Мірдің ОҒындай публицист алғашқы нөмірінен бастап соңғы санына шейін



Дата29.03.2018
өлшемі234,83 Kb.
#39744
МІРДІҢ ОҒЫНДАЙ ПУБЛИЦИСТ
Алғашқы нөмірінен бастап соңғы санына шейін «Қазақпен» біте қайнасып, бірге жасасқан, оның бар ауыртпалығын «бас жазушысы» - А.Байтұрсыновпен бірдей тең бөлісе арқалаған газеттің «екінші жазушысы» - Міржақып Дулатов. Корнекті қалам қайраткерінің шығармашылық қызметі сан-салалы. Оны дарынды ақын, талантты жазушы, кемел аудармашы және бірқатар оқу қүралдарының авторы ретінде жетік білеміз. Сонымен бірге журналистік қызметі өз алдына бір төбе. Бірақ, осы күнге дейін оның бұл қызметі терең зерттеліп, толық ғылыми айналымға енді дей алмаймыз. Ал, мұнсыз жұрттың мұңын-мұндап, жоғын жоқтап, аз өмірінің тек ащысын көріп өткен қайраткердің бүкіл болмысын танып, білу мүмкін емес. Өйткені, өзге қызметтерінің бәрін түйіндеп, бір мақсатқа жұмылдырып отырған осы «өз заманының шежіресін жазатын» публицистке тән журналистік болмысы емес пе? Оған жалынды журналистің өмірбаянын тілге тиек ете отырып та көз жеткізуге болады.

М.Дулатов 1885 жылы 25 қарашада қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, «Қызыл бел» совхозының Сарықопа деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Дулат өз заманының оқыған, сауатты адамы болған. Етік тігіп, ер-тұрман жасаған өнерлі жан екен. Шешесі Дәмеш - Торғай уезіне аты мәлім Қараман байдың қызы. Өте келбетті, талайлар сөз салып, қолы жетпеген қас сұлудың өзі болған. Көркіне сай өлең айтып, домбыра тартқан, ақыл-парасатқа кенен ел анасы болыпты. Міржақып екі жасқа келгенде анасынан айырылған. Он екі жасқа толғанда әкесі қайтыс болған. Сөйтіп, жастайынан жетім қалған бала тез есейеді. Ағасы Асқардың көмегімен әуелде ауыл молдасынан қара танып, 1897 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Одан ауыл мұғалімі деген атақ алып шығады. Калған білімді зейінді, зерек Міржақып өз бетімен оқып игерген.

Публицистік қызметі 1906 жылы Петерборда екі саны шығып, өкімет тарапынан тұтқындалып, өртелген «Серке» газетінде «Жастарға»деген өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» атты публицистикалық мақаласы жариялануымен басталады. Бұл газет татардың «Улфат» атты апталығының қосымшасы ретінде жарық көрген. Ол 1905 жылы 26 маусымда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және басқа да қазақ оқығандары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, Петербордағы кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан арыз-тілек жібергенде қойылған он бір түрлі талаптың бірі - қазақ тілінде газет шығару талабымен басылған болуы мүмкін. Қазақ халқының саяси-мәдени өмірінде үлкен мәні бар бұл оқиға Міржақып сияқты ел-жұртының қамын жеген азаматтарды одан әрі топтастырып, қайрап, шыңдай түсті. Осыдан кейін Міржақыпты жатса да, тұрса да халқының, ұлтының болашағы толғантады. Өнер-білімнен кенже қалған, сахарада көшіп-қонып, мал бағып, қыс күйлі, жаз жайлы басқа тілегі жоқ, бейқам жатқан қараңғы еліне қарлығаштың қанатындай су сеуіп, көңіліне сәуле шашуды мұрат тұтады. Оның 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағын оқып отырып осыны аңғаруға болады. Міржақыптың есімін күллі қазаққа, танытқан бұл кітап халық арасына тез таралып, көпшіліктің өтініші бойынша келесі жылы Уфа қаласында екі рет баспа жүзін кореді. Бірақ кітаптың тоңкерісшіл рухтағы идеясы, күреске шақырған үні патша өкіметіне ұнамайды. Сөйтіп, халықтың кемшілігін сынап, оқу-білімге үндеген, бірлікке, еңбек етуге шақырған автор идеясы жандарм басқармасы тарапынан қылмыс деп саналып, жауапқа тартылады. Ол жөнінде журналистің өзі «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 233-санында былай жазады: «Оқушыларға мағлұм «Оян, қазақ» атты өлең кітабымда ескі өкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді. Сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым».

Бір ғажабы, алты жарым ай түрме қапасын көріп, бір жыл Петропавловскіге саяси көзқарасы үшін жер аударылған Дулатовты бұл жай мұқалтпай, керісінше шыңдай түседі. Ол айдауда жүрген кездерінде де уақытын босқа өткізбей ізденумен болады. Петропавлде жергілікті әкімшілік мекеме орындарында аудармашы бола жүріп, жазудан қол үзбейді. Мәселен, Троицкіде белгілі ақын-журналист Мұхамеджан Сералиннің жетекшілігімен қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» шыға бастағанда қуанышын білдіріп, 1911 жылғы 4-санында:

Бұл хабар қуандырар елді байтақ,

Керегін баспасөздің келген байқап.

«Серке» ...

Жасасын ғұмырлы боп, енді «Айқап»2, -

деп өлеңмен құттықтайды. Сөйтіп оның жұмысына араласып, өлеңдері мен мақалаларын үзбей жіберіп отырады.

1913 жылы Орынборға айдаудан босанып келгеннен кейін бұрыннан пікірлес ағасы Ахмет Байтұрсынұлымен бірлесіп таза қазақ емлесімен «Қазақ» атты бейресми газет шығаруды қолға алады.

Оның 1918 жылдың қазан айында соңғы саны шығып, тоқтағанға дейінгі мезгіл ішінде газетте жүздеген көсемсөз үлгілері, өлең-жырлары мен сын-мақалалары жарық көрген. Осыдан-ақ бұл кезді оның журналистік шеберлігінің шындалған тұсы деп қарауымызға әбден болады. Осы мезгілде жазған дүниелерін оның журналистік қызметінің бірінші — Совет өкіметі орнағанга дейінгі кезеңінің қомақты туыңдылары деп қарастыруымыз керек.

Оның журналистік қызметінің екінші - Кеңес өкіметі тұсындағы кезеңі 1920 жылы «Ақ жол» /Ташкентте шығып тұрған/ газетіне араласқан мезгілден басталады. Бұл уақыттарда ол аудармашылықпен айналыса жүріп бойындағы бар қуат-күшін, публицистік барша талантын жаңа омірді құру ісіне жұмсайды.

1926-28 жылдары Міржақып Дулатұлы «Еңбекші қазақ», «Ауьш тілі» газеттерінде әдеби хатшы болып қызмет жасайды. Бұл жылдар - оның шығармашылығында жемісті із қалдырған өнімді еңбек жылдары. «Еңбекші қазақта» оның қаламынан туған «Баспасөзіміз не күйде?», «Хош келдің, Наурыз!», «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» сияқты көптеген мақалалары жарияланды. Қысқасы, осы уақыттары қаламынан туындаған шығармаларын оның журналистік қызметінің екінші кезеңіндегі туындыларының ішіндегі құндысы әрі құнарлысы деп қарауымызға әбден болады.

1928 жылдың аяғында Міржақып Дулатұлын советтік құрылысқа қарсы жасырын әрекет етті деген қарармен ОГПУ қызметкерлері тұтқынға алады. Сөйтіп, ату жазасына кесіп, кейіннен оны он жыл бас бостандығынан айырумен алмастырып, Соловецк лагеріне айдайды.

Өмір бойы үкімет тарапынан қудалау көрген Міржақып Соловецк лагерінде айдауда жүргенде де Әлихан Бөкейханүлы, Ахмет Байтұрсынұлдарымен хат-хабар жазысып, мән-жайды ұғынысып отырған. Мысалға, Әлихан Бөкейханұлын - Қыр баласы, Ахмет Байтұрсынұлын - А.Б., Халел, Жанша Досмұхамбетұлдарын - Екі Дос, Мұхтар Мырзаұлын - Ұзын Мұхтар деп сақтық үшін толық аты-жөнін айтпай, өзара түсінісіп отырған. Бұл хаттарды пайдаланған жеке мүліктерімен бірге 1935 жылы 5 қазанда Міржақып Дулатұлы лагерьдің лазаретінде қайтыс болған соң, семьясына қайтарған. Әкеден қалған тәбәріктей болған бұл дүниелерді Гүлнәр апай Міржақыпқызы жарты ғасырдан астам уақыт бойы аман сақтап келіпті. Қазір де сол кісінің жеке архивінде сақталуда.

Міне, дүниенің тұщысынан гөрі ащы дәмін коп тартқан, XX ғасырдың бас кезіндегі қаза даласындағы әлеуметтік өмірдің көкжиегінде жарқырай жанған шырақтардың бірі дарынды ақын, алғыр ағартушы, қажырлы қайраткердің өмір жолы осылай өтіпті. Оның өмірбаянынан бір байқалатыны - бар саналы өмірін журналистік қызметіне арнағандығы. Жай арнап қана қоймай, бүгінгі журналистерімізге бай тәжірибесін мұра етіп қалдырып кеткендігі. Мәселеге осы тұрғыда келгенде қайраткердің, ең алдымен, журналистік қызметін бөле айтып, өзге қызметтерінен айрықша қарастырғанымыз дұрыс секілді. Оның қолымызға түскен публицистикалық сарындағы бай шығармашылық мұралараның жеке-жеке тілге тиек ету арқылы да осыған көз жеткізе түсеміз.

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты».

Бұл - осыдан сексен жыл бұрын өз заманына орай айтылған сөз. Небәрі жиырма үш жастағы ақынның ебіл-себіл боп жүрген халыққа жаны – ашырлығы. Публицистикалық сарынға толы азаматтық позициясының басы.

1909 жылы Қазанда жарық көрген Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты өлендер жинагы түгелдей осы сарында жазылған. Онда ғашықтық, лирикалық, тақырыптағы өлеңдер жоқ. Тақырыбы айтып тұрғандай, тіке халықтың өнерге, білімге құлшынуын, озық елдермен иық теңестіруін армандаған ақ ниет, шынайы тілегі жырланған.

Ақын халқына өмірдің ағысын ұқтыруға ой жіберіп, жол нүсқайды. Дәуір шындығын бұра тартпай, сол қалпында айтады. Қазақ елінің Россия мемлекетіне қосылғанын да табиғи құбылыс санайды. Бірақ патшаның озбырлығына қынжылады:

«Патша айтқан, әділдікпен билеймін деп,

Дініне һәм жеріне тимеймін деп.

Оқ атпай, қылыш шаппай бағынған соң,

Қалайша қадіріңді білмеймін деп.

Қалдырып осылардың һәммесін де,

Шығып тұр біздің тұста бұл күнгі заң»,-

деп кезіндегі уәде шарттың бұзылғанын, зорлықтың барған сайын артып, елдің тозып бара жатқанын жырлайды. Әділдікті көксейді. Әділетсіздіктің себеп-салдарына ой жібереді. Туып отырған қайшылықты дәлелдеуге тырысады, халыққа оның сыр-сипатын ұқтыргысы келеді. Түп-төркінін ашады. Сөйтіп, жинақтың «Сөз басында»: «Әркім өз қолында барына жомарт болғаны секілді, мен де аз мағлұматымша бишара халқымызға пайда келтірмек мақсатымен осы кітапты жаздым» деп айтқанындай, өз хал-қадірінше халқына қызмет етуге ұмтылады.

Кітап халық арасына тез тарап, авторына зор бедел әкеледі. Оның айғағы ретінде сол кездері Троицкіде шығып тұрған «Айқап» журналының 1912 жылғы 1-санында жарияланған мына бір деректі тілге тиек етуге болады: «Өткен 23 декабрьде Семейпалат окружной соты Меряхуп Дулатовтың ісін қарады... Окружной сот кешкі сағат 7-де Меряхуп Дулатовты уголовный уложение 1-3-нші статьясының 6-ншы пункті бойынша айыпты деп тауып, бір жыл крепостке хүкілі етті. Соттан бұрын жарым ай түрмедс отырғаны есеп емес...»

Мұны оқыған қазақтың көзі ашық интеллигенциясы ақынның қайғысына ортақтасып, үн қатады. Мәселен, 1911 жылы жазылған «Тұтқын» деген өлеңінде дарынды ақын Мағжан Жұмабаев:

«Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш кетпес

Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.

Ер жүректі азаматтың басына

Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес?» -

деп жырлап, рухани серіктестік танытқан. Сол секілді Ахмет Байтұрсынов та оның зердесі мен кісілігін терең сезініп, 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Маса» деп аталатын екінші жинағында оған «Ақын ініме» деген өлең арнап, былайша тебіренеді:

«Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,

Күресте кім кетпейді ғапыл, інім.

Ат қойған аз-көбіне қарамастан,

Ақылға біздер жарлы пақыр, інім».

«Зер қадірін зергер таниды», -

демекші, кейіннен Міржақып та Ахмет Байтұрсыновтың ақындығын пір тұтып, азаматтығына басын иіп, «Сөз ақыры» деген өлеңін жолдайды. Онда: «Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,

Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.

Оқыған ғибрат алып жас жігіттер,

Һәммесі өз халқына қызмет еткей», -

деп оның талантты қарымын жоғары бағалап, сол кездегі қазақ жастарына одан ғибрат алып, еліне қызмет етуін тілейді. Творчестволық осы байланыс мақсаттары ортақ, армандары бір қос алыпты бір-бірімен жақындастырып, кейіннен бірігіп күресуге /бұл жерде «Қазақ» газетінде бірге істеген кездерін айтып отырмыз/ алып келеді.

Міржақып Дулатовтың ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналист ретінде танылуына оның «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсыновпен бірге еңбек еткен кезеңі ерекше із қалдырады. Бірақ, бұл оның публицистік қызметі «Қазақ» газеті шыққанға дейін болған жоқ деген ұғым туғызбауы қерек. Оның «Оян, қазақтан» басқа 1910 жылы жарық көрген «Бақытсыз Жамал» романы мен 1913 жылдың басында Орынборда басылған «Азамат» атты публицистикалық сарындағы өлеңдер жинағын айтпағанның өзінде, 1911 жылдан бастап Троицкіде шығып тұрған «Айқап» журналына араласа бастаған кезін журналистік қызметінің кемелденген тұсы деп қарауға әбден болады. Журналда оның өлендері мен мақалалары үзбей жарияланып тұрған. Сан-салалы ғылымнан хабары бар, табиғат берген дарында ол сол кезден бастап-ақ қазақты толғантқан мәселелермен ұштастырып, журналистік қабілетін шыңдай түскен. Оның Айқапта» жарияланған «Хан Абылай», «Қапастағы ұрының мінәжаты», «Жазу тәртібі» тағы басқа мақала, өлеңдерін оқи отырып, осылай ой түюге толық хұқымыз бар. Мәселен, оның «Жазу тәртібі» деген мақаласы Азамат Алашұлы деген бүркеншік атпенен журналдың 4-5 сандарында жарық көрген. Онда автор Ахмет Байтұрсынұлының қазақ жазуындағы арабтың артық әріптерін алып тастауын, жіңішке дауысты дыбыстарды білдіруге арналған қосымша белгі «дәйекше» енгізуін қуаттайды. Сөйтіп: «А.Б./ Ахмет Байтұрсынұлы - Автор/ ноғай жазушыларын жатырқағандықтан емес, қазақ тілінде қанша дыбыс болса, сонша белгі көрсетіп, артық харіптерді кеміткен. Сонымен қазақша жазу-оқуды оңайлатқан. Сынаушы да осы арасын көздеуге керек еді, - дей келіп, - А.Б-ның жазу тәртібін ұнатқанымен басқа қосарым мынау: қазақ әліппесіне «Ф» мен «X» да кірсе екен деймін. Таза қазақ сөзінде болмаса да қазақ тіліне кірген араб, парсы сөздерінде һәм Ахмет, Мұхамеджан, Фазыл... деген секілді қазақ аттарында бүл екі харіф көп ұшырайды. «Ф» мен «X» әліппеге кіргенменен жазу тәртібіне қиыншылық келтірмейді. Естілуінде де, жазылуында да бұлардан айыра алмастай ұйқас харіфтер жоқ», деген өміршең ұсыныс айтады. Мақаланың құндылығы да осында. Тағы бір ерекшелігі, ол таза қазақ тілінде жазылған. Ал тіліміз бір жүйеге келіп, толық қалыптасып болмаған, демек, ноғай татар, араб, парсы, орыс тілдерін араластырып, «ала-бажақ» күй кешіп жүрген кез үшін бүл үлкен жетістік. «Айқап» журналында жарияланған өзі шұбар тілді материалдардың ішінде мұның жеңіл оқылып, көзге жылы ұшырайтыны да сондықтан.

Дей тұрсақ та, айналадағы тіршіліктен бейхабар, ұйқыда жатқан елі үшін жарық сәуле, шам болып жанған жалынды журналистің публицистік шеберлігін толық таныта алған тұсы - «Қазақ» газетін шығаруға атсалысқан кезі. Жоғарыдағы еңбектерін ескерсек XX ғасырдың басында қазақ әдебиетіне тасқынды бір арна болып қосылған жас ақынның «Қазақ» газетіне құралақан келмегендігін байқаймыз. Жазушылық қырынан танылған, газет-журнал ісіне араласып үлгерген, қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистің апталық табалдырығын шәкірт болып емес, белді бір азамат ретінде аттағанына көз жеткіземіз.

М.Дулатовтың газеттің екінші редакторы қызметіне ресми түрде бекітілген уақыт - 1914 жылдың 19 мамыры. Осы турасында архивте сақталынған Орынбор генерал-губернаторының Ішкі істер министрлігі жанындағы баспасөз жөніндегі Бас Басқармаға сол күні жолдаған 2732-нөмірлі іс-қағазында былай делінеді: «Согласно циркулярному распоряжению от 5 декабря минувшего года за №7022, уведомляю Главное Управление; что мною одновременно с этим разрешено обязанности второго ответственного редактора, в полном объеме, издаваемой в г.Оренбурге, образованным издательским товариществом «Азамат» еженедельной газеты на киргизском языке «Казак», ...киргизу 1 аула Сары-копинской волости, Торгайского уезда и области Мир-Якубу Дулатовичу Дулатову.1


__________________________________

1 Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемлекеттік архиві 776-қор., 21 тікпе, 16-іс.

Осы дерекке қарап, М.Дулатовтың «Қазақтағы» қызметі газет шыққан уақыттан емес, кейіннен басталады екен деген ұғым тумауы керек. Бірақ, өкінішке орай, сондай да пікір қалыптастырып жүрген зерттеушілер жоқ емес. Әрине, ол қателескендік болып шығады. Көрнекті қалам қайраткерінің апталыққа сіңірген еңбегі ол жарық көрмей тұрып-ақ бастау алатынына жоғарыда нақты деректер келтірген болатынбыз. Оны мына мәліметтер де айқындай түседі. «Жұлдыз» журналының 1990 жылға 6-нөмірінде жарияланған «Ардақтап өтем әкемді» атты Міржақыпқызы Гүлнар апайдың естелігі көзі қарақты оқырманға етене таныс болуға тиіс. Сондағы мына бір дерек еріксіз назар аудартады: «1913 жылы аңсап күткізген Міржақыптың Орынбордан жазған хаты келді. Жүрегіміз орнына түсіп, бірсыпыра тынышталып қалдық. Міржақып хатында амандығын білдіріп, Семей түрмесінде бір жарым жыл отырып, енді құтылғанын жазыпты». Бұл - ақынның немере қарындасы (ағасы Асқарды қызы) Ботаның естелігі. Одан әрі сол хаттың мәтіні алғаш рет ғылыми айналымға енгізіледі. Естелік сонысымен де құнды. Хатында ардақты алаш азаматы Семей түрмесінен босанып шыққаннан кейін із жасырып, Түркістан және соған таяу Қырнақ қыстауында қазақ, өзбек, қырғыз ағайындар ортасында паналағанын және болашақ газет шығару үшін қаражат жинаумен айналысқандығын тілге тиек ете келіп: «1913 жьылдың бас кезінде Орынборға келдім, сондағы ғалым-жазушы, өзімнің үстазым әрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа барып сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шығармақ болдық. Бұл пікірімізді Әлихан Бөкейханов ағамыз толық қолдады. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. Үкімет орындарының есігін тоздырып жүріп, әзер дегснде, рұқсат алынды. Түркістанда жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадық. Редакцияға қолайлы үй қарастырып, оны да таптық. Редакция құрамы, оның мүшелерін белгіледік. Шығарушы бас редакторы Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы мен болып газетімізді «Қазақ» деп

атап, шығара бастадық»1, - деп біраз жайдан хабардар етеді.

Бұл хаттың деректік мәні орасан зор. Ол мынандай ой-толғамдарға жетелейді. Әуелі М.Дулатов Семей түрмесінен мерзімінен бұрын қашып шыққан болуы мүмкін деген болжамды пікір туғызады. Өйтпесе, 1911 жылдың шілде айында тұтқындалып, 19 ай абақтыға кесілген қаламгер қалайша 1912 жылдың аяғына қарай Түркістаннан табылады?

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 247-санында жарияланған жандармдық деректерде оның тұтқындалу мерзімі былайша көрсетілген: «М.Дулатов 1911 жылы июль ішінде абақтыға жабылды. 103 һәм 129 статьялар бойынша айыпталып, Семей окружной судының үкімі бойынша 19 ай крепоста отырды». Осыған қарап есептейтін болсақ, онда қаламгердің абақтыдан босанатын уақыты 1913 жылдың екінші айына келіп жығылады. Алдыңғы тарауда тілге тиек етілген «Газеттің шығуына алғаш дайындықтар басталып, жұмыс қызған шақта Міржақып Дулатов Семей түрмесінде жатқан болатын» деп, оны бұл жұмыстан қалыс қалдыратын автор пікірі осындай есептеуден туса керек. Алайда, оның шындығы басқаша екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Қалай болғаңда да, ардақты алаш азаматы 1912 жылдың соңына қарай азаттыққа шығып, «Қазақтың» дайындық жұмысына белсене араласқаны – дау туғызбайтын ақиқат. Ал оның абақтыдан қашып шығуы мүмкін дейтініміз, жоғарыдағы хат мазмұнынан туындайды. «Семеймен қош айтысып, ізімді білдірмеуге тырысып, Түркістан қаласына жеттім, жасырын күн көрісте болғандықтан, сіздерге хабар жеткізе алмадым. Түркістан және оған таяу жердегі «Қырнақ» қыстағанда қазақ, өзбек, қырғыз ағайындардың арасында паналап, 1913 жылдың басына дейін сонда болдым», - деген жолдар сондай ойға жетелейді. Олай болмаса, абақты мерзімін толық өтеп шыққан кісінің із жасырып, жасырын күн көрісте болып, жырақтағы Түркістан жерін паналап несі бар? Иек астындағы елінде тұра бермеді ме? Бұл - өлі де болса, зерттеп, зерделей

_______________________________



1 Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемлекеттік архиві 776-қор., 21 тікпе, 16-іс.

түсуді талап ететін қаламгер өмірінің бір жұмбақ тұсы.

М.Дулатов үш жыл бойы газеттің екінші редакторы қызметін атқарды. Ал 1917 жылдың 14-қыркүйегінен бастап бірінші редакторы міндетін де мойнына алған. Бұл жөнінде газеттің сол күнгі 243-нөмірінде жарияланған Жақаңның «Ашық хаты» біраз жайдан сыр тарқатады: «Жалпы қазақ съезі Учредительное собраниеге (Бүкілресейлік - С.Қ.) Торғай облысынан депутат белгілегенде списокке мені екінші қылып көрсеткен еді. Мен төменгі себептер бойынша списоктан шығамын һәм тасқа түспеймін», - дейді ол бұл хатында. Содан соң оның басты себебі ретінде «Қазақ» газетіндегі басшылықты алға тартады: «Ахмет һәм мен екеуміз де депутат бола қалсақ, газет иесіз қалар. ...Бір кісі бір іске жарайтын болса да аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрі бір: депутат бол, газет шығар...»

Осы жолдарды оқи отырып алаштың ардақты ұлының азаматтық шешіміне, өнегелі ісіне еріксіз тәнті боласыз, жаныңыз жадырайды. Оның: «Өзгеміздің бәрі сай болып, жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс. Екі қазақ таласып, бір орысқа олжа болсақ, онан тапқан абыройға түбінде ие табылмай жүрмесін. Осыны әркім ескерсе екен», - деген отініш-уағызының бүгінгі күні де қоғамдық мән-маңызы жойыла қойған жоқ, құны жоғары.

Ол - газет жұмысын ұйымдастыруға қатысып, оған жетекшілік етумен бірге қаламымен де аянбай қызмет көрсеткен, жүйрік ойлы публицист. «Қараңғы қазақ көгінде» жарық жұлдыз болып жанған жалынды журналистің «Қазақтағы» шығармашылық қызметі де - бөле айтуға тұрарлық, толымды еңбек. Оның газеттің әр нөміріне дерлік мақала, өлең я әңгімесі жарияланып тұрған. Тіпті, кейде екі-үш туындысы бір санында қатар жарық көріп, оқырманын тәнті еткен кездер де жоқ емес. Мұндай жағдайда журналистерге тән инабаттылықты сақтап, бүркеншік аттарын кәдеге жаратқандығы көрінеді. Сонымен қоса, ол «қырағы көз» патшалық цензурадан із жасыру үшін де керек болған. «Мадияр», «Арғын», «Тургайский», «Азамат», «Қауіп Қатеров», «М.Д.», «Түрік баласы» деп қол қойған материалдар - «Қазақтың» ең бір құнды жарияланымдары. Бұлар М.Дулатовтың бүркеншік аттары екені бүгінде толық анықталып отыр. Мәселен, алдыңғы үшеуінің төркіні жөнінде автордың өзі былай деп, төрт жол өлең шумағы арқылы құлаққағыс етеді:

«Болады Тургайский уалаятым,

Тайпам - арғын, мадияр - асыл затым.

Бұл сөздің мүхаррирі һәм наширы

Дулат-оғлы Мир-якуб - Өзім атым».

Ал «Азамат» осы аттас өлеңдер жинағы шыққаннан кейін, «Қауіп Қатеров» айдау, абақтыда жүрген кезінде, «М.Д.» абореватизм әдісі арқылы бүркеншік аттары екендігі ешқандай күмән келтірмейді. Мұндай ат таңдау тәсілдері қазақ журналист, жазушыларының твочествосында отызыншы жылдарға дейін кең қолданылып келген өнімді жол екенін айта кету ләзім. Ал «Түрік баласы» деген бүркеншік аттың М.Дулатовқа қатысты екендігін деректанушы - ғалым Қ.Атабаев өзінің «Қазақ баспасөзі - Қазақстан тарихының дерек көзі» деген еңбегінде дәлелдеген.1

Жалынды журналист өз шығармашылығында XX-ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында қалыптасқан қайшылыққа толы күрделі әлеуметтік-рухани ахуалды терең және толық бере алған. Ол қандай күрделі тақырыпқа барса да және қандай жанрда жазса да сол тарихи кезеңдегі қазақ шындығын терең меңгеріп, оның ең өзекті мәселелерін жанынан өткізіп отырып жазған. Сондай күрделі мәселелердің бірі қазақ даласына орыс шаруаларының жаппай көшіп келіп қоныстануы, соған байланысты өлкеде саяси жағдайдың шиеленісе түсуі болды. Осы тақырыпта жазылып, газеттің 1914 жылғы 30-санында жарияланған «Қоныстану және қазақтар» деген мақаласында журналист ащы шындықтың шымылдығын түреді. Бұл процестің себеп- салдарын талдап, оны түсіндіруге тырысады. Ол қоныс аударған орыс
_______________________________________

1 Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі – Қазақстан тарихының дерек көзі. – Алматы: Қазақ университеті, 2000, 229-230 бб.

шаруаларына «Неге келдің деп өкпелеуге болмайды. Басы артық жерге ақ сүйектер мен байлар ие болып, қатын-баланың күн көруі, қиынға айналып, бұзауын арқандап бағатын болса, пәлен жерде жақсы жер бар деп қуса, мұжық сияқты қазақ та аумас па еді» - дей келіп, мәселені ушықтырып отырған отарлау саясатын пөрменді жүргізуші Ресей патшалығы екендігін әшкерелейді. Сөйтіп «көршілер тату болса, екі жағына да пайдалы. Мұны өкімет те, жұрт та ескеретін жұмыс», - деген қорытынды жасайды. Осыдан Міржақып Дулатовтың нағыз адамгершіл және демократияшыл журналист екенін тануға болады. Ол күн көріс қамымен жер ауып келген орыс шаруаларының халін қазақ кедейлерінің жағдайымен тең салыстыра қарайды. Сөйтіп, дау-жанжал туғызып отырған тығырықтан қалай шығуға болатыны жөнінде мың ойланып, басын ауыртады. Ақырында екі жақ үшін де татулықтың керектігін насихат етеді.

Сол кездегі қазақ саяси өмірінің, қоғамдық ойының ең белсенді өкілдерінің ұлттық басылым төңірегінде тоғысуы кездейсоқтыққа жатпаса керек. Оларды мұнда тоғыстырған әрине XX ғасырдың бас кезінде қазақ жерінде қалыптасқан саяси және әлеуметтік ахуал, соның нәтижесінде ұлттық мүдделердің бұрын болмаған дәрежеге көтерілуі болды. Творчестволық мүмкіндіктері мол А.Байтұрсыновтың, Ә.Бөкейхановтың және М.Дулатовтың «Қазақ» газетінде тоғысуы оларға сол тарихи кезендегі қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін белсенді публицистика тіліменен бүкіл қоғам алдына қойып, оларды қоғам болып шешу жүмыстарын қарастыруға мүмкіншілік тудырған еді. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл қазақ қоғамы үшін жаңа рухани күш болатын. Бірақ бұл мәселеге байланысты шындық мүныменен шектелмесе керек. Біздің түсінігімізше, ең негізгі шындық сол — Міржақып үшін газет те, творчестволық еңбек те түпкілікті мақсат жолындағы құрал ғана болатын. Оның газет бетінде жарияланған көлемді дүниелерінен бастап, кішкене хабарларына дейін сол негізгі мүддеге қызмет етеді. Отаршылдық озбырлық пен ортағасырлық мешеу феодалдық тәртіптер үстемдік құрған қазақ қоғамын ояту және өзгерту жолындағы бұл айтулы еңбек оны 1917 жылға дейін ұлт-азаттық қозғалысының рухани басшыларының біріне айналдырғаны да рас.

Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетіндегі өндіре жазған тақырыбының бірі - халқымыздың өзінен бұрынғы ірі-ірі тарихи тұлғаларына алғашқы болып қалам тербеп, шын асылын тани білгендігі. Оның ұлы Абай мен Шоқан жайлы жазған көлемді ғүмырнамалық очерктері бүгінгі күні «абайтану», «шоқантану» аталатын ғылым салаларының бастау-көзінде тұрған сүбелі үлес скендігін бұрын айттырмай келсе, енді ғана сәті түсіп, ауызға алуға мүмкіндік туып отыр. Мөселен, ол апталықтың 1914 жылғы 48-санында жарияланған, ұлы ақынымыз Абайдың өліміне он жыл өтуіне байланысты жазған «Абай» атты мақаласында: «...1904-ші жылы июнь жұлдызының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді, һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін», - деп. Ахметке Абайды көруге нәсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол июннің 23-інде опат болады» - деп жазып, екі шындықтың шымылдығын түреді. Біріншіден, бүл арқылы біз Абайдың кейбір жұмбақ мінезін аңғара түссек, екіншіден, оның есімі сол кездері жұрт арасында кең таныла қоймағанын байқаймыз. Олай болса, Абай есімін кең далаға тегіс таратып, оның құнды да құнарлы шығармашылық мұрасын исі қазақтың ортақ қазынасы ету керек болды. Осы міндетті журналист өз мойнына алса, бұл да бір оның халқының қамын жеген азаматтық болмысын танытатын қасиеті екені даусыз.

Міржақып Дулатовтың бұл туындысын осы күнгі газет жанрларының очерк түріне, атап айтқанда, портретті-очеркке жатқызуымыз керек. Өйткені, онда да жанрдың осы түрі талап ететін элементтер толық сақталған. Мәселен, көркем портретті очерктің тек өзіне ғана тән ерекшеліктері өмірдің нақты фактілеріне, оқиғаларына сүйенетіндігі, кейіпкердің аты-жөні, болған оқиғаларының орны - барлығы өмір шындығымен сайма-сай келетіндігі болса, осы талаптар мұнда да орындалған. Енді соған кезімізді жеткізейік: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында жазба әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі. Қазақ халқына сәуле беріп алғашқы атқан жарық жұлдыз - Абай... Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз», — деп жазыпты журналист. Енді осында әлгінде айтқан өмір шындығы, кейіпкер болмысы азаматтық пафоспен, асқан шабытты публицистикалық сарынмен әңгімеленіп отырған жоқ деп кім айтады?

Көркем портретті очеркке қойылатын тағы бір талап — оның баяндауы ширақ болғаны, жазылу әдісі жағынан зерттеуге жақын келуі керектігі екен. Осы жағынан келгенде де мақаланың очерк жанрына жақын екендігін бағдарлаймыз. Сондай-ақ баспасоз жанрының бұл түрі жайлы сөз жазғанда факті және жазушы фантазиясынан бұрын типтендіру проблемасы айтылатынын білеміз. Бұл мәселе де материалда қажетінше қамтылған. «Үнемі бүл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен- күнге артар. «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» — дегсн жолдар соның айғағы болса керек. Абай образын осы уақытқа дейін дәл осылай типтендіріп, қысқа әрі құнды етіп бейнелей суреттеген жазушының екеуі болса — бірі, біреуі болса өзі емес пе? Бұл публицистің журналистік қаламын жазушылық өнерімен ұштай түскен шығармашьшық қабілетінің жан-жақтылығын байқатады.

Шоқан жөніндегі апталықтың 1914 жылғы 56 санында жарияланған «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» атты мақаласы да терең ойшылдығымен ерекшеленеді. Журналист мақаланы бастамас бұрын: «Шоқанды һәм оның шығарған кітабын жалпы қазақ түгіл, оқығандар арасында білушілер өте сирек болса керек. Соның үшін «Қазақ» арқылы жұртты Шоқанның өзі һәм кітабымен таныстырғым келеді» — деп, оқырманға мақсатын түсіндіре кетеді. Сөйтіп, Шоқанның істеген игі істеріне, шығармаларына шолу жасайды: «Шоқанның кім екенін қазақтың білмеу себебі — оның опатына биыл 49 жыл өтті. Қазақ сияқты, өнер-білімнің асылын танымаған, қаламмен қызмет етушілердің қадірін білмеген жүртқа 49 жыл - ұмытарлық көп заман. Қылышынан қан тамған батыр болмаса, оқушысы жоқ біздің қазақ ғылым жолында еңбек сіңірушілерді тез ұмытқыш келеді! — деп өзі куәсі болған шындыққа қынжылыс танытады. Бірақ күдері үзілмейді. «Заман өткен сайын халықтың көзі ашылып, әдебиеті гүлденіп, матбуғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзі қайта тіріліп, кім екендігін білдірмей қоймайтынына» сенеді. Шығарманың соңында «міне, қазақ үшін сол дәуір 50 жыл дегенде туып отыр» деп қуанады. Мақала көркем тілмен, терең ойлау сезіммен және болашақты болжай білетін публицистік сарынмен жазылған.

Міне, журналист армандаған, соған жетуге мақсұт тұтқан күн де туды. Бүгінде Шоқанды білмейтін қазақ жоқ шығар. Дей тұрсақ та, мірдің оғындай журналистің «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан» атты ғұмырнамалық очеркін қолына алып, оқып шыққан кісі болса, танымының бір саты өсе түсетіні сөзсіз.



Міржақып Дулатовтың «Қазақта» жарық көрген толып жатқан мақала, өлең және тағы басқа туындаларын түгел атап, жеке-жеке талдау - арнайы бір зерттеудің жүгін арқалауға тұрарлық еңбек. Біз оның бірқатар еңбектеріне ғана тоқталу арқылы журналистік шығармашылығының қаншалықты қарымды және газеттегі үлес салмағының қаншалықты салмақты екендігін аңғартуды мақсат тұттық.

Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры
Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет