гастрономия», «аскөк»;

3) мынадай таңбасы бар асүй ыдыстары: «I тағам», «II тағам», «III тағам», «сүт», «жұмыртқаларды өңдеуге арналған», шикі ет «ШЕ», шикі көкөністер «ШК», шикі балық «ШБ», «дайын өнімге арналған», «шикі өнімге арналған».

Бөлшектеу мүкәммалы мен асүй ыдысы таңбалауына сәйкес мақсатына қарай пайдаланылады.

106. Пішіні өзгерген, жиектері сынған, сызаттары, сынықтары бар, зақымдалған асүй және асхана ыдыстары; пластмассадан және сығымдалған фанерадан жасалған бөлшектеу тақтайлары; сызаттары және механикалық зақымдалған бөлшектеу тақтайлары және ұсақ ағаш мүкәммалы пайдаланылмайды.

107. Ет пен балықты қасаптауға арналған бөлшектеу тақтайлары, науалар тесіктері және саңылаулары жоқ тамақ өнімдерімен жанасуға арналған материалдардан дайындалады.

Етті шабуға арналған науаны арнайы тұғырыққа орнатады және күн сайын жұмыс аяқталған соң тазартады және бетіне тұз себеді. Науаның бетін жүйелі түрде сүргілейді және жонады.

108. Ас блогының өндірістік және басқа да үй-жайлары, өндірістік жабдық пен мүкәммал (шкафтар, үстелдер, стеллаждар), санитариялық-техникалық жабдық жарамды күйде, тәртіппен және таза ұсталады.

109. Тамақтану үстелдерін жинау әрбір тамақ ішілгеннен кейін арнайы бөлінген шүберек пен таза және пайдаланылған шүберекке арналған таңбаланған ыдысты пайдалана отырып, жуу құралдарын қолдану арқылы жүргізіледі.

110. Асүй ыдысын жуу асхана ыдысынан бөлек көзделеді. Жуу үй-жайларында ыдыстар мен мүкәммалды жуу қағидалары туралы нұсқаулық ілінеді. Асүй және асхана ыдыстарын арнайы жуу машиналарында жууды оларды пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізеді.

111. Асхана және асүй ыдыстарын жууға арналған жуғыштардың пайдаланатын ыдыстарды қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлемі, көлемдік сыйымдылығын таңбалауы болады және тығындармен қамтамасыз етіледі. Жуу және дезинфекциялау құралдарын дозалау үшін өлшегіш сыйымдылықтар пайдаланылады.

112. Асхана ыдыстарын жуу буфеттерде 2 секциялы жуғыштарда жүзеге асырылады.

Алдымен бірінші секцияға жуу құралдарын қоса отырып +450С температурада шай ыдыстарын жуады, екінші секцияда +650С-тан төмен емес температурада ыстық ағынды сумен шаяды, содан соң осындай кезекпен асхана ыдыстарын жуады. Асхана ыдысын жуу алдында оларды тағам қалдықтарынан тазартады, жуу құралдарын қоса отырып, +450С температурада бірінші секцияда ыстық сумен жуады, екінші жуғышта +650С-тан төмен емес температурада ыдысты ағынды сумен шаяды және тор-сөрелерде кептіреді.

113. Асхана аспаптарын сақтауға арналған сыйымдылықтар +450С-тан төмен емес температурада жуу құралдарын қолдана отырып ыстық суда жуылады.

114. Емізіктерді жуады, он бес минут қайнатады және қақпағы жабық шыны ыдыста сақтайды. Сүт қоспаларына арналған бөтелкелерді жөкенің және майсыздандыру құралдарының (қыша ұнтағы, ас содасы) көмегімен жылы ағынды сумен жуады, содан кейін он бес минут қайнатады және таңбаланған жабық эмаль ыдыста сақтайды.

115. Таза асүй ыдысын және мүкәммалды еденнен кемінде 0,5 м биіктіктегі стеллаждарда; асхана ыдысын шкафтарда немесе торларда сақтайды.

116. Бөлшектеу тақтайларын және бөлшектеу мүкәммалын жууды асүй ыдысына арналған жуу бөлімшесінде (цехта) жуу құралдарын қоса отырып, +450С-тан төмен емес температурада ыстық суда жүргізеді, +650С-тан төмен емес температурада ыстық сумен шаяды және қайнап тұрған сумен жидітеді, ал содан кейін стеллаждарда қырынан кептіреді. Өңдегеннен және кептіргеннен кейін бөлшектеу тақтайларын және пышақтарды таңбаланған арнайы кассеталарда (қырынан) немесе тиісті өндірістік үстелдерге (қырынан) тікелей сақтайды. Оларды үсті-үстіне қойып сақтауға жол берілмейді.

117. Ыдыс жууға арналған щеткалар мен шүберекті пайдаланғаннан кейін тазартады, жуу құралдарын қоса отырып, +450С-тан төмен емес температурада ыстық суға батырып қояды, дезинфекциялайды (немесе 15 минут бойы қайнатады), ағынды сумен шаяды, кептіреді және арнайы ыдыста сақтайды.

118. Ақ және қара нан бөлек (әртүрлі шкафтарда немесе әртүрлі сөрелерде) сақталады. Шкафтарда есігінде желдетуге арналған саңылау көзделеді, төменгі сөренің еденнен қашықтығы кемінде 35 см болу көзделеді. Шкафтардың сөрелерін нанның ұнтағынан арнайы щеткалармен тазартады және 1 %-дық асханалық сіркесу ерітіндісін қолдана отырып шүберекпен сүртеді.

119. Тамақ қалдықтарына арналған таңбаланған («тамақ қалдықтары») сыйымдылықтардың қақпағы болады, буфеттерде арнайы бөлінген орында сақталады және әрбір тамақ ішкеннен кейін қалдықтардан босатылады.

120. Тамақ ішу арасындағы интервал 3,5 – 4 сағаттан аспайды.

121. Балаларды тамақтандыру нормалары «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздаы № 320 қаулысына сәйкес қабылданады.

122. Объектілерде МДҰ басшысы бекіткен перспективалы маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық мәзір жасалады. Мәзір жасау кезінде өңірде шығарылатын отандық өнімдер ассортименті ескеріледі. Балаларды тамақтандыру рационында витаминді-минералдық кешенмен байытылған өнімдер көзделеді.

123. Тамақтанудың іс жүзіндегі рационы бекітілген перспективалы ас мәзіріне сәйкес келуі тиіс. Ерекше жағдайларда осы Санитариялық қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес бір өнімдерді, тағамды және аспаздық бұйымдарды басқаларымен алмастыруға жол беріледі.

124. Күн сайын тамақтанатын балалардың саны көрсетілген нақты ас мәзірі, жасына қарай порцияның массасын граммен («брутто» салмағында) көрсете отырып, әрбір тамақ ішуге тағамдар тізбесі, сондай-ақ әрбір тағам бойынша өнімдердің шығысы жасалады және ілінеді.

Жеке тағамдар порцияларының ұсынылатын массасы осы Санитариялық қағидаларға 8-қосымшада көрсетілген.

125. Тамақ дайындау тағамға кіретін өнімдердің тізбесі, олардың граммен массасы («брутто»), дайын тағамның «нетто» салмағы (тағамның шығысы), химиялық құрамы (граммен), құнарлылығы, тағамды дайындау технологиясы туралы мәліметтер көрсетілген технологиялық карталарға сәйкес тағамдар картотекасын пайдалана отырып жүргізіледі.

126. Ас мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде немесе келесі 2 – 3 күнде қайталауға жол берілмейді.

127. Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер және қант қосылады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құстың еті 2 – 7 күнде 1 рет қосылады.

128. Таңғы ас ыстық тамақтан (бірінші немесе екінші) және ыстық сусыннан, сары май, ірімшік, жұмыртқа қосылған бутербродтан тұрады. Екінші таңғы асқа шырындар, жемістер көзделеді.

Түскі ас салат, бірінші, екінші (негізгі ыстық тағам еттен, балық немесе құстан) және үшінші (компот, кисель, шай) тағамнан тұрады. Пісірілген және жас көкөністерден оңай жасалатын салаттар дайындалады.

Бесінде кремсіз кондитерлік өніммен немесе тоқашпен бірге сусынды (сүт, қышқыл сүт өнімдері, кисель, шырын) ас мәзіріне қосады.

Кешкі ас көкөніс (сүзбе) тағамынан немесе ботқадан; негізгі екінші тамақтан (ет, балық немесе құс), сусыннан (шай, шырын, кисель) тұрады. Екінші кешкі ас ретінде қосымша жемістерді немесе қышқыл сүт өнімдерін және кремсіз кондитерлік өнімдерді немесе тоқаштарды қосады.

129. Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 1-нысанына сәйкес деректерді тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатының бракераж журналына енгізе отырып, олардың сапасы және қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады.

Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар қоғамдық тамақтандыру ұйымында сақталады.

130. Тамақ өнімдерін тасымалдауды автокөлікпен жүргізеді. Экспедитордың арнайы киімі және жұмысқа жіберілгені туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшасы болуы тиіс.

131. Шикі өнімді (тазаланбаған көкөністі, етті, балықты) өңдеу үшін бөлек жуғыштар көзделеді. Осы мақсаттар үшін асүй немесе асхана ыдыстарын жууға арналған жуғыштарды, қол жууға арналған қолжуғышты пайдалануға жол берілмейді.

132. Ет, жартылай фабрикаттар, балық және басқа да өнімдер екінші рет мұздатылуға жатпайды және бірінші өңдеуден кейін жылумен өңдеуге түседі. Жібітілген өнім сақтауға жатпайды.

133. Жұмыртқаларды өңдеуді таңбаланған сыйымдылықтарда жүргізеді. Жұмыртқаларды өңдеу олар ерітіндіге толық батырылған жағдайда, мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) кальцийленген соданың 1 – 2 %-дық жылы ерітіндісінде өңдеу;

2) ағынды сумен шаю.

134. Консервіленген өнімдердің жеке қаптамасын ашу алдында ағынды сумен шаяды.

135. Сусындарды құю тікелей тұтынушының ыдысына (стақандарға, бокалдарға) жүзеге асырылады, тарату алдында ортақ ыдысқа құюға жол берілмейді.

136. Тазартылған түрде пісіруге жататын көкөністерді тағамда витаминдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін тікелей қайнату алдында тазалайды және тұзды суда қайнатады (қызылшадан басқасын).

137. Тазартылған картопты және басқа да көкөністерді 2 сағаттан артық салқын суда ұзақ ұстап, алдын ала дайындауға жол берілмейді. Салатқа арнап пісірілген көкөністер +2-ден +60С-қа дейінгі температурада 6 сағаттан асырмай тоңазытқышта сақталады.

138. Кейіннен термиялық өңдеуден өткізбей, салат дайындауға арналған шикі көкөністер мен аскөкті 3%-дық сіркесу қышқылы ерітіндісінде немесе кейіннен салқындатылған қайнаған сумен шаю арқылы 10 минут бойы 10%-дық ас тұзы ерітіндісінде ұстайды. Бөлшектеу «ПК» деген таңбасы бар үстелдерде және тақтайларда дайын өнімдер цехында жүргізіледі.

139. Аспаздық дайындыққа дейін жеткізілген тамақ өнімі немесе өнімдердің қосындысы болып табылатын аспаздық өнімді дайындау кезінде мынадай талаптар сақталады:

1) піскен еттен, құстан, балықтан жасалған екінші тағамдарды дайындау кезінде немесе бірінші тағамға піскен етті (тауықты) жіберген кезде порциялық ет 5 – 7 минут бойы сорпада екінші рет қайнатылады;

2) бірінші тағамға арналған порциялық етті таратуға дейін ыстық плитада немесе мармитте 1 сағаттан асырмай сорпада сақтайды;

3) тағам құрамына кіретін ингредиенттерді араластыру кезінде өнімге қолды тигізбей, асүй мүкәммалын пайдаланады;

4) гарнирлерді және басқа да тағамдарды тұздықтауға пайдаланылатын сары май мен сүт алдын ала термиялық өңдеуге (еріту және қайнату) жатады;

5) жұмыртқаны су қайнағаннан кейін 10 минут бойы пісіреді;

6) рецептурасына жұмыртқа кіретін омлеттерді және пісірмелерді қуыру шкафында, омлеттерді +180 - + 2000С температурада 8 – 10 минут бойы 2,5 – 3 см қабатпен; пісірмелерді – +220 + 2800С температурада 20 – 30 минут бойы 3 – 4 см аспайтын қабатпен дайындайды. Жұмыртқа массасын сақтау +2 + 40С температурада 30 минуттан асырмай жүзеге асырылады;

7) пісірілген шұжықтарды, қысқа шұжықтарды және сосискаларды су қайнаған соң кемінде 5 минут пісіреді;

8) тартылған еттен немесе балықтан жасалатын котлеттерді, биточкаларды 10 минут бойы екі жағынан қуырады және +220 - +2500С температурада дайын болғанға дейін духовка шкафында қуырады.

140. 1,5 жасқа дейінгі балаларға асылған еттен жасалған езбе ұсынылады, 1,5 жастан үлкен балаларға шикі тартылған еттен жасалған котлетті буға дайындау ұсынылады. Бұл ретте тартылған етті тікелей котлетті дайындау алдында дайындайды. 2 жастан үлкен балаларға кейіннен бұқтырылатын қуырылған котлеттерді, сонымен қатар бұқтырылған етті және биточкаларды беру ұсынылады.

1,5 жасқа дейінгі балаларға сұйық және ұсақталған ботқалар, үлкен балаларға – жабысқақ және бытырап піскен ботқалар ұсынылады.

141. Кеспе бұйымдарын қайнаған тұзды суға салады және дайын болғанша пісіреді. Дайын кеспе бұйымдарын қайнаған ыстық сумен шаяды.

145. Тамақ дайындау кезінде мынадай талаптар сақталады:

1) шикі және піскен өнімдерді өңдеуді тиісті таңбаланған бөлшектеу мүкәммалын пайдалана отырып, әртүрлі үстелдерде жүргізеді;

2) ет-сүйек сорпасын сүзіп алады;

3) салатқа арналған шикі көкөністерді «ПК» – піскен көкөністер деген таңбасы бар үстелдерде және тақтайларда турайды;

4) шикі және піскен өнімдер үшін бөлек кемінде екі еттартқыштың болуы;

5) ашыған сүтті тек қамыр дайындауға қолданады;

6) сүт өңдеу ұйымдары ұсақ орамаларда шығарған қаймақ және сүзбе арнайы термиялық өңдеуді қажет етпейді.

143. Сәбилер үйлерінде және балалар толық және тәулік бойы болатын МДҰ-да гиповитаминоздың алдын алу және спецификалық емес иммунитетті арттыру мақсатында салқындатылған сусындарға (компотқа, кисельге) аскорбин қышқылымен жасанды витаминдеу жүргізіледі.

144. Компоттарды витаминдеу оларды өткізу алдында +150С-тан аспайтын температураға дейін салқындатқаннан кейін жүргізіледі, кисельге аскорбин қышқылының ерітіндісін +30 +350С температураға дейін салқындатқан кезде, кейіннен араластырып, өткізу температурасына дейін салқындата отырып қосады. Аскорбин қышқылымен витаминдеу тәуліктік орташа қажеттіліктің 35% есебінен осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 2-нысанына сәйкес «С-витаминдеу» журналына деректерді енгізу арқылы жүргізіледі. «С» витаминінің бір порцияда болуы мектеп жасына дейінгі балалар үшін – 20 мг құрауы тиіс. Витаминделген тағамдар жылытылмайды.

145. Дайын бірінші және екінші тағамдар дайындалған сәттен бастап мармитте немесе ыстық плитада 2 сағаттан асырмай болуы мүмкін. Тарату температурасынан төмен суып қалған дайын ыстық тағамдар ысытылмайды.

146. Салаттарды және олардың тұздығын дайындау тікелей тарату алдында жүзеге асырылады. Тұздық қосылған салаттар сақтауға жатпайды.

147. Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдері және сақтау шарттары өндіруші (дайындаушы) белгілеген жарамдылық мерзімдеріне сәйкес келеді.

148. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау төмен температуралы (- 300 С-дейін) және орташа температуралы (+2 + 60С) тоңазытқыш жабдығында жүзеге асырылады.

Тоңазытқыш жабдығындағы температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Сынап термометрлерін пайдалануға жол берілмейді.

149. Балаларды тәрбиелеу және білім беру объектілерінің қоғамдық тамақтану ұйымдарында:

1) мыналарды:

айран, сүзбе және басқа да қышқыл сүт өнімдерін;

туралған ет қосылған құймақтарды;

флотша макаронды;

зельцтерді, форшмактарды, сілікпелерді, паштеттерді;

кремі бар кондитерлік өнімдерді;

морстарды, квастарды;

фритюрде қуырылған өнімдерді;

шала пісірілген жұмыртқаны, қуырылған жұмыртқаны;

күрделі (4 компоненттен артық) салаттарды, қаймақ пен майонез қосылған салаттарды;

окрошканы;

саңырауқұлақты;

үйде дайындалған өнімдерді;

тез дайындалатын құрғақ тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдарды;

газдалған және алкоголсіз энергетикалық сусындарды (минералды және ауызсудан басқа);

чипсілер, кептірілген нан, гамбургерлер, ход-догтарды;

ащы тұздықтар, кетчуптарды;

сағыздарды дайындауға және өткізуге;

2) мыналарды:

пастерленбеген сүтті, қайнатылмаған немесе термиялық өңдеусіз сүзбені және қаймақты;

суда жүзетін құстың жұмыртқасы мен етін;

алдында ішкен тамақтарды, сондай-ақ алдында дайындалған тамақты;

ауыл шаруашылығы малының сырқаттанушылығы бойынша қолайсыз шаруашылықтардың сүтін және сүт өнімдерін;

тіл, жүрек және бауырды қоспағанда субөнімдерді;

салқындатылғаннан басқа құс етін, механикалық түрде еті сылынып алынған және өнім өндіруге арналған құрамында коллагені бар тауық етінің шикізатын;

генетикалық түрлендірілген шикізаттар және (немесе) генетикалық түрлендіру көздері бар шикізаттарды;

йодталмаған тұзды және жоғарғы және бірінші сортты құрамында темірі бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған (фортификацияланбаған) ұнды пайдалануға жол берілмейді.

150. Жаппай сауықтыру емшаралары ретінде оттегі коктейльдерін өткізу жүргізілмейді.

151. Ас блогында ұйымның медицина қызметкері немесе жауапты адам осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 3-нысанына сәйкес дайын өнімнің сапасын бақылау (бракераж) журналына жазба енгізу арқылы дайын тағамның сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Дайын өнімнің сапасын органолептикалық бағалауды бракераж комиссиясы жүргізеді. Бракераж комиссиясының құрамы объекті басшысының бұйрығымен ұйымның медицина қызметкерін, объекті әкімшілігінің өкілін, өндіріс меңгерушісін және ата-аналар комитетінің өкілін міндетті түрде қосу арқылы айқындалады.

152. Күн сайын ас блогында аспазшы дайын өнімнің тәуліктік сынамасын қалдыруы тиіс. Сынамаларды қақпағы бар таза (қайнатылып өңделген) шыны ыдысқа (гарнирді бөлек ыдысқа салады) толық көлемде алады және +20С-тан +60С-қа дейінгі температурада тоңазытқышта арнайы бөлінген орында сақтайды. Тәуліктік сынама келесі күні немесе демалыстан кейінгі (демалыс күндерінің санына қарамастан) күні дайындалатын тағаммен – таңғы аспен, түскі аспен, бесін немесе кешкі аспен сәйкесінше ауыстырғанға дейін кемінде 24 сағат сақталады.


Каталог: images
images -> 6 Хромтау гимназиясы тәрбие жұмысының жылдық жұмыс жоспары Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие
images -> БАҒдарламасы қазақ филологиясы кафедрасы Орал-2014
images -> БАҒдарламасы қазақ филологиясы кафедрасы Орал-2014
images -> АҚПараттық хат қҰрметті әріптестер!
images -> Абай Құнанбайұлы (1845—1904)
images -> Автобиография кандидата в депутаты районного маслихата по избирательному округу №5
images -> «Қазақстан тарихы» пәнінен «6М020300-тарих» мамандығына арналған жазбаша емтихан сұрақтары 1 блок
images -> Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет