Оқу іс әрекетінің үлгі жоспарлары Оқу іс әрекетінің тақырыбы: Білім еліне саяхат. Мақсаты



Дата01.06.2017
өлшемі122,96 Kb.
#17472
Оқу іс - әрекетінің үлгі жоспарлары

Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Білім еліне саяхат.

Мақсаты:

1. Білім әлемі туралы түсінік беру. «1 Қыркүйек - Білім күні» екенін айтып, білім алу мақсатында алғаш мектеп, бала - бақша табалдырығын аттаған балаларды құттықтау.

2. Саяхат жасау арқылы балалардың білімге деген құштарлықтарын арттырып, қиялдарын дамыту.

3. Ұжымды достық қарым - қатынасқа тәрбиелеу.



Көрнекіліктері: мектепке, балабақшаға кетіп бара жатқан балалардың суреттері.

Оқу іс - әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:

Балалар шеңбер құрып, дөңгелене тұрады.

- Балалар, біз дөңгелене тұрып, бір - біріміздің жүзімізді көреміз, бір - бірімізге жымиямыз, жылы лебіздер айтамыз, осылайша қуанышқа бөленеміз. Бүгін - мереке. Еліміздің түкпір - түкпірінде білім күнін атап өтуде. Бүгінгі мерекелік көңіл күймен бір - бірімізге қуаныш сыйлайық.

— Армысың асыл күн, армысың жан досым.

Жылуыма жылу қос, міне, менің қолым.

- Балалар, бір - бірлеріңнің алақандарыңды ұстап тұрып, нені сезіндіңдер?

- Жылылық, қуаныш, т.б.

Тәрбиеші балаларға «Білім» еліне саяхатқа шығатындарын, алдарында қызықты тапсырмалар күтіп тұрғандығын айтады. Оқу іс - әрекеті барысында бірнеше аялдама болатындығын, әр аялдамада сұрақтарға жауап беретіндіктерін, тапсырмаларды орындайтындықтарын және дыбыстар мен әріптер, сандар жайлы мәліметтер алатындықтарын хабарлайды.



1. «Әдебиет әлемінде» аялдамасы.

Бұл аялдамада өлең - тақпақтар, жұмбақ - жаңылтпаш, ертегілер, қызықты әңгімелер жайлы қысқаша мағлұмат беріледі.

- Қандай өлең немесе ертегі білесіңдер?

Балалардың жауаптары тыңдалады, болашақта көркем әдебиет арқылы қызықты әңгіме, ертегілерді оқып, өлең - тақпақ, жаңылтпаштар жаттайтындарын айтады.



2. «Әріптер әлемінде» аялдамасы.

- Дыбысты айтамыз, естиміз.

- Әріп - дыбыстың таңбасы. Әріпті жазамыз.

- Балалар, әрқайсысың есімдеріңнің қай дыбыстан басталатынын айтыңдар.

- Менің атым - Жандос. Менің атым ж дыбысынан басталады.

«Дұрыс айт» дидактикалық ойыны. Тәрбиеші дауысты а дыбысының әртүрлі интонациямен айтылатынын мысалдар арқылы айтып көрсетеді. Сонан соң балалар бірнеше рет қайталайды.

1. Дәрігерге келген бала ауызын кең ашып: «А - а - а», - деп айтады.

2. Қыз бала: «А - а - а», - деп әндетеді.

3. Анасы сәбиін: «А - а - а - а», - деп әлдилейді.

Осындай жұмыстардан кейін болашақта сөз, сөйлем, буын, дыбыс, әріп ұғымдарын меңгеретіндігін айтып түсіндіру.

3. «Математика әлемі» аялдамасында математикалық ұғымдармен, таңбалармен, геометриялық пішіндермен танысады.

1. Балалар онға дейін санайды.

2. Тәрбиеші геометриялық фигуралардың суретін көрсетеді, балалар айтады. Мысалы: үшбұрыш, төртбұрыш, т.б.

3. Математикалық есеп шығарады. Мысалы:

Ағаш бұтағына 3 торғай қонып отыр. Бір торғай ұшып кеттi. Бұтақта неше торғай қалды? (Жауабы: 2 торғай қалды).

Математика арқылы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастырып, бұл бағыттағы санау мен есеп шығару тәсілдерін игеруге бағытталатындығы айтылады.

- Балалар, «Білім» елі сендерге ұнады ма? «Білім - сарқылмас қазына» дейді. Өмірде тек білімді ғана емес, қайырымды, мейірімді болу керек. Білімді, тәрбиелі адам Отанының өсіп - өркендеуіне үлесін қосады.

Дәптермен жұмыс

а) Мереке, білім, мектеп, оқушы, мұғалім, қоңырау деген тірек сөздерді пайдаланып және жетекші сұрақтар арқылы әңгіме құрастыру. Сурет бойынша қойылатын сұрақтар:

1. Балабақшада не үйрендіңдер?

2. Балалар мектепке не үшін барады?

3. Мектепте оқитын баланы кім деп атайды?

4. Мектепте қоңырау не үшін соғылады?

ә) Оқу құралдарымен таныстыру. Осыдан кейін дәптерлеріндегі сөмкеге қажетті оқу құралдарын сызықпен сызып көрсетеді.

б) Дәптерде берілген мақал - мәтелдің мағынасын түсіндіру, жаттату.



Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
1,2-сабақ

Сабақтың тақырыбы:

Биік. Аласа. Кең. Тар. Үлкен. Кіші. Ұзын. Қысқа.

Сабақтың мақсаты:

Балаларды заттар мен шамаларды салыстыра білуге үйрету. Биік-аласа, кең-тар, үлкен-кіші, ұзын-қысқа ұғымдарымен таныстыру. Ұғымдардың мағынасын түсініп, бір-бірінен ажыратуға баулу. Ойын-тілін, танымдық әрекетін дамытып, баланы өзін қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.



Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру

а) Балаларды қарапайым математикалық түсінік беру пәнімен таныстыру;

ә) Пәнді оқытудың мақсаты — міндеттерін ұғындыру.

II. Жаңа сабақ мазмұны:

III. а) Жаңа материалды түсіндірмес бұрын сынып бөлмесінен, он дағы заттарды таныстырып, салыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Сыныптың бөлмесі қандай? (Кең).

Терезелері қандай? (Үлкен). Мектептің дәлізі қандай? (Кең, ұзын). Мектеп үйі ше? (Биік, үлкен), т.с.с.

ә) Оқулықпен жұмыс.

1. Бала оқулықтағы екі үйді салыстырады. Мұғалім не тәрбиешінің сұрақтары арқылы екі үйдің айырмашылықтары айтылады. Екі үйдің біреуі биік әрі үлкен, екіншісі аласа, әрі кіші екендігін; үлкен үйдің бөлмелері кең, кіші үйдің бөлмелері тар, дәліздері де ұзын, бірінікі қысқа болуы мүмкін екендігі анықталады. Үйдің төңірегіндегі ағаштардың көлемі, биіктігі салыстырылады. Шыршалардың биіктігі бірдей немесе олардың біреуі екіншісінен биігірек, болмаса аласа т.б.

2. Оқулық дәптердегі суретте көлік жүретін үлкен көше мен тротуардың ені, ұзындығы қарастырылды. Көше кең. Тротуар тар.

3. Екі оқушы баланың бойы мен жасы салыстырылады. Олардың бірі — үлкен, екіншісі — кіші. Үлкенінің бойы — кішісінен (немесе інісінен) биік, інісінің бойы — аласа. Ағасының киімі інісіне кең, інісінікі ағасына тар болатынын сұрақ-жауап арқылы анықтау қажет. Ағасы — үлкен доппен, інісі кіші доппен ойнайды. Үлкен доп — футбол, волейбол, баскет­бол ойнау үшін қажеттігі айтылады.

Доптар бір-бірінен үлкенірек, кішірек болатыны, жасалған материалына қарай қатты, жұмсақтығы анықталады. Сондай-ақ, киімдердің ұзын-қыскалығы, кең-тарлығы, үлкен-кішілігі айтылады. Қылқалам қарындаш-тардың ұзындықтары салыстырып ажыратылады.

б) Ойындар.

Бұл сабақта "Өз үйіңді тап", "Үй тұрғызайық", "Сипаттамасы бойынша тап" деген дидактикалық ойындар ойнау ұсынылады.

в) Дәптермен жұмыс.

Өтілген ұғымдарға сәйкес оқулық дәптерде берілген тапсырмалар орындалады. Онда торкөзді санап отырып, шыршаларды салып, биіктіктерін салыстыру қажет. Үйлердің қабырғасының еніне қарап кең-тарлығын анықтап, үзік сызықты бастыра жүргізді. Сол сияқты басқа берілген тапсырмалар осы үлгіні басшылыққа алады. Жаңа ұғымдарды меңгертуде дидактикалық материалды, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді пайдаланып, балалардың танымдық қабілеттерін дамытады.

Қорытынды

Сонымен, бұл сабақта бала өзін қоршаған ортадан, күнделікті тіршілік — тынысынан биік-аласа, үлкен-кіші, кең-тар, ұзын-қысқа ұғымдарын танып-біліп, заттарды салыстырып, ажыратуды меңгереді.


3,4-сабақ

Сабақтың тақырыбы:

Жуан. Жіңішке. Қалың. Жұқа. Жалпақ. Жіңішке.

Сабақтың мақсаты:

Балаларды жуан-жіңішке, қалың-жұқа, жалпақ-жіңішке ұғымдарымен таныстыру. Ұғымдардың мағынасын түсініп, бір-бірінен ажырата білуге үйрету:

Баланың тілін, ойын, танымдық қабілетін дамыту.

Сабақтың барысы:

I. Ұйымдастыру.

а) Математикалык, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, санамақтар мен балалардың зейінін пәнге аудару.

ә) Сабаққа қажет құрал-жабдықтарды дайындау.

II. Жаңа сабақ мазмұны:

а) Жаңа материалды өткен сабақпен байланыстырып, биіктіктерін салыстырған ағаштардың жуандықтарын салыстыратынын хабарлайды.

Ағаштың пайдасы, оның қолданылу аясы жайлы әңгімелейді. Ағаш діңдерін салыстырып, жуан-жіңішке ұғымдарымен таныстырады.

ә) Оқулықпен жұмыс.

Оқулық дәптерде берілген суреттердегі екі ағаштың жуандығын са­лыстырып, қайсысы жуан, қайсысы жіңішке екенін ажыратады. Енді сол ағаш кесінділерінің қалыңдығы салыстырылады. Қайсысы қалың? Қайсысы жұқа? Оны практикалық жолмен, ағаш кесінділерін балалардың қолдарына ұстатып, анықтауға болады. Бірнеше тақтайшаларды салыс­тырып біреуі — жалпақ, екіншісі жіңішке екендігін анықтайды. Жіңішке ұғымының жуан сөзіне де, жалпақ сөзіне де қарсы мағыналы сөз екендігі ескеріледі. Ұғымдарды тиянақтау мақсатында екі қарындаштың жуандығы, кітап пен дәптердің қалыңдығы, екі сызғыштың жалпақтығы са­лыстырылады. Тапқышбек тапсырмасындағы балалардың киімдері (қалың-жұқа) үстел бетінің жалпақтығы, аяғының жуандығы салысты­рылады.

Дәптермен жұмыс

Дәптерде көрсетілген үлгідегі үзік сызықпен берілген заттардың суретін бастырып салып, бояйды. Жұмысты орындау кезінде бала, езі салған заттардың қалыңдығын, жалпақтығын, жуандығын кез мөлшермен, әрі торкөзбен есептеп салыстыруды жетілдіреді.

Ойындар


"Өз пәтеріңе жайғас", "Өз үйіңді тап", "Қапшықтан неше ойыншық алдың?" ойындарын осы ұғымдарды тиянақтауға септігін тигізеді.

Қорытынды

Сонымен, бұл сабақта жуан-жіңішке, қалың-жұқа, жалпақ-жіңішке ұғымдарын бір-бірінен ажыратып ұғымдарды дұрыс, орынды қолданып, торкөзбен жұмыс жасауға үйренеді.




1-сабақ

Сабақтың тақырыбы: Сөйлеммен танысайық.

Сабақтың мақсаты: 1) Балаларға сөйлем туралы түсінік беру. Суретке қарап сөйлем кұрау.

2) Балалардың ой-өрісін, сөздік қорын, тіл байлығын, тілін дамыту.

3) Балаларды ұғымталдықка, әдептілікке тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: суреттер, жүмбақтар, буындар, үлестірмелі карточкалар.

Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі.

Тәрбиеші:

Өзі сондай нәзік,

Су құйсақ кетеді.

Алақанын жазып. Бұл не болды, балалар?

— Гүл.

— Дұрыс. Гүл екен (суретін көрсетеді).



— Енді осы гүл сөзін пайдаланып бірнеше сөздер айтайық.

— Дала. Гүл. Ашыды. Әдемі. Бақ.

— Дұрыс. Енді осы сөздерді бір-бірімен байланыстырып айтып көрейік. Балалар, біз бүгін сендермен сөйлем туралы түсініп, оның қалай жасалатынын үйренеміз.

— Гүл қайда өседі?



Тәрбиеші: - Гүл қандай?

— Енді осы сөздерді біріктіріп айтайық.

— Далада әдемі гүл өседі.

— Сөздер бірігіп белгілі аяқталған ойды білдіреді. Сөйлем төрт сөзден құралып түр. Сөйлемде сөздер бір-бірімен байланысып тұр.



Сергіту сәті.

Тәрбиеші: (үлестірмелі қима-қағаздармен жұмыс)

— Енді қолдарыңдағы суретке қарап, атын тауып, оған сөйлем құрайсыңдар.

Тәрбиеші жұмбақтар оқып береді. Балалар жауабын тауып, сол сөзге сөйлем құрайды.

Көк ала костюм киеді,

Күннің көзін сүйеді. (Қарбыз)

Аспай піскен

Қайнамай түскен. (Жеміс)

Сабақты "Кім шапшаң сөйлем құрайды?" ойынымен аяқтау.

Сөйлемді көп тауып құраған балаларды мадақтап мақгау. Қорытындылау.

2-сабақ

Сабақтың тақырыбы: Сөздер мен дыбыстар.

Сабақтың мақсаты: Сөз, дыбыс туралы үғымдарды түсіндіру. Сөздің дыбыстан құралатынын, дыбыстың дауысты, дауыссыз болып бөлінетіні жөнінде түсінік беру. Есту қабілетін жетілдіру.

Сабақтың көрнекілігі: ойыншыктар, суреттер, фланелеграф, үлестірмелі материалдар, текшелер, кеспе әріптер.

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші балаларды сабаққа ұйымдастырады. Балалар назарын өзіне аударып есік қағады да, олардан не естігендерін сұрайды.

Тәрбиеші дабыдды (барабанды) соғады да, не естідіндер деп сұрайды.

- Дұрыс, балалар, сендер дыбыс естідіңдер? Бірақ ол дыбыстар біркелкі ме?

- Дыбыстар әр түрлі болады. Мысалы: А-А десек? Оны созып айтуға болады, дауысымыз еркін шығады. Ал енді бір дыбыстардың айтылуы қысқа. Мысалы: Д дыбысы. Қане, бәріміз осы екі дыбысты айтып көрейік. Айырмашылығы қандай? Бұл дыбыстарды жеке-жеке айтсақ, ол дыбыс. Енді осы дыбыстардан сөз құрайык. Топта көргендеріңнен, ойыншықтардың аттарын, заттарды атандар.

- Сөз бір нәрсе туралы ұғымды біддіреді. Қуыршақ бұл ойыншықты білдіреді. Осы сияқты басқа сөздерді де айтуға болады. Сөз дыбыстан құралады. Енді ана сөзін талдайық.

АНА - неше дыбыс бар?

- Дұрыс айттындар, ана сөзі үш дыбыстан құралған. Келесі сөзді өздерің ойлап, кезекпен айтындар.

- Жеке дыбыс ойлаңдар. Балалардың жауабы тыңдалады.

"Кім көп біледі?" ойынын Ұйымдастыру.

Балалар жеке дыбыстарды айтып жарысады. Ең аз айтқан бала жеңілген айыбын өтейді. Алфавит сыры:


1 -б. Алфавиттің А тұрады басында

Әрқашанда Ә тұрады қасында.

Байқадың ба Б тұрады үшінші,

Ал, осының сыры неде?

Түсінші.

2-6. А деген ол —

Аналар ғой ардақты

Ә деген ол — Әкелер ғой салмақты,

Б деген ол — Балалар ғой әдемі,

Біздің елде Үшеуі де кәделі...

Алшақ кетпей,

Сондықтан да, расында,

Тұрады олар Алфавиттің басында!


— Жақсы балалар, енді "Сөз жарысын" ұйымдастырайық. Кім көп сөз айтса, сол жеңімпаз болады.

Бала сөзді тоқтағанша айтып жарысады.

Көп сөз айтқан бала мадақталады.

Тәрбиеші сөз, дыбыс ұғымдары жөнінде сұрақтар қояды.

— Дыбыс пен сөздің айырмашылығы неде?

— Дыбыс қандай болады?

— Сөзге мысал ойла.

— Жан-жануар қалай дыбыстайды?



Балалар жауаптарын тәрбиеші толықтырып сабақты аяқтайды.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет