Мұса Н. Б. – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті Ғылыми жетекшісі: Нұрбек М. А. ғылым магистрі, аға оқытушы



Дата08.09.2017
өлшемі97,45 Kb.
#31754
ӘӨЖ 81’221.7
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ САЛАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
Мұса Н.Б. – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Нұрбек М.А. ғылым магистрі, аға оқытушы

«Сырдария» университеті, Жетісай қаласы

Резюме

Это статья, связанная с исследованиями и способа создания сложных предложаний

Summary

This article related to the research and ways to create complex sentences
Әуелде жай сөйлем адам баласының қажетін өтеп, толық қарым –қатынасты қамтамасыз еткенімен, кейіннен қанағаттандырмайтын болды. Тұрмыс өзгерген сайын, тіл де өзгереді. Қоғамдық қатынас күрделі болған соң, оған лайық ойдың көрінісі, сөйлем де күрделенеді. Біздің қазақ тілі ғана емес, барлық халықтың тілінде сол себепті құрмалас сөйлем жасалды. Құрмалас сөйлем дегеніміз – бірнеше субъектің көрінісі болған сөздің я сөздер тобының жиынтығы.

Құрмаластың салаластарының шығуында ешбір жұмбақ жоқ. Ал сабақтастарды алып қарасақ: бірден түсіну оңай емес, неше түрлі формалар арқылы ізі жасырынған. Құрмалас сөйлемдер үшке бөлінеді: салалас, сабақтас, аралас [1, 175-б]. Салалас пен сабақтастың арасындағы айырмашылық - олардың компоненттерінің құрмаласу тәсілінде, мағыналық байланыстарында, интонациялық құбылыстарында, компоненттерінің негізгі екі мүшесінің бір-бірімен синтаксистік қатынастарында, әсіресе компоненттердің баяндауыш формасында. Құрмалас сөйлемнің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің арасында мынадай өзгешеліктер бар:

1. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары тиянақты формада айтылады да, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің алдыңғылары тиянақсыз формада айтылып, тек соңғысы ғана тиянақты формада болады.

2. Салалас құрмаластың баяндауыштары тең дәрежеде, теңдік қатынаста тұрып, салаласа байланысса, сабақтас құрмаласта бағыныңқы компонент баяндауышы басыңқы компонент баяндауышына бағына байланысады.

3. Салалас құрмаластың жай сөйлемнен кейін болатын интонациялық кідірісі едәуір тиянақты болады да, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы интонация тиянақсыз, елеусіз болып келеді.

4. Салалас құрмалас компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыса байланысса, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыспайды.

5. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерін бір-бірімен құрмаластыру үшін жалғаулық шылаулар қолданылады, ал сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерін құрмаластыруда септеулік шылаулар қолданылады.

6. Салалас құрмалас сөйлемнің 1-компоненті 2-компонентке тәуелсіз, оның ішіндегі мүшелерге байланыссыз болып келсе, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағынышты компоненттерінің көпшілігі өзі жетектеліп тұрған компоненттің белгілі бір мүшесіне тәуелді болып, соны түрлі жағынан айқындап, тұрлаусыз мүше тәрізденіп кетеді. Компоненттерінің мағыналық қатынасы жағынан алғанда, қазақ тілінде салалас құрмалас сөйлемнің 8 түрі бар. Олар:

Салалас құрмаластың түрлері:

1. Мезгілдес салалас    


2. Қарсылықты салалас    
3. Себеп – салдар салалас 
4. Салыстырмалы салалас    
5. Талғаулы салалас
6. Кезектес салалас

.

Түсіндірмелі салалас    

.

Шартты салалас    [2]

Салалас құрмалас сөйлемнің құрамындағы әрбір жай сөйлемдерінің баяндауышы тиянақты болады, бірақ мағыналық жағынан бір-бірімен әр түрлі қатынаста тұрады. Ондағы жай сөйлемдер бірімен-бірі тіркесіп, ойдың тұтастығына байланысты болады да, белгілі мағына бірлігін сақтайды.

Мысалы: Еламан оған бір бұрылып қарады да, қайырылмай жалғыз аяқ жолмен тарта берді (Ә.Нұрпейісов).Бұл адам өліп жатса да өз бақыты үшін күресуге бар және оны қорғап шыға алады (І.Есенберлин).

Салаласқа енген сөйлемдер форма жағынан бөлек болғанымен, мағына жағынан бірімен-бірі байланысып жату керек. Күрделі ұғымды беру үшін, екі сөйлем бірігіп барып, кеңірек бір ойды білдіреді.

Қазіргі қазақ тіліндегі салалас құрмалас сөйлемдер зерттеліп, белгілі бір жүйеге түскендігі байқалады. Оны салалас құрмалас сөйлем туралы жазылған ғылыми зерттеулер мен оқулықтардан көруге болады. Мәселен, 1954 жылы жарық көрген қазіргі қазақ тілінің академиялық грамматикасы салалас құрмалас сөйлемді екі түрге бөліп қарайды: Іргелес салалас, жалғаулықты салалас. Іргелес салалас сөйлем жайылыңқы, сиысыңқы болып екі түрге бөлінетіндігін, жайылыңқы іргелеске енген жай сөйлемдердің баяндауышы ортақ болатындығын, бірақ ол әр сөйлемде қайталанып отыратындығы айтылады. Мысалы: Жүнді су көтереді, жүйрікті ду көтереді, қайғыны ер көтереді, қорлықты дәрия көтереді, арысты ай көтереді, өлімді сай көтереді. (фольк) Демек, «көтереді» баяндауышы әр сөйлемде қайталанған. Ал іргелестің сиысыңқы түріндегі жай сөйлемдер ықшамдалып айтылатындығы көрсетіледі де, мынадай мысал келтіріледі: Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір жерде мінез көрсетіледі (М.Әуезов). Мұнда дербес үш сөйлемнің соңғысының баяндауышы қалған сөйлемдерге де ортақ болып, жайылыңқыдай әр сөйлемде қайталанбайтындығы айтылады. Салалас құрмаластың түрлерiн саралауда қазақ тiлі бiлiмiнде әр түрлi пiкiрлер болды. Мысалы А. Байтұрсынов салаластарды бес түрге бөледi: жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы.

Қазіргі қазақ тілінің грамматикасында салалас сөйлемнің зерттелуіне кейбір анықтаулар, толықтырулар енгізілді. Дәлірек айтқанда, жалғаулықты салалас сөйлемдер негізгі мағыналық ерекшеліктеріне қарай, мезгілдес мәнді жалғаулықтар, себеп мәнді жалғаулықтар, қарсылық мәнді жалғаулықтар, талғау мәнді жалғаулықтар болып бес түрге бөлінеді де, әрбір жалғаулық арқылы жасалған салалас сөйлемдер семантика-грамматикалық жағынан талданады [3, 160-б]. Салаласқа енген әрбір жай сөйлемнің салалас құрмалас сөйлем құрауында мына мәселелерге назар аударған жөн. Біріншіден, оның әрбір сөйлемі тең дәрежеде, екіншіден, әрбір сөйлемнің өзіндік тиянақты баяндауыштары бар, үшіншіден, оны құрайтын сөйлемдер біріне-бірі бағынышты емес, олар бір-бірімен жалғаулықпен де, жалғаулықсыз да байланысады. Салаласқа енген құрмаластардың әрбір сөйлемі мағыналық жағынан тиянақты, тиянақсыз болуы туралы әр түрлі пікірлер болғанымен, екі сөйлем де бір күрделі ойды білдіреді. Өйткені күрделі ойды білдіру үшін тіркесетін сөйлемдер өзара мағыналық бірлікте болғанда ғана тіркесе алады. Мұның өзі басты фактор болуы тиіс. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда негізгі бір айырмашылығы осы. Салаласқа енген құрмаластардың орны туралы айтсақ, кез келген жалғаулықты, жалғаулықсыз салаластардың бірінші сөйлемі мен екінші сөйлемін сол тұрысында орнын ауыстырып айтудың мәні жоқ. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, салаласқа енген жай сөйлемдерді тең дәрежеде деп айтуымыз орынды. Жалпы салалас сөйлемдердің ішінде ең алдымен жалғаулықты түрлері алғаш қалыптасты да, ал жалғаулықсыз түрлері кейін қалыптасты, зерттелуі жағынан да сол іспеттес. Салалас сөйлемнің бұл екі түрінің іштей бөліктері де бір-бірінен онша алшақ кетпесе керек. Қазіргі кезде жалғаулықты салалас сөйлемдерде ыдыраушылық жағдайлары көрініс таба бастады. Бұл әсіресе және, бірақ жалғаулықтарына тән. Ондай жалғаулықтар ыдыраған сөйлемдердің көбіне екінші сөйлемнің басында немесе алғашқы сөйлемнің соңында ғана соңында жұмсалатын жәйттер орын алуда [4, 233-б].

Орта мектепке арналған оқулықтарда жалғаулықсыз салаластарды 3-5 мағыналық жіктен ары бөлудің өзі мүмкін де, қажет те емес. Оқушы жастардың ой-санасы одан терең айтуды көтермейді. Ал, жоғарғы мектептерге арналған оқулықтарда бұл бөліс (жіктеліс) аз. Мұнда қазақ тілінің сөйлемдік структурасы (жүйесі) мүмкінінше толық беруді керек етеді. Сонда ғана қазіргі қазақ тілінің нормасын біліп, соны дұрыс сақтауға, соны бұзушылармен күресуге болады. Осындай тәжірибелік қажеттерге сәйкес, алдымен жалғаулықсыз салаластың түрлеріне тоқталамыз. Жалғаулықсыз салалас сөйлемнің жіктелуінің 11 түрі бар. Олар:

1. Жалғаулықсыз ыңғайлас салалас

2. Жалғаулықсыз қарсылықты салалас

3. Жалғаулықсыз себеп-салдар салалас

4. Жалғаулықсыз іліктес салалас

5. Жалғаулықсыз шартты салалас

6. Жалғаулықсыз үлестес салалас

7. Жалғаулықсыз баяншы салалас

8. Жалғаулықсыз әрқилы салалас

9. Жалғаулықсыз үдетпелі салалас

10. Жалғаулықсыз бейтараптық салалас

11. Жалғаулықсыз ұқсастық (теңдес) салалас [1, 186-б].

Тілімізде ойлаудың табиғаты күрделене түсуіне байланысты соңғы кездері 2 компонентті құрмалас сөйлеммен қатар көп компонентті құрмалас сөйлемдер қатары көбейе түсті. Қазақ тіл білімінде көп компонентті құрмалас сөйлемдер туралы алғашқы пікір айтқан ғалым Б. Шалабай құрмалас сөйлемдерді байланыс сипатына қарай салалас және сабақтас деп бөледі де, үш немесе одан да көп предикативтік орталықтан құралған  құрмаластарды көп компонентті  құрмаластар деп, оны өз ішінде көп компонентті (сыңарлы) салаластар,  көп бағыныңқылы сабақтастар және аралас құрмаластар деп жіктейді. Салалас құрмаластарды компоненттерінің байланысу тәсіліне қарай жалғаулықты, жалғаулықсыз деп жіктейді де, жалғаулықты салаластарды мағыналық қатынастарына қарай ыңғайлас (мезгілдес), себептес, қарсылықты, талғаулы, кезектес деп саралайды. Назар аударатын мәселе - автордың құрмаластарды, алдымен, предикатив сыңарларының санына қарай жіктеп алуы.

Ал ғалым Р. Әмірдің классификасы өзіндік жаңалығымен ерекшеленеді. Ол қазақ тілі құрмалас сөйлем жүйесіндегі үш құрылымдық түрді бөліп көрсетеді: 1. Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемдер; 2. Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер; 3. Сабақтас құрмалас сөйлемдер. Оның ішінен іргелес салаластарды бөліп алып, оны құрылыс ерекшелігіне қарай тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер, ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер деп топтайды да, одан әрі төмендегідей грамматикалық-семантикалық топтарға жіктейді:


  1. Мезгілдік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  2. Қарсылықтық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  3. Себептік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  4. Шарттық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  5. Теңдік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  6. Айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  7. Объектілік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  8. Телінбе компонентті іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  9. Ауыспалы  іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

Ал Қ. Жұбанов топтамасы қазiргi қазақ тiлiндегi құрмалас сөйлем түрлерiн саралауға негiз болды: ыңғайлас салалас, ереуiл салалас, талғама салалас, себеп-салдар салалас, шарт-жағдай салалас. Кезiнде Н.Сауранбаев көрсеткен iргелес салаластар  қазiр жалғаулықсыз салалас ретiнде қарастырылады [5, 76-б].

Қазақ тiл бiлiмiнде алдымен, жиылыңқы (А.Байтұрсынов), кейiннен ыңғайлас (Қ.Жұбанов, С. Жиенбаев) деген атпен мәлiм болған ыңғайлас салалас деп аталатын құрмаластың түрі соңғы кезде жарық көрген еңбектерде мезгілдес салаластар деп атап жүр. Аталған сөйлемдер өзара ұқсастығы болғанымен, ішінара семантикалық айырмашылықтары бар сөйлемдер. Ыңғайлас сөйлемдерде тектес, ыңғайлас іс-әрекет, оқиға, жай-күй баяндалса, мезгіл мәнді құрмаластарда белгілі бір уақыт шеңберінде өтіп жатқан оқиға баяндалады. Ыңғайлас салаластың жалғаулықтары: да, де, және, әрi. Мезгiлдiк мәннiң берiлу сипатына қарай мезгiлдес салаластарды Қ. Есенов бiр мезгiлдес салаластар (Деревняда үн де жоқ, от та жоқ (Ғ.М.).) және әр мезгiлдес салаластар (Залдағы жарық сөндiрiлдi де, пердесi баяу сырғып сахна ашылды (З.Қ.).) деп жiктейдi.

Қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер қарама-қарсылық немесе «терістеу заңы» - диалектиканың негізгі заңдарының бірі.  Қоғамның субъектісі ретінде адам айналасында болып жатқан құбылыстарды тек бақылап қана қоймайды, оған ықпал етеді, тікелей қатысады, қабылдайды. Қоғамдағы құбылыстар мен оқиғалар туралы көрген-түйгенін ой елегінен өткізеді, баяндайды, ол туралы көзқарасын білдіреді, мақұлдайды не терістейді. Адам мен қоғам арасындағы осы байланыстың тілдік бейнесі сөйлемде көрініс табады. Қазақ тіл біліміне бір кездері «ереуіл», «қайшы» салалас деген атпен енген, кейіннен «қарсылықты салалас» деп аталған бұл сөйлемдердің компоненттері бір-біріне қарама-қарсы келетін әрекеттерді, оқиғаларды баяндайды.

Жалғаулықты талғаулы, кезектес салалас құрмалас  сөйлемдер үнемi жалғаулықты қолданылатын салалас сөйлемдерге талғаулы және кезектес салаластар жатады. Талғаулы салаластарды      А. Байтұрсынов айырыңқы деп атаса, С.Аманжолов бейтарап, ал Қ. Жұбанов талғама  салаластар деп атаған. Компоненттерiнде айтылған iс-оқиғаның бiреуiнiң орындалу-орындалмауын талғай, болжау жасай көрсетедi. Жалғаулықтары: не, немесе, әйтпесе, әлде, не болмаса, я, құй, мейлi, яки. Аталған жалғаулықтар құрмалас сөйлем компоненттерiн байланыстырудан гөрi бiрыңғай мүшелердi байланыстыруда жиi қолданылады.

Т. Қордабаев талғаулы салаластардың өзіндік ерекшелігі ретінде компоненттердің интонациялық жағынан болмаса, мағына жағынан дербес сөйлемдер екендігін және аталған сөйлемнің тек жалғаулықтар арқылы байланысатынын көрсетеді. Компоненттерiне айтылған ой, iс-әрекеттердiң бiрiнен соң бiрi кезектесiп орындалатынын бiлдiретiн салаластың түрi кезектес салалас деп аталады [6, 159-б]

Келтірілген деректерге назар аудара отырып, салалас құрмаластардың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен мағына жағынан байланысты, іліктес болып келгенін көрдік. Құрмалас сөйлемдерді үйренуде, зерттеуде бірден-бір маңызды құрал болып «Қазіргі қазақ тілі» есептеледі. Қорыта айтқанда, құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу тәсілі мен мағыналық қатынастарына да көп көңіл бөлу қажет.


Әдебиеттер

1. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. -Алматы, «Санат», 1994ж.

2. http://iskernews.kz/ Қазақ тілін оқыту әдістемесі.

3. Ә.Н. Нұрмаханова Қазіргі қазақ тілі. -Алматы, «Мектеп», 1982ж.

4. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 2002ж

5. Қордабаев Т.Р. Тарихи синтаксис мәселелері. Алматы, 1964ж.



6. Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. Алматы, «Білім»,1995ж.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет