Музыканы тыңдай және түсіне білу кіріспе



бет1/4
Дата26.01.2018
өлшемі0,63 Mb.
#34051
  1   2   3   4
МУЗЫКАНЫ ТЫҢДАЙ ЖӘНЕ ТҮСІНЕ БІЛУ

Кіріспе

Музыка өнері – әр ұлттың ертеден келе жатқан мәдени талғамының бір арнаға құйылып, асқақты күйімен дамып отыратын көптеген ғасырлық үнінің жемісі. Музыка – жалпы өмірдің, бүкіл дүниенің, қимыл – іс әрекетін бейнелейтін, диалектикалық құбылыстарды адам сезімімен біріктіріп, өмір қайшылықтарын әсерлі дыбыстардың ұйқаса үндесу жиынтығы.

Музыка – әлемде тіршілік ететін адамзаттың немесе адамдар мүддесіне қызмет жасайтын бүкіл өмір мен оның құбылыстарының өзара қарым – қатынаста сырласа үндесуін сезімге жеткізетін құрал. Музыка өмірдегі динамикалық құбылыстардың айнадан көрінетін үнсіз келбет – кескіні ғана емес, оны сырттай суреттеп қана қоймай, ол – таңғажайып сырлары бар мелодиялық үндесуімен ішкі сезім күйлеріне әсер беріп, тыңдаушысын белгілі нысанаға бейімдеп баурап алады. Былайынша айтқанда, адам жан – күйін тәрбиелейтін, эстетикалық қабілетін дамытатын, сенсорлық мәдениетке баулитын, іске батыл жетелейтін эмоциялық құралдардың бірі – музыка. Ол – адам қоғамымен бірге дамып, қоғамдық формацияларды басынан кешіріп келе жатқан тарихи процестің бірі. Сондықтан да оның туу, шарықтау, даму, өркендеу, биіктеу, шеңберіне жету кезеңдері бар. Әр ұлттың музыкалық біліктілігі мен арнасы әр түрлі уақытта өсіп, дамып жетілді. Бұлардың даму процесі де өмірдің өзі туған сезімдерге байланысты. Музыкада әр қоғам өз көрінісімен ұлттық колорит арқылы көзге елестеп, сезімге әсер етіп жатады. Музыканы тыңдай білу, оны түсініп ,ұғыну жеке адамның өмірден алған тәжірибесіне байланысты. Әдебиет сияқты музыка да барлық кәсіп иелерінің сусындай ләззат алатын өмір талшығы. Ләззатты тек тыңдаумен емес, тыңдалған музыкалық үнді сезініп түсіну арқылы ала алады. Бірақ музыкалық әуенді ұқпайтын, оны сезінбейтін, оған елеңдемейтін есту мүшелері жоқ. Есту мүшесінің бірі құлақ болса, музыканы тек құлақ арқылы тыңдаймыз, оны біз барлық ішкі сезімімізбен тыңдап ұғынамыз. Психологиялық процестердің өз ара қатынасымен бірде қабылдап, бірде еске түсіріп, бірде көз алдында елестетіп, қайтадан жаңғыртып, түйсік сезіміне жеткізу арқылы музыканы түсіне аламыз. Музыка құр шуыл, жай ызың ғана емес , оның ішкі бейнесі үшін сезіммен тыңдауға дағдыланған жөн. Музыканы түсіне білуге байланысты ең негізгі де бастапқы қадам осыларға байланысты.

Қазақ халқы – ежелден ән-күй өнеріне құштар ұлттың бірі. Олардың қарапайым музыкалық аспаптарының үнінен қазақ ұлтының сыршыл сезімдерінің таңғажайып құбылыстарымен ұштастырыла берілгенін байқауға болады. Өз даласының күн көру кәсібіне тән, өмір құбылыстарының адамдар түйсігімен байланысып жатқанын музыка аспаптары біздің заманымызға дейін жеткізе алды. Халық өнерінің ән-күй алтын қорлары ауыздан ауызға тарап, ел арасында өшпес із қалдырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде тапсырылды. Қазақ елі жаугершілік соғыстарды, шетел феодалдарының басып алушылығын басынан көп кешірді. 200 жылдай басып алушылықтан жаншылған, 100 жылдай жоңғарлықтан соғысын басынан өткізген қазақ халқының тарихи мұңы музыкада өз өрнегін қалдырды. Бұларды жеткізуші талант иелері халықтың өз ішінен табылды. Олар туралы кейінірек тоқталып, идеялық жағын аша, музыкалық шеберлікті сөз етпекшіміз. Халық игілігін тонап, қала, қыстық, мәдениетті өртеп, сындырып жоқ еткен жаугершілік соғыстар халықтың ән-күй музыкалық дарынды туындыларын жоя алмады. Оның себебі қазақтың музыкалық туындыларды тыңдап және оны түсіне білетіндігінен еді. Өмір сазынан туған сан алуан өлең, күй, терме, айтыс, жыр, сыңсу, естірту, жоқтау, т.б. музыкалық туындылар өміршең қорға айналып, өзін бағалай білетін ұрпақтарына табыс етеді.

Өздерінің туыстас түрік тектес елдерімен салыстырғанда, қазақтар да сөзге шешенділіктерімен ерекшеленеді. Қазақтар сөз сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке ұштастырады.Сондықтан да қазақ халқының поэзиясының дамуы жоғарғы сатыға жеткен. Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де әдейі қолданылған ұйқастарға негізделінеді.Тарихи жыр, айтыстар, салт өлеңдері, жоқтаулар т.б. бәрі де жиын-тойларда әрдайым жырланады және оларды жұрт емірене тыңдайды.Қазақ өзінің қарапайым домбырасының, қобызының, сыбызғы-сырнайының үндерімен күрделі тақырыптарға құрылған музыкалық күй туындыларын бере алады.

Қазір қазақ музыкасы кәсіби денгейге дейін өсіп жетілді. Симфониялық шығармалар, опералар, балеттер туды. Халқымыздың музыкалық талғамын жаңа белеске көтерді. Аз уақытта фольклорлық сипаттағы өнер кәсіби талап-талғамға сай биіктен көрінді. Халықтың ғасырлар бойғы ел аузында сақталып келген тамаша әндері мен күйлері қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болды. Мысалға, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы,М.Төлебаевтың «Біржан Сара »операсы,Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» ораториялық шығармасы – халық музыкасының қайнар бұлағын негізге алған туындылар. Осы шығармалар қазақ халқының әуені әдемі, тынысы кең, мазмұны терең музыкасының халықтың жүрегінен жылы орын алғанын көреміз.

Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттімбет, Абай, Ақан, Біржан, Мұхит, Ыбырай сияқты дарындарымыздың туғызған шығармалар біздің дәстүрлі өнерімізден ерекше орын алады.

Қазіргі уақытта музыка өнері өз дамуында жаңа кезеңге жетті. Музыка шығармашылығының түрлі тәсілдермен дамытылуда. Музыка мәдениетінің түрлі салаларында белсене жұмыс істеп отырған композитор жастардың саңлағы өсті. Олардың шығармалары театр және филармония орындаушыларының репертуарына лайықтап шығарылды. Театр мен киноны дамытуда, радио мен теледидардың жұмысында композиторлардың рөлі арта түсті.Халқымыздың сезімі мен ойын білдіретін музыкасы халыққа арналып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленеді. Егемендік алған ҚР тұңғыш елінің музыка өнері бүкіл дүние жүзінде кеңінен танылды. Оның халықаралық беделі орындаушыларымыздың аса үздік табыстарымен еселеп арттырылуда.

Музыка мәдениетінің маңызды ерекшелігі оның көп ұлтты сипатында. Музыка деген – үлкен тақырып, оның атқаратын міндетіне, ән сазының, музыкалық көркемдікке, музыкалық шығармалардың түрлеріне, олардың даму жолдарына толық тоқтап, шағын кітапшада үлкен мағұлмат беру мүмкін емес болғандықтан, әрқайсысының сипаты мен мазмұнына жекелеген мысал арқылы тоқталып өтеміз. Кітапшаға еңгізілген материалды шартты түрде үшке бөлдік: 1) Музыканы тыңдай және түсіне білу, 2)Музыкалық көркемдік, 3) Музыка жанрларының түрлері

Музыканы тыңдай және түсіне білу.

Адам баласының өмірінде өнер үлкен орын алатынын ең алдымен айта кеткен жөн. Жас сәби жарық дүниеге келген күннен бастап өнердің ортасында өседі. Өнер – архитектура, скульптура, бейнелеу өнері және графика, көркем әдебиет, би , театр, кино және музыка болып бірнеше салаға бөлінеді. Өнердің осы аталған салалары әр кезеңде біртіндеп пайда болды. Табиғат құбылыстары мен адамзат қоғамының дамуына байланысты, өнердің түрлері өзгеріп, дамып отырады. Әсіресе музыка өнері үлкен өзгеріске түсті. Сондықтан да қазіргі өнерлі жастарға эстетикалық тәрбие берудің құралы болып саналады.

Біз күнделікті өмірде музыка, концерт, ән-күй кеші, ария, контата, симфония, опера деген сөздерді жиі естиміз де, олардың үнінен тамылжыған әр-алуан музыкалық шығармаларды сүйсіне тыңдаймыз. Ерекше бір рахатқа бөленіп, шабыттанып қаламыз. Тіпті жұмыс кезінде де жүрек тебірентерлік жақсы ән мен тәтті күйлер беріліп жатса, оны ынтамен тыңдай отырып істеген ісімізді қалай тез бітіп қалғанын сезбейтінде кездер болады. Өнердің басқа түрлеріне қарағанда, музыканың осыншалық әсері молдығының себебі неде деген орынды сұрақ тууы да осыған байланысты.

Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй,

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй ,- деген Абай сөздерін еріксіз еске алуға тура келеді. Өйткені әсем ән мен тәтті күй, біріншіден, адамның рухани шабытын арттырады, серпілтеді, екіншіден, көңіл кірбіңінің жоғалуына себепші болады.Сондай-ақ, лебімен көңілге жылы тиген музыка сарыны кейде кісінің бастан кешкендерін, жастық шақтары көз алдына елестейді.Кейде тіпті арман асуына жетелеп, ерлікке, батырлыққа бағыттайды.

Өзіміз сүйіп оқитын ақын, жазушыларымыз өз басынан өткен күйініш – сүйінішін, өмірге деген көзқарасын, көрген – білгенін, замандастарының еңбектегі ерліктерін оқырмандарына прозамен , поэзия арқылы, қалам ұшымен қағаз бетіне түсіріп жеткізсе, композитор да дәл солай еңбек етеді.Бірақ ол өзін тебіренткен жақсылық пен жамандықты, бақыт пен қайғыны, батырлық пен зұлымдықты, бостандық пен теңдікті, табиғат көріністері сияқты құбылыстарды нотаға түсіріп, бейне арқылы музыка тілімен айтып береді.

Егер бау-бақшада құстардың ішіндегі ең бір сымбаттысы бұлбұл өз бетінше, өз еркінше құбылта сайрап, адамның көңіліне әуенімен әсер ететін болса, адам да, сол бұлбұлдай бас бостандығы мен теңдікті аңсап музыка ырғақтарының үнімен аңғарта , тамылжыған күйлер шығарады.Халық композиторы Дина Нұрпейісованың қасиетті саусағынан күмбірлеп шыққан домбыра үні өмірдің қилы кезеңін сан қырынан көзге елестетеді.Композиторлар Альябьев пен Хамидидің әйелдер даусына арнап жазылған «Бұлбұл» атты әндері қазақ сахнасында Б.Төлегенованың орындауында әсем де, үнді естіледі.Тыңдаушылардың жан дүниесін тербеп ерекше әсер қалдырады.

Күй атасы Құрманғазының шығармалары-қазақ халқының музыкалық өнеріндегі үлкен бір белесі, өз кезінде жоқшылық пен жалшылыққа, зорлық пен үстемдікке қарсы күй шығарған.Бастан кешірген қиыншылықтарын сол күйлерінің негізгі тақырыбы етіп отырды. Мысалы, оның «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйін алайық. Бұл – бастан аяқ тыңдаушыларын желпіндіріп, өзіне еріксіз тартып отыратын терең мазмұнды, әсем үнді шығармалардың бірі. Домбыраның күмбірлеген жағымды дауысы адамның жүрегінен шыққан сөз ше, «Аман бол, шешем, аман бол» деп естіліп тұрғандай. Дүниеде адамға анадан ардақты ешкім жоқ. Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» атты күйлері де әрі мазмұнды, әрі әсерлі, нағыз жүректен шыққан туындылар, халықтың той – тамашаларын, бәйгемен қыз қуу сияқты ойын – сауықтардың, сондай – ақ кең байтақ дала бейнесін осы күйлер арқылы бейнелеген. Бұларды орындап тұрғанда,қазақтың құладүз боз жоталы, тау-қыратты, тепсең-шалғынды кең даласы күмбірлеп сөйлеп, тыныштық күйі қимылға түскендей сезінеміз.Тынысы кең, құшағы жазира дала күйге қосылып, күңіреніп тұрғандай боп естіледі.Домбыра үнінен сықақ сезім құйқылжи биікке көтеріліп ,дала тынысына үн қосып жатқандай, адамның ішкі жүйесін ләззат сезімін баурап алып, туған жерге сүйіспеншілік одан сайын арта түседі.

Қазақ халқының ерте заманнан бері келе жатқан музыка аспаптары мен қобызда ғана орындалатын белгілі бір мазмұны бар музыкалық шығармалардың түрін күй дейді.Музыкалық сауаты жоқ халық арасынан шыққан өнерлі күйшілер өмірде болып жатқан әр алуан жағдайларға байланысты өздерінің реніш-қуанышын, жүрек сырын қос ішекке қосқан.Домбыра мен қобыздың әсем үндері арқылы тыңдаушы қауымға «Адамның күйі, жайы, ішкі жан дүниесінің сыры» деп баяндайтын болған.Күйді орындаушы тыңдаушы қауымның арасында отырып, орындалатын күйдің шығу тарихын, оның қысқаша мазмұнын ауызша айтып беріп, күйді орындап шығатын.Біз білетін күйлердің барлығының мағынасына сай аттары бар.Күйдің аты мазмұнына, ал мазмұны күйдің өз атына сай келіп отырған. Оған дәлел Дина Нұрпейісованың «16-жыл», «Той бастар», «Бұлбұл», «Жеңіс», Дәулеткерейдің «Топан», «Қосалқа», Құрманғазының «Серпер», «Бозшолақ», «Түрмеден қашқан», Тәттімбеттің «Сары жайлау», «Былқылдақ» т.б туындылардың мазмұндары, ойналу ырғақтары шығарманың аттарына сай үйлескен. Күй, бағдарламалық шығарма, симфониялық поэма тәрізді, белгілі бір сюжетке құрылған.Барлық оқиға желісі музыка тілімен беріледі. Бұндай күрделі сюжетке құрылған, композициялық желісі, байланысы бар кесек туындыларды тыңдай білгенмен, толық түсіне білу үшін күйді бірнеше рет тыңдап ұғыну керек. Кейде тыңдаушының музыкалық түсінігі мен білімі аз болып, музыкалық шығарманы түсінбей қалады.

Академик А. Қ. Жұбанов қазақ халық күйшілері мен ақындардың өмірі мен шығармашылығына көптеген зерттеулер жүргізді: «Ғасырлар пернесі» (1958 ж.) , «Замана бұлбұлдары» (1967 ж.) деп аталатын монографиялық еңбектері шықты.

Ол Құрманғазы туралы былай деп жазған еді: «...Құрманғазы Орал түрмесінде жатып шешесіне арнап «Қайран шешем» күйін шығарады. Күй қапастағы халді суреттегендей жай басталады. Әлден кейін, жарқ етіп туған айдай, жарқын кейіпке көшеді. Күй әсерленіп, қызынып, шапқан аттың алыстағы сарыны естілгендей болады. Аяғында баяғы ауыр дыбыстар, еріксіздік үндері қайталанып келіп, ең соңында тағы да үміт сәулесі елестегендей болады. Құрманғазы алдағы өмірден үміт күтеді.

Осы сапарда Құрманғазының «Түрмеден қашқан» күйі шығады. Бір шенеунік түрменің қасынан өтіп бара жатып, Құрманғазының осы күйді тартып отырғанын естіп: «Мына бір тұтқынның домбыра тартысы ұнамайды, қашу күйі сияқты, сақ болыңдаршы»,-депті. Ал шынында да «Түрмеден қашқан» күйінде басынан аяғынан шейін ат шабыс, қуу, қашу, айқай-сүрен дыбыстары бар. Еш жерінде тыныштық дыбыс жоқ деуге болады. Әншілердің тілімен айтқанда, бұл күй аяғына дейін дем алмастан бірақ-ақ тартылып шығады.

«Кісен ашқан» басынан аяғына дейін орнықты жай екпінді күй. Әуеннің өткірлігі сай-сүйегіңді сырқыратады. Әрине, онда кісенді кесіп жатқан алмас араның құлағыңды жаратын дыбысы жоқ. Күйде аяғын кісен қиған тұтқынның жан қиналысы бар. Тіпті бір Құрманғазының ғана емес жалпы еңбекшінің аяқтары кісендеулі тәрізді, ауыр жағдай суреттеледі. Бұны психалогиялық күй десек қателеспейміз. Бірақ ескерте кететін нәрсе күйде үлкен трагедиямен қатар үлкен астарлы күш жатыр.

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» опералары мен Сыдық Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» ораториясы қазақ халқының басынан кешкен тарихи кезеңнің шиеленіскен оқиғаларға толы, қайшылығы мол өмір көріністері мен жайып салып, сезімге әсер беріп отырады. Бұл айтылған опералардан ағартушы ұлы ақын Абайдың, бас бостандығын аңсаған қазақ қыздары Ажар мен Сара, шыншыл ақын Біржанның арияларын тыңдай отырып, сонау ХІХ ғасырдағы зорлық-зомбылық заманындағы қазақ даласын да көз алдыңа келтіресің.

Музыканы, өнердің басқа салалары сияқты, көзге көрсете, қолға ұстайтын етіп жасауға болмайды. Музыкада айтылатын ой мен оқиға сазды дыбыстар арқылы беріледі. Адамның ой өрісінің кеңеюіне әсем әуендер ғана әсер етеді. Атап айтқанда, қоғамдық тартыс пен халық көтерілісі, табиғат көрінісі, сүйіспеншілік пен өшпенділік, адамның бақыты мен қайғысы сияқты құбылыстардың барлығы да музыканың құдіретті үнді тілімен беріліп, жан-күй сезіміне толқынды күй салып, әсер туғызады.Бұл сияқты қиыннан-қиысқан құдіретті күш ұлы дарын иелерінің ғана қолынан келеді. Бұндай музыкалық шығармаларды ұғынып тыңдай білу де әркімнің құштарлығы мен талабына байланысты. Музыка тыңдауға барлық адам қабілетті. Бірақ бұған да әркімнің өзінше жаттыға білуі керек.

Музыканы тыңдап, дұрыс түсіне алмайтын «ойға олақ» адамдардың бар екені рас. Музыканы есту көп адамдарда бірден оянбайды. Еткен еңбегіне, көздеген мақсатына қарай, күйкілжің тұрмыс күйбеңі арасында жүріп, музыкаға жас кезінен көңіл бөлмейтін адамдар да кейіннен музыкалық қабілетін дамыта алады. Музыканы тыңдай білудің арасында алшақ айырмашылықтың бар екені бәріне белгілі. Сондай, музыкалық шығармаларды – оның ішінде күрделі бағдарламаланған симфониялық, оркестрлік, ораториялық туындыларды – тыңдай білу мен оны түсіне білудің де арасында көптеген айырмашылық бар. Бірақ бұл мәселенің төңірегінде қолға ұстатарлық әдіс-тәсіл ережелерін айту қиын. Музыкалық шығармаларды көп тыңдаумен қатар сол өнер туындылары туралы кітапшаларды оқып жаттығу керек. Біз де күрделі шығармалардың мазмұнын ашып, ой желісін көрсетіп, музыкалық туындыларға біраз талдау жасап шығамыз. Осының өзі музыканы қалай тыңдап, қайтіп түсіне білуге жетекшілік әдіс көрсетеді.Қысқасы, музыканы сүймейтін, өзі де дауыстап ән айтпайтын адам жоқтың қасы. Тек оны тыңдап, түсіну қабілеті әркімде әр түрлі.

Біреулер жеңіл музыка жағын ұнатса, екінші біреулер күрделі шығармаларды тыңдауды жақсы көреді. Дегенмен қандай музыкалық шығарма болмасын оның адам жанына әсері мол, эстетикалық талғамын дамытады, ойын байытады.

Қапан Мусиннің «Жайлауда» атты симфониялық поэмасын тыңдасақ, ғанибет қиялға түсінеміз. Көсіліп жатқан тау етегінде жайылымды, көк орай шалғын шуылын, сылдырай аққан арна, бұлақты, сол жайылымда жатқан отар-отар қой мен табын-табын ірі қараны көріп,бие сауып жүрген адамдардың арасында жүргендей боламыз. Құлаққа солардың қимылы, үні естіліп жатады.

Айта келгенде, музыкалық шығарманы қандайда болмасын автордың өз тыңдаушысына айтайын деген түпкі ойын жеткізеді. Тыңдаушы сол музыка арқылы ой түйеді, қиялын дамытады, дүние сұлулығын сезінеді. «Дарын деген табиғатқа жақындау» деп Л.Толстой айтқандай, музыка қаншама дарынды болса, табиғат құдіретін адам жанына соншама жақындата түседі.

һ ...Егер суретші, архитектор, скульптор өздерінің шығармаларында өмірдің кесек бір бөлігін, мезгілін, бояумен, нақышпен көзге көрсететін болса, композитор өз шығармаларында тарихи оқиғаларды аса әсерлі әуенмен тыңдаушы құлағына жеткізеді. Айтарлықтай түсінік туғызы алады.

Сыдық Мұхамеджанов – қазақ совет музыка мәдениетіне елеулі үлес қосқан дарын иелерінің бірі. Ол өзі қалаған оратория жанрын көпшілік сүйіп тыңдау үшін көп жылдар еңбек етті. «Ғасырлар үні» ораториясы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақтың меклекеттік хор капелласы төрт солистің қатынасуымен бірінші рет орындағанда, залда отырғандар ду қол соғып, ораторияны шын жүрекпен қуана қарсы алды. Оның мазмұнына аса жоғары баға берді. Шынында, бұл оратория қазақ халқының тарихын, оның қара түнек пен теңсіздікте өткен өмірін баяндайды. Автор ораторияны әрбір бөлімін тарихи шындыққа байланыстыра отырып орынды аттар берген. Музыканың тіл байлығы, интонациясы,ырғағы халық музыкасы мен бір сарындас және оған сәйкес келіп отырады.Оратория сегіз бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Жыраудың балладасы» деп аталады. Бұл бөлімде, автор қазақ халқының ерте кездегі ауыр өмірі мен қайғы - қасіретін қарт жырау әнімен баяндап береді. Композитор жыраудың ариясын әуелі баритонға береді. Мұнан соң ол ән әйелдер мен ерлер хорына көшіп, соңынан симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жалпы хорға ауысады. Тыңдаушы қауым қарт жыраудың дауысынан кең-байтақ, жазира қазақ жерінде мал баққан, жан баққан жұрттың мұңын естиді.

Ораторияның «Шапқыншылық», «Ақтабан шұбырынды», «Октябрь әні», «Бесік жыры», «Жас қазақ», «Еңбек мерекесі», «Отан туралы гимн» атты бөлімдерінде композитор біздің елімізде болған ұлы өзгерістерді жыр етеді. Онда әсіресе коммунизм орнату жолында қол ұстасып, бірге күресіп жатқан совет халқының лениндік партияның ұлт саясатының арқасында қолы жеткен табыстарын жырлайды. С. Мұхамеджановтың әндері мен романстары бірі саздылығымен, бірі наздылығымен дүйім жұрттың көңіліне ұялап, қолқалар қалаулысына айналды. Астанада айтулы әншілер салатын Сыдық әндері қайда барсаң да қарсы алдыңнан шығады. Алыс жайлауда, мал баққан жас шопан жапанды жаңғыртып «Шолпанымды» шырқайды. Қырманнан қайтқан қыз – келіншек «Тербеледі тың даланы» әндетеді. Қоймаға астық әкеле жатқан шофер де «Машинаның есігін айнадай ғып қоймас па ем» деп көңіл – күйін құйқылжытады»,- деп жазды.

Бұл айтылған ойлар күй тыңдаушы, ән сүйетін адамдардың композитордың творчествосына айта салған сөзі ғана емес, тербеліп шыққан терең жүрек сезімдері болып саналады. Жүректен шыққан терең мағыналы сөздерді естігенде, композитордың творчествосы халық қазынасына айналып, шын мәнінде республикамыздың музыкалы мұрасына үлкен үлес қосқанын байқатады.

С. Мұхамеджановтың ораториясын тыңдағанда, әндерін естігендеріңде, осы жоғарыдағы берілген талдау жүйесін еске алып, тарихқа тереңірек бойлап, музыкалық үнге елегізе, құшырлана асқақ сезіммен тыңдасаңыздар, оның музыкалық сырын түсіну қиынға соқпайды. Музыка мелодияларының үйлесімен әуелеткен үн осы айтылған мазмұнға дәл келіп, өмірдің желілі оқиғаларымен сәйкесіп жатады.

Міне, ораторияны тыңдауға кеңес ететін әдіс – тәсіліміздің бірі – осы. Бірақ бұны әркім өз ішкі сезімімен ұштастыра білген жағдайда ғана музыкалық ләззат ала алады. Сыршыл жүрек бұл айтылғандарды асыра ұғынып, ораторияның өн бойына терең бойлап алады. Оратория шығармаларын кесек біртұтас туындыдай байланыстыра, әр бөлімнің маңызын мазмұнына сай ұғына білген адам ғана тарихи шындыққа терең бойлап, сюжеттік желі – мен өз сезімін қабыстыра алады. Осылай етіп тыңдау – музыканы түсінудің бірден – бір тәсілі.

Бұл салада композитор Ғазиза Жұбанованың творчествосы да ерекше сөз етуге тұрарлық. Абай атындағы опера және балет театрының хоры, қазақтың хор капелласы мен симфониялық оркестрдің орындауындағы ақын Хамит Ерғалиевтің «Оралдың отты түндері» поэмасы бойынша жазылған «Арайлап атқан таң» ораториясы да Ғ. Жұбанованың аса сәтті шыққан туындыларының бірі. Бұл – композитордың күрделі шығармаларының ішіндегі ең бір ұтымды шыққан дүниесі болумен қатар, республикамыздың оратория жанрының одан әрі дамуына елеулі үлес қосты. Композитор бұл ораториясында поэма текстісіне орай музыка үнін, ритмін сай келтіріп, Орал өзені өңірінде жаңа заман орнату жолында құрбан болған азаматтармен қатар, азамат соғысының батыры Чапаев образын шеберлікпен бейнелейді. Бұл оратория да сегіз бөлімнен тұрады. Кіріспе, «Жаралы Жайық», «Чапай келді ауылға» бөлімдерінде оркестр мен хордың үні қайғылы күңгірт, ырғақты жай музыкадан кенет өзгеріп, труба мен барабанның дабылына, марш екпінді салтанатты музыкаға ауысып кетеді. Бұнда композитор Орал өзенінің бойына бақыт, теңдік әперуге келген коммунист партиясы мен Совет үкіметінің өкілі ер Чапаев бастаған қызыл әскерлердің жергілікті ел, жұрт, бала-шағамен кездескенін елестететін картинаны көз алдымызға төндіреді.Ораторияның келесі бөлімдері «Атамандар майданы», «Ақтар Оралда» және «Финал» деп аталады.

Бұл ораторияның тақырыптары өзіндік сипат алады. Бұндағы халық өмірі революцияның отты жылдарын еске түсіреді. Кешегі көтерілісшілер мен бас бостандығының жорықшылары, халық құрметіне бөленіп, игілік істе құрбан болғандар жайынан сюжеттік желі құрылып, кесек дүниелі музыканың пәрменді кең үнімен болашаққа иек артып, арналап құлаш жайып жатқан мол тынысты халық қимылы сезімге оралып, құлақта тұрып қалады. Ораторияның атына қарай оның ішкі мазмұнын сезініп түсінуге болады. Таң деген сөзден болашақ үміт, ыссы леп есіп тұрғандай, таң шапағы, таң сәрісі, таң шұғыласы деген ұғым тек таң сөзімен тіркесе алады. Таң деген сөздің өзінен осы ұғымдар елес береді. Егер оны таң демей, түн деп алса, басқаша, тіпті керісінше ұғынуға болар еді. Ораторияның «Арайлап атқан таң» деп алуынан оптимистік шығарманы күту орынды. Музыка да осы атына сай шығу керек. Бұны Ғ.Жұбанованың орындап шыққандығын ораторияны тыңдай отырып сезіне аласыңдар. Міне, тыңдай да түсінудің бір тәсілі шығарманың атымен де байланысты, әрқашанда бұған көңіл бөліп отырыңдар.

Композитор – Дмитрий Шестаковичтің ХХ ғасырдың есте қаларлық кезеңін баяндайтын, Ұлы Отан соғысың қиын-қыстау мезгілінде пайда болған «Ленинградтық VII симфониясын» еске түсірейік. Ленинградтың блокада жайын, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын, азап шеккен Ленинградтық тарихи мәңгі өшпес ерлік обрыздарын көз алдыңа елестетпей қоймайды. Осы айтылған симфонияның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталсақ, оның музыкалық картиналарының темаларының, бейнелерінің айқын әсерлігінің ерекшелігі байқалады. Музыкаға жанды тіл, жүрек бітіп, музыка үні жаңа үнмен ұштасып жігерленеді, жүрек сырын шертіп, жеңіске жетелейді.

Бірінші қойылым концертіне келген жұрттың көбі әскери киімділер, майданнан жауынгерлер де келген. Көбінің қолында автомат. Бүгінгі жұрт мүлдем бөлекше-түстері сұсты және көңілдері алып ұшқандай. Бұл тегін де емес. Өйткені бүгінгі концерт-аса маңызды, үлкен оқиға. Оны бәрі де түсінеді. Біз өз замандасымыз жазған музыканы, өз қаламызға арналған музыканы, бүгінгі жағдайымыздан туған музыканы тыңдайық деп отырмыз... Әрине, жұрт сондықтан тас түйіліп тына қалған, олардың көңілі сондықтан да алабұрта түседі.Сахнаға оркестр шықты... Міне, дирижер да көтерілді...

Соғыс-жайы халықтың және бүкіл адамзат баласына қатысты қасірет- музыкада тап осы «Жетінші симфониядай» еш уақытта да шынайы және мұншалық ойлы қорытындыланып көрсетілген емес...

Симфонияның бірінші тақырыбының бейнесі тамаша, батыл, әрі кең құлашты бейне. Тап бір өмірдің өз өзегінен шыққандай, ойлы лирикалық сезімге құралған, екінші тақырып та аса әсерлі.

Кенет қайдағы бір алыстан, тап бір ұмыт болған бағзы заманнан талып шыққандай боп, тықылдаған барабан үні әрең естіледі құлаққа. Одан барабанға шыңылдай флейта қосылады. Бұл не ? Тап ғасырлар түпкірінен прусс майдангерлерінің қурап қалған аруақтары көтерілгендей... Тасыраңдап бір ырғақпен тарс – тарс басқан, адамға жат, автоматты қозғалыс қаптап келе жатыр. Тұрпайы марштың даңғырлаған үні бірте – бірте өрекпіп өсе түседі. Темір – терсек киінген әскерлер өздерінің тықылдаған барабан сымағымен және шыңылдаған флейтасымен енді қайтадан аруаққа айналды. Аждаһа марш бірде өкіреді, ұлиды, гүрсілдейді. Әбден жетілдірілген техника келе жатыр, талқандаудың тас керең, тарсылдақ машинасы келе жатыр, мотор мінген, темір құрсанған тас мүсіндер келе жатыр, фашист әскерлері келе жатыр. Әйтсе де бұл прустың мәлім бораны ғой, тек ол жойқын дамудың көзсіз метрикалық инерциясында дарылдаудың масқара шегіне жеткен.

Біз тосудамыз, біз күйрету күштеріне күйрете соққы беретін күштердің қарсы шығуын бар ниет, бар тілегімізбен тосудамыз. Солай болатынын біз білеміз. Өйткені солай болуға тиіс. Тіпті солай болды да:жаңа тақырып басталды және ол бірден жүрекке жылы тиіп, жан–жүйемізді баурап алды. Бұл – осы күнгі орыс тақырыбы. Бұл – жарқын және адамдық тақырып. Мұндағы әрекет қан майдан боп қайнайды, аңыздағыдай астан – кестен арпалыс болып алас ұрады. Одан кейін тыныштық орнайды, міне, біз енді бүкіл адамзат алысқан, миллиондар мерт болған шексіз ғаламат майдан даласының үстінде тұрғандаймыз. Музыкадағы осынау тыныштықтан ұлағатты дерлік,- бүкіл жер шарының бар денесі дір еткендей және оның кеудесінде көлбей түсіп біздің Совет жері жатыр, бұл – бағзы заманнан бері қан көрсе, көкірегін қарыс айыра күрсінумен келе жатқан жер...Осынау майдан даласы шексіз, миллиондаған өмірдің қазасын аза тұтқан адамзат қайғысының да шегі жоқ...

Төбесінде артиллерия оғының отты тілі әлі күнге алау атқан туған қаланың қаңырап қалған бос көшелерімен үйге қайтып келе жатып, біз қазіргі заманғы адамзат күресінің трагедиялық эпопеясы енді мәңгі-бақи сомдалғаны туралы ойладық. Ол өнерде сомдалды, музыкада өмір бақи қалды».

Күндер өтеді, жылдар өтеді. Батыр қаламыз Ленинградтың айналасында болған сұрапыл соғыста арпалысқан еліміздің азаматтарының мәңгілік өшпес бейнесін музыка тілімен баяндаған бұл көркем туынды ғасырлар бойы өмір сүреді. Еліміздің ерлігі, қолы жеткен жеңісі адамзатқа, болашақ ұрпақтарға ескерткіш ретінде қалады.

Бұл шығармадан түсінетініміз тек қана осы ма, біздің айтайын дегеніміз шығарманың өміршеңдігі, оның өшпес атақ алғандығы ғана емес, әрине, бұл жерде оның ең маңызды жағы. Біздің айтайын дегеніміз мынау:Отан соғысының отты жылдарының бір көрінісін Ленинградтықтардың өмірімен байланыстыра отырып және осыны ақыл ой тақырып етіп алып, композитор бар талантымен болған оқиғаны көзге елестетеді. Бірақ ол жай сурет немесе суретшінің нақышына келтірілген түрлі түсті бояуы арқылы көз алдымызға төніп тұрмайды. Оны көзбен көріп, қолмен сипалап ұстай алмаймыз. Бұл симфониядағы тақырыпшаларды көзге елестету үшін, олардың бір-бірімен байланысын аңғарту үшін қаншама бояу керек болар еді және оларды орналастыратын орын іздер едік. Бірақ сонда да бір сурет арасындағы оқиға байланысын аңғарып түсіне алмай, суретке қарап телміріп ойланып біраз уақыт тұруға тура келер еді. Суреттегі оқиғаларды көзбен көріп, оған жиеркеніш туғызатындығымыз хақ. Бірақ бұл да сезімімізге музыка үндей әсер ете алмас еді. Еткен әсері қарадүрсін болар еді.

Ал осы симфонияда көрсетілген оқиғаны көзімен көрген жай – қарапайым адам өз сөзімен баяндаса, оны тыңдау үшін бір тәулік уақыт керек сияқты. Бірақ ол адам қай тұрғыдан, қай қырынан баяндайтыны тағы белгісіз. Өмір – объект, адам-субъект. Субъектив типтің ойлануы, жаны ашуы, ыза төгуі, өз ішкі күйін ақтара отыруы, оған өзінше баға беріп, өз түсінігімен қорытынды шығарып отыруы-табиғи нәрсе. Әрине, бұндай әңгімені тыңдап отырып, айтушының субъект пікіріне ілесіп кетеміз де, объективтік тұрғыдан оқиғаны бағалай алмаймыз, сондықтан оны толық түсіну мүмкін емес. Бұл жерде симфониялық шығарма музыкасының тіліндей түпкі сезімімізге жеткізіп, толық түсіндіріп бере алмайды. Осы туралы жазылған романды оқып шығу үшін қанша күн кетер еді. Бірақ бұлда уақытты көп ұтатындығынан тиімді емес.

Ал симфониялық туындыны түсіну үшін оның жағымды мелодиясына, дауыстың жоғары, төмендігіне, ызалы, қуанышты, күлкілі екендігіне көңіл аудара тыңдау керек. Әрбір аспаптың дауыс жаңғырығына, ұзақтық сазына жекелей көңіл аударып отырған жөн. Сонда әрбір музыкалық сарын үнімен өмірдің бір бөлігін небір жалт етпе күйін сипаттап, соны бейнелей ұғындырып жатады. Мүмкін, ол тау шуылы, құстар әні,бұлақтар сылдыры, күркіреген күн, зарлаған ана, өксіген бала, ұлыған қасқыр дауыстары болар. Немесе шаттық күйді тербетіп тұрған бейбітшілік күндерінің жарқыл дауысына тараған жібектей естілген музыка үні шығар. Осылардың бәрін де музыкалық аспаптардың құдіретті үнінен айырып ұға білу керек. Оқиғаны көзбен көрмеген жағдайда не оның сөзі болмаған күнде, яғни оқиға бір өңкей музыка үнімен жазылғанда, шығарманы әлгідей тәсілмен тыңдап түсіне білу керек. Біз жоғарыда симфониядағы жазылған оқиғаны көзімен көрген музыкант Шеннің көңіл күй әсерін өз сөзімен бердік. Ондағы мақсатымыз-музыка тыңдаушыларға ой салу. Оқиғаны да, симфонияны да өз көзімен көріп, құлағымен естіген музыкант Шен ғажайып сезім жетегінде отырып, шындықтың сыршыл сырынан туған музыкалық өмір көшірмесіне таңдана сүйсінеді. Музыкалық жанрды туғызатын да, оған өрнекті, әсерлі тақырып тауып беретін де өмірдің өзі екенін жүрегіне түйеді.Жалпы халықты тыңдай ұғына білсе, өмірге терең үңіліп барлай көрсе, музыканы түсіну қабілетін дамыта да, ұштай да алады. Музыканы тыңдағанда одан басқаша сөйлейтін, өзгеше тілмен ұғынатын жат үнді жаңаша мелодияны іздеудің керегі жоқ. Оны түсінуді шығарманың атына байланыстырып, өмір құбылыстары мен тартыстарының өзінен іздеу керек. Сонда ғана музыканы түсіну оңайға түспек. Осы кітапшаның мақсаты да, тыңдау-түсіну әдісін сіздерге ұғындыру қуаты да шығарманы талдап ашып беру жолдарымен шектелмек. Тыңдау мен түсіне білудің бұдан басқа жолдары жоқ деуге болады. Ал бұған қалыптанудың ең негізгі жолы – мелодиялық дыбыс үндестігін айыра білу.

Осы тұрғыдан қарағанда қазақ музыка дүниесіне әуелі ән және музыкалық аспаптарға арналған шығарма жанрларының пайда бола бастағаны байқалады. Бұлардың қай – қайсысына да қазақтың ертедегі ән – күй әуендерінің негіз болғанын ешкім айтпай – ақ, тыңдап отырып аңғаруға болады. Қазақтың ән – күй музыкасы өлеңге де, жеке дауысқа да, хорға да, симфония, оратория, контата, романс т. б. Толып жатқан шығарма жанрларының тууына алтын қор болып қалғанын көреміз.

Бұл тарауда күрделі шығармаларды қалай тыңдау, ондағы музыканы қалай түсіну жайын әңгімеледік. Біраз мысалдар келтіріп, кейбір шығарманың мазмұнын ашып, олардың маңызына біраз тоқталдық. Біз әңгіме – түсінігімізді ең ауыр музыкалық жанрдан бастадық. Оның себебі құдіретті, пәрменді музыкаға бірден көңіл аудартудан туды. Біз ән салу, өлең айту, терме оқу сияқты жеңіл музыкадан бастасақ, бұларды кім білмейді»дегендей, оқырмандар музыкаға тіпті үстірт қарауы мүмкін. Шынында да, әндердің текстісі, ой құралымы сөзбен берілген идеясы, оған қоса ақынның ой тұжырымы болады. Ән тыңдаушылардың көпшілігі осыған көңіл аударып алады да, алдымен сезімдерін санаға аудара қояды. Ал музыка тыңдаушылар үшін бұ да дұрыс емес, себебі әннің сазынан музыкалық ләззат алудың орнына саналы сөздерді ақылға тоқи бастайды. Сондықтан ән тыңдауға да біраз шеберлік, өткір жүрек, ұшқыр қиял керек екендігіне тоқталып, тыңдау мен түсінуге кеңес береміз. Ол үшін көптеген әндердің текстідегі мазмұнын ашып, музыкалық сазының мазмұнымен үндесуін талдап көрсетпекшіміз. Әннің шығу төркіні мен қоғамдық уақыты болады. Ән тиянақты іс–әрекеттің бір көрінісіне жазылады. Сол көрініс адамдардың психологиясынан қалай орын тепкенін байқатады. Сол себептен ертедегі өлеңді жаңаларымен салыстыра тыңдаңдар.

Музыкалық туындыларды ауыр, жеңіл, қиын, күрделі деп талдағанымызға қарамастан, музыканы тыңдап үйренуді қандай музыкалық шығармалардан бастауға болады деген сұрақ тууы мүмкін.

Музыкалық шығармалар түсінік жағынан екіге бөлінеді. Біріншісі жеңіл музыка. Оған көлемі шағын шығармалар жатады. Атап айтқанда әр түрлі әндер мен романстар, марштар мен би музыкалары. Екінші бөлімге көлемі үлкен, мазмұны терең және түсінігі ауыр шығармалар кіреді. Бұл шығармалардың түрі көп болғандықтан, біздің ойымызша, музыканы тыңдауды жай әндер мен марштар, халық билері мен романстардан бастаған жөн. Себебі әндер мен романстардың көлемі шамалы да жеңіл ырғақпен жазылып, сөздердің көмегімен түсінуге оңай келеді. Мысалы, қазақтың халық әндері «Қара торғай», «Дай-ди-дау», «Ахау, бикем», «Елигай» әндерін аса көп қиындықсыз, тез ұғынуға болады.Міне, осыған байланысты би музыкалары мен марштарын да, сөзі болмағанмен күнделікті өмірде көп тыңдалатын болғандықтан, түсіну қиын емес. Ойналып жатқан вальспен, лезгинка, гопак, краковяк және марш музыкаларын тыңдай білмейтін адамдардың өзі де тез ажыратып, оның қандай жанрға жататынын айтып бере алады. Музыкалық шығармаларды тыңдап үйрену үшін біраз еңбек ету шарт. Ол үшін үнемі классик композиторлардың шығармашылығына арналған музыкалық кештерді радиодан, теледидардан берілетін хабарларды жиі тыңдап отырған жөн.Бұл қатынас-мәдениет құралдары да музыканы тыңдай, түсіне білудің бірден-бір әдіс-тәсіліне жатады.

Қазақ композиторлары халықтық салт әндерін өз шығармаларына арқау етіп, оның көркемдік жағын көтеріп, шығарманың құндылығын арттыруда. Оған мысал композитор Е.Г.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында терме әнін басты кейіпкерлердің бірі Шегенің айтуымен құнды пайдаланған.

Көктемнің жадыраған бір күнінде жиналған жастар киіз үй төңірегінде ән айтып, би билеп жатқан кез. Көңілді күлкі аралас сымбатты ән айтқын қыздардың дауысы естілуде. Ол дауыстың ішінен ақ марал сұлу Жібекке арналған екінші әннің үні естіледі құлаққа. Бұл ерекше әннің иесі сұлу Жібекті іздеп келе жатқан мырза жігіт Төлеген дауысы еді. Көрісу сценасында бас қосқан екі жас бірін-бірі іштей ұнатып тұрған мезгілде ару Жібектің сыр-сипатына, көрсеткен ізетіне риза болған Төлегеннің жолдасы ақын Шеге қолына домбырасын ұстап, мақтау сөзін шырқап әндете жөнеледі. Шегенің бұл айтқан терме әні көтеріңкі көңілмен шапшаң айтылып, тыңдаушыларын риза етеді.

Жар-жар, терме әндері композитор М.Төлебаевтың шығармашылығынан елеулі орын алады. Біржан мен Сара операсының үшінші пердесінде жар-жарды бастап жібергенде, халықтың тамаша тұрмыс-салт өлеңінің музыка мәдениетінің әр жақты дамуы күшті әсер, ықпал тигізіп, операны құлпыртып жібергенін көреміз.

Шеберлікке не жетсін! Сарыны сан қырлы музыканы түрлі қалыпқа түсіріп ойнауға болады. Жүректен шыққан әуезді мелодиялар жастар мен үлкендерге, сонымен қатар түрлі музыка аспаптарының әсем үндеріне арналып та жазыла береді.

Қазақтың халық арасынан шыққан қобызшысы Ықыластың « Жез киік» атты күйінде кең байтақ жазық дала да қуғын көрген бейшара киіктің өмірін бейнелейді. Сол ерке киіктің өмірін негіз ете отырып, адамның да сол жез киіктей еркіндікте болуын арман етеді. Ол арманын күйші әсем үнді қобыз арқылы көпшілікке ұғымды түрде жеткізе білген.

Қорыта айтқында, музыка-өнердің басқа салаларының түсіндіруге күші жетпейтін күрделі бейнелерін адамның сана-сезіміне құйып, ой-өрістің дамуына әсерін тигізетін құдіретті құрал. Өйткені кейбір музыкалық шығармаларды тыңдау кезінде қандай да түсіне алмайтын адамда әр түрлі эмоциялық құбылысқа қалай берілгенін байқамайтын да кездері болады. Мысалы: Д.Шестаковичтің «Ленинградтық симфониясын» тыңдай немесе осы симфонияның мазмұнын баяндайтын кинокартинаны көріп отырып, болып жатқан оқиғаға ен-жар қарап қала алмайды. Ал Шолоховтың «Адам тағдыры» атты әңгімесі бойынша Сергей Бондарчук қойған киноны көрген кісінің өзі де Ұлы Отан соғысына қатысып жүргендей әсерде болады.

Музыка үнінде әсем дүние қорлары жатқан сияқты. Өйткені кішігірім музыкалық шығармадан бастап ария, соната, симфониялық поэма мен симфонияда, концерт пен кантатада, оратория мен операда терең идеялар, философиялық ойлар, драмалық тартыстар, фантастикалық қиялдар болады. Ондай музыкаларды тыңдап түсінгенде ерекше құдіретті күш беретін әсем дүниенің есігі ашылады, бойға қуат, ойға шабыт енгендей сезіледі. Біздің жастарымыз әрі мәдениетті, әрі жан-жақты дамыған азамат болу үшін тек музыканы жақсы көріп қоймай, қайсыбір музыкалық аспаптарда ойнап, музыка теориясын үйрене білу мақсатын алдына қоюда. Осы мақсатпен балабақша,мектеп,колледж ,жоғарғы оқу орындарындағы хор, би, оркестр, жеке әншілердің көркем өнерпаздар үйірмелеріне қатысады. Өнердің барлық салаларынан білім алуға тырысады. Бұл олардың музыкалық сауатын ашады сонымен қатар түрлі аспаптарда ойнауына мүмкіндік жасайды.


Каталог: uploads -> doc -> 0bf0
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0bf0 -> Сабақтың жоспары: Информатика 11 ә сынып Сабақтың тақырыбы
0bf0 -> Биология. 11 класс. ҚГБ. 03. 02. 2017 ж. Сабақтың тақырыбы
0bf0 -> Дұрыс көпжақтар № Дұрыс көпжақтың грекше аттары


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет