ОӘЖ 372. 8: 811. 111 АҒылшын тілі сабағында оқушыларды ағылшын халық ертегілері арқылы тәрбиелеу. Бейсенбаева Айман, Алчаева Лиза



Дата25.12.2016
өлшемі189,67 Kb.
#4923
ОӘЖ 372.8:811.111
АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ АҒЫЛШЫН ХАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕРІ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕУ.
Бейсенбаева Айман, Алчаева Лиза

ОҚМПИ, Шымкент қ.



Резюме

В статье рассматриваются основные методы работы с английскими сказками в воспитании детей.

Summary

This article deals with the main methods of work with English fairy-tails in children’s upbringing.
Осы мәселенің өзектiлiгi балаларды шет тiлiне бастауыш сыныптан бастап үйрету қажеттілігінен келіп шықты. Баланың тiлдiк тосқауылын барынша ерте жеңуге көмектесетiн және шет тiлiне болған махаббаттың оянуына ұластыратын, ерте жастан ағылшын тiлiне үйретудiң тиiмдiлiгiн ең жоғары деңгейiне жеткізуге ағылшын халық ертегiлерiн пайдасы өте үлкен. Білікті және білімді жастарды тәрбиелеп жеткізу-ұстаздардың ең алғашқы мақсаты. Қоғамда өмiрге дағдылануды кiшi ұрпақтан бастап дайындау қажет. Жеткiншектер тәрбиесі барысында қоғаммен мәдениетті және білікті түрде қарым-қатынас жасауды меңгеруi керек, өйткенi жастардың дамуына қол жеткiзетін деңгей-өнер-бiлiмді меңгеру. Белгiлi бір еңбек тәрбиесіне ие болу үшін, қоғамдағы мiнез-құлықтың нормаларын меңгере отырып және тәжiрибелерге сүйене отырып, алдағы үлкен өмiрге оқушылардың пiкiрлерінің жоғары деңгейдегі жүйесiн дамыту қажет. Жас жеткiншектердің алғашқы тәрбиесiне үлкен әсер ететін бұл халық ертегілері және оның кейіпкерлері болып есептеледі.

Ертегiлер ерте замандағы салт-дәстүрлер, тәрбие әдістері және баланың ой-өрістерін дамытатын қасиеттерді өз кейіпкерлерінде сақтаған. Ағылшын халық ертегілеріндегі жауыздарға қарсы күреске қиялдан туған алып батырлары, мейірімді жануарлар, құдайлар немесе жай ғана шаруалар кейпіндегі кейіпкерлер өмір сүрді. Мысалы: ағылшын халық ертегісіндегі адам жегіштерге және қара күштерге қарсы күресуші кейіпкерді жай шаруаның ұлы Джек деп таныстырылған. Джек өте күш-қайратты, еңбексүйгіш, мейірімді, адал және шыншыл болғандықтан, халықтың арасында мұндай адамдарды халық батырлары деп атаған.«Adventures of Jack the Giant-Killer» ертегісіндегі Джек өз Отанының азаттығы үшін күрескен революционеріне айналады Ағылшын халық ертегілеріндегі кейіпкерлер барлық кезде мұндай батырларға айнала бермей, кейде оларды шық бермес Шығайбай капиталистер кейпінде де таныстырады. Мұндай кейіпкерлерді Англиядағы буржуазиялық капитализмнің дамуының бірінші кезеңіндегі капиталистерге теңейді. Мысалы: «Molly Whuppie» ертегісіндегі адам жегіш жауыз адамдарды алдаған қыз Молли және «Jack and the Beanstalk» ертегісіндегі Джек өздерінің жақын жуықтарына, дос-жарандарына сонымен қатар айналасындағы барлық адамдарға өздерінің ерлігі мен бақыт сыйлайды.

Ағылшын халқына тән күлкілі кейіпкерлерді яғни юморды да осы ертегілерден таба аламыз. Ағылшын халық ертегісі барлық кезде өте бақытты және баянды аяқталады. Ертегілердегі кейіпкерлердің ертегі соңында қайғы-қасіретке ұшыраудан аулақ болады. Ертегінің соңында ешқашан жаман мотивтерді қолданбайды. Мұның бәрі ертегі оқушыларының тәрбиесіне жақсы әсер етеді. Ертегідегі кейіпкерлер сияқты мақсаттарына жетуді армандайды.

Көпшілік адамдар ертегілерге өз салт-дәстүрлеріне қарағандай қарауды әдет етеді. Мұғалімнің бұл арадағы бірден бір мақсаты – баланы ертегінің мазмұнымен таныстыру, ертегі туралы әңгімелесу, ертегінің төрінде жатқан маңызды ақпараттарды баланың санасына енгізу, кейіпкерлердің рөлдеріне еніп ойын түрінде сахнада көрсету. Бұл әдіс ертегілермен жұмыс жасаудың дәстүрлі әдісі деп аталады. Ал мына әдіс дәстүрлі емес деп аталады, өйткені балалар бұл жерде ертегіні тыңдап қана қоймай, өздері ертегінің соңын өз ойларынан шығарып, бірнеше көріністерді араластырып, ертегідегі кейбір іс-әрекеттерді өзгертуі де мүмкін. Бұл жерде тағы да бір дәстүрге айналған әдіс — сұрақ-жауап қолданылады. Ең алдымен бала өзіне осындай рухани тәрбиеге бай дәстүрлі емес сабақтардың неге қажет екендігін ұғыну керек. Мұғалім мен оқушының арасындағы дәстүрлі емес қарым-қатынас ең алдымен ертегідегі кейіпкердің нені дұрыс, нені бұрыс жасағанын ажыратуға, оның қай жерде қате жібергенін анықтауға, қателерді қалай жоюға болатындығын, қаталдықпен жауыздықты қалай жеңу жолдарын үйрену мүмкіндігін береді. Мысалы «The Cat booted» атты ағылшын ертегісіндегі «By stranger hands well to rake up a heat» деген мақалға назар аударайық. Бұл ертегідегі мысық ешқандай еліктеуге мысал бола алмайды. Өйткені, мысық өз мақсатына жету үшін кінәсіз жандарды алдайды. Өзін-өзі дөрекі көрсететін бұл мысыққа ешкандай еліктеуге болмайды. Осы мысалдан келіп шыққан қорытындыда жоғарыда назар аударған мақаланың мағынасы «Өзгелердің қолымен өз пайдаңды жасау» деген мағынаны ұғуға болады. Ал «Adventures of Jack the Giant-Killer» ертегісіндегі Джек, жай шаруаның ұлы, ертегідегі жауыз адамжегіштерге қарсы күреске түскенде алғашқыда тек марапат туралы ойлаған, ал ертегі соңында ол бостандық үшін күресетін нағыз халық батырына айналады. Ертегіні оқыған балаларды бас кейіпкер айбындандырады, оның әрекеттерін жан-жақты талқылап дұрыс бағалай бастайды және бала өзіне қажетті жақсы және дұрыс тәрбиені алады. Жамандық пен жақсылық, қорлық пен зорлық, өтірік пен шындық, сүйіспеншілік пен жеккөрушілік ешқашан жауапсыз қалмайтындығына бала көз жеткізеді.

Ертегідегі келесі қарап шығуды қажет ететін тағы бір қасиет - ол ізгі сезім тәрбиесі. Тәлім-тәрбие жұмысында ізгілікке жетелейтін сезімдер ертегіде ешқашан соңғы рөлді ойнамайды. Сол себепті оны оқыған бала ертегі кейпкерлерін өздерінің туыстарындай, өзіне ең жақын адамындай жақсы көреді және оған еліктейді. Мұғалімнің бұл жердегі алдына қойған мақсаты баланың сезімі мен ойын дұрыс бағыттау.

Баладағы лингвистикалық білімнің элементтері дамуы өте ерте жастан басталады. Сондықтан балаға тек қана тыңдап, оқып, ойдан шығаруды ғана емес, ертегінің басқа да жаңа қырларын достарымен жазба түрде ашуына бағыт - бағдар көрсетуіміз керек. Оның ең қарапайым тәсілдері - бұрында хат жазу, телеграммалар жазу болса, қазір де смс арқылы пікір алмасу немесе түрлі ғаламтор желілерінде талқылау. Баланың сөздік қорын дамыту үшін, ертегінің мағынасын бұрмаламай өздері ертегі ойлап шығаруға үйретеміз. Ертегілермен жұмыс жасау, әрине дәстүрлі емес сабақтарға енгізіледі. Өйткені, баланың ертегілерге деген қызығушылығын арттыру және ойлау қабілеттерін дамытуға көп еңбек керек болады. Балаға ертегідегі кейбір кейіпкерлердің іс әрекеттерін өзгерту немесе өзі кейіпкерге жаңа келбет беру үшін біз сол бұрыннан келе жатқан «ертегідегі зат есімдерді, етістіктерді және сөздің бөлшектерін табу» әдісін қолданамыз.

Мысалы мынандай ойын ойнайық: «Балалар ертегіні оқу барысында кейбір сөздер немесе әріптер бізге ренжіп қашып кетті. Ал кәнекей, ойланып сол сөздерді тауып көрейік. «On – up – a – tme — hre- was – a – little — grl» мына сөздердегі қай әріптер жетіспейді? Балалар ертегіні қайта-қайта оқып сөздерді табуға немесе өздері ойдан шығаруға әрекет жасайды. Біреу ертегідегі сөздерді жазса, ал біреулері күлкілі сөздер жазып қояды. Ал ендігі бір ойын осы сөйлемдерде қанша дауысты және дауыссыз әріптерді табу болса, келесі ойында балалар сөйлемдегі артық сөздерді табады. Мысалы: fox, hare, house, dog, cock сөздерін оқып аударып, артық сөзді немесе жабайы және уй жануарларын топтастыру тапсырылады. Ол үшін Микки Маус немесе Винни-Пух ертегілерімен танысу керек. Оқушыға ең алдымен өзара әңгімелесу тапсырылады. Бұл үшін оқушылар екі топқа бөлінеді. Оқушылардың арасыннан ең белсенді екі оқушы Микки Маус және Винни Пух рөліне тағайындалады. Олар өздерінің топтарына бір-бірімен әңгімелесуіне көмектеседі. Тапсырма мынандай: Микки Маус өз үйінің алдында, көк шөптердің үстінде дем алып жатыр деп елестетеміз. Винни Пух оның жанына келіп онымен әңгімелеседі. Ойын барысында оқушыларға сұрақ қоюға және жауап беруге көмектесіп тұру қажет.

Келесі бір ойынымызда оқушының ойлау қабілетін дамытуды көздедік. Ол үшін балаға бұрын естіген және оқыған ертегідегі кейіпкерлерді немесе көріністерді өзгерту, кішігірім екі әңгімеден бір әңгіме жазу тапсырылады. Әрине, бұл оңай тапсырма емес. Бұл әдіспен біз баланың сөйлеу, жазу және ойлау қабілетін дамытамыз. Ойлау қабілетін дамытудың тағы бір әдісі ертегінің атауын шифрлеу. Оқушы шифрлеу мақсатында сандарды қолданады және оны есте сақтап қалуы қажет болады. Немесе ертегідегі күлкілі сөздерден сол ертегінің өзіне жаңа атау беру. Шифрлеу дегеніміз мынандай жолдармен іске асырылады, мысалы: («duck» -«kcud»); («pig» — «big»)…

Оқушылармен сабақ үстінде немесе сабақтан тыс уақытта ағылшын халық ертегілерін үйрену барысында қолданылатын негізгі әдістер мыналар:

І. Бағыт бағдар беретін қадағалау әдісі:

1) Мұғалім, ата-ана және балалармен біргелікте қандай ертегілер (ертегідегі кейіпкерлердің, кейбір көріністердің, суреттердің, әзіл-қалжыңдардың, мұңды көріністердің...) бала тәрбиесіне қандай лайықты әсер ететінін көріп, үйреніп шығады;

2) Оқыған ертегісін ауызша айтып беру, кейбір эпизодтарына мән берудің өзі бала тәрбиесіне маңызды әсер етуін анықтау;

3) Ертегідегі кейіпкерлердің мүсіндерін лай және саздан жасау, суреттерін салу, маскалар жасау, костюмдерін тігу, баланың шығармашылығын дамыту;

4) Ертегілердегі іс-әрекетінің орнына немесе мінездеріне сай әуендерін таңдау

ІІ. Салыстыру әдісі:

Ойын. «Кім неге ұқсайды? Кім кімге ұқсайды?»

Әр түрлі суретшінің бір ертегіге салған суреттерін салыстыру.

ІІІ. Танымдық және стильдік өзгешеліктерін дамыту әдісі:

1) Бұрында оқыған ертегілеріндегі көріністің, суреттердің немесе орындардың кітаптың қай жерінде екенін еске түсіру, көз алдына елестету оқушының есте сақтау қабілетін дамытады.

2) Оқыған ертегілерді сахналау, викторина түрінде ойын көрсету, ертегіден үзінді көрсету арқылы жұмбақ жасыру, ойлау және сөйлеу қабілетін дамытады.

3) Әдеби театр: өлеңдерден үзінді оқу, суреттерін салу, суреттер туралы әңгіме айту немесе музыкасын тыңдау баланың дүниетанымын тереңдетеді.

ІV. Көркемдік бейнелермен тәжірибе жасау әдісі:

1) Ертегідегі кейіпкердің бейнесінде үзінді оқып беру баланың сол бейнеге енуіне, оның мінез-құлқын терең үйренуіне бағыттайды.

2) Оқыған ертегідегі батырларды өз арамыздан іздеу, қазіргі замандағы қаһармандармен ертегідегі кейіпкерлерді салыстыру, өзін кейіпкердей ұстау, ескіні жаңашаландыру әдісі.

V. Сараптау және бағалау әдісі:

1) Менің сүйікті кейіпкерім: барлық жастағы оқушылар өздері таңдаған қаһармандарын көрерменге танытып, оның іс-әрекетінің дұрыс екендігі, нағыз батыр екендігін дәлелдеу, жоғары бағаға сай екендігін көрерменге жеткізу.

2) Менің сүйікті авторым және ертегім: бала өзі таңдаған автордың ертегілерін оқушыларға өте тамаша ертегі ретінде таныстыру және жоғары дәрежедегі шығарма екендігін дәлелдеу.

3) «Ертегідегі оқиға не туралы? Ондай оқиғалар басқа ертегілерде кездесе ме?» тақырыптарында әңгімелесу және оқыған ертегіге баға беру.

4) Әдеби қаһармандар туралы «Бұрын оқыған ертегілердегі қай қаһарман немесе батырға ұқсайды? Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?» деген сұрақтарға жауап табу.

5) Ертегіні жазған жазушы туралы әңгіме: оқушылар өздері оқыған ертегілерді жазған авторлар туралы мағлұматтар жинақтап айтып береді, оларға қойылған ескерткіштер немесе сол автордың атымен байланысты жерлер туралы әңгімелеп береді («Питер Пэн»-нің Лондондағы ескерткіші, «Нильс Хольгерсон жабайы қаздармен» атты Токиодағы ескерткіші, «Жабайы аққулар» атты ескерткіш Оденсте, «Пиноккио» ескерткіші Коллодиде, «Русалочка» және Андерсеннің Копенгагендегі екі ескерткіші; Санкт-Петербургтағы Андерсенград ескерткіші, АҚШ-тағы Диснейленд, Оденстағы Андерсенның Үй-музейі).

6) Ең күлкілі немесе ең қорқынышты ертегі: "Қандай қорқынышты немесе күлкілі кітаптарды оқыдың?" тақырыбына әңгімелесу.

Осындай әдістермен жұмыс жасау баланың әдеби-ассоциативтік ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуда, шығармашылық қабілетін дамытуда, жан-жақты жетіскен, білімді келешек ұрпақтарын тәрбиелеуде маңызды рөл ойнайды.



Ертегі баланың өмірінде маңызды рөл ойнайды. Ертегі баланың рухани әлемін, Отаншылдық тәрбиесін, өз халқының өткенін қадірлеуін, адамгершілік тәрбиесін, қоғамға деген сүйіспеншілігін нығайтады. Ертегі бала тілінің дұрыс дамуына әсер етеді. Ой-қиялын, қоғамға деген көзқарасын, өнер тапқыштығын дамытуда ертегінің орны өте маңызды. Ертегі арқылы атадан балаға мұра болып келе жатқан ақыл-кеңестерді, мақал-мәтелдерді, әдет-ғұрыптарды жеткізе аламыз.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Джекобс Д. English fairy-tales. – UK, 1999, 208 б.

  2. Зимняя И.А. Психология обучения иностранным языкам в школе. - М.: Просвещение, 1999, 222 б.

  3. Колкер Я.М. Практическая методика обучения иностранного языка. - М.: Академия, 2004, 264 б.

  4. Пассов Е.И. Основы методики обучения иностранным языкам. - М.: Русский язык, 1997, 216 б.

  5. Щерба Л.В. Преподавание языков в школе. М.: Академия, 2003,160 б

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет