Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов



бет18/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   36

Леонгард Франк (1882-1961) - соғысқа қарсы тұрып, экспрессионизмге жақын болған прозаиктардың бірі. Ол Швейцарияға жер аударып, онда өзінің «Адам мейірімді» атты әңгімелер топтамасын жариялаған. Онда Франк өзінің замандастары мен жерлестерін соғыс­ты тоқтатып, қаруларын адамзатты құртуды көздеп отырған саяси жүйеге қарсы бағыттауға шақырған. Ол сөзге шебер дарынды жазушы болған. Франк шынайы өмірде орын алған қарапайым оқиғаларды баяндайды. Оның «Әке» атты романындағы бас кейіпкер кафеде жұмыс істеп, көпшіліктің тарапынан көрсетілген қысымға шыдап бағады. Ол өзінің ұлын уневерситтетке оқуға жіберіп, оның нағыз адам болып шығуын армандап, тек ұлы үшін өмір сүреді. Оның ұлы соғыс алаңында қайтыс болады. Кеше ғана үндемей жүрген кафе ­қызметкері енді халықты соғысты бастаған үкіметті жоюға шақырады. Мыңдаған жетімдер мен жесірлер, барлық адамзат бейбітшілікті армандайды.

Экспрессионист-ақындар оқырмандардың жүрегіне үміт отын ұялатып, оларға әсер етуді маңызды орынға қояды.



Готфрид Бенн (1886-1956) - ұлы неміс ақындарының бірі, экспрессионизм өкілі, шір­кеу діндарының баласы. Бенн Марбургте германистиканы, Берлинде медицинаны оқып, кәсі­би психиатр, венеролог болған. Оның алғашқы өлеңдер жинағы «Мүрдехана» (1912) аталып, онда адамдардың өліктері суреттеледі. Беннің өлеңдерінде («Аңырап жатқан қатындардың палатасы», «Тән», «Доктор») адамның өлімнен кейінгі тіршілігі сипатталады.

Г. Беннің дүниетанымының қалыптасуына атақты әйел ақын, прозаик Эльза Ласкер-Шюллер (1869-1945) айтарлықтай әсер етеді. Ол соғыс жылдары дәрігер ретінде қызмет атқарып, поэтикалық сұмдықтардың шындыққа айналғанына куә болады. Г. Бенн өмірінің соңына қарай танымал болып, оның шығармалары ел арасында кеңінен таралады.



Генрих Манн (1871-1950) Любеке қаласында дүниеге келген. Манн әулеті астық сатумен айналысқан. Анасы Бразилиядан шыққан талантты музыкант болған. Генрихтің 20 жасында әкесі қайтыс болады да, оның отбасы Любекеден көшіп кетеді.

Сатириктің шығармашылық шыңы ретінде оның «Адал бағынушы» (1914) атты роман-памфлетін атауға болады. Онда Германияның шынайы саяси өмірі суреттелген. Соғыс жылдарында бұл шығарманың басылымға шығуына рұқсат берілмейді. Романның бас кейіпкері Дидерих Геслингтің кемшілігі психология­лық емес, әлеуметтік сипатта болады. Ол бала кезінен бастап билік құмар болып өседі де, әкесінің кәсіпорынын мұра етіп алғаннан кейін бүкіл қаланы өзіне бағындыруға тырысады. Неміс тіліндегі фашизмге қарсы жазылған алғашқы романы саналады.

1930 жылы Германияның өнер академиясына президент болып тағайын­далған Генрих үш жылдан кейін туған жерінен кетуге мәжбүр болады. Ол әуелі Прагадан, кейін Парижден пана іздейді. Жазушы қуғында жүріп өзінің «ІY Генрих патшаның жас кезі» (1935) және «ІY Генрих патшаның кемелденген кезі» (1968) атты тамаша туындыларын дүниеге әкеледі.

1940 жылы жазушы отбасымен бірге Марсельден Нью-Йоркқа атанады. Басынан көп қиыншылықтарды өткізіп, көп ұзамай Лос-Анджелеске де жетеді. Жазушы қуғында жүріп «Ғасыр шолуы» (1944) атты естелік кітабын жазады.

Генрих соғыс аяқталғаннан кейін Америкадан Германияның шығысына кетпекші болады. Алайда жазушы 12 наурызда өз Отанын қайта көре алмай көз жұмады.

Томас Манн (1875-1955) «Будденброк» романының авторы ретінде неміс әдебиетінің классигі атанған. Бастапқыда автобиографиялық новелла жазбақшы болғанымен, атақты отбасылық хрониканы дүниеге әкеледі. Шығармадағы оқиғалар 1835 жылдан жазушының дүниеге келген кезіне дейінгі бірнеше онжылдықты қамтиды. Онда 1948 жылғы төңкеріс сияқты тарихи, саяси оқиғалар баяндалады. Томас бюргерлер әулетінің төрт ұрпағының тарихын қайта жаңғыртады. Бұл әулет түрлі қиындықтарды басынан кешіріп, соңында тарих бетінен жоғалып кетеді. Жазушы Будденброк әулетінің құруына әсер еткен себептердің бірі ретінде жаңа пайда болған буржуазиялық тапты көрсетеді.

Прозаиктің шығармашылығында ерекше орын алатын «Фьоренца» драма­лық шығар­масы 1905 жылы жарыққа шығады. 1912 жылы Томас Манн әйелі емделіп жатқан Давос шипа­жайына барады. Ол жерде дәрігерлер жазушының өкпе ауруына шалдыққанын анық­тай­ды. Жазушы дәрігерлердің көмегімен ауруынан айығып кетеді. Осыдан кейін Томас Ман­ның «Сиқырлы тау» атты романы дүниеге келеді. Оқиға Давос шипажайныда орын алады. Романның кейіпкерлері - жазылмайтын ауруға шалдыққан әр түрлі елдің өкілдері. Бұл роман Томас Маннға әлемдік даңқ әкеледі. Осы шығармасы үшін оған 1929 жылы Нобель сыйлығы беріледі.

Билік басына ұлтшылдар келгеннен кейін Томас Манн Германиядан кетуге мәжбүр бо­ла­ды. Алғашқы бес жыл Швицарияда тұрып, кейін 1938 жылы АҚШ-қа қоныс аударады. Бұл жерде оның шығармалары оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырады. Томас 1926-1943 жылдары шетелде жүріп «Иосиф және оның бауырлары» атты тетралогиясын аяқтайды.

Томас Манн өзінің шығармашылығында Гетенің дәстүрін сақтауға тырысады. Бұл «Веймардағы Лотто» (1939), «Вертьера», «Дәрігер Фаустос» (1947) сияқты шығармаларында айқын көрініс тапқан.



Герман Гессе (1877-1962) - белгілі неміс ақыны, прозаик. Ол өмірінің көп бөлігін Швей­­­царияда өткізген. 1923 жылы осы елдің азаматтығын алып, ұлтшылдардың қуғын-сүр­гі­нінен құтылып, Германияда болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістерді бақылап отыруға мүмкіндік алады. Гессенің «Дөңелектің астында» (1906) атты ең алғашқы шығармасы ел ара­сында танымал болады.

Герман Гессенің шығармашылығында біршама қарама-қайшылықтарды байқауға бола­ды. Ол кейде өзі жоққа шығарған нәрсесін дәріптеп көрсетеді. Германиядағы өмір өте қызықты әрі тыныш болып көрінеді. Оның кейіпкерлері орта ғасырдың сәулет құрылыстары сол қалпында сақталған Германиянының қалаларын аралайп, ғажайып өмір сүреді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Гессенің дүниетанымына айтарлықтай әсер етіп, өзінің мақалаларында барлық жазушыларды соғысқа қарсы күресуге шақырады. Екінші дүние­жүзілік соғыс басталған сәтте Гессе бұрынғы мақалалары жазылған «Соғыс және Бейбіт­шілік» (1940) атты жинағын шығарады. Бірақ оның көркем шығармаларында саяси мәселе­лер қозғалмайды. Гессенің 1919 жылы жазылған «Клейн мен Вагнер», «Клинг Зораның соңғы жазы» (1920), әсіресе 1927 ж. жазылған «Дала қасқыры» романы үлкен жетістікке ие болады. Шығарманың кейіпкері Дала қасқыры деп атанып кеткен Гарри Галлер өзі майданда болмаса да, батыл түрде соғысқа қарсы шығып, соғыс жылдары сынақтан өте алмаған дәс­түрлі адамгершілік құндылықтарын жоққа шығарады. Гессе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Дала қасқыры» төніп келе жатқан фашизмді ескерту үшін жазылғанын айтады. Бірақ өз уақытында оны түсінгендердің саны аз болатын. Швейцария республи­касының азаматы, неміс ақыны Гессе өзінің соңғы жылдары жазылған шығармаларында адамның рухани құн­ды­лықтарын жоғары бағалап, төніп келе жатқан әлемдік апат туралы болжаулар жасайды.

Бертольт Брехт (1898-1956) - немістің атақты драматургы, драма теоретигі, режиссер, прозаик әрі ақын. Мюнхен университетінде білім алып, әдебиет пен философияны, кейін медицинаны оқыған. 1918 жылы майданға аттанып, Аугсбергтегі госпитальде санитар болған. 1924 жылы Брехт Берлинге келіп, онда неміс театрында драматург қызметіне орналасады. 18 ғасырдың ағылшын драматургы Джон Гэйдің «Бейшаралар операсы» атты шығармасының желісінде жазылған Брехтің «Үш тиындық операсы» (1928) үлкен жетістікке ие болады. Б. Брехт 20 жылдардың ортасынан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін «эпостық театр» теориясымен айналысып, «Опера жайлы» (1930), «Тәжірибелік театр жайлы» (1939), «Театрға арналған шағын органон» (1949), «Театрдағы деалектика» (1953) атты мақалалары мен трактаттарында театр мәселелерін сөзге тиек етеді.

Фашисттер Польшаға басып керген сәтте Б. Брехт Отыз жылдық соғыстың тарихы жазылған «Кураж апай мен оның балалары» (1939) атты драмасын аяқтап қалған еді. Кураж апай соғыста балаларын жоғалтса да, бұл соғыстың сырын түсінбейді. Оқырмандар мен көрермендер ұлдарынан айырылған осы ананың өмірінен сабақ алады.

Брехтің «Галилейдің өмірі» атты драмасы үлкен жетістікке ие болып, екі рет басылып шығады. Бұл пьесаның бас кейіпкері ұлы ғалым Галилео Галилей мен оның шәкірті Андре Сартидің арасында айтыс жүреді. Шығармада ғалымдар өздернің жаңалықтары мен ғылымдағы ашылулары үшін жауапты екені айтылады. Брехтің туындысы әлі күнге дейін адамзат баласына ескерту ретінде өз маңыздылығын жоғалтпады.

Эрих Мария Ремарк (1898-1970) он жеті жасында гимназияны бітіре салысымен, май­данға аттанып, бес рет жарақаттанады. Соғыстан кейін провинцияларда мұғалімдік қызмет атқа­рып жүріп, кейін Берлинге қоныс аударады. Ремарк соғыстан оралған соң өзінің «Өзге­ріссіз Батыс майданында» (1929) атты тамаша романын жазып шығады. Бұл шығармада автор тек оқиғаның куәгері ретінде емес, соғыстың құрбаны ретінде танылады. Ремарк «Қай­та оралу» (1931) атты романында да соғысқа қатысқан сарбаздардың бейбіт өмірге қайта ора­луы жайлы жазады. Ол дене жарақатын алған немесе рухани азған жандардың соғыс туралы естеліктері мен достарының мәйіттерінен өмір бойы айырыла алмайтындығын айтады.

1932 жылы Ремарк Швейцарияда тұрып, ем алады. Осы кезде оның кітаптары ұлтшылдардың бұйрығымен көпшілік алдында өртенеді. Ол Швейцариядан Францияға, кейін 1939 жылы Америкаға қоныс аударады. Ремарк «Үш жолдас» (1938) атты шығармасында «фашизм», «ұлтшыл» деген сөздерді қолданбаса да, өз замандастарының алдағы қиындық­та­рын айтады. Ремарктың көптеген шығармаларында махаббат ұшқыны баяу пайда болып, кейіпкер бір сәтте махаббаттың өмірдегі ең құнды нәрсе екенін түсінеді.

Ұлтшылдық жойылғаннан кейін Иоганнес Р. Бехер, Бертольт Брехт, Эрих Вайнерт, Анна Зегерс, Арнольд Цвейг, Леонгард Франк сынды көптеген қуғын-сүргінге ұшыраған фашизмге қарсы жазушылар өз Отандарына қайта оралады. Бехердің басшылығымен 1945 жылы маусымда Германияны қайта жаңарту үшін Культурбунд - мәдениет қызметкерлерінің одағы құрылады. Культурбунд ұлттың рухани дамуы үшін күрескен барлық өнер қайраткерлерінің басын қосады. Одақта қуғын-сүргінге ұшыраған неміс жазушыларының еңбектері шығарылатын «Ауфбау» басылымы пайда болады.

XX ғасырдың ортасына қарай неміс әдебиетінде жазушылардың жаңа толқыны пайда болды. Германияның халқы сияқты неміс әдебиеті де екіге бөлінеді. Шығыс Германияның жазушылары жаңа заман адамдарын қайта тәрбиелеуді басты орынға қойып, өз шығар­маларында әдетте ұлтшылдықтан бас тартуға шақырады. Мұндай шығармаларға Д. Нолльдің «Вернер Хольттың басынан кешкендері», М.В. Шульцтың «Біз желге қарсы қойылған тозаң емеспіз» атты романдарын жатқызуға болады.

Батыс Германия жазушылары әрбір немістің болған оқиғаларға жауапты екеніне басты назар аударады. Олардың шығармаларында кейіпкерлер өздерінің кінәлары мен қателіктерін түсінеді. Вольфганг Кеппен «Шөптегі кептерлер», «Жылыжай», «Римдегі өлім» атты романдарында, Ганс Эрин Носсак «Д`Артездің ісі» атты шығармасында, Мартин Вальзер «Емен мен қоян» және «Қара аққу» пьесаларында ұлтшылдық саясатына әрбір немістің жауапты екенін дәлелдеуге тырысады.

Генрих Бёлль (1917-1985) - Бавар өнер академиясының мүшесі (1960), Халықаралық Пен-клубының перзиденті (1971), Нобель сыйлығының лауреаты (1972), әлемге әйгілі романдар мен новеллалардың авторы. Ол католиктік отбасында дүниеге келген. Генрих ұста Виктор Бёлль мен Мария Бёлльдың алтыншы баласы болған.

Ол жиырма жасында Ф.Достоевскийдің ықпалымен кедейдің қайғы-қасіреті жайлы әңгімелер жаза бастайды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Франция, Польша, Кеңес Одағы мен Румынияда, Венгрия мен Германия жерлерінде болған ұрыстарға қатысады. 1949 ж. «Пойыз уақытында келді» атты повесі жеке басылым болып жарыққа шығады. Онда казармада болған адамның бейнесі, оның өмірге деген көзқарасы мен кейіпкердің басынан кешкен қиыншылықтары мен қайғы-қасіреттері, жан күйзелісі туралы жазылған.

Оның «Адам, сен қайда болдың?» атты алғашқы романы Бёлльге үлкен жетістік әкеледі. Алдағы уақытта Бёлль «Бір сөз айтпады» (1953), «Қараусыз қалған үй» (1954), «Ерте кездегі нан» (1955), «Сағат тоғыз жарымдағы Бильярд» (1959) атты романдары жарыққа шыққаннан кейін Бёлль Германияның соғыстан оралған атақты жазушыла­рының біріне айналады. Бёлль шығармашылығы шынайылығы мен мейірімділігі, оның жетім-жесірге, үлкен-кішіге деген қамқорлығымен ерекшеленеді.

Бёлль әр адамның тағдырына «кішігірім мәселелер» әкелген елдегі ұлы трагедияның себептері мен одан туған зардаптарды ой сарасынан өткізеді. Оның маңызды романдарының бірі – «Ханыммен түскен ортақ сурет» (1971). Бёлль бұл романдағы сюжетті шынайы өмірдей көрсеткісі келеді. Романда бір жас жігіт Лени атты әйел жайлы ақпарат жинайды. Ол Лени Груйтеннің достары мен жақындарынан, танитын адамдарынан қыздың өткен өмірі мен мінез-құлқы жайлы сұрастыра жүріп, кейіпкердің жан дүниесін терең білгісі келеді. Бұл жігітке көмек көрсетіп, оның бақылауына қатысқандардың барлығы да Ленидің әрекеттерін қатты сынға алып, өз бақытсыздығына өзі кінәлі деген пікір айтады. Егер ол өз қыңырлығы мен еркелігіне қарсы тұрғанда, бақытқа қол жеткізер еді. Лени неміс халқының тарихында орын алған өзгерістерді еш байқамайды. Ол ұлтшылдыққа еш қарсылық білдірмесе де, қоғамда қалыптас­қан заң қағидаларын бұзып, заңға қайшы әрекеттер жасайды. Ленидің ауыр қылмыстарының бірі - кеңестік әскери тұтқын Борис Колтовскиймен бас қосуы. Егер билік басындағылар бұл жайтты білсе, онда үлкен қиындықтар туын­даушы еді.

Бёлль Ленидің бейнесін де өте шебер жасаған: Лени – қарапайым адам, ол жүрек қалауына бағынады және бұл өзінің адами құндылықтарынан айырылмауға көмектеседі.

Қатты ауруға шалдыққан Бёлль 1985 ж. маусымда қайтыс болады.



Гюнтер Грасс 1927 жылы туылған. Ол «Қаңылтыр барабан» (1959), «Мысық пен тыш­қан» (1961), «Жергілікт наркоздың күшімен» (1969), «Кең дала» (1995) атты сатиралық шығармалардың авторы ретінде танымал.

Грасстың да өмірі өз замандастары секілді қарапайым өтеді. Католиктік отбасынан шыққан жазушы жасөапірім шағында соғысқа қатысуға мәжбүр болады. Он жеті жасында соғыстың аяғына қарай қатты жараланып, ағылшын­дар­дың қолына тұтқынға түседі. Кеніште жұмыс атқарып, кейін Дюссельдорф­тағы өнер академиясына түседі.

Оның шығармашылығы «Қаңылтыр барабан» атты романынан соң өрлей бастайды. Романдағы оқиғалар толығымен XX ғасырдың 1-ші жартысын қамтиды: Бірінші дүние­жүзілік соғыс, жеңіліс, инфляция, фашизм, қайта соғыс және қайтадан құлдырау. «Қаңылтыр барабан» романындағы, одан кейінгі жылдары жырық көрген «Мысық-тышқан» повесі мен «Ит жылы» романын­дағы оқиғалар Данциг маңындағы жерде өрбиді. Гюнтер Грасс өзінің балалық шағы өткен қала мен поляк, неміс, еврей сияқты сол жердің тұрғындары жайлы естеліктер жазған.

1983 жылы Гюнтер Грасстың «Тельгтегі кездесу» атты шағын повесі жарық көреді. Онда 1648 жылы болған оқиға баяндалып, соғыстан кейінгі неміс әдебиетінің қайта қалпына келуін және жазушының әдебиетке келуіне үлкен ықпал еткен «47 Топ» туралы естеліктер жазылған. 1999 жылы Гюнтер Грасс Нобель сыйлығының лауреаты аталады. Осыған дейін оның «Кең дала» романы жарыққа шыққан болатын.

Жаңа ғасырға қадам басқан Г.Грасс «Менің ғасырым» атты тарихи эскиздер мен новеллалардың топтамасын шығарады. Әрбір сюжет немістер мәңгі есте қалатын оқиғалар орын алған күнмен белгіленген: Бірінші дүниежү­зілік соғыс, инфляция, фюрердің үкіметке келуі, 1936 жылығы Олимпиада, 1938 жылғы «хрусталь түні» және т.б. Грасс сол дәуірде болған бірде-бір оқиғаны ұмыт қалдырмайды: Сталинградтағы жеңіліс, Берлин қабырға­сы­ның тұрғызы­луы мен оның құлауы, панктардың поп-фестивалі және т.б. Шығармада Ремарк пен Юнгердің, Брехт пен Беннің арасындағы пікір таластар да келтіріледі. Онда спортшылар мен актерлер сияқты танымал адамдар туралы да айтылады. Қарапайым неміс Г.Грасс қайда жүрсе де, тарихтан құтыла алмайды. Тарих ешқашан өлмейді, ол ғасырлардан ғасырларға ұласып, өз жалғасын таба бермек.

Зигфрид Ленц (1926) Фашизмнің күйреуіне аз қалғанда вермахқа шақырылады. Фашистер жаулап алған Данияда шамамен бір жылдай қызмет етеді. 1945 жылы әскерден босатылады. Ленц соғыстан кейін Гамбург университе­тінің филология факультетінде оқып жүріп репортер болып қызмет атқарады.

Ленцтің «Неміс тілі сабағы» (1968) атты еңбегі батыс Германия­ның әдеби өміріндегі үлкен оқиға болады. «Неміс тілі сабағы» атты романда айыпты болған жас қылмыскердің бірнеше ай бойы өжеттілікпен, бар ынта-жігерімен жазған «Өз борышын ақтау­дың бақыты» деген тақырыптағы шығармасы туралы айтылады. Зерек, өткір көзді Зигги олардың арасындағы таласқа қатысып, суретшіні жақтайды. Ол әрқашан суретшіге көмектесіп, суреттерді әкесінен тығып, оттан аман алып қалады. Бастапқы кезде біреуге көмек ету мақсатында жасалған ұрлықтар оның бойында ұрлыққа деген құмарлықты тудырады. Осының салдарынан Зигги қиын балалар тәрбиеленетін колонияға түседі. Бұл жерде педагогтар оған қатігездік танытып, оны өздеріне бағынышты етіп, сыпыртқы тоқуды үйретеді. Романда оқиға автордың атынан емес, Зиггидің атынан баяндалады. Зиггидің әкесі - ауылдағы жалғыз және тұрақты билік өкілі. Ауыл тұрғындарының барлығы бір-бірімен ұқсас. Олар балық аулайды немесе шымтезек өндіреді, мерекелер тойлап, жиі ас береді. Кезінде әлемдік атаққа ие болған Суретші Макс Людвиг Нансен (оның түптұлғасы атақты неміс суретшісі Эмиль Нольде) - өзі туып-өскен ауылдың суреткері, бір сөзбен айтқанда сол жердің мәртебесі. Үкімет суретшіге сурет салуға тиым салған. Бірақ бұл оған өлім жазасын алумен бірдей болады.

Ленцтің романындағы ең күрделі мәселе ауыл полициясының «басты қылмыскер» болып шығуында жатыр. Оның адамгершілік қасиеттері өте тереңде жатқандай. Жазушының «Шынайы мысал» (1973) романы да ел ішінде кең таралғанымен, көркемдік жағынан аса сәтті шықпады. Романның мазмұны мектеп хрестоматиясын құрастырушы үш адамның кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге үлгі болатын «шынайы мысал» табу үшін Гамбургтегі кездесуімен байланысты.

Кейінгі романдарында «Өлке мұражайы» (1987), «Оқу алаңы» (1985), «Дыбысты келтіру» (1990) Зигфрид Ленц оқырмандарды өткенге саяхат жасауға шақырады. Романда ертедегі халық шығармашылығының тамаша үлгілері болсын, тот басқан әскери сауыт-сайман болсын, өткен уақытта орын алған тарихи оқиғалар туралы баяндалады. Олардың барлығы оқырманды Мазур өлкесінде тату-тәтті өмір сүрген халықтардың бір-бірімен жауласып, түрлі ұлт өкілдерінің арасында қырғын соғыс басталған кезеге алып келеді.

Зигфрид Ленцтің шығармаларында жаңа заман әрқашан өткенмен ажырамастай байла­нысқа түседі. Ол аға буынның басқа да неміс жазушылары секілді жастық шағында басынан өткерген қиыншылықтардың жаңа біріккен Германияда ешқашан қайталанбауын қалады.

Патрик Зюскинд (1949). ХХ ғасырдың соңына тән әдебиеттегі елеулі құбылыстардың бірі Патрик Зюскиндтің «Иіс су жасаушы» атты романының (1985) жарыққа шығуы болды. Бұл роман әлемнің он шақты тіліне, соның ішінде орыс тіліне де аударылған. Бұл шығарма оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болғанымен, сол кезде автордың өзі туралы мәлі­меттер өте аз болатын. Ол сұхбат бермеді, өзінің шығармасына түсіндір­мелер де жазбады. Патрик Зюскинд романдармен қатар «Көгершін», «Жекпе-жек», «Зоммер мырзаның тарихы» атты новеллалар мен «Контрабас» пьесасын да жазады. Өзінің жеке өмірінен сыр бермейтін шебер жазушының шығарма­шы­лығы да үлкен қызығушылық тудырады. Оның «Иіс су жасаушы»47 атты романы маңдай алды үздік туынды болып қала бермек.

Автор өткен тарихты жаңа заманның ерекшеліктері арқылы көрсетеді. Сол кезде қайдағы бір имиджмейкерлер, стилистер мен модельерлердің билігі саясаткерлер, баспасөз бен әскерлерге қарағанда биік тұрған. Зюскинд зұлымдықтың адамды азғырып, басын айналдыратынын, сұлулық көріксіз­дікпен орынын ауыстырып, қоғамдағы әдеміліктің табиғи емес, жасанды жолмен, компьютердің көмегімен құрастырылып жатқандығы туралы айтыл­ған аңызы арқылы сол заманның өзекті мәселесін көтереді.

Зюскинд «Көгершін» новелласында банкінің қарауылы Ионатан Ноэль Парижде жалғыз тұрып, оның қызмет пен үйде болып жатқан істері күн сайын қайталана береді. Ол саналы түрде адамдардан оқшауланып, анонимді тұлғаға айналады. Ұшып келген құс оның өміріне өзгеріс әкеледі. Бұл өзгеріс кейіпкерді үлкен апатқа ұшырата жаздайды.

«Зоммер мырзаның тарихы» (1991) атты шығармасында кейіпкер серуендеуге құмарт­қа­ны соншалық, тіпті он бес минут бір орында тұра алмайды. Қарт Зоммерді бақылап тұрған жасөспірім үшін қарттың қайда асығып бара жатқаны жұмбақ болып қалады.

Патрик Зюскинд постмодернизмге жақын келетін ерекше әдеби жанрды дүниеге әкеледі.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Нобель сыйлығының иегері Генрих Бёлль шығармашылығына сипаттама беріңіз

  2. Нобель сыйлығының иегері Гюнтер Грасс шығармашылығына тоқталыңыз

  3. Зигфрид Ленцтің көркем әлемі

  4. Патрик Зюскиндтің «Иіс су жасаушы» романын сюжеті мен тақырыбына тоқталыңыз

  5. Томас Маннның шығармашылық ерекшелегі


Италия әдебиеті
Италия Сомали, Эритрея, Триполитания, кейіннен 30 жылдары Эфиопия мен Албания секілді жаңа отарларды өздеріне қосқан жаулаушылық соғыстары арқылы XX ғасырға аяқ басады. Бірінші дүниежүзілік соғыста Италия Германияның жағында болады. Соғыстан кейінгі жылдары елде Муссолинидің (1922-1943) фашистік тәртібі орнап, бұл кезең тарихта «Қайғылы жиырма жылдық» деген атқа ие болады. Италия Испанияға қарсы басқыншылық соғысына 1940 ж. Германиямен одақтаса отырып, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысады. 1943 ж. Италияда фашисттік тәртіптің құлап, артынша елді неміс әскерлері басып алады. 1945 ж. халықтың қарсылық көрсетуі Сәуір көтерілісіне әкеледі. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Италия республика болып жарияланады.

Италия әдебиетінде XX ғ. Габриэль Д`Аннунцио, Итало Звево, Луиджи Пиранделло, Филип­по Томмазо Маринетти, Альберто Моравиа, Васко Пратолини, Дино Буццати, Умбер­то Эко секілді тамаша жазушылар дүниеге келеді.

XX ғасырда Италия әдебиетінде футуризм, герметизм, веризм және неореализм сияқты түрлі бағыттар пайда болды. Италиялық футуризм техникаландандырылған қоғам өмірімен ерекшеленеді. 20-40 жылдары Италия поэзиясында герметизм бағыты пайда болды, бұл бағыт­тағылар: Эудженио Монтале, Джузеппе Унгаретти және Сальваторе Квазимодо. Веризм (италия тілінде Yerismo – шындық, шыншыл) – италиялық реализм нұсқасы. Әлемдік резонанс италиялық неореализм бағытына ие болды. 40-50 жылдары неореализм бағытында италиялық кино және әдебиет саласында көптеген қайраткерлер шықты.

Габриэль Д`Аннунцио (1863-1938) өзінің шығармашылық жолын XIX-XX ғ. тоғы­сын­да бастайды. Эстетизмге қызығушылық танытқан шебер ақын неміс философы Ницшенің ілімін жақтап, италия әскерінің даңқын көкке шығарып, халықты «Римнің ұлылығы» үшін күресуге шақырады. Оның ең үздік өлеңдері «Аспан, жер мен батырлаға арналған мақтау өлең» (1903-1912) атты бес томдық топтаманың бір бөлігі болып табылатын «Алционо» атты жинаққа енеді. Ол өзінің «Керемет әрекеттер туралы ән» (1911) атты туындысы мен «Ұлы Италия үшін» (1915) атты мақалалар жинағында Италияның ұлылығы мен әскери күштерін дәріптейді.

Д`Аннунционың шығармашылығында «таңдаулы кейіпкердің» бостандығы мен күші қатыгездік, өліммен шебер үйлесімділік табады. Д`Аннунционың «Өлі қала», «Джаконда», «Франческа да Римини» атты пьесаларында өлім жайлы айтылады. «Өлі қала» пьесасындағы оқиға Микен жерінде орын алады, археолог Леонардо осы жерден Клитемнестро өлтірген Агамемнон мен Кассандраның мәйіттерін іздейді. Ол өзінің туған қарындасы Бианка-Марияға ынтызар болады. Осы құмарлықтан айрылу үшін Леонардо өз қарындасын өлтіруге дейін барады. Д`Аннунцио «Франческа да Римини» пьесасында Дантенің «Құдіретті коме­дия­сындағы» бір эпизодтың сюжетіне түсіндірме бере отырып, Франческаны билікқұмар және айбынды әйел ретінде суреттейді.

«Соғыс әлемнің жалғыз гигиенасы» - деп футуристтердің алдыңғы қатардағы жазушы­сы Филиппо Томмазо Маринетти (1876-1944) жырлаған. Адам-машина образы футурист­терге тән қасиет. Маринетти ғасырдың техникалық мәнін жаңа тіл мен жаңа тәсілдер арқылы жеткізуді ұсынады. Футуристік қозғалыс Италияда шамамен 15 жылға созылған. Ол әдебиет­те Лучано, Палацески, Соффичи поэзиясы арқылы танылады. Футуристік манифестерде италиялық авангардтық өнер белгілері пайда болады. Оның шеңберінде тек манифестер ғана емес, сонымен қатар Маринеттидің өлеңдері («Занг-тумб-тумб» 1914), «Әкенің ұшақтары» (1915) жинағы мен «Футурист Мафарка» (1910) атты көркем шығармасы да пайда болады. Бұл романда аты аңызға айналған Африканы басып алушы Мафарка жайлы айтылады. Ол ерік күші арқылы өзінен «механикалық адам» Газдрабаланы дүниеге әкеледі. Италия мен Ливия арасындағы соғысқа дейін жазылған бұл романда басқын­шы­лық соғыстар көрініс алады. Маринеттидің романындағы жасандылық заман­дастары тарапынан аса бір қызы­ғушылық тудырмаған.

Италия әдебиетінде дүниежүзілік соғыстар кезінде Итало Звевоның (1861-1928) шы­ғар­ма­шылығы маңызды орынға ие болады. Оның «Дзеноның өзін-өзі тануы» (1923) жазылған романы Джойстың «Улисс» романына ұқсас. Ал «Бельподжо көшесінде орын алған қылмыс» (1890) атты новелласынан Достоевскийдің ықпалын байқауға болады. Новелланың кейіпкері адам өлтірген қылмыскер өз-өзімен сөйлесу арқылы өзінің болмысы мен қылмыс жасауының себебін түсінуге тырысады. Звевоның басқа шығармалары секілді бұл новеллада да кейіпкердің жан дүниесі басты назарға алынады. Романында психоанализ тәсілі қолданылған. Роман бес эпизодтан тұрады. Әрбір эпизодында Дзеноның жандүниесі бейнеленген, ол психоаналитик-дәрігердің кеңесіне сүйеніп, ұмтылып бара жатқан естелік­терін қағаз бетіне түсіреді. Джойс жоғары бағалаған Звевоның бұл романы психологиялық прозаның дамуына өз үлесін қосады.

Италиялық герметизм поэзиясы француз авангардтық поэзиясының әсеріне ұшыраған. Бұл жас кезінде Париж қаласында өмір сүрген Унгареттидің шығар­ма­шылығынан байқа­лады. Ол Парижде жүріп Валери және Аполлинер­мен кездесіп, олардың көркем шығарма­шылығына қызығушылық білдіреді. Унгаретти «Қараусыз қалған порт» (1916) атты өлеңдер жинағында соғыс жылдары басынан кешкен оқиғалары туралы жазған. Ол «Кеме апатындағы шаттық» (1919) атты поэтикалық жинағанда әскери өмір, үмітсіздік пен қайғы-қасірет туралы айтады. Унгаретти өз сезімдерін асқан байыптылықпен өте шебер жеткізіп, рифма мен тыныс белгілерінен бас тартады.

Оның «Уақыт сезімі» (1933), «Жауланған Рим» (1944) атты өлеңдер жина­ғы фашисттік диктатура кезінде жазылған. Бұл шығармаларда италиялықтар­дың көңіл-күйі мен қайғы-қасіреті бейнеленген. 1936 ж. Унгаретти Брази­лия­ға кетіп, сол жерде Италия әдебиетінен дәріс береді. 1943 ж. Муссолини тәртібі құлағаннан кейін ақын Отанына қайтып оралады.



Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет