Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет12/22
Дата11.01.2017
өлшемі5,68 Mb.
#7138
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22

Сабын қайнату. Қолөнер шеберлері бояу жасаумен қатар өсімдіктің гүлінен әр түрлі заттар жасаған. Солардың бірі сабын. Ол былай жасалынады: итсиген, алабота, түйеқарын, ермен сияқты ащы – сортаң шөптерді өртеп, күлін қайнатып, ашуы әбден шығып болғансын қайнатып, ашуы әбден шығып болған соң тұңдырып қойып, тұнбасын сүзіп алады. Осы тұнбаны қашан суалып қойылғанша қайната береді. Әбден қойылғаннан кейін ыдысқа не шүберекке салып алады, суығаннан кейін ол аптақ болып қатып қалады. Мұны сахар деп атайды. Сабын жасау үшін сахардың үш бөлімінің бір бөліміндей май қосып, суалғанша тағы да қайнатады. Әбден суалып қойылған кезде ол қамырша иеленеді. Содан кейін оны кенепке орап, домалақтап кептіреді. Бұдан біз сабын жасауда шеберлікті қажет ететін қолөнердің бір түрі екенін көреміз.

Қазақ әдет-ғұрпында сабын қайнатқан әйел сыйлас абысындарына , келіндеріне арнап кіші-гірім сабынды бөлек орап береді, мұны «бұзаушылық» деп атайды. Жуыла келе кішірейген сабынды «таусыншық» деп атайды. Сөз зергері ақын Абай бір өлеңінде қартайғанда адамның соңғы өмірін «таусыншақ өмір» деп бейнелеуі осыдан туған.

Сабын жасаушы шеберлер әр түрлі хош иісті гүлдердің сығындысын қосып, сахардың өзін бірнеше рет шайқалтып тұндыру арқылы иісті сабын жасаған. Қазақтың қолдан жасаған сабынын «қара сабын» деп, өндірістік тәсілмен жасалған сабынды «ақ сабын» деп иісті сабындарды «жұпар сабын» деп атаған.
4 Қазақ халқының материалдық мәдениеті
4.1 Баспана және оның түрлері

Біз төменде А. Сейдімбеков ағамыздың «Күңгір-күңгір күмбездер» еңбегіне арқа сүйегенімізді ескерте кетеміз.



Киіз үй тарихынан. Мал баққан көшпелі халықтардың қысы-жазы отыратын баспанасы киіз үй болған. Ол тез жығып, түйеге артып жүре беруге, шашпаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықтап жасалған. Киіз үй біздің заманымыздың VII ғасырында кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір еңбек кәсібіне айналған. Оған Алтай, Сібір, Қырым таулы-тастарындағы сурет таңбалар айғақ бола алады. Ұзақ жылғы тәжірибе негізінде халық киіз үйдің ұйтқып соққан желге жығылмайтынына, нөсерлеп құйған жаңбырды өткізбейтініне көзі жетіп, оны баспана етуді әдетке айналдырған.

Киіз үйдің көшіп-қонуға ыңғайлылығымен бірге жазда ауасы таза, салқын болады. Қос қабаттап киіз жапқан қазақ үйінде ертеде ата-бабаларымыз қыста да қыстап шыққан. Балшықтан соққан там үйлер бертінде отырықшыланып, егіншілікпен айналыса бастаған кезде (XVIII— ғ. екінші жартысынан) пайда болған.

Киіз үй; «Бөгде елдің мәдениетіне зер салғанда өзіміз пір тұтатын қасиетті ғана мойындап, бізде жоқтың бәріне мұрын шүйіру, сөйтіп ол халықты әлі балаң деп қарау — тарихшылар үшін аулақ жүретін методологиялық аберрация. Мәселен, Европа мен Алдыңғы Азияның халықтары цивилизацияға тұяқ іліктірісімен қалалар салып, көздің жауын алатын ғимараттарды дүниеге әкелді. Түркілер болса үй салмады, бақша баптамады, себебі олар қытымыр табиғат құрсауында отырып төңірегіндегі қылтанақ атаулыны аз уақытта отынға айналдырар еді. Алайда, әрі кең, әрі жылы, көш-қонға қолайлы киіз үйге қарағанда тас лашық пен балшығы баттасқан үйді қолайлы деп ешкім де дәлелін беземес. Табиғатпен тамырлас көшпелілер үшін мұндай киіз үйлерде тұру астамшылық емес, кажеттілік болған»,— деп жазыпты белгілі ғалым Л. Н. Гумилев.(Гумилев). Ойды ой қозғайды, әйгілі ғалымның киіз үй көшпелілер үшін қажеттілік дәуінде сан тарау мағынаның өрісі жатыр. Қөпшілікке белгілі, біздің жыл санауымыздан әлденеше ғасырлар бұрын Евразияның мол отына тұнып тұрған байтақ даласында көшпелі өмір салты қалыптасты. Дамудың басқаша жолын «таңдау» бұл далада мүмкін емес еді. Бұл осынау табиғаты қытымыр болса да жері шүйгін ен даланың тылсымын түсініп, тілін табу ғана емес, сол дала төсінде аз ғана күш жұмсап мол өнім алудың, «қосымша өнімді әрі тез, әрі оңай түсірудің жедел шыңдалған өмір сүру тәсілі болатын. Былайша айтқанда, көшпелілердің тек қана өзіне тән өмір салты, өнім өндірісі қалыптасты. Жер төсін тырмалаған отырықшыларға қарағанда көшпелілердің өндірістік негізі әлде қайда берекелі болады. (Акишев). Біздің жыл санауымызға дейінгі IV—III ғасырлардың өзінде-ақ тек жылқы малының өзі төрт-бес мыңға жеткен байлар пайда бола бастады (Бичурин). Бұл даладағы өндіріс тәсілінің шыңдалуы, өнім қорының молығуы сол дала төсіндегі ел-жұртқа төңірегінен алапат-айбарын асыртып қана қойған жоқ, сонымен бірге күн көрістің ұлы ырғағымен үндес салт-дәстүрді, моральдық-этикалық қарым-қатынасы, өнердің алуан түрін орнықтырды. Осылардың ішінде көшпелілердің сан ғасырлық тәжірибесі, өмірлік қажеттілігі, ой өрісі, талғам татымы шегіне жеткен мүмкіндіктің айғағы бір ғана киіз үйдің бойына шоғырланғандай. Көшпелілердің сұлулық туралы талғам-түсінігі, дүниені сұлулық заңдылықтарымен игеру мүмкіндігі негізінен осы киіз үй арқылы көрініс тапты. Киіз үйдің сықырлауығынан бастап шаңырағына дейінгі әрбір бөлшегі өз алдына оқшау өнер туындысы бола тұрып, сол мың сан бөлшек бір-бірімен мінсіз үйлескен шақта шегіне жеткен, әбден аяқталған өнер туындысын құраған. Осынау шегіне жеткен өнер туындысы көшпелілердің күн-көріс мұқтажынан бастап рухани талғам-талабына дейін қызмет еткен. Қысқасы, киіз үй көшпелілер үшін табиғаттай сұлу, кеңістіктей үйлесімді шағын әлем еді. Бұл ретте, киіз үйді адамзат баласының ұзына тарихында жасалған материалдық мұралардың ішіндегі бірегей айғақтардың бірі деп қарауға негіз мол.



Әрине киіз үйді бір күнде, бір ғана адамның даналығы дүниеге әкелген жоқ. Ол көшпелі өмір салтымен бірге туып, біте қайнасты, қатар шыңдалды. Сондықтан да көшпелілердің материалдық мүмкіндігіне ғана емес, таным-түсінігіне, шеберлігіне бірден-бір мол айғақ осы киіз үйдің өн бойына жинақталды. Әзірше киіз үй туралы ең көне дерек біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңыншы жылдардан, қола дәуірінің сорабынан белгі беріп отыр. Мұны біз Алтай тауларындағы, Сібірдегі Баяр жартасындағы, Қырымның жақпар тастарындағы суреттерден көреміз. Ең көне заттық айғақтарды Алтайдағы Пазырық және Монғолиядағы Ноин-үлин қорғандарында сақталған киіз үй үлгілері дәлелдеп отыр. Ал ең көне жазба деректі грек тарихшысы Геродоттың көшпелі скифтер туралы жазбасынан оқимыз. Одан бергі замандарда киіз үйдің бітімі, оның көшпелілер өміріндегі ролі туралы мағлұматтарды Батыс-Шығыс тарихшыларының, саяхатшыларының жазбаларынан, көне әдебиет нұсқаларынан, түрлі архитектура үлгілерінен молынан кезіктіреміз. Мәселен, үйсін гуньмосының (ханының) киіз үй тігіп отыратынын көне қытай шежіресінен Н. Я. Бичурин келтіреді. Земархтың жазбаларында арба үстіне тігілген киіз үй сөз болады. Жалпы, көшпелі-өмір салтына орай арба үстіне күйме сияқты біржолата орнататын киіз үй пайда болған сияқты. Мұндай арбалы киіз үйлер Плано Карпини, Рубрук, Иби-Батута сияқты тарихшы-саяхатшылардың жазбаларында жиі ұшырасады. Алайда арба үстіндегі киіз үй ілкімді көш-қонға қолайсыз еді. 1253— 55 жылдары Қазақстан жерін бастап өткен француз елшісі Рубруктың айтуы бойынша «кейбір киіз үйлерді тарту үшін арбаға 22 өгізге дейін жегіледі» дейді. Әрине, тау-тас, өзен-шөл, құмдауыт жерлерді көктей басып, табиғат қытымырлығының алдын орап отыратын көшпелілер үшін әрі жеңіл, әрі жинамалы үй қажет болған. Ондай үйді дүниеге әкелді де. Ұрым императорының айтулы сарайларынаи шыққан елші Менандр Протектор ғұндар ортасынан бір ғана атқа жүк болғандай жеп-жеңіл киіз үйді суреттегенде мәрмәр сарайды қорсынып отырғандай сыңай танытады (Медоев).

Академик Әлкей Марғұланның айтуы бойынша «үйдің қаңқасы» деп келетін сөз тіркесі арба үстіне тігілген киіз үйдің бітімін елестетеді, дейді. Ал XVII ғасырда өмір сүрген тарихшы, Хиуаның ханы, Әбілғазы Баһадүрдың айтуынша, «қаң» — екі дөңгелекті арба деген мағына береді. Әйгілі эпосымыз «Қыз Жібектегі» Жібек бастаған қыздар мінетін күймелі арба ұстау дәстүрі қазақтар арасында XVIII ғасырға дейін сақталған (Маргулан

Тек қана «Қыз Жібек» емес, «Оғызнама», «Қитаби дәдәм Қорқыт», «Қозы-Қөрпеш — Баян-сұлу», «Манас» сияқты эпикалық поэмаларда киіз үйдің небір үлгілері суреттелген.

Осыдан бірер жыл бұрын Ачинск төңірегінде зерттеу жүргізіп журген Г. А. Авраменко басқарған экспедияция палеолит дәуіріндегі адамдардың тұрағын тапқан. Бұл тұрақ тарих ғылымының докторы В. Ларичевтің пікірі бойынша, қазақтың киіз үйін елестетеді. Таң қаларлығы сол, әлгі тұрақ мамонттың ұзын иінді тістерін уық сияқтандырып жамбас сүйектің шұңқырына қадау арқылы жасаған. Сонда киіз үйдің қарапайым түрі болып шыққан. Әрине, киіз үйдің түпкі тегі, алғашқы нышаны дүниеге осылай келуі де әбден ықтимал. Осы тұста «киіз үйдің қаңқасы» деген ұғым шын мәніндегі қаңқа сүйектен бастау алмады ма деген ой өзінен-өзі тіленеді. Тек ол ғана емес «киіз үйдің сүйегі» деген де сөз тіркесі бар ғой. Ал киіз үй туралы көнеден жеткен жұмбағымыз: «Отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған ауыз омыртқа» деп келеді. Қалай десек те, киіз үйдің көшпелі өмір салтымен құрдас екені күмән тудырмайды. Себебі, киіз үй сияқты ғажайып «көшпелі архитектурасыз» көшпелі өмір салтына Ұлы далада көндігу мүмкін емес еді. Шамамен IV ғасырдың орта тұсы — Шығыс Европаға ғұндардың (гунн) ауысқан кезі. Осы жағдайды көзімен көрген Рим әскерінің жауынгері Аммиан Марцеллиннің айтуынша ғұндар (гунндер) дембелше келген, көсе, «аттың арқасынан өсіп шыққандай». Олар тек ат үстінде соғыс салады, қарулары семсер, садақ және арқан болып келеді. Көшіп жүреді, «егер оты-суы мол жерге тұяқтары тисе болды, жинамалы дөңгелек үйлерін тігіп, сол жерде аялдайды. Жердің оты сұйылған кезде арбаларын моншақтай тізіп тағы да көшеді. Олар жолында кезіккенінің бәрін қиратып өтеді»,— дейді (Аммиан Марцеллин).

Мұндағы «жинамалы дөңгелек үй» деп отырғаны, әрине, киіз үй. Киіз үйді көзімен көріп, оған түнеп шыққан сырт жолаушының айрықша таңданыспен жазбағаны жоқ десе де болғандай. Аль-Якубидің айтуында көшпелілер киізге жан бітіреді «тіптен киізден үлбіретіп киім тігеді» (Ал-Якуби).



Ал Рубрук қыпшақтар мен қаңлылардың ақ сөңке сүйек ұнтағын қосып, борлап тастаған ақ шаңқан киіз үйлеріне қарағанда көздің қарығатынын айтып қайран қалады (Рубрук). Белгілі географ Оскар. Пешел мен Бронислав Залесский киіз үйді ең алдымен ғажайып өнер туындысы деп таныды Өзін табиғатпен тұтастықта, табиғаттың бір бөлшегімін деп тану табиғатпен кіндігіміз бір деп есептеу — көшпелілердің дүние танымымен ұласып жатады. Олар үшін аспан әлемі көк күмбез — барша тіршіліктің баспанасы, Ал киіз үй болса әркімнің шағын әлемі, әркімнің «көк күмбезі». Сондықтан да киіз үй бүкіл бітім-көркімен көшпелілер ұғымындағы шағын әлемді бейнелейді. Оның іргесі — төңіректегі көкжиекті, уық-шаңырағы аспан күмбезін елестетсе, ішкі-сыртқы безенген көркі әсем табиғатты жоқтатпайтындай әсерге бөлейді. Тіліміздегі «жұрт болмайсың», «түтін түтету», «шаңырақ шайқалтпау», «ошағыңның отын сөндірме» деп келетін сөз тіркестерінің мағынасы киіз үйді кіші әлем санаудан туындайтын үлкен мәнді ойларды аңғартады.Тіптен, киіз үйдің түр-түрінің атауымен тұтас елді, мемлекетті атауда да осындай қасиет тұтқандықтың нышаны көрініп тұр. Шоқан Уәлихановтың айтуынша: «Алтын орда — хан отырған алтын киіз үй немесе шатыр деген мағанада; кейін хан отырған бүкіл төңірек солай аталып кетті. Сондықтан да ақ орда, көк орда, сары орда деген атауларды ұлыстардың немесе киіз үйлердің атауы деп емес, хан отырған бүкіл жұрт, оның төңірегі деп қабылдау керек» (Валиханов).

Тек бұл ғана емес, көшпелілер үшін киіз үй, яғни шағын әлем олардың мәңгілік болған аруақтардың да «шаңырағы шайқалмай, басынан күмбезі аумай» жалғаса бермек. Мұндай ұғым-түсінік, киіз үйді шағын әсем санаушылық күмбезді архитектуралардың көшпелілер үшін киіз үй, яғни шағын әлем олардың мәңгілік серігі болуы керек. Тек бұл дүние емес, о дүниелік болған аруақтардың да «шаңырағы шайқалмай, басынан күмбезі аумай» жалғаса бермек. Мұндай ұғым-түсінік, киіз үйді шағын әлем санаушылық күмбезді архитектуралардың көшпелілердің арасында пайда болуына себепші болады. Өлген адамдардың басына кіші аспанның, екінші дүниенің айғағындай болып күмбез бейіттер, молалар орнатылды. «Тас мүсіндермен байланысты естелік құрылыстың бір тобы дың, үйтас деп аталады. Қай жерде тас мүсін көп болса, ол жерде дың, діңгек, үйтас та жиі кездеседі. Бұлардың жиі кездесетін жері, әсіресе Орталық Қазақстан мен Жетісу өлкесі. Соңғы жылдардағы зерттеу бойынша VI-VIII ғасырларда қолданған тас шарбақтың орнына, тас мүсінді енді тас обаның іргесіне, не үйтас, дың деп аталатын құрылыстардың қасына қоятын болғаны байқалады. Дың мен үйтастың ерекшелігі: олар Қазақстанның ежелгі мал өсірушілерінің жазғы киіз үйіне өте ұқсас. Өлген адам басына ескерткішті өзінің тірі күнінде жасаған үйіне ұқсатып қою көшпелі елдің ежелгі салты болған. Сондықтан үйген оба, тұрғызған дың, үйтастардың бәрі де түр жағынан жазғы киіз үйге ұқсаған... Дұрысынан қарағанда Аякөз бойындағы Қозы-Көрпеш — Баян-сұлудың шошақ кешені толып жатқандың, діңгектердің бір түрі. Бұл дың, үйтастардың ерекшелігі — олардың барлығы ислам діні Орта Азия тарамай тұрған кезде (VI—X ғасырларда) жасалған естеліктер. Сондықтан түр жағынан олар ислам дәуірінде шыққан сәулет өнеріне бір де ұқсамайды, көшпелі бақташы тайпалардың ежелгі киіз үйіне ұқсап тұрады. Олардың тағы бір ерекшелігі, ата-ананың аруағын әулиедей қадірлеген бақташы тайпалар ондай мәңгілік үйдің қасына өзінің өлген адамдарының тұрпатын тасқа қиып орнататын болған. «Қозы-Қөрпеш — Баян-сұлу діңгегі мен оның қасында болған сын тастар — сондай естеліктің әдемі бір түрі»,— дейді академик Әлкей Марғұлан. Көшпелілердің өмір салтымен, наным-сенімімен тамырлас киіз үйдің болуы жалпы күмбезді архитектураның дүниеге келуіне әсер етті деген ой қазір ғалымдар арасында сөз болып жүр. Тарихтан белгілі, Рим архитектурасында күмбездердің етек ала бастаған кезі — біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасыр. Бұған дейін римдіктердің Парфиямен қарым-қатынас жасап үлгіргені де белгілі. Ал С. П. Толстовтың археологиялық материалдарға сүйенген дерегі бойынша Парфиядағы жартылай көшпелілердің күмбезді архитектурасы біздің заманымызға дейінгі IV—II ғасырларда салынған. Яғни, күмбезді архитектура Каспийдің оңтүстік шығысындағы байтақ далада Рим империясында салынған күмбезді архитектурадан екі жүз, үш жүз жыл бұрын белгілі болған.



Киіз үй көшпелілер даналығы дүниеге әкелген өнер туындысы ретінде өткен ғасырлардан-ақ европалықтар назарына ұсынылып, көрмелерден орын ала бастады. Ішкі орда ханы Жәңгірдің әмірімен екі жыл бойы мәнерлеп жасалған киіз үй Николай I патшаға сыйға тартылған. Бұл үйдің бітім-көркі туралы тамылжыта жазылған дерек — «Тургайская газетаның» 1903 жылғы 25-ші санында жарық көріпті. Әлкей Марғұланның «Қазахская юрта и ее убранство» атты еңбегінде қызықты деректер бар. Зайсанның қазағы ұлы князь Николай Николаевичке сыйға тартқан киіз үй алтынмен апталып, күміспен күптелген еді дейді. Ал Алмас дегеннін киіз үйі 1861 жылы Париждегі халықаралық көрмеге қатысса, Мейрам Жанайдаровтын киіз үйі 1876 жылы Петербургте өткен ориенталистердің үшінші конгресінде тігіліпті. Мұндай мысалдарды тізе беруге болады. Тіптен, осман түріктеріне қарсы жүргізген болгарлардың азаттық соғысында орыстармен бірге қазақтардың да болғаны тарихтан белгілі ғой, сондығы қақаған қыста киіз үйдің айрықша пайдалы болғаны көз көргендердің жазбаларында тәптіштеп жазылған.

Киіз үйдің практикалық мәніне қоса эстетиклық әсерін сөз еткенде оның табиғатпен үндесе көрінетін, табиғаттың төл перзентіндей біте қайнасып тұратын сырт тұлғасы да назар аудармай қоймайды. Шымдауыт шалғынға тігілген ақ шаңқан үйлер сырт көзге шашып тастаған жұмыртқадай болып немесе өңшең ақ күмбезден тұратын қаладай болып көрінер еді. Георги жазатын мың киіз үйдің бір жерде отыруы немесе инженер И, Шангиннің Нұра жағасынан 4 мың киіз үйді бір жерден көруі, расында, көшпелі қала дегізгендей ғой...

Енді қысқа-қайырым тілмен киіз үйдің бітім-үлгісін айта кету жөн сияқты. Жалпы бітіміне, сырт тұлғасына сүйек құрылысына байланысты киіз үйдің екі түрлі үлгісі бар. Оның бірін — «қазақы киіз үй», екіншісін —«қалмақы киіз үй» /торғауыт - құраст./деп атайды. Мұның өзі архитектурадағы готика, роман стилдері, немесе палаццо, барокко жүйелері деген сияқты үлгілік ерекшеліктерді аңғартады. Қазақы киіз үйдің еңсесі биік, иығы шығыңқы, дөңгелек күмбезді больш келеді. Ал қалмақ үлгісіндегі үй шошақ, уықтары иінсіз түзу болып, сүйірлене көрінеді.

Тұтыну қажетіне орай киіз үй үш түрге бөлінеді. Бірінші — тұрғын үй, екінші — қонақ үй немесе салтанатты той үйі, үшінші — жорық немесе көш-қонның үйі. Осы қажеттіліктер киіз үйдің алуан талапқа лайық түрлерін дүниеге әкелумен бірге, қолөнерінің шегіне жеткен мүмкіндіктерін бойына жинақтауға себепші болған.Мәселен, тұрғын үйдің үш қанаттан бастап, он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін үлгілері болған (Маргулан). Бұларды қанат (кереге) санына қарай үш қанат үй, бес қанат үй деп атаған. Кейде қанат санын аңғартатын қара үй (үш қанат), қоңыр үй (төрт қанат), боз үй (бес қанат), ақ үй (алты қанат) деп атаса, ақ ала орда, ақ орда немесе ақ шаңқан, алтын орда, алтын үзік деп 8-12-30 қанат үйлерді айтады.



Киіз үйдің түрлері. Төмендегі киіз үйдің түрлері туралы деректерді белгілі ғалым, этнограф Ө. Жәнібековтың «Үйлесімі жарасқан» деп аталатын мақаласынан алынды.

Қазақтың, халық болып қалыптасуына байланысты ресми пікірге жүгінсек, XXII ғасырлардан бастап Оңтүстік Сібір мен Сарыарқаны, оларға іргелес жатқан ұлан-ғайыр кеңістікті мекендеген «қыпшақтардың моңғол үстемдігінен кейінгі дәуірде қазақ халқынын негізін құрағаны» (В. Бартольд) белгілі. Әйтсе де, әзірге жазба деректерде X ғасырдан бастап кездесетін «қазақ» этнонимінің ел арасында «қыпшақ» деген атаумен қатар пайдаланылып келгенін, жат жұрттық авторлардың дала тайпаларын, олардың тұрпатына, бет пішініне, тілінің бірегейлігіне, күнкөрісінің, тұрмыс-салтының, мінез-құлқының ұқсастығына қарап, бөле-жара атамай «қыпшақтар» деп есептегенін ескерсек, бұл екі атаудың екеуі де тектестік тамырын тереңге жайған бір халықтың есімі болып шығатыны даусыз. Мұны көрмеу — қазақтың «түйе өз өркешін көрмейді» дейтінінің кебі.

Құрастырылып-ажыратылатын тұрғын жайдың сол түркі-қыпшақ үлгісіне жататын «қазақтың киіз үйі құрылымдык, жағынан осы уақытқа дейін көшпелі халықтардың бірде-біреуі асып түсе алмаған, жылжымалы баспананын ең жетілдірілген түрі болып табылады» ( Руденко).

Моңғолдың үйімен салыстырғанда керегесі биіктеу, уығының төменгі жағы иіңкі болатындығынан күмбезі көтеріңкі, келбеті сымбатты болып келеді.

Академик Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, қазақтың киіз үйі ағаштан қиыстырылатын немесе балшықтан соғылатын баспаналармен салыстырғанда өзінің о бастағы нұсқаларының негізгі элементтерін бойына сіңірген жылжымалы тұрғын жайдың біршама кейінгі түрі болған (Маргулан).

Киіз үй қазақпен көршілес Орта Азия халықтарында да кездеседі. Олардағы киіз үйде де құрылымында немесе кескінінде ішінара кездесетін, бұрын көшпелі, жартылай көшпелі өмір кешкен қырғыз, түрікпен, қарақалпақ елдерінің тарихи дамуы арқылы енген кейбір ерекшеліктер ғасырлар бойы қалыптасқан құрылғыны түбегейлі өзгерістерге түсіре алмағандықтан, түркі халықтарына тән бірегейлік сақталып қалған.

Қазақтағы киізбен жабылатын баспананың алғашқы түрлерінің бірі — қос. Сырты жонылып, тәртіпке келтірілген, ұштарында басын қосып байластыратын қайыс, жіп өткізетін арнайы тесіктері бар, 2,5—3 метрдей сырықтардан құрастырылатын болған. Сырықтарды іштен дем тартатын түтікпен қоса байластырып орнынан тұрғызғаннан кейін, араларын ашып жерге тіреп, екі туырлықпен немесе арнайы пішілген үзікпен жауып, ірге жағын бел арқанмен бастыра салады екен. Киіз баспананың бұл түрінің оңтайлылығы сонша, көшіп- қонғанда сырықтарын жалғыз түйеге тендеп, үстіне киізін, малшының көрпе-төсегін, қазан-ошағын артып кете беретін болған.

Қосты көбіне жылқы, сиыр малын жазда қысқы қоныстан 2—3 күндік өріске шығарып бағатын жылқышылар мен бақташылар уақытша баспана ретінде пайдаланған. Ал көшпелі ауылдың құрамында киіз үйге қосалқы ретінде қазан-ошақ, ыдыс-аяқ қоятын, астық сақтайтын, құрт, ірімшік қайнататын орын немесе қойшы-қолаң үшін баспана ретінде пайдаланылған.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұжымшарлардың мал фермаларында кеңінен пайдаланылғанымен, көп ұзамай тұрмыстан шығып қалған.

В. В. Востров пен И. В. Захаров Жетісуда қос терминімен қатар жаппа деген синонимнің өмір сүретінің жазған(Востров В: В., Захаров И. В).



Күрке қостын даму барысында оның қаңқасында кереге мен уықтың пайда болу үрдісін аңғартатын, көшіп-қонуға бейімделген тұрғын жайдың ен көне нұсқаларының бірі. Үш қанат керегенің әр жерінен көтерілетін, құрылғыға мінсіз күмбез сұлбасын бере қоймайтын тіке уықтардың басын қабыстыру жолымен құрастырылатын болған. Күрке киізбен, тері-терсекпен жабылған. Керегесі шимен қоршалатын күркелер де болғанын ескі суреттерден көруге болады.

Күрке — негізінен бай малын бағысатын, қоңыртөбел дәулеті бар үйел-мендердің баспанасы. Соңғы 30—40 жылда тұрмыстан шығып қалғандықтан, ел арасында кездесе коймайды.

Ортаға шоқ салатыны болмаса, қоста от жағылмаған. Асты жерошаққа қазан асып, далада дайындаған.

Абылайша. Қостың қаңқасында шаңырақтың пайда болу үрдісін аңғартатын, оның едәуір жетілдірілген және жорық кезінде жауынгерлер уақытша баспана ретінде пайдаланып келген түрі. Көпшілік жұрт қостың бұл түрінің пайда болуын жоңғарларға қарсы бүкіл халықтық қозғалысқа басшылық етіп, талай-талай шайқастарда көзсіз ерлік көрсетіп, ел арасында үлкен абыройға ие болған Абылай ханның (1711—1781) есімімен байланыстырады .

Елге тарап кеткен бұл пікірдің анық-қанығына күмән келтіргіміз келмейді. Әйтсе де, құрылымына қарап, қостың қазақтан басқа да халықтардағы нұсқаларымен салыстыра отыра, абылайшаны (бастапқы аты белгісіз) өте ерте заманнан келе жатқан, бәрімізге танымал киіз үйдің өзін де белгілі бір деңгейде жетілдіре түсуге ықпал еткен баспана үлгісі деп жорамалдауға болады.

Кәдуілгі қостан мұның құрылымдық жағынан айырмашылығы — сы-рықтарының бұрынғыдай байластыра салынбай, кішігірім шаңыраққа қадалатынынан пошымының киіз үйге жақындай түсіп, төбе жабынында үзікпен қатар түндіктің, кигіз есіктің пайда болғанында. Оның үстіне, жорық кезінде баспана етуге ыңғайластырылған абылайшаның тағы бір нұсқасы - қысқа уықтар қадалатын кішкене шаңырағы бар, үш қанатты киіз үй кейпінде болған. Шамасы мұндай үйде қолбасшы әлде ханның өзі тұрған болуы мүмкін.

Абылайша соңғы жылдарға дейін ауыл арасында пайдаланылып келгенімен, кейінгі 20—30 жылда мүлдем көрінбейтін болып алды. Бәлкім, бұл көненің көзіне паңдана қарайтын керенаулықтан туған жағдай болар. Әйтпесе, жақын қашықтыққа көшіп-қонатын малшыларға, шөп шабатындарға, ет комбинаттарына мал айдайтындарға, археологтарға, барлаушы-геологтарға мұнан артық баспананы ойлап табудың өзі қиын.

Туырлық үй. Көшпелі қазақтың бар байлығы — малды жайып бағатын кеңістікке байланысты болғандықтан біздегі маусымдық жайылым атам заманнан бастап қалыптасқан. Сол жаздық, күздік жайылымдарға ығысып, көшіп-қонып жүрген кезде қазақтың екі-үш күннен артық бөгеле тұруға болмайтын, құдығының суы аз, жайылымы мардымсыз жерлерге тоқтағанда тігетін, қызметі жағынан күркеге жақындау келетін баспанасы.

Туырлық үй — негізінен төрт қанатты, уықтары кіші гірім шаңыраққа қадалатын, тек қана туырлықтармен жабылатын жолама, жол үйдің нұсқасы. Бай малын бағатын тақыр кедейлер мұндай қоныс кезінде екі керегенің басын қабыстыра, жалғыз туырлықпен жаба салатын немесе үш сырықтың басын қосып, құрым киізбен күн түсетін жақтарын ғана қымтайтын шайла тігетін болған.

Ақүй. Молшылық пен сәттіліктің белгісі болып есептелген, «қазақтың киіз үйі» деген жалпылама атауды жеке иемденген, таңғыштармен, арқан-жіптермен байластырылатын каңқасы (сүйегі) құрастырылып- ажыратылатын киіз жабынды баспана үлгісі.

Биіктігі 135—140 сантиметрдей 15 басты алты қанат керегеден, күмбезін құрайтын ұзындығы 240—250 сантиметрдей 80—90 уықтан, диаметрі 180—190 сантиметрдей шаңырақтан, босаға, маңдайша, табалдырыққа бекітілетін қос қанатты ағаш есіктен (сықырлауық) құрастырылады. Төрт туырлықпен, екі үзікпен, түндікпен жабылады. Таңғышы шаңырақтың шеңбері арқылы ішке қарай тартылып байланатын киіз есік үзіктің астымен сықырлауықтың сыртына түсіріледі. Киіз есік күндіз мандайшаға дейін түріліп, түндіктің бауымен ішке қарай байланады. Жылжымалы тұрғын жайдың көп тараған және мейлінше жетілдірілген нұсқасы. Бұл оның күмбезінің көтеріңкі болатынынан, негізгі салмақ керегеге түсетіндіктен моңғолдың гэріндегідей шаңыраққа екі жағынан тіреуіш қойылмайтыныңан да көрінеді.

Ақүй деп аталатыны — көбіне шынайы ақ реңк алу үшін бор қосып басылатын ақбоз киізбен жабылатындығынан.

Қараүй (Қараша). Ақ үйдің өзімен қатар тігілетін қосалқысы. Асхана ретінде пайдаланылған. Ақүймен салыстырғанда көлемі кішілеу, төрт қанатты, уығы қысқа, тікелеу болатындықтан бойы аласалау келеді. Көбіне қоңыр киізбен жабылатындықтан қараүй немесе қараша деп аталған.

Лашық - ерте кездегі баспананың бір түрі, кішігірім, жұпыны жаппа үй. Лашықты бір-біріне матастырып буған сырғауылдарды, 2-3 керегені қабырға ретінде тік тұрғызып, үстіне қамыс, шөп, ескі киім жауып жасаған. Кедейлердің сұрықсыз киіз үйлерінде лашық деп атаған.

Отау. Ел арасында, тіптен этнографиялық әдебиетте де көбіне үш-төрт қанатты, кіші-гірім шаңырағы болатындықтан алты қанат ақүйдің кішірейтілген түрі деп есептеліп келген. Ал шын мәнінде, қалындығына ұрын барған үміті алда күйеу жігітке, жаңадан от басын құраған үйелменді-сүйелменді жастарға арнап тігілетін болғандықтан құрылғысының кеудесі көтеріңкі, күмбезі сымбатты болуына ерекше мән берілген. Отау үйдің кереге-уығы да, шаңырағы, босаға-табалдырығы да, ішкі жиһаздары, бау-шуы да, кебеже-сандығы, төсек-ағашы, асадал, адалбақандары да асқан ұқыптылықпен жасалатын болған. Ақ босағаның белгісі ретінде жабынының мейлінше ақ киізден жасалатыны, ел қастерлейтін ою-өрнектермен безендірілетіні отау үйге ерекше сән береді екен.

Орда. Қазақ киіз үйінің шоқтығынан саналатын, құрастырылып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың аса сыйымды түрі. Ел билеген хан мен сұлтандар үшін көпшіліктің қатысуымен салтанатты, рәсімді жиындар өткізіп тұруға, елшілер мен құрметті қонақ қабылдауға, қарсы жақтың зиялыларымен келіссөздер жүргізуге, шартқа қол қоюға ыңғайластырылған сыйымды орынның болуын қарастырған ізденістің нәтижесінде пайда болған 12, тіптен одан да көп қанатты киіз үйдің үлгісі. Көлемі 130—140 шаршы метрдей келген, керегесінің биіктігі 240—250 сантиметрден, уығының ұзындығы 310—320 сантиметрден, шаңырағының диаметрі 200—220 сантиметрден кем түспейтін құрылғы. Жабынына кәдуілгі ақ үйдегідей, өндеуге оңай көнетіндіктен тығыздығы мығым төсем алуға болатын ақбоз қойдың күзем жүні жаратылған.

Хан ордасын дарбазалы қақпасының екі жанынан, жер ыңғайына орай қатаң шаршы бола бермейтін ауласының бұрыштарынан биіктігі 15—20 метрдей, жоғары көтерілетін баспалдақтары бар мүнаралар бой түзейтін қорған ішіне тігетін болған. Мұндай құрылыс салу үшін ең алдымен арнайы үйілген май топырақтың басын біріктіре түсу үшін үстіне оқтын-оқтын су қүйып, мал аяғымен таптап, ағаш тоқпақтармен нығарлап негіз жасайтын. Сонан кейін ғана ылғал, сор тартпас үшін қопа қамыс төселген іргеге қалындығы екі-екі жарым метрдей етіп қам кесектен қаланған өркешті (тісті) қорғанның өзін тұрғызатын болған. Орданың бір жағына хан шатыры, аса құрметті қонақ түсетін үй, екінші жағына ханның алты қанат ақ үйі, оның асхана іспетті қосалқысы, бәйбішенің үйі, т. б. орналастырылады екен. Қайсыбір хан ордаларында қорған ішінде саялы бақ, су тартатын шығыры, жиңайтын шүңеті, шегенді құдығы болғанға ұқсайды. Көрші қорғанда ханның арғымақтары күтілген, күйме арбасы қойылған, атқосшылары, аспаздары, күтушілері, үнемі хан айналасында болатын ақын, жыршы, әуезшілер, ойыншылар тұрған болса керек. Ханның бәйбішеден басқа әйелдерінің өз ауылдары болған дегенді айтады білетін жұрт.

Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданының Қарабұлақ қыстағынан терістікке қарай алты шақырым жерде Арыс өзенінін иініне орналасқан Абылай ханның ордасының осындай болғаны ықтимал.

Қорғандағы дарбазалы қақпаның аузына, бұрыштама мұнараларға қоршаудың үстімен әрі-бері жүріп тұратын, найза, айбалта ұстап, садақ, мылтық артынған төлеңгіттерден күзет қойылады екен. Хан ордасының әр қилы қашықтықтағы биік құздардың басында, үйік төбелерде қажет болғанда сақтық белгі беретін күзет орындары болғаны белгілі. Сондықтан да хан қорғандары қарапайым халыққа қамалдық мәнінен гөрі маңынан аулақ жүруге тура келетін өктем күштің құдыреті ретінде мәлім болған.

Орданың сәндік кисыны белгілі бір деңгейде алты қанат ақүйдікін қайталағанымен, қазақтың қолтума өнерінің үйлесімін тапқан ұқыптылығының арқасында ағашты, сүйекті, алтын-күмісті, әр түрлі тасты, былғарыны, киізді, иірілген жіпті кәдеге жаратуда мүлтіксіздікке жеткендігімен ерекшеленеді. Жатжұрттық саяхатшылар мен елшілікке жүргендер де ұлылығы мен байлығы жағынан оның корольдер мен императорлардың сарайларынан кем түсе қоймайтынына көңіл аударған.

Орданың безендірілуінен көркем ойдын қазақ қоғамының сезімтал талғамына сәйкес дамып, ою-өрнектің және оның икемді баламасы — түрдің айналадағы ортадан алынған мазмұндық желісімен, тіптен киелі, ғұрыптық белгілермен қойындаса, ұрпақтан ұрпаққа алмасып келгенін аңғарамыз. Оның әшекейінде мақлұқаты, нәубетаты, ғарыштаты, тіке сызықты сарындарға негізделген өрнектердің кездесе беретіні де міне осыдан.

Ішкі жиһаздарының байлығын былай қойғанда, күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, жолағы ақ қойдың жүнінен иірілген жіптен тоқылатын кілем басқұрдан (оны «ақбасқұр» деп те атайды), кереге мен уықтың қиысатын тұсына тұтылатын желісі қазақтың «қошқарат», «шынжара» атты өрнектерінің әуеніне құрылатын термебасқұрдан, нышандық белгілер ретінде сәндікке ілінетін шаңырақбау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңыраққоршау, туырлық, үзік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиден, шекпеленген ағаш құрастырмаларындағы бағалы және жартылай бағалы металдармен, сүйекпен, түрлі түсті тастармен толықтырылатын ою-өрнектерден Ордадағы адам қиялына сыя бермейтін мінсіздікті көреміз.

Орданың күмбезін түгелдей жабатын үзіктерінің етегіне оюлы дөдеге, айналма құр берілетіні, артқы үзігінің кестеленген ақ жолақтарының үйдің алдына қарай айқастыра байланатыны оның көшпелі қауым өмірге келтірген таңғажайып, керемет құбылыс екенінің тағы бір айғағы.

Орданың құрылымдық жағынан мейлінше жетілдірілгені аса үлкен құрас-тырылып-ажыратылатын құрылғы болғанына қарамастан, онда тіреуіш, таяныш атаулының болмайтынынан да көрінеді. Керісінше, дауыл соққан кезде тепе-теңдік сақтау және салмақты ортаға аудара түсу мақсатымен шаңыраққа төрт жағынан (жалпылама киіз үйде екі жағынан ғана) бекітілетін де, кереге-уыққа қыстыра салынатын желбау жолақтарын жерге сүйрете байластырып үстіне жүк үйетін болған. Сақтық үшін құрылғыны сыртынан екі жағынан арқанмен бастыратын болған.

Қазақта бұрын киіз үйлерді бір-біріне тіркестіре тігіп, әжетіне жарататын дәстүр де болғанға ұқсайды. Жетісу жеріндегі Нарынқол ауданы Қақпақ аулының тұрғыны Әбдікерім Әділбекұлынан жазушы Эрнест Төреханов жазып алған мәліметке қарағанда, қазақ байлары таудағы жайылымдарда кішік-ірім құрылғыдан тұратын төрт киіз үйді тіркестіре тігіп, монша жасайды екен. «Киімшең» деп аталған бірінші үйде шешінеді екен де, «қауыз» деген атпен белгілі екінші үйде шомылып, «тас булау» деген үшінші үйде қыздырынады екен. Төртінші үй «бүйрек»— моншадан кейін тыныгып, демалатың орын болған. Моншаның көшпелі өмірге бейімделген жылыту жүйесі болған. Осын-дай моншада шомылғанын Кеген ауданының тұрғыны Қасымбек Қашқынбайұлы да айтып берген. Бәлкім, Ордада да осы іспетті монша болған шығар.

Дәстүрлі өнер мен тереңге меңзейтін тамырлардан нәр алған құрастыры-лып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың осы бір үлгісінен көз жазып қалғанымыз өкінішті-ақ. Мәселенің Ордаға жаратылатын ағаштың, киіздің, бау-шудың, арқан-жіптің нашар сақталатынында ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан көне дүние ескерткіштеріне көзқарастың кертартпалығында, заттық мәдениеттің жетістіктерін сақтауға құнтсыздық та болғаны даусыз.

Айтылғандардан біздің көріп отырғанымыз, қазақтың киіз үйіне байла-нысты халық шығармашылығының ұжымдық еңбекке негізделгені. Бақсақ, оның қаңқасын бір шілеңгерлер1 жасаса, жабыны мен жасауы екінші бір ше-берлердің қолынан шығады екен. Олардың әрқайсысы оның бітімі мен без-ендірілуіне өз шығармашылығының соны туындыларын ендіруге тырысады екен. Мұны біз дүние жүзі қазақтарының Алматыда өткен құрылтайына (1992 ж.) тігілген Торғай шеберлерінің қолынан шыққан Орданың нұсқасынан да көрдік.

Қазақ қадым заманнан бастап-ақ өзінің ата-тегін құраған ежелгі тайпалар мен халықтардан киіз басуды, тері ұқсатуды, алаша тоқуды, ши орауды, алтынмен аптап, күміспен күптеуді өзіне мұра етіп қабылдаған ел. Дәстүрлі өнердің осы түрлерінің барлығы киіз үйден көрінетіні хақ. Солай бола тұрса да, академик Ә. Марғұланның, тарих ғылымдарының докторлары X. Арғынбаевтың, М. Мұқановтың аса құнды еңбектеріне қарамастан, қазақтың киіз үйін палеоэтнологиялық тұрғыдан әлі де болса терең зерттей түсуді қажет ететін құбылыс екенін өмір көрсетіп отыр.

Киіз үй — қазақтың өзімен бірге жасасып, тарих белестерінен бірге асқан заттық, тұрмыстық мәдениетінің көрінісі. Отбасының салауаттылығы мен саулығының белгісі ретінде босағаға, шаңыраққа құрмет көрсету — ежелден келе жатқан дәстүр.

Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет