Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»


ЖАС КЕЛІНШЕКТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ БІРНЕШЕ САЛТ-ДӘСТҮР



бет12/56
Дата22.05.2018
өлшемі6,79 Mb.
#40605
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   56

ЖАС КЕЛІНШЕКТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ БІРНЕШЕ САЛТ-ДӘСТҮР


ИТАЯҒЫНА САЛУ (ДӘСТҮР, ЫРЫМ)

         Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына сал» деп сақина, күміс, жүзік сияқты зат береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни, «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.



ДӘМЕТУ (ЫРЫМ)

         Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.


ҮЙ КӨРСЕТУ (ДӘСТҮР)

         Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге», яғни, есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны «ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне «үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын, яғни, әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.



(С.Кенжеахметов Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі, 1994. -79 бет. 22, 17 беттер)

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ

АЙНАЛЫП КЕТКЕН...

Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі, осының айғағы болса керек. 

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен, бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл - көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз. Зейнеп Ахметованың бүгінгі әңгімесі де осыны аңғартады...


Шілдехана тойының қандай маңызы бар? 

Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған. Яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді, балаға сұқ өтеді» деген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой. Сол сияқты біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біз, өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Сен балаға жамандық ойламаған күннің өзінде балаға бейсаналы түрде зиян тигізуің мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Себебі қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бұлай деуге не негіз болды екен деп көп ойландым. Себебін тапқан сияқтымын. Қырқынан шықпаған баланың білегін ұстап көріңізші, еті мен сүйегі бірікпегенін байқайсыз. Ал қалай қырық күн толады, сол күні ет пен сүйектің біріккенін сезесіз... 



«Итжейде» қандай болуы керек? 

Баланың ең алғашқы киімі - «итжейдені» кіндік шеше тіккен. Жұмсақ матадан, кейде тіпті жаңа матаның өзін жуып, жұмсартып барып кең, мол әрі ұзын ғып тіккен екен. «Итжейденің» мол етіп тігілуінің өзіндік мәні бар. Тіршілік дегенің зырылдап өте шығатын тақтайдай жол емес. Бірде өрге өрлейсің, бірде төмен сырғисың дегендей, ойы-қыры көп. Өмірде барлығы қос-қостан жаралған. Күн мен түн секілді жақсылық пен жамандық та, байлық пен жоқшылық та бірге жүреді. Мынау қамшының сабындай қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін деген ниетпен, «итжейдені» кең, мол әрі ұзын етіп тіккен. Бұл, бір жағынан, баланың емін-еркін жатуына ыңғайлы. Баланың терісі өте нәзік болғандықтан денесіне батпасын деп «итжейденің» тігісі сыртына қаратылып тігілген. Қазіргі кіндік шешелер дүкеннен дайын киімді апарып жүр. Тіпті кіндігіне де жетпейді... Ата-бабаларымыздың айтқаны, ырымдағаны негізсіз емес деп ойлаймын. Осынау ұлан-ғайыр кең-байтақ жерімізге иелік еткен ата-бабаларымыз сол кездің өзінде қазақ деген халықтың кемеңгерлігі мен даналығын өзгеге мойындата білген. Бүгінде... Қарап тұрсақ, өз жерінде жүріп, базарда ала қап арқалап, үйсіз-күйсіз күн кешіп жүрген де, тұрмыстың тауқыметін өзгелерден көп тартып жүрген де - өз ұлтымыз, қазақтың азаматтары, қазақтың әйелдері... Кім біледі... 

«Итжейдені» бала қырқынан шыққанша кигізген. Кейін қырқынан шығарғанда «итжейдеге» тәтті-мәттіні түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, ондағы тәттіні шешіп алып, таласып жеген. Бір жағынан, содан да «итжейде» аталуы мүмкін. Қазақ итті «жеті қазынаның бірі» деп есептеген. Өйткені ит - иесінің тілекшісі әрі ырыс пен берекенің күзетшісі саналған. Ит иесіне адал. Әрі ит көптеп күшіктейді емес пе?! «Баланың артынан көп бала ерсін, осы шаңырақта бала улап-шулап жатсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Содан кейін тілімізде «итжанды» деген сөз де жиі кездеседі. Иттің төзімділігіне, қайсарлығына, адалдығына байланысты айтылғандықтан да, баланың бойында адалдық пен қайсарлық қатар өрілсін, өмірдің қиындығына төзе білсін деген ырыммен «итжейде» итке байланған. Балалар тәттілерін таласып-тармасып, өзара бөлісіп алған соң, «итжейдені» бала көтермей жүрген әйелдер не жаңа түскен келіндердің бірі «тілеуімізге жетейік» деп ырымдап қалап алған екен. Мұны әркім әрқалай түсіндіріп жүр, бірақ менің ұғымымша, «итжейденің» сыры осында болса керек... 

«Қалжаның» сыры неде? 

Қазақтың өте бір қасиетті ырымы - келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде, ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы - ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі... 

  (Болатханқызы А.//Айқын, 23.02.2010)

БЕСІККЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР


  • Бос бесікті тербетпейді.

  • Бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет.

  • Бесіктің теріс жағына отырмайды.

  • Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алу керек.

  • Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы керек.

БЕСІК ЖАЙЛЫ ӘФСАНА

Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: "Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!" - дегенде, Төле би: "Баланың бесігі - кең дүниенің есігі ғой", -деген екен.


АУЫЛДЫҢ АЛТЫ АУЫЗЫ


         Тойда, ойын-сауықта, қонақ кәде сұрағанда, көбінесе, алыстан келгендер «ауылдың алты ауызы» болмайтын ба еді, әуелі өздеріңіз бастаңыздар» деп қалатын әдеті бар. Демек, бұл «жол өздеріңізден, өнер, өлең ауылдан басталсын» деген сөз. Сөйтіп өлең ауыл өнерпаздарынан басталады. «Ауылдың алты ауызы» дегеніміз осы. Бұл өлең табан астында суырып салып айтылуы немесе бұрыннан таныс өлең, жыр түрінде орындалуы мүмкін. Мұның ән, әуені де әртүрлі болады. Ауылдың алты ауызы өнерлі жастарды топ алдына шығаруға, олардың халыққа танымал болуына игі әсер еткен.

АУЫЗ ТИЮ


         Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол «қарашаңырақтың» киесі қолдасын деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастарқан үстіне келген адам міндетті түрде ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде ауыз тиеді. Мұндайда әйел болса «күйеуің тастап кетеді», еркек болса «әйелің тастап кетеді» деп әзіл айтады. «Таңертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа» деген мәтел бар. Қазақтың дәстүрі бойынша үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Халықта «қуыс үйден құр шықпа» деген сөз бар. Мұның бәрі қонаққа ерекше ықыласты көзқарастың белгісі.

ТУҒАН ЖЕРГЕ АУНАТУ

         Әдетте, басқа жақта тұратын ер-азаматтарды туған жеріне келгенде оны сол жерге аунатып алатын жақсы дәстүр бар. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік парызыңды өте» деген мағынада. Екінші, «туған жер – ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де, халықтың осы әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.



(С.Кенжеахметов Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі», 1994. -79 бет. 10- бет)

КЕЛІН СӘЛЕМІНІҢ СЫРЫ


...Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп: 

- Бұл кім? - дедім.

- Мен! Атаңмын! Бар, киін! - деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. «Бар, киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім «сабыр-сабырлап» үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым. 

- Бақытты бол, балам! - деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді...»

(Ахметова З. Шуақты күндер: Естелік, эссе. – Алматы: Жалын, 1987. – 264 бет. 11-бет)

«Сөз анасы - сәлем». Сәлемдесудің түрі көп. Әр сәлемнің өз үлгісі мен ерекшелігі бар. Біз бүгін келін сәлеміне тоқталсақ дейміз. Ол туралы қазақ келіндерінің символына айналған апамыз - жазушы, атақты батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен пікірлескен едік... 

Келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Өз үйінен кетіп, түскен босағасына бірінші рет кіргенде келін шаңыраққа үш қайтара сәлем салған. Жас келіннің екі жағында екі жеңгесі, яғни сол шаңырақтың бұған дейінгі түскен келіндері (абысындары) үлкендерге иіліп сәлем салғызған. Қайын енесі мен абысындары жас келінге әулеттегі үлкен адамдарды таныстырып, сәлем салуды ескертіп, олардың алдынан кесіп өтпеуді қадағалап отырған. Білмегенін үйретіп қамқорлық танытып жүрген. 

Беташар кезінде бір жағы - қазақ халқы жеті санын киелі санағандықтан, бір жағы - қысқа да нұсқа етіп, ең қадірлі, ең сыйлы деген адамдарға - ата-ене, қайнаға-әпкелерге, апа-жезделерге арнап жеті рет сәлем салғызған. Өкінішке қарай, бүгінгі беташарда жас келін отыз-қырық адамға сәлем салады. Жаңағы сансыз адамның аты аталып біткенше тойға жиналғандар да жалыға бастайды. Әрі сонша адам өздерінің аттары атала сала бет ашатын өнерпаздың алдындағы табаққа ақша тастауды дәстүрге айналдыра бастады. Ең сорақысы сол, қазіргі кезде жаңа түсіп жатқан келіннің сәлемін осылай сатып алып жүрміз. Біздің келін түсіру тойларымызға осындай келеңсіз көрініс дендей еніп барады.



«Современный» қайын енелер, абысындар жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр? 

Салт-дәстүрдің тереңіне бойламай, мағынасын түсінбей, қателесіп жүргеніміз жасырын емес. Олай дейтінім, бұрынырақта той иесі бет ашқан адамға арнайы сый-сыяпатын өзі жасаған. Әл-ауқатына қарай бет ашқан адамды риза етіп аттандыра білген, құр қол қайтармаған. Яғни беташар барысында аты аталып, келін сәлем салған адамдарды әуреге салмаған. Үйлену тойларындағы тағы бір келеңсіздік - жас келінге алты-жеті жасар балаға дейін иілтіп сәлем салғызатынымыз. Ескеретін жайт, келін күйеуінен жасы кіші адамға еш уақытта сәлем салмаған. Иіліп сәлем салу - үлкенді сыйлаудың белгісі. Келін түсіру тойындағы тағы бір жағымсыз көрініс - келіннің екі жағындағы екі жеңгесіне қатысты. Үлбіреген келіннің екі жағындағы орамал салмаған, жалаңбас, ол аз десеңіз, шалбар киіп алған екі жеңгені - «современный» абысындарды бәріңіз көріп жүрсіздер. Олар жаңадан босаға аттаған жас келінге қандай өнеге көрсетіп тұр? Сәлем салғандағы шалбарланған екеудің іс-әрекеті сырт көзге қалай көрінер еді? Міне, осыған мән бере бермейміз. Бұл - біздің үлкен қателігіміз. Қазір салт-дәстүрді білмейтін, келінімен жарысып, ашық-шашық киінетін, күйеу баласымен стақан қағыстыратын «современный» енелер де аз емес. Олар келінге дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағандықтан, ұрпақ тәрбиесі де белгісіз арналарға бұрып кетіп, зиян шеккізіп жүр. 

Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Өкініштісі сол, бүгінде сәлем салуды, келін сәлемін тек кітаптан оқып, кіріптар болып жүрміз. 

«Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды» 

Келін сәлемінің тағы бір ерекшелігіне байланысты мынадай әңгіме бар: Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда-жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен. Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс жанжалдың болмауына келіннің иіліп бір ғана сәлем салғаны себеп болған. Бұл күндері кейде, керісінше, сәлем салған келінге не айтарларын білмей абдырайтындар да кездеседі. Сасқандарынан келіннің қолына жармасатын адамдарды да көріп жүрміз. Тізесін бүге иіліп, сәлем салып тұрған келіннің ибалылығына, кішіпейілдігіне, ізеттілігіне қарай «Бақытты бол! Қосағыңмен қоса ағар, көп жаса!» деп бата берген жарасымды емес пе?! «Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды» деген мақалдың шығуына кейде өзіміздің білместігіміз себеп бола ма деп ойлаймын. 



Қандай жағдайда келін сәлем салмайды? 

Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайн-ағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа (үнемі сәлем салып жүргендіктен бір есептен келін де қысылады, именеді), екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен. 

Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде басың иілмесін! Жүзің төмен түспесін! Қызымыздай бол!» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек бұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы, сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы... 
  (Болатханқызы А.//Айқын, 12.01.2010)
ЖҰМБАҚТЫҢ ШЕШІЛУІ

Ұзақ жолдан шаршап келе жатқан бір жігіт бір ауылға келіп түседі. Үй иесі ақсақалды қария екен. Сәлем беріп, үйге кірген жігітке қария:

- Сәлемші болсаң, жоғары шық, мысығым! – дейді. Жігіт іштей «мысығы» несі деп ойлайды да, қисайып жатып көзі ілініп кетеді.

Бір уақыттар шамасында әлгі қария:

- Тұр, арыстаным, тамақ дайын болды, - дейді жігітке.

Жолаушы бұл сөзіне де таңданып, ештеңе демей, тамақ ішіліп болған соң жүруге әзірленеді. Кетерінде ақсақал жігітке:



  • Жолың болсын, жыршым! – дейді.

Қарияның жұмбақ сөзіне таңданып, түсінбеген жігіт аң-таң болып кете барады. Еліне жеткен соң көпті көрген көнекөз бір қарияға келіп, осы жайларды айтады.

- Е, балам, түсінбеген екенсің, - дейді бұған өз аулындағы қария. – Ол ақсақалдың саған айтқандары мыналар еді. Біріншісі, тосын қонақ алғаш рет үйге келгенде «қалай қарсы алар екен» деп жалтақтай келеді. Саған «жоғары шық, мысығым» дегені сол. Екіншісі, қонақ келген соң үй иесі ұялады, «қонақтың көңілін, жай-күйін қалай тапсам екен» дейді. Саған «тұр, арыстаным» дегені сол еді. Ал үшіншісі, қонақ аттанып кеткен соң, көрген сый-сияпатын қай жерде, қалай айтса да өз еркінде. Ақсақалдың саған «жолың болсын, жыршым» дегені сол еді.



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 300- бет.)
ТҮЗДІҢ АДАМЫ

Қоңқа бидің жасынан жауға бірге аттанып жылқы алысқан, дауға бірге түсіп олжа табысқан Жыланкөз деген досы болыпты. Екеуі екі ауылдың адамы болғанына қарамастан бір анадан туғандай тату өсіпті. Қоңқа қартайып, жетпістен асқан шағында:



  • Қой, мен сол досымды бір көріп қайтайын. Жасымда бірге жүрген

жолдасым еді ғой, амандық-есендік айтысайын, - деп жолға шығады. Жол үстінде бір бала кездеседі. Жөн сұраса ол да Жыланкөздің аулына бара жатыр екен.

Екеуі келе жатса бір жерде көп адам жиналып, көр қазып жатыр екен.

– О, балам,, - дейді Қоңқа би,- анау жиналған топ адам кімдер? Көзің жетік қой, қарашы?- дейді.

Бала қарайды:

- Ата, өлген адамды қойғалы көр қазып жатқан кісілер көрінеді.

– Ендеше, сен барып біліп қайт. Көметіндері өлген адам ба екен, тірі адам ба екен? Соны сұрағын.

Бала шапты да кетті. Барып көр қазып жатқандарға сәлем береді.

- Сіздердің жерлейтіндеріңіз өлген адам ба, тірі адам ба?

Кісі өліп, жаны күйіп тұрғандардың біреуі:

- Не деп былшылдайды мынау? – дейді, екіншісі келіп қамшымен басынан салып жібереді.

– Иттің баласы, не оттап тұрсың?!

Бозбалалардың екі-үшеуі жабыла кетіп еді, бір қариялау кісі:



  • Тоқтаңдар! – дейді айқайлап.- Әуелі жөн сұралық. Қайдан келе

жатқан бала екен, білейік.

Бала жөнін айтады.



  • Балам, сен не дедің?

  • Мен көміп жатқандарыңыз өлі адам ба, тірі адам ба дедім.

  • Қарағым, осы сөзді өзің айтып тұрсың ба, жоқ басқа біреу айтқызды

ма саған?

  • Қасымда үлкен кісі бар еді. Сол кісінің атқосшысы едім. Мені

осылай сұрап кел деп жіберді.

  • Апырым-ай, мұны сұраған қария тегін адам емес екен-ау. Қой,

баланы ұрмаңдар, жігіттер. Мұнда бір мән бар. Сол қарияны біреуің барып шақырып келіңдер.

Екі жігіт қуып жетіп, сәлем беріп:

- Ақсақал, бір қадірлі адамымыз қайтыс болып, соны қойып жатыр едік. Ілгергінің жолы, өлікке құран оқып аттаныңыз, - дейді. Қоңқа би:


  • Ә, ондай болса, жарайды, - деп атының басын бұрып келеді. Өлікті

қойып болған соң көпшілік:

- Ақсақал, алыстан келе жатыр екенсіз. Өзіңіз де бір қадірлі кісі көрінесіз. Бұл кісі де қадірлі адамымыздың бірі еді. Мына баланы бізге жіберген екенсіз. Бала шауып келді де бізден:

- Қойып жатқан өліктеріңіз өлген өлік пе, болмаса тірі өлік пе?- деді. Соны ауыр көріп, шыдай алмай осындай тентек бозбалаларымыз қол көтерді. Баладан «мұны қалай сұрадың, өзің бе, жоқ саған біреу үйретті мен деп едік, ақсақалым бар еді, сол кісі сұра деді» деп шынын айтты.


  • Ә, дұрыс.

- Сізден сұрайтынымыз, мұны қалай айттыңыз? Бұл өлі өлік пе, жоқ тірі өлік пе дегеніңізді түсіндіріңіз?

- Ә, оны дұрыс сұрайсыңдар. Тірі өлік пе дегенім артында өзіндей болатын бала-шағасы бар ма, ас-су беретін мал-жаны бар ма дегенім. Ал өлі өлік пе дегенім, өзіндей болып өсетін артында бала-шағасы жоқ болса, ас-суын беретін мал-жаны жоқ болса, мұның аты шын өлік, шырақтарым. Бұл өлік осының қайсысы?

- Уа, ата, артында баласы бар, ас-суына жарайтын мал-жаны бар, дәулетті кісі.


  • Ауылға жүріңіздер, мейман болыңыздар, - дейді көпшілік.

- Шырақтарым, маған ауылға қонуға болмайды. Мен түздің адамымын, - дейді Қоңқа қарт. Жолда келе жатып бала:

  • Ата, түздің адамымын дегеніңіз қалай? – деп сұрайды.

- Қарағым, өзің аңғарымпаз адал бала екенсің. Сенің атың кім?

  • Атым – Төле, ата.

- Төле қарағым, түздің адамымын дегенім көпшіліктің, халықтың адамымын дегенім... Бата берейін, сені түзде кездестіріп, серік болдым. Мен секілді сенің де өмірің түзде өтсін, түздің адамы бол, балам, - деп бетін сипайды қарт. (Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 25-28 беттер)

ҚАРТТЫҢ ҰЛЫНА ӨСИЕТІ

Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып:

- Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же,- деп өсиет айтыпты.

Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып, басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң, ол адам жанына отырады да, жігітке:

- Неғып отырсың?- дейді.

Жігіт:


- Жәй отырмын,- деп жауап береді.

Шал:


- Шыныңды айт!- деп қыса бастайды.

Жігіт еш нәрсе айтпайды. Шал:

- Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін,- дейді

Жігіт:


- Менің атам бай адам еді, сол атамның өлер алдында айтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым,- дейді.

Шал:


- Қандай өсиет айтып еді?- дейді.

Жігіт:


- Әуелгі өсиеті: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал»,- деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым. Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал»,- деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же»,- деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әр күні бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды,- дейді.

Шал тұрып жігітке:

- Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «Жұма сайын қыз ал»,-дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің» - дегені. «Қала сайын үй сал» - дегені. «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін» дегені еді. «Ас ішсең, бал же»- дегені: «Еңбек істеп, ас ішсең, балдан тәтті болады» - дегені еді,- деп, қарт өз жөніне кетіпті.

(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 321-332 беттер)
«ЖАҚСЫЛЫҚ ЕТСЕҢ ӨЗІҢЕ ...»

Бір диуана ел аралап, шаһардан-шаһар кезіп, ұзақты күн қоржын артқан қашырының үстінде жүреді. Айтар сөзі, берер батасы: «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең өзіңе» деген мақал болса керек.

Күндердің күнінде есік алдына шығып тұрған еріккен кербез әйел келе жатқан диуананы көріп: «О, сұм неме, міне саған жақсылық та, жамандық та. Ал да же, арам қат!» деп у қосып пісірген бір таба нанды ұстата салады. Нанды қоржынына салып алған диуана ел аралап, жұрттың қол қайырын алып жүре береді.

Диуана шаһардан шаһарға бет алады. Жапан далада шұбап келе жатқан керуенді көреді. Керуен соңында жаяулар да келеді. Керуен жақындай келе диуана қасына келіп тоқтайды.

- Е, диуана, жүрген жерің мейірімді, қайырымды болсын, - деп сәлем береді керуен басы.

- Жүрер жол, басар тауың жеңіл болсын, - деп диуана жауап қатады. Керуен соңында азып-тозған аталы-балалы екеу тұр екен.

–Ей, диуана, біздің күн қараң болды. Азық таусылды. Мына тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қарақшыларға тоналған аталы-балалы екеуіне жүрек жалғар бірдеңе болса бер, - дейді керуен басы.

Қайырымды диуана қоржынынан бір таба нан алып екеуіне бөліп береді. Неше күн ашыққан олар нанды қомағайлана асай бастайды. Нанды жеп бола бере әуелі бала, одан кейін әкесі құлайды. Сол құлағаннан тіл бермейді. Неше күн, неше түн жол азабын бірге көріп жалғасып келе жатқан ер азаматтардың өлгендеріне көздері жеткен керуеншілер диуананы бас салып тепкілей бастайды.

Диуананы ауыз аштырмай сабай береді. Бір мезет диуана үн қатады:

- Уа, қайырымды адамзат, жазықсыз мені таяқтадыңдар, ел берген қайыр-садақаны алып жүре бердім. Кімнің не бергенін қайдан білейін. Бірақ мен осы таба нанды берген үйді білемін ...

Ар жағын айтқызбай керуеншілер бастырмалатып кетеді:

- Жүр, баста бізді сол үйге.

Өліктерді артып алады. Диуана керуеншілерді ертіп шаһардағы нан берген әйелдікіне келеді. Керуеншілер түйелерін шөгеріп, өліктерді түсіреді. Жүгіріп далаға шыққан сылқым әйел өліп жатқан өз күйеуі мен жалғыз баласын көріп, өз ісіне өзінің жаны күйзеледі. Ақыры іш құса болып өледі.

Әйелдің зұлымдықпен жазықсыз жанға жауыздық жасамақ әрекеті өз алдына көр болып қазылды.

Міне, «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең өзіңе» деген мақал осыдан қалған екен. (Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 314-315 беттер)

ІV. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІР
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ

ЖАС ҰРПАҚҚА АЙТАР СӨЗІ:
Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ! Әр әке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым үзілмесе екен деп тілейді. Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол – қазіргі кең жазира Отаның сенің. Өйткені – Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар. Елді, жерді, қоғамды сақтап қалу – сенің борышың, алғы ұрпақ.

Ұзын бой қысқарады, үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол – табиғат заңы. Адам өлгенімен, оның еңбегі өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз-жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.

Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық - әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.

Намыс – азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді. Ер жігіттің елі – ата-анасы. Отаны - өз үйі.

Патриотизм – «Отаным, сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» -деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады.

Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал еңбекшілдік, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық – армия үшін ең қажет қасиет. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені оның қолында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.

Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ – адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың. Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.

Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым? Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты Отанымыздың болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол – Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! – деген сөз. Ол – халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! – деген сөз.



(Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз. Роман-диалог. Екінші басылым. Алматы, «Жазушы», 1978. 360 бет. 348-349 беттер)
ҰШҚАН ҰЯ

Әкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті жыл старшын боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде бұл дәрежесін өз ықтиярымен құрдасы Еркеш деген кісіге берген екен. Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша жыл аз ауылдың кіші–гірім әкімі болса да бүйірі томпайып, мал біткен емес. Бар байлығы жалғыз аттан артпапты.

Әйтсе де кедейдің қолы жомарт. Әкемнің қызғаншақтық, бақталастық дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырып, той – томалақ өткізуге құмар боп тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін. Бір жолы мен, ес біліп, етек жиған кезім, базар барып азын–аулақ ақшаны жаратып қойсам керек, өгей шешеміз мұныма күңкілдеп ұрса берді.

- Әлден ұрма, ақша бітсе шашып жүреді, тұра бара не болады?!

Әкем сонда өгей шешеме жай ғана:

- Е, ақша дегеннің өзі шашуға шығарылған нәрсе де,- деп тастады.



... Әкем базардан қайтқан күні біздің үйде кіші–гірім той сияқты жиын болатын. Қоржынның екі басы базарлыққа толып келеді. Сонда өрік– мейізге бір тойып қаламыз.

Бала біткен сондықтан әкемді жақсы көретін. Асылы, істеген жақсылығыңды бала тәуір біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылығың зая кетеді. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Ол қуанса – шын қуанады. Ал ересектердің арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездесетінін, құдайға шүкір көріп жүрміз - деп отыратын. Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық.



... Тағы бір жай ойыма оралады... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда» - деп сыбырлады. Мен қатты қызырақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассялам алейкум, аталар» деп әр сөзді қадап–қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан «әлейкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып, мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді»- дейтін.

(Момышұлы Б. Ұшқан ұя.- Алматы: «Санат», 2005. – 224 бет. 11-12,15-16 беттер)
ӘКЕ ӨСИЕТІ

Ғұмырдың ерте-кешкілігінде жадыңда көмескі тарта бастаған естеліктер аса жарқын әрі айқын көріне бастайды екен. Қараңғылық қоюланған сайын күні кешегі ғайып болып, өткен жылдар елесі еліктіре беретін сияқты. Осыған орай, әкем туралы естеліктер еске түседі, өйткені біраз уақыттан бері ол менің жеке тағдырыма айналып, жан-дүниемді билеп, өз тағлымын тоса беретін сияқты.

Десек те, менің әкем туралы бір ауыз сөз жазбақшы әрбір адамға әңгімені неден бастау оңай емес-ау. Өйткені әкей ғайыптан пайда болған жан емес, керісінше, ұрпақтары, ата-баба рухы оның жүріп өткен жолын қырағы бақылап тұр. Бір кезде біздің бойымызға қан жүгіртіп, тәнімізге ақыл-ой, сезім-түйсік сепкен қасиетті аруақтар ру тайпаның ғана емес, бүтін бір халықтың тарихын жасайды емес пе!? Алайда әр ұрпақтың маңдайына жазылған өз талай-тағдыры, өмірлік тәжірибесі бар. Мұндай тағдыр таңдауы қажет-ақ, өйткені таным қанаты қатайып, жүрек сәулесі ашылмақ емес. Тамыры халықтың таусылмас рухани қазынасымен ұштаса алмаған білім ешқашан ғылымға айнала алмайды. Адам жаны ұлттық арнадан барынша сусындағанда ғана, оның жүрек лүпілі халық деп соғады. Бұл лүпіл сонда ғана өзі үшін емес, халық үшін, соның тағдыры, болашағы, үміт-арманы үшін жалындайды, лаулайды.

Мұндай ой-арман аспаннан түскен жоқ, оған мені тірі кезінде әкем алып келді. Табан тіреп қасарысқан мені ол бұл жолы құлағымнан сүйреп әкеп салып, бағыт сілтеді, осы жолы кездесетін негізгі қағидалардың әліппесімен таныстырды. Оның айтқандары бірте-бірте ұмытылмас ережеге айналса да, мені әлі оның өсиеттерін түгелдей орындап шығуға пісіп жетіле қойған жоқ едім ...

- Халықтың жолымен жүрсең, ешқашан адаспайсың. Халықпен бірге болсаң, ешқашан жалғызсырамайсың, - деген ең басты өсиеті жадымнан шықпайды.

Бір күні ол мені бөлмесіне шақырып алып, қасындағы креслоға отырғызды да:

- Сен қаланың тас кеудесінде өстің, сондықтан сенің тамырың әлсіз. Сен туғанда мен соғыста едім, шинелімнің етегі қанға малшынып, лаулаған оттың түтіні сіңген еді. Сені өзіммен бірге оқтың астына әкете алмадым, өзімнің әкелік парызымды өтеу үшін, саған келе алмадым, себебі мені Отан алдындағы перзенттік борышым жібермеді. Қиырдағы жат жерде жүріп, саған әкелік мейірімімді, әке тәрбиесін бере алмадым. Бұған менің кінәлі емес екенімді сенің түсінуің керек. Бірақ саған ұлттық рухтың дәнін себе алмаған айыбымнан бас тартпаймын. Мен сенің мәңгүрт болып өскеніңе қатты күйінемін, бұған да сенің ешқандай кінәң жоқ екенін жақсы түсінемін. Дегенмен сенің айыбың сол: өзіңнің шыққан жеріңе, өз халқыңа қайта оралуға асығар түрің жоқ. Сен нағыз тас жүрек космополит болсаң да, мен сенен кете алмаймын, бірақ бұл менің жүрегімде айықпас дерт болып қалмақ. Маған бала керек, бірақ менің балам өз халқын мақтан тұтатын әрі басқа ұлттарды өгейсітпейтін қазақ болуы керек. Адамзат үшін өз халқының жолы – оның ең дұрыс жолы, ал кез келген қыңырлық оны сөзсіз бақытсыз етеді, өйткені теріс пиғыл халықтан жырақтатады. Өз халқыңның өгей баласы атансаң, өзгеге де сыймайсың. Осы есіңде болсын, - деген еді.

... Күздің бір кешінде әкем маған келіп, керуеттің шетіне отырды да, темекі тартты, ымырт үйіріле бастаған терезеге ойлана қарап, сөзін бастады:

- Өзімшілдік өкіндіреді. Ұлттық өзімшілдік тек сені ғана сансыратпайды. Бұл жағдай жаппай құлықсыздыққа бастайды. Егер елімізді отбасы деп санасақ, онда қазір біздің отбасымыздың толыққанды емес екенін аңғару қиын емес. Мемлекетіміздің негізгі Заңы, яғни Конституция билігі бар, оны қазақтар Ата Заң дейді. Ал отбасында атамен, яғни әкемен бірге ана да бар ғой. Ендеше біздегі Ана Заңы қайда? Ана Заңы - адамгершілік заңы. Ол адам бойына ұлттық психологияны, ұлттық мінезді ұялатып, халықтың ең асыл, ғасырлар қойнауынан екшелеп өткен әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, оның дүниеге көзқарасын, мәдениеті мен рухын жаңғыртып, дамытуға жол сілтейді, бағыт-бағдар нұсқайды. Өз сәби кезінде анасының емшегін ембеген бала басқа малдардың сүтімен ауызданады, демек ешкінің сүтін ішкен сүзеген серке, қой сүтін ішкен қой мәнзелдес болып өседі, сиыр сүтімен қоректенгендер өгіздей өкіреңдесе, мегежін сүтін ішкен доңыздай торсаңдайды.

Мен еріксіз күлдім, бірақ әкем қабағын үйіп, шорт тоқтатты:

- Мен мұның бәрін күлкі үшін айтып отырған жоқпын! Бұлар аса қажет нәрселер: сенің оларға күлгенің - өзіңе-өзің күлгенің. Сақ бол, бұл қауіпті. Саған қауіпті болатыны сол: егер сен киелі нәрсеге күлгеніңді қоймасаң, мен сенің тұмсығыңды бұзамын. Мен мұны мүлтіксіз орындайтынымды өзің жақсы білесің.

- Кешір, әке! Мен бәрін жақсы түсінемін, алайда мен сенің теңеулеріңді естігенде, еріксіз күлгенім ғой, - дедім мен.

- Ақымақ! Бұл салыстыру емес, сақтандыру! Күллі қазақ әлемі өзінің болашағына секемденіп қарап тұрғанын сенің түсінуің қажет, бірақ бұл туралы ой-пікірін ана тілінде айта алатын біреу табыла қояр ма екен?! Өйткені оның жан даусы мидай далада естілген жаңғырық сияқты ғана. Ана тілін баяғыда ұмытқан және бөтен тілде шүлдірлеген оның балалары оны естімейді әрі түсінбейді. Тіл дегеніміз – жүрегіңді шарпып, жаныңды жалындататын от. Мен осындай оттың өшіп бара жатқанына қиналамын. Сенен өтінетінім: өз халқыңнан ажырама. Мұны сенен өтініп отырғаным: сен халыққа керексің, өйткені халық тіпті қажетірек, - деп әкем сөзін бітіріп, орнына тұрды да, бөлмеден шықты.

Тағы бірде әкей бәрімізді кабинетіне жинады. Жарқырап атқан таң әлі есімде, бірақ аспан әлемін бүркеп алған қара бұлттай түнеріңкі әрі қатулы.

- Мен сендерге немеремді мәңгүрт жасата алмаймын, - деді ол қатал үнмен. – Бір отбасы үшін бір рухани бейшара жетіп артылады. Ержанның қазақша сөйлегеніне ризамын, бірақ қазіргі ортада бәрінің тез өзгеруі қиын емес, сол кезде орыс тілі оның ана тіліне айналады. Қаланың баласының орыс тілін білмеуі қасірет месе, ана тілінен мақұрым қалу – нағыз сорақылық. Менің байқауымша, ол орыс сөздерін араластырып сөйлейді. Қазір бұған кінәлі Бақыт сенсің, кейін кінәлілер көбейе береді. Бәке, сен сөзіңе мән бермейсің де, орысшаға қарай ауыса бересің, ал бала оныңды естіп-біліп отыр. Былық сөздеріңді доғарыңдар! Мұндай қылығың орыс тіліне де, қазақ тіліне де пайда келтірмейді.

- Бірақ мен қазақша сөйлеуге көбірек талпынып жүр емеспін бе? Әсіресе баламның көзінше, - дедім мен ақталып.

- Мен сенің ондай талабыңды байқаған емеспін, - деді әкей түйіліп. – Тілді үйрену үшін, ең алдымен оның өмірге қажеттігін сезіну қажет. Сондықтан өзіңнің қазақ екеніңді түнде де, күндіз де ұмытпа. Тіпті түсіңде де қазақша сөйле. Сонда ғана қазақ рухы жүрегіңде ұялап, ұлттық намысыңды оятады, ұлттық сезіміңді асқақтатып, өзіңді-өзің тануыңа даңғыл жол ашады. Жұрттың күлгеніне мән бермей, қазақша үздіксіз сөйлеуден жалықпа. Айналаңдағылардың қарғысына қалғанша, сыни күлкісіне қалғаның жақсы. Өйткені, халықтың қарғысынан басқа күшті еш нәрсе жоқ. Ондайдан сені бір Алланың өзі сақтасын! Халық қарғысынан ешқайда қашып құтыла алмайсың.

- Сенен ұзақ жылдар бойы қол үзгеніме қарамастан, қазақ болу үшін мен қолымнан келгеннің бәрін істедім,, - деді әкем біраз үнсіздіктен кейін. – Біздің үйде үнемі қазақша сөйлейтінбіз, өйткені Қазақстанның әртүрлі жерінен Алматыға келген қазақтың жас журналистері үшін біздің үйдің есігі әрдайым ашық еді. Менің арманым ана тілінің әуені біртіндеп сенің қаныңа сіңіп, жатырқамаса деуші едім.

Журналистердің бірсыпырасы туған баламдай болып, саған ағалық көзбен қарайтын. Және де … жыл сайын жазда сені ауылға жіберіп, жусан исі сіңген ауаны мейірлене жұтсын дегенім ғой. Ауылдың өзін сағындырып тұратын әрі адамды тау мен далаға еріксіз жетелеп әкететін бір сиқыры бар. Бұл құпия бірден сезілмейді, бірақ есейген сайын ауыл жиі-жиі есіңе түсіп, жүрегіңді сыздатады. Ауылға барған сайын, туған жердің шипалы ауасын жұтып және ата-бабаның қасиетті топырағын басып тұрып, кеудеңді кере дем аласың. Мұндай кезде тамырың тереңдеп, жаның тазарып, алысты болжайсың және түсінігің артады. Адамға қанат бітіріп, сен бір ауылдың ғана емес, күллі Қазақстанның ұлы екеніңді, оның түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан туыстарыңның бар екенін сезесің. (Момышұлы Б. Ұшқан ұя.- Алматы: «Санат», 2005. – 224 бет. 216-222 беттер)
БАЛА ШОҚАН

Шыңғыс өзі оқып білім алған және келешек ғылым-білім өрісі орыс мектебінде екенін біле тұрса да, баласына шығыс әдебиеті мен тарихынан хабардар болсын деп, Әубәкір молданы әдейілеп Орынбордан көшіріп алып келгенді. Алдымен балаларын ана тілінде сауаттандырып және өзімен өмірлес шығыс елдерінің мәдениетімен де таныс ету ниеті болған. Сондықтан да ол:

- Шоқанға өзің білетін барлық оқуыңды үйрет. Бұларға енді жеті жұрттың тілін білу керек,- дейтін.

Шыңғыстың бұл тапсырмасын Әубәкір бұлжытпай қолға алды. Шығыстың атақты ақындары Әбілқасым Фердоусидың «Шаһнамасын», Жәмидің, Омар Хайямның рауаяттарын, Науаидың дастанын, Азербайжан ақындары Низами, Ғанжауи, Физулилардың шығармаларымен таныстырды. Шоқанның өте-мөте қызыға оқығаны Ләйлі-Мәжнүн жыры, Хайямның рауаяттары болды. Әсіресе Омар Хайямның ислам діні жөніндегі жансыз сопылық, жалған мүлгушілікке қарсы жазылған өткір хиялы рауаяттарын ұнататын.

Қысқы үйге кіргелі Шоқандардың оқуы құнтты жүрді. Әубәкір молда да, бұрынғыдай ауыл арасының шақыруынан босап, Шоқанға парсы тіліндегі кітаптардан уақиғалы хикаяларды оқытып білім өрісін кеңейте түсуде. Анадағы әжесі айтқан: «Байлық та, бақыт та тыянақсыз, ең тыянақты қасиет өнер-білім. Жеті жұрттың тілін білмеген адам шалағай» деген сөзді өзінің естелік дәптеріне Шоқан жазып қойған-ды. Шоқанның күзден бергі оқуға деген ыждаһатына Әубәкірдің өзі де іштей таңданатын. Ол тек жай оқып қоймайды. Оқыған кітабының уақиғасын бажайлап, түпкі мағынасын білуге ізденеді. Шоқанды аса қызықтырған Жәми ақынның «Ескендір намасы» болды. Әубәкір өзі оқып, Шоқанға мағынасын түсіндірсе, кейбір жерлерін жаздырып отырды. Ескендір Зұлқарнайын туралы шығыс елдері аңыз әңгімелерімен қатар, Жәми жырлаған дастанда сондай қызықты екен. Жас Ескендірді анасының үлкен данышпан ғалымға беріп оқытқаны Айғаным әжесінің «білім-оқуда» деген насихат сөзіне ұштасып жатты. Осыны оқығаннан кейін Шоқан бір күні әжесіне келгенде:


  • Әже, сіз Жәми ақынның «Ескендір намасын» оқыған ба едіңіз?- деді.

  • Қарағым, оны неге сұрадың?

Шоқан жымиып:

- Әже, Ескендірдің шешесі ақылды болған екен. Ескендірді ең үлкен данышпан ғалымның қолына беріп оқытыпты. Сол оқу білімінің арқасында бар әлемді билемек болып үлкен жорық жасапты, - деп Шоқан әжесінің өңіне қарады.

- Қарағым, ол дастанды мен оқығам. Сен де жақсы түсініпсің. Білімділік жақсы, мансапқорлық жаман емес пе. Ол әлемді аузыма қаратам деген озбырлықтан апатқа ұшырады ғой, - деп әжесі сөзін аяқтады.

Шоқан ойланып қалды. Айғаным да сүйкімді немересіне әдеттегі мейірбан ықыласынан басқа ешнәрсе айтқан жоқ. Ханымға амандық айтуға ауыл арасының үлкен кісілері келген кезде ол әжесіне қош айтып қайтып кетті.



(Бегалин С. Шоқан асулары. «Жазушы»- 1971. 192 бет. 20 -22-беттер.)

ШОҚАН

Ескіліктің қалмаған есігінде

Бір ғаламат қуат бар есіміңде.

Уақыт сені тұрса да алыстатып,

Ең жақын жан өзіңсің осы күнге.
Қымыз бенен шұбатқа мас халықты

Оятуға құдай да жасқаныпты.

Көне қазақ өзіңмен бітпегенмен,

Жаңа қазақ өзіңнен басталыпты.


Қашан көзін ашар деп шындап елім,

Күндіз түгіл түнде де көз ілмеп едің.

Қайдан ұқсын көлденең құпияңды,

Өзге түгіл, өзіңе жұмбақ едің.


Жаратылыс сені әбден мүсіндепті,

Мүсіндепті, бірақ та ішің кекті.

Кекті болмай қайтесің, қайран елің

Бір қызындай орыстың түсінбепті.


Самғапсың сен, самғауға жалықпапсың,

Түу биікте, биікте қалықтапсың.

Қыран болып аспанға көтеріліп,

Жұлдыз болып ғарышта қалып қапсың!



(Мырзалиев Қ.Үш томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Өлеңдер мен поэма. Алматы: Жазушы. -1989.-445 бет. 265-266-беттер)

ШУАҚТЫ КҮНДЕР

... Атамның қасында отырып шай құйып беруді күнделікті дағдылы тіршіліктің ешқайсысына теңемеймін. Бұл деген мен үшін өзгеше бір үлкен дәреже, ұсынған кесені қолымнан алып шай ішуі маған істеліп жатқан ерекше құрметтей сезінемін.

Атамның ақ жүрегінің мейірімді шуағына бөленіп, дауысын естіп, жүзін көріп отырғаным үшін тағдырыма мың мәрте рақмет айтатынмын.

*** *** ***

... Қазіргі әңгіме жемісі ерлік туралы болып жатыр екен. Дастарқанды дыбыссыз жасап, шай құя отырып, сөзге құлақ түрдім.

- Ешкім батыр болып тумайды. Басында бұлағы бар өзеннің ұзақ ағатыны секілді, өнегелі ата-ананың тәліміне сусындап – адалдық, еңбек сүйгіштік, бауырмашылдық рухта ер жеткен бала, мектеп, қоғам тәрбиесін де бойына жақсы сіңіреді.

Мен бауырмалдық дегенді бірнеше рет қайталадым. Оның кең мағынасы халықаралық достық - интернационализм. Батырлықтың бір негізі осы бауырмашылдықтан шығады. Ерлік аспаннан түспейді, ол Отанды сүюден туады. Ал Отанды сүю үй ішіңнен, от басынан өседі. Ата-ананы, апа-қарындасты, аға-ініні сыйлап құрметтеген халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген сын-сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады. өйткені ерлік бірлікте емес, елін сүйе білген адал жүректе...

Атам қашан да «Отан, Халық» дейтін ұлы ұғымдар жайлы ой қозғағанда «айту керек» болғандықтан емес, өзінің бар болмыс-жаратылысымен елін, жерін қалтқысыз сүйіп, қастерлегендіктен бүкпесіз ағытылатын. Сондықтан да... Отаны үшін отқа түскен... атамның өмірі халық өмірімен жіксіз бірігіп, халық тағдырымен тұтас өріліп кеткен.


*** *** ***

... Қазір атам арамызда жоқ, бірақ «Артында баласы қалса көзі қалды де, сөзі қалса өзі қалды де» дегендей, атамның өзі де, сөзі де арамызда. Сондықтан болар әкеміз бар кездегідей үйімізден кісі үзілмейді. Ырым әлі жалғасып жатыр. Дастарханымыздан нан ауыз тиіп, Бақытжан мен Ержанды көруге келеді. Атам отырған көнетоз креслоға отырып, «Москва үшін шайқас» кітабы жазылған үлкен жазу үстелінің үстін алақандарымен сипайды. Атам ойған оюға сүйсінеді, атам салған суретке таңданады. Осының бәрі – халықтың атама деген аппақ пейілі, толастамас сүйіспеншілігі. Халық кез келгенге сенбейді, өзі қадірлеген, өзі қастерлеген қыран перзенттерін ғана ырым көреді. Атамның биіктігінің, даралығының тағы бір қыры - өзі қайтқан соң да адамдарға көңіл сыйлап, сенім тарту етіп жатқаны еді. (Ахметова З. Шуақты күндер: Естелік, эссе. – Алматы: Жалын, 1987. – 264 бет. 29, 69, 83- беттер)




МЕНІҢ АТЫМ - ҚОЖА

Қадыр – менің әкем. Еh, шіркін дүние-ай десеңші. «Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық. Балалар менің әкем өйтті, менің әкем бүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды, менің әкем мынаны сатып әперетін болды деп мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені, ол майданға аттанғанда, мен екі жастамын. (Екі жасар ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады...)

Еh, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін, мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер-әлемді шулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен де шығар.

Кімге де болса бір әке әбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері кейде «жарықтық, әкем анандай еді, әкем мынандай еді» деп, еске алып, армандап отырмай ма?

Ал күйеу керек пе әйелге? Меніңше, әбден керек. Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, бір түрлі егіліп кеткендей болады. Кірпігі жасқа шыланады... Мен сол кезде маматайымды керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін.
*** *** ***

Мектеп күзетшісі Сәйбек менің қасыма келіп отырды.

- Әй, Қожа. Сенің әкең марқұм азамат еді ғой. Оған тартсаң, директор түгіл, одан үлкені боласың. Бірақ оған тартпағансың. Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиын емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр. Қалай дейсің ғой. Міне, былай, алғаш колхоздасқан жылдың күзінде мен, оның келіскен бір жорға күрең аты бар еді,- ол кезде жұрттың бәрі жаяу, - соны диірменге мініп барып, сазға батырып, өлтіріп қойдым. Суып, қаңсып тұрған атты суармай отқа қоям деп, өзімнен болды. Аяғы шідерлеуі еді. Су ішем деп барып, оппаға түсіп кетіпті. Ертесінде қарасам, суға сүңгіген үйректей арт жағы ғана көрініп, тоңқайып жатыр. Он шақты жігіт жабылып, арқан сап әрең суырып алдық. Міне, басқа біреу болса, соны қыңқ еткізбестен төлетіп алар еді ғой. Ал, Қадыр марқұмның кең пейілдігі соншалық, сіз қас қып өлтірген жоқсыз ғой, ажалы солай тура келген шығар деп, үнсіз қоя салды. Міне, әкең осындай парасатты, ақылды жігіт еді – деп үнсіз қалды. (Соқпақбаев Б. Менің атым – Қожа: Повесть. Өлгендер қайтып келмейді. Роман. - Астана: Елорда, 1999. – 468 бет. 9-10, 88-89 беттер)

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Ана тiлi мен қазақ қызы. Маған осы екi сөз бiр-бiрiнен ажырағысыз табиғи тұтасып кеткен киелi ұғым тәрiздi көрiнедi. Аңғарғанға ананың ақ сүтi мен аялы алақанысыз ана тiлiнiң қанат жаюы мүмкiн бе, сiрә. Менiңше, мүмкiн емес.

Мен бұл тақырып бойынша сөз қозғау үшін көп ойландым, көп толғандым. Қазақтың өлең­дері мен мақал-мәтелдерін, ер­те­гі-аңыз әңгімелері мен эпос­тық жырларды, қазақ жазу­шы­лары мен жыраулар дүние­ле­рін, ғұламалар толғауларын шар­лап шықтым. Өз аналары­мыз бен әпке, қарындас­та­ры­мыздың тағылымға толы та­би­ғатын барлап, көз алдымызда, алақан аясында өскен және білім, ғылым саласындағы қыз­дарымыз бен немерелердің алып отырған тәрбие мен өне­гесін ой әлемінен өткізіп, саралап шыққандай болдым. Жақ­сы ма, жаман ба, осы бір та­биғаты мен тақылеті өзгеше, болмыс бітімі ерен, өмірдегі орнын ешқандай сөзбен айтып тауысуға болмайтын жандар жөнінде мейір-шапағатқа, ықы­­лас-бейілге толы өз топ­шы­лауымды оқырманмен бөліскім келді.

Мұның өзін аналар мен ана тілі туралы жыр десе де болғандай. Рухани тарихымыз­дың тарғыл беттерін парақ­та­сақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы, аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек екен. Оның үстіне жүрек тербер, сезім қоздырар қазақ­тың халық әндеріне немесе ма­қал-мәтелдеріне бір сәт көңіл аударып көрелікші. Нені мең­зеп, не айтар екен. Бұларға дендей берсек, сөзді ұзатып алар ек.

Бұларда аналарға, қыздарға тән әрі тәрбиелік, әрі тағы­лым­дық мәні ерекше толғамдар бар. Соларды саралай келе мы­надай сөз үйірлерін байқадық. Әрине, әлгі тақырыптардың бәрін толық баяндау мүмкін емес. Сондықтан бұл жолы ха­лықтық мақал-мәтелдер төңі­ре­гінде ғана кейбір ойларды алқаға салған жөн-ау дедік. Сонымен, ой қозғайық.

Қазақ қауымында қыз ба­ланың орны айрықша болған. Оны мынандай мақал-мәтел­дерден анық аңғарамыз. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағы­ның ашылуын үйде отырып қам­даған. Барынша ізетті, сы­пайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.

«Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қы­рық үйден тыйым» жасайды. Қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлі де көзден таса болмайды. «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді». Өйткені, әке-шеше айта алмайтын сырды жеңге жеткізеді. Қыздың бал­ғын болмыс-бітімі мен тәр­биесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Сүйген жігіті мен екі арадағы әдепті қарым-қатынастың табиғи өрбуіне себеп болатын осы жеңгелер. Бұ­ларды жеңгетайлармен шатас­тыруға болмайды.

Ата-ана қызынан ешнәр­се­ні аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадаға­лайды. Өйткені, қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі. Соны­мен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұс­таған ұялмайды» дей оты­рып, оларды қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай өсіруді парыз санайды. Олардың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін еш уақыт ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан «қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейлінше сақ қарайды. «Қыз баққаннан қы­сырақ баққан оңайлығын» жады­нан шығармай баянды отанын тапқанша өзінің жауапты екенін еш ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы құндыздай күтеді.

«Күйеу жаман болса қызың­нан» деуінде үлкен мән бар. Өзінің отбасында керекті тәрбие­нің бәрін көріп өскен қыз бала, соған қоса мінезді де қылықты болса, парасатты да пайымды болса екен дейді. «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн» етеді. Мұның көбі, негізінен қыздың шешесіне бай­ланысты дүниелер. Сондықтан, қыз көретін жігіттер, алдымен жең­гесі арқылы шешесінің қан­дай адам екенін анықтағысы келеді. «Шешесі жаманның қызын алма» немесе «шешесін көріп, қызын ал» деуде осындай мақсат бар.

Заманның бағыт-бағдарына қа­рай мақал-мәтелдер де түр­леніп, өзгеріске түсіп отырады. «Шешесі отырып, қыз сөй­ле­ген­нен без» дей келе, қыздың жақсысын іздейді. «Ақылды қыз білімге жүгінер, ақылсыз қыз сөзге ілігер» деп біледі. Осындай негізгі тәрбиелік жұмыстарды жүргізіп алған соң, қазекеңнің құдайдан тілейтіні қызының бар­ған жеріне тастай батып, судай сіңуі. Барған жерінде бағының ашылғанына қатты қуанады, бағы тайса қатты күйінеді. Қор­қатыны – «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» екені.

«Шыққан қыз шиден тыс­қары» қыз баланың ендігі жердегі тіршілігі шектеулілеу бола­тыны белгілі. Ол келіндік және әйелдік дәуір. Бұл қыз бала үшін мейлінше жауапты кезең. Жаңа түскен келінге сыншы да, мінші де көп. Ол енді төркінінде алған тәрбиенің қаншалықты мағы­на­лы екенін көрсетуге тиіс. Жең­гесі мен шешесінен көргенін істеп, қайын жұртының көңілінен шығуға тырысады.

Қазақ қыздың өз жұртымен бірге қайын жұртының да тәр­биеге жауапты екенін қатты сезінеді. Оның қандай елге, қандай отбасына келін болып түсуіне көп нәрсе байланысты. «Жақсы елге түскен келін келін, жаман елге түскен келін келсап». Бұл жерде қайын ененің рөлі көріне бастайды. Көбінесе «келіннің қайы­н ене топырағынан жарал­ған­дай» болып келуін қалайды. Шынында көргенді елден шық­қан қыздың, көсегелі елге тап болуы зор бақыттың кепілі.

Жас келіннің бетін ашу рә­сіміне қазақ халқы айрықша мән берген. Мұндағы мақсат – ақын­ның астарлы да ойлы, көркем де шебер тілімен жас келінге келген жерінің үлкен-кішісімен, ел-жұртымен таныстырып ізет-құрмет күтуі өзге елдерде бола бермейтін ұлтымызға тән тамаша дәстүрдің бірі. Бұл мәңгі есте қалар, ұмытылмас сәттер. Сон­дықтан «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейтін нақыл сөз көптің көкейінде қалып қойған. Сөйтіп, келін енді келген жерінің тәрбиелік мектебінен өте бас­тайды.

Қазақтың бұл тұстағы тәсілі де өзгеше. Ата-ене көңіліндегі ойд­ы келінге туралап емес, тұс­палдап жеткізуге тырысады. Тіпті, көбінесе қызына сөй­леп отырған бо­лып, келінінің құлағын діттейді, «Қызым саған ай­тамын, келінім сен тыңда» дейді. Келін татулық жар­шысындай бол­са деп арман­дайды. Әсіресе, абы­сындар ара­сы­ның ынты­мақ­ты болуы көз­де­ле­ді. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп».

Қыз, әйел, қатын, абысын-ажын, ағайын туралы мақал-мәтелдерді саралай отырып, халық даналығына қайран қа­ласың. Атам қазақ ешбір жар­ғы, нұсқау жазып әуре болмай-ақ әрі қысқа, әрі нұсқа нақыл­дармен тәрбие-тағылымның тамаша үлгісін түйіп айтып отырған.

Осының бәрінде ананың орны айрықша. Барлық ізгілік, мейірім, шапағат адам бала­сының бойынан ананың ақ сүтімен дарыса керек.

«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді». Әрбір ана бойындағы тағдыр берген бар асылын тоғыз ай толғатқан перзентінен аямаған. Олардың арасынан сөз ұстаған ақын да, ел қорғаған батыр да, шежіре шерткен ғалым да, ел қамын жеген дана да, үлгі-өнеге шашқан ұстаз да тағысын тағы талай дүлдүлдер мен шешендер, өмір гөй-гөйін түйіндеген шеберлер де шыққан. Елі-жұр­тына ойран салған опасыздар да, қатыгез қара ниеттілер мен халқын қан қақсатқан жауыз­дар да болған.

Соған қарамастан анаға та­бынбайтын, оған тоқтамайтын, оның алдында тізе бүкпейтін жан сирек. Иә, қазақ үшін ана алдындағы қарыздың өтелме­гені өте ауыр. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмай­сың», «Анасыз қыз жасауға жарымайды». Ендеше, «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер». Сол себепті «Анасын көріп қызын ал».

Бұлар ана туралы халық да­налығынан алынған бірен-саран мысалдар ғана. Тағылымға толы осынау толғауларды тарата отырып, қазақ тілінің түпсіз де терең байлығына, ойыңды кө­ріктендіріп, көңіл сарайыңды нұрландыра түсер асқан қа­сие­тіне қалайша шат­танбайсыз.

(Айтбайұлы Ө.//Дала мен қала, № 10 (191), 08.03.2007)
ҚАРЫНДАСТАРЫМА

Менің бес тамырласым бар.

Өмір-өзендегі бес ағындасым бар.

Бес байлығым, ырысым, бес өрісім,

Менің бес қарындасым бар.

 

Беу, менің қанаттастарым!



Шын қуандыңдар жазылса абат дастаным.

Сендерменен тереңдеп тұңғиық өмір.

Сендерменен биіктеп баратты аспаным.

 

Өмір бесеуіңді көш жолға салды,



Бір-біріне ұқсамайтын бес жолға салды.

Ең қастерлі бойтұмар етіп, көз көрген күнді,

Барасыңдар ұзатып өз керуендеріңді.

 

Сендер бір көзден шыққан бұлақсыңдар,



Бір оттан тұтанып жанған шырақсыңдар.

Маған тірексіңдер, жаныма қуатсыңдар,

Мейірім, ізгілік төгетін шуақсыңдар!

 

Біріңнің бойында әкемнің өсиеті бар,



Біріңнің бойында анамның қасиеті бар.

Құс жолында жолыққан жұлдызды түндерімсіңдер,

Мені бақытқа бөлеген күндерімсіңдер.

Аялаймын сендерді қайда жүрсем де,

Бесеуің бес тал әдемі гүлдерімсіңдер.

 

Ойға батқанда сендерді сағынды аспаным,



Сау жүріңдерші, қайда да қарындастарым!

(Бауыржан ЖАҚЫП. http://www.kuttybolsyn.kz/)

ІНІМЕ

Мен көрмесем деп ем,

Төккенін көзіңнің мол мұң,

Шыққанын сөзіңнің солғын,

Менің өмірім бір кітап десем,

Үлкен ғой онда өзіңнің орның.

Бар күйі шертілген жоқ

Жастықтың сазының да әлі,

Жайлауым жазы құмындағы,

Сен бір қызық тараусың, інім!

Өмірімнің мазмұнындағы.

Мен саған саясын тіледім

Шаңқайда шынар талдың да,

Өкпелетсең де, кінә арта алдым ба?

Үмітімді ақтадың ба сен?

Жылағанда қуанта алдың ба?

Жаман болсаң мені де құлатасың,

Жақсы болсаң аспанға шығарасың да,

Өмірде әлі талай сыналасың да.

Менің кітабымның жақсы болуы

Саған байланысты, ұға аласың ба.

Өрмекшінің ізіндей ойнар

Санамды сызып торлайды,

Бір сазды үзіп толғайды,

Сен бақытты болмасаң, інім,

Менің өмір кітабым қызық болмайды.

(Ахметова К. http://www.kuttybolsyn.kz/)


Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет